Эссе
Алпысыншы жылдардың ақындық мектебінен шұбырып шыққан үлкен шоғыр алға қарай ұзаған сайын жол бойы шашырай-шашырай келіп, ақырында ат төбеліндей ғана болып қалды. Баяғы албырт шағында бірде ілгері озып, бірде кейін тартып, бірде мүлде көрінбей де кететін Сәкен Иманасов бұл күнде байсал тартып, осы шағын топтың бел ортасына біржола тұрақтаған сыңайлы. Бір топырақтан жаралып, бір торқада аунап өскен, алақандай "ақтаңдағы" жоқ оның ғұмыр қолы, шығармашылық сапары мен үшін бес саусақтай айқын. Басы жарық, аяғы қараңғы мына жалғанға кеше ғана келген сияқты едік, жер бетіндегі жоқты іздеп, шалдырмайтын желді қуалап, қолымыз жеткенге қуанып, алдап кеткенге налып жүргенімізде, енді артқа қарайлайтын, өкінетін, күдіктенетін жасқа қалай келгенімізді аңғармаппыз да. "Адам аяуға лайық" деп Құранда айтылғандай, жас бола алмай, қарт болғысы келмей, іштей шала бүлініп, қабақтарын кірбің шалған, қайрансыз қатарластарымды көргенде, кейде жаным ашитыны да рас. Бірақ олардың еліне танымал жақсы-жайсаңдарға айналып, қазақ жырының қорына қомақты олжа салғанын еске алғанда, жаңағы жадау көңілің жадырап сала береді. Ал кейбіреулерінің қырық-елу жыл бойы ақ қағазға аш кенедей жабысып, бір адамның мүмкіндігінен артық жазып, ықпалды ағалардың қолтығынан шықпай, оқырмандарының көз алдында көлбеңдеп, таныла түсудің тағы басқа шараларын бес уақыт намаздай құнттауының арқасында осы елде бар атақтар мен сыйлықтардың бәрін сыпырып алған өзімшілдігінен шошынамын да. Ең ақырында солардың жаман жазу құқығын қағып түскеніне қынжылам. Басында бір шаң беріп, бірақ ұзақ шабысқа шыдамаған немесе бірнеше өлеңі жарияланып яки пышақ қырындай түңғыш кітаптары жарық көрген бойда, соның буымен аспанға шалқып, жерге қайта түсе алмай қойған жолдастардың тағдырлары қабырғаны қайыстырады.
Сырттай ұқсас сияқты көрінгенмен, Сәкеннің шығармашылық өмірбаяны өзінше өрбігендей. Ол жастар баспасөзінде әрі ақын, әрі журналист ретінде жарқ етіп көрінді де, көп ұзамай жалп етіп кетті. Беттерін оған жалт бұрған қалың оқырманы бірнеше жыл күтті де, біртіндеп үміттерін ақтамаған жас ақынды ұмыта бастады. Осы екі аралықта өсіп жетілген оқырмандардың жаңа толқыны оны мүлде білмейтін-ді. Сәкен осылайша бірнеше іркіліс пен бірнеше бұлқынысты басынан өткерген соң, қайтадан өз машығын тауып, өз жүрісін жөндеп, өз мінезін орнықтыруға бет қойды. Ауыл мектептерінде ұстаз, газет редакцияларында қызмет істеген жылдарыңда өзін қанша қайрағанмен, қанша іштей ширыққанмен, кесіле жазып кете алған жоқ. Дәл маған мұның бәрі табиғи өрі түсінікті құбылыс. Қиналу, күйзелу кезеңдерінен құтылып кеткен өнер құлдары сирек. Суреткердің уақытша адасуынан, өз ойымен ұзақ арбасуынан емес, қайта оқтаулы мылтықтай әрдайым даяр тұруынан қорыққан жөн шығар тегіңде Лев Толстой "Горький көп оқиды, ол да жаман, мен көп жазамын, ол да жаман" дегенде, қайтсе де көп нәрсенің нарқы кемдеу болатынын мегзеген шығар, сірә.
Адам жас кезінде айтқанға сенгіш, әркімге ергіш, көрінгенге еліктегіш келеді. Коммунистік партияның насихатына имандай ұйыған біз, жарқын болашақ, халықтар достығы, қаһармандық еңбек, бейбітшілік туралы көбігі көпірген, өркөкірек өлеңдер шығарып әурелендік. Әрине, Сәкен бұл тақырыптардан тысқары қалып, бірден өзінің көңіл күйін жазып кетті десем, мұным шындыққа қиянат. Сол жылдары ол да "Достық жолы" жайында бір топ жыр жазып байқады. Шағын балладаларға, шағын дастандарға дейін барып, қарымын сынап көрді. Оқта-текте басқадай науқандық тақырыптарға қалам тартты. Бірақ бұларының ешқайсысын жинақтарына енгізбеді. Өзінің көңіл қазысы қоштамағаны ғой.
Сәкеннің алақандай алғашқы кітабы кешігіріңкіреп барып жарық көрді. Екеуіміз баспаға бірге барып, шүйінші даналарын алдық та, көше бойындағы ағаш сәкілердің біріне отыра қалып, оқи жөнелдік. Мен көптен сағынған бір жолдасыммен оңаша сырласқандай күйге түсіп, айналасы шай қайнатымдай уақытта оқып бітірдім. Сол кездің тілімен айтқанда, мұнда саяси-патриоттық өлеңдер жоққа тән екен де, жүректің тебіренісі, көңілдің толғанысы басым екен. Кәдімгі адами ойлар, қуаныш пен реніш өз кеудеңнен шыққандай түсінікті әрі жақын. Сол жерде асығыс та болса, алғашқы әсерімді білдіріп, жасандылығы аз, шыншыл өлеңдер екенін авторға айтсам керек. Сол жинаққа енген төмендегі жолдар бүгінгі биік талғам таразысына қымсынбай тартуға жарайды деп сенем:
Қалжырапсың, қартым-ай!
Қартайдың ба?
Жатырқамай, жастық бар,
Жантай мұнда.
Ашуыңды аңсаппын,
Ақылыңды
Айналып та жататын арты айбынға.
Күштің бәрін сарқып-ақ бердің бе елге,
Сұстың бәрін уақыт сөндірген бе?
Қаһарыңнан қаймығып тұрмаушы ме ем,
Бұрқ-сарқ етіп есіктен сен кіргенде.
"Әкемнің бір құрдасына "
Немесе:
Алакөлім
Айналайын жыр-бесік,
Желден ықсам, төбемізден мұң көшіп,
Баяғыдай үнсіз ғана ұғысып,
Тілсіз ғана тұрайықшы тілдесіп.
"Алакөлге айтар сыр"
не болмаса:
Арамызда болмастай қылдай күдік,
Бірге күліп жүргендей,
Бір қайғырып,
Өрескелдеу ісімнің өзін де елге
Жеткізетін, досым-ай, жырдай қылып.
"Бұрынғы досқа"
Біздің байғұс ұрпақтың сол тұстағы туындыларында қазақи қасиет, халықтық рух, ұлттық бояу жұтаң еді. Тегі белгісіз, ойы ортақ, үлгісі қазақша мұндай дүниелердің сырты қанша жылтырағанмен, берер жылуы тапшы еді. Өйткені, олар әлем әдебиетінің алыптары Шиллер мен Гетені, Байрон мен Петефиді, Пушкин мен Лермонтовты, Шығыстың әйгілі жеті жұлдызын жаппай оқып, жатқа соғып, жарыса аударып жүргендеріне қарамастан, өзіміздің ұлыларымыз Бұхар мен Дулатты, Мағжан мен Ілиясты, Шәкәрім мен Сәкенді оқымай өскен, уызына жарымаған кембағал болатын. Абай жартылай ашылған, Қасым кеш танылған. Бұларсыз қазақ өлеңін қабырғасы бар да, омыртқасы жоқ шалажансар шарғы дерсің. Оның үстіне кемеліне келіп алған Кеңес идеологиясы мен насихаты ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізді жер астына қымтап жауып тастап, маңайына жолатпай андып отырған "Хан", "бай", "ата-баба" сөздерін абайлап қана қолдану дағдысы мықтап орныққан, сонау үрейлі жылдардың жаңғырығы әлі де тарамаған. Менің "Жұлдыз" журналында жарияланған "Баба қонысында" дейтін бір өлеңімнен ұлтшылдық пен ескілік сарынын сезген әсіре сақ сыншы шу көтерген. Дер кезінде Әбділда Тәжібаев ағамыз араласып, арашалап алған. Осындай орынсыз қақ-соқты кезінде Сәкен де, басқалар да көріп үлгерген.
Сол бір алмағайып тұста Сәкеннің бір ұтқаны — біз құсап шырматылып жүріп алмай, баяны жоқ бір күндік тақырыптардың баршасынан дерлік сырт айнала беруі еді. Меніңше, мұны саналы бетбұрыс та демей, кездейсоқ қадам да демей, Сергей Есенин әлемінің әсері деп түсінген қисынды. Себебі, арғы-бергі сез зергерлерінің көмбелерін көп ақтара келіп, Сәкен осы орыс ақынын көп төңіректеген. Оның өмірбаянын үңіле оқып, өлеңдерін жатқа айтып, аса ұнағандарын аударумен айналысқанын білеміз. Орыс деревнясы мен табиғатын тебірене жырлап өткен халықтық ақынға ат басын бұрмай, азды-көпті сырласпай кеткен әріптестері некен-саяқ шығар. Тіпті, Жұбан Молдағалиевтің өзі де егделікке қарай бет бұрған шағында Есенинге қайта оралып, бір топ арнау өлең жазған жоқ па. Ал шығармашылық жолдың алғашқы қадамдарын ғана жасаған Сәкенге не жорық, ол орыс жыршысының тақырыбына түсіп, сарынына ауысып, туған ауылы, үйі, сүйген қызы, адал төбеті туралы "қарапайым" жырлар жазуға көшті. Жинақтарына еніп жүрген "Ауылға хаты" сол жылдардың туындысы, сол бір елеулі кезеңнің ескерткіші.
Бұдан бірнеше жыл бұрын Сәкеннің Абайды асықпай, жата-жастана оқи бастадым дегені есімде. Осыны сырттай байқап жүрген бойжеткен қызы Гауһар әкесіне, мына кітапты оқып тауыса алмай-ақ қойдың ғой, дейтін көрінеді. Ендеше, пайғамбар жасына жақындаған, оқырман жұрт мойындаған, оннан астам кітап шығарған, "Алаш" сыйлығын алған ақынның ізденбей отыруы қиын екен. Қашан өлгенше бітпейтін, игілігі көзге көрінбейтін бұл іс әркімнің өз бейнеті, өз рахаты. Үйрену мен өсудің әлдекім салып кеткен сара жолы жоғын білетін әр адам өзінше тәсіл тауып, өзінше жүйе жасап, тырбанады. Көзіне түскенді, қолына іліккенді олжалай береді. Сонда сонша сарылып, кез майын тауысып, жиған-тергендері пайдаға асса жақсы десейші. Күндердің күнінде екінші жылға жарамайтын жыланның түлеу терісіндей бәрін сыпырып тастап, әу баста құдай өз бойына дарытқанымен қалуы да ғажап емес, керек десең. Жасырақ кезінде марқұм Жүсіп Қыдыров көп эксперимент жасаған. Музыканың жанрларын поэзияға енгізуге талпынған. Бірақ төккен тері ақталмады, оны әдеби қауым да, оқырман жұртшылық та, қасарыса қабылдамады. Сөйткен ақынымыз ғұмырының соңғы жылдарында қазақтың кәдімгі қара өлеңіне қайтып оралып, "Мың бір күн" кітабын беріп еді, мұнысы бәрімізге де майдай жақты. Зады, ізденіс үстінде қаламгер оқып-тоқып, талдап-таразылап болған еңбектерді енді іштей өзінікімен салғастырып, сол арқылы өзін тауып, танымаса неғылсын.
Кезінде Маяковскийді, Неруданы, Хикметті, Твардовскийді, Ғамзатовты, Смеляковты, Заболоцкийді, Евтушенконы, Вознесенскийді, тағы басқа ұлылы-кішілі ақындардың астын сызып, тауысып оқыған біздің буынның, оның ішінде Сәкеннің Абайға қайта келуін іштей түсінгенмен, бір сөзбен айтып беру қиын. Бұл қадамда ұлы ойшылдан әлі де үйрене түсейін деген мақсаттан гөрі, жұмбақ жанды өз бетімше тереңірек түсінейінші деген тілек басым шығар-ау. Ал жалаң еліктейтін жастан әлдеқашан асып кеткен Сәкеннің бертіндеп бірсыпыра өлеңдерінде Абайдың ащы сарказмы мен зілді ноталары шынымен байқалады деп айта алсақ, мұны қазақтың бас ақынымен жарысуы немесе қабаттаса жырлау емес, тақырыптың ортақтығы әсерінен туған үндестік, қаламгердің бұдан жиырма-отыз жыл бұрынғысынан қаншалықты өскендігінің, ақсақалдыққа ауысқан тұстағы "тәйт, әрі" тектес зор дауысы екенін дәлелдеуге көмегі тие ме деген екі шумаққа үңілейікші:
Елірмеймін, ермеймін дүрмекке де,
Елтімеймін ешқандай құрметке де.
Достарға да бұрылмай кешегі бір,
Дұшпанға да ұрынбай шын кектене.
Әйтпесе:
Әй, мақтаншақ қазақ-ай!
Оңбайтын-ақ шығармыз,
Дүрмекке де қайдағы,
Құрметке де құмармыз.
Күпінуге келгенде,
алдымызға жан салмай,
Билік десе бүлініп,
Жүгіріп-ақ тұрамыз.
Бұларда бір қолдың таңбасы сайрап жатса да, екінші шумақтағы лирикалық кейіпкердің кесектігі, ойдың үстемдігі, құрылымдық өзгешелігі, еркіндігі мен екпінділігі, төрт жолдың сырттай берік байламын былай қойғанда, бірнеше қайыра шалып-шалып тастаған ішкі ұйқастары жырдың ажары мен серпінін асырып, ықылым заманнан бері мың мәрте айтылған ащы шындықты алдымызға алғаш рет жайратып, жайып салғандай. Жас кезінде жеріне жеткізе алмаған кейбір жайларға әдейі қайта бұрылғанда, тот басқан темірден жарқыраған көрікті бұйым соққандай, бәріміз білетін сөзді шешен бидің аузынан жаңа шыққандай етуімен өзін ақтайды. Күші мен шеберлігіне сенімді ақын қаламын қақпайламайды, тақырып арнасына қарай жәнсіз бұрмайды, қай жырында да опасыздық, арамдық, обырлық, атаққұмарлық, мақтаншақтық, дүниеқорлық, шен қорлық сияқты мәңгілік жауларымызға жеке-жеке арнайы оқ атпаса да, ұрымтал сәтінде сөз ата кетуі ауыз әдебиеті үлгілерінен үйренгені ғана емес, сол салтты ілгерілеткені деп ұғамын. Бүкіл әлемнің азуы алты қарыс ұлылары ғасырлар бойы жазып, қазып түбіне жете алмай қойған осы тозбайтын "тақырып" төңірегінен Сәкен де кетпей қойса, мұнда әлі біз ашпаған заңдылық, әлі біз білмейтін бір негіз бар да шығар әлде? Кезінде осы заманның кереметін дәріптеңдер, коммунистердің көшбасшылық рөлін көрсетіңдер, жұмысшылар мен шаруалардың қаһармандық еңбегін жырлаңдар деп құлақ етімізді жеп қойды емес пе. Ендеше, Сәкен осылардың біреуінің етегінен неге мықтап ұстамады екен? Көптеген ағаларымыз бен замандастарымыз солай етті де ғой.
Осынша сұрақтың бір ғана жауабы бар. Ақын атаулы жаратылысынан бері еркіндіктің құлы. Ол аспандағы құстай, теңіздегі балықтай. Құсты қалаған бағытыңа ұшыра алмайсың, балықты жағаға қарай қайыра алмайсың. Оның күші де, бақыты да, байлығы да сол еркіндігінде. Бұрандалы бұлбұлға айнала алмайтын шын суреткер өзінің еркіндігіне қауіп төнген сайын ешкім иемденбеген бейтарап белдеуге ұмтылады. Оның қасиетін сақтап қалатын бейтарап белдеу — күллі заманаларға, күллі сөз шеберлеріне ортақ осы «тақырып». Оты мол, суы мол жаққа қанша шақырса да, бармай, шайқап ішіп, ұрттап төгіп, шалқып өмір сүрмей, бұрынғылары жағын жалдап ат мініп, асыл шапан кимей, кейінгілері омырауларына алтын-күміс тағынбай, өз жүрегінің әміріне ғана бағынып, қоңыр ғана тіршілік құрып өткен саңлақтардың талайын әдебиет тарихынан жақсы білеміз. Олардың арғы-бергісі түгелдей алтын тордағы бұлбұлдан бұта басындағы торғайдың бақытты екенін бір ауыздан айтып, сарнап өткен.
Сергей Есенин "Я поэт от чего-то, Маяковский для чего-то" деген екен бір айтыс үстінде. Әрі қарапайым, әрі таңғажайып тапқырлықпен айтылған бір ауыз сөзде біздің қозғап отырған пікірімізді он орап әкететін салмақ пен сыр бар. Орыс лиригінің осы "от чего-тосы" белгілі мөлшерде Сәкенге де қатысты десем, шындықтан бәлендей көп аулақтай қоймаспын, артық та кетпеспін.
Барлық үлкен суреткерлер секілді, Сәкен де өзінің кіндік қаны тамған, буыны бекіп, бұғанасы қатқан құт мекенін жырлағанда Алакөл, Талапкер, Аралтөбе, Тентек, Сайқан, Ебі деген атауларды өзі қағаз бетіне түсірген бейнені «қыстыратын шеге» (Дюма А.) ретінде ғана пайдаланады. Ал, шынтуайтына келгенде, оның жоғарыда біз анықтаған тақырыбы" өзгермейді. Елдегі құрдасына өкпе-назын айта ма, Тентек бойында өткен балалық шағын сағына еске алады. Алакөл жағасында құмға аунап жатып қиялға бата ма, бір ауылдай ұрпақ өрбіп өскен баяғы үйінің шежіресін шерте ме, соның бәрінде жан күйзелісін, қуанышын, өзгелермен ара қатынасын, жақсы көргенін, жек көргенін әр қырынан ашуға тырысатыны анық әйтеуір. Өзі араласпайтын, жерлестері қатыспайтын, әр түрлі адам тағдырлары қамтылмайтын жалаң табиғат туралы "таза" жырлар сирек.
Маған қарағанда, Сәкен елге жиірек қатынайды. Мен алыстан сырттай сағынсам, ол сол елмен етене араласып, әр түрлі іс тындырып жүреді. Бірде туысының тойына, бірде оқырмандармен кездесуге, бірде көлге шомылуға, бірде болжаусыз қазаға деген секілді көп себептермен кейде аттанып бара жатқанын көресің, кейде сонда жүргенін естисің, кейде жаңа оралғанын білесің. Әйтеуір, Алакөл оған керек, Алакөлге ол керек. Осындай сапарларда ой туады, ой кейінірек, сәт сағаты келгенде, жырға айналады. Мұндай жырлардың нақтылы туу тарихы, жазылу себептері болатыны содан. Оны біз оқығанда сеземіз, кейде тіпті, кейіпкерлерін шырамытқандай боламыз. Жанды өмірдің қоңынан жаңа ғана ойып алынған өлеңнің буы бұрқырап, жылуы шашырап тұрады.
Құдайға шүкір, қорабалы, қордалы қазақ әдебиетінде бірнеше Сәкен бар. Туа берсін. Жастарына қарай, біріншісін бас Сәкен, екіншісін аға Сәкен, үшіншісін кенже Сәкен десе болғандай екен. Тағы бір ғажабы, іштерінде сері емесі, ерке емесі, тентек емесі болса не дерсің! Қасиетті сөз патшалығына олар еркін сыйысқан. Біріншісінің екіншісіне, екіншісінің үшіншісіне көлеңкесі түспейді, бірін бірі қалқалай алмайды. Өйткені, олардың кеңінен пішіп, ойып-ойып алған өз орындары бар.
"Заман Қазақстан" газеті, Тамыз, 1998 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі