Өлең сөздің ел мойындап, жұрт таныған шеберлерінің бірі Сәкен Иманасовтың әдеби жолы сонау өткен ғасырдың 60-жылдардан бастау алады. Әдебиет табалдырығын өзінен сәл бұрын, не өзімен бірге аттаған үлкен бір шоқтығын биіктете беру мақсатындағы ақындық миссиясын адал атқарып келе жатқандардың да бірегейі деп білеміз. Қырық жылға жуық бұл сапардың жолы әрдайым тақтайдай тегіс болған жоқ, әйтсе де әу деп ауызға іліккеннен бері көш басындағылармен құйрық тістесе жүру үшін де айырықша дарын иесі болу керек-ау деп білеміз.
— Құрметті Сәкен аға, жоғарыдағы бір пікір Сізге де, әдебиетке сізбен қатар келген замандастарыңызға да берілер ортақ баға сияқты. Әдебиет есігін қағып кіргеннен бастап, біржола тұрақтап қала беріпсіздер. Содан бері қаншама су ақты, зымыран жылдар өтті, өмір де, қоғам да, қоғаммен бірге адам да өзгерді. Сол көзбен бүгінгіні салыстыра қарағанда, қандай ұқсастық, қандай кереғарлық аңғарар едіңіз?
— Елуінші жылдардың аяғы мен алпысыншы жылдардың басында, үйір-үйір болып үймелесе, бір-бірімізбен кимелесе бір топ болып тұтаса келіп едік шынында. Алдымыздағы Сағи, Тұманбай, Қадыр, Әділбек, Еркештерге Еркін Ібітанов, Өтежан Нұрғалиев, Қастек Баянбаев, Тұрсынзада Есімжанов, Сабырхан Асан, Жүсіп Қыдыров, Есенбай Дүйсенбаев, Мағираш Сариковалар бөріміз оқуға да іркес-тіркес бір мезгілде түстік-ау деймін. Бұл кезде ақын ретінде Жүмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергеновтер де әжептәуір танылып қалған еді. Ал әдебиетке орамды тіл, ойлы жылдарымен келіп қосылып, өз мұратын прозадан тапқан Қабдеш Жұмаділов, Әбіш Кекілбаев, Оразбек Сәрсенбаев, Дүкенбай Досжановтардың алғашқы бір жапырақ, жарым жапырақ шағын өлең кітаптары да ел құларын елеңдете, қалам қалыптасуын жеделдете келген болатын. Бірақ газеттер мен журналдар бізді жиі жариялап, шолжаң етіп өсірмеді. Газетке бір өлең, екі өлеңіміз шыға қалса, төбеміз көкке жетіп, "Қазақ әдебиеті", "Жұлдыздың" бетінде көрінгеніміз Мемлекеттік сыйлық алғандай желпініп, жетісіп қалатынбыз.
Қазіргі жағдай басқаша ма деп қалам. Қазір өлең көп-ақ жарияланып жатады. Қалың-қалың кітаптар да көп шығады. Құлаш-құлаш өлеңдері жарияланып жататын"ақындардың" кім екенін сұрасаң, құдай біледі, редакциядағылардың өздері де дәл басып айта алмай, дағдарып қалады. Осыдан сәл бұрын: "Бұл күнде анау да ақын, мынауда ақын, жемсауы жыбырлаған жырау да ақын" деп жазғаным бар еді. Теледидардан сағаттап сөйлеп, әжептәуір лауазымды ағалары аспандата мақтап жататын, журналдың тең жарымына жуығына жасық өлеңін жарнамалап жататын "өлеңшілерді: көріп, күйзелетін кездерім аз болмайды. "Түйе мінген қазақтың төрт ауыз айтпайтыны жоқ" дегендей сол шаң-тозаңның ішінен саф асылын көру әсте мүмкін емес. Кейінгі кездерде жұрт аузына ілігерлік жақсы жас ақын болмай кету де содан. Ұйқасқан пиғыл сөз көп те, шынайы шыны өлең аз, жазғыш көп те, ақын жоқ. Соңғы түйініне жетіп болмайтын көш-құлаш ұзақ өлеңді аяғына дейін оқып шығудың өзі мүмкін емес. Сол өлеңдердің 10-15 шумақтан тұратын кез-келген жерінен кез келген 5-10 шумағын кесіп алып тастасаң да түк өзгермейді. Осы сендердің газеттеріңде де өткендегі бір сандарында он шақты "ақындардың" ішкі қос бетті алып жатқан "өлеңдері" басылды. Соларда жыл еткен жалғыз жол болса мұрнымды кесіп берейін. Бұған қоса, бүгін айтылып, ертең ұмытылып жататын айтыскерлердің сөздерін (өлең десең — илеуге обал) көш құлаш етіп қоса жариялап жатасыздар. Солардың ішінен таланттысы қайсы, жолбикесі қайсы, мықты болсаң айырып көр.
Әдеби шаруашылықты қалт жібермей қадағалап отыратындар үшін, қан-сөлін аямай әдебиетті жасап келе жатқандар үшін радиодан: Сіздердің тыңдайтындарыңыз Түгеншеевтің өлеңдері", немесе теледидардан: "Ақын Бәленшеев жыр толғайды" деген есуас хабарға кезігіп, тілін тістеп отырудан ауыз жаза, содан өткен сорақылық бола қояр ма екен?! Оқта-текте орнықты да, ойлы сөзді дәмді, нәрлі жырымен жалт қараса бір көрініп тұратын шынайы ақынды оқырман да, тыңдарман да сарына күтіп, қуана қабыл алып жатар еді ғой, осы қағиданы қалайша ұмытып барамыз.
— Құп, солай-ақ болсын дейік, енді соның себебін айтыңызшы. Әлде жұрт өлең-жырдан жалықты ма, жоқ өлең-жыр өз өресінде бағаланбай жабы болып, жабықты ма? Бәлки, заман ағымы поэзия үшін қолайлы болмай тұр ма?
— Бұл сұрағыңа жауап беру қиын-ау, бала. Тек, менің білетінім өлең де өз бағытын өзгертуі қажет пе деймін. Бірақ, қалай бұрылып, қай тұрғыда өзгеруі керектігін және білмеймін. Әйтеуір, бұрынғы қалыптасқан үлгімен жүріп, енді алысқа шаба алмаймыз. Қазақ поэзиясының қайнар бұлағы, сарқылмас та емес, тартылмақ та емес. Әдебиетке бізден кейін келген Иранбек, Нұрлан, Несіпбек, Жарасқандар өлең еңсесін қаншалық биікке көтеріп тастады.
— Сіз атаған ақындар да балауса буынға жата қоймайды-ау, сірә?
Лықсып келіп алдыңғысынан асып түсіп жататын жас толқын ішінен жарқырап әлі біреуі шығар. Қазіргі Есенғали, Ғалым, Гүлнарлардың да айтары әлі алда деп сенем мен.
Поэзия сарқылып барады-ау деген ойым жоқ. Бірақ соның тұнығынан кім көрінген ат суғарып лайлап бітіре ме деп қорқа берем. Оның үстіне үлкен ірі әлеуметтік жүк көтере келген өлең үлгісін де көре алмай жүрмін. Адам үшін де, қоғам мен заман үй үшін де, біздің бүгінгі барша тыныс-тірлігіміз үшін де қазіргі уақ-түйекті теріп кеткен, аса қораш өлең-жырларымыз азық болып жатпай-ды. Сырт қарағанда бәрі де жақсы сияқты: ырғағы бар, ұйқасы балталасақ та бұзылмайды, жұтынып-ақ тұр, бірақ көкірегінде жаңа бір сәуле, тосын нұр себелемейді, не ұшынбайсың, не тұшынбайсың, не үшін кім үшін жазамыз, кімнің жыртысын жыртып, намысын жоқтаймыз — басты мәселе осы боларға керек. Әйтпесе, сыңсып жылай бергенің де дарақыланып мастана бергенің де қалың елге дәрі әуес. Сондықтан "шөңге де өлең, топ те өлеңнің" желеуімен кеткен әлгі жоғарыдағы шөп-шалам аралас лай тасқынға тосқауыл қоя тұрып, жарқырап бір жұлдыз туғанша сабыр ете тұрғанымыз дұрыс болатын шығар. Оған дейін өлеңнің құлағын ауыртпай, көп-көп "ақындар" басқа кәсіппен шұғылдансын. Газеттер мен журналдарға, баспаларға да осыны ескертейік.
— Мұндай лайсаң кезінде әдеби шығармаға қойылар талап та бәсеңсиді емес пе. Әдеби сын да, оқырман да, ақын-жазушылардың өздері де көп-көрнеу көлгіреуге бел алдырып, "жабуды жаба тоқуға" әдеттене түсетіндей.
— Амал не, солайы солай. Оған істер амалың да жоқ. "Қайтесің, заман солай, бүлініп жатқан бір ғана әдебиет, бір ғана поэзия емес қой" деп көлгірситініміз де бар. Уақыт таразы бәрін-бәрін өз орнынан орналастырар.
— Қаншама қайран| еңбек құр бекерге зая кетпей ме?
— Бір кезде қоғамдағы барша құбылысқа ат салысу қажет деген желеумен ақындардың бәрін бір қауызға сыйғызып, әлеуметтік іске араластыру тұрғысынан партиялық талаптар да қойылып келді. Өлеңнің өз жолы, өз стихиясы бары, өлшеуге мөлшерге, жоспарға көнбейтіні ескерілмейтін. Поэзия деген шымырлап қайнап шығып жатқан бастау бұлақ сияқты, өз арнасын өзі табу керектіні назарға алынбайтын."Өмірді зерттеу, өмірге үңіле түсу керек" дейтін ұрандар да етек алды. Өмір сүріп, тірлік кешіп жүрген ақынға сол өмірді зерттеу де күлкі емес пе. Онда өмірден тысқары тұра тұрып барып , сырттай бақылап зерттейтін болып шықпай ма.
— Өзіңіз үлгі тұтып, ұқсағыңыз келген ұстаздарыңыз, еліктеген ақындарыңыз болды ма?
— Мен әдебиетке келгелі де қырық жылға жуықтады, өткеннің бәріне ой жүгірту — қиын. Ол кезде аты дүрілдеп Қасым Аманжолов, Әбділда Тәжібаев,Ғали Орманов, Қалижан Бекхожин, Хамит Ерғалиев, оларға ілесе Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, сияқты ақындардың есімдері ауыздан түспейтін. Сол кездің маңдай алды ақындары да сол ар еді. Осылардың бәрін бізге үлгі болған, өнеге көрсеткен қаламгерлер еді деп айтуға әбден болатыңдай.
Ілияс, Мағжандардың атын естігеніміз болмаса^ шығармаларымен кейін таныстық қой.
Біздің буын әдебиетке аса зор сеніммен, нық басып, нығыз келді. Әдебиеттің ендігі жүгін біз арқалаймыз деп түйдік. Солай болып шықты да. Өмірге азаматтық, тұрғыдан қараған кезде, жауапкершілікті сезіне білген жерде солай болары ақиқат. Қоғам да, адам да біртұтас бірлікте секілді еді.
Қазір адамдар екіге қақ жарылғандай. Біреулерге әлденеге абыржып, дүниенің бәріне секем ала, сезікпен үрке қараса, енді біреулері әлекедей жаланып, екі иінін жұлып жеп, өлермендікпен өңмендей түсуде. Әдебиетте де солай. Мұның соңғысы әсіресе поэзияның жауы.Қашаннан бері рухани әділдікті аңсаған, тәрбиелі, ибалы, қыздай сызылған ұялшақ жанр әлгі өлермендіктен бой тарта тіксініп, жетімсірей түсері хақ.
Өлең жазғанда бүкіл жан-тәнің, қаның, жүрегің түгел араласып, өне бойыммен тұтас сезінбесең, өлеңді өз денеңнің бір бөлігі деп түсінбесең — ол өлеңнің шықпағаны деп біл.
Бұл жағынан алғанда біздің проза біршама ұта түседі. Өйткені - прозаның мүмкіндігі қашан да молырақ. Сонау советтік заманда да поэзия кітаптары кітап дүкендерінде жаңбырға тиген көйлегінің етегін сығып тұрған қызға ұқсап, жуан-жуан роман, повестер арасынан қалтырай тұрып, дірілдей тұрып, сығыласа жүріп әрең-әрең шеткері орынға ие болатын. Әлі сол. Бұл күнде Ә.Нұршайықов, Қ.Жұмаділов, М.Мағауин, сияқты ірі тұлғалы қаламгерлер, ғұмырнамалар жазуға ойысқан. Поэзия бұл жағынан прозаға жол беріп шегіне береді. Өйткені, оның міндеті баяндаудан бөлегірек.
— Қазір не жазып жүрсіз?
— Мен өзім бұрқыратып жаза беретін, көбік те болса көп болсын дейтін қаламгерлер санына қосылмаймын. Екінің бірі жаза алатын өлеңді мен де жазып, мен де жариялап жүре алар едім. Бірақ, бұрынғы биігімнен төмендемей, өзгені де, өзгені де қайталамай соны бір өріс іздемесең, ескі жұртты таптай берудің қажеті шамалы. Яғни, жақсы жаза алмасаң бар ғой, сол жазбай-ақ қойған абзал. Өзімді аса толқытқан жағдайға орай қалам тербеп қоям. Тындырып тастағаным шамалы. Суып кетпеу үшін аударма да жасаймын.
— Алдағы жоспар жайы?
— Алдын ала уәде беруден зиянды нәрсе жоқ. Бұрын бірер рет уәде беріп, алдағы ісімді жоспарлап көргем, бітпеді де орындалған жоқ. Уәде бергеннен де бірдеңе тындырған абзал. Көптен бері көкейімді тескен, ойда біраз піскен бір проза кітабы бар. Жазар-жазбасымды құдай біледі. Биыл тағы тырысып көретін шығармын.
— Көп адам поэзия дегенді ұйқастырған сөз деп ұғады.
— Оқырман да (жоғарыда айтқандай) еленді бар жаратылысы, болмысы, тыныс-тірлігімен түйсіне оқымаса бәрібір түсінбейді.
Сырттай сүйсінуі мүмкін. Көп талантты жазушылардың өздері өлеңді шынайы ақындарша түсіне алмайтыны содан.
Әйтпесе, өлеңді жан-тәнімен түгел қабылдап, ұғу қиын емес. Ол үшін оқығаныңды ести де білу керек. Естіген дегенде дауыстап оқып та емес, өз сөзіңді тыңдауға болады ғой, дәмін ала, нәрін қабылдай отырып тыңдауға.
— Ақындарға аялы бір алақан қажет.
Өркендейтін, өсетін елдің бәрінде әдебиетке қауым болып, мемлекет болып қамқорлық жасайды. Өйткені мәдениетке көңіл бөлмеген ел — мәдениетсіз ел. Австрияда поэзияға айырықша көңіл бөлініп, мемлекет қамқорлығына алынған. Әдебиеттің басқа жанры қиын кезеңде өзі күнін езі көруі мүмкін, поэзия барлық формация тұсында санаулы адамдардың ғана санасына сіңер дүние. Сондықтан аялап ұстамай болмас, — дейтін болуы керек.
Американың әлем таныған қаламгері Роберт Уоррен (ақын һәм прозашы) жазған мына бір жайға назар аударсақ: Осы ғасыр басында америка әдебиетінде ең талантты ақын Робинсон болса керек. Сол кезгі ел президент Тедди Рузвельттің баласы Кермит мектеп кітапханасынан бұрын ешкім қолға ұстап көрмеген бір кітап тауып алады. Ол Робинсон ақынның жинағы екен. Кітап балаға қатты ұнайды да, енді әкесінен де оқып шығуды өтінеді. Әкесі де керемет ұнатады. Президент өз баласына: "Осы жігітті табуға тырысып көрші" деп тапсырады. Ол жігіт болса бар болғаны бірер кітап шығарып, күн көре алмай енді ішімдікке салына бастаған екен. Президент ақынды шақырып алып: "Өкінішке орай, біз өркениетке еңбегі сіңгендердің толық тізімі бар, сол тізімге енгендерге сіңірген еңбегіне қарай өмірінің ақырына дейін жәрдемақы тағайындалатын Англия емеспіз. Біз өркениетті ел болғанда сондай тізім бойынша мен де Сізге өмірлік еңбекақы тағайындар едім. Ондай мүмкіндік бізде жоқ, сондықтан мен сізді Кеденге қызметке орналастырайын. Үкіметке қызмет ететін боласыз, бірақ есіңізде болсын, екі кеме құйрығын ұстау киын болып бара жатса, қызметті ұмытыңыз да, поэзиямен болыңыз" — деген екен.
Шіркін-ай, дейсің де қоясың...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі