(Қастек хақында)
1
Қастек екеуміз бір ауылда туып қана қойған жоқпыз, өмір жолымыз да ұқсас, саналы ғұмырдың көбін қатар кешіп келе жатқан жандармыз.
Екеуміз Алакөл аудандық газетінің редакциясында екі — үш жыл бірге қызмет істедік. Осы жылдарда ол балаларға арнап өндірте жазып жүрді де, "Арғымақ" аталатын тұңғыш кітабын шығарды.
Сол бір тұста "Балдырған" журналында істейтін Қадыр Мырзалиевпен жиі араласып, дос болуы — Қастектің балалар әдебиетіне түбегейлі ден қоюына бірсыпыра әсер етті ғой деймін. Әйтеуір, ол жатталуы жеңіл, ұғымға оңай, оңқай асықтай ойнаған жұп — жұмыр тақпақ, жаңылпаш, жұмбақтар, кейде тіпті оқиғасы бірсыдырғы тартымды ертегілер жазып, жиі-жиі жариялап жүрді. Өзі де үбірлі-шүбірлі көп балалы әулеттен шыққан, бағбан атасы Баянбай мен әңгімешіл әжесі Үмітханның бауырында өскен, өмірінің көбін туған ауылында, ел арасында, құйма құлақ қарттармен әңгіме-дүкен ішінде өткізген ақын тілдің дәмін, сазын, құнарын қандай жақсы білсе, елдің тұрмыс-салтына, арғы-бергі тарихына да барынша сұңғыла, содан да барып оның өлеңдерінің әсіресе ұлттық бояулары қанық болып келеді. Бұл ретте ақынның бұрынырақ жарық көрген "Әсем әлем" кітабына жүгініп, сондағы жырларды сөз етпей болмайтын сияқты.
Бұрынғы бірқатар жинақтарының басын қайта біріктірген бұл кітап Қастек Баянбайды бүгінгі балалар әдебиеті көрнекті өкілдерінің қатарына шығарғанын алдымен айтуымыз керек. Мұнда бәрі бар: балалық шақтан өзі көріп, көкірегіне түйген барлық асыл ойы да, асқарлы арманы, әзілі мен әжуасы да бір-бірімен заңды жалғасып, тұстаса бірігіп тұрған мінезі бөлек ерекше әлемге кезігесің.
Ол нені жазса да орнықты, ойлы, қызықты етіп жазады. Бала қызығына күлесің, орашолақ икемсіздігіне күйгелектігіне күйінесің, ренжисің, ашуланасың, тағы да мәз болып, масайрайсың — тек енжар қала алмайсың. Жылуы мол жол, шуақты шумақтар, астарлы әжуа, ойнақы әуен жайбарақат қалдырмайды.
Жайлау жайын кім білген,
Қайран қалып жүрмін мен.
Текеметті түре сап,
Теріп жейсің бүлдірген.
Өзіміз сан көрген таудағы жайлау, жан баспаған көкорай шалғын көз алдыңа келіп тұра қалмай ма? Ал этнографиядан да хабар беретін ғибраты мол киіз үй, оның уығы мен керегесі, түңлігі мен туырлығы, шаңырағы мен күлдіреуіші туралы өлеңдерді оқып көріңіз. Балаға ғана емес, ұлттық дәстүрді, көнеден келе жатқан дүние мен тірлікті ұмытып бара жатқан өзімізге де берері мол туындылар емес пе?! Қай — қайсысында да бірегей тұтасқан ой киіз үй тіккендей бірте — бірте бой көтеріп, ажарланып, анықталып сала береді.
Қастектің қаламгер ретіндегі қарымына, алымы мен арынына тереңдей қаныға түсу үшін "Жол" кітабына бір соқпай болмас еді. Селеуі, селкеуі мүлде аз, кілең бір құнарлы топырақта жайқала өскен құрақтай құлпырған жырлар арқылы ақынның өткен жолы, өнегелі өмірі, көкейкесті мұңы, бәрімізге ақтарар сыры түп-түгел жарқырай келіп, тұтас бір творчестволық күрделі тірлік тұлғасы айқындалып шығады. Бұл кітап арқылы бүгінгі күйініші де, сүйініші де, арқа қаритын аязы да, оттай ыстығы да бар барша тірлігіміздің, соның бәрін өз басынан да түгел өткеріп келе жатқан түйгені мол, тілегені кілең жақсылық болып келетін бүгінгі күн ақынының, сол арқылы өз замандасымыздың телегей тағдырына куәгер боласың. Ақын азаматтың бірте-бірте өсе түскен ойы түгел көрініп отырады. "Сыртым мен ішім" дейтін өлеңінде ол:
Көрінбек жоқ ғұрпымда
Жұртқа жүдеу пішінде,
Қуанышым — сыртымда,
Қайғым болса — ішімде.
Жоқпын жаға жыртуға,
Текке күйіп-пісуге.
Бар сабырым — сыртымда,
Ашу болса — ішімде, —
деп келіп:
Қырым, сырым мақтаулы
Көрінсе екен сыртымнан.
Ал ішімде жатқанды
Жасырамын жұртымнан,—
деп түйіндейді. Бұл әлгі айтқан ащылы-тұщылы тірліктің қыр-сырына қанық азаматтың рухани берік ішкі байламы, өзі ұсынған шындықтың шытырман бір түйіні деп білеміз. Өлеңде тіні берік, тілі таза адамның қалмынан шыққандай ғана біртоға тұтас портрет бар.
Ақын әр сөзін шашау шығармай, әрдайым ойын жинақы ұстап, артық әлем-жәлемсіз ықшам қайырып, тап-тұйнақтай етіп дәл түйіндеп отырады. Басқадан бір оқшау ерекшелігі де осы ма деп ұғам. "Әдеті" дейтін өлеңде:
Тулаған теңізге қарайтын —
Төгетін ақынның әдеті.
Өзімен жауын тең санайтын —
Жеңетін батырдың әдеті.
Қасыңа дамылсыз жанайтын —
Белгілі пысықтың әдеті, —
дейді ол. Екі-ақ шумақ өлеңге бозбаланың жарға деген бар мейірі, ықылас-ынта, құмарлық — құштарлығы сыйып тұр. Мұндай бас-аяғы бүтін шыққан, әрі сәтті туындыларының бәрін атап жату мүмкін емес, әйтсе де осы сарындас сыпайы көңіл күйінен шымырлап қайнап шыққан "Екінші бақыт", "Сол күндерім", "Оралу", "Сұрақтар", "Досыммен танысым", "Адамдық пен қасқырлық", "Таяқ", "Менің анам", "Менің әкем", "Балалық", "Құс сүті" сияқты бірқатар жырларға жұрт назарын аудармай кету және обал сияқты. Қастектің ақындық кредосы да осы жырлар арқылы айқын ашылады.
Бұл бір жағы Қастектің балалар ақыны ретіндегі қолмен ұстатқандай, нақпа-нақтыққа төселген шеберлігіне де байланысты болса керек. Балалар өлеңіндегі басы артық сөзге сараңдық, қашанда қиыннан қиыстыруға тырысатын қағида, қалыптасқан дағды кейде Ұзақ сілтеуге бейім тақырыптың өзін де, аз сөзге көп мағына сыйдырып отырып, қысқа қайыруға әдеттендіретін болса керек. Әйтеуір, шеберлікке дақ түсірмес мұндай ұғымды, ұтымды жағын құптағым келеді де тұрады. Мінез — тірлігіндегі тиянақ, құнттылықтың иісі аңқыған әр шығармасынан ақынның өзін көргендей боламын.
Қастек Баянбай көркем аударма саласында да бірқыдыру мол жұмыс атқарған олжалы табысы бар ақын. Сондықтан да болар, ол аударған Э. Верхарн, А. Исаакян, С. Михалков, А. Барто, Семен Данилов, Р. Рождественский шығармалары түпнұсқадағы бояудан әлсіремей қазақ өлеңіңдей жұп-жұмыр болып, құлпыра жұтынып шыққан.
Күні кеше кішкене оқырмандар қолына тиген жаңа кітабы — "Тәтті сабақта" да сол аз сөзге көп мағына сыйғызатын, сырбаз, қызыл сөз бен қысыр әңгімеге сараң, ойға жомарт ақынды көрдік.
Қастек Баянбайдың әдеби еңбегі орнымен бағаланып, оған Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығы берілді. Ақын жолының дұрыстығы, қаламының қуаттылығына бұл да үлкен айғақ бола алады. Ол туралы шағын ғана пікірімізді осылай тұжырымдай тұрайық...
2
Бала болсын мейлі,
Дана болсын мейлі.
Кіндік кескен жерін
Алтын бесік дейді,—
деп жазған еді Қастек Баянбай өзінің бір елеңінде. Оның да алтын бесігі — туған ауылы Талдыбұлақ екені шүбәсіз.
Ауылды ұзына бойына ортасынан таспадай қақ тіліп Талдыбұлақ аталатын кішігірім өзен ағып жатар еді. Бала кезімізде тұрқы қысқа бола тұра ол да бізге кең айдын дариядай болып көрінетін. Жаз бойы суына түсеміз, тас арнасына жасырынған майшабағын аулаймыз. Одан кейінгі басты бір ермегіміз Қастектің өз атасы Баянбай қарттың алма бағын аңду болатын. Алмасы жаңа түйіндей бастағаннан-ақ сол бақты жағалап, алмасының қызарып көзге ілінгені болса, үзіп — жұлып ала беруге дайын тұрушы едік. Қастектің ұлы әжесі Үмітхан бақты бізден қори ма, бізді көк алмадан қори ма, әйтеуір: "Ойбай-ау, көктей үзбесендерші, жүгермектер. Осыны ертең сендер жемей, мен төркініме алып кетер деп пе едіңдер", — деп, өңкей шиборбай бізді көрсе, алдына салып қуалап жүретіні де есімде қалыпты. О кісінің төркінін біздің ел екенін де үй-ішімнің әңгімесінен аңғарып қалғам, сондықтан да өз балаларынан гөрі, баққа кіру "жорығы" кезінде бәрінен де мен батылырақ қимылдаушы едім.
Көк алмадан тісіміз бекіліп, жүрек кілки айныған кезде ауылды өрлеп әріде көлбей созылған ұзын сайға түсуші едік. Сол бір аңғары кең ұзын сайдың сол жақ қапталында әдейі қолдан қашап жасалғандай төрт жағы түгел жұмыр биік жартас тұратын. Ауыл адамдары оны Кіндіктас деп атайды. Жалғыз өзі жапанға иелік еткендей қасқайып дара тұрған сол тастың түбіне бір топ бала жұп жазбай жиі барушы едік. Бізден сәл ғана ересектеу (оның өзі ол кезде 4 — 5 жасар, біздің алдымыз — 4, артымыз 2-3 жасар балалар едік) Қастектің Кіндіктасқа өрмелемек болып ор қырынан бір байқап көретіні болатын. Бірақ қасқиған қара тас басына өрлеп шығу қайда! Ол бізге ертегілерде кездесетін сыры жұмбақ сиқырлы ғимарат сияқты көрінуші еді. Үстіне бір шығып, айналаға көз салып қарасақ деп бәріміз де армандайтынбыз. Бірақ биік қара тас алдыра қоймайтын.
Кейін Қастек сол сиқырлы қара тасқа шықты ма, шықпады ма, Кіндіктас үстінде тұрып төңірегін шола айналасына қарады ма, жоқ па, — о жағын мен білмейін. Кіндіктас маңына өзімнің аяқ баспағаныма да жарты ғасырдан асып кеткен екен. Сол жалғыз жартастың баяғы орнында бар-жоғы да маған күні бүгінге дейін беймәлім.
Бұл күндері иісі қазаққа белгілі болған әйгілі де әйдік ақын Қастек Баянбайдың шығармашылық жолына үңілсем — ақ, менің есіме, неліктен екені белгісіз, Талдыбұлақ ауылының жоғарғы жағындағы сол Кіндіктас түсе береді.
Түсе береді де, әлі күнге дейін: "Әй, енді ме! Әй, осы жолы ма!" — деп алақанына түкіріп қойып, Кіндіктасқа бір шығуға құмартып тырмыса өрмелеп бара жатқан бала Қастек елестейді көзіме. Кейде қопаңдап, бала күндегідей қолтығынан демеп, досымның биікке тез шығып кетуіне жәрдемдескім де келіп тұратыны бар.
Арман дегеннің өзі де әр адамның тірлігінде үстіне бір жетіп алуды аңсайтын Кіндіктас шығар деп ойлаймын. Қастек Баянбайдың қаншама жылдар бойына күніне ащы терін үгіп отырып мөлдірете жыр жазып келе жатуы да сол бір бала кезде құмартқан Кіндіктасының арқасы шығар. Көз ұшында бұлдырап көрінер биік мұраты болмаса, көп асудан қалай оңай өте қойсын — ау!
Ол жеткен биік, ол асқан асу көп оқырман үшін алдыра қоюы қиын, шоқтығына шығара қоюы екіталай сол бір көк тіреген Кіндіктасқа ұқсап көрінуі де мүмкін. Әйтеуір, Қастек жеткен биікке жетсем деп армандаған жастарға бұл да бір нысана екендігі көңілге медеу. Жастар ғана емес, құрбылар, тұрғыластары ішінде де Қастектің Кіндіктасына қызыға қараушылар жоқ емес.
Ол өзі:
Мен едім мойыл қара құлынымда,
Айналдым бүгін келіп бурылға.
Шаң қауып келем шауып топ ішінде,
Қақым жоқ қара жолдан бұрылуға.
Әзірге жел қайықтай жеңіл денем,
Қанша тер қалды дейсің төгілмеген.
Тақымын қысып алып, ұран салып,
Арқамда атшым отыр Өмір деген,—
дейді.
Арқалы ақынның бұл сөзіне алып — қосарымыз жоқ, аты болдырмай, арбасы бүлінбей, аман жүре берсін дейміз тек қана.
3
Қастек Баянбайдың өзі ұстаған, әке десең, айнымайтын қатып қалған қатаң қағидасы бар. Басқамыз болсақ, ешкімге зияны жоқ жерде көңілшекте болып кетеміз, қатайып отырып, біреу күле қараса, жайылып сала беретін кезіміз де аз болмайды. Ал Қастек ондайға жоқ. Өз дегені болмаса, айтқаныңа иіп әкеліп көндіру әсте қиын. Сонысымен де қызмет басында отырған кезде көп адамдарға жақпай жүрді.
Жалын" баспасынан кезекті бір кітабым жарық көрмек еді. Кітап редакторы Серікбай Оспанов оқып шығып, мақтай отырып қол қойды да, әрі қарай сырғытты. Енді қолжазба поэзияны қарайтын бас редактордың орынбасары Қастек Баянбайдың алдына барады. Ол біраз шұқшиып қарады — ау деймін. Бір күні Серікбай: "Екі-үш өлеңіңізді алып тастады деген", — деген хабар айтты. Бас-аяғы ойланып жасалған кітап еді, "қай өлеңімді жаратпады екен" деп, дегбірім қалмай, Қастекке жетейін. Әсіресе сол кездің өлшемімен аса тәуір деген... "Бір ақбоз ат түсіме көп кіреді" дейтін өлеңімді алып тастағаны жаныма қатты батты. "Оу, ағайын, мұның қалай!" — деймін ғой шыр-пыр болып. "Болмайды, мұнда ұлтшылдықтың иісі бар", — дейді Қасекең. "Ал мына "Жеті ата жырының" тақырыбын неге өзгертіп жүрсің?" — "Жеті ата " десек ескілік сарынды мегзейді", — деп тағы кетті. Олай да бұлай үгіттеп, ағайыншылық жолымен айналдырып көрдім, міз бағып жіби қоймады. Мен де қатты кетіп, енді көрместей болып-ақ есігін қатты жауып шыға жөнелдім — ау деймін.
Екеуміз сөзге барысып жүргенде, әлгі өлеңдер қолжазбамның бірінші данасынан алынбай, сол қалпы теруге кете берген екен.
Кітап енді-енді шығады — ау деген мөлшерде корректурасын қарап едім, баяғы алып тасталған өлеңдер де жүр екен. Серікбайдан сұрап едім: "Өзі жіберді ғой деймін, есімде жоқ", — деді.
Риза болып кеттім де, Қасекеңе барып: "Ырылдарсың — қаппассың, менен жақсы таппассың" деген, басараздықты қояйықшы осы, екеумізге не жетпей жатыр соншама!" — деп татулыққа шақырдым. Қайтадан достасып кетіп ек.
Араға күн салмай алқынып Серікбай тұр: "Ойбай, Қасекеңе қол қойдыруға апарып едім, баяғы өлеңдерді неге алып тастамағансың деп, екі аяғымды бір етікке тықты. Алып тастап, әрең құтылдым. Менен көріп жүрмеңіз", — дейді.
— Қап, кеше ғана қайта татуласып ем, асығыстық жасаған екем-ау! — дедім қалжыңдап. — Мейлі, не істерміз. Кітап шыға берсін.
Сол сөзімді Серікбай да шып-шырғасын шығармай қаз — қалпында жеткізіп барса керек, қайыра бір кезіккенде Қасекең: "Сен татуласқаныңа өкініп жүр дейді ғой", — деп, салқын амандасқан қалпы, қасымнан өте шықты.
Бұл да болса оның алған бетінен қайтпайтынын, бірбеткейлігін көрсетер еді. "Айттым — болды!" — деп қатады да қалады. Иітем, жұмсартам деуің бос әурешілік. Ол мінезін білгендіктен, өкпелеуді қойғам. Басқалар қалай қарайтынын біле алмадым. Өзі әсіре адал адам өзгеден де соны талап еткісі келетіні болады. Біреудің оспадар қылығын, өрескел өлермендігін көрсе, одан біржола түңіліп, қалған көңіл — шыққан жан, қайтып бұрылмасы бар. Жұрт құсап өтірік көлгірсіп жатпайды. Біреуге жағады, біреуге жақпайды. Оған бола өзі ұстанған хақ жолынан айнып жатқан Қастек жоқ, бірқалыпты өгіз аяңмен жазарын жазып қойып, адал тірлік кешуде.
4
Қастек Баянбайды біреулер сараңдар сапына қосады. Кейде бір жоқ жерден принципшіл бола қалып, құрбы-құрдастарының ыңғайына жығыла қоймайтын, жетекке ермейтін бірмойын қылығына қарап та солай дейтін болар. Менің өзім де сол пікірді қуаттап жүрем. Біздің әріректен барып қосылатын нағашылы — жиендігіміз де бар. Достығымыз тағы белгілі. Бірер жас кішілігімді малданып, орынсыз адырандай еркелеп кететінім өз алдына әңгіме.
Тікелей қарыз сұрай барып, құр қол қайтқан кездерім де болған. Ондай реніш-өкпені майда жылы сөзбен жібіте қою да қиын. Соған орай жасаған бірлі-жарым еркелігім бүгін еске түсіп отыр.
Онда мен Мәскеуде оқып жүр едім. Орда бұзар отыздағы кезім ғой, ақша деген құрғырдың да бірде жетіп, бірде жетіспей жататын кезі. Кезекті каникулдың бірінде Алматыға соғып, біреулермен Көктөбедегі ресторанға бармаймын ба. Қасымдағылар әйел жолдастар еді, тартына ма десем, болмады, әртүрлі тағам, сирек ұшырасатын ішімдіктерге заказды үсті-үстіне бергізіп, біраз жерге бардық — ау деймін. Іштей өз қалтамды мөлшерлеп көрсем, әй, жете қоятын түрі көрінбейді. Өтірік іші ауырған адам сияқтанып: "отыра тұрыңдар, қазір", — деп сыртқа шықтым да, жандәрмен бір таксиді ұстай сап, Қастектің үйіне тарттым. Машинаны сыртта қаңтарып қойып, аты-жөні жоқ кіріп бардым да: "Маған 100 сом бере тұрыңдар!" — деп, "отыр, шәй іш!" дегендеріне қарамай, берген ақшаларын алып, тайып тұрдым. Ресторан мәзіріне жетпей қала ма деп қорықпай, сырттан мығым басып кіріп, менің бар-жоғымды байқамай да қалған әлгі серіктеріме қайта қосылдым — ау. Күндердің күнінде (араға алты-жеті ай түсіп кетті ғой деймін) сол Алматыда тағы бір жолыққанда Қастек:
— Сәкен, сен осы бізден азын-аулақ тиын-тебен алған сияқты едің, соны қайтаратын ойың жоқ па? — деп сұрады.
— Ой, Қасеке — ай, ағайын адамбыз. "Алыста жүр ғой, қысылып қалмасын" деп жекжат — жұрағат қалтамызға бірдемелерін тыққыштап жатады, сондайдың бір жоралғысы шығар деп жүрсем, бұл не дегенің, — деймін ғой мен әзілге бұрып.
— Әй, өзім де соны айтады — ау деуші едім, жарайды, ендеше, солай-ақ болсын! — дегені ғой Қасекеңнің.
Енді бір күні Сабырхан Асанов, Қоғабай Сәрсекеев, Тұтқабай Иманбеков сияқты жігіттермен бас қосып қалып, бірімізді біріміз қиып кете алмай, оның үстіне, қалта түбі де қағылып дегендей, көшеде дағдарып жүріп алдық. Отыздан енді асқан, теңіз суы тобықтан келмейтін шақ. Қоғабай тұрып қалтасындағы уақ тиындарын салдырлатты да: "Қане, кімде қанша бар, шығарыңдар, бәлки, бір шөлмекке жетіп қалар", — деді. Сылдыр қаққан күмісі мен бақыры бар, бір уыс тиын құрастырып, "Алматы" қонақүйінің сегізінші қабатына көтерілдік. Ол кезде басымыз қосыла қалса, солай қарай тартатынбыз. Сол сегізінші қабаттағы буфетке кірсек, оң жақтағы бұрышта, қасында ол кездегі жас журналист — жазушы Кәкен Қазмин бар, Қастек отыр екен. Амандаса сала, буфетші әйелге жақындап, дауысымды қатты шығарып: "Анау отырған қалпақты кісі менің досым Қастек Баянбай деген әйгілі ақын. Соның есебінен бір шөлмек коньяк бере ғой, өзі төлейді", — деп едім, тілеуіңді бергір, тілге келген жоқ, сұрағанымды алдымызға қоя салды. Бәрімізге тең етіп құйып, даурығыса тұрып тартып салдық та, сол жұп жазбаған қалпымызбен сыртқа беттеген едік.
Ертесінде Қастек телефон соғады. Дауысында кейіс бар:
— Сенің бұл қай қысастығың! — дейді сәл булыға сөйлеп. — Егер менде ақша болмай қалса, қайтер едім? Масқара емес пе? Айтып кетпейсің бе, тым болмаса!?
— Қасеке-ау, әркімнің бір сенетін адамы болады. Сізде ақша болмай қалады деп ойлап көрген жоқпын ғой мен бейбақ. Оның үстіне, сампылдап қатты сөйлеп тұрдым емес пе? — деймін ақталған болып.
Ол ызамен телефонын тастай салды.
Қастек салынып арақ ішіп көрмеген адам. Бірер ай, бірер апта ішсе болды, ауырып қалатын да, бес-алты жыл бойы татып алмай кететіні бар. Сондай бір ішпей жүрген кезі еді. Ондайда өзі кісікиіктеніп, жолдастарына да көп жолай бермейтін. Демалыс күні мені телефонмен тауып алды да: "Бір құпиям бар айтатын, көшеге шығып кет!" — деді.
Көшеде біраз қыдырыстап жүрген болдық. Қасекең ашыла қоймады.
— Ал не айтайын деп едің? — деймін мен.
— Жүрші, ресторанға барайық, жүз грамдатып тамақ жібіте отырып айтпасам, ретін келтіре алатын емеспін, — деді ол.
Ресторанда да болдық. Біраз буфеттерді де аралап шықтық. Қасекең бас шайқап, үндей қоймады. "Жоқ, сәл қызбасам, айта алар емеспін!" — дейді тағы. Мен қызыға түсем. Ақыры, қойшы, ойнасақ та біраз жерге барыппыз дегендей, екеуміз де қызара бөрткен заматта "құпиясын" айтқан болды — ау. Қазан-ошақтың кезекті бір сылдыры кезінде келіншегіне өкпелеп үйден шығып кетіпті де, соны жақын біреуге айтқысы келгендегі әрекеті екен бар болғаны. "Түу, соны да сөз деп! — деймін мен риза болмай қалып. — Біз ондайды күнде көріп жүрген жоқпыз ба?".
— Жә, сен бір жарты коньяк ал, соны ішейік те көбейейік, — деді ол.
— Оу, Қасеке, менде ақша болса, күні бойы сені шығындатып нем бар. Біздің қалтаның түбі тесік болатынын білесің ғой, — деймін мен.
— Ендеше, мен 10 сом берем. Кейін қайтарасың! — дейді ол шегелеп.
Әлгі сегізінші қабатқа көтеріліп, бір шөлмек коньяк алдық. Ішкіміз де келмейді. Сондағы бір орыс жігітке құйып бердік, төгілді, шашылды. Бекер рәсуа болды.
Күндерден күн өткенде Қасекең:
— Сәкен — ей, сонау бір күні менен 10 сом алып едің ғой, қарыз күліп барып, жылап қайтатын еді, қайтаршы, — дегені.
Ішіп жүрсе де ұмытпағанына таңқалып:
— Оу, ағайын, ол он сомға алғанымыз бір жартылық еді. Біразын мен, соншамасын сен, қалғанын қайдағы бір қаңғыбас орыс ішті. Төгілгені төгілді, шашылғаны шашылды. Сол есеппен алғанда төрттен бірін, яғни 2 сом 50 тиынын қайтарайын, — дедім міз бақпай.
Ол қолын бір сілтеді де, қайтып ләм-мим деместен жөніне кете берді.
Соңынан күліп мен қалдым.
Біздің арамызда мұндай да қызықтар болып тұрады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі