Қазақстан Республикасы халық депутаттығына кандидат, "Алаш" сыйлығының лауреаты ақын Сәкен Иманасовтың Алакөл жұртына ашық хаты
Қадірлі ағайын, қандас бауырларым!
"Су тасыса — жиегіне, ер тасыса — еліне", — деуші еді деп, тілек-мұрат дейтін, арман-үміт дейтін әурегер сезім, дәмегөй сенім мені де жетелеп, алдарыңа әкеліп отыр. Жайдақ аттың жалында, жалаң қылыш жүзінде тұтқиыл туа қалған ниет емес, он ойланып, жүз толғанып барып, "базарға түсіп бақ сынауға" бекініп келіп отырмын. Қабырғалы қалың елім бар еді деп, Алакөл аталатын аруақты жерім бар еді деп сеніп келіп отырмын. Өйткені алыс-жақынның бірі алдымен өзімді сыйласа, ақиқатқа сомдалған сезімді сыйласа, жақынға да, жатқа да қадірлі болсам, оның бәрі Алакөлдің айбыны, үлкен-кіші ағайынның арқасы деп жүрген адаммын. Сол ауылдас ағайынның — қадірі үлкен қарттарымның, қатарлас құрбы-достарымның, кейінгі толқын інілердің — алыстан сыйлап, әрдайым өзімді әз тұтып жүрген алаңсыз аппақ көңілі, қадірмен тілектестігі бар еді ғой деп келдім. Қайда жүрсем қолдайтыным да, құдайдан кейінгі қорғайтыным да өздерің деп келдік. Ық жағымның қаласы, жел жағымның панасы, — деп келдім.
"Саусақты жұмсақ жұдырық, ашсаң қылдырық" — дейді, басы бүтін арқалы елім бар еді, өз ұлын өзекке теппес, кеудесінде намысы бары менімен бірге тасыр да, жеңіліп жатсам — менімен бірге жасыр деп келген жайым бар.
Бұл өзі жеңілсең де бетке салық, сүйекке таңба болар дау емес, теңдес ер-азаматтар талабы, ақыл-ой ерегесі деп білем. Арысына ара түсер намыс та, елмін деп жүрген елдігің де, қаны бір қажырың да осындайда керек. Алакөл менің ата жұртым, өз елім, алдымда у тұрса бірге ішер, жылан тұрса бірге жұтар, сөйткенде ғана мені, мен арқылы өзін жерге қаратпас деп ойлаймын. Қалың қарындас, қаны бірге туыстарыма айтарым алдымен осы.
Мен өзім ел билеп, жұрт шүйлеп жүрген адам емеспін. Жаралғалы жұлқынып лауазым, биік дәреже де іздеген жерім жоқ. Атақ-дәреже, бақ қуғандардың абыройсыз қылығына қынжылып өскен адаммын. Бар сенерім бойымдағы дарын мен қолымдағы қаламым ғана, бірақ қалам күші деген де осал қару емес. Жақынға ес болуға, жатқа сес болуға жарайтьн, жүзі ешқашан мұқалмайтын, жігері жұқармайтын қару. Сондықтан да айтарым — бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды, "кезекті дүние, кезбе бақ" дегендей, құдай бетін аулақ қылсын, әйтсе де ер-азамат басына алмағайып күндер түспей тұрмайды. Сондайда, "жан қысылса жақының табады" дегендей, жараңа жамау болуға, жолыңа жалау болуға жарап қалармын, ағайын. Қалам күші де сол үшін керек болар, қажетке жарар! "Елі мықтының белі мықты" деген сөз және бар.
Ақсақалды ағаларым бар, ақ жаулықты әжелерім бар. Сөзімді соларға арнаймын. Өнеге де, үлгі де отбасынан басталады. Бәріміз де жас болдық. Ойланбай от басқан кездеріміз де аз емес шығар. Келешек жасқа кемелі кім, кемеңгері қайсы деп айтып, құлағына құйып отырмаса, "әйт" деген айтаққа еріп, сойылын алып, сойқанын тауып шыға келмесіне кім кепілдік береді. Күміс сақинадай дөңгелек тірліктеріңізге сызат түсіріп алудан қорқам. Сырлаймын деп отырып сындырып алатындар болады. Бүтіндік-бірлікке шақырар, бүгінгі елдігің ертеңгі ұрпағыңа үлгі болар, аңғарлы өнегеге айналар жағын іздейік. "Ақыл ағадан" деп бекер айтпаған қазақ, басы сайранмен басталған бұл істің аяғы ойранға айналып кетпеуі жолында ықпал етер, ықылас-пейіл білдірер деп сенемін. Ұлы көңіл, үлкен жүректеріңе сенемін.
Жүзін құбылаға, ниетін құдайға берген мүһмін-мұсылман баласының басын қосып отырған дін маңының назаратына да жүгініп, ел ішіндегі қадір-қасиетімді елеп, дұға-намазынан қалдырмас, мен деп бүйірі қызған ағайынға олардың да бүйрегі бұрар деп сенемін. Бақастығы балалап, күншілдігі күшіктеп жататындар болса, тәңірі атынан "тәйт" деп тыйым салар деп сенемін. Менің құбылам да, қағбам да осындағы халқым, арқа сүйер елім екенін әрдайым айта жүрсін демекпін.
"Болар істі бүлгір бүлдіреді, білгір түзетеді", — дейді екен. Алакөлдің емшегін таласа еміп, қатар өскен құрбы-құрдас, тұрғылас туыс, үзеңгі серік інілеріме де осы тұрғыда сөз айтам. Аптыққан қыран аң ілмейді, асығып-аптығып, ағайын арасының берекесін кетіріп алмайық, ел-жұртымыздың абыройын ойлайық. Сырғымалы дүниеде сұғанақ пен сұмға да мол сыбаға тиіп жатады. Солай болды екен деп, адыраң абыройсыздыққа баспайық дер едім. "Ел басына дау келсе — елдігі кетер, би басына дау келсе — билігі бітер" — дейді. Дау-дамай болмасын. Құрама жиып ел етіп, құрақ жиып, шөп ете алмай, жүргенде жақыннан жат, ағайыннан аламан тауып алмайық. Сүттей ұйыған жұрттың ынтымағын ойлайық. Жатырлас жұртты ыдыратпай, бірлікке бастайық.
Тек мен деген жұртқа: "Ерді құдай ұрарда жауға мінер жампозын (жақсы атын) жабы орнына мінеді, елді құдай ұрарда жауға қимас жақсысын жалпының біріндей көреді" деген аталы сөзді анығырақ жеткізіп, жалғыз-жарым жақсысын ардақтай білер ағайынның қалғымалы көңілін түртіп оятып жүрсеңдер болды демекпін. Бұғып, бүгіп сөйлеме, артын ойлап, ұғып сөйле демекпін.
Ала таппай, осы жолға дауа тап, ағайын. Бөле шешпей, бүтін кес. Күпсініп біреуге күш көрсетер бүкпе есебім де жоқ, тепсініп теріс азулыққа салар есерлігім де жоқ. Жоқтарым елдің мұңы, жұрттың қамы еді, деп, тоқтарым елдің сөзі еді деп, алдарыңнан өттім.
Әумин!
Айдын көлім, айбынды елім — ұраным,
Асқақ әнім, тас қамалым — тұрағым,
Сен шығарсың сарқылмайтын сағыныш,
Тартылмайтын таза тұнық бұлағым.
Тамшы болып тамды саған кіндік қан,
Кіндік қаным тамған жерде тілді ұққам.
Мұқалмауым, жұқармауым үшін де
Шымыр етіп жаратыпсың шындықтан.
Қасиетті қағбам менің, қыбылам,
Сен деп өттім саналы өмір сынынан.
Торыққанда демеу тауып өзіңнен.
Қорыққанда қолтығыңа тығылам
Өзің деумен өзеуреген ежелден
Балаң едім, бала күннен сөз емген.
Ұл бол деп ең — ұл болуға жарадым,
Күл бол десең — құлдыққа да төзем мен.
Туған жердің тұғырдағы түлегін
Жұрт көрсін деп жоғары ұшқан ұл едім,
Жатсам-тұрсам жаратқаннан: —
Осы елге Қадірімді кетірме!" — деп тіледім,
Өздеріңдей ел бұйырды бағыма,
Қайта жұмса қайратымды жаны да,
Алдарыңа келіп тұрмын, ағайын,
Бір көтеріп тастар ма деп тағы да!
Қабырғалы халқым барын ел көрсін!
Саналы жұрт, салтым барын ел көрсін!
Қайда жүрсем бағым, арым, ағайын.
Бағынарым, табынарым сендерсің!
Наурыз, 1993 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі