Астыртын үйірмеде ауылда бір ай жарымдай болғаннан кейін мен Петропавл уезі Полуден болысындағы Нілді болыстық мектебіне оқытушы болып тағайындалып, сол мектепке жүріп кеттім.
Боровойдағы сияқты, Нілді мектебі де әжептәуір мектеп екен. Мектептің ішкі жабдықтары да жаман емес: парталары да, класс сайын тақталары да бар, оқытушы отыратын орындық, столы да бар, былайша айтқанда, кәдімгі мектеп сияқты еді.
Мұнда да қазақ балаларына арналған жиырма бес балалық интернат бар екен. Елінің ерекшелігі — оқуға кірем деушілер көбірек екен. Жыл сайын би-болыс, байлар осы мектепке өз балаларын алғызбақшы болып таласқа түседі екен. Мектеп бастығына, жеке оқытушыларға балалардың әкелері, туған-туысқандары бірі уезден бірі болыстан әралуан қағаздар әкелсе, кейбіреулері мектеп меңгерушісіне пара беруге дейін барып, оқу жылы басталар алдында үлкен тартыс болып өтеді екен. Соның салдарынан мектептегі оқушылардың көбі әлді адамдардың балалары болатын.
Мен Нілді мектебінде 1905 жылдың күзіне дейін оқытушы болып істедім.
Осы мектепте екі жыл оқытушы болған кезімде, педагогикалық мамандығымды арттырып, өз тұсымнан оқып, білімімді толықтыра бердім. Мектепте толық орта дәрежелі білімі бар бірсыпыра жақсы орыс оқытушылары болды, олардың жақсы кітапханалары бар еді.
1905 жылы август айында Омбыда бастауыш мектептердің оқытушыларына арналған бір айлық ауыл шаруашылығы курсы ашылды. Әуелден оқуға ынталы мең сұранып сол курсқа бардым. Бізге жалпы жатақ үй берілді. Осы үйде жиырма шақты оқытушы жаттық. Қазақтан жалғыз ғана мен едім.
Кеп кешікпей маған бір Иванов деген оқытушы үйір болды. Ол менің қай облыстан келгенімді сұрастыра келіп:
— Қостанайда менің де болғаным бар. Педагогикалық курстың соңғы класында оқып жүрген бір қазақ баласымен жақсы дос болып едім, — деді алғашқы танысқанымызда.
Менің есіме Әбубәкірдің айтқан Иванов деген танысы сап ете түсті. «Иә, Әбубәкірдің айтқан Ивановы екен ғой» деп ойладым да:
— Ол Әбубәкір Бәйтішев деген жігіт, қазір Қостанайда оқытушы болып істейді, — дедім мен.
— Өте жақсы, — деді Иванов.
— Мен одан сіз туралы өзіме мүлдем таң-тамаша әңгімелер естідім, — дедім тағы да.
— Ғажап, — деді таңданған пішінмен Иванов. — Мен туралы қандай тамаша әңгіме болуы мүмкін? Бәлкім, сіз оның қандай әңгіме екенін маған айтарсыз.
Мен мүдіріңкіреп қалып, біраздан кейін:
— Әңгіме сіз туралы емес еді, сіздің, оған айтқан әңгімелеріңіз туралы еді, — дедім.
— Aha, — деді Иванов.
Бірақ осы «аһа» - дан кейін ол менің бір жерге барып келетін жұмысым бар еді деп, кетіп қалды. Мен жатақ үйге қайттым. Иванов сол кеткенінен түн ортасы ауа келді.
— Қайда болдыңыз? — дедім.
— Бір үйде болдым, кейін оңашада өзіңе айтармын — дей салды.
Иванов мені бір аптадай сынап, байқап жүрді. Мен мұны оның қойған сұрауларынан кейбір сөздерінен байқап жүрдім. Ақырында, бір күні ол маған:
— Спандияр, бүгін кешке бір жерге барамыз. Бірақ есіңізде болсың мұны ешкім білмеуі керек және ол үйге барып қайтқанымызда да тек екеуіміз ғана білуіміз керек — деді.
— Қайда? — дедім.
— Қайда баратынымызды қайтарда айтайын. Аса құпия емес, дегенмен бір үйге барып отырып қайтамыз... — деді.
— Мақұл.
— Егерде біреу-міреу естіп сұрай қалса, бір достың үйіне барып қайтқан едік дей саларсың, мақұл ма? — деді тағы Иванов.
— Мақұл.
Кеш болды. Екеуміз бір үйге бардық. Иванов есікті қақты. Ешкім іштен дыбыс бере қоймады. Иванов тағы да есікті қақты.
— Бұл кім? — деді біреу.
— Қожайын үйінде ме?
— Қазір, — деп әлгі адам есік ашты.
— Рақым етіңіз! — деп қарсы алды.
Иванов сәлемдескеннен кейін мені таныстырды.
— Беляев, — деп қолын ұсынды. Шашына да, сақалына да ақ кірген орта бойлы кексе кісі екен.
— Көбеев, — деп мен де оның қолын алдым.
Біз төргі бөлмеге барып отырғаннан кейін Беляев менен қазақ елінің хал-жайың кәсібің әдет-ғұрпын сұрастыра бастады. Мен оның әрбір сұрауына қысқа-қысқа жауап қайырып отырдым. Осы арада тағы да екі-үш адам келді. Олар сәлемдесіп отырысқаннан кейін тағы да бір-екі адам келді, сонымен сегіз-тоғыз адам болдық. Бір кемпірлеу әйел столға бір-екі тарелка нан, қант қойып, шыныаяқтарын жайып, самауыр кіргізді. Содан кейін бізге шай құйып берді де, езі шығып кетті. Бірақ ешкім шайды іше қойған жоқ.
Беляев орнынан тұрып, терезенің алдынан бір газетті алды. Сол газетті ұстаған күйінде орнына қайта отырып:
— Мынау «Русское слово». Бұл революцияшыл газет емес, оны өздеріңіз де жақсы білетін шығарсыздар. Бұрын бұл газет революциялық толқынды әсірелеп жазып көрген емес-ті. Әйтсе де мына нөмерінде «қазіргі қозғалысты кездейсоқ бунт деп қарауға болмайды» деп жазыпты. Демек бұл қозғалыс бунт болмаса, онда ол революция ғой. Бірақ шындықты тура айтуға газеттің тілі жетпепті, — деп Беляев бір күліп қойды. — Солай жолдастар, Россия қазіргі күндерде революцияның қарсаңында тұр. Романовтардың, жауыз Николайдың, самодержавиенің күлі кекке ұшатын күні енді алыс емес. Бостандық таңы жарқырап ататын күн таяу.
Осы сөздерден кейін Беляев таяудағы кезекті міндеттерді айтты. Бұл жөнінде айтылған сөздердің көбі дерлік маған түсініксіз болды. Сондықтан олар менің есімде қалмапты. Беляевтің таяудағы міндеттер жөніндегі айтқан сөздерінен есімде қалғаны революция жеңіп шыққан соң, Россияда демократиялық республика құрылады деген сөзі еді.
Беляев сөйлеп болғаннан кейін оған сұраулар берілді.
Беляев әрбір сұрауға жауап қайтарып отырды. Кейін әркім өз пікірін айтты. Беляевтің, үйінен түнгі сағат он екі шамасында тарадық. Қайтып келе жатқанда Ивановтан:
— Беляев кім? — деп сұрадым.
— Бұл кісі, — деді Иванов, — үлкен революционер адам. Петропавловск қамалында жиырмадан аса жыл отырып, биыл шыққан. Орталық қалаларда тұруға рұқсат етілмей, осы қалаға жіберілген — деді.
Осыдан кейін біз Беляевпен екі-үш рет кездестік. Бірінде қаланың шетінде бір жұмысшының үйінде, тағы да бір ретте бір учительдің үйінде кездестік.
Төртінші рет біз Беляевтің өз үйінде кездесетін болдық. Қай күні, кім қай уақытта келуі керек оны тиісті адамдар арқылы кейін хабарлайтын болды. Арада бір аптадай уақыт өтті. Бір күні кешке қарай Иванов маған:
— Баққа барып, қыдырып қайталық, — деді.
Екеуміз баққа бардық. Қыдырып әңгімелесіп жүрдік.
Күн батты. Иванов маған сыбырлап:
— Қазір шалдың үйіне барамыз. Сен менің соңымнан еріп отыр, — деді.
Бақшадан шықтық. Жүріп келеміз. Бір көшеден өтіп, Беляевтің үйіне қарай бұрыла бергенімізде, алдымыздан атты жандармдар шықты. Олар бір топ адамды айдап келеді екен. Тұтқындар жанымыздан өтіп бара жатқанда байқасам, олардың ішінде Беляев та келе жатыр. Біз іркілмей біраз жер жүріп барып, тоқтап, бірімізге-біріміз аң-таң боп қарап, қатып қалыппыз.
— Бұл не? — дедім мен таңданған күйімде.
— Провал, — деді Иванов, — енді бәрімізді де ұстауы мүмкін. Біздің арамызда Охраниканың тыңшы адамы болғаны ғой. Әйтпесе, бұлай болуы мүмкін емес еді.
— Енді қайттік?
— Енді тәуекелге бел байлап, жатақ үйімізге барамыз. Таң атқанша аман қойса, ертең Омскімен қош айтысуға тура келеді, — деді Иванов.
Жатақ үйге келдік. Қатерлі ешнәрсе сезілмеді. Біз тезірек шешініп жатып қалдық. Бірақ ұйқымыз келер емес. Ұзақ таңды көзімізбен атқыздық. Таңертеңгі сағат жетіде тұрып, жуынып, Иванов екеуміз далаға шықтық.
— Енді қайтеміз? — дедім мен.
— Менің жатақ үйде түгім де жоқ, — деді Иванов. — Заттарым басқа бір үйде. Мен кете берейін. Сен де есебін тауып бүгін тайып бер. Ал қош, Спандияр!
— Қош, қымбатты Иванов! — деп Ивановпен қол алысып, қоштасып мен қалдым. Артына жалт-жалт бұрылып қарап, қараған сайын бөркін көтеріп қош айтып, ол кетті.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі