Корейская косметика премиум класса

Ақырын жүріп, анық бас...

Адам мінезі дегенің де әр алуын ғой өзі. Бірден жарқырап көрініп, түймедейін түйедей етіп көрсетуге тырысып, кез-келген жерде көзге түсіп қалуға құмартып тұратындар да, сонысымен-ақ ауызға ілігіп, әжептеуір екпінмен әудем жер шауып барып, шалдығып қалып жататындар да бар. Ал бармын деп тасымайтын, жоқпын деп жасымайтын, барын бұлдап әлекке түспейтін, орынсыз ісінбейтін, көрінгенге кішірмейтін біртоға тұйық тірлік кешкендер көбіне-көп қағаберіс қалып жүреді. Бірақ, ізіне үзіліп, бойлай қараған адамға ол атқарған іс те, арқалаған жүк те болымды, толымдығымен көрініп, көңіл сүйсіндірері бай, қалар еді. Бұйығы жүріп те бірақ іс тындырғанын, бір азамат атынан ұялмай сөйлеп, қызмет қылтанын, сол қызметін міндет қылуға да қақысы барын кейін барып аңғарар еді.

Өз басым Тоқтар Бейісқұловты сондай біртоға, бергені де бар, берері де мол аптал азамат деп тануға міндеттімін.

Ол екеуіміздің бір-бірімізді танып-білуіміздің өзі алпысыншы жылдардың басында басталып еді. Мен онда жастар газетінің жас қызметкері едім де, Тоқтар республика комсомолы Орталық комитетінің нұсқаушысы болатын. Сол ұйым тапсырмасымен Гурьев облысына сапарға бірге шыққанымыз бар. Тоқтар басшы, мен қосшы дегендей, жарты айға жуық бірге жүріп, дәмдес, тұздас болып, тапсырылған жұмысты ойдағыдай-ақ орындап қайтып едік.

Одан бергі дәуірде көп араласа қоймасақ та, амандағымыз түзу, көңіліміз жақын, бір-біріміздің тұрмыс-тіршілігімізді сырттай көбірек бақылап көз жазбай келеміз. Мен елге қарай бір барып оралдым, Тоқаң үнемі астанада тірлік кешті. Комсомол, партияның орталық комитетінде әртүрлі жауапты қызметтер атқарды. Радио мен теледидар жағында да басшылық жұмыстарда жүрді. Біреуге байқалар, біреуге байқалмас, біреу аңғарар, біреулер аңғармас" бұл қызметтердің де ауы мен бауы, ыстығы мен суығы, қызығы мен шыжығы көп болатыны белгілі. Абыройлы, абыройсыз сәттері де, күйініш-сүйініші де аз болмайды, "отты жаққан біледі" — дегендей, өз басынан ондай өмірді өткізгендер анық түсінсе керек, оған да төмірдей төзімділік, жігер, жүйке керек. Біреулер болаттай шынығып бекіп жатса, біреулері бірден жүйкесін алдырып аз жылда тозып шыға келеді.

Бір абыройы, Тоқаңа құдай берген тәртіп пен мінез ол жұмыстардың ешқайсысына да сыр алдырып көрмепті. Ал ең бастысы Тоқаң қоғамдық қызмет үстінде қаламды да бір кісідей серік етіп, жаза жүріпті, жазғанын жариялай жүріпті. Оған әр жылдары баспалардан жарық көрген үлкен-кіші кітаптары, газет-журнал беттеріндегі мақала, зерттеулері айғақ бола алады.

Қаншама жылдар баспасөз төңірегінде келеміз ғой, көріп жүрміз, білеміз: "Партия, Совет жұмысынан қол тимеді, енді пенсияға шықтық, жазбауға болмайды" — деп келетін қазақ әдебиетінің бір кемтігін толтырып тастардай болып күпініп, күллі-бадам дүниесін арқалап, редакциялар есігін тоздыртып бітетін де біреулер болады. Тоқаң ондайдан аулақ, күнделікті қызметтен қолы қаят еткенде қағазы мен қаламын алып, архив ақтарып түртіне беріпті. Күші келместі көтерем деп күшенбей шама-шарқына талғам-талантына орай біраз шаруаның бетін қайырыпты. "Түбінде баянды тірлік осы болар-ау" — дегендей, өр жазғанына жүз үңіліп, сын көзбен қарап, қаламын да ұштай түсіп отырыпты. Енді соларын бір шолып өтеміз.

Тасқа басылған кітаптарының бірі "Кеудесін оққа тосып..." дәл аталады. Кітапты бір сүзіп өткенде-ақ автордың аяқ алысының нығыздығына, публицистикалық-лирикалық әуенінің саздылығына тәнті болар едік. Материалын молынан игерген, қысылып-қымтырылмай отырып айтарын толық жеткізген. Мұнда негізінен кешегі қанды майданда өз омырауын оққа тосып, атақты Александр Мотросовтың ерлігін қайталаған туған жер түлектерінің жанкешті қаһармандығы сөз болады. Ер есімі ел есінде мәңгілік сақталып қалуы үшін жасалған журналист қызметін құптамау мүмкін. Осы сарындас тағы бір еңбек "Әкелер даңқы жолымен" деп аталады. Мұнда бейбіт күндердегі сәулелі тіршілік, адал еңбек, еңбек абыройы сөз болған.

Тоқаңның көптен көңіл бөліп" желісін үзбей жасап келе жатқан еңбегінің бірі — Бейімбет Майлин творчествосы екен.

Бұл реттегі істің бастамасы "Қанатты қаламгер" деп аталған Б.Майлиннің публицистикасына арналған кітап та жалғасы қазір баспада жатқан тағы бір қолжазбасы. Осы кісінің құрастыруымен бірер жыл бұрын жарық көрген "Би-Аға" деп аталатын естеліктер жинағы да бүгін оқырман іздеп оқитын сирек кітапқа айналған.

Әрине, қайталанбас қалам иесі Бейімбет Майлин шығармашылығы жайлы жазылған, жарияланған дүниелер аз болмаса керек, бірақ бұл кітаптың Бейімбет тану ісіне қосылған қомақты үлес екендігіне ешқандай дау жоқ.

Бұл жерде, қайталап айтуға тура келеді, тікелей өз міндетіне жатпаса да, атқарып жүрген қызметінен бұрыстау болса да, жүрек қалауымен осы сарындас қыруар іс тыңдарын жүрген Тоқаңа риза боласың. Мерзімді баспасөз бетінде әдеби аударма, жеке жазушы, ақындар шығармалары жайлы орнықты, біліп жазған пікірі салмақты мақалалары да оқырманын енжар қалдырмайды. Бұл да оның күн сайынғы әдеби процесті үзбей қадағалап, көңілге түйіп, тоқып отыратынын көрсетсе керек.

Біз Тоқаң өмірін түгел тізіп шығудан аулақпыз. Бірақ бүгін еңбек зейнетіне шығып отырған осы азаматтың өзгеге де үлгі боларлық үлкен бір шаруасымен жұртшылыққа таныстырып қоюдың ешбір артықшылығы жоқ деп түйдік. Ақырын жүріп, анық басқан адамның еңбегі далаға кетпейтінін айтқан Абай даналығына бір дәлел Тоқтар Бейісқұлов өмірі деп айтуға да әдеби хақымыз бар.

"Жетісу " газеті


Қарап көріңіз

×