Анық қай жылы екендігі есімде қалмапты, сірә, сол бесінші не алтыншы класта оқып жүрген кезім-ау деймін, қара жердің жарығы болса ойланбастан кіріп кетердей-ақ қатты бір қысыла ұялғаным бар еді. Соны есіме алған сайын әлі күнге өңім күреңітіп шыға келеді.
Қыс іші екенін білем, өзімнен он жас үлкен Нүсіп ағам екеуміз ат шанамен біздің ауылдан алпыс-жетпіс шақырым, алыста жатқан Андреев (кейін Үйгентас) ауданына жол тарттық. Екі ортада Қарасу деп аталатын ауыл болатын, онда әкемнің туған жиен ағасы, сол жердегі орталау мектептің мұғалімі Қабылханның үйі бар еді. Күнді екіндіге аудара сонда келіп жетіп, ат басын тірегенбіз.
Бала-шағасы мол, ордалы да қордалы үй еді. Бізді жік-жапар болып құрақ ұша қуана қарсы алды-ау деймін. Мен о жағына аса мән беріп жатпадым, мені қызықтырғаны төрге таяу орналасқан шағын сөредегі 20-30 кітап болды. Біреуін қолыма алып қарадым — Спандияр Көбеевтің "Орындалған арман" деп аталатын кітабы екен. Оқи бастап едім, бірте-бірте өзіне жылымдай тартып, еліктіріп ала жөнелді. Әлде автордың бастан өткен балалық шағы өз өміріме ұқсас, не сол сәттегі көңіл-күйіме орайлас болды ма, әйтеуір енді оны оқып бітіргенше асықтым. Бірақ әп-сәтте аяқтала қояр кітап болмады. Ертелетіп әрі қарай жол жүруге әзірлендік, әлгі қызықты кітап бәрібір аяқталар емес. Балалығым ба, басқа ма қайдам "әй не де болса!" — деп, түрткілеген әлдебір сайтанның азғыруына еріп, әлгі кітапты ат шанадағы жолға алып шыққан жарты қап сұлының арасына сүңгітіп жібердім де, түк көрмегендей тымпиып отыра бердім.
Сонымды байқап қалды ма, әлде ыңғайы солай болды ма, әйтеуір біз енді аттана береміз дегенде үй иесі жаңағы кітапты іздеп, әй бір әлекке түссін келіп. "Табыңдар да табыңдардың" астына алып, бала-шағасының да екі аяғын бір етікке тыға қуырып берді.
"Сенен келген жоқ па?" — деп Нүсіп ағам маған сыбырлайды үй иелеріне естіртпей. "Жоқ!" — деп азар да безер болып мен басымды шайқаймын. Қабылхан ағам да қояр емес, тықақтай дігірлеп, төсек-орын арасына дейін ақтара қарап, төңкере тінтіп, әбігерге түсті де қалды.
— Қой, бала, сен алдың ғой деймін! Қалдырып кет, қайтесің әурелеп. Өзім сатып әперем ауылға барған соң, — дейді бірдеңені іші сезген ағам енді мені жатып үгіттеп. Мойындау да, мойындамау да ауыр. Ұяла қысылып, өртеніп өліп барамын. "Нем бар еді?" — деймін іштей өзімді-өзім ит етінен жек көріп. — Онда өзің әпер, — деймін сосын ағама қарап, — шанадағы сұлының ішінде".
Нүсекең не деп, не қойғанын мен білмеймін. Әйтеуір сол жерге кірердей болып ешкімге қарамаған қалпымда, мелшие бүрісіп, шанаға барып жайғасқанымды ғана білем... Қызығы, бірақ ол емес еді, ауылға қайтарда Нүсекең: "Ағаға (әкемді солай атайтынбыз) өзіміз айтайық, кейін біреулерден естісе шала бүлініп жүрер!" — деп әлгі ұят істі тағы есіме салғаны.
— Жоқ! — деп шоршып түстім мен.
— Айтпайсың! Ұят болады, ұрсады.
— Қой, — деп жұбатты Нүсекең, — ағам саған ұрыспайтындай етіп өзім ептеп отырып, жайлап жеткізем. Саспа. Бәрі де жақсы болады.
Нүсекең, шынында, тігісін жатқыза келістіріп айтқан болуы керек. Үй-ішіміз болып келесі бір басқосуда әкем:
"Ұрлықтың үлкені, кішісі деген болмайды. Тай ұрлайсың ба, тайлақ ұрлайсың ба, түйе ұрлайсың ба, түйме ұрлайсың ба, бәрінің аты — "ұрлық" деп аталады. Ал ұрлық түбі — қорлық, ол ешқашан абырой әпермейді. Осыны ұдайы есіңнен шығармасаң болды, балам!" — деп бітіріп еді кезектегі сөзін.
"Кітап ұрлау — ұрлыққа жатпайды" деп жататын бүгінгі бірқатар ағайынның сөзін естігенде де менің есіме еріксіз осы оқиға түсе береді. Түсе береді де, әрі-сәрі ойға қалдырады.
Ұрлыққа жатпағаны қалай? Әлде бұл... Бірақ өзінің бір жерден жымқырып кеткен кітабын көрсетіп кей шақта соған мақтанып отырған жазушы ағайындарды да көріп едік. Ол "қылмысын" өздері кітапқұмарлықпен, білуге, білімге деген құштарлықпен жуып-шайғысы келеді. Өзін дүниеде кезігер ұры-қарылық, рухани мерез атаулыдан жоғары тұрған оқыған азамат, зиялы кісі етіп көрсетіп қалуға тырысатынын қайтесің тағы да. Апыр-ау деймін мен, ешкім зорлап зомбыламай-ақ әлгіндей "иттікке" барып алады да, ол қылығын ғылым мен білімқұмарлыққа апарып телитіндігі қалай бұлардың?
Медицина тілінде "дальтонизм" деген термин бар. Ол заттың түсін айыра алмайтындарға қатысты айтылады. Міне, бұл да соған ұқсайды, жаман мен жақсыны, әділет пен әбілетті, яғни ақ пен қараны айыра алмай, суыққолдылықты серілік деп бағалап, әлгіндей мінез-құлық жүдеулігіне, ұят пен ар мүгедектігіне ұрынғандар. Енді одан арылудың да, айығудың да дауасы жоқ шығар, сірә, деп қала беремін кейде мен.
Кейін есейгенге дейін сол үйдің өзім қатарлас балаларының бірі кездейсоқ ұшыраса қалса баяғы қылығымды бетіме басып жүре ме деп қатты қысылушы едім. Обалы не, бірде-біреуі ол туралы ләм деп жақ ашып көрген емес.
Елу жыл! Мен мысалға келтірген оқиғадан кейін де елу жыл өтіп кетіпті. "Елу жылда — ел жаңа" деген сөз бар еді. Бұл — дүние түгел жаңарып, жақсара түседі дегенді мегзесе керек. Ал сол елу жыл ішінде ұрлық-қарлыққа, адалдық— арамдыққа деген көзқарас пен ұғым арасы осыншалық кереғар кеткен болса, онда ол елдің жаңармай-ақ қойғаны жөн еді-ау деп ойлайсың еріксіз. Күпірлік болса да қайтейін, шын ойым сол.
Осы тұрғыдан жаңаның бәрі жақсы бола бермейтіні ақиқат дей тұрсақ та, ескіліктің орнын әйтеуір бір жаңаның алмастыратыны да заңды құбылыс екенін ескермей және болмайды. Қайшылықтың өзі де негізінен содан барып өрбісе керек. Қараңғы түннен кейін шапақты таң ататыны сияқты, надандықты — адамдық, топастықты — білімпаздық, әзәзілді жанәділ (немесе керісінше), ауыстырып жатады. Бұл өзі мәңгілік бітпейтін үрдіс. Мұндай салыстыруды әрі қарай жалғастыра берер болсақ, онда ол махаббат пен зұлымдық, қайырым мен қатыгездік, елдесу мен жауласу, достық пен дұшпандық, шындық пен өтірік болып ұзыннан-ұзақ қосақтала шұбырып кете берер еді. Яғни, адамзат тірлігінің өзі ұдайы күрес, әлгіндей алма-кезек алысу, бірін-бірі жеңу, бірін-бірі сыртқа тебуден тұрады екен. Бұл — адамзат дамуының өзімен бірге жасасып, біте қайнасып келе жатқан қағида. Ол қайшылықтар болмаса өмір де, мынау жалған да, жарық дүниең де ілгері баса қоймасы хақ. Сөйте тұра адамның жандүниесінде сол қағида сәл ғана бұзылып, тепе-теңдіктен айырылды дегенше, әлгі қарсылық пен қайшылық арасы мейлінше асқынып, арылмас дертке айналатынын аңғаруға болады.
Ой мен сөз, сөз бен іс бір жерден шықпаған жердегі екіжүзділікке де келе-келе кісінің еті үйреніп кететін болуы керек деп ойлаймын. Шыныңды сарқып айта алмаған соң, оны бүркемелеп, амалын тауып айналып өтуге тырысасың, "өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам" екенін біле тұра ойыңды бүгіп, "әрі өтірік, әрі шынды" төңіректеуге мәжбүр боласың. Мұның ақыры көлгірсуге апарып соғады да, өзіңнің де көпе-көрнеу бәтуасыз біреуге айналғаныңды білмей де қаласың ба деймін.
Сөйте келе ұлдан ұят, қыздан қылық қашып, кәрияңда қадір қалмаған заманға қалай ғана тап болғаныңды өзің де сезбейсің. Айналаның бәріне ашық аран, жыра тарт, пәлеқор, жалақор, парақорлар қалай ғана қаптап кеткен деп таңырқайсың.
Лауазымды адамдардың алдына бұйымтаймен онша көп бара қоюға жоқтау бола тұрсам да, баз-базда еріксіз сол билік басындағылардың бірен-саранына күнің түсіп қалады да, амалдың жоқтығынан алдына барасың. Құдай-ау, күле отырып, орындамайтынын өзі де жақсы біле тұрып, жүзіңе жымия қарайтын көлгірлердің үйіп-төгіп уәде беріп салатынын қайтерсің! "Ер жігіт екі сөйлемес болар" деп әдеттенген өз басым әлгі жел сөзге иланып, мәз болып, талай кабинеттен қаншама бір мардымсып та қайттым-ау! Бірақ қап-қап құрғақ уәде сол столдың басында қала береді. Қайта барып табалдырық тоздырмайтыныңды жақсы біледі де, қысылып-қымтырылмай, ұялып-қызармай, құдай бар-ау дегенді қаперіне де алмай, келесі кезіккенде тағы да өтірік айтып, Алматы көшесінде алақанға қарап бал ашатын сыған қатындарынша жалған жақсылықты басыңа үйе салып тұратын адамға тап келгенде, жерге түкіре түңіліп кеткен кездерім аз болмағанын несіне бүгіп жасырайын.
Ұят жоғалған жерде арамдық, аярлық, арсыздық, айлакерлік атаулы құмырсқадай қаптай өріп шыға келетіні, бірте-бірте бел алып, берік орын тебетіні белгілі. Содан барып "бер" десең — бедірейіп, "ал" десең — жадырайтындар көбейеді. Ар мен ұят олқы соғып, баға-құны азайған сайын көңілдің өзі де кедейлене түседі, ал кедейленген көңіл орнын енді қайтіп ешнәрсемен толтыра да, байыта да алмасың және белгілі.
Адал да арлы адамның ешқайсысы да ноқтаға басы бірден сыйып, өзі өмір сүріп отырған қоғамның қағида-шартына сай келе бермейді. Әрекетің де, әлпетің де дұрыс, сөзің де орнықты, өзің де ел үміт күткендей азаматсың. Амал не, соны мойындай тұра, іштей сенімен келісе тұра әлгіндей қоғам үрдісіне икемделіп алғандар ұдайы ғана сені келекеге айналдырып, шөміштен қаға қақпақылдай бастайды. Ешкімнің ала жібін аттамаған, қара қылды қақ жарып еткен деп, еткен заманның әділ қазы, тура билерін көксеп, сондай өрелі тұлғаны аңсап жататыныңыз бар. Бұл баяғы "Тырна көкте, тұзақ жерденің" кері, әйтпесе, сол бәріміз білетін, бүгінде пір тұтып жүрген әйгілі Төле, Әйтеке, Қазыбек билерді әлдебір құдіреттің күшімен бүгінгіге әкеліп, өзіміздің Парламент мәжілісі ме, сенаты ма, біреуінің төріне отырғызып қояйықшы. Діліндегісі тілінде болатын ол үш әулие қазіргі бүргедей өрген келеңсіздікті көріп шыдамай кетіп, ойындағыларын айтып бір берсін делік. Сонда олардың маңайында отырғандар "жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты" деп, арадай талап, осырған сиырдай етіп араларынан аластап шығарына мен кепіл. Өйткені бүгінгі "билер" тура сөйлеп, түгел айтып дағдыланбаған, замана ағымын аңдумен күн кешіп, күн кешіп емес, күн көріп қана келе жатқандар. Олар қайткенде де жауырды жаба тоқып,бет бүркеп, ішкі қыжыл-ызасын бүге жасырып, қате басқанын қастерге, қапы кеткенін қасиетке балап үйренгендер, не солай көрінуге барын салып-ақ бағатындар. Жұрт көзіне құдай дескен игі жақсының бірі болып көрінуге, мінезге бай таза жүрек кісі кейпінде қалуға, тәрбиелі, тәлімді, азамат аталуға барын сала жанталасып жүргендерімен, әр әрекет-қылығын былайғы ел көрмей, білмей отырған жоқ. Оны ойлап бас қатырып та жатпайды.
Ұятсыздық, бетсіздік, тексіздік атаулының қоғамға тигізер залалын ешкім әлі безбенмен өлшеп, шотқа салып есептеп көрген емес. Экономика саласындағы ұятсыздар тарапынан кеткен қатені әйтеуір бір түзетіп, күндердің күнінде аздап та болса орнын толтырудың мүмкіндігі табылар, ал мәдени һәм рухани салада кеткен қателіктердің орнын толтыру, меніңше, әсте мүмкін емес. Анығырақ айтсақ мәдени жағынан тұралап қалған елдің экономикада да ілгері жылжи қоюы, ой қайдам, екіталай шаруа шығар-ау!
Ар, кісілік, ана сүтіндей тазалық — міне, әр адам өз денсаулығымен қоса алдымен бетке ұстар категориялар да ең алдымен осылар болуы керек, өйткені арсыз, имансыз, тәрбиесіз тәйтік адамды адам деудің өзіне аузың бара қоймайды.
Ұят — аса күрделі философиялық категория, ешқандай бөлшектеуге, бөлуге көнбейтін ұғым. Сондықтан кез-келген адамның бойынан ұят іздеп жату да бос әурешілік не деп қала беремін. Сөйте тұра айналамыздағы әрбір адамнан "ардан аттама, ұятсыз болма!" — деп талап етуге қақымыз бар. Өйткені арсыздың әр ісі көзге ұра көрініп, жұрт назарын аударып тұрады. Оны сол арсыз адамның өзі ғана байқамауы, не біле тұра, сезе тұра байқағысы келмеуі мүмкін. Абайша айтсақ, "ар ұялар іске апарар" жол-соқпақ та әр түрлі болады. Айталық, былық-шылықтың бәрінен ат шаптырым аулаққа қашатын, қылаусыз тірлік кешуге ұмтылған "жақсы дос", "адал жар", "аяулы әке" атанып жүрген адам үлкен бір лауазымға ие бола қалды делік. Өзгеден оқ бойы болмаса да, оқтау бойы озық тұру үшін, өзі басқарып отырған мекемені сырт көзге, жоғары басшыларға тек жақсы тұрғыда көрсету үшін ол енді өзінің бар болмыс-қабілетін, қауқарын тұтасымен тауыса жұмсап, ақылы мен күші жетпеген жерде айлаға да, әр түрлі екіжүзді амалға да көшеді. Онысын бастық ретіндегі парызым, ел алдындағы борышым деп ойлай бастайды. Басшының да бағынар жоғарыдағы өз бастығы бар. "Құл Құдайдан қорықпағанмен қожасынан қорқады" дейтін сөз осындайдан туады да, табанақы маңдай терін тек қоғам мүддесі үшін жұмсап жүрмін деп санап, ар-ұят есебінен жаңыла бастағанын өзі де сезбейді. Өйткені бәрін де қоғами өлшем-мөлшерден ауытқымай атқарып жүрмін деп ойлап өзі де енді соған әбден сеніп алады. Рахаттың артында бейнеті, бақыттың артында азабы барын мүлдем естен шығарып, бастапқы тәп-тәуір адамның бойына да "түлкі мінез, қасқыр түйсік" бітіп, бірте-бірте жылым түбіне қарай жылжып кетіп бара жатқанын да байқамайды.
Ол, бәлки, Құдай жолы болмаса, қоғами жолдан әзірге таймаған адам болуы мүмкін, ісінің көбі дұрыс та шығар. Бірақ қайткенде де ар-ұяттың адами заңдылығы бұзылды. Қарыз бен парыз ұят пен арды аяққа таптап, өз дегенін істеп бақты. Адамды ақыры келіп ырқына көндіріп, көп пенденің біріне айналдырды.
Бұл жерде пәлен деп кесіп айтып, дәл анықтама беріп жату да қиын. Оған тіпті бізде бар ақыл аздық еткендей де болып тұр. Соған қарамай ұят пен ардың қаншалық айырмашылығы барына ой жүгіртіп көруге болатын сияқты. Ар-ұят қосарлана жүргенімен екеуі екі түрлі ұғым сияқтанады. Ұят — тілде, ар — ділде. Ұят — адам жанының тереңінен шығады. Ұяла білмейтін адам нәпсісін тия да білмейді. Сазара білер, бірақ жегідей жеген ұят әсерімен "тазара" білмес. Жалған ұят болмайды. "Ұялған тек тұрмас" дегендей, адам оқтын-оқтын ар алдына айналып соғып, тазарып отырмаса ұят оны біржола жеп бітіреді. Ұятты ештеңеге айырбастап ала алмайтының да сондықтан. Ардың жөні бөлектеу. "Малым — жанымның садағасы, жаным арымның садағасы" дейтін сөз бар. Ендеше, арды еш нәрсеге айырбастап ала алмайсың. Оның үстіне "арсыз қолым істеді арлы бетім қызарды" деп те жатпай ма ел?
Ар дегенің (нағыз ар) ұятпен бірге жүреді. Ұятсыз адамда ар да болмайды. Жалған намыс, ақиқатсыз ар — шөлдегі сағым сияқты. Жеткізбейді де, сусыныңды қандырмайды да. Бұл жерде адам жаны мен тәнінің тереңіндегі сағымды айтып отырмын.
Сондықтан да ар дегеніңіз ұятпен біте қайнасып тұрса ғана жарасады. Ұят пен арды тек жеке адамдар бойынан ғана іздемей, мемлекеттік билік тұрғысынан да қарауға тиіспіз. Егер сен біреуге жәрдем етсең, жақсылық жасасаң — өзіңде барды бер. Мемлекет есебінен, өзің басқарып отырған мекеме есебінен жасалған жақсылық көзбояу, айлакерлік, тіпті, арсыздық, ұятсыздық, делдалдық, сарт-сауданың бір түрі ғана болып шығады. Амал нешік, қазір өзге жұрт есебінен Атымтай Жомарт атанғысы келетіндер, атанғысы емес, атанып жүргендер де көптеп кезіге бастады.
Осы арада еріксіз есіме түсіп отыр, біздің Қатипа атты құдағиымыз болып еді. Қара жер хабар бермегір, қолы тараң кісі болатын. Үйіне бара қалған бізді өсіп тұрған алма, жүзіміне жолатпай қорып, қолымызға бір-бір үзім ғана нан ұстатқан бойы шығарып салар еді де, біздің дастарқанда отырғанда бала-шағасына алдындағы тәттіден де, қаттыдан да уыстай үлестіріп: "Мә, жеңдер! Алыңдар!" — деп аса шүленсіп кететіні бар еді. Соны байқап жүретін әкем жарықтық: "Осы Қатипа құдағи біздің үйге келсе болды, бірден алды кең ас та төкке айналып кететіні несі?!" деп күліп отырғанын талай естіп едік. Әлгі мемлекеттің немесе өзгенің есебінен "игі жақсы", "жомарт" та, "мәрт" аталып жүрген әкімдер де маған тап сол баяғы біздің Қатипа құдағиымыз сияқтанады да тұратыны бар, әйтеуір.
Сонымен "ар" дегенді, "арлылық" дегенді қалай түсінетін болдық? Әлгінде айтқандай, алдына бара қалсаң ақ жарыла аңқылдап, сен есіктен шығып үлгергенше айтқанынан айнып, "ұят болар-ау, ыңғайсыз болмас па?" деуді білмейтін, қашан болсын көпе-көрнеу көлгірси сөйлейтін, әмсе өтірікке әуес, ар мен ұятты біржолата ысырып қойып, "біз де азаматпыз" десіп айдарынан жел есіп, ел билеп, жұрт шүйлеп жүргендер бар. Қазір кілең бір сондай күліп отырып діңкеңді құртатын, кісіге деген қиянатының өзін күліп отырып жасайтын басшылар көбейіп бара жатқандай. Олар кісіліктен гөрі қызметті, мінезділіктен гөрі мәнсапты ғана бағалап дағдыланған.
Абай жарықтық: "Шын көңілмен сүйсе екен кімді сүйсе, бір сөзінде тұрса екен — жанса, күйсе!" — деп еді, мемлекет қызметіндегі адамсың ба, жай ғана көлденең көк аттының бірісің бе, әйтеуір "уәде — Құдай сөзі" дегенді ұдайы ескеріп, айтқан сөзге тұра біліп әдеттенгенге не жетсін шіркін!
Ардан гөрі атақты, абыройдан гөрі ақшаны көбірек пір тұтқандар этикалық норма дегенге пысқырып та қарамайтын болып барады. Олар сол әлгі мәнсапты ғана бақ санап, лауазымды ғана мұратқа балап үйренгендер. Амал не, тағы да қайталап айтам, айналасына "сыйлы", ағайынға "сыйымды" болып отырғандар да солар әзірге. Енді сондайларға күні үшін ғана жағынып, тірлігі үшін жалбарынатындарды апарып қосыңыз. Кісілік бейнеден айырылып, басшының алдында қоғаша майысып, доғаша иіліп табақ жалаудан табан жалауға дейін құлдырап, жалыныштыдан жағынышты пендеге айналған құлкеуделерден қандай ғана ар, нендей ұят күтпексің? Олар ар мен ұятты аз күндік атаққа айырбастап жібергендер. Оларды да кейде түсінуге болар. Бірақ, ақтауға болмас. Түсінуге болатындығы тағы да сол күнкөріс қамына келіп тіреледі. Орыстың өзім көп оқып құрметтеген, бірақ Белинский, Добролюбов сияқты ауызға жиі іліне бермейтін XIX ғасырдағы әдебиет сыншысы Дмитрий Иванович Писаревтің: "Только сытые люди могут быть свободными гражданами, толпа голодных пойдут за тем человеком, который покажет ей... кусок хлеба!" деген сөзін оқып едім. Қазақтың да: "Ораза, намаз тоқтықта, иман қашар жоқтықта" дейтіні осыдан шыққан. Егер адамның өзінікі өзіне жетіп, қарны тоқ болса, ертең де ешкімге телмірмесіне көзі әбден жетіп отырса, ол енді біреуге құл бола жәутеңдемесі белгілі. Қаншалық өр болып жаралған адамның өзі "Әттең тонның келтесі-айдың" қырсыздығынан еміншекке айналмаса да, амалсыз ар ұялар іске баруға мәжбүр, аяншақ бола ма деп те ойлаймын. "Түсінуге болады" деуім де сондықтан.
Ар да, намыс та айналып келгенде ұяты бар адамға ғана бұйырар қасиет. Ал айнала тірлікке баға беруге келгенде жалқыны жалпыдан, мемлекет мүддесін жеке бас мүддесінен ажырата білмейтін, қажет деген адамымен сол мемлекет есебінен есеп айырып дағдыланған адам бойында сол қарекеттер қала қойды дегенге сенгің де келеді, бірақ илана қою қиын.
Бұл ретте, тағы да Абай айтқандай, егер әмір-билік менің қолымда болса, үлкен-кіші лауазым иелерінің арсыздық демеген күнде де, аярлық, айлакерлік, алдау мен арбаудың, екіжүзділіктің қандай түрімен болса да "ауырып", өз атына азды-кем кір келтіріп, лауазымына дақ түсіріп алған, ар-ұят атаулыдан айырылып, сол арқылы өзіне қараған жұрт сенімінен біржола мақрұм қалған адамды мемлекет қызметінде бір күн де ұстамауға үкім етер едім. "Мен бұған өз басымның пайдасы үшін емес, мемлекет мүддесі үшін барып отырмын"— деп байбалам салар аярларды да қосып, оларды ел басқару ісіне енді қайтып жолатпаудың амалын ойлап табар ем... Амал қанша!.. Ондай билік бұйырмай тұр.
Ұят үнсіз қалып, ар бұғынған жерден жәдігөйлік келіп шығады. Жәдігөйліктің аты — жәдігөйлік, оның да үлкені не кішісі болмайды, денеңе дарыды дегенше уша жайлап, уытып, уландырып алады.
Таяуда ғана Қазақстан Жазушылар одағындағы кезекті бір шағын жиналыс үстінде жасы үлкен қаламгерлердің бірімен сөзге келісіп қалғаным бар. Ол өзінің 70 баспа табақ көлеміндегі аударма кітабын шығартуға қаржы сұрайды. Мен "Көкетай-ау, мұның көлеміндегі аударманың орнына күн көруінің өзі қалт-құлт етіп тұрған он автордың кітабын шығармаймыз ба? Аударманы кейін байығанда көре жатармыз!" деймін ғой. Сонда осынау таластың тағдырын шешуге тиісті азаматтардың бірде-біреуі үндемеді. Сыртқа шыққаннан кейін барып кейбіреуі "Әй дұрыс айттың-ау, әділі де сол ғой!" дескен болды.
Мұндайда күйіп кетпей қайтер ең. "Оу, өз сөзімнің дұрыс екенін білмесем — ауыз ашып нем бар менің? Сендерден дұрыс айттым ба, жоқ па деп сұраған кім өзі? Бәрің көзіңмен жер шұқып, телмеңдеп, үн-түнсіз қалдыңдар. Мен ғанамын ғой тағы да жаманатты болған" деймін шыр-пырым шығып. Оным да бекер әурешілік еді, ешбірінің құлағына жете қоймағанына әлі де бәс тіге аламын.
Сонда кімнен қорқып, неден үркектейміз? Шындықты айтуға келгенде күлтектеп, көпе-көрнеу көлгірсуге көшетініміз неліктен осы?
Шындық жүрген жерде үрейге орын болмауға тиіс еді ғой. Өйткені ол екеуінің басы бірікпейтін ұғым емес пе? Қорықсақ, қысылсақ, тек қана өзіміздің былғаныш ниетімізден, өресіз ойымыздан, жетесіз жігерімізден қорқуымыз керек қой. Жора-жолдас, ағайын алдындағы бет-беделімізге дақ түсіруден, ел-жұрт, Отан алдындағы парыздың толық өтелмей жатуынан ғана қорқуымыз керек. Яғни бір ғана нәрседен: өтірік айтудан, "ар ұялар іс қылудан" қорқуымыз керек. Бір кезде:
Ар алдында мен өзімді әрдайым,
дар алдында тұргандай-ақ сезінем, —
деп жазғаным да сондықтан еді-ау менің де. Ақырын-ақырын жылжи келе енді өзіміздің әдеби ортаға қарай ойыссақ деймін. Елің бар кезде, жерің аман тұрғанда, адам бойында әзірше ар мен ұяттың жұрнағы жүргенде әдебиет жасай берер. Ол ешқандай дау тудырмауға тиісті мәселе сияқты. Бірақ ол өзі енді қандай әдебиет болмақшы, соған келейік.
Кәрікөз қаламгерлер жақсы біледі, бір кезде "мен болдым-ақ" деп жүрген ақындардың өзі де жұқа мұқабалы 4-5 баспа табақтан артық көлемде кітап шығара алған жоқ болатын. Қазір екінің бірінің "көзі тірісінде Мұқағали да пышақ қырындай жұқа кітапты қанағат тұтып еді"— деп шуылдай жазып жататыны да содан. Қазанның құлағын ұстаған (баспа маңындағыларды айтам) бірен-сараны болмаса, мен білетін кезде көпке дейін шағын кітаптарының басын қосып қайта шығару екінің бірінің қолынан келе де бермейтін еді. Бүгін ше?
Бір кезде, тіпті Абайдан бергі дәуірде десе де болғандай, ақындық дарынын алға сала жүріп, әрі қарай алаңсыз еңбек ету үшін ақша жасайтын едік, бұл күнде енді ақшасына кітап шығарып, аяқ асты "ақын", "жазушы" атанғандардың саны көоту үшін ақша жасайтын едік, бүбейіп барады. Бүлар жайында: "Бүл күнде "анау" да ақын, "мынау" да ақын, жемсауы жыбырлаған жырау да ақын" деп жазғаным да бар болатын. Сексенге дейін бір ауыз сөзі тасқа басылып көрмеген, бірақ "кезінде анау болып еді, мынау болып еді" деп аспанға көтеріп жүрген "тірі классиктер" пайда бола бастады қазір. Олар жоқтан бар жасап, жамап-жасқап, күлді-бадам қоңырсық бірдемелерінің басын құрап, оны алтынмен аптап, күміспен күптеген қалың том "кітап" етіп шығарып-ақ жатыр, "сол кітабына" қазіргі күнгі аузы дуалы дерлік інілерінің не туыстарының біріне "ойпырмай, керемет екенсіз ғой" дегізіп алғысөз жазғызып, "кітабы" шыққасын барша газеттегі таныстары арқылы дуылдата келіп мақтататындар шықты. Оларға тоқтау да сала алмас халге жеттік. Бірақ сол сырты жылтырақ, іші кеуектей қалтырақ "кітаптардың" өмірі ұзақ болмасын ескеріп жатқан ешкім жоқ. Солардың "кітабын" көріп. Мұқағалиға тұстастары қиянат көрсетіп, кезінде кітабын да дұрыстап шығармапты дейтін пысықтар шықты. Ол кезде кітаптың жүз еленіп, мың екшеліп барып шығатынын ескермей, қаперіне де алмай, өткен күнмен дауласатындарға не дерсің?!
"Все течет, все меняется", — деген еді көне грек ойшылдарының бірі. Уақыт зымырап өте берді де, заман да, заманмен бірге адам да өзгерді. Көптеген қастерлі ұғым да сол өткен қоғамға ілесе, келмеске кеткен сияқты. Ескіні қимай отырған жоқпын, бірақ бұрын кітап шығару ісіне ғана емес, Жазушылар одағына жаңа мүше алуға да аса биік талап қойылатын еді. Осыдан көп жылдар бұрын Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып қызмет істегенім бар. Секретариат мәжілісінің қақ төрінде Ғабит Мүсірепов пен Иван Шухов отыратын. Мүшелікке алуға дайындап әкелген әрбір талапкердің не жазып, не қойғаны, дарын деңгейі, талант қауқары, келешектегі мүмкіндігі түгел сарапқа салынатын. Барлығы да ұжым жарғысына сай болуы қатты ескеріліп, қадағаланушы еді. Басқаларды қайдам, мүшелікке өтерде өз басымыздың кәдімгі қылкөпірден өткендей-ақ қара терге түскені әлі күнге есімде қалыпты. Қазір Жазушылар одағының есігі "келемін, келемін де өтемін" дегендерге әрдайым айқара ашық. Сегіздегісі де, сексендегісі де, дәруіші де, дәлдүріші де мүшелікке өтіп жатады. Оқта-текте болып тұратын жазушылар басқосуларына бара қалып, ақсақалы қайсы, қарасақалы қайсы, жазушысы қайсы, жазбайтыны қайсы екенін білмей, кілең бір көкбазардан айдап әкеліп осында тоғыта салған жүргінші, жолаушылар арасына түсіп кеткендей дал ұратының бар. "Керуен кері айналса — ақсақ түйе алға түседінің" — кейпі баяғы.
Бұл сөзіме тағы да дау айтып, кеңірдегі көнектей, көк тамыры білектей болып шыға келіп, өзеурей өкпе білдірер ағайын да табылар. Бірақ, қайтеміз, шыны сол.
Қазіргі жас оқырман Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден Мұстафиннің, одан әріректегі Жүсіпбек, Мағжан, Сұлтанмахмұттардың шығармаларымен баяғы бізге ұқсап таныса алмайды. Баспалардан Қасым Аманжолов, Ғали Орманов, Жұбан Молдағалиевтердің орнына бұрынғы коммунистік партия мен Кеңес Одағына "қызметі сіңген", әлі күнге Президиумда маңқиып отыратын "сыпайы да сыйлы" ағалардың кім-көрінгеннің қолынан шыққан "естеліктері", тіпті кейде "көркем туындылары" басылып шығатын болып алған. Бірімен-бірі жарыса "кітап жазып", бірінен-бірі асып түсіп жататын "қарт жазушылар" солай көбеюде. Ал қазақ поэзиясының бір кезгі гүлі де, алысқа жетер үні де болған Ізтай Мәмбетов, Әділбек Абайділданов, Әнуарбек Дүйсенбиев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Шәміл Мұхамеджанов (тізе берсең санап тауыса алмас ең) сияқты замандастарымызды жұрт бүл күнде әбден-ақ ұмытып болған. Өйткені кітаптары шықпағалы ондаған жылдар болды. Ал осы да кісілік пе? Осы да ардың, осы да ұяты бардың ісі ме? Әй, қайдам!.. Сондықтан ащы да болса арға жүгініп, әр түрлі келеңсіздіктен кеткен қателіктерді мойындауға қарай кілт бетбұрыс жасамай болмайды. Қателікті дер кезі мойындау адамның да, қоғамның да арына дақ болып түспейді, қайта керісінше, қоғамға, сол қоғамды ілгері дамытуға атсалысып жүрмін дейтін азаматқа деген ел сенімін ұлғайта түсері ақиқат. Соны ұмытпайық деймін ғой мен, ағайын!
Әдебиетті қоғамның ары мен намысы, ұяты мен иманы деп жүрміз. Ендеше сол әдебиетті жасайтын қаламгердің мұрат-мақсаты, кісілік қасиеті замана шындығын ашып қана қоймай, төбесінен қылыш төніп тұрса да сол шындықты айту, айтып қана қоймай кеудесімен қорғай білуде деген болар ем мен тағы да.
"Шынымды айтсам ба, жоқ біразын бүге тұрсам ба?" деген адамнан "жазғыш" шығар-ау, бірақ жазушы шықпасы бесенеден белгілі. Әдебиетте әжептәуір аты бар, даңқтан да құралақан емес, әр жерде аталы сөз айтқысы келіп, кейде тіпті, "айттым-ау!" деп те жүрген бір азаматымыз теледидардан сөйлесе де, газет-журнал бетінде сұхбаттаса қалса да; әлдене мәселенің шетін шығарып алады да "атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, ыңғайсыз болар", — деп немесе: "қазақылығым ұстап отыр", — деп, өзінің шындықты айта алмас көзжұмбай мәймөңкесін ұлтына апарып жаба салуды дағдыға айналдырып алғанын байқап жүрміз. Сыртынан кейде күліп те қоямыз. "Ауызға келген түкірік, қайта жұтсаң — мәкүрік", бірдеңені қоңырсытпа, коңырсытқан екенсің, дүние күйіп кетсе де от қойып, кір-қоқыстан тазарта өртеп-ақ жібермейсің бе? — деп алыстан күйінеміз. Ол өзі столға оңаша барып отырғанда: "жазсам ба, жазбасам ба?" демейтін шығар. Ендеше, ел алдына шығып алып "айтсам ба, айтпай қоя тұрсам ба" деп тартыншақтық жасауының не қызығы бар екен? Онан да үндемей үйінде отыра бермей ме, тегі.
Ал әдебиетіміздің нағыз бетке ұстар ойшылдары, үздік тұлғалары айтатын ойын бықсыта бүкпей-ақ, "қазақылығы" ұстамай, жасқанып, жауырды жаба тоқымай-ақ ақтарып салған емес пе еді. Сонысымен де олар ғасырдан-ғасырға жетіп, көнерместен, көмескіленбестен әлі күнге дейін ел мүддесіне қызмет атқарып келе жатыр ғой.
Қан тамыры дәйім ғана "ұят, ұят" деп соқпайтын, ақиқатқа ара түсуге ары, дабыл қағуға даусы жетпес әдебиет — әдебиет емес, ет пен терінің арасындағы алдамшы бірдеңе. Әдебиеттегі көлгірсу — көлгірсудің ең бір сорақы түрі. Ол солай, ешқандай алып-қосары жоқ.
Қазір Мұқағали туралы көп жазылатын болды. Біреулер біліп жазады, біреулер әйтеуір осы тұста бір көрініп қалғысы келіп, дүрмекке ілесе өзі білмесе де елден естігенін жазады. Бірі өсіріп, бірі көшіріп, әйтеуір, сайып келгенде "Мұқағали қорлық пен зорлықтың жеті атасын көріпті, кітабын да шығара алмай жүріпті" деген өтірікке бейімделе, оқырманды да соған иландыра бастағандай.
Орыс әдебиетіне қараңыз, Андрей Платонов, Анна Ахматова, Михаил Булгаков, Михаил Зощенколар жұмакта өмір сүріпті деп естіген қайсыңыз барсыз? Өзіміздің Сұлтанмахмұт, Қасым Аманжолов, Тобық Жармағамбетов, Төлеген Айбергенов, Жұматай Жақыпбаев, Жүсіп Қыдыров, Жұмекен Нәжімеденов, тағы басқа шынайы талант, елде жоқ дарын иелерінің ішкені алдында, ішпегені артында болды деп кім айта алар еді? Тіпті азын-аулақ шаруа тындырдық-ау деп жүрген қазіргі тірілеріміздің басына жұмақ орната салған қоғамды көрген қайсың барсың?
Бірақ әлгі аттары аталған ақиық таланттар лашықта тұрса да өз дарынына лайық шығармалар тудырды. Арына дақ салар іске барған бірде-біреуі жоқ. Шын таланттың иесі қайыршылықпен күн кешсе де қол жайып кісі алдына бармасы хақ. Артына ары таза асыл мұра қалдыратындары да содан еді олардың.
Адам өмірі, адам тағдыры әр түрлі жолмен қалыптасады. Жұмыр басты әр пенде әр түрлі өлшем-мөлшермен ғұмыр кешеді. Бала да заманына тартып туатыны аян. Сол заман пиғылына орай адамның түйсігі мен сезімінде де әр түрлі өзгерістер болып жатуы ықтимал. Жұрттың бәрі туа сала боз биенің сүтіне шомылып, өмірден етегіне намаз оқып өтуі міндет емес. Рахаттан соң бейнеті, бақыттан соң азабы алмасып, иықтағы жауырынды ұлыңа, қимағанынды құлыңа қалдырар алмағайып күндердің де тууы мүмкін. Міне сол кезді кісілік бейнеңді жоғалтып, ұяттан аттамасаң болды. Сырттан әсер етер жағдайлар тұрмақ, өзіңнің де іштей кейде екіге жарылар кездерің болады. Сонда "жұрт кіналаса кінәласын әйтеуір Құдай алдында да, адам алдында да арым таза" дерлік дәрежеде қала білсең, даңғазалы да даулы дүниенің қоқсық-бықсығына былғанбасаң болғаны. "Арыңды жасыңнан сақта!" — деп үйрететін орыс мақалы да, міне, содан шықса керек. Мұның бәрін айтып жатқанда мен тіпті де ешкімнің қателесуге, мүлт кетіп, мүдіре басуға қақысы жоқ демек емеспін. Күрмеуі қиын күрделі тірлікте жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ болмауы мүмкін емес. Бірақ өзінің сүрінгенім елден, жығылғанын жерден көріп, айналаның бәрін "жылы қойын, салқын арқам" деп бөліп, тайғанақ, сусымалы пиғылға қарай ойысып беретін, көрмес түйені де көрмес деп, жақсының бәрінен түңіліп, жұрттың бәрін дұшпан тұту, сөйтіп өзінен де, өзгеден де іштей жасқанып, ешкімге сенбей, жан дүние болмысынан ажырап, айналасының бәрінені жау мен дау іздеп тұратын секемшіл, сезікшіл құлмінез пендеге айналғанын да аңғармай қалатындар бар. Ол енді арамдықтың түбі реніш, адалдықтың түбі кеніш болатынын бірте-бірте ұмытып, ағайын-жұрттың бәріне өкпелі, бәріне ызалы күйге ауысады. Сол бетінен қайту, қайта үйіріне қосылу да ердің еріне ғана тән қасиет, оған да алыпқа тән мұқалмас жігер, жұқармас жүйке қажет. Өз мінін өзі біліп, қателігін мойындай отырып тазалық, яғни ар-иман жолына түсу адамға да, қоғамға да алтын алқалы абырой болар еді. Менің тілеп отырғаным да сол.
Әрине қоғамды жегі құрттай жайлап алған жалғандық атаулы бірден құрып, жамандық атаулы бірден шіріп біте қояр деген оптимистік ойдан әзіргс аулақпыз. Сөйте тұра адамды айуаннан айырып тұрған ар мен ұят дейтін бар еді, солар біржола ізім-ғайым жоғалып кетпесе екен, ең құрығанда бүгінгі рухани жүдеулік кезінде көңілге сол да медеу болар едіу деп ойлайсың. Ар алдында өзіңді дар алдында тұрғандай сезінетін бірсөзділік, бір лебізділік деген болушы еді. Періште болып жаралмасақ та біразымызға пейіштен күдер үздіре қоймай келе жатқан да сондай асыл ұғымдар еді ғой. Адам бойын әп-сәтте жиғызар, сана атаулыны бір қауызға сыйғызар тірлік заңы бар иманды қоғамға сонда ғана қадам баса алар едік-ау деген ойға ойыса берем өз басым.
"Қазақ әдебиеті", 29 қыркүйек, 2001 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі