1.
"Талапкердегі" бастауыш мектепті тәмәмдағаннан кейін, тұрмыстық әлдене себептермен бірер жыл оқудан қол үзіп қала бердім де, Абай атындағы орта мектептің бесінші класына өз құрбыларымнан едәуір кешеуілдеп барған болатынмын. Жас жағынан менен сәл үлкен Ахмет Нұрғазин, менімен қатарлас Дәулетхан, одан кейін Сембай Байзақов, Мұрат Сибағатовтар бары есімде, қалғандары кілең бір әлі "бесіктен белі шықпаған" дерліктей үпір-шүпір бүлдіршін қыздар мен балалар еді. Жаңа келген балаға сұқтана қадалатын ескі әдетпен, бойы әлі өздері отырған партасынан аса қоймаған бәкене қыздар да бота көздері мөлдірей тұнып, маған алма-кезек қарай береді. Әжептеуір есейіп қалған кезім ғой, әлгі қыздар қараған сайын өз-өзімнен абыржып, қысыла түсемін.
Ең алғашқы класс жетекшіміз әдебиет пәнінің мұғалімі Сәкен Жұмаханова еді. Кейін білдім, қазақтың қаламы жүрдек жазушы-журналистерінің бірі Жекен Жұмахановтың қызы екен. Менің әдебиетке құмарлығымды аңғарып, өзімнің де ептеп өлең жаза бастағанымды байқаған Сәкен тәтем (біз ол кісіні осылай атайтынбыз) маған айрықша ықылас бөліп, алғашқы күннен-ақ өз қанатының астына ала жүрді.
Жетімсіздеу, жоқ-жітік шақ еді ғой. Үйіміз Талапкерде болған соң, ата-анамыз Үшаралдағы жекжат ішінен бір жыл, жарым жыл паналата тұрар біреуін іздеп тауып, сол үйге пәтерге қояды. Олар да қайбір жарып отырған үй. Кейде мектепке де орта құрсақ күйде келіп, бес-алты сабақ бойына ішім шұрқырап отыратыны да болып қала беретін. Ай сайын оқушыларға дәптер үлестірілетін. Соған бір кезекті ақша жинау кезінде менің қалтамда көк тиын болмай, балалардың бәрі алып жатқан дәптерден құралақан қала жаздадым. Соны сезген Сәкен тәтем (өз ақшасына алды-ау деймін) бір құшақ дәптерді қолыма ұстата салды. Балалардың алдында төбем көкке бір елі жетпей қалғаны есімде.
Кейде мені оңашалап алып: "Қарның ашып жүрген жоқ па?" — деп, бес-он тиын "қаржы" да беріп қояды. Жүгіріп Үшаралдың ортасындағы асханаға барам. Етсіз борщ, ұмытпасам, он тиын тұрушы еді. Соның бір тәрелкесін және бір тиынға қантсыз шай алам да, қара нанға қосып соғамын да аламын. "Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді" деген ғой баяғы. Бірде тоқ, бірде аш жүретін біздер үшін әлгіндей жәрдемнің өзі ат мінгізгенмен пара-пар еді. Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде ұмытпай жүруімнің себебі де содан шығар, бәлки.
Балалардың біразынан ересек екенімді айттым, содан да ма әлде өзім де алғыр болып жаралғасын ба, обалы не керек, сабақты қамшы салдырмай жақсы оқыдым. Есепке де жүйрік едім. Бесінші-сегізінші класс аралығында математикаға менен жетік шәкірт болған жоқ. Кластағы қыздардың көбі үйге берілген есеп тапсырмасын менен көшіріп алып жүретін.
Математикадан ең алдымен Рахила Оралбаева, одан соң Темірғали Юсупов, Рүстем Бектебаев, Сүбебек Төлегенов, Бишат Қабдолдаевалар дәріс беріп еді, бір де бірі мені шетқақпай еткен жоқ. Тек, кейін сегізінші кластан соң, мен біржола әдебиет жағына қарай ойыстым да, есеп-қисапқа салқын қарай бастадым. Бастапқыда оныма әжептеуір ренжіген ұстаздарым әрі-бері сөз етіп айналдырып көрді де, ақыры түк шықпасын сезді ғой деймін, қолдарын бір-ақ сілтеп, жайыма жіберген болатын.
Сол ағаларымнан болар, сабақты басқалардан жақсы оқимын да, жауабымды беріп, тиісті бағамды алғаннан соң, бір орында байыз тауып тыныш отыра алмайтын жаман әдетке үйір бола бастадым. Бұл, әрине, мұғалімдерге ұнамайтыны бесенеден белгілі. Кейде өзіміз де шектен шығыңқырап кететін болсақ керек. Ол кезде кеш қараңғылығындағы сабақты кәдімгі керосин шамның жарығымен оқитын едік. Шам мұғалім столының үстінде тұрады. Құдыш Мұсаханов, Дәру Базаров сияқты "тентектеу" балалар жіңішке резеңкеден саусақпен ататын рогатка жасап, сорғыш қағазды аузына салып сулап, шиыршықтап алады да, дәлдеп отырып, мұғалім көзі тая берген кезде, шамға қарай атып кеп жібереді. Шар етіп шам әйнегі сынады да, балалардың "құдайы беріп" шу ете түседі. Не істерін білмей дағдарған мұғалім бізді амалсыз үйге қайтаруға мәжбүр болады. Бұл жағдай екі күннің бірінде қайталанып жүрді.
Сондайда көбіне әлгі тентектіктің басында жүргендер құтылады да, тұтылып қала беретін мен ғана болдым. Бұл бір емес, екі емес, жиі қайталанған соң, мұғалімдер де әбден ығыр болып, "кінәліні" шындап іздеуге көшеді. Өйткені бәріне сабақ боларлықтай етіп бірен-саран баланы тезге салып "жазалап" қоймаса, мектептегі тәртіп ақсай беруі, асқына түсуі ықтимал. Оның алдын алу керек. Ондайда ауызға ең алдымен мен ілігетін болдым. Мектеп директоры Болысбек Оспанов, кейде Айса Исмаилов сияқты ағаларымның алдында басым салбырап, сүмірейіп талай-талай тұрдық та ғой.
Кінәмді мойындаймын, "ендігәрі қайталанбайды" деп ақ та төк уәдемді де берем. Бірақ әдейі жасамағанмен, мектеп ішінде оқтын-оқтын оғаш жағдайлар ұшыраспай тұрмайды. "Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан" деп, ондайда әмісе мен кінәлі болып шыға беремін.
Жетінші класта оқып жүргенде ғой деймін, әлдебіреу класқа шекілдеуік шағып, еденді толтырып тастаған. Оқу ісін меңгеретін неміс тілінен беретін Айтова дейтін (атын ұмытқаныма кешірім сұраймын) ұстазым болушы еді, сол кісі: "Кім шаққан мұны?" — деп сұраса, Дәру тек тұрмай: "Сәкен де баяғы, басқа кім шағушы еді",— демей ме қағынып, менің ант ішіп ақталғаныма қарамай, әйда келіп ортаға ала тұқыртты-ау дерсің бір. Әп-сәтте "хулиган" да мен, "бұзық", "бас бұзар бұзақы" да мен болып шыға келдім. Әупіріммен әрең деп ол шудың басылғаны сол еді, ертесінде тағы бір "қызықтың" тап болғаны. Менімен достас жүретін Базардың Дәруі терезе жақтауына сүйеніп теріс қарап кітап оқып тұр екен. "Әй, бәлем, қолыма түстің бе, жоқ па" деп ойладым да, жүгіріп барып арқасына секіріп мінбейін бе ат құсатып. Ол бар екпінімен солқ ете ілгері ұмтылып қалды да, басымен соғып, терезе әйнегінің быт-шытын шығарғаны. Үп-үлкен әйнек салдыр-гүлдір етіп еденге шашылып түсті.
Бір жақтан аңдып жүргендей болып, Айтова апамыздың жетіп-ақ келгені. Әй-шәйға қаратпай, мені сол кездегі директорымыз Айса Исмаиловтың алдына алып барды. Тағы да ескі әуенге салып "енді өйтпеймін" деп ант-су ішкеніме қаратпай, құжатымды қолтығыма қыстырып, мені мектептен біржола шығарып-ақ жібергені ғой.
Әу баста әжептеуір есеңгіреп-ақ қалсам керек. Бұлай бола қояды деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірмеген еді. Бір жағы, мені адам болады деп аса зор үміт артып жүрген әкемнен де қаймығып, кірерге тесік таппай қысылып барамын. Екі-үш күн мұғалімдерім райынан қайтар ма деген дүдәмал үмітпен мектеп маңын торып, айналсоқтап жүріп алдым. Бірақ менің шырылдаған жайымды ұғып, жәрдем ете қояйық деген көңіл көре қоймай, не де болса деп, бар оқиғаны бұлжытпай ғана шып-шырғасыз туған ағам Нүсіпке айтып бердім. Ол бас шайқап, біраз ойланып жүрді де, мені алды-артыма қаратпай, Андреев ауданы жағындағы ағайын арасына ала жөнелді. Әкеме не айтқанын, қалай деп түсіндіргенін өзі біледі, әйтеуір мені Талдыбұлақтағы орталау мектепке орналастырып, жақын туысымыз Қуаныштың үйіне тапсырып кетті. Сөйтіп, мен күтпеген жерден Құдай айдап жаңа ауыл, жаңа мектептен бір-ақ шықпаймын ба.
Ештеңесі жоқ, мұнда да өзім сияқты балалар оқиды екен. Саны кемдеу демесең, ұл-қызы бар жетінші класс мұнда айырықша мәртебеге ие болған. Өйткені олар мектеп бітіретіндер. Мұғалімдерім де аса қарапайым, сыпайы жайсаң адамдар болып шықты. Аз күнде бұл ортаға судай сіңіп, тастай батып жүре бердім. Есімхан Шүкеев деген өзімнен бір жас кіші баламен (ол осы күнгі үлкен ақынымыз Қастек Баянбаевтың туған інісі) тіпті тез шүйіркелесіп, достасып кеттік. Шәкен, Күпән дейтін маған жиендігі бар қыздар, Гүлжиян, Гүлбаршын дейтін құрбылас әдемі қыздар бар екен, шеттен келгеннен соң, таңсық көріндім бе, оның үстіне осында келерде Нүсіп ағам Андреевкадағы дүкеннен таңдап тұрып су жаңа киім сатып әперіп, жұтындыра киіндіріп қойған. Жұпыны ауыл балалары үшін ол да таң шығар, енді тіпті талтаңдай басып еркінсіп, "первый парень в деревне" болдық та шықтық, не керек!
Обалы не, мұнда да сабақты жақсы оқыдым. Игібай, Досымбек сияқты (біразын ұмыттым) мұғалімдерім де жақсы қарады. Сол жылы комсомол қатарына өтіп (ол кезде мәртебе), аз күнде "кісі" болып-ақ қалдым. Фамилиям онда әкемнің атында, Құсайынов болатын. Жетіншіні Талдыбұлақта тәмәмдап, келесі оқу жылында түк болмағандай Үшаралдағы өз класыма қайтып бардым. Бір жаңалығым — ендігі фамилиям Иманасов болып өзгерді. Әкемнің аз-кем қарсылығына қарамай, ұлы атам атына көштім. Сол фамилия мені әлі күнге дейін жерге қаратпай, биіктен биікке көтеріп алып келе жатқан сияқтанады.
Сегізінші класта ұстаздар құрамы сәл өзгергендей болды. Класс жетекшім — Сүбай ағай Төлегенов. Барынша адал да ақкөңіл, жылыұшырап бәрімізге жақсылық тілеп тұратын. Әдебиеттен енді Сара Стамбекова сабақ беретін болыпты. Күйеуі аудан прокуроры еді де, оның інісі Марат менімен бірге оқитын. Сондықтан Сара тәтем үйіне жиі барып тұрдым. Класқа аса бір кірпияз өлшеммен жинақы ғана киініп, қаздай қалқып, ырғала басып, сұлу денесін барынша еркін ұстап, жайнай кіретін. Ержетіп қалған Сембай, Дәулетхан, Марат, Мұрат бәріміз осы тәтейімізге өзгеше сезіммен қарайтынбыз. Шәкірттік, інілік көзімен "ғашық" болып қарадық десек те болғандай еді. Оның түк сөкеттігі бола қоймас.
Сол кезде осы күнгі академик жазушы Зейнолла Қабдоловтың "Өмір ұшқыны" дейтін шағын қызыл кітабы шыққан. Мен соны қызыға оқып жүруші едім, кейде класқа да алып келетінмін. Сол кітапты қолына ұстап тұрып, Сара тәтемнің: "Зейнолла екеуміз КазГУ-де бірге оқып едік", — дегені де есте қалыпты.
Мен басында сеніңкіремей де жүргем.
Кейін, Қазақ университетінде Зекең де маған ұстаздық етті. Сара тәтемнің әлгі сөзін реті келгенде құлаққағыс еткенім бар еді, Зекең құптап бас изеген. Оған да марқайып қалғаным бар.
Мектепте екі-үш қабырға газетін шығарамыз. Сегізінші кластан бастап солардың басы-қасында мен жүрдім. Сүбай ағай, орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Зайыр Есімжанұлы Хасеновтер басшылық жасайтын. Әсіресе бір қабырғаны тұтас алып, айына бір шығып тұратын "Кірпі" газетінің беделі орасан болатын. Оған ілігіп қалу кімнің де болса бетіне шіркеу еді, кейбір нашар оқитын, тәртібі төмен шәкірттер біздің көзге түспей, қолынан келсе қиыстап, аулағырақ жүруге тырысатын.
Сол жылдардан бастап менің шағын мақалаларым, бірлі-жарым бір шумақ, екі шумақ өлеңдерім аудаңдық, облыстық, тіпті республикалық "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас алаш") газеттерінде жариялана да бастаған. Балаң көңілді ол да өсірмей қойған жоқ.
Сабақты жақсы оқитын едім де, бірақ ынтам дұрыс болғанымен, ұдайы соңына түсіп сарылып отыруға жоқтау болдым. Сондықтан да болар, бірде-бір рет "Үздік" (отличник) оқушы атағын ала алған емеспін. Бірақ маған деген ұстаздарымның үміт-сенімі әрдайым жоғары екенін іштей жақсы сезінетінмін. Сол сенімді ақтасам деген ой соңымнан қалып көрмеген.
Мына бір жағдайды айта кетейін. Тарих пәнінен Қайырғожина деген (Құдай-ай, кешір, есімін ұмытыппын) сабақ беретін. Тоқсан аяқталарда әрбір кластың жетекшісі өздерінің "отличниктерін" орнықты ұстап қалу мақсатында біраз жүгіріске түсетін. Оны біз де көріп, біліп жүреміз. Маған шешесі жағынан туыстығы бар Күлжиян Сағатжанова көбіне-көп үздік оқып жүрді. Бірде тарих сабағы үстінде оны класс жетекшісі біздің класқа жетелей кірді де, Қайырғожина тәтеме қарап: "Осы қыздың бағасын көтеріп, "беске" шығаршы. Отличница еді, обал болғалы тұр", — деп қолқа салды.
Қайырғожина аса салмақты, сөзін мәнерлеп, тұжыра сөйлейтін адам болатын. "Сен осы қыз үшін бекер арамтер болып жүрсің, — деді ол әріптесіне, — міне, алдында Иманасов отыр ғой, соны қазір тұрғыз да, оқулықтың кез келген жерінен сұрап көрші, бір мүдірсе, бұйырмасын, өзің көрерсің. Сол да "отличник" болам деп жүгірген емес. Мына қызың, басқа пәнді білмеймін, дәл тарихтан Сәкеннің қарасын да көре алмайды. Қайтейік, сен айтқан соң көнеміз де", — деп әріптесінің сұраған бағасын қойып берді-ау деймін.
Маңдайымнан шып-шып тер шыққанын сол кезде өзім ғана білген шығармын. Әлгі мұғалім: "Ал, тұра қойшы, көрелік!" — деп жүре ме, өйте қалса, шынында Қайырғожина тәтем айтқандай ағып кете қалсам жақсы, жауап бере алмай, мүдіріп қалсам қайттім?" — деген бір суық ой сол сәтте санамда жай оғындай жүгіріп өтті-ау деймін.
Бірер жыл қой аузынан шөп алмас момындар қатарына қосылып жүрдім де, оныншы класты орталай бере тағы да бірер рет "сыр білдіріп" алғаным бар. Бұл кезде біз Сембай екеуміз осы мектептегі балалардың алдымыз. Сембай музыкалық аспаптардың біразында еркін ойнайды. Көркемөнерпаздар үйірмесінің ұйтқысы сол, онсыз бір де бір концерт өз үдесінен шыға алмайды. Мен "ақын болам, жазушы, журналист болам" дегенге біржола мойынсұна бекіп, үздіксіз ізденіп, бұл жолдағы алғашқы абыройға да ие бола бастаған бозбаламын. Қазақ әдебиетінің бір мықтысы боларыма сенімім зор әйтеуір.
Сондықтан да болар, енді-енді үлбірей бойжетіп келе жатқан қыздардың ішіндегі ең көрікті, ең сұлуларының көзі де, көңілі де біз жақта. Соны қызғанған бозбала жігіттер әр жерде қыр көрсетіп, "біз де қаражаяу емеспіз" деген болып, орынды-орынсыз бізге соқтыға беретінді шығарды. Соның аяғы бір күні балапан қораздарға ұқсаған қып-қызыл төбелеске ұласты. Бас жарылып, көз шықпағанымен, төбелестің аты — төбелес. Ертесіңде-ақ екі жақты да ұстаздарымыз ұлы "тергеуге" алып, тағы да мен тұтылдым да, бар болғаны жарты жыл қалғанда мектептен шығып қалу қаупі төнді. Бізге қарсы жақта қазіргі Бәзіл, Құдайберген Ақбаев, Мелстер (Жайпақтан) бар еді. Оларға су жұға қоймады да, кезекті педсоветке тағы да мен түстім. Әкемді де шақыртты. О кісіге қарауға менде бет жоқ.
Кім біледі, алдын ала жасалып қойған спектакль болуы да мүмкін, әйтеуір, менің басыма қараспанды төндіре келіп, жиын соңынан Темірғали Юсупов ағамыз сөз алды: "Осы Сәкеннен түбі жақсы азамат шығатынына мен сенем. Егер маған уәде берсе, кепілдігіме алып, мектеп бітіруіне жағдай жасап көрейін, соған сеніңіздер",— дегені алқалы топқа қарап.
Уәдені үйіп-төгіп беріп жатырмын. Үлкендер де бас изесті.
Сөйтіп, әупіріммен жүріп оныншыны да бітіріп шығып едім.
Менімен оқыған қыздар ішінен Күлтай Ыбырайханова, Ұялыдан келген екі Күләш, Күлжиян, Гүлсара, содан соң Әсия, Раушан, Раисалар бір топ болып бөлек жүретін еді де, ойын-сауығымыз әмісе солармен бірге өтетін. Қазір Жаркентте тұратын Нұрғайша, Ұзынағаштағы Нүкетайды да ұмытқан жоқпын. Олар да мені ұмытпағанын ара-тұра әркімнен айтқан сәлемдерінен аңғарамын.
Осыдан жиырма жыл бұрын бірге оқыған қыздарды бейуақта еске алып отырып, "Құрбы қыздар" дейтін өлең жазып едім.Сонда:
Қылығына өздерің көп те күлген,
естеріңе түсем бе өткеніммен,
біріңнен бірің артық сияқтанып,
ғашық болып жүруші ем шеттеріңнен.
... Бірлесіп көл де кешпей, шөл де кешпей,
жүрсіңдер көз алдымда соңғы елестей.
Тіпті де жаман бола қоймаспын мен,
Көңілден, құрбы қыздар, сендер өшпей! —
деп жіберген уәдем де бар еді. Әлі де сол ниет, сол сенімді берік ұстанып келемін.
Жігіттерден сол Сембай Байзақов, Зәуренбек Мұсабеков, Марат Нұүрғалиев (ол Есік қаласында тұрады), Есім Қайыров, Шылбы Тұяқов, Мелс Байбазаровтар күні бүгінге дейін қасымда, ұдайы аралас-құралас жүріп келе жатырмыз.
Хабарласып, көріскенде қауқылдасып қалып жатамыз.
Мұқаметбай Мыңбаев, Рахила Оралбаева, Болысбек Оспанов, Зайыр Хасенов, Құсайын Садықов, Қазымбетова, Сембаевадан, басқа ұстаздарымнан көз жазыңқырап қалғандаймын. Әйтсе де, бөле-жармай, ұстаздарымның бәріне де үлкен ілтипат, аса бір ыстық көңілмен ұдайы еске алып отырғандығымды баса айтып өткім келеді.
Абай атындағы орта мектепте оқып білім алғанымды өз басым әрдайым мақтан етіп жүремін. Бұл мектепті әр жылдары бітіріп шыққан түлектерінің бәрі де осындай ойда екеніне де ешқандай күмәнім жоқ.
Барлығыңызға да Алла жар болсын!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі