Қасым... Баяғы сол Қасым. Арқаның қарқарасындай қасиетті Қарқаралының Аққорасында туып, "Ақтайлақтан ақтарыла аққан сумен" бетін жуған, Қарадоқ, Күйген бекет, Талдың бойыңдағы ата-бабаларының кең жайлауында тасбауыр жетімдіктің жалаңаяғының қанды мөрін қалдырған Қасым. Сол киелі топыраққа кіндік қаны тамған сәттен бастап-ақ Табиғат-анасына тартып туған "бірде жаз, бірде күз мінезді" ұлы перзент Қасым. Сондықтан да бір күнгі аштықты жоқтық санайтын, бір кекіргенді тоқтық санайтын далақбайларға "шарпыған қызыл жалын мінезімен" шекірейе қарап, "өртке тиген дауылдай өлеңімен" адамзат сапарының аласапыран жолында бұлқына тасып, еркіндей басып поэзия көш-керуенін бастай жөнелген Қасым.
Қиялы ерте қанат қаққан ол өзгелер бүгежіктеген кезде бұрылмай, тығылмай алға ұмтылып, өзгелер "күн көсемнен" басқа тақырыптан үрке қашып, күмілжіген шақта "серінің сертке тартқан семсеріндей" өткір өлеңдерін бұрқыратқан дауыл Қасым. Әлемді аузына қаратса да, сол әлемдік дүниенің әлдебір жалтырақ-жылтырағын не иініне ілмеген, не кеудесіне тақпаған, таға алмаған Қасым. Бірақ "бары да, бақыты да жүрегінің жақыны мен досы да болған" өршіл өлеңімен сол адамзат әлемін әлдилеп тербетіп, әлпештеп аялаған Қасым!..
Ат-атақсыз-ақ Абай деген, Мағжан деген ұғым халыққа қандай қасиетті, қадірлі болса, Қасым да ұлт жүрегінің бұрын да, бүгін де дәл сондай ықыласы мен құрметіне бөленген аяулы ұланы. Ол сол даласындай данышпан Абайдың, мөлдір Мағжанның жалғасы. Өйткені Шыңғыстаудағы Абай қалыптастырған мәдени орта, әдеби рухани тірлік Сарыарқаны кең жайлап кетіп, сұлу Көкше маңындағы Мағжанға мол дарыса, сол қос алыптың поэзиядағы жасампаздығы қасиетті Қарқаралының Қасымына кәусар боп құйылған. Сол асқар Абайды феодалшыл-байшыл ақын, шалқар Мағжанды ұлтшыл-түрікшіл заржақ деп қымтап жауып, кінә-жаланы дүрілдете жөнелгенде, Қасымның өр даусы өктем шыға келген-ді. Өйткені оны тіршілік телегейі тебірене тербетіп, өмір толқынының бұйра жалына өршелендіре алып шыққан-ды.
Сондықтан да оның:
Ойы бар бірде дауыл, бірде жалын,
Теңіздей тебіренткен терең жанын.
Сол себепті де асқар Қасым, асқақ ақын:
Бір дауыл сапырды кеп өрт теңізін,
Теңселтіп темір топан дүние жүзін,
Бетіне туған жердің өшпестей ғып
Ол жазды өз қанымен жүрген ізін.
Өз жүрек қанымен жүрген ізін ешкімнен қаймықпай, ештеңеден жасқанбай жаза білу құдіреттілік қана. Белгілі мөлшерден асыртпай, нұсқаған бағыттан ауытқытпай бір қалыппен құйғандай етіп шығарма туындатқызатын "Социалистік реализм" құрығынан құтылып шығатын басасаулар некен-саяқ кезде Қасымның өзгелерден қара үзіп, озық кетуі шын мәнінде құдіреттілікпен егіздес болатын.
Құдіреттілік... Құдірет. Көктегі құдірет — жаратушы Болмыс десек, ол бәлки Тәңір хақ, ол бәлки Табиғат ана шығар. Оған ешкіммен таласым жоқ. Бірақ жердегі құдіретті мен ақын... жазушы, әйтеуір шығармашылық иесі деп ойлаушы да едім, соған сенуші де едім. Өйткені қандай да болмасын шығарма жазушы талант иесі бейнебір құдіретке айналып, өз Әлемін жасап, өз кейіпкерлерін тудырып, сол өзі тудырған тұлғаларын күйінтіп, сүйінтіп, асқақ қып Азаматқа дейін өсіріп, пенде ғып, құрт-құмырсқаға айналдырып, өшіріп, билігін айтып, өкімін жасап жататын.
Алайда сол құдіретті өнерлілердің өзегін суырып алып, өкпесін отқа қақтап, жүрегін жұмырығында қысатын олардан да әндемді құдіреттер те бар екен. Олар кешегі өкімет билігін уысына сығымдаған ықпалды орғандар — заң өкілдері, милиция, прокуратура, сот екен. Қаңды тізгінді тұқырта тартып, ауыздық жыртқан тіршіліктің екі езуінен қанды көбікті селдей ағызып, оңды-солды сілтеген қамшысынан кеңестік одақтың бұлыңғыр көгіне найзағай отынан да өткір ұшқын ойнатқанда, олар сол өз кезеңінің ғана емес, алдағысының — бүгінгі күндердің де темір-бетонды іргетасын берік қып орнатып кеткен еді. Өткен ғасырдың отыз жетінші һәм елу екінші жылдарындағы ықпалды органдардың: "Халық жауын кім көп әшкерелейді? Кім оларды көбірек жабады?" дейтін өрескел социалистік жарысының нәтижесінде түймедейден түйедей жасап, әшейін ғана нәрседен байбаламшыл саяси процесс тірілтіп, жаппай террор мен дүрбелең үрейді дауылдата туғызып, кеңестік әлем деп аталған бүкіл алып елді концентрациялық лагерьге айналдырып жіберген де қойған-ды. Көп құжатты ақтарып, көп деректі тексергендегі бір пайымдағаным: осынау ССРО дейтін үлкен мемлекетті биліктің ең ұшар басында отырған қаһарлы мұртты көсем Сталин емес-ау, әртүрлі сатыдағы шүпірлеген прокурорсымақтар, НКВД және парт-босстар бірігіп, саусақ ұшында шырқ айналдырған-ау деген ұйғарымға тіреле берем. Ал енді осындай қатаң тәртіп, қатал бақылау пресінде жаншылған шығармашы құдіреттің үні еркін, әні асқақ естіле қояр ма екен. Кешегі цензоры зіркілдеген, редакторы еркіндеген кезеңде "поэзия кәусарына, Михаил Светловша айтсақ, аяқ-қолын жуып", мөлдірін лайлап, шуағына шуашын сіңіріп барып, оқырманға поэзия шайындысын ұсынушы еді ғой. Дауысы құмығып, тынысы булығып шыққан Қасым ақынның:
Ленин — бақытты өмірдің
Туа қалған тұлғасы.
Қызыл туы Лениннің —
Алтын таңның шұғласы —
демесіне қойды ма сол кезеңнің "шындықты шала түсінгендіктен идеясы тым аласа, шеңбері тым тар өлең жазатын ұлтшыл ақын" деп өңменіне оқты да, шоқты да шірене қадайтын қызылкөздер.
Әдебиетке деген осындай қиянатшыл қастандық, поэзияның нәзік әсемдігіне деген дөрекі зорлық жалаңаштанған ақын жанын қалай жараламасын. Қайтіп шырылдатпасын. Айдалада жалғыз адасқан, жалғыз еңіреген хас суреткердің жандалбаса әрекетпен махаббат талшыбығын қармаудан басқа шарасы қалды ма? Сол себепті де отызыншы жылдары Қасым озбырлығы күн сайын өктемдеп тұрған қоғамдағы бұлыңғыр тұрмыстың ең негізгі асылы, аяулысы — махаббат Тәңірісін таңдап алады. Әсемдікті сүю мен сұлулыққа табыну арқылы ол Болмыстың өзін қинаған, қамаған мезеттері мен кезеңдеріне деген өксікті өкініштерін айғақтай отырып, өгей өмірге азынатқан арызын жолдайды. "Махаббат періштесіне жүрегін қолына ұстап жалбарынып", жан қайғысын жұмсартып, жұбатып есіркеуін өтінеді. Ақынның махаббат періштесі жай періште емес, әрине әділет иесі, адалдық киесі еді. Жалындаған ақын жүректің ойланары да, толғанары да көп. "Жер мен көктің арасын талақ етіп", жалған дүниеден жалп етіп өшер де еді. Бірақ "Жырла!" деп жүйрік тіл берген, "барла!" деп өткір ой берген Табиғаттың құдіретті дарынын тұншықтырып, елі мен жерінің аманатын айта алмай кетіп, өзі аңсаған әділетке қиянат жасамас па еді онда. Сондықтан да махаббат тақырыбы арқылы ол өз түйсігін өзгелердің — адамзаттың түсінігімен мидай араластырып, жымдастырып жібереді. Өз уайым-мұңын астарлап отырып, күна-кінәсынан арылып, қоғамдағы зұлымдықтың өңезесін сыпырып тастап, құлантаза жазылмаса да, сәл-сәлдеп айығуды мақсат тұтады.
Бұл күнде сыртым жалын, ішімде шоқ,
Бір өзіңнен басқада үмітім жоқ.
Шашсаң күлмін, егер де алсаң-гүлмін,
Ой түйіні шешілсе тілегім боп.
Өмірге пенде болып неге тудым?
Не себепті қоғамның жолын қудым.
Балапандай талпынып жас кезімнен
Неге сонша серт беріп, белді будым?
дегенде өмірге пенде ғана емес, азамат боп туып, өгей қоғамда да арман қуған ақынның асқақ ойы тұлғаланып тұрған жоқ па.
Неге мұнша, сорлы жүрек, соғасың?
Неге күйіп, неге мұздап тоңасың?
Арпалысып тыныш жатпай ұяңда,
Неге мұнша мазасыз сен боласың? ...
Сабыр етші, қолға қалам алайын,
Толғанайын, ой құдығын қазайын.
Тау суындай сөз шығарып кеудеден,
Сырыңды мен жырға тізіп жазайын. —
деп, өз жүрегіне тіл қатуы тегін бе? Тегін емес. Ұясында, кеуде бесігінде тыныш жатпайтын, тыныш жата алмайтын мазасыз жүректі ақын ой құдығын қазбаса ақын болар ма еді. Ендеше махаббат лирикасына сүйеніп, Абайды байшыл, Мағжанды түркшіл, Сәкенді жапон тыңшысы деген тұрпайы социологиялық сынның нөсерінің арасынан сытылып шығып, сол қоғамның шыны мен сырын "кеудеден тау суындай ақтарылған сөз шығарып жазу" Қасымның ғана қолынан келген ерлік. Сондықтан да сыр-сандыққа сыналап енгізген жүрек құпиясы сол қаһарлы һәм үрейлі отызыншы жылдардың бізге жеткен ақындық, азаматтық аманаты.
Сандығым — тән азығы, жан азығы,
Сандығым — қуат, жігер, қан азығы.
Сүйдірген өз заманын, өз қоғамын,
Сандығым — сана-сезім, ар азығы.
Сандығым — жас жүрегім, тілім кілті,
Сұлулап сырдан құйған іші-сырты.
Сақталған көкірегімде сыр-сандығым
"Сенікі", "менікі" емес, көптің мүлкі.
Жүрекжарды сөзі! Қасым жыры — елінің қазынасы. Халқының жауһары "Ұлы тарих мұрасында сақталып", "қара жердің жырасында қалған" ақынның бұл өмірде ғана емес, қазақ халқы тауарихтан өшпей, көшпей тұратын бар-бар заманда мәңгілік сақталатын асыл дүниесі. Рухани шежіресі.
Ішім пысты. Жалықтым.
Жүре алман енді аяңдап.
Кенде қаппын. Жаңа ұқтым,
Не болса соған аялдап.
... Жүргенімде тиісті
Сыбағамнан құр қаппын.
Егде тартып, сүйінішті
Жас шағымды ұрлаттым...
Шырқыраған шындығы осы. Қанша сүйкімді де ыңғайлы тақырып болса да, махаббат лирикасы азамат Қасымның асқақ ойына тарлық ете бастаған еді. Екі бүйірі қысылса да өз үнімен, өз даусымен аянбай айтқысы-ақ бар. Ауыздық тістесе де, азуды шақыр-шұқыр егеп тұрып, буындырған көмейден өз ойын, өз түйсігін асқақ сөзбен төккісі-ақ бар. Содан кейін-ақ нар тәуекелге басып, махаббат күйінішінен де ауыр күй барын ерте сезген Қасымның ендігі өршіл рухты поэзиясы өзгеше нұрға, серпінді қуатқа ие бола бастайды. Сүйіспеншілікке еліткен бозбала емес, зұлымдыққа, зәлімдікке қарсы бой көтерген асау да арынды жырдың тоғанын ағытқан қайсар ақын көш бастай жөнелген. Сол-ақ екен қызу қанды Сәкенінен, жыр селіндей Ілиясынан, нәзік сезімді Бейімбетінен айрылған қазақ поэзиясының ендігі кезеңі — Қасым кезеңі басталады. "Квартбюро тізімі" өмір сыйы емес екенін ұғынған сайын ақын өзін-өзі қамшылаудан жаңылмайды. Дарынсыздардың даңғырауық дабылынан қанша безінсе де, ұлыққан қаншықтың "нөкеріндей" шұбыратын шуылдақтардың өсегі мен кесегінен құтылған да жоқ. Бірақ оған да қасарыса қарап, қасқия білген Қасым ақындық кеңістіктің түпсіз тұңғиығына шарлады да кетті. Жалғыз шарықтап кетті.
Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені?
Мен қазақтың баласы!
... Екі аяқты аң патша
Көп батырды шеңгелін.
Сар далада сарғайдым,
Қасіретпен шөлдедім.
Мына қара көзімнен
Сансыз дария жас ақты.
Өз етімді өзіме
Кесіп алып асатты. ...
"Тағы" емеспін, тағы айтам,
Адаммын-ды бұрыннан.
Адаммын деп жылағам,
Адаммын деп қырылғам.
Ақын әманда жалғыз. Оның жалғыздығы ғарышпен шеңберлес. Сондықтан да бүкілғаламдық өксік те, бүкіл планеталық күрсініс те ақын жүрегінің бүлкілімен тыныстайды. Өйткені шынайы ақындық дарын бүкіл адамзаттық күйініштің телегейінде тұншығады да, сол бүкіл адамзаттық арманның қатты серпіген қанатының лебімен жан шақырады. Ақынның жалғыздығы — бақытсыздығы да. Ақынның жалғыздығы — ғарыштан ғана даралап жеткен құдіреттілігі де.
Мүмкін Жаратушы Болмыс тек қана шерлілер мен шерменделерді аялайтын, ардақтайтын болар. Шерлінің арманы, шерменденің үміті — болашақтың бұлжымас тірегі десек, бақытты данышпанды, төрт құбыласы түгелденген генийді көргендеріңіз бар ма? Жел өтіндегі сарғайған жалғыз жапырақтай дірілдеген өз тіршілігінде ғұмырына риза боп, рахат күй кешкен бір де бір данышпанның болғанына өз басым куәлік бере алмаймын. Бағыт-бағдарсыз ұшатын Бақыт атты басыр құстың көбіне көп "ортақ өгізден оңаша бұзауын" артық көретін, өз тірлігін ғана күйттейтін орташа пенделердің ғана басына қонатыны қалай. Осыны әділет деуге әддің жетер ме. Бірақ байырғы, бүгінгі һәм ертеңгі жалған дүние — замананың үрдісі осылай ауыспай, бұлжымай жалғаса берер болса, солай демеске амал нешік.
Сондықтан да жалғыздықты құдіреттілігімен қоса маңдайына еншілеп алған Қасым ақын өзінікінен де, бұрын өзгенің, ең алдымен өз қоғамының сан түрлі сауалына жауап іздегіш елжіреуік жанын оймен улап, алай-түлей күйге түспей қайтсін. Анда-санда көз алдында найзағайдай жарқ ете қалар шындық пен ақиқат қалың тұман арасында адасып жүрсе, қиялында өзі туғызған әдемі өрнек, айшықты жыр жолдарын секемшіл ортасының жау аңлағыш "қырағылары" шаранасынан шыққызбай тұзақтап қылғындырып жатса, жаралы жүрегін ұғар жан қайда, жұбатарлық жар қайда. Жалғыз ақынның аласапыран кеудесін басқан қорғасыннан да ауыр ойды быт-шыт қып бұзып, Қасым өзінің өмірлік нысанасын ту ғып көтереді.
... Жел жынданып, ызыңдайды, еседі,
Сұм жалғанның суылдайды өсегі.
Бірақ оған мойымайды жас ұлан,
Албырт болып, ақын болып өседі.
Ақын ұлан өмір сырын тереді,
Қырағы көз көрмегенді көреді.
Сезгіш жүрек, асқақ ақыл, алғыр ой,
Қайтпас қажыр ақынға күш береді.
Ақын ұлан арыстандай айбатпен,
Ар, намыстың майданына ереді.
Замана желі ғана жынданбаған, елі де жынданған. Суылдаған өсек ызыңдап қана еспеген. Ызғарлы сесімен жеткен. Отыз жетінші жылдың қап-қара "воронка" — машинасымен жеткен. Қойнынан жарды, төрден әкені суырып жетіп, кеудедегі әнді ұрлап, көкірекке зәр мен зар құйған. Жүйрік жүректі үреймен тұсаған, терең жанды оймен улаған, асқақ арманды күдікпен ауыздықтаған. Жабайы жұртқа ұғымсыз, жат мінезді тірліктен жерінген Қасым тынымсыз оймен шырмалса да, өзіне ғана тән адуын қайсарлықпен бас шұлғығыш тобанаяқ тобырға арнап пішкен топыршықтай қалыпқа симай, көк төсіне тік самғар қырандай шалқар кеңістікке ұмтылған. Албырт ақын бұрын сұлулыққа табынып, сұлулықты жырласа, енді мынау "өсегі суылдаған сұм жалғанның" көңіл жұмбағынан гөрі өмір жұмбағы түйіндірек түсіп жатқан кезде өзгелерден өзгеше күйге ауысады. Қасымды Қасым еткен де, басым еткен де осы өзгешелігі. Ақындыққа деген адалдығы, әлеумет алдындағы адамзаттық парызына тазалығы.
Жығылам деп жүре алмаймын тәй басып,
Жүгіремін киіп-жарып, айқасып.
Мүлги берсін, ілби берсін қорқақтар
Іш пыстырып, жалт-жалт қарап, жай басып.
Жығылсам да жүгірумен өтемін,
Аяңшылдың ақылын мен не етемін.
Жығылармын, алқынармын, шаршармын,
Барар жерге бұрынырақ жетермін.
Бұл отызға да жасы жетпеген нартәуекелшіл тың серпін тапқан, жаңаша ырғақпен кең тынысты жаңа жырлар туғызып, өзгелерге ерекше ықпал жасаған Қасым. Бұл өзіндік бағыты, өзіндік беті, өзіндік ақындық кредосы бар ойшыл, сергек сезімді Қасым. Әлсізге шіреніп қарап, мықтыға шыбындап бас изейтін іш пыстырар қорқақтардың мимыртынан мезі боп, жығылса да, қызғаншақтар мен қызылкөздер аяқтан шалып жықса да, барар жеріне өзгелерден бір дәуірдей бұрын жеткен Қасым. Сол жүйрік екпінмен, киіп-жарған дауылдай адуын қимылымен қазақ поэзия сына соны мәдениет әкелген Қасымды да тежеген дүлей күш, бөгеген сұрапыл болған-ды. Ол соғыс еді. Қырқыншы жылдардың қырғын зілзаласы еді. "Өмір деген бір өзен ғой. Адам сол бір өмір өзенінде домалап бара жатқан тас секілді. Толқын қақпақылынан жағаға жеткенше күндер өте береді. Сұрапыл соғыс жазатын жақсы жылдарымды алып кетті. Енді бір сілкініп алмаса болмас!" деп Қасымды өкінткен замана қырсығы еді ол.
Ішімде жанартаудай жатыр жырым,
Ұшқындап, іште қайнап сұрапылым.
Керерсіз соның бұрқап атылғанын
Жаңғыртып жан түкпірін, ойдың шыңын.
Өлеңнің қаптатармын отты селін
Толассыз топанындай ертегінің, —
деп Сәбит Мұқанов арқылы халқына серт берген ақын жан түкпірінен жаңғырып, жанартау боп атылған жырларын майдан даласынан топан судай тоғытқанына "Қоштасу", "Қанқұйлы жау", "Ғабдолға", "Ғалиға жауап", "Ертіс", "Орал", "Сарыарқа" сияқты әлденеше өлеңдері куә.
Сарыарқа сағындырған ата мекен,
Сардала — анам едің құшағың кең,
Тұсыңнан тоқтай алмай барам өтіп
Артта — Сен, алда — майдан
Қайтсем екен?
Туған өлке, ыстық ұя, кіндікжұрт артта қалып барады. Алда майдан. Өмір мен өлім арпалысы. Көңіл мұңы қайсар ақынды елжіретпей қойсын ба. Ал дәл осы жолдарды қырқыншы, елуінші жылдары Қасымға кінә ғып тағып, "ұлтшылдықтың анық шыңы, ұлы орыс жерінен өз қыстауын бөліп алып, бөлектеп жырлады" деп солақай сыншылар Қасымның соңына шырақ ала түскен еді. Ал бірақ сол Қасымның:
Қош болшы енді, Оралым,
Мен үшін сен күл, сайранда.
Айтпақшы, қайда бораның
Кетейін алып майданға —
дейтін өлеңіндегі өзегін өртеп шыққан қайсарлығын, өксігі болса да өкініші жоқ өжеттігін, өзін де, өзгені де кекке қайраған терең әлеуметтік сырын көргісі де келмеген ғой сол әркімге бір шала байлағыш "көрегендер".
Ал ақынның "Абдолла" поэмасы Ғабит Мүсіреповше айтсақ, "майданнан соққан жаңа леп" болған. Өйткені ол ешкімге ұқсамас "жаңа тақырыптағы сапалы шығарма" еді. Адал ойды жаңа идеямен кіріктіріп, поэзияның құдіреті сыртқы сұлу суретте ғана емес, ішкі терең сезімде екенін танытқан-ды. "Абдолла" майдан тақырыбына жазылған поэзия туындыларының оған дейінгілерінің де, одан кейінгілерінің де ішіндегі ең биік нұсқасы еді, ең биік шыңы да еді.
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Ұмытса да достарым,
Ұмытпайды мені елім, —
деп соғыстан елге оралған Қасым ойдың асқарына ұмтылып, өлеңнің отты селін өзіне ғана тән адуын шабытпен тоғыта жөнеледі де, 1948 жылы "Дауыл" атты өлеңдер жинағын шығарады. "Дауыл" — Қасымның ешкімге ұқсамайтын өз өршіл үнімен, айшықты орамымен, ішкі еркін тәуелсіздігімен қалың оқырманына өшпес әсер еткен кітабы.
Қасым рухы қанша жоғары болса, тағдыры сондай қиын да күрделі болған-ды. Жалынды жырдың Пайғамбарын күйкі тірліктің нашар тұрмысы, ауыр кеселі, күншілдіктің дертіне душар болған шәуілдегіш "қыраты" сыншылар мен бес минуттық "достардың" балтырдан қабуы — еркін лепті сыршыл поэзиясы әр қазақтың серігіне айналған Қасымды тағы да өгей жалғыздықтың қазығына қаңтарып қойған еді. Тіршілікте тізе бүгіп көрмеген тәкаппар ақын ешкімге көз де сатпай, ешкімге қол да жаймай, өзегін өртеген өз сырын өлеңіне ғана ашып отырған.
Мен не жаздым, шығармастай үнімді,
Әлде маған қырқ дей ме екен тілімді,
Әлде менің жүрегіме су құйып —
Өшірмек пе оттай жанған көңлімді.
Әлде мені өмірге жат көре ме,
"Ірткі салар өмірге" деп сене ме,
Әлде менің күш-қайратым харам ба,
Ақыл, ойым, тілім зиян бере ме?
деп көсемдігін көре алмайтын іші тарлар мен тәкаппар басын имейтін өркөкірек ақынды мұқатып, жүндеп, жуасытып алуға жанталаса шүйлігетін беделділер мен биліктілердің тәйтік қылықтарына ашынса да, арқасын жарға тірегендей, жәрдем мен қуатты көптен, халқынан ғана күтеді Қасым.
Жоқ! Ол болмас! Мүмкін емес болмағы!
Көп тұрғанда аздың батпас салмағы!
Мен — көптікі. Көп те мені өзінің
Қолтығына айдан анық алмағы!
Мүмкін емес аздың тиіп қолдары,
Мезгіл жетпей қызыл гүлдің солмағы!
Мүмкін емес көкте жүрген бүркіттің
Қара құсқа ойдағы жем болмағы.
Әрине көңілінен табылған көбі ол кезде де, бар кезде де дәрменсіз еді. Бүкіл совет халқын бір шыбықпен айдайтын Сталиннің тұсында көптің тілі күрмеліп, қолы шырмалып, ізі аңдылып тұрғанда алып Қасымды ауру Қасымға, аш-жалаңаш Қасымға айналдыру поэзияның иісі мұрнына да бармайтын тізгін ұстағандарға тіпті де оңай еді. Оңаша ойдың тұңғиығына батқан Қасым:
Біреуге достық жасасам,
Қастық боп қайтар өзіме.
Жүрегімді ұқпай, етед шам,
Еркіндеу айтқан сөзіме. ...
Ұғынар дедім достықты,
Болған соң адам баласы,
Осы бір ойым бос шықты,
Жанымда қалды жарасы —
деп базбіреулерден түңілсе, өмірден, келешектен түңілмейді. Бәрібір сол үндемес, бірақ жанын, жайын ұғар халқына, қазағына сенеді.
Әлі ұзақ өмірімнің жазы барда.
Сенемін тесік өкпем жазылар да,
Кей пасық күрек ұстап асыққанмен
Қабірім өлмей жатып қазылар ма?!
"Қасымның өлсе барман өлігіне"
Дегеннің түссін күйік желігіне.
Ол сорлы тамырына түк шықпаған
Сұқтанар менің бітік егініме.
Қасымның елуінші жылдардың басында-ақ жыр егіні өте бітік еді. Сол бітік егінді көре алмай, асқақ рухты адал ақынды жапатармағай жанталаса кіналап, қаралап, қара бояуын қара атан көтере алмастай ғып газет, журнал беттеріне үйіп төккен қарау замандастары қаншама еді. Бұл әрине Пушкиннің "Ақын мен тобырынан" да тамыры тереңде жатқан әлеуметтік құбылыс еді. Дарынсыздардың дарылдақ келетін әдетімен шуылдақ тобыр енді саясат дейтін сайқалдың етегіне жармасқан-ды. "Социалистік тұрмысымызды, гүлденген дәуренімізді құбыжық етіп көрсетті. Ұлтшылдықтың туын көтерді" дейтін кінә-жалаларымен Қасымның еркін тұсап, аузына құлып салуға тырысты. Ақындықтың шынайы лебізін сұмдықтың салқыны деп байбалам салған тұстастары талғампаз ақынды біразға дейін тілін тістетіп, көмейін тығындап, жігерін жасытып, жүрегін жүдетіп қойған да еді. Ол — кейіннен әміршіл-әкімшіл жүйе аталған заманның қысастығы еді. Ол — озық тұлғаның ойшылдығын кешірмейтін аярлық пен зұлымдықтың мекерлігі еді. Ол -қоғамдық болмысты өз қалпында, өз бейнесінде боямасыз көрсетуге талпынған шынайы суреткерді бұғаулап тастаған тоталитарлық жүйенің өктемдігі еді. Бірақ тәні ауырса да, мойымаған, өкпесін дерт тессе де, езілмеген қайсар ақын балағына жармасып, ит пен биттей өршеленген ергежейлілерге:
Жазғанымды жамандап,
Сен төккенмен жыныңды.
Мен жатқам жоқ алаңдап,
Ұрдым сенің сыныңды.
Ауырсам да қажыман,
Құйған қайрат-жігермен
Сорың үшін жазылам,
Ауызыңды бүрермін,
деп болашағынан еш күдер үзбейді. Сол күдер үзбеген қайсар рух 1955 жылдың 18 қаңтарында қазақ поэзиясының көгінен ағып түседі.
Қасым. Сол Қасым. Отызыншы, елуінші жылдардың қиын-қыспағында зобалаң көрген Қасым. Баспана ала алмай, баспалардан қолдау таба алмай, бастық пен басқалардан жәрдем, көмек көре алмай көңілі құлазып, қағажуды көп көрген Қасым. Істейін десе, жұмыс таба алмай, не кітаптарын дұрыстап шығара алмай зығырданы қайнап, ауыр тұрмыстың тауқыметінен айықпас кеселге душар боп, өкпесі тесіліп, өзегі талып, аштықтан көз жұмған қайран да есіл Қасым.
Бәрінен де бұрын іште буырқанған жанартаудай бұлқынып жатқан қазынасын толық бере алмай, ауызы буылып, қолы байланып, еркі тұсалып, тәуелділік торында бұғауланған Қасым. Егерде ол тағы бір бес-он жылдай өмірін ұзартып... "жылымық" дейтін жылбысқылау кезеңге жетсе... онда бүгінгі кейбір "пайғамбарлардың" қай жерде жүрерін көрсетер де еді-ау!..
Өкінесің. Өкінесің де, "Қой! Саусақпен ғана санарлық құдіретті дарындарымызды біріне-бірін қарсы қоймайықшы!" дейтін тәубеге ұйисың.
Бәрібір өкініш өзегіңді өртейді. Қасым... Баяғы сол Қасым. Көзі тірісінде де, көзі жұмылғаннан кейін де өзінің меншікті орнына бір отырып көрмеген Қасым. Күншілдер мен қызғаншақтар, бастықтар мен бақталастар көзі тірісінде әдебиет ордасының босағасынан ғана сығалатса, көзі жұмылғаннан бері көкжиектен қылтитып қана көрсетіп, көк аспанның қақ төріндегі тұғырына қондырылмаған Қасым. Қасымның қойны-қонышынан өсіп-өнген ақындарға... әрине іздеушілері көп, шырқатушы, шарықтатушы кран, домкраттары мықты ақындарға "ұлы", "данышпан" деген желбуаз атақтарды үйіп-төгіп беріп, Қасымға тиесі киелі үлесті өзгенің иығына жаба салғанымызға әдебиет төңірегіндегілер де, үкімет басындағылар да мән бермей емес-ау, көңіл қоймай келе жатқаны ақиқат.
Бірақ халық көңілінде, халқының көгінде Қасым — дара. Қасым — басым. Қасым — Ақын.
Бәрібір. Қасым сол баяғы Қасым ғана. Өзгелерге басынан бақайшағына дейін құйылған аста-төк құрмет-қадірдің (көшенің аты, сыйлық, мектеп аты... ескерткіш... т.б.) оған әлі күнге дейін бір де бір нышаны жасалған жоқ. Елуінші жылдары жарық көрген төрт томдықтан кейін, оқта-текте биттің қабығындай боп шығатын шағын кітапшалары болмаса, мол мұрасы бүгінгі бейтаныс ұрпағына... ұрпақтарына жетер емес. Елу жыл бұрын шыққан көптомдығының құрдастарының балалары тұрмақ мектеп есігін ашқан немерелері бүгінгі тәуелсіз елімізде Қасым есімінен мүлде бейхабар. "Мерседес", "Вольво", "Тойота" машиналарынан, "Анталья", "Флорида", "Майами", "Лазурь жағалаулары" тәріздес курорт-санаторилардан, "Нұр", "Қазкоммерцбанк" сияқты банктерден, "Бутя", "Цесна", "Мирас", "Қазақойл" іспеттес концерндерден, бесіктен белі шықпай жатып, қазақы тіл, салт-дәстүрден мүлде мақұрым болса да ағылшынша сайрағаны үшін ғана өте биік лауазымды орындарға қонжиып жататын қалталы "жас қазақтардан" басқа өмірде әдебиет, мәдениет дейтін рухани әлемнің бар екені ұмытыла бастағанын бір-бірімізді отырып алып кінәлаумен он жылды жоғалтып та алдық. Ал әдебиет қоғамдық қозғалыстың бүлкілдеген көмекейі екені, ал сол әдебиет өкілдері өз парызын орындауда Ізгілік пен Ақиқаттың ең негізгі қайраткерлері екені ескерілуден қалып барады. Ал Қасым сияқты рухани әлеміміздің алыбының отты жырлары өмірімізге сәуле шашып, мән беріп, көн қайыстай қатқан көңілдерді жұмсартып, тіршілікке нәр құяр зәмзәм суы боларын жадымыздан өшіріп тастағанбыз.
Жоқ! Қасым аты ешқашанда өшпейді. Қасым қазақ көгінде мәңгі-бақи жарқырай берері хақ. Оған сенімім кәміл. Халқының аяулы ұлдары бар да, Қасым, Сыдық, Мұқағали сынды өнер иелері ұмытылмайды. Соған дәлел келтірейін. Ақынның мерейтойына орайластырып кітаптарын қайтадан жаңғырта шығартпақ ниетпен Қасым ағаның қызы Дариға екеуіміз былтырдан бері министрліктерге, үкімет басындағыларға қайта-қайта хат жазып, телефон шалып, шаршаңқырап жүргенімізде, бір ауыз сөзімізді құп алып, Амангелді Ермегияев сынды тәңір жарылқағыр асыл азаматтың тұлғаланып бой көрсеткені бар емес пе!
"Қасым Аманжолов — бүкіл қазақтың рухы ғой! Сол рухпен қанаттанып өскен біздер ұлы ақынның рухани дүниесін шығаруға аянып қалмаспыз" — деп жең сыбана кірісіп-ақ кеткені. Сол-ақ екен Қасымның төрт томдығы даярланып, үш кітабы жарық көріп те үлгерді. Ақынның туғанына 90 жыл толуына арналған "Дауылпаз ғасыр — дауылпаз жыр" ақындар мүшайрасын ұйымдастырып, жол-жүлдісіне бағалы сыйлықтар тағайындады. Азаматтықтың биігінен көрінген Амангелді Дінұлының игілікті ісінің арқасында үкімет көтеретін ауыр жүктер жеңілдеп, асылымыздың жүрек қазынасы қалың қазағының төрінен орын алып та жатыр.
Сондықтан да баяғы сол Қасым өзінің асыл жырымен тәуелсіз елінің он жылдық тойына өз мерекесімен кеп қосылып, басым Қасымдығын тағы да айғақтап, ғасырлар жыр керуенін бастап та кетті.
2001 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі