Бір шығарма төңірегіндегі дау-дамай
Жақында бір жіберіп ем ысқырып,
Өлең шықты, бастырдым мен қол қоймай,
Қол қоймастан мақаласын қыстырып,
Журнал қуы сол өлеңге салды ойбай! —
деп басталатын А.С.Пушкиннің Қасым Аманжолов аударған бір шағын өлеңі болушы еді. Сол айтқандай, "Парасат" журналының жарты жылға созылған сандарында (2001 жылдың қарашасынан 2002 жылдың мамырына дейін) менің "Күнделіктің кейбір беттері немесе облыс әкімшілігіңде өткен он сегіз ай" аталатын жазбаларымның алғашқы беттері жариялана бастауы мұң екен, біреуі "ойбайлап", біреуі "байбайлап", әйтеуір аттанға айқай қосып әдеттенген біраз жұрттың құдайы беріп-ақ қалды. Бәрінен де бұрын жанға бататыны — бұл айтақты қаймана қазақтың бірі емес, қадірі артық қаламдас інім Дулат Исабековтің бастап жіберуі болды. Осындайда Мәди Бәпиұлының:
...Дұшпанның сүңгі найза сұққанынан,
Туыстың саусағымен түрткені ауыр! —
дейтін сөзі еріксіз еске оралады екен. Қатар жүрген қаламдастың сол "түртпегін" ауырсына отырып, біз де мына бір хатты жазуға мәжбүр болғанбыз.
Құрметті Дулат, сен сөз жоқ қазақтың ойы ұшқыр, қиялы сергек, қаламы жүрдек жазушыларының бірісің. Менің де қаражаяу көптің бірі емес екеніме күмәнің бола қоймас деп ойлаймын. Сен екеуміздің дос бола бекіп кетіскен, қас бола кетіп шекіскен жеріміз жоқ, сирек ұшырасулар кезінде өтірік өліп-өшіп, жік-жапар болып жатпастан сыпайы қол алысып, хал-ахуал сұрасудан әріге ұзай қойған аралас-құраластығымыз да болған емес. Қысқасы, бір-біріміздің қадір-қауқарымызды сырттай ғана шамалап, сол таза ғана әріптестік тұрғысындағы сыпайы дипломатиялық қатынаста келе жатқан кісілер едік қой.
Сен, Дулат, бірақ сол сыпайы қатынастың өзіне болар-болмас сызат түсіріп, түнеу күнгі "Ана тілі" газетіндегі (наурыздың 22-сі, 2002 ж) "Жоқ-барды, ертегіні термек үшін..." деп ат қойып, айдар таққан "әйгілі" мақалаңда бірер көрнекті қазақ қаламгерлеріне қосақтай мені де іліп-қағып, иығыңмен қаттырақ сүйкеп өтіпсің. Ол мақаланың қаншасы есептен, қаншасы өсектен тұратынын айырып жатудың мүмкіндігі жоқ, тек бір ғана аңғарғаным, бұл сенің аузыңнан шыға қояр сөз емес екендігі еді.
Дәл сол сенің мақалаң жарық көрген наурыз мерекесі кезінде мен өзімнің туған ауылымда жүр едім. Туған жерін беймарал ғана аралап жүрген адамның күнделікті газеттерге үңіле отыруға құлқы да, уақыты да бола бермейтінін өзің де ешкімнен кем білмессің. Аудандық деңгейдегі үлкен лауазымды бір азамат оқыған екен, қыбы қана күлімдей отырып: "Біздің батып айта алмай жүрген сөзіміз еді, реніш-өкпеміз де бар, соның бәрін Дулат оқсата жеткізіпті, міне!" — деп әлгі газетті алдыма тартты.
Сөзінің арғы астарында: "Өзіңізге де со керек, сыбағаңды алдың ба, бәлем!" — деген сарындағы мұқату ма, табалау ма, әйтеуір мысқыл аралас бір нәрсенің жатқанын сездім. Сөз таластыра қоймадым. "Кейін оқырман", — деп, ол ұсынған газетке де қол созбаған күйі кете берген едім.
Алматыға оралған соң да, жоқ дегенге бір кебісті бір кебіске кигізіп отыратын қазақтардың шабымнан түрткісі келіп: "Дулаттың сенде несі бар шүйлігіп!" — дегендері де болды. Арандатуға алдана қоймаған да едім. Оның үстіне көп ұзамай сол сен тілге тиек еткен "Күнделіктің кейбір беттері немесе облыс әкімшілігінде өткен он сегіз ай" аталатын хикаяларды жариялап келе жатқан "Парасат" журналының Бас редакторы, қазақтың өзің сынды ойшыл ұлдарының бірі Баққожа Мұқан арнайы әңгіме қозғап, жауап бергендей болды да, "сөзіңді біреу сөйлеп жатса аузың қышып бара ма", — дегенді ескеріп, ұмыта бастағандай едім. Оның үстіне бір-біріне қарсы мақала жазып, қарымта қайтарып жататын қаламдастар қылығын жарата қоймайтыным бар, өнбес дауды қуа беріп керегі не дегендей, біржолы жылы жауап тастағым келген.
Бірақ осы жуырда өзің сияқты сыртынан сыйласып жүретін ақын інілеріміздің бірі Серік Тұрғынбеков жолығып қалып, Исраил Сапарбайдың көзінше:
— Сәкен аға, сізге қарсы мақала жазайын деп жүр едім, Дулат алдымды орап кеткені, қазақтың көзге түсіп жүрген сирек қыздарының бірі Жібекке неге сонша шүйліктіңіз! — деп жоқ жерден тосын сұрақ қойғаны.
Серікке не дегенім есімде жоқ. Жауап беріп жатуға ықылас-құлқым да бола қоймады ғой деймін. Бірақ осындай алып-қашпа әңгіме тек обывательдер емес, жаман-жақсы ел көзіне түсіп жүрген кісілердің аузынан естіле бастаған соң, Дулат, саған қарата бірер ауыз сөз айтқым келді.
Ең алдымен сен менің бұл күнделіктерімнің "Жазушы" баспасынан тұтас кітап болып жарық көрген толық нұсқасын оқымаған екенсің. Журналдағы бастапқы жағын шолып шығып, "әй, жобасы осы болар" деп төтелеп тарта бергенсің. Әйтпесе: "Сәкен ағамның... "...он сегіз" айы мені екіұдай ойға тіреді. Әкімшілік аппаратындағы ежелден келе жатқан бюрократия, жағымпаздық, өз пікірінің болмауы, т.с.с. қалыптасқан атмосфераны сол аппаратта жұмыс істемеген адам да біледі немесе шамалайды. Елді ілгері жетелеудің орнына кері кетіріп келе жатқан да осы індет — бюрократия мен жағымпаздық. Бірақ бұл естеліктегі оқиғалар тым, ұсақ, кейінгілері үлкен ауқымда әңгіме қозғауға олқылық ететін, қоғам мен мемлекет құрылысына қозғаушы күш бола алмайтын екінші, үшінші пландағы жай ғана шенеуніктер. Ондағы қақтығыс та, реніш те күнделікті күйбең тіршілік ауқымынан аса алмапты" деген сөзді жазбас па едім, кім білсін.
Өйткені сол кітаптың алғы сөзінде мен өзім: "Бұрын не жазсам да жорғалай жөнелетін қаламым біреу зорлағандай жер бауырлап жатып алып, тұсаулы аттай кібіртіктеп, кей тұста тіпті табандап тұрып алып та сілікпемді шығарған. Тақырыбымның ауқым-аясының тарлығы, кейіпкерлерімнің өте ұсақтығы да діңкемді құрта әсер еткен болар деп түйдім", — дей келіп, бұл күнделікті жариялауға себеп болған жағдаятқа кеңінен тоқталып өтіп ем. Кітап аяқталар тұста бұл жағына қайта оралып соғып: "Бұл хикаятта менен біреу әдейілеп: "Кімнен қорлық, кімнен зорлық көрдің!" деп сұрағандай-ақ, өзімнің әлдекімдермен ұғыса алмаған, шығыса, жұғыса алмағаным жайында жазуын жазып алып, апыр-ай, бүркіт қартайса тышқан аулайдының кебін киіп, тым ұсақтап, елдің бәрі біле беруі міндет емес көр-жерді тізіп кеткен жоқпын ба деп те ойлаған едім", — деп те жазыппын. Дулат, сен сол өз сөзімді өзіме мін ете отырып, сол төңіректі ғана айналып өтіпсің. Көркем шығарма емес, күнделікті қағазға түскен дерек пен сол тұрғыдағы байбалам ғана екен ғой деп қарамағансың.
Кітаптың соңын: "Іштеріңде жүрген соң, өзім көріп, көзім жеткен соң барып, біреуді сақтандырар, біреуге сабақ болар, жастардың адам тануына, айналасына байсалды байыппен қарауына септігін тигізер деп әдейі әңгімелеп бердім. Әйтеуір, айтудың жөні осы екен деп, бет алды лағып біреуге жала жаппадым, күйе жақпадым. Арына, намысына тиіп кетпеу жағын да ойлап, қолым да, тілім де қыши тұра тартына бердім, өзімді барынша тежеп ұстауға тырыстым. Қара бояуы қалың сияқтанып көрінсе, оған да мен кінәлі емеспін...", — деп бітіріп едім.
Автордың өзіне өзі сын көзбен қарай алатынына, артық-кем айтқан тұсын айыптай алар ақылы барына осы да дәлел бола алмас па еді? Бұған келіп орынсыз килігіп, делдал бола кетудің жөні де, жосығы да жоқ сияқтанады да тұрады маған.
Жаңағы Серік Тұрғынбековтің мені кінәлап: "Жібекке бекер тиіскенсіз", — деген айыптау сөзіне де осы кітаптың 101-бетіндегі мына үзіндімен жауап бере кетер едім. "Жібек Әмірханованы мен мұнда қызметке келместен бұрын атүсті ғана болса да әжептәуір танитын едім. Жолыға қалғанда, әртүрлі жиын-тойларда ұшырса қалғанда бір-бірімізбен әдептен озбай амандасып, жылы күліп қоштасып жүретінбіз. "Сырт көз — сыншы" демей ме, білетіндердің айтуы бойынша, өз орнына әбден лайықты, оқығаны да, біршама тоқыған да бар әйел ретінде танылған. Қара жаяу көптің бірі емес екенін осында келгелі өзім де аңғарып, байқай бастаған едім. Әзіл-оспаққа да жүйрік, оқыстан тауып айтып тастайтын тапқырлығы да, бір басына жетерлік шешендігі де бары байқалған...
Бірақ қайткенде де шенеуніктің шекпенін ерте киген әйел, тістене қатып қалған, өміріне өзек етіп ұстанған ерже-шарты бар, бойға сіңіре үйренген әдет, дағдыланған мінезі бар. Тартқаны да, тапқаны да сол, көзін ашып көргені, аузын ашып сүйгені де сол. Сол мінезге сүйеніп карьера жасады, соның арқасында ел аузына ілікті.
Көп шенеунікке тән қаракеттен ол да ұзап кете қойған жоқ. Лауазымы жоғарыға иіліп, дәреже-мансабы төменге шүйіліп үйренген. Тік сөйлейтін, тура мінезді адамға тіксіне қарайды".
Менің Жібекке берген мінездемемнің бар-жоғы осы сарындас. Қалғанының бәрі оның күнделікті қызмет үстіндегі шәлкем-шалыс іс-әрекетіне арналған. Оған бола байбалам салам деудің өзі де артық әурешілік.
Дулат, сен Әкім Таразиға қарата айтқан сөзінде: "Не жазу керек, қалай жазу керек деп мен сізге ақыл айтудан аулақпын", — депсің. Қалай жазу керегін айтпасаң да, қалай жазбау керегін айтып жіберіпсің. Әлемдік тәжірибеден азды-кем біздің де хабарымыз бар. Теңге тиыннан, жиһаз бұйымнан құралатыны сияқты, кез келген "қомақты, биік мақсаттардың" өзі ірілі-уақты оқиғадан жинала келіп, бірте-бірте шоқтығына түсіп, кесектен кесекке айналатынын білуші едік.
Сен, Дулат, әдебиет ісіне де, әлеумет ісіне де бір кісідей белсене араласып жүрген азаматсың. Өзің "Қырық шақты мақала жаздым" депсің ғой, кім санапты оныңды, бірақ соның біразын мен де оқып, кейбір "айттым-бітті, кестім-үзілді" дерлік келте тұжырымдарың болмаса, кесіп айтқан, келістіріп айтқан, онды айтқан тұстарыңа ұдайы сүйсініп жүретінім бар еді.
Көп оқитының, сезген-түйгеніңнің молдығы да білініп тұрады. Бірақ солай екен деп алды-артыңда жүрген әріптестеріңнің бәріне ақыл үйрете беріп қайтесің. Бірауық мен білгенді солар да біледі-ау, мен оқығанды солар да оқып жүрген шығар-ау деп қойсаң теріс болмас еді. Әйтпесе, сенің тіліңді аламыз деп бәріміз де қалам ұстауды қойып, бір ғана сенің аузыңа қарап отыра беруіміз де мүмкін ғой.
Мен бұл жерде "сыналып қалдым, мұқалып, жұқарып қалдым" деп, соның бәрі бетіме шіркеу болар-ау деп отырған жоқпын. Бірақ күн қанша биік болғанмен де кей-кейде оның бетін шүйкедей ғана бұлт жауып, көйлегейлеп алмай ма, сол сияқты, сен сияқты ойы биік азаматтың, азамат болғанда да анау-мынау емес, әйгілі жазушының жаңсақтау айтып қалған бір сөзінің өзін үстірт түсініп, өресі жетпесе де іліп алып, өз ыңғайына қарай бұрып алып, сан-саққа жүгіртіп әкететіндер аз ба? Солардың қолтығына су бүркіп, өзің сынды жаны аяулы жақсыға шәуілдетіп, шабалаңдатып, шабуылдатып қайте қояйын деп едің. Кісіні "нені жаздың" деп емес, "қалай жаздың" деп сынамаушы ма еді, сынаса.
Сен, Дулат, жақсы жазып жүрсің ғой, қайталап айтам, алдыңнан жарылқасын. Тек қана ұдайы ғана "мен білемге" салынбай, өзге де бір ойлы ағайын бар-ау дегенді ескере жүрші, құдай үшін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, сен мақалаңды Абай сөзімен бастаған екенсің, біз де о кісіні үзіп-жұлып оқып жүретінімізді білдіріп:
Демеймін жұрт мақтасын,
Я жақсын, я жақпасын.
Сүйтсе де мұндай сыншыдан
Құдайым бізді сақтасын! —
деген Абай-Крылов мысалының бір шумағымен аяқтағымыз келеді.
Сәлеммен, Сәкен Иманасов. 2002 жылдың сәуірі.
Осы хат оп-оңай жазылғанымен, жариялануы қиынға түсті. Сәуір айының соңғы күндерінде қағазға түсті де, не жазсақ та өзіміздің төл газетіміз ғой деп "Қазақ әдебиетіне" қарай ала жүгіретін баяғы әдет бойынша еңкен қағып, ентіге жеткенім бар болсын, бозбала шағынан білетін жақсы сый лас ақын інім — жаңа Бас редактор — тақырыбына қарай салып, от басып алғандай шар ете қалған. "Ойбай, қойыңыз, өзім жаңа келіп, жаңаша тәртіп орнатқалы жатқан адаммын, оның үстіне дау-шардан аулақ жүруге тырыс деп басшылардың қадай айтқан тапсырмасы да бар!" — деп шәт-шәлекейі шықты.
— Оу, әуелі өзің озып шығып, үкіміңді содан соң айтпаушы ма едің! — деген сөзіме де айылын жия қоймады.
"Е, мейлі" деп ойладым. "Әлеулайым болмаса, хәлеулайым бар ғой, құдайға шүкір, бұл күнде не көп, газет көп, сөйтсе де Дулаттың мақаласын басқан өздері еді ғой, менің сөзімнен де ат тонын ала қаша қоймас" деген ниетпен "Ана тілі" газеті Бас редакторының орынбасары, жазушы Қуаныш Жиенбай ініме апарып бердім. "О, бізге мұндай материал өте қат, бұл жолғы емес, келесі нөмірге міндетті түрде саламыз, аға", — деп алып қалды. "Е, бәсе!" — деп мәз бола күлімдеп мен кеттім.
Амал не, Қуаныш та айтқан сөзінде тұра алмады. Бір рет "анау" деді, екінші рет "мынау" деді, тағы бір хабарласқанымда: "Бас редактор оқып жатыр еді, мен өзім хабарласайын сізге", — деп сиырқұймышақтатты. Құдай-ау, екі-үш бет қағазды оқып шығу үшін де осыншама сөзбұйдаға салу несіне қажет болды екен?" деген күдігім іште кептеліп қала берді де, Қуаныш інім қайтып маған хабарласпағасын: "Е, е, сенген қойым сен болсаң..." дедім де, мен де оны әрі қарай мазалай беруді доғардым.
Қасым Аманжоловтың:
"Күншілдердің күні қараң! —
дейді біздің Әлжаппар,
Соны айтқанда бұлан-талан
болуында бір гәп бар!" —
дейтін эпиграммасы болушы еді, осылардың безек қағуында да мен сезе қоймаған бір гәп болып жүрмесін деген күдік те қылаң беріп қала берген.
Ақыры қойшы, Алматы облыстық "Жетісу" газеті Бас редакторының орынбасары Әміре Әрінмен сұхбат өткіздім де, ол әңгіме сол газеттің 30 наурызындағы санында жария-ланды. Ұзын-ырғасы төмендегідей:
"Бетің қисық болса — айнаға өкпелеме!" — дейді ақын Сәкен Иманасов.
Сәкен Иманасов: Өздерің жақсы білесіңдер, мен осы өңірде туып-өсіп, туған жердің кешегісі мен бүгінгісіне бір перзенттей-ақ араласып келе жатқан адаммын. Аудандық комсомол комитетінде, аудандық, облыстық, республикалық газеттер редакцияларында, облыстық партия комитетінде, облыстық әкімшілікте қызмет істей жүріп, айналада болып жатқан тыныс пен тіршілік — күн сайынғы ұмытылмас ұлы-кіші уақиғаның бәріне белсене де, бел шеше де араласып келдім. Ыстығына күйіп, суығына тоңған да кездерім аз болған жоқ. Елдестерім мен жерлестерімнің жемісті ісіне, жеңістері мен жеңілістеріне де бір кісідей араласып отырдым, яғни елім мен жұртымның бастан өткізіп жатқан барша болмысымен біріге сіңісіп кеткен адамның бірімін деп ойланбай айта аламын. Елді де қадірлеп, қастерлеймін, өзіме де басқаның сондай құрметпен қарауын талап етуге қақым бар ғой деп білетін азаматпын. Өйткені "Бетеге кетіп — бел қалады, бектер кетіп — ел қалады", — дейтін сөз рас болса, бастықтардың да, басқалардың да орны ауысқанда осы өңірдің арын арлап, жоғын жоқтап біз жүретін болармыз деп ойлаймын.
Міне, осы жерде менің таяуда ғана жарық көрген "Қалам мен Заман" кітабым туралы, әсіресе сол кітапқа кірген "Парасат" журналының беттерінде екі-үш айдан бері үзінділері үзбей жарияланып келе жатқан "Күнделіктің кейбір беттері немесе облыс әкімшілігінде өткен он сегіз ай" аталатын бөлімі төңірегіндегі әрі-сәрі әңгіме, сан-саққа жүгіріп жатқан жұрт пікірі жайлы үнсіз қала беруді жөнсіз санадым. Өзінің дұрыстығы үшін дауласпау да арсыз адамның ісі дегенді естігенім бар еді бір жерден.
Өйткені, маған жең ұшынан жұдырық сілтеп, сыртымнан ғайбат айтқан әлдекімдердің сыбыры мен күбірі көбейе түсіп, үйге де, түзге де телефон соғып, өкпе-наз білдіргендер де жиілеп барады. Олардың ішінде мен және менің таныс-бейтаныстарым арасына от жаққысы келетіндер де, өздері оқымай, тек елден естіп-білген долбары бойынша сырттан тон пішіп, түймедейден түйе жасап, өрекпіп, естігенін әсіре жеткізетіндер де баршылық сияқты. Қайсысының аузына қақпақ боларсың! Тіпті жөн-жосық біледі дейтін жақсы бір азамат — Алматыдағы баспалардың бірінің директоры болып істейтін жазушы жігіт те: "Сәкен аға, сіздің обкомды жамандаған кітабыңыз шығыпты ғой, соны қайдан алуға болады?" — деп өзімнен сұрағаны да бар. "Оу, — деймін оған, — біріншіден "обком" деген сөз де, ұғым да, ұйым да жоқ қазір, бұл күнде "әкім", "әкімшілік" деп аталады. Екіншіден, мен ешкімді жамандаған емеспін, болған істі болғанынша, әр нәрсені өз атауы, адамдарды өз аты-жөнімен атай отырып, ақиқат пен шындықты ғана әңгіме еттім. Біреуді қаралаған да, жанын жаралаған да емеспін. ешкімге күйе жаққан да, кісіге жала жапқан жерім жоқ: Егер әлдебір астарлы сөздің арасынан өздерін "танып" қалғандар болса, кейбір оғаш, оқшау іс-әрекетке орай менің тарапымнан артық-ауыс сөз естіген үлкен-кіші болса, оларға да: "бетің қисық болса — айнаға несіне өкпелейсің, қайта бет-бейне пиғылыңды әрлеп, сәндеп, түзету жағын ойластырғаның дұрыс болмай ма, қарағым!" — деген болар едім.
Әміре Әрін: Аға, тым ашына, қызына сөйлеп кеттіңіз-ау. Ондай әңгіменің шет жағасын мен де естіп жүр едім, сізден несін жасырайын. Осы орайда: "Бұл кітапты жазуға, қысқа мерзім ішінде тасқа басып шығаруға итермелеген қандай күш? Ақын қаламына үйіріле қалар тақырыпқа ұқсамайтын да сияқты", — деген бір сұрақ көлденеңдей береді, оған не дер едіңіз?
Сәкен Иманасов: Сұрақ көлденеңдей берсе — келісті жауабы да әзір деп білгейсіз. Зерделі, көкірегі ояу жігіт деп айтып жатырмын саған. Кім көрінгенге ақ та тоқ сыр ақтарып әуре болғым келмейді. Оның үстіне сен де мемлекеттік қызметтің дәмін татқан азаматсың.
Өзіңе содан белгілі ғой, облыс әкімшілігінде біраз қызмет атқардым. Ешкім зорлап апарған жоқ. Заманбек Нұрқаділов сияқты азамат қалап шақырды, мен бардым. Қолдан келгенше ақ-адал қызмет еттім деп ойлаймын. Бірақ шені де төмен, деңгейі де пәс әлдекімдерге жақпай жүргенімді бара сала байқап едім. Батыс халқында: "атты сылап-сипап суатқа жетелеп әкелуге болар, бірақ зорлап суғара алмайсың!" — деген сөз бар. Менен де "өзгелерден аумай қалған" шенеунік шығармақ болып тырысқан бұрынғы әріптестеріме осыны айтқым келіп еді. "Қашан келсең де мұрнына су кетіп асығып жүретіндер әдетте ештеңе тындырып жарытпайды", — депті батыс ойшылдарының тағы бірі Г.Михтенберг. Менің ең басты кемшілігім — соларға ұқсай алмағаным, солар сияқты бола алмағандығым.
Мен өзі қай жерде жүрмейін, қайда қызмет істемейін күн сайынғы көріп-білген, естіген-түйгенімді ұдайы ғана қағазға түсіріп отыратын әдетім бар адаммын. Сол әдетпен облыстық әкімшілікте жүрген кезде де қалың бір дәптерді күнделікке толтырғаным бар. Жұмыстан қол босай сала соны аударып-төңкеріп, ақтара-тексеріп, "ең керегі осы болар-ау" деген тұстарын таға да анықтай түсіп, жетілдіру, тәптіштеумен қайта көшіріп шықтым. Орайы келіп "Парасат" журналы бірнеше санында бөліп жариялайтын болды да, қараша айынан жариялауды бастап та жіберді.
Сол кезде қазіргі Премьер-министр Иманғали Тасмағамбетов мырзаның тікелей араласуымен қазақ қаламгерлерінің "Отырар кітапханасы" аталатын 100 кітабы жарыққа шықпақ болды да, сол жүз автордың бірі болып соның тұрақты тізіміне біз де іліккен болатынбыз.
Осылайша орайы келе кеткен істен бас тарту мүмкін емес еді. Баспа жайы да саған белгілі шығар — ырғалып-жырғалуды, сөзбұйдаға салып, сүйрете беруді көтермейді. Ақысыз-пұлсыз кітап шығарудың да қиындығын білесің. Сөйтіп, тәуекел дедім де, әлі де болса бір қайнауы ішінде, сары суы сарқылып бітпеген. "Өзім туралы", "Жазушы" баспасындағы жиырма жыл" және осы біз сөз етіп отырған "Күнделіктің кейбір беттері немесе облыс әкімшілігінде өткен он сегіз ай" аталатын үш шығарманың басын қостым да, бір жинақ етіп баспаға тапсырып жібердім.
Қолжазбамды баспаға жолдар алдында көңілі жақын бірер азаматқа оқытып та алдым. "Жазушы" баспасындағы редакторым ақын Байбота Серікбаевқа: "Қарағым, бұл қолжазбаны аса ыждағатпен қадағалап, қас жауыңа шүйілгендей қатал қарайтын бол. Біреудің арына тиер, намысына нұқсан болар тұстары болса алып-ақ таста!" — деп тапсырдым. Дүниеде аққа күйе жағып алудан ауыр тиер азап жоқ. Сол жағынан сақ болғым-ақ келіп еді.
Әрине, біткен іске сыншы көп. Оның үстіне кез келген адамды сынау оңай да, оның еңбегін орнымен бағалау әсте қиын екенін де білеміз. Кітапты дайындау үстінде едәуір үстірттікке, жадағайлыққа жол берілгенін артынан барып байқадым. Кейде лықсып келген сезімді тежей алмай, күнделік бетіне түскен қалпында ащылы-тұщылы болып кете бергені де байқалды. Мені сынайтындар сол жағынан келуі керек еді сынаса. Амал не, олай болмады...
Өткен жылдың қараша айында ақын һәм журналист Ер бол Шаймерденов "Егемен Қазақстан" газетінің бетінде "Ақиқат айнасы" деген атпен француздың ұлы ойшылы, афоризм жанрының алдына жан салмас шебері Люк де Клапье де Вовенарктың үзік ойларын жариялап еді. Содан бір мысал келтірсем: "Жақсы ниетпен ренжіткен жан ауыра қоймайды", — деген сөз. Бұл қазақтың: "Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады" дейтін нақылына саяды. Оқырманым оны да ескерер деген ойда едім.
Әміре Әрін: О жағы дұрыс қой. Бірақ жуырда мен "Ана тілі" газетінің бетінен (наурыздың 22 күнгі) белгілі жазушы Дулат Исабековтің "Жоқ-барды, ертегіні термек үшін" дейтін мақаласын оқып ем. Сонда бірер белгілі жазушымен қоса қабаттап, Сіздің осы кітабыңыз жайында да артық-ауыс ащы сын айтылыпты. Бұл да әлгі өзіңіз айтқан қаңқуларға қоса жығылған үстіне жұдырық болып тиген жоқ па?
Сәкен Иманасов: Тигенде қандай! Менің де басқан ізімді аңдушылар аз болмаса керек. Әйтпесе сырттай ғана сыйласып жүретін, бір-біріміздің қадыр-қасиетімізді айтпай-ақ білетін Дулаттай інімнің менде несі бар? Ол өзі тегі менің кітабымды оқымаған, "Парасаттағы" журналдық нұсқасының алғашқы бірер бетімен ғана танысқанға ұқсайды. Әйтпесе: "...бұл естеліктегі оқиғалар тым ұсақ, кейіпкерлері үлкен ауқымды әңгіме қозғауға олқылық ететін, қоғам мен мемлекет құрылысының қозғаушы күші бола алмайтын екінші, үшінші пландағы жай ғана ұсақ шенеуніктер. Ондағы қақтығыс та, реніш те күнделікті күйбең тірлік ауқымынан аса алмапты", — демеген бар еді. Өйткені менің өзім де ел басындағы қабырғаны қайыстырар ауыр жүк — ұлы проблемаларды айтып отырмын деген жоқ едім. Керісінше, кітапта: "...өзімнің әлдекімдермен ұғыса алмаған, тағы біреулермен шығыса алмағаным жайында жазуын жазып алып, апыр-ай, "Бүркіт қартайса тышқан аулайды" дегендей, осы мен тым ұсақтап, елдің бәрі біле беруі міндет емес көр-жерді тізіп кеткен жоқпын ба деген күдік те болмай қалмаған. Бірақ жаман-жақсы он сегіз ай облыс әкімшілігінде қызмет істеппін. Жазсам, алып-қоспай, солар жайлы жаздым...", — деген (157 бет) сөздер бар. Сол арқылы кітаптағы оқиғаның да, кейіпкерлердің де қоғамға нұсқа, елге тұлға боларлық ірі ауқымда емесін оқушыға емеурінмен ескертіп өтіп едім. Оның үстіне мен Президент аппараты немесе Парламент палаталарындағы жағдаяттар емес, бір ғана облыс әкімшілігіндегі, онда да сол әкімшіліктің бір ғана орталық аппаратындағы орын алған жағдайды айтып отырмын емес пе. Ендеше бұл ретте әлемдік үлкен тақырыпқа бара қоймадың деп, Дулаттың маған дау айтуы ретсіз. Бұл жерде тек қоғамымызда қалыптасып алған, сіресіп қатып қалған баяғы бір әкімшіл-әміршіл тірлікті шет жағалай болса да көрсете кету ғана мақсат тұтылғаны анық еді. Оның үстіне бұл өзі мақала не естелік емес, қызмет үстіндегі ақынның күнделігі ғана ғой. Сол тұрғыда бағалануы қажет-ақ еді.
Өздері ештеңе бүлдірмей де, тындырмай да жүріп, қай-қашан жоғарыдан қорғаушы, қолдаушы ғана іздеп әдеттенген, ылғи ғана бір демеу мен жебеуге зәру адамдар барын, олар үнемі ғана әлдекімнің қолтығына (не басқа жеріне) кірсем екен деумен күн кешетінін, өз қызметкерлеріне ақылын ақырын айтып өткізе алмаған, әмірін ақылмен жүргізе алмаған адамдардың да ел билеуге араласқысы келетінін, оларды ақымақ та, қоян жүрек қорқақ та дей алмай қиналатының жайында айтып едім.
Соның байыбына бармай, байбалам салушыларға күйінбей қайтесің.
Малай (құл) болып жаралғандар алтын таққа мінсе де малай болып қала беретінін, әлдебір ішкі есеппен көрінгенге жатып жастық, иіліп төсек болып жүретіндердің түптің-түбінде ең жексұрын, ең қатыгез пенде болып шығатынын да мен емес, мана бір сөзін мысалға келтірген Люк де Вовенарк дейтін ұлы француз айтқан. Менің тек соған иллюстрация ғана іздеген жайым бар. Соны да түсінген теріс болмас еді.
Әміре Әрін: Сәкен аға, осы кітап бола ма, басқасы ма, өзіңізді шын мәнінде халық көңілінен шыққан қаламгер, ел сөзін ұстар деп ойлайсыз ба? Қоғамнан алғаныңыз көп пе, бергеніңіз көп пе?
Сәкен Иманасов: Кекетіп отырған жоқ шығарсың. Шын сұрасаң — мен де шыныммен жауап берейін. Қай қоғам, қандай мемлекет болмасын, ақын-жазушы, қысқасы қалам ұстар қайраткердің орны ерекше болып келгенін өзің де жаман білмессің. Сонау да сонау азамат етігімен су кешіп, арғымақ ауыздығымен су ішкен қым-қуыт аласапыран замананың көшінде біздің ел қу тірлікті ғана күйіттеп, құлқынның құлы болып кетпеген. Сан ғасыр бойғы ұлан-асу тірлікте ақын-жырауының аузына қарап, әр сөзін алтынға балап, артық айтқанын ауырсынбай ақылшым деп қабылдап, көкейге түйіп, көкірегін көмбе етіп, жадында сақтап қалуға тырысқан. Өйтпеген күнде ел есінде Ақтамберді, Шалкиіз, Бұқар жыраулардың қорғасындай қорытылған аталы сөздері емес, сол кезгі мыңды айдаған байлар мен көбік ауыз билердің ғана аты қалар еді ғой.
Мен де біраз қызметтің басын шалған адаммын. Бірақ артымда белгі болып қалары сол мансап, сол дәрежем емес, аз да болса құйма құлаққа сіңген сөзім болар. "Ондай ұлы сөзіңді естіген емеспіз", — дейтіндер болса өздері білсін, өйткені ұсақ пенделердің ешқайсысы ұлылықты суқаны сүйіл көрген емес, ақымақтар да ақылды адамды түсіне қояды деу бос арамтер әурешілік, олармен дауласып та түк өндіре алмайсың.
Сондықтан мен осы жасыма дейін елім мен жұртыма бір кісідей-ақ еңбек сіңіріп келе жатқан қаламгерлерге ұқсаймын. Жұртым солай дейді, өзім де солай ойлаймын. Арғы жағын өзің-ақ пайымдай бер.
Әміре Әрін: Түсінікті-ау... дегенмен. Қаламгер ағайынның әр туындысынан ақиқат лебін естіп әдеттенген басымыз сіздің бұл кітапқа тосырқай да қарап едік. Басында да айттым...
Сәкен Иманасов: Біреуді қаралаған, қасында жүргендерді алалаған сарын бар деп ойлайсың ба? Айнала тірлікті тамыршыдай дәл басып, дәлдеп айыру да саған тосын көрінсе..., онда үндемей жүре бергеннің өзі артық емес пе, бауырым-ау!
Үйдей пәледен де солай етіп оңай құтылуға болар еді. Жоқ, қаламгер миссиясы мүлдем басқада.
Әміре Әрін: Ақталып жатқан жоқсыз ба?
Сәкен Иманасов: Ақталып емес, ақты — ақ, қараны — қара, итті — ит, кісіні кісі деп айта білгеніме мақтанып жатырмын. Шындықты айттың деп шабына от тигендей болып тулағандарға жауап беріп жатырмын. Сиырқұйымшақтанып, сылап-сыйпамасам — ол да өзіме тән мінезім. Бәлкім, мінім болар...
Өзің-ақ айтшы, неге мен жауырды жаба тоқиын деп әуреленуім керек? Шошқаны "доңыз" десең де, "талпақ танау" десең, де бәрібір аржағында шошқа екені көрініп тұрмай ма?
Әрине, қазақта "Ит десең ашуланып, күшік десең күледі" дейтін де бір сөз бар. Оны білмей отырған жоқпын. Бірақ мен ырылдамай жатып ырсия көрініп қала беретін төбет тісін көре тұрып, "күшігім" деп көп-көрнеу мәймөңкелегім келмейді.
Дұрыс түсін, мен де ұрынарға қара таппай жүрген адам емеспін. Жақсының жақсылығын айтсаң нұры тасып, жаманның жамандығын айтсаң құты қашатынын да жақсы білемін, сондықтан да біреудің көзіне күліп, сыртынан үріп жүргім келмейді. Оның үстіне осы күні өтірік айтудан жүзі жанбайтыңдар көбейе түскен. Сені мақтаса ағайын кісілігіңе қарап емес, қызметіңе, дәреже, мәнсабыңа қарай мақтайтын болған. "Басшы атаулыны мақтай бер, содан жаман болмайсың", — деп ақылгөйситін де достарым аз емес. "Кім туралы болсын тек жақсылықты ғана айтуға әдеттену де — ұсақ пиғылды адамға тән қасиет", — депті әлгі Люк де Вовенарк тағы да. Сондықтан көкірегі күйе білетін, адал антты сүйе білетін ер-азамат болса — соларға ой салсам, ерді кебенек ішінде танып білуге шақырсам, жарлы да байып, жастың да өсетінін ескере кетсем деген ниетім болды. Әйтеуір досты да, дұшпанды да оң жолға бұрсам деген дәме ғой біздікі. Әйтпесе:
— "Дәмі кетпес, бұзылмас тәтті бар ма?
Бір бес күннің орны жоқ аптығарға,
Қай қызығы татиды қу өмірдің
татуды араз, жақынды жат қыларға", —
деген Абай сөзін мен де жаттап өскен, өмірлік кредо етіп ұстанған адаммын.
Ал бетіне шіркей боларлық шындықты айттың деп шыбық тимес шыңқ етер мінез көрсететіндерден аулағырақ жүргеннің өзі абзал. "Жақсы ниетпен ренжіткенге жан ауыра қоймайды", — деген манағы бір ұғым сөзін осы арада қайталап еске салғым келіп тұр.
Әміре Әрін: Түсінікті болды. Әйтсе де бәрін қойып, қазіргі хал-ахуалыңыз, қандай шаруаның басын қайырып жүргеніңіз жайлы да оқырманға бірер сөз айта кетсеңіз артық болмас еді?
Сәкен Иманасов: Қазір шығармаларымның үш томдығын әзірлеу үстіндемін. Шығарып береміз деп отырған сенімді жігіттер бар. Бұл өз басым көп кезіктірген, қазан-қазан уәдеге қарық қылып алып, ақыр аяғында қаспақ та жалатпай кететін сусылдаған сынаптай суайттар санатынан емес, сөзге тұра білетін белгілі азамат болған соң да сеніп отырмын. Көп жылдар бойына жазған жаңа өлеңдерім де шағын бір кітап болуға жарап қалды. Оны да шығарып беретін баспа іздестірудемін. Демеуші табылыңқырамай тұрғаны әзірге. Осы әңгіме етіп отырған кітаптың заңды жалғасы ретінде "Күнделіктің қалған беттері немесе облыс әкімшілігінде өткен күндерге үңілу" деп шартты түрде ат қойып, көлемі шағын (40-50 бет) бір хикая жаза бастадым. Мұнда бұрынғы асығыстықтан кеткен әртүрлі ағаттықтар қатаң ескеріліп, жаңа кейіпкер, тосын оқиғалармен толыға, ширатыла түспек. Жасаған мұрша берсе, жазға дейін сол да аяқталып қалар. "Жұлдыз" журналына ұсынсам ба деп жүрмін.
Әрине, онда да біраз адамның аты аталады, жағымпаздық, жалған сөйлеу, жәдігөйлік атаулы сөз болды. Яғни, автор құлағынан әзірге қиқу кете қоймауы да мүмкін деп ойлауға негіз бар.
Осы сұхбаттан кейін барлық әңгіме біткен шығар деп едім, қуырдақтың көкесі соңында екен, амал не? Енді соған келейін.
* * *
"Қазақ әдебиеті" газетінің 12 шілде күнгі санында аты әйгілі Көпен Әмірбектің өзінен де гөрі әйгілі Заманбек Нұрқаділовпен жүргізілген сұхбаты жарияланды. Мұндай сұхбат белгілі бір датаға, ел ішінің елеулі оқиғасына, маңызды мәселе төңірегінде, көбіне-көп сол іске тікелей жауап беретін адамдармен жүргізілетінін білуші едік. Газеттің екі бетіне Заманбектің суретімен қоса берілген бұл сұхбаттың қандай мақсаттан туғанын әрі ойлап, бері ойлап таба алмадым. Газет редакциясының да бұл арқылы не ұтып, не қойғаны және бұлыңғыр еді.
Жә, делік. Көпеннің де, редакциядағылардың да басқамызға беймәлім бір білгені, ішкі бүккені бар шығар. Біз тек қана Көпеннің "Парасат" журналындағы Сәкен Иманасовтың Өзіңіз туралы пікіріне қалай қарайсыз? — деген сұрағы мен соған орай менің атыма ауыр айып тағып, кінәлай, кіжіне сөйлеген Заманбек жауабына қарасты қысқаша ғана ой өрбіткім келіп еді. "Күнделіктің кейбір беттері немесе облыс әкімшілігіне өткен он сегіз айдың" үзінділері сол "Парасаттың" биылғы бесінші санында: "...Менің күнделігіме Заманбек Нұрқаділов жайындағы әрі-сәрі ойларым басқалардың бәрінен көбірек түсіпті. Оның жөні де бар, өйткені әрбір апта басындағы жоспарлы жиналысты айтпағанда, бастапқы 7-8 айда менің ең көп жолығып, қызмет үстінде көбірек араласқан адамым Заманбек болған. Бойындағы барша қайшылығы, бәріміз сияқты кісілік кемшілігіне қарамастан маған оның жеке басы ұнады. Әрине, мені жұрттан бөлек жарылқап тастағаны да, елден ерен "аялап-әлпештегені" де шамалы. "Жарылқаймын" деген уәдесі де болған емес. Ол шақырмаса да, аштан өліп, көштен қалмас ем. Шақырды. Келдім. Онысына рахмет. Бірақ мен болмасам басқа біреу, бәлки, менен гөрі икемді, менен гөрі білімі де, біліктілігі де ілгері біреу істеуі мүмкін еді ғой. Маған басқалардан алабөтен ықылас білдіре қойған жоқ. Тиісті мөлшерде тағайындалған жалақымды ғана алып жүрдім", — деп алып, Заманбектің көптеген жағымды адами қасиеттеріне тоқталған болатынмын. "Барлық жұмыр басты пенделер сияқты Заманбекте адами осалдық бар шығар. Бірақ ел басқарып жүрген алаш азаматтары ішінде жаратылысы да, жөні де бөлек жігіт екені дау туғызбаса керек. Лықсып ілгері кетер, тартынып кейде кері сүйрер, артық айтар, кем түсер, әйтеуір қарекетсіз қарап отырмайды, арсы-гүрсі адуын мінезімен өзіне жау тауып та қалады. Ұлы Гетенің: "Ел басқаратын адам ең алдымен өзіне өзі ие болуы керек" деген сөзі бар екен. Амал не, Заманбек баз-баяғы сол өзіне өзі ие бола алмай қалатынға ұқсайды.
Әйтпесе мәрттіктен де құралақан емес. Көңіл түскенге көл бола алады, түспегенге шөл бола қалады... Мен жұртқа оның азды-көпті осындай қасиеттерін айтуға тырыстым. Аман жүрсек әлі де айтарым, жазарым бар. Бірақ амал не, айналасы оңбады. Ол бірақ өз алдына бір бөлек әңгіме" — деп аяқтаған едім сөзімді.
Осында оның жеке басына, арына тиер бірде-бір сөз, тіпті тұспалға ұқсас та бірдеңе бар ма? тек басынан құс ұшырғылары келмейтін бүгінгі билік маңайындағылардың "Шыбық тимес шыңқ етер байбаламы" болып шыққан да қойған, басқа түк емес. Яғни, сұрақтың өзі Заманбектің ыңғайына орай қойылып отыр. Өйткені мен Заманбек туралы пікір емес, өз күнделігім арқылы облыс әкімшілігінде өткен күндеріме шолу жасап, жекелеген адамдар, атқарылған істер жайлы өз тұжырымым, өз байламымды айтқанмын. Қазіргі ел басқару жүйесінде орын алып келе жатқан кемшілік, жекелеген механизмнің жетілмеуі, соған кінәлі адамдар жайындағы өзім байқап, өзім түйген ойларды ортаға салғанмын.
Заманбек соның бәрін ыждаһатпен дұрыстап оқып шыққан болса, байыбына бара зерделесе, маған сырттан келдек көрсете кіжінбей-ақ: "Әй, осы кісі де бекерге шырылдап отырмаған болар, "біздің мынау ұлы істе" (Махамбет) кемшілік те кетіп жүрген жоқ па екен, сырт көз сыншы, біз басы-қасында жүріп байқамаған да болармыз. Көп болып пішкен тон келте болмаушы еді, осы төңіректе ойланып та көрсек теріс болмас па еді, қайтер еді", — дер ме еді, кім білсін. Әйтеуір біреу болмаса біреу ұғар, мыңның болмаса, бірдің жетесіне жетер деген біздің ниетімізді де түсінер ме еді. Амал не, оқымаған, оқуға ықыласы да, ынтасы да болмаған. Сабырмен оқып шықса, маған рахметін айтар еді. Онда Көпен де өз сұрағын "Сәкеннің жарияланып жүрген сол шығармасы, ондағы өзіңізді мақтай кеткен тұстарына көзқарасыңыз қалай?" — деген тұрғыда құрар еді де, сол арқылы әріптесін құстаналап жатқан тұсына тоқтам айтып, Заманбектің сыңар езулей жөнелген екпінің дұрыс арнаға бұрған болар еді. Жоқ, Көпен олай етпеген. Бүйрегі кімге бұрып тұрғанын бірден-ақ аңғартып, сұхбаттың да не үшін өткенін емеурінмен сездіре түседі. Еріксізден "жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит ұстап жүр ырылдатып", — дейтін Абай сөзін еске салады. Егер ол таразы басын тең ұстай білер тура би болса, өзінің қаламдасын былайша "итталауға" бермес еді ғой деп ойлауға мәжбүр боласын. Әйтпесе, осы жасымызға дейін өзіміз жәбір көрмесек, біреуге орынсыз барып соқтығатын, Заманбек айтқандай, "дау-дамай іздеп, әр айтылған сөзден "тырнақтың астынан кір іздейтін" кісіңіз де біз емес екенін де қалам ұстар қауым әлдеқашан біліп болған еді.
Бір қызығы, осы тұста "Парасат" журналының биылғы жетінші саны да жарық көрді. Сонда жанағы "Қазақ әдебиетіндегі" Заманбектің сөзі бір әрпі, тыныс белгісі де өзгерместен түп-түгел жарияланды. Олай болса, бұл аяқасты туған әңгіме емес, бұрыннан ойластырылған, әлдене себеппен күш біріктіре отырып, Сәкенге қарсы бас көтерудің алғышарты екені даусыз.
Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды, Заманбек жайлы орыс-қазақ баспасөзінде оқтын-оқтын кекесінге ұқсас мақалалар жарияланып жатса, оның да бекер емесін, арғы түбінде әйтеуір бір шындық жатқанын әзер бүгін есек миын жеген біреу болмаса, көп болып түсінетін кезіміз емес пе. Елді сынау үшін ең алдымен өзің солардан оқ бойы озық бол, таразы басын тең ұста, сонда, Көпен, жұрттың бәрі саған да иланар еді.
Бұл жерде "Қазақ әдебиеті" газетінің позициясы да бізге жұмбақ күйінде қалып отыр. Көптен бергі белсенді авторына жала жаптырып, оны өзін жерден жеті қоян тапқандай екі бетке жарияламас бұрын газет редакторы: "Ол қандай пікір екен, оқып шығайыншы" деп, "Парасат" журналына бір қарап алмай ма. Әлде көпе-көрнеу Көпеннің қолжаулығына айналып кеткенін өзі де аңғармаған ба?
Бізді қинайтыны осы ғана. Әйтпесе, ит үреді, керуен көшеді, сасқан үйрек — Заманбек сөзі бетіме шіркеу бола қояды деп қорқып отырған түгіміз жоқ.
Біз жұртқа түсініктірек болу үшін жоғарыда айтылған "Парасат" журналының 2002 жылғы жетінші санындағы Заманбек Нұрқаділовтің редакцияға хатын ("Қазақ әдебиетіндегі" де сол мәтін) біздің шығармамыз төңірегінде әр жерден, әртүрлі адамдардан түскен басқа да пікірлерді осы жерде шып-шырғасыз түгел келтіре кетуді дұрыс көрдік.
С.Иманасовтың "Күнделіктің кейбір беттері немесе облыс әкімшілігінде өткен он сегіз ай " атты материалына байланысты әртүрлі пікір айтады. Қалай дегенде де бұл жазба оқырман көпшілікті бей-жай қалдырмаған сияқты.
Сол уақытта облыс әкімі болған З. Нұрқаділов те С.Иманасов күнделігіне байланысты пікір білдіріпті. Осы санымызда сондай пікірлердің бірнешеуін жариялап отырмыз.
"Менде өкпе жоқ, бауыр бар"...
Құрметті Баққожа!
Біріншіден, бұл хатымды Шерхан мен Камал ағайлардың арасындағы "Егемен Қазақстандағы" пікір алысуы деп ойлап қалмаңыз. Мақсатым — оқырман ретінде Сәкен Иманасовтың күнделігі жайлы өз ойымды басқа оқырмандарға жеткізу.
Екіншіден, есіме депутат кезімдегі оқиға еске түседі. Бір мәжілістің отырысында Қаратай ағама (Тұрысов) қарсы пікір айтам деп, қаттырақ айтып қойғанымды сезіп, соңында кабинетіне кіріп, "Қареке, жаңағы сөзге өкпелеп қалған жоқсыз ба?" дегенімде, "Заманбек, менде өкпе жоқ, бауыр бар" деп қатты ұялтқан кезі бар еді. Сол айтқандай бұл жазғаным өкпе емес, наз.
Сәкен Иманасовтың бізге жұмысқа келуіне себеп болған Тұманбай аға Молдағалиев. Бірде, ол кісімен әңгімелесіп отырып. "Аға, осы бізге бүкіл интелегенцияға, журналистерге беделі бар адам керек еді, жұмысқа келесіз бе? — деген сұраққа Тұмакең "Заманбек, мені не қыласың, одан да бір қатқанский ақын бар, аты — Сәкен, фамилиясы — Иманасов", — деді. Мен: "Мен ол кісіні сыртынан білем, шақырып сөйлесейік", — дедім. Көп ұзамай, Сәкен Иманасов бізге қызметке келісім берді. Аппарат жетекшісінің орынбасары деген лауазымға ие болды, астында "Волга", жалақысы 52000 теңге. Істейтіні — бүкіл бұқаралық ақпарат құралдарының басылымдарын талдау, уақыт бөліп, әр басылымның арнайы тілшілерімен облыстағы жағдайды таныстыру, біздің істеп жатқан жұмыстарды уақытысында оларға жеткізу, дұрыс жазылмаған пікірлерге сол баспалар арқылы түсініктемелер беру, интеллигенциямен (әсіресе, облыста туып-өскендермен) қарым-қатынасты күшейту сияқты жұмыстар. Олар үшін екі-үш жеңіл автокөлік тағы бөлдік.
Біраз уақыт өтті, әр дүйсенбіде болатын планеркаға қатынасады, облыстардағы жақсы өзгерістерге өзі куә болып жүрді. Қай ауданға барғысы келсе барды. "Қашан келдің, не істедің" деген емеспін. Бірақ "судың да сұрауы бар" дегендей, екі-үш айдан кейін тапсырмалар бере бастадым. Өкінішке қарай, бұл ақынның "жақсы чиновник" бола алмайтынына көзім жете бастады. Дегенмен, үйретуге тырысып бақтым, бірақ үйренгісі келмеді ме, жоқ, ондай қабілетті жаратқан ием бермеді ме, әйтеуір, түзелмеді. Тұмакеңнің көңілін қимадым. Бір жағынан айта берсе, сөз көбейеді, екінші жағынан мен Сәкен Иманасов сияқты күнделік жазбайтын азаматпын. Қойшы, шынтуайтқа келгенде, өзім әкім қызметінен кеткенше, "арпа ішінде бір бидай" боп, "Сәке, сіз бәленсіз" демей кеттім.
Мұның бәрін неге жаздың деп ойлауыңыз мүмкін. Бұл ақталу немесе Сәкен Иманасовты жамандау емес. Әр адамның басқа адамдар туралы әртүрлі пікірі болуы мүмкін, оны жариялауға да толық құқығы бар. Ең өкініштісі, сол адам "Мен не істедім, қалай істедім, маған артқан жүкті көтере алдым ба, сенімді ақтай алдым ба" деген сұрақ қойып, соған жауап бере алмауы деп ойлаймын.
Чиновниктердің арасында "ақын" деген қызмет жоқ. Әр лауазымның өзінің атқаратын міндеті болады, сол арқылы баға беріледі, сол арқылы аппараттың арасында беделі болады, осының арқасында жалақы алады. Егер де, әр чиновник күнделікті ашып "менің бастығым ондай, менің бастығым мұндай" деп бұқаралық ақпарат құралдарына жариялай берсе, арты не боларын құдай біледі. Бір бітірген нақтылы жұмысы жоқ, еш нәрседен нәтиже шығармаған адамға "сіздің жақындығыңыздан гөрі, ақындығыңыз қажет" деп ымдап айтқаным рас. Бірақ "ым түсінбеген, дым түсінбейді" демекші, Сәкен Иманасов сол он сегіз айда түк түсінбепті. Өкінішті ме, әрине, маған өкінішті.
Мен бұл кісінің ақындығын қатты сыйлаймын, бірақ адам ретінде, Сәкен Иманасов өмір бойы дау-дамай іздеп, әр айтылған сөзден "тырнақтың астынан кір іздейтін" кісі ме деген ойда қалдым.
Қалған пікірлерді, Сәкен Иманасов айтпақшы, оқырмандардың өзіне қалдырдым.
Ізгі ниетпен, Заманбек Нұрқаділов.
22 мамыр 2002 жыл.
Қызмет ету бас изей беру емес
"Парасат" журналының соңғы сандарынан белгілі ақын Сәкен Иманасовтың "Күнделіктің кейбір беттері немесе облыс әкімшілігінде өткен он сегіз ай" деген күнделік жазбасын оқып, қатты толқыдым, алған әсерім күшті, айызым қанды. Баз біреулер жазып жүргендей майда-шүйде емес, біреуден өш алудың ауылы да алыс, нағыз бүгінгі күннің проблемасы. Облыс әкімшіліктерінде әлеуметтік, рухани салаға жауапты орынбасары болады. Ол оқу-ағарту, мәдениет, өнер, творчестволық ұйымдардың, қоғамдық мекемелердің бәріне, басшылық етеді. Облыс орталықтарында, аудандарда әртүрлі мәдени шаралар: ақындар айтысы, мүшәйра, бишілер, домбырашылар, скрипкашылар, драма үйірмелерінің байқауы, суретшілер көрмесі, жігіт сұлтаны, қыз сипаты, айтулы даталы күндер, сазгерлік кештер, журналистер күні, әйгілі адамдармен кездесу — қойшы әйтеуір, өмір бар жерде өнер бар ғой, осылардың басы қасында Сәкен құсаған әрі ақын, әрі жазушы, журналист жүрмегенде кім жүреді. Оның неге аяғын шідерлеп, ойын тұсап қоямыз? Оның Жібек құсаған кеңес заманындағы партократтардың негізсіз тапсырмаларына көңіл аудармауы өте әділдік. Ай, қасаң тәртіп-ай, оның талайын бастан кешірдік, сөйлер сөзің, жүріс-тұрысың шектеулі ғой. Ал Сәкен Абайша айтқанда "күштілері сөз айтса, шыбындап бас изей" бермеген.
"Саған жаман болады, өте жаман болады", — деу арқылы ақынды бұқтырып, ықтырғысы келген Жібектің сесіне Сәкен қыңбаған ғой, әй, жарайсың, жігітім! "Бақыт Сарбалаев "Қазақ елі" газетінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты мақтап жазып, сен неге біздің әкім З.Нұрқаділовты мақтап жазбайсың?" Міне, жағымпаздықтың, жарамсақтықтың түрі, сөз болғаныңа! Сәкенді облыс әкімшілігінің сарай ақыны еткісі келген ғой. Жазба әлі біткен жоқ, сірә, мынандай сіреспе аудиторияда, қасаң қалыпқа ақын жаны шыдамайтын шығар, "18 айды алдыңдар, ал енді хош, есен болыңдар" деп емен есікті тарс жауып, айқай кеңістігім дер! Осылай топшылаймын. Менің қолымда билік жоқ, әйтпесе Сәкен құсаған кеңінен ойлап, молынан пішетін творчество адамын барлық облыс әкімшіліктеріне сыналап шығар едім, олар рухани өмірімізге көп пайда келтірер еді. Осы Сәкеннің күнделігін барлық облыс әкімшіліктегілер оқыса қандай жарасымды болар еді, әй қайдам, оқымаймыз-ау!
Төлеп ТІЛЕГЕНОВ,
Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Миялы селосы, Қызылқоға ауданы, Атырау облысы.
Көкірегі көк тірейді
Мен "Парасат" журналының тұрақты оқырманымын. Әрбір санын мұқият оқып шығамын. Мамандығым — мұғалім. Қазір зейнеткермін.
Сәкен Иманасовтың "Күнделіктің кейбір беттері" деп аталатын материалын қалдырмай оқыдым. Күнделіктің тереңіне бойламай, үстіртін оқып шыққан адамға мұндағы баяндалған жағдайлар ұсақ-түйек болып көрінер, бәлкім. Ал мен мемлекеттік аппараттың, әртүрлі деңгейдегі шенеуніктердің біраз "құпиясын" біліп, жағамды ұстадым. Теңдік, демократия дегенде жағымыз талмайды. Ал бізде әлі теңдік жоқ екен. Тіпті асхананың өзінде адамдарды лауазымына қарай сорттай кіргізеді. Осы мемлекетке, оқу-ағарту ісіне елу жыл еңбек сіңірген қарт ұстаз — мен облыстық әкімшіліктің асханасына бас сұға алмайды екенмін. Күні кеше менен әріп таныған, тәлім алған, бұл күнде үлкен қызмет істейтін шәкірттеріммен қатар отырып тамақтана алмайтынымды ойлап, іштей қорландым. Қазақстан Конституциясында "адам тең құқылы" деп жазылған. Атазаң талаптары мемлекеттік мекемеде бұзылады. Көпшілікпен қатар отырып тамақ ішуге арланатын лауазымды қызметкер үйіне барсын.
Мен Жібек Әмірханова деген қарындасты білуші едім. С.Иманасовтың күнделігін оқып, оның кейбір жөнсіз қылықтарына ренжідім. Ақын-жазушының негізгі кәсібі — жазу. Ал енді бүкіл қазаққа белгілі қаламгерге, Сәкен Иманасовқа "Неге мақала жазасың? Өзің туралы, ақындық лаборатория туралы жазба" деу әбестік. Жалпы, бұл лауазымды қызметкерлердің көпшілігіне тән қасиет. Қарауындағы қызметкерлерді кісі демейтін, оларды тұқыртып ұстағаннан рахат табатын шенеуніктер аз емес. Сол шенеуніктер қарауындағыларға өз қалтасынан, өз есебінен айлық төлеп отырғандай кейде шектен шығып кетеді. Бүкіл қазаққа әйгілі Сәкен Иманасовтың облыстық әкімшілікте көрген құқайы мынандай болғанда, басқалардың жағдайының қандай екенін халық айтпаса да түсінер.
Жалпы, осындай мақалалар керек. Бұл секілді материалдар неғұрлым көп болса әкімқаралар шектен шықпас еді. Асып-тасып ойына келгенді істемес еді-ау деп ойлаймын. Қазақ баспасөзі бұл мәселеге келгенде жасқаншақ, жалтақ. Қолына билік тиген адам мемлекет қазынасына қол салады, қарапайым елге қиянат жасайды. Шіренгенде көкірегі кек тірейді. Ондай басшы көпке ұнамайды. Қазақстанда сондайлар аз ба? Солар туралы жазыңдар, айналайындар. Күштің халықтың қолында екенін білсін олар.
Қ. Жаңбырбаев, зейнеткер.
Павлодар қаласы.
Ақын күшті ме, әкім күшті ме?
Осы сауалды тақырыпқа шығарып тұрып, өздерінің өкпе-наздарын баспасөз бетінде ортаға салған біраз ақынды білуші едім. Солардың сол жазғандарын оқығанда: "Ақынды әкіммен салыстыру ақылға сия ма? Әкім, мықтағанда, өлгенінше әкім болар, ақын өлгеннен кейін де ақын болып қала бермей ме. Сезім жетегінде кеткен кезде адам не демейді", — деп ойлағаным да есімде. Ал ақын Сәкен Иманасов күнделігінің журналда жарияланған кейбір беттерін оқығаннан кейін менің осы пікірім табан астында өзгеріп сала берді.
Рас, бұрын-сонды бірде-бір ақынның не жазушының күнделігін көзінің тірісінде оқып көрмегендіктен бе, әйтеуір, осы жарияланымға мен алғашында таңырқай да, тосырқай да қараған едім. Бірақ күнделік беттерін оқи келе, редакцияның бұл қадамға эксперимент ретінде әдейі барғанына және осы әдістің өзін ақтап шыққанына көзім жетті. Сәкен күнделігін өз басым жеңіл оқылатын, неше түрлі мінез-құлықтар қақтығысын алдыңа жайып салатын, түсінген адамға айтары мол ойлы дүние деп қабылдадым. Бәрінен де ақынның ұстанған позициясы — біреуден өш алайын, кек қайтарайын деген пенделік пиғылдан бойын аулақ салғандығы ұнады. Жуырда жаба тоқымай, ешбір фактіні өз пайдасына қарай икемдеп бұрмаламай, болған оқиғаны болған күйінде ешбір боямасыз баяндап шыққандығы көрініп тұр.
Аз уақыттың ішінде Сәкен екі бірдей әкіммен істес болып үлгерген екен, Заманбек бауырымыз, қалай дегенмен де, өзі де өлең жазатын, ақындардың көңіл-күйін тап басып түсіне білетін ақыжанды азамат қой. Қандай жағдайда да сыпайылықтың шегінен аттап өтпепті. Ал Шалбай ініміз жайында оқи бастағанымда-ақ Қадыр Мырза Әлидің:
Қазақ жайлы ойымды өзгертпейді,
Бермей қойған Шалбайдың бір бөлмесі! —
деген өлең жолдары тіліме орала кетті. Бұл — ақынның налуы емес, көңілінің қалуы екенін, әкім күшті ме, ақын күшті ме деген әңгімелердің осындайдан қоздайтындығын да енді ұққандаймын.
Қадырдың жаңағы жыр желісі былай жалғасушы еді:
Құдай бізге ақындық атын берді,
Ақын жайлы оқыдық өкімдерді.
Басқа түгіл,
Өзінің назымен ол
Кіргізеді тарихқа әкімдерді!
Иә, қазақтың арқалы ақыны Сәкен Иманасов та талайларды тарихқа өз қолымен жетектеп әкеліп кіргізген екен...
Сатыпалды Даумов, ақын. Алматы қаласы.
Бұларға қоса редакция қоржынында тағы біраз хат-пікірлер бар екен, солардың ішінде елеулілері ретіндегі бір-екеуіне тағы тоқтала кетейік.
Шенеуніктердің бет-бейнесін көрдік
Шолақ байталдың құйрығындай мына фәни жалғаннан өзіне өлшеп-пішіп берілген аз ғана ғұмырында қу тірліктің шарапатын кесапатынан, әлсізін ұрдажық әлдісінен қорғап, ағынан қарасын ажыратамын деп әуреге түсіп, жанын жалдап жүретін адам екеу болса, соның бірі ақын екені ақиқат. Ал, ақын Сәкен Иманасовтың "Парасатта" жарияланған мақалаларын оқып шыққан адамның осы тұжырымға әбден сеніп, ден қояры тағы даусыз. Жүрегін жарып шыққан жырында да, замандас, қатар-құрбылары мен қарапайым жамағаттың қалың ортасында да өзінің өршіл үнімен, бет-жүзіңе қарамастан дұрысыңды — дұрыс, бұрысыңды бұрыс деп тура сөйлейтін ақын бұл жолы да сол мінезінен титтей де ауытқымапты.
Құдайдың құдіреті шығар, заман, қоғам, әлеумет қанша өзгеріске түсіп, көненің орнына жаңа, жаманның орнына жақсы келіп жатса да, кейбір шонжарлардың, солардың шаш ал десе бас алатын жандайшаптарының мінез-құлқы міз бақпай, сол күйінде қала беретінін қайтерсің?! Еліміз өз алдына отау тігіп, іргелікке қарай ілгері басқанына он жылдан асса да әлгіндей шонжар-шенеуніктер табиғатының мән-мазмұны өзгерместен, "көн қатса қалыбына барадының" кебінде қала беретінін көріп жүрміз. Олар кешегі партаппарат деп аталатын мемлекеттік машинада жүргенде де солай еді, бүгін де солай. Тіпті қазір көп жағдайда заңның орындала бермейтінін, айтылған сынға жауап беру міндет емес дегенді (үлкен бір қателігіміз осы болып отыр) арқаланып, елді басқару мәдениеті, қарым-қатынас этикасы дегенді белден басып, небір дөрекілілікке, өзіне қажет жағдайда жаның жиркенетін жағымпаздыққа баратын болды. Әрине, ақынның әкімшілікте қызмет істеген кезінде өз көзімен керген шонжар-шенеуніктердің жақсылы-жаманды, ілгері-кейінді қылық-қылуларын, мінез-құлқын жұртшылыққа жария етпей, өзімен бірге мәңгі жұмбаққа ала кетуі мүмкін емес нәрсе.
Ал, әкімшілік ше? Әкімшілік Сәкен Иманасовтай үлкен ақынды Чеховша айтқанда "свадебный генерал", яғни "той-бедел" ретінде тұтынбақшы болды. Өйткені, Сәкен — таланты аузы дуалы, тілі өткір ақын, халықтың адамы. Бұл әкімшіліктің біз халықпен, интеллигенциямен біргеміз деуі үшін таптырмас дәлел болуы керек еді. Бұл ежелден бар әдіс, ежелден бар үрдіс. Бірақ олай болмай шықты. Ақынның құдай берген болмыс-бітімі бұған келмеді, шеңберге иіп әкеліп, илеуге көнбеді. Ноқтаға басы сыймады. Әкімдер мен шенеуніктер тек орындаушы ғана керек болса, ол өзінің шығармашылық тұлға, қайраткер екенін ісімен де, сөзімен де көрсетті. Сөйте жүріп, олардың ішкі дүниесін, табиғатын зерттеді. Біз мақаладан Т.Қожақапанов, Ж.Әмірханова, М.Мұсабаев сияқты шенеуніктердің бейнесін көрдік.
Рас, "Парасат" журналы С.Иманасовтың Алматы облыстық әкімшілігінде өткізген күндері туралы материалын жариялағанда сондағы біреулердің ар-намысына тиіп, енді біреулерді әшкере қылайын демеген шығар.
Бұл күнде өлең емес, өзін елге
әйгілеп жүргендердің көзі менде.
Кім білсін, ескі жара ұшыққандай
астынан су шыққандай сезінер ме, —
деп ақынның өзі айтқандай, осы материалды оқыған кейбір шонжарлар мен олардың жарнамашы, жандайшаптары соның ішінен өздерінің қылығын, ісін, жиіркенішті әдеттерін көрген болуы әбден ықтимал. Сірә, "Парасаттың" бірнеше нөміріне шыққан бұл материал талайлардың әкімшілікке барар жолын кескен де болуы мүмкін. Ендігі жерде шенеуніктер қызметке әкімдерге, үкімет басшысына, Елбасына арнап жыр жазатын дифирамбистерді болмаса былайғы таза шығармашылық тұлғаны, оның ішінде С.Иманасовтар секілді азулы ақындарды, өз аппаратына жұмысқа ала қоймайтын шығар. Өйткені, олардың ішінде қоғамдық жүйе, басқару жүйесі өзгерді, адам өзгерді, енді пікір де, көзқарас та өзгеру керек, адамдардың ішкі инициативасымен есептесу керек деп білетіндер, әттең әлі де некен-саяқ.
Ал, шенеуніктерді шенеп отырудан қоғамға пайда келмесе, зиян келмейді.
Мырзан Кенжебай, Алматы қаласы.
"Қазақ әдебиетіндегі" менің атыма айтылған ауыр-ауыр сөздер біршама ашынырып, жанымды қинай берген соң "Парасат" журналын құшақтап Ұлықбек Есдәулетке бардым. "Осылай да осылай, мен де жаны аяулы жақсының бірі емес пе едім, біреуді мақтау арқылы екінші адамға жөн-жосықсыз соқтығып, арына тиюдің қандай реті бар еді?" — деген тұрғыда сөйлесіп көрген болдым. Әрбір барымтаның қарымтасы да болатынын қатты ескерттім.
Ұлықбек, обалы не, журналдағы менің Заманбекке қарата айтқан пікірлерімді түгел оқып шығып, едәуір үн-түнсіз отырып қалды. "Апыр-ай, маған жұрттың бәрі: "Сәкен ақын "Парасат" журналыңда ай сайын Заманбек Нұрқаділовті аямай ұрғылап жатыр" деп еді. Бұл қалай болғаны?" — деп дағдарды.
— Ұлықбек-ау, сен іс басында отырған ресми адам емессің бе? Жұрттың айтқанына малданбай, "о қандай пікір екен, өзім де оқып көрейін", — демеуші ме едің. Жоқ, Көпенге еріп сен де сатылып жүре бердің бе? — дедім күйініп. Ол жерге қарайды. Мен оған осыдан бес-алты күн бұрын жазушылар одағының екінші қабатындағы фойеде Көпенмен кездейсоқ кездесіп қалғандағы бір секем алғанымды айттым. "Көкшіл көздері біртүрлі күлмең қағып, жүзіме жылмия қарағаны жаман еді. Соңында "әй, бәлем, тұра тұр" дегендей бірдемесі бар болды ғой.. Мен пақыр осы жігіт менен бір нәрсе сұрағалы жүр ме деп ойлаппын", — дедім.
— Қай күні дейсіз? — деп қайталап сұраған Ұлықбек.
Мен сейсенбі, сәрсенбінің бірі екенін айтқанмын.
Ол бас изеген де қойған. Ұлықбектің не ойлағаны өз ішінде қала берді де, мен сол тойғаныммен жөніме тартқанмын.
Сол сыңаржақ сұхбатты жүргізген Көпен болса, Қарағанды жеріндегі Ағыбай батыр тойы үстінде бір топ үлкен-кіші азаматтар көзінше (облыс әкімі, оның орынбасарлары, Балқаш қаласының әкімі, Сейіт Қасқабаев, Жұмағали Исмағұлов, Жүрсін Ермандар бар еді) менен кешірім сұрады. "Былғарын былғап алып сұраған кешіріміңе болайын" дегім келіп бір тұрдым да, жұрт көзінше тұқырта бермейін деп, тағы да үндемей қалған болатынамын.
* * *
Дәл осы күндері маған белгілі қаламгер Ғаббас Қабышұлы телефон соғып, "Қазақ әдебиеті" газетіндегі сыңаржақ сұхбатқа күйініп отырғанын, соған орай редакцияға хат жазғанын айтты. "Бопты, — дедім мен, — дұрыс екен оныңыз!"
Бірер күннен соң Ғабекең: "Пәлі, қызық болды ғой. Ұлықбек менің әлгі хатымды жариялағысы келмейді. Азат да безер болып жолатар емес. Сен "Жас Алаш" газетінің редакторымен сөйлесіп көрсең қайтеді, соларға апарып берейік, — деді, — Араласым шамалы еді, бетімді қайтарып жүре ме!"
"Жас Алаш" редакторы Жүсіпбек бірден лып етіп: Әкелсін, аға, басамыз!" деген. Мен Ғабеңе соны жеткізіп, телефон трубкасын тұғырына қондыра бергенім сол еді, әне-мінеге жеткізбей Жүсіпбек қайта тілдесіп: "аға, әлі хатты баса алмайтын болдық. Газет бір-бірімен айтысып жатуы ыңғайсыз деп ұйғардық", — деп тұр.
"Бопты. Өзің біл!" — дедім мен.
Ғабеңнің сол хаты мынау болатын:
Сұхбаттың да сұрауы бар
Қадірлі "Қазақ әдебиеті", шілденің 12-сі күнгі санында (Заманбек Нұрқаділов пен Көпен Әмір-Бектің сұхбаты жарияланған екен, соны оқығаннан кейін өзіңе мына бір ойымды жеткізгім келді.
Облыстық газет редакциясында он жыл, осы әдеби апталық ұжымында тоғыз жыл, "Ара-Шмель" жорналында бес жыл қызмет істеген тәжірибем, әлі қол үзбей жүрген (иншалла, қаламыма ие болудан қол үзбеспін де!) жорналшылық қаракетімнен түйгенім: қай редакцияның болсын жұмыс жоспары болуы шарт. Елдің, қоғамның (өзінде — әдебиеттің) мерейі үшін нендей мақала, нендей сұхбат ұйымдастыру қажет және қай мақаланы кім құнды да әділ жаза алады, кіммен сұхбатты кім шырайлы да шын жүргізе алады, міне, бұл алдын ала ойластырылып, дер кезінде орындалып отырса онды болмақ. Үлкен-кіші қай ұжымда да жоспарсыз іс — әу бастан беймәлім "көре жатармыз" әрекет. Мұны айтқанда мен Заманбек пен Көпен інілерімнің сұхбаттасуға құқығы жоқ демек емеспін (қазекем о баста "құқ" деуші еді, біз "құқық" дейтінді шығардық қой!). Ерік өздерінде. Бірақ, "Қазақ әдебиеті" мақаланың да, сұхбаттың да бас таразышысы өзі болуға тиісті екенін, бірауыз сөзі үшін әдеби қауым, барша оқырманы алдында жауапты екенін үнемі ескеріп отырғаны жөн болар (ой-пікір таласы ретімен берілетін жарияланымының орыны басқа). Ал мына сұхбатты жариялауы — ағаттық жіберіп алғаны. Себебі: ұзын сөздің бір ұшығы өзінің көп жылғы авторларының бірі, қазаққа мәшһүр ақын Сәкен Иманасовтың ар-намысына тиіп жатыр. Құдайдың бергеніне шүкір, мен қашан болсын, кімнің алдында болсын ар-ұятымның ғана сөзін айтамын, яғни, маған Сәкен де керек, Сергей де керек, Симон да керек. Тек Азамат болсын. Өзім 1970 жылдан бері білетін Сәкен Иманасов — Азамат! "Керісінше екенін дәлелдей аламын!" дейтіндер болса, дәлелінен дәлел асыруға дайынмын. Бұл — Заманбек ініме құлаққағыс. Ол мынау сұхбатында Сәкеннің "Парасат" жорналындағы естеліктеріне назарын бұра, аузына сөз салған Көпеннің сұрағына жауап бере келе Сәкен туралы: "...бірақ, адам ретінде, өмір бойы дау-дамай іздеп, әр айтылған сөзден "тырнақ астынан кір іздейтін кісі ме деген ойда қалдым" депті. Тым орынсыз, тым ауыр баға.
Осы тұста есіме мына бір жәйт түседі: 2000 жылдың күзінде марқұм Әнуар Әлімжановтың 70 жылдығын атап өтуге Талдықорған өңіріне бардық. Екінің бірінің тойында болып жататын: ат жарысы, ақындар айтысы, палуандар белдесуі бұйырмай, құр сөз бен ас та төк тамақ, ағыл-тегіл арақ жол салған сол жиынның бір әредігінде аудан белсенділерінің бірі екі-үш жолдасымен оқшаулау тұрған Сәкен Иманасовты мегзеп: Сәкен ағамыз Заманбекті мақтаймын деп абыройынан айырылып жүр, — дегені. Мен: "Әй, інім, мақтарыңды мақтай алмағаннан құдай сақтасын! — дедім шын ренжіп. Белсендіміз бетсіз бетін ары қаратып кете барды. Сәкеннің Заманбек хақында жап-жақсы мақаласын оқығанмын, риза болғанмын. Алакөлдің жағасында оңашалана қалғанымызда Сәкенге: Заманбекпен сыйыса алып жүрсің бе, екеуіңде: "Бәйге менікі!" дейтін мықтысыңдар ғой?" деп әзілдедім. Ол әдетінше қарқылдап күліп: Бәйге екеумізге жетеді. Тек кейде мен Зәкеңнің қайсыбір тапсырмасын орындай алмай қаламын, тікелей бастығым Жібек Әмірханова ғой, соған барып: "Зәкең маған мынадай бір тапсырма беріп еді" деймін. Тікелей бастығыңнан секіріп кетуге болмайтынын білесің, ал Жібек: Ой, оны өйтуге қазір мүмкіндік, қаржы жоқ қой, Зәкеңмен өзім сөйлесемін, түсіндіремін, — дейді. Оны Заманбекке барып қалай айтамын, Жібек түсіндірген шығар деп жүремін. Сол "бағыныштылығыма" Заманбек наразы болып қалғанын сезінгенімде тура өзіне барып айтқан кездерім бар, ал жалпы дұрыспыз, — деді. Әнуардың 70 жылдығы Жібек Әмірханованың "арқасында" жетім қыздың тойындай болғанын маған құлаққағыс еткен емес, ол сұрқай тойдың қалай өткенін, егер жаңылмасам, Әмірхановаға жазып жеткіздім білем. Кеш болса да, бір өкінішім — сондағы ренішті облыс әкімі Заманбектің өзіне баяндамағаным. "Әкім сырқаттанып келе алмай қалды" дегенді естіген соң мазаламайыншы деп ойлап едім.
Сөз ыңғайына қарай айта кетейін: Әнуардың тойы алдында Қабанбай бабамызға орнатылған ескерткішті ашу рәсімі болды. Мен: "Рәсімде ескерткішті жасаған мүсіншіге, сәулетшіге, қаһарман Қабанбай өмірінен қос кітап жазған Қабдеш Жұмаділовке сый-сияпат көрсетіледі, иықтарына бір-бір шапан жабылады" деп кәміл ойлап тұрдым. Жоқ, олай болмады, шапан Заманбектің тойға қатысқан бір орынбасарына бұйырды. Ол мырза (аты-жөні есімде қалмапты) бір сот те ыңғайсызданбады, екі езуі екі құлағына жетіп тұрды. Сірә, Қабанбайға ескерткіш жасатқан да, орнаттырған да, Қабдешке қос кітап жаздырған да сол болса керек. Аудан басшылары жағымпаздықтың және бір сорақылығын солай көрсетті. Сәкенді де ашындырған, ширықтырған, қолына қалам алдырған сондай бейшаралық әрекеттер емес пе?
Сәкенің "Парасат" жорналында жарияланған жазбаларын және оның "Қалам мен заман" кітәбін мұқият оқыдым да, Азамат Сәкенді тани түстім. Ақиқатқа дау айту — ақиқатқа қиянат. Кім туралы болсын ойын, тұжырымын қажетсінсе соның көзіне тура қарап айтатын және көбіне дұрыс айтатын Сәкенді "тырнақ астынан кір іздейтін" кісі ме деп қалып жүрген құрметті інім Заманбекке: — Азамат ағаңның "Қалам мен заман" кітәбін байыптап оқып көргейсің! — деймін. Ол өзі куә жәйттерді ғана жазған, ешкімді құстаналамаған. Өзіңе де жала жаппаған және кітәбінде жазылған жауаптасу сөздерді кімге болсын: Заманбекке ме, Жібекке ма, Шалбайға ма... сол күні, сол сағатында, сол минөтінде көзбе-көз айтқан екен. Тырнақ астынан кір іздейтіндер ондай тура сөзден аулақ жүреді. Сырттай пыш-пышқа, домалақ хатқа құмар болады.
"Тура сөйлеген туғанына жақпайдыны" бекер дегіміз келмесе, "маған сөйледі, менің досыма, жолдасыма, туысыма сөйледі" деген тым жұқа желеумен шындықтың бетін бүркеу әбестік болар. Шындықтың үлкені, кішісі жоқ, бәрі де айтылуы керек. "Бас жарылса — бөрік астында, қол сынса — жең ішінде" деудің пайда-зияны бірдей. Ұжымдағы кемшін тірлік — сондағы адамдардың мінез-құлқындағы кемістіктің көрінісі. Ұжым мүшелері бірі мен бірі үнемі ашық сөйлесіп, бірін бірі сыйлап, бірін бірі түсінуге құлшынып жүрмесе, онда ол ұжым дімкәс дей бер, ал оның дімкәстігін жасыру — жалған намыстың нақ өзі! Мен де талайды көргенмін. Жорналшы-жазушылық өмірімнің қырық жылы облыстық, республикалық ресми қызмет орындарында өтті. Сондағы қилы-қилы жәйттердің біразы Сәкеннің естеліктерінде жаңғырып жатыр. Пендешілік те өрісті той! Ал мінезіміздегі, ісіміздегі "оны-мұны" құдайдан жасыра алмағаннан кейін өзімізбен аралас-құралас жүрген ішкі-сыртқы көпшіліктен жасыру әдет жараспайды. Әйтсек, бірдеңесін жасырған мысекеңе ұқсап кетеміз.
Ал Көпен інім туралы айтсам, оның пысықтығында, жазғыштығында қостарым да, түсінбесім де жетерлік. Күлкіні ешбіреуден сұрамайды. Керек ісін ұйымдастыру шеберлігіне небір ептінің қызығатыны даусыз, тек кейде: "Менен басқа кім не білуші еді?!" деп төтелеп, адасып кететіні бар. Білгендіктен "Ара" газетін шығарды. Қуандық, құптадық, жазыстық. Жауып тынды. Білгендіктен "Көпен келе жатыр" деп театр ашты. Қуандық. Жылына бір көрінер-көрінбес күйде. Білгендіктен "Нақ-нақ" деген әзіл-сықақ айлық жорналын ашты. Қуандық, жиналдық, жаздық. Екі жылда бір саны шыққанын естідім. Сірә, ол да жабылып тынды-ау. Содан, не керек, қолы қалт еткен де "Түркістан" газетіне сұхбат беріп, "қазір қазақта сатира жоқ" екенін мәлімдеп, бір бұрылысында: "Қазақ сатирасының тарихында Ғаббас Қабышұлы мен Үмбетбай Уайдиннің орыны жоқ" деп қаулы шығарыпты. Бәрін білетін ол Ұмекең екеуміздің де қазақ сатирасына оның қаулысынсыз келгенімізді және әзіл-сықақ тарихында қалар-қалмасымыз оның қолында еместігін, сондай-ақ, Ұмекең екеміздің тарихта қалу үшін "ешкіні — апа, текені — жезде" деп өлерменденіп көрмегенімізді білмепті. "Нақ-нақ" туралы бір хабарласқанында Көпенге "қаулысына" ренішімді емес, ағалық таза назымды айттым. Ол: "көке, мен олай деген жоқпын, "Түркістанның" тілшісі былықтырып, мен олармен сөйлесемін!" деді. Е, мейлі. Сол "оқиғадан" бірер апта еткеннен кейін біз Оспанхан Әубәкіровтың үйінде ұшырастық. Осекеңнің туған күні еді. Сәл кеш келген қызу Көпен Үмбекең екеуміздің алдымызға жығылып: Айналайын көкелерім, алдарыңызда айыптымын, мына жұрттың көзінше екеуіңізден кешірім сұраймын! — деп жыларман болды. Үмбекең әдетінше ақырын ғана: — Жә, жә, ондай-ондай болады ғой, — деді. Мен "Қателікті қай жерде жасасаң, кешірімді сол жерде сұрағын. Біз бәрін де кешіреміз. Оны қоя тұр, әлгі "Нақ-нағымыз" қайда, не болып кетті? Өзің дәл қазір не бітіріп жүрсің, соны айтшы! — дедім. Көпен: О, көке тамаша жаңалағым бар, мен Астанада, Иманғали Тасмағамбетов ініңіздің қабылдауында болдым, анау "Ара-Шмель" жорналымызды қалпына келтіретін болдым, Иманғали жеті миллион теңге бөлдіретін болды! — деп күлімдеп. "Бәркеледі!" — дестік біз. Үмбекең, Есенжол Домбай т.б. бар. Қатты қуандық. Қуанбағанда ше?! Енді бүгінде... Көпекең бәрін бүркеп қойып, "Сатира стадионында" жүр. Жүрсін-ақ! Алайда, өзі бек жақсы білетін Сәкен Иманасовты "тырнақ астынан кір іздейтін кісі екен" деген ағат сөздерің қаламының ұшымен ілігі алып тастай салса, Заманбек оны жер аударып жібермес еді. Егер Көпен де Сәкеннің кім екендігінен шын хабарсыз болса, оның да жоғарыда аталған кітәпті оқып шығуын қалаймын.
Ғаббас Қабышұлы. 14.06.2002 ж.
Құрметті "Жас Алаш!
Бұл мақаланы әдеби апталығымыз жарияламайтын болды. Өздерінің қызметкері Көпен Әмір-Бектің атына "артық" сөз айтулары ыңғайсыз көрінеді. Сократ шалдың: "Платон менің досым, алайда маған ақиқат қымбат" деуі бекер сияқты ма, қалай...
Мақаламды өзіңе ұсынғанда екі газетті шеңгелдестіруді ойламадым — құдай сақтасын! Жазушы болған соң қай-қайсымыз да қуаныш, реніш атаулымызды өзіміздің әдеби газетімізге айтуға бейілміз ғой (өзім әрқашан солаймын), ал оның дәлелсіз себеппен қолымызды қаға салатыны түсініксіз.
"Жас Алаштың" Заманбек інімізге "қырындап" қоятынын да білемін, соны пайдаланып қалу да ойым жоқ. Ол — өз шаруаларың. Көзім жетпегенге қыстырыла кетпеймін. Менің бір ғана білетінім — Заманбектің істің адамы, кесек, кейде қыңыр қимылдың кісісі екендігі, ал Сәкеннің ешқашан тырнақ астынан кір іздейтіні, шындықты ғана серік ететіні, өзі ақиқат деп білетінді тура айтатыны анық, ол мінезіне "Қалам мен заман" кітәбі және бір дәлел деп білемін.
Ғаббас.
2002 жылғы шілденің 29-ы.
Құрметті "Жұлдыз"!
"Жас Алаш" та жарияламады мұны.
"Сыбайлас жемқорлық" демекші, біздің қазақ баспасөзінде "өздерінің адамдарын" сыбырластық-сыбайластық бүркеп қалып жүретін сырқат бар. Соның мына дәлелін өзіңе ұсындым. "Ер кезегі үшке дейін" ғой.
Ғаббас.
20. YIII. 2002 ж.
* * *
"Жас Алаш" газеті барынша әсемдеп, оюлап, әспеттеп, айшықты айдар, "ажарлы" тақырып қойып, әйтеуір қолдарынан келгендерінше алтынмен аптай, күміспей күптей отырып жариялаған (28 қараша, 2002 жыл) Алматы облысы әкімінің бір кезгі орынбасары Жібек Әмірханованың қақалып-шашалып, шала бүліне шабаланған "қатын ойбайына" да бір-екі ауыз сөзбен жауап бере кетпесем болмайтын сияқты. Және бір қызығы, осы газеттің Бас редакторы Жүсіпбек Қорғасбек інімнің осынау жаңа орынға ауысқаннан кейінгі бірер ай мөлшерінде көшеде кездейсоқ ұшырасып қалып, мені тоқтатып қойып: "Кітабыңызды оқыдым, аға, шындықты шырылдатып-ақ айтқан екенсіз. Әсіресе, Дархан Мыңбай екеуіміздің (Оңтүстік Қазақстан облысы әкімнің орынбасары) түні бойғы бір әңгімеміздің арқауы сіздің кітап болғанын айтайын деп жүр едім, жақсы кезіктіңіз", — деп ағынан жарылғаны бар болатын. Сол жігіт енді аяқ асты бұлт аунап түсіп, мені тілі жеткенше балағаттатқан Жібектің көл-көсір көбік мақаласын жариялап отыр. Мұндай да жалған сөйлеп, жалт беру, мұндай да тайғақтық бола береді екен-ау! Басынан аяғына шейін әр сөзінен ақ ит кіріп, қара ит шығып жатқан былапыт мақаланы басуға аяулы газеттің қалай ғана дәті барды екен деп те ойлайсың...
Мен Жібек туралы кітап жазған емеспін. Бар болғаны бүгінгі билік механизміндегі кейбір келеңсіз тұстары, соның басы-қасында әлі де ескілік етегінен айрылмай келе жатқан адамдар отырғанын айтқан болатынмын. Соларды баяндау барысында бірер тұста Жібек не Жібек сияқтылардың аты аталып отыруы әбден заңды да еді, яғни ол бар болғаны жанама кейіпкерлердің бірі ғана.
Сондай-ақ кітап ішіндегі өлеңдер де жекелей ешкімге арналмаған, бір жерінде Жібектің аты жоқ, жаңағы Жүсіпбек өзі басқарып отырғанда "Қазақ әдебиеті" газетінде жарияланған (2001 ж. тамыз не қыркүйек айы болар, шамасы). Бас редактор ретінде өзі құптап қол қойған өлеңдер еді. Кітап тақырыбына әуендес-сарындас болған соң әдейі араластырып бергенмін. "Пәленге", "түгенге" деген арнауы да жоқ. Тап-таза көркем шығармалар. Ал егер "ұрының... қуыс" дегендей, "осы мені айтып отырған жоқ па екен, мынаусы мен емес пе екем?" деп секем алып, ақын жасаған жағымсыз образ өз болмысына дәлме-дәл келіп үйлесе кеткендер табылып жатса, амал не, автор тек қуанады да, қайтеді.
Мен өз кітабымда Жібектің атына қарап жанға тиерлік ащы сөз айтпаған да едім. Тілім қыши тұра көбіне тартына бергенмін. Тек болғанды болған қалпында, естіген-көрген адамдарға сілтеме жасай отырып, күнделікке түскен күйінде беруге тырысқан болатынмын. Жібек оның біріне де қарсы дау айтпайды. Қарсы қояр дәлелі де болмаса керек. Тек көгеріп-сазырып, бастан аяқ байбалам сала ғайбаттай берген.
Өз мақаласында ол Ермек Серкебаев, Шерхан Мұртаза, Өтежен Нұрғадиевтардың аттарын атап, сол бір есімі елге белгілі азаматтар мен менің арама сызат түсіруге тырысып-ақ бағады. Ермек Серкебаевты барша қазақ сияқты мен де қадірлеп сыйлаймын. Бірақ әйелім екеуміз қатар отырған өзіме тиісті орнымды бере қоймағаным рас еді. Оны кітабымда тәпіштеп езім жазғанмын. Ерекең оны әлдеқашан ұмытып та кеткен шығар деймін. Тек қайта жаңғыртып жұрт есіне салып отырған Жібек болмаса.
Өтежен туралы да жазғанмын. Құрдасым ретінде оны өзіне де айтқанмын. Ол күлген де қойған. Өйткені "Түркістан" газетіне берген бір сұхбатында ол Заманбек Нұрқаділовке жөнсіз барып соқтығады. Жібек екі-үш сөзін мысалға алып отырған Жарасқан Әбдірешевті жерлеу кезінде мен Өтежанға бір топ адамның көзінше: "Сенің Заманбекте нең бар, ей, осы?" дегенім бар. Ол: "Әйтеуір құлағына жете берсін дегенім ғой, пәтер беріп қала ма деп" деген. "Ал жетті, — дедім мен. — Тіпті ол Өтежен Нұрғалиевті білетін бе едіңіз, ол кім?" — де те сұрады менен. "Ал сен не жауап бердің?". "Не дейін, идиот. Әйтпесе Алматы облысының әкімі жазушы біткенге пәтер беруге міндетті емес қой", — дедім. "Дұрыс, сенің пайдаңа бір де нөл", — деп Өтежен кеткен. Жоқ жерден "қайнағам ед" деп, Жібек оның да аузына сөз сала кетпек болыпты.
Шерхан Мұртазаға келейік. Жібек айтып отырған сонау бір Ұзынағашта өткен кітап мерекесіне мен Астанадан бірер күнге Алматыға Шерағанды зорлағандай қолқалап, қоярда-қоймай әрең көндіріп өзім алып барғанмын. Өйткені мереке сценарийі бойынша ақын Тұманбай Молдағалиев екеуі бір прозашы, бір ақын жасқа ағалық ақ баталарын беруге тиісті еді. Мереке меймандары (ақын-жазушылар, баспагерлер) бірнеше киіз үйге бөлініп орналасқан. Өзіме жүктелген міндет ауқымында мен сол үйлердің қай-қайсына да еркін кіріп, қонақтардың хал-ахуалын біліп жүруге тиісті едім. Шерағаң отырған үйге де бірер кіріп шыққаным бар. "Мен осы үйге түсемін, осында отырамын" деген жерім болған жоқ. Бұл күйе-жаланың бәрі Жібектің өз фантазиясынан туған бірдеңе болған да шыққан, әйтпесе ондай әумесер "ерлікке" менің бармайтынымды елдің бәрі біледі ғой.
"Күнделігінде жазыпты: "Жібек Талдықорғанда бармай, алақан жайып жүр деп", — дейді Жібек. Апыр-ай, ондай сөз жазбақ түгілі, ешқандай емеурін де білдірмеген сияқты едім деп, өз шығармамды бастан-аяқ тағы бір сүзіп, түгел оқып шықтым. Бәсе, ондай сөз атымен жоқ. Сірә, ол өз күйзелісінен туған күрсіністі де қыза-қыза келе маған тели салған болуы керек. Әйтпесе мен үшін Жібектің қайда барып, қайда қойғаны не үшін керек?
"Өзі "Жазушы" баспасындағы жиырма жыл" деген естелігінде былай жазыпты: "Есағанды (Есет Әукебаев) Бас редакторлықтан желкелегендей болып жүріп әрең кетірдім-ау. Зейнетке шыққысы келмей, кетер алдында мүлдем беймазаланып, жұртты ығыр етіп те біткен болатын", — депті Жібек. Бұл жерде "кетірдік" сөзінің "кетірдім" болып кеткенін кітап редакторы Байбота Серікбаев та мойындаған. Мен де мойындаймын.
Одан әрі: "Облыстың жаңа әкімі Шалбай Құлмаханов біраз тапсырыс беріп, оның күнделікті жұмысқа қырсыздығына көзі жетті", — дейді Жібек. Шалбай маған жекелеп бірде-бір тапсырма берген емес. Бар болғаны ол екеуміз екі-үш-ақ рет бетпе-бет кездестік. Егер шынымен де "қырсыздығыма" көзі жеткен болса, онда тағы да Жібектің айтуымен жеткізген болып шығады. Сірә, осы соңғы күмәнім рас та шығар-ау!
Өз мақаласын Жібек Әмірханова: "Әкімшілікті дүр сілкіндірген он сегіз ай" немесе "тым жоғары етекті абысын" ағайдың күнделігі" деп атап, Бөлтірік бидің: "Өзіңді-өзің түсінбесең, басқа түсіндірісін жайынды" деген сөзін эпиграф етіп алыпты. Онысы мені біржолата тұқыртып, естен танғысыз ете мұқатып тастадым дегендегісі болса керек. Бұл ретте оның аузынан шығар-шықпас әр сөзін қағазға қалтықсыз түсіріп, ыждаһаттықпен көшіріп шыққан "песірлеріне" де жаның ашиды. Қолы-басы дірілдеп-ақ отырып жазғаны (өйткені бастан-аяқ барлық сөзі дәлелсіз) көзге ұрып-ақ тұр.
Жібек, шіркін (бәлки редакцияның өзі болар) менің намысыма тию мақсатымен "жоғары етекті абысыным" дегенге барыпты. Өзім "Құдай жолындамын, қолымда Құраным, аузымда уағыз-ұраным бар" дей отырып осынша безектеп, қайдағыны айтып қазымырлануы келіспей-ақ тұр, қайтерсің.
Ақылы, білім мәдени-мәнері, бет-пішіні, бәдені бөлектеу басқа бір әйел болғанда мен өзімнің еркек екенімді де оп-аңай дәлелдер едім, әркімнің өз іші білсін...
* * *
"Қарнымның ашқанына емес, қадырымның қашқанына жылаймын" деген екен ғой баяғыда біреу. Сол айтқандай, мен өз атыма ауыр кінә таға сөйлеген, болмағанды болғызып отырған ағайынның ащы-тұщы айыптауына емес, ең алдымен әр нәрсенің байыбына барып алмай, яғни, бұл жерде менің жазғандарымды не кітаптан, не журналдағы нұсқасынан бастан-аяқ түгел оқып алмай, елден естігені бойынша,сырттай тон пішіп, беталды лағып сөйлегендерге зығырданым қайнап отырып ызам келгенін, қатты күйінгенімді жасыра алмадым.
Біреудің мұқалғанын, жүйкесінің жұқарғанын көріп рахат табатын, қыбы қана содан ләззат алатын, тілдейді пілдей етуге, түймедейден түйе жасауға құмар антұрғандардың аузына сөз салып, өсек-аянды өршіте түскен қаламдастарымның құдай сүймес қылығына қарным ашқанын айтқым келіп еді. Басу айтар, басалқы болар дейтін азаматтардың өзі "қай жеңгенің менікі" дегендей, әңгімені әрі қарай ушықтырып, "үрит-үриттеп" отқа май құя түсуде. Соған шамданып едім. Ал оқып шығып, мәселенің анық-қанығына көзі жеткен Ғаббас сияқтылардың сөзіне құлақ аспай, жазып бергенін жарияламай отырған газет басындағыларға не дейміз? Осыдан кейін бұл да бір әдейі ұйымдастырылып отырған біржақты пікір дегенге еріксіз табан тірейсің де, баяғы.
Менің кітабымды оқып шыққан азаматтардың бірі: "Заманбектің жеке басына, ары мен намысына тиетін бірауыз сөз жоқ, қайта мақтап отырады екенсің. Сонда саған ол не қылмайсың деп жауығып жүр?" — деп те сұрайды.
Мен қайдан білейін, неғылмайсың дейтінін. Басқасын қойғанда, мені Көпен арқылы қаралатып отырған Ұлықбектің өзі не дерін білмей, күмілжи бергенін жоғарыда айттым емес пе.
Бұл жерде басшы біткеннің өзіне шаң жуытқысы келмейтін "шыбық тимес шиқ етер" әдеті, ауызы қисық па, жоқ па, әйтеуір бай баласын сөйлету дағдысының біздің арамызда да белең алып бара жатуы деп түсіну керек барлығын. Әйтпесе, ақын Ұлықбектің де, редактор Ұлықбектің де менде бес бересі, алты аласы жоқ, оның үстіне менен гөрі Заманбекке рухани жақын еді дегенге де есек миын жеген біреу болмаса, әй, қайдам, ешкім сене қоймасы және анық еді.
Адам аласы ішінде. Аз күндік бас пайдасы үшін, бір-ақ реткі мұқтаж-мүддесін өтеу жолында ешбір шімірікпестен сенің ақ көңіліңді кірлетіп, кірлетіп дегенің не, боқ басқан батпақ табанымен таптап өте шығатын адамдарды да көргенбіз. Өзінің қаншалықты қу, сұм да сұмырай, аяр да арсыз екенін білмейтін адам жоқ, бірақ бәрі де онысын жасырып әлек. Бетіне перде киюмен күні өтеді. Күндердің күнінде сондай мінезі барын жанында жүрген біреу сезіп қалса, болды, сонымен жауласып өтеді.
Осы жерде Абайдың:
Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?
Бір бес күннің орны жоқ аптығарға,
Қай қылығы татиды қу өмірдің
Татуды араз, жақынды жат қыларға! —
деген сөзі тағы да еске түседі.
Жоғарыдағының бәрін жіпке тізіп жатпаса да болар еді. Бірақ "ауызға келген түкірік, қайта жұтса — мәкүрік" дегендей, бір оқталып қалған соң, көңіл кірі айтса кетеді, аяғына жетіп тынуды жөн керген жайымыз бар. Оның, үстіне әңгіменің байыбына бармай, әркім-әркімнен, тіпті ұзынқұлақтан естігені бойынша өзінше топшалап тон пішіп, пікір түйгендерге де бір рет толық жауап беру керек болып еді.
Бар болғаны сол!
Мен де айтарымды айтып болдым деп ойлаймын. Сөз тәмам осымен!
Желтоқсан, 2002 ж.
("Жұлдыз"журналы, 2003ж.)
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі