Он жылға жуық біздің ауданды басқарған Күрдеубай Мәтенбайұлы Мұжықов деген кісі болып еді. Орта бойлы, дене бітімі толықтау, мығым келген, өзі де, сөзі де салмақты адам болатын. Кескін-келбеті келіскен қызыл-күрең жүзінен қашан болсын беймәлім бір кісілік белгісі аңғарылып тұратын. Болмыс-бітімінде сестен гөрі өзіне деген сенімі мол сияқты көрінетін, содан да болар, әлде бірінші хатшының мысы баса ма, жұрттың бәрі оның алдында имене сөйлеп, жасқанып жүретіндей еді.
Бір күні сол Күрдекең (сыртынан бәріміз де ол кісіні құрметтеп осылай атайтынбыз) аудандық газетте істеп жүрген Қастек Баянбаев екеумізді өзіне шақыртты.
Бұл — 1963 жыл еді. Біздің де сол жиырма бес — жиырма алтыдағы кезіміз. Аудандық газеттің редакторы, өзіміздің тікелей бастығымыз Қайыпберген Рысбеков қабағын түйе отырып: “Сендерді Мұжықов шақырып жатыр, тез барыңдар!” — дегенде, тағы бірдеңе бүлдіріп қойдық па деп бүйрегімнің бүлк ете түскені бар-тын.
Қастек сыр алдыра қойған жоқ. Ол қашанда осылай, ішін аша қоймайды. Төңірегінің бәріне менсінбей қарайтын маңғаз, тәкаппар. Мен оған қарағанда елпілдекпін, кімнің болса да көңілін қалдырмауға тырысып, екі өкпемді қолыма ала жүгіріп-ақ жүретінім бар. Кейде сол мінезімнен орға да құлай жаздап, опық жеп те қалатын кездерім болып тұрады.
Жаңағы: “Мұжықов шақырып жатыр!” — деген жарлықты естігенде бүйрегімнің бүлк ете түсуінің де өзіндік себебі жоқ емес еді. Осыдан сәл бұрын ғана ол кісінің алдында болып, терлеп-тепшіп шыққанмын. Оған да себеп болған сол баяғы өзімнің елгезек, көрсеқызарлау, қызбалау мінезім еді.
Кешкілік қатарлас жүретін екі-үш жігіт болып, жанқалтамызда бірер шөлмек шампанымыз бар, аудан орталығындағы асханаға кіргенбіз. Ол кездегі үлкен-кіші демей жұрттың бәрі бас сұғатын жалғыз ғана қоғамдық тамақтану орны сол жер еді. Бір столдың басына дөңгелене жайғасып, қайнар бұлақтай бұрқылдаған ақ көбік шампанның тығынын аспанға атып жатырмыз. Бізге таяу келесі бір столда қалаша киінген, кескін-келбеттері де біздің ауылдың қыздарынан өзгешелеу екі бойжеткен отыр екен. “Қыздар, бізге қосылмайсыздар ма, бірге отырайық”,— деп соларға тіл қатпаймын ба, өзім де қарап отырмай. Олар жауап бере қоймаған соң, қастарына барып та, өзімше джентельмендік жасап, жалынған боп жатырмын ғой. Ал мына қыздар міз бағар емес, сол сірескен беттерімен орындарынан тұрып, сыпайы бас изесудің ишарасын жасады да есікке беттеді. Бетіме келер кім бар деп жерге сыймай жүретін жиырма бестегі кезіміз. Бейтаныс қыздардың көпе-көрнеу көзге ілмей, жік-жапар болғаныма да қарамастан менсінбей кеткендеріне жүнім жығылмаса да, “жыным” келіп: “Әй, қыздар-ай, осы қылықтарыңа әлі-ақ өкінетін боласыңдар ғой!” — деп соңдарынан дауыстай сөйлеген қалпымда, сол жерде сомпиып қала берген едім.
Сүрбойдақ жігіттерміз. Біз ғана емес, сұлу қыздардың өздері де бізді көрсе қылмыңдай қалып, күлмеңдей түсіп тұрар еді.
Ертесіне кеңседегі стол басында қауырт бір жұмыспен отыр едім. Танауымнан шаншылып, жан-жағыма қарауға да мұршам болмай жатқан. Тынымсыз ашылып-жабылған есік жаққа да бұрылып қоймаппын.
Редакцияның жауапты хатшысы болып істейтін Серік деген жігіт келіп:
— Сәкен, сені облыстық комсомол комитетінің хатшысы Ахметова (аты-жөнін толық айтты-ау деймін, фамилиясы — осы, атын ұмытып қалыппын) неғып іздеп жүр? Сенің де кабинетіңе бір кіріп шықты, байқамадың ғой деймін,— деп тұр.
— Е-е, қыз іздесе — жаман ба, бәлкім ғашық болып қалған шығар,— деймін мен де керіліп-созылып.
Ойымда ештеңе жоқ, қаперсіз едім.
— Аудандық комсомол конференциясы болады ғой, соған келіпті,— деп Серік тағы пысықтап қойды.
Мен де комсомол комитетінің пленум мүшесімін, конференция делегаты да едім. “Е, бопты!”— дедім де, жайбарақат қала бергенмін.Тура сол сәтте аудандық партия комитетінен телефон шалып, Күрдекеңнің мені өзіне тығыз шақыртып жатқанын хабарласын. Ойымда дәнеңе жоқ, таяқ тастам жер, жетіп-ақ бардым. Бірінші хатшының кабинетінде бұрын да бірер рет болғаным бар, білемін.
Күрдекеңнің қабағы сұсты екен, қол берген жоқ. Қарсысындағы қос креслоның біреуін иегімен нұсқап: “Отыр!”— деді.
Отырдым. Күрдекең сол бір қабағынан қар жауа қатуланған қалпында:
— Что ты натворил? — деп сұрақты орысша қойып, тықсырып ала жөнелгені.
Ішім қылп ете қалды. “Е, бәсе! Таң атпай мені неғып іздеп жүр десем, ол қыздардың соңында осындай пәлесі бар ма еді” — дегенді лезде ойлап үлгердім де:
— Күрдеубай Мәтенбайұлы, бәрін де ішім біліп тұр. Өзім-ақ сізге ештеңесін бүкпей, түгін жасырмай түгел айтайыншы, тыңдаңызшы!— деп жатырмын.
Күрдекең бас изеді. Мен де ағымнан жарыла ақтала кеттім. Ештеңені жасырған жоқпын. Болған істі болғанынша шып-шырғасыз түгел айттым. “Бар болғаны — әдемі қыздар екен өздері, қалжыңдасып, танысқым келгені рас еді”,— деп бітірдім сөзімді.
Күрдекеңнің жүзі жылиын деді. Менің соңғы сөзіме тіпті жымиғандай да болды.
— Маған келіп-кетті ол қыздар. Бірі облыстық комсомол комитетінің хатшысы, екіншісі сондағы тағы бір лауазымы үлкен қызметкер қыз көрінеді. “Сіздің ауданда базбұзарлар көп екен, тіпті өзін-өзі интеллигентке балайтын редакция қызметкері Сәкен Иманасов деген жігіт, арақ ішіп, асханада жүреді екен. Кіріп-шыққан адамдарға соқтығып, мазаларын алатын көрінеді, көзімізбен көрдік,— дейді.
— Мен сенімен сөйлесуге, қыздардың айтқаны рас болса, сазайыңды беруге уәде етіп едім. Қасыңдағылар кім еді?
Мен сәл тосылып барып, ақыры адалына кеттік қой, енді несін жасырайын дедім де, қасымда болған жігіттердің аттарын жіпке тізе түгел атап бердім. Олардың бәрі де жас та болса жақсы істерімен, өнеге-үлгісімен көзге түсіп жүрген, ауданның бетке ұстар дерлік белсенді азаматтары еді.
— Жарайды, бара бер,— деді Күрдекең. — Тек ендігәрі көлденең көк аттыға соқтықпай, жайыңа жүретін бол.
Күрдекеңнің ашуланған кезде орысшаға басып жіберіп, көңілі түскенде майын тамыза таза қазақша сөйлейтінін ел аузынан естіп-біліп жүруші едім. Кейін, араласа келе оған өзімнің де көзім әбден жете түскен.
... Енді міне, бір редакцияда қызмет істейтін Қастек Баянбаев екеумізді қосарлап шақырып отыр. Бұл да тегін емес-ау дегендей, іште әлдене бір күдік те бар. Бірақ жуық арада бүлдіре қойған да ештеңеміз жоқ сияқты. Неде болса бара көрейік деп, айтылған уақытында жүрексіне барып, сол кісінің алдынан табылғанбыз.
Күрдекеңнің жүзі жылы екен. Бізді жайдары жымиып қарсы алды да, қарсы алдындағы ақ дәкемен тысталған кең қолтық жұмсақ орындықтарға теңдей бөліп отырғызды. Хал-күй сұрады, одан-бұдан әңгіме қозғады. Ол кезде мұндай жайма-шуақ әңгіменің де артында тағы не бар деп қипақтап отыратын әдетіміз болушы еді. Біздікі сол жағдай. Бірақ хатшының үнінде зіл жоқ еді, ағынан жарылып отырғаны аңғарылады.
— Екеуіңді әдейі шақыртып отырмын. Жазғандарыңды оқып жүремін, ұнайсыңдар,— деп, әжептәуір көпшік қоя сөйлеп, әріден орағытып келді де, кенет маған бұрылып: “Сәкен, сені жұрт тәкаппар, тіпті бюрократ деп жүр. Мына өзіңдей Қастекке қарашы. Сып-сыпайы. Әріптессіңдер, дос-жар жігіттер көрінесіңдер, осы Қастектен үлгі алмаймысың”,— деп бір тоқталды.
“Иә”,— деп бас изей салуыма да болар еді, бірақ мен:
— Апыр-ай, Күрдеубай Мәтенбаевич, менің қай жерімде бюрократтық тұр. Бюроктарыңыз осы Қастектің өзі емес пе, міне, осы отырған түріне де қараңызшы, тырсияды да отырады ғой,— деп шыр-пырым шыққаны.
Қастекті білмедім, сөзін бөліп, қарсы шыққанымды Күрдекең жаратпай қалды. Жүзі күреңітіп, қатая түсті де:
— Осыларды айтуға шақырым едім. Естеріңде жүрсін, ал сау-саламат болыңдар, — деп бізді қатқылдау үнмен шығарып салды.
Аупартком есігінен сыртқа шыға Қастегімнің де талағы тас айрылсын:
— Осы сенің менде нең бар, ей? Мені қоспасаң сөзіңнің дәмі кірмей ме? Өз жөніңді біліп, тыныш неге отырмайсың?!— деп дүрсе қоя берді.
Бірдеңе деп уәж айтпақ едім, әрі қарай тыңдамай, қолын бір сілтеді де, ол да жөніне кете берген.
Күрдекең 1968 жылы денсаулығына байланысты деп (әйтеуір партия конференциясында солай айтылды) облыстық партия комитетіне қызметке ауысты, партиялық комиссияның (сондай да бір лауазым түрі болған) төрағасы болып. Сол қызметінде жүргенде де мені арнайы шақырып алып, бірер рет әңгімелескені бар.
— Сәкен, бұл жаңа жер, жаңа орта. Әр сөз, әрбір әрекетіңе абай болуың керек. Сенің аузыңнан шыққан кез-келген сөз Иманасовтың жеке пікірі емес, облпарткомның сөзі болып қабылданады. Осыны есіңде сақта. Алакөлдегідей бірде ұрсып, бірде ақыл айтып жүретін Мұжықов енді табыла қоймас, өзіңе өзің мығым болмасаң болмайды. Самоконтроль деген болады,соны ұмытпа,— деп еді ағалықпен. Сірә, менің құлықсыздау тыңдап отырғанымды сезіп қалды ма, сөз аяғын әдеттегісінше орысша аяқтап еді.
Тағы бірде облыстық комсомол комитетінің 40 жылдық па, әлде 50 жылдық па, мерекелік пленумы бола қалды да, соған мен де шақырылған едім. Сәл кешігіп қалыппын. Күн ыстық еді. Облыс орталығындағы Мәдениет сарайында өтіп жатқан жиынға пенжегімді иығыма желбегей жамыла салып, жұрт соңынан кіргенмін. Мен кіре бере оркестр әйгілі “Интернационалды” құйқылжыта ойнап қоя берді де, елдің бәрі орындарынан тұрды. Мен де соларға қосылып көппен қатарласа қалғанмын.
Үзіліс кезінде мені Күрдекең іздеп тауып, ымдап қана қасына шақырып алды да:
— Сәкен, партия гимні орындалып жатқанда сен неге пенжегіңді желбегей жамылып тұрасың? — деді жүзі күреңіте қалып.
— Аға, мен... үлгермей,— деп, әлденені міңгірледім-ау деймін. Әлде әзілдедім бе екен, анығын айта алмаймын.
Қасымызға келіп, қалжыңдаспақ болған тағы біреулердің орынсыз килігуін де, менің жауабымды да жаратпай қалған Күрдекең басқа сөз айтпастан қабағын түйе кілт бұрылып кете беріп еді.
Сол кезде ме, әлде одан сәл кейінірек пе, есімде жоқ, бірде осы өңірге белгілі азамат, бойының ұзындығына байланысты үлкен-кішінің бәрі “полтора қазақ” деп атайтын Сейдеш Мұқаметшинмен әңгімелесіп отырып сол Күрдекең:
— Осы біздің Сәкеннің партияға дегенде емешегі үзіле қоймайды-ау деймін, қысқасы, байқаймын, у него к партии душа не лежит, — депті мен туралы. Сол сөзін Сейдеш те бүкпесіз ғана ешбір өзгеріссіз маған айтып келіп еді. Өтірік десе, көзі тірі ғой, өзі айтсын.
Күрдекеңнің өзі болса коммунистік партияға жан-тәнімен шексіз берілген адам екендігінде сөз жоқ еді. Көп ішінде өзін-өзі ұстауы, салмақты мінезінен бе, бізге сол 1963 жылдардың өзінде егде тартып қалған мосқал адамзат болып көрінетін Күрдекеңдер сонда бар-жоғы отыз бес-отыз алты жастағы жігіт екен-ау! Бізден бар болғаны он жастай ғана үлкендігі бар екен.
Жарықтық жақсы адам еді, елуге де толмай, жүрек талмасынан қайтыс болып кетті...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі