Тасуың-ай,
Басынуын-ай мынаның,
Жақпай қойды жұртым ғашық жыр-әнім,
Өзімді әлді, сөзімді дәмді демейтін
Кердеңінен керең болды құлағым!
Мен де елімнің екі тумас ер ұлы ем,
Неге саған құбыжықтай көрінем?
Нақұрыстау "нәнің" де емес едім ғой,
Көрі жуық, кәрің де емес, төрінен.
Төңірегің толып алған күл мен күң,
Құл мен күңге күңкіл-күңкіл тіл бердің.
"Көзіңді ашып қарасаңшы, қалқам-ау, —
дегім келіп тұрады ылғи, — Бұл — менмін!"
Мені де сол құлдың бірі еткің кеп,
Жауыр аттай жайдақ міне кеттің кеп,
Нығыздала, тығыз ғана сызданып,
Артық — ауыр сөз айтасың екпіндеп.
Кеңістікті қимағандай, кеңсемді,
Езгің келіп ерге біткен еңсемді.
Қатар жұмсап әрің менен зәріңді,
Жүргеніңді қайдан білсін ел сорлы.
Әңгір таяқ үйірердей төбемнен,
Бөле-жара шүйілердей көп елден,
Құлағымда ойнайтындай құрбақа,
Құдыққа да құлай қойған жоқ ем мен!
Дос та бола қоймаспын мен, қасың да,
Тісің кетер — тістенбей жүр асылға.
Ұры бұғар, ұлық ұғар тілім бар,
Тас жармаса — бас жарады... Басынба!
20 сәуір, 2000 жыл.
Күнделікке қарамай кеткелі де көптеген күндер өтіпті.
Бұл арадағы ауыз толтырып айтар негізгі бір тындырған шаруамыз — 14 сәуір күні болып өткен осы облыста туып-өскен ақындар мен жазушылар, сахна шеберлері, суретші-мүсінші басқа да мәдениет пен өнер адамдарының Әкіммен басқосуы болды.
Бұл істі мен облыс әкімшілігіне қызметке келген алғашқы күндерден бастап қолға ала бастаған едім. Ең алдымен кездесуге шақырылатын адамдардың тізімі жасалды. Басында "белгілі-белгілі" жазушыларды, халық әртістерін, өнер қайраткерлерін, халық суретшілерін ғана жинау ойда болған. Бірақ, біріншіден бітпес дауға қалатынымызды мөлшерледік, екіншіден мұндай жиын күнде өтіп жатқан жоқ, сондықтан жарғыға сай мүшелікке өткен жазушылардың бәрін де бөле-жармай тегіс шақыру керек шығар деген түйін жасаған едік.
Бәрін даярлап, ойша қорытып алып әкімге кірдім. Баппен, асықпай отырып бәрін түсіндірдім. "Ішінде үлкен-кішісі бар, ел сенгені де, жалған белсенгені де бар, Жетісу өңірінде туып-өскен сексеннен астам Жазушылар одағының мүшесіне ең көрнекті әртіс, композитор, әнші-күйші, сазгерлерді қоса шақырып, бәріне де ақшалай қомақты сый-сияпат жасалық, солардың бәрі болмағанымен, белгілі бір бөлігі бізге оң қарап, дос болып тарасар", — деген уәж айттым.
Әкім сөзге келмей бірден келісті. Құптады. "Қанша қаржы керегін есептеп көріңіз!" — деп өзіме тапсырма берді.
Мәселені осылай әбден пісіріп алғаннан кейін барып орынбасар бастық Жібек Әмірхановаға кірдім. "Осылай да осылай, әкіммен осындай басқосу өткізуге келістік. Әрқайсысына мына мөлшерде (басында әжептәуір қомақты сома болатын) ақшалай сыйлық жасау ұйғарылды", — дегенді айттым.
"Ойбай! — деп шыр етті Жібек бірден. — Не деп отырсыз, ақша қайда бәріне!".
Мен әкіммен ауызша келіскенімді, қолдап, құптап, құлшына қуаттап отырғанын айттым.
"Жоқ, әлі де ойланыңыз. Сыйлықтың қажеті не, бастарын қоссақ та жетпей ме? Әкім мәселенің байыбына бармай отырған болар!" — деп Жібек сабасына түсер емес.
Мөлшермен сәуірдің 5-жұлдызы-ау деймін. Әкім тағы шақырды. "Кездесуді қашан өткізейін деп жүрсіз? Неге соза бердіңіз?" — деп сұрады.
Мен бәрі даяр екенін, жұртты жинау түк емес, бәрінің қаржыға келіп тіреліп тұрғанын айттым.
Ол дереу қаржы басқармасының бастығы Т.Әбдіқадыровты шақырды. "Сәкен Иманасовтың есебінше (сомасын айтты) пәлен миллион теңге қаржы керек. Соны тез арада қарастырыңдар!" — деген тапсыр ма берді.
Бірақ Жібек біресе жасалған тізімді жаратпай, біресе шығынның көптігін ұнатпай, қайта-қайта сүзгіден өткізіп, азайтқызып жазушылардың бас-басына жеке мәлімет жинатып, театр, филармония адамдарын көбірек тартуды міндеттеп, жұмысты ауырлата берді. Мен болсам шыр-пырым шығып, "әкіммен келіскеніміз бұлай емес еді, тым ұсақтап барамыз" деп қарсылық білдірген болам. Бірақ, амал не, күш сол жақта, айтқанына құлақ асып, келіспей және болмайды. Тіпті бір сөз таласы үстінде ол:
Сіздің жазушыларыңыздың да не тындырып жүргені белгілі ғой! — деп қалды қыза-қыза келіп.
Менікі емес, халықтікі, Қазақстан жазушылары ғой, — деп жатырмын мен.
Тағы да сиырқұйымшақтанып, сөзбұйдаға түсіп бара жатыр еді, сәуірдің 10-ы күні мәжілісте әкім менен: "Сәке, неге созып кеттіңіз, қашан өтеді әлгі басқосу?" — деп сұрай қалғаны. Мен баяғы сөзімде тұрып, бәрі дайын екені, тек кейбір кісілер тосқауыл бола беретінін айтып қалдым. Өйтпей болмайтын да еді, күйсін-тисін дедім де, көзіммен Жібек жақты нұсқап көрсеттім.
Сол-ақ екен, әкім бірден қатты кетті. Орынбасарларын да қаржы басқармасының бастығына да ауыр-ауыр сөз айтып қалды. Маған қарап: "Қай күнге белгілеп отырсыз?" — деп сұрады. "14-сәуірде, таңертеңгі сағат 10-ға"деп қалдым мен де."Болды, бітті, Сөйтіңіз. Ал сіздер, — деді ол әлгі басшыларға қарап, — бүгіннен қалдырмай қажетті бар жағдайды жасайтын болыңыздар!".
Сол-ақ екен жұмыс диірменнің тасындай айналып берді. Кешке дейін қаржы да табылды, шақырылуға тиіс адамдар, кімге қанша мөлшерде сыйлық берілуі жайындағы мәселелер де бір шешім, бір ұйғарыммен ақырына жетіп тынды.
Тек осы арада да Жібек: "Сіздер әкімшілік қызметіндегі адамсыздар", — деп мені, мен тізімге алып жүрген Ахметті сыздырып тастады. "Мен ең алдымен ақын, онда да елге танымал үлкен ақын емеспін бе?" — деген сөзімді құлағына да ілген жоқ.
Күлдім де қойдым. Ел аузында "аракчеевщина" деген "ір сөз жүретінін естіген боларсыздар. Орыс императорларының бірінің тұсында премьер-министр болған, патшаның сеніміне кіріп алып, жан баласын тыңдамай, ақ дегені — алғыс, қара дегені — қарғыс бір мемлекет қайраткері болғаны тарихтан белгілі. Сол бірде әйгілі партизан, ақын Денис Давыдовты инфантерия жағын басқаруға жібермек болады ғой. Өзі ақын, өзі атағы дүрілдеп шығып, әйгілі қолбасшы Кутузовтың көзіне түскен Денис Давыдов: "Апыр-ау, мен кавалерия генералымын ғой, инфантерияны (жаяу әскер жағы болса керек) қалай басқарам?" — дейді ғой. Сонда Аракчеев: "Мен қаласам инфантерия түгілі, ветеринарияны басқаруға барасыз!" — деп әкіреңдеген екен. Соған ұқсаған бір жағдайды мен де бастан осылай еткізіп едім...
* * *
Ұмытып барады екем, осы басқосудың алдында Заманбек Нұрқаділов тікелей телефон арқылы облыс жұртшылығымен байланысқан. Күні бойы арнайы телефон түбінде отырып, жер-жерден, алыс-жақын аудандармен телефон шалған адамдардың мұң-мұқтажын, арыз-шағымын, ұсыныс-пікірін тыңдаған. Бір өзі бәріне жауап беріп отырған. Сол кезде шағым айта бастаған бірнеше адамға: "Міне, менің қасымда Сәкен Иманасов отыр, сол кісіге тапсырамын, шаруаңызды тындырып береді!" — деп жатты. Мен басыңда мән бере қоймап едім. Сұхбат өткен күннің ертесінде "абыройымның аспандап" кеткенін бір-ақ білдім ғой.
Кәрісі де, жасы да, танысы да, танымайтыны да есігіме тыным бермей, телефоным қызарғанша безілдеп, тағы біраз жайсыз әуреге түсіргені бар. Сол бір телефон арқылы өткен сұхбаттың стенограммасы екі тілде түп-түгел облыстық газеттерде жарияланған болатын. Бұрын аудан дәрежесінде ел басқарған бір қария сол газеттің бір данасын тос қалтасына сала келіп, алдыма жайып қойды да: "Мені Заманбекке ертіп апар, айтатын арыз-мұңым бар", — деп табандап отырып алды. "Маған ондай өкілеттік берілген жоқ, әкімнің кеңесшісі, көмекшілері бар, хат-хабар, арыз-шағым қабылдайтын арнайы бөлім жұмыс істейді, соларға барыңыз", — десем, азар да безер болып: "Міне, мына газетте Сәкен Иманасовқа хабарлас", — деп тұр ғой деп болмайды. "Бұл сізге емес, маған қатысы бар, әдебиет, баспасөзге байланысы бар, өнер мен мәдениет өкілдеріне айтылған", — деймін ғой безектеп.
Бірақ сол жазушы, журналист, өнер адамдарына да берер көмегім мардымсыз. Бірінен кейін бірі ағылып келеді де жатады. Бәрі де Нұрқаділовті шет-шексіз билігі бар, көңілі қалаған адамын, алдына барса болды, әп-сәтте жарылқай салатын Харон Рашид падишадай көреді.
Алдаусыратып, әртүрлі сылтау айтып, есек дәмемен шығарып салып, қарап отыруға да болар еді, бірақ жалған сөйлеп дағдыланбаған жазған басым дағарадай болып, тағы да Заманбектің алдына барам. "Осылай да осылай, Пәленшекеңнің өзі, не Түленшекеңнің жесірі сізден көмек сұрайды, бұйымтайы мынау", — деп естігенімді бүкпей айтамын. Ол да кейде басын ала қашады, кейде қолма-қол ақыл-кеңесін айтып, кіммен сөйлесуім керегін көрсетіп, біреулерге сілтеп, біреулерге қолма-қол телефон соғып, өз билігі жететін дәрежедегі жәрдемін беріп жататын.
Сол әлгі 14 сәуірдегі басқосудан соң, сондағы айтылған толып жатқан ұсыныс-пікірді ескере отырып, қажеттісінің бәрі қамтылған түйін — әкімнің 14 баптан тұратын арнайы Шешімі қабылданды. Оның орындалуын бақылау Жібек Әмірхановаға, орындау маған тапсырылды. "Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні" дегеніміз де осы еді, жыл бойғы жұмысымызда сол шешімді негіз етіп ұстандық.
Осы Шешім шығар алдындағы бір келеңсіз әңгімені де айта кетуге тура келеді. Жиын өтерде мен жөн білетіндерден, осы жерде бұрыннан істеп келе жатқан адамдардан: "Стенограмма керек шығар, о жағы қалай болар екен?" — деп сұрадым. "Бәрі де ойластырылған, магнитофон, диктофондар бар, бір сөз желге ұшпайды, түгел таспаға түседі", — деп сендіріп еді бәрі.
Жиын біткеннен кейін дәл қасымда отырған облыстық газет редакторы Жақыпжаннан сұрасам: "Ойбай, көке, біздің жігіттер жазып отырамыз деп еді, жазу техникалары істемей қалыпты, не істейміз?" — деп өзіме қарсы сұрақ қояды.
Сөйткенше әкім шақырды. Кірсем, қасында Жібек отыр екен. "Ал, Сәке, — деді бастық, — жазғандарыңыз қайда? Талқылап, талдап көрелік. Не істеп, не қойғанымызды оңаша отырып белгілеп алайық".
Менде ешқандай жазық жоқ. Әлгі жігіттердің әдейі жасағанын, не шынымен техника жағының арандатқанын білмей дал болып отырғанымды дәлел етіп көріп ем, әкім тіпті көтеріліп: "Халық жазушысы сияқты шіреніп отырысыңыз жаман еді, өзіңіз-ақ жазып алмадыңыз ба?" — дегенге шейін барды. "Халық жазушысының да менен асып тұрғаны шамалы-ау!" — деген бір сөз көмейіме кептеліп тұрып қалды. Дәл бұл жерде дауласып, сөз жарыстырып та түк өндірмесім белгілі болатын. Оның үстіне Жібек: "Мен жазып отырғамын, дәптерімде бәрі бар сияқты" — деп сөз қыстырып қалды.
Ендеше ең алдымен соларды бір ізге түсіріп, хаттап, шоттап алайық. Қалғанын содан кейін әңгімелесеміз, — деді әкім.
Құдай берейін дегенде өстеді емес пе, кабинетіме келіп, енді не істесем екен деп отырсам, сол әкімшілікте істейтін Виталий деген орыс жігіті бәрін таспаға түсіріп жүр еді, сол кезіге кеткені: "Менде бәрі де, сөйлеген адамдардың суреті де, сөзі де бар. Қажет десеңіз түгел көшіріп әкеп берейін".
Ой, құдайың жарылқасын сені, Сөйте ғой! — дедім қуанып.
Соны түгел қағазға түсіріп болып Жібекке бардым, әлгі дәптердегі жазбаларыңды көрсетші деп. "Мен өзіме керегін ғана жазып отырғам, стенографистка той деп пе едіңіз", — дейді ол да әлгіндегі әкім алдындағы сөзінен тез айнып. "Е, бопты онда", — деп шығып кеттім де, жаңағы айтылған 17 беттік хаттаманы қағазға түсіріп, сол ұсыныстарды қорыта, ерінбей екшей келе туындаған 15-16 баптан тұратын шешім жобасын әкім алдына қойдым. Ол да бағанағыдай емес, менің қарап отырмағаныма көзі жеткен соң барып, бұрынғы сабасына түсейін деді. Қолма-қол Жібекті шақырып, нақпа-нақ тапсырма берді. Жібек өзі араласа алмай қалғанға іштей ренжіді ме, әйтеуір жаңағы 15-16 баптың бір-екеуін сызумен ғана шектелді бұл жолы.
Сол әкім Шешімі бойынша ең үздік жаңа әндерге бәйге жариялау, бір топ ақын-жазушылардың кітаптарын, баспалардан шыққан, бірақ өздері өткізе алмай отырған өнімдерін облыс кітапханалары үшін сатып алу, тағы бір топ Жетісу ақын-жазушыларының кітаптарын шығартып беруге демеуші болу, Бақтыбай Жолбарысұлының 165 жылдығына орай Талдықорған қаласында ақындар мүшәйрасын өткізу, тағы басқа толып жатқан үлкенді-кішілі игі де ізгі шаралар белгіленіп еді. Бұлардың бәрі жайлы мен осы жылдың басында облыстық "Жетісу" және "Огни Алатау" газеттерінде бір күнде жарияланған мақаламда толық айтқанмын. Сол мақаланың қысқартылған нұсқасын да осы қолжазбаның қажет тұсында қолдана кетпекпін. Әзірге әңгімеміздің ұзын-ырға желісін үзбей қоя тұралық.
23 сәуір, 2000 жыл.
Республикалық баспалардан жарыққа шығып үлгерген, бірақ әртүрлі себептермен өтіңкіремей жатқан кітаптар тізімін алдырып, өзім ғана жеке сүзгіден өткізген болатынмын. Ең қажетті-ау дерлік әдебиеттерді іріктеп, баспа басшыларымен жеке-жеке әңгіме үстінде тағы да нақтылы анықтай келе "Жазушы", Жалын", "Қазақстан", "Білім", "Ана тілі", "Қазақ энциклопедиясы" шығарған жүздеген кітап тізімі жасалып, әрбір кітаптың 50-100 данасын (сапасы, көркемдігі, бүгінгі күнге қажеті ескеріле отырып) облыс кітапханалары үшін сатып алу ұйғарылды. Облыстық мәдениет басқармасы арқылы қомақты қаржы бөлініп, жауапты адамдар белгіленген еді.
Әрине, бүгінгі оқырманға қат болып тұр-ау деген әуелгі нұсқаларды алдымен сатып алуға көбірек көңіл бөлінді. Сондықтан да бір баспадан көп, біреуінен аз болды алғанымыз. Жібек Әмірханқызы: "Неге "Жалын", Жазушыдан" шыққан кітаптар көбейіп кеткен? Бәріне бірдей қарамадыңыз ба? — деген күдік білдірді. Менің бүйрегім біреулерге артығырақ бұрып кетті ме дегендегісі еді бұл.
Баспалардың да ұстанып отырған бағыттары бар. Бізге керегі тіпті, баспа емес, өнім ғой. Мен соған баса назар аудардым, — дедім мен.
Іштей келіспегені білініп тұрды.
15 мамыр, 2000 жыл.
Біздің арамызда (әкіммен) соңғы кезде әйтеуір бір көңілге білінгенімен, көзге көрінбес кіреуке пайда бола бастағандай. Соншалық жақындасып та кетпедік, алыстай да түспедік. Дос та емес, қас та емес; араз да, тату да емес; бастық пен бағынышты да емес (бастық әкіреңдер еді, бағынышты өтірік мүләйімсір еді) беймәлім бір қатынас орнаған. Ол да көп ішін бере қоймай жүр, мен де емешегім үзіле жақындасуға тырыспаймын. Осында келгелі 4 айдан асты. Өзі бетімді қайтарып, қолымды қаққан жоқ. Сөзімді де жерге қалдырмай, үлкенді-кішілі басқосуларда көпшік қоя көтеріп жүрді. Бірақ бастық сөйтті екен деп өңмендеп төрге ұмтыла қоятын адамың да мен емес. Қағаберісте қала беруге тырысамын. Осым дұрыс па, болмаса қате жасап жүрмін бе?
Ең жек көретін нәрсем — ержігіттің екі сөйлегені, сөзінде тұрмауы еді. Енді сол қылықты әйелден көргенде тіпті күйіп кете жаздайды екенсің. Көзіңді бақырайтып қойып, өтірік айта береді. "Шіркінде ес болсашы сезед деген", — деп Абай неге күйінді десем, осындайдан екен ғой. Апыр-ай, күлгені де жасанды, жүргені де жасанды, ақсақты тыңдай, өтірікті шындай етуге шебер осындай әйелдің бірі тағдырдың жазуымен маған жар бола қалғанда қайтер едім деп ойлай беремін. Құдай бетін әрмен қылсын.
23 мамыр, 2000 жыл.
Көбіне-көп өз тілімнен табамын-ау. Осында келгелі "Бұлақ көрсең — көзін аш", "Рухани уыз", "Қымызмұрындық", "Керуен", "Жайлау" сияқты сөздерді көп естіген едім. "Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар" деп жүрміз. Қажетті дәстүр халықпен бірге жасасып келеді, қажетсізі ысырылып қалып жатыр.
Жайлау жөнінде облыстық жиналыс өтті. Қасымдағы бір жігітке (басқармалардың бірінің қызметкері) әзілдеп: "Жайлау сәні — мал, жылқы сәні — жал. Мал болса жайлау елсіз иен қалмайды. Қазақ баяғыдан бері жайлауға шығарар мал емес, мал шығарар жайлау іздеген", — дей келіп, Махамбеттің:
Еділдің бойы ен жайлау,
Ел толтырсам деп едім, —
деген егіз жолын айтып, халықтың:
Ақ бұлағы бал татып,
Ақ шабағы май татып,
Жайлау — аш болсам, азығым,
Арық болсам, қазығым, —
деген сөзін де қостым. "Малы азайған елге жайлау іздеу жараса қоймайды-ау", — дегенді айттым.
Соны естігендердің бірі Жібек Әмірхановаға жеткізе қойса керек, бүгін: "Сіз "Жайлау" бағдарламасына қарсысыз ба, немене?" — деп оқыс сұрап жатыр.
Жоқ, ойбай, неге қарсы болайын. Өзім де кезінде жайлауға көп шыққам, қызықтағам, қыдырған адаммын, — деп жалтарып кеттім.
Ол көп қазбаламады.
Биыл "Аңырақай жылы ғой", — деді ол, — Семей жақта Еңірекей тауы бар. Аңырақайда қалмақ аңыраса, Еңірекейде қазақ еңіреген екен. Сол жақта Майлышат деген жер бар көрінеді. Соған арнайы экспедициямен барып қайтсақ.
Алыстан арбалап қайтеміз, "Майлышат" деген жер біздің ауылда да бар, — дедім мен.
Жібек аса көп мән бере қоймаған сияқтанған.
Бірер сағаттан кейін Жібектің қарамағындағы Ахмет телефон соқты: "Аға, "Майлышат" дейтін жер бар ма біз жақта?" — деп.
Бар, — деймін.
Мен Жібек Әмірхановаға "ондай жер туралы естіген емеспін" дедім. Ол қай жерде?
Тұп-тура Әнуар Әлімжанов ауылына бара жатқан жолдан сәл бұрыс, тау ішінде сондай ауыл бар. Картадан қарасаңшы, — деймін.
Тағы бірер сағаттан соң Ахмет:
Аға, "Майлышат" деген ауыл бар екен. Жібек Әмірханованың кабинетіндегі картадан тауып, өзіне көрсеттім. Мен тіпті естімеген екенмін ол ауыл жайында, — деді.
"Сен екеуіміздің естімегеніміз де, көрмегеніміз де көп қой әлі", — деп қойдым мен іштей ғана.
* * *
Байқаймын, өзіме тиесілі міндетімді орындау барысында әртүрлі ойда жоқ кедергі, тосқауылдарға кезіге беретін болып барамын. "Сіз, осы қаржыға барып тірелмейтін идея неге ұсынбайсыз?" — деп қалып еді бірде Жібек. "Бұл заманда ақысыз-пұлсыз жүзеге асқан идеяны көрмедім-ау", — деп мен күлген боламын. Әнуар Әлімжановтың туғанына 70 жыл толу мерекесін атап өту дайындығы басталды. Әкімнің тікелей бас-көз болуымен сол мерейтойды Алматы, Талдықорған, жазушының туған жері — Алакөл өңірінде өткізудің жоспары, қатысатын адамдардың тізімі жасалған. Бір отырыста әкімнің өзі: "Бір жылдан соң Мұқағалидың 70 жылдығын атап өтетін боламыз. Әнуар да үлкен тұлға, бірінен бірі кем түсіп, біріне бөлінген көңіл екіншісіне жетіспей жатса бірқауым сырт ағайынның бітпес дауына, өсек-аяңына ұрынамыз!" — деп ескерткен. Біз де сол орайда жұмыс істей бастаған едік.
Бізден соң әкіммен қалай сөйлесіп, қалай келіскендерін өздері біледі, әйтеуір Жібек болса біз жасаған жоспарды жүз қарап, мың тарап жүріп, ауқымын тарылта, шеңберін ықшам-дай келе туған ауылы Қарлығашта әдеби-теориялық конференция дәрежесінде ғана өткізуге ұйғарым жасапты. Сол конференцияның өзіне баратын ақын, жазушы, ғалымдар тізіміне күдіктене қарап, "мынау кім, анау неге жүр?" — деген тұрғыдағы жүйкеге тиер қисынсыз күдігімен де мені мезі етіп бітті.
Әнуар жарықтық тірісінде де қарапайым, "өзінде бар деп көз ұрмайтын" ірі тұлғалар санатынан еді ғой. Бұрын тұяқ тиіп көрмеген тыңға түрен салса да, көрінген көк аттының қолы жете бермейтін биік-биік лауазым-билік басында жүрсе де кеудесіне нан пісе артық шалқымай, асып-төгілмей ғана тірлік кешті. Елу жас, алпыс жастарын кезінде кернейлетіп, сырнайлатып, той-думан, мереке-мейрам етіп өткізіп, төңірегін дүрліктіріп көрмеген кісі. Содан да шығар — 70 жылдығы да аса көп даңғаза даңғойлыққа ұрынбай еткені. Жазушының жерлестері намысқа тырысып, әжептәуір дайындық жасап жатқанынан хабардар болатынбыз. Оның үстіне Әнуар Әлімжановтың 70 жылдығын атап өту Алакөл жерінде Қаракерей Қабанбай батырға ескерткіш қою рәсіміне арналған салтанатпен тұспа-тұс келіп еді. Хан Абылай тұсында қазақтың Бас батыры, Хан батыр, Дарабозы атанған Қабанбай бабамыздың қолдан құйылған тұңғыш тұлға — ескерткішінің Алматы — Семей тас жолының бойында Үшарал қаласына бұрылар тұстағы жол айырығына орналасуы да ел рухын бір көтеріп тастайтын ірі уақиға еді.
...Біз ертелетіп әлі ашыла қоймаған ескерткіш түбіне келсек күні бұрын құлақтанған жұрт қара-құрым болып жиналып қалған екен. Сахна маңында облыс әкімінің сол кезгі орынбасарларының бірі Тоқтархан Қожағапанов пен Алакөл ауданының әкімі Оралбек Жақияновтарға қарсы жолықтым. Екеуінің күбірлей керісіп, әлденеге келісе алмай тұрғанын байқадым. Сөйтсем, әңгіме жиынды кім ашуы керектігі — облыстан келген бастық па, болмаса жергілікті әкімнің өзі ме, — сол жайында екен. Аудан әкімі: "Мен ашайын да, сөзді бірден сізге берейін!" — дейді. "Жоқ, мен бірінші сөйлеп шығамын", — деп Қожағапанов бой берер емес.
Үлкендік жасап, екеуін бір мәмілеге келтірдім-ау деймін.
Бірақ не керек, осы ұланасыр ұлы қуанышта да, соған іле-шала жалғасып берген Әнуар мерекесінде де облыс әкімі Нұрқаділов, не оның осы саланы басқаратын орынбасары Жібек Әмірханованың қатыспауы — жергілікті жұрт, басшылар үшін жайлы тие қойған жоқ. Олар жіберген жаңағы өкіл ол да орынбасар бастық, екі жиында да біз жазып берген көтерме сөздің өзін кібіртіктеп әзер оқып шықты. Әйтеуір, әбүйір бергенде, Ғаббас Қабышев (ол өз қаржысына Әнуар жайлы естелік кітап та шығарып, ауылына ала барды), Камал Смаилов, Мұрат Әуезов, Темірхан Медетбеков, Тұралық Дөненбековтар (ауылдас жерлесі) жасаған баяндамалар, біз оқыған арнау өлең, Қабдеш Жұмаділов, Қастек Баянбаевтар сөйлеген сөз Әнуар тойына жиналған Алакөл — Үйгентас жұртының ойынан шыққанын байқадық. Алакөл ауданының әкімі Оралбек Жақиянов, оның Үйгентас жағындағы орынбасары Бота Қапсаламов, тағы бір орынбасары Мейірман Араповтар Әнуар аруағына шек келтірмей, қолдарынан келгенін жасап-ақ бақты. "Облыс басшыларының ықылас-ниеті, ұстанған позициялары анығырақ болғанда мұншалық жетім қыздың тойы емес, бәрі де басқаша болатын еді", — дегенді айтып жүргендер де болды.
Қарлығаш ауылындағы жиын-той аяқталғанда біз сол кезгі өз өкілет-билігімізді пайдаланып, Алматыдан, Талдықорғаннан келген азаматтарды, жазушының туыстарын, ауылдан ерген бір топ жерлестерін Алакөл жағасына апарып, сол арадағы саяжай ауқымында бір күн, екі түн әдеби ойын-сауық өткізіп, өзіміз де суға түсіп, сейілдеп, орысша айтсақ "полезного с приятным" — "пайдалыны ләззат-рақатпен" ұштастыра, аунап-қунап қайтып едік. Шырық бұзған бірлі-жарымы болмаса, бұл сапарға бірге шыққан үлкенді-кішілі жиырмадан астам адамның бәрі де разы көңілмен маған рақмет айтқан болатын.
20 маусым, 2000 жыл.
Осыдан бір апта бұрын 3-4 күнге Солтүстік Қазақстан өңірінде өткен "советтік сөзге қаламы көрмеген әсте мұқалып" әйгілі Сәбит Мұқановтың 100 жылдық мерейтойына барып қайттым. Соның алдында Заманбек Нұрқаділов: "Сәке, мені Сәбит тойына әдейілеп шақырған екен, бара алатын емеспін. Қасыңызға өзіңіз қалаған бір адамды алып, сіз барып қайтыңыз. Сол облыстың әкімі Қажымұрат Нағыманов мырзаға арнайы кіріп, менен сәлем айтыңыз!" — деп еді.
Қасыма облыстық газеттің бас редакторы Жақыпжан Нұрғожаевты алып, белгіленген күні солтүстікті бетке алып жүріп те кеттік. Ұшақтан түскен бойда Нағымановқа кіріп, Заманбектің арнайы жеке сәлемін де жеткіздім. Облыс әкімінің қасында Кәкімбек Салықов ағам жұбайымен отыр екен, сәлемді жылы қабылдады.
Мені сол той құрметіндегі ақындар айтысының қазылар алқасына мүше етуді ұйғарған екен, екі күн соған қатыстым. Мұндай "төреліктен" бой тарта бастаған тұсым еді, "қонақ қойдан да жуас, май берсе де жей береді" деген қағиданы ұстанып алдын-ала айтылып қойған соң, амалсыз келісіп едім.
Сол той тарқардан бір күн бұрын облыс әкімі Нағыманов орман ішіне тігілген аппақ зәулім сарайда жан-жақтан келген зиялы меймандардың құрметіне ұлан-асыр қонақасы берді. Алматы облысының атынан барған Жақыпжан екеуіміз де шақырылдық. Дастарқан төрінде заманымыздың ірі жазушысы, ежелгі таныс, ескі сыйлас Әбіш Кекілбаев отырды.
Облыс әкімі көңілі шалқып, аса бір балқып отырып, кей тұста артық кетіп қалғанын аңғармады-ау деймін, әрбір кезекті лебізден (тост) кейін жұртты тұрғыза берді: "Ал, енді осы тост үшін тік тұрып алып қоялық!" — деген әскери жарлық, қайта-қайта кәрі-жасымыз болып орындығымызды сықырлатып тұра беру әбден жалықтырды да, кезекті бір лебізге мен қозғала қоймай, орнымда отырып қала бердім. "Оу, Сәке, неге тұрмайсыз орныңыздан? — деп айқайлайды Нағыманов төрден. — Нұрқаділовтің қарамағындағылар бірден бюрократ болып кете ме, бұл не өзі?".
Ләм дегем жоқ, елемеген сыңай танытып, жайбарақат отыра бердім.
Сөз кезегі маған келгенде сол әкім: "Алматы облысының атынан Сәкен Иманасов сөйлейді, өзі құсап, тұрмай-ақ, орындарыңызда отырып іше берулеріңізге болады", — деп кекете хабарлаған болды.
Мен тұрып, мұнда әкімнің құрметіне емес, әлем таныған телегей-теңіз дарын иесі Сәбит Мұқановтың аруағын сыйлап жиналып отырғанымыз жайлы, қазіргі бүкіл қазақ жазушысы Сәбиттің шапанынан шыққанын, тіпті осы тойдың төрінде отырған ұлтымыздың қазіргі сәттегі нөмірі бірінші жазушысы Әбіштің өзі де сол кісінің шәкірті екенін, аруақ сыйламағандардың орындарында отырып-ақ ішуіне болатынын тілге тиек етіп ем, жұрт ду ете қол соғып, тегіс аяқтарынан тік тұрған.
Әбіш барынша мәз бола күліп, мені қасына шақырып бетімнен сүйіп жатыр. Қасымдағылар да, қарама-қарсы отырғандар да разы болып қалды. Өтірік десе — өзі айтсын, сол күндері қасымнан бір елі қалмай жүрген Жақыпжан Нұрғожаев осының бәріне куә болып еді.
Қызылжардан келе сала, ұшақтан түсер-түспестен тағы сол Жақыпжанды нөкер етіп, жұп жазбаған қалпымызда Лепсі стансасының маңында өткелі жатқан Еркеғали Рахмадиевтің 70 жылдық мерейтойына тартқанбыз. Қызылжар сапарының бар әсері жайлы алып-қоспасыз шындықты сол жерде жолыққан облыс әкімі Заманбек Нұрқаділовке әңгімелеп бердім...
"Ұшақтан түсе сала..." деп баса айтып, алыстан аттерлетіп барғанымды бұлдап отырған жоқпын, ол тойға да ас ішіп, аяқ босату үшін емес, той иесіне деген құрметімді, алаштың айтулы азаматының бірін қадірлеп, сыйлайтынымызды айрықша әспеттей түсу еді. Соның алдында ғана облыстық "Жетісу" газетінде о кісіге арнаған өлеңім жарияланған. Соны енді өз аузымнан тойға жиналған алқалы топ алдында оқып бергім келген, оқып беріп ағаға деген ықылас-пейілімді толық, білдірдім-ау деп те ойладым.
Бірақ Ерағаң аса елпілдеп емекси қоймағандай, өлеңіме де, арнайы айтқан құттықтау сөзімде де құрақ ұша құлшына қоймаған сияқтанды. Қадір-құрметтің бәріне де еті үйрен-ген салқын сабырлы сыңай танытты. Дастарқан үстіндегі сөзінде де: "Бұл тойға атағы жер жарған інілерім Тұманбай қатысып отыр, Ақұштап қатысып отыр", — деп ақындарды бас-басына тарата түгендеп келді де, бізді тағы орағытып еткен. "Бұл қалай?" — деп мен қалғам.
Мен тегі орынсыз секемшіл, шамшыл, шамкөс, қит еткенге шамданғыш болып бара жатуым да мүмкін, қымс еткенге өкпелеп, көңіліме алып, кейде тіпті ашуланып ада жөнелетін әдет те тауып алыппын. Бұл баяғы "шолақ сай тез тасидының" кері ме, болмаса қартая бастаудың алды ма, о жағын анық кесіп өзім де айта алмас едім.
18 шілде, 2000 жыл.
Аппарат басшысының орынбасары болып есептелетіндіктен де мен көбінесе тапсырманы тікелей Мұрат Мұсабеавтан алатынмын. Ұзынағашта өткен Нағашыбек Қапалбековтің 50 жасқа толған тойына арналған әкімнің құттықтауын да сол Мұраттың тапсырмасымен жазып, әкімге қол қойдырып, той иесіне апарып тапсырдым. Әкімнің атынан арнайы шапан да жапқанмын.
Еңбекшіқазақ, Талғар аудандық газеттерінің 70 жылдық мерейтойы өтетін болды да, құттықтау хат дайындадым. Талғарда ертерек өткен, тағы да әкім атынан құттықтап қайт-тым. Енді Еңбекшіқазақ ауданына арналған құттықтауға қол қойдырғалы әкімге кірейін десем, көмекшісі Ермек (аса сыпайы, мәдениетті жігіт): "Аға, Жібек Әмірхановаға көрсетіп алыңызшы алдымен", — деді. "Не болып қалды?" — десем, ол "Сөйтіңізші!" — деп болмайды күлімдеп.
Жібекке бардым. Қасында экономика басқармасының бастығы жас жігіт Еркін Адасбаев отыр екен. "Осылай да осылай мынау әкімнің құттықтау хаты еді, қол қойдырайын десем, көмекшісі алдымен сізге көрсет дегесін..."
"Ия, солай, — деді Жібек, — бұдан кейін құжаттардың, қатынас қағаздарының бәрін ең алдымен мен қарап шығуым керек".
"Өйтіп әрбір жұмысты бекерге қиындата берудің қажеті бар ма өзі?" деп әзілдеп оның көзіне қарадым. Жүзі сұп-суық ызғарлы екен, селт етіп тітіркене қалдым. "Құп, солай-ақ, болсын, онда мына қағазды қарап беріңіз", — деп құттықтау мәтінді алдына қойдым.
Ол Еркіннің көзінше мен жазған әр сөзден ілік іздеп, сызғылап әлгі мәтіннің быт-шытын шығарды. "Қайта жазып әкеліңіз!" — деп зілдене түсті.
Қағазымды алдым да, кабинеттен шығып жүре бердім. Сол қалпы темір жәшікке бәрін атып ұрдым: "Атасына нәлет, басқа-басқа, дәл құттықтау хат жазуға менің шамам келеді ғой, бұл қай қысастық", — деп намыстанғаным рас. Ренжіп, аса тарылмадым... "Битке өкпелеп тоныңды отқа салма" деген бар, жүйкемді жұқарта беріп не табам деп те ойладым. Бірақ әлгі құттықтау хатты да қайтып қолыма алмадым. Ол қағаздар мен әкімшіліктен кеткенге шейін сол сейфте қозғалмай жатты. Екі ортада аудандық газет қызметкерлеріне обал жасадық.
Осы бір кезден бастап арамыздан сұр ит жүгіріп өткендей, сенімсіз бір салқындық пайда бол бастады. Бұрын тікелей ғана өзіме жолданатын әкім бұрыштамасы бар құжаттар, әртүрлі нұсқау, арыз-шағым, өтініш енді тек Жібек арқылы келетін болды. Әлдебір қызметнама жазып әкімге кірсем: "Жібекпен ақылдастыңыз ба?" — дейді. "Жоқ", — деймін мен. Ақылдасыңыз!" — деп қайтарып жібереді.
Күнделікті қызметке байланысты бірер ұсыныспен бара қалсам, бұрынғыдай бірден шешпейді, "Жібек көрді ме?" — деп сұрайтын болды. "Жоқ, көрген жоқ". "Көрсетіп алыңыз!" — дейді әкім.
Өзіме тиесілі биліктен қаға бастағаны белгілі болды. Енді мен де бұрынғыдай елпілдемей, ұсыныс, идея айтуды, тың пікірмен әкімге шығуды азайта бердім. Өйткені Жібектің мен айтқан бастаманы бірден қолдап кетпейтініне көзім жете бастаған. Ол өзінің әкім алдындағы абыройын ешкіммен бөліскісі келмейтінін, әрбір идеяның әкімге тек өз аузынан жетуін қалайтынын аңғара бастадым. Менің әкімге тікелей кіріп, мәселені төтесінен бірден шешіп жүргенім ұнамай, Заманбекке менен әлдеқайда сенімді, әлдеқайда жақын әрі қолында билігі молырақ екенін пайдаланып, менің іс-әрекетіме тосқауыл қойғандағысы екенін де бірте-бірте түсінгендей болып ем. Түсіне бастадым да, аяғымды тартыңқырап, алдына да көп бармай, айналып өтуге, аса жақындамауға тырысып жүретін дағдыға көштім.
19 қазан, 2000 жыл.
Біраздан бері бізді әуре-сарсаңға салып келе жатқан Талдықорған қаласындағы ақындар мүшәйрасын өткізгенімізге де екі апта болды. Әкімнің арнайы шешімі бар, Талдықорған қалалық әкімшілігіне, облыстық мәдениет, білім, қаржы, ақпарат және қоғамдық келісім басқармаларына жүктелген. Бірақ дайындық барысы көпке дейін бір орыннан жылжы-май-ақ қойды. Жүзге жуық ақыннан шығарма түсті, соның отызға жуығы іріктеліп алынды. Газеттерге бірнеше дүркін мүшәйраның шарты, бәйге мөлшері хабарланып тұрды. Бірақ облыс тарапынан бөлінуге тиіс қаржының қарасы көрінбейді. Енді әкімге шыға берудің жөні де, жосығы да жоғы белгілі болып қалған. Бәрібір Жібекке сілтейтіні аян.
Ақыры Жақыпжан Нұрғожаев екеуіміздің білек сыбана кірісуімізге тура келді. Демеушілер іздедік. Қазақстан Жазушылар одағы, аудан әкімдерінен көмек сұрадық. Обалы не, бәрі де азды-көп жәрдемін аяған жоқ. Облыс әкімшілігінде істейтін кәсіпкер, іскер азамат, Бақтыбай Жолбарысұлының (мүшәйра соның атында) тікелей ұрпақтарының бәрі Төлеген Шойынбеков өз қалтасынан 150 мың теңге берді. Ондай болмағанымен, көрпесіне қарай көсіліп, басқа да қол ұшын бергендер болды. Талдықорғанда тұратын Ораз Исмаилов та бірер қалталы демеуші (спонсор) тапқанын хабарлады. Әйтеуір, бәріміз жүгіре жүріп жарты миллион теңгеге жуық қаржының басын құрадық. Екі газель автомашинасына тиеп, Алматыдан бір топ ақынды Талдықорғанға алып бардық. Қала әкімі Сәкен Жылқыайдаров бас болып, басқалары қостай, қолдай жүре оларды екі күн бойына қол-аяғын жерге тигізбей бағып, күттік.
Қастек Баянбаев, Еркін Ібітанов, Қанипа Бұғыбаева, Ғұсман Жандыбаев, Әбен Дәуренбеков сияқты саңлақтар бас болып, екі күн бойына өлең оқып, ән салып, әйда бір дүрілдеттік.
"Семіздікті қой ғана көтереді" деген, кейде сенің сыйлағаныңды, сылап-сыйпағаныңды өзіңе қарсы әрекетке пайдаланатын парықсыздар да кезіге береді. Ақындарымыздың ішінде артық сілтеп ішкені, құсқаны болмай қалған жоқ. "Мұның бәрі өкіметтің ақшасы, сендердің нең шығып жатыр міндетситін!" — деп асымызды ішіп, аяғымызға түкіргендері де болды, амал қанша!
Бірақ біздікі тағы да сол намыс еді. Бастаған істі абыроймен аяқтасақ, бұл өзімізге де, облыс әкімінің атына да кір келтірмейтін шаруа екенін ойлап, жар құлағымыз жастыққа тимеген.
Газет біткен соңынан шуласып жататын әлдебір сұмпайыларша сол жиналған ақшаны жеке басымызға пайдаланып кетсек те ешкім іздемес еді. Өйткені өзіміз тапқанбыз.
Соны не ақындарымыз, не басшыларымыз түсінбеді, не түсінгілері келмеді. Қайта өзімізді кекетіп, іліп-шалғысы келетіндердің бары байқалып қалды. " Мүшайраларың қалай өтті?" деп сұраған бірі жоқ, ал кімнің қанша ақша бергенін білгісі келетін "ағайын" көп болды.
Сол оқиғаға іле-шала әлгі айтқан Төлеген Шойынбекова елу жасқа толды да, бұдан бұрын да әйгілі Алдабергенов, Ескелді, Балпық билердің, Қаблиса жыраулардың той-мерекесіне қаржылай көмек көрсетіп жүрген азамат жайлы мен "Бар-ау бір жайсаң жігіттер" деген мақала жазып, оны облыстық "Жетісу" газетіне жарияладым.
Соның ертеңіне Жібек телефон соғып: "Мұндай мақала кімге керек? Неге жазасыз, маған мүлдем ұнамайды", — деп қалды.
Мен әжептәуір ызалымын. "Жібек-ау мен сіз үшін емес, қалың оқырман үшін жазамын ғой. Сізге ұнамайды екен деп жақсының жақсылығын айтпаймыз ба? — деп қалдым.
Тіл ұшында тағы да біраз ащы сөз тұр еді, дауласып та, тәжікелесіп те ештеңе өндірмесімді, түкті дә дәлелдей алмасымды сездім. Сездім де, сөзді ұзартып жатпадым.
Ақыры келіп, менің әрбір жазған-сызғаным Жібектің ашу-ызасын қоздыра берді.
Сол шамада бұрынырақ жазылып, көптен бері тартпамда жатыңқырап қалған "Өзім туралы" деген эссемді "Жетісу" газеті өзінің екі санында жариялады. Соңғысы сенбі күні шыққан. Жұмыста отыр едім, Жібек Әмірханова тағы телефон соқты. "Сіздің мақалаңызды оқып отырмын", — деді ол. "Иә, қалай екен?" деймін ғой әмісе айналамнан мақтау ғана естіп үйреніп қалған басым. "Ұнамайды, — деді ол кесіп-пішіп, даусын қатайтып, — ондай өмір, жазам десе, кімде жоқ. Кімге қызық деп едіңіз сіздің бастан өткергеніңіз. Одан гөрі облыс экономикасы, дотациясыз саясат жайлы жазбайсыз ба жазғыш болсаңыз", — деді.
"Оу, Жібек Әмірханқызы, екі бірдей облыстық газет бар, оларда жүзге жуық журналист отыр, облыста болып жатқан барлық жаңалық, күнделікті шаруаны бақылап, жазып, сарапқа салып отыру солардың міндеті ғой. Мен ақын ретіндегі, азамат ретіндегі өз өмірімнің кейбір ауыр тұстарын, ақындық лабораториямның көпшілік оқырманға беймәлім жағын әңгімелеп отырған жоқпын ба?" — деймін.
"Бәрібір маған ұнамайды! Жақыпжанға айтамын, ендігәрі жарияламасын мұндайды", — дейді ол қасарысып.
Телефон трубкасын тұғырына тастай салудан басқа амалым қалмаған еді менің...
Сырт көзге сыпайы, білімді, іскер көрініп жүрген, облыстағы саяси-бұқаралық мәселені, барша идеологияны уысында ұстап отырмын деп жүрген адамның сөзі еді бұл. Осындайда "алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық" дейтін халық сөзі еріксіз еске түседі. Еркекті мұндай жағдайда тым құрығанда, келістіре отырып қазақша бір сықпырта сыбап алар едің ғой! Әйелге не дерсің!
Әкімшілікте жүргендердің дені сол әйел қауымынан екен. Жібектің тікелей өз қарамағындағы бөлімде оннан астам әйел істейді. Бұрын Ермек, Өсербай деген жігіттер болып еді. Сыйғызбаған, сыймаған.
Әйел жолдастар ұдайы ғана бастығының қас-қабағына қарап үйренгендер. Оған сол бөлімдегі "арпа ішіндегі бір бидай" ер-азаматтар да қосылып кетіп жатады.
Бұдан көп жылдар бұрын — он жылдық мектепті бітіргеннен кейін стаж жинау (ол кезде жоғары оқу орнына түсу үшін кемі 1-2 жыл өндірісте істеу керек дейтін қатал қағида болған) мақсатында Ақтоғай-Достық аталатын темір жол құрылысында қатардағы жұмысшы болып істегенім бар еді. Тамақты үш мезгіл жұмысшылар асханасынан ішеміз. Жұмысшылардың негізгі дені жан-жақтан жиналған жастар. Іштерінде әр қаладан келген жап-жас қыздар да бар. Ұяда көрген тәлім, кинодан көріп, кітаптан оқып алған тағылым бар кезекке тұрғанда қыздарды ілгері жіберіп, кейде тіпті подносын көтерісіп, жігіттік қызмет те көрсетіп қойғым келіп жүрді. Әсіресе Татарстан жағынан келген үріп ауызға салғандай әдемі қыздар (біразы біздің елге келін болып қалып та қойды) көп. Өздері шетінен іші-бауырына кіріп, жұтынып-ақ тұр пәтшағарлар.
Бірер күннен кейін байқасам — мұнда үлкен-кіші, әйел-еркек деп бөліну жоқ, жұрттың бәрі бірдей, бәрі де — жұмысшы. Тек мамандықтың мәртебесіне қарай ғана сатылап бөлінеді екен. Ең жоғары сатыдағы қалаушылар, одан әрі жолшы, ағаш шеберлері болып кете береді. Кезекке тұрғанда бірін-бірі май құйрықтан теуіп қалу, былапыт аралас сөзбен сыбай салу бұларға түк емес, әбден еттері үйреніп, құлақтарына сіңісті болып кеткен. Менің ілтипат көрсетіп, иіле түсуім, кішілік көрсетуімді мұнда жасықтық, қорқақтық деп те түсінетін сыңай аңғардым. Дағыстаннан келген құмық балалары Мұртаз, Әлімпаша, Аюб, Сұлтанпашалар тіпті басына бастады. Тепсе темір үзетін жаспын ғой ол кезде, біреуден имене қою деген де болмайтын онда. Бірер аптадан соң әлгілердің аса сүйкеніп, қағыта кекетіп, тым еркінсіп кетіп өзіме соқтыққан бір-екеуінің танауынан "шертуге" де тура келген. Тең құқылық әділеті содан кейін ғана барып орнап еді. Көбімен кейін достасып та кеткенбіз.
Әкімшілікте де солай. Мен үлкендердің "Пәленшекелеп", жасы кіші ұл-қыздарын "әке", "көкелеймін" ғой баяғы.
Әсірессе қыз-келіншек жағына барынша сыпайылық танытып, көрген жерде сүйіп-құшып, өбектеп жататын едім. Сөйтсем олардың да көбі бұл жердің ыңғайына қарай әбден бейімделіп алған, одан бөлек тірлік бар дегенді ескере бермейтіндер болып шықты. Бастықтарының алдында байпаңдап, маймаңдап, маймылға айнала жаздап тұрады да, сол бастығының қабағы біреуге түйілсе болды, бұлар да сырт айнала жалт береді екен.
Түрі де, діні де әртүрлі болғанымен, тіні бір, ісі мен "тілі" бір, тіпті жүре келе бір-біріне кескін-келбеті де, қимыл-қаракеті де ұқсап кететіндігін көріп таңырқай бастадым. Рас, бәрінің де нан тауып жерлік ақылы, айналасын алдауға жарар айласы бар әйелдер. Тек кісі сыйласа — сені қызметіңе, дәрежеңе қарап қана сыйлайды екен, содан үркіп қалған жайым бар.
Соларын көріп, енді мен де бәріне бұрынғыдай өбектей бермей, біразының сәлемін салқын қабылдай бастадым. Мені тіпті, жайдақ, жалпақ шешей біреу екен деп жүре сөйлесуге де бейіл танытқан бірен-саран қыз-келіншектің қылығынан түңіле сырт айналуға да тура келген. Содан да аяғымды тарта берген болатынмын.
Ылғи ғана есекпен бірге қамап ұстаса арғымақ аттың өзі аз ғана күн ішінде есекке ұқсап кетеді деген сөз бар. Сол сияқты әйелдерге ғана бағынып, күні үшін ғана амалсыз жағынып жүрген ер-азаматтардың өзі де бірте-бірте ұрға шыға ұқсап, бойда бар аз-маз еркекке тән қасиетінен айырыла бастайтынын да байқадым.
Осы арада Еркеғали Рахмадиевтің Ғабаң (ғұлама Ғабит Мүсірепов) жайында жазған бір әңгімесі есіме түсіп отырғаны. Ерағаң 8-наурыз қарсаңында үйіне өзімен аралас-құралас, сыйлас-сырлас жүрген қазақтың бір топ зиялы азаматтарын қонаққа шақырмай ма. Бір-бірімен үйірсек, үлкен-кіші демей, етене жақындасып кеткен жақсылар мен жайсаңдары болса керек бәрі де.
Бір сөздің кезегіне орай үй иесі Ерағаң: "8-наурыз мерекесі де келіп қалды ғой, сол үшін осы дастарқан басындағы ер-азамат орнымыздан тік тұрып, сүйікті-сұлу арулар құрметіне тост көтерейік!" — деп ұсынады ғой. Дастарқан басындағылар тегіс ұшып-ұшып тұрады да, жалғыз Ғабең орнынан қозғалмаған күйі отырып қала береді. Әзілі жарасқандар атасымен де ойнайды, бұрыннан үйде-түзде ожуа-қалжыңы жарасып келе жатқан Ерағаң: "Әй, шал, сен естімей қалдың ба, әйел емессің ғой, неге тұрмайсың орныңнан?!" — дейді екен. Сонда ыңырана тіл қатқан 80 жасар Ғабең: "Біз де бұл күнде соларға қосылып қалдық қой!" — деп, ду күлдіріпті бәрін.
Әкімшіліктегі әйел басшылардың қол астында жүрген бірен-сараң жігіттер де сол Ғабең айтқандай "ұрғашылар" сапына қосылып бара жатқандай көрінеді де тұрады маған. Мұнда біраз жыл қызмет істеген еркек-әйелдің бәрі де күн өте келе зәлімдіктің өзін мәртебеге балайтын, екі айтуға еті үйреніп, ит-ырғылжыңды өнерге санайтын қатып-семген әлдекімге айналып шыға келеді екен де, кісіге жасаған жамандықтың өзінен ләззат табатын тасбауырға барып туысып кететінін сезбей де қалатын сияқты.
Татар халқында: "Сұлы жемес арғымақ жапыраққа зар болады" деген сөз бар екен, өзім де осыларға ұқсап кетпей тұрғанда жөнімді тапқаным абзал шығар деген ойға көбірек табан тірей бастағандаймын.
Бәрімізге белгілі атақты ғалым-физик Петр Капица: "Руководитель — это значит не мешать хорошим людям работать", — депті. Сенің жұмыс істеуіңе молынан мүмкіндік туғызып отырса, әр бастамаңа бөгет жасамаса, қолыңды қағып, бетіңді қайтармаса — қандай іске болса да құлшына кірісер едің ғой. Әр ісіңнен мін тауып, әр сөзіңнен астар іздейтін жартылай ғана бастықтардың жортақ әдісі құртады екен діңкеңді. Былайғы жұрттың, алдында сенің абыройың өзінен асып кетпеу жағын көз жазбай қадағалап, жоқ жерден іліп-шалып, кердеңдей келе жүйкеңді жұқартып, жігеріңді мұқалта береді. Өзі ғана емес, айлар бойына ыбыр-сыбыр, қыбыр-жыбырға өзі үйреткен қол астындағы қошеметшілері және бар. Әр жерде арс ете қалып, реті келсе аяқтан шалып, олар да қарап жатпайды. Өйткені бұл жерде өз аяғымен келе қалған кездесойқ адам болмайды. Бір-біріне аға, бір-біріне апа-жезде, құда-құдағи сияқты ілік-шатыс болып кетеді. Солар бір-бірімен қол ұстаса қосақталып, арасынан саңылау өткізбеуге итін де, битін де салып бағады. Жан-жақтағы "ел билеп, жұрт шүйлеп жүрміз" дейтін аудан дәрежесіндегі атқамінерлер де бетін, беделін жұмсай жүріп, жасаққа жарамас жасағын, қосаққа жүрмес масылын да тықпалап әкеліп, майдан өткізіп жатады. Олардың ұяда көргені де, күнделікті еститіндері де бір сыдырғы сөз, бірыңғай өнеге, бір ауыздан ғана шығар өсиет пен уәж. Көргендері — тақталастық пен бақталастық, әрекеттері — күншілдік пен күндестік. Қыспақ пен қымтырысқа да, қарекетсіз тым-тырысқа да еті үйреніп кеткендер. Өздерінен биігірек тұрған, өздерінен әлдеқайда таза, ары былғанбаған, ұяты ортаймаған біреуді көрсе олар шетінен ит көрген ешкі көзденіп, өшігіп, өршеленіп шыға келуі әбден заңды құбылыс деп білемін.
Арын да, ұятын да жақсы бір мақсат үшін емес, аз күнгі алдамшы мансап үшін тәрк еткен сол әккілер билік басына келіп алған соң, алдына адам түсірмеуге барын салып бағады. Оған ешкім жақсысың деп те айта алмайды, жамансың деп біреу бетін қайтармайды.
Өзіне ұқсамайтын ақылды бір адамның атының шығуы да оларға шаншудай қадалады. Сасық намысы, жадағай да жалған беделіне сол ғана нұқсан келтіретіндей, әлгі жақсының соңынан шам алып түсіп береді бәрі.
* * *
Еңсем түгілі, етегімді елге бастырмай,
Өзім бар жерде өзгенің аузын аштырмай,
Пендені бетіме қаратып көрген жоқ ем мен,
Бес төбет келіп беттей алмайтын қасқырдай.
Патшаның қызы батып кіре алмас қойынға,
Бес жігітіңнің буы бар еді-ау бойымда.
Алаш ұлына асыртпап едім бастан сөз,
Тығыла күліп... жығыла жүріп сойылға.
Қарасы түгілі, ханның алдында кішірмей,
Қарныма бола кісіге күнімді түсірмей.
Қаһарым болса қайғыға қарсы жұмсаушы ем,
Қара бір тастан қашай да салған мүсіндей.
Қиянат көрсем – қарайып қайта қаныма,
Жексұрындарды жолата қоймай маңыма.
Жағымпаздардың (өліп кете ме өзеуреп),
(Тұра қашпадым)... құлақ аспадым зарына.
Жүрейін десем пенделіктен де алшақтау,
Иттері ырылдап, биттері жыбырлап шаршатты-ау!
Ар сатпау еді Аллаға берген антым да,
Қиындап барады, қайтейін, бүгін жан сақтау!
Көптен-ақ көзге үйіріле қоймай жырдан шық,
Көлі құрғаған көңілдің өзі тұр қаңсып. ...
Қабамын дей ме – қаптап келеді көп төбет,
Тісін ақсита тап-тап береді бір қаншық!
10 қазан, 2000 жыл.
Тағы да "Майлышат" ауылы жайлы. Қазақ-қалмақ соғысының бір бітімді тұсы осы жерде өткен деп, әлі толық анықталып, тарихи дәлелденіп бітпесе де, сол жерге белгі тас орнату жайлы әңгіме болды.
Мен: "Әлі де ойланып, тарихшы ғалымдармен ақылдасып көрелік те. "Кеңесіп пішкен тон келте болмайды", — деген сыңайда қарсы болып көріп ем, Жібек Әмірханова: "Сіздің осы үнемі кері бағып отыратыныңыз не?" — деп тыйып-ақ тастағаны.
Осындай бір ыңғайсыз әңгіме бірер күн бұрын әйгілі Томирис патшайым (біреулер "Тұмар ханым" деп те жазып жүр) жайында болып еді. Талдықорған қаласындағы бұрынғы В. И.Ленин ескерткішінің тұғырының үстіне Томирис бейнесін орнатсақ деген ұсыныс түсіпті. Басшылар да анық-қанығына, мәселенің байыбына барып алмай жатып, "бәрекелді!" — деп қолдап, мүсінін жасауға бәйге жариялапты та жіберіпті. Жібектің кабинетіндегі бір әңгімеден: "Томиристің өзі біздің дәуірімізден бұрын жасаған адам. Кім екені де толық анықталып болған жоқ. Әйтеуір бір әйелге ескерткіш орнату қажет болса, тіпті бәрімізге белгілі, көпке аян Ұмай ана, Домалақ енеге орнатпаймыз ба?" — деп едім, ешкімнен қолдау таппадым. Тағы да теріс сиген кертартпаның өзі болдым да шықтым.
Осыған байланысты ешкімнің нұсқауынсыз-ақ Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтына хат жазып, Томирис жайлы толық мәлімет сұраттым. Әйтеуір тарих алдында өз арыма нұқсан келмеуін ойлағаным еді ол.
Бірер күннің ішінде әлгі институт директорының орынбасары, тарих ғылымының кандидаты Қ.Алдажұмановтан жауап алдым. "Алматы облысы әкімі аппарат басшысының орынбасары С. Иманасовқа, — деп бастапты ол жігіт өзінің жауап хатын. — Өтініштеріңіз бойынша Талдықорған қаласында Томирис патшайымға ескерткіш орнату мәселесіне байланысты пікірімізді жолдап отырмыз. Томирис — Гередот бойынша б.з.д. VI ғасырда өмір сүрген массагет патшайымы. Ол көне скиф (сақ) дәуіріндегі тайпалардың бірі. Томириске ескерткіш орнату үшін оның көне Қазақстанға, қазақ жеріне қатысы бар-жоғын ескеру қажет. Сондықтан Талдықорғанда ондай ескерткіш қою ұсынысына қолдау көрсетуге қарсымыз".
Қосымша ретіңде екі беттік (орыс тілінде) анықтама қоса жіберіпті. Енді сол "Томирис патшайым жайындағы тарихи анықтама" деп аталатын құжаттың орыс тілінен өзіміз аударған мәтінін толық келтіре кетейін.
"Томирис — массагет патшасының жесірі, біздің дәуірімізге дейінші VI ғасырда (539 жыл) көшпенділердің парсы патшасы Кирге қарсы азаттық жолындағы соғысты басқарған. Ол соғыста оның Спаргапис дейтін баласы қаза табады. Патшайым қиян-кескі ұрыста Кирді жеңіп, кегін қайтарады, оның басын кесіп алады. Кесілген басты: "Қанішер Кир, саған керегі қан еді ғой, ал енді шөліңді қандырып ал", — деп, қан толы меске тастайды. (Гередот, "Тарих" бірінші кітап, "Клио" 201-206 жаңа жол). Парсылар мен скиф — массагеттердің соғысы жайлы сол көне грек тарихшысы Гередоттың жазғанынан басқа дерек бүкіләлемдік ғылыми-тарихи әдебиетте кездеспейді.
Гередоттың "Тарихынан" кейінгі жазбалардың бәрінде де Кирдің әскері көпір салып өткен Аракс өзені Азиядағы бір өзен. Бәлкім, тіпті Сырдария да болуы мүмкін дегенді айтады. Бірақ 25 ғасыр бұрын соған аты ұқсаған басқа да өзендер болуы әбден мүмкін ғой. Скифтерге жататын массагет халқы Каспий теңізінің шығыс жағында өмір сүрген, сондықтан Аракс — не Сырдария, не Амудария болуы мүмкін деген болжам айтылады. Оны анықтау енді мүмкін де емес. Массагеттерді түркі халқына да, Кавказ халқына да жатқызуға болар еді. Өйткені, гректердің Томирис деп отырған Тұмар не Томар, болмаса Тамара да болуы мүмкін. Тамарадан Кавказ әйелдерінің есімі, тіпті орта ғасырдағы грузин патшайымы Тамараның есімі болуы да мүмкін еді. "Ис" деген қосымша грек тілінде біреуге тәуелділікті, орыс тіліндегі "ов" сияқты көрсетеді. Мәселен, Сгаргапис, Липоксаис, Колаксаис, Томирис.
Бұдан басқа деректердің ешбірінің ғылыми негізі жоқ. Скифтер — әртүрлі тайпадан тұратын көне халық. Біреулері мал бақты, көбіне көшіп жүрді, екіншілері егін салып, жеміс өсірді, орнықты тірілік кешті. Үшінші біреулері балық аулаумен күнелтті, яғни өзен-теңіз жағалап, кеме де жасауы мүмкін. Сөйтіп тарихи-табиғи процестердің әсерінен скифтер орта азиялық, кавказдық тіпті еуропалық халықтарға араласып кеткен. Кавказ халықтары ішінде оларға осетиндер мен аландар (нарттар), Орта Азияда қазақ, өзбек, түрікмен жақын. Томирис солардың қайсысының перзенті? О жағы әзірге беймәлім.
Күні ертең грузин не армян тарихшысы жаңа табылған фактілер мен деректер негізінен Томиристі өз пайтшайымы деп те жүрмесіне кім кепіл?
Әрине, Томирис түрік тұқымдас елдің патшайымы деуге бірнеше негіз бары рас. Біріншіден, массагет жауынгерлері шарап дегенді білмейтін еді, яғни Кавказда болып көрмеген, сондықтан да парсылардың қалдырып кеткен ішімдігінің не екенін айырып болмастан, тез мас болып қалып еді. Екіншіден массагеттер мал баққан, олардың атты әскері, қалайы қалқан сияқты скифтерге тән құралы болған. Үшіншіден, кейін "скифтік әдіс" атанған соғыс жүргізу тактикасы — қаша соғысу, шөл далаға шығандатып, қарсыласын қаша жүріп қалжырату. Кавказ тауларында ол мүмкін емес еді әрине.
Томиристің түрік тұқымдас елге қатысы бар-жоғы әлі айқындалып болмағандықтан да біз оған Жетісу жерінде ескерткіш орнату әзірге тиімсіз де лайықсыз деп білеміз".
Бұл да менің "кері бағар, кертартпалығымды" дәлелдей түсті. Шындыққа жүгініп те басшыларға жаға алмасымды сезген едім содан.
Облыс әкімінің ұйғарымы бойынша бір топ жазушының кітабын шығарып беруге демеуші болып, сол кітаптардың тізімі жасала бастап еді. Іштерінде әйгілі "Қырандар қияда қаза табады" романының авторы Мақан Жұмағұлов ағамыз бен маған аса таныс емес сексен жасар Исабай Есқараев ақсақал бар еді. Екеуі де қайдан білсін, жеке-жеке салып-ұрып Жібекке бармай ма? Мақан өзі аңғалдау, алды бар, арты жоқ адам, Жібекке қолқа салып біраз әңгіме айтса керек. Олардың арызына әкімнің өзі "тізімге қосыңыз" деген бұрыштама жазып, маған жолдаған. Шығарып беру жағында болатынбыз.
Сол бір шамада Жібек телефон соқты. "Сізге Мақан Жұмағұлов деген жасы үлкен адам барды ма?" — деп сұрадың "Жоқ көрмедім. Таба алмай қалған болар". "Оның қандай шығармалары бар өзі?". "Орыс тілінде жазатын кісі ғой, ең белгілі шығармасы Амангелді Иманов туралы "Орлы гибнут в вышине" деп аталатын роман". "Сол кісіге "бізде Сәкен Иманасов қызмет істейді, жолығыңыз" деп едім. "Сіздер неткен бақытты адамсыздар, бір күн де болса Сәкенмен бірге жұмыс істеген", — дейді". "Өте дұрыс айтқан екен Мақаң", — деп, ақкөңіл қарттың ықыласына мәз болған қалпымда Жібекке қалжың айтам ғой.
Жібек болса Мақаңның әлгі сөзін жолыққанда өзіме де, қасымыздағы кездейсоқ келген басқа да адамдардың көзінше де әлденеше рет қайталап айта берді. Әр айтқан сайын оның дауыс ырғағынан көмейіне тығылып қалған кекесін сияқты әлдене тұрғаны аңғарыла бастады. Басында әзілі ғой деп, өзім де күле тыңдаушы едім, келе-келе құлаққа түрпідей тие бастаған соң, сол әңгіме айтыла бергенде жылжып жүріп кететін болдым.
Өлісі бар,тірісі бар 15-16 автордың кітабын шығарып беру ұйғарылды. Мен бұл жұмысты "Жалын" баспасына жүктеуді ұйғардым. Баспа директоры Бексұлтан Нұржекеевпен келіссөз жүргізіле бастады.
Неге "Жалын" баспасын таңдап алып отырсыз? Тендерге салмайсыз ба? — деп сұрады Жібек.
"Жалын" — мемлекеттік баспа ғой, басшылары да өз облысымыздың патриоты, керегінде іздесек те, ойымыздан шықпай жатса да "үйренген жау атыспаққа жақсы" болған соң ғой, — деп уәж айтқан болдым.
Жібек үндей қоймаған.
Сол күндері маған "Шартарап" баспасының иесімін деп Құлтас атты жігіт те келіп, осы кітаптарды шығару жағын өзіне тапсыруды сұрап жүрген.
Бірер күннен кейін Жібек: "Сіз Құлтасты білесіз бе?" — деп сұрады. "Жоқ, — дедім, — білмеймін". "Шартарап" аталатын баспасы бар екен, кітаптарды шығаруды соған тапсырсақ деп отырмыз". "Жалын" баспасымен келісіп жүр едік қой, Нұржекеевтен ұят болмай ма?". "Тендер шешіп отыр ғой, "Шартарап" арзанға шығарады. Нұржекеевке соны айтарсыз". "Жарайды", — дедім. Мен "Құлтасты білемін"... дегенде мәселе басқаша шешілетінін де сездім. "Е, мейлі ғой!" — деп ойладым.
Бексұлтанға айтып едім. "Қайте қоясыз, не қылса, о қылсын" деген сыңай танытты.
15 қазан, 2000 жыл.
Бүгін аса бір жүйке тозған күн болды. Таңертең маған "Время" деп аталатын газеттен ұлты да, жынысы да беймәлім Мариям Унгарова дейтін тілші келді. Аты-жөні әйел затына ұқсаған соң бар ілтипатыммен-ақ қарсы алып, орын ұсынып, хатшы қызға шай алдырып дегендей, жік-жапар болып жатырмын ғой баяғы. Бірақ не сөзге қонақ бермейтін, не өзі жарытып ештеңе түсіндіре алмайтын көкайыл бірдеңе болды да шықты. Әр сөзіме дау айтып, қитығыма тигендей болды. Қуып шықпасам да, итергендей болып әрең құтылғамын.
Сол екі арада қасында осында істейтін Ахмет бар, Тұманбай көкем келіп, жаңа бір өлеңін оқыды, енді Жұбан турасындағы сөзін оқи бастағанда, "меридиан" телефоны шыр ете қалды. "Amirxanowa" деген жазуды көріп, трубканы миі көтермей-ақ қойсам ба екен деп бір тұрдым да, "қой, қайтер дейсің", — деп алып жайымен жауап бердім. "Исабай Есқараевтың кітабы не жайында?" — деп сұрады ол бірден амандық-саулық жоқ. "Оқыған емеспін", — деймін. "Сіз ғой тізімге қосып, кітабын шығаруға ықыласты болып отырған". "Е, мен ол тізімдегі қолжазбаның бәрін оқып отыра алмаймын да ғой, бірақ аннотациясында "Жетісу өңіріндегі азамат соғысының кезеңі сөз болады" делініпті", — деп жатырмын өзімше.
"Қазір азамат соғысы турасындағы кітап кімге керек?" — дейді Жібек тағы да. "Апыр-ау, орыс, қазақ әдебиеттерінің М. Шолохов, А. Фадеев, С. Мұқанов, Ж.Аймауытов, Б.Майлин сияқты ірі өкілдерінің ең басты шығармалары да сол кезеңді қамтымай ма. Қарт адам екен, әкімге арызбен кіріп шығыпты да, әкімнің "шығарыңдар" деген бұрыштамасы да бар", — деп бара жатыр ем, ол сөзімді кілт үзіп, "о сықыр бұ сықырға ұқсамайды, әуре болмаңыз, кітабы шықпайды. Алып тастаңыз тізімнен!" — дегені.
"Өзің білме, білгеннің тілін алма" дегенді қазақ осындайдан айтқан екен-ау деймін іштей. Баяғы Аманханның: "Сәкен аға, аман болсаңыз, Жібек пен Фатима қасыңызда жүргенде енді үш-төрт айдан соң басқаша сайрай бастайсыз!" — деген сөзі шындыққа айнала бастағаны ма? Қой, олай бола қоймас!".
Сөйте тұра оның сөзінің ақырын тыңдауға төзімім әрең жетті. Тұмекең: "Әй, не болды? Сабыр етсеңші, өзің тіпті бозарып кеттің ғой!" — деген соң төменге түсіп, бір-бір ұрттам коньяк ішіп, ашу тарқатқан болдым. "О, жасаған, енді төмен етектілермен төбелестіре көрме!" деп жалбарындым іштей тәңірге.
Қасымызда Ахмет бірге жүр еді. Тұмекең айтқан бір әңгімесіне орай (таратып жатпай-ақ қояйын деп отырмын) көкемнің құлақ түбінен күңк етіп: "Қап, бекер-ақ айттыңыз-ау!" — деп қалды.
Тұманбайды сақтандырған, оған менен гөрі жақынсыған түрі. Екеуін мен таныстырғаным есінде жоқ шығар шіркіннің, өзінше менен гөрі ақылды, менен гөрі аузына берік болған-дағысы-ау деп ойладым інімнің. Амал не, ашуланып отыр ем, қоламтаны одан әрі үрлей түскім келмеді де, естімеген, елемеген сыңай таныттым.
Осы інімді де түсіне алмай бара жатқандаймын. Көп жылдар бойына ағалап та, жағалап та менің жанымнан шықпай, алағай да бұлағай кезеңдерде әрдайым аузыма қараушы еді. Қысылғанда мен де оның қасынан табылуға тырысатынмын. "Туған ағам да сіздей-ақ болар!" — деп сендіреді мені. Бірде тіпті біздің үйде отырып келіншегіне телефон соққаны бар. "Мен ағаның үйіндемін", — деп еді, ар жағынан: "қай ағаның?" — деді-ау деймін: "Менде қанша аға бар еді, Сәкен ағаның!" деп шегелеп те айтқан. Бәтіңкемнің бауына шейін байлап беріп жүргенге имандай ұйып, ағасынып, маңызсып жүре беріппін ғой. Кейін оның маған өзі күнде жамандап жүретін бір адаммен ауыз жаласып кеткенін байқап, ішімді тарта қалғандай болғаным бар еді. Мына жерде де сол қылығы көрініп қалды.
Туыстар бар жақсы көрген, жек көрген,
Мына бастан бәрі-бәрін өткергем.
Өзіңді зор ұстаушы едің, әп-сәтте,
Сыпырылып түсті-ау сенің бет-пердең, —
дейтін шумақ орала берді ойыма.
Менің көп жағдайды көре тұра — көрмегенситінім, ести тұра — естімігенситінім болады. Сонда қасымдағылар мені де бір дымсезбес аңғырт, аңғал екен деп ойлайтын болуы керек.
Кісілік пен иттіктің арасы қанша жер екен? Мен ойлаймын кейде, кісілік деген игі-жақсылар аунай кеткісі келіп тұратын жап-жасыл құрғақ көгал шығар деп. Ал "иттікке" келер болсақ, ол түбі көрінбес, көзге байқала бермес батпақты ұйыққа ұқсайды. Байқамай бір түсіп кеттің бе, ақырын-ақырын білдірмей сені түбіне қарай, тереңге тарта береді, тарта береді. Енді қайырыла көгалға, қол жетпес құрғақ таза жағалауға шығу мүмкін емес, сол бойы белшеден боққа батып, былғана түсесің, былғана батпақтап қала бересің. Тырбансаң да, ырғалсаң да енді уысынан шығармайды. Карьера (мансап) қуып жүрген кейбір азаматтар маған ұдайы осыны елестетеді де тұрады, әйтеуір, Қабаннан да пана іздеп, қабыланнан да сая іздеп, аз күнгі қызығы үшін доңыздың тұмсығынан, сасық қоңыздың құйрығынан сүюге арлан-байтындармен де қатар тірлік кешеміз-ау, амал не?
"Бірде бал,бірді у беріп өтеді өмір,
Бақытты, қайғыны да көтере біл! — деген әлдекімнің өлеңінің екі жолын ыңылдай айтып, бұл күнді де өткіздім.
19 желтоқсан, 2000 жыл.
Таңертең жұмысқа келіп, орныма отырар-отырмастан тағы да Жібек телефон соқты. Сіз "Тарлан" сыйлығын беретін сарапшылар комиссиясының мүшесі екенсіз ғой, Иранбекке алып беруге қалай қарайсыз?" — дейді. "Бұл бір ғана әдеби шығармашылығы емес, қоғамдық қызметі, уақытқа, елге, жерге сіңірген барша еңбегі түгел ескеріліп берілетін сыйлық сияқты, бір адамға жөнсіз бүйрегімнің бұрғаны келісе қояр ма екен?" — дедім. Мен өзім тегінде: "Көрерміз, ойланайық, ақылдасайық" деп шығарып салуға ежелден қарсы адаммын. Буынсыз жерден пышақ ұрғысы келетіндерге осылай, әкесі өлгенді де естіртеді дегендей, кесіп-пішіп, сөзбұйдаға сала көлгірсімей бір-ақ айтқанды ұнатамын. Соны айтуым мұң екен, Жібегімнің бірден шала бүлініп, тулап ала жөнелгені. "Сіз әнеукүнгі конкурс ("Жаңа ғасырға — жаңа ән") концерті кезінде БАҚ (бұқаралық ақпарат құралдары) өкілдеріне шақыру билетін неге таратпадыңыз?" — деп, біраз кіжініп алды. "Оған менің қатысым қанша? Тапсырылған тиісті адамдар бар, солар өз міндетіне алып еді ғой", — деймін мен. "Сіз хандығыңыздан тайып қаласыз ба, өзіңіз таратсаңыз. Шіренесіз де тұрасыз ылғи, түбі сізге бұл жақсылық әкелмейді, жаман, өте жаман болады!" — деп сес көрсете бастады. "Жібек-ау, бұл жерде менде қандай жазық бар, маған ондай тапсырма берген ешкім жоқ еді ғой", — деймін, оған құлақ асып жатқан ол жоқ, өзеурей түсіп: "Айтпады демеңіз, сізге жаман, өте жаман болады!" — дегенді шегелеп қайталай берді.
Мың күннен кейінгі шөлмектің де сынар кезі келіп қалды-ау деймін, әйелге айтпайтын-ақ сөзім еді, ызадан жарыла жаздап: "Жібек Әмірхановна, — дедім сабырмен., — мен өзім жаманды да, жақсыны да бірдей көріп келе жатқан адаммын. "Жаман болады" деп не айтқалы отырсыз? Мен өзі дәл қазір біржола әтек етіп, піштіріп жіберуден басқа ешнәр-седен қорықпайтын болып алғам", — дедім. Ол телефонда едәуір үнсіз тұрып қалды. Біртүрлі бәсең дауыспен: "Жақсы онда", — деп байланысты үзді. Орыстың баяғы атақты ғалымы Михайл Ломоносовтың: "Служить я могу кому угодно, а прислуживать не буду даже самому господу богу", — дегені бар еді. Сол сөз есіме түсіп, жаңағы дөрекілеу тойтарысыма өзімнен өзім рақаттана бір күліп алдым да, бойым әжептәуір жеңілдей түскенін сезіндім.
Маған тегі "не жасамайсың" дейтінін өзі де білмейтін болуы керек. Менің бағынышты болсам да, жағынышты да жалынышты бола алмайтыныма көзі жетсе керек еді ғой осы күнге дейін. Әлде соны ұққысы, ұға тұра да бүтіндей қабылдағысы келмей ме? Әйтеуір бір ықтырам, әйтеуір бір бұқтырам деп ойлайтын болуы керек. Қарауындағы көп ғаріптің біріне айналып кете бермегеніме таңырқайтын болуы да керек, сірә. Одан басқа не істеппін, жолын кескем жоқ, алдында басқа бір қылдай кінәм жоқ екенін де жақсы білем.
Өзіндік қалыптасқан дара бір кісілік қасиеті жоқ, ғұмыр бойында біреудің ығында жүріп күнелткен (өзі де құл, өзі де күң) адамдардың өз қарауындағылардың кеудесін басып, тұқыртып, біржола илеп-бүктеп, имендіріп ұстауға тырысатыны болады. Біреудің өзінен еңсесі еңселі, өресінің биік екенін көрсе болды, қылғынып өле жаздайтын да лауазым иелері барына бұрыннан қанық едім.
" Қазақ елі" газетінде Бақыт Сарбалаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты қорғап мақала жазып еді, Жібек те өршеленіп: "Сіз неге сондай мақала жазбайсыз?" — деп тиісті маған. "Оның қисыны келмес" десем тағы да сес көрсетіп әлекке түсті.
Аттылы ма, жаяу ма, ит пе, құс па — әйтеуір үй сыртынан өтетін әркімге бір арс етіп үріп, арпылдап қалатын майтөбеттер болушы еді. Мені де сондай, әкім, әкімшілік атына айтылған әрбір кереғар пікір, әжуа-мазаққа үн қатып, тисе — терекке, тимесе — бұтаққа деп, бұтып-шатып, шаптыға соқтығып отыратын қолжаулық еткісі келді-ау деймін. Әр сөзінің аңғарынан соған ұқсас сарын есіп тұратын болды.
20 желтоқсан, 2000 жыл.
Жібек әнеугі әңгімені бүгін тағы жалғастырып: "Газет тілшілеріне неге билет апарып бермедіңіз?" — деп сұрады. Ол жұмыс ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бастығы К.Жәйшібекова мен әкімнің баспасөз хатшысы Фатимаға тапсырылған болатын. Соны айтып едім, "Сіз апарып беруіңіз керек еді, сіз апарып беруіңіз керек еді", — деп әр сөзін екі реттен қайталап ұрына берді. "Айтпады демеңіз, сізге жаман болады, жаман болады!" — деп тағы шүйлікті. Әнеукүнгі жауабымды және бір рет қайталауға тура келді.
Атақты суретші Әбілхан Қастеев "не жағдай?", "не нәрсе?" деудің орнына көбіне "не күй?" — деп сұрайды екен. Бірде сол кісі белгілі голланд суретшісі Рембрандтты Рабиндранатпен шатастырып алса керек. Сонда аяқ асты ескерту жасаған адамға қарап Әбекең: "Не күй? Айтылып кетті", — депті. Біреулер соны шала естіп, "не куя, айтылып кетті!" дегізіп, орыстың боғауыз сөзінің қазақы бұрмаланған кейпіне түсіре анекдот шығарған. Ел арасына сол соңғысы көп тарап кетіп еді. Бұл жолы біз де "не куя, айтылып кетті" деп, іштей күліп қала бермек болғамыз.
Кешке қарай әлдебір жұмыспен Жібектің алдына тағы бардым. Қызмет солай, қайтерсің. Сол жерде ол: "Сіз әнеукүнгі концертте Ермек Серкебаевқа орын бермей, ерегісіп отырып алыпсыз ғой, маған залда отырған үлкен ақсақалдардың бірі айтып келді", — деді.
"Ақсақал-қарасақалдың кімнің кімге орын беріп, бермегенін тізгеннен басқа жұмысы жоқ екен-ау,ә! Оның үстіне мен сіздің кіші балаңыз емеспін ғой, үстімнен кім көрінген айтқан шағымды тыңдайтындай, — дедім. — Біз билет бойынша әйелім екеуімізге тиесілі өз орнымызда отырдық. Оны неге біреуге босатып беруім керек?"
Жібек: "Ермек деген — Ермек қой, тұрып орын беруің керек еді", — деп болмады. Бұдан әрі мен де төзбей: "Сәкен деген Сәкен, келер ұрпақ мәдениетімізге сіңірген еңбегімізді таразылай келгенде Сәкен Иманасов та сол Ермек Серкебаев қатарынан орын алатын болады. Мұны бір деңіз. Екіншіден айтарым, менің әкімшіліктен тысқары жерде не істеп, не қойғанымда бұдан былай жұмысыңыз болмасын? Әркімнің өз жөні бар!" — дедім де, шығып жүре бердім.
Бірте-бірте маған берілген өккілетті биліктің шеңбері тарыла бастады. Жетісу жеріне аты белгілі, кезінде үлкен лауазым иесі болған бір ағамыз "Алматы облысы энциклопедиясын" шығармақ ниетімен Жібекке барады ғой. Біраз әңгімеден соң: "Сәкенге де соны айтамын, қазір соған бармақпын", — дейді. Сонда: "Сәкеннің не қатысы бар, ол емес, шешетін біз ғой бұл мәселені, Сәкенге барудың қажеті жоқ", — деп шыр-пыр болыпты Жібек. Оны маған әлгі ақсақалдың өзі айтқан. "Онысы несі?" — деп те сұраған. Мен қайдан білейін!..
21 желтоқсан, 2000 жыл.
Әр адамның соншалық бір көңілі құлазитын, жанып қоярға жер таппай еңсесі түсе езіліп бітетін кездері болады. Сондай кезде кім болса ол болсын, әйел ме, еркек пе, ұл ма, қыз ба, жақын ба, жат па деместен біреуден жұбаныш сөз дәметесің. Бірақ қырсыққанда жан-жағыңды қанша қарманып, қадіріңді білер біреу таппайсың. Көрінгенге және мұң шаға алмай дал боласың. Оның үстіне жасыңның біразға келгені де тежеу бола береді.
Әлі күнге ойланам: аман-есенімде Заманбекке рақметімді айтып осы арадан кетіп-ақ қалсам ба деп. "Егемен Қазақстандағы" Мейрамбек інім де жолыққан сайын: "Әй, аға, осы ара сізге қол емес-ау, ақын жүрер жер бұл емес қой, бұл емес!" дей берді.
Соныкі де дұрыс па әлде.
Басылып бірте-бірте біздегі лап,
Отырмын күйкентайдай күзде жүдеп.
Қалтырап екі тізем әрең кірдім,
Жақпай қап жүрем бе деп сізге, Жібек!
Сыйынып бір Аллаға, мақтай барып,
Екеуіміз бір қазыққа ат байладық.
Әйтеуір өзімді-өзім мүжи берем,
Жібекке жүрем бе деп жақпай қалып! –
деп өлең жазып Жібекке барып ем, онымен де жібіте алмадым.
* * *
Көлеңке жерде қалып бір қойған мұздақтай,
Тымырайып қана тұрар еді-ау ол міз бақпай.
Сәлеміңнің өзін сызданбай алған күні жоқ,
Жүрегіңді сенің шымыр еткізе сыздатпай.
Бүрісе қалып бұралқы ит көрген кептердей,
Тіл қатқан емес кеміте күліп кектенбей.
Инеліктей боп ілмиіп, ішін бермейтін,
Атасының көрін Иманас қазып кеткендей.
Ұрғашыға да, құрбашыға да ұқсамай,
Күркетауықтың мекиені құсап түк самай.
Үніңнен үркіп, үдірейе қарап тұратын,
Тоқсан жасында Тегеран барған чукчадай.
Санасып жатпай сақалы бар деп, мұртты деп,
Жусатып айдап иі жұмсақтау жұртты кеп,
Күн көрсетпейтін қызметі төмен кісіге.
Күшік күйеудей кішірейте сөйлеп, түрткілеп.
Жүргенде солай жаныңа торсық байлатпай,
Өтті де кетті тасыраң дәурен тайлақтай.
Алақан жайып, аңырап қала беріпті,
Көлі суалып, кемесіз қалған қайықтай.
Дұшпаны да жоқ, жоқ еді қимас досы да,
Кектене қарап, көлеңкесінен шошына.
Жынын алдырған бақсыдай болып жүр дейді ел,
"Кезекті дүние, кезбе бақ" деген осы да!
29 желтоқсан, 2000 жыл.
Кезекті еңбек демалысына шықтым. Шаршаудай-ақ шаршаған екенмін. Сіркем су көтермейді. Оның үстіне осының алдында ғана қан қысымым кенеттен шұғыл көтеріліп, он күн бойына емханада жатып та шыққаным бар. Ақшаның бетіне қарамай, қымбат та болса мейлі деп, бұрыннан өзім үйренген "Алматы" санаторийіне барып, тынығып қайтуды ойладым.
5 ақпан, 2001 жыл.
Облыс әкімшілігінде табаны күректей бір жыл қызмет істеппін. Тапқаным да, тапсырғаным да бар. Моральдық, материалдық жағы ойдағыдай, бірақ өзінді-өзің ылғи бөтен үйдің мейманыңдай сезінген бір түйткіл арылмай қойды көңілден. Әлі күнге "мен де осы жердің белді де белсенді мүшесімін-ау" деген сезім жоқ.
Санаторийдегі тірлік белгілі ғой, әсіресе жүйкесі жұқарып, жігері мұқалып жүрген мен үшін осы жолы пайдасы көп болды. Ауыр бір ойлардан арылып, ақыл-есім қайта орнына келгендей алаңсыз бір рақат күндер кештім. Нұрмахан Оразбеков, Бексұлтан Нұржекеев, Тұманбай, Бек Тоғысбаевтар, Жақыпжан Нұрғожаев, Ахмет пен Кемел сынды інілерім келіп, құда-құдағилар хал сұрап, көңілдің көтерілуіне көп-көп септігін тигізгендей болды.
Қайтар күні машинамды жіберіңдер деп гаражға телефон соқсам: "Лимит жоқтықтан сізге бөлінген машина басқа жұмысқа ауыстырылды. Қалғанын өз басшыларыңыз айтар", — деп түр ондағылар.
"Пәлі, — деп ойладым мен, — жаяу қалдым дегенше, бұл жұмыстан кетуге де таяу қалдым десеңші. Есің барда, еліңді тапқаның да жөн болар енді, Сәкен!"
Бірақ жұрт мені "сыйғызбапты" демейді, өзі "сыйыспапты" дейтін болады-ау,о! Мінезімді білетін дос-дұшпан "шоқ-шоқ, өзіңе сол керек!" — деп бір жасап, табалап қалатын болды-ау. Қой, енді бір 8-9 ай істей тұрайын. Арғысын тағы көрерміз!" — деп түйдім де, үн-түнсіз келіп жұмысыма кірісіп кеттім...
Бір жыл бойына не істеп, не қойғанымды саралап, елеп-ешкеп келіп, өзіме де керек, өзгелер де біле жүрсін деген мақсатпен "Зымырап, зулап ағып бір жыл өтті" деген мақала жазып, өзім соны орыс тіліне аударып, Василий Шупейкинге оқытып, түзеттіріп, бір күнде "Жетісу", "Огни Алатау" газеттерінің беттеріне жариялаттым. Қазақша мәтінінің қысқарған түрі мынау еді:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі