Бізде, тегі, біткен іске ғана емес, бітер іске де сыншы көп. Елімізде бағзы бір жақсы іске қарай бет алар құтты қадам жасалып, жаңа бір бастаманың төбесі көріне бастаса-ақ болғаны: "Баяғы жартас — бір жартас", көріп жүрген көп құқай, естіп жүрген көп айқайдың бірі болып жүрмесе" — деп танау шүйіре теріс қарайтынымыз өтірік пе? Бұл әдет бойымызға әбден сіңіп алып, дерттей жабысып айырылмай-ақ келеді. Әйгілі орыс жазушысы Анатолий Ивановтың романы бойынша түсірілген көп сериялы фильмдердің біріне Андрон деген қарт кейіпкер болушы еді. Сол Андрон қолымен ұстап, көзімен көре тұрса да айналаның бәріне күдікпен қарап, екі сөзінің бірінде: "Я, однако, сомневаюсь!" — дей беретін. Бірде шалғайдағы деревняға радио желісі тартылып, бағанаға қара қаңылтыр қабылдағыш орнатып жатқан маман-монтердің: "Қазір сөйлейтін болады", — деген сөзіне гуілдесе күтіп тұрған жұрт ішінен сол Андрон ғана: "Однако, я сомневаюсь!" — деп кино көріп отырған бізді де күлдіргені бар еді.
Сол Андрон сияқты біз де бұл күнде төңіректегі тіршіліктің бәріне болмағанымен, көбіне үміттен гөрі күдікпен қарайтын болып алғанбыз. Әйтпесе, дәл осы жолғы Президент Жолдауының көңілге күмән ұялатар қай жері бар? Бағдардың қолмен қойғандай дәлме-дәл, соқырға таяқ ұстатқандай нақпа-нақ емес пе бәрі?
Рас, мен ауылшаруашылығының маманы да емеспін, ел экономикасын қалай еткенде биік белеске көтеруге болатынын да дәлдеп айтып, дәлелдеп бере алмаспын. Тек соңғы оншақты жылдан бері ауылымыздың біржолата тұралап күйреп, кезінде халық қаржысына салынған ғимараттар да, ауыл маңындағы кешенді мал қоралары да қасқыр жеген қойдың қаңқасындай болып, арса-арсасы шыға қаңырап қалып жатқанын көріп, елмен бірге мен де күйзелетін едім. Тек күйзеліп қана қоймай, шамам жеткенше айтып та, жазып та көріп едім. Бірақ сол бір жанайқайымды құлағына іліп, құйрығына қыстырып жатқан ешкімді көре алмай дағдарған кездерім де көп болған.
Өйткені, қазақ ақынының, қазақ қаламгерінің ауылды аңсай жырламағаны, ауыл жайында әйтеуір бір шығарма жазбағаны кемде-кем. Ақындар жағы, тіпті, әлденеге өкпелеп, әлдекімнен көңілі қалғанда, қаладағы күйбең де күйкі тірліктен жалыға түңіліп кеткен бір шақта: "Ауылға кетіп-ақ қалсам ба екен?!" — деген сарындағы өлеңдер топтамасын да тоғытып жататын. Біздің өзіміз де бір кезде:
Жалықтырып бұйығы бақ, бұла түн,
Алматыға сыймағанда бұл ақын.
Арғымақпен аққысы кеп жұлдыздай,
Ауыл жаққа тартқысы кеп тұратын, —
деп жазып алып, сол ана құшағындай аңсап барып бір сәт мауық басар ауылымыздың да көз алдымызда кетеуі кете күйреп, құлазып қала бергенін көргенде:
Ауылдың да өз қайғысы, мұңы бар,
Бұрынғыдай шуағы жоқ жылынар.
Қазанат та көрінбейді белдеуде,
азамат та азайыпты тіл ұғар! —
деп, күңірене күйзелгенбіз.
Оның да себебі жоқ емес.
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалай қоймаса да, өрісі малға, қонысы жанға толы ауылымызды көріп қуанып, дәулеті шалқып кетпесе де, өз қолы өзіне жеткен, күн көрісті ғана күйттемей ілгеріге ұмтыла түскен ауылдастарымызды көріп жұбанар едік бір кезде.
Егемен болдық деп кепкімізді аспанға ата қуанып, ырду да дырду күйбелең басталып кетті де, көпке дейін қайда барып, қайда қонарымызды білмей, дарияның жарға соққан толқынындай теңселдірген әуре-сарсаң кезеңде ел болып елу-алпыс жыл жинап-терген барша байлық, бар дәулет ұстағанның қолында, тістегеннің аузында жырымдалып кете берді. Кешегі мыңғырып өскен малдан да тігерге тұяқ қалмады. Әр ауылдағы жүздеген автомашина, комбайн, тракторлар лезде тып-типыл болып, колхоздар мен совхоздардың дүрілдеп еңбек қызып жататын МТМ-лары кемелері қираған айлақтай болып, аз жылда азып-тозып шыға келген.
Үйсе — көп, үлессе — аз дүние, бөрідей шулап тұс-тұстан ауызды салып берген ағайын-жұрттың жұғымына жұқ та болған жоқ. Оның үстіне әй дер әже, қой дер қожа болмай, сеңге соққан балықтай есеңгіреп ел қалды, иесіз тозып жер қалды.
Басқасын қайдам, жердің құнарлана түсуіне ең алдымен мал басының өсуі себепкер болатынын жақсы білетін едім.
Өйткені, бала кезімізде біздің ауылдың бес-алты қора қойы да, екі-үш табын сиыры да Тентек өзеніне сұғына барып тірелетін Кең түбекке еркін сыйып жатушы еді. Ортақтың малы да, меншіктің малы да сол маңға жайылып, сол түбекті жайлайтын. Қоғалы-құрақты, шилі-қияқты жайылым шөбі жаз бойына тапталып та, таусылып та бітпейтін. Тек қоңыр күзде, қыстауға түсер алдында әлгі мал егіні жиналып алынған аңызға жіберілетін. Сөйтсем, осының бәрінде жылдар бойы қалыптасқан тәжірибе, қатесіз заңдылық бар екен. Сиыр малы да, қой малы да отты-сулы жерде қомданып қана қоймайды, жаз бойы жайылымды, қара күзде егісті тыңайтып отырады екен ғой. Кейін мал саны ауданда ондаған, жүздеген есе азайып кеткенде байқадық, әлгі мал жайылымы, шабындық жерлерге бұл өңір бұрын көрмеген қайдағы бір сояу-сояу арамшөп өсіп, азып-тозып, ақтақырға айнала бастады. Түгін тартсаң майы шығатын жайылым бастапқы реңінен де, құт-берекесінен де жұрдай болып шыға келді.
Осындай жағдайды біздің жақтағы Жабық, Тоқжайлау жайлауларынан да байқадым. Сонда ғана "жайлау сәні — мал" деген сөздің байыбына барғандай болғамын. "Қыз кеткен соң ауылдан қызық кетті" — дегендей, мыңғырған мал тұяғы арқылы тыңайып та, тоңайып та шығатын жайлау белуардан келер кек майса көркінен айырылып-ақ қалыпты.
Осыған орай орыстың және бір үздік жазушысы Федор Абрамовтан оқыған бір дерек түседі есіме. Патша сарайы маңындағылардан түртпек көріп, ырың-жырыңға шыдамай өзінің Колчанское аталатын имениесінде күн өткізуге мәжбүр болған ұлы қолбасы Александр Васильевич Суворов өз иелігіндегі шабындық пен жайылымға ат үсті қарамай, барынша тиімді пайдалану жағында болғаны, соған ыждағатпен жан сала кіріскен көрінеді. Оның осыдан екі жүз жылдан астам бұрын өз меншігіндегі шаруажайына байланысты жазылған бұйрық-нұсқауынан мынадай сөздер оқимыз: "Көптеген жерге көң де төгілмеген, содан барып ол жерлер өнім беруден қалып, құнарсыздыққа айналған. Сондықтан егіс көлемін мал басына қарай тепе-тендікте ұстау жағы ойластырылсын, сол шамада жыртылып, қалған, яғни, көң төгілмеген жерді жайылымға айналдыру қажет. Бұл — бұйрық, әрі бастапқы ғана шаралар, бұдан әрі ірі қара малын көбірек өсіру жағына салғырт қарағанның жазаға ұшырайтынын да ескертемін. Төлдейтін малды сатуға, союға мүлдем тиым саламын, мал басы әбден өсіп, егістік біткен түгел көңмен көмкерілгенде ғана барып артылған көңді бос жатқан жерге тасып төгуге болады". Бұл да әлгінде біз мысалға келтірген жағдаймен сайма-сай келіп тұрған жоқ па. Яғни, мал тұяғы тиген жердің табиғи түрде құнарланып отыратыны ақиқат екен ғой. Осыдан он шақты жыл бұрын "аса білгіш көсемдердің" бірі: "Қазақстанда мал өсірудің қажеті шамалы, мал өнімдерін шеттен сатып алу әлдеқайда арзанға түседі", — деп елді бір дүрліктірген болатын.
Содан ба, басқа себебі болды ма, о жағын мен білмеймін, әйтеуір жеке меншіктендірудің алғашқы жылдарында орталықтың малы жаппай бөліске түсті. Өз қорасына келіп кірген малды ұқсатқандар ұқсатты, ұқсата алмағандар апыр-топырын шығарып аз күнде тып-типыл ете тігерге тұяқ қалдырмай құртып бітті. "Оу, бұл қалай, ертең де күн бар емес пе?" дерлік ешкім болмады. Соның бәріне білгірлікпен басшылық жасап, жөн-жосық көрсетіп, бағыт-бағдар беретін аудан, ауыл әкімдері дәрменсіз күйдегі бақылаушы ғана болып қала берді.
Бір ғана мысал. Біздің ауылда Омардың Рахымы дейтін кісі болып еді. Кезінде ел басқару жағында жүрген, үлкен-кішіге жұғымды, білімді, іскер, адал да ақылды адам еді жарықтық. Мұхтар, Ілияс сынды қазақтың маңдайалды қаламгерлерімен дос-жар болған, бірге жүріп, бірге тұрып, тірліктерінде хат алысып, хат берісіп келген. Мен сол хаттарды өз көзіммен көрген адаммын. Со кісі зейнет жасына жеткенде ауылдық кеңес төрағасы (бүгінгі әкім) болды. Аяғының сылып басар кемдігі бар еді, содан ба, көбіне-көп есік пен төрдей әрі жуас құлақ асқа атына мініп бара жатқанын көретін едік. Біз жетінші сыныпта жүргенде сол Рахаң аудан орталығындағы мектептердің ересек шәкірттері мен жас мұғалімдерін жинап алып, аумағы ат шаптырым жерге ағаш отырғыздыра бастады. "Бұл — түптің түбінде парк болады, — деді бізге, — маған керегі жоқ, ертең бозбала жігіт, бойжеткен қыз болғанда, қол ұстасып өздерің қыдырасыңдар...".
Сол ағаштар жайқалып өсіп, 30-40 жылда шын мәніндегі үлкен паркке айналған. Рахаң көзі тірісінде оған өз ұстазы Ілияс Жансүгіровтің атын бергізген болатын.
Не керек, соңғы төрт-бес жыл бедерінде сол парк те ел аман, жұрт тынышта жау тигендей тып-типыл болып, орнында жыпыр-жыпыр ағаш түбіртегі ғана қалды. Біреуі көп жылғы теректі отынға жаққан, біреуі қора-қопсысын салуға пайдаланған.
Оны көріп отырған басшылар да, басқалар да тиым сала алмаған.
Осы жуырда ғана Алматы облыстық "Жетісу" газетінен бір хабар оқыдым. Облыс әкімі Шалбай Құлмаханов жаңа бір құрылыс ыңғайына қарай көше бойындағы ағаштарды кеспек болғандарға үзілді-кесілді қарсы шығып, айналасына сән де беріп, әр де беріп тұрған жасыл желекті отауға қатаң тиым салыпты.
Сонда ойлап едім: "әлгі мен айтқан парк құрып бара жатқанда немесе Мұқыры мен Талдықорған арасындағы жолдың екі жағына әдейілеп отырғызылған сыңсыған ормандай қалың ағаш балта мен араға "жем" болып жатқанда қолындағы әмір-бұйрығымен: "тәйт!" — дерлік біреудің табылмағаны-ау!" — деп.
Бекерге білгішсіп кетпей-ақ, тағы да өзіме етене таныс туған ауылым жағына ойыссам, бір кезде балығы тайдай тулаған, қойы маңырап, қозысы жамырап жататын, үйірлі жылқы, келелі түйесі бар берекелі ел сияқты еді. Әр жүз саулықтан 150-180 қозы алатын "рекордсмендер" бізде де баршылық болатын. Соның тіпті жартысы жалған ақпар болмай шыққанда да "құдайға шүкір'" дерлік еді. Ауданымызда 300 мыңнан астам қой болған. Үйсе — көп, үлессе аз, жоғарыда айтқан "бөліп ал да, бөрідей тиіп бер!" — дейтін әдістен кейін не қалып, не қойғаны да белгісіз. Тек бір кезде аудан жерін ұзына бойына жүріп өткенде қара жолдың екі жағы жер қайысқан мал болатын еді. Бұл күнде тұяқты мал түгілі, жүгірген аңның өзі сиреп кеткен. Жоғарыдағыны алдап, төмендегіні арбап үйренген аз күнгі әмірбилік иелерінің "пысықтығы" арқасында аз жылда тып-типыл жоқ болды.
Содан да барып ел ішіне билеуші атаулыға, өкімет, үкіметке деген сенім азайып, үміт үзіле бастады. Біздің жақта мал бағып, қызылша өсіріп, балық аулап күнелткен жұрттың біразы қолдағының бәрінен айырыла бастаған соң он-он бес гектар жерді жалға алып, бала-шаға, қатын-қалашымен селбесіп, серіктесіп шаруа қожалығын құрып та көрген. Бірақ сол жерді өңдейтін техникасы жоқ, техника табылса тұқым болмай, бірер жыл ит әуреге түсті де, қолды бір-ақ сілтегендер болды. Оның үстіне жығылған үстіне жұдырық, "төле де төле!" деп салық жинаушылар жетеді дікеңдеп. Аяғына тартса басына, басына тартса аяғына жеткізе алмай отырған шаруалардың одан әрмен зықысын шығаратын да солар еді. Түйірлеп жинағанын тиын ете алмай отырғанда зіл батпан алым-салықты олар қайдан төлесін.
Бұл енді, өзі тыр жалаңаш адамға: "шешін!" деп бұйырғанмен бірдей еді. Сөйтіп басында әжептәуір үмітпен қолға алынған жеке шаруа қожалықтары да бірте-бірте сұйылып, су аяғы құрдымға кетіп жатты.
1992 жылы мен туған Алакөл ауданы 43 мың тонна астық, 87 мың тонна қант қызылшасын жинапты. Бұл аз ба, көп пе білмеймін, бірақ бүгінгі таңда сол көрсеткіштің қарасын да көрмей қала бергенімізге бәс тіге аламын.
Мемлекетке ет, сүт, балық өнімдерін де артығымен өткізіпті.
Осы жері де маған түсініксіз. Бұрын сол мемлекетке өткізу дегенді үлкен-кішіміз болып түгел қолдап, қуаттап жатпаушы ма едік. "Мемлекет деген — мен" — дейтін француз королі ХҮІ Людовик емес, халықтық мемлекеттің өзіне өткізіп жатырмыз, ендеше сол өнім берген елге еселеп қайтатын шығар дейтінбіз. Баяғыда әжелеріміз қыңқылдап тамақ сұрай берген бізге: "Тарта жесең тай қалады, қоя жесең қой қалады, қоймай жесең нең қалады" — дей келіп, — мен осының бәрін төркініме апарып берер деп пе едіңдер, ертең өздерің жейсің ғой! — дейтін тоқтам айтып, жұбатып жатушы еді. "Госхоз", "совхоздардың" мемлекетке қарыз екенін сезінгенде: өзіне-өзі қалай қарыз болады? — деп, мемлекетті сол баяғы әжеміздей көретін едік. Тіпті сол кезде (кеңестік дәуір) "ауылды қалата теңейміз" дейтін ұран да көтерілген. Ауылда тұратындар үшін де мұздатқыш, телевизор, басқа да толып жатқан осы заманғы тұрмыстық техника қажет, әрине. Бірақ ауылдағылардың қалаша тұрғысы келе ме, қала тұрмысына икемделіп кете ала ма дегенді ескерген ешкім болмады-ау деймін. Содан барып қос қабат, үш қабат бірінің үстіне бірі мінгескен үйлері бар, біріне бірі егіздің сыңарындай ұқсас "ауылдар" да пайда бола бастаған. Қойы маңырап, қозысы жамырап жатпаса, қаңқылдаған қаз-үйрегі, ала таңнан шақырған тауығы, ауылға ғана тән ойыны мен сауығы болмаса, ол қандай ауыл?
Рас, ол баяғы әміршіл әкірең кездің ұраны шығар, бірақ сол кезде де сынға ұшырап жататын. Қала-қала, ауыл-ауыл күйінде қалсын, бірі мал мен жанға жайлы, бірі өсіп-өркендеуге ыңғайлы, бірін бірі жоққа шығармай, толықтырып, алмасып, жалғасып жатуы керек дейтінбіз. Кейін содан да айырылып қала бергенбіз. Қатын-бала қап арқалап қалаға шұбырды, ауыл қаңырап бос қалды. Әсіресе ажарымен алыстан көз тартатын Мәдениет үйлері мен клуб, кітапханалар арса-арсасы шыға иесіз қалып, қабырғасына қозы-лақ секіріп ойнап жүргенін көргенде, "апыр-ай, енді не болар екен, осылай құлдырағаннан құлдырап кері кете бере ме, болмаса қайран ауыл қайта бір бой көтеріп, қазақ қауымының берекелі бесігіне айналар ма екен, дәулеті мен сәулеті бірдей өрлеп, еңсесі биіктеген ауылды бүгінгі біз көре алар ма екенбіз" деп те ойлай беретін едік.
Осы мақаланы жазу барысында көзіме мынадай бір дерек шалынды. Дүниежүзілік сауда Палатасының жыл сайын жарияланып отыратын ОКСФАМ орталығының хабарлауынша мемлекет қамқорлығына алынған, қарауына көшіп, бақылауына мойынұсынған Америка фермерлерінің тұрмыс деңгейі (бұған экономикалық, мәдени саланың бәрі кіреді) өткен жылы 23 пайызға, Еуроодаққа кіретін елдерде 40 пайызға, ал Жапонияда 63 пайызға көтерілген. "Қаздың жұмыртқасын көріп тауықтың таңы айырылған екен" дегендей, оған жетем демей-ақ, Абайша айтқанда "ұқсап бақсақ" теріс болар ма еді?
Бұл жолғы Президент Жолдауында сол гүлдену, гүлдендіру жағының алғашқы нышаны жобаланыпты...
Кейде ауыл тұрмысының құрт төмендеп кетуіне зиялы қауым өкілдері — ақын-жазушы, өнер мен мәдениет қайраткерлерін, ғылым адамдарын да айыптап, солардың үндемей бұғып, енжар күліп жүргенінен де көретіндер бар.
Сөз жоқ жалшыдай жасқаншақ, құлдай қорғаншақ болып бара жатқанымыз рас, біраз үнсіз бұғып отырдық па? Айттық та, айғайға да бастық. Бірақ, сол басында айтқан "баяғы жартас — бір жартас".
Өз басымыз Президенттің алдына бармақ түгілі, алты қадам жақындап көрмеген адамбыз. Алдына бара қалғанда да ішімдегіні бүкпесіз ақтара "былай істесек" деп тұжырымдайтын, нақты ұсыныс білдіре қоюым екіталай.
Бірақ оқта-текте Елбасының алдын көріп, жолыға, тілдесіп жүрген игі жақсы замандастарыммен ұшырасып жүрмін ғой. Солардан: "Президентке не дедіңіз?" — деп сұрасақ, біреуі ананы, біреуі мынаны айтып бұлтарып, бұлыңғырлата бастайды. Ел мүддесі, халық қамына орай айтқан ұсыныс-пікірін айнала үлгі етіп ұсынған бірін көрген емеспіз.
Рас, "ханда қырық кісінің ақылы бар" деп жатады, ендеше Президент өз елінің ішкі-сыртқы жағдайын, ел ішінің хал-ахуалын, мұңы мен мұқтажын бізден артық білетін шығар. Оған дау бар ма, бірақ "қаншама болдым-толдым дейтін ханның да бір салым тұзы жетіспей жатады" — дегендей, "анаусы анадай, мынауы мынадай" деп, шындықты шырылдатып отырып, шымбайына батыра айтқанға Президент шамданбас еді, шамырқана түсер еді деп ойлайсың. Бүгінгі Жолдау, бүгінгі Бағдарлама ертерек қолға алынып, жүзеге асырыла бастаса ел іші мұнша күйзелмес еді деп ойлайсың.
Зиялы қауым, оның ішінде ақын-жазушыны жұрт осы жағынан айыптайтын шығар. Өйткені, "жер бетіне бір сызат түссе — ол ақын жүрегі арқылы өтеді" деген Генрих Гейне сөзін малданып, "өмірдегі жақсылыққа да, жамандыққа да жауаптымын" деп өзіміз де кеп жаздық. Әлі де жазып келеміз.
Бірақ біз, біз демей-ақ қояйын, сол аздаған зерделі топтың біреуі ретінде, ақыл-парасаттан мақұрым қалмаған азамат ретінде, ақын ретінде менің қолымнан не келе қойыпты?
Орыстың ойлылары бір кезде "терістік ауып теріс ағызамыз" деген солақайларға білек біріктіре қарсы тұрып, айтқандарын істетіп, Байкалды қорғап қалған болатын. Бізде ол да жоқ. Уақыт өткізіп барып, "сол кезде мен сой деп едім" дегендей қоқиланып қоятынымыз болмаса, бір нәрсенің соңына түсе, ел-жұртқа бас көтере отырып, ақырына дейін алып барған кіміміз бар?
Бүгінгі Президент Жолдауы, міне, осының төңірегінде ойлауға мәжбүр етеді. Көңілге үміт ұялатады. Үміт қана емес, сенім ұялатады. Сендіреді. Иландырады.
Өйткені біз көптен бері "однако, я сомневаюсьқа" көндігіп алғанбыз. Күдігіміз көп те, күресуге жоқпыз.
Күні ертең тағы да ауылдағы пысықайлар, жұмырлар, жең ұшынан жалғасып алған жемқорлар момын елдің аузындағысын жырып әкетпесіне кім кепілдік бере алады? Ол үшін осы бағдарлама жүзеге аса бастағанша ауыл, аудан, облыс әкімдерінен де құдіреттірек бір күш, қара қылды қақ жарып, бір құдай мен Президенттен басқаға мойын бұрмайтын әділ де әлуетті күш керек сияқты. Менің айтпағым осы ғана.
"Егемен Қазақстан" 12 мамыр, 2002 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі