Өлең, жыр, ақындар

Найзағайлы шабыттан жебе-жырлар жүйткіген

Сәкеннің өлеңдерін өзім өлеңге талпынғалы оқып келемін. Ақынның өзіндік қолтаңбасын (топ ішінен) атын айтпай-ақ танимын десем — артық айтқаным емес.

Ақындық дарынды табиғат — ана ғана толғатып туады дейді. Бұл бұлжымас шындық деп қабылдасақ, кімнің "қандай ақын" екенін көкірек көзі бар жырқұмар оқырманның іші біледі... Сол оқырманның,'Жалпының көзқарасымен өлшенбей-ақ (ол әртүрлі) нағыз ақын өзгеге жалтақтамай-ақ, өз бағасын өзі біледі. Білген соң да өзгенің алдына түсейін деп арзан "есепке" құрылған данқ мансапқа жетейін деп жанталасып жүгірмейді. Өйткені ондай қылық оған жат. Сәкен деген атына сәйкес ақын өлеңдерінен өмірдегі сұлулықты, арлылықты және жан тазалығын адамдар бойынан көріп, сезіну үшін күреседі.

Замандастар мен қаламдастар Күрес алдымен ақын жүрегінен басталады... "Мен бір жұмбақ адаммен оны да ойла", — деп ұлы Абай айтпақшы, әрбір ақын өзінше жұмбақ дүние. Өзінше кеңістік. Оның жұмбағы да, қиял-ой кеңістігі де, сырлары да жан дүниесін толқытып, жарып шыққан жырларының әр жолында жасырынып жатады. Ол жырды оқып нәр алу үшін де ішкі дайындық, көкірек көзі керек. Ешкімге еліктеп, солықтамай "құрсақтағы тұлпар болар құлындай" тыпырлатып, бұлқынтып, тыныштық бермей тұратын бір сиқырлы күш бар. Ол табиғи дарын талант қуаты болар. Сол алпысыншы жылдардың басында біз Қасым, Сырбай, Ғафу, Тоқаш, Ізтай, Жұмекен, Мұқағали, Әділбек, Тұманбай, Сағилардың өлеңдерін қолымыздан тастамай, оқып қызығып өстік. Өзімнің ауылдасым Құдаш ағаның ықпалы бір бөлек мен үшін... Ақын Сәкеннің де қолына киелі қанатты қалам алып "сөз дертіменен" арпалысқанына қырық жыл. Қырық жыл бойы өзіне тән ашық даусынан бір айнымай, ел-жұртымен сырласып келеді. Ел сырын, ел мұның өз сырына айналдырып, әлеуметтік деңгейге көтерілген кезеңіне кездеседі. Құсайын әкенің тәрбие, тәлімі ме, кім білсін, Сәкеннің өзіне сөзі сай ер адамға лайық айшықты азаматтық үнімен ірілікті сездіріп айтпайтын, айтса қайтпайтын бір сөзділікті, туған елге деген адал махаббатты талмай жырлап келеді.

Бұрылып бұлаққа да мына жәудір,
Сөз емес жұтқаның да, шыдамау бұл.
Қалықтап.
Қарлығаштай ұшқың келіп
Бәрін де құшқың келіп тұрады-ау бір, —

дейді "Сағыныш" атты бір өлеңінде. Асылы Сәкен ағаның қай елеңін оқысам да ұлттық үлгідегі қарапайым түсінікті, сазды, сұлу болып Алакөлдің толқынындай өріліп ағып, іші-сырты елде жеке бір өлеңінің айналасында айтыс, талдау жасап, неше түрлі шеберліктің сөз ұстаханасынан ұлағатты ой өрбітіп, эстетикалық дәстүрлі талғам-танымын кеңейтіп адам жанын толықтырып отырады. Бізде бір өлең түгілі бір кітабының, тіпті бүкіл шығармашылық еңбегінің елеусіз қалып мынау қас қағым өтпелі жарық дүниеден өз бағасын ала алмай "тауы тасқа шағылып", әділетсіз қоғамынан "ала қойды бөле қырыққан адамнан" түңіліп өтетін таланттар аз емес... Ақын Сәкен Иманасов ондай топқа қосылмайды. Кезінде өз бағасын алып, лебіз-қошеметке бөлеңді. Оның белгісі халықаралық "Алаш" атындағы сыйлық алғанын айтпағанда, халық қалаулысы атанып, Жоғарғы кеңеске депутат та болды бір кезде. Осынау өмір — өлең өлкесінде ащыны да, тәтіні де татып көрген. Оның бәрін өзі емес өлеңдегі өмір жолдарынан оқып білдім. Сәкен негізінен лирик ақын, оның Отан, туған жер, дүние, өмір, адамдар құрған қоғамдағы қарым-қатынас, ондағы кейбір жағымсыз көлеңкелі жағдайлар "жанын сыздатып" ашынудан ызалы көңілден отты өлең болып шығады.

Ақынды барлық нәрсе мазалаған толғаныс-тебіреністерінің өзі жан-жүрек, ми қазанынан қайнап шығып, өңделіп ақ қағазға ойлы да өткір, салиқалы да мөлдір жыр маржаны боп сүзіліп түзіледі. Ақын әдебиетке алпысыншы жылдардың басында "Жас қанат" атты бір топ ақындардың өлеңдерінен құралған кітап арқылы есік ашты. Сол кезде-ақ өз ерекшелігімен көзге түсіп, көңілдерге ұя салған дарынды қаламгер. Содан бері "Туған ауыл", "Ақ айдын", "Ақ дариға", "Жайдарман", "Ғашық дүние", "Жыр дәурен", "Ғашықпын саған", "Алтын аймақ", Бел-белес", "Адырна", "Жебе", т. б. кітаптары жыр құмар жұрттың жан азығына айналды. Сәкен — мінезді ақын, соны мына бір өлең жолы да дәлелдегендей;

Сыртқары сәл ығысып, алыс тұрып,
Өзімді өзгелермен салыстырып,
Қараймын бөтен көзбен өз ісіме.
Үңіліп суретшідей сөз ішіне, —

дейді.

Сарбаз парасатты ішкі ірілік, тәкаппарлығын дегдарлықпен сақтауы әке қаны, әлде қаны, әлде ана сүтінен болар "Той десе қу бас домалайды" деп үлкенді-кішілі "мүшәйра" жыр жарыстарын қызықтай тайлы-таяғымызбен алаөкпе болып шапқылап жүргенде, күш-қуат, дарыны ешкімнен кем соқпаса да, бәйгеге қатысып сый-таралғыға қызыққыш "балалық" көңілден өтіп, ағалыққа жеткен талғамшыл да текті барыс мінезді ақын екенін оның "Белбелес" беттерін парақтап. "Адырнасын" қайта аударып оқығанда көзім жетті. Жұлдызшылардың айтуынша, әрбір адам өз туған жылының "атауына" тартып туады екен. Демек барыс жылы туғандар орасан күш иесі. Өйткені ол ұсақ-түйекке ұсақ тіршіліктің табиғатына таласып аузын былғағысы келмейтін тектілігін танимыз.

Ақын Сәкенді адамдық тұрғыда елестетсем де өмірдегі салмағы артып, туған жер елге деген сағынышымды оятып өткен бір сәттерді еске алдырады. Осыдан төрт жылдай бұрын жаз айында Талдықорған, Ақсу аймағы мені оқырман жұртпен кездесуге шақырып арнайы Ләззат Сүлейменова деген қызды облыстық жастар комитетінен жіберіпті. Ойда жоқта шошайып жалғыз баруды жөн көрмей, Қастек ағаға хабарлассам, "Ол кісі сырқаттанып жүр", — деген соң бірден Сәкен ағаның үйіне бардық. Сөйтсек, үйінде жеңешеміз де, өзі жоқ болып шықты. Бір ер баласы шәй қамдап, "Қазір әкем келіп қалар, күте тұрыңыздар", — деп сыпайы тіл қатқан соң асықсақ та, көңіліміз орнығып күтіп отыр ек, жарқ етіп өзі де келді.

Мән-жайды үнсіз ұққан соң бұлданбай "Жарайды, кеттік", — деді. Сондағы толқып қуанғаным әлі есімде Өзіммен бірге және сазгер, әнші қызым Ләззатты ертіп алғанмын. Ләззаттың қолына Сәкен ағаның "Адырна" атты жаңа жыр кітабын "оқы" деп бергенмін. Жол үстінде ыңылдап отырып бір өлеңіне ән шығарып үлгеріпті. Сол ойнақы өлеңге туған жаңа әнді кездесулерде қызымның өзі сырнаймен айтып жүрді. Жұрт қатты риза болып, Г. Тәңірбергенқызы Ләззаттың мойнына алтын алқасын салды.

Сәкендей үлкен ақынның мінезін, кісілік кескін-келбетін сол бір аптадай сапарда танып қайттым.

Оның аудан басшыларының және оқырман жұртшылықтың алдындағы бет-беделін, депутат ақын ретінде де қадірлі екенін көрдім. Қандай ортада да өзін салмақты, сабырлы ұстауы әрбір кездесу кешінің сахналарында пікір-лебізін айтып, көтермелеп көңілімді өсіріп, демеп, туған еліммен, туған жұртыммен кездесуімді жүргізіп, кішілікпен кісілік танытты. "Ұлық болсаң кішік бол" — деген мәтел сырын сонда ұқтым. Басқа біреу болса "мен де мықты ақынмын" деп кезек бермей өлеңдерін оқып көлеңкесінде қалдырып тұрып алар еді ғой. Жоқ. Сәкен ондай емес, жұрт көзіне өзін тіпті арқалы ақын ретінде көрсеткісі келмей, сырбаз да сырлы құпия қалпынан бір аумады.

Туған жермен бір еді бар тынысым,
Бар тынысым, базарлы алқынысым.
Ұнасам да еліме, жыласам да
Құласам да —

Барлығы халқым үшін, — деуге қақысы бар әлеуметтік ой айтатын азамат ақын Сәкеннің жан-жүрек, көңіл күйінің суретін әрбір өлеңінен көргендей күй кешіп, сыр сандығын ақтарып, шындықтың шұғылалы шуағына шомыламыз. Ақын қаңдай тақырыпты жырласа да, сол айшықты ашық үндескен бояуынан айнымайды. "Бел-белеске" шығып, "Адырнасын" ала өгіздей мөңіретіп, мергендікпен сөз жебелерін көздеген нысанасына дәл тигізіп ататыны айдай анық. Алпыстың асқар шынына аспандағы қырандай ұшып, таудағы барыстай қарғып атылып алқынбай жетті.

Ақын рухы биік. Содан да ақын жанын ешкім де, ештеңе де жасыта алмайды! Өйткені ол ер адам. Ер адамдар елге қорған, олар жыламайды, жылағанды жұбату үшін жаралған. Кешегі аңыз желісіндегі батырларға ұқсауымен ерекшеленеді. "Ақын-жазушылар бір-бірін жек көреді" деген бір жас жазушы пікіріне қосылмаймын. Оған Мұқағали аға "Ақындар туған шығар бір анадан" деп жауап берер еді. Ақындар бір-бірін күнде көріп бірге жүрмесе де, жан сезім тартылысы арқылы туысып, бір-бірін сағынып, ойлап, түн көгіне жұлдызды сәуле шашқандай маржан жырлары арқылы сырласады емес пе? Қараңғы ойға сыңғырлаған сәулелі күлкі сепкен жас арудай қылықтанған ақын арманы шексіз кеңістікпен көтеріліп әдіптелгендей, әдемі әндей әсер сыйлайды. Ол сонысымен де құдіретті...

1938 жылы қуғынға ұшырап, нақақтан мерт болып кеткен қазақтың ұлы арыстары Сәкен, Бейімбет, Ілиястардың ізін өшірмеу үшін өмірге "мен келдім" деп іңгәлап тұрғандардың бірі біреу болса да, ұлттық өнер шаңырағының уығы мен тіреуіне ұқсайды. Ақын аға өлең-дастан жазуменен бірге көркем аудармамен де айналысқанын білеміз. Ол орыс ақындары А Блок, А Кольцов, В Маяковскийдің және басқа да ақын-жазушылардың еңбектерін өзіміздің ана тілімізде шеберлікпен сөйлете білді. Сондай-ақ С. Иманасов 1959 жылдан бастап әртүрлі баспасөз саласында қызмет етті. "Жас алаш" ("Лениншіл жас"), "Жетісу" және Жазушылар одағында, Халықаралық қазақ қауымдастығында, қазір "Жазушы" баспасында бас сарашы болып еңбек етіп жүр. Менің есіме бір өңірден түлеп ұшқан Сәкен ағаның замандастары Әділбек, Құдаштар да түсіп отыр. Олар елу мен алпысын көзі тірі кезінде тойлап, қуана алмай кетті-ау. Әр адамның тағдыры әртүрлі, пешенеге не жазылды сол. Ешкім өмірді белгілі бір уақытқа ешкімнен сатып алмайды. Сәкен ағаның бақыттылығы сол — жалғансыз шындықтың бетіне тура қарап, пенделіктен биік періште көңілдің тазалығымен өмір сүруінде. Сол өмірді өлеңменен өрнектеп, өзгелерге де әсерлі қуаныш сыйлауыңда. Өлең оның мәңгілік қастығы, көгілдір көктемі. От туралы өзі де:

Өлмес едім — Тас төбемнен жай ұрса,
Көктер едім көктемдегі қайынша.
Біржолата өлетін-ақ шығармын.
Мені біреу өлеңімнен айырса!" —

деп ағынан ақтарыла түйіндепті. Барыс жылы туған ақын ағаны жылқы жылы туған қарындасы қуып келе жатқандай. Алпыстың асқар шыңы бізге де алыс емес сияқты-ау. Сол алпыстың асқар шыңына қыран құстай самғап шыққан. Алаштың арқалы ақыны атанған Сәкен ағайға арнаған өлеңіммен мақаламды қорытындылағым келеді:

Көзімнен жапыраққа жас тамғанда,
"Бала" боп даналықтан жасқанғанда.
Ойыма Сәкен аға оралғансың,
Туған жер Ақсуымды еске алғанда.
Айналып сағынышың дастандарға,
Айбарлы ағаларды еске алғанда.
Сен шықтың сахнаға, ақын аға
Төбемнен қарап тұрған аспан барда.
Кеудеме қалқан болар арман аға.
Із салып сағынышын сары далаға.
Өлеңнің адырнасын аңыратқан,
Жүрегі жүгінеді арға ғана.
Сырласып қаламен де, даламен де,
Аттаған мына белден, ана белге.
Шақырса жастық шақтың шағаласы
"Барам" деп, бармай қалма Алакөлге.
Деген ол: "келмей қалса алаңдаймын"
Шықса екен қара бұлтқа қамалмай —
Күн. Бүгінгі батыр ақын ақбозаты —
Баласы "Қаракерей Қабанбайдың!"
Тірі жүр рухқа айналып ұлың бүгін,
(Өшірер азаматтық үніңді кім?!)
Жаралдың Алакөлдің толқынынан
Жырына ап Сейфуллиннің сұлулығын...
Түспейді төбелерге көз қиығың,
Ұстатпай қайда қашар жезкиігің.
Ешкімнің орынына таластырмай,
Күтіп тұр алатұғын өз биігін.
Жас ару... күлкісімен емделесің,
Емделіп, жол үстінде сен келесің,
Кешегі "Ақ дариға", "Ғашық дүние"
Қол бұлғар қызғалдақты "Бел-белесің".
Талықсып таң алдында түс көресің,
Түсінде ғарышқа бір түстенесің.
Болсаң да жерде тұлпар, көкте сұңқар,
Төсінде туған жердің "кішкенесің".
Талпынған сұлулыққа сыршыл ұлан,
Тамшының сыр тыңдаған тырсылынан.
Кеудеңде толқып соққан жүрегің бар,
Жаралған Жетісудың бір суынан.
Батырсың... алмасаң да батыр атын,
Шабытын найзағайлы шақыратын.
Туған ұл туған елден барыс жылы
Барыстай мінезің бар атылатын,
Тағдырға иілмейтін батыр ақын!

"Алматы ақшамы"газеті, 27 мамыр, 1998 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз