Қазақ десең өзіңе тиеді, солай екен деп ойдағыңды айтпай тағы тұра алмайсың. Түйедейіңді түймедей етуге, ал кейде пілдей дүниеңді тілдей етуге келгенде де, күдеріңді күлімсіге айналдырып күлкіңнің өзінен күдік іздеп ит әуреге түсуге келгенде де алдына жан салмайтын-ақ халықпыз, қайтерсің! Әйтпесе күні кешегі Алматы облысының орталығын Талдықорған қаласына көшіру жайындағы Президент Жарлығына орай "Жетісу" газетінің арнайы тапсырмасымен жазылып, сол күнгі санында жарияланған менің бес-алты ауыз өлеңімнің өңін айналдыра, сөз арасынан астар іздеп: "Ойбай, ақын Сәкен қыстығып әрең шыдап жүр екен-ау! Қалпағын аспанға ата қуаныпты ғой!" — деп сан-саққа жүгірте, алып қашып — ала жөнелер ме еді жұрт?! Сол бір әлдеқандай дуасыз ауыздан шыққан сөздің қайта жаңғыра өзіме жететінін де қайдан білсін олар. "Шіркінде ес болсайшы сезеді деген" — дейсің сен де еріксіз. Абай сөзін еске алып.
Әрине, ол сөз айнала ысылдай ысқырған, айбат шеге анталаған әб-жыландар тілінен емес, ағайын-жұрттың өз аузынан шығып еді. Естімеген, елемеген сынай танытып жүре беруге де болар еді, бірақ Елбасының ұйғарымын елмен бірге құптамауға, жұртпен жарыса қуанбауға менің қандай қақым бар? Ол мемлекет қызметінде жүрген маған тіпті де жараса қоймасын екінің бірі пайымдамас па.
Бірақ сол сөздегі қаңқудың арғы жағында да, астар жағында да улы тілін — адал тәніңе дарыта сұғып алғысы келген арандату сияқты әдет сол баяғы қарын ашырар қазақы қылық қылаң беріп қалады. Соны білгендіктен де парасат тәртесі қысқалау, әлдене үйкүшік пенделердің делебесін қоздырмау үшін, саналы көптің жүйкесін бекерге тоздырмау үшін алдын ала сақтандыру ыңғайында бірер сөз айтқым келіп еді менің.
Бұл жолғы көші-қон жайы да, әлдекімдер айтып жүргендей, біреудің тойып секірген шолжаңынан емес, көп көңілінің қалауын тапқан, арғы-бергіні кеңінен тұтас ойластыра қараған Президент болжамынан туып отыр деп ойлаймын.
Бала кезден құлағымызға сіңісті бір сөз бар, егде тартқан адамдар жатса-тұрса: "А, құдай, өзің сақта! Елге тыныштық бере гөр!" — десіп жатушы еді. Сол сияқты, ұдайы ғана ел бірлігін, жұрттың айрандай ұйыған тірлігін ойлаған Елбасы да Талдықорғанда сөйлеген сөзінде бөрімізді баяғы береке мен бірауыздылыққа, тәлім мен тәртіпке шақырды емес пе. Қашан болсын елдің ырысы мен ынтымағын сақтауды мүдде тұтып, әрдайым соған ықпал ете отырып, өзі сол биікте қала беретінін қайыра қадап айтты ғой. Ойдан-қырдан басымызды қосқан құдайға мың да бір шүкір, адам үйді-үйге сыймағанымен, ел елге сияды, сығылысып, сыйысып, сыйлас тірлік кешейік деген жоқ па еді.
Ендеше аждаһаның аузына, арыстанның жолына бара жатқан ешкім жоқ. Күні кеше ел ордасын ауыстырып, Алматыдан Астанаға көшкеніміз сияқты, жаңа жұртқа ауысып, қоныс қана жаңғыртып жатырмыз. Бұл жайлы облыс әкімі Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділов те көші-қон төңірегінде игі болған бірнеше дүркіңгі мәжілісте әсіресе шегелеп ескеріпті. Дүрлікпей, дүрлігіспей күнделікті, қалыпты істерді бір сәтке де кідіртіп тежемей ілгерілей беру керектігін түп қазық етіп ұсынды: Әлдеқашанғы әлдебір жөні де, жосығы да бөлек бөгде адамдар тарапынан кеткен келеңсіз қылық, қылт еткен кемістік-кемшілік үшін облыстың бүгінгі басшысын кінәлау, сыртынан кесек атып қалғысы келіп, жең ішінен жұдырық түюдің де ретсіз екенін ескертті. Теледидар экрандарынан да, әртүрлі газеттер бетінен де артық-кем кеткен бұрынғы ағаттыққа өзінің ешқандай қатысы жоғын қадап айтып жатты.
Адамға ортағы бақ емес, адамға ортағы — ақыл мен ес. Біреуден біреу озса, бір елден бір ел озса — малымен де, бағымен де емес, ақылымен, арымен озады. Өзді-өзінің тағына мастанып, бағына семірген елде ешқандай береке де, бедел де болмақ емес, болмайды да. Ері елімен ақылдасса, елі еріне риясыз, қапысыз сенсе ғана ұлтына бөлмей, руына ыдыратпай, ұялы тамыр, ұраны бір ағайын едік деп қай қашан бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғанда мақсат мүдде үдесінен табылып, биік мұраттарға иек артатын боламыз. Менің күн сайын естіп, ұдайы аңғарып жүргенім бойынша облыс әкімі дәл осы бағытты үнемі бағдаршамдай бетке ұстап келеді. Ұлтшылдық өртіне ұрынбай, рушылдық дертіне бұрылмай, қара қылды қақ жармаса да, қапыда болар қиянатқа жол бермей келген басшы ғана өз ұлтының баласы ғана емес, бірегей панасы, біртуар данасы болып қала бермек Ел тізгінін өз қолына ұстаған адамды бұрынғылар аспандағы күнге балаған күн біреуге сәулесін біреуге әуресін түсірмейді, шашатын нұры да, торлайтын көлеңкесінде бәріне ортақ болады. Ел басқарған ондай адамның айналасына дегенде аузынан ақыл, көзінен мейір төгіліп тұрмаса өзгені қойып ет жақын ағайынының өзі жат бауыр болып суысып, әп-сәтте одан сырт айнала салуы да оп-оңай, өйткені бүгінгі уақыт, қазіргідей заманда сол мейір мен мейірім, кісіге деген қайырым теңіз суындай темен тартылып бара жатқаны да жасырын сыр емес. Соны тоқтатудың, алдын алудың жалғыз жолы тағы да бірлік, тағы да татулық. Ырыс алды — бірлік бірліктен мәнді-маңызды, берекелі тірлік туады. Ынтымақ бар жерде — ырыс та бары ақиқат. Жоқ жерден ілік іздеп алакөңіл, алакөз болғанды тоқтатып, қолындағы барына ғана емес, кеудеңдегі ұятың мен арыңа сүйенгенде ғана барқадар табарың, болашаққа ел болып аман барарың белгілі.
Әрине, ел іші болған соң ұрысы мен қарысы, ұр да жығы, ұраншылы, қулары мен сұмдары да кезікпей тұрмайды. Жұртпен бірге сығылыса кимелеп келіп, қолайлы сәтіне орай сыналай кіріп алып, сылқия тойып болған соң сыртын беріп аңыс аңдитын, қапы кетсең қауып қалуға әзір айласы көп, аярлығы басым мысық тілеулілер де жоқ емес. Тіпті басқасын былай қойғанда түлкі құйрық, қасқыр көмей жылмақайлар, пайдакүнем жәдігөйлер, өсек құмар өресіздер аз ба екен. Оларға келіп екіжүзділік пен күншілдік, мәнсапқорлық пен іштарлық қосылса, солар сыбайлас қылмысқа жетекші болып, жең ұшынан жалғасып, жол көрсету арқылы ел ішіне іріткі салып бітпей ме?! Ел басқарып отырған адамның арына дақ түсіріп, кеудесін жыртатын қыр тікенек те сондайлардан шығады. Ел іші бүлініп, алауыздық етек ала бастаған сайын олардың да есебі түгелдене түседі. Олардың әмісе күні шуақты, қонысы суатты келетіні де содан. Саяқ жүргенді санға қоспауға тырысып, ала қойды бөле қырқуға құмартатындар да солар. Содан барып ақылгөйлер, ат үстінен билік айтқыштар, берерге келгенде безерлер, борышы жоқ кепілдер, жоғы түгел куәлер көбейіп, білдірмей келіп, бүйі боп шағып жатады. Басшының беделін былғау арқылы өз ұпайларын түгендеп алатындар да сол қатардан табылады.
Міне, солардың бұлан құйрық қарекеті, құйтырқы тілі, түбі қылмыс тірлігінің аяғы таусылып бітпес қуыс-кеуек дауға апарып соғады да, біразға болса да берекеңді кетіріп бітеді. Қарап жүрмей есіңнен айырып, есеңнен қағып, елдігіңнің ажыратып кететін де солар. Қазақ оны "қыздырманың қызыл тілі" деп бекер айтпаған. "Жарасыз ер, шарасыз ел болмайды" дегенді де айтқан сол қазақ.
Айтпай кеткеніміз арға жүк, дәл осы сыбайлас қылмыскерліктің бір ұшы барып рушылдыққа да тірелетіні ақиқат.
Сондай ұсақ пиғылдағы пенделер алдыға түсіп алады да, ел басқарып отырған азамат атына кір келтіріп алармыз-ау дегенді ескеріп жатпайды. Өресі тар, өрісі кем әңгілер қайырдың бәрі ағайыннан, қайырымның бәрі туысқаннан ғана болады деп ойлайды. Туыспасаңда қимасың, туғаннан бетер қиыспасың болатынын, опалы дүниенің өзі де ең алдымен солардың өзара татулығында.жататынын қаперіне де алғысы келмейтін қанпезерлер қаншама. Соларды көргенде: "Қу басынды күйттей берме, құба түзде төрің бір, құба белде елің бір ағайының бар, жабықтан күнің жарқырап, жайылған суың сарқырап тұру үшін де сол бір ел іргесінің дәйім ғана беріктігі, татулығы керек!" — деп жар салғым келіп тұрады менің. Өйткені "Жауласқанды жау алады, бөлінгенді бөрі алады", — деп ескерткен де сол баяғы атам қазақ еді ғой.
Сонымен, етек-жеңінің бүтінделуі біразға дейін созылар салқар бір көш басталып кетті. Қоныс аударып, жұрт жаңартпақпыз. Жаңа жұрттың отты-сулы болуы бәрімізге де тікелей байланысты. "Сен келдің, мен бердім" деген келеңсіз мінез-құлық бой көрсетпеуі үшін де, қайталап айтам, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, ала қойды бөле қырықпайтындығын әрдайым өз ісімен де, сөзімен де дәлелдеп келе жатқан көш басшысының қабағына қарауымыз ләзім.
Жалпақ жатқан Жетісудың аралайын қай ауылын,
Бәрі менің бауырларым, бәрі менің аяулым, —
деген едім бір өлеңімде. Сол аяулы ағайын ретінде әртүрлі іске кесірі тиер әңгімені біржола күресінге ысырып тастап, көсем салып көш бастатқан азаматқа бұл тірлігінің де баянды болуын тілейік. "Ағайын жұртың мол болса — ұлы шеру қолмен тең, алдыңғы басшың оң болса — сайрап жатқан жолмен тең", — деген сөз бар, ендеше, көштің баянды болуын тілеп қана қоймай, көш басшысының қасынан табылып, бірлесе қызмет етуге тырысайық бәріміз.
Тату тірлік, тыныштық керек, ағайын!
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі