Өткен ғасырдың тоқсан бірінші жылы. Халқымыздың рухани қазынасы — кітап пен газет-журналдар сақталатын республикалық Кітап палатасының Мемлекеттік баспасөз мұражайы тұрғын үйлердің астындағы екі жертөледе орналасқан. Сасық су мен ыстық буға белшесінен батып, шіріп-құрып бара жатқан сол мәдени байлығымызды сақтап қалу үшін жаңа мекенжай іздеп шарқ ұрғанымды басқаның басына беруді ешкімге тілемеспін. Сәті келіп партияның Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлына мән-жайды айтқанымда, Нұрекең дереу Алматы қаласының басшысына Комсомол көшесінде салынып бітуге жақындаған үйдің бірінші қабатын түгелдей Кітап палатасына бергізуге қаулы шығартқызған-ды.
Енді сол палатаға бөлінген қабатты мұражайға лайықтап жасату үшін тағы біраз салпақтауға тура келді. Қала мен қалалық күрделі құрылыс басқармасы басшыларының табалдырығын тоздырдым десем, артық айтқаным болмас. Орталық Комитеттің де, Министрлер Кеңесінің де "тездетіп қол ұшын беріңіздер! Көмектесіңіздер!" деп қадағалап тапсырғандарына қарамастан тілін шайнай сөйлейтін күрделі құрылыс басқармасы бастығының "осы кітап палатасы деген қандай мекеме өзі?" деп кісәпірленуі жүйкемді жүн қылып жіберген еді.
Намысыма ши жүгірте берген әлгі қыңырдың қырсыққанына шыдай алмай Министрлер Кеңесінің төрағасы Ұзақбай Қарамановқа кіріп, ашына сөйлегенім есімде. Ұзекең азамат қой, орынбасары Күмісжан Өмірбаеваны шақырып алып, мықтап, нықтап тапсырды.
Күмісжан Сағындыққызы әлгі қыңыр бастықты телефон арқылы біраз сілкілеп алды да, трубканы тастай салды. Сірә ана қу жақ ақи көз неменің келеңсіздігінен көңілі қатты қалса керек. Басын шайқап отырды да, трубкаға қайта қол созды.
— Амангелді Динович, мен сізге үлкен өтініш жасағалы отырмын. Халқымыздың рухани қазынасын сақтап қалу аса қажет болып тұр... — деп жай-жағдайды айтып жатты. Ал менің бір шенеуніктен шайлыққан көңілім одан сайын құлазып, енді екінші дөкей шенеунікке жалынышты көзбен мөлие телміріп, табанын жалаймын ба дейтін қыжылға толып жүре берді. Оның үстіне әлгі құрылыс министрінің Динович дейтін әкесінің атының һәм Ермегияев дейтін фамилиясының құлаққа тосындау естілетінінен секемдендім бе, Күмісжанның министрмен хабарласыңыз деуін де естен шығарып, Амангелдінің кабинетіне бас сұққан жоқпын.
Сол екі ортада "Меншік туралы" заң шығып, Кітап палатасының қаражаты болмағандықтан, бізге тиесілі мекенжайды Орталық Комитеттің сол кездегі екінші хатшысы Ануфриев шетелдіктерге сатып жіберіп, аузымызды құм қапырып еді.
Амангелді Дінұлымен кейін танысып-біліскен соң сол кезде алдына жетіп бармағаныма, әлгі бізге бұйырмаған әсем мекенжайды сақтап қалмағаныма әлі күнге дейін өкініп, бармақ тістеумен жүрмін.
Ермегияев шын мәніндегі ұлтжанды, аузын ашса, адал жүрегі, ақ пейілі түгел көрінетін нағыз Азамат, даланың тазалығы мен даналығын кеудесіне барынша мол тоғытқан нағыз қазақы тұлға екен. Осынау жаны жайсаң, жүрегі жомарт, құшағы ыстық, қолтығы кең замандасыммен ә деп танысқаннан, табысқаннан бері оған деген көңіл құштарлығым бір бәсеңдеген емес.
Тоқсан үшінші жылдың жазы болатын. Абылайдың атақты сардарларының бірі һәм ең сенімді серігі — Жарылғап батырдың туғанына 275 жыл толуын атап өтпекші болған сол кездегі Жезқазған облысының басшылары мен тұрғындарының маған айтқан өтініш-сәлемдерін орындап, үш-төрт академикті, төрт-бес жазушыны, бес-алты профессорды және сазгер Әсет Бейсеуовты арнайы жіберілген он бес орындық самолетпен Балқаш қаласы арқылы Ақшатау кенішіне алып барған едім.
Жарылғап батырдың тойын өткізуге көмек көрсетіп, қол ұшын берер қалталы азаматтарды қайдан табам деп басым қатып жүргенде, қайырымдылықтың тұтқасын ұстап отырған білікті ер жігіт, нар жігіт дейтін сипаттамамен тағы да осы Амангелді Дінұлының атын әлдекімнен естіп, Ермегияевтың есігін тықырлаттым.
Қоңыркүрең жүзінен жылылық есіп, аппақ тістерін түгел көрсете аңқылдай лекілдете күлгенде ешкімді жатырқамай ішкі дүниесіне түгел сүңгітіп жіберетін адаммен, Әбекеңмен әңгімеміз бірден жараса кетіп еді.
Самолетке симай қалған алматылық қонақтар мен Жарылғап батырдың ұрпақтарын арнайы автобус жалдап, бір күн бұрын Ақшатауға жөнелткен де Амангелді болатын.
Сол сапарда мен Амангелді дейтін бауырымды тауып, Амангелді Ермегияевтай алаштың аяулы азаматын танып қайтсам, ал сол жігіт өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы кеңестік тәркілеу дүрбелеңінің қысымынан ата-анасы жылыстап, жырақтап кеткен ата-бабаларының қасиетті мекенімен табысып қайтып еді.
Туған жердің тулақтай тұсын да жау табанында таптатпай, жат елдік басқыншылардан азат етуде сауылдатып терін, сорғалатып қанын төккен құдіретті Жарылғап бабамның Амангелді тікелей ұрпағы болып шыққанын естігенде, төбем көкке жеткендей болған-ды. Өйткені тектіден тектілік туындап, негізден кісілік егіздеп өнетінін Амангелді бірден танытып, күні бүгінге дейін сол таза дегдарлығын мейлінше дәлелдеп келеді.
Алматыға келе салысымен ол "Жарылғап батыр" қоғамдық қорын ашып еді. Осы қорға жиналған қаржыдан дәулескер күйші-домбырашы Мағауия Хамзинге Алматы консерваториясының құрметті профессоры деген атаққа ие болуына жағдай туғызып, профессорлық жалақы тағайындап, сол оқу орнынан шертпе күйлер кафедрасын ашқызуға мұрындық болған еді. Ол ол ма, дәл осы консерваторияның аса талантты үш-төрт студентіне ауқымды стипендия бөліп, өз қамқорына алғанын да жақсы білем. Бұлар — Амангелді-меценаттың бір ғана жоғарғы оқу орынына тигізген шарапаты. Ал оның басқа да әлденеше мектеп, институт және мәдени ошақтарына жариясыз, жарнамасыз жасап жатқан қайырымдарын тізбелей беруді жөн көрмедік.
Қазақтың тұңғыш ғарышкері, алаштың ардақты азаматы, нар тұлғалы, ер көңілді, таза жүректі адал оғланы Тоқтар Әубәкіровтың тоқсаныншы жылдардың басында бірінші қабаттағы аядай екі бөлмеде сығылысып тұрып келгенін көпшілік жұртшылықтың білмеуі де мүмкін. Атағы әлемді аралап кеткен, аты бүкіл шығыс халықтарының мақтанышына айналған хас батырдың шынайы досы мен әр ұлттық тілектес замандастары көп болатыны да белгілі жәйт. Алматыға соққан сондай айтулы адамдардың ат басын бұрып, Тоқтардың төрінде қысылып-қымтырылып отырғанын көргенде, келіннен де, келген қонақтардан да қатты ұялатынымды әлдебір кездескенімде Амангелдіге құлаққағыс етуім мұң екен.
— Сәке, онда ол бауырыңызды маған жіберіңіз. Қазақтың ғарышкер Әубәкірові қашанда біреу-ақ. Өйткені ол тұңғыш қой. Алғашқы ғой. Ұлтымыздың айдынын асырып, айбынын көкке көтеріп, ғарышқа шығарған асыл азаматы шетқақпай көрмеуі қажет. Қолдан келгенді аямаспыз!.. — деп лапылдап, намысқа қызып қоя берген еді.
Сол-ақ екен, "Самалдағы" тәуір үйдің алты бөлмелік (алтаудан үлкен-үлкен төрт бөлме жасатқанбыз) бір пәтерінің кілті қолына тиген Тоқтар бауырым менің пәтерімнің дәл астынан қоныс теуіп, көршім боп шыға келген болатын.
Амангелдінің танымал азаматтардан да гөрі ат-атағы белгісіз, дүрдей дәрежесі, дардай орынтағы жоқ қарапайым еңбек адамдарына, мұң-мұқтажы мол, мүмкіншілігі аз міскін жандарға көбірек қол ұшын созатынын көпшіліктің біле бермейтінін жақсы сезем. Өз басым Амангелді Дінұлының қолынан пәтер кілтін алған талай орыс-қазақтың көкірек көзінен төгілген ыстық жасынан адамға деген ұлы Сенімнің, ізгілікке деген шексіз алғыстың жылт-жылт етіп, мәңгі сөнбестей жылтыраған ырзалығын талай көргенімді, азамат бауырымның жариялауды жақтырмайтынын білсем де, азаматтың азаматтығын елі білсін, халқы сезсін деген ниетпен айтып отырмын.
Ілияс пен Бейімбеттің тойлары республика көлемінде дүрілдеп өтті де, Сәкен Сейфуллиннің жүз жылдық мерекесінің өткізілуі кейбір себептермен тоқсан төртінші жылдың жазының ортасына дейін кешеуілдей берді. Мемлекет пен үкімет басындағылардың үн-түнсіз жатқанына зиялы қауымның өкілдерінің, әдебиет десе ішкен асын жерге қоятын зерделілердің бас шайқауы сол тұста көбейіп кеткенін ұмытпайтын шығармыз. Осындай көңілді күпті қылған күндердің бірінде тағы да осы Амангелді бастаған бір топ кісі Сәкеннің туған жері — сол кездегі Ақадыр ауданында тойын өзіміз бастап жіберіп, халық көңіліндегі кірбеңді жұлып тасталық деген тоқтамға келіп едік. Мен Ақадыр ауданының басшыларымен біраз келіссөз жүргізіп, әупірімдеп көндіріп, Сәкеннің жақын туыстары, бір топ ақын-жазушылар барып, думандатып тойын өткізіп қайтқанбыз.
Жақсыдан шарапат...
Иә, шарапатын жақсылар мен жайсаңдар ғана тигізе алады. Сол тигізген шарапаты көптеген көңілге шуақ боп құйылады. Дән болып егіледі. Жеміс боп өркендейді.
Амангелдінің шарапаты халқымыздың Қасым Аманжоловтай асылының мерей тойын өткізу кезінде барынша тиген еді. Ұлы ақынның алпыс, жетпіс, сексен жылдық мерекелері әртүрлі себептермен дұрыстап бір тойланбай келгені Арқа жұртшылығының кеудесіне күдік ұялатып-ақ баққан-ды. Сондай келеңсіз тірлік тағы қайталанбасын деген тілекпен мен өзім үкімет басшыларына да, Ақпарат, мәдениет жөне қоғамдық келісім министріне де, Қазақстан Жазушылар одағына да дауылпаз ақынның тойын республика көлемінде өткізейік, көп томдығын шығарайық деп қайта-қайта хат жазып, әрқайсысынан қаражат-қаржы жоқ дейтін жаттанды жауап алып, тауым әбден шағылып біткен соң, салып ұрып Амангелдіге жетіп барғам. Ширығып кіргенімді бірден сезе қойған сергек інім барлық талапқа менен де әрман құлшына келісіп, бүкіл күдігім мен күмәнімді әп-сәтте шайды да жіберді.
Амангелді араласқан соң-ақ ақиық ақынның мерейтойын өткізетін комиссияның құрамы тездетіп бекітілді. Соның арқасында Қарағандыда, Қарқаралыда, Алматыда салтанатты жиындар өткізіліп, әдемі безендірілген төрт томдығы жарық көріп, Қасымға арналған жазба ақындар мүшәйрасы өз мәресіне жетті. Осы аса жауапты істердің басы-қасында өзі жүріп, үкімет тарапынан атқарылатын мәселелерді өзі ғана атқарып, мерейтойдың бар қаражат-шығынын түгелдей көтеріп алған Амангелді Дінұлының нарлығын, ерлігін кеудесінде сәулесі бар қазақтың ешбіреуі ұмыта алмасы хақ.
Халқымыздың мерейін өсіріп, мәртебесін жоғары көтеретін озық салт-дәстүрін, өнегелі өнерін өркендетуге, жастарды тәрбиелеудің үлгілі мектебіне арналған ауыл спортын дамытуға ерекше көңіл бөліп, жан-жақты көмек көрсетуде республика көлемінен Амангелдіге жете қояр жомарт жанды таба қою, әй, қиын болар. Бір ғана айтысты жандандыруға жасаған қамқорлығы мен демеушілігі бірнеше азаматтың еңбегіне татитынын екінің бірі білетіні дау тудырмайды.
"Алматықұрылыс" холдингінің президенті, Қазақстан құрылысшылар ассоциациясының төрағасы, "Отан" саяси партиясының төрағасының бірінші орынбасары тәрізді аса жауапты қызметтеріне қарамастан, қат-қабат жұмыстары басынан асып жатса да, Амангелді өте кішіпейіл әрі аса елгезек адам. Өйткені оның туысқа, елге, халыққа, қазағына үнемі бұрып тұратын бүйрегі азаматтығының арқауы іспетпес.
Осыны бір дәлелмен түйіндейін.
Осыдан екі жылдай бұрын өте ауыр операция жасатып, ауруханадан үйге шыққан күні кешке қарай аулада көлеңкеде отырғам. Дәл сол сәтте ауыр джипін дік еткізіп тоқтатқан Амангелді машинасынан секіріп түскен бойда құшатын жая берген-ді.
Сол құшақтан адам мен адамды матастырып қоятын туысқандық жақындықты, жүрек пен жүректі жалғастырып тастайтын адамгершілік қасиетті, кеудеңді қуанышқа бөлейтін қазақы кендікті, қазақы мейірімді сезініп, сауығып кеткендей қатты тебіренгем.
Дәл сол күні Амангелді Дінұлына Елбасымыз "Отан" партиясына басшылық етуді жүктеген екен. Дәл сол күні асыл Азамат ел алдындағы азаматтық борышын адалдықпен ақтаудың күрделі де қиын соқпағына алғашқы қадамын бастаған еді.
Амангелді алпысқа келіп қапты. Үйреншікті сөзбен "алпысың — талтүсің!" дей отырып, алаштың біртуар оғланына, белгілі мемлекеттік қайраткерге, мәдениетіміздің, әдебиетіміздің шын мәніндегі жанашыры һәм демеушісіне, асылдың тұяғына ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілеп, жарқырай бер, жалындай бер асыл Азамат демекпіз.
2004 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі