(Үшарал қаласының Құрметті азаматы Исагұл Жолжанов жайында замандастары профессор Жұмахан Балапанов пен ақын Сәкен ИМАНАСОВТЫҢ сұхбаты)
Сәкен Иманасов, ақын: — Жұмахан аға, "Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын" деген сөз барын білесіз. Сіздің заманы бірге досыңыз, қатар өскен сыйлас та сырлас жолдасыңыз, біз үшін әрдайым аға Исекең, Исағұл Жолжанов осы күндері сексеннің сеңгіріне көтеріліп, сол бір жоталы күнін ауылдастары арасында атап өткелі жатыр екен. Ауыл-аймақ, ағайын-жұрттың біле жүргені артық болмайды, мен өз басым сіздердің осынау арадан қыл етпес дерліктей ұлы достықтарыңызға қызығып та, қызғанып та қарайтын адаммын.
Сонау бір жылдары (онда Алматы — Алакөл арасына күніне неше дүркін самолет ұшып тұратын) кездейсоқ қана бірер рет ұшақ ішінде жолымыз түйісіп, Алакөлге сізбен бірге ұшып барған ем. Самолет қонар-қонбастан сіздің алдыңыздан Исағұл досыңыз, күні кеше арамыздан кеткен аяулы Мұқаметбай Мыңбаев, марқұм Бабақұмар Ыдырышовтар құрақ ұша қарсы алды. Бірі өзінікі, бірі өзгенікі болуы да мүмкін, бәрі де сіздің алдыңыздан автокөлік алып шығыпты. Әрқайсысы өзіне тартып әбігер болды да қалды.
Мен де тұра ұмтылып, ағаларыма сәлем беріп едім. Олар сіздің аяғыңызды тіпті де жерге тигізер емес. Үш-төрт жолдасыңыз алдыңызға тартқан әртүрлі маркалы машиналардың қайсысына мінуді ойлап, аз-кем дағдарып та қалдыңыз-ау деймін, оқшау сырылып қалған маған қарап:
Сәкен, саған көлік келетін бе еді? — деп сұрағаныңыз да есімде.
Келеді, аға, келеді, алаңдамай жүре беріңіз, — дедім мен де.
Менің де "қиыспаспыз" деп жүрген бірер атқамінер жора-жолдасым бар еді. "Қарсы алармыз" дегендері де болған. Ырғалып-жырғалып, қайда қашар дейсің, барармыз деп асықпай шыққандарынша сол болып жатқан шығар дедім де, сіздерден сырылып қала бергенмін.
Сонда да, кейін де сіздердің осынау береке-бірліктеріңізге, татулықтарыңызға, бір-біріңізді жаттай сыйлайтын адал достықтарыңызға бір жыл, екі жыл емес, жарты ғасыр, тіпті одан да көп уақыт бойына біріңізді-біріңіз көтермелеп, сағына іздеп, айтқан сөз, айтулы уәдеге берік күйде келе жатуларыңыздың қандай ғана сыры бар? Исағұл ағаны ортаға ала отырып, осы жайлы азды-кем пікіріңізді тыңдап, ойыңызды бөліссем деп едім.
Жұмахан Балапанов, экономика ғылымының докторы, профессор, Еуроазия Халықаралық академиясы мен Қазақстан ауылшаруашылық академияларының академигі:
Екеуара жазған Исағұл жайлы әнеукүнгі бір мақаламызда шет жағасын білдіре кеткен едім, шынында да Алакөл топырағында жұп жазбай қатар жүрген біраз азамат болдық. Жаңа өзің тізген тізімді әрі қарай жалғастырар болсақ бізден сәл ғана жасы үлкен Ыдырыс Туғанбаев, Көкімсейіт Қасымжанов, осы Исағұл Жолжанов, топырағың торқа болғырлар Сәмет Жұманқұлов, Тоқтабай Қарайғанов, тағы басқа біраз азаматтармен елу жылдай сырлас-мұңдас болып, дәм-тұзымыз жараса қатар жүрген екенбіз. Біздің балаларымыз да, құдай қосқан қосақтарымыз да ағайын-туған, абысын-ажын болып бірге жүріп, біте қайнасып кеткен адамдар. Біздің бәріміз де дүние асты-үстіне шыға төңкерілген сонау жаңа дәуір — Кеңес кезеңінің алғашқы жылдарында дүниеге келдік те, жоқ-жітік, аштық пен жалаңаштықтың дәмін тым ерте татып едік. Алған білімдерміз де ыңғайлас, ұшқан ұямыз бір, мұрат тұтқан арман-үміт ортақ болып еді. Қадірлеп, қастерлеген идеяларымыз да бірыңғай. Қоғам мүддесін өз мүддемізден әрдайым жоғары қойып өстік, солай ержетіп, бір кез, бір мезгілде ат жалын тартып мініп, ел-жұртқа адал қызмет ете бастадық.
Ол бір ар-ожданның әлі де лайлана қоймаған тұнық кезі еді. Тасқа жазып қойғандай айнуға болмайтын адами кодекс бар, содан бұрылмауға, бұра тартпауға тырыстық. Ағайын-жұртқа адалдық, жолдас-жораның көңіліне қарау, отансүйгіштік, парыз, қарыз дегендерді жалау ете көтеріп, бір адамның ала жібін аттамауды мұрат тұтып өскен буыннанбыз. Қазір біз екеуіміз сөз етіп отырған Исағұл Жолжанов Алакөлде 25 жылдан астам уақыт аудандық тұтынушылар одағы сияқты сол кезгі ірі сауда мекемесін басқарды. От-жалынның ортасында, періштені де жолдан тайдырар алтын, күміс ішінде жүрген Исағаң жайлы жұрт аузынан жаман сөз естіп көрген жерің бар ма өзіңнің?
Сәкен Иманасов: Жоқ. Естіген емеспін.
Жұмахан Балапанов: Өйткені ол ең алдымен еліне, халқына, үкіметі мен партиясына қызмет етіп жүргенін естен бір сәт шығармады. Абырой тапса алтынмен, ақшамен емес, адалдықпен, адамдық, кісілікпен ғана табатынына сенді. Өзінің сол берік ұстанған жолынан айнып, ауытқып көрген кісің емес. Айналасына да соны үйретті, өз бала-шағасын да соған тәрбиеледі.
Ақыры айтып қалдық қой, несін жасырайық, ел болған соң не түрлі мінезді, алуан қылықты адамдар кезігуі де заңды құбылыс. Бірақ біз, сол Мұқаметбай, сол Исағұл, сол Жұмахан болып 50-60 жыл бойына:
Көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ,
Қажымас, қайта айнымас қайран тату! —
деп Абай айтқандай, достығымызға дақ түсіріп көрмедік. Бүгін тату, ертең қату, әсіреқызыл айнығыштардан аяғымызды тартып ұстап, аулағырақ жүруге тырыстық. Сол Абай тағы да:
Жаман тату қазады өзіңе ор,
Оған сенсең бір күні боларсың қор.
Ары бар, ұяты бар үлкенге сен,
Өзі зордың болады ығы да зор, —
деген емес пе еді. Сол айтқандай, бірдеңемізді қолма-қол бөліп бермесек те кәрі-жастан жәрдемімізді аямай, қолғабыс, қамқорлығымызды саудасыз қиып, рухани болса да қолдап, қолпаштап, болатын балаға болат тұғыр болуға тырыстық. Исағұл тарапынан ағалық ықылас көрген азаматтар ішінде өзіңде бар шығарсың-ау, солай ма?
Сәкен Иманасов: "Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді" дейді ғой. Осыдан-қырық жыл бұрынғы бір оқиға түсіп отыр есіме.
Әкем екеуіміз саманнан қалап үй сала бастадық та, ол да бір ауы мен бауы біте қоймайтын ұшы-қиырсыз шаруа екен, күн сайын бір нәрсе қат болады да тұрады. Әсіресе, автокөлік жағы қинап бітті. Ондайда Жора-Орынғажы дейтін, сол Исағаңның қарауында істейтін шопыр досым бар, соған күш салатынмын Бір күні сол айтты. "Біздің бастыққа кіріп, мені уақытша болса да сұрап алсаңшы, ол өзі кісі көңілін қалдырмайтын жаны жұмсақ, мейірман адам", деп еді.
Салып ұрып Исекеңе барайын. Бұйымтайым жайлы сабырмен тыңдап алды да, сол "Райпотребсоюздың" автокөлік жағын басқаратын адамды шақырып "Мына Сәкенді білесің ғой" деп бір құптатып алды да, — үй салып жатыр екен. Алыс бір жол-сапарға шығып кетпесе, сұраған кезінде бір күнге ме, бір аптаға ма, тарылмай-ақ ана өз жолдасы Орынғажыны босатып тұрайық", — деп шегелей тапсырды.
Төбем көкке жеткендей болып, танауым делдие әкеме мақтанып келгенім әлі есімде.
Жұмахан Балапанов: Біздің жасымыздағы адам үшін әулетінің күйлі де сыйлы болуынан асқан абырой жоқ. Құдай Исекеңе де ақылды ұл мен қыз берген. Бұл күнде ордалы да қордалы, балалы-базарлы, кейінгі ұрпағы да, құдай көпсінбесін, өсіп-өнген өнегелі әулет. Отағасы үшін одан артық қандай бақыт керек. Үш ұл мен төрт қыздан тараған немерелерінің өзі бұл күнде осы әулеттің өрісін ұзартып, алыс-жақын елмен құда болып, құйрық-бауыр жесіп жатыр, Исекеңе шөберелер сүйгізіп отыр. Бала берекесіз, келін кердең болып бітсе қайтер еді. Құдайға шүкір, бұл жағынан да Исекеңнің тағдырға өкпесі жоқ.
Сәкен Иманасов: Алакөлде Исекеңнің алдына барып ақыл сұрамайтын, кеңесіне құлақ асқысы келмейтін адам, аз. Сонау бір жылдары Қазақстанның халық депутаты болып додаға түскенде ең алдымен ауылға барып Исекеңнің ақылын тыңдап, ақ батасын алғандардың бірі өзіміз едік.
Есіме түсіп отыр, Исекеңнің жақсы көрген адамының өзін ұрмай-соқпай сабасына түсіріп, асығып-аптығу, артық кетіп, асқақ сөйлеуден сақтандыра білетін, ағалық беделімен-ақ тәубесіне түсіретін қасиеті барына тәнті болған адаммын. Өз көңіліңе көбірек орнығып алды ма, таңдайыма тати қалды ма, білмеймін, әйтеуір Досбол жырау айтыпты дейтін:
Хан алдына барғанда,
Хан таппады мінімді.
Би алдына барғанда,
Би қақпады тілімді,
Өз еліме келгенде,
Итке берсін күнімді, —
дейтін өлең жолдарын Алакөлдегі үлкенді-кішілі әрбір басқосуларда жөн-жосықсыз қайталай берсем керек. Соны байқап жүрген Исекең "Сәкен-ау, — деп еді бірде, — үлкеніміз бар, кішіміз бар сені құрақ ұша қарсы алып, жатып жастық, иіліп төсек болып жатамыз. Осы бізге неғылмадың деп өкпелейсің. Келген сайын айтатының жаңағы бір "итке берсін күнімді" деген сөз. Соны қойсаң қайтеді" дегені бар.
Аталы сөзге ақымақ қана дау айтады. Біз оншалық ақылсыздар санатынан емес едік.
Тағы бірде телевизияда қызмет істейтін құрдасым, досым, қазақтың үлкен ақындарының бірі Өтежан Нұрғалиев мен туралы телеочерк түсірткен. Сонда ол: "Кейін монтаждау кезінде көзіңше қиып тастаймыз", — дей отырып, әрі-сәрі әртүрлі сұрақтар қойып мені сөйлете беріп еді. Сөз арасында арамызда жоқ үлкен бір ақынның мәнсапты бір кісінің алдына барып, бес бөлмелі пәтер алғаны жайында да әңгіме болған.
Өтежан сөзінде тұрмай, әлгі очеркті түсірілген қалпында монтаждамай эфирге жібере салыпты. Соны көрген Исағаң өз үйімнің төрінде отырып: "Сәкен, біз ғой сендерді, яғни жазушыларды зиялы қауым өкілдері деп жүрміз. Сөйте тұра әлгіндей келеңсіз әңгімеге жол беріп алатындарың қалай осы? Кімнің қайтіп, қалай, кім арқылы пәтер алғанында жұрттың шаруасы қанша? Соны тәптіштеп айту көрермен үшін қажет деп пе едің?" деп мені тағы да жерге қаратқаны бар.
"Дос жылатып айтады" мен ағаның сол ескертпелерін де әлі ұмытқан жоқпын. Іштей өзім риза бола қабылдағам.
Жұмахан Балапанов: Сәкен, әңгімеміз ұзаққа созылып кеткен жоқ па осы? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — Исекеңе "аман жүре беріңіз, абыройлы азамат" деу емес пе еді? Осымен тұжырымдай тұрсақ қайтеді?
Сәкен Иманасов: Сөйтейік ендеше.
"Жетісу" газеті, тамыз, 2001 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі