Өлең, жыр, ақындар

Ағынан жарылған ақын

Алпысыншы жылдардың бас кезінде қазақ поэзиясына тегеурінді бір жас толқын, жаңа толқын келіп қосылды. Осы толқынның алдыңғы легінде ақын Сәкен Иманасов бар еді.

Өзен болып толтырылам теңізге,
Өмірдің сол толқынынан мені ізде —

деп, өзгеше бір тың тебіреністің тынысын сездірген ақынның сері мінез, серпінді жырлары жырсүйер қауымды елең еткізгені анық.

Жас ақынның бұлай дейтін жөні әбден бар. Өйткені ол бұған дейін ақ шағалалы Алакөлдің ақ айдынында емін-еркін ерсілі-қарсылы жүзуді үйренген. Кеңістік пен кендікке сұлулық пен ерлікке ғашық болған. Ақын мінезі, болмысы осындай ортада қалыптасты. Алакөлдің толқынындай сол арынымен, бойдағы толағай дарынымен, қазақ поэзиясының кең шалқар айдынына келіп қосылды.

Сол кездегі бозбала жас ақын бүгінде ел ағасы жасына жеткен, атақты ақындарымыздың бірі. Жиырмадан астам жыр кітаптарының авторы, Қазақстан Жазушылар одағы "Алаш" сыйлығының иегері. "Туған ауыл", "Ақ айдын", "Ғашықпын саған", "Бел-белес", "Адырна" "Жебе" секілді кітаптары кезінде өзіне лайық бағасын алған. Ақынның оқырман жүрегіне жол тапқан жырлары оның поэзиядағы орнын да алып берді.

Ақын бүгінде поэзияның биік белесіне көтерілген шағында. Осындай асулы кезең үстінде халқына есеп беру ел сүйген талант иесінің қашанғы әдеті. Ақын есебі — оның жыры, кітабы. Ақын Сәкен Иманасовтың жақында Жазушы" баспасынан жарық көрген "Алакөлім — айдыным" атты бір томдық таңдамалы жыр кітабын біз осы тұрғыдан қабылдаймыз. Сондықтан ақын туралы сөзімізді осы кітаппен байланыстыра айтуды парыз санадық.

"Таңдамалыны" (көлемі 25 баспа табақ) оқи отырып, өзімізге танымал тарланбоз ақынмен қайта табыстық. Сыртқы мұқабасы сәнді, тартымды кітаптың ішкі сарайы да жиһазды, сәулетті екен. Енді осы кітаптан алған әсерімізді айтып көрейік.

Әр ақынның өмірдегі жөне өлеңдегі мінезі бар. Біз білетін Сәкен ақынға тән мінез — ағынан жарылу.

Дүние-ай, қуанып та не бір күле,
Енді ұқтым өзіңді де, өмірді де
Алдында ақтарыла кеткісі кеп,
Аңқылдап, ашық тұрған көңіл міне! —

деп ақын өзі айтқандай оның елінен де, халқынан, қала берді ағайын, дос-жараннан бөлек сыры да, жыры да жоқ. Мұны оның әрбір өлеңінен аңғару қиын емес. Бір қызығы Сәкеннің ақындық болмысы — адамдық бітімімен өлеңдегі мінезі өмірдегі мінезінен еш ажырағысыз, біртұтас. Сәкенді білетіндер бұл айтқанымызбен келісер деп ойлаймын, ал мұндай дәлме-дәлдік әркімде бола бермейтін қасиет екені де белгілі.

Сәкен — лирик ақын. Оның әрбір өлеңі шымырлап шыққан мөлдір сезім мен шиыршық атқан шымыр ойға өріледі. Әсіресе көңіл-күй лирикасы, махаббат лирикасы, азаматтық үні айқын жырлар — ақынның кітаптан кітапқа ауысып отыратын, арқауы берік тақырыптары.

Ақын көңілі тіршіліктің өзіндей тынымсыз, аунақшыған теңіздей тынысты, ол қашан да қозғалыс пен өзгерісті қалайды, жаңалыққа құштар. Жыр табалдырығын аттап кірген сонау балаң кезінің өзінде-ақ: "Мені теңіздің толқынынан, балғаның солқылынан ізде" деп жырлаған ақын арада көп жылдар өткеннен кейін Тайбурылдай тайпалған таңдамалысында да сол сертінен айнымай:

Бақтардан ізде мені шық төгілген,
Жақпардан ізде мейлің — құт көрінген.
Әйтеуір, дүбір шыққан жақ болмаса,
Мүлгіген тыныштықтан күтпе мүлдем!... —

деп, барлық қиындыққа қаймықпай қасқая қарап тұрғанын көреміз. Тегінде Сәкен болмысындағы қайсар өрлік оған табиғат-ананың өзінен ауысқандай сезіледі. Өйткені:

Өзен ағып өзінің арнасында,
Ойға батып мен тұрмын жар басында.
Ықты-жарды білмейтін асау ағыс төте
жолын тірліктің таңдасын ба!.. —

деуінен арынды өзен мен ақын мінезіндегі ұқсастықты аңғарамыз.

Сәкен — азамат ақын. Оның жырларының ең бір мәнді де әрлі бөлігі ел мен жерге деген перзенттік сезімнен бастау алған. Азамат ретіндегі ақын кредосы — адалдық. Бұл жолда ол сырын да, шынын да ешкімнен жасырмайды. Бірде ол әділет пен шындық үшін майданға шықса ,енді бірде достық пен сыйластық жолында шыр-пыр болады. Сәкенше, туған елі мен жұртының жақсысы мен жаманына ортақ болу, сол үшін өмір сүру — ақынның міндеті, парызы. Сондықтан да:

Жауап алса жұртынан Отан мына —
Сот алдына алдымен ақын барар! —

дейді ол. Бұл жолдағы ақынның сенері де, серті де — әділет. Оған:

Самғап та жетер сан қырға,
Саңқылдап шығар үнім ен.
Қашанда арым алдында,
Өзіңе ғана жүгінем, —

деп, жүрекжарды сырын ашады. Ал "Ар алдында" — өзін дар алдында тұрғандай сезінетін ақын үшін әділет — шындықты қорғау үшін керек екен. "Жүгірем деп, түңілем деп баршадан, шыр-шыр етіп шаршаған" шындықтың тағдыры алаңдатады ақынды. Оқырманың әділет пен шындықтың, адалдық пен жақсылықтың алды жарық, екеніне сендіреді.

Жасырып елдің жамандықтарын,
Жамадым-жасқап әрі өңдеп.
Әйтеуір, жерде адалдық барын
Дәлелдеп келем, дәлелдеп! —

дейтіні де сондықтан.

Ақын жырларының ендігі бір үлкен өрісі — туған жер, ата-баба, туыс-жұрағат, дос-жаран тақырыбы десек, мұның өзі азаматтық лириканың өкініші бір кең арнасы екені даусыз.

Бұта жоқ мен сүйсінбес бір тал мұнда,
Сүйемін қырынды да, қырқаңды да.
Туған жер! Саған ұқсау керек екен,
Қызармай жүру үшін жұрт алдында! —

деген, жапыраққа қонған шықтай мөлдір сезімнің шынайылығына риза боламыз. Сәкеннің қай кітабынан болса да Алакөл туралы жырлар табылады. Алакөл — оның ақындық эмблемасы іспеттес. Алайда, Сәкен Иманасов — бір ғана ауданның ақыны емес екені қандай ақиқат болса, оның жырларындағы Алакөл бейнесі — бүкіл қазақ даласының, туған Қазақстанының өзіндік бір символы етіп алынғандай әсер етеді. Ақынның Алакөлге арнаған бір жырындағы:

Тұрса сәл жанға қаяу, жанарға шық, Күш алам, құшағымды барам да ашып, ...Басқа елді бөгде жерді сүйе алар ма ем, Болмасам осыншалық саған ғашық! — перзенттік сөзін біз осылай түсінеміз. Қашан да туған жер мен елдің мәртебесі адамдарымен биік Ақынның барометр көңілі осыны өте сезімталдықпен, дәл аңғарып, шын ризашылығын білдіреді:

Жанға мені жалғанда теңгермеген,
Жақындарым қаншама мен көрмеген!
Ел үшін де, бауырлар, жер үшін де
тұлға болып тұрсыңдар сендер деген!

Иә, азамат ақын туған жердің әрбір адал жанын өзінің туысындай жақын санайтынына біз де иланамыз.

Махаббат пен жастық шақ — ақынның айнымас тақырыптарының бірі. Екеуі де сұлулықтың өлшеміндей ұғымдар. Сондықтан да ақын:

Олпы-солпы мына мені ақын ғып,
Сені сұлу жаратқаны — не еткені? —

деп табиғатқа наз айтады да, іле-шала:

Күні-түні саған қарап сұқтанып
Мені сұлу жырласын деп қойған да —

деген әсерлі ойдың түйінімен өзі жауап береді. Ал мына бір екі-ақ шумақтан тұратын өлеңді оқып көрейікші:

Тағы ұнарсың біреуге, тағы ұнарсың,
Тағы да ұнап, тағы да жаңыларсың.
Мен есіңнен шықпаспын қайда жүрсең,
Жек көріп те отырып сағынарсың.
Мен де, бәлки, біреуге тағы ұнармын,
Тағы талай тірлікте жаңылармын.
Сені есімнен, әйтеуір, шығара алмай,
Жек көріп-ақ отырып, сағынармын...

Махаббаттың ақыл жетпес тылсым күшін бұдан артық бейнелеп жеткізу қиын шығар. Бұл секілді шынайы шеберлік пен шабыттан туған өлеңдер "Таңдамалыда" жеткілікті. Осындай ойлы да сезімтал жырлардың қатарында "Алма", "Ат", "Қарағай", "Жаралы құс", "Екі жирен", "Жеті ата жыры", "Жүрек туралы жыр", "Үрей", "Қағаз", "Өмір арбасы", "Үй", "Қарт", "Ауыл", "Еліктеу", "Ағаш", т.б. көптеген өлеңдерді атай аламыз.

Шағын мақалада үлкен ақынның "Таңдамалысын" түгел талдап шығу мүмкін емес. Алдағы уақытта талай сөз айтыла да жатар. Бірақ басы ашық жай — өмірдің белесті бір асуына көтеріліп отырған көрнекті ақынымыздың бұл таңдамалы жырлары — оның оқырманға, туған халқына ұсынған лайықты тартуы екеніне көз жеткізіл, ақын ағаға бұдан кейін де талмас қанат, сарқылмас шабыт тіледік.

"Шалқар " газеті Көкек, 1998 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер