Өткен апта басында Жазушылар одағының қызметкерлердің бірі телефон шалып, Алматы облысының жаңадан тағайындалған әкімі Серік Үмбетов мырзаның Жетісу өңірінде туып-өскен бір топ қарымды қаламгерлерді арнайы қабылдауға шақырып отырғанын, солардың ішінде менің де барымды айтып, сейсенбі күні ертелетіп жүріп кетуге тиіс екенімізді ескерткен.
Серік Үмбетовтің атына да, затына да бұрыннан қанықпын. Азды-кем таныс-білістігіміз де бар, оның үстіне, ел құлағы елу, Жамбыл облысын басқарып отырған жылдары сол өңірдің ақындары мен жазушыларына жасаған қамқорлығы, шынайы талант иелерінің жекелеген шығармаларының басылып шығуына қол үшін бергені, қаламы қауқарлы бірқатар одақ мүшелеріне арнайы сыйлық тағайындағанынан да хабардар болатынбыз. Сондай-ақ оның мәдениеттің әртүрлі салаларына, ауыл спортын көтеруге айрықша көңіл бөлетіні жайында да естіп-біліп жүргенбіз. Ел басқарып отырған азаматтың сол игілікті іс-әрекетіне сыртта жүріп біз де сүйсінетінбіз.
Енді, міне, сол Серік Үмбетов арнайы ат жіберіп алдырып отырса, біздің тақымымыз қышымай қайтсін. Көне бір батырлар жырларында:
Қабанбай сауын айтты дегеннен соң
Тоқпақтан келген екен ер Қасабай, —
дейтін жолдар болушы еді, сол айтқандай, оның үстіне өзіміз аудан әкімі атаулының алдына еміне барып көрмеген басымыз, кейбір облыс деңгейінде ел билеп, жұрт шүйлеп жүрген азаматтардың әлдебір жеңіл-желпі бұйымтаймен алдына бара қалған ақын-жазушыларды ауыз үйінде сағаттар бойы сарғайтып отырғызып қояды екен дегенді де естіп, "апыр-ай, ә!" десіп, бас шайқайтынымыз болатын.
Сонымен айтылған күні құлан иек таңнан тұрып, айтылған сағатыңда уағдалы жерге жеттік. Бізді бастап шыққалы тұрған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, Талдықорғаннан бізді әдейілеп алып жүруге келген облыстық тіл басқармасының бастығы, ақын ініміз Ахмет Кендірбекұлына қосылып жедел жүріп кеткенбіз. Өз көлігімен шыққандар бар, әкім жіберген арнайы көлікке мінгескендеріміз бар, әртүрлі әңгімемен отырып, облыс әкімшілігі ғимаратының алдына табан тірегенімізді байқамай да қалғанбыз.
Құрамында алыс-жақын ағайынға аты мәлім, атақ-абыройдан да құралақан болып көрмеген Тұманбай Молдағалиев, Саин Мұратбеков, Марфуға Айтхожа, Қастек Балабай, осыны жазып отырған пақырыңыз, Бек Тоғысбаев, Бексұлтан Нұржеке, Баққожа Мұқай, ұйғырдың әйдік жазушылары Шайым Шанаев пен Ахметжан Әшіров, тағы басқа біраз саңылақтар бар топты облыс әкімі көп күттірмей қабылдады.
Әкімнің өзі сияқты біздің бәріміз де бұл жақтың ұңғыл-шұңғылын, экономикасы мен мәдениетін бір кісідей білетіндіктерімізден де болар, ол аса бір көсіле қазбалап жатпай, Жетісу жерінің бүгіні мен ертеңі жайлы қысқаша айтып келді де, әдейі басымызды қосып отырған кездесудің мәнің түсіндіріп, негізінен бізді тыңдағысы келетінін аңғартты.
Әңгімені Жазушылар одағының басшысы Нұрлан Оразалин бастап, қазақ жазушыларының қазіргі хал-ахуалынан хабардар етті де, алда келе жатқан Президент сайлауы алдында бұрынғыдан да берік бірауыздылық керегіне, сол бағытта жазушылар ұйымы да ұжымдаса отырып, ортақ мүддеге орай бірқатар істің басын қайырып отырғанын айтты. Бүгінгі кездесу де соның бір көрінісі дегенді білдірді.
Жоғарыда аттары аталғандардан да басқа бұл сапарға арнайы шақырылған Смағүл Елубай, Оразақын Асқар, Несіп Жүнісбайұлы, Жұмабай Шаштайұлы, Ырым Кененбаев, Қайрат Әлімбек, Шаймерген Әлдибеков, қысқасы кездесуге қатысқандардың барлығы дерлік сөйлеп, бүкпесіз ойларын ортаға салды. Бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. Айтсақ деген, айтылуға тиісті сөзімізді ірікпей, іркілмей түгел ақтардық-ау деймін. Осынау риясыз ашық әңгіменің өзі соған бәрімізді де жетелей түскендей болды.
Ішіміздегі жасы үлкеніміз — ардагер Сейдәлім Тәнекеев еді, ол кісі де әдеттегі кісілікті кішіпейілділікке бағып, біраз қомақты ойдың басын қайырды. Осынау басқосу сияқты игі дәстүрдің бастала бере тұйықталып қалмай, алдағы уақытта облыс, аудан орталықтарыңда нәтижелі жалғасын тауып отырса деген тұрғыдағы тілегін білдірді.
Сондай-ақ осы кездесуге арнайы шақырылған Талдықорғандық қаламгерлер — ақын Әбен Дәуренбеков, Әли Ысқабай, Тұрсын Әбдуәлиевтер де өз лебіздерін білдіріп жатты.
Екі үш сағатқа созылған әсерлі әңгімені тұжырымдай келіп, Серік Үмбетов облыс орталығында Жазушылар одағының бөлімшесі ашыла қалса, үй-жай, дүние-мүлік жағынан қарайласатынын, сондай-ақ өз қолындағы билік деңгейінде талант-дарынын ел әбден танып болған, қазір қоғамдық қызметтен еріксіз қол үзіп қалған бір топ қаламгерге азды-көпті арнайы стипендия тағайындайтынын, жыл сайын үш жазушының үздік шығармаларын басып шығаруға қаржылай көмек көрсететін айтты. Мұндай шынайы пейіл, шын ықыласқа өз тарапымыздан біз де алғыс айтып тарастық.
Қайтар жолдағы әңгімеміздің негізгі арқауы осы кездесу жайында болды. Серік Үмбетов бізден мадақ күтіп, мақтау естиін деп шақырмаған болар, осы өңірдің сөз ұстар азаматтары болғандықтан орынды пікір, оқшау ой күткен болар дегенге тоқайластық. Көргенді азаматқа тән көшелі істердің бір көрінісі де осы-ау деп түйдік бәріміз.
Мына бір топ шағын мақалалар "Парасат " журналының тапсырмасымен жазылып, жарияланып еді. Осы кітапқа қосуды жөн көрген жайым бар.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі