КИНОПОВЕСТЬ
* * *
Шаңқай түс. Шырқау. биікке шапши көтерілген асқақ ән көк төсін тесіп өтердей шарықтап барады. Күміс тамшыдан шашу шашқан саумал көл жағалауын лықси соға тыңдайды әнді. Алтын күннің сәулесіне шомылып, салқын самалына кеудесін тосқан кең жазық рақаттана сіміреді сол әнді. Жазықты етектей қатар түзей қалған биік қарағайлар сұлу әуезге тамсана ұйып, қыбырсыз мүлгиді. Зеңгір көкке тәкаппарлана иық өсірген тау Көкше маңайындағы жасыл үкілі "тақия" киген төбелерге сестене қарап, шырқау әнді қақпақылдап тұр.
Осы әсем әнді төмендетпей, бірінен соң бірі іліп әкетіп, екпіндете көтермелегендей титр сөздері төменнен жоғары лып-лып өтіп жатыр. Ең соңында фильм аты — "Біржанның соңғы жұлдызы" деген үш сөз бүкіл экранның жартысын алып шыға келгенде, бойды ерткен әсем әнге құлақ жарғағын осып түскен оқыс шыңғырған дауыс кеп килігеді. Ән тиылып, енді осы ащы дауыс күшейіп тұрып алады.
Төрт құлақты ескі бейіт. Бір қабырғасы опырылып құлап қалған. Шыңғырған әлгі ащы дауыс бет тақтайы сынған қабірдің ішінен естіліп тұр. Қорсылдап шыңғырып, жанталаса жоғары шапшып, талпақ танау семіз мегежін қабірден шыға алмай жатыр.
Шалқар көл. Жағасындағы белуардан келетін көк құраққа қоныс теуіп жатқан босқын переселен орыс мұжықтары. Бүлдірген теріп жүгіріп жүрген балалар. Күрке, шалашын тігіп абыр-сабыр боп жатқан үлкендер. Көлдің саяздау тұсында үйездеп тұрған шаруа көлігі — доға жалды, жуан сіңірлі, шомбал денелі орыс жылқылары. Батпақта қорсылдап шошқалар рақат күй кешуде.
Әртүрлі дауыстар жамырап естіледі:
"Тятя," земляника! Я, я, ее первый увидел!"
"Сямен! Заколи кабана!"
"Ой, где же он? Нету кабана-от. Пропал окоянный!.. "
"Ох, какой райский уголок! Хороша ты доля иногда мужицкая!"
"А где же басурманы?"
"Не басурманы они вообще, а кайсаки. Народ, говорят, дикий. Одни головорезы"
"Нехай, моя берданка всех остановит!" "Не-а, Матвей! Надобно жить с соседами в мире".
Сәйгүліктерінің тайпалған жорғасымен үйлестіре бір әсем әнді бір үнмен, бір леппен шырқата созып келе жатқан әдемі киімді, әсем сәнді топ көлдің түстігіндегі жайдақ төбеге шоқытып шыға келіп, іркіліп тоқтайды. Бәрі төмендегі босқындар ауылына көз тігіп қалған. Жақындап көрінгенде Поштабай және оның нөкерлері екені анықталады. Қатулы жүздердің қабақтары түсіп кеткен. Себебі, әне туған жердің топырағы жат табанының астына түсіпті. Саумал көлін доңыз арамдапты. Қысасқа шыдамай кіжінген, ызаланған, айбат атқан достарын Поштабай әрең тиып тоқтатады. Туған жерін бөтеннің табанынан босатып, ел бірлігін сақтап қалар ел ағасын аңсай іздеген ашулы жігіт кері бұрылып, тобын бастап, төбеден ауып түсіп, көзден таса болады.
* * *
Үй іші алакөлеңке. Азап шеге қиналған келіншектің бет-аузын тер жуып кеткен. Дөңбекшіген келіншекті әлдекімнің қос қолы демеп отыр. Ышқынған дауыс. Ыңыранған үн.
Тарбиған саусақтарымен әйел көрпені тырмалай уыстайды. Селкілдей күшенеді. Жанұшыра айқайлайды.
Толғақ буған келіншекке екі кемпір, бір әйел көмектесуде. Бәрін де әлдебір үрей билеген. Кемпірдің бірі орамалды сулап, жас тоқалдың маңдайына басады.
Қалжыраған дененің ащы дауысы ауыл үстін алып кеткен.
* * *
Атқан таңды ән әлдилеп тұр. Қосыла шырқаған әсем, асқақ, ашық дауыстар құйқылжи созылады.
Алқызыл қызғалдақ көмкерген қырқадан асып түскен салт аттылар — Біржан сал мен оның нөкерлері. Шетінен жас пері — ақын, әншілер. Елден ерекше салдардың салпыншақ, ою-өрнекті киімдері — зерлеп әдіптеген шалбар-бешпеті анадайдан көз тартады. Жұқа зерлі матадан тіккен ат кежімі, ер қасына қақтаған күміс табаққа орнатқан інжу-маржандар жалт-жұлт етеді. Жігіттердің кейбіреуі ұзын айдарын өріп тастапты. Үш-төртеуі ер қасына тіреген балдаққа артқан білегіне бүркіт, қаршығаларын қондырып алыпты...
Әне. көңілді күлкі жазғы таңның саф ауасын тіліп түсті. Ат үстілік әзіл-қалжыңның жарасымды күлкісі ол. Оны місе тұтпағандай кейбір өспірім бозбастар әредік ер үстіне тік тұрып алып, құйғыта жөнеледі. Ал қолындағы сырнайын құлаштай созған әзілкеш жас жігіт желіп келе жатқан бір түйенің қомынан екіншісіне секіріп өтіп, ұшқырлық көрсетіп барады.
Кенет әзіл мен күлкі сап тыйылып, кербез топ кілт тоқтайды. Жүз біткен оң жаққа бұрыла, тесіле қарап қалған.
Орманнан шығып келе жатқан орыс переселендерінің арбалы шағын көші. Арба үстіндегі қалқалардан арып-азған мұжықтың, бала-шағаның үрейлі жүздері көрінеді.
Қарсы келе жатқан сал тобына жапақтай қараған әйелдің қолындағы шүберекке ораулы бала шырылдап жылап жатыр.
Көштің ең алдындағы болдырыңқыраған ат әрең сүйреткен арбаның үстіндегі адамды (сірә, мәйіт болар) түгел қымтай жауып тастапты. Арбаның арысынан ұстап, тәлтіректей ілескен әйелдің көз Жасы мөлт-мөлт тамады.
Аттылар жақындап қалды.
Ескі-құсқы толы арба сықырлауын күшейткенде, көш тоқтауға айналды. Кілең қарагер атты, ақ түйелі, бүркіт-қаршығалы сәнді-салтанатты киімді Біржан тобына көштегілер әрі үрейлене, әрі тандана қарап қапты.
Кенет түйелердің бірі бақырды-ай кеп...
Сол-ақ екен мәйіт тиеген арбадағы ат қатты үркіп, аспанға шапшып, жетекті теуіп, шілиясын үзіп, айдалаға безе қашты.
Көш тоқтады. Әйелдер балаларын жасырып жатыр. Мұжықтар қолдан жасаған бердеңке мылтықтары мен сойылдарына жармасты. Көздерде үрейлі қорқыныш тұнып тұр.
Шығаңдап үріккен атқа пірселендер де, салдар тобы да қарап қалған.
Әне, нөкерлердің бірі — алпамсадай жас жігіт атын борбайлата қуа кеп жөнелді. Әрине, қашаған қудырғыш машық еркіне қойсын ба. Жонарқаның бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнағанда, қап-қара айдары шұбатылып барады. Жігіт ер қасындағы арқанын ширатып, "Уа, аруақ!" деп арқырата айқайлап, бұғалықты қашағанның мойнына дәлдеп тастап кеп жіберді.
Бір жерге шоғырланған мұжықтар сондайдан жақындаған жігітке "қайтарар ма атты, қайтармас па?" дегендей үнсіз тесіліп тұр. Шырылдап әлдебір бала жылады.
Ат жетектеген жігіт Біржанға қарады. Бөтен адамдардың кездесуін жақтырмай тұрған сал иегін қағып қалды. Сол-ақ екен әлгі жігіт мұжықтарға жақындап барып, арқанның ұшын лақтырып жіберді. Атты ұстаған мұжықтар арқанды қайтарып беріп, дауыстап алғыс-рақметін жаудырды.
— Спасибо, мил человек!
— Хоть ты и басурманин, да благослави тебя твой Бог!
— Отдарить бы его...
Арқан ұстаған қолын шөппен жиіркене сүрткен жігіт өз тобына қосылды.
Мұжықтар атты арбаға жекті. Сол сәт құйын үйірген жабу сыпырылып, мәйіт ашылды. Өңі әбден қарайып кеткен адамның екі қолы кеудесінің үстінде айқасып жатыр.
Қабағы түйілген Біржан теріс айналды. Осы кезде екінші қырқадан сойыл-шоқпарлы он шақты адам шыға келеді.
Переселендер үрейлене шуылдап, арбаларына мініп, мылтық-шоқпар, айыр-балталарын ыңғайлап ұстап, сақ отыр.
Біржан бейтаныс жігіттерді айқайлап тоқтатты.
— Жөн-жосықсыз жүрген кімсіңдер? Қарашекпендерді неге қуалап келесіңдер?
Жігіттер салды танып қап тұс-тұстан шуылдады.
— Оларды бір шертіп қалдық па екен, Біржан аға!
— Қайта біз оларды күзетіп келеміз-ау!..
— Жөн сөйле! — деді Біржан.
— Анау арбадағы мәйітті көрдіңіз бе? Көрсеңіз, ата-бабалардың қасиетті топырағын дінсіздердің арам сүйегімен былғатқымыз келмейді! — деді жігіттердің ересегі.
— Қайтіп?
— Кәпірін көмді дегенше, кірешін орнатады. Ал ол кіреші біздің киелі топырақты арамдайды!
Біржанды қайнар ашу қысады. Тебініп қалып, қарагерін атқытып арбалы көшке келеді де, атының аяғының астына қамшысының сабын бағыттайды.
— Қабірді тап осы жерден қазыңдар! Осында көміңдер!
Мұжықтар әрине түсінеді. Апыл-ғұпыл жер қазуға кіріскенде, сойыл-шоқпарлы жігіттер ойран-топан жұлқынады. Әсіресе алғашқы серкесымағы қатты ашынған.
— Біржан аға! Мынауыңыз не сұмдық?!
— Дінсізге қойнымызды ашқанымыз ба?
— Бүгін үнсіз көнсек, бүгін мәйітін бөгетсіз көмгізсек, ертең бүтін даламыз кірешінің астында қалмай ма? Долырған сал қайнар ашудың қызуымен әлгі серкесымақтың омырауынан шап береді.
— Есі ауысқан есалаңдар! Ен далаңмен мәйітті сасытып тасу — адамдық қасиет пе? Сонда сендер мал бағудың орнына мәйіт бағуға шығып па еңдер? Тез жөндеріңді айтыңдар? Бейбастақтарын бетімен жіберген қай ауыл?
— Әзекеңнің... Азынабай болыс ауылынанбыз. Мұжықтар мәйітті жерлеп болған. Қалшылдай жылаған әйел үйілген топырақты құшақтай жығылады. Қасында қайың бұтағын ұстаған бала қыбырсыз тұр.
Біржан баланың қолындағы шыбықты алып, көртопыраққа шірене тығады.
— Бұдан былай осылай жерлейтін боласыңдар! Үнсіз бас шұлғыған қарашекпендерге өшіге қараған сал атын бұрып алып, тебініп қалады. Әншібектің өнерпаз серіктері аттарын осқылай қамшылап, дүркірей ілеседі. Бөгеліңкіреп қалған Азынабай жігіттеріне Біржан айқай салады.
— Еріңдер соңымнан! Бол! Тез!
Сәлден соң аң-таң көшті артқа тастап, аттылар мұнарын шұбалтқан далаға сүңгіп, сіңіп кетеді.
* * *
Бесін. Әлдекімді бір қуып, бір ұстап қамшы жаудырып екіленіп келе жатқан ат ойнатқан топқа Біржан нөкерлерімен қарсы кездеседі.
— Ассалаумағалейкум, Біржан аға!
— Апырай, өзіңіздің кездескеніңіз жақсы болды-ау. Жәкең, Жанбота болыс іздетіп... Сізді қайдан табамыз деп едік...
Біржан сәлемді қабылдамай, тіксініп тұр.
— Мыналарың кім?
— Мұжық қой!
— Қарашекпеннің дәл өзі, аға!
Ауылдың белгілі тентегі, Жанботаның қолшоқпары Ыстыбай ысқырынды:
— Аузы түкті сары орыс деуге тілдерің бармай тұр ма, ой, өңшең ынжық! — деп ашулы шабарман әлгі екеуді тартып-тартып жібереді. — Аузы түкті сары орыс бұл, Біржан аға! Сары орыс!
— Көріп тұрмын. Неге шырмадыңдар? Сүйретіп қайда апармақсыңдар?
Ыстыбай ежірейеді. — Әулиенің бейітіне! Бүкіл иісі Керейдің атасы болған әулиенің бейітіне!
Біржанның түсі күреңітіп кетеді.
— Немене, Әулиең қарашекпенді шақырып па? Әлде қабіріме қарашекпенді дырылдатып әкеліңдер деп аян беріп пе?
Ыстыбай да осал емес.
— Аян-паян!.. Мазақтамаңыз, сал аға! Қамшымнан қан тамбағалы біраз болды. Іздегенге сұраған! Құдай бүгін жолымды беріп, мына мұжықты қолыма түсірді. Құрбан қып шалам! — деп жігіттеріне айқай салады. — Тарт! Сүйрет! Іркілме!
Біржан атын бір-ақ ытқытып қалып, Ыстыбайдың тізгінінен шап береді.
— Тоқта, дүлей! Тоқтат жауыздықты!
— Жауыздық деймісіз?! Жауыздықты мен емес, алдымен орыстар жасаған. Жібер, Біржан аға! Бұзба сертімді!
— Серт деймісің? Серт деп өрт тастағалы тұрғаныңды білмейсің, Ыстыбай! Аздырма жастарды! Зұлымдықпен ауыздандырма! Араластырма арамыңа іні-бауырларыңды! Қайтыңдар!
Жастар шуылдап ала жөнеледі.
— Біржан аға, бұлар... мұжықтар әулиенің бейітін қорлапты!
— Сасық доңыз ше, әлгі қорсылдағыш пәлесі, сол сасық немесіне әулиенің бейітін таптатыпты.
— Қабірдің үстіне құлатып түсіріпті!
— Жоқ, өзі құлаған ғой.
— Келмей жатып қорлайды. Бара-бара күн көрсетпес бұл шоқындылар!
Ыстыбай бір жұлқып, салдың қолынан тізгінін босатып алады.
— Естідің ғой, Біржан аға! Қорлану осындай-ақ болар. Әулиемізді доңызға таптатқан елдігіміздің не қасиеті бар? Жо-оқ! Мәтүшкесін саулықтай маңыратып, бараншуктерін қозыдай жамыратып мына сары орысты тап қазір әулиенің басында құрбан ғып шалмасам, маған серт! Бөгелме енді Әкет! Дырылдат!
Ашулы Біржан Ыстыбайды қамшымен тартып жібереді.
— Боқты дырылдатарсың! Доңыз қабірге құласа, ол — мисыз мақұлық! Доңызбен сонда доңыз болмақсыңдар ма?
Салдың ызғарынан ыққан жастар бәсеңдесе де, ыңғайынан әлі қайтпай тұр.
— Доңызын да, мұжығын да аямау керек!
— Біреуін өлтірсек, басқасы жасқанады. Келмейді сонсоң бұл жаққа қарашекпендер. Алмайды жерімізді!
Ыстыбай бір жақ шекесі долырып ісініп шыға келген бетін көлденеңдете тоса, жыланша ысылдады.
— Әулиеге кері келдің, сал! Мұжық пен доңыз құрлы көрмедің әулиені. Атар аруақ! Табар сені! Бірақ аямаспын! Сені де, анау бар мұжықты да, мына қарашекпенді де! Өлтірермін мұны! Өртермін поселкесін!
Біржан зәндеміге түршіге қарайды:
— Бар! Шап! Қират мықты болсаң! Ертең тағы он поселкесі келсін! Бірақ осыларды далаға, біздің араға селдей қаптатып айдаған ақ патша екпінін тоқтата алармысың? Құдіретті болсаң, Ыстыбай, сол екпінмен переселенді топырлатқан күшті тиып берші маған! Тоқтатшы далама төніп келе жатқан босқынның дауыл бетін! Ғұмыр бойы құлдығында өтейін сөйтер болсаң.
Жастардың санасына енді саңылау енгендей саябырсып қалыпты.
— Апырай, сонысы бар екен-ay!
— Біреуін өлтірсең, бесеуі қаптайды, ә!
— Сонда қорлыққа қарсы түк істей алмағанымыз ба?
— Сұраусыз келіп, жайлауымызға осылай баса-көктеп қона берер ме, Біржан аға?
Біржан солықтай күрсінді.
— Білмеймін... Өзім де үгіліп біттім... Ертең жандарал келмек. Жанбота, Азынабай болыстар осы жағдайды оған айтпаса... онда...
— Жә! Біліктілер шешетінді білекпен кесем деп әуре боп бас қатырмайық! Әкіжан, шеш мынаның аяқ-қолын! Әу, Әкіжан, бол!
Әкіжан Ыстыбайға жалтақтай қарап тұрып, Біржанға бұрылады.
— Ә-ә, неге шеш дедіңіз, Біржан аға? Шешсем, қашып кетпей ме?
— Қашып кетпейді, Әкіжан, қайтып кетеді ол. Аш-жалаңаш мұжық — өзім мен өзіңдей. Қаңбақ қылған тірлігі қуды бұл міскінді. Тентіреп жетті сонсоң даламызға. Гәп мұнда емес. Өзгелерде! Өкпеге тепкіш темір өктемдікте, Әкіжан!
Өзіне ұмсынған ақын қолын көрген мұжық бас изеп сөйлеп тұр.
— Хотя я не понимаю, но ты прав, мил человек. Всюду мужику не сладко. Дали по морде в Расеи. Дают и в степи. Куды нам теперича податься?
Әкіжан атынан секіріп түсіп мұжыққа беттей бергенде, Ыстыбай ақырып қалады.
— Қайт кейін!
Ыстыбайдың дойыры көтеріліп, суылдап тіліп түсуге дайын-ақ қалған-ды. Осы сәтте өз тобының жігіттері Әкіжан мен Ыстыбай арасына сұғына кіреді. қамшы еріксіз сылқ түседі. Атын борбайға бір тартып Ыстыбай ауылға қарай құйғыта шауып кетеді.Әкіжан арқанды шешіп, мұжықты босатады. Сары жирен сақалды мұжық ұйыған білегін сипалап бірер аттап Біржанға жақындайды. Оң қолын алдымен төсіне баса, сонсоң жерге тигізе, кеудесін иіп тәжім етеді.
— Огромное спасибо мой неведомый, но благородный спаситель! Убедился, что величие души встречаются и в дикой степи. Прими мое благословение!
Біржан иек қағады.
— Қайт! Кете бер, мүсәпірім! Босандың!
Сал атын тебініп, жүріп кетеді. Нөкерлері де, бұрынғы Азнабай жігіттері де салға үнсіз ілеседі.
Көз ұшында қыбырлап мұжық кетіп барады. Күбірлеп сөйлеп барады.
* * *
Киіз үйде салқын ренді Азынабай мырзасына әлсін-әлсін көз тастап қойып, құнжыңдап ақ қағазға әлдене түрткілеген песір екеуінен басқа жан жоқ.
Азынабай патша ағзамға хат жазғызып отыр. Айтар сөзін ойланып қап бөгелген кезде отау үйде толғатып жатқан ең кіші тоқалының айқайына сәл-пәл құлақ түреді де, қабағын тыржитады. Қатты қиналғанын болыс бірақ өңінен онша сездірмейді.
"Аса ұлұғ мәртебелім!.. Біздің екі халықты байланыстырып жатқан бауырмалдық һәм инабаттылық қасиеттер үшін Сіздің бек данышпандығыңыздан меңербан күтем... Ресей құзырына өз еркімен енген біздер — ұлан даланың ұлдары ақ патша ағзамның туы астына өзіміздің адалдығымызды һәм Өзіңіздің биік шарапатыңыздың арқасында жасалған келісімде даламызға казак-орыстың есептеулі мөлшерде тұрақ жайлары салынады делінген.
Алайда бүгін біздер бек қамықтық. Орыс пірселендерінің мөлшерден тыс алғашқы көші даламызға шұбырып ене бастады. Бұл жағдай баршамызды — елді де, ел басшыларын да қатты алаңдатып отыр. Кей жерлерде қақтығыс болып, қан да төгілді. Ресей үкіметінің бұл асығыс һәрекетінің арты насырға шабуы мүмкін. Діні мен тілі бөлек, дәстүрі мен салты басқа екі халықты тез араластырам деу — түсініспестік туындатып, соғыс өртін салуы хақ...
Осы үшбу хатымды Сізге Омбыдан бізге шыққан жоғары мәртебелі жандаралдан беріп жібермекпін.
Аса ұлұқ мәртебеңізге деген сенімді қызметшіңіздің белгісі ретінде Өзіңізге жолдап отырған асыл тұқымды араби отыз сәйгүлікті һәм алтын жамбыны қабыл алуыңызды қол қусырып өтінем..."
Тағы да ышқынған әйел дауысы. Селк еткен Азынабай тісін егейді. Жақ еттері шиыршық атады. Табалдырықтан ішке Поштабай аттайды.
— Жандаралға атағандарды дайындадыңдар ма? Сәйгүліктерді өзің таңдадың ғой?
— Әзеке, қам жемеңіз, бәрі дайын. Анау... әлгі соңғы тапсырмаңызды да тиянақтап қойдым!
— Жә! Мүңкітпе! Бара бер!
Поштабай шығады. Есіктен екпіндей енген жігіт қолын кеудесіне төсеп, басын иеді.
— Иә! Айта бер!
— Әзеке, ауылға Біржан сал келе жатыр. Мен әдейі сізге айтқалы олардан озып келдім!..
Азынабайдың жүзі жылып сала береді.
* * *
Ауылдың монтаны, бұйығы тірлігі сәтте өзгереді. Жан-жақтан қуанған, лепірген дауыстар естіледі.
— Алақай! Салдар келе жатыр! Сал-серілер!
— Біржан салдың өзі! Сері-пері нөкерлерімен!
— Қайран әншібек осы ауылға ат ізін салмай кетіп еді, көңлі қалай түсті екен?..
— Салдарды дұрыстап қарсы алыңдар! Әйтпесе тағы өкпелеп бұрылмай кетеді.
— Ойбай-ау, қыз-келіншектер қайда кеткен? Тез жиналсын!..
Ауыл сыртына ұмтылған қатын-қалаш, бала-шаға.
Отаудың қасында мал сойып жатқан жігіттер де қолдарын жанталаса жуып, сүртіп, аттарына қона сала, құйғыта жөнеледі.
Айқай-шуға абалаған иттердің дауысы қосылғанда, қызулы жүздердің жалын шашқан көздері өрт тұтатардай сезіледі.
* * *
Жағада шашылып жатқан қызылды-жасылды орамал-көйлек.
Өзенде қыздар шомылып жатыр. Бір-біріне су шашып ойнап, аңқылдай күліп, мәз-мейрам.
Жағадағы тас үстінде екі келіншек отыр. Жалаңаш аяқтарын суға малып, бір-біріне күлімдей қарағанда, дуылдаған қызулы жүздің қара көздерінен от шашырайтын тәрізді. Етектерінің суын сығып, қолаң шашты саусақтарымен салалай тарағанда, ақ балтырлар жарқырап аш белдері солқылдайды. Судағы қыздарға көз астымен қарап қойып, сыбырласа сөйлесіп отыр.
Өзеннен жағаға Ләйлім шығады. Әлі толыса қоймаған балауса дененің нәзік сымбатын, еркелік тұнған үлкен қара көздер одан сайын әсерлендіре түскендей.
Ләйлім келіншектердің қасында көйлегінің суын сығып жатып, әлгілердің сөзін естіп қалады.
— Әзекең орыс жандаралы келеді деп шабынып-ақ жатқан көрінеді... — деп күліп жіберді. — Ананың... жандаралдың мұрты, Әтекем айтады, ойбай-ау, керемет ұзын екен, сенің Ерболыңдікі оның қасында түк емес. Шиыршықтап орап қояды дейді.
Қасындағы келіншек сықылықтайды:
— Мұрты ұзын болса, ұзын-ақ шығар... Әй, басқасы жағынан менің Ерболыммен ешкім таласа алмас!..
— Сен,.. қыз-ау, ойбай, онда жандаралдікін де байқап көрсеңші... Әзекеңнің осы жандаралмен әлдебір қиын түйінді шешпек боп асығуы керім деседі. Сол үшін тіпті болыс қайнаға... — келіншек ернін құрбысының құлағына тақап сыбырлай жөнелді. — әлгі мұрттың қойнына біздің бір қызды салмақ бопты!..
— Қой, ей! Ойбай, сұңқадам! Кімді?! Әй, Құралай, айтшы! Кімді лайықтапты, ей?
— Өй, өзің өліп түстің ғой! Шынымен оныкін де көргің келе ме?.. Жә-жә, қыз-ау, бұртима... — судағы қыздарға иек қағады. — Аналардың біріне аямай төлейтін де көрінеді.
— Ой, дінсіз! Өз қызын ғой төсемейді ол!
Ләйлім суға жақындап табанына жабысқан құмды шая бастайды.
Ауылдан құйғытып жеткен жігіт айқай салады.
— Әу, қыздар! Ойбай-ау, не ғып тұрсыңдар? Біржан келеді! Арқаның ақиығы сал Біржан! Қыз-келіншек алдынан тосып алсын деп мырзаның өзі бұйырды! Тез кептірініңдер! Әйтпесе судан шыққан суырдай сүмірейген сендерге пысқырмайды ол!
Сол-ақ екен қыздар жарқ-жұрқ атылып, жағаға ұмтылып, киімдеріне жармасады. Біржан атын естігенде дір етіп, басын көтеріп алған Ләйлімнің көзі жайнап сала берген. Ауылға қарай лап қойған қыздардың соңынан енді ғана есін жиғандай жүгіре жөнеледі.
* * *
Біржан тобы ауылға жақындап қалған. Ауыл сыртындағы күтіп тұрған халық айқайлай дуылдап, қарсы жүріп барады. Салды төрт-бес қыз-келіншек, қалғандарын да қошеметші жұрт ат үстінен көтеріп алып, он қадам аттап барып, кілем үстіне түсіреді.
Салға он екі қанат ақ орда ауыл шетіне тігіле бастайды. Үй төңірегі де у-шу, көңілді әзіл-қалжың.
Үй тігушілердің арасынан Ләйлім де анда-санда бір көрініп қалады. Әне, күн шалмаған әппақ жүзі керегенің тор көзінен сығалап тұр. Сәуле мен көлеңкенің арпалысында қара көздер бірде көрініп, бірде жоғалады. Ләйлім қолында ұзын уық. Әлгіні қай тұстан шанышарын білмей, беталды қозғалады. Өйткені оның бар ындыны Біржанда ғана. Алаулаған жүздің таңырқаған, әлдене күткен күлімкөзі ғана әсем. Әлденеге сүрініп кеткен Ләйлім аяққа оралғы болғанын ұқпай, көзі мен көңілін көптің ортасында тұрған Біржан салға байлап қалған.
* * *
Жыртық туырлықты қараша үйдің алдына Поштабайдың әйелі — Қарағыз он қой айдап келеді.
— Уай, Сары апа! Ойбай, Сақып! Сары апа болмай кеткір! Қайда құрып кеттің? Шықсаңшы, сары мыстан! Дауысым қарлықты ғой. Шаруам бар сенде!
Үйден көнетоз киімді, жүдеу жүзді бірақ сұлу бәденді мосқал әйел — Сақып — Ләйлімнің шешесі шығады. Қарағызға бір, қойларға бір жапақ-жапақ қарайды.
Қарағыз аяқ астынан тілі байланғандай әйелге "қойлар сенікі!" дегенді қолымен ымдап түсіндіре бастайды.
Сақып едірейе қарайды:
— Жарқыным, нені ишараттап тұрсың?
Қарағызға қайтадан тіл бітеді.
— Құдай берді саған, сары мыстан! Қосақтап ал қойларыңды! Сенікі!.. Мынаның бәрі сенікі!. Әй, неге бақырайып тұрсың? Басыңа қонған баққа сенбейсің бе, өл де маған!
Сақып ештеңеге түсінер емес. Қарағыз түсіндіре алмай әлек.
— Кембағал неме-ау, қосақтап ал дедім ғой қойларыңды! Бұлар енді сенікі! Әзекеңнің... болыс қайнағаның сыйлығы! Алмасаң — мырзаны өкпелетесің. Болыс қайнағаның қолы ашық. Сенің шүйкебасың үшін осы он қойды айдатты да жіберді, — деп өзі қойларды қосақтай бастайды.
Сақып аң-таң.
— Қызым үшін деймісің?..
Қарағыз қарқылдап ал күлсін.
— Ойбай, өзің есің шығып, есеңгіреп қапсың ғой. Әлде түк сезбес маубас пең? Ертеңдер осында жандарал келеді, жандарал! Сол сарыала төренің қойнында қызың бір түн болады. Ақысына міне, бір қора қой алдың! Жо-оқ! Он қой сендерге тым көп болар. Біреуін мен алам. Отағасыма басқаны емес, мына дәл сенің қызыңды мырза қайнағаға айт деп сыбырлаған еңбегімнің төлемі болсын.
Қарағыз бір қойды қосақтан босатып алып, жетектеген бойы қарқылдай күліп кетіп барады. Сақып жерге отыра қалып, қолымен бетін жұлып алатындай уыстайды.
* * *
Ақ ордасынан шыққан Азынабай баппен басып Біржанға қарай жүреді. Болыс салға жақындағанда, ауылдың екі жігіті жанторсықтан тостағанға қымыз құйып, Біржанға енді ғана ұсына беріп еді. Тостағанға елеусіз көз салған Азынабай қымыз бетінде қалқыған құмалақты көріп, "Қап!" дегендей ишарат танытады. Соны байқаған Біржан да тостағанға көз қиығын жүгіртіп қап, жігітті қамшымен тартып жібереді. Тостаған ұстаған қол шошаң етіп, қымыз ақтарылып қалады.
Отау үйден осы сәт әйелдің шыңғырған ащы дауысы естіледі.
Азынабай селк еткенімен түсін бермейді. Ол да жігітті қамшымен осып түседі.
— Әншібек салдың қара тырнағынан садаға кеткір, есуас ит. Бар! Біржанға таза қымыз әкел! Тез! Армысың, абзалым — деп енді ол салды құшағына көмеді. — Көптен төбеңді көрсетпей қойып ең...
— Бар болыңыз, Әзеке! Бүгін де келейін деп келмеп ем...
Отаудан шыққан кемпір Азынабайға қарай бүкеңдеп ентелей салады. Анадайдан дүрліктіре айғайлайды:
— Сүйінші, Әзеке! Сүйінші, мырза қайным! Құдай оң қарап, Біржан салды аулыңыздан көрсеткенде ұлды болдың, болыс бегім! Ұл туды, балпанақтай ұл!
Тебіренген Азнабай құшағындағы Біржанды елжіреп қыса түседі. Түнеріп келген сал осынау қуанышты бұзғысы келмейді.
— Әзеке, қуанышыңыз құтты болсын! Ұлыңыздың бауы берік болсын! — Дәл осы кезде сап кереге көзінен өзіне қадалған Ләйлімді байқап қалады. — Ғұмыр жасы ұзақ болғай мұрагеріңіздің!
Азнабай Біржанды босатып, бетіне жымия қарайды:
— Қайран әншібек! Сенің тіпті ашуың да ғаламат-ау, Біржан! Ақ төгілгені болмаса... Ниетің түзу ғой. Өзің келер-келместен ақ түйенің қарны жарылды! Ұлды болдым мен! Атын өзің қойып бер.
— Көкте — құдай, жерде — Азынабай!.. Бірақ қазақта Азынабай көп те, Біржан жалғыз! Мырза атанып ызғар шашпай, жолымды қуар, өнерімді жалғастырар болар ма жас өркен... Аты Біржан болсын! Біржан! Біржан!
— Айтқаның келсін, Біржан бауырым! Қуанттың! Шын қуанттың ағаңды! — деп болыс тағы құшақтайды.
Біржан Азнабайды құшақтап тұрып, әлгі уығы онша көп шаншыла қоймаған үйдің шомбал шаңырағы кенет теңселіп қалып, құлап түскенін көреді. Түсі бұзылып сала береді.
— Апырай! Жаман ырым болды-ау!..
Жұрт әрі күле, әрі шошына айқайлап безе қашқанда, үй сыртында состиып жалғыз тұрып қалған өңі қуарып, тақиясы қисайған нәзік, талдырмаш, Ләйлім қолындағы уығын көтерген күйі Біржанға қадалып қапты.
Біржан өзіне тесілген қара көздерді көргенде шыдамай, қалың көптің көзінше әлгі қызға қарай күлімсіреп бара жатыр.
Ләйлімді екі иығынан ұстап, сал маңдайынан сүйеді.
— Қалқаш-ау, шаңырақты жалғыз өзің ұстап қалмақ болдың, ә! Атың кім сенің?
Жұрт ду күледі. Нарт қызарған Ләйлім сондай бақытты күй кешкен.
— Ләйліммін, Біржан аға!..
Қара көздерде от ұшқындайды.
* * *
Қолтығына қанат біткендей құстай ұшып жеткен Ләйлім табалдырықта қыбырсыз отырған шешесін көреді.
— Апа! Апа-ау, мен бар ғой... мені Біржан салдың өзі маңдайымнан сүйді... Ал мен оны... мен оны сондай...
Аспанды бұлт торлай бастаған. Алыстан күн күркірі естіледі. Сақып басын көтеріп, Ләйлімге әрі елжірей, әрі мүсіркей қарайды. Шыдай алмаған қызы жүзін бұрып әкетіп, қосақтаулы қойларды көреді.
— Мынау қойлар қайдан келген, апа?
Сақып мұңлы жүзін тайсақтатады:
— Піскен дән диірменге түспей қоймайды, қызым...
Ләйлім түсінер емес.
— Бұл не? Әлде біреулер құда түсті ме?
— Е-е, ондай атты күн қайда...
— Сонда не, апа!... Caya тұруға беріп пед?..
— Жоқ, күнім...
— Онда бұлар не қылған мал?
— Ақы!.. Төсек ақысы...
Ләйлім шешесіне үнсіз қарап тұрады да, өзен жағасындағы келіншектердің сөзі есіне түсіп, жерге сылқ отыра кетеді. Күн күркірейді. Алғашқы ірі тамшылар қара тастай мелшиген Ләйлімнің бетін осқылап жатыр.
Сақып орнынан теңселе тұрып, үстіндегі ескі камзолын шешіп, жайлап қана қызының иығына жабады.
Ләйлім қыбырсыз күйі нөсерлеп құйып кеткен жаңбырдың астында отырып қалған.
* * *
Қарағыз дәу сандығын ақтарып, ішіндегісін жерге шығарып тастапты. Түрі-түсі онша келіспеген қызы — Қайша жібек матаның кесіндісіне кесте төгіп отыр.
Қарағыз бір кезде сандықтан көлемді зерлі орамалды суырып алады да қызына ұсынады. Қайшаның көзіне мөлт етіп жас толады.
— Не болды, күнім-ау?
Қайша бір түрлі түңілгендей күрсіне сөйледі.
— Ұсқынсызбын мен... Маған ешкімнің назары аумайды... Маған енді ештеңенің қажеті де жоқ.
— Бағың жанса, басқасы түк емес.
— Бәрі бір алдымен түріңе қарайды ғой.
— Иә! Қарайды! Ал сенің көзіңді көрген адам жаныңның әсемдігін қалай сезбесін!
Қарағыз сандыққа жотасын тірей отырып алып, ауыр күрсінеді де орамалды қайта ұсынады.
— Мынау Қорасан орамалы! Қаладан көкеңе өзіңе арнап алғызғам.
— Апа... мен... мен өзімдікін, ә... — деп кестелеп отырған орамалын көрсетеді. — Міне! Мынау — Күн! Мынаусы — Ай!.. Ал мыналар. Ол және Мен! Мынау көп жұлдыз — бақыт шашуы! Бұл орамалға екі ай кесте төктім...
Қарағыз қызына аса бір аяушылықпен мұңая қарайды.
— Сөйте ғой онда. Өзіңдікін ұсынғаның жөн екен. Сенн сондай ісмерсің! Шеберлігің әжеңе аумай тартқан!
Есіктен түнерген Поштабай кіреді. Әйеліне сұстана қарайды. Көздері кездеседі. Қарағызды билеген аянышты мұң енді Поштабайға ауысады. Жалғыз қыздың бұлдыр болашағы - әке-шешенің ауыратын жанды жері. Поштабай орамалын бетіне басқан қызын көргенде жүзін жылытады. Жайлап басып кеп, Қайшаның шашынан баяу бірақ аса еміренген түрмен сипайды.
* * *
Жұпары аңқыған дала гүліне бөккен жасыл төбенің үстіне жайғасқан Азынабай мен Біржан етекте асау үйретіп жүрген жастарды бағып қапты. Құлап түсіп, қайта мініп, әбігерлене әрекеттенген жігіттерді ұнатпаған болыс тыжырынып қалады. Бірақ Азынабайдың әншібекпен әңгімесі басқа.
— Әзеке, қуаныш-қызығыңызды бұзғым-ақ жоқ. Әй, бірақ! Айтпасыма болмай отыр. Жігіттеріңізді аулыңызға қуып тыққанымды сезген де боларсыз. Жаңағы ақтарылған ақ та тегін емес. Жарықтық қымызға түскен құмалақтай кеудеме кірген күдікті жасыра алмаспын сізден...
— Білем... Не айтарыңды білем, Біржан. Жеріңе еніп, еліңе төніп келе жатқан құбыжық көштің сесі ғой сені үрейлендірген.
— Әзеке-ау, қарашекпендер әлден топырласа, күні ертең далаңды кірешімен ғана емес, қазақтың моласымен де толтырады ғой!
Осы кезде шапқылап жеткен нөкер жігіт алқына айқайлайды.
— Әзеке! Мырза аға! Ойбай, сұмдық! Әулиенің күмбез бейітіне орыстардың шошқасы кіріп кетіпті!
Азынабай қолын сілтеп қалады.
— Жә!
Жігіт қайта шауып кетеді.
Біржан қамшысын білемдей ұстады.
— Әне, басталды! Әулиені қорлағаны да аяқ асты еткені де осы! Бұдан артық қандай қорлық болмақ! Бұған қалай көнерміз! Көнбесек — іштегі бұғып жатқан жыртқыштың азуы мен тырнағын оңды-солды жұмсаймыз ба?! Намыстан кек туып, кектен қанды қырғын өрбіп, даланы әлден-ақ кернеп барады. Оларды қалай тоқтатармыз?
Азынабай ыңыранады.
— Е-е. сен бүгін күйзелсең, мен бұрын күңіренгем, Біржан. Заман бұзылды ма, адам азды ма... ел қамын жейтіндер азайып барады. Шабаны жүйрікпін десе, арамы қулық-сұмдыққа жеткізбейді.
— Сонда, Әзеке, елді бастар, ағайынға ақыл қосар абыз қалмағаны ма?
— Аптықпа, бауырым! Аздан мейір кеткенмен, көптен пейіл кетпес.... Ұйқы беріп, қайғы алғандағы бар далбасам — патша ағзамға жағдайды айтып хат жазу болды. Жандаралдан беріп жібермекпін. Кім білсін, ұғар мұңымызды...
Біржан басын шайқайды.
— Әй, қайдам! Пірселендерінің дүмеп шұбыруына қарағанда бізді ол көзге ілер ме...
— Тағы бір дәрмен — бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ деген тілек. Қазақтың қасиеті — қонақжайлылығы. Қасіреті — күншілдігі. Соның бірі — Өзім. Сонау Жанботамен жағаласа өсіп, атақ-абыройға жағаласа таласып келдім. Мынау нәубеттің алдында бірікпесек, іриміз. Ірісек — құримыз.
— Ол рас, Әзеке! Береке — бірлікте ғана. Әй, оған қазақтың орынсыз күлкісі, есепсіз ұйқысы жібере қояр ма?..
Азынабай ірге бермейді.
— Бекерге түңілудің реті жоқ. Төртеуі түгелденсе, алтауға алғызбайтын қазақ екенімізді ескер, әншібек... Саған салар салмағым — менімен тізе қоссын Жанбота. Жетсін бір-екі күнде дәл осында. Жандаралға айтар ел сөзін осы ауылда сол екеуіміз бірігіп ұстайтын болайық. Қара шекпен қаптап жетсе, таптап кетерін менен артық сезеді ол. Осы сәлемімді ағаңа өзің жеткіз!
Біржан шұғыл өзгереді. Бас изейді.
— Аитайын, Әзеке! Мұнардан озып болжаған қаупіңіз кеудеме сіңді. Сімірдім бәрін!
Азынабай асауға қарғып мінген бозбаланың қосаяқтап тік шапшыған аттан көк құраққа құлап түскенін көз қиығымен шалып қалып, әнтек ыңыранып қалады.
— Неткен боркемік немелер! Атқа да отыра алмайтын салбөксе ынжық өркен!..
Азынабай ентелей басып барып аттың бауырынан салып қалады. Арқырай кісінеген ат аспанға шапшиды. Болыс асауға қарғып мінеді. Қыжырлана сөйлейді.
— Тақымға осылай басу керек! Жігіт емессің бе, мұндар-ау!
Асау ат айдалаға шығандап барады! Ойы да, бойы да, сөзі де, сезімі де асқақ осынау жанға Біржан әрі қызыға, әрі сүйсіне қарап тұр.
* * *
Кешкі апақ-сапақта болыс пен сал әншібекке арнайы тігілген үйге жақындайды.
— Әншібегім! Енді біраз дем ал. Осы ауыл сенің әніңе ынтық. Сыртыңнан өзіңді іздеп, даусыңды аңсап отыратынның бірі менмін. Бүгін көнлін бір көтеріп таста жұртыңның.
Азынабай кетеді. Әлдекімнің нобайы үй тасасынан қараң етеді. Бұл келген — Поштабай. Кеудесін ие бүгіліп тәжім етіп, сәл еңкейе түсіп Біржанның етегіне қолын тигізеді.
— Кейімеңіз, әншібек! Оңаша ойыңызды бөлсем, ғафу өтінем.
— Иә, не айтпақсың?
Поштабай тағы да белін бүге, қолындағы түйіншекті ашып, көне бірақ қымбат шақшаны ұсынады.
— Бұ не?
— Алмасаңыз, өкпелеймін. Әрине сіз қымбат сый-сияпаттан зәру емессіз.. ә-ә, бүлдірдім-ау (толқып). Әттең, бай емеспін. Ал, мынау... мен үшін сондай қадірлі зат, қимас дүние — бабамның шақшасы еді... Көңілім үшін қолымды қақпаңыз... Сонсоң бір аз ғана қолқам боп тұрғаны...
— Жә-жә! Қақпайын онда қолыңды, — деп күледі. — Сенің құрметіңе бүгін бір ән салып берейін бе?
— Ойбай, о не дегеніңіз! Менің қолқам... ә-ә, өтінішім онша елеулі де емес. Бүгін шілдехана тойында қыздар сізге орамалдарын таңдатуға ұсынғанда... сіз мынаны мына орамалды ұстасаңыз дейім...— деп қойнынан Қайшаның орамалын алып көрсетеді. — Қызым кестелеген орамал еді... Жұрттың айтуына қарағанда сал, серінің ықыласы түскен қыздың бақталайы жанатын көрінеді. Кешікпей тұрмыс құрады екен . Жалғыз қыз... Құдай ондап... Жасы да кеп қап еді. Түсінесіз ғой, әрине...
Біржан Поштабайды иығынан демеп тұрғызады.
— Тұрыңыз, қадірмендім. Тілегіңіз жүрегіме жетті. Айтқаныңыз болады!
Шақшаны салға ұстатқан Поштабай әлгіндегі дыбыссыз жүріспен ауылды жапқан қараңғылыққа сүңгіп кетеді.
Біржан шалқалап көкке қарайды. Қою қараңғылығы теп-тез ұйып бара жатқан аспанның қара бұлтының арасынан ақтаңдақтана ай сәулесі білінеді. Сәлден соң қанды қызыл табағы да жылтырайды. Сансыз жұлдыз ішінен тамып келе жатқан қанды жас тәрізді.
* * *
Ақ сүт жарығы мол айлы түн. Алтыбақанды айнала жаққан көп алау. Алау нұры бүгін ерекше құлпырған жүздерде құбылып ойнайды.
Топ ортасында ән салған Біржан. Әншінің асқақ дауысы дала түнін жаңғыртып тұр. Жұрт біткеннің ындыны әншібекте. Көздері жайнап, жүздері балбұл жанған жастардың арасынан әппақ шәлді иығына бос тастаған Ләйлімнің жанары жалын атып, еріксіз көз тартады. Өзі әлденені әрі асыға күтетіндей, әрі әлденеге берік бекінгендей де тәрізді.
Тағы бір жанарда мейірім мен құштарлық сезімі тұнып тұрған-ды. Ол — Қайша жанары. Еріндерін сәл-пәл ажыратып, алға ентелей, қолындағы орамалын уқалап, умаштап, әншіге қадалып қалған.
Оқшаулау Поштабай тұр. Қобалжыған жүрегін әрең басып өзін сергек ұстайды. Екі қолын қусырып алған қасындағы Қарағыздың да дегбірі аз.
Біржан әнін аяқтағанда жұрт дуылдасып кеткен.
— Уай, көп жаса!
— Мұңсыз бол, мұңсыз болғыр!
— Тағы, тағы айтыңызшы, аға, Біржан аға! Қанбай, тұшына алмай қалдық!
Ортаға Біржанның серігі Жақия шығып, қыздарды жарыққа шақырады.
— Қандай қусыңдар, қыздар-ау! Әншібектің шаршағанын көрмейсіңдер ме? Қашанғы ол жалғыз өзі ән салмақ. Әне, алтыбақан да босап қапты. Ал Біржан ағаларыңның маңдайынан аққан тер көзіне құйылуға дайын. Қайран қаракөз сылқымдар-ау, орамалдарыңды неге жасырасыңдар? Қане, қайсың батылсың? Әншібекке ән салып қосылатындарың бар ма? Айтпап пем шетінен әнші бұлар! Орамалдарыңды тықпаңдар. Бері келіндер! Жайындар орамалдарыңды! Біржан ағаның өзі таңдайды. Таңдау бұйырған қыз әншібекпен әткеншекке отырады. Құдай қалап сонсоң биылдан қалмай өз отауына оң аяғымен аттайды. Өткеннің жоралғысы солай.
Қыздар дуылдай күліп, ортаға шығады. Иіле тәжім етіп, қолдарындағы орамалдарын салға ұсынады.
Топтың арасынан әрең сытылып өтіп, ортаға кестелі орамалын ұстаған, әдемі киінген Қайша да шығады. Жүрексінген қызына әлдебір аяныш толы көзбен Поштабай қадала қарап қалыпты.
Қыздардың ту сыртында Ләйлім тұр. Күлімдеген күйі Біржанға тура қарап, қыздардың дулы дүрмегінен қалыс қалған.
Ортаға шыққан Біржан қыздарды жағалап, қызыл-жасылды, үлкен-кішілі әртүрлі орамалды көзімен сүзіп өтіп, әлі таңдау жасай қойған жоқ.
Қайша ақынға тақалып келіп, орамалын ұсынады. Қысылған даусы әрең естіледі.
— Біржан аға! Міне! Сізге арнап кестелеген орамалым!...
Біржан Қайшаға сәл көз тоқтатады да жымияды. Сонсоң қолын ілгері соза береді... Кенет салдың көз қиығы Ләйлімге, Ләйлімнің иығындағы шәліне түседі. Сол-ақ екен абыржыған Қайшаның қасынан жалт бұрылып, тез адымдап кеп Ләйлімге маңдайын тосады.
— Болдырған аттай бой-бой босап тұрмын әбден. Кішкене орамал терімді кептіре алмас! Ал, міне мынау маған жетіп жатыр, — деп Ләйлімнің иығындағы шәлді алады. -Нағыз керегі осы!
Жұрт дүрк шайқалып, дуылдай жөнелген:
— Тапты-ау!
— Дәл тапты! Кешегі марқұм Серке бидің қызы — асылдың сынығы емес пе! Таңдауы керім-ақ!
— Ләйлімді таңдаған әншібекте де мін жоқ!
Ыңыранған Поштабай қос қолымен шекесін ұстап тұрып қалғанда, Қарағыз оны жұлқып-жұлқып жібереді. Ысылдай сыбырлайды:
— Бұ не боп барады?.. Ол не сөзін бермеп педі?.. Неге жұтады уәдесін?! — деп енді дауыстап сөйлейді. — Өлтірді-ау қызымды. Түбіне жетті-ау тұлымшағымның алғаның ас болмағыр неме!
Бедірейіп қалған Қайшаның қолынан түсіп кеткен орамалды топырлаған жұрттың аяғы таптап өтіп жатыр.
Теңселе басып кейін шегінген Қайша кенет екі бетін алақанымен жауып, шыңғыра жылап, топтан безе қашады. Бірақ шуылдаған жұрт оны естіген де жоқ. Әлдекімдер ғана кекете күліп, сыртынан мазақ қылады.
Ләйлімге құмарта, қызыға қараған қызулы Біржан шәлімен бетін, маңдайын сүртіп тұр.
Жақия айқай салады.
— Таңдау жасалды. Ләйлім енді салмен бірге әткеншекке отырады!
Жұрт қақ жарылып Ләйлімге жол береді. Салмен бірге алтыбақанға отырып, тербетіле бастайды. Қарама-қарсы жайғасқан екеу үшін дәл қазір бүкіл дүние ұмыт болған. "Сырғақтыны" қосыла шырқаған екеудің жұптасқан даусы түнгі ауаға көтерілгенде, көз бен көңіл бірін бірі тауып, біріне бірі асықтық сырын ынтыға айтып кеткен-ді. "Осы әсем сәт мәңгі бітпесе, өтпесе!" дейтіндей әншібек пен қыз.
Осы әсем әуен Азынабайды да төсегінде дөңбекшітіп жатыр. Манадан не алтыбақанға бара алмай, не отағасының күнделікті ықыласын таба алмай аптығып жатқан еркетотай тоқал шәйі көрпені серпіп тастап, кеудесін көтере, төсін дірілдете жанасты.
— Заржақ неме дарылдап мазаңызды алды-ау, мырза! Даусы бір сембейді екен, ғой!
Азынабай жақтырған жоқ. Тоқалын иығымен сәл итеріп қалды.
— Бір емес, мың түнімнің ұйқысын ұрласа да, Біржанға мәңгі ырзамын. Әнші — Құдірет болады екен-ау! Тауы мен Даласын, әне, қалай табынтты! Мазасыз жанымның дауасын қалай тапты! Өнер — шипа екен де, өнерпаз — жасаған хақтан кем емес екен ғой! Анама еркелеген кезде дәл осылай бір жадыраушы едім. Сол күйіме оралттың-ау, әншібегім!
Әнге ұйыған жұрттың арасынан Біржанның шәкірті Жақия жас әнші Ыбырайды тауып ап, жеңінен тартып тұр.
— Ыбырай, әу Ыбырай!.. Бері қарашы, ей!..
— Түу, Жақия-ай, ән тыңдатпадың ғой. Жай ма?
— Қайдан жай болсын. Өте тығыз шаруа болғалы тұр. Әншібекті... Біржан ағаны... Құлағыңды әкелші!.. Әншібекті Ләйліммен оңаша кездестірейік, ә...
Ыбырай. Неге?..
Жақия. Әй, өзіңнің мұрныңа дәнеңенің иісі бармайтыны қалай? Шынымен көрмеймісің екеуін, сезбеймісің, ей?
Ыбырай. Ә-ә?.. Иә-иә! Е-е! Көрдім, әй! Онда бар ғой, ә... Мен тап қазір жұрттың көңілін бұлардан... екеуінен бұрып кеп жіберем. Ал, сен, Жақия, әншібек пен Ләйлімді... ебін тап та, икемдей бер. Қиюын келтір де оңаша табыстар!
— Тағы, тағы бір шырқаңыз, әншібек! — деген әлдекіммен Ыбырай келіскен жоқ, әрине.
— Жо-оқ! Әншібек енді дем алсын.
Уай! Ойынның төресі — "Ақсүйек" емес пе!
Бағлан мұнда! Кім — қасқыр?
Ойнамаған адамды
Қап-қараңғы түн басқыр!
Қасқыр тартып кетпесе,
Жас пен жасты сырлас қып!
Сырлас әрі мұңдас қыл!
Жігіт — көкжал! Қыз — қозы!
Бөктеріп ал! Алып қаш!
Оңаша әкет еркеңді,
Мұратқа жет, ер жігіт!
Ал бастадым, бастадым,
Ақсүйекті құлаштап
Ла-ақ-ты-ыр-ып ке-еп тастадым!
— Мен — қасқыр!
— Мен — көкжал!
— Ақсүйек!
— Ақсүйек!
* * *
Жұрт біткен ай астында жарқ етіп көрініп, алыстап жоғалған ақсүйекті іздеп кеткенде, Ләйлімді дедектете жетелеп жеткен Жақия қалың ойда тұрған Біржанға қарай ұмсынтады.
Жақия. Бар!.. Ләйлім!.. Әнші көңілі, құдай ақына, бір сен деп аласұруда. Имандай шыным. Бар!
Ләйлім тайсақтай береді.
Жақия даусын шығара тамағын кенеп, жалмажан қалың арасына сүңгіп кетеді. Жалт бұрылған Біржан Ләйлімді көреді.
— Ләйлім?! Апырай, өзіңбісің?!
— Мен! Иә!.. Ләйліммін, Біржан аға! — деп сәл ілгері аттап қап, кідіреді.
Біржан қарсы ұмтылады.
— Мен сені... Ләйлімжан, түсімде көрдім бе... өңімде көрдім бе... бұрыннан білетін тәріздімін... Енді міне өзің алдымда тұрсың... Шынымен-ақ Ләйлімбісің? Рас па тұрғаның, қалқам! — деп құшағын жаяды. Ләйлім дір-дір еткен ұялшақ күймен баяу-у құшаққа еніп барады.
— Менмін! Мен де сізді іздегем, Біржан аға! Сіздің атыңызды алғаш естігенде, тілім енді-енді шыға бастаған. Тез өсуге асыққам сонда, аға! Мен сіздің әніңізді тыңдағанда, тұлымшақты қыз болатынмын. Тезірек бой жетуге жанталасқам сонда, аға! Мен тіпті өспейтіндей, сіз мүлде жеткізбейтіндей болушы едіңіз. Ал бүгін... Ал бүгін, бүгін қуанғым да келеді... бүгін жылағым да келеді. Сізді ойласам, жүрегім кеудеме сыймайды. Ал енді, ал енді көз жасым алқымыма тығылады.
Біржан ешнәрсе түсінер емес.
— Әу, әу, қалқам! Жылағаның қалай, күлгенің қалай?
— Бүгін менің Жасаған хаққа өкпем жоқ. Сізді көрдім, Біржан аға! Бүгін менің Жасаған хаққа өкпем көп. Оны айтуға аузым бармайды. Мен сіздің әніңізбен жанымды суаратынмын. Әуеніңіз жүрегімді тербейтін. Сізді көрдім... Еркімді бердім Өзіңізге, ағажан!
— Шіркі-ен, Ләйлім! Мен... мен саған жаралы жүрегіме жамау бол дей алармын ба? Айта алармын ба сол өктемді? Баяғы бозбала күн қайда... Жер ортаға таяғанымда көздегі нұр, кеудедегі жалын өшуге шақ қой.
— Олай емес, Біржан аға! Серінің жаны — жастықтың жалыны! Сөнбейді ол! Лапылдай түседі, алаулай түседі ол, ағажан! Ән-әуеніңізбен әсерленіп келем. Жалбарынған жаныммен жүрегімді жолыңызға арнасам...
— Қалқам-ай, сенде бір сыр бар ма? Алданба бірақ.
— Жаралы жүрегімді жылатпаңызшы. Бездірмеңізші, ағажан! Шалыңызшы құрбандыққа сол жұдырықтай жүрегімді!..
— Қалқам-ай, қайта түлеттің-ау! Ылдиымнан өрге жұлқып шығардың-ау! Қанат байлап, көгіме тағы самғаттың-ау! Өзгелерден бөлек екенсің, Ләйлім! Жебеушім болшы! Ендеше, сен емес, мен сенің жолыңа құрбан болармын.
Осы кезде ақсүйек ойнап жүрген жастардың Ләйлімді іздеп, шақырған дауыстары естіледі.
— Ләйлім! Әу, Ләйлім! Қайдасың?
— Өләй! Сол өзі бағлан боп әлде бір көкжалға қолды боп кетпесін!.'.
Ләйлім дір ете сескеніп, құшақтан босанып шығады.
— Мені іздеп жатыр... Қайтасыз ба, Біржан аға? Аулыңызға..
— Иә.. Әзекеңнің Жанбота болысқа тығыз сәлемі бар еді. Соны жеткізісімен оралармын, өзіңе!
— Кешікпеңізші, аға! Сізге айтарым бар!.. Сіз... сіз ғана ендігі тірегім! Тосам сізді... Күтем!..
Дауыс тағы естіледі.
— Әй, Ләйлім, барсың ба?
— Мен мұндамын, Қалампыр-ау. Қазір! — деп Біржанмен бас иіп қоштасады. — Сау болыңыз, аға! Тек бүрсігүннен қалмаңызшы! Онда кешігесіз!
Ләйлiм жүгіріп кетеді. Көл жағасына қарай әсерленген ақын баяу аяңдап барады. Ризалық тапқан көңілдің шабыт билеген құдіретімен ерекше толқып, ішкі күйді әуенмен ақтаруға құштар. Кеуде күмбірлеп, ерін күбірлеп, көзі ұшқын атады. Міне, ән туды! Асқақ, әсем, мөлдір — "Жаймашуақ". Біржан әндетіп қоя берді.
Көл жағалай бітеді көкше құрақ.
Ән салғаның жақсы екен, Ләйлім шырақ.
Азынабайдың аулында кездесіп қап,
Әні екен Біржан салған "Жаймашуақ"
Өттің жалған, кештім сайран,
Ау, шіркін қыз бала-ай!
Жанымды әсерлетіп жеттің қайдан!
Бүкіл әлем қыбырсыз мүлгіп тұр. Ат үстінде отырып, кеудесін құрығына сүйеген жылқышы сұлу сазды сүйсіне тыңдайды. Тымағының бір құлағын жоғары көтере қайырып, мосқал қойшы елжірейді.
Ауыл үстінде ән бөгіп тұр. Көл бетіне ай нұрымен шағылысып әдемі саз құйылып жатыр. Әсем ән, ғашық сыры — "Жаймашуақ".
* * *
Сырттан четверть шыны толы арақ көтерген жігіттер ши ішіне қойып шығып кетеді. Төрде отырған Жанбота алдына үйіп тастаған дүние-мүлікке қарап, әрқайсысын жігітіне бір көтертіп, сұрыптатуда.
— Құндыздарды былай таста. Жандаралдың маржасына лайық ол!
Қуат дейтін жылпос жігіті білгішсінеді.
— Жандаралдың қызы бар дейді...
Жанбота бұйымдардың арасынан еңкейіп барып алтын білезікті суырып алады.
— Қызы болса, мынау алтын білезіктен артық сыйлық таппас! — деп құндызға қосады. — Өзгелерін сандыққа салып қой.
Сырттан қатты жеткен ат тұяғының дүбірі естіледі.
Сәлден соң ішке асығыс Біржан кіреді. Қуат құндыз терілерін ақ шүберекпен жаба қояды. Біржан дәл осындай түйіншекті Азынабай үйінен де көрген, мырс етеді.
— Онда кішірек еді, мұндағы түйіншек қомақтылау шықты!.. — дей беріп, даусын қатты шығарады:
— Ассалаумағалайкум, аға!
— Уағалайкумсалам. Ауылға шауып кірген сен екенсің ғой! Өз аулыңда өзің тұрмайтын болдың-ау. Біржан. Жаз шықса болды, қай өлкеде жиын-той, сондасың. Сені көруден де қалдық қой!
— Жоқ, Жәке! Мен емес, мені жиын-той іздейді. Біржан атым кең далаға мол жайылып кетсе, оған мен айыпты емес шығармын.
Жанбота ыңыранды.
— Білем, бауырым, білем оны. Нан пісіре бастаған көкірегіңді де көріп тұрмын. Осы ауылды бүгінде Жанбота ауылы емес, Біржан ауылы ататпақ дәмеңді де сезем. Солай-ақ болсын.
Біржанның қабағы түйіле түскен.
— Сіз мені сағынып отыр екен десем, қағынып...
Жанбота салдың сөзін бөліп жібереді.
— Жә! Түсің сынық екен, аға деп мені, үйім деп от басыңды іздеп келмегенің білініп тұр. Ақтар көмейіндегіні! Бөгелме! Тықпа көмбеңді!
Біржан жалт қарап, басын қайта еңкейтеді.
— Иә. Әзекеңнің... Азынабай болыстың сәлемі бар. Сізге ол қолқа салады.
Жанбота жалт қарайды.
— Қолқасы қолқамды суырмаса... айт онда!
— Араздықты ұмытып, аранға қарсы бірігіп бас көтерейік дейді Әзекең. Әйтпесе ата-қоныс біржола қарашекпенге ауып кетеді дейді. Ертеңдер осында келер Омбьшық ұлыққа ұлыс сөзін екеуміз қосылып жеткізейік дейді Әзекең. Сізді ауылына арнайы шақырады Әзекең.
Жанбота ызалы мырс етеді.
— "Әзекең — Әзекең".. Сенгішсің-ау, Біржан! Азынабай қай кезде де Азынабайлығынан жаңылған емес. Жадылап талай Біржанның басын шырмаған Азынабай ғой ол. Әбден илепті-ау өзіңді!
— Не деп тұрсыз, Жәке!? Әзекең көбеңсіген еркенің емес ел бастаған серкенің арызын айтқан сізге!
— Жә! Жерді де, елді де ойлайтын Азынабайды мен көрмеп едім. Оның ел қамы дегені — өз бабы. Ормандай орыспен ол да ұстаспайды. Ауызы түкті мұжықтарға көлденең тұрам деп мен де өле алмай жүргем жоқ. Ол Азынабайдың көкейін жеп бара жатқан алабас құрт — қайтадан тірілтетін аға сұлтандық! Сол үшін Жандаралдың көңілін таппақ.
— Жо-оқ, Жәке! Әзекең даламызды даудың шырмағанын, жаудың шиырлағанын анық сезіп отыр. Бекер кінәләмаңыз оны!
— Уа, Біржан, қандай көңілшексің, уысына әбден түсіпсің ғой! Тыңда онда. Азынабай екеуміз ғұмыр бойы бақаспыз, әрі бақталаспыз. Ол бақастық әріден, бала күнінен басталған. Баяғыда, алты жасар кезімізде жаяу жарыста мен озғам. Мен! Сонда сол шегіркөз Азынабайың маған өшіге қараған. Сол өшіккен көздері күні бүгінге дейін ту сыртымнан атып келеді. Ал, бас бәйгені мен сонда алғам. Әлі де алып келем. Ала бермекпін де. Азынабай айта берсін өтірік өнегесін. Жасанды жарапазанын. Аға сұлтан мына жаман ағаң болады! Сол үшін Жандаралдың асты-үстіне түсем ертең!
Біржанның бетіне өкпелі сыз тұна қалған.
— Ел шөлге, ер көрге тығылғалы тұр ғой, Жәке! Ең болмаса лақ құрлы да тұяқ серіппейміз бе?
Жанбота қабақ серпе тікірейеді.
— Тұяқ серпкенде не тындырарсың! Кешегі қаһарлы Кенe хан қайда? Бас сүйегіне Омбы Жандаралы шарап құйып ішеді дейді. Біржанжан, әншінің әнші болуы керек. Болыстың болыс болуы керек. Басқасы бос сөз.
Біржан езуінде кекесін табы білінеді.
— Ел қамын жемеген болыстың қадірі не? Ел мұңын жемеген әншінің қасиеті қанша?
Жанбота айыл жияр емес.
— Ат шабар бәйгеге есек қоспайды. Таңда әтеш шақырады, азанда бұлбұл сайрайды.
— Жә! Хан-сұлтанды қоғадай жапырған ақ патша екпінін бұдан былай тоқтатар қазақта еш құдірет қалған жоқ. Ендігі тіршілік — жер бетінен қазақтың түгел құрып кетпеуінің амалын іздеу ғана! Абылай заманы келмеске кеткен. Орыстың осы кіргені -кірген! Іргеңді түргені — түрген! Онан да дініңмен тілінді сақтауға тырыс.
— Қуат, ағаңа қымыз құй. Маған да!
Екеуі үнсіз қымыз ішеді.
Жанбота тостағанын басын көтереді.
— Айтпақшы, Біржан, мен сені кешеден бері іздеудемін. Ертеңдері сен осында келер Жандаралға қызмет көрсетесің. Серіктеріңді де дайындай бер. Даламыздың екі ғажабы -қымызын сіміріп, әсем әнін тыңдасын ол! Сол өнер сенде, Біржан! Адамдарыңның киімдерін де өзің дұрыстап, мықтап қадағала!
Қуат, әлгідегі ши ішіндегі шыныны әперші!
Жігіт четверть шөлмекті көтеріп шығып, болысқа береді.
Біржан аң-таң боп болысқа қабақ кереді.
— Мынауыңыз арақ қой!..
Жанбота жайбарақат бас изейді.
— Иә! Қаладан алдырттым. Қуат тегенені бері жақыңдат! — Тегенеге арақ құйды. — Бір алла өзі кешсін! Жандаралға дайындығымның басы да осы!
Біржанның көзі үлкейіп дөңгеленіп барады.
— Адалға һарам араластырдыңыз...
— Иә! Дұшпаныңды жеңу үшін сол дұшпанның тілін таба білу керек. Арақ ішсе, кәпірдің тілі шешіледі. Иі жұмсарып, июі тез болады қарашекпеннің.
— Арамдықпен де олжа таппақсыз.
— Сен мені өйтіп мойыта алмайсың, Біржан! Керек болса, мен оған монша да дайындатам. Сол моншада майлы арқасын сипайтын ақ білекті де табам. Шынтуайтын айтсам, маған аға сұлтандық мүлде қажет емес. Бірақ жарысқа түсу — ер жігітке сын. Бәйгеге ат қоссаң, күреске балуан түсірсең, бірінші болуың шарт. Екінші болу — мен үшін өлім! Ал ертең мен Азынабаймен жарыса жандаралдың сынына түсем. "Мұрның бар да бір түшкір!" деген.
— Мұрын тек түшкіру үшін жаралмаған болар.
Сал орнынан тұрып сыртқа беттейді.
— Ата бер ағаш оғыңды! Бәріңнің бәсіңді бес саусақтай білем...
* * *
Қоңыр үйдің сыртында солқылдақ белді отыздан енді көрікті әйел тұр. Отағасын тосқан Әпіш ол. Ақ ордадан еңсесі түсіп шыққан Біржан басын тұқыртып ілбіп келеді. Салды ойдан сергітейін деген Әпіш ақсия күліп, киіз есікті серпи ашады.
— Есенбісіз, Теміртастың көкесі!.. Кіріңіз.
— Ә-ә... Балалар көрінбейді ғой, Әпіш-ау!
Қос жастыққа шынтақтаған Біржанның үні де бәсең.
— Ойнап жүр ғой... Дастарқан жасап жіберейін.
Қолы ашық жұбайының асжаулыққа екі-үш түйір ірімшік пен бір уыс сықпаны шашыратып салғанын жақырмайды.
— Дастарқаның неге сонша жүдеу?
— Өз үйіңізге өзіңіз қонақсыз-ау, Теміртастың көкесі! Үй қарасын көрмегеніңізге бір айдан асты ғой...
Біржан басын жұлып алады.
— Әу, Әпіш не дедің? Бір айдан асып пед?
Әпіш езу ғана тартады.
— Жолыңызды тосумен болсақ, неге қателесейік. Сыртта жүріп байқамайсыз. Әйтпесе көгеніңізде ұсақ жандық қалмағанын көрер едіңіз. Екі қайнағаға да көз сата-сата шаршап біттім. Салдың зайыбы деп мені қолпаштайтындар әлі де біраз... әйтпесе...
Біржан ұмтылып кеп Әпішті бауырына қысып, шашынан сипайды.
— Иә-ә, Әпіш! Бұл даланда әншінің әйелі болу — әрі серт, әрі дерт. Сені күндейтіндер де, қызғанатындар да көп. Ұғам оны. Сен де мені түсін, Әпішім! Аласұрған шын көңілі көктегіні көксемей тұра алған ба? Өйтпесе ол ақын бола ма? Ал көксемесе, қол сермемесе көрге кірмей ме ол...
Әпіштің даусы мейірлене естілді.
— Білем. Содан ғой бәріне көнетінім... сенетінім... Бүгін қонарсыз?
Біржан құшағын босатып кейін сырғиды. — Жоқ! Дәл осы қазір аттанып кетем, Әпіш!
— Балалар да өзіңді сағынып еді, жат болып кетпесе...
— Азынабайға уәде беріп қойғам. Сөзімді жұтпайтынымды білуші ең...
Ішке Теміртас кіреді. Он төртке келген бозбас. Әкесін көріп арсалаңдап қолын соза ұмтылады.
— Ассалаумағалейкум, көке!
— Оу, Теміртас! Сорайып өсіп кетіпсің! Бұрынғыдай маңдайдан сүйгізесің бе...
Бала еңкейіп, көкесінің ерніне мандайын тосады. Ырзалық көңілмен дастархан шетіне отырады.
— Көке, көкқасқа дом боп қатып қалған тәрізді-ау. Өзінің шөп кесуі қалай?
Біржан сылқ-сылқ күледі.
— Шөп кесуі қалай дейтіндей, оны үйірсірейтін айғыр көремісің. Мына шешең айтқан бір айда арқасынан ер түспесе, дом болмағанда қайтеді.
— Шіркін, көкқасқаны жаратып, бәйгеге қосып көрер ме еді!
— Сәті түссе, қосармыз. Айтпақшы сен, Теміртас, Әскеннің ұлының тоқымқағарына неге бармағансың?
Теіміртас жұлығынан башпайы шығып тұрған ескі етігіне көз тастап қалып, күрсініп жібереді.
Біржан бәрін түсінеді. Кедейліктің дастарханға жабысып, иыққа мініп, аяқтан шалып жатқанын өз көзімен көрген сал ту сыртындағы жастыққа қисая кетеді.
Әпіш ұлына бұрылады.
— Шайыңды тез іш. Көкең жүргелі отыр. Атын дайында.
Теміртас аузына апара берген ірімшікті асжаулыққа қоя салып, әкесіне жалт қарайды.
— Көке-е... мен ес білгелі сіз осы үйдің қонағы ғанасыз...
— Шешең де дәл осыны айтқан. Әлде сендер мені күбір-сыбырға таңасыңдар ма, Әпіш?
Әпіш бас шайқады. Маңдайдағы қос сызық тереңдеп, қара қастың доғасы шалқайды.
— Өкпе-кінә тағыспайық... Баланы араластырмаңыз... — дей беріп Теміртасқа бұрылады. — Көкеңнің Көкқасқасын үйдің қасына әкеліп пең?
— Иә! Тартпасын да, айылын да босатқам. Көке, апамды босқа ренжітесіз... Асыл мен Ақық бауырсақ сұрап қыңқылдағанда апам түгіл мен безіп кете жаздаймын.
Біржан баласына жалт қарайды.
— Негe, ұлым?
— Ұн жоқ үйде. Жалданайын десем, Біржан салдың баласы деп маған онша сенбейді.
— Жә! Көтер басыңды! Еңсең түспесін ешқашан! Көкқасқаны суыт.
Теміртас иегін көтеріп, күліп жібереді.
— Өләй, көке! Бүгін жүрмейсіз ғой, ә?!
— Иә. Демалам. Шаршадым...
Көңілденген Теміртас асығып шығып кетеді. Әпіш отағасына қасын кере тік қарайды.
— Қазан көтерейін, Теміртастың көкесі.
— Оған жағдайың келе ме?
— Өзіңізге сақтағанымды өзгеге қимаспын!
Тағы да арбаса қарасқан көздер жалт-жұлт, жарқ-жұрқ ұшқын шашыратып, іле бірі кірпік тасасында, бірі бет сипаған алақан астында қалады.
* * *
Баяу шайқалған түнгі көлдің бетінде ай сәулесі дірілдейді. Мақпал қара шашын жайып жіберіп, жағадағы Әпіш екі алақанымен күмістей жылтыраған суды көсіп алып аппақ бетін, қаз мойнын, жұмыр иығын рақаттана жуады.
Жүре сүртініп, қаз-қатар тұрған екі үйдің кішісіне жақындайды. Отауда ұйықтап жатқан Теміртас, Асыл, Ақық, үшеуіне сығалап қарап қойып Әпіш енді үлкен үйге тықырсыз басып кеп есік алдына тоқтайды. Іштен майда шертілген домбыра үніне елеңдеп құлақ түреді. Уілдеген, еміренген, әлдекімді аңсай іздеген әсем әуен дала мен көлді дірілдете тербетіп, әлдекімге сағынышты сәлемін жеткізердей әлек.
Әпіш үйге кірді. Ақ төсекте көйлек-дамбалы ағараңдап отырған Біржан зайыбын алғаш көргендей ұзақ тесіліп, бастан-аяқ сүзіп шығады. Әпіш қасына отырады.
— Мынауыңыз бұрын мен естімеген мүлде тың әуен ғой!..
— Тірліктің тәлкегі — менің сендерді айлап көрмеуім ғана емес, Әпіш, менің мынау ішкі күйімнің сырын, жүрек қылымның зарын сенің ұқпауыңда да болып тұр-ау...
Әпіш көзінің алды мұнарланып, отағасының иығына бетін басады. Біржан зайыбының шашын сипайды.
— Сізді сондай сағындым... Сіз... алыстап, алшақтап барасыз менен. Меңіреу далада жалғыз қалған мүсәпір жолаушыдай өзіңізді ұқпас жарыңызды сіз де түсінсеңіз ғой...
Біржан әйелінің иығына иегін тигізеді. Дір еткен Әпіш әлгі жанасудан кейінгі болар емеурінді емірене күтіп қалған.
Кенет домбыра зың етеді. Әпіш селк етіп көзін ашып, бір қолымен өзін құшқан, екінші қолымен қос ішекті қысып алған Біржан көреді. Қас қағым сәтте салдың бүкіл сезім-түйсігі, ой-қиялы мынау шаңырақ астындағы жұбайлық тірліктен мүлде бөлек өзге әлемді шарлап кеткенін тез түйсінген әйел сылқ босайды.
— Ендігі әуендеріңіз маған біртүрлі тосын естіледі. Бейтаныс емес-ау... мүлде құлаққа жат. Бұрын... бұрындары сіз менің ой-бойымнан... жалт еткен қарасымнан, тіпті мөлт еткен көз жасымнан әуез аңдитынсыз... табатынсыз. Сол саздарыңыз жан сарайымды жаңғыртатын!..
Әпіш жанарын үрей илеп алыпты. Дәл қазір ол жарын ғана емес, жарының жанын да жоғалтқанын сезетіндей.
Біржан соны байқап қалады.
— Әу баста берін өзіңнен бастап, қыл аяғына дейін өзіңмен бірге бола алсам ғой...
— Бірге емеспіз бе әлі? Көл жағасындағы сонау кеш есіңізде ме?... Сонда жер бетінде мен үшін сізден басқа жан қалған жоқ демеп пем...
— Өмір бойы іздеп, ғұмыр шақ қалғанда табудың қиянаты қандай! Төзе алармын ба?...
— Өзегімді осқыламаңызшы... Өзгерген ештеңе жоқ әлі. Кеудемде өзіңіз тұтатқан бір шоқты үнемі аялап өшірмей келем. Бірақ... бірақ меңіреу түндердің опасыз секемшіл ойлары өшіріп тынбаса...
— Соңымнан тірсектеген қапа-мұңым көп. Ал сен қылаусыз таң шапағындайсың, Әпіш. Қайғы-қапама сені қалай тоғытармын?! Бар білерім — жан азабыңнан нәр аларым, ішкі шеріңнен құбыламды қинала іздерім...
Біржанның даусы әлсіреп, өзі біржола алыстап бара жатқандай. Сәт сайын соны сезген Әпіш отағасының сөзі өзіне емес, мекен, мезгілі белгісіз өзгеге бағышталып жатқанын ұққанда, үрейленуі еселене түседі.
— Есіңізде ме... Көлдің түнгі айдынына әлдебір құстың шырқау биіктен күмп бергені. Онда да дәл ай сәулесі түсіп тұрған тұсқа сүңгіген. Сонда сіз жұлдыз бен су айқаласа аймаласты дегенсіз. Тағыда: "Әпішім, — сен менің құсымсың! сүңгі кеудеме! ен жаныма! мәңгі қал жүрегімде!" дегенсіз. Осылай айтқансыз сонда. мен түкке түсінбесем де сонда қатты иланғам.
— Көл деймісің?... Болған шығар... Әлде болмады ма?... Сенің көздерің — нағыз қос көл! Көкшенің биігінен сонау сексен көліне қарағанда, сенің ғана көздерің елестейтін... Енді...
Әпіш Біржанға қарайды. Сөзі қасынан естілгенімен отағасы алыс. Бүкіл тұла бойы суып бара жатса да, Әбіштің қызулы денесіне түнгі салқындай боп соңғы сөз тітіркендіре тиді.
Қос жастықты машықты әдетімен түзелеген Әпіш шаршаңқы қимылмен төсегіне қисайды. Біржан домбыра шерте бастайды. "Жаймашуақ" әуені ол. Әпіш көзін жұмды. Кірпік ұшынан домалап жас ытқыды.
* * *
Сері көйлектің жағасын бұрынғыдан да гөрі кеңірек ашып, күре тамыры адырая білініп, күреңітіп кеткен бетін, мойнын шайы орамалмен сүрткен Біржан айналасындағы еміренген ауылдастарымен тамсанысқан серік-шәкірттеріне жағалай қарап шығады. Сонсоң қарсы алдындағы қарияға назар тоқтатады.
— Мәке, әркімнің ұстаз тұтар пірі болады. Мына сал-сері шәкірттерім маған ұйыса, менің бір өнер кәусарым — Сегіз сері ғой. Сол серінің жүрек тілі — "Ғайниы" ғой. Мен де сондай бір әуен тапқан тәріздімін. Сіздерге қазір соны айтып берейін.
Әлгі қария ризашылықпен бас изейді.
— Иә, иә! Сенің де серілігің мен салдығың, әншілігің мен нәрлілігің, Біржан-ау, ешкімнен кем емес.
Екінші бір қырмасақал қағып әкетті.
— Бәсе, манадан осындай тың әуен боларын сезіп, мұрным жыбырлап отыр еді-ау!
Біржан домбырасын майда уілдете сәл-пәл отырады да, бабына келген әсем ырғақты жаңа әуенін төгілте жөнеледі де, іле домбыра сазына даусын қосып "Жаймашуақты" шырқап қоя береді. Осы әуен ә деп жеткенде-ақ бауырсақ кесіп жатқан Әпіш кілт тоқтап, қыбырсыз отырып қалады. Көздегі жылт жоғалып, жүздегі нұр өшіп, әлгінде ғана құлпырып тұрған әйел көмескіленіп, қартайып шыға келген.
Біржан сал ендігі кезекті серіктеріне беріп, өзі қадағалап пысықтап, ежіктеп қайталап бұрын-сонды дала төсінде кездеспеген тамаша бір өнегені — көп дауыспен қосыла шырқалатын ән айтқызуды жаттықтырып отыр. Ән — "Ғашығым". Салдың өз әуені. Домбыра күмбірі тұтаса есіліп, буырқана көтерілгенде жанарынан ұшқын ойнаған әнші басын изей түсіп, үнсіз мақұлдап бейіл берген-ді. Әуеннің алғашқы жолындағы "Дариға-ай, дүниеге-а-а-ай, неге келдім-дегі" "а-а-айды" жігіттерінің бір деммен ширатпай шашыратып алғанын көргенде, айқайлап жібереді.
— Жә, жә-жә! Бидай қуырғандай қылмаңдар. Әннің өз лебі, өз демі, буыны бар. Олардан озып кетуге де, қалып қоюға да болмайды.
Біржанның көзі ауыл үстіне қолау таймен келе жатқан қарадомалақ бала — Смағұлға түседі.
— Әу! Жақия, сен мыналарға пысықтатып айтқыза бер — деп, өзі адымдап балаға қарай жүреді.
Қотан үстіндегі Смағұлды Біржан аттан көтеріп алады.
— Оу, батыр! Сен осы Әзекең ауылынан келдің, ә!
— Иә, Біржан аға... Біржан аға! Мен сізді іздедім. Тәтем... Ләйлім тәтем маған сізді тап деді, — деп жыламсырайды. — Ол өзі жылап қалды. Ләйлім тәтем қатты егіліп жылады.
— Неге?! Атың кім сенің, бауырым-ау! Ләйлім неге жылады.
— Мен — Смағұлмын... Ләйлімді түнде жандаралдың қасына жатқызады дейді.
— Немене?! Ойпыр-ай, Смағұл-ай, кім айтты оны?
— Ләйлім тәтем... Сонсоң ғой өзінің жылағаны... біздің үлкен би ата... Ләйлімді жатқызсын депті.
— Үлкен би атаң Әзе... Азынабай ма?...
— Иә! Ләйлім тәтем сізді ғана іздейді... Маған тез жет деп... Аға... барыңызшы жылдам!.. Әйтпесе орыс ұлық.... орыс неме жаншып өлтіріп кетеді тәтемді!...
Біржан қалшылдап теңселіп кетеді.
— Азынабай!.. Жаныма балағанымды сарыала төреге лық етпек пе? Сол, сол сор үкім, зорлық бұйрық шынымен Азынабайдан шыққаны ма?
Ей, дүние! Жалғандығың рас екен-ау! Аярлықтың алдауына түскенім бе тағы да? — Жаны ышқынған безектеген, қасиет тұтқан Азынабайынан сәтте безінген көңілін ақын күштеп тияды. — Смағұл, Ләйлімге тез жет! Ештеңеден қорықпасын де. Мен тірі жүрсем, ешкімге қорлатпаспын сәулемді! Құтқарармын маралымды! Жетермін кешке дейін. Бар! — Баланы тайына мінгізіп, қайтарып жібереді.
Ақ үйінен Жанбота келеді.
— Әу, Біржан! Мен сені талай мойныма сап көтеріп едім. Ал сен... Жаман да болсам, ағаң емес пем. Ел құлағы — елу. Енді атақты Біржан атанған соң Азынабаймен ауыз жаласасың. Соның төрінде ән саласың. Осыңды қалай түсінуге болады? Әлде сен мені сатып, бәсіңді асырып жүрмісің?
Жаны күйзеліп тұрған Біржан күйіп кетеді.
— Ей, опасыз дүние! Әркімнің күйттегені өз қамы. Азынабайы да, Жанботасы да жанымның жарасын тырналап ойнайды. Саусағымен осқылап масайрайды. Кеудеме біреуі үңілмейді. Көрмейді зар жылаған тілім-тілім жүрегімді!
— Әй, әй, Біржан! Не болды?
— Азынабайы айуан боп зіркілдейді. Жанботасы бура боп бұрқылдайды. Арам ойдың жасары — қысастық! Тілері тағылық! Тағылық қана!
— Сен... Сен тегін емессің. Сенде жұрт айтатын шалық бар. Көзім жетті! Ол жыныңды дәл қазір қағып алайын, зәнталақ! Қане, тез бар да жігіттеріңді пысықта!
— Жанбота! "Жаным — арымның садағасы!" деген қазақпын мен! Осы қазір арымды арашалау үшін атқа қонам!
— Жоқ! Тыпыр етіп көрші осыдан? Арыңды жаныңмен қосып мұрныңның ұшынан сығып алайын. Жаналғыш әзірейлім боп жандарал келе жатқанда жанымда болмай, жел айдаған қаңбақтай тағы қаңғымақсың ғой. Жоқ! Бар! Жігіттеріңді дайында! — Артына бұрылмай кете береді.
Осы кезде сойыл-шоқпарлы он жігіті бар Поштабай жетіп келеді. Оңаша тұрған Біржанға Поштабай мен Үсен жаяу жақындайды. Азынабай мен Жанботадан жаны түршігіп тұрған салға өшігіп жеткен Поштабай ақырып қалады.
— Әй, заржақ! Әзекең сәлем айтты саған. Біздің ауылға тез жетсін деді! Жандарал келмек бүгін. Соған арызды мына заржақ сен екеуін айтамыз дейді біздің мырза. Қане, жинал жылдам!
Біржан шарт сынады.
— Айт Азынабайыңа! Күнәсізді құрбан қып шалып, құдіретке айналам демесін. Ұлын ноқталып, қызын тұзақтап, құрығын ұзарта алмас. Бездім Азынабай атты аярдан! Үздім күдер Азынабай дейтін қысастан! Оның ел қамы дегені — қыз жасына шылап жер талқаны ғана екен. Елбасым емес — албастым боп шықты. Түңілдім азғындаған Азынабайдан!
Поштабай қожасының дәл мұндай "сипатын" бұрын-сонды" естімесе керек, көзі бақырайып тұрады да, іле намысқа қызынып, о да ашуға мінеді.
— Ой, әй-әй! Оу, өзің не деп тантып тұрсың, ей, қужақ?!. Кешегі билеушің, бүгінгі илеушің емес пе ол! Ертеңгі үлкен ұлығың да Әзекең ғана! Көнесің кебіне! Көндірем өзім! Қане, жинал, шорт!
— Азынабайың ұлық тұрмақ, құдай болса да, сен жаналғыш Әзірейлісі болсаң да, қалған көңілімді өзгерте алмассыңдар. Сол қолмен қылмыс жасап, оң қолмен мінәжат етпек! Жоқ! Адасқан-ақ екем мен! Азынабай да, өзің де құры!
— Ә, әуп-әуп еткен заржақтығыңды бұлдаймысың, сіңірі шыққаг қу кедей? Әлде аулыңа келген соң көзіңнің еті өсті ме, шорт? Ендеше Әзірейлі екенім де рас!
Қыт-қыттап Үсен қабаттасты.
— Ойбай-ау, әбден есіріпті! Әулиедей Әзекеме тіл тигізді-ау!
Поштабай енді қайтіп шыдасын.
— Әзекемді тілдедің ғой! Мә, ендеше!
Поштабай қамшымен салды тартып жібереді. Сол қимылынан бірақ өзі де шошып қалғандай дойырын теріс тастай сап, шегіне береді. Дойырды іліп алған Үсен өз жігіттеріне жалтақтап: "Жақындаңдар!" деген ишарат білдіреді.
Біржанға сілтенген қамшыны көріп қалған жұрт у-шу дүрлігіп, озан-ұран шақырып, сойыл-құрығына ұмтылады.
— Ойбай! Салға қамшы сілтеді!
— Құдай-ау, ел естіп, жұрт көрмеген сұмдық қой мынау!
— Салды! Біржанды сүйеңдер!
— Сүйекке таңба түсті-ау!
— Кетпестей, мәңгі кетпестей таңба салды-ау!
Қаптап келе жатқан ауыл адамдарына Поштабайдың жігіттері аттарын ойқастатып, екпіндей жақындайды.
Біржан ортаға ұмтылады.
— Тоқта! Ау, тоқтаңдар деймін! Арандамаңдар босқа! Би тұтқаным құлдан төмен болса, сол бидің құлы қодыраңдап қамшы сілтемегенде қайтеді. Келтек сүйреген тентекке бола даурықпаңдар, ағайын! Араша түсер жаныңды көрдім. Сол жанашырлығың жетеді маған.
Қолында тасбиық, иығында оқа шапан, омырауында салбыраған жез медаль маңғаз басып Жанбота келе жатады. Жақындап Біржанның бетіндегі тілікті, кеудесіне тамған қанды көреді. Езуінен мысқыл күлкіні бұл еткізеді.
— Жүрісі жаман жігітті ел ішінде жау алар, Біржан. Әулие тұтқан Азынабайыңның адамы өз аулыңда-ақ басыңа қызыл телпек кигізіпті. Бар! Жөнел тез сол әулиеңе! Арқаңа енді қызыл ала тон жапсын!
Жұрт тұс-тұстан айқай салады.
— Апырау, Жәке-ау не деп барасыз? Сіздің ауылда Сізді басынып ұрғанын білмейсіз бе?
— Ардақтымызды арзыма, болыс! Одан да ұран таста намысың болса!
— Керей, уай, жер болған Керей! Қорға намысыңды!
— Талтүсте арысымыздың белін сындыртсақ, ел болудан қалармыз!
Жанбота жан-жағына салқын қабақты сыздана қыдыртып тұрып, оқыс саңқ етеді.
— Жә, көп шуылдақ! Жә! Бас сынса бөрік ішінде. қол сынса, жең ішінде. Көпіртпе! Көпіртпе дейім. Жандарал келеді! Жандарал! Соны жөндеп қарсы алайық. Кек қашпас. Сойыл ұстар қолға сойыл соғар күн табылады әлі. Өзім ұстатам сонда! — деп Жанбота Поштабайға иек көтереді. — Әй, Азнабайдың азбаны! Аулымды шандатқан қысасыңа ат-шапан айыбыңды тап өзіңнен алам! Естідің бе? Бар! Жоғал!
Поштабайлар дүркіретіп шаба жөнеледі. Езуіндегі әлгі мысқыл күлкінің соңғы табын бүркіп жіберіп Жанбота Біржанға қайта шұқшияды.
— Біржан! Ән сал!
— Мен бүгін ақ патшаң келсе де, ән салмаспын.
— Саласың! Салғызам! Әй, Ыстыбай!
Ыстыбайдың күткені де сол. Жетіп барып салдың қолындағы домбыраны жұлып алып жерге бір қояды. Сынған домбыраны лақтырып жібереді.
Біржан Жанботаға жиіркене қарайды.
— Жанбота! Өзің берген домбыраны өзің сындырттың! Бірақ сен менің өңім мен жанымды сындыра алмассың! Тында онда! Тілеп алған өзің. Арамдыққа жеріген жауыздығыңды бетіңе қарғыс таңба етіп берейін! — Жақия жетіп, тез өз домбырасын ұсынады.
Созады Біржан даусын қоңыр қаздай,
Басқаға бір өзіңнен жүрмін жазбай.
Жиылысы жандаралдың болады деп,
Жанбота, мазамды алдың ала жаздай...
Ән "Адасқақ" — кесім үні, қарғыс үкімі болып менменсінген болысты кеудеден түйрей, асқақтап шырқап кетеді.
Осы кезде Қуан құйғытып жетіп келіп, атынан домалап түсіп, Жанботаның алдына тізерлеп отыра қалады.
— Жа-ан-да-а-а-арал! Ойбай, Жәке, жандарал!
— Не?! Немене?! — деп ыршып қалады. Тасбиығы қолынан ұшып түседі. — Ақсарбас! Не дедің, Қуан-ау? Рас па?!
Жандарал бері шығыпты дуаннан. Біздің елге... осылай бет түзепті. Азынабай ауылына тоқтамаса... онда кешке бізге кеп қалар!
— Уа, жасаған! Өзің қолда! Әй, қап! Мына жындыны әкетіңдер! Иесін қапқан төбетті аулақ апарып, керіп тастаңдар! Уай, қайдасыңдар?
Ортаға қолын көтеріп Мақсұт шал шығады. Уай, Жәке! Біржан емес пе ол! Керейдің туы еді не деп тұрсың?
— Жә! Қыстырылма! Әй, Ыстыбай! Ақкөт торғайдай шықылдаған шалдың сандырағынан қорқып қалдың ба? Әкет! Біржан дейді ғой, Керей үшін жандаралға жанұшырған күйіме кедергі болмақ бұл. Жоқ! Керей емес бұл! Керейдің шіріген бір жұмыртқасы ғана! Жандаралдың көзіне түсірмей, қамап таста! Әйтпесе бұл залымның жандаралға да тілі тиіп, тыныш елге әлек салуы мүмкін.
Әлекедей жаланған жігіттер салды дырылдатып сүйрей жөнеледі. Көрші-қолаң, нөкер жігіттер болыстан тайсалып қыбырсыз тұрып қалады. Теміртас жанұшырып Ыстыбайға бара жармасады.
— Жіберіңіз! Тимеңіз көкеме!
Ыстыбай баланы итеріп тастап, қамшымен тартып жібереді.
— Ә-ә, бөрінің бөлтірігі! Қабамын дейді!
Безектеп жеткен Әпіш Ыстыбайдың бетін тырнағымен осып жібереді.
— Жауыз! Ұрма баламды! Босат салды! Әншібектің қара тырнағынан садаға кет, жауыз!
Ыстыбай келіншектің омырауынан топшысымен қағып, ұшырып түсіреді. Қамшымен осып қалады.
— Қаншық! Еркекке қол жұмсайды,ә!..
Біржан аюдай бұлқынады. Тағы да үш-төрт жігіт кетіп, тыпыр еткізбейді.
— Зұлымдық-ай! Қор қылдың-ау!
— Көке! Көке-е-етай!..
— Зұлымдық-ай! Тағы да тұқырттың-ау! Теміртасым, құлыным! Жылама! Ер адам жыламас болар. Апаңа өзің қамқор бол, ұлым!
* * *
Азынабай ауылы үлкен қарбаласта.
Осы кезде Поштабайлар ауыл сыртындағы төбеден құйғыта шауып, бері асып түседі.
— Әй, мыналар шаңдатып қайтеді! — деп бір шал алдынан қарсы ұмтылады.
— Әй, өй, естұрқы өңшең! Азынабайжанның үстіне қалай шаңдатып келесіңдер, ә! Тоқта бассыздықты!
Аттарынан секіріп-секіріп түскен Поштабай мен Үсен шалды итеріп тастап, Азынабайға екпіндеп жетіп келеді.
Азынабай қолын сермеп тоқтады.
— Не болды? Жау шапқандай ауылға шауып келгендерің қалай?
Поштабай танауы желдеді.
— Иә! Жау! Жаудың жауы — Біржан екен! Сізге... өзіңізге ол сұмырайдың тілі тиді!
Азынабай ширығады.
— Тәйт! Оттама! Былғама Біржанды!
— Әй, Әзеке-ай! Былғама дейсіз... Ол неме сізді аямады ғой. Тілдеді емес пе! Маған сенбесеңіз мына Үсеннен сұраңыз. Әйтпесе бекер бетімнен қақпаңыз!
Үсен бері бір аттайды:
— Оллаһи рас, Әзеке! Ол заржақ сізді азғын деді. Аяр деді ғой... Сосын мына біздің Поштакең...
Поштабай еңсесін тіктеп, Үсенді қолымен кейін ысырып тастайды.
— Сізге тіл тигізіп, әруаққа шет келген соң аяйын ба? Қамшымен тартып кеп, тар-ты-ы-еп ке-еп, Біржан иттің қанын ішіп кеп отырмын!
Азынабай ауыр денесіне қарамай жеңіл атып тұрды.
— Әй, не?! Не дедің?! Не сандырақтап тұрсың?
— Иә, ұрдым кеттім! Ұрдым кеттім!
— Сен... сен тексіз... қасиетімді, қадірлімді... асыл Біржанды ұрдың ба?.. Ел еркесі, ер серкесі әншібекке қамшы сілтедің бе? — деп Поштабайдың омырауынан шап беріп, буындыра жұлқылап қалады.
— Оу, Әзеке-ау! Сізді... өзіңізді табалаған соң...
— Құнсыз ит! Адалымды ыластаған төбет! Өнер қадірін түсінбеген есек! — деп одан әрі буындырып барады.
Поштабай қырылдады.
— Ойбай, Әзеке! Ө-өл-ді-ім!
Азынабай итеріп жіберіп алақанын үстіне қайта-қайта сүртеді.
— Біржанды ұрған қолын сыңғыр, қарақшы!
Поштабай қайта шақарланады.
— Бір-жан-ан, Бір-жа-ан! Соншама ол шіркін құдайдың құлағын ұстап туып па, шорт?
Үсен Азынабайдың иығынан сусып бара жатқан шапанын көтеріп жабады. Аузы жыбырлайды.
— Әзеке-ау, ол неме сізді: "Азынабай азған екен. Ләйлімдей періштені сарыала орыс ұлығының төсегіне салып бермек болса, ондай елбасы емес албастының қасиетіне сарыдым" демеді ме! Сонсоң Поштакең қалай шыдасын. Қамшымен...
Азынабай Үсеннің білегінен жұлқып қалады.
— Ләйлім деймісің? Ұлықтың төсегіне?! Сенің айтып отырғаның қай Ләйлім? Серке бидің қызы ма?
Үсеннің көзі жыпылықтайды.
— Иә! Сол Серке марқұмның қызы... Анау әсем қызы — әнші Ләйлім!
Азынабай Үсенді итеріп тастап Поштабайға қалшылдап тақалады.
— Сен... сен ит, түйешінің шалаесті қызын дайындадым демеп пең?..
— Жандаралда көз жоқ деймісіз, Әзеке... Орыс та сұлуды сүйгенді ұнатады.
Азынабай Поштабайдың қолындағы қамшыны жұлып алып, тартып жібереді.
— Ой, тексіз құл! Арам мен адалды, асыл мен жасықты ажырата алмайтын сен сияқты малғұнды қасымда ұстап жүрген мен ақымақпын! Жаман адамды асырасаң, аузы-басыңды қан етер. Қан қылдың!
Қап! Адасқан-ақ екем! Қайран Біржан! Қадіріңді мен түсінем-ау. Бірақ енді одан не қайыр!.. Сен мені кешпессің. Ләйлімді анадай қиянатқа мен лайықтамасам да, менің адамым лайықтаса, одан өтер жауыздық болмас...
Тәлтіректеп кетеді. Сүйеп қалған Үсенді итеріп тастап, Поштабайға шұқшияды. — Кет ауылдан! Кет маңайымнан! Қазір, көш! Менен Біржанды кетірген соң, Ләйлімді соған ұйғарған соң, менің бүйткен тірлігім құрысын!
Мұғалім тағы да делбеңдеп асығыс келеді.
— Әзеке! Его высокоблагородие генерал-губернатор келіп қалды! Күймеңіз дайын. Алдынан шығып өзіңіз тосып аласыз ба?
Азынабай қолын сілтеп, айқай салады.
— Кетіңцер! Жоғалыңдар! Бәрің! Бәріңде... Қайран Біржан! Оралмассың сен енді маған. Онда мен де бұ дүниеге... қу дүниеге талақ дермін!..
Көзі бұлдырап, басы айналған Азынабай дел-сал, назалы күйде. Шеке тамырлары білеуленіп, тәлтіректей басып барып, көмектесуге ұмтылған кісілерді қолымен жайқап, үй сыртында жегулі тұрған күймеге келіп отырады. Атшыны арқадан түртеді. Күйме жүріп кетеді. Кетіп барады. Қоңырау даусы әлсіз ғана сыңғыр-сыңғыр естіледі.
Өкпе тұстан кимешегінің етегі шұбатылған Сары бәйбіше атанған Сақып қатарласады. Азынабайға қолын созады.
— Болыс, малыңды қайтарып ал. Ләйлімжанды орысқа қорлатқанша, өз қолыммен буындырып өлтірермін. Былғама тазамды, Азынабай!
Азынабайда үн жоқ. Жерге сылқ түскен Сақып екі қолымен жерді тоқпақтап жатыр. -Қорлама кінәсізімді, болыс! Ләйлімнің шыр еткен даусы жүрегімді тілгілейді! Ал малыңды! Қайтар қызымды, Азынабай! Уай, Азы-на-ба-ай-й!
Осы дауыс болыстың бас сүйегінің ішінде жаңғырып, мәңгіртіп тастағандай. Күйменің алдынан төрт-бес атты казак-орыс күзетші-қорғаушылар қарсы кездеседі. Әлгі топтың басшысы хорунжий айқай салады.
— Эй, стой! Остановись! Куда ты прешь! Дикарь киргизин?
Атын көлденеңдетіп жолды бөгейді.
Азынабай бас шайқайды, қолын сермейді.
Хорунжийді серігі бұрып әкетеді.
— Он то волостной! Видимо, встречать едет его высокоблагородие генерала-губернатора.
— Ох, и гордый басурман. Даже не соизволил говорить. Небось крупный воротило степи.
Әне-міне дегенше болыс күймесі генерал-губернатордың салтанатты сәнді шеруіне қарсы ұшырасады. Алдыңғы күймеде сарыала киімді жандарал, қасында шықылықтаған шымшықтай татар тілмаш. Атшы бұрылып Азынабайға қарайды. Азынабайда тіл де, сес те, қимыл да жоқ. Атшы күймені тоқтатпай жандаралдың күймесінің қасынан өте береді. Әлдене деуге ыңғайлана беріп, жандарал тілін тістей қояды. Шаншылып Азынабайға шөлмек көздің сұғын қадайды. Ұзын кірпіктер көп сүңгі боп шаншылады. Өзімен өзі іштей күйзелген Азынабайға жандаралдың көзі де, сұғы да өтпейді. Жандаралға елеусіз ғана көз тастап қап, йен даланың есеңгіреген түздік көкжалы бағыт-бағдарсыз беталды ұзап барады. Жым-жырт күйде сіресіп, салғырт сахараның жұмбаққа толы тылсым бейнесін сұлқ бейнесімен қайталап, үнсіз алыстап барады.
Жандарал тілмаштың бүйірінен шомбал таяғымен солқ еткізді.
Татар тілмаш ыңқ етіп ауырсына екі бүктетіліп қалып, қалтаң қақты.
— Кто он таков?! Почему не внимает нашему величеству?
Тілмаш далбаса жауапқа қол созды.
— А-а, известный на всю степь придурок он. Однако богатый придурок. Волостной правитель Азнабайка. Спесивый. Между тем, Ваше высокоблагородие, он и есть самый ярый противник переселения мужиков в эту ихнюю дикую степь.
Жандарал ыңыранды:
— А как зовут того... второго волостного?
— Джанбута, Ваше величество! О-о, тот не чета этому, тот послушный. И весьма исполнительный.
Жүрісі баяулаған күйменің алдында отырған көшірдің иығына шомбал таяқтың ұшын тигізе беріп, жандарал шалқайып отырады.
— Трогай, человек! Да поживее в аул второго... К Джон Вуде...
Азынабай күймесі шаң астында ұзап барады, ұзап барады. Бір кез шоқша сақалды ауыр бас кеудеге сылқ түседі. Бүлдіргісі білекке оралған Поштабайдың қамшысы салбырап кеткен оң қолдың ұшында жер тырнап, қара шұбар жыландай ирелеңдей шұбатылып барады.
Бір жүрек мәңгі соғуын тоқтатты.
Азынабай дүниеден өтті.
* * *
Әулиенің бейіті. Сәске мезгіл. Аспанда ала бұлт төңкеріле жөңкіледі. Ыңырсып сыңсып серейген сирек қурайлар сарнайды. Бейіттің дәл іргесінде бет-аузы тілім-тілім қанталаған, киімі дал-дұл жыртылған Біржан қинала ыңыранады. Ыңыранады да сәл-пәл қимылдап, қайтадан тыншиды. Біржан тыншыған кезде қасындағы төртқұлақ бейіттің қабырғасында отырған қара құзғын мойнын соза, қабырға бойлай бірер адымдайды. Қылқаңдаған мойнын созып жан-жағына қарайды. Төмендегі адамға кеудесін еңсере үңіледі. Қансыраған әнші тағы ыңыранады. Құзғын секемдене кейін лықсиды.
Ат тұяғының дүбірі естіледі. Бусанған жердің тұмантқан сағым-шілтерінен екі атты суырылып шығады. Ақ көйлегінің етегі желбіреген Ләйлім мен қарадомалақ Смағұл екен.
— Көрінбейді ғой, Смағұл-ау. Тірі болса екен!...
— Тірі болмай... Табамыз, тәте. Кеше Біржан ағаның аулынан шыға бергенімде тайым аяғын інге тығып алып... Мұрттай ұшқам. Міне, басымның мына жері әлі ісік, тәте. Есім жиғанда көргем, Біржан аға үсті-басы қан-қан... бір тұрып, бір жығылып әулие бейітіне қарай бара жатқан. Ол сонда... Ой! Әй! Әне! Алақай, тәте! Анау жатқан сол!
— Жатыр деймісің?! Неге жатыр?
— Барайық та, тәте! Атыңызды айдасаңызшы!
Ләйлім келген бойда Біржанды құшақтай алып, басын көтереді. Смағұл еңкейіп кеудесіне құлағын тосады.
— Тірі! Айтпадым ба, Ләйлім тәте, табамыз деп! Мен қазір жанторсықты әкелейін.
Ләйлім Біржанның басын кеудесіне қысып, бота көзден ыстық тамшыларды ытқытып отыр.
Смағұл жанторсықтан салдың аузына сусын тамызады. Сәлден соң көзін ашқан Біржан Ләйлімді көреді.
— Біржан аға!.. Біржан аға! Ағажан!
— Ләйлім?! Апырай, Ләйлімімсің бе?
Смагұл Біржанның маңдайынан сипайды.
— Біржан аға, сізді кім ұрды? Неге ұрды? Мен... мен оларды... Оларға әлі көрсетем — деп иегі кемсеңдеп жылайды.
Біржан балаға күлімсірей қарайды.
— Жылама, Смағұл. Ер адам жыламайды.
Ләйлім салдың маңдайына ернін тигізеді.
— Сізді ұрған қол сынса етті, Біржан аға! Сізге қамшы көтерген адамды құдай қарғаса етті, Біржан аға!
— Ләйлімжан! Ләйлім шырақ! Лебізіңнен айналдым!
— Жетім тоқты — құрбандық. Сол тоқты мен, жан аға! Таптым ақыры! Енді сізден айырылмаспын!
— Ләйлімім! Машұғым! Іңкәрім!
— Мұнда... бейітке неге келдіңіз, жан аға? Қалай келдіңіз?
— Апырай, тағы да адасыппын-ау! Бұ дүниеде сенің шырылдар бәйек жаның барын ескермеппін-ау, Ләйлім!
— Сонда сіз... сіз Біржан аға... Жо-оқ! Жібермеймін! Ондай сұмдық кесікті ойламаңыз! Ойлай көрмеңіз ешқашанда, жан аға!
Смағұл екі жетектеп оңаша кетеді.
— Ақын жаны қашанда әнімен бірге азабын да арқалап жүреді. Азабын берген Жасаған бір ғана сәтте өлшеусіз ләззатымен кеудемді бір-ақ толтырды-ау, сәулем! Жо-оқ, Ләйлімжан, мен енді бекерге өлмеспін! Менің ендігі жебеушім де, жұбатушым да өзіңсің! Кеудемде жаным, аузымда әнім, өзіңдей өмірлік мәнім бар да мен өлмеспін. Қалай қателескем? Енді адаспаспын. Өмірдің тірегі Жанботада емес. Азынабайда да емес. Махаббатта! Нәзік әйелдің күшті сүйіспеншілігінде!
Мен бақыттымын. Махаббат тұмасы — Ләйлімім екен. Аңсап кеп, сусап кеп бас қойдым да мейірім қандырдым.
Ат кісінейді. Иесін іздеп жеткен Біржанның айтулы Көкқасқасы еді. Смағұл екі алақанын шапаттап қуана айқай салады.
— Өләй! Біржан аға! Мынау Сіздің Көкқасқа!
Біржан кеудесін көтереді. Көкқасқа желіп келген бойда тура иесінің үстіне оқырына жетіп тоқтап, жұмсақ ернін тигізе салды иіскей бастайды. Біржан атты мойнынан құшақтап, жалын сипайды.
— Жануарым, қанатым! Жоқ! Енді мен бұ даланың Жанботасымен де, Азынабайымен де айқасып өтермін. Ләйлімжан анау қанжығадағы қоржыннан домбырамды алып берші!..
Қималы домбырасын жазып орнатып, күйлеп барып, "Адасқақты" аңырата жөнеледі. Бойжеткен де, бала да мынау асқақ әннің мән-мағынасын сонша беріле ұғынып қалады.
* * *
Бұл кезде төбе астында бір топ атты келе жатады. Бастаушылары — Поштабай мен Ыстыбай. Бұлардан сәл кейіндеу татар тілмаш. Соңдарында сойыл-шоқпарлы жігіттер.
Поштабай қатарындағы Ыстыбайдың сол жақ санынан қыса ұстап, өзіне қаратады.
— Әй, Ыстыбай! Осы біз беталды лағып бара жатқан жоқпыз ба? Сенің Жанботаң біздің Әзекеңмен ғұмыр бойы өш еді. Сол ыңғаймен әлі де адастырып жүрмесін.
Ыстыбайды ашу буды.
— Әй, Поштабай! Тарт тіліңді! Азынабайың аулақ! "Біржаннан кетірдің" деп қиралаң етіп, қылжия салған немеңді айтып, жынымды келтірме! Жәкең алдамайды. Әлгінде көрдің ғой. Керейі болмақ түгіл, туған інісі болса да, заржақ әншіні аяйтын түрі жоқ. "Ұста да байла, қуалап соғып айда!" демеді ме? "Көкқасқаны жіберіп, ізіне түсіңдер!" деуі — нағыз данышпандық! Ал, Көкқасқа ізшіл тазыңнан да бетер. Біржанды жер түбінен іздеп табады. Бас қамшыны! Көкқасқадан көз жазып қалмайық. Оу-у, анау көк көз ұшына барып қалыпты ғой!
Арттағы тілмаш шақылдап айқай салады.
— Поштабай! Мен асықпа демедім бе бит! Саспа! Қап! Мына шошаңдаған қу ноғайдың қорлығы-ай! — Ат басын іркіп, татар тілмашпен қатарласады. — Оу, бассаңшы қамшыны! Өзіңе қыз керек пе, жоқ па?
— Кирек, конечно! Шундай матур қызны бұрын мен көрмеген бит!
— Ендеше сол матур қызды сен құшасың да, өзің айтқандай, болыстың босаған орнын маған ұстатасың. Уәдеміз уәде ғой?
Тілмаш құйрығы қопандап бас изей береді.
— Иә! Мен айтқам, аласың. Шушы қазақлар адамға бек ишанбайды. Ләйлім менікі болса, волостной непременно сен була!
— Келістік! Бас онда, ноғайым, қамшыны! Қатын ілу үшін де атың жүйрік, құйрық ауыр, тақым мықты болу кирек!
* * *
Домбырасын безілдетіп, даусын аңыратып "Адасқақты" шырқап отырған Біржанның көзі төбеден асып түскен аттыларды шалып қалады. Дауыс сәл бәсеңси беріп, қайта шалқиды. Ендігі үнде қажыр басым. Салдың ыңғайымен артына жалт бұрылған Ләйлім құйғытып келіп қалған қуғыншыларды көріп, орнынан атып тұрады.
— Біржан аға! Не істейміз?
Смағұл аттарды көлденендете тосады.
— Мін, Ләйлім! Қашсақ құтылып кетеміз. Біржан аға, болсаңызшы!..
— Жоқ, Смағұл! Арамдар мен жауыздар қашып-пысып күнелтеді. Адал мен әділ адам Әзірейліге де тура қарайды.
Келгендер үшеуді қоршап алады. Поштабай қарқ-қарқ күледі. Қамшымен салды нұсқайды.
— Біржан! Уай, көріңде өкіргір Біржан! Неге үндемейсің?
— Ал, үндедік. Не демекші ең сен итаршы?
— Не дейін бе? Бұрын сен сал едің, бүгін енді шөл болдың, шорт. Соны айта келдім. Бұрын сен Қайшамның көңлін қалдырсаң, бүгін мен сені бүрем. Бұрын сен асқар боп аспанымды көлегейлейтінсің. Бүгін шұқанақ боп аяғымның астына түстің. Соны білдіргелі келдім. Бұрын сен ұрғашыға қырғи боп тиіп, талай рет шүйілгенімді іліп түсіп, мына маған сан соқтырғансың, шорт! Бүгін енді мен сен шүйілген шүрегейді іліп әкетем! Соны айта келдім. Әй әкет! Әкетіңдер мына қаншықты!
Шар еткен Ләйлімге татар тілмаш жақындағанша, әндемді жігіт ат үстінен иіліп келіп, іліп әкетіп, алдына өңгеріп алады. Тұра ұмтылған Біржанды Поштабай қамшымен тартып жібереді.
— Асқақтаған кеудеңді, аспандаған көзіңді табаныма салып таптаған, сен берген қысас пен қорлықты өзіңе қайтарған қорлығым мен зорлығым да осы, Біржан! Уа, жасаған, ырзамын тәкаппар әншіні, әншібекті уысыма бергеніңе, шорт! Енді мен төбеңнен мазақтап қарайын сенің. Қане, өле қалшы кешегі Әзекемдей жан азабына шыдамай! Өле қалған!
— Не дедің?! Әзекеңің Азынабай ма?
— Иә! Маған... мына маған сені ұрдың деп... "Асыл Біржанға қамшы сілтедің!" деп мынау Ыстыбай әдемі айтқандай құса боп оп-оңай қылжия салды ол!
— Қайран асыл тек!.. Даланың азу тісі ақсиған тағысы мен бөрісіне қор болған асыл тек! Қайран Әзекем! Жөніңнен адасуың мүмкін емес еді? Адасқан тағы да мен екем! Мен!
Поштабай одан сайын қарқылдап күледі. Тұрғандар даурығыса, еліре қосылады.
— Әй, ақылдымсынған қара сирақ! Біресе бие көті, біресе түйе көті деп дүрдиген кешегі түріңнен не қалды, ә? Жасырмаймын қызғанатынмын, күндейтінмін. Бірақ, сенің жақсылардың арасына сына боп қағылғаннан басқа білерің бар ма еді? Әзекем екеумізді де ажыратқан сен! Әзекемді ажалынан бұрын өлтірген де сен!
Поштабай Біржанды тағы да тартып жібереді.
Мына тұстан Ыстыбайдың қамшысы ысқырып салды осып түседі.
— Олай емес, Поштабай-ау, былай ұрады! Әбден алдымды орап, күн түсірмей, шыңыма жетіп еді. Әділдік бар екен! Құдай бүгін бұл әупілдекті қолыма түсіріпті. Ұрудың көкесін мен көрсетейін.
Атын шапшыта ұмтылған Ыстыбайды көргенде, жанұшырған Ләйлім ұстап отырған жігіттің алдынан жұлқынып түсіп, Ыстыбайға бара жармасады.
— Жа-уыз! Ұрма әншібекті! Қолың сынсын, қолың сыңғыр, қарақшы!
ЬІстыбай бір теуіп Ләйлімді ұшырып түсіреді. Жігітке ақырады.
— Әй! Ой ынжық! Қызға ие бола алмаған қортық неме? Сені де ұл таптым деп шешең қалжа жеді-ау! Сен мына түріңмен бұл байталды сауырлап жарытпассың!
— Әу, Поштабай! Жауға да кетер шөпжелкеңді сауға десем, не айтасың? Алақаныңды ашасың ба, әлде көзің қимай, кеудеңе өзің қысасың ба?
Поштабай шырт түкіріп тастайды. Кекжие күліп бас шайқайды.
— Кеш қалдың, Ыстыбай! Байталдың бас жібі басқаның қолында кеткен. Әйтпесе сен дегенде алақаным ашық.
Тілмаш атынан домалап түсіп, Ләйлімге бара жармасады.
— Эй, эй, матур қыз! Сині миңа берген, Поштабай тамыр. Сен теперь миңа нақсүйер була бит!
Ләйлім тілмашты итеріп құлатып, Біржанға ұмтылады.
— Біржан аға! Біржан аға! Құтқар!
— Асылым! Қалқам! — Қарсы жүреді.
Сарт-сұрт қамшы екеуінің үстіне жауып кетеді. Ләйлімді манағы жігіт алдына өңгеріп алып, жылыстап шыға береді.
Поштабай айқай салады.
— Тоқтат! Тайқы былай! Арқан қайда? Тұзақ таста мойнына! Кешегі сал — менің бүгінгі құрбандығым, шорт! Әулиенің бейітіне қанын құйып, күнә-жаладан арылам. Ақсарбасым осы! Таста бұғалықты!
Кейін серпілген жігіттердің екі-үшеуі ердің алдыңғы қасында шиыршықталып оралған бұғалықтарын ыңғайлап оқшаулана қалады. Алғашқы бір-екеудің тастаған бұғалық-арқаны салдың мойнына тура түспейді. Соны көрген Поштабай үшінші жігіттің қолындағы арқанды ала сала, атын тебіне қарсы ұмтылады. Осы кезде кенет шаңқ еткен мылтық даусы даланы қауып түседі. Сасып, абдырап қалған қуғыншылардың есін жиғызбай әулие бейітінің дәл үстінен қара мылтықтың үңірейген ұңғысын кеуделерге тосып, әлдебір мұжық гүрілдеп айқай салады.
— Эй, вы, братоубийцы! Не дурите! Вертайте назад! Ежели еще кто поднимет руку на энтого, то вдарю раз. Застрелю как кабана!
Қазақтар үрейлене даурығысады:
— Ойбай! ЬІстрлайт дейді!
— Мылтығы бар!
— Қаш! Қашыңдар аман-сауыңда!
— Әй, тілмаш! Тілмаш қайда? Орысшалап бізге тиіспесін десеңші.
— Ойбай, тілмаш сұм елден бұрын зытып кетіпті!
Аттылар тырым-тырақай қаша жөнеледі. "Тәте! Ләйлім тәте!" деп шырылдаған Смағұл аттылардың соңында, шаңға көміліп, жаяу дедектеп барады.
Қағыған оқ әлгінде Көкқасқаға оқыс тиген еді, қайран күлік серейіп құлап қалыпты.
Мылтығын кезеніп екі-үш күн бұрын Біржан құтқарған мұжық бейіттің тасасынан бері шығады. Өзімен өзі күбірлеп сөйлеп келе жатады.
— О, бренний мир!.. Мужика задирают мужики!.. Туземцы бьют своего туземца. А я чо?.. Мое дело телячье... Нет! Я то ни за что того коня погубил, хоть борода моя широка, как у старого козла.
Біржан отырған жерінен шатқаяқтай көтеріліп, Тәлтіректеп атының қасына жақындайды. Өліп жатқан Көкқасқаға бақырайып қарап тұрады да, кенет басын қосқолдай ұстай алып, шыңғыра айғайлап жібереді. Сонан соң тізесіне сылқ түсіп, аспанға қол жаяды.
— Ей, дүние! Ей, Жасаған! Жерімді алдың! — Көндім! Жарымды алдың! — Өлмедім! Анау атымды тағы алдың! — Қалмадың! Жалаңаш жанымның енді несін аяйсың! Оны да ал! Жанымды да ал, дүние! Ей, дүние! — Тәлтіректеп орнынан тұрады. Анандай жерде үнсіз сілейген мұжықты көреді. — Әй, мұжық! Атымды сен аттың ғой! Енді мені де ат! Мына мені дәл жүректен ат! Жерсіз, жарсыз, әнсіз тірліктен түңілген әншіні дәл көздеп ат! Ат мені, мұжық! Анау әулиенің қабіріне домалатып құлата кет! — Қарсы жүреді.
Мұжық басын шайқап кейін шегініп барады. — Ex, это же ты! Мой заступник! Эх, братец! Умом ты тронулся видать. Но спаси тебя Христос! Ну, ежели по Христос, то Аллах твой!
Сүрініп кеткен Біржанның Көкқасқаның қасында жатқан домбыраға қолы тиеді. Отыра қалып, малдасын құрған сал домбыраны безектетіп зарлы, шерлі күйді күңіренте төгеді. Күйге еліткен мұжық та бейіттің іргесіне отыра кетіп, кеудесін теңселте бастап еді, күбірлеген еріндер жас кезде есте қалған әлдебір ертегі-әуенді мына домбыра сазына қосқысы келді ме, сыбырлап қоя берді. Қазақ домбырасының сахаралық күмбіріне орыс мұжығының күбірі ілесіп, жым-жырт мүлгіген ескі зиратты тербетіп жатыр.
Гуси-лебеди,
Возьмите меня
На белы крылышки,
Унесите меня
На родимую
На сторонушку...
* * *
Тырым-тырақай шауып бара жатқан жігіттерін Поштабай айқайлап тоқтатпақ болады.
— Уай, тоқтаңдар! Қайт! Кейін қайт!
Дауыстар: — Не дейді? Неге! Өлімге айдай ма?
— Кім ол тоқта деп жатқан?
— Поштабай баяғы! Азынабайдың азбаны!
— Менің өз Ыстыбайым бар! Маған Поштабайдың әмірі жүрмейді.
Поштабай татар тілмаштың иығында жүрген мылтықты енді ғана көреді. Атын борбайлата қамшылап әлгіні қуып жетіп, мылтыққа бара жармасады. Татар тілмаш аш күзенше шақылдайды.
— Сиңа нима кирәк шушы мылтық? Тутмагыз!
— Бер тез!
— Бермеймін. Шушыны его высокородие генерал-губернатор подарить қылған.
— Әй, шушы-мушы! Былжырама! Жемеймін мылтығыңды, шорт! Қайтып берем! — Иығынан күштеп сыпырып алады. — Оғын әкел! Бәрін! Бол!
Поштабай мылтықты оқтап, жалма-жан аспандатып атып кеп жібереді.
— Қане, тоқтаңдар! Тоқтамағандарыңды шетінен домалатып түсірем!
Жігіттер үйіріліп тұра қалысады.
Поштабай жігітіне әмір етеді.
— Әй! Сен анау бос атты ұстап, мына қаншықты мінгізіп алып, ауылға әкете бер. Бізге қарама.
Сен де кете бер, ноғайым! Әйтпесе матурыңнан айырылып қаларсың.
— Мылтық?.. Шушыны его выскородие...
— Бұтындағы өз мылтығыңды сайлап, дұрыстап оқтай бермейсің бе онан да, кез келген жерден ұратындай ғып — деп қарқылдап күледі. — Жарайды, ноғайым! Қорықпа. Аласың!
Ал, жігіттер! Осыншамыз жүріп бір мұжықтан қашып кеткеніміз — сүйекке мін, естіген елден ұят. Ондағы бар мылтық, міне, бізде де бар. Мынау орыстікінен тәуір. Ендеше мұжығын жұлып түсіріп, заржақ әншіні ат құйрығына байлап, дырылдатып сүйретіп кетеміз.
Жігіттер дүрілдеді.
— Сөйтеміз, Сүйретеміз!
— Мұжықты әулиенің бейітінің басында лақша бауызаймыз.
— Қарашекпендерге сес болады.
Бұлар қайтадан кері құйғытып келіп, төменде бірі домбыраны күңірентіп, бірі өз әнін күбірлетіп отырған екеуді қоршап алады.
Күй шерлі. Зар атқан көкіректің өксігі көп бебеуімен кең далаға күмбірлеп тарап, келгендерді еріксіз тұсап, біраз қыбырсыз қалдырған еді.
Зипунының ішкі өңірінен кисетін шығарып, темекі орап отырып, еңгезердей мұжық енді бір басқа әуенмен гүрілдей ыңыранады.
Тега-тега, гуси серые, домой,
Не пора ли вам наплаваться...
Поштабайдың сұқ саусағының астындағы шүріппе аңдаусыз басылып кетіп, мылтық гүрс ете қалады. Поштабайды өзі де, тұрғандар да, отырған екеу де селк-селк ете қалып, опыр-топыр қимылға көшеді.
Поштабай саңқ етеді.
— Әу, Біржан! Дүние — кезек! Сенің кесіріңнен жандарал ауылымызға түспей кетті. Жандарал тоқтамай, Әзекем о дүниелік болған соң жайлаудан да айрылдық. Бәріне кінәлі сен! Екі дүниеде де қолым жағаңда болар. Мен — жаналғышың!
Осы кезде мұжық әлденені сезгендей мылтығын кезеніп, Біржанды тасаға итере беріп, атып жібереді.
— Ах, вы злодеи! Не дам его, мовово заступника на растерзания!
Дауыстар: — Ойбай! Анау дүлей мұжық шетімізден қырып салады!
— Әй, Ыстыбай! Поштабайға ерем деп бірің өліп, бірің қал. Мен өзім кеттім.
Поштабай қалшылдайды.
— Ыстыбай! "Жанботаның жау түсіргіш жендеттері!" деп мақтағандарың шетінен қатыннан да жаман қашақ боп шықты ғой. Бар! Қашыңдар! Қара орманыңа тырнағын салған, жайлауыңа жамбастаған қарашекпенмен де, қара ниет заржақ әншімен де өзім жалғыз айқасайын!
Жігіттер кідіреді. Үнсіз томсарысады.
— Әй, Біржан! Енді сен орыспен ауыз жаластың, ә! Жеріңді таптатып ең, енді еліңді де қырғыз!
Поштабай сөзін аяқтар-аяқтамастан атып кеп жібереді. Оқ әулие бейітінің кесек тасына тиіп, зыңылдап кері ұшады.
Дауыстар. — Ойбай! Әулие шамданды!
— Оқ өзімізге қарсы ұшты!
— Бұғыңдар! Жатыңдар!
Енді мұжық мылтығы шаңқ ете қалады. Әлгінің қолына Біржан жармасады.
— Атпа, мұжық! Енді атпа! Сен араласпа!
— Не понимаю я тебя, мой спаситель.
Поштабайдың мылтығы тағы саңқ ете қалады.
— Көрдіңдер ме, оқ қайтқан жоқ. Қорықпаңдар босқа. (дауыстайды). Біржан! Әй, әупілдек ит! Енді сен мұжықты тасаландың ба? Біреуге тығылмасаң, жүре алмайсың, ә. Жаның неткен тәтті еді!
Біржан тасадан шығады. Оны кейін сүйремек боп мұжық ұмтылады.
— Ты не сунься под пули-то. Она-то, ведьма, слепа, и зацепить хможет.
— Жібер! Ләйлім мен Көкқасқадан айрылған ғұмырдың мәні жоқ енді. Жібер мұжық!
— Ей, богу, не понимаю!
Поштабайдың мылтығы гүрс етеді. Қорғасын оқ мұжықтың аяғының астынан шаңын бұрқ еткізеді.
Біржан көкірегін тоса бері аттайды.
— Атпа, Поштабай! Атпа мұжықты! Мені ат! Тимеңдер мұжыққа!
Поштабайдың тағы да кезенгенін көріп, мұжық әлгінің басынан асыра тартып жібереді.
Ыстыбай бұға қалады.
— Ойбай-ау, анау орыс ешкімді аямайды. Ат! Атсаңшы, Поштабай! Жанын жаһаннамға неге жөнелтпейсің бұ кәпірдің!
— Атпа, Поштабай! Сендерге мен керек болсам, міне мен дайынмын! Атасың ба, асасың ба — білгеніңді қыл! Тиіспе мұжыққа! Ормандай көп орысқа килігіп, елді бүлдірме! Қара қазан сары балаңды ойла. Орыс пен қазақты жауластырма!
— Нe понимаю, хоть убей. Чем ты так провинился? Почему они такие злые, проклятые басурманы? О-о, ты мой заступник, тоже басурман, но ты благородный басурман!
Тағы да екі жақтан бір-бір дүркін оқ атылады. Мұжықтың иығына оқ тиіп, қан көрінеді. Біржан әлгіні сүйей береді.
— Байғұс неме... Өліп кетіп жүрмесе... Нең бар еді кимелеп?
— Не понимаю... А он вправду прицелился в меня... в человека... А я его щадил. Не понимаю. — Мылтығы қолыан түсіп кетеді. Поштабайдың даусынан қуаныш үні аттандайды.
— Құлады! Мұжық құлады! Уа, әулие! Ақсарбас! Қане, ұстаңдар! Салыңдар бұғалықты әупілдеген төбетке!
Кимелеген, кеуделеген, тобыр Біржанның қолын шырмап, арқанмен жетектеп алады. Анандай жерде өлі-тірісі белгісіз мұжық шаң-шаң боп домалап қалған.
Поштабай мен Ыстыбай — екі жауыз масайрап, әншіні табалап тұр.
— Түстің уысыма! Жаныңды енді сығымдап мұрныңның ұшынан тамшылатып шығарам!
— Көкірегіңе нан пісіп, кеудемді басып кеп едің! Шоқ! Шоқ бәлем! Таптадым-ау ақыры! Бастым-ау табаныма!
Біржан мойымай тұр. Езудегі қанды түкірікті ернімен жинап алып, түкіріп тастайды.
— Қу даламның қудаланбаған ақыны жоқ. Сегіз сері де сахарадан сая таппай шермендемен сенделіп өлген. Қорқыта алмайсың екеуің. Менің қорқатыным — мына сендердің ақ пен қараны, адал мен арамды ажырата алмас қараулығың! Көрсоқыр басырлығың!
— Ә-ә, солай ма? Әй, әкел ерді! Ер-тоқымын са-алдың! Өрте! Өртеңдер! Көрсін құқайын бұл құдайын ұмытқан шоқынды!
Жігіттер лаулатып от жағып, Көкқасқадағы ер-тоқымды босатып отқа лақтырады. Анандай жерде жатқан қималы домбыраны көтеріп алған Ыстыбай Біржанға бір қарап қарқ-қарқ күледі. Содан соң домбыраны тасқа бір ұрып, оны да отқа лақтырады.
— Ал енді, қалай бақылдар екенсің, са-алым!
— Ей, дүние! Жауыздықты тіздемей, ізгілікті босатпай қашанғы шырмап өтерсің! Ей, опасыз, жалған дүние!
— Тілінің қыршаңқысын! Бәрібір мені иланта алмайсың!
— Поштабай! Атып кет мені! Сүйегім әулиенің бейітінің басында қалсын!
— О, зәлім! Оп-оңай өле қалғың келеді, ә! Жоқ! Мен сені алдымен Жындысайға апарып, керіп тастатам. "Сал жынданды! Біржанды пері шалықтап, жын соқты!" деп ел-жұртыңды бездірем! Қырық күн аузыңа нәр тамызбай, жұқартып, үзілтіп өлтірем.
* * *
"Жындысайға" кеш түседі. Күзетші Төреқұлдың жонып отырған ағашы домбыраға айналған. Бет тақтайын қағып, ішек тағып, айналдырып-төңкеріп қарайды. Қара көздерінде жылт білінеді. Бәденді жүзге жылу жүгіреді. Содан соң керегеге таңылып бүк түсіп жатқан салдың иығынан түртеді. Иегін иығынан өсіріп қараған Біржанға үн-түнсіз домбырасын ұсынады. Біржан аң-таң күймен біресе Төреқұлға, біресе домбыраға кезек қарайды. Төреқұл сөйлеп, сайрап қоя береді.
— Домбыра!.. Домбыра ғой, Біржанжан! Қолымнан бар келгені осы!
— Домбыра деймісің?! Иә, домбыра екен! Осы сен... сен Төреқұлсың, ә!? Сен Ләйлім ауылынансың, ә... Әкелші онда бері домбыраңды!
Біржан домбыраны алдына өңгереді. Оң қолдың сұқ саусағымен қос ішекті тыңқ-тыңқ еткізіп біраз отырады. Тиегін жылжытып дұрыстап қояды. Сәл тоқтап, арқан қиған білегін ұзақ сипалайды. Содан кейін сол қолдың қарыса бүгіліп қалған саусақтарын бір-бірлеп ашып, домбыраның сағағына апарады. Саусақтар аш күзендей жабысады. Саусақтар жүгіреді. Саусақтаp безектейді. Саусақтар шер төгеді. Саусақтар зар атады. Қос ішек күрсінеді. Қос ішек күңіренеді. Қос ішек боздайды. Қос ішек азынайды. Алғашқы қос жұлдыз көк аспанда көз ашқанда күзгі далаға есіл, асыл Біржанның жан айғайы, жүрек зары — Теміртасы" аңырайды. "Теміртасы" дала кезіп, тау бөктерлеп, көл жағалап кезіп кетеді. Естімесе де сақалының дәл ұшында кесек-кесек көз жасы тамбай дірілдеп, саңырау Төреқұл қыбырсыз тыңдап қалған.
Біржан (әндетіп)
Ал, дүние, өтеріңді біліп едім,
Білдірмей серілікпен жүріп едім...
Ақ үйдің ай көрінер маңдайынан,
Шешеннің сөз шығады таңдайынан.
Теміртас, Асыл, Ақық қарақтарым,
Иіскетіп кетсеңдерші маңдайыңнан.
* * *
Аяқ-қолы шырмаулы Біржанды Ыстыбай дырылдата сүйретіп "Жындысайдағы" қара жартастың түбіне алып ұрады. Қамшымен шықпырта сабайды. Бет-аузы көгере қанталаған салдың қасында әжуалап күліп тұр.
— Ә, әнші-бе-ек! Қазір саған емшілер келеді. Жақсылап емдеп береді олар сені. Поштабайдың өзі әкеле жатыр оларды. — Қарқ-қарқ күлкісі жартаста жаңғырады. Біржанның тілім-тілім киімінің арасынан түюлі жұдырығы ғана көрінеді. Көздерден ұшқын шашырайды.
Бір топ бала мінген арбаның делбесін Поштабайдың өзі ұстап отыр. Ысқырып, асығыс айдайды көлігін. Арба сәлден соң жартасқа жетіп тоқтайды.
— Ә, Ыстыбай, дайындадың ба? Қане, балалар! Тез түсіңдер.
Балалар жартас түбінде домаланып жатқан Біржанға жақындауға қорқып, шегіншектей береді. Поштабай күледі.
— Өй, батырларым-ау! Өзіміздің Біржан салды танымай қалдыңдар ма? Әнші ағаларың ғой. Қорықпаңдар. Бері жақындаңдар. Аздап оның есі ауысқан. Ә-ә, иә-ә, жынданған. Бірақ жынданған адамға балалардың жаны шын ашыса, сол адам жазылып кететін көрінеді. Сендердің Біржан ағаларыңды жазып алғыларың келе ме?
Балалар шуылдап ала жөнеледі.
— Иә, Поштабай ағатай! Жазғымыз келеді!
— Апам Біржан салдың әндерін сұмдық жақсы көреді!
— Иә, саған! Менің апам әйбат айтады!
— Сал ағаның жазылғанын жұрттың бәрі тілейді.
Енді Ыстыбай мен Поштабай қатарласа сөйлейді.
— Өй, ақылды боқмұрындарым өңшең! Біржан ағаны жақсы көреді екенсіңдер. Онда былай болсын. Жынданған адамды емдеу үшін сиырдың жапасын бетіне жағып, лай балшықпен, тезекпен атқылау керек. Қане, емдейміз бе?
— Иә, емдейміз онда.
— Жапаны қайдан аламыз?
— Өлә, мұнда жапа толып жатыр! Лай балшық та көп!
Алайда балалар бір-біріне қарап, онша қимылдай қоймайды. Поштабай жерден жас жапаны алып, әлгіні Біржанның бетіне жалп еткізеді. Ыстыбай балшықты саздың төбесіне тастай салады. Сол-ақ екен балалар да қызу кірісіп кетеді. Жалғыз-ақ бір бала ғана ақынға кесек атпай, оқшау тұр.
— Ағай, анау Смағұлға қараңызшы, бос қарап тұр.
— Оның Біржан ағаға жаны ашымайды.
— Ол әнеукүні... кеше Біржан ағаны ұрғанда жылаған.
— Жылауық, жылауық! Иттің көтін тырнауық!
Смағүл балаларға тап-тап береді.
— Тиме, Біржан ағама! Жақпа тезекті бетіне!
Смағұлды балалар тыңдамайды. Ашуланған ол бір-екеуін қойып-қойып қалады. Салға жақындайды.
— Біржан аға! Аға, сіз ауырған жоқсыз ғой. Саусыз ғой, ә!
Бала салды құшақтай алады. Біржан иегімен Смағұлдың басынан сипайды.
— Жылама, Смағұл! Өкпелеме жолдастарыңа. Оларды адастырып тұрған Поштабай мен Ыстыбай .ой. Үлкендер ғой! Ал сендер әлі жассыңдар. Қолдарыңды былғасаңдар да, жандарыңды былғамаңдар.
Поштабай Біржанды ұрғанда Ыстыбай Смағұлды қамшымен тартып жіберіп, Смағұлды жұлқып апарып арбаға атып тастайды.
— Қане, бәрің дереу мініңдер!
Поштабайдың мысқыл күлкісі езуінен арылмайды.
— Әй, Біржан! Асқақ едің ғой күні кеше. Бүгін міне астыма түстің. Менің Қайшамды табалап едің, табаныма басып жермен-жексен еттім. Бетіңе балаларға боқ жаққызып кек қайтардым! Ха-ха-ха!
Тезек пен балшыққа әбден былғанған, көзінен жас парлаған Біржан "Теміртасын" аңырата жөнеледі.
* * *
Айдала. Жалғыз қос. Қос қасында арба. Арбаның арысында ақбоз арғымақ байлаулы тұр.
Бұл қос — Ләйлім мен татар тілмаштың отауы. Екі айдан бері тілмаштың қалыңдығы аталғанымен, екі айдан бері қалада болған тілмашпен бүгін ғана кездескен. Поштабайды тілмаш болыстыққа өткізем деп, ақыры ауылнайлыққа тағайындаған. Бүгін екеуі енді оңаша отыр. Қолына қыз тиген заматта ауылдан ала жөнелген тілмаш кеш бата айдалаға еру жасаған.
— Суық. Жаурадым! — дейді Ләйлім.
— Онда мынадан еплеп татармыз. Бек әйбат шәрбат! Руслардың, қымызы. Шампан!
— Жоқ! Ішпеймін!
— Әй, сұлуым, иркем! Иркемсің сен бит! Мен сиңә ровно икі ай тостым. Ох! Просто шыдай алмаймын. Страсть бушует жүрегимде. Сандуғашым!
— Иә! Екі ай жоғалдыңыз. Неге?
— Ә-ә, Поштабай ит виноват! Мен оны, қаңар сұңқырни волостной қыларға обещать иткем. Но, булми. Сонсоң оны ауылнай сайлаттым. Екі ай чиновниктерді покупать қыла. То оған, то бұған взятка... һм мзда ну, шушы знакомый сөзни ұмыттым... а-а, пара бердім. Енді ол синә маған подарить қыла, иркәм, сандуғашым! Ал, мен Поштабайға ишанбаймын. Ол сині... ертең бирмәй қойса. И ол ауылдан спешно кеттік.
— Иә, безе қаштыңыз! Мен ауылдағылармен де қоштаса алмадым.
— О-о, мен феодал емес! Мен образованный! Мен синә, сұлуым, өзіме тең тұтам. Потом ауылға не раз келеміз бит!
— Бәрібір ауылды қазір-ақ сағына бастадым. Бүгін бекер кеттік.
— Зато шушы шалаш — биздің свадебный дворец! Екеуміз оңаша табысамыз! Супружеская ложада!.. Ә- ә, ыстық төсекте! Қазір! Сандуғашым! Сұлуым! Ләйлім миңа! Келші! Инші құшағыма!
— Тар төсекте деймісіз?.. Өләй, ертерек неге айтпадыңыз? Ең болмаса онда алдымен жуынып-шайынып дегендей ырымын жасамаймыз ба?
— А-а? Да! Но дала суық!
— Түк етпейді. Бұлаққа қолды бір сұғып жіберсеңіз — қыз-қыз қайнайсыз!
— Сулай ми? Бр-р! Холодно ведь!
— Қорықпаңыз. Онда алдымен мен жуынып келейін, — деп есіктен шыға беріп артына бұрылады. — Сіз... сіз шықпаңыз, қарамаңыз. Ұяламын ғой!
— Ой, сұлуым! Сандуғашым! Иркәм! Ұял! Ұялған дұрыс бит!
Ләйлім тысқа шығысымен жалма-жан ақбозды шешіп алып, жетектеп ұзап барып қарғып мінеді де, түн қойнына сүңгіп жоғалады.
Қостан атып шыққан татар тілмаш, қайтадан қосқа кіріп, мылтығын көтеріп, тарс-тұрс атады.
— Бек хитрый милләт шушы қазақләр. Бек хитрый!.. Даже матур қызы да кавалерны алдайды. Қаңар сұқырның қызы ақ боз атымды ұрлады еще! Ox, қаңар сұққыр дала! Қаңар сұққыр, татар малай! Ұйықпа енді шалашта икі тізенді, екі как две холодные камни тізеңді құшақлап!... Сул кирәк сиңа!
* * *
Сайдағы қараша үйдің іші. Біржанның сақал-мұртын басып, Төреқұл салға енді жаңа бешпент ұсынады.
— Мені тіпті бозбаладай киіндірдің ғой, Төке! Әй, бір жақсылық болғай!..
— Азынабай ылғи семіз соғым соятын. Қазысы табан шығады.
— Бізден қазы да, қыз да алыстады ғой... Әлде тағы келер ме? Сондай атты күн оралар ма? — Сырттан ат тұяғының дүбірі жақындайды. — Әй, Төреқұл! Төке! Келеді! Рас келе жатыр! — Біржан жүзіне қан, көзіне нұр жүгірген. Сап-сау қалыпты елеңдеп тұр. — Мені іздеп келеді дәл осы адам! Әу, Төке! Дәл мені іздеп келе жатқанына еш күмәнім жоқ! Қап! Естімейді-ау бұл мені!
Төреқұл естіпті.
— Иә! Біржан қарағым! Келед! Сені іздеп келе жатыр кім болса да!..
Біржан аң-таң.
— Не дедің, Төкем! Сен... Сен де естідің бе? Ендеше есті-құлақты жасаған хақтың естімеуі мүмкін емес. Ләйлім! Келші! Тез жетші, сәулем!
Есіктен Ләйлім кіріп келеді.
— Біржан аға! Біржан аға! Мен келдім! — Салды бас салып құшақтай алады. — Жеттім өзіңізге!
Біржан атып тұрады.
— Ләйлімім! Қалқашым! Жеттің ақыры! Мен сені іздедім! Мен сені күттім! Көгімде туған соңғы жұлдызым!
Ләйлім аяқ-қолы байлаулы Біржанды бас салады.
— Мен сізді таптым, Біржан аға! Енді жоғалтпастай мәңгі таптым!
Төреқұл салдың аяқ-қолын шешеді. Иығына шапанын жабады. Содан кейін екеуінің маңдайынан кезек-кезек сүйеді. Жетектеп далаға алып шығады. Ақбозды көлденеңдетіп екеуін мінгізеді.
— Бақтылы-ғұмырлы-шүбірлі болыңдар, балаларым!
— Сау бол, Төкем!
— Қош, қош, көке! Өксімеңіз жақсы көкем! Жан көкем!
Далада ақтүтек қар борайды. Алай-түлей бұрқасын күшейеді. Ақ түнекке бойлай еніп, арғымақ ат кетіп барады. Ағараңдап ұзап барады.
Қол бұлғап, қаққан қазықтай Төреқұл тұр.
— Қош, қош, балаларым! Бақыттарың ашылсын! Аман-сау болыңдар!
Ақ түтектің арасынан "Жаймашуақ" әні құтырынып жетеді.
Көл жағалай бітеді көкше құрақ.
Ән салғаның жақсы екен Ләйлім шырақ!
Қаракөзіңді көргенде алғаш рет
Ән екен Біржан салған "Жаймашуақ".
Ақ түтек аспанға шапшиды. Аспаннан ғашық жүректің әдемі, әсерлі әні құйындатып құйылады.
Өттің жалған, кештім сайран,
Әу, шіркін, қыз бала-ай!
Жастықтың әсерімен еттім сайран...
Алматы 1993 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі