Заманына қарай адамы болады. Ал адам пендешілікке дейін құлдырай да алады, Азамат атанып, шарықтай да алады. Замана толқынының жалына дер кезінде жабыса білген сол адамның замандастарының көз құртына айналып, сөз өтпес суық сурет боп, қол жетпес құдай боп, құдіреттеніп кететіні де, көзден тайған күні-ақ көңілден өшетіні де шындық. Енді бір адамның көп арасындағы елеусіз қарапайым қалпынан жылдар озған сайын ұлылық биігіне көтеріліп, халқының жүрегінен перзенттік, азаматтық орнын ойып алары да ақиқат. Осындай ұлтты тұлғаның бірегейі — туғанына жетпіс жыл толатын Кәкімжан аға Қазыбаев.
Қазақстан Орталық партия комитетіне қызметке шақырылып, Мәдениет және Ұйымдастыру бөлімдерінің меңгерушілері — М.Шайжүнісов пен Қ.Сұлтановтың қабылдауларында болғам. Бір күні ертелетіп Мәдениет бөлімінің сектор меңгерушісі Сұлтан Оразалинов үйге телефон шалып: "Таксилетіп дереу жет!" деген бойда-ақ Орталық Комитеттің биіктеу жерге орналасқан, сұрғылт суық сұсымен кеудеңді басатын ошау тұрған ғимаратының алдынан табылдым. Темекісін сорғылап Сұлтан тосып тұр екен. "Қайда жүрсің?" дегендей қабағын түйген қалпы мені лифтіге ала кіріп, алтыншы қабаттан бір-ақ шығарды. Жеңінен ұстай беріп ем:
— Хатшыға кіреміз! — деп тілімді тістете қойды.
Машинканы сартылдата басып отырған мосқалдау орыс әйелі жалт қарап, бас-аяғымды сүзіп өтті де, орнынан лып көтеріліп, ту сыртындағы қызыл қоңыр ауыр есікті шірене ашып, кіріп кетті.
Сұлтан маған ақыл қосып жатыр.
— Өз бетіңмен сөйлей берме. Бұл ара — Жазушылар одағы емес. Хатшының сұрақтарына ғана жауап бер.
Секретарь әйел іштен шығып, хатшының тосып отырғанын айтты.
Қос емен есік бірінен соң бірі дыбыссыз ашылып, Сұлтан екеумізді жұтып жіберді.
Жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың атын естігенмен, өзімен жүзбе жүз кездеспеп едім. Орталық Комитеттің хатшысы деген айбарлы атағы еріктен тыс жүрек қобалжыта ма, басқан аяғым қыбырлап қалғандай.
Кәкең отырған орнынан қозғалмай:
— Ә-ә, Сұлтан! Е-е, кел... Сматаевты шақырдыңыз ба? — дей берді де, енді маған кәдімгідей қадалып қалды. — Сен... сіз Сматаевсыз ба?
— Иә! Софы Сматаев осы жігіт! — деп Сұлтан еркіндеу сөйлеп,ілгері озды.
Кәкімжан аға шашын бір жағына жылтырата қайырған басын сәл-сәл изеді.
— Отырыңдар! — Хатшы алдындағы жаюлы қағазға шұқшиды. Қайтадан иегін көтерді. — Ә, мен туған жылыңызға мән бермей... Байқамаппын.
Мен Кәкеңнің нені байқамағанын аңғарған жоқпын. Әйтеуір өзімнің хатшыға онша ұнамағанымды сезгендеймін. Орталық Комитеттегі қызметке онша ұмтылмасам да, идеологиялық хатшының алдынан маңдайым тасқа соғылып, тауым шағылып қайтар болсам, Жазушылар одағында гуілдеп ала жөнелер ертеңгі алыпқашпа сөздерден әлден-ақ жүрексіндім бе, мұрнымның үсті жіпсіп қоя берді.
Сұлтан да хатшының маған көңілі тола қоймады деп ойлады ма, тауарын мақтап өткізер саудагердей мені желпілдете жөнелді.
— Кәке, бөлімде біз бұл жігітті біраз сынап көрдік.
Орысша жазған мақалалары тәп-тәуір. Оның үстіне төрт-бес романы шыққан белгілі жазушы. Москваның Болат институтын бітірген... мамандығы — инженер-металлург.
Кәкең сәл жымиды.
— Онысы дұрыс екен. Сіз, Сұлтеке, бара беріңіз.
Сектор меңгерушісі шығып кеткен соң, Кәкең алдындағы қағаздарын ысырып қойып, маған еңсеріле бұрылды. Көзіне көзім түсіп еді, адамды елжірете өзіне тартатын әлдебір жылылық жанарына орала қалған екен. Күні бойы құрысып отырған арқа-басым босап, кеңіп сала берді. Мен де күлімсіреген болуым керек.
— Софы... Софыжан!.. — даусынан да жылылық, жақындық есті. Денем дір ете қалды. Әлгі "Софыжаннан" жазушының жазушыға деген ағалық мейірімінің шарпуы толқындай тараған еді. Соны сездім бе, әлде мерейлендім бе... басымды қайта-қайта изедім.
— Софыжан, мен әлгінде... сізді... сені бір жасы елуден асқан... шау тартқан адам шығар деп... Адам ойы кейде өзінше өрнек салады ғой. Ал сені көргенде, сол ойымнан таба алмай... "Елім-айды" жазған жазушыны өз көңілімде басқаша түрде елестетуші едім. Оқасы жоқ. Қайта маған қазіргі қалпың ұнап отыр.
— Рахмет, аға!
Хатшының алдынан қанаттанып шықтым. Кәкеңнің адамды арқаландырып жіберетін мейірбандығының мөлдір шуағына мен сол алғаш кезіккенде-ақ бөленген едім.
Орталық Комитетте төменгі дәрежелі қызметкердің өзінен бір мысқал жоғары басшыларына тікелей сатылап бағынатын — субординация деп аталатын жүйе қалыптасқан уақыт еді ғой. Бірақ сол кездегі сол субординацияны бұзған, сірә, Кәкең екеуміз болармыз. Кәкімжан аға ұзақ жылдар газет редакцияларында, Орталық Комитетте, министрлікте, ҚазТАГ-та істеп, жазушылар арасының ұңғыл-шұңғылын онша біле бермейтін. Көп жазушыларды тіпті көрмепті де. Алғашқы күндерде-ақ мені кабинетіне шақырып алып, Жазушылар одағының тап ортасынан келген менен қаламгерлердің өтініш-шағымын, тілек-талаптарын қарап, шешерде, кімнің кім екенін, қандай еңбегі барын, творчествосының деңгейі туралы өзіне объективті түрде таныстырып отыруымды өтінген болатын.
Басқа мықтылардай көмекші, хатшыларын жұмсамай, Кәкең телефонды өзі шалып, сабырлы салмақты даусымен:
— Софыжан, сен мынаны айта қойшы...
немесе
— Софыжан, сен маған келіп кетші, — деп хабарласатын.
Хатшы мен қатардағы нұсқаушының екеуара кездесуі көбейіп кетенін, әрине, жақтырмағандар да біраз болды. Әсіресе қарасұр өңіне өмірі күлкі табы жуымаған, қазық жұтқандай шаншылған жұқалтаң денесіне шыр бітпеген, бажырайған көздері үнемі суық шақырып тұратын Кәкеңнің көмекшісінің мені атарға оғы болған жоқ. Өзінің кебіс қойып, есік күзеткен, қатал тәртіпті қатаң бақылаған, ешкімді орынсыз емексітпейтін, төбеңнен қарайтындардың қасында тұрып, төмендегі орныңды күніне әлденеше мәрте ескертіп отыратын міндетінен ажырап қалғанына бүліне ме, кейде менің қолыммен жазылған хатқа жауапты, анықтаманы, хатшылардың мақала, баяндамаларының тарау-үзіктерін аяусыз шимайлап, кері қайтарудан жалықпайтын. Ол "жазалаудан" да Кәкең арқылы құтылған едім.
Тоқырау заманы дегенмен де ол кезде шығармашылық интеллигенция үшін Орталық Комитеттің маңызы өте зор болатын. Шынын айту керек, Орталық Комитет идеологиялық салада күнделікті әрі қатаң бақылауын, әрі социалистік реализм дейтін талабын, әрі зиялы қауымға деген қамқорлығын үнемі жүзеге асырып отыратын. Бүгінгі көңілі қоңылтақ, жүрегі жаралы, жаны жалаңаш, тіршілігі үрейлі, дастарқаны таусылып, үміті өшіп бара жатқан творчество адамдарының хал-күйін — сол уақыттағы жағдаймен салыстыра елестетудің өзі де қиын болар еді. Өйткені қазіргі кітабы жарық көрмейтін аш-жалаңаш жазушының, еңбегі еленіп-ескерілмес, жоғарыда отырғандарға керексіз, мәдениетке, Қазақстанға еңбек сіңірген әрі жетім қайраткердің рухани дүниесінің құлазығанына, тұрмыс-болмысының құлдырағанына пысқырмайтын сыбайлас "младотюрктердің" (яғни "жас қазақтардың") мұртының бір талы да қисаймайды.
Ал ол кезде шығармашылық һәм ғылыми ортаның кез келген мүшесіне қамқорлық жасаудың, құрмет білдірудің үлкен өнегесін ұлы Азамат Димаш ата Қонаевтың өзінен бастап, төңірегі түгел көрсететін еді десем, аузым қисайып кете қоймас. Ал Кәкеңнің тірлігі — қаламгерлерге аса түсіністікпен қараудың үлгісі болған еді. Әрине бес саусақ әркезде де бірдей емес. Жазушылардың арасында үй мен күй де, атақ пен сыйлық та, шен мен шекпен де тек маған ғана бола берсін, тие берсін деп орынды-орынсыз маңырап, өршелене жамырап, қолын өңешінен де бұрын созатын, өңешін қолынан да ұзарта созатын сұрамшақ, тілемсектердің көп болатынын сол кезде білген едім. Әсіресе, жылына бір немесе екі кітап шығармаса, Орталық Комитет тарапынан жылына бір сый-сияпат көрмесе, көз жасын көлдетіп жетіп келетін бір бикеш ақыннан бәріміз тегіс ығыр болғанда, Кәкең жымиып қана, "Қайтесіңдер. Қанына сіңген қасиеті солай шығар. Ер-азамат емессіңдер ме, ескере салсаңдар, елей қойсаңдар, түбінде өзі де бір түсінер" дейтін. Бірақ ол ақын түсінбей кетіп еді. Әлі де сол пиғылда екенін кейінгі тірлігінен сезем.
Ал республика өміріне байланысты қат-қабат жауапты жұмыс, сан алуан мәжіліс пен жиналыс, конференция мен құрылтайлардан мұрнынан шаншылып жүрсе де, Орталық Комитетке өтініш білдірген кез келген жанға қолынан келгенше жәрдем беруді, арыз-мұңын қанағаттандыруды ең алдымен өздерінің азаматтық парызы санаған Димаш аға және Кәкеңмен бірге істеген жылдарымды өмірімнің өнегелі сәттеріне балаймын.
"Қоғам жеке адамдардан құралады. Жеке адамдардың мүдделері қоғамдық мүддеге айналады. Сондықтан әр адамға, әр тілек білдірушіге индивид деп қараңдар. Өйткені индивидум ой-пікірімен, ұсыныс-кеңесімен бізге көп көмек береді. Олардан біз қажеттісін ала білуіміз керек. Ақыл-кеңестеріне құлақ қоя білуіміз қажет. Талап-тілектерін орындауға міндеттіміз" — деп отыратын Димекеңнің талабын Кәкеңнің өзі де орындауға асығатын. Өзгелердің де орындауын қадағалаудан жалықпайтын.
Соған бірер мысал келтіре кетейін.
Бірде телефоным шыр ете қалды. Трубканы көтердім.
— Әй, менің Орталық Комитетім, таныдың ба? — дейді өктемдеу дауыс.
Сәл ыңғайсыздана абыржып отырып:
— Тоқа, сіз бе бұл? — дегенім.
— Иә! Таныдың. Ғабеңнің "Орталық Комитеті" кім болғанын білесің. Менікі — өзің. Басқаларда жұмысым жоқ.
Менің ешкімге сызылмайтынымды ескер. Қалам ұстауға жағдай қалмай барады.
Тоқаш Бердияров ағаны пәтер жағы қинап жүргенін Жазушылар одағында профсоюз комитетінде болған кезімнен білетінмін. Жайсыз көршілер кездесіп, жағасы жайлау боп жүретін ақкөйлек ақынды жұмырыққа жұмарлап қыспақ ниетпен милицияға қайта-қайта сүйрелеп, әртүрлі комиссияға әлденеше рет шақыртып әбден есін шығартып біткен-ді. Соны қиялатып тұрғанын түсіндім.
— Тоқа, ұқтым. Ендігісін өзім хабарлаймын.
— Жөн, жолдас Софы! Cay бол. — Тоқаң трубкасын қоя салды.
Кәкеңе қоңырау соқтым. Кіруге рұқсат сұрадым да, алтыншы қабатқа көтерілдім.
Хатшы Тоқаш Бердияров ақынды жақсы біледі екен. Ақындығына, талантына сүйсінеді екен. Бірақ Тоқаңның шалдуарлау мінезін, ішімдікпен қойындасып қалған кездерде қызулықпен Жазушылар одағының бастықтарынан бастап, олардан да жоғары лауазымды басшылардың жеті аталарын түгендеп беретін "мықтылығынан" да хабардар екен. Мен "ақындықтың мінезсіз болмайтынын, мінезді ақынның қос жүзді қанжардай қайралып тұратынын, жалаңдаған алмастың оңға да, солға да сілтенетінін, сондайда әлдебір бейкүнә шынашақты тіліп кететінін, бірақ алғыр ақындықтың қиянатқа шыдамайтынын, екіжүзділік пен есерлікке, өтірік пен аярлыққа, әулекілік пен астамшылыққа үнемі қарсы шығатынын, төменде тұрып-ақ төбеде отырғандарды өткір тілмен төбесінен түйреп өтетінін" өз білгенімше түсіндірген болдым. Кәкең жымиды.
— Мен Тоқаңның ақындығын танушы ем. Сен азаматтығын танытқан болдың. Онда екеуміз бір әрекет жасайық. Құжаттарды дайындат.
Көп ұзамай Тоқаң — Тоқаш ақын Бердияров екі бөлмелі ыңғайлы пәтерге көшіп алды.
Орталық Комитеттегі қағазбастылық қатты қажытатын. Сондай қарбалас бір күндерде бөлімде Қазақстан шығармашылық одақтарының біріккен конференциясына дайындық жүргізіп, қапылып жатқанбыз. Техникалық секретарша қыз кіріп, мені төменде, есік аузында әлдекімнің тосып тұрғанын айтты.
Бардым. Бұрын кездеспесем де, Қайрат Байбосыновты бірден таныдым. Қарсы ұмтылған әнші қос алақанын ұсынды.
— Софы аға, сіз мені...
— Танимын, Қайратжан. Жай іздедің бе мені?
Қайрат ыңғайсыздана күмілжіңкіреп бастап, менің құптап бейіл бергенімді көрген соң, шешіліп сөйлеп кетті. Жасы отыздан асып кеткенін, өз қатарының ілтипатқа ілініп, атақ иеленіп, құрмет көріп жатқанын, т.б. мұң-мұқтажын ақтарып жатыр.
Қатты қайран қалып тұрмын. Ұлы Біржанның өзіндей болып, ақиық Ақанның көзіндей болып бүкіл қазақты әсем даусымен, әншілік өнерімен тәнті еткен біртуар Қайраттың осы уаққа дейін құрметті атақ алмай, елеусіз келгеніне сенбейтін тәріздімін. Бірақ атақ бергіштердің қиянатынан түңілген әншімнің көз алдымдағы наразы түрі сендірмеске қоймады. Жаным күйзеліп кетті. Мені неге іздегенін ұқтым. Бар қолымнан келгені, арқасынан қақтым.
— Былай болсын, Қайрат! Сен үш-төрт күннің мөлшерінде менімен хабарлас, — деп сол бойда Кәкеңе көтерілдім.
Менің неге ренжіп келгенімді естігенде, хатшы аға да күреңітіп кетті.
— Әй, қандай өзімшілміз! Бітеу көңілдің саңылауы жоқ.
Қайрат, — әрине, халқының сүйікті әншісі. Жұрты, қазағы біледі оны. Ал өнерпазға лайықты атағы өз уағында берілгені дұрыс. Софыжан, тездетіп қағаздарын реттеңдер.
Димекеңмен өзім сөйлесем.
Бір айдың ішінде Қайрат "Қазақстанға еңбек сіңірген әртіс" боп, алғашқы атағын иеленсе, содан кейін-ақ "жақсыдан шарапат" дегендей араға екі-үш жыл салып, "Қазақстанның халық әртісі" атанып, лайықты құрметке бөленген еді.
Кәкеңнің бойындағы тазалық, шынайылық, адамгершілік қасиет қаламгерлік еңбегімен еселеніп өсіп, көбейіп жататынына қазір көзім анық жеткендей. Қай іске, қай мәселеге араласса да, соның тура, тез және әділ шешілуіне асқақ қатты көңіл бөлетін. Әсіресе ұлт мүддесін, ел мүддесін ілгері тартып, алға сүйретуде ұлтшылдық шектелудің уысында емес, ұлтжандылық кендіктің аясында туындаған ой-пікірлерін ортаға салатын. Жекеден топ тілетін, тобынан көп мақсатын асқақ қоя білген Кәкеңнің аса жауапты кезеңі, ерлікке парапар кесектігі Мәскеуге барған соңғы іссапарында анық байқалды.
Түкірігі жерге түспей, ісініп-қабынған М.Горбачев Кремльге келісімен-ақ Қазақстанға сұғын қадай бастаған еді. Әсіресе Димекенді қырына ала келген-ді. Осындай қысталаң кезде Мәскеуге барып келген Кәкеңмен бір ғана сәтке кездескен ем, шаршаңқы жүзінен қажығандықтың емес, қажырлылық табын көргенмін.
— Софыжан, сенің кітабыңды неге "Елім-ай" деп атағаныңды кейінгі ұрпақ түсінеді әлі. "Елдік — бірлікте" деп жүректеріне нұр тамшылатқаныңды сезінеді әлі.
Тамшыдан — теңіз. Әрқайсымыз бір тамшыдан құйсақ қой...
Ел... тұтас ел өз жерінде. Жері — елінде, — деп нықтап тоқтаған-ды.
Сол сапар — Кәкең мен Димекеңнің қазақ халқы мен қазақ даласының тұтастығына үлкен еңбек, азаматтық ерлік, кесек қайраткерлік танытқан сапар болған еді.
Еділ бойындағы бұрынғы автономиясын қайта құруды сұрап, қатаң талап қойған КСРО-дағы неміс диаспорасының тілегін, Еділ өңірін қимаған Қызыл Кремль қазақтың ұлан-ғайыр кең даласының есебінен орындамақ болған ғой. Сол арами әрекетін жасырмастан Димекеңе айта-айта дігерлете телефон шалып, алып еменді қаншама шайқаса да иліктіре алмаған соң, автономия құруға арналған комиссияға бір хатшыны тез жіберуін бұйырған. Мәскеуге жүрер алдында Димекең мен Кәкеңнің оңаша пікірлескенін, екеуінің қандай түйінге келгенін жобалауға болады.
Ал Кәкең Мәскеудегі сол комиссияда "Еділ бойындағы өңірді сұраған диаспораға тұтас қазақ даласын бөлшектеп, автономия алып беру — ұлттар арасына алауыздық енгізуі мүмкін. Ол үшін халықтар келісімін анықтайтын республикалық референдум өткізу қажет. Мен мұны жеке өзім шеше алмаймын. Сондықтан келісім бере алмаймын" деген қайсар өжеттік көрсеткен. "Ұлт келісімі керек" деген үлкен тосқауыл қалап кеткен хатшыны Кремль аясын ба, іле-шала Кәкең қызметінен босап еді. Бірақ қазақ халқының сан ғасыр бойы қанын ағызып қорғап, терін сауылдатып жайнатқан кең байтақ жерін бөлшектеуден сақтап қалған болатын.
Бүгінгі "жерді сатамыз ба, сатпаймыз ба?" деп анасын да базарлауға дайын тұратын ұшқалақ, парықсыз кейбіреулерге Димекең мен Кәкеңнің перзенттік адалдығынан үйреніңдер дегің келіп тұрады.
Адамды Азаматтық тұғырға көтеріп, қайраткерлік биікке өсіретін тазалық пен адалдық қана.
1998 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі