Сағи ағамыз, Жиенбаевты айтамын, иі жұмсақ, мінезі жайлы, үлкен-кішіге бірдей жұғымды, сырбаз да сылаң, сыптығыр жігіт болатын. Өзі сол бір қартайып та үлгермеген қалпында, алпыс жасқа толар-толмаста өмірден өтіп кете берді де, көбіміздің көңілімізде баяғы жап-жас, сері де серке жігіт болып қала беріп еді. Қаншама ашуланып тұрғанда да басы артық сөз, балағатқа бармайтын. “Өй, тұқымы құрсын!” — дейтін еді әлденені ұнатпай қалғанда бар болғаны.
Бірде сол Сағи, қасында Қызылорда жақтан астанаға жиі келіп тұратын Нәсір Сералиев досы бар, екеуі өрімдей екі жас қызбен танысады ғой. Бәлки, жас келіншектер шығар, о жағын мен анық білмеймін. Әйтеуір, солармен біраз қыдырыстап келіп, бір-бірден өздеріне икемдей иемденіп, Нәсір түскен “Алматы” қонақүйінің люкс-нөміріне шақырады білем.
Әзіл-қалжың, еркін сұхбат үстінде біраз отырса керек. Қыздардың да (бәлки, келіншектер болар) беттері ашылайын деп, көкелерінің мойындарына асылып, едәуір еркінси бастайды. Ол кезде дүние қат та, қаржы тапшы. Оның үстіне:
Азырақ еңбек етіп ақша тапсақ,
“Метроға” кіреміз әуел бастап.
Қалғанын қатын-қызға беріп салып
“Ақша жоқ” — деп жүреміз он күн қақсап,
— деп Қасым Аманжолов ағамыз жазғандай, “күніне жүзді беріп, мыңды алса да”, “қалталарының түбі тесік, байып көрмеген” сері-селтең ақындар емес пе. Алдарындағы ішіп-жем таусылып, қонақүй буфетінен арақ-шарап алайын десе, ресторан бағасымен екі есе артығымен төлеу керек екен, қыздарды (бәлки, келіншектерді шығар) әлдене сылтаумен бөлмеде қалдырып, екі сері сол маңға жақын орналасқан “Астаналық” аталатын үлкен дүкенге тартады. Қалталарын қаға жүре, енді қайтып жүгіріп жүрмес үшін керек-жарақтарын артығымен алып, гастрономнан шыға бергенде арыстанның жалындай бұйра шашын желбіретіп, басын желкесіне сала шалқақ ұстап келе жатқан Тахауи Ахтанов ағаларымен бетпе-бет кездесіп қалады. Тахаңды екеуі де қатты сыйлап, қадірлейтіні белгілі. Інілеріне келгенде Тахаңның да беделі үстем, сөзі өтімді. Есік көзінде бірін-бірі қия алмай, сәл-пәл тұрып қалса керек.
Екі сері сасайын дейді. Әлгінде ғана танысып, оңаша бөлмеде уақытша “қалған” қыздар (әлде келіншектер) анау, қимас, сыйлас ағалары мынау.
— Қайдан жүрсіңдер, қайда бара жатырсыңдар? — деп сұрайды Тахаң.
— Мына Нәсір бүгін келіп, “Алматы” қонақүйіне түсіп еді, бір меймандары бар екен, соларға бара жатыр едік, — деп Сағи мәймөңкелейді.
— Екі қолым алдыма сыймай мен де зерігіп жүр едім, жақсы болды ғой, сендермен бірге барайын, — дейді Тахаң. “Қой, бармайсың” — деуге тіл қайда, екі жігіт бір-біріне қарап, ағаларына бастарын шұлғи: “Жүріңіз, Таха!” — демей ме.
Тахаң деген де әңгіме айтудан алдына жал салмайтын, кезінде жазушылар арасындағы “жеті мылжыңның” бірі атанған әйгілі шешен. Атағы жер жарады, өзі де қоладан құйғандай көрікті де келбетті адам. Әйелдерді аузына қарата бірден үйіріп алып кете берсе керек.
Енді бесеуі болып, тағы біраз сілтеседі. Әлгі артығымен алдық деген шөлмектердің түбі тағы көрінуге айналады. “Таха, өзіңіз құтқармасаңыз, біз таусылдық”, — деп, ағаларын оңашалай жүріп, қалтасын қақтырып, қотарып алған екі інісі тағы да дүкенге жүгіреді...
Сүт пісірім уақытта ентіге жеткен екеуі есіктен енгенде, Тахаң әбден “болып алған”, екі келіншектің (әлде қыздардың) ортасынды шалқая түсіп, әңгімені соғып әлі отыр екен. Әйелдердің әукелері салбырай ағаларына қарай ентелей түскендерінен секем алған Сағи:
— Таха, сіздерді таныстырып та қоймаппыз-ау, мынау Нәсірдің үйіндегі, ал мынау біздің үйдегі келініңіз болады, — деп қайсысы кімнің еншісі екендігін білдіруге асығып, өз үлесіндегіні өзіне қарай икемдейін десе Тахаң:
— Тәйт әрі, қайдағыны шығармай. Нәсір өзі білсін, ал мына қарағым саған уже жеңге болып қалған, — деп, қызды бауырына тарта беріпті.
... Әркім-әркімнен естіп, өңі айналып бара жатқан осы оқиғаны “дұрысы қалай болып еді?” деп, Сағи көкемнің өзінен сұрағанымда, дәл осы мен әңгімелеп отырған қалпында шып-шырғасыз айтып бергені бар-тұғын.
Мен соны ғана жеткізіп отырмын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі