Сәкен Иманасов сонау бір жаз айында, сонау бір көктем күндерінде алғаш "Лениншіл жас" арқылы бізге сәлем берді. Ол күндерде менің екі-үш кітабым шығып, Мұхтар, Сәбит, Әбділда ағаларымнан мақтау естіп, дүниеге әрең сыйып жүрген кезім. Әр тәулігімнің 24 сағаты түгел бақытты жылдарды да өткерген екем-ау басымнан. Сондай бір тұста Сәкен інім:
"Көктеменің гүлін көрсең, мені ізде,
Толқын-толқын бұрымды өрсең мені ізде.
Кешкілікте қатар жүрген құрбыңнан
Киио жаққа бұрын келсең, мені ізде.
Жүректегі тылсымды ұқ, мені ізде,
Көкірегімде тұрсың күліп, тек ізде,
Арманымның гүлі етейін өзіңді
Бар жігітті күрсіндіріп, мені ізде", —
деп қыздарға үлкен "өтініш" білдірсін. Өтінішінде өзінің бағасының да тым артық екендігі, жайсаң жігіт екендігі, жалқы дара туған "сері" екендігі — бәрі, бәрі бар. Өтініштен гөрі сәл-пәл бұйрыққа да ұқсап кететін сияқты. "Туған ауыл" жинағының тұсауын кескен едік. Мына бір елең құлағыма әрі жылы, әрі тосын естілді. Біз бұрын қыздарға өзіміз жалынатын секілді едік. Күйем, сүйем дегенді де көбірек айтушы едік.
Ал, мына ақын тіпті өр, тіпті басқаша сөйлейді. Кездескен күннен дәм-тұзымыз жараса кеткен ақын інімді осы бір жырымен қуана құттықтадым.
"Ақырын жүріп, анық басқан" бұл ақын кітаптан-кітапқа өсті де отырды. "Туған ауыл", "Ақ айдын", "Ақ дариға", "Жайдарман", "Ғашық дүни", "Жыр дәурен" атты қарны жіңішке кітаптарына ілесіп "Бел-белес" атты оның жиырма жыл әдеби еңбегінің үлкен бір белесі дүниеге келді. Нені айтса да, не айтса да ағынан жарылып айтатын Сәкенге, нені айтса да, не айтса да, шын айтатын Сәкенге, нені айтса да, не айтса да өз жүрегінің шуағына бөлеп, әспеттеп, әсемдеп айтатын Сәкенге ылғи бір дәметіп қарайтын, ылғи бір үмітпен қарайтын кісінің бірі менмін.
Мен оның ең алдымен екпінді де еркін, еркін де адуынды, адуынды да адал ақындығын сыйлаймын. Сонан соң қара қылды қақ жарып айтатын азаматтығына сүйсінемін. Ол біреуге дәрежесі, лауазымы үлкен екен деп жалпаңдаудан өз бойын аулақ салады. Ойына келгенін ірікпей айту да ақындық өнердің алғы шарты болуы керек. 1984 жылдың поэзиясы туралы Сәкенге баяндама жасауды тапсырдық. Мен ол кезде Жазушылар одағында хатшылық қызмет атқаратынмын. "Бір айтса, шын сөзді Сәкен Иманасов айтады" — дедім. Басқа хатшылар да мені қолдады. Сәкен "1984 жылдың поэзиясы" деген тақырыпта баяндама жасады.
Ешкімнен, дәрежесі үлкен еді-ау деп жалтарған жоқ. Қара қылды қақ жарып шындық шымылдығын ашты да тастады. Сыналғандар әлі де Сәкенге жауығып жүр. Бірақ одан қыңатын, қаймығатын Сәкен де жоқ.
Ақын болған соң ақынға ұқсап өмір сүру керек. Сырт қарағанда Сәкен Иманасов тәкаппар көрінеді. Өзін ор ұстайды. Жақындаса келсең мінезі де жұмсақ. Жүрегі де нәзік.
"Күнде келіп жатқан жоқпын әурелеп.
Жатқан жоқпын өсек теріп, дауды елеп..
Мен үшін тек көңіл керек, ағайын,
Төрің керек, көлің керек, тау керек".
деген шумақтан да Сәкеннің жан дүниесін білу, сезіну қиын емес.
"Сонадайдан төбелерін көргенде
Көтеріліп сала бердім мен демде.
Ерлікті аңсап, елдікті аңсап, елді аңсап,
Кендікті аңсап, келіп қалдым сендерге".
Бұл Алматыда ақындықтың арғымағына мініп, сағым қуалап "сандалып" жүрген бәріміздің сөзіміз. Біз бәріміз де ауылдың түлегіміз алдымен. Қиналсақ та, қуансақ та ең алдымен еске түсері — сол тұңғыш қаның тамған туған ауыл. Туған ауыл болмаса, дүние кезіп кетіп қалар едім мен өзім. Біз бір жаққа кетіп қалсақ, туған ауыл жетімсіреп қалатындай көреміз.
Осыдан ширек ғасыр бұрын өзіме іні, ақын іні деп ұғынғам Сәкен творчествосынан мен әлі бірде-бір рет көз жазып көрген емеспін. Мен оның ақындығын баяғыдан-ақ мойындаған адаммын. Біздің елең дүниесінде ақын бар да өлеңшілер бар ғой. Шындығын айтқанда, өзім ақын деп ұғынатын кісілерімді санау үшін екі қолымның саусақтары жетіп жатыр. Өңмендеген өлеңшілерді санау үшін өлең шашты кісінің шашы жетпей қалуы мүмкін.
Сәкен творчествосына тән нәрсе — терең ой, тегеурінді сезім, сергектік, сезімпаздық, парасаттылық, бейнелілік, тазалық. Адамның азаматтығы, адамның кеңпейілділігі, жанының жомарттығы, пәктігі, — міне оса компоненттер Секеннің барлық кітабында түгел бар. Маған, әсіресе, ұнайтыны Сәкеннің ақындық еркіндігі. Кібіртіктеу, тұсаулы аттай шоқақтау Сәкен өлеңдерінен шам алып іздесең де таптырмайды.
Бәрі де Алатау төсінен құлап аққан өзендердей таза, мөлдір. Мөлдір де табиғи Сәкен жырларын оқи келе байтақ туған елдің, туған жердің бар жақсылығын жинаған тамаша азаматтың, таза жүректі жанның бейнесін көрдім. Сәкенде не қилы сәулелермен өрнектелген өрен өлеңдер көп-ақ.
Сәкенді қайта оқығанда оның жүйрігі елге есімдері әбден танылған, халықтың сүйіспеншілігіне айналған Мұқағалидың, Қадырдың, Сағидың, Фаризаның жүйріктігімен ауыздық тістесіп шауып келе жатқандай жақсы әсерге бөлендім.
Ақынның махаббат жырлары әдемі-ақ. Бірақ ылғи бір бақытқа сенбеу, біресе өңінде, біресе түсінде аймалау мәселелері көңілге бұлт үйіреді. Қартайдым деу махаббат иесіне жараспайтын қасиет.
Сәкен Иманасов өзін тек өлеңге беріп келе жатқан талант. Ол әзір басқа ауылдың есігін қаққан жоқ. Өлең ауылының бөз балалық дәуірін бастан кешіп, жігіт ағасы дәрежесіне жеткен азамат. Жүректі сарбазы.
"Шақырам достар бәріңді
Алакөл жаққа шақырам.
Ала шық асқақ әніңді
Астана жұрты атынан.
Кәдімгі қарқ-қарқ күлкіні ал,
Алыңдар аппақ тілекті.
Дала боп қана жұлқынар
Қалдыра көрме жүректі" —
депті Сәкен бір өлеңінде. Сәкеннің жырларын оқып отырып оның елін, достарын, туған жерін көз алдымызға оңай елестетеміз. Бір ауыз жылы сөзге астыңдағы атын түсіп беретін қазақтың баласы ғой бұл Сәкен Иманасов. Бір ауыз кесір сөзге кеңірдектесе кететін де қазаққа біздің Сәкеннің табиғаты жат емес.
Елуіне есек емес, тұлпар мініп келді біздің Сәкен. "Адырна" атты айтары көп асыл кітап ұсынды. Ол кітабын қолжазба күйінде оқып бата берген кісінің бірі — менмін.
Бірде мұңды, бірде мұңсыз, бірде шуақты, бірде бұлтсыз, бірде жаңбырлы, бірде тандыр ақын өмірі Сәкенді көп еркелеткен жоқ.
Ақындарға беріліп жатқан атақ, сый да Секен Иманасовтың қолына тиіп тұрып, түсіп қап жатқанына да өзіміз куәміз.
Өмір болса, Сәкеннің шығар биігі де, жығар киігі де алда. Астына өлеңнің ақбоз арғымағын мінген Сәкен ақынның жыр бәйгесінің алдында келе жатқанына өлең сүйер қауым шүбә келтірмейді.
"Октябрь туы" газеті,
3 мамыр 1988 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі