Сәкен Иманасов есімі қазақ совет поэзиясы әлемінде алғаш естілгелі де ширек ғасырдан асып барады. Өмір мен өлең жолдары қоса өрілген ақынның осы уақыт ішінде әлденеше жыр кітаптары жарық көрді. Бүгінгі әдеби өмірге салмақты сөзімен, сындарлы пікірімен қызу араласып жүр. Көркем аударма саласындағы қызметіне де разылық басым.
"ТЫҢДАУҒА ТУҒАН ДАЛА БОЛСА ДАЙЫН..."
Бұл — ақын мақсатын айқындауға арналған, жинақ атына айналған "Адырна" атты өлеңнің бір жолы. Жоғарыда айтқанымыздай, өлең жолына түскеніне ширек ғасырдан астам уақыт өткен ақынның өмірден айнала адами, табиғи ортадан көргені де, көңілге түйгені де мол болуы заңды. Жақсыны да, жаманды да көріп, сезіп келеді. Бәрі жайында бұған дейін айтқаны да аз емес шығар, әлі де айтары көп екені сөзсіз. Оның үстіне бәріміз жарыса, жамырай айтып келген мадағымыздың мазасы мәнсіз, мағынасы нәрсіз болып шыққанын көріп отырған қазіргі кезеңде бүгінгі сөзіміздің басқаша айтылуы қажет екені де анық.
Қатыгез, тоқырау жылдары берекесі кеткен ар-иманды қалпына келтіруде әдебиетке, оның, өлең жанрына түсер салмақ едеуір. Сана салиқалы, сезім мөлдір болуы үшін ойлы, өткір, қанға дарып, бойға тарар, сүйекке сіңер сұлу да парасатты жыр керек. Біз сөз етіп отырған "Адырна" жинағында осы ниет, осындай мәністі мақсат бар.
Тыңдауға туған дала болса дайын,
бере тұр,
қорамсаққа қол салайын.
Жебенің жеті атасы бар-ау мұң да,
өткір ме — қолыңа алып көрші, ағайын!
Жалқауды төсегінен тұрғызайын,
Жақсының бетін бері бұрғызайын.
қорқаудан қыртың бұрын құтырды ма,
Шіркіннің шырқын бүгін бір бұзайын.
Шығарып қанымызда жоқ қылықты,
үйренген ұрлық-қарлық ептілікті
сақалын саудалаған кәріге ме,
жебем бар бәріне де жеткілікті, —
деп тіс қайрап, жігер жаныған ақын мұраты бүгінгі рухани жүдеуліктің сырын ашып, себебін көрсетіп, емін айтар деген үміт пен сенім біраз ақталғандай.
Рас, жыр жинағының тұтастай бір бөлімнің бүтіндей осы ниет, осы ырғақта шықпағаны да көрініп түр. Бәрі-бір, ақын адырнасының келеңсіздікке қарай көзделген жебелері желден ықтамай, бағыттан аумай жан-жүйелерге тиіп жатқаны ақиқат. Ал мұның ар-намыс, ұят-иман, иба-инабат, ақыл-ой әлеміне сәуле түсірмей, түрткі салмай қалуы мүмкін бе? Әрине, азды-көпті рухани қозғалыс, сындарлы сілкініс тудырарына шүбә болмаса керек.
"ЖҮРСІҢ ТЕК, ЕРКЕҚҰСЫМ, КӨҢІЛІМДЕ..."
Махаббат жырын тек жас ақын ғана жазбайды, махаббат сезімі тек жас адамда ғана болмайды, "Махаббатқа барлық жас та бағынышты" деген мәтел бекер емес. Ендеше махаббат туралы жас ақын, бұла жігіт, бұлықсыған қыз ғана айтар болмаса керек. Бұл — үлкенге де, кішіге де, ақынға да, барлық пендеге де ортақ сезім. Жас күнің, жалын махаббатың туралы аңсау-арманың көз алдыңа ғажайып бір уыз бейне болып тұра қалатын сәттер — есейген шақтың ежелгі шарты, табиғи белгісі. Ендеше, бұл күнде жас ортадан ауа бастаған Сәкен Иманасовтың да махаббат туралы, жастық жайында толғанып-тебіренуі, күйіп-жануы келісімсіз құбылыс емес. Ақын ретінде де, ет пен сүйектен жаралған адам ретінде де табиғилық. Ақынның айырмашылығы — баршаға ортақ осы сезімді, баршаға тән осы заңдылықты өлең тілімен ашық айтуында, сезімінің селкеусіз пәктігі мен жабусыз жариялылығында. Сәкен жинағындағы кеп өлеңдер де нақ осы сипатта. "Жарға арналған жырлардан", "Хаттар сыры" топтамаларында да таза жанды, ыстық қанды, сынық мінез, шок сезімді бейнелер бедерлі көрінген. Ақынмен ақын ретінде де, адам ретінде де мақұлдаспас, пікір үйлестірмес шумақтар да жоқ емес. "Қыздарға" деген өлеңдегідей әдемі әзіл, жарасымды мұң "Жас қыздарға" өлеңінде неге өзгеріп, бұзылып жүре берген? Қыз алдында ешбір есті жігіт бұлай мақтанбас болар! Немесе көп өлеңдердегі тәтті, таза сезімнің, көлеңкесіз көңілдің, құлай беріліп, құштарлана айтылған аңсау сөзінің Жастықпен қоштасарда" өлеңіндегідей махаббатты мазақта, мансұқта етерлік шумақтармен шиырланғаны қалай? Таңдау-.талғаусыздық, нәпсіқұмарлық сыңайдағы сөздер жастың да, жасамыстың да мерейін өсірмесі анық. Мәрт жігіт, нар азамат көрсеқызарлықтан, нәпсіден бойын сақ ұстар! "Қасында сұлулардың көп жантайдықты" бір кезде, қартайған шағында Біржан айтты екен деп бәріміз жаппай жантая берсек, сары жамбас болармыз. "Жоғына жырға татыр періштенің ақыры кеп жетті көзім" деу де жинақта көрінген пәк бейнелерге, бөріміз қызыққан бейнелерге забыр. Жастықпен, сұлулықпен осы жинақтағы "Еркін құсым" өлеңінде айтылғандай: "Жүрсің тек, ерке құсым, көңілімде!." деп қауышқанға (қоштасуды айтпағанда) не жетсін, шіркін!
"ӨКІНІШПЕН КАРАЙДЫ КӨК БЕЛДЕРІМ..."
Иә, өкінішпен қарап тұрған көк белдер көрінісі үшінші бөлімдегі бір ғана өлең емес барлық өлеңнің де жүйке тамыр ларымен байланысты десек, ағат айтылған сөз болмас. Бүкіл тағдыры да, дарыны да дала қанынан жаралған, дала нұрынан нұр алған азамат даласыз өмір сүре алмас. Анасын асыл тұтқан бала да, даласын қадірлеген ардагер аға да, данагөк карт та, жыр толғаған ақын да, жау қайтарған батыр да — осы дала перзенті, осы даланың сырын шертіп, мұңын айтушы, жоғын іздеуші, барына қамқоршы, бағына тілеулес. Сондықтан да бала бойына намыс қанын құйып, жігіттік жігерін жанитын, адамгершілік қасиет дарытатын, төзімділік пен еңбеккерлік ұрығын себетін қарт баба бейнесі, әманда бүйрегі ауылға бұрып, жүрегі ауыл деп соғып тұратын, ата-баба қонысын сағынатын, ата-ана зиратына зиярат етуді мұрат тұтатын азамат аңсауы — баршамызға етене жақын суреттер, елжірей қарар елестер, тебірене сөйлер толғамдар. "Зират" пен "зиярат" сөздерін шатыстырмай айта білу де осы күні таңсық болып қалды ғой! Аласа тартқан көк белестер, тартылып қалған көп көлдер, иесіз жатқан ескі жұрт, балалық шақтың, бозбала кездің жанарға жас тұндырар ыстық естеліктері, ананың аялы алақаны, жеңгенің жарасты әзілі, кінәратсыз алғашқы махаббат сезімі — бәрі де көзге оттай басылады, көңілге тәтті мұң ұялатады. Осындайда Сәкен ақынға өзің де қосылып:
...Барады-ау ұмытылып бәрі-бәрі;
Көңілім көсіліп те жарымады.
Көкейде қалып қойған бала кезден
күндерді дала кезген сағынады, —
деп те:
Ескі ошақтың орны жоқ, болды ғайып.
Қайда барып байыздап, орнығайық!
Үркіп ұшқан көңілдің көгершінін
Енді қалай орнына қондырайық?
Алмақ едім аунатып құмдағына,
Не бетімді айтамын ұлдарыма!
Алдымызда болғандай күнәлі анық
жылап ағып барады жылға мына... —
деп те айтқың келіп тұрады. Осы бөлімдегі қай өлеңнен болса да туған жерге деген перзенттік махаббат, оның өткенін қадірлеу, бүгінін аялау, келешегін көрікті ету туралы ой толғаныс лебі еседі.
Сонымен үш бөлімді бір жинақты ойлана отырып, ыстық сезім отына жылына отырып оқып шыққан жайымыз бар. Екінші бөлімдегі кейбір өлеңдерге өз түйткілімізді де айттық. Әдетте, белгілі бір сыйлыққа ұсынылған шығарма, не кітап жайында бірыңғай мақтау айту бізде дағды да болып кеткен еді. Жер-көкке тигізбей тамсана таңдай қаға салатынбыз. Бұл жолы да сөйтуге болар еді. Бірақ, ол жалған өтірік болып шығады ғой. Жалған сөз, жадағай мақтаудан авторға да пайда жоқ, ал қалың оқырман сене де қоймайды. Талдау табиғатының тазалығы, адалдығы — барды барынша да, жоғынша да көре білу, әділдігіне жүгіну. Бәлкім, көлденең көзге "Адырнада" автордың өз наласы, өкпе-назы көбірек сияқты да көрінер. Ал маған осының өзі де оның айтар ойына қосыла қызмет етіп тұрғандай көрінеді. Бізге керегі: адамдардың бір-біріне деген ілтипаты ғой, тазалық пен туралық қой, адалдық пен мейірімділік қой, әділдік пен ізгілік емес пе? Міне, Сәкеннің де барлық өлеңінде, бүкіл жинағында айтпағы осылар. Аңсау мен сағыныш саздары да, азарлану мен ызалану да, кейде тура, кейде жанай айтылатын сын да ақынның айтсам деген ойына жегілген. Автормен бірге әрбір оқушы да ар айнасы алдында тұрғандай. Іштей түлеу, тазару, арылу мен аршылу ниеті бойды да билеп, ойды да баурап | алардай. Шығармаларының күші де, тұтастық танытар сипаты да осында деп тұжырымдауға болады.
"Социалистік Қазақстан" газеті, 1990 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі