Қазіргі қазақ елі ауқым-аясында жүзеге асып жатқан игілік пен ізгілік, жасампаз жақсылық, қысқасы, ұлы-кіші үрдістердің бәріне үдірейе қарап, үрке қабылдап, баз бірде тіпті отбасында отырып алып сынап-мінеуден арылмай-ақ келеміз. Арылмақ түгілі, әрбір жаңа нышан, тәп-тәуір бастаманың бәріне: "өй, сол баяғы гөй-гөй ғой, не өзгеріп, не жаналық бола қояр дейсің, тегі!" — деп кіді кекесін аралас күдікпен қарауды үдете түсіп бара жатқандаймыз. Қайдағы бір өнбес дауды қоздырып, қыздырманың қызыл тіліне ере бергенше, бұл да болса тағдырдың бізге қарай мейіріммен бет бұрғаны шығар, соған да шүкір дей отырып, бір мәміле пәтуаға тоқталсақ болмас па еді, деп төрелік айтар кісі де табылмай жүр.
Бұл жерде "тағдыр" деген сөзді әдейі баса айтып отырмыз, одан шошынар түгі жоқ. Кезеңдер мен дәуірлерге бөлінетін тарихтың салқар ұлы көш-легінде бес жыл, он жыл дегеніңіз теңізге құяр тамшыдай ғана болып қалуы заңды да, ондай болмашы уақ-түйек жылдар легіне бұрылып қарап, есепке алып жатуға ол "кәріңіздің" мұршасы да бола қоймас. Ал біздің еншімізге тиер мерзімнің қамшы сабындай қысқа екендігін ескерсек, "көрі тарихтың" жаңағы айтқан елеусіз он жылының өзі тағдырдың тосыннан бере салған өлшеусіз олжа-сыйы, шексіз мырзалық болып саналар еді.
Солай дей тұрсақ та, адам болмысы, пенде жаратылысы деген де қызық қой, тірліктің бар қатыгез тауқыметін, балтыры сыздап, басының ауруын, бақсыз, талайсыз болған кезеңнің бәрін тағдырға жабады да, сол тағдыр бет-жүзін оңға бұрып, күле қараған алғашқы сәтте-ақ қалпағымызды аспанға ата мәз боламыз да, әлгі Эйфория басыла бере кілт айнып: "анау жоқ, мынау жетіспей жатыр!" деп күңкілдеп, ырыс пен ынтымақ, дәулет пен бақ аспаннан лақ етіп неге бірден жауа салмады деп күйіне гөй-гөйге басатынымыз және бар.
Арғы-бергі тарихқа үңіліп көріңіздерші, қай елдің басына бірден бақыт үйіріле қалып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалай салыпты. Осы күні дәулет пен байлық жағынан алдына жан салмай әлемді аузына қаратып отырған. Оңтүстік Корея, Тайвань, Гонконг, Сингапур ұлттық енжарлық пен немқұрайды, миғүла мимырттықтан арылудың қаншалық ауыр жолын өткенін, қанға сіңген құлдықтан құтылу жолында қаншама қиналыстар мен жанкештілікті бастарынан өткізгенін біразымыз жақсы білеміз. Дәл осы елдер қантөгісті де, төңкерісті де көрген. Ел басқарған лидерлері де ауысып жатты. Ақыры өзіне лайық сара жол тапты, демократиялық үрдістерге мойын бұрды, ел тағдырын әрқайсысы өз тағдырым деп қарап, қай іске болмасын белсенділікпен жұмыла білді, ел таңдаған азамат басшыларының соңынан ерді.
Тағдыр өзі олжалатқан берекелі бетбұрысты баянды ету жолында бүйректен сирақ шығармай, үй ішінен отау тігуге әрекеттенбей-ақ, барымызды базарлап, бұрайтынымызды бұрап, құрайтынымызды құрап, туған елдің төрт аяғынан тік тұрар дәрежесін меже ете қимылдауымыз керек емес пе еді? "Алтау ала болса — ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса — төбедегі келеді" демейтін бе еді халқымыз. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дегенді де сол халқымыз айтқан болатын. Енді-енді дербес ел болып енсе көтеріп жатқанда осы бір аксиомадай ақиқатты, қалтқысыз қағиданы бір сәт естен шығарар болсақ, жайылған қолдың саусақтарындай жан-жаққа шашырай бастасақ, бетін, әрине, аулақ қылып, әлгі мейірман тағдырдың теріс айналып, тонын сыртқа салып шыға келуі де ғажап емес қой!
Өз басым аса діндар адам емеспін. Сөйте тұра күнәлі болудан өлердей қорқамын. Ал өзім қорқатын күнәнің ең қорқыныштысы — қолда бар мүмкіндігіңді, ақыл-ес, күш-қуатыңды пайдалана алмай, маңдайыңа бұйырған бақ құсыңды үркітіп алу. Үркіп ұшқан құстың ол тұғырға қайта қона қоюы екіталай.
Біз әрдайым өткенге салауат айтып, бүгінге береке тілейтін елміз. Жапондарда: "Кешегің өтті-кетті, енді қайта оралмайды, болашақ қашан да күмәнді, сондықтан бүгінгі күнмен өмір сүр!" — деген қағида бар екен. Қазақы түйсікке қайшы да келуі ықтимал. Әйтсе де арғы астарында жан бар сөз. Өйткені уақыт толастауды білмейді, ағын судай зымырай ағып, көзді ашын жұмғанша бүгінгіңнің өзі қас-қағым сәтте өткен шаққа айналуы да хақ.
Сол кезде өкінбейтін болу үшін не істеуіміз керек.
Әлгі айтылған "күнә" сөзіне қайта оралайық. Тірлігінде әйтеуір бір рет күнәға батпайтын адам болмайды. Ондай тағдыр софыларға да бұйырмаған. Сондықтан да оқтын-оқтын жасағанға мінәжат етіп, күнәдан арылып отыру да көп парыздың бірі саналады. Не айтатыны бар, біз күн сайын белшеден күнәға батып жүрген қоғамда өмір сүргенімізді білмей келдік. Сондықтан да күнәдан арылу дегенге ой жүгіртіп көрген емеспіз. Қоғамымыз өткен жолдың бәрінде үзіліссіз, ұдайы күнәға батып отырыппыз. Бізге дәріс берген, оқытқан, оқытқанын азды-көпті тоқытқан ұстаздарымыздың өздері де шетінен күнәһар болыпты. Күнәһардан "тәлім" алған күнәһар болыппыз да шығыппыз. Соның бәрін кеш ұғып, кешігіп түсініппіз. Оған бола бармақ шайнай өкінудің де орны жоқ екен ендеше...
Соның бірін көрмеген, көрмек түгілі сезіне білмеген "бота тірсек бозбалалар" не істеп, не қойғысы келіп жүр қазір? Аңқау елді аңдап ұрып, ауыздағыны қағумен қалтасын қалыңдатып алып, енді сол кеше ғана езі қан қақсатқан елге көсем болып шыға келуді аңсайды. "Көсем" болып жатқандар да бар. Халық болып қаршадайдан хан көтерген ұлықтың айналып келіп жүлікке, жүліктен бүлікке айналуынан өткен сорақылық бола ма?
Баяғы ауыр күнәдан арыла алмай келе жатуымыздың бір белгісін осы арадан іздесек қателеспейміз.
Ой-сана түйсігі қабылдаған идеяны қолдауға, қорғауға, қуаттауға қабілеті жетпеген халықтың болашағы қайтсе де бұлдыр. Көп болып тізе қоса атойлап, айқай салып шығар тұста: "Өкіметтің өзі білер, көрмей отырған жоқ шығар!'" — деп іркілу бірте-бірте ой енжарлығына, бойкүйездікке апарып соғады да, ұлттың дара менталитетіне айналады. Сөйтіп ол халықтың әл-ахуалына орасан зор залалын тигізеді. Ұлттық дәстүрге айналған салғырттық соңы торығуға, үмітсіздікке келешектен күдер үзуге апарып бір соқпай қоймайды.
Өткен айлардың бірінде "Егемен Қазақстан" газетінің бетінен Қойшығара Салғараұлының Абылайхан жайындағы фильм түсіру барысына назаланған жан айқайын оқығаным бар еді. Болашақ фильмнің сценарийін жат-жұрттық біреу жазады, басты ролде басқа бір шетелдік актер ойнайды, сонда "таланттымыз, дарындымыз'" деп күпініп жүргеніміз жалған болып шықты ғой. Өз сөзімізді өзіміз айта алмасақ, үніміз іргеден аспаса — одан өткен мүсәпірлік бола ма? Ұлттың намысын аяққа таптату деген осы емес пе?!
Бірақ содан бері не кино түсірушілер жақтан, не үкімет тарапынан өкілетті бір адам тіл қатып, ләм-мим деген жоқ. Бұл не? Бойкүйездік пе, "күл болмаса бұл болсын" деген немқұрайлылық па. Не десек те, елдікті ойлаудан туған үнсіздік емесі белгілі.
"Біз күндердің күнінде жауларымыздың сөзін емес, достарымыздың үнсіз қалғанын еске алатын боламыз" — деген екен әйгілі Мартин Лютер Кинг.
Өнеге тұтар сөз осы!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі