Күдерің күлімсіге айналып, күлгеніңнің өзінен күдік іздеткен тар да зар, зәһарлы да қаһарлы заманды да бастан өткерген едік-ау.
Көзің төмен, көңілің шемен сол шақта ұлы-кішіміз қалмай дербес бір ел болар, еңсе көтерер күн де туар ма екен деп те армандамаушы ма едік. Осыдан он-он бір жыл бұрын ата-бабам ат жалы, түйе қомында жүздеген жыл аңсаған сол арманға да қол жеткізген болатынбыз.
Ел болдық, етек жиып есіміз кіре бастады.
Бірақ, айналаңның бәрі де ысылдаған, ысқырған, айбат шеге анталаған әбжыланға толып тұрған сияқты еді онда. Қапы кетсең, қалт жібермей бас салатыңдай, алқымыңнан алып, аяусыз шағатындай көрінетін. Сол жыланның қайқиған басын көтертпеу үшін, тәнімізге улы тілін дарытпау үшін де елім деп еңіреп туған ержүрек ұл керек еді халыққа. Сол кезде екі тізгін, бір шылбырды Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына берік ұстатып, "Уа, тәубалап!" — соңына ергенбіз. Көз алартқан ішкі-сыртқы дұшпанның делебесін қоздырмас, ел ішінің бейбіт-берекесін тоздырмас деп сенім білдіріп, сеніп барып ергенбіз.Соның алдындағы арқаны қарыған желтоқсан ызғары әлі арылмай, жылан тілі сумаңдап тұрған аумалы-төкпелі кезеңде билік басына келген тұңғыш Президентке ел сонда үмітпен де, күдікпен де қараған.
Президент те соны терең сезініп, ел сенімін ақтасам деп, әу деп халқына ант берген сағатынан бастап "ойдан-қырдан басымызды қосқан құдайға шүкір!" дей отырып, адам үйді-үйге сыймағанмен, ел елге сыяды, сығылысып, сыйысып, сыйластықта болайық деген тұрғыдағы береке мен бірлікке шақыра келді. Сол ұранынан әлі күнге дейін бір сәт айнып көрген жоқ. Бала кезімізде егде тартып қалған әке-шешеміз жатса-тұрса: "а, құдай, тыныштық бере гөр!" — десіп бет сипасып жатушы еді. Нұрсұлтан Назарбаев та екі сөзінің бірінде ел ішінің тыныштығын айтады. Қайда жүрсе де сол елдің ынтымағы мен бірлігін, берекесін сөз етеді. Ақылы мен парасатын соған жұмсайды. Ешкімді алалап көрмеген қазекеңнің қазіргі бейбіт тірлігіне өзі де қоса сүйсінетінін айтады, айтып қана қоймай, сол жолдағы ақ, адал қасиетін дамыта түседі.
Біздің ел маған әлі де аждаһаның аузында, арыстанның жолында тұрғандай көрінетіні бар. Қамсызбын деуге болмайды. Өйткені, адамға ортағы бақ емес, адамға ортағы — ақыл, ес. Біреуден біреу озса, бір елден бір ел озса тек қана малымен, бағымен емес, ақылымен, арымен озады. Өзді-өзінің тағына мастанып, бағына семірген елде береке-бірлік болған емес, болмайды да. Тарих оны күн сайын дәлелдеп келе жатыр. Ері елімен ақылдасса, елі еріне риясыз, қапысыз сенсе ғана, ұлтына бөлмей, руына ыдыратпай, ұялы тамыр, ұраны бір ел едік қой деп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білгенде ғана мұратқа жететін боламыз. Президент соны бәрімізден бұрын аңғарған еді. Бұрын аңғарды да ұлтшылдық өртіне ұрынбай, рушылдық дертіне бұрылмай өз халқының баласы ғана емес, бірегей туар данасы екендігін күн сайынғы ісімен, қам-қаракетімен дәлелдеу жағына қарай ойысты. Ел тізгінін өз қолына ұстаған адамның аузынан әрдайым ақыл, екі көзінен мейір төгіліп тұрар болар, өйтпеген күнде алыс түгілі, ет жақын ағайынның өзі бірте-бірте жат бауыр болып суынып, реті келген ұрымтал тұста одан сырт айнала салуы оп-оңай. Өйткені бүгінгі уақыт, бүгінгі заманда басшы түгілі, басқамызда мейір, сол рахым теңіз суындай кейін тартылып бара жатқаны өтірік емес. Содан сақ болудың жалғыз жолы тағы да — бірлік, тағы да ынтымақ. Ырыс алды — бірлік, бірліктен мәнді-маңызды, берекелі тірлік туады. Ынтымақ бар жерде — ырыс та бар. Аранын аша қаптай келіп, қабырғаңды сықырлата қысып бара жатқан қазіргідей қырсық заманда, тобырыңмен түгел қылғып обыр жұтқалы тұрғандай қалт-құлт еткен кезеңде өзді-өзіміз ала көңіл, алакөз болғанды қойып, қолдағы барыңа ғана емес, кеудеңдегі арыңа сүйенсең ғана ел болып аман қаларымызды әмісе есте ұстамай болмайды. Әлемдегі дәл қазіргі хал біздің бәрімізден соны тағы да талап етіп отыр.
Ел болған соң, ұры-қары да, ұр да жығы, қулары мен сұмдары да болмай тұрмайды. Сығылыса кимелеп келіп, қолайлы сәтіне орай сыналай кіріп алып, сылқия тойған соң сырт бере тұрып, аңыс аңдитын айласы көп мысықтілеулестер де жоқ бола қоймас. Түлкі құйрық, қасқыр көмей жылмайқаларды қайда қоясың? Сыбайлас қылмысқа жетекші болып, жең ұшынан жалғасып, жол көрсетіп жататындар да солар емес пе. Олардың күні әрдайым шуақты, қонысы сауатты келеді. Саяқты санға санамай, ел ішіне іріткі салатын, кісіліктің кеудесін жыртатын қыр тікенек те солар. Ел іші бөлінген сайын ол сұмырайлардың есебі түгелдене түседі. Содан барып ат үстінен билік айтқыш, аларға келгенде азар, берерге келгенде безерлер көбейеді. Борышы жоқ кепілдер, жоғы түгел куәлар ел ішіне іріткі салып, бүйі боп шығып жатады. Олардың бұлаң құйрық қарекеті, құйтұрқы тіл, түбі қылмыс тірлігінің ақыр аяғы сырты мерез, іші қуыс дауға апарып тірейді. Есіңнен айырып, есеңнен қағып, елдігіңнен ажырататындар да солар. Қазақ оны "қыздырмаштың қызыл тілі" деп бекер айтпаған. "Жарасыз ер, шарасыз ел болмайды" дейтін де сол халық. Елбасы қазір соның да әртүрлі шарасын іздестіріп, қатал тиым салудың қамын жасап жатқан сияқты. Соңғы кезгі кадр алмастыру саясаты да соны мегзей түскендей. Осы сыбайлас қылмыскерліктің бір ұшы барып бәріміз болып көп айта беретін рушылдыққа да тіреледі. Осы әрекетіміз Президент атына кір келтіреді-ау дегенді ескеріп жатқан жәдігөйлер және жоқ. Қайырдың бәрі туған мен туысқаннан ғана болады деп ойлайтын өресі тар әңгілер де бар. Туыспасаң да қимасың, туғаннан бетер қиыспасың болатынын, опалы дүниенің өзі ең алдымен солармен татулығында жататынын қаперіне алмайтын қаныпезерлер қаншама. "Құба түзде төрің бір, құба белде елің бір ағайының бар, жабықтан күнің жарқырап, Жайықтан суың сарқырап тұру үшін де ел ішінің татулығы керек", — дегенді сайрап, құйма құлақ болса құйып-ақ жатыр Президент.
Жауласқанды жау алады,
Бөлінгенді бәрі алады, —
дейтін еді атам қазақ. Адамда үрей біреуде, үміт көп. Үмітін үрейге жеңдірмеген ел ғана мақсатына жетіп, түптің түбінде ұтып шығады. Көсем салып, көш бастатқан баласы бар, көреген басшысы бар ордалы ел осыны әрдайым есте ұстағаны, өзі де ләйім соған лайық болғаны абзал. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ала қойды бөлек қырықпайтындығын дәлелдеген бір ғана ақылды басшысының аузына қараған ел ешқашан адаспақ емес. Сол тірліктің баянды болуын тілеп, біліп қана қоймай, жұмыла жүріп Басшы жүгін жеңілдете түсуге бір кісідей ат салысқанда барып мұратқа жететін боламыз.
Қазіргі қазақ ауылы бір сәулелі жағалауға қарай жалт бұрылып отыр. "Қирады, бітті, құлады, жұтты!" — деп қақсап та көрдік қой. Жақсыны көре білу де жайсаңға тән мінез. Ендеше Ел басы ықылас білдіріп отырғанда, ынтымақпен бірге ынта болу жағып да ойластырайық, ағайын. "Алма, піс — аузыма түстің" ауылы алыс қалғаны қашан!
2002 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі