"Ленишніл жас" ("Жас алаш") газеті редакциясында істеп жүрген жерімнен аяқ асты әлдене себеппен елге кетіп қалып, орталау бір мектепке мұғалім болып орналасқаным сол еді, жас журналистердің қамқоршысындай көрінетін Кәкімжан Қазыбаевтың телефоны іздеп тауып алды. Ол кісі "Жетісу" газетінде редактордың орынбасары болатын. "Сәкен, — деді Кәкең, — бізде партотделде бір орын бар еді, соған келуте қалайсың?" "Ой, рахмет, аға, — деп жатырмын. — Алматыдан келе салып жұмысқа кіріскенім осы, шошаңдап қайта қайтам ба? Биылша осында болып көрейін". — "Өзің біл, — деді Кәкең, — сені "Лениншіл жасқа" ренжіп кетті ме деп, бізде орын болып қалған соң..."
Сол "Жетісу" дәмі бірер жылдан соң меншікті тілші болу арқылы бұйырды. Алакөл, Андреев, Сарқант аудандары бойынша тілші болып жүрген Қастек Баянбаев Алматыға, редакция аппаратына шақырылды да, орнына мен қалатын болдым. Алдын ала редакция басшыларымен келісім бар. Бірақ...
Мен аудандық газетте едім. Сол тұста ауыл шаруашылығы жұмысшыларының үлкен бір тобы орден, медальдармен марапатталып жатты да, мен "Ірбітжан орден алған жоқ" деген очерк жаздым. Өзімше журналистік тапқырлығым деп, Ірбітжан деген қойшы орден алған жоқ, бірақ наградталғандардың көбінен ілгері дегенді айтпақпын ғой. Оның үстіне, "құланның қасынуына мылтықтың басуы" деп келіп, аудандық газет редакторының міндетін атқарушы болып аз күнге қалдым да, кадрларды орналастырудағы келеңсіздіктер төңірегінде ой толғап, "Партия тұрмысы" айдарымен "Қызым, саған айтамын" деген мақала жазып, өзім шығарушы болып қол қойып отырған газетке бастырдым да жібердім. Осының бәрі аудан басшыларының шамына тиіп, талағы тарс айырылғандай болды. Біршама ырду-дырдуға айналды. Аупарткомның бірінші хатшысы Күрдеубай Мәтенбайұлы Мұжықов аса ақылды кісі еді. Алдымен "жер-жебіріме жете" ұрсып алды да: "Сені "Жетісуға" жібере алмаймыз. Редакторлыққа да қалдырмаймыз. Өз обалың өзіңе. Біраз күнде бюрода қарайтын боламыз", — деп кабинетінен қуып шықты. Мен "Жетісудың" бас редакторы Әбдуәли Қарағұлов ағама телефон соғайын, "ойбай, ара түсіңіз, осылай да осылай" деп.
Ол кісі: "Әлгі газеттердің бір-бір данасын маған жіберші, өзім оқып көрейін, содан кейін Мұжықовпен сөйлесейін", — деді.
Енді бірер күннен кейін бірінші хатшының кабинетіне қайта шақырылдым. Кабинетте бірінші хатшыдан басқа ақ шаштылау тағы бір кісі отыр екен. Алдында қызыл қарындашпен айқыш-ұйқыш сызылған мен жазған мақалалар жатыр.
— Ә, осы жігіт пе? — деп о кісі менімен жылы да биязы амандасты, — Жас екенсің ғой, — деп қойды да, Күрдекеңе қарап: — Бюроға жеткізбей-ақ қойыңдар. Жас жігіт өз қателігін түсінді білем. Солай ма? — деді. Бас изеп, құптағаннан басқа амалым қалған жоқ.
Бұл Алматы обкомының идеология жөніндегі хатшысы Әнуар Кәкімжанов болып шықты.
Мен енді Алматыға Әбекеңе (Қарағұлов) тартайын. О кісі де мақалаларымды сызып оқыпты. Әжептеуір күліп алды да:
— Сәкен, мен қаншама жыл баспасөз басшылығында келем, мынадай мақаланы баспаған болар едім. Оның үстіне, аудандық партия комитетінің өз газетінде өзін сынау деген, әй, білмеймің, бұрын-соңды болмаған шығар. Жә, сен, қайта бер, ертең пленум еді, Күрдекеңмен кезігіп, мен өзім сөйлесіп көрейін, — деп мені шығарып салды.
Осы кезде біздің ауылға қаңғалақтап жазушы Баймұқамбет Тоқтаров келе қалды. Күрдекеңмен жақын дос-жарлығы бар екен. Мені ертіп кіріп, аупартком хатшысына біраз ауыр сөз айтты. "Сен бір рет бөгет болғанда жас қыран ұшпай, ұяда қала береді деп пе едің!" — дегенге дейін барған соң, мен шығып кеткем.
Араға күн салмай, Күрдекең шақырып алды да: "Ал жақсы, "Жетісуға" меншікті тілші болдың". Бірақ өзім білемге салынбай, бізбен санасып жұмыс істе!" — деп тапсырды.
"Жетісу" газетінің меншікті тілшілігіне осындай біраз шырғалаңнан өтіп барып келген соң ба, кім білсін, аппараттағы жігіттердің тапсырмасын екі етпей, елпілдеп қызмет жасауға тырыстым. Бірақ маған редакциядағылардың бәрі бастық, күніне бірнеше рет телефон соғып, біреуі "ананы жаз", біреуі "мынаны жаз" деп дігірлейді де жатады. Үш ауданның жерін аралауым керек Аралары 100-150 шақырым. Күн сайын материал жіберіп тұрсам да, газет те бір комбайн сияқты неме екен, "болды, бітті" демейді, тапсырманы береді дейсің-ай кеп.
Бір күні редактордың орынбасары Кәкімжан Қазыбаевқа телефон соғуға мәжбүр болдым. "Ата, мен қайсысына үлгерем, бірінің тапсырмасын орындай бастасам, екіншісі: "Ойбай, оны таста, мынаны жазып жібер", — дейді келіп. Қалай болады өзі?" — деп шағым айттым.
Кәкең күліп: "Жігіттердің ондайы бар. Сен бәрін тыңдай бермей, өзің бір алға жоспар жаса да, Тасемен ағаңа жіберіп, редакция алқасында бекіттіріп ал. Сонда жұмысың өнімді де, өзіңе тиімді де болады", — деп уәж айтты.
Сөйттім.
Оның да оғаш жағы бар екен. Тапсырма бергенде бұрынғыдай "жәрәкімалла" дей қоймадың деп, өзім құралпы жігіттер бұртыңдайды, бұрынғыдай ала шапқын болып жүгірмегенсін, өзім де арқаны кеңге салып, жалқаулана түстім.
Редакциядағы жігіттер қызық. Ұдайы ғана сын мақалалар сұрайды. Мал қыстату науқанынан, көктем егісіне дайындықтан, орақ кезінен тездеп өткір сын керек деп дегбіріңді алып бітеді. Күнде көріп жүрген, дәм-тұздас ауыл азаматтарының көздерін бақырайтып қойып қалай сынарсың. Оның үстіне, аупартком хатшысы Күрдеубай Мәтенбайұлы Мұжықов менің жұмысымды қалт жібермей қадағалап отыратын болып алған. Әлгіндей сынның бір ұшы сол кісіге де тиіп кетпес жағын ойламай және болмайды. Партия комитетінің бюро мәжілісіне ұдайы қатыстырып, бюродан шығысымен мені жалғыз машинасына отырғызып алып, кейде қызылша плантациясын, кейде шөпшілерді аралап кетеді. Ол кісі кейіген тұстарда мен де іс байыбына үңіле түсіп, өз пайымдауларымды қағазға түсіріп қоямын. Істің ығытын тапқандарға риза болған кездерін де қалағалай жүрем. Кейін сол ыңғайда сын не мадақтау тұрғысынан жазылған мақаламды оқып, маған қарап күліп қана қоятын болды. Келе-келе ағалы-інілі адамдай тіл табысып, достасып кеттік.
Өзім тілші болып жүрген кезде редакция басшылары тарапынан кілең бір ішке тарту, қамқорлық, жылылық қана көріппін. Редактор Әбдуали Қарағұлов та, оның орынбасары Кәкімжан Қазыбаев, Сарбас Ақтаев бізді ауылда тұратын тілші екен деп қомсынбай, оқта-текте редакцияға келгенде тең тұта сөйлесіп, жөн-жоралғы көрсетіп, бағыт беріп, бағдар сілтеп отыратын еді.
Мен үйленген кезде Сарбас бастаған екі-үш адам Алматыдан арнайы келіп, той өткізіп қайтқан болатын.
Бірде тілшілердің жиналысына шақырылдым. Аппаратта бір аптадай қызмет істеп, басшылармен қоштасып шығайын деп, алдымен Әбекеңе (бас редактор) кірдім.
— Қабағың салыңқы ғой, жай ма? — деп сұрады сұңғылалығы басым Әбекең.
Соның алдында "Жазушы" баспасының жоспарында тұрған кезекті бір кітабымның жайын білейін деп поэзия редакциясынын меңгерушісі, аты дүрілдеп тұрған ақын ағам Ғафу Қайырбековке жолыққан едім.
— Сәкенжан, сен ренжіме, кітабың жоспардан сызылып қалып тұр. Келесі жылы болмаса, — деп Ғафаң шарасыздық танытқан.
Жыл бойы аңсай күтіп жүрген дүниеңнің ойламаған жердей аяқ асты болғанына, әрине, ұнжырғаң түседі той енді. Қабақ қатты болмай қайтсін. Әбекеңе соны айттым.
"Отыра тұр", — деп маған диванды нұсқады да, өзі телефонды алып, аржағындағы адамға:
— Бізде тілші болып Сәкен Иманасов деген ақын жігіт істейді. Соның "Жазушыдағы" кітабы тақырыптық жоспардан түсіп қалыпты. Көмегің керек болып тұр. Күтем! — деді де, маған бұрылып: — Бұл Орталық Комитеттегі Өтебай Қанахин, дейтін жігіт. Менің сөзімді жерте тастамайды. Қазір хабарласады, — дегенді қосып қойды.
Сөйткенше телефон шыр етіп қоя берді. Сәл тыңдап алып Әбекең маған қарады да:
— "Жазушы" баспасының директоры Ілияс Есенберлинге бар. Қалғанын өзі айтар. Кітабың шығатын сияқты, — деді де, қолымды алып қоштасып, шығарып салды.
Жазған құлда шаршау жоқ. Салып ұрып баспаға жеттім. Есенберлинді алғаш көруім еді. Аты-жөнімді айтқан соң, баспаның бас редакторы Аманжол Шамкеновті, Ғафу Қайырбековті шақырып алды да, кітабымды қайтадан жоспарға енгізіп, сол жылы шығарып та берді.
Өз қарамағыңда істейтін жас адамға осыншама қамқорлық жасай білетін ағалар-ай десеңші! Сол қамқорлықтың қарымын қайтара алмай, біз де қартайып барамыз, не керек!
Талдықорған өз алдына облыс болып тұрғанда "Советтік Жетісу" дейтін газет шығатын еді. Оның басында да Ғалым Мұхаметжанов, Нияз Сыздықов, Әукен Жайлаубеков, Әділбек Абайділданов сияқты жас қаламгерлерге ыждаһатпен аялай қарайтын адамдар болды. Осы газет (кейін "Жетісу") біз үшін тұтас бір өмірлік өнер ұштау мектебі болды. Сайын Мұратбеков, Қастек Баянбаев, Тұрсынзада Есімжанов, Ұзақбай Доспанбетов, Қанипа Бұғыбаева, Бексұлтан Нұржекеев секілді қаламгерлердің бәрі тырнақалды дүниелерін алдымен осы газеттер бетінен оқыды, ілгерілеп, биіктей ұшуымызға да бірден бір демеуші болған осы газеттер еді.
"Жетісу" газетінің ұжымына әкелерің, ағаларың салған сол дәстүрді жалғастыра беріңдер дегім келеді.
Өзім осында тілші болған жылдарымды мақтанышпен еске алып, айналама айта жүретін адаммын.
Бұл мақала «Жетісу» газетінің 70 жылдығына орай, арнай тапсырмамен жазылып еді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі