Мақсұт менің ең жақсы досым болатын. Аты — жөнін толық атамай отырған себебім — ол қазір үлкен лауазым иесі. Американың бір тарихшы ғалымының: "Друг, достигший власти, потерянный друг", — деген сөз бар еді, сол айтқандай, кім біледі, ол мені бұрын зорсынса, қазір қомсынатын да болар, менің "досым" деп отырғанымнан арлануы да мүмкін. Бірақ "Қаламдастарым мен замандастарым" деген соң, көп аралас болған, ол әбден өсіп болғанша отбасы, ошағымыз түгел араласып кеткен, екі күннің бірінде жолығып, үш күннің бірінде қонаққа шақырысып тұрған азамат жайлы көкейдегімді айтпай қалуды ыңғайсыз санадым.
Бұдан ширек ғасыр бұрын менің Талдықорған облыстық партия комитетінде қызмет істегенім бар. Облыста одан әулетті, одан өкілетті үлкен мекеме жоқ, сондықтан да таныс-бейтаныстардың бәрі де саған құрметпен қарайды, ерекше пейіл танытып, сыйлап-ақ тұрғаны. Бірте-бірте соған сенің етің де үйреніп, көрші-қолаңның өзінен саған жалпақтап, қошамет көрсетіп тұруын қалай бастайды екенсің.
Сондай күндердің бірінде біз тұратын үйдің төменгі қабатына Мақсұт деген жігіт көшіп кірді. Қала прокуратурасында кішігірім қызмет істейді екен. Бұрыннан да азды-көпті таныстығымыз бар болатын. қала түбіндегі Еркін дейтін ауылдың тұрғыны еді. Бұрын аудандық мәдениет бөлімін басқарды, журналистикаға да белсене араласып, облыстық радиокомитетінде аз-кем қызмет істеді — ау деймін. Қазақ университетінің заң факультетіне сырттай оқуға түскен екен, енді міне, сол өзі таңдаған мамандығы бойынша жаңа жұмысқа ауысып, прокуратурада істеп жатқан жайы бар көрінеді.
Біз үшінші қабатта тұратын едік.
Кешкі шәйден кейін керіліп-созылып балконға шықсам — ақ болды:
— Сәке, төменге түспейсіз бе, біраз бой жазып қайтайық, — деп Мақсұт тұрады маған қарап.
Мен дереу киім ауыстырып, төменге түсемін.
Екеуміз жұп жазбаған қалпымызда қала сыртын біраз шарлап, біршама жаяу сейілдеп қайтуды күн сайынғы дағдыға айналдырып алып едік.
Мақсұт менен екі жас кіші.
Отыздан жаңа асқан, оттай жанған кезіміз. Жас айырмашылығы білінбейді, әңгіме таусылмайды. "Әуәуләйім бітсе, қалауләйім бар" дегендей, бірді — бірге жалғастырып, ұзақ — ұзақ сырласамыз. Көбіне, әрине, мен ғой сөйлейтін баяғы. Мақсұт аз сөйлеп, көп тыңдайды. Ал сөйлей қалса, қай тақырыптағы әңгіме бол сын, желісін үзбей жетелеп әкеп жүйесін табады да, қасындағы тыңдаушы адамды да соған ұйыта икемдеп, одан арғысын бір өзі жалғыз игеріп алып кете береді. Мен де жанында сыр, жанарында айрықша бір нұр ойнап тұрмаса, атты — тоңды, шенді — шекпенді екен деп, ешкіммен әмпей-жәмпей бола қоятын адам емеспін. Мақсұттың көңілі бай екенін бірден — ақ байқағам. "Бүгіп, бұғынуы, аярлық, алдауы жоқ мәртсің — ау", — деп ойлағам. Ал әлгіндей әңгімелер арамызды барынша дәнекерлей келе, көп ұзамай біз үй-ішіміз, отбасымызбен қосыла үзбей араласып тұратын, қазақша айтқанда, арамыздан қыл өтпес нағыз тату көрші, сыйлас дос, сырлас жолдастарға айналып жүре берген болатынбыз.
Жасыратын түгі жоқ, арамыздың бұлайша берігірек беки түсуіне менен гөрі Мақсұттың ықпалы көбірек болды. Ол өзі кісіге жұғымды, жақсының бәрін бауырына тартқысы келіп тұратын икемді жігіт болып шықты. Мұндайға мүлдем жоқтау мен үшін нағыз керегінің өзі де осы еді. Өзім деген адамға өзегін жарып беруге бар, көңілі құлаған адамды бірден үйіріп, иіріп аларлық айрықша бір жұғымды қасиетіне де тәнті бола бастадым. Өзінің де жора-жолдасы көп-ақ, оның үстіне, екі жақсының басын қосып, арасына желім болуға жаралғанда — ақ, бірімізді бірімізге таныстырып, жақындастырып, әйтеуір өз маңайына топтай түсіп жүретін.
Мен Алматыға көшіп кеткеннен кейін де Мақсұт мені жиі іздеп тауып, жастық шақтың нелер бір сері де серке күңдері мен түндерін, сейілі мен сергелдеңін ойнап-күліп бірге өткізіп жүретінбіз. Ол Ақсу ауданында адвокат болып жүріп те Алматыдағы маған үзбей келіп тұрды. Себебін мен сұрамадым, өзі айтпады, алғашқы зайыбымен дәм-тұзы жараспай ажырасып кетті де, менің тікелей таныстыруыммен Хасия деген қызға үйленді. Бұл жерде де ол әлдекімдерше "қалай болып жүрер екен" деп қауіп қылп, әліптің артын бағып теңселіп жүріп алған жоқ, өзіне тән мәрттікпен көзді жұмып жіберіп бір-ақ шешті де, Ақсуға қарай алды да жөнелді ол қызды.
Алғашқы балалары дүниеге келіп, Кировск аталатын поселкаға көшіп барып, біраз тұрақтады. Сол кезде, содан кейін Үштөбе қаласында судья, сот төрағасы болып тұрғанда арамыз біраз жылдарға ажырап, қатынасымыз сирексіп кетті де, 1987 жылы Мақсұт мені қайтадан іздеп тапты. Бұл кезде менен цитата алмай сөйлемейтін болыпты. Әр екі сөзінің бірінде: "Менің Сәкен досымның мына бір өлеңінде айтылғандай..." деп, екі-үш шумағын жатқа оқи жөнеледі.
Ол Алматыға ауысып, Әділет министрлігіңде, бас прокуратурада әртүрлі қатардағы қызметтер атқарып жүрді. Күн сайын дерлік жолығып тұратынбыз. Қазан-ошағымыз қатты араласып кетіп едік. Материалдық жағынан аудандағыдай болмай, біраз тарығып, тарығу соңы торығуға да ұласып жүрген кездерін білетін едім. "Жазушы" баспасындағы қызметімді пайдаланып, бірер рет аударма жасатып, азды — кем қаражат табуына қол ұшын берген болдым.
"Күнде де бірге, түнде де бірге" дегендей, жұп жазбай бірге жүрдік. Тіпті, моншаға да бірге барушы едік. Мақсұт "атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ер таны беріп жүріп" деген қағиданы берік ұстанатын жігіт. Үйінен қонақ үзілмейді. Көп адамдармен мен соның үйінде таныстым. Төрінде көбіне мен отыратын едім.
Бірде мынадай бір қызық жәйтті айтты Мақсұт.
Бас прокуратурада бөлім бастығы болып біздің ауылдың бір жас жігіті істейтін болып шықты. Мақсұт соның қарауында жай қатардағы прокурор екен. Қазір үлкен облыстардың бірінде прокурор болып жүрген генерал дәрежелі жігітті ол кезде жас та болса бастығым деп сыйлаған Мақсұт үйіне қонаққа шақырды ғой баяғы. "Кімдер болады?" деген сұраққа, шақырған меймандардың аты-жөндерін айта келіп: "Олардан басқа ақын досым Сәкен Иманасов болады", — десе керек. "Қойыңызшы, — депті сонда әлгі бөлім бастығы, — сіздің үйге, Мақа, шынымен-ақ Сәкен Иманасов ағамыздың өзі келе ме?"
Соны айтып Мақсұт мәз болып күледі кеп.
— Оның ойынша, Сәке, сіз жаныңызға кісі жолай алмастай, қолжетпес биікте жүрген "мықтының" өзі болып көрінеді екенсіз, — дейді маған.
— Е, солайы солай ғой, — деп қоям мен де.
Менің бар шаруама Мақсұт белсене араласады. Қандай бұйымтайымды болса да қолынан келгенше, сөзбұйдаға салмай, тындырымды етіп орындауға тырысады. Обалы не, осы қасиетін артығырақ пайдаланып, көп шаруамды оның мойнына артып қойып жүрген де кездерім аз болмады.
1988 жылы елу жасқа толдым. Ол кезде азық-түлік тапшылау, іздегенің табыла бермейді. Мақсұтпен ақылдасам ғой баяғы: "Қандай қайран жасайық!" — деп. "Кеттік, Үштөбеге! — деді ол. — Жігіттер бар, көмектеседі".
Мақсұттың біраз жүрілген "Жигули" автомашинасы бар. Сонымен кештете Үштөбе қаласына қарай тарттық та кеттік. Түн ішінде бір үйдің қасына тоқтап, мені машинаның ішіне қалдырды да, өзі кіріп кетті. Біраздан кейін, болконнан айғайлап, мені шақырды. Жатып қалған үй-іші біраз әбігерге түсіп, дастарқан жасай бастады. Сондағы ет комбинатының директоры Ықылас деген жігіттің үйі екен.
— Қанша адамға дастарқан жаймақсыз? — деп сұрады Ықылас танысып болғаннан кейін. Мақсұт мән-жайды айтып үлгергенге ұқсайды.
— Сол бір сексен, тоқсан адам ғой, — дедім.
— Жүз адамға дейік те, — деді Ықылас. Алдың — ғұлдың мінезді, кесіп-пішіп бір-ақ айтатын жігітке ұқсайды. — Жақсы ертең түске таман кеңсеге соғыңыздар, бәрі де даяр болды.
Айтылған уақытында ет комбинатының директорының кабинетінен табылдық. Бір жылқының жылы — жұмсағын бар бабымен бұзып, тұздап дегендей, мұздатқышға қатырып қойған екен. Соны машинаға тиетті. Қуырдақ, тағы басқаға керек болып қалады деп, семіз сиырдың бір санын салдырды.
— Уылдырық керек пе? — деп сұрады Ықылас.
"Ет комбинатында уылдырық қайдан жүр" дегендей мен Мақсұтқа қараймын.
— О, керек болғандай қандай, қарасын да, қызылын да салдырыңыз, — дейді ол Ықыласқа.
— Арақ-шарап, үнді шәйі ше? — дейді Ықылас.
— Салсын, — дейді Мақсұт.
— Шәй дәмі, конфет дегендер ше?
— Керегі жоқ, — деп қалдым мен. — Алматыдан — ақ тауып алармыз.
— Тауып ала алмайсыз, Сәке, — дейді Мақсұт. — Тауып алсақ, үш жүз шақырым жол жүріп, мұнда келіп неміз бар? Салдыра бер, Ықылас, — дейді Мақсұт. — Беріп тұрғанда бәрін алып қалайық, — деп қояды маған қарап.
Мен өз қалтамды да ішпей мөлшерлеп: "Апыр-ау, ала шыққан тиын-тебенім жетпей, масқара болып жүрер ме екенмін!" — деп те ойлап қоямын. Мақсұт "сала бер!" деген сайын қыбыжықтауым содан еді.
Тілеуіңді бергір, Ықылас деген де жігіттің бір мәртті болып шықты. Менің шамамды айтқызбай біліп отырғандай, әлгі дүниелердің бәрін қалтамдағы барыма сай етіп есептеттіріп қойыпты. Мақсұт ептеп хабардар еді, сол сыбырлағанын, әлде өзі біліп жасаған жақсылығы екенін білмеймін, әйтеуір, біз Үштөбеден керегіміздің бәрін тауып, осылайша артынып-тартынып қайтып едік.
...1992 жылдан бастап Мақсұттың дәрежесі күрт көтеріле бастады. Бір лауазымнан екіншісіне жоғарылап, мен бір қызмет телефонын жаттап үлгергенше, екінші жерге ауысып отыратынды шығарды. Иығына алтын оқа таққан жандарал да болып шыға келді. Ғылым кандидаттығынан іле-шала докторлық диссертация қорғады. Басында: "Мақа, қайда бара жатырсың?" — деп күлетін ем, бірте-бірте өзімнің де етім үйреніп, жөн сұрамайтын бола бастадым. Енді оған менің ісім түсетін болды. Түскенде де, жиі-жиі түсетін болды. Ол бұйымтайларымның әрқайсысының өзі де бір кісіге жүк болғандай ауыр-ауыр болатын еді. Бірде түске дейін бір шаруамды айтып, оны орындата бергенде, екіншісі келіп жетті де, беттің арын белбеуге түйіп, Мақсұтқа тағы телефон соғуға тура келді.
— Мақа, ыңғайсыз болып тұрғаны, тағы бір үлкен бұйымтай, — дей беріп ем, телефоннан:
— Сәке, сен буынсыз жерге пышақ ұрмайтын адамсың. Сондықтан, ыңғайсыз бола ма деген сөзді қой да, айта бер. Сенің шаруаңды орындай алмасақ, несіне отырмыз мұнда, — дегені ғой сөзімді бірден тыйып.
Бұған қалай риза болмассың!
Бірақ сирегірек ұшыраса бастап едік...
Мақсұт үйіндегі соңғы отырыстардың бірінде бір топ жолдастарының көзінше:
— Мақсұт, бұрын сен: "Сәкен деген досым бар" деп мақтанушы едің. Енді сенің атынды айтып, мен мақтанатын болдым. "Кезекті дүние, кезбе бақ" деп қазақ осындайды айтса керек, — дедім.
— Сәкен, — деген Мақсұт, — біздікі қызметпен келген бедел, қызметтен кетсек, бірге кетеді. Сіздікі тұрақты абырой ғой. Осылайша абыройлы, ақ жүзді бола беріңіз, — деп тілеу айтқан.
Мен тұрып, оның бетінен сүйіп ем. Отырғандардың бәрі де бұл сөзге аса сүйсініп қалғандықтарын байқатқан.
...Сол досымнан қазір ажырап қалдым.
Қазақта "Қыран бүркіт қанша биік ұшқанмен Көксеңгірге бір қонады" деген сөз бар.
Мен де өзімді сол сөзбен жұбата беремін. Өйткені ол атақ-абыройдан артық қуаныш жоқ, мансаптан биік мұрат жоқ деп қана ойлайтындар сапынан емес еді. Онысын өзі де үзбей айтып жүретін...
* * *
Әйгілі Сәбең (Сәбит Мұқанов) Баукеңнің (Бауыржан Момышұлы) 60 жылдық тойында өлең оқып тұрған екен. Сонда о кісімен әзілдесе беретін замандастарымның бірі:
— Сәбе-ау, осы өлеңді Сіз Бәукеңнің 50 жылдығында да оқып едіңіз, жаңа арнауыңыз жоқ па, немене? — деп сұрапты.
Ешқашан сөзден тосылып көрмеген Сәбең сонда:
— Ер жігіт екі сөйлемес болар, мен өзім Бауыржан туралы пікірімнен айнып көрген емеспін. Баяғы сөзім сөз, — деген екен.
Сол айтқандай, мен де Мақсұттың 50 жылдық мерейтойында (ол тойды өзім басқарғам) оқыған өлеңімді бір сөзін өзгертпей қайта жариялауды жөн көрдім.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі