1. Сіз Қасым Қайсенов туралы ойлағанда, ең алдымен қай қылығы есіңізге түседі?
2. Ол кісі туралы әрқилы әңгіме көп қой, оларды Сіз де естіген шығарсыз. Есіңізге түсіріп көріңізші. Сапарлас болдыңыз ба?
3. Алып денелі батыр адам дегенмен де, Қасым ағаның көңілі бос көрінеді. Қайғырса, егіліп жылап қоя береді дейді. Сол рас па?
4. Қазақ мемлекеті Қасым аға секілді қай ұлына құрмет көрсете алған жоқ деп ойлайсыз?
5. Қасым ағаға көңіліңіз қалған кез болды ма?
6. Баспасөзде қай ерекшелігі көрінбей жүр?
1. Өзінен жасы кішілердің бәріне құшағын кең ашып, әрдайым: "Ой, дорогой! Ой, золотой", — деп еміреніп, маңдайынан сүйіп жүретін Қасекең кішірейтіп теңегеніме кешірер, ауылды жерде бала кезде көп байқаған балапан басып шығаратын тауықты елестетеді көзіме. Аспандап жүрген қарақұстың көлеңкесі көрінсе де, себелеп жаңбыр жауса да, күн ысып кетсе де, барша балапанын қос қанатының астына алып, қыт-қыттап, қымтап жауып жүретін еді ғой. Бұ кісінің де көлеңкесі күндік жерге түсіп, бәрімізге қамқор болып, хал сұрап жүретіні соған ұқсайды. Біреулерге бұл қыранды күйкентайға теңегендей көрінер, бірақ менің шын сырым осы.
2. Үстіміздегі жылы "Жазушы" баспасынан "Партизан Қасым Қайсенов" деп аталатын жақсы бір кітап жарық көрді. Соның ішінде Қасекеңнің ұлы — кіші бірқатар замандастарының қатарында менің де әлгі кітап аттас очеркім бар. Сонда ол кісімен алғаш танысқаным, араласқаным, құраласқаным, сапарлас болған кездерім біршама баяндалады. Атақты партизан ағамыз жайлы әңгімелерді өз аузынан да, өзгелерден де көп естіп, көп тыңдаған адаммын. Сырағаң (Сырбай Мәуленов), Баукендермен (Бауыржан Момышұлы) сөз қағыстырып, әдемі әзілдескен жарасымды қалжыңдары жайлы бәріміз де білеміз. Ол жайлы өзі де айтып, жазып жүр.
Рақымжан Қошқарбаев екеуінің әзіл-қалжыңы неге тұрады! Бірде ауылдан екі жақсы жолдасым келе қалды да, қонақүйден орын керек болып, Қасекеңе телефон соқтым. "Жүре қой", — деді де, жетелеп Рахаңа ("Алматы" қонақүйінің директоры) алып барды. "Солай да солай, мына Сәкеннің елден екі досы келіп қалыпты, бір жайлы люкс бөлме бере ғой", — деп жатты. "Жоқ, ешқандай орын жоқ", — деп Рахаң деген зар қағып жолатар емес. Қасекең едәуір — ақ жалынды да, бір мезетте бөлме ортасында талтайып тұра қалып, Рахаңа қарата орыс боқтығының біразын пулеметтен атқандай боратсын келіп. "Жүр, кеттік, — деді маған. — Алматыда бұдан басқа да қонақүй құрып қалмаған шығар" — деп есікті жұлқи ашып шыға беріп едік.
— Қасеке, Қасеке, сәл сабыр ет. Тағы бір бұрқырата боқтап жіберші орысшалап, ең жақсы люксті берейін, — дегені ғой Рахаң мәз болып.
Осы қонақүйге байланысты тағы бір әңгіме есіме түседі. Қасекеңе ауылдан келем деп хабарласқан досыма бөлек бөлме алып беріңіз, бүгін келмек еді деп тағы жалындым. Болады деп, аты-жөнін, қашан келетінін жазып алды. Құдай атқанда, әлгі досым келмей қалды да, екі-үш күннен соң жұмысқа келсем, жігіттер: "Мынаны Қасекең тастап кетті", — деп, бір бума қағаздарды ұстата салды. Қарасам, қонақүйдің есеп — шоты, "үш-төрт күнге пәлен сом қарыз болыппыз, тез төлеңіз", — деген сұп — суық ескертпесі де бар. Әжептәуір қомақты сома көрсетіліпті. Зәрем ұшып, Қасекеңе хабарласайын. "Қайт дейсің маған, қонақүй керек деген сен, олардың бронь-сронь дегені бар, әйтеуір бос ұстап тұрған бір бөлменің екі-үш күндік құны сондай көрінеді ғой. Өзің төлерсің бірдеме етіп, әйтпесе, мен Рахымжанға не бетімді айтамын?", — дейді. Күйіп-пісіп мен әуре. Сөйтсем, бұл да маған сабақ болсын деп жасаған қыры екен. Ерінбей-жалықпай, әлгі қағаздарды дайындап жүрген үлкенге де, кішіге де жасайтын кісілік, өзі әрдайым уәдеде тұра білетін мәрттікті өзгеден де талап етудің сондай бір жоралғысы екен. Оспақпен жеткізгені. Кейін түсіндім, бірақ не істерсің...
3. Еңіреп, егілгенін көрдім деп өтірік айта алмаймын. Ет пен сүйектен жаратылған адам ғой, пенде болған соң, ондай-ондай да қылығы бар шығар, қайдам...
4. Қасекең тірісінде өзіне тиесілі құрметтің бәрін де көрді, көріп келді, әлі де көре беретін болады. Қызмет ет те міндет арт үдесінен шығудың бір үлгісі де өзі. Әйтпесе, біз тіріні тірісінде қадірлеуге жоқ халықпыз ғой. Еңбегіне орай құрмет көрмеген өткендер де, құрметтелмей келе жатқан қазіргілердің де ел билеушілерге өкпесі жоқ-ау деп ойламаймын.
5. Оқта-текте Қасекеңмен преферанс ойнайтыным бар. Сол кезде мазақтап отырып, "Ауыл үйдің асық ойнап жүретін балалары екенсіңдер ғой әншейін" деп кекетіп күліп отырып ұтып алып, ренжітіп жіберді. Содан басқа өкпем болған емес. Болмайтын да шығар.
6. Соңғы кезде Қасым Қайсенов жайлы жазсақ та, әңгіме айтсақ та, ол кісінің соғыстағы ерлігі, жекебас ағалық өнегесі, тәлімі, кісілік қасиеті сөз болады да, шығармашылығы қаға беріс қала береді. "Партизан жазушы" деп қосып айтамыз, бірақ жазушылығын тұтас парақтап ашып көрсетер, анық толғап танытар еңбек аздау ма деп қалам. Енді осыны да бір ескеріп көрсек деп ойлаймын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі