Менің Қадірбек Уалиев дейтін досым бар, құрдасым. Өзі де осал емес, белгілі театр сыншысы, драматург, аудармашы, журналист, әлденеше кітап жазған қаламгер, қойшы, әйтеуір, бір басына жетерлік атақ-абыройы бар әйгілі азамат. Ол мен ғана емес, үлкен-кіші демей, қалам ұстар ағайынның біразымен сыйлас дос, бәрімен де әзілі жарасып жүре беретіні бар көп сөзділеу болса да, аса жағымды жігіт.
Өзі де қызық, кейде адам ұғып болмастай арсалаңдап келеді, ондайда сөзі де ойқы-шойқы, қалжыңы да түйеден түскендей дүңк етпе дөкір болып жатады да, енді бірде аяқ астынан жуасып, қой аузынан шоп алмас момын біреу болып шыға келеді. Мұндайда қалжыңы да жарасымды шығып, артық ауыс сөзі де азая түседі.
Біздің танысуымыз да қызық. Қазақ университетінің филология факультетіне түсейік деп емтихан тапсырып жатқанбыз. Оңда мен өлең жазып, жазғандарымның бірлі — жарымы газет-журналдарда басылып, өз құрбыларымның ішінде "дардай" ақын болып танылып қалған кезім еді. Қасыма жалпақ бет, шүңірек көздеу палуан денелі жігіт ырғала басып, шайқақтай түсіп келді де:
— Танысып қояйық, мен Қалы Қадыр Уәли деген болам, — деді
Сөзі кеңірдегінің аржағынан біреу көрікпен басып жатқандай болып, тіл арасынан сыздықтай шығатын сақаулау көрінді.
— Не жазасың, өлең бе? — дедім мен.
— Жоқ, мен кинодраматургпін ғой, екі сценарийім бойынша кино түсіп жатыр, тағы бір-екеуін киностудияға өткіздім, — дегені әлгінің.
Мәссаған керек болса!
Өзімше "ақынмын" деп мардымсып-ақ тұр едім, аяғымды жинай қойдым. Киноны дәл осындай кісі жаза қояды — ау деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмес еді. "Мынау бір дөй болды-ау, шамасы!" — деп ойладым ішімнен. Бірақ арсы — гүрсілеу мінезіне қарап көңіл түкпірінде аз-кем күдік те қылт ете қалғаны рас.
Бұ жігіттің тағы бір тосын қылығына қазақ тілінен ауызша емтихан тапсырғанда куә болдым. Ол менен бұрынырақ билет алып, онысын көз жүгірте тез қарап шықты да, талтаңдай басып барып жауап беруге оқталды. Өзі жақсы оқыған неме болуы керек, грамматикаға мүдірмей сусылдатып жауап бере батады. Жақсы жауап беріп отырған адамға ұстаздардың да оң қабақ танытып, кідіріп бара жатса, ауызына сөз салғысы келіп, демеп жіберуге дайын тұратын әдеті ғой. Қадірбек сондай тасырқаған бір тұста емтихан алып отырған адам бір жәрдем жасауға ұмсына беріп еді, бұл: "Тсс, — деп, саусақтарын тарбита алақанын мұғалімге қарай көтерген күйі, орнынан атып тұрды да, — Ә, иә! — деп қайта отырып, әрі қарай зуылдата жөнелді. "Жынды ма, немене өзі!" — деп ойладым мен ішімнен.
Оқу бітіргеннен кейінгі біраз жылымыз әр жақта өтті де, ол екеуміз қайтып жолықпай кеткенбіз...
Мен кешірек барып үйленген адаммын. Үйлену тойымыз өтіп, орысша айтқандағы "медовый месяц" аяқтала бере аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып істейтін Тоқтар Жанғозин дейтін досым телефон соғып:
— Сәкен, бізге обкомолдың атынан екі жас жазушы келіп еді, сені таниды екен, үйіне ертіп бар деседі, қазір барамыз, — деді де, мен олар кімдер деп сұрап үлгермей, трубканы тастап жіберді.
"Е, кім де болса, келе көрерміз", — деп мен қалдым.
Тоқтар ертіп келген жігіттердің бірі ескі дос Қайрат Жұмағалиев екен де, екіншісі сол баяғы Қадірбек болып шықты. Өзі әжептәуір толысып, сақайып қалған. Аузы-басын түп-түгел жүн-жүн етіп қауғадай сақал қойыпты. Бірақ мінез — құлқы түк өзгермеген екен.
Жас келіншегім екеуміз жік-жапар болып, қуана қарсы алып жатырмыз. Қайрат қыздай сызылып, ыздиған қалпынан айнымайды. Қадірбек балпылдап сөз арасында: "Қарағым — ай, жақсы бала екенсің, бірақ мынау сияқты оқымаған адамға қайдан тап болып едің?" — дегені ғой әйеліме.
Шәй құйып отырған Мәрия сасып қалды ма, білмеймін, сәл тітіркене тістеніп, селк етіп:
— Қойыңыз, о не дегеніңіз, маған өзі ҚазГУ — ді бітірдім деп еді ғой, деп абыржып-ақ қалғаны.
Мұның қалжың екенін Қайрат екеуміз қарқылдай күлумен әрең ұқтырған болдық.
Тағы біраз отырыстан кейін асүйге қарай шығып кеткен келіншегімнің қайта оралар тұсын күтіп тұрып, өтірік сыбырлаған болып маған:
— Әй, бұл қай қылығың сенің? Алматыда шырылдап жатқан бала-шағаң анау, шұбыртып жетеміз деп еді, біз әзер бастық, ұят болды ғой! — деп үзіле сөйлей бергені. Сыбырлаған болады, онысы асүй түгіл, айналадағы көрші-қолаңға да естілердей дабырлай, даңғырлай шығады.
Жаңа түскен келіншегім сүлдері құрып, сұрлана түсіп, стол басына әзер ілікті... Күлерімді де, жыларымды да білмей мен қалдым.
Қонақтар кеткесін, Мәрияны жұбатар бір амалын ойластыруым қажет болды. Қайрат: "Бұл құрдас болған соң, аузына келгенін айта береді, иланып қалып, көңіліңе алып жүрме!" — деп қатты-қатты шегелеп кеткен.
Зайыбыммен оңаша қалған сәтте Қадірбектің ит терісін басына қаптата сілікпесін шығардым — ау бір: "Бұл өзі қояншық неме бір жүрген, — дедім. — Аузына келгенін айта береді. Көзін көрмеймісің — алақ — жұлақ етіп ойнақшып тұрған. Қайрат айтты, жақында ғана жындыханадан шығыпты деп, қарсы келсең, жыны қозып кетеді екен. Сен екеуіміздің үндемегеніміз мұндай жақсы болар ма?"
Мәрия деген былай да сөзге алданғыш әйел. Әлгіндей майы тамған "шындыққа" сенбеуге, иланбауға амалы қалмады.
Кейін Алматыға көшіп келгенде де Қадірбекті көшеден көре сап:
— Ойбай, ана бір жынды бар ғой, баяғы ше, сол келе жатыр, жүрші былай, бұрылып кетейік! — деп мені сүйрей жөнелгені бар.
Кейін, бертінде менің інім Секен сол Қадірбектің Қарасудағы үйін сатып алып, есеп айырысуға жеңгесін ерте күрмесін бе. Басында жанына бара алмай, алыстан сөйлеп, орағыта ойқастай сынап көрді де, бірте-бірте бойы үйреніп, әрі Кадірбектің мүләйім кезінің де куәсі болғаннан ба, бойы әбден үйреніп алды. Бір күні Қадірбектің "кемпірі" Қымбат екеуінің әңгімесінің соңын естіп қалдым. Мәриям: "Қайдан білейін, жынды дегенге, аңқау басым, шын екен деп жүріппін — ау", — деп сылқ-сылқ күліп отыр екен, мені көре әңгіме сап тыйылды. Бірақ ісімді сөз етіп отырғандары айтпаса да түсінікті еді...
Төрт-бес жігіт бас қосып, араға ішімдік араласып, ұзақ отырып тарасқан түндерден кейінгі бір күні түскі ас ішейін деп "Қаламгер" кафесіне кірсем, Қадірбек отыр екен. Қасына таяп келген менің сәлемімді алмай, тыржиып — быржиып қиғылық салды.
— Өй, саған не болған? — дейін мен түкке түсінбей.
Ол көпке дейін мелшие сіресіп, сөйлемей отырды да:
— Сәкен, осы мен саған не істедім, соны айтшы? — деді қабағы түйе кіржиіп.
— Е, не болып қалыпты?
— Кеше ғой, әке-шешемнен түк қоймай боқтап, жұрт алдында масқарамды шығардың. Не жазығым бар еді, соншама жәбірлейтіндей. Көп болса, жазушылар одағының мүшесі емес дейтін шығарсың, — деп кемсендей ме, кіжіне ме, әйтеуір басылар болмады.
— Әй, қой, қайдағыны шығармай. Сап-сау жүріп сені боқтап не көрініпті маған, — деймін.
Сөйтсе де абыржи бастадым.
— Ойбай-ау, жұрт естіп отыр ғой, олаһи-биллаһи, тіпті, өтірік десең, міне, нан ұстайын! — деп алдындағы наннан бір үзіп алды.
Нан ұстайын дегенді естіп мен шындап сасайын дедім. "Апыр-ай, шынымен бір сәтке есімнен айырылып қалдым ба екен, Құдай ұрып", — деп те ойладым.
— Кешегілер түгел естіді ғой, нанбасаң, ортамызда болған Қастектен, Қоғабайдан сұра, — деп ол да тақымдап қояр емес. Қарап отырып есім шықты.
Қастекті іздеп жүріп әрең тауып алдым да, күмілжи отырып жөн-жосық сұраймын ғой енді. "Мен Қадірбекке қашан тиісіп жүрмін? Не дедім өзі?" — деген боламын.
— Ештеме болған жоқ, сап-сау күйімізде тарасқанбыз. Қалжыңдаған ғой, Қадірбекті білмейсің бе, не? — дейді ол.
Қабағымды барынша қатты түйіп алып, "Қазақ әдебиеті" газетіндегі Қадірбекке келейін енді мен.
— Сенікі не, ей, осы, кісіні сонша күйдіріп? — деймін түйіліп, — әзілдің де өлшемі болмайтын ба, түге!
Ол ыржалаңдап күле береді.
— Ит-ау, нан ұстағаның не? Оны қалай түсіндік? — деймін мен.
— Е, нанды күнде ұстап, күнде жеп жүрген жоқпын ба, — дейді ол беті бүлк етпестен, сол ыржалаңдаған қалпы.
Құрдас шіркіннің осындай да қалжыңы болатынын сонда барып аңғардым ғой мен.
Енді өз аузынан естіген бір әңгімеге келейін. Жазушы Адам Мекебаев бірде:
— Пьеса жазсам деп едім, қалай қарайсың? — деп сыр бөліседі ғой Қадірбекпен.
— Е, жаз. Бұл күнде иттің ұлы итақай драматург болып жатқан жоқ па, солардан кембісің. Бірақ сен ең алдымен Гороховодацкийдің "Дарматургия теориясы" деген кітабын оқып ал. Сонда пьеса жазғыштардың біразының енесін ұрып жіберетін боласың, — деп көпшік қоя қайрайды Қадірбек оны.
Адам да аңқау жігіт білем, әлгі кітапты Алматыдағы кітап дүкендерінен іздеп біраз шарлайды, табаннан таусылып кітапханаларды кезеді. Жоқ. Ақыры өзіне келді.
— Әлгі Гороховодацкийді таппадым. Өзінде болса, берші, — дейді ол.
— "Ертең "Қайрат" ойнатын еді, соған билет ал, стадионы Гороховодацкийдің өзі келем деген, — дейді Қадірбек.
Екеуі футбол көріп отырады. "Қайраттың" шабуылшысы Гороховодацкий бір-екі доп енгізіп, аты стадионды жаңғыртады. — Гороховодацкий деген фамилия құлағында әбден жатталып қалған Адам алаңға бір, Қадірбекке бір қарап, түкке түсіне алмай, әлек болады ғой.
— Бұл футбол дегенің де толған драма ғой, ә! — деп қояды Қадірбек.
Сонда ғана түсінген Адам іштей жерге бір түкіріп, өз жөніне кетеді.
Қадірбек ыржалаңдай күліп, ойын көріп отырып қапты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі