Өлең, жыр, ақындар

Қалихан хақында

Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. 1996 жылдың соңғы айларының бірі. Сайын Мұратбековтің үйінде (ол 60 жасқа толған тұс) Әкім Тарази, Қалиқан Ысқақ, Сатыбалды Нарымбетов (кинорежиссер) болып, тағы біреулер бар еді, ұмытып қалыппын, қонақта отырғамыз. Қалихан едәуір кешігіп келген. Жаңа ғана Республика сарайында екі күн бойы өтіп жатқан айтыстфң аяқталғанын, өзі содан шыққанын айтты. Бұл — Жүрсін Ерманның төрт-бес жылғы үзілістен кейін қазақ айтысын қайта бір түлетіп, дамыта жаңғыртып жатқан кезі еді. Қалекең жюри мүшесі яғни қазы болып қатысыпты. Аса сүйсініп, аузының суы құри әңгімелеп, желпіне сөйлеп отырды. Айтыстың бұрын-соңды болмаған дәрежеде мағыналы өткенін, аузымен құс тістеген небір саңлақ ақындардың суырылып шығып келе жатқанын, Мұхтар Құл-Мұхамедтей саясаткердің өзі демеуші болып, басы-қасында жүргенін ауық-ауық қайталай айтып, “Әй, бір керемет болды!” — дей берген. Қасымдағылардың бірі басқа тақырыпқа ауысайық деп ұмтыла беріп еді, Қалекең әдетінше қолын сермеп, айтыстан басқа әңгімеге мойын бұрғыза қоймады.

“Керемет, бұрын мұндай айтыс өтіп көрген жоқ!” деген сарынмен тамсануын үдете түсті. Мен:

— Шынында да солай ма, Қалеке? — деп сұрадым.

Әлдебір нәрсе жайлы таласу туа қалғанда ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін дағдысымен ерегесе өзеурей бергесін әзілдеген болып, әлдене айтып ем, ол тіпті қызынып өз пікірін үстемелей дәлелдей берді.

— Екі күнде қанша ақын айтысты? — деп сұрадым енді мен.

— Жиырма ақын. Бәрі де жараған тұлпардай тықыршып тұр, қамшы салдыртар емес! — деп өзеуреді Қалекең.

— Біреуінің болса да бір шумағын, не есте қалатындай бір сөзін айтып жіберші. Баяғы Сара-Біржан айтысындағы:

Бұл үйде Сара бар ма, шықсын бері,

Іздеген келіп тұрмын Біржан сері, — дегендей деп мен де тақылдап қояр болмадым.

— Жоқ, ондай есімде жатталып қалған сөз жоқ,— деп жалтарды Қалекең.

— Екі күн бойына өткен айтыста жиырма жүйріктің аузынан шыққан бір шумақ, жарты шумақ сөз есіңде қалмаса, оның несі керемет болды соншама! — деп едім, Қалекең екпіні сәл бәсеңсіп, дауы да басыла бастады. Әкім, Сайындар да сыралғы достарына қарап жымия күліп, аңыс аңдып отыр екен: “Е, ие!” — деп бәрі Қалекеңе қарай берді. Оның да сермеле берген қолы төмен түсіп, күмілжи бастағаны байқалып қалды.

Бәріміз күлдік те қойдық. Сөйтіп басқа әңгімеге көшкенбіз.

* * *

Ойды ой, сөзді сөз бөледі. Баяғыда десек те болады-ау, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары болатын, Қазақстан Жазушылар одағында бірер жыл қызмет істегенім бар. Қалихан, Қадыр Мырзалиев (онда осылай айтып жазатын), Аманжол Шамкенов бәріміз бір бөлмеде отырамыз. Қадырдың столы әрдайым тап-таза, үстелінің үстінде бір бет ақ қағаз бен көнелеу қалам ғана жатады. Аманжол ағам біз жағын газетпен көлегейлеп алып әлдене жазады да отырады. Менің партия жұмысынан ауысып, бұлардың арасына жаңа келген кезім. Үшеуіне жалтақтап қарай беремін. Жұмысқа келулері де үздік-создық. Мен бұл араның тәртібін әлі біліңкіремей жатқан тұста ертеңгі сағат тоғыздан қалмай кеңсеге келемін. Есік ашып, өзіме басшылар берген тапсырманы орындауға кірісемін. Сағат он мөлшерінде жымия күліп, сып-сыпайы бипаз қалпында Аманжол Шамкенов ағам келіп, столына жайғасады.

Әлдене қағаз не газетпен бет алдын көлегейлеп қойып, жазуға отырады. Кейін Қадыр айтты, “Бір актылы пьесалар жазады” — деп. Қадыр көбіне басшылар жағында жүреді, осы маңда екенін білдіріп, бізге де бірер рет көрініп, қалған уақытта қайда жүретіні белгісіз, ізім-қайым жоғалатыны бар.

Бір кезде, 11-ден аса бере өрт сөндіргендей болып алқын-жұлқын Қалекең келеді. Кетік тістерін көрсете жымиып кейде маған амандасады, кейде оны да ұмытып, столын ашады да, бірінен кейін бірін суырып алып, он шақты папкіні алдына қояды. Қағаз, қаламын алады. Әлденені ойланғандай, әлдене жазардай болып, түнеріп бірер минут отырады. Содан кейін әлгі стол тартпасын қайта ашып, әлгі папкаларды бұрынғы орнына қайтадан рет-ретімен сүңгіте салады да, қағаз қаламын жинап, әлденеге асыққан түрмен есікке беттейді. “Басшылар сұраса, осы маңда жүр дей сал”,— дейді маған шегелей тапсырып!

Бірер ай бойына кабинетте көбіне жалғыз ғана оңаша қала беретін едім. Сол тоғызда келіп, бір сағаты түскі үзілісімен сол маңнан табыламын да, сағат 6-да есік жауып, кілтін төмендегі күзетшінің қасына іліп, жөніме кетемін.

Күндегі дағдым сол, мұндағы қалыптасқан тәртіп те сол шығар деп ойлаймын.

Бір күні уақытында келіп жалғыз отырған едім. Әлі Аманжол ағам да, Қадыр мен Қалихан да келе қоймаған болатын. Ұзамай әдетінше екпіндей басып Қалекең кірді.

“Сен неғып отырсың? — деп маған дүрсе қоя берді бірден-ақ. — Сағат тоғызда келіп алып, қақияды да отырады екенсің өзің. Оныңды қой, бүгіннен бастап сағат 11-кезінде келсең де сені іздеп жатқан адам жоқ. Все, бұдан кейін сөйт!” — деді ашулана сөйлеп, бұрынғы дағдысымен столындағы папкалардың да мазасын алмай, сыздана біраз жүрді де әлдебір маңызды істі тындырғандай болған Қалекең ысқырып қойып, сыртқа беттеген.

Ол кездегі одақтың екінші хатшысы Ілияс Есенберлин болатын. Оқта-текте бөлмелерді аралап, әзіл-қалжың айтып жүруші еді. Оқта-текте: “Қадыр қайда? Қалихан қайда?” — деп сұрап алатын. Мен болсам олардың өз үйретулері бойынша: “Осында жүр” — деймін ғой баяғы. Ешқашан өзгермейтін осы сұрақ, сол жауап. Ілекеңнің іші бәрін сезеді-ау шамасы, көбіне басын бір шайқап алып, күле сөйлеп кете беретін...

Сірә, Қалиханды тауып алып, араларында “бөлмеде көбінесе Сәкен ғана отырады, сендер қайда жүрсіңдер осы?” деген сияқты бір әңгіме болғанға ұқсайды. Содан барып Қалекеңнің ағалық жолымен маған ақыл үйретіп, “тәртіпке” шақырып қойған түрі әлгіндей болып шыққан сыңайы бар.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз