Өлең, жыр, ақындар

Атқа мінген азамат жырлар

Әдеби жылдың қорытындысында өткен жыл поэзиясына шолу жасаған ақын Сәкен Иманасов: "Өлең (егер ол шын поэзия болса) ең алдымен мені ойландырын, толғандырсын, күлдірсін, күйіндірсін, қуандырсын, сүйіндірсін, еңірентсін, тебірентсін, тек қана енжар қалдырмасын. Сонда ғана ол көркем шығарма, сонда ғана поэзия. Қалғандардың бәрі шумаққа, тармаққа, ырғаққа құрылған, сөз ыңғайына қарай қиюласа орналасқан қарадүрсін қарасөздердің құрғақ қана жиынтығы болып шығады", — деген еді.

Қазіргі өскелең өмірімізде ісі мен сөзі алшақ бола беретін ақындарды да көрмей жүрген жоқ едік, әрине. Өзі уағыздап отырған сол қағиданы С. Иманасовтың өзі қалай ұстанады екен деген ниетпен "Бел-белес" аталатын өлеңдер жинағын қолға алған болатынбыз.

Кітап кіріспесінде (өлеңмен жазылған) автор:

Ұстараның жүзіндей қылпып тұрған,
Қаншама сөз ұстатпай ынтықтырған,
алты қырдың астына жасырынды
құлан болып қашты да үркіп қырдан —

деп сөз құдіретінің сиқырын бар айшығымен ажарлы баяндай келіп, өзінің де осал жан емес екенін тілге тиек еткендей болады. Сүйегіне сөз сіңген сырбаз суреткер екенін өзгеден бұрын өзі ашық мойындайды. "Менің бұным өтірік пе, жоқ па оны мына жинағымды оқып, өздерің көз жеткізіңдер", — деп те ағынан жарылады.

Ақынның сол бір жүрекжарды сырына сенбеске ешқандай шараң жоқ. Себебі сен оның алғашқы өлеңдер жинағынан бастап жақында ғана жарық көрген "Бел-белес" кітабына дейінгі күллі шығармашылығын бір кісідей жақсы білесің. Кітаптан кітапқа қарай өсіп, толысып, кемелденіп келе жатқанын тағы білесің. Кейде сенің поэзия дегеніміздің өзі осы Сәкен емес пе екен деп ойда қалатының және де жалған емес.

Сәкен жасында асаудың құлағында ойнаған бұла жігіт болса керек. Қазір асау сөздің құлағында ойнайтын дәрежеге көтерілген азамат, ақын. Жылқы асауы жігіттің қарымдылығын сынаса, сөз асауы дарындылығын сынайды. Жылқы асауын бас білдіру үшін жігіттің өрт мінез керек болса, сөз асауын бастықтыру үшін ақындық мәрт мінез қажет. Сәкеннің бойында, міне, осының екеуі де бар.

Содан да болар, С. Иманасовтың қаламына ілінген қандай тұрақсыз сөз де қас-қағым сәтте нұрлана ажарланып, жанды тірі бейнеге айналып, қимыл-қозғалысқа көшіп жарқырап жүре береді. Ол — күледі, ол — шаттанады, ол — мұңданады, ол — күңіренеді... жан-дүниеңді сілкіп, көкірек көзіңді ашып, көңіліңе, тұла бойыңа сәуле боп тарайды.

Әйгілі актер К. Байсейітов, Тілендиев жөнінде бірде: "Ой, ол иттің тұла бойы толған дыбыс қой. Оның денесінен бір үзіп алып лақтырып тастасаң, ол екеш оған дейін бүркілдеп өлең айтып жатады" деп түбірлі ойын түбірінен бір-ақ қайырса керек. Сол уәж кейін ел арасына кең тараған қанатты сөзге айналып, атақты композитордың творчестволық портретін жазған суреткер Ә. Нүрпейісовтың мақаласынан іргелі, жылы орын тапқан-ды.

Сонымен, бұл уәжді Иманасовқа да қаратып айтуға болады ғой деп ойлаймыз. Себебі, оның көкірегінен топырлап құйылған қандай сөз де, денесінен кесіп алған қандай үзік ет те өлең боп өріліп өмірге кеп жатады. Сөз Сәкенмен, Сәкен сөзбен ойнайтыны рас болса, бұған иланбасқа тағы шарамыз жоқ. Оған сенбесеңіз ақын жырларын ақтарып көріңіз — көп ұзамай өзіңіздің де көзіңіз жетеді.

Өз кредосы, өзі ұстанған мақсат-мүдде жөнінде, әсіресе, "Өмірбаянға қосымша" дейтін өлеңінде С. Иманасов жанын жалау етіп тебірене отырып терең ой айтқан. Соңғы жылдардағы қазақ поэзиясының ең шұрайлы шығармаларының бірі деп бағалауға болатын бұл өлеңде қазақ ақынының моральдық бейнесі — ашынуы, ашылуы, тұшынуы, түйсінуі айқын бой көрсетеді. Әрбір талантты қаламгер: "Әттең, мен жазар ма едім!", — деп қызығарлық, қызғанарлық кестелі жыр. Ақынның азаматтық тұлғасы, суреткер ретіндегі бүкіл концепциясы жүрек астынан көтерілген шұғыладай алаулап көрінеді. Жырдың әуені, сарыны, түзілімі, бүкіл сезімі мен шеберлік гармониясы сегіз өрім қамшыдай болып, бір-бірімен жымдасып, сіңісіп кеткен.

Алдыра да қоймаған қырауға әлі.
домбырамның қаттырақ бұраулы әні.
бір ауғаны басымнан бұлағай күн —
өлеңімде түп-түгел тұр-ау бәрі!..
Тағдырымның темірдей шындағаны,
қабырғамның қақырап, сынбағаны,
тірлігіме жабылған жалалар да,
жаралар да — жазылмай тұрған әлі:

Сергей Есенин өмірбаяным өлеңдерімде десе, оны кезінде Қасым да, Мұқағали да қайтадан айтқан еді. Енді сол ойды Сәкен қозғап отыр. Бірақ ол алдыңғы тұлғалардың уәжін сөзбе сөз қайталамайды. Өзінше, Сәкенше айтады. Сәкенше оқшау түйін жасайды.

Сонымен бірге ол бұл өлеңінде жеке өз басының мұңын күйттеп тізбелеп кетпейді, азаматтық пен азғындықтың, кісілік пен пенделіктің, жақсылық пен жамандықтың күресін арқау етіп, алға тартқан. Күні бүгінге дейін не көрді, не білді — соның бәрі осында шежіре тілмен әсерлі баяндалған. Өлеңді оқыған қай азамат та Сәкен өміріндегі жеңісті де, жеңілісті де, мұнаралы шағы мен Мұқалған сәтін де аз уақыт ішінде сындарлы жақсы біліп шығары даусыз.

Әдетте өлеңде ақын мінезінің болмысы молынан көрініп жатуы ләзім дейміз. Ендеше, кейде біраз тұстастарымыздың Сәкен жырындағы ақындық өжет мінезге көбірек үңілгеннен гөрі оның жеке басына, әз мінезіне барынша ден қойып, соны көбірек сөз етуге құмартатыны қалай? Бұның басты бір себебі — ақынның тектілігін тіршілікте жарата бермейтін біраз ағайынның оның өлеңдеріндегі өжет те тік мінезді балағысы келмейтін іштарлығында жатыр. Сәкен жырларын түсініп оқып, ішкі әлеміне жіті үңіліп, жетістік-кемшілігін әділ таразылаудың орнына сыртқы көрінісін қызықтап кететін өресіздігінде жатыр. Сонан да болар. С. Иманасов алғашқы кадамынан бастап-ақ суреткерлігімен, шеберлігімен көзге жарқырап түссе де, оның творчествосын кемелдікпен кеңінен тоз етуге келгенде замандастары әлі де сараңдық жасап келеді. Оның шығармашылығына арнап осы кезге шейін бірде-бір көлемді мақаланың жазылмағанын еске салсақ та жеткілікті ой деп ойлаймыз. Кейде өжеттігі өктемдік боп көрініп, турашылдығы тарпаңдық боп танылып, Сәкен ақынның үлесінен құр қалып келгені де өтірік емес. Оның есесіне Сәкен талантының ширегіне де татымайтын қайдағы біреулердің елпілдетіп, желпілдетіп, жұлдызын жарқыратып келгеніміз және өтірік емес. Марқұм, Ж. Нәжімеденов: "Арғымақты арқан шалып, есек озып кетіпті" деп шамырқана жырлағанда, міне, осыны қадап айтқан.

Алайда С. Иманасов оған бола мойып, жаси қойған жоқты. Қайта шашқа түскен ұстарадай өткірленіп барады. Өйткені намысын шар болат-жігерге, жігерін шашақты найза — намысқа жағынған ерке бұлан ақынның шабытты шағы еді. Үш-төрт жыл бойы үндемей жазып келді және алау жалыны бетті шарпыған қызулы өлеңдер жазды. Көкірегіндегі күркіреген асау ағыстар көл-көсір өлең боп ақ қағаз бетіне өз-өзінен құйылып жатты, құйылып жатты.

Сәкеннің бұл кітабына енген бұла жырлар оның еліне, туған халқына шаққан мұңы емес, адамзат алдында ақтарыла айтқан жүрекжарды сырбаз сырындай айқын да жарқын естілді. Оның қай өлеңі де мақсатсыз жазылмаған, белгілі бір ойдан, мүдде-мұраттан туындаған. Иманасов поэзиясының күре тамыры өткен күн сүрлеуінде де, бүгінгі күн келбетінде де, ертеңгі күн өресінде де өрісті көрініп, лүп-лүп соғып, сабақтасып жатыр. Ол өткенге тарих көзімен үңіліп, шежіре тілмен сөйлесе, бүгінгі күннің биік мінбесіне желпіне жеңіл көтеріліп, болашаққа батыл ой жіберіп, жарқын тіл қатады. Сондықтан, "Бел-белес" кітабы — оның жаңа қыры, творчествосындағы жаңа беті, толысқан кемел шағы. Бұдан бұрынғы жинақтары Сәкеннің осы кезге дейінгі қарышты қадамын танытса, мынау кітабы оның жаңа болмысын, жаңа табиғатын, жаңа әлемін, жаңа биігін белгілейді. Сонымен бірге творчествосындағы жаңа өрлеу кезеңінің шұғыл басталғанын дәлелдейді. Мәселен, оның "Халықтар достығы немесе қазақ жері хақында", "Асыл муза", "Адамның кейбір кездері", "Қажымұқан", "Түс", "Бір ақбоз ат түсіме көп кіреді", "Сөз патшасы", "Түс көрем", "Тарихпен тілдесу", "Екі жирен" сияқты өлеңдерін қызынбай, алабұртпай, тебіренбей оқу мүлде мүмкін емес. Осы аты аталған туындылардың қай-қайсысында да ақынның әлеуметтік белсенділігі мен қоғамдық-философиялық көзқарасы творчестволық тұтас бірлікте айқын көрінеді. Бірінде ердің ерлігі сипат алса, бірінен елдің елдігі танылады. Бірінде жұмыр басты пенде атаулының күйкі тіршілігі бейнеленсе, бірінде пенделіктен бір мойын озық жаратылған азаматтың биік мұраты шымыр суреттеледі. Бірі тарих қойнауына жетелесе, бірі жаңа дәуірдің яғни қоғами құрылыстың сұлу тұлғасын жарқыратып алдыңа әкеледі. Бұл туындылар идея айқындылығы жағынан болсын, эстетикалық көркемдігі жағынан болсын, жазылу шеберлігі жағынан болсын, әйтеуір, қалай десек те, бір-бірінен асып түсіп, бүгінгі қазақ поэзиясы маржандарының сапынан саналары даусыз. Сенбейсіз бе? Ендеше ақынның "Қажымұқан" деп аталатын бір ғана өлеңінен шумақтар, жолдар алып талдап көрелік.

Жапон деп те жүріпті-ау,
түрік деп те
амал қанша, бәріне кене бердің.

Бұдан Қажымұқанның көнбестігі, маңғаз төзімі тұлғаланып көрінеді.

Жығып беріп шетінен ұмтылғанын,
Жұмарлап-ақ жүргенде, шіркін, бәрін.
Ұлтың барын сенің де еледі ме ел
арқа сүйер —
асқар бел —
жұртың барын!

Белдескенін белден басып, алысқанын атып ұрып бет қаратпай өткен арыстан кеуде Қажымұқанның жүрегін, жан сезімің мәдениетті деген Европа елдері де түсіне алмапты. Керек десеңіз арқа сүйер елі барын, көкірегін күмбез етіп көтерген Алатауы барын білмеген. Қандай ұлттан түлеп ұшқан ұлан екенін және білмеген. Соған ашынған ақын:

"Қайсақ" деп те кемітіп жүргендердің
Қайсысының басынан аттамадың! —

деп жанарынан ызалы жасын атса, келесі жолдарда:

ашындың-ау, ағатай, қасында бір
қауқылдасар қалың ел жоқтығына! —

деп Қажымұқанға аяушылық білдіреді. Бірақ бұл атақты палуанды мүсіркеу емес. Қайта жігерін жану еді.

Өлең екінші бөліміне ауысқанда мүлде басқа сипатта өріледі. Бірінші бөлімінде тұтас халықтың бодауына жүрген Қажымұқанның алып тұлғасы, ол өмір сүрген замана бедері, уақыт тынысы айқын сезілсе, екінші бөлімінен де сол Қажымұқанның асқақ рухы есіп тұрғандай болады. Бірақ бұған қоса әйгілі палуанның атақ-абыройын мансұқ еткен бүгінгі ұрпақтың психологиясы жан-жақты терең ашылып көрінеді. Сонымен бірге жақсы әке баласына қырық жыл азық болса, Қажымұқанның бүкіл исі қазаққа әлі айбар боп келе жатқаны және танылады. Сонда Қажымұқан десе қазақ, қазақ десе Қажымұқан еске түсетінін жақсы біліп алған палуанның қазіргі ұрпағы сөйлейді дейсіз ғой.

" Үзе жаздап тұрамыз үзеңгіні — Қазақпын! — деп, Қажеке, шіренгенде!" деп өз сезімің таза мойындайды. "Ақынға да, білеміз, алыпқа да абыройын асырар ел керегін!" — деп елсіз ердің көсегесі көгеріп, мәртебесі артпайтынын жан дүниесімен жіті сезінеді. " Ұлтымызға лайық ұл бола алсақ, жарар еді Қажеке, енді біздер!" — деп ақыл тоқтатады.

Осындағы қай жол да оқ жыланның тілінен өрілген қамшыдай шымыр көрінеді. Неге? Себебі, Сәкен бұл өлеңді жазғанда бүкіл жан-дүниесімен сілкініп, өртеніп, тебіреніп отырып жазған. Өзі бүкіл бір дәуірдің келбетіне айналып, сол дәуірдің тыныс-тірлігін жүрегімен сезініп, ағыл-тегіл төгіліп кеткен. Соның арқасында Қажымұқан жайлы, Қажымұқан өмір сүрген ортаның бүкіл тіршілігі, бүкіл сезімі, бүкіл тынысы бедерленіп көрінген көркем өлең дүниеге келген.

Рас, Қажымұқан жайлы көп өлең жазылды. Ол өлеңдерде алысқанын алып ұрып басынан аттап өтіп кете беретін әйгілі палуанның ерен күші жәй хабарлама ретінде сипатталатын да, ішкі жан дүниесі, тіршілік драмасы ашылмай сырт қалып келген-ді. Сәкен болса ол таптаурынға тізгін бұрмай, ел намысын жалғыз арқалаған біртуар алып азаматтың жүрегіне үңіліп, көкірегіндегі мұңлы ағыстарды бағдарлап, жіті тани білді. Түренін тереңге батырып, құнарлы топырақтың арғы астарын бәрі аударғандай қопара жырлады. Сондықтан да Сакен жыры Қажымұқан хақында жазылған бұрынғы туындылардың қай-қайсысынан да үздік шыққан деп батыл да кесіп айта аламыз.

С. Иманасов туған халқының мұрат-мүддесін, қадір-қасиетін, болмыс-табиғатын жырлауға келгенде тіпті асқақ рухқа бөленіп, көкірегі күмбірлеген күйге толып, жалындап, көсіліп сала береді:

Белгілі бұрынғының бәрі маған:
бір ызғар кімнің ішін қарымаған, —
жан-жақтан жау анталап тұрған шақта, —
жұрт едік жұрағатқа жарымаған...

Ақын "Халықтар достығы немесе қазақ жері хақында" деген өлеңінде сонау тарих қойнауынан осылай суыртпақтап сыр тартып, әуелі кезінде қандай жұрт болғанымызды ашып айтып алады да, одан әрі қазіргі сән-салтанатын, шерулі қозғалысын, жарқын сипатын шабыттана жырлап кетеді. Бірақ ол бір елден бір елді жоғары қоймайды, қай халықтың да бір-бірімен терезесі тең иықты ел екенін азаматтық биік өреде жырлайды. Орман боп ойға шомған ұлы орыс халқымен қай кезде де, қандай жағдайда да іргесі бөлінбейтінін, қырғызбен құда болып, құйрық жескенің, түрікпенен туыс боп кеткенін, өзбекті өз ағам деп танитынын мақтаныш тұтады. Қазақ жері достық ниетпен келген кім-кімді де жатырқамайтынын, ешкімді алалап бөліп-жармайтынын, қайта ыстық ықыласпен құшақ жая қарсы алатынын халық атынан ағынан жарыла ақтарыла айтады. Өлең жетістігі, міне, осындай халықтығымен, халықтық сипатымен оқшау көрінеді десек, бұған асылы ешкім дау тудырмаса керек.

Қарт тарих қазақ халқының өткеніне көне көзбен ой жіберсе, Сәкен ақын сол қарт тарихтың өзіне көсем көзбен ой жібереді. Қарт тарих қазақ халқының бағзы заманнан бергі ғұмыр-шежіресін жасаса, Сәкен ақын сол қарт тарихтың ғұмыр-шежіресіне өз шешімін білдіреді. Сыни көзбен қарайды.

Аманатын атамның бүгіп қалып,
жаманатын көбірек тізгесің бе?

Немесе:

Сандығымды жеткіздің салдырлатып,
ішіндегі сан асыл мүлкі қайда?
Я, болмаса:
Жоғымды асыр демеймін, қартым саған,
болады ғой барымды жасырмауға!

Заманында қазақ бойындағы табиғи асылдар бағаланбай, керек десеңіз, тарлан тарихы да жүлгелі жүйесін таппай, солақайлықпен сұмдық бұрмаланып келген-ді. Жалпақ даланы жалғыз жайлаған іргелі ел болса да тағдыр оған өз атын да қимапты. "Қайсақ" деп те, "қырғыз" деп те аталып бұралаң жолды бастан көп өткерген. Қазақ деген киелі атына Октябрь революциясынан кейін ие болған. Өзек өртер осы ащы шындық ақынның "Тарихпен тілдесу" деген өлеңінде шынайы сыр боп әдемі шертілген. Ол мұнда тарихпен ғана сырласып, тілдесіп отырған жоқ, тұтас халықтың қадір-қасиетін тани білмеген сұм тағдырдың өзімен де бетпе-бет кеп отыр. "Жоғымды асыр демеймін, бірақ барымды жасырмауға болады ғой", — деп абыздық көңіл танытып отыр.

С. Иманасов кемелденген келбетті елдің көркем тілді шежіресі екенін өсте ұмытпайды. Себебі ол бүгінгі ұлы ғасырымызда, бүкіл әлемде күнделікті болып жатқан әлеуметтік өзгерістер мен уақыт тынысына жіті үңіліп, ондағы қайшыласқан қозғалыстарды жан-тәнімен терең ұғынып, батыл бағдарлап отырады. Бүкіл ғаламның тыныштығына, бүкіл адамзаттың бейбіт қатар өмір сүруіне өзі де жауапты екенін айқын сезінеді. Башқұрт ақыны М.Кәрімнің сөзімен айтқанда, әлемге атылған оқ алдымен ақын жүрегіне қадалатынын әбден түсініп болған. Сондықтан да оның "Қыр көрсете келгеннің барлығына Сібір болып сіресіп жатып алам!", — деген аятына еріксіз сенесің.

Мұхиттың арғы жағалауында бомбаларды тауықтың жұмыртқасындай балалатқан, "МХ-ларды" қара құстай қаптатқан, адамзат әлеміне ажал боп аранын ашқан соғысқұмар "аждаһаларға" ой сала жазған бұл өлеңі "Менің мәлімдемем" деп аталады. Ақын мұнда үлкен мінбеге көтеріліп, ел атынан, бүкіл адамзат қауымы атынан сөйлейді. Бұл жалғыз Сәкеннің ғана соғысқұмарларға жасаған ескертпесі емес, күллі ақынды, күллі прогресшіл халықтың мәлімдемесі секілді сұсты естіледі.

Дарымайды десек те сұсы бізге,
сыймай-ақ тұр, не керек, ішімізге, —
Еліміз де ежелден тең емес пе,
кем емесін білмей ме күшіміз де?
Қорлатқандай бұл күнде кім даласын!
Қоқаңдатып,
қарауын бұлдамасын.
Түбі келіп зардабын өзі шегіп,
езі тартып жүрмесін зілзаласын!..

Көрдіңіз бе? Сәкен саяси-публистикалық өлеңнің өзін қалай-қалай түрлентіп, құбылтып, бұлшық еттей ойната білген. Оқығанда көз де, көңіл де сүрінбей еркін жүгіріп отырады. Нағыз өлең, нағыз поэзия келісім тауып осылай құйылса керек-ті.

Қылыштан өткір қырықтан асып, егеулі найза елуге иек артып қалған Сәкен өмір болмысын зерттеп, зерделей келіп, сабасына түсіп, ендігі жерде кілең салиқалы да салмақты жырлар жазған десек бұл асыра сілтеп жібергендік емес. Қайта кемел таланттың бүгінгі жетістігін әділ бағалағандық боп табылар еді. Шынын айту қажет, Сәкенде нашар өлең жоқ. Оның ең төмен орта қол деген жырының өзі біраз ақындарымыздың таңдаулы туындыларынан асып түсіп жатады. Өйткені Иманасов шеберлігі әбден шындалған ақын. Керек десеңіз, онда етістікпен немесе әдебиетімізде көп қолданылып, мүлдем жауыр болған жаттанды сөз құрамымен ұйқасқан бірде-бір өлең кездеспейді. Қай туындысын оқысаң да қиыннан қиысып, табиғи құйылып жатқанына көзіңіз бірден жетеді.

Аян еді бәрі де өзіңізге,
қарай алмас кінәм жоқ көзіңізге.
Тойға барған қазақтар емес пе едік,
бұдан да жұпынырақ кезімізде.
Түсініңіз,
тұрғам жоқ шенегелі,
Түсінбей-ақ келесіз неге мені?
Елге біткен ерсілеу пенделікпен
ағамыз "ауырмауы" керек еді.

Бұл өлең Сәкен жинағындағы маңдайы жарқырап, жұлдызы жанып туған мойны озық туынды бола қоймас. Алайда осының өзінде де ақын көкірегінен көтерілген ерке бұлан наз бар, тұла бойыңа ыстық қан боп тарап, бүкіл жан-дүниеңді сілкіп өтер құрыш күш қан бар, тау қойнауына тұнып тұрып қалған көк мұнар секілді бұлаңытқан мұң бар, кісілік тұғырдан бір саты төмендеп кеткен ағасына деген қынжылыс бар, Еркіндік бар, еркелік бар.

Өлең бір ғана ағаға арналып жазылғанмен, сайып келгенде бұл пенделікпен "ауырған" барша ағаларға қаратылып айтылған уәж. Анау-мынау емес інінің ағаға деген уәлі уәжі. Өлеңді оқып отырып еріксіз ойға қаласың. Ойланып отырып өлеңді қайта оқисың. Жалғанда жанында жүрген жайсаң ағаңа өзіңді түсіндіре алмаудан қиын нәрсе бар ма дейсің. Көңілінде көсемдігі болмаса өзіңді қанша ұқтырдым дегенмен бәрібір ол түсінбей жігеріңді құм қылмай ма қайта деп сезімің ауырлаған үстіне ауырлай түседі.

С. Иманасов жырларында Адам рухы таудан соққан самалдай жаңа леппен аңқылдап өсіп тұрады. Ол Адамды жақсы, жаман деп екіге бөлмейді, жұмыр басты пенде және Азамат деп қарайды. Пенденің пенделігін бетке айтса, Азаматтықты ту етіп жоғары ұстайды. Атқа мінген азамат жырлар жазуының бір себебі — ақынның, міне, осы қасиетінде жатыр.

Сәкен жырларының бояуы қанық.
Жібімей қойып еді-ау көңіл көптен,
Тасада жатыңқырап қалған қардай...
Қараймын қабағыңа,
ауық-ауық
аспанға көз тігетін қырманшыдай...
Әр төбеден күн нұры бір көрінді
қырдан қашқан түлкідей қылаң беріп...

Алдыңғы екі жолда тағдыр шуағынан тасада қалған бөз бала жігіттің көңіліндегі тоң айтылса, ортаңғы екі жолда сүйгенінің қабағына жаутаңдап қарай берген ғашық жігіттің көңіл күйі берілген. Ал соңғы екі жолды оқығанда әр төбенің тасасынан жарқ етіп көтерілген күн нұры, сонымен бірге көзіңе жоны күн нұрына малынып, қырдан қашқан қызыл түлкі алаулап елестейді.

Мұндай бейнелі де, бедерлі жырлар "Бел-белесте" молынан ұшырасады.

Иманасов соғыс жылдарының аз-ақ алдында өмірге келген буынның өкілі. Анықтап, дәлірек айтқанда, адамның қабағынан гөрі дүниенің қабағын көбірек бағып өскен буынның өкілі. Адам қабағын баққан әкім боп оссе, дүние қабағын баққан ақын боп жетіледі. Оның:

Пеш түбінде отырып,
сезетін ек
дүниеде бір сұмдық ызғар барын...

Немесе:

Ауыл-үйдің ахуалын аңғарушы ек,
ауық-ауық бұрқ еткен түтінінен, —

деуі содан.

Бұны түсіндіріп жатудың қажеті бола қоймас. Себебі, осы жолдардың өзінен-ақ соғыстың соңғы жылындағы бар ауыртпалықты, бар қиындықты бірден суық сезінесің. Лирикалық кейіпкермен бірге сенің де арқаң мүздап қоя береді. Ішің осыдан қырық жыл бұрынғы соғыстың ызғарын сезіп тітіркенеді. Жас жаның күзгі жапырақтай және қалтырайды.

Әдетте белгілі бір қаламгердің шығармашылығын келелі сөз еткенде тақырыбы анандай екен, мынандай екен немесе тақырып аясы тар екен деп қызыл кеңірдек боп дауласып жатамыз. Бұл мүлде дұрыс емес. Қазіргі ғылыми-техникалық прогресс заманында шөп те, шеңге де елең боп жарытпайды. Ақын нені жазу керек дегенде алдымен көңілін қозғаған, тербеткен, көкірегіне қыжыл боп дарыған соны құбылыстарды жалындап жырлауы қажет. Ендеше осы тұрғыдан қарағанда С. Иманасовтың "Бел-белес" жинағына енген өлеңдердің тақырыбы сан алуан екенін аңғарамыз. Тақырып аясы кең. Әзінің от басынан бастап бүкіл Отан кеңістігі, өзінің табалдырығынан бастап бүкіл жер үстінің бейнеті мен зейнеті, тіршілік-қозғалысы, мұраты мен мақсаты... бәр-бәрі Сәкен жырларында түгел қамтылған. Рас, ол туып-өскен Алакөлінен, Алматы мен Алатауынан, өрі кетсе Москва маңынан ұзап шет елдерге саяхатқа шықпапты. Оны өзі де жасырмайды. "Ніл дарияны несіне жыр етейін әрі кетсе ол да бір Іле шығар!" немесе "Ақын, тегі, Магеллан емес шығар жерді айналып шығатын жел кемемен!" деп шынын айтады. Бұл, әсілі, Ніл дарияны я болмаса өзге елді менсінбеуден туған жалған көкірек емес, ақынның тақырыбын тар деп жазғыратын жолдастарға қайтарған тұжырымды жауабы болса керек.

Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықты түйінін айтқанда, Сәкен үнемі іздену, осу үстінде жүрген ақын. Ол сүйікті Алакөлі жайлы бір өлеңін былай аяқтапты.

Алқынып келем әлі,
айдыны кең
алыс бір дарияға жетем бе деп!

Жүйріктің мұраты — озу болса, ақын мұраты көздеген мақсатқа жету.

Сәкен, амандық болса, оған да жетеді.

"Лениншіл жас" газеті, 1985 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз