"ҚАЛАМ МЕН ЗАМАН" КІТАБЫНАН ӨЗІМ ТУРАЛЫ
Өзге емес өзім айтам өз жайымда
Қасым Аманжолов.
Осыдан көп бұрын маған жақын жүретін, жанашыр дерлік жақсы көкелерімнің бірі телефон соғып: "Оу, Сәкен, сен де алпысқа келіп қапсың ғой. Газет, журналдарға өзің жайлы жазам дегендер бар ма? Сенің кейбір алпысқа келген ағаларың да, елуге енді ілінген інілерің де Қазақстандағы газет біткеннің бетінде өздерін өздері айдай әлемге әйгілеп, айналасын дуылдатып, ағайынын шуылдатып жатады ғой, тырп етпей ғана бұға бермей, қарекет жаса!" — деп аямай-ақ "ақылын" айтып еді.
"Мен де алпысқа, яки жігіт ағасы жасына келіп қалған екем-ау!" — дегем сонда. Мұндайда, әйтеуір, қошамет-қолпаш көбейіп, жоқ жерден саған әуліге көпшік, даурыға тепшік қойып жататындардың біршамасы табылып қалатыны бар. Өз жазғанынан да әркім-әркімге қолқа сала жүріп жаздырған қолпашты жарапазан айтушыларының көбіктей көпірткен көшірме сөзі көп замандастарымның біразына кезінде өзімнің де күлген жайым бар еді. "Күлме досқа — келер басқа", мақтағанды кім жек көрсін, сыртымыз сыр бермегенімен, ішіміз жылы сөзді ұнатып отыратынын құдайдан да, пендеден де жасырып не қыламыз. Әйтсе де...
Әйтсе де, мен былай ойладым: осы өзім туралы менің өзімнен жақсы білетін кім бар? Қаншама жігін жатқыза жылы сөйлегенімен, "ішіне қулық сақтап" тұрмасын кім біліпті көбінің. Одан да өзім туралы өзім неге айтпаймын? Кім екенімді, не бітіріп, не қойғанымды ел-жұртқа өзім әңгімелеп берсем, оның несі ерсі болыпты! "Қой, сөйтейін", — дедім де, осы сөздерді қағазға түсіруге табан тіредім. Бала жасымызда әлдебір ойыннан жеңіліп бара жатқанда: "Жоқ, бұл ойын жолы болсын, кәне, енді шындап, қайтадан басынан бастайық!" — деп ерегесе кететініміз болушы еді. Менің де осы жасыма дейін істегенімнің бәрі сол ойын жолына ұқсап, ең негізгі шаруаға, бұйырса, бүгін-ертең шындап бір кірісетін сияқтанамын да тұрамын. Өмір бойғым осы ма деп ойлаймын. "Әй, енді ме, әй, осы жолы ма!" — деп, қолыма түкіріп алып тас қопарып, тау бұзып тастайтындай-ақ күпініп алам де, "ертең де күн бар ғой, қайда қашып барады, қайда асығам соншама" деп, тағы да арқаны кеңге сала, жайылып шыға келетін кездерім жиі, тіпті жиі қайталанумен келеді. Бір ісіме көңілім толмаса оншалық өкінбеймін де, оның есесіне ендігісін ондырып-ақ тастайтындай көрінем де тұрамын.
Алғашқы кітабым мені әбден есейтіп барып, 1966 жылы 28 жасымда жарық көрді... "Тұңғыш кітап" сериясымен шыққан бар болғаны бір баспа табақ, пышақ қырындай ғана " Туған ауылдың" сүйінші данасы қолға тиген күні төбем көкке жеткендей болып қуанып, қасымда бала күннен ілесіп келе жатқан Серік досым бар, сүйінші сұрайын деп салып ұрып әкеме барып едік. Жарықтық күндегі дағдысынша Үшаралдағы меншік үйдің алма ағашы арасындағы сәкіде сәскелік шайын ішіп отыр екен. Шешемнің жанында беймарал күйде маңдайы жіпсіп отырған әкеме қарап Серік: "Аға, — деді алқына сөйлеп, тап бір мен емес, кітап шығарған өзі сияқтанып, — Сәкеннің кітабы шығыпты. Сізге көрсетуге әкелдік!!!"
Әкем ешқашан асығып-аптығуды білмейтін, аса сабырлы кісі еді. Серік екеуімізге ұқсап алып ұша, абыржи қойған жоқ, кесесін әрірек ысырып қойып, жаңағы бір жапырақ кітапты жайлап қана қолына алды. Оқыған жоқ, әрі-бері аударып, төңкеріп қана қарап өтті. "Сендер осыны кітап деп атайсыңдар ма? — деді содан соң сабырмен бізге бұрылып. — Мен кітап деген анау төр үйде тұрған Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезовтердікі сияқты болады екен деп жүрсем. Жарайды, жақса екен, құтты болсын!".
Әкемнің оны-мұныға елпілдей қоймайтын бұл сияқты қылығына бұрыннан қанықпын, етім үйреніп те болған. 1959 жылдың ақырғы күндерінің бірінде жаңадан ғана "Колхоз туы" аталатын аудандық газет редакциясына орналасқан менің басыма ойламаған жерден "бақыт құсы" қона қалғандай болып еді. Ол кезде ізденуден де, жазудан да жалығып, шаршамайтын кезіміз. Соның алдында ғана республикалық жастар газеті "Лениншіл жаста" менің "Отардан жазылған хаттар" деп аталатын топтама очеркім бірнеше нөмірге жарияланған болатын. Соған да әлдеқандай марқайып жүргенімде "Лениншіл жастың" сол кездегі редакторы Әбсаттар Бөлдекбаевтан жеделхат алайын. "Біз сізді қызметке шақырамыз, келіссеңіз — жедел хабарласыңыз" деген. "Согласен!" — деген жалғыз сөзден тұратын жеделхатты редакция адресіне жібере салдым да, Ә. Бөлдекбаевтың қағазын қолыма ала, 10 шақырымдай жердегі ауылда тұратын әкеме қарай құстай ұшайын. О кісі тымауратып қалып, төсекте жатыр екен. Қасымда менен он жас үлкен туған ағам Нүсіп бар.
Алдына келіп сәлем бердім де, әкеме жеделхатты ұстата қойдым. Көз жүгірте қарап шықты да, бас жағына қоя салып:
Жақсы екен. Бірақ, қарағым, жұмыстан жұмыстың жорғасы жоқ, істеп жүрсің ғой, қайтесің сол алысқа қарай беріп, — дегені.
Желпініп, жерге сыймай келген көңілім су сепкендей басылып, не дерімді білмей тілімді тістей берсем керек, соны аңғарған Нүсіп ағам әкеме қарап:
Аға, — деді, әкемізді бәріміз "аға" деп айтатынбыз, — осы Алакөлде кімнің баласын астанадағы "Лениншіл жас газеті шақырып жатыр. Етегінен тартпалық, барсын — рұқсат етіңіз".
Әкем ләм-мим демей үнсіз жата берді. Үндемегені келіскен деп ұғынды-ау деймін, Нүсекең енді маған бұрылып:
Жолға ақшаң бар ма? — деп сұрады.
Бар, — дедім лып етіп.
Ендеше, самолетке билет ал да, тартып кет, қалғанын тағы көре жатарсың, — деп сәт-сапар тілеп, шығарып салған. Сөйтсем, бізді мезгілінен бұрын асып-тасып кетпесін, өз балаларын әйтеуір көзінен таса қылмай, қай-қашан алдында жүрсінші деген әкелік ізгі ниетінен туған сезімі екен ғой... Соның тереңіне бойламай, қорсаңдап, торсаңдап та қалып жүрдік-ау, қайтейік!
...Бұл жолы да сол. Жаңағы сөзін қысқа қайырды да, қайтадан еселеп шығарылған қызылкүрең шайына бұрылды. "Туған ауыл" аталатын әлгі кітабымды да қайыра бізге ұсынбай, өзінің алдына таман алып қойды.
Мұншалық салқын, самарқаулық менен гөрі Серік досымның көңіліне келіп қалды-ау деймін, ренішін жасыра алмай: "Е, әлі Сәкен де жазады ғой ондай том-том кітапты!" — деп жатты шыр-пыры шығып.
Мен де "Ия, жазамын!" — дегендей оны құптай бас шұлғып қоямын. Әкем бізбен бұдан әрі сөз таластырып жатпады, әңгіме аяқталды дегенді ұқтырып, шақшасына қол созған күйі оң жағындағы жастыққа қарай жантая берді.
...Міне содан бері де 32 жыл өткен екен. Әкем де әлдеқашан дүние салды. Мен болсам сол баяғы "әлі жазамын", "ертең бәрін қатырамынмен" сиырқұйымшақтата сөзбұйдалап келе жатқан жайым бар.
Сөз арасында әдейі айта кетейін, обалы не, әкем біз кеткеннен кейін ініме екі аяқты арбасын (о кісі орта білімді мал дәрігері, фельдшер еді) жектіріп, ауылға барып қайтпақ болады. "Сәкеннің мына кітабын ала сал", — деп тапсырады ініме.
Жолшыбай арба селкіліне қарамай: "Дауыстап оқып көрші, өзі не жазады екен, тыңдайын", — дейді. Інім шамасы келгенше дұрыстап оқып беруге тырысады. Ауылға барған соң әкем өзі тұрғылас үлкен-кішіге сол менің бір жапырақ шағын кітабымды жағалай көрсетіп: "Біздің Сәкеннің мына бір кітабы шыққан екен", — деп елеусіздеу тұрғыда ғана болса да, бәріне бір-бір ұстатып шығыпты. "Сыртқа шығармаса да, іштей мақтанышын жасыра алмай жүрді",— деп әңгіме айтады інім де бүгіндері марқайып, маған жасаған сол қызметін әлі күнге мәртебе тұтқандай.
Бірақ жазмыштан озмыш жоқ, не керек, тасқа басылған басқа шығармаларымды көре алмай, не жазып, не қойғанымның бағасын өзіме айтып бере алмай, қайран әкем ертерек көз жұмды. Биыл 90 жасқа келетін еді тірі жүргенде. "Ораза-намаз тоқтықта, иман қашар жоқтықта" дейтін сөз бар, бұл сананы тұрмыс билейтінінің бұлтартпас дәлелі. Сол алғашқы пышақ қырындай кітабымнан кейін әдебиеттен "біршама жыл алшақтап кеткенім бар. Араларына жыл салып туған ағам Нүсіп, іле-шала асқар таудай аяулы әкем Құсайын бірінен кейін бірі дүниеден өтіп жүре берді де, бұрын еш жерде жұмыс істемей үй баққан, бала тәрбиелеп, отбасына ғана ие болған шешем мен жеңгемді қосқанда ұзын-ырғасы он бес шамалы адамы бар ошарылған отбасының бар ауыртпалығы менің мойныма қамыт болып киілді де қалды. Ең үлкені — өзімнен кейінгі інім — Секен 19 жаста еді, әскер қатарына кетті, қалғандары үпір де шүпір шиеттей жас ұл мен қыз, іні қарындастарым. Соларды ішіндіруім, киіндіруім өз алдына, қыл-аяғы, күнделікті отын-суы да маған қарап қалып еді. Обалы, не аудан азаматтарының үлкен-кішісі қол көмегін, сөз жәрдемін бермей қалған жоқ. Бірі көмір түсіріп берсе, бірі отын жеткізуге көлік қарастырып, қарайласып тұрды. Әйтсе де, "байталтүгіл бас қайғы", өлеңнен біржола ажырап қала бердім. Тәуліктің жиырма төрт сағаты бойына от басы тірлігін ойласаң, көңіліңнен алаң арылмай, байыз тауып бір отыра алмасаң, өлең қайда, біреу қайда! Шығармашылық адамына артық күй таңдап жатудың қажеті шамалы, жағдай талғамай-ақ жаза беруге болады, тіпті тұрмыс тапшылығы адамды ашындырып, талант-дарынын аша түседі деген қағиданың шыли өтірік екеніне өз басым, өз тәжірибем арқылы көз жеткізген адаммын мен. Іні-қарындастарым азырақ қарақанаттанып, өз қолдары өзіне жете бастаған бір шақта қайтадан құрылып жатқан Талдықорған облыстық газетіне ауыстым. Газеттің екінші редакторы болып Ұзақ Бағаев келді. Марқұм аса сыпайы, оқығаны да, тоқығаны да көп, дүнияуи тірліктің біразынан хабары бар, зиялы кісі еді. Менің бір кез өлеңнен бастағанымнан хабардар болса керек: "Сәкен, сен неге газетке өлең бермейсің? Өзім істеп жүрмін демей, ара-тұра газетіміздің бетінде көрініп тұрғаныңның ешбір сөкеттігі жоқ",— дейтін болды.
Мен облыстық газеттің әдебиет және мәдениет бөлімін басқарам, содан мені сыпайылық сақтап жүр деп ойласа керек Ұзекең. Сол сөзін әлденеше рет қайталап айтты. "Өлең жазбай кетіп ем" деуге ұялдым да, қинала жүріп, қыстыға жүріп, бір күні жазу үстеліне отырдым-ау. Араға біраз уақыт салып барып, әжептеуір өлең жазатын болдым. "Сырымды айтам" деген атпен қомақты бір топтаманы газет бетіне жариялап та жібердім. Ұзекең де, сол кезде қатар қызмет жасаған журналистер Жанайдар Мусин, Мырзабай Кеңбейіловтер редакциялық лездемеде көтере мақтап та жүрді.
Сол мадақ едеуір жеміс беріп, желпіндіріп, септігін тигізді-ау деймін, алғашқы қарқынмен көлемі екі мың жолдай өлең жазып тастадым да, енді Талдықорған тарлық етіп, ақылдасып, пікір алысар адам іздеп Алматыға аттандым. Алдымен Қастекті тауып, екеуіміз жалдамалы пәтердегі Құдаш Мұқашевті төсегінен тұрғызып алдық та, қойшы, сол түні мен оларға өлеңімді оқумен болдым. Олар тамсана мақтаған сайын көңілім көк тіреп, кеудем көтеріліп, қолжазбам түгел оқылып біткенде басында қымсына іздеген әлгі екі тыңдаушымды бірте-бірте қомсына бастадым. Ертелетіп Қазақстан Жазушылар одағына жетіп, сонда кеңесшілік қызмет атқаратын Жұмекең Нәжімеденовке: "Бар жұмысыңды жиып қойып, түске дейін осы қолжазбамды оқып шығып, кесімді бағасын айт!" — деп қолқа салдым. Жұмекен де жөпшендіге желіге қоймайтын сабырлы мінезіне бағып, әрі "осы не тындыра қойды дейсің" деген сенімсіз самарқаулығы да бар, өлең салған пәпкемді немкеттілеу алып қалды. Осының алдында Алматыда бір кездескен мені Тоқаш ағам Бердияров, өзбек жазушысы Нәсір Фазыловқа "Кезінде талантты бастаған бірақ пенсияға ертерек шығып кеткен ақын" деп шақпа тілмен таныстырғанының куәсі осы Жұмекен болып еді.
Қойшы араға екі-үш сағат салып оралсам, бастапқыдай емес Жұмекенім мені өзгеше бір жылы шыраймен қарсы алғаны ғой. Қолыма бір жапырақ қағазды ұстата берді. Жазған рецензиясы екен. Қазір ұзын сұлбасы толық есімде жоқ.
"Сәкен, сен қайта түлеудің үстінде екенсің. Мына жазғандарыңда поэзияға керектің бәрі бар. Шын мәнінде қатты разы болдым. Қолжазбаңды Ғафекеңе тапсырдым. Бұйырса баспа жоспарына кіріп қаларсың", — деп тұр. Сол күннің екінші жартысын Жұмекен, Ғафекең, бізге қайдан келіп қосылғаны белгісіз Сейфолла Оспанов бәріміз әлгі өлеңдерді жууға арнаған едік-ау.
Ол өлеңдерім 1973 жылы "Ақдариға" деген атпен жеке кітап болып жарық көрді.
Содан кейін жалындаған жастықтың, табаны күректей тағы бір-екі жылы Мәскеудегі жоғары партия мектебінің қабырғасына өтті.
Жуырда Мамадияр Жақып досым: "Сәкен сол мектепте де Маркс пен Ленин еңбектерін жылы жауып қойып, өлеңмен айналысты" деп жазды. Онысы мені көтере мақтап, көпшәк қойғандығысы ғой, әйтпесе жүрдім-бардым қараған кісіге оқу қонған ба, қаншама кітап оқыдық, көз майын тауысып конспекті тіздік, емтихан тапсырдық. Мәскеуде одан басқа да бізге таңсық қызықтар аз болмаушы еді. Серілікпен, перілікпен көптеген күндер мен түндер өткен-ді. Әйтеуір ол жылдар ішінде де өлең шіркін өз ұясына әлі орала қоймай жүрген болатын.
Әдебиетке жетпісінші жылдардың ортасына таман қайта оралдым да, енді өзімді өзім бұл ортада өгейсітпей, кездейсоқ бір себеппен келіп қалған жолбикелердің бірі емес, осы жолда айтарлықтай шаруа тындыра алатын кісі екенімен біржола мойынсұнып, бой алдыра бастадым.
Мен өзім қырық бес жасыма дейін әлдебіреумен таныса қалғанда "ақынмын" деп айтуға қысылып жүруші едім. Бұл тұста менің шығармашылық жолым, деңгейім жайында үлкенді-кішілі мақалалар, кітаптарыма жағымды рецензиялар жиі жариялана бастады. Көңілімді әсіресе қатты толқытып, көзіме жас алғыза тебіренткен ең алғашқы тұжырымды пікір "Қазақ әдебиеті" газетінің бетінде 1979 жылы жарық көрген Фариза Оңғарсынованың "Адалдық атты талант бар" деп аталатын көлемді мақаласы еді. Осыдан кейін: "Әй, бұл жұрт бекер айтып жүрген жоқ болар, сірә, мен ақын шығармын-ау!" деген ойға тіреліп, сол байламды көңіліме бекіте бастаған болатынмын. Тірліктің өзі толып жатқан кездейсоқтықтардан тұрады ғой.
"Бел-белес" дейтін жыр кітабым 1985 жылы жарық көрді.
Бұл кітаптың баспа жоспарына кіруі де қызық бір хикая. Ол жайлы осы кітап ішіндегі "Жазушы" баспасындағы жиырма жыл" хикаятында айтылған. Тек қана ескерте кетейін дегенім, сол кезгі "Жалын" баспасының басшылары Қалдарбек Найманбаев пен Бексұлтан Нұржекеевтер болмаса бұл кітап жазылмас та еді. Өйткені, менің өтінішіммен солар әлі дайын емес кітабымды тақырыптық жоспарына кіргізіп, содан кейін күн сайын "әкел де әкел" деп дігерлей берген. Сондай қамшылаудың арқасында ғана қауырт жазылып еді.
Маған аздап та болса ақшаның бітуі де, атаққұмарлық, даңқ-құмарлығымның ояна бастауына әсер ету де осы кітаптан басталғандай еді.
Әрине, атақты болғысы, даңққа бөленгісі келмейтін адам жоғы белгілі. "Атың шықпаса — жер өрте" деген сүйкімсіздеу сөз де бекерден-бекер айтыла салмаған шығар деп ойлаймын. Менің де атақты болғым келген. Алдыма жан салмасам деген астамшыл ниеттің де кезінде қылаң беріп қалғанын қалай ғана жасырайын. Сөйте тұра бұл жолға өзеуреп, өлермендік көрсетіп, бітімді сала, бүліне кіріскен жерім және жоқ. "Құдай өзі беретінін береді, пешенеме бұйырғаны бар шығар, ырыздығынан құралақан қалдыра қоймас, "нысап сайыс береке" деймін де, жүре беремін. Әлі де сол.
Менің шығармашылық жолым, өзім тапқан азды-көпті табысым жайлы шынайы да шын сөзді ең алдымен айтқан Фариза Оңғарсынова болды дегенді айттым.
Содан кейінгі бір арнайы да адал сөзді Тұманбай Молдағалиев мен елуге толғанда айтып еді. Бірте-бірте мұндай мадаққа мақтауға да етің үйреніп, көнтері болып кетеді екенсің. Оның үстіне кім шынын айтып отыр, кім кекетіп отыр — оны да аңғарар жасқа жеттік. "Ұлысың" деп те. "кемеңгерсің, кемелсің" деп те жатулары мүмкін. Бірақ құдай көрмей отырған жоқ, кімнің кім екені осы жұрттың алақанында ғой, сондықтан шамам келгенше дарақы да даңғаза мақтаннан қашық жүруге тырысамын. "Адырна", "Жебе" деп аталатын кітаптарымды да жаңағыдай әдіспен, яғни алдымен баспа жоспарына кіргізіп алып барып жазып жүрдім. Құдайға шүкір, ол кітаптарым да жұрт назарына ілікті. Жақсы бағаланды. Енді "Жақ" деп аталатын жыр кітабын жазып, соңынан үшеуінің басын қосып "Садақ" деген ортақ ат қоймақ едім кеңес өкіметімен бірнеше баспалар да біржола құрдымға кетіп, бұрынғыдай тақырыптық жоспарына енгізіп қойып, тықақтап маза бермейтін ешкім бола қоймады да, ол кітаптың жазылуы ұзаққа созылып кетті. Әлі күнге ойда ғана жүр. Мен өзі, көбікте болса — көп болсын деп күні-түні төпеп ұрып жаза беретіндер санатына қосылмайтын адаммын. Айтарым болғанда ғана, осыны мен ғана айта алармын, айтып отырмын дегенге біржола байлам жасағанда ғана барып қолыма қалам алатыным бар. Кейде ондай сәтке жеткенше араға әлденеше айлар, тіпті жылдар түсіп кетіп жататыны да болады. Пәлендей үлгі тұтар, өнеге етіп ұсынар ғадет емес, бірақ, амалың қанша, шыным сол.
Әр өлеңді көз майын тауыса қиналып отырып, кейде шын мәнінде мұрнымнан қан ағып, қызылтанау болғанша зорығып барып жазамын. Бастаған күні бітірсем, қайта оралып жаза алмаймын. Бастапқы ойымнан адасып, өлең арқауың босаңсытып алатыным бар. Бұл күшеншектік пе, кіділік пе, жұрт айта беретін жыр алдындағы жаугершілік пе, о жағын анық кесіп өзім де айта алмаймын.
Бұл күнде қарап отырсам, үлкен-кішісі бар, өзіме ұнағаны, ұнамағаны бар, бас-аяғы 10 кітап (көлемі де, әй, сірә, отыз баспа табақтан аспас) шығарған екенмін. Ең алғашқы кітабын шығарысуға өзім қол ұшын беріп, ат салысқан талантты інім Байботалар да бұл күнде онның үстінде кітап шығардым деп жүр. Бірақ, мәселе көлемде емес, өлеңде ғой деп езімді өзім жұбата салатыным бар. Оның үстіне бір жердей оқыған (қайдан екенін ұмытып отырмын) дерегім бойынша, Михаил Юрьевич Лермонтовтың өзі бар болғаны 30 мың жол өлең жазыпты, ал кеңестік дәуірдің бастапқы кезінде аты дүрілдеп шыққан Демьян Бедныйдың жазған өлеңдерінің жол саны 300 мыңнан асып жығылады екен. Орыс тарихында, әлем әдебиеті тарихында бұл екеуінің иеленетін орындары жайлы айтпай-ақ та қоялық, ендігісін оқырман өзі аңғара жатар.
Ақыры сөз болып қалған соң айта кетейін, кеңес кезінде біреу міндеттеп қойғандай жыл сайын қалыңдығы төрт елі кітап шығарып отыруды дағдыға айналдырып алған аса атақты ақындарды да білемін, тек амал нешік, жиырма баспа табақ кітап ішінде бас-аяғы бүтін шыққан дастан түгіл, дені дұрыс жиырма жол кезіктіре алмай, қиналып дәл болатыным бар. "Айтатыны болмаса, осынша кім зорлады екен кітап шығар деп", — деген ой ғана мазалайды ғой, әйтпесе менің шығыным шығып жатқаны шамалы емес пе. Осы уақытқа дейін екі рет республикалық Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған болатынмын. Оның алғашқысында қоярда-қоймай Жазушылар одағының сол кездегі хатшыларының бірі Тұманбай Молдағалиев пен сондағы поэзия секциясының төрағасы Қадыр Мырзалиевтер ұсынды. Секция мәжілісі болатын күні (сыйлыққа ұсынылатын шығармаларды жасырын дауыспен алдымен солар іріктейтін) қос классиктің қолқалап шақыруымен одаққа бардым ғой. Сол кезде әдеби кеңесші болып қызмет істеп жүрген Несіпбек Айтов түзген алқа мүшелері Тұмағаң кабинетіне жиналыпты. "Қоянның түрін кер де, қалжасынан түңіл" дегендей, сәлем алып тұрып көздерімен жер сүзген әлгілердің пішінін көріп, шешінген бойда кайта киіндім де, сыртқа беттедім. Кейде тындырған ісінен гөрі ісінуі көбірек, бергенінен кердеңі басым пенделер болады. Олар өздері озып ұшпаққа шықпасын жақсы біледі де, қайткен күнде ретін тауып жұрт аузына іліккен адамдардың аяғынан шалып қалуға құмар жүреді. Жаңағы комиссия мүшелері ішіндегі інілерімнің біразынан сол ниетті бұрын да анық байқайтынмын. "Оу, мұның не, дауыс беру қорытындысын естімей қайда барасың?" — деді соңымнан қуып шыққан Тұмағаң маған ылғи да қамқорсып жүретін әдетіне бағып "Әй, Тұмаға, көр де түр, осылар маған дауыс бермейді", — дедім мен. "Әй, қойшы, сен тұрғанда..." — деп сенбей ренжіп Тұмекең қалды. Сол алқа мүшелерінің ішінде "Жазушы" баспасында менімен бірге қызмет істейтін ақын інім Исраил Сапарбаев пен Асқар Егеубаевтар да бар еді. Екеуі де менің ақындығымды жоғары бағалап жүрген сияқты болатын. Қойшы, сонымен жасырын дауыс нәтижесінде мені жақтар бір адам болмай, сымпиып шыға келдік. Исрали мен Асқарға: "Қап-ай, ә, бір дауыс болғанда екеуіңнің бірі "менікі" деп жүрер едіңдер, ол да болмады-ау", — деп күлдім де қойдым.
Екінші ретте дауысқа түсіп, бұл кезде комиссия құрамы өзгерген еді, алты дауыс алып, Қабдеш Жұмаділов, Рожицын дейін орыс жазушысы үшеуіміз келесі кезеңге қарай жылжыдық. Келесі шешуші турда бұрын аз дауыс алып, жолдан шығып қалған Сейдахмет пен Сағи көкелерім жарысқа өкпе тұстан қайта қосылды да, ешқайсымыздың ұпайымыз арта қоймады. Қабдеш сол баяғы қарқынымен қара үзіп, ілгері шықты, мен сол 6 дауыспен бәйге шартына іліге алмай қала бердім. Қызығы бірақ ол емес. Үкімет комиссиясының құрамында, ұмытпасам, он жеті адам болады ғой деймін. Тұмекем: "Сәкен, сен сөзді қой да, әрқайсысына жағдайыңды айтып, бір-бір кіріп шық, бет көрсе жүз ұялады, әйтпесе іштерінде сәулетші, суретші, сазгер бар, сені қайдан біледі?" — деп ақыл айтты.
Ешкімнің алдына кішірейіп барып көрмеген кірпияз басым, бұл жолы да: "Өзі өтініп келген соң дауысымды бере салып едім, енеңді ұрайын, өтпепті ғой" дегізгенше, ешкімге жалынбаған бәз-баяғы өз абыройыммен қала бергенім жөн шығар!" — деп тұжырдым да, бекерге табан тоздыра қоймадым.
Сонымен қойшы, дәмегөйлердің бәрі мықты, лауреат болуға бәрі лайық, ақыры дауыс көпке бөлінді, әрқайсымыз алғашқы деңгейден көтеріле алмай қала бердік. Маған жаны ашып жүрген Тұмекеңнің айтуынша енді бір дауыс алғанда мен лауреат болып кеткелі тұр екем...
"Алаш" сыйлығын алдым. Ол да өзінше бір қызық хикая. Жолаушылап келіп "Қазақ әдебиеті" газетін ақтарып отырсам бір топ адам "Алаш" сыйлығына ұсынылып, тізімі беріліпті. "Иттің ұлы итақай" деуге болмас, әйтсе де күрішпен бірге күрмек те үміткер болып жүргені байқалып қалды. "Кім бұларды ұсынған?" деп сұрасам, Жазушылар Одағында ешкім мардымды жауап қайтара алмайды. Ақыры сыйлық беру комиссиясының төрағасы (бұларды кім сайлап жүргені де түсініксіз) Рымғали Нұрғалиев екенін сұрап біліп алдым да, соған телефон соқтым. Менің де "Жебе" деп аталатын кітабым шыққанын, жақсы кітап екенін айтамын ғой баяғы. "Тізімде жоқсың, әрі кешігіп те қалдың ғой", — дейді Рымғали. "Кешіккені қалай, мұнда газетте шығармаларды қыркүйек айына дейін ұсынуға болады" делініпті, әлі уақыт бар сияқты. Кім ұсынады өзі?" деймін ғой күйініп. Ақыры Рымғали "Кітабыңды комиссия хатшысы Сұлтанәлі Балғабаевқа әкеліп өткізші, содан кейінгісін көрейік", — деді. Сөйтсем, сыйлыққа да әркім өзін-өзі ұсынады екен ғой, мен оны қайдан білейін.
Қойшы, әйтеуір, әупіріммен әзер деп дауысқа түскенде, жолың болғыр жігіттер бұл жолы ұяттан аттап кете алмаған болулары керек, жеткілікті дауыс алған төрт-бес адам ішінде ақыр соңына дейін мен де қалмай еріп отыра беріппін.
1993 жылдың соңын ала шығармаларымның екі томдығы жарық көрді. Нәрін қайдам, "қарын" жағынан қалыңдығы баяғы әкеме берген уәдемнің үдесінен шыққан сияқты болды. Сол жылы "Жетісу" мөлтек ауданынан кооперативке тиісті пәтер сатып алдым. Тиесілі қалам ақым сол пәтердің екі лоджасына әйнек салдыруға жетті де қойды.
Қызмет жағына келсем, арадағы бір төрт жылды қоспағанда, соңғы жиырма жылым "Жазушы" баспасында өтіп келген екен. Бір кезде баспаларда кіші редактор, директор деген де қызмет түрлері болған. Мен кіші редактор болмадым, директор бола қой деп ешкім "қолқаламады", қалған қызметтің бар баспалдағынан түгел өткен екенмін. Оған да шүкір, әсіресе, бала жасымнан ешкімнің айтқанына жүріп; айтағына үрмеймін деп берік ұстанған қағида-байламым бар, мансап дегенге аса құштарлығым болмады ма, қолдаушым, демеуші-жебеушімнің аздығынан ба, бірқатар жерде қызмет ете жүріп, "Әй, осы болсыншы" деген емеурін аңғара қоймаған адаммын. Аудандық, облыстық, республикалық газеттер редакцияларында, партияның арнаулы жоғары оқу орнын бітіріп келіп, облыстық партия комитетінде қызмет істедім. Редактордың орынбасары, редактор, обкомның бөлім меңгерушісі сияқты орындарға білімім, кісілігім, іскерлігім жете тұра реті келе тұра мені ұсынбай, менен қабілеті де, қадірі де әлдеқайда шамалы біреулерді, тіпті кейде сырттан шақырып, кездейсоқ әлдекімдерді әкеліп қойып жататын еді. "Бұл қалай болды?" дегенді іштей ғана айтқансып, үнсіз келісіп жүре бердік бәріне, басқадай лажың да, дәрменің де жоқ еді.
Менің кітаптарым жайлы, өзім туралы жекелеген мақалалар жазылғанын жоғарыда айттым. Бірақ мен ғана тапқан тақырып, маған ғана тән ой мен жетілдірген түр, содан туған мазмұн төңірегінде сөз қозғаған, қысқартып айтқанда, Сәкен Иманасов поэзиясына ғана тән дара қасиетті баса көрсетіп, дәл тауып айтқан ешкім әзірге болған жоқ. Әлі де сол қалпы. Бұл да өз алдына бір бөлек жеке әңгіме.
Оның үстіне ғұмыр бойы баспана таршылығын тартып келе жатқандардың бірі, сірә, осы мен ғана болармын. Жас кезімде ас үйде отырып-ақ жазып жүрдім жазатынымды. Кейін көбіне жазушылардың таудағы шығармашылық үйінде айлап жатып жұмыс жасадық. Құжырадай үш бөлмелі пәтерде маған әлі жазу үстелі сыятындай тұрақты бір бұрыш та бұйырмай жүр. Үстелдегі қағазым жиналып қалса ол маңға көпке дейін қайта жолай алмай жүрем. Содан да болар, басқаларға қарағанда анағұрлым сирек жазатыным.
Қазір де әмісе бір сілкініп, ылғи бір жазғым келіп жүретін кездерім де болады. Бірақ сөзіңді кім оқып, өзіңді кім тыңдап жатыр? Бұл күнде өзің де, сөзің де кімге дәрісің деген бір күдік көсіле сілтеуге жібермейді. Бұл мен ғана емес, қалам ұстап жүрген бір қауым талантты адамдардың басындағы жағдай ма деп ойлаймын. Нағыз талантты дейтін, шығармашылық бабындағы бірқатар қарымды қаламгерлер дағдарыс үстінде. Бұрынғы ықылас, бұрынғы ынта жоқ. Егемен ел болғаннан бергі он шақты жыл ішінде ауызға аларлық бір ірі шығарма тумай жатуы да содан болар. Көптеген талант иелері көне тарихты қопарыстырып, болмаса естелік қана жазуға ойысқан.
Оның есесіне, мәңгі көгеріп тұрғаннан басқа пайдасы шамалы шырша ағашына ұқсайтын да ақын әріптестерім бар.
Олар үшін әлеуметтік сілкініс, қоғамдағы өзгеріс дегендерің түк емес. Қыста қалтырап тоңбайды, күзде жапырағы солмайды. Не күйінбейді, не сүйінбейді. Өлеңдері мақалаға, мақаласы мадаққа ұқсап, баяғы әуен, ескі ырғағынан жаңылмай жортып, ілгері тарта береді. Қорықпайды да, торықпайды да. Әлде сол дұрыс па екен?... Ең алғаш тосын тарап кететін Парламент тұсында Қазақстан Республикасының халық депутаты болып сайланғаным бар. Сайлау алдындағы ұлы сүргін айтыс-тартысқа толы кездесулердің бірінде: "Сіз ақын екенсіз, өлең жазасыз, кітап шығарасыз. Ал осы Алакөл өңіріне кеткен неңіз бар, не жақсылық жасадыңыз?" — деп сұрады бір жас жігіт тұтқиылдан тиісіп.
Әу баста тосылып қалдым да, сәл кідірстен соң: "Әлемде Пушкин, Абай, Жамбыл деген кісілер болған. Сен оқысын, мен оқысын, әрбір ұрпақ оқып, өнеге алсын деп, солар да, таланттарына орай шығармашылықпен айналысыпты. Әйтпесе, өздері туған жеріне сол адамдар орнатыпты дейтін көк тіреген күмбездерді көрген де емеспіз, ешкімнің қалтасына ақша да салып беріпті деп естіген де емеспіз", — деп әзер құтылып едім.
Кейде осындай тұтқиылдан тап болған келеңсіз сұрақ та адамды тұқырта тежеп тастайтыны бар. Академик Серік Қирабаев: "Мұзағанды (Мұзафар Әлімбаев) 60 жасқа толуымен құттықтайын десем екі қолын ала қашып: "Здесь моей заслуги нет никакой!"— деп жолатпай қойды", — деген бір әңгіме айтып еді. Сол сияқты "60 жасқа келдім" деп мақтанудың да, кеуде қағып, шалқаюдың да ешбір жөні жоқ. Ол өзі сенің қалауыңа, саған байланысты емес, аман жүрген адамның бәрі әйтеуір бір жететін өмірдің үлкен бір белесі ғана. Мәселе, тек сол жасыңда не бітіріп, не қойғанында ғана болуы керек. Сондықтан жұрт біле жүрсін деп өзім жайлы, өмірім жайлы өзім айтып бермек болғандағы түрім әзірге осылар болды. Аман жүрсек, тәңірі мұрша берсе, тағысын тағы көре жатармыз деп түйдім.
1998 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі