"Тірліктің бір жыртығы жамалғанша,
барады-ау өмір өтіп, амал қанша!" —
деп ақын достарымның бірі жазғандай, бүгін қарап отырсам, менің өмірімнің тұтас бір үлкен кезеңі "Жазушы" баспасының қабырғасында өтіп келеді екен. Кеше ғана сияқты болып көрінгенімен, мен бұл баспаға келгелі де, міне, жиырма жылдай уақыт өтіпті, көп-көп су ағыпты, әртүрлі тағдырлы адамдармен дәмдес, тұздас болыппын. Осы жиырма жылда "Жазушының" қара жұмысын істедім деп арланбаппын, басшылығына араласқанымды малданбаппын. Бұл күнге дейін осы баспаның бес бірдей директорымен қызметтес те болып көрген екенмін. Солардың бірі менің екі досым Қалдарбек Найманбаев 1991 жылдан бастап екі кеменің құйрығын ұстады да (баспа директоры, Жазушылар одағының бірінші хатшысы), бір күндері аяқ асты бүлініп, бас редактордың орынбасары қызметінде жүрген маған жөн-жосықсыз соқтығып, орынсыз киліге берді. "Даудың басы — Дайрабайдың көк сиыры" дегендей, ол ең алдымен мен отырған шағын ғана жеке кабинетті көпсінгендей сыңай байқатты. "Қасыңа біреуді отырғызсаңшы", — дейтін болды кіріп-шыққан сайын сүйкеніп, тиісіп. Бұл орынсыз түртпектеулердің бекер емесін, артында әзірге маған жұмбақ салқын бір сырдың жатқанын алыстан аңғардым да, бұрыннан сөз болып жүрген, тақырыптық жоспарға кіріп тұрған екі томдық таңдамалы шығармаларымның шартын жасатып, сол шартқа сай тиісті қаламақысын алған бойда "есім барда елімді табайын" деп, он бес жыл қызметінде болған баспадан еріксіз кетіп тынғанмын. Орыста "насильно мил не будешь" деген сөз бар, отырсаң опақ, тұрсаң сопақ болғанша, дер кезінде шегіне тұрғаным жөн шығар-ау деп те түйіп едім бір жағынан.
Сол баспаға ақыры араға тағы да табандатқан тура төрт жыл салып қайта оралып едім, келе сала сол баяғы Қалдарбек жеке өзіме қимай көпсінген, жалғыз отырсың деп көзтүрткі еткен шағын кабинетті қайта босаттырып алып, жуып-тазартқызып, өзімнің үйреншікті орныма келіп жайғасқан болатынмын.
Әркім-әркімдер осы төңіректе де алып қашты әңгіме өрбіткісі келіп, бұл баспадан неге кетіп, неге келгенімді сұрай беретінді шығарды. Сұрағандарына орай дұрыстап жауап та берген болам. Әйтсе де, "мені қуған елімнен хан Жәңгірдің тепкісі" дегендей, бір-бірімізбен дүрдараз салқын қабақпен ажырасқан Қалдарбекпен де біржола дос болып бекісіп, жау болып кетісе алмағанымды білетін жора-жолдастар үшін де бұл жәйт жұмбақ болып қала беретін сияқтанды. "Сонда бұның өзі неден болып еді?" — деп те қайталап сұрай беретіндер азаймады, қайта көбейе түсті.
Осының бәрін ой елегімен сүзе келе, өмірімнің үштен біріне жуығын өткізген "Жазушы" баспасындағы бастан өткен хикаяларды неге ғана шып-шырғасыз қағазға түсірмеймін, жаман-жақсы бес бірдей директормен қызметтес болыппын, солар жөнінде, басқа да ұжымдас, әріптес азаматтар жайында алып-қоспасыз өзім неге баяндап бермеймін деп ойладым. Қалдарбек пе, басқа ма, ешкімге жала жаппай, жақсысын асырып, жаманын жасырмай, болған шындықты айтып берсем, әй, тіпті есек миын жеген біреуі болмаса, ешкім ерін бауырына ала тулай қоймас-ау деп шештім. Шындықты айтқаным үшін ренжімек болса, оны да көріп алармын, әрі кетсе "тойға берген тайын алар" деп ойладым.
Сонымен, "Жазушы" баспасындағы өткен жиырма жыл...
...1976 жылдың мамыр айы еді. Жазушылар одағының екінші қабатындағы бәріміз күнде бас қосып жүретін кең фойеде төрт-бес жігіт қайдағы бір қысыр әңгімеге ерік беріп, даурыға күлісіп тұрған болатынбыз, қасымызға ақсары келген әдеміше қыз биязы жымиып келіп:
Сіз Сәкен аға боларсыз, — деп жөн сұрады екі көзі күлмең қағып.
Иә, — деп мен де әзілдесе кетуге оңтайлана берген едім:
Сізді біздің директор келіп кетсін деп еді, соны айтқалы іздеп жүрмін, — деді.
Ол кезде қалам ұстар қауымның жалғыз жарылқаушысы "Жазушы" баспасының директоры деп ойлайтынбыз. Бұл жолы да солай болды.
Мен келісіп, бас изегенше болмады:
О-о, директордың өзі іздеп жатса, кітабың шығатын болды ғой! — деп дүр ете қалды қасымдағы қаламдас достарым дуылдаса қостап.
Баспа директоры Әбілмәжін Жұмабаевты бұрыннан бірсыдырғы білетін едім. Алғаш рет алпысыншы жылдардың басында "Лениншіл жас" газетінде бірге қызмет істеген Амантай Сағындықов деген жігіт таныстырған болатын. Онда Әбекең, ұмытпасам, "Қазақ әдебиеті" газетінде жауапты хатшы еді.
Араға тағы он жыл салып жетпісінші жылдардың басында "Жазушы" баспасына директор болып келген Әбекеңнің алдына кітап шығару шаруасымен бір рет кіріп шыққаным бар. "Әбеке, мені бұрыннан білесіз..." деп көпшік қоя көпіртіп бара жатқан көңілімді: "Ептеп, Сәкен, ептеп білем", — деп су сепкендей басып қойғаны да бар болатын ағамның.
Енді сол Әбекеңнің өзі шақырып отыр. Жасы да үлкен, жөні де, жосығы да бөлек азамат. "Қой, болмас", — дедім де дүр-дүр күлісіп тұрған қызық әңгімені ортан белінен үзіп тастап, жүгіре басып төменгі қабатқа түсейін.
Әбекең деген қашан көрсең де қыздай сызылып тұратын, даусы да бәсең шығатын, жүріс-тұрысы әрдайым бірқалыпты орнықты, кісі көңілін қалдырмауға жаралғандай иманжүзді адам. Кабинетіне кіре берген мені көріп, үлкен ұзын үстелінен бері шығып келіп амандасты да, жатағандау кішірек үстелді нұсқады. Екеуіміз екі жағынан келіп қарама қарсы жайғастық.
Үйреншікті дағдымен оны-мұны сұрасып, хал-күй біліскен болып дегендей, көр-жер әңгімемен біраз отырып уақыт алдық.
Сәкен, сен бізге қызметке келсең қайтеді? — деді Әбекең арамыздағы әрненің басын шалған әңгіме тәмамдалуға таянғанда.
Келуге болады, — деп келісе кеттім мен бірден.
Онда принципінде келістік деп біл, хабар өзімнен болсын, бірер күнде шақыртып қалармын, — деп келді де Әбекең, — сені сыртыңнан жаман атамайды. Кім біледі, жүре келе бір-бірімізбен дос, туыс та болып кетуіміз мүмкін, — дегенді қосып қойды.
Мен де құптап, қуана бас шұлғып қоям. Сөйткенше араға екі-үш апта түсіп кетті де, "бірер күнде" деген Әбекеңнен қайтып хабар бола қоймады. "Ұмытып кетті ме екен" — деп ойладым да, енді шақыртып жатпай-ақ оны өзім іздеп бардым.
Бұл жолы ағам сәл салқындау қарсы алғандай болды.
Әлде маған солай көрінді ме, кім білсін. Секемшіл-ақ адаммын ғой өзім де.
Әбеке, іздеген өзіңіз едіңіз, бірер күннің о жақ, бұ жағы дегендей болғансыз. Уақыт өтіп барады, анадағы айтқаныңыздың ақыры не болды ? — деп сұрадым мен. — Аузыма сөз тұра қоймайтын адаммын, осында ауысқалы жатырмын деп жігіттерге айтып та қойып едім.
Әбекең күмілжіңкіреп барып, Сөйтсе де сыпайы ғана:
Сәкен, осы сен Талдықорған обкомынан неге кеттің? — деп сұрады.
Ішім қылп ете қалды. "Е, бұ кісі мені, сірә, бірдеңені бүлдіріп келді деп ойлаған екен-ау, әлде біреулер арамызға ши жүгіртті ме екен", — деп түйдім де:
Әбеке, обкомға жылына ондаған адам келеді, соншама адам кетіп жатады, ол жерге жабысып қалған ешкімді көрген емеспін. Жұрт ЦК-дан да (партияның Орталық Комитеті дегенім, Әбекеңнің өзі де бірер жыл бұрын сол жақтан ауысып келгенін білетін едім) кетіп жатады ғой, — деп күлдім. — Ал, әгәрәкім мені бірдемені бүлдіріп келген жоқ па екен дейтін күдігіңіз болса, осы өзіміздің Баспа комитетінде, Шерияздан Елеукеновтың орынбасары болып сол мен істеген обкомның бұрынғы хатшысы отыр, маған тікелей бастық болған адам, сол кісіден сұрауыңызға болады.
Әбекең менің сөзімді аяқтатпастан алдындағы телефонға жармасты.
Кәке, — деп амандасты аржағындағы адаммен (ол Кәмаш Тегінұлы Бегімов еді) бізге Сәкен Иманасов деген азамат қызметке орналаспақ еді, сол Сізбен бірге істеген көрінеді, — деп алып, аз үнсіз тыңдап отырды да: — Иә, невезущий деңіз, невезущий деңіз, — деп барып телефонды қойды да, енді маған қарап: "Әй, Сәкен, сен жайлы мына кісі хорошо отзывается", — деп бітірді сөзін Әбекем.
Бірер айдан кейін сіздің өзіңіз де "хорошо отзываться" ететін боласыз, Әбеке, — дедім мен де тыныш отырмай әзілдеген болып.
Тағы да бір аптадай созып барып, ақыры мені баспаға қатардағы редактор етіп алу жөніндегі директордың бұйрығы да шықты. Алдымен поэзия редакциясы деп еді, менің қолым да сол, басшылары көнбеді ме, кім білсін, одан проза, сөйтіп жылжыта келе қойшы әйтеуір, аударма редакциясына жіберетін болып шешті. Ол редакцияның меңгерушісі болып істейтін Мұхаммед Нұртазин ақсақалмен аз-кем таныстығым бар, кей-кейде Қабдеш Жұмаділов, Тұтқабай Иманбековтер болып, қол босап қалғанда преферанс ойнап қоятынымыз да болушы еді, Әбекең сол кісіні шақырып:
Мұқа, мына Сәкенді білетін шығарсыз? — деп сыпайы сұрақ қойды.
Жоқ, білмеймін, — деді Мұқан жұлып алғандай бірден кесіп.
Мен не дерімді білмей дағдара Мұқан ақсақалдың бетіне жалтақтай беріппін.
Ол маған тіктеп қарай қоймады. Кейін білдім ғой, көлеңкесінен қорқатын аса сақ адам екен жарықтық. "Білем" десем бір пәлесі тиіп кете ме деп, "көрдім" деген көп сөз, "көрмедім" деген бір сөзбен құтылғысы келген түрі екен.
Білмесеңіз — танысып қойыңыз — Сәкен Иманасов, ақын. Сіздің редакцияға қызметке барады. Кейінгісін тағы көре жатармыз, — деді директор. Сөйтті де маған қарап:
Сәкен, әзірге поэзия редакциясында бір үстел бос, тұрақты орын табылғанша сонда отыра тұрарсың. Мұқаң көрсетеді, — деп бітірді сөзін.
Таяуда болған бір бас қосуда дәл осы оқиғаны Шерияздан Елеукеновтің көзінше Әбекеңнің өзіне әңгімелеп бердім. "Апыр-ай, жалпы, сұлбасы болмаса, көп деталі есімде жоқ екен, сірә, арамызға бір сөз жүгіріп кеткен болды-ау! Ол кезде ондай-ондай болып тұратын еді", — деді ол кісі.
Поэзияны Сағи Жиенбаев, прозаны Мағзом Сүндетов басқаратын. Кейін білдім, олар да менен қаймығып, қашқақтап, Әбекеңе сөзін өткізіпті.
Поэзия редакциясы орналасқан бөлменің шеткі, есік көзіне таяу тұрған үстеліне барып отырдым да, аударма саласының әлі ысыла қоймаған болашақ маманы ретінде жұмысқа кірісіп кеттім.
Мұнда да бір қызық болғаны бар. Мен отырған үстел — Адам Мекебаевтікі екен. Ол қазір демалыста жүрген болып шықты. Жиырма шақты күннен кейін Адам да оралды. Өз үстелінде алдына қағаздарын қобыратып отырған мені көріп, сәл состиып тұрып қалды. Соны байқай қойған Дүйсенбек Қанатбаев:
Оу, қайда барасың, кимелеп? Мына кісіні құттықтап қойыңыз, сіздің орныңызға отырды, — деді күлмей де дәнеңе етпей.
Адам абыржып, үндей алмай қалды.
Басшыларға барып біл, бұл жерде енді Сәкең отырады, — дейді Дүйсенбек әңгімені одан әрі көпіртіп.
Сәке, тартпада бір қағаздарым бар еді, соларды алайыншы, — дейді Адам.
Иә, қағаздарың болса, түгелдей алып кет те, Сәкеңе үстелді бүтіндей босатып бер, — деп тақымдайды Дүйсенбек.
Адам шығып кетті. Дүйсенбек мәз болып күледі кеп. "Ыңғайсыз болмай ма?" — деген маған, "Түк етпейді, қайтер дейсің", — деді де қойды.
Араға әудем уақыт салып барып Адам кірді бөлмеге. "Ой, сен де!" — деп Дүйсенбекке жақтырмай бір қарады. "Не болды?" — дейді Дүйсенбек.
Қойшы! — деп қолын сілтейді Адам.
Сөйтсек: "Орныма Сәкенді алған екенсіздер, енді мен не істейін?" — деп директорға барады ғой. Директор бәрін жайлап түсіндірсе керек. "Әу, орныңа отырды дедім ғой мен, "қызметіңді алып қойды" деген жоқпын ғой", — деп күледі келіп Д үйсенбек.
Сонымен, аударма редакциясында істеп жаттым мен. Бес-алты адам бармыз-ау деймін. Бастығымыз манаты айтқан Мұқаң, оған қарама-қарсы Атығаев Әбітай ақсақал отырады. Бір жақсы кісі еді марқұм. Оң жағында Төлеупов Нұрахмет, сол жағында Нәбиден Әбуталиев бар. Редакцияның негізгі діңі осылар сияқты болғанымен, бастыққа жақынырақ жүретіні — Нұрахмет екені байқалды. Екеуара үстел астымен бір қағаздарды көрсетісіп, жұрт көзін ала бере әлденені ымдасып отырғандарын талай рет көріп жүрдім.
Мен бұдан бұрын Талдықорған облыстық партия комитетінде қызмет істеп, Қазақстан Жазушылар одағына әдеби кеңесші болып келгенмін. Сол кезгі екінші хатшы Ілияс Есенберлин өзі шақыртып алған. Сағат тоғыздан қалмай жұмысқа барып, дәл алты болмай үйге қайтпайтын партияның бұлжымас темір тәртібіне әбден үйренген адамға Жазушылар одағындағы ұзын арқау, кең тұсау жұмысы көп-көрім қолайсыздық туғызған еді. Бір бөлмеде Қадыр, Қалихан, Аманжол Шамкенов бар, төрт адам отыратынбыз. Сағат бірде-біреуі кеңсеге бас сұқпайды. Мен қыздиып тоғызда келемін. Оннан бастап үздік-создық болып әріптес ағаларым келе бастайды. Бірде Қалихан:
Сен өңмендеп ерте келгенде не бітірем деп жүрсің? — деп "ұрысқаны" бар. "Ешкім сені керек қып жатпаса біз құсап онда, он бірде келсең де болады. Давай, сөйт!" — деген дүрсілдеп.
Бірте-бірте бұл жұмысқа менің де етім үйреніп, үйренген былай тұрсын, үйреншікті дағдыға айналып, жұмысқа түске таман келіп, кеткім келген кезде кетіп жүретін болып еркінсіп алғанмын.
Баспа ондай жайбасарлықты да, "өзім білемдікті" де көтермейді екен. Қолында жұмыс, оны бітірудің өлшеулі кестесі бар, содан ауытқу әсте қиын. Бос белбеу етіп, еркіңе жібере қоймайтын жер көрінеді. Бірақ, біреуге кіріптар болмауға құштар басым, жұмысын "әй, кәпір" атандырмай оңдыра тындырсам, менің қашан келіп, қайда кеткенімде ешкімнің жұмысы болмайтын шығар деп те ойлағам. Олай болмады. Бір күні Әбекең шақырды:
Сәкен, сенің үстіңнен болымсыздау шағым түсіп жатыр. Мұқаң сені "отырып жұмыс істеуге жоқтау екен" дейді. Мен: "Атқарған жұмысының сапасына қараңыз алдымен" деген болдым. Осы есінде жүрсін", — деді.
"Апыр-ай, ақсақал өзіме айтса өтім жарылып кетпес еді ғой, әлде мұндағы қалыптасқан тәртіп солай ма екен?" — деп ойладым да, әйтеуір енді жұмысымнан қайткенде кемшілік таптырмауға тырыстым. Бұл менің ғұмыр бойы ұстанған дағдыма айналды.
Небір қиын да қалың қолжазбаларды маған итере салу, қиямпұрыстау, тік мінез авторларды маған қарай сырғыта салу жиі байқалып жүрді. "Мінезі мінез емес, ә дегенге мә дейтін әдеті бар, көп істей қоймас" дегендей бір көзқарас байқадым да, "всем смертям назло" деп бір автормен шекіспеуге, алдымдағы жұмысты өзгелерден гөрі сапалы да тез бітіруге барымды сала тырысып бақтым. Бұл әдіс өз жемісін бере бастады. Редакция меңгерушісі де, баспа директоры да жылы қарап, қатарға ала сөйлесетін болды. Қалғандарына пысқырып қарап жатқан мен де жоқпын.
Бірде маған орысшадан тәржімаланған өзбек жазушысының қалың қолжазбасын қарауға берді. Бұл ең кемі екі-үш айдың жұмысы еді. Кітапты Тұңғышбай Смағұлов деген аударған. Бұрын көрмек түгілі атын естімеген адамым екен.
Алдымен қазақшасын сыдыртып тез оқып шықтым да, содан кейін асықпай отырып, орысшасымен салыстыра редакциялай бастадым. Аударма қасаңдау екен. Қазақша оқылатындай жатық шығарма ету үшін аудармашымен бірігіп біраз тер төгуге тура келетін түрі бар. Оның үстіне өте асығыс аударылған да, орысша кейбір мәтінді аудармашы түсінбей, жобалап тарта берген. Орысшасында негізгі кейіпкердің біріне есік көзіндегі хатшысы "Куйбышев келіп тұр" деп хабарлайды. Әрі қарай "Кешіріңіз, кешіріңіз" делінген аудармада. "Кешіргені" несі деп орыс мәтініне қарасам: "Просите, просите!" дейді екен. Аудармашы шала ғана "Простите, простите!" деп оқыған да, әлгіндей күлкілі жәйтке тап болғанын аңғармай қалған.
Кейін келе аудармада мұндай сорақылықтардың көкесі кезіге беретінін байқадық қой. "Полошел Шелленберг в щегольском генеральском мундире" дегенді: "Щеголь генера-лының мундирін киген Шелленберг", немесе: "Он любил отдыхать в фешенбельных курортах" дегенді: "Ол фешенебель курортында демалуды ұнататын" деп аудара салатын "аудармашылар" да ұшырасып қалып жүретін. Оның үстіне осы "аудармашылар" Жазушылар одағына мүше болып, кеуде қағып жүрді.
Бұл жігітпен қалай сөйлесуге болады? Аудармасын қайтып беріп, біраз жұмыс істетпей болмайтын сынайы бар, — дедім редакциядағыларға.
Қайтесің басынды қатырып, тездетіп қара да, өндіріске өткізіп жібер, — дегені олардың.
Содан іле-шала дәлізде директорым Әбекеңе жолығып қалайын.
Ол менің қолтығымнан алып, әрі-бері қыдырыстап жүрді де: "Сәкен, анау бір Тұңғышбай деген жігіттің аудармасын сен қарап жатқан көрінесің. Қалай екен, жігіттер тәуір аудармашы деп жүр еді?" — деп сұрады.
Тәуір түгі жоқ, Әбеке, — дейін мен төбеден түскендей дүңк еткізіп, — өте сапасыз, қайтарып берейін деп отырмын.
Әбекең әрі қарай қазбалап жатпады.
Сол күннің кешіне қарай бөлмеге дембелше келген қызылсары жігіт келді де, мені оңаша шығарып алып, Тұңғышбай Смағұловтың деп таныстырды өзін.
Сәкен, мен Әбекеңнің інісімін ғой. Жақсы ағаның қасында біздей жаман інілері де ілесіп жүретінін білесің. "Аудармаңды Сәкен қарап жатыр, ол білетін, білгенін өткізе алатын табанды жігіт. Айтқанының бәрін орындайтын бол!" — деп еді Әбекең. Қандай ескертпен болса да орындауға әзірмін. Ащы демей, ашық айта бер, — деді Тұңғышбай.
Көлгірсіп жатпай бәрін өзіне көрсетіп отырып, қолжазбаны қайтарып бердім. Обалы не керек, ол қалған жұмысын адал атқарып шықты. Кітап бірсыдырғы тәуір аударма қатарында оқырман қолына тиді.
Сөйтсем, бұл да редакциядағылардың мені сынап көрсек деген әдістері екен. Бұл мына бетімен директордың інісіне қарсы шығады, оған бастық араласса, арты шырғалаң шатаққа ұласып, өзі де бір бой көрсетіп қалар дессе керек. Тілеуіңді бергір Әбекеңнің ақылы ма, Тұңғышбайдың сабырлылығы ма, әйтеуір, "үрит-үрит" десіп отырғандардың ойына орай дау туа қойған жоқ.
Баспаға әуелі қатардағы редактор болып келгенімді айттым ғой.
Бір жылдан кейін, аға редакторлыққа "жоғарыладым".
Одан әріге бастыра қоймай жүрді.
Бұл кезде Нұртазин зейнеткерлікке кетті де, орнына Жаппар Өмірбеков келді. Беймазалау адам екен. Оның үстіне ә дегеннен екеуіміздің жұлдызымыз жараса қоймайтыны байқалған.
Мен ақыры осы аударма редакциясына біржола тұрақтап қала бердім де, бәріміз бір бөлмеде сығылысып отыратын болғанбыз. Жаппар ағам екеуіміз қарама-қарсы отырамыз. Редакциямызға Зәмза Қоңырова, Ақұштап Бақтыгереева, Сара Ләтиева сияқты қыз-келіншектер келіп қосылды. Мен қолжазбаны беттеу дегенді үйрене алмай-ақ қойған едім. Жүз бетке дейін көп-көрім дұрыс беттеп келемін де, әрі қарай қайта-қайта қателесіп, шатастырып ала беретінім бар. Соны сезген Зәмза бір күні: "Аға, мен беттеп берсем қайтеді?" — деді менің қалың қарыс қолжазбаны беттеймін деп ит әуреге түсіп отырғанымды байқап. Қуанып кеттім де, қолымдағы қағаздарды қобыратып ұсына қойдым.
Зәмза беттеп отырған. Сырттан кірген Жапекең: "Не істеп отырсың?" — деп сұрады одан.
Сәкен ағаның жұмысы еді, беттеп берейін деп.
Өзі неге беттемейді?
Мен шатастырып ала берем, — деп мен сөзге араластым.
Зәмза сенімен құқы бірдей редактор, істей алмасаң шыныңды айт, басқа жұмысқа сұран, ешкімді жалдап алған жоқсың, — деді Жапекең.
Зәмзаға бұрылды да:
Бер өзіне, өзі жазсын! — деді.
Бітіп қалып еді, аяқтап шығайын, аға, — деп Зәмза қарындасым да болар емес.
Оу, Жапеке, сіздің не шығыныңыз шықты осы? Кім беттегені сізге бәрібір емес пе? — деймін мен.
Неге бәрібір. Әркім өз міндетін өзі атқаруы керек.
Бөлмеде алты-жеті адам бармыз. Маған қарсы отырған
Жапекеңнің аңдитыны тек мен ғана. Шықсам да, кірсем де тексеріп, іздеп келген адамнан мені қызғыштай қорып жолатпай, өзі отырғанда сыртқа шығармай әбден жүйкеме тиетін болып алды. Бірер рет жүз шайысуға дейін барып қалып жүрдік.
Бірде "Жалын" баспасында жүр едім, онда олар Гоголь көшесінде болатын, бухгалтері келіп: "Сізді директорыңыз іздеп жатыр екен, тез келсін дейді", — дегені.
Жазған құлда шаршау жоқ, екі өкпемді қолыма ала жүгіріп Жазушылар одағының астыңғы қабатындағы өз баспама жетейін. Директордың кабинетіне кіріп барсам, бір топ кәсіподақ мүшелері отыр екен. Сөйлеп тұрған Жапекең мені көре сала:
Міне, бұл жігіт осындай, тіпті жергілікті комитеттің отырысына да жұртты тостырып қойып, өстіп кешігіп келеді, — дегені.
Көкетай-ау, мен білген жоқпын ғой. Жаңа "директор іздеп жатыр" дегесін, — дей беріп едім:
Директор іздеп жатыр демесек, сен қашып, ұстатпай да кетуің мүмкін ғой, — деп тұр менің Жаппар ағам.
Сөйтсек, кәсіподақтардың жергілікті комитетінде менің жеке бас мәселемді қарап жатыр екен. Жапекең әлі сөйлеп тұр. Менің қай күні қанша уақытқа кешігіп келгенім, қай күні жұмыстан ерте кетіп қалғаным, ұдайы өзіне қарсы келе беретінім, бастық екен деп тыңдамайтыным, қойшы, әйтеуір, қайдағы-жайдағыны тізді дейсің келіп. Оқта-текте қолындағы дәптеріне қарап қойып сөйлеп тұр еді, сөзін аяқтай келе: "Мұның кемшіліктері тек бұл емес, бәрін бүкпесіз мына дәптерге тізіп жүр едім, үстел суырмасынан ұрлап алып үш-төрт бетін өзі жыртып тастапты", — дегенді де нығыздай қосып қойды.
Әй, көкетай-ау, ұрласам сол дәптеріңіз құрғырды түгел құртпаймын ба, бірер бетін жыртып неғылайын? — деймін мен. Ол міз бағар емес.
Бұл тіпті өтпеген редакциялық кеңес мәжілісінің атынан жалған қаулы жасап, қолжазба өткізуде қылмысты әрекетке де барған. Солай ма, Нәбиден? — деп Әбутәлиевке қарайды.
Ол: "Ия, солай!" — деп бас изейді.
Оу, ағайын, — деймін мен. — Қолжазба өндіріске өтерде редакциялық кеңестің қаулысы керек, ол былай жазылады деп үйреткен өздерің емес пе? Нәке, осы сіз едіңіз ғой үлгісін қағазға түсіріп берген, — деймін шырылдап. — Әйтпесе жалған қаулы жазып, басы артық жұмыс жасап қолым қышып барады дейсіздер ме?
Нәбиден былқ етер емес.
Сондықтан, — дейді Жапекең, — бұл жігітке жазба түрде сөгіс жариялау керек. Енді қылдай кінәлі болған күні жұмыстан шығарылатыны да қатаң ескертілсін.
Түскі үзіліс таяп қалған мезгіл еді, асығып отырған әйел, еркегі аралас жұрт әлгі ұсынысты қостап қол көтере салып, есікке беттеді. Жергілікті комитет төрағасы Жамалиддин Босақов деген ұйғыр жазушысы болатын. Салмақты мінезі бар, бірсыдырғы орнықты адам сияқты көрінген. Жұрт тарап бара жатқан соң шырылдап соның қасына жеттім: "Ойбай, Жәке, — деймін, — жұрттың бетін байқадыңыз ғой, "Иманасовты атсақ қайтеді?" десеңіз де, "атайық!" деп қол көтере салуға дайын. Бәрі де енжар. Тым құрыса, маған да сөз беріп, екі жақты бірдей тыңдатпайсыз ба?"
Өй, мен де түк түсінбей қалдым. Қалай болып кетті өзі? Әлгі Жаппар ғой, кешеден бері жұртты үгіттеп... Жарайды, бұлай қалмас, қайта оралармыз, — дейді Босақов.
Ертесінде мені Әбекең шақырды. Әдетінше оны-мұныны сөз етіп отырды да:
Сәкен, осы Жаппар Өмірбеков екеуінің араң қалай? Бүгін маған үш рет кірді. Кешегі местком қаулысына орай саған сөгіс беру жайлы бұйрық шығарыңыз дейді. Мен болсам, оның жекебас ісін қараудың өзі артық болған екен, сондықтан да осымен шектелейік, — дедім. Жапекеңе не жамандық жасап едің? Сені сыртыңнан жамандап келеді де тұрады, — деді.
"Жапекеңе не жасап едім соншама?" дегенді өзім де ойланып жүргем.
Өзім сөйлесіп көрейін, Әбеке, — дедім.
Сөйтші, айналайын.
Осының алдында Африка ақындарының үлкен бір том өлеңдерін қазақ тіліне аударып, соған бас-көз болу маған тапсырылған еді. Жапекең де бірер өлең аударған. "Жарамайды екен" деп мен өзіне қайтарып бергем оларын. "Қай жері жарамайтынын көрсетіп берсеңші, қайта қарап, жөндейін", — деген Жапекең. "Бастан-аяқ жарамсыз, — дегем мен. — Көрсететін жері жоқ тіптен".
Ойбай, Сәкен, бастық қой Жапекен. Бастықтың аудармасы қалай жарамайды? — деп сөзге Нәбиден көкем араласқан.
Мұндайда бастықтың беделі емес, аударма көркемдігі шешеді, — деп мен де қасарысып болмағам.
Сол кітапқа ақыры ілдалдалап жүріп Жапекеңнің шағын бір аудармасын әрең деп кіргізгенім бар еді. Қаламақысын алар кезде азырқанған Жапекең:
Апырай, сен қолыңа бұдан үлкен билік тисе, кісіге күн көрсетпейтін түрің бар екен ғой, сонда менің аудармаларымды түгел жібере салғанда нең кетер еді, — деп өкпелеген.
Беделім кететін еді, Жапеке, — деп мен де болмағам. Оның бәрі жастықтың желігі, жастықтың кінәсі екен-ау. Дәл бүгін болса Сөйтіп қасарыспасым айдан анық. Халтураға біз ғана тосқауыл қоятындай-ақ әсіре принципшілдік танытатын кездеріміз екен ол.
...Содан кейін Жапекеңнің кек қайтарған түрі екен бұл. Оның үстіне редакциядағы сыбырлақтары да араға ши жүгіртіп: "Бұл Әлімжановтың жерлесі, Қайрат екеуі және дос (Қайрат Жұмағалиев — бас редактордың орынбасары, Әбекеңе жақын жүретін жігіт), бәрі бірігіп сіздің орныңызды осыған алып бергелі жүр", — дейді екен. Оны да кейін менен ешқандай зиян жоғына көзі жеткен соң Жапекеңнің өзі айтқан.
Күндер жылжып өтіп жатты. Баспаның бас редакторы Есет Әукебаев ағамыз қашан болсын осқырына ытырылып тұратын "жанына торсық байлатпастың" өзі. Бізбен өзінің орынбасары Қайрат Жұмағалиев арқылы ғана қатынас жасайды. Одан гөрі директорымыз Әбекең демократтау. Халжай айтып барсаң, ұйып тыңдап, хал-қадірінше айтқаныңды орындауға тырысатынын байқадым. Қатты қайырымға бармайды, теке тіреске жоқ адам. Кейде бір бастық ретінде бұра тартқан кінәсінің үстінен түсіп, бетіне басар болсаң құлағы, мойнына дейін қызарып шыға келетініне қарап, ұяты бар адам-ау деп ойлайтынмын.
Бірақ бұл кісінің де бірте-бірте маған деген қабағы салқын тарта бастады. Ең әуелі қайта басылуға ұйғарылып жоспарға кіріп тұрған жерінен әжептәуір көлемі бар кітабым аяқ асты сызылып қала берді. Алдына барып: "Бұл қалай болды?" — деп едім, Әбекең: "Сәкен, бәрін білем, қолымнан келмей қалды, айып етпе", — деп сырғытты. Директордың қолынан келмей қалу деген әзірге менің миым жетерлік сылтау емес еді. Соның алдында менімен құрдас Қайраттың, менен жасы кіші Қанатбаев Дүйсенбектің де қалың-қалың кітаптары шыққан болатын. Соларды айтып көріп едім:
Сәкен, сен обывательдің сөзін сөйлеме, әрнәрсенің өзі жөні бар, ақындарда әртүрлі ранга (өз сөзі) деген болады, — деп қысқа қайырды.
Үнжырғам түскен қалпымда басым салбырап көшеге шығып бара жатыр едім, қарсы алдымнан ол кезде Орталық Комитетте қызмет істейтін Әбіш Кекілбаев жолыға кеткені.
Еңсең түсіп кетіпті ғой, не болды? — деп сұрады ол сабырмен.
Жөнімді жөпелдете айтып шықтым.
Осылай жүре тұршы, — деп Әбіш мені сыртта қалдырды да, ішке жеке өзі кіріп кетті.
Көп тостырған жоқ, әне-міне дегенше қайта шығып қасыма келген Әбіш:
Директорыңа кіріп: "Әбеке, бір азаматқа ара түсейін деп келіп едім" дей бастап едім, бірден: "Сәкен Иманасовқа шығар", — дегені.
"Иә" — дедім. "Өзіне де айтып ем, сенбеді ғой деймін, шынында да менің қолымнан келмей қалғаны рас. Арғы жағын өзі пайымдай жатар. Келесі жылға сырғытып, бүгін — ертең шартын жасап қолына берейін", — деп отыр, соған келіс.
Келіспей қайда барам, Әбішке көп-көп алғысымды айттым да, қалғанын құдайдан күтіп қала бергем.
Сол кітабым әне-міне шығады деп тұрғанда тираж керек болып, тағы да директорға жүгінуге бардым. Егер баспа тілімен айтқанда бір тираж (сегіз мың данадан асуы керек) тиіп қалған жағдайда қаламақымның мөлшері екі есеге жуық көтерілер еді. Соның бәрін біле тұра Әбекең:
"Қазақ кітап" басшыларына барып көрсеңші, тираж жағы соларға байланысты ғой, олар аламыз деп жатса, менде қарсылық болмайды, — деп салқындау раймен шығарып салды.
"Е, бопты, тонымды алып қалар дейсің бе", — деп ойладым да, "Қазақ кітаптың" бас директоры ол кезде Садықов деген кісі болуы керек, салып ұрып соған бардым. Жай-күйімді естіп, бұйымтайымды тыңдап алған Садықов:
Ертең комитетте тираж жөніндегі комиссияның мәжілісі болады, егер баспа директоры ықыласты болып жатса, біз сұраған тиражын береміз, оған күмәнің болмасын, — деді.
Сол сөзді қаз-қалпында Әбекеңе айтып келдім. Ол: "Е, жарайды онда", — деді де қойды.
Ертесінде комитетке кеткен директорымды тағатсызданып күні бойы күттім. "Келіпті" деген хабар тиісімен Әбекеңді іздеп тағы жүгірейін. Қабылдау бөлмесінде директордың орынбасары Сәбит Сағынов жолығып қалып:
Саған тираж жоқ. Тіпті, сен туралы әңгіме қозғалмады, — деп өзінің түйеден түскендей лақ еткізіп бір-ақ айтатын әдетімен.
Салым суға кетіп, қайтсем екен дегенше, өз кабинетінен Әбекең де бері шыға келді.
Әбеке, тым құрыса, бір ауыз сөз айтпапсыз ғой, Сәбиттен естіп тұрмын, кешегі уәде басқашалау еді, — деп жатырмын әлі де үмітімді үзбей.
Әй, өзі бас дегенің де әбден қатты, анау Молдахмет Қаназов дегенге тираж әперем деп ит әуреге түскенім, — деп қайдағыны айтып бетімен лағып бара жатқан соң, ұялған тек тұрмастың жөні осы екен-ау деп, жөніме кете бергенмін.
"Жақсылығың күнде ұмыт, бір жаңылсаң — болды кек" деп Абай айтқандай болмайыншы, жақсылығын басыма үйіп тастамағанымен, жұмысқа шақырды, оның үстіне өзі де "достасып, туысып та кетуіміз мүмкін" деген емеурін танытып еді, бір жөні болар деп ойладым. Шын қамығып, ренжіген жоқпын.
Бірақ бұдан кейін де Әбекеңнен аса жылы қабақ көре алмадым. Шөміштен қақпаса да, басқаға көрсетіп жатқан ықылас-пейілі маған дегенде бірте-бірте тарыла берді. Әуелі мен істейтін аударма редакциясы екіге бөлінді. Шығарылатын әдебиет саны молайып, "Достық кітапханасы" және басқа классикалық шығармаларды аударатын редакция құрылды да, Төлеупов Нұрахметті соған меңгеруші етті. Бұрын да құрдас ретінде: "Жөні түзу, сауатты аннотация жазып көрген емессің, қалай аудармашы болмақсың?" — деп қалжыңдап жүретін едім, сол енді бастығым болып шыға келді. Бірақ одан дәнеме өзгерген жоқ, бұрын да мен жұмсайтынмын, Нұрахмет екі еткізбей орындайтын, обалы не керек, әлі де сол, айтқанымнан шықпады. Біреулер "бастық сен емессің бе" деп айдап салса да, арандатуға көнбей, бұрынғы қалыптасқан тәртіпті бұза қойған жоқ.
Марқұм Әнуарбек Дүйсенбиев бір күндері: "Бауырым, сенің директорың менен "Сәкен қандай жігіт?" деп сұрады. Замечательный жігіт!" — дедім. Әрі қарай қазбаламады, бір өзгеріс болады-ау деймін", — деді.
Дәл осы сөзді Қастек те айтты: "Менен сен туралы пікір сұрады, не дейін, мақтадым", — деп.
Тұрсынзада келді кеңкілдеп: "Әбекең менен сен жөнінде мінездеме беруді өтінді, "бірге істеп көрген емеспін, бірақ жұмысына мығым, міндетіне адал қарайтын жігіт болар дедім", — деп.
Дәл осындай сезді баспада юрисконсультант болып істейтін Тойболды Зейнабілов деген жігіттен де естідім. Нұрахмет ештеме дей қоймап еді, шөлмектес болып отырған бір сәтте "осы да бастықтарға жақын жүруге тырысатындар сортынан еді, бұдан неғып сұрамады екен, көрейін" дедім де: "Әй, Нұрахмет, осы сенің жоқтан өзгені жасырып, күлбілтелей беретінің-ай, әйтпесе Әбекең: "Сәкен қандай жігіт?" дегенде күмілжіп, жоқты-барды шатпай, не жақсы, не жаман деп тоқетерін бір-ақ айтпайсың ба?" — деп қалдым тосыннан.
Нұрахметім шынымен сасайын деді, онысын ыржалақтай күлгенімен жасырғысы келді де, маған итініп: "Тұра тұр, Әбекең сұрағанда былай болды ғой өзі", — деп тұсаулы аттай кібіртіктей бастағасын, әрі қарай тыңдамай орнымнан тұрдым да кеттім.
Бұл не болғандағысы? "Шіркінде ес болсашы сезет деген", — депті ғой Абай да, Әбекеңнің қай қыры екен?" — дедім де, оңаша отырған бір сәтін пайдаланып, бастығымның алдына тағы бардым. Бір нәрсе сұрап келді деп қалды ма, бұрынғыдай жік-жапар болмай, ресми ғана салқын қабылдады.
Әбеке, — дедім төтесінен бір-ақ тартып, — мен жайлы әркім-әркімнен суыртпақтап сыр тартып, пікір сұрайтын көрінесіз. Кім бүгін ағынан жарылып, адалын айтушы еді? Оның үстіне солардың бәрі де сізден шыға сала сүйінші сұрағандай маған келіп, болған әңгіменің шып-шырғасын шығармай айтып береді.
Одан да, Әбеке, — дедім әңгімемді әрі жалғап, — менің кім екендігімді шынымен білгіңіз келсе, өзімнен сұрамайсыз ба? Құдай біледі деп айтайын, мені өзімнен жақсы білетін адам жоқ әзірге. Адалымды айтып, өзіме-өзім баға берер болсам, жақсы-жаман қасиеттерім елу де елу болып таразы басын тең ұстап тұр.
Қой, — деп қалды Әбекең қысылғаны мойнының қызарғанынан аңғарылып, — жақсы жағың басымдау шығар, о не дегенің...
Жоқ, басым емес, сол пятдесять на пятдесять, — деп бітірдім сөзімді. Сөйтіп орнымнан тұрдым да, кабинеттен шығып жүре бердім. Ол кісі мені тоқтатқан жоқ.
Сөйтсем, қарауында істейтін адамдардың біреуі туралы екіншісінен әлгіндей пікір сұрап жүретін өзінің ежелгі әдеті екен. Жоғарыдағы әңгімені ұмытып кетті ме, кім біледі, бірде мені де шақырып:
Сәкен, осы Төлен Қаупынбаев қандай жігіт? — деп сұрағаны бар.
Төлен баспаға бізден кейін келді ғой деймін, проза редакциясында бірер жыл істегені бар.
Әбеке, — дедім, — өзім жайлы болған бір әңгімеде айтып едім, ұмытып кеткен секілдісіз. Төлен туралы мен не десем де ол жеке кісінің пікірі болып шығады. Таңертең жұмысқа келгенде амандасып жүрем, кетерде кейде қоштасамын, кейде о да жоқ. Қатар отырып бір шыны шай ішпеген адаммын. Қайдан білейін, оның қандай жігіт екенін, — дедім безбүйректеніп, — оның үстіне басшы адамның қарауындағылар жайында қалыптасқан өз тұжырымы, өз бағасы, өз пкірі болуы керек, — дегенді де қосып қойдым.
Мойнына дейін қызарған Әбекең үндемей қала берді.
Имандай шыным, бұдан кейін мен туралы өзгелерден пікір сұраса сұраған шығар, тек басқалар жайында "осы қандай жігіт?" деп Әбекең енді менен қайтып сұраған емес.
Баспада оннан астам редакция бар. Оларда Мағзом Сүндетов, Сағи Жиенбаев, Жұмабай Тәшенов, Дүйсенбек Қанатбаев, Әнсс Сараевтар меңгеруші болып істейді. Бұлардан басқа екі аударма, орыс әдебиеті, орыс аудармасы, ұйғыр редакциялары бар. Осылардың үстіне халық шығармашылығы және фольклор деп аталатын жаңа редакция құрылды. Оған Ісләм Зікібаевты бастық етіп қойып еді, ол көп отырмай басқа жаққа ауысып кетті де, меңгерушісінің орны едәуір уақыт бос тұрып қалды.
"Директор шақырып жатыр" дегенде әдеттегі жұмыс жағдайы шығар деп асықпай аяндай барсам, кабинетте бас редактор Есет Әукебаев, партия ұйымының хатшысы Сағи Жиенбаев, директордың орынбасары Сәбит Сағынов, бас редактордың орынбасары Қайрат Жұмағалиевтер отыр екен. Ұзын үстелдің шетін ала мен де барып жайғастым.
Сәкен, бізде бір ой болып тұр, — деді Әбекең алғашқы үнсіздікті бұзып. — Есләмнің орнына сені редакция меңгерушісі етсек деп едік.
О, құттықтаймын! — деп Сәбит үстел үстінен асыра қол ұсынды.
Қоя тұр, бұ жігіт өлі келісімен де берген жоқ, сен құттықтап жатырсың, — деді жайымен Әбекең.
Береді ғой, келіседі ғой, — дейді Сәбитте қосарланып.
Ләм-мим деп тіл қатпаған күйі сіресіп мен отырмын.
Неге үндемейсің, әлде атқара алмаймын деп қорқамысың? — дейді тақымдап Есағаң. — Редакция меңгерушісі болу келетін шығар қолыңнан.
Келеді ғой, неге келмесін, — деймін мен де тыныш отырмай аузымнан қағынып. — Бол деп жатса менің қолымнан бас редактор, тіпті директор болу да келетін сияқты.
Кабинет ішінде бір сәт тылсым тыныштық орнады. Тілдерін тістеп алғандай ешкім үн шығарар емес.
Ал, жақсы, тарайық, — деді Әбекең.
Бәрі де орындарынан тұрды. Мен де әркімнің бетіне бір қарадым да, ешқайсысы ештеме демеген соң үнсіз шығып жүре бердім.
Қайтадан өз орныма (аудармадағы) барып отырдым. Бір күн өтті, екі күн өтті, ешкім үндемейді. Халық шығармашылығы редакциясында істейтін Тортай Сәдуақасов қана:
Аға, келіп жаңа орныңызға неге отырмайсыз? — деп қояды қыңқылдап.
Бір апта бойы басшылар тарапынан ешқандай емеурін болмағасын, қағаздарымды жинастырып, өзіме тиісті оны-мұнымды алдым да, бұрын Зікібаев досым отырған орынға барып жайғастым.
Онда жаңағы Тортай, Айсұлу Қадырбаева, Нағима деген келіншек, Оңалбек Кенжебеков деген ақын жігіт істейді екен. Соларға бастық болып, аяқ асты "айдағаным бес ешкі, ысқырығым жер жарып" шыға келдім.
Мұнда да бір қызық болды, бірер апта өткен шамада біздің бөлмеге баспаның бас редакторы Есет Әукебаев кіріп келді де, жұрттың көзінше маған әлдене себеппен даусын көтере, қатты ұрсып қоя берді. "Айқайламай сөйлеңіз, ағасы!" — деймін ақырын, Есағаң болар емес, бидайдай қуырып әкетіп барады. "Оу, көке, айтарыңыз болса тым құрыса кабинетіңізге шақырып алып айтыңызшы, мынауыңыз ыңғайсыз болды-ау!" — деймін тағы.
Сен біз көрсеткен сенімді ақтайды ғой деп, өсіріп жүрсек, — дей берген Есағаң сөзін ортасынан бөлдім де:
Ағатай, қимағаныңыз сол меңгерушілік болса, осы қазір арыз жазып берейін, өзіңіз алыңыз да, құлаққа маза беріп, айқайламай барып тұрыңызшы, тегі, — дедім түтігіңкіреп.
Бас редактор бірден тосылып қалды да, шыға жөнелді. Енді бір сүт пісірім уақыттан соң телефон соғып:
Сәкен, маған келіп кетші! — деп бұйырды. Кабинетке кіре бергеннен:
Сен менің жүрегімді ауырттың ғой, түге, қуып шыққандай болдың ғой, мұны қалай түсіндік?— деді зілдене.
Аға, — дедім мен, — жүрек деген менде де бар, ол да ауырады. Қарауымда істейтін екі-үш жас адамның көзінше айқайлай жөнелуге сізге де ешкім право бермеген болар. Шын айтам, қимайтыныңыз редакция меңгерушілігі болса, құдай біледі, маған түкке керегі жоқ, мен мұнда қатардағы қызметкер болып-ақ жүре бере аламын. Осы қазір-ақ бұйрық жаздыра беріңіз.
Бұл жағдайды бас редактор директорға жеткізді ме, жоқ па — о жағы маған беймәлім. Бірақ өзі баспадан кетер-кеткенше қайтып маған айқайлауын біржолата тоқтатты.
Директордың кабинетінде жиналыс өтіп жатыр. Директорат мүшелерінен басқа барлық редакциялардың меңгерушілері шақырылыпты. Алдағы бесжылдықта жоспарға кіргізілуге тиісті республика ақындарының таңдамалылары екі том, үш томдық шығармалар жинағы жайлы әңгіме болды. Директор:
Таңдамалы мен көп томдық шығаруға лайық бірде-бір ақын қалып қоймасын. Ертең бәрібір арыздана бастайды. Ешкім қағажу қалмасын, — деп ескертіп жатты.
Поэзия редакциясының меңгерушісі Сағи Жиенбаев пен қайта басылым редакциясының меңгерушісі Жұмабай Тәшеновтер алдындағы тізімді мұқият оқып, директордың кітабындағымен салыстыра бастады. Директор бәрімізге қарап: "Енді ешкім қалып қойған жоқ па?" — деп қайта-қайта сұрай берген соң мен мектеп оқушысындай болып мүләйімси қол көтердім:
Ия, Сәкен, манадан кімде қандай ұсыныс бар деп сұрап жатырмыз ғой, қалып қойған кім бар, айт! — деді директор.
Таланты жағынан осы тізімдегілердің ешқайсысынан кем емес бір ақын жоспардан қалып қойған сияқты. Әлде сіздердің сындарыңңызға толмайтын, шарттарыңызға сай келмейтін жайы бар ма? — деймін мен де әңгімені ұзарта түсіп.
Иә, айтсаңшы, ол кім? — деп директор қаламын онтайлап мен атайтын ақынның аты-жөнін жазып алуға ыңғайланды.
Сәкен Иманасов деген де бір ақын бар сияқты еді, — деймін мен.
Қалай, Сәкен жоқ па еді тізімде? — деп қалды директор.
Жо, болу керек, — деп Сағи алдындағы қағазына үңіліп іздеген болады.
Іздемей-ақ қойыңыздар, үш-төрт оқығанда жоқ еді, енді қайдан тізімге ене қойсын, менікі жай сөз еді, әуре болмаңыздар, — деп жатырмын.
Директор үстелінің сол жағында жатқан, әдетте авторлардың арыз-мұңын жазып отыратын қалың кітабын алып, менің аты-жөнімді жазуға оқталды.
Әбеке, жазсаңыз жұртпен бірге мына тізімге кіргізе жазыңыз, ана кітабыңыздағы уәдені көбейтіп қайтесіз сол, — дедім.
Директор жақтан мардымды жауап болмады.
Ертесінде Жұмабай Тәшенов мені оңашалап:
Батыр, сен кейін айтпадың деп маған өкпелеп жүрерсің. Жоспар комитетке кетті. Сен жоқсың. Ендігісін өзің біл, — деді.
"Түйенің танығаны жапырақ" дегендей, менің құдайдай көретінім сол баяғы Жұмабаев. Сөлбірейіп алдына тағы бардым.
Әбеке, кеше көзқақты болса да әлдебір кітабыңызға жазып алып жатқан сияқтанып едіңіз, нақты білігі келдім, мен сорлыны әлі де кіргізбепсіз ғой жоспарыңызға, — дедім.
Сәкен, — деп өзіне ғана тән жылы-жұмсақ мәнерімен жайлап түсіндіре бастады Әбекең, — таңдамалы кітап шығару үшін лауреат, тіпті болмағанда оқулықтарға еңбегі енгізілген ақын болуы керек екен. Сен бәрінен тұлдыр көрінесің.
Лауреат еместер де жүр еді ғой.
Олар жоғарғы жақтың нұсқауымен кіріп отыр. Сен өзің де қызық жігітсің бір. Цк-ға, не комитет басшыларына бармайсың, айналып үйіріліп маған келе бересің. Арызданып көрмес болар ма, — деп жанашырлық көрсеткендей болды ол.
Ойбай-ау, Әбеке-ау, Иманасов қашан арыз алып келер екен деп күтіп отырған ЦК, комитет бар дейсіз бе, бәрібір сізге жібереді ғой, — деймін білгішсіп.
Дегенмен арызданып көрсеңші. "Жыламаған балаға емшек бермейді" дегенді білесің ғой.
Не керек, ақыры ешқашан жазып көрмеген арызды "Әй, жобасы осы болар" деп қағазға түсірдім де, Орталық Комитетке айдап кеп жібердім. Ондағылар тез қимылдайды екен, арада апта өтпей жатып баспа комитеті төрағасының орынбасары Скоробогатов дейтін орыстың атынан хат алдым. "Сіздің Орталық Комитетке жазған арызыңыз бізге түсіп еді, оны баспа директоры Жұмабаевқа жібергенбіз. Жұмабаев сізге таяу жылдар ішінде таңдамалы берудің ешбір реті жоқтығын дәлелдеп, арызыңыз аяқ асты қалмауы үшін көп ұзатпай бір томдық шығармаларыңызды қайта бастырып беруге келісіп отыр", — делінген.
Сол қағазды ала сала тағы да Жұмабаевқа барайын.
Әбеке-ау, ақыры берер жауабыңыз мынандай екен, әнеукүнгі мені арыз жазуға ауыздандырып неңіз бар еді, тоқ етерін сонда-ақ айта салмадыңыз ба? — дедім.
Иншалла, бұл жолы Әбекеңнің не дегені есімде қалмапты.
Осы төңіректе көп ойландым. Әбекең екеуіміздің арамызға қара мысық жүгірткен қай антұрған екен деген ойдың түбіне жете алмай дал болдым. Кейін өзім сырлас болып жүрген жігіттерге айтып, ой қорытудан түйгенім мынау боды. Мен Жазушылар одағында қызмет істеп жүріп, аяқ асты қысқартуға түсіп қалғанмын. Ол кездегі одақтың бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов еді. "Жазушының" директоры Әнуарға қарсыластар тобында. Мені, сірә, Әнуарға өкпелеп кеткен деп түйген де, мүдіртуге, кідіртуге күшім жетпегенімен, керек бір жерінде ұрып қалмасам да, үріп қалуға жарар деген болса керек. Менің о жағынан да мақұрым екенімді көрген соң, амалы құрып, қолды бір сілтеген түрі ме деп те ойлаймын. Әйтпесе, сол жылдары Сағи, Қайраттардың қалың-қалың кітаптары жиі шығушы еді. Сондай болмаса да өз бойыма лайық бір кітап шығарып беруге болатын-ақ еді ғой.
"Жазушы" баспа болып құрылған алпыс жылдан астам уақыт ішінде Әбілмәжін Жұмабаевтан көп отырған директор жоқ. Ол өзі шаруасына мығым, қай істе болса да кесіп-пішіп бір-ақ айту деген жоқ, "жақсы, дұрыс екен, ойланайық" деп, екі шоқып, бір қарайтын сақтықпен жұмыс істеген адам. Менің де бетімді қайтарып, қолымды қаққан кезі де көп бола қойған жоқ. Әйтеуір басқаларға ұқсап сыңарезулеп, тізеге салып шешсем дейтін пиғыл танытқанын көре қойған жоқпын. Бірақ ара-тұра сезге еретіні болушы еді. Ондай сөз көбіне менің ескі досым Қайраттан шығатын сезіп қалып жүрдім.
Бірде орыс ақыны Некрасовтың екі томдық шығармаларын аударып шығаратын болдық та, құрастырушысы, сұрастырушысы, редакторы түгел мен болдым.
Өндіріске тапсыруға таяп қалған кезім еді. Қайрат досым:
Сәкен, Некрасовтың қолжазбасын маған берші, алдын-ала бір қарап шығайын, — деді.
"Жыным ұстап" кетті.
Бірер күнде бітірем. Содан кейін сенің алдыңа келеді, сонда қарарсың, әрі-бері тасып жүрер түгі жоқ оның, — дедім.
Қайрат қыстыға безеріп қала берген еді. Іле-шала директор өзіне шақырды.
Сәкен, — деп бастады сөзін Әбекең, — әдебиетіміздің тірі классиктеріне айналған санаулы ғана тұлғалар бар. Солардың бірі — Әбу Сәрсенбаев. Ол кісі кезінде Некрасов шығармаларын аударуға көп араласқан. Енді соларды алып тастап, жаңа аударма жасатқанда біз не ұтамыз?
Алып тастады деген кім, Әбеке? — дедім.
Жігіттер айтып жүр ғой, сен өз бетіңмен жаңа адамдарға аудартып жүрген көрінесің.
Қазір, — деп шығып кеттім де, өндіріске даяр тұрған екі кітаптың мазмұны басылған он шақты бет қағазды қобырсытып алып келдім. — Ал, Әбеке, қараңыз, кім қалып қойыпты, жаңадан кімдер кіріпті.
Ол асықпай әлгі қағаздарды парақтап шықты.
Осы ғой барлық шығармасы? — деп сұрады.
Иә, осы, Әбеке.
Интересно, — деді Әбекең. — Жарайды, жібере бер теруге.
Сөйтсем, менің Қайрат досым: "Мына Сәкен Әбу сияқты "классиктердің" аудармасын жаратпай алып тастап, ешкіммен ақылдаспастан жаңа аудармалар жасатып жатқан көрінеді. Мен "көріп шығайын" деп едім, "біткенде бір-ақ көресің" деп маңына жолатпады", — дегенді көпіртіп айтып барса керек. Әртүрлі пікірді Қайраттан тәптіштеп біліп отыратын Әбекең оның сөзіне құлай кеткен.
Тағы бірде Александр Блоктың екі томдығы шықпақ болды да, Қайрат "Роза мен крест" деп аталатын үлкен драмасын аударды.
Сәкен, — деп кейіді Әбекең кітаптардың сүйінші данасын қолына алып тұрып, — "Өлеңдері мен поэмалары" деп айшықтап айдар тағасыңдар, сөйтесіңдер де драмасын аудартасыңдар, сол неге керек еді, тәп-тәуір дүниені осылай бүлдіретіндерің-ай осы, — деп барып, кітап мазмұнын қарап жіберді де: "Жұмағалиев" дейді, ей, — деп үнін бірте-бірте баяулата өшіре берді.
Осы баспада бас редактордың орынбасары болып жүрген сол Қайрат 1987 жылы маған келді. Кабинетте біраз әңгімелесіп отырдық. "Қуыс үйден құр шықпа" деуші еді, — деді ол менімен қалжыңдаса беретін әдетіне басып,— тамақ жібітер бірдемең жоқ па?".
Жазу үстелдің бір шетіне қағаз жайып, бір шөлмек коньяк ашуға тура келді. Соның буы ма, өзінің ішінде бір қыжылы бар ма, біраздан соң Қайратым:
Сәкен, осы сен Жұмабаев екеуіміздің үстімізден неге жаздың "домалақ" арызды? — деп сұрағаны.
Арыздың "домалағы" түгіл, төртбұрыштысын да жазып көрмеген басым, қатты сасып, біртүрлі болып мұздай тіксініп қалдым.
Қайдағы арыз?
ЦК-ға жазыпсың? Маған бір жауапты адам көрсетті. Сенің қолтаңбаң, — деді Қайрат.
Әй, Қайреке, — дедім мен, — Жұмабаев директор еді, қарауындағыларға тізесі батуы мүмкін, соған ерегесіп жазуы ықтимал адамның, ал үстінен арыз жазатын сен кімсің? Есектің миын жеген біреу болмаса, бұған кім сенеді?
Өзім көрдім ғой.
Онда жүр, сол адамға барып беттесейік, — деп, мен есікті іштен кілттедім де, — ал айт, кім еді ол адамың? — дедім.
Қазір ол Алматыда жоқ,— деп тайсақтай бастады Қайрат.
Әй, осы Совет Одағында болса, ертең менің қаржыммен жолға шығайық. — Мен әлгіндей жаланы естіп, жер басып жүре алмаспын, — деп қасарыстым.
Қайрат сөзінен тайқып, мұз үстіне қоя берген тайлақтай қалтыраңдап, қалжыңға бұра берген болды. Дүрдараз күйде тарастық.
Ертеңінде құдай айдап Әбекеңнің өзі келе қалғаны. Есікті іштен жауып алдым да, кешегі жағдайдың бәрін айттым.
Сәкен, — деді Әбекең, — сенің арыз жазбайтыныңа, жаза алмайтыныңа баяғыда көз жеткізген адаммын мен. Қайраттың не деп жүргенін білмеймін, өз сөзіне өзі жауап берсін, ол әңгімеде мені жоқ деп есепте. Ал арыз жазған адамның кім екенін мен жақсы білемін. Бір реті келгенде өзіңе айтармын да.
Әбекең бірдеме деді ме, әлде менің де қадалған жерімнен қан алмай қоймайтыныма көзі жетті ме, Қайрат та "мен қателесіппін" деп кешірім сұраған болған. Мұнысына мен сене қоймадым, ол да күмәнді күйде жүрген болуы керек.
1996 жылдың басында араға төрт жыл салып "Жазушы" баспасына Бас редактор болып мен қайта оралғанда Әбекең телефон соқты:
Сәкен, баяғы өзің жүргенде жоспарға кірген "Қазақтар" дейтін кітап бар еді ғой, соны әлі шығара алмай жүргем, — деп.
Алып келіңіз, Әбеке! — дедім мен.
Ә, шығара аласыңдар ма? — деп әбіржіңкіреп қалды Әбекең.
Шығарамыз! — дедім мен сеніммен.
Ешкім бетімді қайтарып, қолымды қаққан жоқ, араға көп уақыт салмай-ақ, "Қазақтар хақында" деген атпен ол кітап та жарық көрді. Бірақ Әбекең бұл жерде менің қаншалық үлесім барын аңғара алмай қалды-ау деймін, өйткені көбіне Есенғалиға (баспа директоры) кіріп жүрді де, мен жаққа ықыласты бола қоймағанын байқадым. Не ойлағаны ішінде.
"Жауды Жанғазы алады, атағы Бараққа қалады" дегендей, менің қанша күш салғаныммен, "директорсыз шеше қойды дейсің бе" деген де бір ой жүгіріп өткен сияқты болады да тұрады. Өзі маған ол жайлы ләм деген жоқ.
Өйткені, осы мезгілде маған бұрынғы бас редактордың бірі Есет Әукебаев келіп: "Осы баспада әр кезде бас редактор болған орыс, қазағын қосқанда төрт-бес майдангер қалыппыз. Бізді бұл күнде бәрі ұмытып кете береді, сен өзің қолға алып, бәріміздің басымызды қоссаң қайтеді, қарт адамдар мәз болып қалар еді" — деген өтінішін айтты.
"Жарайды" дедім де Есенғалиға айтып, қыздарға шай дайындатып, Құланбай Көпішев, Сағынғали Сейітов, Егеров дейтін орыс, Есағаңның өзі, бәрін шақырып, тонға жарамаса да, жолға жарарлық сый-сияпатын жасадық.
Ағаларым да сөйлегіш екен, бірімен бірі жарыса жамырасып: "Айналайын Есенғали, сен бір үлкен азаматтық жасап отырсың сенен бұрынғы директорлардың бірде-бірі бізді ойлап, бүйтіп басымызды қоспап еді, көп рақмет!" — деп алғыстарын дейсің келіп. Мен жайыма қалдым. Жақсылықты сатпайды деп жатады ғой, дегенмен бірінші басшы тұрғанда сен де кісі болып бірдеңе жасай қояды-ау деп ойламайтын надандық көре тұра налымай қала алмайды екенсің.
Авторлардың да әртүрлілері бола береді. Біреуі сып-сыпайы болып келеді де, бірте-бірте тырнағы барын танытқысы келіп қысым жасауға көшеді. Енді біреулері бірден ықтырып алмақ болып, доңайбат жасай дүрдие келеді де, одан имене қоймайтыныңды сезіп, қайтадан мысықтабан мінезге басады.
Бірде Ақтөбе жақтан Жанғалиев деген автор келді. Қартаңдау адам екен, сыпайы қабылдап, жылы қабақ танытып жатырмын. Өлең жазады екен, соларын кітап етіп шығармақ. Оқып көріп едім, өлең ауылынан аулағырақ жайылып жүрген адам екені бірден-ақ аңғарылып қалды.
Өлеңдеріңіз сын көтермейді екен, ақсақал, кітап етіп шығарудың мүмкіндігі бола қоймас, — дедім бірден тоқ етерін айтып.
Өзі сойған түлкідей болып, жылусыз жымиып қарайды екен кісіге. Өте сүйкімсіз жылмиыс.
Қайтесің бос сөзді, бәрібір шығарасың. Одан да қабылдап алып, тезірек шартын жасап бер, — дегені үстеліме бір шынтақтай қисайып отырып алып. Сығырая қарап, сынағандай болып жылмиып қояды.
Жарамайды деп отырмын ғой сізге, түсінбедіңіз бе? — деймін ыза бола бастап.
Жарайды. Жаратасың. Бәсе, Саттар Имашев та айтып еді олар өз бақшасына жолатпауға тырысады, бірақ шығарамыз деп. Шын болып шықты ғой.
Имашев ол кезде бүкіл республиканың идеологиясын басқаратын Орталық Комитеттің хатшысы. Түкірігі жерге түспей тұрған кезі, соның атын атасам бұтына жіберіп қояр деген бопсасы да болуы керек.
Имашев өлеңіңізді оқыды ма?
Баяғыдан оқып келеді. Көп жыл бірге қызмет істегенбіз, мақтап отырады ылғи. Шығартам деп отырған өзі.
Дәл солай десе, ол кісіңіз де алжи бастаған екен. Ал, жақсы, ойнасақ та біраз жерге бардық-ау деймін, ақсақал, қағазыңызды жинап алыңыз да, енді бара беріңіз, — деп қуанғандай болып шығарып салған ем.
Қуырдақтың көкесі соңында жатыр екен, әне-міне дегенше болмады. "Жұмабаев шақырып жатыр" — деп хатшы қыз кетті дедектеп.
Барсам, жаңағы шалым қаздиып, үстеліне шынтақтай жайғасып алып директордың қасында отыр.
Сіз бір минутқа шыға тұрыңызшы, өзім шақыртайын. Сәкенмен бір ауыз оңаша сөйлесейін, — деді Әбекең.
Оңаша қалғасын:
Сәкен, бір үлкен лауазымды адамға уәде беріп қойын ем, қарап көрсең қайтеді? — деді.
Әбеке-ай, ішінде іліп алар жыланқарағы болса бірдеме жасап көрер ем ғой, құдай ұрғанда ныспыға түк жоқ болын тұр ғой, түк жоқ.
Әбекең менің ымыраға көнбесімді бірден байқады да, Сағи Жиенбаевты шақырды. Ол поэзия редакциясының меңгерушісі болатын.
Сағи, сенде адам көп қой, біреуіне жалынсаң да жасатарсың. Бір адамға уәде беріп ем, қысылып тұрмын. Сәкен жаратпапты, рас та болуы керек, — деді.
Жарайды, жақсы — деп лып ете қалды Сағи.
Әбекең әлгі авторды шақырып алып:
Мына Сағимен еріп барыңыз, қалғанын өзі айтар, — деді де бәрімізді босатты.
Ақыры ақын Ұлықбек Есдәулетов бір ай көз майын тауысып отырып, әлгі автордың жазғандарын ілдалдаға келтірді білем. "Әй, өзімнің де сілікпем шықты-ау әбден. Сәкең (Сағи): "Жасап бере салшы, тұқымы құрысын", — деген соң, амал не, біраз барымды жұмсадым", — деген ол да.
Ол кітабы да шықты. Енді құтылдық па деген кезде Жанғалиев жылмиып тағы жетті. Ақтөбенің облыстық газетіне әлгі алғашқы кітабын мақтаған рецензия да жариялатып, соның қиындысын ала келіпті.
Екінші кітабымды алып келіп ем, — дейді маған арамызда бұрын абыройсыз әңгіме болмағандай-ақ.
Сіз Сағиға барыңыз. Кітабыңыз сол редакциялардан шыққан, — деймін ат-тонымды ала қашып.
Білем, бірақ директор сізге бар деді, шығарып береміз деп отыр. Оның үстіне қолжазбамды Әбекең (Әбділда Тәжібаев) оқып шығып, мақтады. Міне, тұсына жазғандары да бар, — деп қолжазбасын ашып көрсетті.
Қолжазбаны шынында Әбділда Тәжібаев оқып шығыпты. Қайран сабазың, алдына барған әжептәуір ересек адамның сөзін қия алмаған сияқты. Кей бетіне: "Осы арада жылт еткен бірдеме бар сияқты", "Түу, бос лағып кеттің ғой!", Қайран қор болған есіл уақытым-ай!" — деген сияқты ескертпелер екен.
Оу, көке, мақтаған түгі жоқ қой! — деймін.
Е, міне, оқымайсың ба, міне: "Мына шумағын алуға болады" деп жазылған ғой, — дейді ол иісалмасың да.
Апыр-ау, осыншама дүниеден бір шумақ алуға болмаса несіне апарғансыз. Әбекең де не десін бұдан артық, — деймін күйініп.
Сен өзің өле алмай жүрген жігіт екенсің, айтпап па едім бұрын "шығармаймын" дегеннен абырой таппайсың деп. Сол айтқаным — айтқан. Шығады кітап, — деп кабинеттен зілдене басып шығып кете берді ол.
"Уһ" дей беріп ем, тағы да директор шақырды.
Жазған құлда шаршау жоқ, тағы бардым. Тағы сол өнбес дау. "Сәкен, Әбділда ағамыз оқып шығып, риза болды деп отыр мына кісі. Бұ қалай?" — дейді "байғұс" директорым дегбірсізденіп.
Автордан қолжазбасын сұрап едім, бергісі келмеді. "Әбеке, өзіңіз алып, парақтап көріңізші!" — деп жалынам Жұмабаевқа.
Екеулеп отырып, тартып алғандай болып, әупіріммен әзер колға іліктірдік қолжазбаны. Бергісі келмейді қолымызға.
Директор да бір шикіліктің иісін сезе бастады-ау деймін, авторға:
Сіз қабылдау бөлмесіне бара тұрыңызшы, бірер минутке, — деп жалынды. — Біз оңаша ақылдасып алайық.
Авторды арқанмен сүйрегендей әрең деп шығарып жібердік те, Әбекең екеуміз қолжазбаға үңілдік. Әбділда Тәжібаевтың қинала оқып, ұяттан аттап кете алмай азапқа түскенін көрсететін белгілері, ескертпелеріне қарап, түкке тұрмас іске осынша уақыт шығын етіп отырған өзімізді де аядық.
Әбекең әлгі авторды ішке шақырды. Өзі бойын тіктеп, қатайып алды.
Ақсақал, үлкен басыңызбен айтқан соң сеніп қалып ем Әбділда мақтады дегенге. Мұнда мақтамаған, қайта боқтаған екен. Кітабыңыз жарамайды. Бұрын бір рет тізеге салғам, енді болмайды. Бұл жігіттің мазасын алмаңыз, мен мұны таяқтап ұрып істете алмаймын ғой, бітті, барыңыз! — деп айдап шықты.
Автор шығып кеткен соң барып, ептеп сабасын түскен Әбекең:
Әй, Сәкен-ай, мен бұл адамнан әлі құтыла алмаймыз ба деп қорқам. Жә, арғысын көрерміз! — деп мені де шығарып салды.
Авторлар алдына шағыммен барса, бірден байбалам салмай, алдымен екі жақты да тыңдап, анық-қанығына көз жеткізіп алуға тырысатын еді. Бірде менің үстімнен Көбей Сейдеханов арыз айтып барыпты. "Жыр шашу" деген атпен кезекті бір ақындар айтысының материалдарын кітап етіп шығармақ едік, соны Сәкен жөн-жосықсыз қысқартып жатыр деген көрінеді.
Әбекең шақырды. "Сәкен, мен осы айтысты теледидардан үзбей көріп, тыңдап келемін. Жақсы ғой. Соны үзіп-жұлып қысқартпай-ақ түгел тұтас шығара беруге болмай ма?" — деп сұрады.
Құлақпен тыңдау бір басқа да, көзбен оқу бір басқа той, Әбеке. Теледидардан керіп отырғанда: "Жүз саулықтан жүз жиырма қозы алды біздің Дүйсекең" деген сөздер де жұп-жұмыр болып естілуі мүмкін. Ал осы өлең бе? Біз қысқатпақ айтыстың құнын түсіретін әлгіндей тұстарын, іліп алары жоқ жасық шумақтарын қысқарттық, — дедім.
Әй, ол да жөн екен. Әлгі Көбей басқаша айтып еді. Жарайды, өзің біліп істей бер ендеше, — деді бастығым.
Әбіраш Жәмішев аударған әртүрлі елдер ақындарының бір жинағын редакциялау маған тапсырылды. Оқып шығып ем, балдыр-батпақтау қойыртпақ бірдеңе екен. Не әдебиетке, не авторға, не баспаға абырой әперетін дүние емес, әйтеуір. Жәмішев ағама соны айтып едім, қабыл ала қоймай, жүзі күреңіте шығып кетіп еді, іле-шала тентектік жасап қойған баладай болып директордың алдынан тағы шықтым.
Не үшін шақырғанын ішім білім тұр, алдын-ала жазылған 4-5 беттік қағазға түскен пікірімді ала бардым да, үн-түнсіз Әбекеңнің алдына қойдым. Ол қағазыма бір, маған бір қарап, "бара бер" деп ымдады.
Жұмабаев пен Әбіраш Жәмішев екеуі бір ауылдан, әрі дос-жар адамдар екенін білетін едім. Бірақ, Әбекең ол әңгімені әрі қарай өршіткен жоқ, не ойласа да өз ішінде қатып қала берді.
Мен редакция меңгерушісі болып жүрген кездегі тағы бір үлкен дау әйгілі "Бес ғасыр жырлайды" антологиясының төңірегінде болып еді.
Бұл антология бұрын да жарық көрген. Ел-жұрттан жақсы бағасын алған, пышақ үсті сатылып кеткен кітап болатын. Уақыт өте келе толықтырып қайта басудың қажеттілігі туып еді. Құрастырушыларды да ежелден елге белгілі Мұхтар Мағауин мен халық шығармашылығын зерттеуші марқұм Мардан Байділдаевтар еді. Бұрынғы кітапқа да көп өзгеріс енбеген. Әртүрлі себептермен ысырылып келген жекелеген жыраулар шығармаларын қосу ғана ұйғарылған. Сол кездегі Академияның М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институты да қолдау көрсетіп жүргендей еді.
Айтыстың бөрі қолжазбалары өндіріске өткізер кезде басталды. Ең алдымен баспаның бас редакциясы мен әлгі әдебиет институтының басшыларының басын қосып кеңейтілген редакциялық кеңес өткізуім керек еді. Сол кеңес үстінде институт директоры Мүсілім Базарбаев маған орынсыз бір сұрақтар қойып, бүйректен сирақ шығара бастады. Басқадан бұрын менің шамыма тигені оның жөн-жосықсыз: "Ең алдымен әр томға (барлығы 3 том еді) қанша ақын-жырау, әр автордан қанша жол өлең кіргізілгелі отырғанын айтшы!" — деген сауал болды.
Мұсеке, колхоздың қойын санап отырған жоқпыз ғой, автордың бәрі талант дарынына қарай іріктеледі, соңында қалған мұрасының көлеміне қарай біреуінен көп, біреуінен аз дегендей, бұл енді ең маңызды жағы емес қой, — десем тағы біреулер қосылып, дау ушыға түсер болды да, кеңес мүшесі ақын ағам Мұзафар тұрып: "Мұсеке, "Ханда қырық кісінің ақылы болады" деуші еді, бастық сіз ғой, сөз аяғын тоссаңызшы", — деп ара ағайын сөзін айтып әрең басқан.
Мен көп жәйтті аңғармайды екем. "Бұл кітаптарға тосқауылдың тап бола беретіні несі?" — деумен ғана жүретінмін. Астарына тереңдеп бойламаппын. Менікі, әйтеуір, елге қажет ұлы мұра сиырдың бүйрегіндей бөлшектенбей тұтасымен жариялана берсе деген шынайы ниет қана еді. Өзімізде әмір-билік, сөзімізде бұйрық жоқ, әйтпесе әй-шайға қаратпай, бір-ақ күнде баспаханаға жібертер едік, — деп кіжінетінмін тек.
Соңғы жылдардың бірінде жарық керген Мұхтар Мағауиннің "Мен" деп аталатын ғұмырнамалық хамсасын оқып отырсам, сол кітаптың 558-559-беттерінде бұл даудың түпкі сыры ашыла түсіпті. Сол арасынан үзінді келтіре кетсек Мұхтар оған ренжімес. "Бұл жерде "Бес ғасыр..." төңірегінде жанжалға ғана қатысты біраз кептің басын шаламыз, — депті ол. — Онда да түгел емес. Айта берсек бел турасында тағы бір кітап жазуға болар еді.. Сонымен, Институт директорының ресми өктем хатынан (Мүсілім Базарбаевтың баспаға жолдаған "Бес ғасыр жырлайдыны" шығару құқығы тек институт иелігінде" деген сыңайдағы хаты) бұрын да бұл төңіректе әжептәуір әңгіме болған Алаш азаматтарының мүлкін аударып алған үйреншікті дәстүр бойынша... 3 том кітаптың бірінші бетіндегі ұлтшыл есімді советшіл есіммен алмастырса жетіп жатыр. ...әп-сәтте үш томдық мәңгілік кітапқа ие бола кетуге сенімді, серпінді талап жасаған Әнуар Дербісәлин "Жазушы" баспасының басшылығымен, оның ішінде партиялық тұғыры берік бас редактормен жылы жүзді, мол үмітті кездесулер өткізіп жүргені мәлім болды. Баспаның екі басшысы да әжептәуір қопаңдап қалған. ...Поэзия редакциясының меңгерушісі, дарынды ақын, бірбеткей азамат Сәкен Иманасов мұндай былыққа бармайтынын ашық айтты; мен мысқылдап, бас шайқап күлгенде ол мүлдем қайран қалып, ашуланып отырар еді; екі үлкен бастығына да "Алдаспанның" бұрын шыққан, кейінгі басылым соны қайталау екенін, мұндай адамгершілікке жат, ар-ұятқа сиымсыз істің аяғы шатақ боларын айтып "Менің авторым — Мұхтар Мағауин — сіздерді сотқа берсе де жеңіп шығады, қандай жағдайда да мен қиянатқа бара алмаймын" деп мәлімдепті".
Әрине, сол жүйкеге тиер ұзақ сарсаңды текетіресте те жеңіс ақыры біз жағында болғанын айта кетуге тиіспін. Шындық үшін табанды күрес жүріп еді. Оны да әлгі аталған кітабында Мұхтар Мағауин былай түйіндепті. "Бес ғасыр жырлайдының" соңғы жарты жылдағы бар шатағын менімен бірге ақтарысқан бөлім бастығы Сәкен Иманасов тоғыздан бес минут өткенде телефон соғып: "Мұхтар, бір түсініксіз нәрсе болып жатыр, мен ештеңе білмеймін бас редакторға келші, тезірек", — дегені. "Ә... — дедім мен, қазақтың айрықша сыйлы сөздерімен қоса шықты. — Тағы бастаған екен ғой. Қазір көрсетейін мен!..." дей келіп, біраз нәрсеге оқырман көзін жеткізіп алды да, сөз соңын: — Әлі есімде, бір әрпінде қате жоқ, бас редакторға сол қалпы, дәл былай дедім: Адамнан ұялмайтын, аруақтан қорықпайтын не деген құдай атқан кісісің? Бұдан бес жүз жыл бұрын жасаған жыраулар, сен тозаққа түскеннен соң бес жүз жылдан кейін де іздеушісі табылады!.. Дауысымды көтермей, әр сөзін шегелеп, бабымен айттым. Содан соң түрегелдім де, баяу басып жүре бердім. Есіктен шығарда артыма қарасам, ағам тас болып қатып к.алыпты. Сәкенге де бір минутқа ғана бас сұқтым. "Болды, — дедім, — Енді ешқандай шатақ шықпайды!" — деп тәмамдапты.
Көбі менің есімде жоқ. Бірақ кітап әлі басылып үлгермей жатқанда баспаға бас редактор болып сол Мұхтар Мағауиннің өзі келді. Желауыздар оның да кімнің демеуі, кімнің желеп-жебеуі арқасында келгенін өндіршектері үзіле айтып жатқан. Маған кімнің келгені емес, енді ырың-жырыңсыз жұмыс істеу жағы қажеттірек еді.
Амал не, қуырдақтың көкесі осы жерден көрініп, кеше өзі жан алыса, жан берісе күрескен антологияның құйрық-жалын енді жаңа бас редактор күзей бастады. Күзегенде де, баппен, шеберлікпен емес, шетінен сықпырта ат көтіне жіберіп, сыпырып алып тастай берді. Не дерімді білмей тілімді тістеп дағдарған маған: "Сірә, бұрынғы бас редактордан да асып түстің-ау" — деп тұрған шығарсың?!", — деп алып келіп өші бардай сыпырады. — Дымың ішінде болсын, бәрі дұрыс, бәрі орнына келеді!" — дейді және мені жұбатып.
Қайсысымен алыса берем, бұл кезде мен де қажып, шаршай бастаған едім.
Шамданыстың соңы әртүрлі шатаққа ұласа бастағанын байқадым. Тоқтамасам, өзімді өзім тежемесем әлдене жарға ұрындырарын да аңғарып, сақтана бастағам.
Бұл жаңа бас редактордың жаңа қызметке кірісердегі әсіре сақтығы ма, жоғарыдан келген әмір-бұйрықтың әсері ме, білмей, басым дал болған. Ақыры ойлана-толғана келе: "Е, әлгі жұрт айтып жүрген демеуші, жебеушілерінің "ақылы" шығар, бірден барып пәлеге ұрынып қалып жүрме, аңыс андып отырған дұшпандарын бар, бір күнгі кішігірім жеңісті малданып, алдағы шешуші үлкенінен қағылып қалып жүрме", — деген ғой солары деп түйдім де, қарсыласуды тоқтатқам.
Сол дүдәмал қалпы ішімде кете берген сауалға жауапты мен Мұхтардың "Менінен" тауып, көп жылдан кейін қанағаттанып едім... Араға төрт бес жыл салып барып ол кітаптарды мен де екі том етіп, әуелдегі нұсқасын қалпына келтіре толықтырып, қайта басып шығару жағында да өзім жүргенімді айта кеткім келеді.
"Мұның бәрін неге тәптіштеп айтып жатырсың?" — деген де сауал туып қалуы мүмкін. Әбекеңнен кейінгі директорларда сондай төзім, қарауындағылармен санаса жұмыс істеу әдісі кемшін соғып жатты. Кезінде оны да әңгімелеймін. Жоғарыдағы жайттың бәрі сол үшін керек еді.
1984 жылы "Жазушы" баспасы тұтқиылдан қасқыр тиген отардай болып бір дүрлігіп қалды. Бір мезгілде Сағи, Қайрат қызметтен кетті. Сағидың орнын Дүйсенбек басты да, Қайраттың орны (бас редактордың орынбасары) бос тұрып қалды. "Жалын" баспасында директор болып тұрған Қалдарбек: "Әбекеңмен сөйлессем қайтеді" деп еді, "қой" деп азар да безер болдым.
Сол күндері Қастек Баянбаев келді маған. "Мені Әбекең шақырды, — деді ол, — Қайраттың орнын ұсынды. "Жалын" баспасында да дәл сондай қызметте отырмын ғой, әуре болып қайтем", — деп едім, "Бізде перспектива бар, көп ұзамай бас редактор болып қалуың мүмкін", — дейді. "Ойланып көрейін", — деп кеттім.
Қалдарбек дегенмен Әбекеңе сөз салды ғой деймін, Қастек кеткеннен соң іле-шала Әбекең мені шақырды.
Сәкен, Жұмабай жұмыстан кетіп жатыр, қайта басылым редакциясына сені меңгеруші етсек деп едік, қалай қарайсың?
Менің орным тағы біреуге керек болып қалды ма, Әбеке?
Әй, сен де бір қызық жігітсің. Қайта басылым ірі әрі беделді редакция болғасын...
Мен сол "беделсіз" редакцияда-ақ отыра берейін, қисаңыз. Әйтпесе, маған поэзия редакциясын неге ұсынбайсыз? Сонау жылы ең алдымен сол редакцияға аламын деп шақырып едіңіз ғой мені, — дедім.
Дүйсенбекті осындағылардың бәрі жуас жігіт деген соң, поэзия редакциясына соны жіберіп едік.
Онда жуас жігіт қана отырушы ма еді, жақсы жігіт отырса қағынып кете ме? — дедім безеріп. — Жуас деген сөз жақсының баламасы емес шығар.
"Әй, мына кәпірге сөз өтпес" деп ойлады ғой деймін, бұдан әрі тәжікелеспей Әбекең мені еркіме жіберді.
Бірақ "человек предполагает, а бог располагает" деп орыс ағайын айтқандай, Әбекеңнің бұл ойы да жүзеге аспай қала берді. Кезекті демалысымды алып, Гаграға демалуға кетіп бара жатыр едім, аэропорт басында бірге істейтін Ермұрат деген жігіт жолығып:
Жаңалықты естідіңіз бе? Жұмабаев кетіп, осы әлгінде ғана орнына Сайын Мұратбеков директор болып тағайындалды ғой, — деді. — Мен сол жиналыстан шыға жеткенім осы мұнда. Бір адамдарды қарсы алмақшы едім.
Мен Кавказға қарай ұшып кете берген болатынмын...
* * *
Сайын екеуіміз бір өңірденбіз. Бір-бірімізді ертеден білетін едік. Мені ұшпаққа шығара қоймаса да, енді сөзім жерде қала қоймайтын шығар-ау деп үміттеніп қалғаным рас. Курорттан келе қолын алып құттықтадым. Бұл кезде Қалдарбек Найманбаев Жазушылар одағының екінші хатшысы болып кетіп еді, сол: "Сен бізге ауыс, көп пәтерлі үй біткелі түр, аппаратта жүрсең үй алуың оңай болады", — деді. Сөйтейін деп ойладым өзім де. Сайынға айтып едім: "Ой, сенің денің дұрыс па, келдік қой, міне! Бәленбай жыл осы баспада істеп, құрқол қайқайып кете бермексің бе. Тым құрымағанда қалың бір кітабыңды шығарып, жұртқа ұқсап, қалтаңды қампитып алған соң бір-ақ кетпейсің бе, кетсең", — дегені. Бұған да иландым. Үйренген ұжым ғой, бұйырған үй бола жатар, оның үстіне одақтың бұрынғы бірінші хатшысы Жұбан Молдағалиев уәде берген. "Мен бірінші хатшылықтан кетсем де, саған үй әперуге беделім жетіп қалар, қам жеме" деп дәмелендіріп қойып жүр еді.
Есағанды (Есет Әукебаев) бас редакторлықтан желкелегендей болып жүріп, әупіріммен әрең кетірдік-ау деймін. Зейнетке шыққысы келмей, кетер алдында мүлдем беймазаланып. жұрттың бәрін әбден-ақ ығыр етіп те біткен болатын.
Бас редактор болып Мұхтар Мағауин, оның орынбасарлығына Асқар Егеубаев келді. "Екеуі де Елеукеновтың адамдары" деп жүрді білетіндер. Сөйтіп баспа басшылығы судай болып жаңарды.
Бұрынғы қызметкерлер бірте-бірте жылыстап кете бастады. Қанатбаевтың орнына поэзия редакциясының меңгерушісі болып бұрын бізге беймәлімдеу ақын Исраил Сапарбаев келді.
Сайын екеуіміздің жұлдызымыз жақсы жарасып кете қоймады. Жоқ жерден жүз шайысып қала беретінді шығардық. Ең алдымен соның алдында тақырыптық жоспарда берік бекіп тұрған менің кезекті кітабым ойда жоқта сызылып қалды. Сыздырған жаңа директор, жерлесім ғой, жарылқайды деп мәз болып жүрген Сайын Мұратбеков екенін де бөгде біреулерден естіп біліп алдым.
Әу, ағайын, мұның қалай? Саған дейін көп әуремен жоспарға әрең кіріп еді, алдырып тастағаның қай сасқаның? — деп сұрадым одан.
Сіркесу су көтермей-ақ отыр екен.
Кейін шығасың ғой, жұрт келе салып өз жерлесінің кітабын шығарып жатыр деп тағы да сөз қылады, қайтесің, қоя тұрсаңшы, — деп бет бақтырмады.
Саған дейін де кітап шығарып келген адаммын, сенен кейін де шығарамын. Сенімен жерлес болғаныма кінәлі етсең өзің біл, — деп бір кеттім.
Исраил келердің алдында:
Дәл осы поэзия редакциясы менің қолым сияқты, қалай қарайсың? — дегенімде де:
Жерлесін қойып жатыр деп жүрер, — деп тағы қашқақтап жолатпағаны бар еді. "Апыр-ау, бұл қиын болды-ау, Талдықорған емес, Тамбовта тумағанымды қарашы!" — деп мен күлгем де қойғам.
Мұхтар ақылды жігіт қой, екі жылға жуық осында істегенде бір адаммен бет жыртысуға барған жоқ. Іске ыждағатты, өз міндетін барынша адал атқаруға жанын салады. Бірақ, бір ғажабы, не басшымен, не бағыныштысымен келіспей қалғанда да қатты қайырымға барып, жүз шайысып жатпады. Дер кезі жалтарып, дер кезі бұлтара да біледі. Бұл да ақылды адамға тән әдіс пе екен деп ойлаймын мен осы күнге дейін.
Сайын болса мүлдем басқаша. Жұртты жинап алып, жер-жебіріне жете ұрысу деген, "шеттеріңнен шырқыратып жұмыстан қуып шығам" деп айбат көрсету деген оған түк те емес. Бірер рет сондай жиналыстан соң оңаша қалып: "Ең алдымен, "бай болғанда, бақырып бола ма" дегендей, бастық адам айқаймен болмаса керек, екіншіден ешкімді қуып жібере алмайсың, тіпті, қуып жібере алғанның өзінде де баспаға тәжірибелі қызметкерлер керек, кіммен істеспексің? — деймін ескі достығымды арқаланып. "Өй, сен не білесің, күніне маған қызмет сұрап ондаған адам келіп-кетіп жатады", — дейді ол.
"Келіп-кетіп жататыны рас, бірақ солардың көбі онан қуылған, мұнан қуылғандар ғой, көп істеп тәжірибе жинақтаған қызметкер далада жатқан жоқ шығар" дегенімді құлағына қыстырар болмады.
Бұдан әрі тәжікелесе берудің ретсіз екендігін сезе бастадым. Оның үстіне мен тарапынан болған әлгіндей сөздер көңіліне түрпідей тиіп, көбінесе ұнатыңқырамайтындығын да байқатты. "Ақылың артылып бара жатса мен емес, сен директор болар едің ғой, араласпай тыныш жүр!" дегенді де айтпай — ақ аңғартқан.
Шын мәнінде мен сырбаз да сыпайы Сайынды енді мүлдем тани алмай бара жаттым. Әрбір сөзінен "әй, не де болса дегеніме жеттім-ау!" — дейтіндей тоқмейілсу, дандайсу байқалып қалып жүрді. "Сәке, өзің де жазушысың..." — дей бастаса біреулер: "Мен енді жазушы емеспін, мен енді шенеунікпін" деп тиып тастайтынды шығарды. Таңертең шығарған бұйрығын түс ауа бере қайта өзгертетін болды. Ол кезде баспада 170-180 адам бар еді. Солардың ішінен Нұрахмет сияқтыларды ғана өз маңына үйір етіп, сондайлардың ғана сойылын соғатын әдет шығара бастады.
Бір шаруамен директорға кірсем, үстеліне көлденең сұлай жатып алып, ілгері ұмсына түсіп, Нұрахмет бірдемелерді сыбырлап жатыр екен.
Сыбырлап болсаң, шыға тұршы, оңаша айтатын бір шаруам бар еді, — дедім Нұрахметке. "Мынау қайтеді?" дегендей ол Сайынға қарады.
Жарайды, қайта айналып келерсің, — деп, Сайын оны шығарып жіберді де: — "Осы бояушы, бояушы десе сақалын бояйды" деп, сен "Сәкен тура айтады" деген сайын не болып барасың өзің? Кісі отыр демей, баса көктеп кіріп келесің, айтқан ескертпеге айылыңды да жимайсың, — деп ұрысып ала жөнелді.
Қойдық, басекесі, бұдан кейін кабинетіңе шақырсаң да келмеуге тырысайын, — деп мен кеттім. Ол қысыла қойған жоқ.
Сөйтіп, Сайын екеуіміздің арамызда "қырғи қабақ" кіреуке пайда бола бастады. Иіліп алдына мен бара қоймадым, келмедің деп қылшығы қисайып жатқан ол да көрінбеді. Сыртқарыға сыр бермей сыпайылық қана сақтауға тырысып бақтық.
Бас редакторың орынбасары Асқар Егеубаев бұрын "ағалап" жүретін жас жігіттердің бірі еді. Ол да нағыз шенеуніктің өзі болып шықты. Бас редактор Мұхтардың өзі бөлме-бөлмеге кіріп, кейде тіпті құрғақ қысыр әңгіме айтып, жұртпен араласып-құраласып жүреді. Асқар болса, біразымыздың жасымыз өзінен үлкендігіне қарамай, болымсыз бір шаруаға бола бізді кабинетіне жиі шақыра беретінді шығарды. Мен оған да шыдамай: "Әй, қарағым, осы жерде Қайрат деген жігіт отырып еді, дәл осындай әңгімеге бола алдына жинап алмай-ақ бөлімдерді өзі аралап шығатын. Оқта-текте сен де сөйте салсаң, хандығыңнан түсіп қала қоймассың", — деп көріп едім, міз бақпай отыра берді. Әсте жаратпай қалғанын кейінгі бір әңгімелерінен байқап жүрдім. Кейде тіпті: "Бұл кісі директордың прямое подчинениесіндегі адам" — деп кекетіп қоятынды шығарды.
Онымен де кеңселік ресми қатынастан әріге бара алмай қалуым содан кейін еді.
Кейде ойлаймын, Сайынның сол директор болып тұрғанда кітабымды шығармағаны да, қызметімді өзгертпегені де дұрыс болған екен-ау деп. Әйтпесе, пенде емеспіз бе, бірде болмаса бірде бір атым насыбайдан көңілі қалып жүрсе: "Әй, осы итке бір жақсылық жасап едім, соны да білмеді-ау!" — деп ренжіуі де мүмкін ғой. Қазір алыс-берісіміз жоқ, басшы мен бағынышты емеспіз, жақсы ағайын ретінде араласып тұратын болғанбыз. Ол да бұрынғы сызылған сыпайы қалпына түскен. Мені көргенде сыздана қалмайды.
Әбілмәжін Жұмабаев пен Сайын Мұратбековтің жұрт басқару әдістері де әр алуан еді. Әбекең: "жақсы, дұрыс екен, ойланайык" деп, көзге ұрып тұрған оңай шаруаның өзін сәл кідіртіп барып, әупіріммен әзер шешетін де, Сайын сарт та сұрт бірден жасап алып, дұрыс-бұрысын артынан ойланатын. Күтпеген шегіністер жасап жататыны да содан еді.
Бірде біздің бөлмеге жасы егделеу бір адам келді. Өзінің қолжазба өткізуге келгенін айтты. Қолжазбаны қабылдап алатын кіші редакторымыз Нағима сол сәт қасарысып әлгі адамның өтінішін орындай қоймады. Баспадағы қалыптасқан тәртіп бойынша қолжазба екі дана етіліп машинкаға таза басылған, екінші данасы оқылған болуы керек. Сол шартқа сай келуін директор да, бас редактор да қатты қадағалайтын. Нағима соны сылтау етіп жатты.
Жаңағы адам Нағимаға ашуланып, қағаздарын қобырата ұстаған күйі бөлмеден шыға жөнелді. "Машинкаға да басылмапты", — деді Нағима.
Сол-ақ екен, әлгі автор Сайыңды ертіп, екпіндей басып, бөлмеге қайта келді. Сайын:
Әй, Сәкен, осы бюрократтықты қашан қоясыңдар сендер? Мына үп-үлкен адамды әрі-бері жүгіртіп қойғандарың не? Қабылдап ал қолжазбасын! — деді зіркілдеп.
Мен Нағимаға ымдап, "алып қал" дегеннің ишаратын жасадым да, жөнеле берген Сайынға ере шығып, кабинетіне бірге кірдім.
Өздерің тәртіп талап етесіңдер де, басы өзің боп тағы бұзасыңдар, бұл қалай болды өзі? — деймін оған.
Әлгі кісі менің мектептегі ұстазым еді, шала бүлініп жеткен соң сөйтпей қайтейін. Ештеңе етпес, не өзіміз бастырып алармыз, не өзіне қайтарып берерміз, қалдырып кетсінші, тек, — деді Сайын.
Соны бізді қырып жіберердей жұлқына жетіп бармай-ақ осында біреуімізді шақырып алып та түсіндіруге болар еді ғой. Жаңағы жерде мен де шап етіп бетіңнен ала түссем, басқалардың алдында не беделіміз қалар еді? — дедім де, ызаланып шығып жүре бердім.
Бұл жерде "мен олай істемес едім" дегелі отырған жоқпын. Кім біледі, мен одан да асырып жіберуім әбден мүмкін еді. Ал шынайы ел басқарып, жұрт билеуге жаралған адам дәл осылай істемейтініне көзім анық жетеді.
* * *
Сайынның да, Сайыннан кейінгі Марал Сқақбаевтың да бұл баспаға келулерінен кетулері тез болды. Екеуі де екі жылға жетер-жетпес уақыт қана директор болып істеді.
Сайын жөнінде әртүрлі алып-қашпа сөздер шығып жүрді. "Көп ұзамай кетеді екен" дегенді де естіп қалатын едік. Өзі ештеңе дей қоймады. Ол директор болып келгеннен бір жыл кейін жеке бір шаруамен сол кезгі Баспа комитетінің төрағасы Шерияздан Елеукеновте болғаным бар. Ол дәрежедегі бастықтың алдына бірінші де, соңғы да кіруім сол шығар деп ойлаймын. Сол бір қабылдаудағы әңгімеде сөзден сөз шығып, Шәкең:
Осы Сайынды түсінбей-ақ қойдым, — деп еді. — Сен Әбілмәжінмен істес болдың ғой, соны жұрт жуас дейді, жуас та болса, өз ісіне табанды, бірде-бір авторды бізге қарай ысырып салып көрген емес. Бәрін өзі шешетін. Ал мына Сайын... Осы жуырда Әбділда Тәжібаев телефон соғады. "Жазушыдан" өлең кітабы шықпақ екен, "соның әр жолына 3 сомнан қаламақы қойғызып бер" дейді. "Әбеке-ау, баспа директоры бар емес пе, қаламақы мәселесін солар шешеді ғой", — десем, "А, сен сонда о жерде шошқа тағалап отырсың ба?" — дейді. Үлкен адам, не дейін. "Көрейік, Әбеке!" — деуге ғана тура келді. Өзі шешетін істі бізге әкеп тіреп, Сайындікі не сонда, есі дұрыс па?
Шәке, директорды ЦК, одан қала берді сіздер тағайындайсыздар. Менімен ақылдасқан адамды көрген жоқпын. Ақылдаса да қоймайсыздар. Сондықтан ең алдымен алдыңызға келген менің өз шаруамды тезірек шешіп берсеңіз, — дедім.
Байқадым, Шәкең бұл сөзімді тым ұната қойған жоқ. Алдындағы арызыма қиғаштай бұрыштама соқты да, маған қарай сырғыта салып, "сөз бітті" дегендей үнсіз қала берген.
Сайынның ақындарға келгенде қаламақыға едәуір тарлық жасағаны да рас. Соның алдында "Сағи, Қайраттар жүз мыңдап қаламақы алыпты, директорға жақын жүрген тағы біраз ақындар ақшаны күреп алып жүр екен" деген қауесет гу-гу етіп басылмай тұрған. Мәскеудегі "Крокодил" журналына да барып жаңғырықты-ау деймін. Сайынның өзі де бір әңгімеде: "Поэзияның бізге түкке де керегі жоқ. Кез келген мықтымын деген ақынның кітабынан гөрі маған Амантай Байтанаевтың кітабын шығару әлдеқайда тиімді" — деп жөнсіз бір лепіргені есімде. Оның осы сөзінің бір жаңғырығын кейін Қалихан Ысқақовтың да аузынан естіп: "Осы біреуден естіген сөздің бәрін шын екен деп әсіре айтуды қойсаңдаршы!" — деп кейігенім де бар еді. Қалихан: "Дүйсенбек Қанатбаев қол басындай кітабына пәлен мың сом алыпты, оның орнына екі жақсы роман шығаруға болады екен" — деп соғып тұрған болатын.
* * *
...Үйде ептеп тұмауратып жатыр едім. Баспадағы жігіттер телефон соғып, Сайынның жұмыстан босап кеткенін, оның орнына "Мектеп" баспасынан Марал Сқақбаевтың директор болып келгенін айтты. "Е, мейлі, өзімді қойып жатқан ешкім жоқ, бізге кім болса да бәрібір емес пе", — дегем де қойғам.
Араға апта салып барып жұмысқа шықтым. Алдымен директордың кабинетіне кірдім. Марал Сқақбаев екеуіміз КазМУ-ге бірге түскенбіз, жарты жыл ма, бір жыл ма бірге оқығанымыз да бар-ау деймін. Кабинетіне кіріп, жаңа орын, жаңа лауазымымен құттықтадым. Құттықтай отырып: Қадірлі Мәке, құрдаспыз, сыйласпыз. Енді сен маған бастық болдың. Бастық пен бағынышты адам дос бола алмайтын сияқты. Сенен бұрын екі директормен қызметтес болдым. Екеуімен де "шәй" дескен жоқпын. Бірақ жақындасып та кете алған емеспін. Сенімен де арамыз керемет жақсы болып жарқылдап кете қояды деп ойламаймын. Біреулер жағымпазданбай жүріп-ақ жақсы көріне алады. Менде тіпті ол да жоқ. Сондықтан, бірден басын ашып алайық, қай дәрежеле қарым-қатынас жасағанымыз жөн? Ресми ғана қатынасайық десең, осы қазірден бастап артымды қысып, жұмысыма кірісемін. Жұмысымнан саған мін тапқызбасым тағы ақиқат. Жоқ, тең атаның ұлдарындай сыйлас, сырлас болайық десең, оған шыдап тұра аламын!" — дедім.
Марал: "Әй, кетші-ей, сен, қайдағыны шығармай!" — деп күлді: — Ультиматум қоясың ғой, тіптен. Бұрын қандай болсаң, сол қатынас сақталады деп біл. Болды ма.
Болды, — дедім де бұрыннан үйреншікті жұмысымды атқарып жүріп жаттым.
Бұл кезде баспаның бас редакторы болып Оразбек Сәрсенбаев келген. Ешкіммен басараздығы байқалмайтын, біртоға тұйық, айтуынан қайтуы тезірек жігіт сияқты көрінген. Бұрыннан таныспыз. Маралмен де ертеден дос екендігін әр сөзімен білдіріп жүрді. Оның орынбасары болып, кезінде осы баспада істеген Әнес Сараев келді. Күндердің күнінде жаңа директор жұртты жинап, бүкіл баспа ұжымын жанр және басқа жағдайға орай үш бірлестікке бөлгісі келетінін, оны үш адам басқаруы керектігін айтты. Проза, сын, ұйғыр редакцияларын бір бірлестікке біріктіріп, оған Әнес Сараев жетекшілік ететін болды. Орыс редакциясы, орыс аудармасы редакциясы бір бірлестік болмақ. Орыс редакциясының меңгерушісі Сергей Шумский деген жігіт болатын болды. Ал, қазақ поэзиясы, халық шығармашылығы, аударма редакцияларынан құрылатын бірлестікке жетекшіні сайлау қажет екен. Поэзия редакциясын Исраил Сапарбаев басқаратын еді. Директор сол екеуіміздің атымызды атады да: "Бірлестік жетекшісі болуға осы екі азаматтың қайсысы лайықты дейсіздер, таңдау сіздерден", — дегенді айтып, ерікті көпшілікке тастаған сыңай білдірді.
Сол кезде осындай бір демократиялық әдістер етек ала бастап еді, көп ұзамай бәрі де қайтадан сап тиылды ғой.
Жиналған жұрт бір ауыздан мені қолдап шықты. Бұл қызмет әрі бас редактордың орынбасары, әрі топ жетекшісі болып аталады екен. Соңынан Марал оңаша шақырып алып: "Сенің өтетініңе ешқандай күмәнім болған жоқ, өзіңе күні бұрын айтпағаным да содан", — деді.
Соқпа өтірікті, — дедім мен, — "Өтсе осылай дейін, өтпей қалса түк білмеген болайын" деген қулығың ғой бұл.
Әй, сен де... кетші бар! — деді Марал күліп.
Марал Сқақбаевпен бір жыл туған тол болғандығымыздан ба, кім білсін, әзіл-қалжың көтеретін дәрежеде тәуір ғана тіл табысып кеттік. Мұның маған ұнаған бір қасиеті "саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарамайтындығы" еді. Саған жүктелген міндетті жақсы біледі, сәт сайын, сағат сайын білгішсініп араласа бермейді, сырттан бақылайды. Кідіндеп жүйкеңе тимеген соң сен де бірқалыпты сабырмен өз ісіңді адал, әрі тындырымды атқаруға тырысасың ғой.
Бір кемшілігі "мен, мен" деген сөзді көбірек қолданатыны еді. "Менде қазір бір миллион сом қаламақының қаржысы бар", — деді бір жиналыста. "Бізде", — десеңші дедім тыныш отырмай. "Иә, бізде — дей берді де, — менде, ал қайтесің!" — дегенді қосты қасарысып.
Мен үндемедім.
Енді бір жиналыста: "Менің редакторларым" деген сөзді араластырып беріп еді, "менің балаларым, менің әйелім" деуге болар, ал редакторлар баспанікі ғой", — дедім мен. "Әй,қойшы сен!" — деп тағы мән бермеді Марал.
Кейін тағы біреулер мен құсап ескертті ме, әлде өзіне ақыл қонайын деді ме екен, әйтеуір бір байқағаным, оның сөздік қорынан "мен, мен" деген бұрынғыдай көп ұшыраса бермейтін болды.
1988 жылы мен елу жасқа толдым. Соған орай "Адырна" деп аталатын кітабым жарық көрмек еді, соның қаламақысын дұрыстап қойғызып алмаққа директорға кірдім. Қасында Оразбек отыр екен. Оразбектің адалдығына, жазушылығына шәк келтірмеген адаммын, бірақ қатты қайырымға жоқтау, майысқақтығына да тәнті бола бастаған едім. Сонысын осы жолы да көрсетіп қалды. Марал мен сұраған мөлшерді көпсінді ме, өлеңімнің әр жолына бұрын алып жүргенімнен де төмен соманы атады. "Оу, мен бұған дейін жоғары мөлшермен қаламақы алып жүрген адаммын ғой, елуге толғанда өлеңімнің сапасы кеміді ме, өзім көңілден шықпай қалдым ба?" — деп сұраймын. Сол кезде Оразбек те сөзге араласып: "Менің де кітабым шығып жатқанын білесің, сөз болып кетеді деп, маған да бұл орташа ғана мөлшермен қаламақы бергелі отыр", — деп қалды.
Саған ең жоғарғысын бере ме, жоқ мүлде қаламақы бермей қоя ма, онда менің жұмысым жоқ. Өзім бұрынғы алып жүрген мөлшерден төмендеуге көнбеймін, — дедім мен.
Мен қайтейін, амалсыздан көніп отырмын, — дейді Оразбек.
Апыр-ау, ертең бе, арғы күні ме, сен де кетесің ғой баспадан. Бұл жерге басқа адамдар келеді, сен тағы да кітап жазбай тұрмассың, көтеріңкі қаламақы алғың келетін кез болады, сонда: "Әу, ағайын, өзің бас редактор болып тұрғанда алғаның анау еді, енді бізге неғыл дейсің", — демей ме жұрт.
Оразбек:
Иә, дұрыс айтасың! — дегеннен әріге бара алмады.
Мен ақыры Маралды айтқаныма көндіріп барып бір-ақ шықтым-ау деймін кабинеттен. Кей кезде өзімдікі дұрыс екендігіне көзім анық жеткен тұста қадалған жерімнен қан алмай қоймайтыным да бар.
* * *
Екі жылға жетер-жетпес уақытта Марал да орнын Қалдарбек Найманбаевқа қалдырып, баспа директорлығынан кете барды. Уақытының да, жүйкесінің де біразы айтыс-тартысқа кетті. Сол кезде орыс әдебиеті бойынша да бас редактор болу керек деген шығып, Александр Егоров деген орыс қарты келген. Маралға қарсы топ құрып шыққан Нұрахмет Төлеупов пен сол Егоров екеуі ұжым мүшелері арасында едеуір іріткі салғаны бар. Мен бұлардың біреуіне де араласпай, бейтарап жүрдім де, бір рет Марал жоқта іс-әрекетін партия жиналысында қарамақ болған Егоровқа мықты дәлелмен қарсы шығып, аузына құм құйғаным бар. Өзі менен біраз қаймығып жүруші еді, сол оқиғадан кейін мүлде еңсесі көтерілмей, бір шаруаға араласарда маған жалтақтай беретінді шығарды. Сол жиналыс жайлы әлдебіреуден істеген болуы керек, іс-сапардан оралған Марал:
Сәкен, саған рақмет, мен жоқта сыртымнан ғайбаттатпай ара түскен екенсің, — деген еді.
Саған емес, әділетке ара түстім, — дедім мен.
Марал тағы да маған қарата қолын бір-ақ сілтеді.
Мен жұмыста жоқ едім, сол кездегі Баспа комитетінің төрағасы Халит Зәкариянов келіп, бұл дау-шардың соңғы нүктесін өзі қойды деп елден естідім.
Сол Марал Сқақбаев зейнеткерлікке шығып, зейнетақысы орасан көп екен деген қауесетке орай бір жолыққанда:
Сен жазушы, мен ақынмын. Құрдаспыз. Талант, дарын жағынан да менен аса қара үзіп кете қоймаған болуың керек. Сонда қай өте кеткен еңбегің үшін осынша көп пенсия алуға тиіссің? — деп сұрағаным бар.
Сен қызықсың, — деді ол. — Сендер серілік құрып, селкілдеп жүргенде мен мемлекет шаруасымен қағаз "кеміріп" отырдым, сендер қыз-қырқын қуып жүргенде, мен өкімет шаруасын атқарып отырдым. Сендер карта ойнап, арақ ішіп жүргенде мен мемлекет ісінің бір пұшпағын илесіп отырған шенеунік болдым. Сонда дұрыс пенсияны маған бермей саған беруі керек пе?
Мұндай дәлелге "дөрәк" қана дауласар деп түйдім де, әрі қарай қажасуды қойып едім.
Сайынның қолтығына кіріп алып, біраз тайтаңдаған Нұрахметтің жынын алдырған бақсыдай болып жүрген кезі еді ол. Құдайы иіп, Марал кетті де, Қалдарбек келді. Сол-ақ екен, Нұрекеңнің қайтадан "бағы жанып" жүре бергені. Қашан көрсең, ернін бір жалап қойып, директордың кабинетінен шығып келе жатады. Қалекеңнен айла артылған ба, қасына Нұрахметті ұстау да алпыс екі айласының бірі болуы керек. Әйтеуір ол директор болған кездегі ең сенімді серіктері сол Нұрахмет, Қазыхан Әшенов, әйелдерден Роза Қарымсақова, Ағималар болғаны ақиқат. "Осы баспада сенен жақын досым жоқ", — деп мені, "кете қалсам — орныма сені қалдырам" деп біресе Оразбек, біресе Әнесті алдаусырағып қойып, білгенін жасады да отырды. "Маңғыт — аузыңа саңғыттың" кебін киіп соңында әлгі "достары" қалды.
Ол өзі сен керегіне жарарда астына көпшігіңді қалыңдап қоя отырып пайдаланады екен де, енді қажетің бола қоймасына көзі жеткен сәтте орта жолда ат артынан түсіріп тастап жүре беруден тайынбайтын жігіт екенін талай рет танытты. Және соның бәрін сен ренжімейтіндей етіп қиюын келістіре жасайтыны сондай, айдалада жаяу қалдырғанына мың-мың рақметіңді айтып, разы болатындығыңды да аңғармайды екенсің.
Ол баспаға 1988 жылдың күзін ала келді. Содан бір күн бұрын баспаның өндіріс бөлімінде істейтін Алма дейтін қызды әлдебір пәтер мәселесімен Қазақстан Журналистер одағының хатшысы Мадрид Рысбековке алып барып ем. Қолымнан келгенше сондай бір қайтымы жоқ қайырым жасап жүретінім де бар менің. Кейін қанша өкіне жүре ол әдетті де қоя алар емеспін. Сол Мадридпен бір қабатта қарама-қарсы кабинетте Қалдарбек отырады екен. "Ара" (Шмель) журналында бас редактор. Мадрид шаруамызды бітірмеген соң шығып бара жатыр едік, Қалдарбек қарсы жолыға қалды да, кабинетіне шақырды. Едәуір әңгімеден соң бізді жұмысқа апарып салуға машинасын берді. Ертеңгі қызметі жайлы жұмған аузын ашқан жоқ еді, бір күннен кейін солаң етіп бізге директор болып шыға келгені.
Әр облыста "Жазушы" баспасының күндерін өткізсек, соны Талдықорғаннан бастасақ қайтеді? — деді бір күні. — Соған бас-көз болып өзің кірісіп көрсең.
Маған көрсетілген сенім екен деп, әукем салбырай кірісейін келіп. Талдықорған облысын басқарып жүрген, тіл алар азаматтарға телефон үстіне телефон соқтым. Олар да, обалы не керек, қолдарынан келгенінен аяп қалған жоқ.
Кімдер баруы керек екенін ақылдасқанда:
Мен қасыма Жекен Қалиевті алам, кітапқұмарлар қоғамын басқарады, сол жақтың азаматы, қалғанын сен өзің біл, — деді маған.
Мен Тұманбай Молдағалиев, Қайрат Жұмағалиев, Жүрсін Ермановтардан арнайы топ құрдым. Қайрат пен Жүрсін теледидар жағында істейтін. "Жүрсінді қайтетін едің?" — деп еді Қалдарбек, "барған жұмысымыздың нәтижесін насихаттауға керек, оның үстіне менімен жақын жүрген талантты ақын інім еді" дедім. Сол сапардан кейін не керек, бұл екеуі ежелгі таныстардай-ақ, мені шеткері ысырып тастап, қол ұстаса бірге қыдырыстайтынды шығарды. Бір-біріне деген рухани жақындықты сезді ғой деймін. Әлде мұны "жұлдызы жарасу" дей ме екен?
Осы үрдіспен бірер жыл ішінде Талдықорған жаққа топтанып төрт-бес рет барып қайттық. Талдықорған қаласында "Жазушы" аталатын кітап дүкенін ашып, соның салтанатына да Сағи, Тұманбай бәріміз барып, дүрілдете сайрандап қайтқанбыз. Сол сапарлардың бірінен соң Қалдарбек екеуіміз теледидардан сөз сөйлеген едік. Өзім көре алмай қалып, балам айтты:
Көке, саған Қалдарбек аға неге сонша кектене жек көріп қарайды? — деп.
Ертесінде соны айтып кеп едім, Қалдарбек:
Әй, өзім де ыңғайсызданып, ...сірә, шаршап жүргендікі болу керек. Көңіліңе алма, — дей салды.
Бұл 1989 жылдың орта тұсы еді. Қалдарбек бұрынғыдай емес, соншалық маған салқын қарай бастағанын енді өзім де сезетін болып қалып ем. Бір күні әлденені әңгіме етіп тұрып, қасындағыларға мені көрсетіп:
Бұл өзі менің сыртымнан "директордың досымын" дейтін көрінеді, — деп қалды.
Қой, — дедім мен, — сен соншалық мемлекет басқарып отырған адам емессің ғой, бар болғаны кіші-гірім мекеме ғана. "Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады" дегендей болма, қатындардың шығарып жүргені шығар. Дос болудан қашпақ, бірақ "доспын" деп мақтанған жерім жоқ.
Сол жылы Мәскеуде дәстүрлі кітап жәрмеңкесі өтпек болды да, жолға дайындықтың абыр-сабыры басталды. Бұрын жасалған ұйғарым бойынша Мәскеуге баратындардың ішінде мен де жүргем. Билет те алынып қойылды ғой деймін. Бірақ күн сайын бастығым тарапынан қырғиқабақ қылық көріне бастады. Ашып айтпайды, бірақ жүрісімді де, тұрысымды да жарата қоймайтын пиғылы бары байқала берді.
Соны сезіп:
Осы Мәскеуіңді қоя-ақ қой, мен бармайтын болдым, — деп едім, ол "о, неге?" деп сұрамастан: "Онда өзің біл, билетіңді Саша Шмидке бер, сол барсын", — дегені қуанып.
"Е, бопты!" — дедім мен де ішімнен. Бұл кезде арамыз алшақтай түскен еді. Жемтіктес пе, ентіктес пе кім білсін, баспаны да, директорды да Роза Қарымсақова билей бастаған. Ол Бас редактор Оразбектің өзін жүре тыңдайтын болды. Бір жиналыста Оразбек: "Роза, я тебя уважаю..." деп сөз бастай беріп еді: "Я не нуждаюсь в вашем уважений", — деп салған директордың орынбасары Роза. Қалдарбек көре-тұра "қой" дегенді айтпады.
Сол Роза бар, соның қасына жиналған тағы біраз тәйтік қатындар бар, бәріміздің төбемізден тайраңдай бастады.
Қалдарбек басқа жаққа атын бұрды,
Қағынып-жағынғанды жақын қылды.
Қазақтың жалқы туар ақыны едік,
Қалмай тұр қадырымыз қатын құрлы.
Қалдарбек ұмытты да бүгін арды,
Қолдап тұр қасқыр көмей ұры-қарды.
Қайдағы тарқ-тарқ еткен тәйтік қатын,
Тайраңдап төбемізге шығып алды, —
деп өлең де жазған едім сол тұста. Өйткені, Роза екеуіміздің кабинетіміз қатарлас болды да, көбінесе есігін ашып қойып, сыбайлас қыз-қырқынға менің намысыма тиетін қайдағы бір сөздерді айтып, қарқылдай күліп тұрып алатын болған. Жиналыс болса аузы көпіріп сөз сөйлейді. Бірер рет тыйым салайын деп, орта жолдан сөзін бөліп көріп едім, Қалдарбек оған: "Бөгелме, сөйлей бер!" — деп жел бере түсті. Сондайын арқаланған әлгі қатын тіпті кетті дейсің ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей.
Бұл кезде баспаның да берекесі кете бастап еді. Ығай мен сығай дейтін ер-азаматтардың орнына, ешкім танымайтын қатын-қалаш, жілігі татымайтын белгісіз біреулер қаптады.
Қалдарбек алғаш директор болып келгенде ескі таныстығымды пайдаланып (екеуіміз 1960 жылы "Лениншіл жас" газетінің қабырғасында бірге бастап екі қызметті) қалып:
Жұмабаевтың тұсында айтқан сөзімнің 60 проценті өтетін еді, Сайынның тұсында ол көрсеткіш 50-ге жетпей қалып, Марал қайта көтеріп еді. Сенің тұсында қалай болар екен? — дегем.
Шұрқ етпе, айтқаның енді жүз процент орындалатын болады, — деп еді ол.
Сол сөзге жайылып түсіп мен қалғам.
Ол шынында да кей кезде лақ еткізіп кісіге жақсылық та жасай алатын жігіт. Онысын көрдік те. Бірақ, сол жақсылығының бір ұшынан ұстай өзіңе тартып алғанша екінші ұшын боққа бұлғап жіберетіні де бар, амал қанша. Онысын тағы көргенбіз.
Айтуы да, қайтуы да тез. Сені шақырып алып, бір тапсырма береді де, сен ойланып-толғанғанша қайта шақырып: "Жаңағы мәселені былай шештім", — деп бұлт етіп басқа жақтан шыға келетіні де бар. Сол кездегі баспа жағдайына орай жазған мынадай бір әзіл араласқан өлеңім болып еді. Осы жерде соны түгел келтіре кету керек болып тұр.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі