Бұл әңгімені маған көп жылдар бойына Алакөл ауданының шаруашылықтарын басқарысқан азаматтардың бірі Сәкен Алпысбаев айтып беріп еді.
Онда, деген ол, менің “Көктұма” совхозының директоры кезім еді. “Ауданға Димаш Ахметұлы Қонаев келеді екен”, — деген хабар дүңк ете түсті де, бәріміз де елеңдесіп, бір дүрлігіп қалғанбыз. Ауданға ат басын тіреген үлкен-кіші лауазымды азаматтардың бәрі дерлік біздің ауылға бір соқпай кетпейтін. Өйткені, Қытаймен шекараға жуық орналасқан совхоздың жүз мыңға жуық қойы, мыңдаған жылқы, түйесі бар үлкен шаруашылық еді де, оның үстіне Алакөл көлінің жағасына таяу орналасқан болатын.
“Дайын бол, деді сол мәселемен мені алдына арнайы шақырған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Күреубай Мәтенбайұлы Мұжықов, мал союға да тура келіп жүре ме, тағы да хабарласармыз, әйтеуір қамсыз қалып жүрме”.
Тағы да бірер күн өткенде бірінші хатшы телефон шалып:“Димекеңдер ертең келеді екен, Ақшиден қайтатын көрінеді. Қазан-ошағыңа өзің ие болып, басы-қасында жүр”, — деп шегелей тапсырып, пысықтап қойды.
Бастық айтса болды, бізде жан қала ма. Жан-жаққа кісі шаптырып, дастарқанға керектің бәрін іздестіріп, әлекке түстік те қалдық. Ақши — біздің совхоздың бөлімшесі, совхоз орталығынан он-он бес шақырым жер. Түнімен ұйықтамай дайындалып алып, таң атпай барымызды киіп, байлауышымызды байлап дегендей, аудан, совхоз атқамінерлері болып, бәріміз де сол жерден табылдық.
Қажет болып қалады-ау деген азық-түлікті тағы бір аудара-төңкере тексеріп шықтық. “Ойбай, арақ-шарап қайда?” — дейді бізбен бірге алашапқын болып жүрген аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Оспанбеков, ол өзі былай да ұшып-қонған дегбірсізбеу кісі еді, қазір тіпті әбіржіп, отқа түсіп кетердей аптығып жүр. “Димекеңдер арақ іше қоймас”, — дегенімізге қарамай, “Кім біледі, қасындағы нөкерлерінің бірі болмаса, бірі сұрап қалар. Қой, мен ұшыртып барып, “Межрай базадан” коньяк пен шампан жеткізе қояйын”, — деді де, алды-артына қарамай келген жағына қарай тағы зытты.
Союға деп семіз бір қойды ала келгенбіз. Масқара болғанда, ішімізде соны сойып бұзып беретін де адам жоқ екен. “Бір сойса Шодыр сояды”, — деген соң көл жағасында тұратын бір аяғы протез балықшы орысқа кісі шаптырдық. Ағаш аяғын сықырлатып Шодыр да келді. Әлгі асау қойды жүк машинасынан түсіріп, соған ұстата бергенбіз. Кенет жаңағы топалаң келгір ытқып бір бергенде, басына ие бола алмай, қасапшымыз да бір жағына қиралаңдай ұшып түскені. Ортекедей орғып, қиян далаға қарай жалғыз лағып қой да кетіп барады. Төрт-бес жігіт “Газикпен” жабыла қуып бердік. Даланың ой-шұқыры көп, машина еркін сілтей алмай, ойлы-қырлы жерлерде омақаса түсе жаздайды. Ішек-қарыннан ештеңе қалар емес. Әй, бір ит әуреге түсе жүріп, өлдім-талдым дегенде әлгі қойды қуып жетіп, машинамен қағып, жығып алдық-ау. “Енді еті ет болмай, жінігіп кетеді-ау!” — деп кейіп жатты жөн білетін жігіттер. Оған бола бас ауыртып қарайлайтын күй қайда, ұзатпай ұстап алғанымыздың өзіне мәз бола дүрдиіп, соны да әлдеқандай көріп, асау қойдың төрт аяғын буып әкеліп ақсақ орыстың қолына ұстаттық-ау ақыры.
Бір кезде теміржол бекетінен бері өте шұбырған машиналар легі де көрінді. Олар ошарыла күтіп тұрған бізге аялдап жатпастан, бірден көл жағасына қарай тартты. Біреулердің: “Димекеңдердің етке қарауға уақыттары жоқ, балық жеп қана аттанады екен”, — деген дүмпуімен жалғыз қазанға төрт-бес сазанды бір-ақ тоғытып, сақырлата қайнатып жатқанымыздың үстіне бірінші хатшы келіп қап: “Бұларың не?” — демесін бе.
“Балық еді, Күрдеке”, — дейміз ғой күмілжіп. “Балығы не, ей, мұның! Қойдың басы қайда?” “Қазір, қазір, бәрі де болады”, — деп шала піскен сазандарды сыпырып тастап, шала үйітілген қойдың басын қазанға қайта тоғыттық. Күрдекең де бұрынғы бар салмағынан айрылған, әлдене ши шығып қала ма деп, сасып-ақ жүр. Шапқылап, тағы да көл жағасындағы басшылар жаққа кете берді. Бір орнында байыз тауып тұра алар емес.
Сол кезде “Межрай базаға” арақ-шарап іздеп кеткен Оспанбековтің де қарасы көрінді-ау. Көл жағасындағы қара шоғырды көріп, бір дорба шампан-шарабын салдыр-гүлдір еткізе ол да солай қарай жүгіріп бергенін көріп, бұл жақтан ойбайлап біз шығайық. “Қайда бара жатырсыз?” — деп. Ол да сасқалақтап, өң-түс жоқ, жүзі шаңытып алған, біресе бізге, біресе көл маңындағыларға қарайды, қалай қарай жүгірерін білмей алақтай береді. Әупіріммен жүріп, дастарқан жасап жатқан үйге сүйрелеп жүріп әзер алып кірдік-ау. Үріккен жылқыны алдынан шығып қайырғандай күйдеміз.
Бәрімізді осыншалық әуре-сарсаңға салып қойған меймандарымыз да бір кезде бері бұрылды-ау. Дастарқан басына отыра бере Димекең алдымен қымыз сұрамаса болар ма. “Қымыз бар ма еді?” — деп күбір етті маған Күрдекең. “Ауылға машина жіберіп едік, әлі келмей жатқаны!” — деймін мен жыларман болып. Жолда бірдеңеге ұшырады ма, әйтеуір ертесін қымызға жұмсаған адамдарым кешігіп жатқан. “Ит екенсің ғой!” — деп күңк етті тағы Күрдекең. Тісін шықырлата тағы бірауыз боқауыз айтып жіберді-ау деймін. Бұрын ол кісінің аузынан мұндай өрескел сөз шықпайтын. Тұйық адамның ашуы жаман бола ма, болмаса шынымен-ақ қатты қысылды ма, өзі де қап-қара боп түтігіп алыпты. Жүгіріп далаға шықтым, қымызға жіберген машинаның да қарасы көрінген екен, төрт-бесеуміз соның алдынан далақтап жүгіріп барамыз. Айдалаға машинаны тоқтата салып, сабадағы қымызды жаңағы төрт-бесеуміз қолдаса көтеріп, үйге қарай құйындай ұштық. “Сасқан үйрек артымен сүңгидінің” кері емей немене, өзімізді машинадан да жүйрікпіз деп ойласақ керек.
Димекең ешқандай сыр берген жоқ, данышпан адам ғой. Біздің әбіржіп, әбігерге түсіп жүргенімізді іші сезбеді дейсіз бе. Бірер кесе қымыз ішті де: “Ал, жүрейік!” — деп серіктерін ерте орнынан көтерілді. Дүр етіп біз де ілестік.
Зу-зу еткен сүлік қара машиналар бір бел асып, көзден таса болғанша соңдарынан қарап тұрып, қыр асып кеткенде барып: “Уһ!” — деп сыртқа дем шығардық-ау.
Ішіміздегі жасы үлкеніміз осындағы балық комбинатының директоры Нұрғалиев деген азамат еді, сол кісі үйге бізді бастап кірді де: “Қайтқан малда қайыр бар, ақыры әлгі асау қойдың еті өзімізге бұйырды-ау, ал әкеліңдер ортаға!” — деп бұйырды.
Ұсынған басты алдына алып, бір құлағын кесе бергенде сатырлап кеп жаңбыр жауды да, сырттан жүгіре кірген жігіттердің бірі: “Жаңағы кісілердің машинасы мына белдің астында батпақтап қалды, милиционерлер жабылып шығара алмай жатыр!” — десін ентігіп. Нұрғалиев ағамыз селк ете түсті де, кесілген құлақты орнына қайта қондырып, түр-түсі боп-боз бола төрден төменге бір-ақ секірді.
Сол екі арада тағы бір жігіт: “Шықты машиналары, жүріп кетті!” — деген хабар жеткізді. Нұрғалиев ағамыз да төрдегі орнына қарай ілби жылжыды. Бірақ енді тартылған басқа бірден шап бермей, әлдене күткендей, сыртқа құлағын тіге едәуір үнсіз отырып қалды.
... Сол оқиға еске түссе қазір ғой, күлкімізді тия алмай қаламыз. Ол кезде күлкі қайда, сол бір күннің ішінде бәріміз де бес, он килоға арықтап, жіптіктей болып шыға келген шығармыз-ау. Мінеки, қазақы мінез-құлықтың бір көрінісі осындай еді. Енді... осыған күлермісің, жылармысың?..
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі