(Бір жолсапардың күнделігі)
“Сондай бір сапардың сәті келіп тұрғаны, бірге жүріп, Ұлытау жағын бес-он күн аралап қайтуға қалайсыз?”— деп күтпеген жерден Жүрсін Ерман телефон соққанда, Совмин ауруханасының күндізгі бөлімінде ем-дом алып жатқан едім. Қашан болсын оранып-қымтануды ұмытып, аңғал-ашық жүре беремін деп, осылайша жиі-жиі суық тигізіп алатыным бар еді, бұл да соның салдары болатын...
Өзім сол сәтте үйден әдейілеп ала шыққан Жайық Бектұров ағамыздың “Енеден ерте айрылған төл секілді” деп аталатын естелік кітабын оқып жатқан болатынмын. Жазушылығын көп адам мойындай бермейтін Жайық ақсақалдың бұл кітабында ел мен жер, халқымыздың кешегісі мен бүгінгісі, жағырапиясы мен тарихы жайында қаншама бір қызғылықты мағлұмат, арғы-бергіден өрбіген әралуан деректер мол болып шықты. Сарыарқа даласын да оңды-солды біраз шарлаған сыңайы бар, солардан түзген жолсапар әңгімелері де оқуға жеңіл, тартымды һәм татымды дүниелер екен. Әсіресе, ежелгі Ұлытау өңірі, ондағы Алаша хан, Жошы, Едіге мазарлары төңірегіндегі, сол аймақта әйгілі жаһангер Ақсақ Темір де болыпты, солардың хан ордасы болған қорым мұрты бұзылмай әлі жатыр дейтін ежелгі жыр-аңыздар сарыны еріксіз елеңдетіп, “реті келіп, жасаған мұрша беріп жатса, әдейілеп іздеп барып қайтатын-ақ жер екен, шіркін!” — деген ойға табан тірей елегізіп отырғанда, Жүрсіннің телефон соғуы — іздегенге сұрағанның өзі болды да шықты. “Мұндай да кездейсоқ сәйкестік бола береді екен-ау!” — дегем де қойғам.
— Бас-аяғы қанша күн, қанша жер жүруіміз мүмкін? — деп сұрадым Жүрсіннен. Өйткені, емделіп жатқанымды айттым, оның үстіне бұрынғыдай емес, соңғы кездері денсаулықтың сыр бере бастағаны аңғарылып қоятын.
— Бір аптаның о жақ, бұ жағы шығар, екі-үш мың шақырым жол жүріп қалармыз,— деді ол.
— Апыр-ай,ә! Барғым да келіп тұр, ұзақ жолды ауырлап қаламын ба деген қорқыныш та жоқ емес. Емделіп жатқаным өз алдына. Екі оттың ортасы деген осы болды-ау!.. Қайтсем екен?
— Шаршаған жеріңізде айта қоярсыз, ұшаққа отырғызып қайтарып жібереміз. Үзілген жерінен ем-домыңызды әрі қарай жалғастыра бересіз,— деп ол күлген.
Сөйтіп, неде болса тәуекел деуге тура келген. Тәуекел дедік те, алып жатқан ем-домның бәрін бірер аптаға жиып қойып, бұл да бір орайы келген оң сапар шығар деп Жүрсінге еру жағына ойысқам.
* * *
Жүрсіндер (қасында ағалы-інілі Әмет, Аманкелді, Мұратбек Ермегияевтер бар екенін айтқан, әйгілі Өмірзақ Сәрсенов те ере жүрмек екен, аяқ асты шетелге ұшатын болып қалып қойыпты) күнібұрын бірі ұшақпен, біреулері жүрдек те жеңіл автокөлікпен үздік-создық болып Астанаға қарай аттанып кете беріпті де, мен олардың соңын ала пойызбен шығып едім. 28 мамыр, яғни дүйсенбі күні таңертең Астана вокзалына келіп түскен мені қарсы алған Қанай деген жігіт (ол да бір аңқылдап қалған азамат екен, осындағы бір құрылыс мекемесінің иесі) алды-артыма қаратпай “Джип” машинасына салып алды да, орталықтағы “Сусар” аталатын жеке меншік мейрамхананың төрінен бір-ақ шығарды. Жүрсін оған солай тапсырып, өздері Қарағанды, Қарқаралы жағына шұғыл аттанып кетіпті. Мен орналасқан дағарадай люкс-нөмірдің ішінде фин саунасы бар екен, бәрінен де сонысы бір ғанибет болды. Пойыздың екі кісілік купесі кәдімгідей салқындау екен, таңға жақын әжептәуір тоңазып, мазасыздау күй кешіп келіп едім. Бөлмеге алдырған жеңіл-желпі таңғы мәзірден дәм таттым да, Қанайға рахмет айтып, жайына жіберіп, әлгі ыстық моншаға қойдым да кеттім. Бұдан артық не тілерсің! Буландым, суландым, терледім, тепшідім, әйтеуір екі-үш сағат оңаша қалып, қайтадан жан шақыра қалпыма келгендей рахат бір күй кешіп едім.
Сол екі арада қалта телефонымен Жүрсін де қоңыраулатып, менің қал-жағдайымды сұрап алды да, бастапқы жоспардың сәл-пәл өзгергенін айтып, осы орнымда қаперсіз жата беруімді өтінді, өздерінің кештете, тіпті одан да жайырақ оралатынын, ағайынды Ермегияевтардың ата-баба жұртына барып, тәу етіп қайтуға ұйғарғанын, өзінің де солармен бірге болатынын хабарлады. Дәл қазір маған да керегі сол, ешкімнің мазамды алмауы еді. Жүрсінге емеурінмен соны айттым да, оңаша бөлмеде дәмді шәйімді ішіп, бірер жерге телефон соғып алдым да, тағы да өзіммен өзім болып, әлгі моншаны айналдыра бергенмін...
* * *
Жүрсіннің өзі қашанда әзіл-оспаққа бейім, күлкіге үйір, кісіге үйірсек оралымды жігіт қой. Арамыздағы мүшел жас айырмашылығына қарамай, ұдайы мені де қағытып қойып, қажай түсіп жүретіні бар. Әзілі жарасып жатса атасымен де ойнай беретін қазақ емеспіз бе, мен де оның артық-кем сөзін ауырламай, көтере беретін болғанмын. Ағалы-інілідей дос-жар адамдар болып кеткенімізге де біраз жылдың жүзі болып қалды. Рас, әнеу бір жылдары арамыздан әлдебір қара мысық жүгіріп өтіп, едәуір уақыт қырғиқабақ күй кешкеніміз де бар-тұғын. Бірақ сол бір тоң-теріс қалпымыздың өзінде де ат құйрығын біржола үзісе алмай, бір-бірімізге сырттай қарайлай жүрсек керек, келе-келе өткен-кеткеннің бәрін жуып-шайып, қайта табысқанбыз.
Ол өзі көптен бері қазақтың байырғы өнері — айтысты қайта жаңғыртып, соның басы-қасында жүр. Оның бұл ісін де былайғы жұрт сан-саққа жүгіртіп, біреу анау деді, біреу мынау деді, бірақ Жүрсін қыңқ етпей, құлағын өзі ғана берік ұстаған бұл ісін аспандата көтеріп, әйгілеумен келе жатыр. Бір кезде Сырбай Мәуленов ағамыз әйгілі Сәбит Мұқановқа қарата:
Сен оған айт: түгі жоқ торығарлық,
Өлеңмен біздер мықты болып алдық,
Мұқанов Сәбит деген атағың бар,
Болашақ ұрпақтарың жолығарлық,
— деп жазғаны бар еді. Сол айтқандай, Жүрсін де бұл күндері “айтыспен әбден мықты болып алған”. Айтыс өнерінің туын ол қалай асқақтата аспанға көтерсе, айтыс та, өз кезегінде, Жүрсіннің атын алыс-жақынға бірдей танытып, атақ-даңқын асыра түсіп келеді. Қазір бергісі иісі қазақ, әрісі алты Алашта Жүрсінді білмейтін, Жүрсінмен бір рет те болса тіл айқастыра танысқысы келмейтін пенде баласын табудың өзі де қиын шығар-ау.
Ақын Жүрсін сөзге де шешен, бүгінгі тілмен айтқанда айнала жұртты аузына қаратып ұстауда алдына жан салмайтын-ақ шоумен. Табан асты тауып айтатын тапқырлығы да бар. Ұдайы әзіл-қалжыңға бейім тұратынын жоғарыда бір айттық-ау деймін. Миықтан күле тұрып мысқылдағанда атқан оғы далаға кетпейді, нысанасына тура барып дарып жатады. Кейде қасындағы кісінің сырт көзден жасырып ұстайтын жанды жеріне дәл тигізе қағытып бергенде, әлі сырын ала қоймаған үлкен-кішінің біразы қапелімде қамшы тигендей қайқаңдап-ақ қалады. Қайыра соққан қалжыңының өзі мысқылға бергісіз. Бірақ кекетуге барса да, мұқатуға жоқ. Әзіл арасындағы зілді де өзі жуып-шайып, тегістеп отырады.
Осыдан біраз уақыт бұрын “Егемен Қазақстан” газетінде Жүрсін Ерманның белгілі қоғам қайраткері марқұм Өзбекәлі Жәнібеков жайындағы көлемді эссесі жарияланды. Соны оқи отырып, түкірігі жерге түспей тұрған Орталық партия комитетінің хатшысына құрдасындай қалжыңдаған Жүрсіннің сөзіне азды-кем күмән де келтіріп: “Әу, сен тіпті сол кездің өзінде ЦК-ның секретарымен әзілдесуге жарап қалып па ең?!” — дегенім бар-тын.
— Жәнібеков жарықтық сөз төркінін түсінетін еді ғой,— деді Жүрсін. — Сағат Әшімбаев марқұм да (сол кезгі өзінің тікелей бастығы) ондайда қипақтап: “Әй, бір күні опық жейсің ғой, осы бір ащы-тұщы әзілді байқап айтсаңшы!” — дейтін. Онысын біздің үйдегі Бақытжамалға да айтыпты. Бірақ реніш-өкпе бола қойған жоқ. Өзағаңмен өздеріңіз сияқты әзілдесе беретінбіз.
* * *
Мамыр айының 29 жұлдызы күні біз Астанада бас қосып, Аманкелді Ермегияевтың азамат болған баласы Талғаттың үйінен таңғы асымызды іштік те, төрт-бес жеңіл автокөлікке бөлініп мініп, Қорғалжың көлін бетке ала жолға шықтық. Жолбасшымыз — бұрын көп жылдар бойына Ұлытау ауданында бірінші хатшы, әкім болған, қазір Астана тұрғынына айналған Серік Тілеубаев дейтін жігіт. Ойлы да оңды, орнықты азамат екендігі байқалып тұр. Бәз-базда көсіле сөйлеп, қазырмырлана қызып бергенде, ділмәрсимін деп пенделік мақтанға да бой алдырып алатыны бар екен. Өзі Батырбек Мырзабековпен бірігіп “Ұлытау — ұлттың ұясы” аталатын кітап та жазыпты. 2001 жылы Астанадағы “Елорда” баспасынан жарық көрген бұл кітап та Ұлытау өңірінің арғы-бергісінен біршама хабар береді.
Сол Серік сөз арасында: “Өзім Найманның Бағаналы руынанмын!” — дегенді де мақтанышпен қосып қойды.
Өткен ғасырдың басында жасаған әйгілі қаламгерлеріміздің бірі Сабыр Шәріповтің “Бағаналы елінің жайы” аталатын деректі әңгімесінен: “Ақмола губерниясы Атбасар оязының оңтүстік жағында ауданының ұзындығы алты жүз шақырым, көлденеңі екі жүз шақырым, Шу мен Арғанатыға дейінгі жердің арасында арғы түбі Найман Бағаналы екі мекендейді. Бір жағы Торғай оязымен, бір жағы Ақмола оязымен шектеседі. Оңтүстік жағы Ақмешіт һәм Түркістанмен қосылады. Солтүстігі — Арғанаты адыры, Желді адыр. Бұл адырлар Ақмоладан үш жүз жиырма шақырым. Осы айтылған жердің ішінде Ұлытау, Кішітау, Айыртау деген үш тау бар. Сарысу, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Жыланды, Жезді, Білеуті дейтін суы тұщы өзендер бар. Толып жатқан адырлар арасында жылап аққан бұлақтар да көп. Барақкөл, Көпкөл, Ащыкөл, Мұзкөл дейтін көлдер бар.
Бұл ел жері жайлы, оты мол, суы жеткілікті болған себепті мешін жылғы және ілгері жұттарға бой бермей келген.
... Бағаналы байлығының ілгері кезде қандай болғанын толық айтып кетпей болмайды... Бағаналы ішінде біреуден ат майын құлданған, біреуден сауын сауған кісі жоқ болатын. Түркістаннан келген қайыршы қожа, молдалардан басқа күзеген байтал мінгенді көз көрмейтін. Бағаналы елі күзеген байтал мінбепті...
... Қай ауылға барсаң да кездесетін ойын-күлкі, жабырқағандары аз болатын. Адыр сайын бүркіт, қаршыға салған шал мен бозбалаларды жолықтыратынсың. Ауылдың қызы мен бозбаласының әдеті — түнімен алтыбақан тебу еді... Қай ауылға барсаң да той, көкпар тарту ұшырасатын. Байлар баласын сүндеттегенде, атқа мінгізгенде елулеп жылқы сойып, той жасайтын. Бір жағы қымыздың буы, бір жағы мал көптіктен жер жетпей төбелес болып та жататын. Мінеки, осындай қызықпен жылдың үш жүз алпыс бес күнін думандатып өткізетін.
1915 жылы қазынаның бидайы Атбасардан Қызылжарға тартылғанда Бағаналыдан жиырма төрт мың түйе жинаған”,— деген сөздерді оқығанбыз. “Міне, байлық қайда болған!” — деп тамсана таңдай қаққанбыз.
Сабыр Шәріповтың кітабынан бұл үзіндіні әдейі келтірдік. Жолшыбайғы әңгімемізге қажеті болып қалар деп те ойлағанбыз.
Ал жаңағы жолбасшымыз Серікке келсек, ата-бабасының өткені бар, өзі көріп, көңіліне түйгені бар, реті келіп тұрғанда неге ғана мақтанбасын, деп те бір қойғанымыз бар еді. Өйткені ол да өзінің жер жайын жақсы білетінін, аңқұмар екенін, реті келіп қалғанда аңшылық-саятшылықтан да құр алақан қалмайтынын сөз арасында аңғартып қойып отырған. Жолүсті әңгімеде: “Мына жерден қасқыр, мына жерден қарсақ атып алып едім!” дегенді де қисындыра қосып машина үстінде қопаңдап қояды. Өзінің совхоз директоры болып жүрген кезінде сол қасқыр аулағаны үшін ауданға жаңадан келген аупарткомның бірінші хатшысынан сөз естіп қалғанын да жасырмай айтып қалған. “Мен әдейі аңға шығыппын ба, жол үстінде шоқиып отырған көкжалды көре тұра қалай ғана оқ шығармай кетейін” — дегенді де Серіктің өз аузынан естіп, бір күліп алғанбыз. Бізге емес, сол баяғы хатшының алдында ақталып жатқандай болып, әбігерге түскеніне күлгенбіз.
Аманкелдінің “Лексус” аталатын іші кең, жүрісі жай көлігіне сол Серік, Жүрсін болып, бәріміз тиеліп алған едік. Әңгіме деген ағын судай ағады. Біріміздің сөзімізді біріміз қағып алып отырып, жолдың ұзарғанын да байқамай қалыппыз. Астанадан бірер жүз шақырым ұзап шыққанда барып, “Қайда бара жатырмыз?” — деп жан-жағымызға қараған болдық. Менің бұл өңірдегі алғашқы сапарым. Жолды білмеймін. Аманкелді де, Жүрсін де дағдарып Серікке қарады. Ол қаперсіз отырған сияқты еді, кенет санын бір соқты да: “Қап, басқа жолға түсіп кетіппіз, қайта оралмай болмайды” — деп тұр.
Арттағы машиналар да бізді қуып жетіп, үлкен жолдың үстінде ошарылып едәуір аялдап қалдық. Жүрсін қарап тұрған ба, әлгі Серікке (өздері ежелден таныс болғанымен, сыр алыса қоймағанға ұқсайды) оқыс бір ащы қалжың айтып қалды. Серік мұндай сөзді күтпесе керек, қанша сабырлы болғанымен шабына от түскендей тіксініп, шамданып-ақ қалғаны. Онысын білдірмегенсіп, қипақтап бізге: “Мұндай сөзді әкем де айтпап еді!” — деп қалды. Жүрсін де, біз де жуып-шайған боп жатырмыз. Жақша ішінде айта кетейін, бұдан былайғы аптаға созылған жол үстінде Жүрсіннің аузынан мұндай әзілдің талайын естіген Серіктің де құлағы әбден үйреніп, әзілге әзілмен жауап қайтару дағдыға айналып кетіп еді. Екі жағы да орынды айтылған жүйелі сөзге тоқтай білетіндерін аңғартқан. Тек Аманкелді Ермегияевтің ағасы Әмет қана Серіктің әрбір реакциясына қарай: “осымен пәленбайыншы ескерту болды!” деп күле жүре рет-ретімен санап қойып отырды. Оған біз де қосыла күлетінбіз, әзілді үстемелей түсеміз.
Осы жерде менің есіме бұдан көп бұрын болған бір оқиға түсіп еді. Ел билеп, жұрт шүйлеп қалған жас азаматтардың жалына қол апартпайтын бас асаулығы деген болады. Олар енді айналасындағы жағымпаз, жандайшаптарының қошемет-құрметіне әбден еті үйреніп, құлағына жақпайтын әрбір тосын әңгімеге осқырына қарайтын бір оқыс әдет шығара бастайды.
1992 жылы Талдықорған облысы Ақсу ауданында туып-өскен ақын Құдаш Мұқашевтің 60 жылдық мерейтойы аясында оның отбасы, біраз жолдастары, тағы бір топ қаламгерлер болып, сол жерге барғанбыз. Мен той өткізу жөніндегі комиссияның тең төрағасы (аудан әкімімен бірге) едім. Аудандық мәдениет үйіндегі жиын үстінде мен астанадан ере келген ақын-жазушы азаматтарды жергілікті жұртпен таныстыра келіп, сол сәтте сыртта жүрген ескі досым Қайрат Жұмағалиевтің атын атауды ұмытып кетіппін. Сахна төрінде аудан әкімі (тең төрағамыз) екеуміз отырғанбыз. Қолыма Қайрат залдан жолдаған бір жапырақ қағаз ілікті. “Ауылыңа ертіп әкеліп, атымды “ұмытып” кеткеніңе көп рахмет!” депті ол өзінің қымс еткенге торсаңдай қалатын өкпешілдігі ұстап кетіп.
Мен жалма-жан сөз алып, Қайраттан кешірім сұрай отырып, қасымдағы тең төраға екеумізден үлкен қателік кеткенін, Қайраттың танымал ақын екенін, әсіресе “Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды” деп аталатын, ел аузынан түспей жүрген ән мәтінінің де авторы өзі екенін тәптіштеп жұртқа түсіндіріп шықтым.
Сол-ақ екен әлгі әкіміміз ерін бауырына ала тулап берсін. Құдаштың ауылы — Сүттігенге қарай ағылған елді бастап соның машинасымен келе жатыр едік, былай шыға: “Қателескеніңізге мені қосып айтқаныңыз теріс болды-ау, аудан жұртының алдында абыройымнан айырдыңыз ғой” — деп, оған қасына еріп жүрген көмекшісі қосылып, екеулеп “Мұныңы дұрыс болмадыға” салып, ит әуремді шығармасын ба. Ақыры менің де талағым тарс айрылып, “әй, ханда қырық кісінің ақылы болады” деуші еді. Сен де хан болмағаныңмен, ел басқарып жүрген азаматсың ғой, бір кісілік ақылың болса керек еді, сонша не бүлініп кетіпті?” деп уәж айтқан болып едім, сөзге тоқтамай: “Дұрыс болмады, дұрыс болмады” — дей берген соң, машинасын тоқтатып, жалынып-жалпайғанына қарамай, жол ортасында түсіп қалып, басқа көлікке ауысып мінгенім бар-тын.
Әлгі Серіктің бастапқы шамдануынан да соған ұқсас сарын аңғарылып қалғандай болғасын ба, осы оқиға еріксіз есіме түсіп еді. Іште жүрген сөз ғой, атасы өлмесін деп, ретіне қарай әдейі айтып жатқаным, басқадай астар-мақсаты жоқ екендігіне оқырманды иландыра аламын.
* * *
Жол ұзақ, доңғалақтар, доңғалашы
Қазақтың жеткізбейді кең даласы,— деп басталатын Өтежан Нұрғалиев досымның баяғыдағы бір өлеңі болушы еді. Сол айтқандай, Сарыарқаның ұшы-қиырсыз ұзақ жолы да жуық маңда жеткізе қоймайды екен. Елсіз-күйсіз ен дала, айнала ондаған, тіпті жүздеген шақырым бойына қыбыр еткен жан баласы көзге түсе қоймайды. Тіпті жүгірген аң, ұшқан құс та көрінбейді. Төрт аяқты мал да жоқ. Ара-тұра қара жолды кесіп өткен зорман, тағы бір мен атын естімеген тышқандарды ғана көресің. Жолбасшымыз Серік Ұлытау өңірі, оның қадыры мен қасиеті, әйгілі адамдары мен әйдік өзен-суы жайында үзік-үзік әңгіме айтып, тіпті ауыз жабар емес. Оған кейде Жүрсін қосылады. Аманкелді екеуміз көбіне-көп үнсіз мүлгіп, тыңдауға бейімбіз. Әудем жер ұзап барып ара-тұра тоқтап, ала шыққан қоржындағы азық-түліктен дәм татамыз. Бізге Ермегияевтермен ілесе шыққан нағашылары Қайдар, басқа көліктегі Серік пен Жүрсіннің келіншектері келіп қосылады, тағы да гу-гу әңгіме, тағы да Серік Тілеубаевтың аузына қараймыз. Бұл өңірді негізінен Бағаналы, Балталы аталатын Найман рулары мекендейді екен. Баяғы “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырындағы:
Балталы, Бағаналы ел аман бол,
Бақалы, балдырғанды көл аман бол,—
дейтін сыңсу осы арадан өрбісе керек.
Сол Бағаналының төрт босағасы деп бағаланған Қадыр, Бабыр, Шегір, Сандыбайлар (әйгілі аға сұлтан Ерденнің әкесі) осы өңірдің түлектері. Солардың бірі Бағаналы Бабыр бидің бүгінгі ұрпақтары (ішінде осы Серіктің өзі де бар) бірер күннен соң Жезқазғанда ас беріп, айтыс өткізбек екен. Осы сапар аясына орай жасалған бағдарламаға солар да кіретін көрінеді. Ішімізде Бағаналы Бабыр бидің атын естімегендеріміз де бар екен, Серіктің айтуынша, ол баяғы Ғабит Мүсіреповтің “Оянған өлкесіндегі” Никон Ушаковқа Жезқазған кен аймағын төрт жүз сомға сатқан адамың дәл өзі. “Бүгінгінің тілімен айтсақ, ең алғашқы инвесторы” — дегенді қосып қойды Серік. Бұл аймақты біздің бір көруге құштар болып келе жатқанымызды жақсы білетін Серік өзі туып-өскен өлкенің арғы-бергі тарихын, әйгілі адамдарын тіліне тиек ете отырып, тағы да көсіле сөйлеп кетеді. Кешегіден Сандыбай балалары Ерден, Дүзен, солардың ізін ала келген Иманжан Жылқыайдарұлы, Тайжан Қалмағанбетұлы, Болман, Омар, Нияз сынды аузы дуалы ақын-жыраулар, бергідегі Баубек Бұлқышев, Камал Смайылов жайлы да мақтана айтып, масайрай түседі. Бірінің атын естігеміз, бірінің мұрасын жинап құрастыруға, кітап етіп шығаруға қатысымыз болған, бірімен үзеңгі қағыстыра қатар жүргеніміз бар, оның ертегідей әңгімесін біз де зейін қоя тыңдап, құптай түсеміз.
Осындай жарасымды әзіл-әңгімемен жеті-сегіз жүз шақырым жүріп тастағанымызды байқамай да қалыппыз. Күн ұясына ілінер сәтте Нұра өзенін бойлай келіп, Белбұлақтың жағасындағы көк шалғын үстіне қатарлай тігілген екі-үш киіз үйге ат басын тіредік. Бізге арналып тігілген үйлер екен. Қарсы алып жатқан адамдар қарасы әжептәуір. Үлкені де, кішісі де бар. Әйел-еркегі аралас. Аяқ суытып, біраз бой жаза сейілдегеннен кейін өзімізге арналып дайындалған дастарқан басына жиналдық.
Қайда барсаң қарсы алдыңнан шыға келетін қазақтың сол бір аста-төк ақ дастарқаны. Алғаш ат басын тіреген Алғабас ауылының сүт бетіне шығар қаймақтары бас қосқан дастарқаны үсінде ине шаншар жер жоқ, ішпей-жемей тоятын неше бір ұлттық дәмді тағамдарға толтырып қойыпты. Қыстан қалған, қалай сақталғаны беймәлім, тіске бассаң әлі де жұп-жұмсақ сүр, білеу-білеу сары қазы, жал-жаяның, жас жылқының телшесі дейсің бе, бізге арнап жаңа сойылған қойдың келістіре үйітілген басы дейсің бе, әйтеуір, аңқылдаған ағайынның бәр мәзірі алдымызда. Өздері балқаймақ деп атайтын, жаңа тартылған кілегейге бал, май қосып жасалатын, шағын-шағын тостағандарға толтырып, әркімнің алдына қоятын сүт тағамы да тілді үйіріп барады, бірақ бәрінен де бұрын бұл жақтың қымызы ерекше болады екен.
Осыдан төрт-бөс жыл бұрын белгілі жазушымыз Бексұлтан Нұржекенің 60 жылдығын тойлаймыз деп, той иесіне ілесіп бір қауым ел болып осылай Жаркент жағындағы Белжайлауға барғанымыз есіме түсті. Таудың мың бұралған ойқы-шойқы жолын ауырлап, аузымыз кеберси шөлдеп келген басымыз бірден сабадағы қымызға бас қойып едік. Тау басының биіктігінен болды ма, болмаса артығырақ сілтеп жіберген әлгі бір бірер түнеген бал қымыздан келді ме, әйтеуір, қан қысымым шұғыл көтеріліп кетті де, біртүрлі мазасызданып, бұдан әрі алдыма келген асқа да қарағым келмей қойғаны бар еді. Содан бергі бес-алты жылдың жүзінде аңсарым ауа тұра қымыз ішуге дәтім бармайды, сақтана жүретін болғанмын. Ұлытаудың қымызын “ішкен де арманда, ішпеген де арманда” деп, білетіндердің бәрі мақтаушы еді, рас болып шықты, ішкен сайын жұтына түседі екенсің. Бетінде қарамыққа ұқсап майы қалқып жүрген бал қымыз тілімді үйіре берген соң, алдыма келген кесені кері қайтармауға көштім. Құдайға шүкір, қарным да орнымда, қан қысымым да белгі бере қойған жоқ.
Қазақ жерінің біраз өңірі мен өлкесін аралап жүрміз ғой, қайталап айтсам, бұл жақтың кең қолтық қонайжайлылығы, адамдарының мінез-құлқы өз алына бір дара, өзгелерге ұқсамайтын сыңайда сияқтанды. Оған, бәлкім, Сарыарқаның салқар даласы, жерінің кеңдігі, сол жерде адамдардың сирек орналасуы да әсер етті ме, кім білсін. Өйткені, бір сөз реті келгенде сұрап білдім, біз осынша аңсап, бір көруге құмартып келе жатқан Ұлытау ауданында бар-жоғы 17 мыңдай ғана адам тұрады екен.
Жүрсіннің сөзіне сенсек, оның қазіргі мекен-жайына айналған Алматы түбіндегі қазір Мұзбастау ауылы дейтін бе еді, бұрынғы Калинин атындағы ұжымшар тұрғындарының саны 13 мыңға жетіп жығылатын көрінеді. Бұл жақта ел сирек. Астанадан шыққалы 6-7 жүз шақырым жол жүргенде алғашқы кезіккен ауылымыз әлгі Алғабас еді. Менің туған жерім Талдықорған өңіріндегі Алакөл ауданы ғой, Алматыдан 600 шақырымға жетер-жетпес сол жақты бетке алып шығар болсаң, аудан орталығы Үшаралға жеткенше 6-7 ауданның үстін басып өтесің. Ығы-жығы халық, ерсілі-қарсылы ағылып жатқан көліктен көз тұнар еді.
Әлгінде айтқан жазушы Сабыр Шәріповтің сол бір бұдан 70-80 жыл бұрын жазылған “Бағаналы елінің жайы” аталатын жазбасы: “... бұрын... Бағаналы елінің жеті мың төрт жүз бес шаңырағына қарасты қырық мың жан болатын. Бағаналы — Найманға қараған бай ру еді. Орта есеппен, уақ жандықтарын ірі малға шаққанда, әр шаңыраққа отыз төрт қарадан келетін. Қазір сол Бағаналы күйзеліп, кедейленіп болған”,— деп басталушы еді.
Ал енді осы айтқандарымыздың бәрін, ойша болса да, бүгінмен бір салыстырып көріңіз.
Рас, қазір техниканың заманы. Үй сайын дерлік бала-шағаның астында арқырап тұрған шетелдік автокөлік, жер апшысын қуырады. Оларға жер түбіндегі дерліктей Жезқазғанға ма, облыс орталығы Қарағандыға, тіпті Астананың өзіне ме,— ағызып отырып барып-қайту бұл күнде түкке тұрмайды. Өйткені, сол маусым айының 2-3 жұлдызында Жезқазған қаласында Бағаналы Бабыр биге арналып өткізілген республикалық айтысқа тайлы-таяғы қалмай жеткен Ұлытау тұрғындарының ішінде кеше ғана өзіміз түстеніп аттанған, қона жатып таныс-біліс болған үйлердің үлкен-кіші адамдары тегіс жүргенін көріп, олармен ескі таныстарымдай шұрқыраса табысқан да болатынбыз.
Кешеден бері Ұлытаудың әр жағынан орағытып өтіп жүріп Егінді, Қаракеңгір ауылдарының біраз жерін шарлағанбыз. Біреуіне түстеніп, біріне қона жатып, әрқилы әңгімеге де қанық болғанбыз. Жергілікті жігіттер де: “Әне, Ұлытау!” — деп, біресе түстік, біресе терістік тұсынан иектерімен нұсқай берген. Қарағанда биіктігі шамалы ғана болып көрінетін бунақ-бунақ тау сілемдері сонайдайдан оқшауланып “менмұндалап-ақ” тұр. “Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?” деген байырғы бір қайырмаға құлағымыз үйренген қазақтың біріміз ғой, ұлар етін жерміз, жемеспіз, әйтеуір, сол киелі қоныстың етегіне болса да таяп барып қайтуға аңсарымыз ауды да тұрды.
Жергілікті жігіттердің сөзіне құлақ түрсең, бұл өңірдің әр тасы, әрбір бұтасы аңызға айналып жүре береді. Сол аңыздың бірін Алтыншоқы төбешігін басып тұрып естідік. Бұл жерге ұлы жорықтардың бірінде әйгілі Ақсақ Темір де ат шалдырыпты-мыс. Азияның барысы атанған Ақсақ Темірдің табаны тиіп, шатыр тіктірген қорымның қалдығы да киелі саналады. Ақсақ Темірдің өзі арнайы жаздырыпты дейтін тас сынығы да осына жатыр. Айнала шашылып жатқан түсі де, түгі де бөлек күлгін-қара шақпақ тастар соның бір айғағы. Сол тастардың кішкене сынығын ырым етіп мен де жан қалтама салып алдым.
Алтыншоқыдан әрі қарай жүріп, “Хан Ордасы” аталатын, айналасы ат шаптырым көне қорымға барып ат басын тіредік. Бұл жерде біздің жолбастаушымыз болып келе жатқан манағы Серік Тілеубаев ініміз тіпті көсіле сөйлеп, көтеріліп, көсемдікке қарай бой ұрып кетті. Оның айтуынша “Алаш алаш болғалы, Алаша хан болғалы” дейтін ескі заманнан бергі қазақ жерін билеуге қатысы бар ұлы хандарымыздың біразы дәл осы аралда ақ киізге оралып, алтын таққа отырғызылған екен. Әбілқайыр да, Абылай да. күні кешегі Кенесары да осынау “Хан Ордасында” хан көтерілген.
— 1993 жылдың соңын ала осы араға қазақ елінің тұңғыш президенті — Нұрсұлтан Назарбаев та табан тіреген,— деп желпініп бір кетті дейсің Серік ініміз. — Екі тізгін, бір шылбырды хан қолына ұстатқан көне дәуір салты бойынша арнайы тігілген ақ шатыр ішіне төселген шымқай аппақ киіз үстіне ою-өрнегімен тақ орнатылып, соған кәрі-жасымыз қолтықтап апарып Нұрекеңді отырғыздық. Аудан әкімі ретінде мен де Нұрекеңнің алдына алтын жалы төгілген, алтын-күміс ері бар ақ боз атты көлденең тарттым. Аяғымен жер тарпып, аспанға атыла жарап тұрған асау арғымаққа Нұр-ағаңның бір-ақ ырғып мініп алғаны ғой. Қарап тұрған қалың жұрт демін ішінен алып, сілтідей тынды. Көз жетер жерді бір айналып келіп, Нұрекең аттан түскенде ғана барып, бәріміз ду қол шапалақтағанымызды білмей де қалдық.
— Президент мінген ақ боз ат өрісте, алтын таққа ұқсатып жасалған әйдік балдақты әшекейлі орындық музейде тұр,— дейді Серік, сол бір оқиға дәл қазір болып жатқандай-ақ желпініп.
Тұңғыш президентіміздің табаны тиген сол араға қазір аспан зәулім ескерткіш қойылыпты. Үш тармақтан тұратын бұл ескерткіш те үш жүздің басын біріктірер символындай болып, сонадайдан қол бұлғап, өзіне шақырып тұрғандай.
Осы арадан аттанарда Ұлытау ауданының басшылары Аманкелді Ермегияевке де ақ боз ат мінгізбек болды. Бірақ көпті көрген көшелі азамат: “Жоқ, жол да, жөн де Сәкен ағамдікі ғой, бәріміздің атымыздан сол кісі мінсін!” — деп тұрып алды.
Өз басым Аманкелдінің мұндай мәрт қылығына көптен бері-ақ тәнті болып келе жатқан адаммын. Ол туралы кезінде жаздым да.
Ермегияевтің отбасы Алматы облысының Кеген жағында туып-өскен. Бірақ сонау бір ел басына түскен ұлы тауқымет тұсында олардың да ата-бабасы туған жерден пана таппай, сеңдей соғылған көпке ілесіп күнкөріс қамымен түп көтеріле көшкен екен. Босқындардың ақыры барып табан тіреген жері осы күнге Жалаңаш ауылының маңы болыпты. “Арқада қыс жақсы болса, арқар ауып несі бардың” кебімен, тау жайлаған албан ішіне сіңісіп, жүре келе бірге туғандай бауырласып, біржола туысып кете берсе керек. “Ер туған жеріне” — деп, бұл өңірге қаншама бір бауыр басып, өгейлік көрмей өскендерімен де, ата-баба топырағын да біржола ұмытпаған. Өздері ес біліп, етек жапқан соң қолдарының ұзара түскенін ескеріп, ата-жұртын іздеп тапқан ғой. Бұл сапар да көптен бері ойластырылып, соған орай ұйымдастырылған игі шаралардың бірі екен.
— Екі жылдан бері “әне-мінемен” жүріп қалып едік, ақыры бәрінің сәті енді түскендей,— дегенді Жүрсін де қосып қойды.
* * *
Келесі күні Ұлытаудың тағы бір сілемі Едігенің етегіне тігілген ақ боз үйге ат басын тіредік. “Осы таудың басына ел қамын жеген Едіге жерленген” — дейді ескі аңыз. Бүгінгі мақсат — соның ұшар басына шығып, Едіге жатқан жерді бір көріп қайту болатын. Маған Алматыда алғаш хабарласқанда Жүрсін де: “Біраз жеріне шейін машинамен бара алады екенбіз, Құдай бұйыртса, Ұлытаудың биігіне өрмелеп қайтамыз деп отырмыз”,— деген. Жергілікті жігіттер сол жағын да өздері ойластырып жатқанын айтқан. Тауға шығар алдында азды-кем әл-қуат жинап алу үшін әлгі бір арнайы тігілген алты қанат киіз үйге келіп кірдік. Айқара ашылған есіктен барша сұлулық-сұсымен алақандағыдай болып Ұлытау тұтас көрінеді екен. Жүрсін айтқандай, жеткен жерімізге дейін машинамен барамыз деген сөз бекер болып шықты. Машина түгілі, салт атпен жүрудің өзі қиын. Тек қана жаяу өрмелеу керек. Қаншама ынтыға тұрсам да, тау басына қарай басуға жүрегім дауаламады. Алматыдан, Астанадан келгені бар, осы ауылдан өз еркімен ергені бар, әйтеуір жиырма шақты әйел-еркектен тұратын бір қауым елді ілестіріп Едігенің басына Аманкелді Ермегияев кетті де, біз Жүрсін, Серік бар, оларға қосылған осы елдің тағы бір жақсы жайсаң азаматы Жарқынбек бар, — бәріміз қайтадан киіз үй төріндегі баяғы дастарқан басына жиналдық.
Тағы да сол аста-төк қазақы ақ пейіл. Қолда барын қонағының алдына қойып, аузына тосатын қазақы әдет. Қунақ сөз, қуақы әзілге үйір Жарқынбек басқарған дәмнен бас тарту да мүмкін емес. Кеселеп, еселеп ішкен қымызда есеп жоқ, қуырдаққа да қасықты молынан батыра түстік.
Баяғы болып барады ғой, тың игерудің отыз жылдығын тойлау қарсаңында республикамызға келген бір топ шет ел және кеңес жазушыларын бастап, Сайын Мұратбеков екеуміздің Целиноград, Павлодар, Семей, Өскемен жағын аралағанымыз бар еді. Он күннен астам ат үстінен түспей дегендей, егістікті де аралап, Ертіс үстімен де жүзіп, аузымызға қараған әр ұлттың өкілдеріне мақтан аралас әңгіме де айтып, ұзақ бір жүріп қайтқан едік. Сонда дәл осындай көл-көсір дастарқанды көріп жағаларын ұстаған украиналық бір жазушы қайтар жолда маған қалжыңдап: “Осы күндер ішінде ішіп-жеген арақ-шарабы аралас ас пен су, мініп-түскен көлік, соншама адамның жамбас ақысы дейсің бе, барша шығынды ойша есептеп көріп едім, сол ақшаға сіз бен біздей жазушыға Киев не Алматының ортасынан алты бөлмелі әсем үй салып беруге жетеді екен!” дегені бар. Мен онысын өтірік дей алмағам.
Ұлытаудың ұшар басына көз тіге отырып, осы өңірдің күлімкөз қыз-келіншектері еселей ұсынған қызыл күрең шәйді сораптай отырып, сол әңгімені есіме алып едім. Кешелі-бергі өзіміз куәсі болған, шамамызға қарап та, қарамай да шетінен дәм татқан дастарқанның есеп-қисабына да кім жете қойыпты. Әйтеуір, қай үйге бас сұқпайық, қай жерге аяқ суытып, аялдамайық, асабалық билікті ұдайы ғана өз қолына алып, әлгінде айтқанымдай қуақы әзіл, күлдіргі әңгімесінен әсте жаңылмайтын Жарқынбектің айтуынша біздің қазақтың келістіріп берген бір қонақасына кеткен етті басқа ұлт өкілдері бір жыл азық ететін көрінеді. “Рас та шығар осы сөз!” — деп ойладым мен тағы да.
* * *
Киіз үй есігінен көріп отырдық. Ішінде ер-әйелі бар Аманкелді бастаған топ қаздай тізіліп, Едіге басын бетке алып өрмелеп барады. Ылдиы бар, өрі бар мың бұралған тау жолы оңайлықпен алдыра қойған ба, Ұлытаудың басына шығуға мен түгілі, осы өңірдің өз түлегі Жүрсіннің де дәті бара қоймады. Әлденені сылтауратып, шаршаңқырап қалғанын, белінің сықырлағанын айтып, біздің қасымызда қала берді.
Мен де жасымда тау-тасты көп кезген адам едім. Өз аулымдағы Тоқта, Жабық, Текелі тауларын салт атпен де, жаяу-жалпылап та талай-талай шарлағам. Ұшар басын белгілеп алған күмбезді көгілдір төбенің басына шығып, айнала масаттана қараудың өзі неге тұрады.
Сонау бір жылдары, жастау кезімізде ақын Сабырхан Асанов екеуміздің Қырымдағы Көктөбелге барып демалғанымыз бар еді. Сонда мен ертеңгі астан кейін әйгілі Қырымның Қаратауының қадау-қадау шыңдарына қарап тұрып, қасымдағы Сабырханға:
— Жүр, түске дейін сонау бір шың басына шығып, сейілдеп қайтайық,— деп қолқа сала сүйрелейтінім болушы еді. Мен де жалқаулау қазақ едім, Сабырхан тіпті мың салса бір баспастың өзі екен. Әлгі биікке бір қарап, қабағын тыжыра:
— Осы сенің төбеге құмарың-ай. Ондай тау Алматы маңында да жетеді ғой, одан да теңізге түсейік те! — деп азар да безер болатын.
Кейде теңкиіп теңіз жағасында жата бергенше деп қоярда қоймай ертіп шығатынмын. Қаншама шаршасақ та, араға үш-төрт сағат салып биік бір шыңның басына жетер едік. Сонда төбедегі көк аспан, төмендегі шет-шегі жоқ көкшіл теңізге қарап тұрған Сабырханның да делебесі қозып шыдамай кете ме, өз аузынан:
— Ра-хат-ай, ә! Ғажап қой! — дегенін талай естігем.
Енді амал жоқ, жас емеспіз. Тоқтаусыз суыт кетіп бара жатқан Аманкелділердің қимыл-әрекетіне дүрбі сала қарап отырып, сыртынан ғана сүйсінумен болдық. Өзіміз де оған ілесе тау басына шығып бара жатқандай сезімге бөленіп, үйде отырып: “Әнеки, әне! Жетіп те қалды!” десіп қопаңдасып қана қоямыз.
* * *
Араға үш-төрт сағат салып Аманкелділер қасымызға қайта оралғанда, мен одан:
— Тау басында ұлар бар ма екен? — деп сұрадым.
— Тығылып алып жатпаса, көзге түсе қойған жоқ,— деп күлген еді сонда Аманкелді.
Кешелі бері естіп келеміз, көріп келеміз, баяғы есебіне жете алмайтын мыңғырған мал да, күні кеше ауыл маңының өзінде жыртылып-айрылып жатады дейтін киік те көзге түсе қоймаған. Атпен қуып, тікұшақпен де қағып, тігерге тұяқ қалдырмай түгел құртып бітіріппіз. Ұлар түгілі ұшарға үйрек-қаз да көрінбеді. “Аман жүрсек, өз қорығынан мына Мұратбек әлі-ақ ұларды алып келіп, Ұлытау басына ұялатар, киік те әкеліп үйірге қосар!” деді Аманкелді өз інісін иегімен нұсқап. “Оны да мына жігіттер үйіріне қосылмай жатып атып алмаса!” — дестік біз.
Келесі бір күніміз әйгілі Алаша хан, Жошы, Домбауылдардың мазарын аралаумен өтті,— “Алаш алаш болғалы, Алаша хан болғалы” — дейтін бір сөз біздің құлағымызда жүретін. Ештен кеш жақсы, өз көзімізбен көрудің сәті енді түсті. Бұл жерде тағы да Серікті тыңдаймыз. Өйткені, “біледі, білген соң сөйлейді”, оның үстіне жоғарыда айттық, осы өңірдің ұңғыл-шұңғылына әбден қанық, кітап та жазған азамат. Оның айтуынша Алаша хан мен Жошы ханның күмбездері ЮНЕСКО-ның қарауына алынған, арнайы қамқорлықтағы ескерткіштер екен.
Біз Алашахан мазар-мавзолейінің ішін де, сыртын да асықпай аралап көрдік. Шын мәнінде өз бойына өнердің барша ұлылығын жинаған асқақ құбылыс. Жошы мазары да сондай. Барлық архитектуралық кескіні сақтала отырып, кейінгі жылдары әжептәуір өңдеуден өткен. Көкке шаншылған көгілдір күмбездері сағымдалған сары далаға айрықша рең беріп тұр. Егер осынау тарихи ескерткіштер Алматы, Астана сияқты қалаларымыздың төрінде тұрса, келімді-кетімді кісіден босағасы босамас еді-ау деп те ойлайсың. Қаншама адам біз құсап таңдай қаға тамсанар еді. Бар айыбы елсіз-күнсіз айдалада “менмұндалап” тұрғаны. Арнайы ғана ат ізін салғандар болмаса, ат-топыр болып, үймелей барып жатқандар жоқтың қасы. Алаша хан мен Жошы кесенесінен кейінгі ат басын тіреген жеріміз атақты Ерден Сандыбайұлының мазары болды. Бұл баяғы Шоқан Уәлихановпен аға сұлтандыққа таласып, шар салуда жеңіп шығатын әйгілі Ерден.
Шоқанның ғалым жиһангездігін мойындап, империяға сіңірген ерен еңбегін бағалаған орыс оқымыстылары, әрине, Ерденді малына ғана сенген сасық бай, надан етіп көрсетуге тырысқан. Әйтпесе, төре тұқымы, шонжар Шыңғыстың баласы, орыс елінің оқалы погонын таққан офицер Шоқанды бәсекеде жеңіп шығу оңай бола қоймаған шығар. Елге сіңірген еңбегі болмаса, ата даңқымен өтіп кетер кісің Ерден емес еді-ау дегенге біз де ден қоямыз. Тіпті өз әкесі Сандыбаймен тұстас Бағаналы билерімен қатарласа барып, айтулы төрт босағаның бірі саналуы да көп нәрсені аңғартпай ма? Жоғарыда айтқан Сабыр Шәріповтың жазбасында: “1860 жылы Ерден Сандыбайұлына Ерден көлінде ас берілгенде Ақмола губерниясы, Торғай облысы, һәм Сырдария облысы түгелімен шақырылған. Бұл асқа 500 үй тігілген, 160 жылқы, 200 қой сойылған. Аттың бас бәйгесі 100 жылқы болған. Екінші атқа 50 жылқы, үшіншіге 30 жылқы, төртіншіге 25 жылқы, 5, 6, 7, 8, 9 аттарға он бес жылқыдан 10, 11, 12, 13, 14, 15 аттарға он жылқыдан, 16-25 аттарға жеті жылқыдан одан соңғы бес атқа бес жылқыдан, өлең айтқан 25 ақын 25 жылқыдан алған. Бұл асқа шыққан шығынның барлығы 620 жылқы, 200 қой...” дейді.
Бұл жақ моланы “там” дейді. Сол Сабыр Шәріпов: “1860 жылы Ерден Сандыбай баласына там салған шығыны 230 жылқы, 1000 қой”,— деп жазады.
Міне, сол Ерденнің моласы (бертінде қайта жөнделген) “сондай да бір ер өткен” — дегенді әйгілеп, өткен-кеткеннің назарын өзіне аударып әлі тұр. Айналасына өз балалары Бименді, Байұлы жерленген. Ағасы Дүзен Сандыбай баласының күмбезі де осы маңда, аралап көрдік.
Біз сол араға азды-кем аялдап, аруақтарға құран бағыштадық. Әркім өз ойымен өзі болып сүт пісіріп үнсіз жүріп те қалдық...
* * *
31 мамыр күні кештете Сәтбаев қаласындағы Жүрсіннің ағасы Аманкелдінің үйіне келіп түстік. Осыған дейін шахтада кенші болып істеп, таяуда зейнетке шыққан екен. Өзі де бір аңқылдап қалған ақжарқын, әзілкеш ақкөңіл азамат болып шықты. Бізді аула сыртынан жарқырай қарсы алды. Алдын-ала хабарласып, күтініп отырса керек, үй маңы әп-сәтте қарақұрым халыққа толып берді. Барын киіп, байлауышын байлап дегендей, кәрі-жасы, үлкен-кіші, бала-шаға болып қауқылдасып жатыр.
Жүрсіннің ағайын арасында сыйымды да сыйлы екенін екі-үш күн бойы көріп келе жатқандай едік, екі туып бір қалған туыстары ішінде шоқтығы тіптен биіктей түсетінін енді аңғардық. Бәрі де бізге жатып жастық, иіліп төсек болып жүр. “Жақыныңды жаттай сыйла..” — дегеннің бір көрінісі осындай-ақ болар деп түйдік іштей. Кең жайылған дастарқады қоршай отырар алдында ол қос қабырғаға қаз-қатар тұрғызып қойып аға-жеңге, апа-жезде, іні мен келін, қарындас пен күйеу дейсің бе, нағашы мен жиен дейсің бе, әйтеуір, 25-30 адамды бізге таныстырып шыққан. Үй иесі Аманкелдіден басқасының есімі есте қалмапты. Бірақ бәрінің де Жүрсінге деген ықылас-пейілі, шынайы туысқандық мейірі көзге ұрып-ақ тұрды. Жүрсін арқылы сол мейірім мен зейін бізге қарай да лықсып атып, шашудай шашырап жатқанын аңғармай қалу мүмкін емес еді.
Келесі күні кешкілік Жезқазғандағы айтысты өткізудің басы-қасында жүрген осы өңірдің қалталы азаматының бірі Бейсеннің үйінде болғанбыз. Астанадан әйелімен Кәкімбек Салықов ағамыз келіпті. Қазақ салтының қазіргі дәстүрі бойынша стол басында бәріміз сөйлеп жатырмыз. Жүрсін сөйлегенде маған қарама-қарсы отырған Сәтбаев қаласының әкімі көзімен жер шұқи күлімдеп, бір қипақтап қалып еді. Іші сезіп отыр екен, Жүрсін оны да орынды қағытып, оңтайы келгенде бір түйреп өтті. Өткен Парламент сайлауында басқалармен бірге осы өңірден Жүрсін де дауысқа түседі ғой. Ел-жұртқа қадірі артық екенін біледі, сенімі зор. Қасына ерткендері де қазақтың ығайлары мен сығайлары. Сонда да жоғарыдан нұсқау алған, қайткенде Жүрсінді өткізбеу жағында болған әлгі әкім Жүрсіннің шашбауын көтеріп жүрген әйгілі әнші Нағима Есқалиеваны кабинетіне кіргізбей қойыпты. Мұхтар Шахановтың “Қасым Аманжоловты (әлде Тайыр Жароковты ма еді?) қабылдамай қойып ем”,— деп мақтанған бір тәртесі қысқа әкім жайлы өлеңі болушы еді, менің есіме сол түскен. Әрі мұндай жағдаятты екі күннің бірінде көріп те жүрміз, “ойланбаған от басар” деп, кешіріммен де қарайтын болып алғанбыз.
Сол Жезқазғанда біздің қатарымызға ақындар Ұлықбек Есдәулет пен Көпен Әмірбек, “Ақбұлақ” санаторийінің директоры Туғанбайлар келіп қосылды. Алматыда бірде қол берісіп, бірде иек қағысып қана амандасып жүретін біз бұл жолы көптен көріспеген туысқанымызды көргендей-ақ мәз-мейрам болып құшақтаса кетіппіз.
* * *
Бағаналы Бабыр бидің құрметіне өткізілген айтыс екі күнге созылды. Қала ортасындағы “Қазақмыстың” ғимараты екі күн бойына адамға лық толумен болды. Айтыста әсіресе Айбек пен Ринат әу дегеннен-ақ қара үзіп шығып, айрықша бір бабында екендіктерін көрсетті. Айтысқа қосылған жүйрік жиырма ақынның ешқайсысы да олардың шаңына ілесе алған жоқ. Бас бәйгелерді де солар қанжығасына байлады. Сара Тоқтамысова да олардан қалыспай келе жатыр еді, бірақ айтысқа төрелік еткен Кәкімбек ағамыз, неге екенін білмедім, басқамыз жағалай “он” деген баға беріп жатқанда бір өзі ғана 8 деген баға берді. Қасында отырған мен: “Мұныңыз қалай?” деп едім, “Сөзі ұнамады”,— деді де қойды. Ұнамаса ұнамаған шығар, әркімнің есебі өз ішінде ғой, деп мен де әрі қарай қазбалап жатпадым. Тек Сараға:
Алдыңда әлі талай теңіз бар да,
Сен жүзіп өтпес деуге негіз бар ма, —
Қамықпа,
Қарап қалған жоқ шығарсың
Кәкімбек ағаң қойған сегіз балға! —
деген бір шумақ өлең жазып, қолына ұстаттым. “Тоғыз балл қойса да болар еді, сегізі жөнсіз-ақ болды”— деді ол да күліп.
* * *
Оншақты күнге созылған сапарымыз аяқталып келе жатты. Дүйсенбі, 4 маусым күні Ұлықбек, Көпен, Туғанбай, Кәкімбектер ұшақпен Алматыға қарай ұшып кетті де, біз өз бағытымыздан жазбай, көлігімізге қайта міндік. Әлдене күн бойына қара көбейтіп, қасымызда жүрген Жарқынбек әлі де езуімізді жиғызар емес. Аузын ашса әзілі төгілумен келеді. Жүрсін екеуі де жезделі-балдыз болып тәжікелесіп бергенде, тек “қай жеңгенің менікі” деп сырттан қарап тұра бер, тілдерін батыра, шайнасып береді. Сол Жарқынбек, Жезқазғаннан ере шыққан басқа да бір қауым ер-азаматтар бізді Шет ауданының шекарасына шейін шығарып салып, кері оралды да, бізді бір топ нөкерімен аудан әкімі Рысбек қарсы алды. Аудан орталығындағы Рысбек үйінен ас ішіп, өзек жалғап алдық та, соларға ілесіп тағы да жолға шықтық. Тағы да 60-70 шақырым жол жүріп келіп өзен бойына тігілген киіз үйлерге келіп түстік. Бұл жерде де әңгіме, ән мен күй ешбір толастаған жоқ. Әйтеуір түн ортасына таяу қалғанда қарасы мол сол азаматтар бізді Балқашқа қарай аттандырып салған.
Жігіттер “жүре берсек қайтеді?” — дегендей қылып еді, мен үлкендігіме бағып, ат басын Балқаштағы “Қазақмыс” қонақүйіне қарай бұрғыздым. Сонда қонып шығып, ертеңінде “Алматы қайдасың” деп аттанып кеттік. Алда әлі де 700-800 шақырым жол жатқан...
* * *
... Бұл жолы біз осынау он шақты күн ішінде көріп, көңілімізге түйгенді ғана қағаз бетіне түсірумен шектеліп отырмыз. Сарыарқаның шалғай бір шетінде жатқан, “ұлттың ұясы” атанған Ұлытау жерінің көбінесе сыртын ғана қызықтап, ішіне үңіле қоймадық. “Қонақ аз отырып, көп сынайды” дегенді біле тұра, сынау жағында болған жоқпыз. Арғысы Алаша ханнан бастап, кейінгі Керей мен Жәнібек, Абылай мен Әбілқайыр, Кенесарыларға дейін ту тіккен, қоныс еткен, Хан Ордасы етіп ұстаған қойны құтты мекеннің бұрынғы сәні мен салтанатын қызықтап кеттік те, бүгінгі мұңы мен мұқтажына бойлап бара алған жоқпыз. Жолшыбайғы байқағаным бойынша болса да, бұл өңірдің әлі де шешімін күтіп, тың жатқан проблемасы да жеткілікті сияқты. Мақсатымыздың өзі де ел танып, жер көру болғандықтан, басқа жағын пайымдай алған жоқпыз.
Қазақстанның қайсыбір қаласына бармаңыз, кіре-беріс қақпадан “Қош келіпсіз!” — деп қарсы алады да, шыға берісінде “Оң сапар болсын!” — деп аттандырып салады.
Міне, біз де он күндік жолдың ақырғы күні Балқаш қаласының бәрімізге оң сапар тілеген ақ тілеу, ақ батасын алып, “Алматым, қайдасың?” — деп аттанып бара жаттық.
Маусым, 2007 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі