Бұрнағы жылдары болатын, әлдене отырыстан кештеу шығып, түнделете таксимен келе жаттым. Қазақы қалжыңы бар, қуақылау, сөзуар жас жігіт менің қайда бара жатқанымды тәптіштеп сұрап-біліп алды да, бетіме жалтақтай қарай беріп:
— Аға, сіз жазушы емессіз бе? — деп сұрады. Сірә, не теледидардан өзімді, не бұрынғы кітаптарымның бірінен суретімді керген болса керек.
Кездейсоқ танысқан адамға өзімді-өзім әйгілеп "ақын едім, жазушы едім" деп жататын әдет менде бұрыннан жоқ, оның үстіне солай танысудан әрдайым қысыла сақтанып, аты-жөнімді айтумен ғана шектеліп қала беруші едім. Бұл жолы бейтаныс жас жігіттің сұрағына едәуір мүдіріңкіреп барып еріксіз бас изей келіскен сыңай танытуға тура келген.
Тақсиет жігіт ауызы аузына жұқпай сөйлеумен келеді.
— Қазақты құртып жүрген үш мәтел бар, аға, соны білесіз бе? — деп сұрады ол кезекті бір тақырыпсыз әңгімесін аяқтай бере.
Сұрауын сұрағанымен өзі менің жауап қатуымды күтіп де жарытпады-ау деймін, машина жүрісімен қосыла тағы қызық әңгіме тиегін әрі қарай бұра берді.
— Біріншіден біз, қазақты айтам, аға, соншалық қаперсіз, қамсыз халықпыз. Ертеңгі күнді ойлап бас қатырып жатпаймыз. "Таңғы нәсіп тәңірден" — деп бейқам жүре беретініміз бар. Етек-жеңімізді жинақы ұстау жағына мән бере қоймаймыз. Рас па, аға, осыным?
— Рас болар! — деймін мен.
— Екіншіден, — дейді айдаушы жігіт менің қолдауыма да, қолпашыма да зәру емесін аңғартып, — біз, қазақтарды айтам, аға, басымыздан біреу аттап жатса да, табанға сап таптап жатса да мыңқ етпейтін түйе сияқты көнбіспіз. Есемізді жібермеу, ош алу, кек қайтару дегенге мүлдем жоқпыз. "Е, қойшы — соны, құдайдан қайтар!" — деп енжар қарап жата береміз. Алдынды орап әлдебіреу ақынды жеді ме, намысыңа тиді ме, сол баяғы бейғам "құдайдан қайтарды" айтып қарымта қайтармай енжар қала беретініміз бар. Осы өтірік пе, аға?
— Өтірік емес! — деп қостап қоям мен де.
— Ендеше үшіншісін тыңдаңыз, — дейді ол да машина екпінімен екілене сөйлеп, оның үстіне құйма құлақ тегін тыңдаушы табылғанына да разы болған түрі байқалады. — Мұны да сіз жазушы болған соң бірде болмаса бірде әжетіңізге жарап қалар ма деген ниетпен әдейі айтып отырмын. Әйтпесе, қазақ десең өзіңе тиерін мен де бір кісідей білем ғой.
Менің мекен-жайыма шейін біраз жер бар еді, соған мөлшерлеп айдаушы жігіт те әңгімесін асықпай соза түсетін сияқты.
— Сонымен үшіншісі не дейсіз ғой, аға?
— Иә, үшіншісі не? — деймін енді мен де елеңдеп.
— Үшіншісі жаңағылардан да сорақы. Оны сіз менен де жақсы білесіз, — деп ол өзіме ептеп көпшік те қойып алды, — бұ тірлікте адамның күні адаммен емес пе, ағасы? Адамның адамсыз күні бар ма. Міне, сіздің де жеті түнде маған күніңіз түсіп, аяқ асты кіріптар болып келесіз.
— Қой, батырекесі, — деймін мен, — мен неге саған кіріптар болуым керек? Өзің айтқан пұлыңды төлеймін деп келісіп едік қой әлгінде.
— О жағын айтып отырған жоқпын, сөздің реті ғой, аға, әшейін. Адамның адамсыз күні қаран. Міне, бүгін мен сізге қажет болдым, қызмет етіп келе жатырмын. Кім біліпті, күні ертең қат бір шаруамды айтып сіздің алдыңызға менің де баруым мүмкін ғой, солай емес пе?
— Солай, — деп қостап қоямын.
Соны бәріміз де жақсы біле тұра, солай екеніне көзіміз әбден жете тұра ақырына дейін мән беріп, астарына үңіле мандытып жатқанымыз шамалы-ау! "Кісі көңілі бір атым насыбайдан қалады" — деп өздеріңіз күнде айтып жүресіздер. Соны біле тұра кейде есіктегі иті үшін, енді бірде балақтағы биті үшін өкпелеп, ет жақын, ең жақын дейтін екі туып, бір қалған туысқанына тосыраңдап: "Ә, қойшы, мені сол асырап отыр деп пе едің, онсыз да бірдеме етіп күнімізді көрерміз!" — деп теріс айналып кететін ағайындар да бар ғой. Ондайда тіпті "бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қомпайтар" деп, көпе-көрнеу күпініп, жота жүнімізді күдірейте дүрдиіп қоятынымызды қайтерсіз. Осы өтірік пе, аға?
— Түк өтірігі жоқ, — деп қоям мен.
Вот так, аға, — дейді сөзуар жүргізуші тағы да желпіне түсіп, — қазақты ілгері бастырмай, ел болдырмай жүрген де, кежегесінен кейін тартып отырған да осы мен айтқан үш сөз үш мәтел. Нанбасаңыз бар ғой, аға, қазір үйге кірген соң жеңешеміздің қасында қою шайын ішіп, маңдайымыз жіпси отырып тағы бір ойланып көріңізші.
Үйге де жеттім. Уағдаласқан ақы-пұлымды төлеп мен қалдым да, сөзуар шопыр өз жөніне кете барды.
Расында да ойлануға тура келіп еді. Үйге кіре Абайдың і ара сөздерін қолыма алып, қайта бір қарап шықтым. Жиырма тоғызыншы сөзінде: "Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар" — деген еді жарықтық.
Сол Абай атам айтқан жарамсыз мақалдар мен мәтелдер ішінде әлгі жігіт айтқан үш қисын бар ма, жоқ па деп, аудара төңкеріп, ақтара тексере сүзіп те шықтым.
Жоқ екен.
Ендеше жаңағы сөзуар жігіттің түнделете жолаушы тасып жүріп ез көңілімен жеткен, өз түйсігінен туған тұжырым болды-ау бұл деп ойладым.
Не деуге болады, ойы да, сол ойдан өрбіген өзіндік пікір түйіні де орынды. Сені де әрі-сәрі күйге түсіріп, алды-артыңды қымтай түсуге мәжбүр ететін сөздер.
Дербес ел болып, дара туымыз желбіреген алғашқы жылдарға көз жіберіп көрейікші. Кеңес үкіметі күйреп, егемен бола бастағанымыз сол еді, мыңғырған мал да, фабрикалар мен зауыттар да, жер қайысқан техника да тістегеннің аузында, ұстағанның қолында талан-таражға түсті де кетті. Ондаған жылдар бойына бірнеше ұрпақ өкілі тірнектеп жинаған дәулет бірер жыл ішінде тып-типыл жоқ болды. "Тарта жесең тай қалады, қоя жесең қой қалады" дегенді естен шығарып, біреу қуып келе жатқандай түйені түгімен қылғытып жатқандарға "көп!" деп айта алмадық. Аз жыл ішінде жерінің асты-үсті де бай елдің қайыршы адамдары болып шыға келдік. Рухани асылымызды да су аяғы құрдымға кетіріп барып жинай бастадық емес пе!..
Ана тілі, мемлекет тілі деп тілімізді безеп бастағалы қанша болды? Қоғамдар да, комитеттер де құрған болдық, олардың басында да көп жерде "тіл білмес" шенеуніктер, кәрістер мен басқа да ұлт өкілдері отырды. Бүгінгі ана тілімізді жақтап ара түсіп жүрген әзірбайжан жұртының аяулы қызы Асылы Османова, әдебиетіміздің арын арлап, қала берді сол арымыздың намысын жоқтаушы болып неміс баласы Герольд Бельгер жүр шырылдап. Оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, әрине. Бірақ бұл да сол өз намысымызды өзіміз қорғай алмас "қазақылығымыз"', біреу тіліңнің өзін тілдеп жатса да, көзіңді ала бере өзіңді келеке ете жүндеп жатса да ол баяғы "құдайдан қайтар" дейтін самарқау санасыздығымыз, үркектігіміз, үргедектігіміз емей немене!
"Адамның күні адаммен" дегенді біле тұра, көкірегіміз қабылдай тұра тағы да сол баяғы "әй, қойшы, сонымен" таңымыз атып, күніміз шығып жүр. Қазақстан жазушыларының 700-ден астам мүшесі бар екен, тізе қоса қимылдап, ел ісіне өктемдікпен, өкілеттілікпен араласып, басым түсе батыл сөз айтып отырудың орнына, "сол одақ мен үшін не жасай қойыпты, талантыма талант қоса ма, кітап жазып бере ме?" — деп "күпіне" түсетін әріптестеріміз де жоқ емес. Көп түкірсе қол болатынын, көп қорқытып, терең батыратынын естен шығарып, "онсыз да күн керіп жүрмін ғой" деген енжар пиғыл өріс ала береді. Содан барып Одағыңның да, жазушыңның да бағы қайтып, беделі төмендеп, соған әрқайсымыздың қосқан "үлесіміз" барын "ұмытып" шыға келеміз.
Міне, солай, ағайын. Кейде бір күтпеген жерден шүйіркелесе кетуден де осы сарындас ойлар туады.
Ол да жақсы, бірақ...
- Эрнест Хемингуэй
- Эрнест Хемингуэй
- Эрнест Хемингуэй
- Эрнест Хемингуэй
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі