Корейская косметика премиум класса

Елім-ай. III кітап

Роман-трилогия

3 — КІТАП

ТҰСАУКЕСЕР

Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ел-жұртынан айрылған жаман екен
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.
Елім-ай! Елім-ай!
Күй күңіренеді.
Ән шер төгеді.

Көне домбыраның сүйініші мен күйінішін айғақтайтын егіз екі ішегі бірде күйік жасының қапалы мұңымен ақтарылса, бірде көкіректен шапшып шыққан сағынышымен уілдейді. Көп мұңлықтың сол сағыныш сазы туған жерге деген егіліп, еңіреп айтқан қош-қошы емес пе еді. Азалы шерден ызалы күйік қайырған домбыра сарыны кеудесінде оқ, өзегінде кек кеткен ерлердің осынау аңсау-шерді жүрек біткенге сімірткен өшпес рухы мен мұқалмас жігері емес пе еді.

Ән-аманат. Қан көмейлеп, құм қапқан халқымның мұң шақпай, кек атқан арманы ол. Қара көзден аққан к,ызыл қанымен қара жерді суарып, Қаратаудан босып шұбаған елімнің құлан еркіндігін жырлаған арманы ол.

Күй-шежіре. Зер салып тыңдасаңыз, туған жердің әр сүйемі үшін қасық қаны қалғанша ата жауымен айқасып өлген ата-бабалардың іңкәр сағынышы Атамекенге деген мәңгілік махаббатына айналғанын пайымдар едіңіз. Солардың мазасыз мұңынан өрбіген өршіл намысының "Елдік!", "Еркіндік!" деп бел шешкізбес қаһарлы қайратқа жетелер үнін естір едіңіз. Зер салып тыңдасаңыз, көкейкесті жалғыз сөзден Алаштың арғыдағы асқақ арманының бүгінгі қайсар тілегімізбен қасиет бастауындай боп араласып кеткенін түсінер едіңіз. Саналы саздың "Азаттық!" деп айнымайтын қайырмасындай тәкаппар екпіні өр кеудеңде құштар тілектестік туғызып, соңғы демің үзілгенше бір мысқал азаймас тәуелсіз рухыңа айналар.

Елім! Елім-ау! Елім-ай!

Жұдырықтай жүрегімді дүрс-дүрс ұрғызатын қасиетті халқымның арғы-бергіден түйдек-түйдек жеткен құдіреті мен ыстық сәлемі ғой. Ел көкірегіндегі тәтті үмітті қасіретіне бойлатып, өсиетімен уағыздаған шерлі заманның шешен тілі ғой-"Елім-ай".

Халқымның көңілін сергітер, қайғысынан серпілтер, кекке бастар әні-"Елім-айы " еді.

Бұл ән-ұрпақтан ұрпаққа ауысып, ұлтымыздың жас буынын әлдилеп өсіріп, әлдилеп есейтер қасиетті "Елім-айы " еді.

ТОҒЫСУ

Арғымаққа міндім деп,
Артқы топтан адаспа.
Күнінде өзім болдым деп,
Кең пейілге таласпа.

Асан Қайғы

1

Әр қырдың астына тығылып, әр бұлақтың басын жағалайтын қазақ ауылдарының бұрқ еткен шаң мен тас жаңғыртқан әлдебір дүбірге құлақ түріп елеңдеп отыратын әдеті биыл сәл ұмытылғандай еді. Аяқ астынан дүрлігісіп қалып, өзді-өзін омыраулап дуылдаса жөнелетін шуылдақ қазақ мынау жазда ат басын әдейілеп Қаз дауысты Қазыбек би ауылына тіреген тәрізді. Өйткені тойшыл қазаққа оған үлкен себеп те бар еді. Қоян жылғы аласапыраннан кейін есеңгіреген халық есті жинап, етек жауып үлгерген-ді. Тәуекелді тұлпар ғып мінген қазақтың алаш жұрты көк найзасын ежелгі жауы-ойрат бөксесіне Бұланты мен Бөлентіде бір қадаса, Аңырақайда өңешіне өңмендете сұққан-ды. Содан бері міне екі қыс, екі көктем шабуыл-шаңдуылсыз өтуде. Әзірше жат сауырын түйремесе де, ат сауырынан түспейтін қазақ іргесінен ырылдағыш дүбір азайған соң, даласының шаңын көкпар тартып шұбыртып, бәйгеге шауып құйындатуға құмар-ақ. Сұлу ат мініп, суыт желетін бозбала жөні бір басқа. Шұбар-ала мініп, шұбыра жөңкілетін көптің қызығы бір басқа. Әрине сұңқылдасқан билері, саңқылдасқан жаршылары даланың төбесін төрге айналдырып, сағымын перде етіп, қарсы алдындағы кең жазыққа игі жақсылардан бастап иін тірескен қарашыларды тоғыта қоятын әдеттегі ұлт диуаны мен ұлыс кеңесінің аңсатқаны да рас. Үш жүздің жігін үш байрақпен белгілеп, үш арыстың қуат-қажырын, қасиет-қадірін осынау дүрмек жететін тұтастығымен айбарлайтын құдіретті күндер алыстап кеткендей ме, қылқұйрықтың үстін мекен еткен әр қазақтың көкірегіне ұйыған әлдебір іңкәр сағыныш анда-санда бір дөңбекшіп тіріліп қалатын. Дуылдасқан жұрттың би ауылына ат басын жиірек бұрып, молырақ құйылып жатқандары да содан болар. Құба жонда құлан тірлік күн кешіп қызылсыраған қазақтың ащы іркіттен ішегі кеуіп, "шіркін талшығы тісте қалар қажаң-құжаң-ай!" дегізетін жаз күнінде той хабары құлағына тиген сәтте-ақ атқа тоқымды салдырта берген. Алды-артына қаратпай ертерек жолға түсірте берген. Жолға түсті дегенше, тойлы ауылға жеткенше асықтырып, ат бүйірін тебінте берген. Еріні тобарсыған шіркіндердің сілекейлері әлден-ақ шұбырып, жусан исі мұрындарын осқылаған кең құрсақ, жайын ауыздарға йен дүниеге көзін сатқызып-ақ қойған. Ондайда қасарысқан күннің зымырауық шапшаңдығына кіжінетін, итеңдеген көлігінің бес салсаң бір баспас шабандығына күйінетін. "Тойға барсаң тойып бар" деу аузынан мәйегі төгілген жуан кекірік байдың былшылы ғана. Тойға тою үшін бармағанда, қоңылтақ қарынының құрдым құрышы ордай опырайған қазақ не үшін барады. Туырылған жеңді білектей қазы жемесе де, семіз жылқының шылқыған етіне тұмсық көміп, мұртынан май сорғалатса, дүниенің одан өтер рахаты болар ма.

Қаз дауысты Қазыбек-бүкіл Орта жүздің екі тізгін, бір шылбырын мықтап ұстаған, қара түгіл төңірімсінген төренің өзі оның қолына су құюға таласып ұмтылатын топ жарған би. Еліне күндік жерден көлеңкесін түсірген биік бәйтерек. Бірақ Орта жүздің ноқтасын ұстадым деп көкірек керген ол емес. Көкірек кермесе, де алқалы жиында айқайлап айтылар аты бүкіл алашының аузында жүргеніне, әдемі өнеге-үлгісі мен әділ төрелігі барша қазағының жүрегінде түнегеніне елу жыл бопты. Оның үстіне ырыс-берекесі үстемелеп өсетін, ауыз бірлігі күн санап күшейетін қалың Қаракесектің қара құрым қыл құйрығын қайырып айдайтын, шұрылдатып байлайтын ұзын құрықтылары мен қақ сойылдылары қаншама десеңші.

Жиын көргенде арқасы қозып кететін, дау-дамайды шешерде қаз дауысы қаңқылдап, көк жүзіне қалықтап шығатын, аузын ашса, көмейінен кеңесі төгілетін, айналасына аталы сөзі себілетін Қазекеңе исі қазақта бас шұлғымайтын жан сирек кездеседі. Әрине, қазақтың күндестік, қызғаншақтық дейтін дауасыз кеселін ескерсек, әруақты бидің де төбедегі басын төменге сүйреуге, төрдегі орнын босағаға сырғытуға барынша тыраштанатын күншілдер де жеткілікті. Олар әсіресе өз ағайынының арасынан, өз жүзінің ортасынан қадау-қадау бой көрсететін де болып жүр. Шабынып сөйлейтін, шапшып мөңкитіндер әр ауылда-ақ кездесе береді. Ауылдағы әжептәуір ат-атағым аймағыма түгел жетсе дейтін есірік дәме өзіне құрақ ұшып, құлдық ұратындардың санын қайтсем көбейтем деп басын тауға да, тасқа да соққызбай ма. Түймедейін түйедей ғып танытпаса, көңілі көншімейтін бөкене сорлылар өзінен оқ бойы озықтарды қаралап-ақ әлек. Қаз дауысты Қазыбекке жапырыла құлайтын халық ықыласын көргенде өзегін өрт жайлап тыжырына қа-латындардың ішінде бұрынғы айтулы батыр, бүгінгі үй күшік пақыр да бар. Найзалыға табынатын қазақ хас батырының пәс пақырға айналғанын қайбір жақтыра қоюшы еді. Кешегі қайратын бүгінгі өзі қолдан жасап алған бишікеш айбатымен алмастырам дейтін әлгінің қаукөкіректігін үнемі жүйкесінде ойнап, жалақтап желкесінде тұрған жоңғары бар да қай қазақ қадірлей қойсын. Бұрын ел қорғаған ердің ендігі үй қорыған тірлігін қансыраған қарашының қайсысы кешіре қойсын. Ал ол болса өзіне білік пен білек атадан дарып, әруақтан келді дейтін далбаса сылтауымен ел көзіне түскіш боп әр төбеден бір бас қылтитып әбігер. Бірақ қым-қуыт дүрбелеңнің түп-төркінін қапысыз бағатын, ұлыс пен ру арасындағы тартыс пен таластың тамырын дәл ұстап, таратып беретін Ұлы бидің етегін қағуға шамасы келмейтін сол байғұстар өңменің өзі үзер бақталастықтың қыжылы мен кіжінуін тастамай-ақ келеді. Қалың қазақтың ортасынан жарып шыққан әулиедей биге халықтың өзі қамшы ұстатқанын көре тұра көрмегенсіп, біле тұрып білмегенситін сол бишікеш байғұстар өздерін әр аймақтың айтулы биі, ардақты топ жарғышы санап, Қаз дауысты Қазыбекпен кеуде таластырмақ болған әрекетінің аспандағы күнді алақанмен жаппақ болған пәруайсыздық екенін ұға бермеуі-ақ жаман.

Тұс-тұстан ағылып жатқан жұрт әзір саябырситын емес. Көкжиектен бозарып көтерілген кілегей мұнарды тілгілеп түбіттей шаң тұтанады да, сәлден соң шудадай шұбатыла созылып қырдан бері асып түсіп, иінкіден төмен түйдектеле құлдилайды. Сол-ақ екен тойға асыққан әсершіл қазақтың алақандай көзіне ұзын аққан өзеннің көгалы ұйыса өскен қолатына оқшаулана тігілген ақ жұмыртқадай ақ отау, ақ үйлер барынша ырыс белгісіндей боп шалынады. Қазір-ақ анау тойшыл ауылдың бұлаңдаған бойжеткендерінің күміс күлкісіне балқып, сылаңдаған келіншектердің қолынан шыққан ас-ауқатқа кеңірдектейміз дейтін тілемсек дәмелер еріксіз жамырап қоя береді.

Ұлытау төңірегі биыл аса құлпырып кетіп еді. Даланың тамырына қан, емшегіне нәр жүгіріп өткені сондай, төңірек түгел қырмызы гүлге, жасыл желекке бөленген. Сай-сайдан сылдырап аққан ерке бұлақтар ирелендеп аққан сансыз өзендердің суын молайтып, күркіреуін күшейтіп кетіпті. Аққан судың сылдырына жайшылықта тамылжыта сайраған әнші құстардың өсем үндері ұласып, сонау төбеден төменге таласа жөңкіген арналарды жағалай қуалап, жамыраса ұзап жататын. Бүгін соның бәрін тойдың топыры, топырлаған жұрттың азан-қазан қиқуы көміп кетіпті. Еңісте етек-жеңін жайып жіберіп, ұлы дүбірлі той жабдығына кіріскен бай ауылға ұзыннан ұзақ созылған Ұлытау алыстан шалқая көз тігеді. Көптен көрмеген қызығын тірілткен бауырындағы еліне емірене ме, әдеттегі бұлт сәлдесін сыпырып жіберіп, ақшулан тартқан төбесін бозғылдата жалаңаштап тастапты. Өңі өшкен жез табақтай күреңіткен өткір кірпік күн ғана күндегі тірлігінен айнымай, ашық-тесік төбе түгіл тас ерітердей қызуын аяусыз төгіп тұр.

Жан-жақтан ағылып-төгіліп жатқан көпшілікті алтын орда-ақ үйінде отырып-ақ сезген би Қазымбетке иек көтерді. Әке қабағын бағып өскен сергек ұл бас изеп елгезек құптау танытты.

— Көбейді ғой ел қарасы. Ниетінің түзулігінен шығар. Табағы тықырланбайтын болсын.

Осы ескертуі жетіп жатыр. Қазымбет дереу шыға жөнелді. Ендігі той жабдығы одан әрі пысықтала түсеріне көңілі тоғайған Би аға құс жастықты қолтығына қысып, жантая кетті.

Көптен бері ат ізін салмай үнсіз жатқан ел жақсыларымыз дейтіндердің іштей не ойлап, не бағатындарын сұңғыла би айтқызбай-ақ сезетін. Әсіресе Әбілқайыр ханның қатын патшаның қолын ұстап, етегінен сүймекші ниетпен Петерборға жіберген елшісінің хабар-ошарсыз бөгелуі де көп адамның көңілін күпті ғып барады. Әрине, шалқақ басын кекірейте түсетін патша әкімдерін талай көрген би олардың түз елшілеріне өзім деп өзегін аша қоймасын жөне біледі.

"Бірақ далиған даланың асты-үстін тіміскілегіш сары орысың сол далиған даланды айдың, күннің аманында елеусіз жатқан тулақтай етіп қомағай өңешінің көз алдына көлденең тоса қойсаң, екі езуінен сілекейі шұбыра бас салмағанда қайтсін. Қай жағынан қазақ жерін шет-пұшпақтап қырқып, түптің түбінде түгел асаудың орайын қалай келтірем деп ойын он саққа жүгіртіп, рәсуасы шығып жүрген қызыл көздер алтын табаққа салып ұстата салған мол сыбағадан өлсе айрылар ма? Табағымен қоса жұға салар-ау. Елшілері кешікті ғой. Кешіккені ғой жүректі шошытатыны. Дүмі күштінің сес атқыш әдеті шаппа-шап әрекет пен қимылға әрине ұмтылтпайды. Кергімесе, созбаса, қинамаса несіне адуын ол. Несіне азулы ол. Табағың ескілеу, тамағың суықтау екен дегіш тәкаппар да паң сылтауды үсті-үстіне тоғытса, көзін сатқыш, қойнын ашқыш бәдік байғұстар одан сайын қуыстанып, қай жерімнен кінә мен күнәға баттым деп өз-өзінен ылдилап, бүрісіп бітпей ме. Орыстікі де сол. Шегіне жеткізе әбден бүрсеңдетіп алады да, әкенің тентек ұлының текіректігін еріксіз кешіргендей кең қолтық мінезін танытқан болады.

Әй, келеді-ау!.. Көп ұзамай қатын патшаңның адамдары үйіліп-төгіліп жетеді-ау! Әлекей-шүлекейге қызыққыш қазақты тиын-тебеннің сылдырымен алдап, шұлғауға да толмас сәтен-шытымен-ақ арбайды-ау!.."

Би күрсініп қалып, майлық орамалымен жіпсіген мандайын сүртті.

"Әбілқайыр терең. Тереңдігі тазаға, адалға мөлдіреп толып тұрса, түңіліп нең бар. Әй, бірақ сол өзі, тазалық шіркіні жетпей жатыр ғой онда. Сұлтанның өзгеден гөрі өзін көп ойлайтын қарабайыр пендеге айналып кеткені көңілді құлазытады да. Әйтпесе, Әбілқайырға ұйыған талайдың көңіліндегі әдемі үміт осылай жып-жылдам жоғалар ма еді. Көп сұлтаннан кеудесі озық, қайраты асқан, қажыры мол, кісілігі келіскен, көкірегі ашық азаматым-ақ еді. Оның да ішін кеулеп кеміріп бара жатқан баққұмарлықтың алабас құрты екен-ау! Өзегін құрт шалған байғұс бір-ақ сәтте өзгеріп құбылып шыға келмеді ме. Үш жүздің киелі ноқтасын уысыма жұмарлап ұстаймын деген қытымыр дәмесі қолына түспейтінін сезген заматта-ақ "шуу, қарақұйрық!" деп ат басын бұрып алып, шаңын бір-ақ көрсетпеп пе еді Аңырақайда. Сол әрекеті сатқындықтан да асып түскен еді-ау. "Билігіңді қолыма ұстатпасаң, қазақ, қолымның ұшын да бермеспін!" деп көрінеу көзге қиянат зорлық жасағанын, әй, көбіміз ескере бермейміз де. "Қайтсін, ер туламай ма, ат мөңкімей ме!" дейтін көнбістікпен бас шұлғимыз. Ұрымталда ұрт қимылдап жоңғарды жонынан тартып, жығасын жығып, айды аспанға бір-ақ шығаратын ұтпалы кезең сол Аңырақай тұсы еді. Амал не, қолды бөліп, жол мен жөнді бұзғандардың ғана кесірінен қасиетті жеңістен айрылдық та қалдық. Қазақтың тағдыр-талайына алауыздық дейтін қасірет үнемі жазыла берсе, Әбілқайырдың әлгі қысасы да соның бір шылауына ілігіп кеткен өшейін көрбілтелік қана ма екен, әлде?..

Әй, түптен түкпірлеп ойлайды-ау ол. Қазақтың қолынан бермегенін жолынан тартып алмақшы енді. Қатын патшаның құзырына қол қусырып, оң қабағына ілінбек. Сөйтіп қомағай дәменің ындынын түн ұйқысын төрт бөліп аңсаған хандық билікпен толтыра алса, далиған даланы тулақтай төмпілдетіп сабалағысы келеді-ау. Сабалар-ақ... Одан кейінгісі белгілі. Еңсемді көтердім деп едіреңдеуі хақ. Бұрынғы ақылдымен сыпайы, ақымақпен әмпейі Әбілқайырдың көлеңкесіне де зар боларсың әлі-ақ. Әр қабақтың дүмпуін ескеретін қайран Тәуке болу қайда. Билік білегіне күш қосқандай қонышындағы қамшысын қолынан түсірмей, екі аяқты біткеннің көзіне көк шыбын үймелетуге, әй, бұл шіркін барын салар-ау..."

Басқа сұлтандардың да өзгеден озып кеткені шамалы. Есептен ұтылмай, ептен тосылмай өтуге жанталасқан шіркіндер ел қамын бір ойламай-ақ қойды ғой. Жұртпен керенау сөйлесетін сұлтандар бидің алдына төменшіктеп келуді де көбейтті. Құлақты анда да, мында да тосып әбден сілелері қатқан байғұстар көптен бері дымын шығармай тым-тырыс жатып қалған бидің қай қиырдан шығарын, қай төбеден шаң берерін сезгілері келе ме, біреуі көне Ұлытауды бетке алып, би аулына жол бастап барып еді, сол-ақ екен қалғандары да әлденеден құр қалатындай-ақ селтеңдеп күн құрғатпай жетті де тұрды.

Не айтсын олар. Құлап жатып сүрінгенге күлетін қазақ батыл боп көзге түсуге құмар ғой. Өз кеудесін оба емес, төбе ғып қалқайтып көрсетуге тырысатын бәкене шіркіндер Әбілқайырды әрине жер түбіне бір-бір апарып тастаған.

"Кеудемсоқ! Қатын патшайымның көмегімен хандық тізгінді жұмырығына жұмарлап, қазақты иіріп айдамақ ол зәлім!"

"Зымыстан Әбілқайыр есіктегі орнын орыстар арқылы төрге оздырмақ. Әй, онысы өте қоймас. Оздырмаспын-ақ!"

"Жаман Үсіктің мына озбырлығын қайтерсің, ө! Жәдіктің әруағына басармын-ақ. Мықтап басармын!"

"Әй, ана шатаның иығы шыға бастапты. Сол шошаңдаған иығынан шошайған басын жұлып түсірсем ғой, қиқаң-сиқағынан біржола айрылар еді!.."

Қазыбек ешқайсына да емеурін білдірген жоқ. Бүлкілдеген Батыр сұлтан да, батылсынған Барақ та, секендеген Сәмеке де, кішірейген Әбілмәмбет пен Күшік те би ойына ештеңе қоса алмап еді.

Тойды әдейі сылтауратып, бүгін оқшау кеп түскен Барақ Қазыбектен жырғалап қаншама сыр тартпақ болса да, бидің жым-жылас боп ой тасалаған күйіне шыдай алмай сұлтан бір кезде шыж ете қалды.

— Оу, Қазеке! Ойпырай, сіздің ішіңіздегіні атан түйемен тартып шығара алмайтын болдық қой. Әу, осы ел аман, жұрт тынышта өз тізгінімізді өзгенің қолына қыстыра салуымыздың жөні қалай болмақ? Санда бар да санатта жоқ ел ме едік. Алпыс екі баулы алашты құйысқанға қосақтай салар күн туды ма әлде. Әлде өткінші бақты өзімізден өзгеге ығыстыра қояйық дейтін жосықсыз жомарттық жасамақпыз ба, Қазеке? Не боп барамыз? Табынған тағымыз аласарып кетсе, бағынған ханымыз ұсақтап кетсе, сол аласаны биіктетудің орнына, сол ұсақты үлкейтудің орнына басқаны басымызға шығартпақ болуымыз қалай? Өзіңді өзекке тепкізіп, өзгені оздыруымыз қалай? Оу, Қазеке-ау, төрдегі басты есікке сүйрегенде ұтарымыз не? Төрге добал аюды дөңкитіп отырғызып қойып, өзіміз босағадан сығалағанда табарымыз не? Әрине қашқанның да, қуғанның да сиынары бір Алла. Қашқан да, сасқан да дәл бүгін алашың боп тұр ғой, Қазеке. Қашқанның сиынары әлжуаз болса қайтеміз? Құдай салды біз көндік деп тұяқ серпуге де жарамағанымыз ба?

Осы тұста шын күйзелген болса керек, Барақтың даусы жіңішкере шиқылдап барып үзіліп кетті. Алдында тұрған тостаған толы қымызды бас салып, тік көтере аузына құя салды. Демін енді ғана алып, алақанымен мұртының қос шалғысын сипап өтті. Жанарын қайтадан биге тіктеді. Үнсіз томсарған жүзден емеурін білдірген ыңғай таппады ма, тағы да шапшып ала жөнелді.

— Әу, Қазеке, құдайшылығын өзіңіз айтыңызшы. Осы Әбілқайырдікі былайғы жұрт айтатын құйысқанға қыстырылу болмай, бұйдаға қос қолдап тал асу емес пе. Оу, ол өз буына ғана мастанып жүрсе жақсы ғой. Қатын патшаның дамбалын иіскердей сатқақтаған бұтына шақша басын сақылдата ұрып жүріп, ақырында тұтас қазақтың мықты тізгінін уысына біржолата түсірсе қайтеміз? Тәңір баспаған кеудемізді Бөлекей-Қоянның жаман-жәутігіне тойтаңдатып басқызып қоямыз ба? Қол түгіл шаң тимеген асыл жағамызды тесетінсығалайтын Үсіктің шәлдірегіне жыртқызып қоямыз ба?

Қазыбек мырс етті. Барақ қалт тоқтап биге елендей Қарады. Ашық-тесігі білінбес бітеу пішін әлі де салғырт тосып отыр екен. Барақ тұлан тұтты.

— Ойпырай, Қазеке-ай! Ағайынның арындаған ашуын емес ашынтқан арызын айтқалы кеп ем, ар жағыңыз түгіл бер жағыңыз да көрінбей барады-ау. Өкше көтеріп, Әбілқайырмен төбе салыстырғалы отырғам жоқ. Салыстырсам, ол-төбешік те, мен-асқар. Айдалада маңырап жүретін жетім қозының енді кеп серкемсіп алдыма түсемін дегеніне қалай көнермін. Саяқтаған шіркінді текті айғырдай осы бастан тістеп, тарпып, тепкілеп бездірмесек, алдымдағы үйірді омыраулап, анау ен жайылған қосты дүркіретіп қуалап алып кетер. Осыны неге ойламаймыз. Оу, бәрінен бұрын еркімді тұзақтап, азат басымды азап ноқтасына сұғуым қалай? Иығыма өзгені жалпитып қондырып, қос өкпемнен тепкілететін болсам, ойбай-ау, қолаңса сасып, көмейінен түтін будақтатқан мұжықты емес, анау түрі-түсі өзімдей, тұрмыс-салтымен тумамдай ойратқа неге бас имедім? Жоқ! Кең даламда жал-құйрығын желмен суылдата еркін шапқылаған бұла тірлік, бұғаусыз өмірден айрылғым келмегендіктен ол. Айдың, күннің аманында қайқы көкіректі шөгеріп, шалқақ басты еңкейтіп, кіріптар бола қалуымыз қалай? Әу, Қазеке, өзіңіз айтыңызшы. Кіші жүздің ұшық-пұшығындай үш-төрт қана атаның тіпті бурасы да емес атанындай Әбілқайырдың атағымды шығарам, абыройымды асырам дейтін кердеңдігін неге көрмейміз? Оу, азуы алты қарыс Арғын, Найманды өз атымды оздырам дейтін әлдебір шәуілдектің арам тілегі үшін обыр орыстың апандай өңешіне тыға салмақпыз ба? Онда... онда біз дағарадай бөрік кидік деп несіне буымызға пісіп жүргенбіз. Әбілқайырды Алланың аузынан, пайғамбардың белінен түсті десеңіз, солай ұйғарсаңыз, онда біз несіне арсылдай берейік. Құйрығымызды бұтымызға тығып, қыңсылайық та көне қоялық. Осы ма діттеріңіз?

Қазыбек ыңыранды. Бараққа үлкен қара көздерін кең ашып, қадала қарады. Бірақ әлгі қарастан сұлтанды құптағаны да, даттағаны да сезілген жоқ.

— Ей, Барақ,-дегенде қабағына кейіс табы ілінді. — Аттың жалы, атанның қомында күн кешкен қазақпыз дедің. Қашанғы тырағайлап көше берерміз, қашанғы безектеп безе берерміз? Ат байлар қазық, кіндік байлар тірек неге іздемейміз? Шалқыған теңіздей, сусыған сағымдай тынымсыз аунай бергенімізбен ордамыздың орнықты орнын тиянақты сайлай алмай жүргеніміз қалай? Өрісті кеңейтеміз деп, қонысты аудара беруден ығыр боп бітпеп пек? Әбілқайырдікі сол оты бар жер деп әр сайға, әр бұлаққа отау тігуден запыланған берекелі тірлік болса не дерміз? Ортадан ойып тұрып орнықты қазық қаққызам дейтін зар тілек болса, қайтеміз? Құдіретті Қаратау мен қасиетті Ұлытауға ғана арқа тіреп, табан басқан қазағыңның керегесі бұрынғыдай Алатау мен Алтайда, Атырау мен Жайықта жайылмай қалғаны қалай? Соны пайымдадың ба, Барақ? Жан-жағыңнан андыздап тықсырып келе жатқан жайын ауыз жауларың сол қабырғадай Қаратауың мен ұлыс ордаң-Ұлытауыңнан да бездірсе, қай қуысқа тығыларсың? Көрмеймісің кезенген керді. Сезбеймісің шырылдатар шерді, Барақ сұлтан? Орманнан шыққан орысың төл даланда андағайлап өріп кеткен жоқ па бүгін. Шалғайдағы шүршітің саумал сағымды сахараңа көзін суармай ма бүгін. Түстіктен қыдыңдап қызылбасың, батыстан қақшаңдап қалмағың, шығыстан жалақтап жоңғарың іргеңді тақырлап, сауырыңды сүңгілеп жатқан жоқ па. Қай өңешке жұтылып, қай көмейге тұтылып кетерімізді өзіміз білеміз бе, Барақ сұлтан? Ел болам десең, есінді жимаймысың. Есем деп бір-бірінмен есептеспей, өсем деп естілігіңді жасамаймысың.

Бидің сәл бөгелгенін пайдаланып, Барақ шыжбалақтай қалды. Әлгіндегі салқын жүзден енді қызу леп есті.

— Оу, Қазеке, сонда "азат басымды ноқтаға көргізбеймін" деген менікі теріс те, өзіңіз айтқан ормандағы аюдай қорбаңдаған "орыстың оппалы орына қазағымды түсірем" деген Әбілқайырдікі дұрыс па? — деп тыз етті.

— Кіжінесің-ау, Барақ. Әрине аң құсап орға түсу, оп қабу кімнің маңдайынан жел естірте қойсын. Бірақ дәм қайда айдайды, күн қай тұстан шығады, жел қай жақтан соғады-беймезгіл кездің беймәлім тірлігіне тап келдік қой. Қатықтай ұйыған баяғы ел қайда? Талыстай жайылған бұрынғы жер қайда? Самсаған сансыз пәрменді білек қайда? Самсаған сансыз білекті шырмаған әдемі тілек қайда? Қым-қуыт араласқан дүрбелең асқармын дейтін алашыңды бүгінде бетегеден биік, жусаннан аласа етіп қоймады ма. Тәукенің кезінде ғана тәубесінен тәуекелі көп қазағыңның жартысынан көбін жер жастандырған "Ақтабан шұбырынды" халқыңды қауқарынан ажыратып кеткенін сезбеймісің әлде. Бұрын тайталас түсіп, бірде жығып, бірде жығылып жүретін жоңғарыңның жолына кесе көлденең келе алмайтын дәл қазіргі пұшайман халге душар болғанымызды түсінбеймісің, сұлтан? Қаратаудың теріскейі мен Ұлытаудың арасына сынадай сығылысып әзер күн көріп отырған алашыңның жағдайын байқадың ба, сұлтан? Кекірейіп кеуде қағып, омыраулап өтетін кешегі күннің әлсіз екпіні әлі қалмап па еді сенен? Жау бетіне, жел өтіне шығара қоятын тұтас қолың қалды ма, Барақ шырақ. Қансыраған ұлтыңды қан көмейден жұлып алып, "қазақтың тұқымын өшірмей, өркенін өсірем" деген біреу табылса, әлгінің қолына неге ұзын құрық бермеске. Мүмкін Әбілқайыр хандікі де сондай зар тілеуден туған қамқорлық болса, қайтеміз. Есеңгіреген елін, қалжыраған халқын бір мықтының қолтығына тығып, қолынан ұстатып, ілгергі үмітімен жетелеткізіп, жеткізе алса, ондай әрекетін неге құбыжық көрмекпіз. Алыстың жолы алғашқы қадаммен қысқармай ма? Қиынның ісі алғашқы қимылмен жеңілдене түспей ме? Жеткізбес арман көп. Жолатпас тілек қаншама. Жеткізбес деп арманнан күдер үзгенде, табарымыз не? Жолатпас деп тілектен түңілгенде, ұтарымыз қайсы? Әліптің артын бағу да қиын. Алып-ұшып лепіру де тәуір емес. Бірақ ұрымтал тұсты қапысыз тап басуға не жетсін. Өртенер өзек біржола жоқ болғанша, сол өзекті өртер ертеңіңнің таусылмағанына не жетсін. Әбілқайыр мүмкін сол Қазақ дейтін өзекті өшірмей ертеңге тартуға әуре боп жүрген шығар. "Білегі көтере алмас шоқпарды беліне қыстырады" деп кейбіреулердің сырын алмастан: сыртынан шуылдай жөнелсек, тірлігіміз бен тіреуімізді біреу өздігінен қолымызға сыбаға ғып ұстата салар ма.

Барақ биге сұп-сұр боп ажырая қарап қалды. Ішінен "мына кәрің қай шиырды шарлап кетті. Осылар алжи бастаған ба, әлде менің жарғағым жаңылыс естіп отыр ма? Әу, "ноқталы басқа бір өлім!", "алдымен сол басқа ноқта салып алайық та" дейтіні қинайды-ау. Ал салсын ноқтаны!"

Барақтамағын қырнады. Би қабағын қиғаштай көтерді. Қабағын көтергенде, маңдай терісі жиырыла қалды.

— Ал, салсын ноқтаны! Қазеке-ау, содан соң сол ноқтаны мойнынан сыпырып тастай алмай, құлдық қамыты желкесін қажаған ұрпақтан туар ұрпақтарымыз біздерге, мына сізге, мына маған қарғыс айтып жатса қайтерміз? Сонысын ойладыңыз ба?

Қазыбек ықылық ата ауыр күрсінді.

— Күпсіп сөйлемейік, сұлтан. Ноқта басқа әлі түсе қойған жоқ. Түскен күнде де ел тізгіні қолдан сусып шығып кете қоймас. Бәрінен де бұрын жер басып жүргенге не жетсін... Дүниеден біржолата жоқ боп өтіп кетпей, тауарихтан ұлтыңның атын жоғалтып өшіп кетпей, далиған далаңның ең болмаса бір пұшпағында қалқайып көлеңке көлбетсең... жұмылған жұдырықтай тас түйін қол, темірдей тегеурін заманның заманында қазағыңнан да табылып қалар. Сөнгенді тұтату қиын, өлгенді тірілту ақырет. Еңкейгенге шалқайған да жаман. Шалқайғанға еңкейген де абырой әпермес. Бірақ дәл қазір біз кертитін кезең бе, сұлтан. Шалқақтап жүретін жансая күндер жоғалды ғой. Аңырақайда тұмсықтан соғылған жоңғар жарасын жалап жазып, жау-жарағын сайланып, көктемде дүрілдеп қар көшкініндей жөңкіліп жетпес дермісің. Көк желкеңнен көк сүңгісін қадамақ болса, қолын қағар дәрменің жеткілікті ме. Жеке барып, сол ойраттың омыртқасын үзіп, етегін түре шауып әкеле алармысың. Қасым мен Есім хандардың тұсындағы асқақтаған айдыны, Жәңгір мен Тәуке хандардың кезіндегі сескентетін айбыны озған қазағыңның қорғасындай салмағы мен сескендірген сапасынан айрылып, тозып кеткенін әлі сезбеймісің. Әркімге бір жалтақтаудың, әркімге бір жақтаудың қасиетсіз күні жеткенін ескергің келмей ме? Өз тізгініме өзім ие болам деуден артық қасиет жоғын мен білмей ме екем. Бірақ сол тізгінді таласа жұлып, жұлқылап жатқан ашқарақ көз, қомағай өңеш, кебеже қарын көршілерінді көрмеймісің. Бүгінде базБіреуге бұратана, баз біреуге босқын, баз біреуге бүлікшіл боп танылған жұртыңның кешегісін қайтара алармысың? Оңынан айын, солынан күнін туғызып, баяғыдай қой үстіне бозторғай жұмыртқалатып, бейбіт тірлік, берекелі тұрмысын бере алармысың?

Қазыбек өз сөзінен өзі ауырлап, енді Барақ Сұлтанды да ұмытқандай шырмауы көп, ұшығы жоқ шытырманды шиырлап, қалың ойдың ми батпағына кірді де кетті.

"Ал, тәуекелді мінсін делік. Әйел патша қазаққа қол ұшын беріп, қанатының астына алсын-ақ. Ау, сонда сол қанат астына түп-түгелімен өз еркімен кіре қоятын тұтас қазағы бар ма? Әбілқайыр әрине үш жүздің екі тізгін бір шылбыры өз қолында тұрғандай екпіндеп хат жазып, елпілдеп елші жіберген болар. Әрине орыс жұртшылығы да алды-артын екшемей, ақ-қарасын анықтамай түгелдей қолқ етіп түсе салмайды. Тексерген де, анықтаған да болар-ау. Әбілқайырдың сонда батпан-батпанмын дейтін салмағының азайып, жеңілдеп кеткенін білген де шығар-ау. Үш жүз тұрмақ Кіші жүзінің де үштен біріне өрең иек көтерерін көрсе, көнер ме еді, келер ме еді. Келеді. Онсыз да далиған дейтін далаңның әр тұсынан жер қазып, әр тұсына қазық қағып, әр тұсына шеңгелін батырып, қамал-қаласын салып жатқан түкті бет, жүнді ауыз орысың өзің кіріптар боп барып, кішірейе иіліп қолыңды ұсынсаң, қолыңды қолтығыңмен қоса жұлып алардай бас салмай жын ұрып кетіп пе. Бас салады. Іздегенге нағыз сұраған осы...

Ал келді дейік елшісі. "Басам десін қанатының астына". Сонда даусын жер мен көкке бірдей атып, көк бөрідей жотасын тікірейтіп, көкдолы ашуға әлден-ақ мініп отырған мынау Барақ сұлтан иіле қояр ма екен оларға? Иліге қояр ма екен орыстарға? Басқалары да шабына айыл батқандай мөңкіп шыға келсе, не болмақ? Тағы да қазағыңның түндігі желпілдеп, тағы да қазағыңның ауылын шаң басып, тағы да тыныш ұйқы көрдім бе деген қазағың жаңадан жау тапқаны ма? Ойпырай, қайтсе жан қалар?"

Даусы шығып кеткенін өзі де байқамады.

— Қайтсе жан қалар?-Өзіне түксие қадалған Барақтың да жүзіне әлдебір үрей нышаны ұялағандай боп көрінді.-Оу, сұлтан! Қиянатшыл дүниенің қаперіне қиянат жасадым дейтін түйсік кіріп шықпайтынын білемісің? Өзгенікі оған түгел зорлық көрінсе, өз зорлығы өзгеге зорлық боп тиерін ұғынар пенде бар ма? Қалды ма сол ой теңселтер адамың? "Анау арамға мынау зауалым! Мынау зауалға анау сауабым!" деп тақылдап отыратын дайын жауап көкірегінде тіреліп тұратын болса, онда алыс-жақын мен ақылдасудың қажеті қанша? Керек пе сол ат шаптырып ала өкпе болу. Араз-құразды онсыз да өрбітетін ағайынға сөз беріп, сылтау тапқызып өтірікші атанғанша, үйде жатып-ақ неге анаған да, мынаған да жақ тартып, жебе сілтей бермеске. Бәрібір қиюы қашқан дүние орнына енді түспестей боп кетті ғой. Бәле басы пенде де емес, би мен батыр да емес, сұлтан мен хан да емес, тіпті сонау ұзын етек қатын патшаң да емес, құлағыңнан басып тұқыртқан, кеудеңнен басып тұншықтырған, біріңді емес бәрінді құрдымға қарық қылуға жең түріп білек сыбанған Құдайың болса ше?! Хақ Тәңірдің өзі! Жеткізе алармыз ба оған тіл хатты? Өткізе алармыз ба өтініш-өксімді? Ұғар ма? Ұғынар ма сол Өзі? Ал обал-сауалын жаратқан Құдіреттің өзі көтерер, біз несіне күйіп-пісеміз десек, ноқтасына да, жүгеніне де, құлдық қамытына да үнсіз мойынсұнып, көз жұмып басты тоса береміз бе?..

Барақ килігіп кетті.

— Оу, Қазеке! Сізге не болған бүгін? Ой шіркінді мен саумайды деймісіз? Шарламайды деймісіз сансыз із-түзсіз шиырды? Одан пайда не? Не жынның сыбырын, не перінің жыбырын естірсің ой түбін қуалай берсең. Одан жалығып та, түңіліп те біткем әбден. Маған Әбілқайырдың ақ-қарасын ғана анықтап беріңіз. Өзіңіз айтқан құлдық қамытын ел басына кигізер болса, алдымен Әбілқайырдың басын алам. Сонсоң ормандай орыстың қолыма түскенінің қанын судай шашам. Менікі осы. Осымды не ақтап, не даттап беріңіз, Қазеке!

Қаз дауысты Қазыбек жымиған болды. Онысы бірақ күлкіге онша ұқсамады.

— Қаншасын тауысарсың?..

— Оу, мен бастасам, қостайтындар да табылар.

— Тағы бір от тұтатып, ортамызға өрт тастатасың ғой онда.

— Басқа амал қалды ма?

— Иә, басқа амал қалмайды, Барақ. Бірақ жаман ойдан аулақ тұрайық әзірше. Орыс әлі өкшелеген жоқ. Мүмкін келмес те, сенбес те Әбілқайырға. Сен бүлінді екен деп түзеліп жатқан дүние тағы жоғын да ескер. Шығыстан сұғын қадаған айдаһардан сескенгенде, мынау іргемдегі найзасын шошаңдатқан қалмақ пен естектердің де, қызылбас пен ойраттардың да әрекеті қолдары қышып, қару ұстап, жан-жақтан түртпектеп, бір қорқытып алайық дейтін тентек балалардың берекесіз ойындары тәрізденеді-ау. Анау қарақұрттай қаптайтын шүршітті ойлағанда, жаным мұрнымның ұшына келіп, жүрегімнің тас төбеме шығарын сенен иесіне жасырам. Ондай күннің, ондай зауалдың бетін құдай аулақ қылсын. Аузынан жалын атқылаған айдаһарың меңірейген меңіреу далаңа тепсініп жетсе, қалқалар таса, паналар қуыс таппаспыз. Әлгіні сескентер, көлденең тұрып, жолын бөгер құдірет бар ма бізде? Жоқ қой, сұлтан.

— Әу, Биаға, сіздікі бітпес сарыуайым ғана. Шүршіт қайда, біз қайда. Ортада көк найзасын көкке білеген жоңғар жатқанда айдаһар болмақ түгіл жаналғыш Әзірейіл болса да олар бізге жолай алмайды. Әне айдаһардың жолын бөгейтін тосқауыл, — деп қопақтаған Барақ сұлтан биді қағып түсірмек болды.

— Жоңғар дейсің-ау. Ол да біздің егіздей сыңарымыз ғой. Бүгінде көшпелі елдің онша өспегі жоқ, өшпегі көп. Келешек кентті елдің кереметтігінде. Өнерінде. Оқу-тоқуында. Көк найзаңның күні өткен. Қой құмалағындай қорғасынның қасында ол шіркінің тулақ сабайтын сабау ғана. Жалаңдаған айдаһар ойратты жалмай ма екен. Қан дәміне тұшынып алған соң сенің далаңа қарай самғамас па екен...

Бидің кеудесін жайлаған үрейдің ауқым, салмағын енді ғана екшеді ме, сұлтанның да ұнжырғасы түсіп кетті. Өз ойында жоңғардан өтер мықты, ойраттан озар құдірет жоқтай көретін шіркін өзі заңғарға балаған сол асқарының аспан тіремек түгіл бұлтқа сес көрсете алмас жайдақ төбе ғана екенін осы қазір пайымдай бастап еді. Әлгінде теңселіп-шайқалып, ырғалып-лықсып отырған қимыл-қозғалысынан да сәтте айрылып, мелпіді де қалды.

— Е-е, бостан болу арман ғой. Бодан болу-құлдық қой. Арман қусаң-өлесің. Басынды исең-көнесің. Екінің бірі дейтін тар есік, тас босаға тұр алдында қазақтың. Сынасың ба, иілесің бе-шешімің де, кесігің де өз қолында. Тағдыр-талайыңның басқа қармары жоқ. Тығырыққа тіреп қойып, тап басып, табжылмай тұрып, табандап таңда дейді ол. Ал таңда! Маған сен не дер ең, Барақжан? Қай тұсқа қол сөздер едің маған? Салмағын сездің бе? Жауапкершілігін ұқтың ба?

— Оу, Қазеке-ау! Шынында екінің бірі дейтін тар қолтыққа тақалсақ, онда мен де не дей қояйын. Таңдау деген немені өмірі ұнатпаушы ем. Алдыңа келгенді құр жіберме-дәм болса, аса! Мал болса, құрықта! Желекті болса, желік бас! Осыдан артық не білуші ем. Ал сіз айтқан кер шынымен төніп кеп қалса... әй, қиын-ау, қиын. Шүршітті білем ғой, хонтайшыда... сәл кідірді. Енді неге бөгелем дегендей қолын сермеп қалды.-Хонтайшыда болғанымда, көргем оларды. Әй, қылқиып отырып-ақ көмейлеп жұта беретіндердің нақ өзі ғой. Сыбырлай сөйлеп, сығырандай күліп, сықсия қарап-қатыншылағанымен, әй аяушылық білмес қатал кебінен ызғырық ескендей болған. Көп дейді ғой өздерін. Тіпті сан жетпейтін көрінеді. Қаптап кетсе...Барақалдындағы еселеп құйылған тостағанға тағы да қол созды. Тағы да жұтқыншақ жоғары-төмен үш-төрт шапшыды. Тостағанның түбі көрінді. Сұлтан ықылықтап дем алып, аузы-басын күректей алақанымен үйкелеп жіберді. Мүләйімсіп биге қарады. Енді манағы суық қарас, сұсты кейіптен із де жоқ еді.

— Көп деймісің?.. Жай ғана көп емес, сұмдық көп қой олар. Жаяулап қана, жалаңаш қолмен-ақ даламызға құрттай қыбырлап, шегірткедей шұбырып жайылып кетсе... көметін де сүйек, егетін де тал, бағатын да мал қалмас. "Тұқымсыз кетті деген сол-ау!" дейтін құбыжық ойға батсам, жалына қол апартпай, қосаяқтап аспанға шапшитын кей қиқарларға мән-жайды қалай түсіндірем деп сеңаққан балықтай мәңгіріп қалатыным бар, — деп би ауыр күрсінді.

— Ол қиқарларыңыз қашанғы шапши берер... — Барақ "кімді меңзегеніңізді сездім" дегендей нарт қызарған жүзді көлеңкелейін деді ме, шоқша сақалын сипаған болды.-Жан беру оңай ма? Ал азат басты ноқтаға керу-тірідей өлу ғой. Ақ өлімнен де асып түсер кәпір өлім сол болар. Бәрібір соны ойлағанда, Қазеке, кірерге жер таппаймын. Аза бойым қаза боп, у ішсең руыңмен іш дегенді бетке ұстап, қасиетті даланың құлан тірлігіне бағып, құрық салғызбай, қылғынып күн көргенше, қырылып өлгенім артық-ақ дегім бар. Бірақ... Әбілқайыр шынымен-ақ адасқан жұртқа жол таппақ па?.. Жол табам, халқымды ұрпаққа шығарам дейтін іңкәрлік Әбілқайырдың сонау қара зындандай түпсіз терең кеудесіне расымен-ақ ұялады ма екен?.. Әй сенбеймін-ау!.. Басқа басқа болсын, ғұмыр бойы Жәдік тұқымымен жағаласып, кеуде көтеріп, бой салыстырмақ боп жүрген нашар Үсіктің шәлтірегі ел қамын жей қояды-ау дегенге итім илансын. Оның түн ұйқысын төрт бөлген бар ынтығыасқақтайтын абыройы мен батпандайтын бағы ғой. Жоқ! Сенбеймін оған. Діні бөтен, тілі бөлек орысқа бодан болам деуінде, Қазеке, сіз айтқан шарасыздықтың таңдауы жатса, онда оның азаматтығына бас ұрар едім-ау. Жоқ қой ондай адалдық. Әбіл-қайырдікі әріден дәметсе, бүкіл қазақтың бүтін бұйдасын ұстау, беріге қанағат қылса, Кіші жүздің тізгінін жеке қармау. Сөйтіп Қайып баласы Батыр сұлтанға тезек тергізіп жіберу. Кіші жүзге мүлде сиғызбау оны. Бір үйірге қос айғыр қажет емес. Кіші жүздің талас тізгінінен Батыр сұлтанның қолын қағып тастап, кеудеден нұқып жіберіп, айдап шықса, ақ патшаның қатынының дамбалын, еркегінің шалбарын басына жастанып өтер ол.

— Жуасуың да, шапшуың да тез-ay, сұлтан! Әбілқайырды тым сүмірейтіп жібердің. Бүгінде әркімнің қолы бір байлаулы ғой. Қасында отырып қанынды ұрттаймын дейтіндердің кейде сол байлаулы қолы болғаны да керек тәрізді. Берекесіз әрекетке бара алмайды байлаулы қолмен. Әлдебір ауыздан шыққан асау сөз сол байлаулы қолды шешіп жіберіп, саусақты қынға жүгіртіп, ойыңды шынға айналдырып жіберіп, сұмдыққа бастауы да кәдік-ау. Сондағысы бірін-бірі орға құлату. Абыройын төгу. Қыжылды көкіректің буына пісіп, жауымды жәукемдедім деп асып-тасу. Қыбыр-сыбыры көп қазағыңның сол қыбыр-сыбырын даласының жүрдек желімен, ұйтқыған боранымен күшіктетуі-қанына сіңген қасиеті де. Одан арылу да қиын. Арылмау да қиямет. Сенікі, Барақ, сол жел суылынан, боран уілінен жеткен қыбыр-сыбырдың айтақтауы болмасын. Әбілқайыр өзектесім деп өзгені ойлады ма, өзегім деп өзін ойлады ма мына харекеті кей-кейде ертеңгі үлкен зобалаңның алдын алар тосқауылдай нобай көрсетеді-ау. Қашанғы жел өтінде қалған қуыс қурайдай құр сыңсып жылай береміз. Қашанғы жел айдаған қаңбақтай жөңкіп онда шұбап, безініп мұнда дүркіреп, алаөкпе болармыз.

— Иә! Құрық салғызбадық әлі. Арқанмен шырмалмадық. Ен дал ада еркін шұбырып келеміз. Ерік тұсалған жоқ, Қазеке. Бостандыққа бұғалық түскен жоқ, Биаға. Қаңбақ тірліктің бір қасиеті-нар қасиеті де осы ғой.

Қазыбек бас шайқады. Жиырылған маңдай терісі көлденең сұлаған терең сызықтардың қатарын көбейтіп ала қойды. Кең көздерге суық жылт оралды.

— Құрық түспесе, бұрын түспеген. Бұғалық қаз мойынға сарт етпесе, бұрын аты маған. Ал бүгін... Ең далам дедің... Еркін шұбырдық дедің. Алтайың, Арқаң, Нарының қайда? Ұзын аққан Ертісің, көкше теңіз Балқашың, жасыл өлке Зайсаның қайда? Жерұйығың Жетісуыңа жамбасың тие ме?

Ен далаң тарылды. Кең дүниең бүрісті. Далаңды тарылтқан кім еді? Кең дүниеңді бүрістірген кім еді? Орманнан өрген орысың! Одыраңдаған ойратың. Қос құбыланды қамал-қаласын салып, орысың шегендеп салады. Қия басып көрші, тірсегіңді қисын. Бұғалық түспегені осы ма, Барақ? Құрық салмағаны осы ма, Алтын алқаң-Алтайды, алтын іргең Арқаны, жұмақ төрі-Жетісуыңды жоңғар жұмарлап басты. Бұрынғыдай бір шетінен жау тисе, екінші өңіріне ауа далаңның тарылғанын ескерсеңші. Көшіп кете алмайтын, қашып құтыла алмайтын қапас халге душар болдық қой.

Осы кезде күні бойы бидің оқшау кеңесіне бидің шымыртуымен қатысып, арқар мүйіз қос басты жаумен қымыз сапырып отырған Түйе батыр тамағын қырнады.

Қазыбек басын сәл бұрып аталас ініге "айта бер!"Бір қабақ танытты.

— Биаға! Ойпырай, көп нәрсеге мән бермей далақтап шаба береді екенбіз. Манадан бергі естігенімді мүлдем ауыр зілімен езіп кетті ғой. Арқаны биеге салып, Бәкең айтқандай ен даланың тұс-тұсынан жайылым, елге қоныс табармыз деп қоң жиып беруші ек, сол тіршіліктен де айрылып қалған топ шықтық қой. Тіпті, Биаға-ау, өзіңіз ортамызда құдіреттеніп отырғанда ештеңеден түңілмей, ешкімнен жасқанбай, арқамызды тауға тірегендей далиып жүруші ек Сізді сенделткен заман бізді мүлде тентіретіп жібермей ме. Мен... мен есеңгіреп қалдым білем. Әй, жұт болар жылдың қытымыр қысыңдай мынау дүниенің арқаны қысарын сезе бастағандай болдым-ау. Ендеше іздеп, пана таппақ қажет емес пе. Сол жел жақтан ызғырық өткізбес ықты да, жауын-шашыннан сақтар пананы да тауып, тандап беруші, Биаға, сіз... ә-ә...сіздер ғой. Әйтпесе біз төрт құбыла түгел тұрғандай... ештеңені ескермей... мән бермей жүре беріппіз. Сіздер күрсінгенде, мен үрейленейін дедім. Шошына бастағаным да рас. Етегіңізден ұстап, соңыңызданкеткенімізге мәз боп жүрсек, осындай жантүршіктірер сұмдығы бар екен ғой... Би аға, сізді де дөңбекшіткен,мына заманның түрі шынымен-ак жаман екен-ау. Тапсаңызшы бір айласын... амалын. Іздесеңізші ық пен пананы...

Қазыбек кеудесін көтеріп, Түйтеге ажырая қарады.Інінің шын тілектес пейілмен албыраған жүзін көргенде, қайтадан сұрғылт түске ауысты.

— Ық ізде, пана тап дейсің, Түйтем. Бар ма сол? Ығың-ноқта, панаң-бұғау боп оралса қайтеміз? Сенімді сергек кімің бар? Қай қамқоршың құшақ жайып, қойнын ұсынғандай бізге? Көп шарлап, көп шұқшиғанда көзіме түсе қоярдай қалтқысыз құшақты, достық пейілді көре алмай пұшайман болудамын ғой. Кірпігіңнің қадалары-батысың мен шығысындағы қос көршің ғана. Құшағыңа қысып қабырғаңды уатып, омыртқаңды үзіп жібере ме добалдай аю сирақ. Әлде от шашқан айдаһардың ыстық қойны жұтып қояр ма дымынды да шығартпай. Одақ болайық деген Тәукеге де, Қайыпқа да емексіткен ақ патша болған жоқ. Менсінбеген де болар. Қоңылтақсыған көңіл жалтақшыл... Ал бір мықтыға арқа сүйеу керек-ақ. Әбілқайырды кей-кейде қолдағым да бар. Арқа сүйер арқа тауып берсе екен... қазағының қалтылдаған тірлігін жалғастырып, ғұмырын ұзарта түссе екен деген зар тілегіммен жақсылық қана аңсаймын. Ізгілік қана күтемін. Анау башқұрт, анау қалмақ, сонау татарларды тұқыртып отырса да, панасына алған... ығын берген түрін көргенде... соларға... орыстарға қарай ойыссақ қайтер еді дегенге құрық созам... Құрық түспес құлан тірліктің дәурені қаншаға созылар. Аңдыздаған қызылкөз, жыртқыш азу көршілер түптің түбінде қыл бұғалықты жалаңаш мойныңа егеп-ақ түсірер. Одан бұрын өзің әрекеттенгенің қолайлы көрінеді де тұрады.

Қазыбек тағы күрсінді. "Қай шұқырда көмусіз қалары белгісіз халқыңның шарасыз күні жүйкеңді осылай жүндей түте берер ме? Әлде шынымен үміт шоғы тұтанар ма? Ақ патшаңда да қылтың-сылтың мол. Ол өзі қылтың-сылтыңды онсыз да өрбіткіш қатын патша болса, тұрлаулы сөз, түбірлі шешімді кесіп айта қояр ма. Баяғыда... он үш жыл да баяғы боп барады-ау, Қайып хан одақ болайық дегенде аяғына да отырғызбаған патша емес берідегі Тобыл ұлығының өзі емес пе еді. Әлі де Әбілқайырға елжірей қоймас. Ақ орданың үш арысының түгел билігін қолында жұмарлаған ұлы ханның өтініші емес, әлдебір кіші атаның Кіші жүзінің бір бөлігінің хансымағының бұйымтайына бола бас изеп, иек қаға қоймас. Тәуке кеткелі қазақтың басынан бағы, астынан тағы ұшқанын көрмес көрсоқыр емес. Оның үстіне ұлан даласының ұлтарақтай жеріне ұйлыққан елдің қазіргі мүшкіл халін және бес саусағындай біліп отыр. Шөре-шөре сұлтандардың жік-жік боп, өз алдына үш-төрт руды бөлектеп салып ап, сауырлап жүргенін тіміскілегіш майыр-сайырлары, тілмаш-біркәншіктері жеткізбеді деймісің жеткізетін жеріне. Шіркін Тәуке-ай! "Өлдің, Мамай, қор болдың!" осындайда айтылады екен-ау. Кешегі дүрілдеген күн, дүркіреткен қол, күркіреген айбын, атақ көзден бір-бір ұшты ғой. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын тұтастықтың быт-шыты шықты ғой. Қайта құрсауланар ма? Кім құрсаулар? Құрсаулаған күнде де кешегі көк қақыратып, жер тітіренткен құдірет алашқа қайта оралар ма? Қайдан оралсын. Бесеудің үшеуін жалмаған қоян жылғы топалаң қазақтың санын қайта толтыру үшін кемінде жүз жыл керек қылар. Оған шығысың мен батысыңнан анталаған ақикөз көршілерің қарай ма. Қаптап құйылар. Әлсіреп азайғаныңды, қансырап қалжырағаныңды олар бақпай ма?"

— Әу, Қазеке, не амал қалды? Бар ма сыңараяқ болса да бір соқпақ?

Өз ойының жүйесінен адасып қалған би сұлтанға ұзақ көз тоқтата қарады. Ананың мұртының қос шалғысының қозғалысынан ғана әлдене ұққандай болды.

— Соқпақтың тірелері-тас қабырға, терең шыңырау ғана. Қайда бұрсаң да, қайда бұрылсаң да маңдайыңның тірелері солар. Не өткел болар, не саты қылар жайды таппай отырмын. Кім білсін, әйел патшаң Әбілқайырдың арызына мүмкін пысқырмас та. Кердеңдігін олар бұрын да жасап, бұрын да жасқап келмеп пе еді бізді. Осы жолы да жарылқай саларына сенім аз. Бұрынғыдай тең тұрып, тең тұтып сөйлесуге дәрмен жоқ. Тәукеден кейінгі тәлтіректеген күйіміз енді көпке дейін оңалмас. Жеріміз шолтиып, өзіміз селдіреп қалдық. Он жыл бұрынғы қазағыңның санын қайта қалпына келтіру үшін үш-төрт ұрпақ жаңару қажет. "Кемеліңе кел, толқынды толтыр, өркеніңді жай!" деп көңілімізге қарап, арқамыздан қағып, маңдайымыздан сипайтын көршілеріңнің түрі анау. Жер бетінен мүлдем құрып кетсең-қуанбаса кейімейді.

Әй, енді ауыз біріктіріп, бұрынғыдай бір кіндікке байлана алар ма екенбіз? Ел кіндігі-қасиетті Түркістанды жат қолында қалдырған соң, түңілдің не, күйіндің не. Тұтастық ыдыраған жерде туыстық ұмытылады, жымысқылық өршіді. Ендігі санда бар санатта жоқ тірлік әркімге бір жалтақтаумен өткізер.

Барақ қопаңдап кетті.

— Ойбай-ау, дәл ондай күнге жете қойған жоқ шығармыз, Қазеке. Сіз тым сүмірейтіп жібердіңіз ғой. Санда да, санатта да бармыз. Неге болмайық. Анау Қалдан-Серен өзімізге... кәдімгідей-ақ құрақ ұшып, қол қусырып тұрады. Басымыздан бақ тайса, құдіретті хонтайшы қазақтың көп сұлтанының біріне қоғадай жапырылар ма еді?

Қазыбек мұрт астынан мысқыл күлкісін бүлк еткізді. Алдындағы тостағанға қолын созды. Сыздықтатып қана сімірді. Тамсанып отырып, тостағанды орнына қойды.

— Иншалла, ондай қадір азайып, қасиет таусылар сұмдық күнге жетпейік. Менің де зар тілегім сол. Әй, бірақ қиюы қашқан дүние енді құрсауланбас.

Уай, Барақ! Сенің хонтайшыл екенінді жасырсаң да, жасырмасаң да білем. Оның саған неге қоғадай жапырыларын да сезем. Жоңғаршыл сенің биігің-хонтайшы болса, сұлтан, төңірегіңнің онша ұзақ емесінен қорқам бірақ. Көрерің мен шоларың аз аласада тұрып. Жарақтымен жағалассаң да, жаңалғышпен опаласқанынды жақтырам деуім жалған болар. Қайтерміз. Әркімді бір мықтыға телмеңдетіп қойған заман қысасына не істерміз. Сен азынаған айғыр ең, үйіріңнен адасып қалып, саяқ боп кеткеніңді білмей жүрме...-би ыңыранып қалып, қолтығының астындағы жастықты жотасына қарай ысырып, кеудесін көтере шалқайды.

— Оу, Би аға-ау, ағымнан жарылсам да, ығыңыздан бір шықпадым ғой, — деп өкпелеген баладай ырғалған Барақ сұлтан көзі Түйте батырға түсіп кеткенде өз-өзінен қуыстанып, қарасұрланып Қақшиып ала қойды.-Тең теңімен... Әркімнің өз күйігі, өз биігі бар.

— Иә! Сенікі белгілі болды. Әбілқайырдікі анау. Сәмеке, Батыр, Әбілмәмбет, Күшіктердікін де айтарсың маған онда.

— Солардың ел қамы деп емешесі үзіле қояр. Бірін-бірі қызғанып, бірін-бірі тірсектеп, бірін-бірі тістеп тақ пен баққа таласқаннан басқа не білуші еді.

— Дұрыс айттың, сұлтан. Арқар ұранды азаматтардың өз бастары қосылмай жүріп, өз алашын өлсе қосар ма. Аз қазақты дар-дар бөліп, бөлшектеп әкеткен соларды көріп отырып, саған оң қабақ көрсетуге тырыспайтындай хонтайшың есектің миын жеген жоқ шығар. Ал сол хонтайшың құм санаған Қалдан-Серен болса, талай сұмдықты өрмекшінің торындай құрып, талай пәлені балалатып өрбітіп жатыр ғой ол. Саған да шырға салып жүргені содан.

— Е, менде несі бар? — деп тағы да бір қопаң еткен Барақ монтаныси қарады.

— Сенің азға да болса, аз да болса хан болғың бар, Барақ,. Рас па?

Қазыбектің дәл қазіргі тіке қадалған сұсты жанарыішіндегісін оқып отырған адалдық бейнесіндей көрінді ме, сұлтан бұлталақтай алмады.

— Әрине хандықтан кім бас тартушы еді. Бірақ Найманымның арасындағы менің бағам қай ханыңнан кем еді, Қазеке.

— Жә! Хонтайшыға керегі мынау селдіреген қазағыңның одан әрі күйреуі! Тозуы! Ыдырауы!

Соңғы үш сөзді айтқанда бидің күні бойғы бәсең үні күшейіп, алқалы жиында арқасы қозғанда қаңқылдайтын даусына басып кетіп еді, Түйтенің еңсе көтеріп, Қамшысына жармасқанын байқап қап, қайта саябырсыды.

— Найманыңа қадірің барын білем. Ол сенің қол бастар батырлығыңнан да, елім дей алар тілегіңнен де болар. Бірақ қызғаныштан да құр алақан емессің. Сондайда ел қамы дейтін тілектің кеудеңнен бұлдырап жоғалып кететінін ескермейсің.

— Әбден тұқырттыңыз ғой, Қазеке, — деп Барақ Түйте жаққа қабақ серпілтті. Онысы "Мынау бөтен көз, бөгде құлақ алдында абройымды төккеніңіз қалай?" дейтін өкпе сыңайындай сезілді. Ымды ұқпас би ме еді, елеусіз қалдырған жоқ.

— Сені, сұлтан, осы жолы да Әбілқайыр неге басымнан секіріп кетпек дейтін қорқыныш пен күдік сүйреп келді. Сол күдігіңе өзгелер қалай қарайтынын сезгің бар. Аңыс андау, көмей түптеу-бүгінгі атқа мінген, таққа ұмтылған бар төренің әрекеті екенін мен білмейді ме екем. Мына Түйте батыр сезбейді деймісің. Сездірмеймін деп өзіңді өзің алдаймысың әлде. Сенің анау Қалдан-Серенге алакөбеде аттанып, алакөбеде ұрланып қайтатыныңды өзгелер байқамайтын, аңдамайтын көрмедік пе еді шетінен. Сол алғашқы алакөбеде аттанған сәтінде-ақ сенің хонтайшыға қол қусырып, аяғына бас ұрғаныңды әдеттегідей жүйткіген жел жеткізбей, ұйтқыдан өсек таратпай қояр деп ойлаймысың...

Хонтайшыға керегі де сол. Қазақтың қоңына саусағымды қай жерден сіңірем, шеңгелімді қай тұстан салам деп жүргенінде қолыңды қолтығыңмен қоса ұстата салсаң Қалдан-Сереннің асығы алшысынан түспегенде қайтеді. Әсіресе арқар ұрандының арқыраған Барақ сұлтаны молданың шәкіртіне ұқсап бүкірейіп алдында тұрса, "қазақты мүшелеп, жіліктеп паршалаудың мен қызыққан басы осы!" деп мұрт астынан күлмегенде қайтсін ол. Тұтастық деп жайшылықта зар илесек, сол тұтастықты Әбілқайыр алтын табаққа салып ақ патшаға сыбаға ғып ұсынса, Барақ күміс табаққа салып, хонтайшыға төре табақ қып ұстатса, зар илеп тілейтін тұтастығымыз ыдырамай, бөлінбей қалай тұрар. Құпияның жарияланары анық. Бүркеудің ашылары ақиқат. Мысықкөмбе қылық көлденең көзге тез шалынғыш. Сондай өзімшіл һәм алдамшы тірліктен аулақ болғанға не жетсін...-Қазыбек енді өз ойымен боп кетті де, сәл кідіріп, өзіне үнсіз қадалған екеуді жаңа көргендей дереу қатайып алды. Онысы қатқыл дауыстың ширақ екпінінен білінді.-Әбілқайырды даттауға асықпайық. Әліптің артын бағатын дәл осы тұс. Ақ патшаң әділдігіне көшіп, шын ниетімен арқа сүйерің болам десе, оған да көнейік. Көнбеске лажымыз да жоқ. Өйтпесек, ертең-ақзеңбірегінен доп атқылап, ботадай боздатып, лақтай маңыратып екі көршіңнің қай пысығы басып, жаншып алады. Онда арқа сүйерді емес, арқаңды жауыр қып мінеріңді құлдық қамытыңмен қоса аласың.

Осы кезде шүмегі аққу мойнындай иілген жез құман мен жез леген көтеріп кірген жігіт ас дайындығынан хабар білдірген еді. Қазыбек қонақжайлық танытты.

— Ә...ә. Бері былай, алдымен мынау Барақ ағаңнан баста.

2

Қаз дауысты Қазыбек бидің алтын үзік-ақ ордасы өзге үйлерден оқшау тігілген. Маңайына бөтен-бөгде адам тым жолай қоймайды. Жолата қоймайтын атшабар жігіттер көп. Бірақ Жарылғап тәрізді бидің батасын алып, бидің көзі де, көңілі де түскен балаларға еркіндігі мол. Жарылғап сол еркіндікті пайдаланып бидің іргедегі төрт сырықпен көлеңкелеткен саясында қисайып жатқан-ды.

Түйте үлкен үйден шыққанда баласы Жарылғап іргеде, көлеңкеде отырған жерінен көтеріліп ілесе берді.

— Көке, қалай көп сөйлестіңіздер.

— Әй, сен... Күні бойы осында... осы арада болдың ба?

— Иә. Би ағаның әңгімесін тыңдадым. Ұққаным да біраз. Ұқпағаным да көп.

— Тамақ ішкен жоқсың ғой әлі.

— Қарным аша қойған жоқ.

— Жүр. Ана жерден ет салғызып бергізейін, — деп Түйте баласын ас үйлер жаққа ерте жөнелді. Жарылғаптың басы толған сұрақ. Соларды енді әкесіне тезірек айтып, тезірек білгісі кеп келеді. Шұрылдаған ішекті де, ашыққан қарынды да ел ер емес.

— Көке, Әбілқайыр кім? Аралбай әкемнің аулына былтыр келген қонағы ма?

— Иә, сол! Кіші жүздің біраз руының ханы ол.

— Көке, сонда қалай... біз орысқа бағынамыз ба?

Түйте қалт тоқтап баласының бетіне жалт қарады.

Баланың қос танауы делдие шын құмарта білгісі кеп тұрғанын анық байқады.

— Оны мен тұрмақ Би ағаның өзі де білмейді. Бұл бір бүкіл елді түгел қинаған жағдай ғой. Би ағаны бастан-аяқ тыңдасаң, Жарылқап, шет жағасын өзің де сезген боларсың.

— Би атам көп күрсінді ғой. Қиналғанын әрине сездім, көке. Жоңғар жауызды білем. Шүршіттің де алакөз екенінен хабарым бар. Ал орысты неге құбыжық көреміз. Әне анау Мәтібиорыс қой. Қазақшаға судай. Құбыжық болардай түгі жоқ.

— Мәтіби Биағаның песірі. Ол дұрыс орыс. Көптен арамызда жүрген соң оның орыстығынан қазақтығы басым. Орыстың бәрі Мәтібидей1 болса, онда қорқатын да дәнеңе жоқ. Әй, бірақ соқталы басқа ноқта түскенді кім жақтырушы еді. Асау тайға жүген салғанда қайтіп мөңкитінін талай көрдің. Мал екеш мал да еркіндігіне бұғау түскенін қаламайды. Ал адамның жөні мүлде бөлек. Қазақ үшін кең далаңнан артық дүние жоқ. Ат үстінің жүйріктігінен артық бостандық жоқ... Ә...ә, Жарылғапжан, әне анау Рымкеш апаңнан тамақ салғызып берейін.

* * *

Жарылғаптың ойынан манағы естіген-ұққандары кетер емес. "Би атамның айтуына қарағанда осыдан он-ақ жыл бұрын қазақ бұдан да көп, бұдан да мол болса, қара жерге қалай сиып жүрген? Ал сол көп қазақты қоян жылы қырып салған жоңғар қандай жауыз еді! Қой емес, тоқты-торым емес, өзіндей екі аяқты адамды қыра беруге дәті қалай шыдайды?"

Бала түйсікке бәрі жұмбақ. Аққан қан, төккен жастың сұрауы болады деген ұғымнан тысқары нәрсе болар деп ойламаған ұлан көлеңкеде отырып тыңдаған көп жайды өз көңілімен қаузастыра алмай әлек. "Неге таласады? Әбілқайыр хан емес пе? Енді одан артық оған не керек? Түгел қазақты басқарам дегеніне жаңағы зіркілдеген Барақ сұлтандар көне қояр ма екен. Би атамның "Батыр, Сәмеке, Күшік, Әбілмәмбет сұлтандар бірін бірі тірсектеп, бірін-бірі тістелеп, тақ пен баққа таласқаннан басқаны білмейді" дегеніне қарағанда, барлық пәле осы төрелерден шығатын тәрізді-ау. Батыры қалай? Аты ма екен? Әлде жау шапқан батыр болғаны ма? Жау шауып, батыр атанса, онда неге бүлік шығарады. Батыр адам жақсы болушы еді ғой. Күшік сұлтан дейді. Шынымен сол өзі басқалардан гөрі көп таланатын шығар".

Жарылғап күліп жіберді. Көз алдына бірін-бірі қуған, бірін-бірі тірсектеген, арылдасқан, ырылдасқан иттердің додасы елестеді. Азу тістер сақылдап, желкеден бүріп, тірсектен қауып, өлер-тірілеріне қарамай, бұрқ-бұрқ шаң ұшырып, құйын ойнатып ауылдың бір шетін алапат топалаңға айналдырып жіберетін.

— Жарылға-ап!..

Әлдебір дауыс жер түбінен дүбірлеп жеткендей құлақ жарғағын қағып жіберді.

Жалт қарап анадай жерде тұрған немере ағасы Итқараны көрді. Итқара-Түйтенің ағасы Балта батырдан туған. Өзі де батыр тұлғалы. Кезінде Кәрсөн Аралбай батыр жасақтап, бүгінде Аралбайдың немере інісі Таңыбай басқаратын Қаракесек қолының атақты жүзбасы. Соңғы кездері Жарылғапты қасына ертіп, жақ тарту, сайысу, найза қадау тәрізді соғыс өнеріне баулып жүрген еді. Асықтыруына қарағанда, асығуына қарағанда ағасы мұны әлдебір іске аса қажет қып жатқан сыңайлы.

— Аға, жай ма?

— Оу, бассаңшы аяғыңды! Күні бойы іздеп алаөкпе боп жүрсем, жайбарақат қана "жай ма" дейді ғой. Қайдан жай болсын. Бері кел. Бері!

Ағасының күйгелектенгенін көрген соң әлденені бүлдіріп алмадым ба дегендей Жарылғап қуыстана жақындады.

— Неге іздедіңіз?

— Ойбай-ау, неге іздедің не ей, сенің. Қайда құрып кете бересің. Бармаған жерім қалсайшы. Тура екі ет пісірім шарлаған шығармын осы ауылды. Қайда болдың?

— Қайда болушы ем... Би атамның үйінде.

Итқараның көзі бақырая аларып, дымы өшіп, иегі кекшиді де қалды. Өзге түгіл өзінің де би үйі тұрмақ сол жаққа маңайлай алмайтынын білетін ағасы сенер-сенбес. Сәлден соң ес жиғандай аларған көзді қысыңқырап, адамша тіл қатты. Бірақ әлі де болса сұрағы одағай естілді.

— Биатаң... Қазекем бе?

— Со кісі. Басқа Би ата бар ма еді? — деп Жарылғап қарсы сұрақ қойып, одан сайын құйындатты.

— Не бітірдің онда?

— Не бітіруші ем... Сөз тыңдадым.

Итқара енді мүлде тығылды. "Сөз тыңдадым дейді. Сонда Биаға мұны әлден кеңесіне қатыстырмақ болғаны ма? Дуалы ауыз би өзінің ықыласы ауған жанның үлкен-кішісіне, бай-кедейіне қарамайды деуші еді. Кеңесіне алса алған да шығар. Ал біз... Әлі күнге шейін Биағаның қолын дұрыстап бір алған да жоқпыз".

— Не дейді кеңесінде?-Енді немере ағасының жүзінде әлгіндегі таңдану мен қызғанудан бөлек, құмарту нышаны белгі берді.

— Не десін, Әбілқайыр сұлтанның ақ патша... қатын патшаға елші жібергенін Барақ сұлтан екеуі біраз әр саққа бір жүгіртті... — деп бастай беріп кілт тоқтады. Дәл осы тұста өзінің ойда жоқта өзгенің ықтиярынсыз тыңдаған әңгімесін жалғанға жариялап тұрғанын сезіп қап еді. Оңашаланған бидің құпия кеңесін ашып қойдым-ау дейтін күдігі кеудеден қылтиғанда, тілін тістей қойғаны содан еді.

Итқара ентелей төніп ентігіп тұр.

— Содан соң не деді? Әбілқайырдың қатын патшаға елші жібергенін естігем. Содан қандай хабар бар екен?

— Аға мені неге іздедіңіз? — деп Жарылғап әңгіме бетін бұрды.

— Сені ме?.. Ә-ә, жүр. Қазір "Мәтіби сайыстан" жігіттер өнер көрсетпек. Сен соған қатысасың.

— Аға-ау, оған сай атым жоқ қой.

— Табамыз. Іздейміз.

— Босқа әуре боп қайтеміз.

Оу, өзің тіпті тілазар боп кетіпсің ғой әбден. Жүлдесі тым керім! Өзгеден озған жігіт тұп-тура атан түйе алады. Далада жатқан түйе бар деп пен. Қиқаңды қой тіл, сайысқа түс! Анау атанның бұйдасын маған жетектет!

— Аға-ау, менің озатынымды қайдан білесіз. Көріпкеліңіз бар ма еді?

— Көп сөз-боқ сөз. Мен сені жатпай-тұрмайнеменеге үйретіп жүрмін жұрттың соңында шаң жұтып қалатын болсаң. Оның үстіне Түйте ағамнан ұялмайсың ба жеңісті қолыңнан берсең.

Бұл аңғарға Жарылғаптың айтар дауы қалмады. Көкесін ұялтардай нашарлық пен жігерсіздікке өлсе жол берер ме. Өйтер болса, қара жердің тесігіне сыналап кіріп кеткеннен басқа амал жоқ қой.

— Қайдан табамыз, аға?

— Нені? — Итқара аңтарыла қарады.

— Атты. Мен мінетін арғымақты!

Итқара күліп жіберді.

— Ә-ә, арғымақ табыла қоймас. Бірақ арғымағыңа бергісізін тақымыңа басқызам.

"Мәтіби сайыс" дейтін сайыстың өзгеше түрін бұл Қаракесек руының жігіттері былтырдан бері үйреніп жүрген-ді. Оны таратушы Қазыбек бидің песір хатшысы Мәтіби-Матвей орыс. Орыс-казактардың ат үсті ойын-өнерінің мықтысы-шыбық шабу қазақ жастарының да біраздан бері машықты әдетіне айналып кеткен. Атының бар шабысымен екпіндетіп отырып, үш арқан бойы қашықтыққа, арасына шылбыр тастам жер қалдырып екі жаққа қайшы алыстыра шанышқан шыбықты бір де бірін мүлт жібермей, әрі өте тез уақытта шауып түсіру жігіттің жігітінің-ақ қолынан келетін өнер. Әсіресе көз жітілігі мен қол шапшандығын аса қажет ететін бұл сайыстың түрін Жарылғап барынша ұнататын. Содан ба, он үштегі жасына қарамастан, жорыққа қатынасып, шаңдуыл шаңын бұрқыратып, кеудесін соғып жүрген сақа сарбаздардың ешқайсына дес берген емес. Итқараның атан түйені жетектеп кетем деуінде де осындай бір гәп бар еді.

Жарылғап зерейіп өсіп, әлден-ақ зіңгіттей жігіт боларынан хабар бергендей сорайған аяқ-қолдарын асықпай қозғап, Итқара екеуі қаңтарулы аттарды аралап жүр. Желілеген төрт керменің ана басына бір шықты, мына басына бір шықты. Баланың көңіліне толар ат кезікпеді. Итқара әбден запыланды.

— Әу, Жарылғап! Саған енді Әзіреті Әлінің Дүлдүлі болмаса қандай ат керек. Ойбай-ау, әлден ат таңдайсың, бара-бара не болмақсың. Түйтенің мың көгінен баласы мінуге ат таппапты деген атаққа ұрындырайын деп жүргеннен саумысың. Әу, сен тіпті бүкіл Кернейден мына қалпыңмен ат таппассың.

— Ат емес қой мыналар. Бірінің бөксесі сүмпиген. Бірінің алды қушиған. Шетінен жабы.

Итқара күйіп кетті.

— Жабы да болса осылар жауға мінер атымыз. Жабы-жабы дейді ғой. Қайран Көкаланың тұқымының құрып кеткеніне мен кінәлі ғой деймісің? Тігерге тұяқ қалдырмай қуып кеткен жоңғарға қыл қылатыныңды. Жабы деп... Жабыны көрмей жүр екенсің.

Осы кезде Жарылғап кеңкілдеп күліп жіберді. Екі алақанын бір-біріне сарт-сұрт соқты.

— Ой, таптым аға! Қандай әсем! Қандай тұрық! Нағыз тұлпар-ау! Серейген аяқтарын-ай! Жер соғарлығының биігін қараңызшы. Тұяғы тұп-тура дөңгеленген кеседей-ау!

— Ойбай-ау! Ол жаққа мойныңды созба! Созба деймін, Жарылғапжан. Олар қонақтардың көлігі. Сенің бір шабысыңа осы арадан-ақ бір тулақ табармыз.

— Маған тулақ керегі жоқ!

— Не деп барасың, әй!

— Онда мен сайысыңызға қатыспаймын. Тулақ мініп елге күлкі болар жайым жоқ.

Итқара күйіп-пісті.

— Бүйтіп бұлданатын болсаң, сенен ештеңе де шықпайды. Батыр да болмайсың. Адам боп та оңбайсың. Қыңырлығың атан түйеге жүк болғандай. Ал, қатыспа! Ер Түйтенің ұлы сайыста оза алмайтынын біліп, өзі бас тартыпты деп дуылдаған қазақ бүкіл далаға таратып жіберсін. Сол ма саған керегі.

— Тарата берсін.

Жарылғап өзі ұнатып тұрған атқа қарай адымдай баса жөнелді. Итқара еріксіз ілесті. Мүшесі басқа жылқыға ұқсамайтын, үлкендігі тура нардай алқам-салқам пішілген ұзын тұрқымен көрген көзді арбап барады жануар. Жарылғап қарагерді айналып шықты. Үндемей біраз тұрды. Тамсанып таңдайын қақты.

— Жануардың келістісі-ай! Ат деп міне осыны айт!Нағыз пырақ! Аяқтарын қараңызшы, ағатай! Бұтының арасынан ел көшіп өткендей.

Итқара да даланың ат үстінде желмен жарысып өскен төл баласы. Оның да кең ашылған көздері қарагерге сүліктей қадалып қалыпты.

— Ернін-ай! Саптыаяқтай салбыраған астыңғы ернін көремісің, Жарылғапжан-ау! Көзінің үлкенін шіркіннің! Адамға тура қасқырша қарайды екен! Ғаламатын-ай дүниенің! Көптен көрмеп едім дәл осындай арғымақты! Көздің жауын алады-ау қайран жануар! Көріп қана сүйсініп көңілің өспей ме!

— Ағатай! Мен тап осы атпен сайысқа түсем!

— Қой, ойбай! Бәлесінен аулақ! О заманда бұ заман қонақтың атын қосшы бала мініпті деген сұмдықты естігем жоқ. Бас Қатырма босқа! — деп Итқара безек қақты.

— Немене соншама, бір зыр еткізгенге бұ шіркіннің бірдемесі кете ме? — деп Жарылғап болар емес.

— Болмайды, шырақ. Қазақ үшін аты мен қатынынан қадірлі ештеңе өтпейді. Бөтен бөгденің біреудің атына мінуге, қатынына қарауға қақысы жоқ. Өйтіп ел бұзар, ұйтқы қашырар сойқандықты адамның иті, аңның бөрісі ғана жасайды.

— Онда, ағатай, иесінен өзіңіз сұрап беріңіз, — деп қиқар ұлан тағы бір қияға жалт берді.

— Ойбай-ау, мынау ала топырдан кімді тапқандайсың! Кімді тергейсің? Жоқ! Өйтуге уақыт тығыз. Әне, сайысшылар топтала бастапты.

Жарылғап ағасының қолын сілтеген тұсқа көз салды. Бөктерді етектеген алаңқай жазыққа қарай шоғырлана бөлінген жалаңдаған жігіттер аттарын ойнақшытып, қан жүгіртіп, әлден-ақ бәсекеде басым болудың дайындығына кірісіп кетіпті.

— Көрдіңіз бе, аналардың мінгені шетінен сәйгүлік!

— Жылқы жануар дабыр-дүбірге елеңдегіш. Дүбір естілді дегенше, құлпырып, өзгеріп шыға келеді. Көкеңнің Көктұйғынына мінші. Қалай құтырар екен!

— Көктұйғынның сылтып қалғанын білмейсіз бе?

— Әй, ұмытшақтық! Қап! Көктұйғын да қылқұйрықтың үздігі! Ал мынау қарагер! Тіфә-тіфә! Сұқтанбайыншы жануарға! Тіл-көзім тасқа!

— Шіркін, осыны тақымға бассам... Онда бар ғой атан түйені, ағатай, сіз жетелеп апарып, жеңгемнің қолына бұйдасынан ұстатып-ақ жатар едіңіз.

Атанның аты естілгенде малсақ Итқараның аузы ашылып кетті. Әйелінің күлімсіреп кеп қолынан бұйданы алып жатқаны көз алдына елестеді ме, рақат күйге бөккендей ыржия күлді. Шақшасын қонышынан суырып алып, сұрғылт түйіршіктерді екі танауға кезек шекіді. Көзін жұма, ернін бүрістіре құшырлана түшкірді. Көзден ытқыған қос түйір жасты бармағымен егеп-егеп қап, құрғатып әкетті.

— Әй, арты дауға ұласып жүрмесе... Иесі жөн білер, кеңпейіл адам болса жақсы, баланың бір әбестігін кешіре қоярдай. Ал бірнеше ауылды аузына қаратқан дүмі мықты би мен төренің бірі болса... Ойбай-ау, төре демекші-Барақ сұлтан кеп еді-ау! Әй, мынау қарагер дәуде болса дәл сонікі! Ойбай, кетелік, бала! Өле алмай жүрген жоқпыз. Есің барда ел тап деген. Кеудесіне нан піскен Барақ сұлтанға сүйкеніп соқтығардай... итке тастар сүйектей бере алмай жүрген жаным жоқ! — деп Итқара жалбарына бастады.

Жарылғапқа бірақ Барақ онша қауіпті көрінбеді. Мана үй іргесінде отырғанда сезгені: мынау Итқара ағасы қорқатындай әрі адуын, әрі азулы сұлтан емес, Би атасының алдында мөлтек қаққан әлжуаз, кінәмшіл, бәсең көптің бірі ғана-тын. Ендеше одан үркетін де, шошитын да рет жоқ. Дәл қазір осы атқа мінеді. Осы атпен-сүліктей созылған қарагермен сайысқа түседі.

— Барақ болса қайтейін. Ол өзіне Барақ. Биатама Барақ емес ол, — деп арқасын кәдімгідей-ақ батагөй биге сүйей бастағанын өзі де сезер емес.

— Айтпа, айтпа өйдеп! Ойбай, менен басқа ешкім естімесін. Барақты осал деп пен ... Ой, ол дегенің нағыз басасау! Кесірді ерттеп мінгеннің дәл өзі ол. Оның үстіне мынау Биағаның тойын топалаңға айналдырта алмаймын. Тамашамды бірге қызықтасын деп төрт құбыладан түгел жинаған ел-жұртының көңіліне ақау түсірердей ілік берсек... Ойбай, ондайдың бетін аулақ қылсын... Әй,сұлтанның төлеңгіттерінің бірі жоғы қалай, ә?.. Ат-көлігін осылай қараусыз қалдырғанын көргенім осы. Әлде Биағаның аулы болған соң-сенді ме екен. Сенбей... әулие ғой біздің Биаға! Басқаларды шуылдатып жататын барымташы-сырымташы да, ұры-қары да бұл ауылға, би маңына өмірі жолап көрген емес. Соны білген де нөкерлері. Жүрген шығар той қызығын қызықтап. Жүр кетейік, Жарылғапжан!

Аузы айтқанмен аяғы қозғалар емес. Жазыққа көзі түсіп кетіп еді, шоғырдың ауқымы өсіп, көбейген екен, жаны тызақтап қоя берді. Енді кешіксе, Жарылғап іріктеуге ене алмай қалады. Ене алмаса, сайысқа түспейді. Онда атан түйе де жоқ, жүфтісінің көзінің қиығымен аялар өсем қылығы да жоқ.

— Әй, қылышың... Ә, белінде жүр екен ғой...

— Ағатай, не істейміз енді. Анау жігіттер тізіле бастаған ба, қимылдары көбейіп кетіпті.

— Ноқталы басқа бір өлім!.. Мін онда!

— Мін деймісіз?!.

— Иә! Мін қарагерге! Әкел, әпер жүлдемді! Атанды!..

Жарылғаптың екі езуі құлағына жетті. Қарагердің

кермедегі шылбырын шешіп ап, бері шығарып, ерге бір-ақ ырғыды. Тұрыңқырап қалған ат бір орында тыпыршық атты.

— Қандай биік! Қандай жуан! Тақым толатын нағыз Тайбурылдың өзі! — деп Жарылғап мүлде масайрап алыпты.

— Жолың болсын! Әруақтар қолдасын! Елдің алды бол! Жол-жүлделі бол! — деп Итқара шұбырта беріп шолақ аяқтап, бетін сипады. Жарылғап та бүлдіргесі білегіне ілінген қамшыны оң қолын шошаң еткізе бетін жасқап өтті. Қарагердің тізгінін қақты. Шынашақтың ыңғайына ұршықтай үйірілетін жануар ытырыла жөнелді. Сол-ақ екен Жарылғаптың бірде зорайып, бірде шіңкілдеп шығатын жасаң даусы "Машайлап" көк қуалай аспандап кетті.

"Машайлаған" дауысты естігенде қай Қаракесектің Қаны қызбаушы еді, елеңдескен жұрт дүркіреп жазыққа қарай құйылды. Ду-ду сөз жамырады.

— Әй, анау Түйтенің тұңғышы ғой!

— Өзі де зіңгіттей боп өсіп келеді екен!

— Аты Жарылғап па еді?

— Ой, сен де!.. Ол баланың Биағаның батасымен дүниеге келіп, тәңірдің өзі жарылқап бере салған соң, Жарылғап аталғанын білмеуші мең. Жарылғабымыз сол!

— Астындағы аты керемет екен!

— Қарагер ғой! Түйтенікі ылғи көк болатын. Оның қосында қарагер ат мүлде жоқ.

— Тапқан да бір жерден. Батырға жаудан ат міну, қалмақтан қыз әкелуден оңай не бар.

Дабырласа ілгері озған жұрт аздан соң сайысқа түскендердің өнерін тамашалауға кірісті.

Осы жолғы "шыбық шабудың" өзгеше қиын түрін тағы да Мәтіби-Матвей ойлап тауыпты.

"Қолдың жітілігі өз алдына, ол-машық болудың нәтижесі. Ал қол жітілігіне қоса шапшаңдық көрсете білу-нағыз сайыскерлік. Оған жігіттің жігіті шыдайды. Ондай жігіттің сырттаны жауының басына жасын ойнататын нағыз қас батырдың өзіне айналады. Сол үшін анау сүрлеудің екі жағына шаншылған жиырма шыбықты кім әрі түгел, әрі шапшаң қырқып өтсе, жүлде соныкі" деген Мәтіби енді уақытты қалай өлшеу қажеттігін де көмекшілеріне көрсетіп, қадағалап жатыр.

— Ой, мынау самаурынды қайтпексің, Мәтіби! Өзіне бір дұрыстап қарап алайыншы. Бізге таңсық дүние ғой бұл. Түрегеп дәрет сындырып, басына қалқайтып қалпақ киіп, аузы-мұрнынан бұрқыратып түтін атқылайтын түкті ауыз сары мұжығыңнан аумайды екен, ә!

— Әй, рас! Нағыз солардың өзі! Тіпті қарашы, екі қолын қалтасына салып ап қаздия қалыпты-ау! Әй, шіркіндер-ай! Нағыз өнерлі ел-ау! Қалай ойлап таба береді десеңші!

Матвей көп шуылдақтың қарқылдасқан күлкісіне қосыла күлсе де, анталамай сәл кейін ығысып, жер кеңейтуді өтінді. Көмекшілерін қасына шақырды.

— Бері жақындаңдар! Алғашқы сайыскер бірінші шыбықты шапқанда мына шүмекті жұлып ап суды тостағанға ағызамыз. Анау соңғы шыбыққа қылыш сілтегенде жаба қоясың. Екінші адам шыққанда, екінші тостағанды тосасың. Үшіншіге үшіншіні...

— Оу, жұмысы көбейіп кетті ғой. Соның бәріне қалай шыдап отырмақ. Жігіттің саны қанша екен?

— Отызға барып қалды деген өлгінде Таңыбай батыр. Анау жігіттерді белгі беріп кезекпен жіберіп тұр емес пе ол өзі.

— Ә, Таңыбай өткерсе, дау-жанжал тумайды.

— Әй, Ыстыбек! Сен басыңа бір кез шыт байлап ал. Әйтпесе әйеліңді алдыр!

— Ыстыбектің шүмек ұстап, шай құюға әйелінен гөрі өзі ыңғайлы. Саусағының майысуын қараңдаршы! Нағыз бикеш саусақ!

Матвей ашуланды.

— Оу, ағайын! Сендерге не болған? Суды ақтарасың, әрі тұр! Анау көнектегі суды төктің. Оу, сенде көз бар ма? Топырламай, әрі жылжыңдар. Бұл ара-төрешілердің орны. Бөгет жасамаңдар.

— Ой, сұмдық-ай! Төрешіміз-Ыстыбек пе?

— Айтпап па ем біздің Ыстыбек,

Алаштан озған күшті деп!

— Ой қасқаң, қалай ұйқастырады ей!

— Тоқтаңдар даурықпай, өлеңін аяқтасын. Қайырбек, бөгелме! Жалғап жібер әрі қарай.

— Шай құюға ыңғайлы-ақ.

Бір емес болсын үш шүмек!

Ендігі өңеш жыртар қарқыл тұтаса шыққанда әр тұста топталғандарды еріксіз жалт-жалт қаратты. Енді болмаса елеңшіл қазақ бері жөңкілетінін сезген Матвей түсін суытып ала қойып, далбаса тірлікке құрық созды.

— Сендерге сөз өткізуден гөрі жартасқа жалынған артық. Қоймадыңдар ғой, онда шырықбұзды, жарысқа кедергі болды деп осы қазір Таңыбайға арыз етем.

Жұрттың ілез дымы өшті. Қарқыл күлкі көмейлерге тығылып, еріксіз ығысып, бұл арадан анау сайыс өтер тұсқа жылыстап кетті.

Матвей сырма тақиясы бар жігіт ағасының жеңінен тартты.

— Қосеке! Сіздің адалдығыңыздың аңызға айналғанын бүкіл ел біледі. Шүмектің ашылып-жабылуын, тостағандардың төгіліп-шашылмауын менімен бірге бақылайтын боласыз. Тостағандағы судың ең азына қарап сайыскердің мықтысын анықтаймыз.

Сол екі ортада үлкен қара сақалды, суық түсті Таңыбай бірінен соң бірі шығуға дайындалып, аттарын тыпыршытып тұрған жігіттерді сәл бөгей түсті де, әрқайсысының қолында бір құшақ шыбығы бар жиырма жігітке бас изеді.

— Сендер шабылған шыбықты ғана ауыстыратынболыңдар. Шыбық шанышқан бойда аулақтап кетіңдер. Ат үркетін, атты үркітті дейтін шатақ шықпасын. Шыбық сайылмай қисайып кетер болса, дұрыстап түзетіп қоясыңдар. Ал, барыңдар!

Енді сайыскерлерге бұрылды.

— Жігіттер! Әркім өз кезегімен шауып өткен бойда анау жиекпен айналып былай шығады. Алда-жалда кімде-ісім тәртіп бұзып, кейінгілерге кедергі келтіретін болса, онда аяу жоқ. Дүйім жұрттың алдында он шыбық дүре салынады.

— Білеміз!

— Бүгін ғана түсіп жүрген жоқпыз ғой.

— Білсеңдер тәртіп бұзбаңдар. Ал сен, Алдоңғар, өткендегідей қараулық жасап қарсы шабуды тоқтат.

— Оу, Тәке! Сіз үнемі мені байқай береді екенсіз. Жезде деген балдызының кей қылығына кешірімшіл болғаны жақсы ғой, — деп тіккөз жігіт Қалжыңға саймақ болып еді, Таңыбай батыр иліккен жоқ.

— Бұлталақтатпа өйтіп. Биағаның тойының шырқын бұзар болсаң, аямаймын.

Осы кезде шыбықшаншушылардың "дайынбыз!" деген белгісі беріліп еді. Таңыбай батыр қамшысын сермеп қап, алғашқы жігіттің сайысты бастауына рұқсат етті.

Астындағы бөртесін құйғыта жөнелген жігіт қылышын жарқ еткізген кезде бүкіл дала дүрк жаңғырып ала жөнелді.

— Ойбас! Ойбас!

— Қарақыпшақ Қобыланды бабам, қолда өзің!

— Әруақ! Әруақ!

— Ой, жігіт! Қап түсті!

— Тағы да шауып түсірді.

— Қап! Тимей кетті!

"Қап!" деген дауыспен бірге жапан тұз бірге аһ ұрғандай боп, дуылдай жамыраған басқа үннің бәрін көміп жіберіп, кең жазықты солқ еткізгендей болды. Таңыбай таңдай қақты. Қасындағы Түйте батыр шымырқанды.

— Қайран намыс! Қайрайсың-ау кей-кейде.

Жер мен көкті тіреп алған айғай-шудан құлақ тұнады.

— Тез өтті, ә!

— Қап! Әлгіндегі бір қапысы болмағанда біздің Қордабай жүлдені бермес еді. Қимылын көрдіңдер ғой. Оңды-солды сермегенде, тал тұрмақ талша мойындықылдай қияр еді!

Екінші қарасұр жігіт белгі күтіп жалдас құпасын ілгері лықсытты. Көзін сәл сығырайта қайтадан шаншылып жатқан шыбықтарға қас жауының төбесін көргендей қадалып қалыпты. Бұл сәт шy толастап, елеуреген көпшілік біраз тоқырасып қалған-ды.

Таңыбайдың сегіз таспалы дойыры оқыс шошаң етті. Сығырайған көздер кірпік астынан көре ме, жалдас құла атырыла жөнелді.

Тағы да тау мен даланы көп көмейден тұтаса төгілген озан-ұран кернеп кетті.

— Аманжол! Аманжол!

— Шақшақ! Қолда Шақшақ бабам!

— Шақшақ дей ме?! Ой, анау Жәнібек батырдың ұлы ғой! Дәуітбай ғой!

— Шап! Солай шап!

— Нағыз жігіт! Әлі мүлт кеткен жоқ.

— Екеуі ғана қалды.

— Ұшырды бірін!

— Соңғысын да қиып түсті!

— О,әруақ! Жәнібек батырдың нағыз бел бал асы екенін танытты!

— Ақсарбас! Ақсарбас! Төбемді көкке тигізді-ау арысым, ардағым!

— Қарағым-ай, Дәуітбайжан-ай! Былайлау бұрылшы. Әрі! Әрірек кет деймін.-Қарабұжыр адам

Дәуітбайға қарай жапырылған жұртты жақтырмай, іштей: "Тіл-көзден сақта, тәңірім!" деп қамшысын нұқи сілтеп, ат үстінде арсалаңдап келе жатқан Дәуітбайға "Аулақ бара тұр. Жақындама!" деп жан-ұшырып келеді.

Осы қарқынмен тағы да он шақты жігіт өз кезегінде біреулерді мәз қыла күлдіріп, біреулерді шарылдата күйдіріп шауып өтті.

Тағы да шыбықтар шаншылып, тағы да Таңыбайдың қамшылы қолы шошаң етті. Тағы да өз ретімен келесі сайыскер ақ топырағы шыққан сүрлеуге зымыратып ат басын бұра берді. Тағы да дуылдаған дауыс намысқа қызып, әруақ шақырып, даланы жаңғыртты.

Жігіттің жіті қимылы, бірінен соң бірі қырқылып ұшып түсіп жатқан шыбық бастары жұрттың көңілінен шығып, көптің қыбын тауып тұр еді. Созыла құйылған күрең ат әлденеден үрікті ме, әлде өзінің қияңқылығы бар ма, оқыс жалт бергені ғой.

— Әй-и! Құртты-ау!

— Анау Оспанбектің өз меншігі емес! Әлгінде ұшқыр ғой деп Әліқұлдан сұрап мінген.

— Байғұс жігіттің бағын байлады-ау!

— Қайтадан шығарсын.

— Болмайды өйтуге!

— Неге болмайды?

Енді қиқылдасқан екеу өзгелерді ұмытып дауласты да кетті.

Жарылғап кезектің ең соңында болатын. Алдындағы жиренқасқа мінген әсем киінген жігітке жиі жапақтайды. Ананың жиренқасқаның үстінде нығыз отырысына да, айналасына шекесінен қарап маңғаздана көз тастасына да манадан қызыға бастаған. "Қандай сырбаз! Атына да, өзіне де сенімді. Ешкімді менсінбеуіне қарағанда, дәл осы жігіт алады-ау бәйгені! Мені тіпті көзіне де ілмейді. Шіркін, менсінбегенін көкесіне көрсетіп озып шықсам! Әй, мынау өзі қарагеріме қадала беретіні қалай? Танып тұрғаннан сау ма? Біреудің атын сұраусыз мініп, сайыстың шартын бұзды деп шатақ шығармақшы ма? Жоқ!.. Бұрылып кетті. Әлде оның да қарагерге қызыққаны ма? E, қызықпай...Бұндай арғымақты күнде көріп жүр ме едік. Анау жігіт жиренқасқасын қозғады ғой. Ә-ә, кезек алған екен-ау!.. Тақым қысты. Қалай атқиды қасқасы! Аяқ тастасын жануардың! Қылышын қалай шыркөбелек айналдырады!" Жарылғап шын риза күйде сүйсініп тұрып қалды. Тағы да ду-ду жаңғырық тірілді.

— Ақжол! Ақжол!

— Қарқабат! Қаракесек!

— Дос! Дос! Қолда баланды.

— Әлтеке! Әлтеке!

— Сілтесін сабаздың! Бәрінен дәл осы жігіт озады!

— Е-е, озбай! Әрине озады. Біздің Жидебайды білмейді екенсің ғой!

— Жидебай! Жидебай! Жидебай!

Жарылғап елең етті. Көкесінің Әлтекеден шыққан жас Жидебайды көбірек айтып отыратыны, "сол жас түптің түбінде айтулы батыр болады" дейтінін еске алып, жігіттің Қимылын қалт жібермей бағып тұр. Айтса айтқандай-ақ екен. Жидебай әне-міне дегенше жиренқасқаның жүйткіген шабысын бір бәсеңдетпестен қадалған шыбық біткенді түгел жаусатып өте шықты.

Жарылғап лепіре тасқындаған қошемет сөздерді, қуаныштан тасыған көңілдердің тоған тілегін естіген жоқ. Ендігі жол, ендігі бақ ашар не сор басар жол өзіне жеткенде, тез ширығып, тас-түйін беркініп ала қойды. Анау көкесінің қасында тұрған Таңыбай туысының қолындағы қамшы қашан көтерілерін тосып, кірпік қақпайды.

Түйте ұлының астындағы қарагерді енді ғана байқады. Жүрегі зырқ ете қалды. Кеше би аулына кеште келіп түскен Барақ сұлтанның шылбырын ұстап, атынан қолтықтап өзі түсірген болатын. Қарагерді де кермеге өзі қолымен байлаған еді. Тоқтатқанмен пайда не?

"Қап! Тентек күшік бүлдірді-ау! Тоқтатайын ба? Бәрібір сұлтанның атын сұраусыз мінгенін көрген көздер көп. Қайтып жабарсың оларды! Биағаны қинайтын болдық-ау! Әй, баламысың деген!.. Шалалық жасады-ау! Азуы алты қарыс Барақ ертоқымын бауырына алып тулайды-ақ енді. "Бала-шағасына дейін басынды. Басыма шықты!" деп от сабалап отырып алады. Найманға Арғынның әдейі көрсеткен қыры деп құбылмасына кім кепіл. Құрттың-ау, балам! Әй, Жарылғапжан-ай!"

Бұл кезде нөпір жұрттың тоғандай толқыған үні етектен тау бөктерлеп, Ұлытаудың қиясына қарай қалықтап кеткен еді.

— Ақжол! Ақжол!

— Қарқабат! Қаракесек! Қаракесек!

— Машай! Өзің жебеп, өзің қолда Машай бабам!

— Керней! Керней!-дескен дауыстар дүңк-дүңк естіліп дүркіреп тұрып, бір кезде "уһ!" деп бір леппен демін алғандай тыншып қап, қайтадан шалқып соққан дауылдай құтырына күшейді.

— Әруақ! Әруақ!

— Озды! Жарылғап жеңді!

— Астындағы аты қандай ұшқыр еді, тіпті көзді ашып-жұмғандай да болмады-ау!

— Әй! Нағыз тұлпар екен!

— Ойбай, анау қарагер-Барақ сұлтанның қарагері!

Барақ Қазыбектің қасында, биіктеу жерде киіз үстіне төселген кілемде отырған. Атын ол да танып қап еді, биге жалт қарады.

— Қазеке! Бұл қай зорлық! Бұл қай қорлық? Елдіктен кетіп, жаулыққа жеттік деген нышан ба әлде?

Қазыбек ырғалып қалып, кірпік қақпай үлкен көздерін сұлтанға қадай түсті де, ақырында:

— Айттың, сұлтан! Жетті жетер жеріне! Сырттан кесіп-пішпейік. Бала атқа шапты деп жау шапқандай дүрлікпейік!— деді де ту сыртында отырған Аралбай батырға еңсеріле бұрылып:-Тез жеткіз! — деп шолақ қайырды.

Аралбай бидің кімді жеткіз дегенін айтқызбай білсе керек, орнынан ширақ қозғалып тұрып, төмен қарай адымдап аттай жөнелді.

Бұл кезде өзіне қарсы келе жатқан көкесін көріп, Жарылғап әлгіндегі топ жарған алғашқы бәсекесін мақтан еткендей ақсия күліп, қарагерді желдіртіп келе жатқан.

— Түс! — деді Түйте түсі сұрланып.

Жарылғап үн-түнсіз қарғып түсіп, әке жүзіне жалтақтай қарады.

Қаны бетіне шапшыған әкесі баласының қолындағы шылбырды жұлып алды. Бетін бетіне тақай беріп, зілдене ысылдады.

— Әкеңді арам Қатырдың! Биағаны қадірін қашырып, тірідей өлтірдің. Құдай ұрған-ай! Ұрғыздың ғой құдайға! Тоқта бәлем!

Осы зілі өзіне аз көрінді ме, қолындағы қамшысын шаң еткізе көтеріп, Жарылғаптың ту сыртынан осып жіберді.

Шарасыз әкенің еркелеткен ұлына алғаш рет көтерген қолы осы еді. Өзіне жанын үзіп отыратын әкеден ұлының алғаш жеген соққысы осы еді. Екеуінің де бір-біріне қараған көздерінде жатсыну мен жатырқау лебі жоқ. Жалыныш пен тандану, аңыру мен тосырқау табы мол еді.

Тамағына тығылған әлдебір түйінді қылғына жұтынып, қарагерді жетектеген Түйте иығына зілбатпан салмақ артып ап, бүкірейіп кете барды.

Әкеге салмақ, елге сын түсіргенін енді анық бажайлаған Жарылғап сең соққан балықтай мәңгірді де қалды. Әлденеге өксіп жылағысы да келді. Бірақ кеудесі өксігенмен, көзіне жас оралмады. Өзек өртеген өкініштің шеңгелі бүкіл тұла бойын сығымдап, барлық жүйе-жүйкесін езгілеп, бұрын-соңды кездеспеген ұғымсыз күшпен ой-бойын тегіс билеп алды. Осы үлкен өкініш арқылы үлкен қателік жіберіл, жатқан жыланның құйрығын басқандай, не жымдағы жол-барысты шаптан түрткендей әбестік жасағанын да Қанала сезінді. Анау сұп-сұр жартастай сұлтан сұсының тек бұған ғана емес, мынау ауылға, би ауылына, қала берді мұқым Қаракесекке тегіс жайыларын да пайымдады. Соған ілесе іші қан жылаған әкенің әлгіндегі күйреп түскен халын, сол күйреген жанының қамшы сілтеткен шарасыздығын еске түсіргенде, өзінің жан дүниесі ойран боп, теңселіп кетті. Құлазыған кеуденің емі не? Кім табар? Таба алар ма?

Әлдекім иығынан бүріп ұстап, жұлқып қалды.

— Саңырау болғанбысың? Түк естімейсің ғой!-деген Итқара ағасы ашудан қап-қара боп түнеріп кетіпті.-Көндің бе айтқанға! Өзеуреп қоймап едің. Ал, бүлік салдың елге. Анау арада Барақ сұлтан жер сабалап отыр. Биағаның құр шықпаған жаны. Жауабын өзің бересің. Мені араластырма, шырақ!

Жарылғап ағасына қабағын түйіп, жалт етіп жақтырмай қарады.

— Иә! Өзім берем жауабын!

Енді Итқара да үндеген жоқ. Алға түсіп ерте жөнелді.

Манадан бидің қасында сазарып отырған Барақ сұлтан іштей қатты қатал шешім қабылдап үлгерген еді. Анау төмендегі азан-қазан шуылдан: "Жарылғап баланың мінген аты-Барақ сұлтанның айтулы қарагері!" деп жарияға жар салған әлдебір дауыс саңқылдап естіліп, "арқар ұранды төрені де төмендете алар қарашы бар екен-ау!" дегенді мақтана айтып, анық сездіргендей құлақ жарғағын осып жіберген. "Сен шыққан тегіңмен, әкеден туысыңмен ғана төре болсаң, мен болмысыммен, бітім-білігіммен асқақпын, асқармын!" дейтін тәкаппар би ауылының мінез көрсетуі, асылық танытуы деп шала бүлініп алған-ды. Ә дегеннен зіркіл қаққан адуын ашумен биге шапшуы да сол "әдейі қысастық жасады, белімнен басып, басымнан асты" дейтін намыс қой ызаның шарпуы болатын.

"Жоқ! Қарагер енді менің тақымыма бұйырмас. Өзгеге де бұйыртпаспын. Қыл сағақтан бір-ақ осам! Қан!.. Қанмен жуам қысасын! Арқар ұранның киесі соғады әйтпесе. Сөйтем. Қанды қолдың кесігі тұлпардың басын ұшырып барып, мына тас құдайдай безеріп отырған бидің сорайған мойнына сарт ете қалар сонда. Сарт етеді! Бұлталақтап көрсін. Бұлқынып көрсін соң. Тақымға салып қалай шірей тартар екем. Басынбақ қой. Төрені тіпті төбе құрлы көрмегені ғой".

Осы ойымен қызынған Барақ сұлтан манадан бері анандай жерде өз-өзінен қуыстанып, жүгінген күйі құнысып отырған бас нөкеріне иек көтерді. Төлеңгіті жаза күткен кесіктідей көтерілген өкшелері дірілдеп, қозғалақтай берді.

— Қарагерді дереу осында әкел!

Төленгіті бүгелек тиген байталдай басын қоймастан шұлғып, бүкендей жөнелді.

— Бар! Өзің бара бер! — деп қалт тоқтаған Итқара, тұсына қатарласа берген Жарылғапты, жұрт көзі ғып, желкеден итеріп қалды.-Босқа лақпай жөн сөйле! — деп және бір нығарлап, өзі етекте қала берді.

Арқан бойы жердің де жеткізбес алыстығын бала Жарылғап алғаш рет сезіп еді, өзін өзі қайрап, қара жерде тайғанай берген аяқты ширақ басқызып, кілем үстінде отырған екеуге есік пен төрдей жақындай беріп:

— Ассалаумағалайкум, Би ата! — деп даусын көтере созып сәлем берді.

Күні бойы не бір қимыл, не бір дыбыс, сөзімен сыр бермей шаншылып отырған Қаз дауысты Қазыбек сергек үнмен "Уағалайкумассаламын" қайтарды.

Жарылғап енді оң қолын кеудесіне төсеп, төреге тура қасқия қарап қап әлгі ашық даусымен:-Армысыз, сұлтан! — деп иіле тағзым етті.

Барақтың ерні еркінен тыс күбір етті. Дәл сонысын би бағып қалған еді, әлденені ішіне түйіп ала қойды.

Бұрылып Жарылғапқа тесіле қарап отырды да:

— Нешедесің?— деді.

— Он үшке толдым, Би ата.

Барақ сенер-сенбестей сәл аңырды да, он үштегі баланың тәлкегіне ұшыраған төрелік басын арашалап алудың қамына бөгелместен кірісіп кетті.

— Мүшелге толыпсың. Ақыл тоқтайтын жасқа жетсең де, атақты белінен басатын балалық шалалықтың шатағын жасағаның қалай? Өзіңнің ғана табуың ба, өзгенің әлде иек қағуы да ма — деп мінбелете жөнелді.

Жарылғап манадан не десе де көнейін, үндемей құтылайын деп кінәсін мойындап төменшіктеп келгенді. Төре дүрсе қоя бергенін көргенде, тұлабойы шоқ тастап жібергендей дуылдап, өртеніп сала берді. Ол анау қыбырсыз тоқыраған әулиедей Би атасының дымы өшкен шарасыздығына деген намыс өрті ме, әлде мынау үнсіз ұйлыққан Аралбай батыр бастаған он шақты туысқан мен сонау өзен жағалай тігілген ақ отаулы ауылда нөпірген жұрттың қазіргі тыншуы ма, жүзіне қызартып қан ойнап шыға келді. Қолын тағы да кеудесіне басып тұрып, биге сәл иіле түсіп саңқ етті.

— Би ата, рұқсат етіңіз!

— Сөйле, Жарылғап! Айт кебінді.

— Уай, қадірменді сұлтан! Сіздің айдағы атағыңызға қайдағы бір баланың шатағы әрине сәйкес келмейді. Бірақ Би атамның алдында айтылған әңгімеңізден, ашылған сырыңыздан мен сырғақсыған сұлтанды емес, елім деп еңіреген ерді көргендей болып ем. Оның үстіне жекпе-жекке түсер батырға қазақ хандары астындағы атын түсіп мінгізеді дегенді талай естігемді. Содан ба мынау додаға түсер алғашқы сәтімді сондай ұлы сынаққа балап, атыңызды ырым ғып мініп едім. Бар кінәм-сұраусыз мінгенім ғана. Ел қамын жеген ері елінің бір ұлының еркелігін де көтерер деген балалық шалалығымды ауырсынсаңыз, Бәке, айыбыма анау Қарагеріңізбен жеңіп алған атаным мен әкем Түйте батырдың қосы мен қотаны дайын. Оны азсынсаңыз исі Қаракесектің жағасы Қаз дауысты Қазыбек, баласы мына мен, алдыңызда иіліп тұрмыз. Кессеңіз де, кешсеңіз де-ерік өзіңізде! — деп ағындаған сөзін екпіндетіп бітіріп еді.

Барақ батыр қозғалақтап кетті де, би ырғалып қалды. Екеуіне де бала сөзі қатты әсер еткені жүздерінен анық байқалды.

— Ау, Жарылғап, сен бізді қашан тыңдап жүр едің?

— Би ата, өзіңіздің берген еркіндігіңізбен үйіргесіндегі орныңызда отырып осы бүгін тыңдағам. Бірақ құлақ тесік болғанмен ауыз бітеу.

Қазыбек әнтек бас изеп, енді сәл иек шошайта Барақ сұлтанға қиыстады. Дәл сол қимылы "Сөйле, сұлтан! Шыныңды ғана айт. Бүкпей айт! " деп бұйырғандай.

Барақ манағы талаураған қалпынан мүлде айыққан. Алқымындағы ашу да тарап кетіпті. Қатқыл дыбысты даусы да дірілдеп шықты.

— Әу, Қазеке! Не айтушы ем мен. Айтты ғой, Жарылғап!.. Шалалығынан даналығы үстем түссе, ер-келігінен ерлігі асса, сіз бен біздің артымыздан ілескен жас өркеннен одан артық не іздерміз. Жылт еткен ат еріне бола ақ тер, көк тер болғанымыз да жетер. Өтеуі сол ғана емес пе.

Енді Қаз дауысты Қазыбектің Қаңқылдаған даусы төбеден төменге шүйілді, төменнен төбеге қалықтады:

— Уай, жамағат! Сыртыңнан айтса ғайбат, бетіңе айтса айбат. Айбат сөз әділ айтылса, ішінді түгел ақтарады, жаныңды жайғызып тастайды. Ақтарылған ішінде кір болмаса, жайылған жанында сыз болмаса, өкпең бауырға айналмас па. Нашарың тәуірге айналмас па. Бітпес дау, өшпес кек болады. Бітпес даудың басы не? Өшпес кектің бастауы не дегенге мән беріп көрдіңдер ме? Бітпес дау ағайынға қалған көңілден. Өшпес кек қапияда жеткен өлімнен. Бітпеген дау құйынын лепіртіп отырады. Өшпеген кек жауыңның дауылын құтыртып отырады.

Тұтана берген бір даудың түтіні бықси бере жалп етіп өшті. Сөндірген Жарылғап өрен. Бастала берген бір кектің сумаңдап жалақтаған тілі қырқылып түсті. Қырқып тастаған Барақ сұлтан.

Уай, халқым! Шабылсаң да мұқалмапсың. Тарылсаң да жаңылмапсың. Талыстай даламның ұлтарақтай жеріне ұйлықсаң да, кеудеңнің кеңдігін жоғалтпапсың өлі. Бірлігіңді ұйытқан елдіктен кетпепсің әлі. Бақ жамбастаған тақта емес, тақымға басқан атта емес. Бақ кеудедегі отта, көздегі шоқта. Сөнбеген отың, өшпеген шоғың төбемді көкке жеткізді дәл қазір. Кеудемді келер күннің жарқын үмітіне толтырды.іркелейтін ұлы бар, еркелетер ері бар елден жауы сескенеді, дұшпаны тіксінеді. Еркелеген ұлды көрдім. еркелігін кешірген ерді көрдім.

Жарылғап! Келші бері. Жайшы алақаныңды, балам! Мен саған сонау бір күнде мейірімім түсіп, бата беріп ем. Жаңылмаппын деп қуанып отырмын. Алдыма қарап шошынып, артыма қарап суынушы ем. Жылыттың бойымды. Ойымды өрістеттің, қанат құйрығым. Ел ерлерімен қарыштап, ұлдарымен жаласатынын таныттың бүгін. Әмсе талабың таудан да зор болсын. Табарың талабыңнан да мол болсын. Заманың дұрыс қарап, сапарың ылғи да оң болсын. Осы бетіңнен жарылқасын, Жарылғабым! — деп бетін сипап өткенде, манадан тыншып тұрған дүйім жұрт ду ете қалып, бидің батасына риза боп, Жарылғаптың өзіне де, сөзіне де мақұлдық танытып дүркіреп кетті.

— Айтқаныңыз келсін, Биаға!

— Дегеніңіз келсін! Бұдан артық бата бола ма!

— Қайран Қазекем-ай! Қолмен қойғандай етеді-ау!

— Жаса, Жарылғап бала!

— Бала емес ол, дана!

— Жасың ұзақ болғай!

— Баталы ұл, соққалы ерге айнал, шырағым!

— Апырмай, сөз тапқанын айтсаңызшы бәрінен де бұрын.

— Е, бәсе! Біздің Жарылғап тегін емес. Қарагерді ырым ғып мінген болды ғой!

— Түбінде осы қарадан шығады. Қол бастай ма, жол бастай ма, ел бастай ма-Жарылғап жанға ілесеріміз хақ.

Қазыбек бидің әдеттегі сөз бастардағы тамақтан төгіле саңқ ететін дыбысы мына тұс-тұстан жамыраған қым-қуыт лепіруді су сепкендей жым-жырт қылды.

— Уай, ақкөңіл, ақпейіл жұртым! Мерейім артқан күнім сенің де мерейіңді тасытып жатқанын көрсетті. Есеңгіреген хал көп болған. Есенді ұрлаған күн көп болған. Есеңгіреген халден айығыпсың, алашым. Есенді қуар күнің де туар. Ол күннің алыс емесін мынау селкеусіз бірлігің, сергек ірілігің көрсетті.

Ер маңдайы ел тілегімен жарқырайды. Маңдайға мүйіз шығарам деп тыраштану берекесіздің әрекеті. Мүйіз қошқарға бітеді, қошқардың озғанын көргем жоқ. Мүйіз сиырда да бар. Сиыр мәліктің тілек созғанын да көргем жоқ.

Жан-жануардың падишасы — адам. Адамның да адамы болады. Ағайынымен жаға жыртысары бар. Жауымен жағаласары бар. Жеке төбенің бауырына шұқшиып, дау өрбітіп, жем іздейтіні де бар. Жалпақ даласының түкпір-түкпіріне көз тігіп, дауыл ұйтқытып жау іздейтіні де бар. Алдыңғысының көнегі шөлде, соңғысының тілегі елде. Елдің үміті еркекте. Бірақ еркек кіндіктің бәрі ер емес. Ер егесте сыналар, ерегісте сынар. Егеске салсаң, қиып түсер. Ерегіске киліксе, қиылып түсер.

"Ырыс алды-ынтымақ" деген бабаларымыз.

"ЬІнтымағы жоқ елдің бағы ашылмас, ынтымақты бездірген ердің елге жаны ашымас" дер едім мен. Өйткені ынтымақ өшкенде, өшпенділік өршиді. Өшпенділік өрбігенде елдің де, ердің де өркені өшеді.

Уай, ағайыным! Арысым! Мен мына бүгінгі ынтымағымыздың ұйтқысына айналған Барақ сұлтанды алқалағым кеп отыр. Ерді әйел қылығымен билер, елді ұлық білігімен билер. Сол ел билер білігімен биіктен көрінген сұлтанға халқымның ауған ықыласын, баланың иілген басын, атаның селкілдеген сақалын ұсынып отырмын. Құшағымды ашқаным-жүрегіме басқаным. Қолымды ұсынғаным-ұятымнан қысылғаным. Қысылып барып ысылғаным. Қолымды қақпады. Құшағыма құшағын тосты.

Аттың терін аямадым дедің, сұлтан. Атың-қанатың еді. Қауырсыны сынбасын деп бір тоғыз атадым. Төбемдегі төрем едің, төмендетті дейтін жұрттың өсегіне құм құятын және бір тоғызды қосарладым. Сенің көңілің Жарылғаптай жасқа толса, менің көңілім өзіңдей марқасқаға толды бүгін.

Ел бірлігі, жұрт татулығы, ұлыс тұтастығы деп соғатын жүректің ыңғайына құлайтын бата ғой даңғылдың күрмей байлаған шешімі көптің көңілінен шыққаны сондай, тағы да гуілдеген ию-қию үндер кең жазықты кернеп кетті.

— Қайран қара қылды қақ жарған данышпаным!

— Ел үшін еңіреген ерім-ай! Халқының жүгін жотасына артып ап, қасқия тартқан қара нарым-ай!

— Естір құлақ болса, ендірер кеуде болса, мұнан артық не айтылушы еді.

— Бүлінгеннен сақтан, бірлігіңді сақта деуден абзал не болсын. Бүлдіретін де, күйдіретін де өзіміз ғой.

— Шығасыта иесі басшы деп, түртпектен түрткілеп отырмасақ, ішкеніміз бойға тарамайды-ау.

— Қалай қиыстырады, ә! Ер өліп, ел үркердей ешнәрсе жоқ сияқты боп кеткенін қарашы! Ушықтырмай алдын алып, сипап жазды да жіберді.

— Жоқ! Түнеріп жеткен бұлтты ысырып, долырып жеткен дауылды ыдыратып жібермеді ме. Барақ сұлтан мына көп шуылдан көп сыр ұқты ма, әлде өз көңілінде түйгені сыртқа шығуға асықты ма, бидің үлкен қара көздері өзіне төңкерілгенін көрді де, бейіл бере сөйлеп кетті.

— Қазеке, ықылас көрсең-қасиет, қараулық көрсең-қасірет дейтін қазақтың біріміз. Ықылас көрдім тойдым. Төбедегі орын төре атымен ғана келсе, қадірі шамалы екенін де ұғынғандай болдым. Балалықтың даналығы боларын, төреліктің шалалығы боларын да сезіндім. "Бер!" деген сөзден гөрі "Ал!" дегеннің құдіреттілеу шығарын да пайымдадым. Оңай босап, оңай ашылды демеңіз. "Қыдырдың бергеніне тіл өтпейді"-Қасиетімді қара басыма қимайды екем. Қарашының тілегі білдірді соны. Хандардың салты деп атымды Жарылғап шырақ ырым ғып мінсе, кім білсін тәңірдің бұйрығы шығар. Мен де ырым қылдым жас баршынның тілегін. Жалындап жауға шабатын ер болам деген ұланға менің де ықыласым түгел ауып отыр. Батырына атын түсіп беретін хандардан Барақтың несі кем. Бердім мен де атымды! Жарылғап жан, қарагер сенің тақымыңа лайық ат екен! Бердім саған!

Жарылғап биге жалт қарады. Қазыбектің еңкейіңкіреп кеткен бетінен көз айнасы көрінбеді. Жалғыз-ақ ұққаны: бидің сұлтанды құптамай отырғаны.

— Алдияр! "Бір тойда екі жар жоқ" дейтін де біздің қазақ. Ырым еттім-міндім. Міндім де, жеңдім қарагермен. Енді ол қарагер-маған арман шыңы болсын. Сондай пырақты іздеп, аңсап, талпынып өсейін. Оп-оңай уысыма түсе салған тізгін кежегемді кейінге тартар. Кесірлендіріп кедергі жасар. Сіз бердім дедіңіз. Мен бір рет мініп, мерейімді өсіргенімді алдым деп есептейін. Рахмет, Бәке!

Осы кезде қопаңдай берген сұлтаннан бұрын Қазыбек киіп кетті.

— Япырай, Жарылғапжан-ай, жаңа ұрпақтың басы болардай, жай отының тасы болардай толықсып өсіп келеді екенсің. Тіл-көзден сақтасын тәңірім!

Сұлтан, тақымға басқан бәсіре қойнына қысқан бәйбішеден кем бе еді қазақ үшін. Сен бәсіреңнен айрылма, ал Жарылғап баршыным, сен әманда оңай олжаға қайрылма. Екпініңнен дауыл үйірілетіндей екен. Кідірем дегенше дауылың ұшық-ұшыққа айналар. Ал сұлтан, әділіңе кешсең, сыбағаң мол екен, қалжығаңа ат-атақ әлі-ақ байланар, — деп тоқтады.

Сонымен сол күнгі бір шатақ ел арасын бүліндірер үлкен алаңға ұласып кете жаздап, сөзуар қазақтың сөз тыңдар қасиетінің арқасында әдемі аяқталып еді.

Барақ сұлтан бастаған белгілі-белгілі қонақтары аттанып кетісімен Қазыбек би Түйте батыр мен Жарылғап ұланды оңаша шақыртты.

Табалдырықтан аттағаннан-ақ Түйте мына шақырыстың тегін шақырыс емес екенін бірден ұқты. Би үлкен үйіне кейбір аса сыйлы адам болмаса дастарқан жайғызбайтын. Меймандарын арнайы тігілген қонақ үйде ауқаттандыратын. Ал мына жаюлы дастарқан, қонақжай көңіл-Биағаның аса бір көңілденген кезінде ғана көңілі түскен азаматқа көрсететін үлкен құрметі. Төрге жеткенше батырдың көзінен бірер тамшы жас ыршып шығып, сұқ саусақтың сүйкеген қырында кеткенді.

— Жоғары шық, Түйтем! Ә-ә, Жарылғапжан! Төрлет!-деген бидің дауысыңда да жылылық мейірім тұнып тұрған еді.

— Биаға... бізді... Соншама... Бетіңізге қарауға менде бет қалмай, — деп Түйте қылғына жұтынып, баласының ісіне кінәлі пішінмен монтандай беріп еді, Қазыбек жақтырмады.

— Жә! Өткенге салауат. Мен сені ұрсу үшін, айыптау үшін алдырғам жоқ. Құшағымды ашып, құрметімді қосу үшін шақыртқам екеуіңді,— деді де, есік жаққа иек қақты.

Сәлден соң Түйтеге бас табақ тартылды.

— Табақ Жарылғаптікі. Басты бірақ әкесі ұстайды, — деп би арнайы сойылған малдың кімге арналғанын да атап кетті.

Асжаулық жиналған соң, би жотасын биік ағаш төсекке тіреп, кеудесін көтеріп отырып алды.

— Жарылғапжан! Сенің тууыңа, дүниеге жаралып келуіңе әуелі бір құдай, содан соң біздердің батамыздың әсері тиген болар. Әрине, алдымен ол мына Түйте көкеңнің арқасы.

Көңілім түсін, ықыласым түгел ауды, балам, саған.

Өрісің кеңейейін деп тұрған алдынды тұман баспасын, бұлт торламасын дегеннен басқа тілек жоқ. Кеудең-дария, тілің бұлақ болсынды кеше ішімнен он қайталағам. Кәусарыңа халқың шөлдеп кеп бас ұрсын.

Оған көзім жеткендей. Кеудеңде шоқ жатыр екен. Сол шоқ отқа айналып, жауыңа өрт салып, досыңа шуақ төгетін болсын. Осым да бір бата-тілегім, балам! — деп алақанын жайып бетін сипады.

Түйте басын изей түсіп, баласына қарап еді, Жарылғаптың екі көзі шоқ шашып, бидің әр сөзін алтындай теріп ап, кеудесіне құйып отыр екен. Іштей тәубасына басты.

— Тағы бір парам... ат жайы. Батырдың аты-қанаты ғана емес, қолғанаты да. Достың досылай да қымбат ол кейде.

— Түйте! — даусы саңқ ете қалды.-Оу, Түйте, шынымен мың көгіңнен жауға мінер бір ат шықпады ма? Ау, тұлпар орнына тулақ бақсақ, ту желбіретудің орнына жау-бөріден тулап қашсақ, не болғанымыз? Осыларды ойлағанда ұйде отырып жерге кіргеннен басқа шара қалмайды.

Жарылғап, қолдан келгенше жақсылығыңды аяма ешкімнен. Шын көңілмен жасалған жақсылықтан да қашпа. Қазымбетке тапсырдым. Қостан өзің бар, мына көкең бар жауға мінер пырағыңды тандап мініп кет, — деп қолқасын айтып, Қазыбек би қонақтарына рұқсат берді.

ЕЛДЕСТІРУ ЕЛШІДЕН

Айдаса-қойдың көсемі,
Сөйлесе, қызыл тілдің шешені.
Ұстаса, қашағанның ұзын құрығы,
Қалайылаған қасты орданың сырығы

Қазтуған жырау

Қазыбек соңғы кездері оқшау оңашалықты көбірек қалап, жалғыз отыруды әдетке айналдырып алғанды Мұндайда ермегі-домбыра. Аспапты онша сабаламай, қоңырқай көңіл күйіне ұқсас қоңыр әуендерді шертпелеп кетеді. Ондайда саусақтар жүрдек. Егіз екі ішек — шежіре. Алыстан "Алшағырдың ащы күйі" күйік аулап бұлқынады. "Қара боран қағындының" үрейлі суылы ысылдап жетеді де, бой тітіреткен сұсымен кеудеге ызалы кек құяды. Шамырқантады. Одан әрі бүлкілдеген текірек күй-"Саймақтың сары өзенінің" бұрқ-сарқ толқын атқан екпінімен дуылдап, дүркірей жөнеледі. Бірде күйрек, бірде қайрақ күйлер бидің әртүрлі көңіл күйінің әуенімен өзгеріп, аласұрған жүректердің аңсауымен, шарлауымен, бұлқынысқа толы ұмтылысымен бірін-бірі жалғастырып жатады.

Осы биыл би ойының шарқ ұруы да, сенделуі де көбейді. Кер толғау күйлер өткен күндердің тастап кеткен шерін ақтара ма, енді мұның да өз ішін қопарып, өз өксігін кеудеден ықылықтатып ытқытуы басталды. Өгейсіреп отырып өткен заманның ащы-тұщы тірлігінің елестерін көз алдынан шұбыртады да жатады. Сумаңдап желе жортып жөнелген ойы кей-кейде қиырдан қиыр асып кетсе, бірауық әлдене қабаттаса ма, әлдекім кимелеп киліге ме, әлгі ойынан адасып қалады. Ондайда салыңқы қабақтың салқын қарасымен шаншылып отырып қалады.

"О, тоба! Өткен күнде белгі жоқ дейміз. Өткеннің көп қорлығынан, не көп зорлығынан запыланған біреудің айтқаны шығар. Өткеннің белгісі толып жатыр ғой. Қазақтың қазіргі көп көпсінуі мүмкін ең болмаса алдына симаған екі қолдың қимылын қызыл тілдің сайрауымен алмастырайын дейтін далбасасы да болар-ау. Әйтпесе тәж бен таққа таласқан Жәдік ұрпағы түгел тұрып, үсіктің бір Әбілқайырына бой көрсете алмаулары қалай? "Елді біріктірейік" демейді-ау. "Ел аузын біріктіріп алу қажет" деп алаөкпе боларын қайтерсің. Әр ауыздан бір құсық төгілетінін сезбей ме. Қатынын боқтап, баласына ұрсып отыратын қазақтың ілік іздегіш мінезін көрмей жүр ме. Ел аузын біріктіретін табақ-табақ тамақ қана. Төре табақ, сый табақтарды қайқая көтеріп апарып алдарына сылқ еткізіп тарта қойшы, бірікпес ауызды көрейін сонсоң.

Сәмеке хан да, Барақ, Әбілмәмбет, Батыр, Күшік сұлтандар да кешегі Әз Тәукенің сирағынан келмейді. Ұлы хан деген Сәмекенің аты ғана. Қапталында жағаласқан Әбілмәмбет тізгіннің бір ұшына саусағын іліндіріп алыпты. Өзіне де, өзгеге де бұйыртпаудың әрекеті сол.

Қайран дала! Ұшы-қиырына көз түгіл қиял жетпес жайын сахара. Жау қолында, жат табанында қалғанына да елу жылдан асты. Шығыстан арайланып таң атқанда, мол сулы, ну тоғайлы ұлы Сібір ұшқан құс, жүгірген аңның мадақтаған үнімен тұп-тура жер бетіне жұмақ көшіп келгендей құлпырушы еді-ау. Сол жұмағына сорайған мылтықтан оқ бүркіп, үңірейген зеңбірегінен доп атқылап, көмейді кең ашып, шеңгелді тарбита салып әлденеден құр қалғандай ақ патша жетпеді ме үңірендеп. "Жаз жайлауым-жұмағым!" деп әр өзенді жағалап, әр тоғайды аралап жайбарақат жайлап жатқан жайбасар қазақтың боздаған түйесіне аққан қанымен қоздаған шері қосылмады ма! Қайран атамекен! Әлсіздің шырылы ғана жоқтауыңды айтып, көзден жас, көкіректен зар төгіп, өлігін артып, көлігін шұбатып, тағыдай жосып, үйректей үркіп кетпеп пе еді сормаңдай қазақ. Иен жерге тұмсығын бір сұғып алған соң адырандаған орысың аянсын ба, қатарлап қамал орнатып, қарағай қиып қала салып, тұп-тура ата-бабасынан қалғандай қазақтың ата қонысын жамбастады да алды. "Елім-арым, жерім-жаным!" дейтін жаужүрек қазақ жігіттерінің жасанған жауға қарсы жалаңаш шапқан ерліктері бүгінде аңызға айналды. Оқ тескен сансыз кеудені, зеңбірек добы ұшырған талай басты бір жерге жинаса, сол шейіт кеткендердің мылжа-мылжа денелерінен оба жасаса, оба қайда, төбе тұрып, тау орнар еді-ау! Амал не, қазақтың қанына суарылмаған қанжар қалды ма екен? Қазақтың қасиетті қанын шашпаған қару-жарақ емге де болса табылар ма екен?

Ұзын аққан Ертісті құлдап, тобылғылы Тобылды бойлап, Құлынды даласын көктей өтіп, көктем шығып жаз туды дегенше-ақ Сырдағы қыстауларынан қырдағы жайлауларына шұбыратын қазақтың салтанатты көштері-ай шіркін! Бүкіл дала малға толып, бүкіл өңір өнге бөгіп, қырмызы гүлге құшағы толған қыздарының күлкісі күмістей сыңғырлап, көш бойы әртүрлі ойын-сайыстың, өнер-сайыстың көрігін басқан жігіттерінің жігерлі үндері аспандай шарықтап, елі мен жері табысып, еркін даласы мен ерке баласы жарасып қалушы еді-ау! Бұлақ сайын ауыл қонып, бұта түбі малға толып, аузынан мәйегі арылмаған алашты бүгінде қандыауыз мылтығын шошаңдатып Сібіріне орыс жолатпаса, терліктен жөргек, ерден жастық бұйырған қара тақым жоңғар Арқа мен Алтайдан аластап, Жетісудан ығыстырды ғой.

Қайран дәурен-ай!

Көк найзаның ұшы, ақ білектің күші сес болудан қалар деп кім ойлаған. Әрине көк найзаң қоғадай көп боп тисе жақсы. Қарыспай көтерілер ақ білегің тоғайдың ну талындай топ болып сірессе жақсы. Әр жерден бір селдірей шаншылатын көк найзаң ақ білегің қанша қауқарлы болғанмен нөпір тасқынға қарсы келе ;алар ма.Әне, өзіңдей боп көк найза ғана көтерген Батыр хонтайшы қазаққа үш-ақ рет өлтіре соққы бермеді ме. Бергенде қандай! Құйындай үйіріп, дауылдай құйылып келіп, талап, таптап өте шықты бастары бірікпей әр жерден бір серейген қазақ жігіттерін. Бұрын қасарысқан Қасым хан мен Еңсегей бойлы Есім хандардың тұсында текетірес келіп, тең түсіп жататын қазақтардың еңсесін бір емес үш басқан соң Батыр хонтайшы неден жасқансын. Ордасына ойып тұрып Қара Ертістің жағасынан орын әперді. "Ертісім-өр күшім!" деп дүрілдейтін қазақ күмпілдеуге де жарамай қалды.

Ал Қалдан Башықтының қаңтарда жараған бурадай шабынып келіп, сабылтып кеткенін баланың баласы ұмытпай жүр әлі. Жаннат Жетісудан сол кезде ығыстырған қазақты тірсектей қуып отырып, сол қазақтың Қаратаудағы қалаларының қақпасын да бұзбап па еді. Төбеңнен қыдиып отырайын дегендей дәл осы Қалдан хонтайшы хандығының туын Іле өзеніндегі Ұрғаға мықтап тікпеп пе еді. Мықтап, нықтап тіккен-ді.

Құм санаған Батырдың зымиян ойы тым-тым әріде еді. Ежелден-ақ ертегідей бай Шығыс Түркістан мен қазақ иелігіндегі Мәуреннаһр өлкесі арқылы Батыс пен Шығысты қосатын алтын көпір-ұлы дүбірге толы Жібек жолы өтетін. Сол күретамырдай Жібек жолымен тең-тең жүгі артылған, тай-тай тауары тиелген сауда керуені үздіксіз шұбыратын. Үздіксіз шұбырған керуенмен үздіксіз әртүрлі елшілік, мәмлегер, бітім-шілік, сан алуан қарым-қатынастық, қала берді қалалар арасының шаруагерлік әрекеттері тығыз байланыста араласа жүріп жататын. Шығыс Түркістанды уысына мықтап қысқан Батыр хонтайшы егіздің сыңарындай Мәуреннаһрды неге жетімсіретуге тиіс. Әрине жетімсіретпейді.

Ендеше маңқа қазақтардың жұлынын үзіп, омырт-қасын опырып, қос өзеннің қолтығына қыстырылған өндірісті өлкені жамбасқа басып ала қоймай ма.

Хонтайшы қажет дегенше астынан аты, үстінен сауыты түспейтін ойрат шерігі "майшелпегім-қазағым қайдасың?" деп лап қоймай ма. Лaп қойған ойрат қолы таудан құлаған қар көшкініндей жолындағысын жайратып, Мәуреннаһрдың малын маңыратып, жанын зарлатып жорық үстіне жорық жасамай ма? Шығыс Түркістанды шынжырлап, Мәуреннаһрды матаған соң сауданың ниеті хонтайшының алақанында жатпай ма. Әрине жатады. Алтын мен күміске белшесінен батқан, жиһаз бен мүлікті керуендеп тасыған, қолөнер бұйымдарына қарқ боп қалған Қалдан Башықты сол дүрілдеген қалпынан жазбай, алдымдағым аузыма түсе берер дейтін әрі ашқарақ, әрі өркөкірек дәмемен адуындап барып, тыныш жатқан Қытайдың қоңынан Қауып кеп қалмай ма. Тілінен сілекей, езуден қан аққан хонтайшы әрине көп асқанға бір тосқанның боларын сезбей қалып еді. Азу тістің қағылар, қысасқа қысас табылар шағы боларын көп шүршіт көзге түртіп көрсетіп, көтке теуіп Қаңсылатып танытқан. Жиырма алты жыл хонтайшылық ғұмырын бура боп бұрқырап, айналасына ажал мен өлім сепкен Қалдан Башықты ақыры у ішіп өліп, жанын жаһаннамнан бір-ақ шығарған-ды.

О, тоба! "Құрық көтерсең, қылыштан өлерсің" дейтін қазақ ақылы Қалданның інісі Рабтанның қанға жерік кеудесіне сіңбесе амал не. Жауыздықты ағасынан да асырып түсірген, жәһілдіктің майын ерітіп ішкен ол қазақтарға ал кеп салсын сойқанды.

Тәукенің қазақ тағына ө деп отырғаны да сол еді, жас ханды сынайын деді ме, әлде ежелгі жауы-қазақтың кеудесіндегі жанын шеңгеліме бүріп, сығайын деді ме, сол Сыбан-Рабтанның жалақтаған жасағы Сайрам қаласының түбінде жойқын соғыс салып еді-ау.

Он алтыға толып ем-ау сол кезде. Астыма ат мініп, беліме қылыш байлап, қалмаққа қарсы селдіреп қара көрсеткендердің бірі болғанымды қайтейін. Тауды итеріп құлатып, тасты жұдырығыңмен уатып көр. Қайда ол! Үстіңнен тау құласа, төбеңнен оқ жауса, кеуденді жебе шабақтаса, басыңды қылыш ұшырса, көк сүңгі көкірегіңе қадалса, ақырғаныңнан бақырғанынды көбейтпей ме, аһ ұрғанынды арттырмас па. Көп көптігін жасап, иттігін істеген сонда. Қаланың қақыратып қақпасын бұзып ашып, айналасы алпыс шақырымдық дуалын тып-типыл еткен. Отқа күймей, өртте жанбай, оққа ұшпай аман қалған сайрамдық жұртты-қазағы бар, өзбегі бар, сарты бар сартылдаған қамшының астына алып, сегіз мың бөріктісіне құлдық қамытын кигізіп, он мың желектісіне күңдік таңбасын басып, айдағаннан айдап отырып, Іледен де әрі асырып Турфанға апарып тоғытқанын сол жолы Қаракесектен кеткен қылқан қырыққандай жүз жігіттің бірі-Құлназар айтып еді-ау. Жалындаған жігіт жалақтаған күзетшілерді қалай өлтіріп, қалай қашып құтылғанын жырғып айтқанда кейуаналардың көзінен жас парлайтын. Кейінгі інілерінің көзінен кек оты ұшқындайтын.

Қайран жастық-ай! Селдіреген аз қолды сонда сол Құлназардың ағасы Бекназар батыр мен Керней батыр екеуі Сайрамның түбіндегі аждаһаның аузынан аман алып шығып еді-ау. Бүгінде ол да көмескілене бастапты.

Өмір өз тірлігін жалғайды. Дүние өз кезегімен қыбырлай береді. Қырық мың түтіні, екі жүз мың тұрғыны бар түркінің кереметтей кенті болған Сайрамның сол шабылыстан кейін күні өшкенін, Қайта оңалмай, байырғы байлығы мен айдынының елеске айналғанын өкінішпен еске алар кәрілер болмаса, кейінгі жастар біле де бермейді.

Қайран дәурен-ай!

Аласапыран тірліктің арпалысын қазағыңның басына ғана беріп, тағдырына теліп қойғанын ұмытар ма. Ұмытқызар ма. Алаштың өр азаматы еркіндік деп ереуілдеп, елдің бірлігі мен берекесі деп,туған жерінің тулақтайын жат табанға басқызбау үшін жан аямай шайқасып келгенін бүгінгі бала, ертеңгі ұрпақ білмей өссе, өткеніміз өшіп, кешегіміз жоғалып, кеудеміз үңірейіп, бұлағымыз тартылып, құлағымыз бітеліп қалмас па. Қазақтың азабын азайту үшін, қазақтың рухын көтеру үшін Арғынның ұлдарының аққан қаны, төккен тері көл мен теңіздей болмаса да, екінші бір Сырдың суынан кем болмас-ау.

Қайран да қасиетті Сыр бойы!

Қайран да шіркін Жиделі Байсын!

Замана ауқымымен Арқадан қопарыла ауған қарағайлы көп ормандай азулы Арғынның қысқы қонысы едің-ау! Қиссар, Балжуан өлкесінен Бұқараға шұбырып шәкірті, шаңдатып қалашысы қара жолды босатпаушы еді-ау. Таңның атысы, күннің батысы ерте тұрған, шаруасын жасаған Қуандық пен Сүйіндік, Бегендік пен Шегендік балалары күреңіткен өңдерімен, аңқылдақ көңілдерімен сол өлкеге бейбіт рай, еңбек шырайын енгізбеуші ме еді. Сол Жиделі Байсындағы Жыланды таулары мен Қызылсу өзенінің бойында Төртуылдың Бұрындық, Шал, Майрам, Шақай, Дәуіт аталары орналасып, егінін егіп, бау — бақшасын баптап, малын өргізіп, берекелі тірліктің Қазанын бұрқ-сарқ қайнатушы еді-ау!

Ғайса пайғамбарымыздың туғанына мың да алты жүз сексенінші жылына дейін Сыр бойын қоныстаған тұтас Арғынға қызғана да, қызыға да қараған қазағы мен өзбегі де, тәжігі мен сарты да көп еді-ау. Қызығуы, әрине, орынды да. Екіленіп кіріссе, қай істі болса да еңсеріп кететін ұжымды атаның балалары еңбекте есе жіберіп көрмеген ғой.

Егін ексе, жақсы дарияның емірене июімен астығы өзен боп ағып, тау боп үйілген. Бақша салса, жеміс-жидегі аумағын, атырабын түгел алып кеткен. Мал бақса-тұяқтан ұшқан шаң көкке жеткен, мал тұяғынан қара жер көрінбей кеткен.

Қайран да қасиетті Сыр бойы!

Мейрам сопының қалың Қуандығы, сансыз Сүйіндігі, қаһарлы қайсар Қаракесегі, қазыналы Қозғаны, құт дарыған Қақсалы қатар отырып, қанаттасып кеткендіктен Сыр бойының сол жағасындағы ұзын аққан тұсы Мейрам алқабы деп аталып, сол рулардың қоныстанған жерлері кәдімгідей ел аузына ілініп-Ақтөбе, Абызтөбе, Келінтөбе, Қара-төбе, Қотантөбе, Аққорған қалалары деп талай ауыздың сілекейін ағызушы еді-ау. Қайран дәурен-ай, солар да ұмытылар ма екен?

Балығы шоршып, бақасы шұрылдаған Мейрам арығына қайта шомылар күнді қай Арғын бүгінде көкірегі қарс айрыла аңсамасын. Сырдан суырып әкетіп солтүстікке қарай сүйреген арықтың ені он екі құлаш, іргесі мен тереңдігі екі құлаштан бір кемімей ең алдымен он шақырымдай жердегі Қотан қаласына жетісімен әрі қарай үш салаға бөлініп, сол маңдағы егістіктерге көсіле ағатынын көзбен көрмесең, айтып жеткізе алмассың-ау. Негізгі Мейрам арығы сол Қотан қаласын ауыз суға да, егістігі мен бау-бақшасын да нәрге жарытып, жарылқап өтіп, одан әрі Қаршығалы қаласына ырыс боп еніп, қарық қып тастайтын. Қаршығалының көп Арғыны көкөнісін көнектей ғып көркейтіп, бидай, тарысын буазытып құлпыртқан диқанын батыры мен бағыланынан кем құрметтемеуші еді-ау. Дастарқанында бауырсағы, қарбызы мен қауыншағы, жүзімі мен алмасы, қазысы мен қалжасы иін тірескен елдің берекесі тасып, мерекесі шалқып жатқанын қай Тәңір қысасы көпсінді екен!

Сол Қаршығалыдан жарқырай жөңкілген баба арығы-әруағыңнан айналайын қасиетті Мейрам атам арығы Аққорған қаласынан асып барып, тарам-тарам нәр боп жерге сіңіп, суарып, сусындатып жатушы еді-ау!

Сол бір ұзындығы отыз бес шақырымнан астам арық-өзенді қолмен қазып орнатқан Мейрам балаларының ерлігін елі құрметтеген, жауы діттеген болатын. Қашанда ел бірлігінен өтер құдіреттің болмайтынын, ал бірлігінен ажыраған елдің ешқашанда оңбайтынын басыңа сақ еткізіп тағдыр таяғын тигізіп барып, жүрегіңді солқ еткізіп өмір өкінішін жеткізіп барып, өксігеннен не пайда.

Қайран дәурен-ай!

Қабырғадай Қаратаудың теріскей беткейінде айт пен тойдай тірлік кешкен сол қайран дәурен исі қазаққа, әсіресе Арғын ұлына жұмақ төріндей боп көрінетіні бекер емес-ау. Ынтымағы мол, ұйымшылдығы ғаламат, ауызбірлігі аңызға айналған жеті Момын, бес Мейрам Арғынға батылы жетіп қарсы келер, бейбіт тірлігінің берекесін қашырып, шырқын бұзар көрші-қоңсылардың шыға қоймауы да сондықтан шығар. Осы бірліктің арқасы ғой кейбір жота жүнін үрпитіп, күдірейтіп келгендердің ынтымақты елдің ірге бермес сесінен ығысып, жылыстап кете бергені. Әрине, сонау көк жүзінде еркін қалық-тайтын Күннің, сол еркін қалықтайтын көгі тұрғанда өзінен туған ұлдарын, онда да құмадан емес, нақ-сүйерінен туған ұлдарын-күннен туған гүндерін кім басынар, кім тосар, кім тұсар деп күмпілдеп жүрген кездер де, күмпілдетіп мақтан гулеткен кездер де болғаны рас. Күмпілдейтін де, мақтанатын да реті бар еді-ау. Бертіс көкем Ташкент қаласына хан сайланып, арғысы Арғынды, бергісі Қаракесекті бір дүрілдетсе, Тайкелтір жәкем қара қылды қақжарған қазы атанып, Сүйіндіктің әруағын аспандатып еді. Бұхардағы он екі бaп ілімінен хабар беретін Көкілташ медіресесін Арғын арасынан тұңғыш аяқтаған Әнет бабам бүкіл Орта жүздің ақылгөй данасы, доптай үйірілген Тобықтының алтын жағасы еді-ау. Бабамның ақылы болмаса мен де, анау Аралбай да сол Көкілташта оқыр ма едік. Көмекейі бүлкілдеген бұлбұл көмей бауырым-Бұқар жырауым сол медіресенің ілімін түгесер ме еді.

Әнет бабамның қасына әдейілеп көшіп барып, бір жаз қоныстас болғаным-екінші Көкілташым боп еді-ау. Күзде қайтарымда: "Баба, дүниедегі барды, адамшылық арды не бұзады? Күнәні не түзеді?" дегенімде, Бабаң біраз ойланып отырып: "Шырағым, Қазыбекжан, "Әкім" деген сөз арабша үш қана әріпті, екі рет айтса, алты әріпті құрайды. Сол алтауы: алтын мен әйел, кек пен кежір, мақтан мен мансапты сүйрелеумен жүреді-ау. Адам осы алтауына қызықса, дүниедегі барды да бұзады, күнәға батып адамшылық арды да бұзады" деп түйіндеп еді.

Сол түйіні менде ғана емес, елде қалды. Әнет бабам, қасиетті Бабаң төбеде қалды. Ақырғы ақтық демі ысқырып тиген жебеде қалды.

Қайран дәурен-ай!

Сайрамның түбінде тұтас отырған бес Мейрамның осы мамыражай тірлігіне сол үш жыл қатарынан Сыбан Рабтан бастаған жоңғар шабуылы құтырынып тиіп, ұйқы-тұйқы етіп жіберіп еді. Құйрық-жалын шарт түйген ат мініп, сауыт киіп, бес қаруын асынған Қуандық пен Сүйіндіктің, Қаракесек пен Бегендіктің көк сүңгісі сол кезде талай жауының көк желкесіне қадалып, талай жауының көк сүңгісін өз көкіректеріне қадалтып та алып, қара жерді қапсыра құлап еді-ау қайран боздақтар!

Тән жарасы жазылар. Жан жарасын жазар құдірет жоқ қой. Күрсінген көңіліңнің құрсауға келмес қырық бөлегін ескерер де ешкім табылмайтыны қиын.

Алғашқы аласапыран дәл сол Сайрамдағы сәттен басталған еді-ау. Іргесінен сүңгі қадалып, төбесінде қылыш ойнаған Арғынның біразы Тәуке ханның Түркістандағы ордасынан да әрі асып, Бұхарай Шарифке жөңкіле көшкенін қалай ұмытар. Елден елдің айрылуының қиын боларын, бауыр басқан ағайынның бірін-бірі қимай, көзден жас, көкіректен зар төккенін сонда алғаш көрмеп пе едім.

Сол Сайрам түбінде тулақтай сілкіленіп, тарыдай шашылған қазақтың бұрынғыдай далиған даласы қалмаса, күн екеш күннің өзі о шетімен бұл шетіне шаршап-шалдығып жететін салқар сахарасы тұс-тұстан талаған жау табанында қалып, көзінен бір-бір ұшса, әркімге бір жапақтап, жан сақтар жер іздемегенде қайтеді. Бұрын қазақтың төбесі көрінсе-ақ төсегіне кіш етіп қоятын тапырық қылықты, қоңыз тірлікті көршілеріне көз сатқан жалынышты қарастан жаман не бар дейсің. Бүрсеңдеп жеткенінде өзім деп өзегін суырып берер ме? Әлде еркегінің қолына кетпен ұстатып, ыстық күннің өткір істігіне тақыр төбесін тескізіп, күннің атысы, кештің батысы қыбырлатып қойып, көріктісіне күлмеңдей қарап, өзінің әңгі есегіндей танауын желге төсеп, талтая кісінер ме. Соғыстан қашқан ер мен жерінен босқан елдің күні құрысын да. Ер-әруақ, ел-аруана. Бірі қадірінен айырылса, бірі боздап қалған ботасына да қайырылмайды. Қайырылмайын демейді-ау. Қайырылтпайтын озбырлыққа не істей алар. Ырғын қаланың орнында қызыл төмпек қалса, кешегі құтты қоныс орнында бүгін үйілген қорым қалса, қара жұртыңды қызыл қырғын жұт жайласа қайтіп қайырыларсың.

Жоқ! Бекер үрейленген екен. Ертеден-ақ қазақтың көшіп-қонып жүретін Жиделі Байсынына ауып жеткен, аңсап жеткен Арғынның біраз руын, Төр-туылын, Қаракесегін Бұхара ханы Сұбханкүл өзінің өзбек уәзірі Рабжабқа мықтап тапсырып, Әмудің жоғары жағындағы Кафриган мен Сухандария арасынан ойып тұрып, орын бергізген еді. Жақсылық ұмытылар ма. Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпес. Қиыншылықта созған қолдың мәні кетпес. Есеңгіреген ел ес жиған, есебін түгендеуге кіріскен. Ақкөңіл аңқылдақ қазақтың "өзбек өз ағам, сарт садағам" дейтін жан сыры сол кезде айтылған. Айтқызған тірлігі.

Сол жылдың қыркүйегіне қарай Әз Тәукеден хабаршы жеткен-ді. Енді Қазыбектің көз алдына көп дүние елестеп келе берді.

Әдеттегідей қырға шығып аң аулап, ауылына шаршап жетіп, ақ ішіп, демалуға қисая кеткені де сол ми, сырттан әлдекімнің дүрілдеген даусы естілді.

— Қазыбек! Әу! Үйдемісің?

— Иә. Жайшылық па?

— Тез шық. Көкең шақырып жатыр.

Үлкен үйде біраз адам жиналып қалған екен. Ішке кірген Қазыбек үйдегілерге ашық дауыспен сәлем берді. Көбісін жақсы таниды. Әкесі Келдібек ағаш төсекке арқасын сүйей шалқайыңқырап, оң жағына қатарласа қалған үлкендерге ықылас білдіре өзі де шешіле сөйлеп, өзгелерді де бейіп бере тыңдап отырған еді, баласына "тізе бүк!" дегендей ыңғай білдірді.

Қазыбек алдына келген қымыз толы тостағаннан, ауыз тиді де, алдына қойып, үлкендердің сөзіне құлақ түрді.

Әлгінде әңгімесі үзіліп кеткен бе, әдеттегі сөзуар қалпына қайта оралған сақал-шашы ақ шулан, кесек мұрынды, өткір көзді, батыр тұлғалы Айдабол би ағындай жөнелді.

— Әрі итеріп, бері тартып ырғап-жырғайтын ештеңесі жоқ, Келдібек. Әз Тәуке ерекше жарлық шығарса, оның да бір білгені бар шығар. Алысып астыға түсе бергеннен, жарысып алға озғанның да бір шүкірлігі бар. Соны сәл ескерсек және дұрыс болар. Ат-сойылды қамданбап па едік. Қан болып қансырамап па едік. Қан сиіп қашқанымыз қашып, қаша алмағанымыз тұтылмап па едік. Елдестірмек елшіден, қауластырмақ жаушыдан. Ит көрген ешкідей екі көзді ежірейте бергенде не тындырмақпыз. Көнбейміз, намысты тергейміз деп қарысып, қасарысып жүріп, ақыры не болдық? Арқа түгіл ортадағы Сайрам төңірегінен де айырылып, жел қуған қанбақтай Әмуден бір-ақ шықтық. Өз төрінде емес, өзгенің босағасында отырып кергу-арыстанның құйрығында отырып басына қарғу болмас па. Сондықтан хонтайшыға да қолжаулық болмай, көз таластыра бару керек, әйтпесе барудың қажеті жоқ.

Келдібек бас изей түсті де, даусын қырнады. Айдабол би оң қабақты серпіп қап, сөз тоғанын бітейқойды.

— Айеке, оның бәрі белгілі жайт қой. Сіз хан жарлығының салмағын сездіңіз бе, құнын анықтап, бәсін бағаладыңыз ба. Елшілікке бару-қайындап бару емесін менен артық білесіз. Хонтайшыға есің кетіп, есеңгіреген күймен есігінен сығалап қана баратынды ескердіңіз бе. Сығалатып қаратып қана, сыйыстырып кіргізбей қойса қайтеміз. Сыналап кірер ебіміз, сыпалап соғар кебіміз бар ма еді? Пірің мен ұлыңды тірсегін тіліп, асығынан іліп қойып, аспанға қарап астамсып тұрған ақшиған көзді аяғының басында кенедей қыбырлаған кіріптар кеудеңе иілтіп, еңкейтіп әкеп, қадалта алар қандай құдіретіміз қалып еді. Иініміз түскен бүгінімізде иық теңестірер халіміз бар ма еді. Ендеше апандай көмейге әлденені асатып қана қомағай өңештің қыбын табатынды ұмытпайық. Ашқарақ көзді алтынмен арбап, күміспен жаулап күлмең қақтыратын епсектікті ескерейік. Алдына мал түссе, қойнына қыз түссе, кіргізбес есік, ашылмас қабақ, шешілмес түйін қалмайтынын жаңғыртайық.

Ал соған... сол аптайтын алтынды, күптейтін күмісті, шыбжындаған байталды, сылаңдаған аяшты табатын амалды қарастырайық. Қаңыраған дорбаның түбін қаққыштаймыз ба, маңыраған, жамыраған төлді төлем қыламыз ба, аңыраған ананың ыстық құшағын суытып тұлымдысынан айырамыз ба-ханыңның мынау жарлығы осындай ауыртпалық та, үлкен салмақ та боп түсіп отыр.

Енді үйдегілер жым-жырт күйге көшті.

Қазыбек іштей ғана қарсылық жасап отыр.

"Шабылып бір құрдым құлқынға түсіп, сабылып барып тағы да сол құрдымға барлы-жоғымызды тықпалай берсек, қылқ-қылқ жұтып, ырқ-ырқ кекіретін жоңғар жалмауыздығынан өлсе тиылар ма? Үйіріп бір асадым, қайырып екі асадым, қаңғыртып әкеп, тағы мол қарпыдым деп құтырынып шыға келерін сезбегені ме? Игі жақсы дегендеріміздің аумалы-төкпелі заманның әуенімен аударылып-төңкеріліп жататындары қалай? Кешегі өрліктен із қалдырмай, бұларды үнемі ылдилата беретін қандай құдірет? Бет-жүзге қарамай, босағаңның беріктігін қайта нығайт! Шайқалған шаңырағыңды қайтадан шарықтат,

керегенді қайтадан керіп жай дейтін берекелі ауыз осы қиыннан шынымен табылмай ма? Табылмас болса, сонау алыстан айбат атқан жоңғар жақтан жел тұрса қабықтан сығалап, дауыл тұрса тасаға тығыла қалатын жермешелдік күймен қашанғы қол жалаған күшіктей сүмеңдеп жүре береміз?"

Өз ойынан өзі ашынған Қазыбек сілкінін қап, ес жиғандай еңсесін тіктеді. Бұл кезде ақсұр өнді, ат қақты, қап-қара шоқша сақалды Бабаназар сөйлеп отырған.

Қайда барсаң-Қорқыттың көрі. Өзен біткеніңді өзіне басып алып, орысың судан қақса, шығысында жалақтаған жоңғар оттан айырды. Теріскейінде құба қалмақ пен естек-башқұрт нуыңды жайласа,күнегейінде Хиуа мен Бұхарың құмға айдап, тынысыңды жайғады. Дүниенің төрт бұрышының дәл бүйтіп жарылғанын кім көрген. Ана тұстан шаң бұрқ етсе, мына тұстан дауыл бұрқырайды. Ойдан қашсаң, қырдан тосатын үнемі бір таусылмайтын қияметтің қылкөпірі. Қойдың өрісі, жылқының тебінінен де бұрын тірінің зары мен өлінің кебіні қинап тұр ғой. Жалынғаныңды тыңдар жоңғар, жығылғаныңды түсінер хонтайшы бар ма. Қалданның көкірегіне дәл Қазір нан пісіп тұр-ау. Бір жасаған жорығында арбалап алтын, қоралап қой, қос-қостап жылқы, мыңдаған тұтқын әкетсе, оның айдарынан жел еспей ме екен, мұрнынан дауыл соқпай ма екен...

Әй, шашбаудан қырқып, білектен босатып, омыраудан ағытып әлгі айтқан алтын-күмісті ілдәл далап табуын табармыз-ау. Соныңды сол кекірік атқан Қалданның кірпігіне ілер ме екен?

Келдібек ауыр ыңыранды. Екі бетінің ұшына қантабы білінді. Ашуға басарда, не көкейдегісін ашарда болатын бұл нышанды сыр мінез ұлы Қазыбек мұрыннан білетін. Ентелей құлақ түрді.

— Ағайын, қазақ десек бәріміз күйеміз. Шапса да көндік, атса да көндік. Алса да бердік, алмаса да бердік. Жер жауда қалды. Жан тәнде қалды деп татусыз тәубаға ұйыйық па сонда. Бірің жоңғарға неге барамыз дейсің. Екіншің хонтайшыға неге береміз дейсің. Ау, сен бармады екен деп құлдықтағы ерінді босатып жібере салайын деп отырған жоңғарды көрсетші маған. Сен бермеді екен деп, күңдікте жүрген қызыңды қайтарып салайын деп жүрген ойратты көрсетші маған. Хан Тәуке елші жіберсе, елдігімізді танысын, еркіндігімізді ерегісте ешкімге бермес жан-кештілігімізді білсін деп жібергелі отыр. Мен берейік десем, аяздай көгерген дұшпаныңның жүзі жылыр ма, беті бұрылар ма деген далбасам ғана. Әрі ырғалып, бері ырғалып, құйрықты босқа жауыр қыла бермейік. Сөзді осымен доғарып, дайындыққа кіріселік.

Алдымен мықтап тапсырарым: әр ауыл баратын адамын сайласын. Адамына лайықтап таңдаулы аттарын жабдықтап, қару-жарағын сай қылсын. Азамат атымен көрікті, қару-жарағымен айбынды. Жоңғарға қонақ боп бармайды, елші боп барады. Елді еріне қарап таниды. Сый-сияпатты тез жинауға кірісіңдер, — деп осы отырған көп рудың игі жақсыларына әр ауылдан жиналатын мал-мүліктің мөлшерін белгілеп, ас ішкеннен кейін атқа қондырды.

Әкесінің кеңесті тыңдауға шақырғанын әлде басқа да тапсыратын жұмысы барын білмей отырған Қазыбекті Келдібек оңаша алып қалды.

— Мән-жайды сездің ғой.

— Иә, көке!

— Не түйгенің бар?

Келдібек өзге балаларынан гөрі осы Қазыбегін төрт-бес жылдан бері көбірек сынап, көбірек қасына алып, үлкендерге үйірсектетіп жүрген. Қазір де ақсұр дөңгелек жүздің дөңқабақтың астынан түйіле қарайтын үлкен көздерін кірпік қақпай шаншылтып отыр.

— Не түйейін. Хонтайшы құдай емес шығар. Құлдық ұрып маңдаймен жер сүзе беретініміз қалай? Құдірет ханда емес, халықта ғой, көке. Кеудемізді бастыра бергенше, иық пен иығымызды неге теңестірмейміз?

— Қалай? Қайтіп? Иығыңнан басып, кеудеңді езіп кетпеп пе еді? Еңкеймесең, басыңды шабам деп шабаланып кетпеп пе еді?

— Еңсе көтермесек, еңкейте берері хақ. Кеудені езсе, жара жазылмас па? Құлдық қамыты мойынға түсіп пе еді? Есем деп егессе, мұң мен шер арылмас па? Басымыздан бақ-дәулет әлде мүлде ұшып па еді? Жоқ, көке! Оның табынғаны қуыршақ құдай болса, біздің тәңіріміз жаратушы бір Алла! Талпышғанымызды өңір көрмес деймісіз. Туырлықты қазақтан түндікті ойраттың қай жері артық. Түтіні түтінімдей боп ұшады. Түр-түсі, түр-түсімнен аумайды. Түтін саны да алашыңыздан артық емес. Сонда ол несімен алмақ. Несімен қазаққа қара жауып, басына қиямет күн салмақ? Көптігімен бе? Жоқ! Мықтылығымен бе? Жоқ! Өнерімен, от қаруымен бе? О да озған емес. Мендегі бар онда бар. Ондағы бар менде де бар. Қапыда қан қаптырған Қарақшылығы болмаса, қайраты басым емес. Бізді оңдырмай жүрген осалдығымыз, көке, басымыздың бірде бірігіп, бірде бөлектенуі ғана. Бөлінгенді бөрі жейтінін аңғардық білем. Тәуке хан тұтас қазағын доптай ғып үйіріп, бас жібін бір тізгінге байласа-ойратқа ойранды біз салар едік. Жоңғарды жәукемдейтін біз болар едік. Осы түйгенім.

Келдібек біраз үнсіз сазарған күйі, не бас шайқап құптамағанын, не иек қағып келіскенін білдірместен, ұлына еңсеріле бұрылып, ұзақ қарап отырды да, ырғалып қалды.

— Дайындала бер, Қазыбек. Сен де аттанасың.

— Жарайды, көке.

— Көкірек кере берсе-керік болады, үнсіз ішке түйе берсе-көрік болады. Осымды ескер, балам. Ат-көлігіңді қамдай бер. Орның күтуші, қызметшілердің төңірегінде болар.

— Мақұл, көке.

Содан кейін бұл ауылда да, хандықтың қоластындағы бүкіл қазақ ауылдарында да елшілікке дайындық қауырт басталып кеткен еді.

Елшілікке адам іріктеудің бар қиындығын Тәуке хан Келдібекке тапсырған. Оған да үлкен себеп бар. Сайрамдағы ойранда қолға түсіп тұтқында кеткен қазақтың дені-Арғын, оның ішінде бес Мейрам болғандықтан, "киіз кімдікі болса, білек соныкі" дегенге сайды ма, өзгені онша араластыртпады.

Осыдан кейін-ақ ақсақал-қарасақалдың ауыл үстін ақ тақыр қып, көпір кеп мошап-ақ алғаны.

— Әу, Келдеке! Туған бауырым кетті ғой шырылдап!

Құрақтағы даусы өлі күнге құлағымда тұр ғой, — деп бірі дау айтады.

— Елірмелерді еркінсіте бермеңіз, Келдеке. Ерімбеттен өткен ер бар ма еді. Бүкіл от басы, бала-шағасымен шұбыртып айдап әкетті ғой сол қайран сабазды! Артынан өзім іздеп бармасам, өзгенің оған қайдан қимасы қыши қояр, — деп өңмендеген тағы бірі әлден-ақ бітпес даудың шетін қылтитады.

Әке қасыңда көбірек болатын Қазыбек іштей әрі күледі, әрі күйінеді.

"Әй, қазағым-ай! Береке десе бұлданып, әреке десе тұлданып, қашанғы бұйда үзе берерсің. Жыбыр-жыбыр қимылдар, дабыр-дүбір айқайлар, абыр-сабыр жүгірістер тек бізде бар-ау. Қанға сіңген әдет пе, қол байлап алқымнан алар әбігерлік пе-тиылар күні бар ма екен? "Арқар" ұранды төреміздің де, "Алаш" ұранды қарамыздың да көксегені көп тілегі емес, ет тілегі. Жай кезде шетінен керемет. Айтқаны келіп, атқаны тиіп тұрғандай құлаштап-құлаштап көкіректерін соққанда, тұп-тура күн күркіретеді-ау. Дер кезде сол кеуде соғып, тос қаққыштардың көрпенің астына көміліп, қатынының тасасында тығылып қалатындарын қайтерсің. Желауыздардың құдайы берген заман боп барады-ау. Қарашы, бірінен соң бірі суырылғанда, тоспасын бұзып жарған тоған суындай лекілдейді-ау. Бауыры үзіліп, жүрегі елжіреп, күйіктен күйіп бара жатқаны қайсысы. Анау елтірі тымақтың сол сор арқалап кеткен бауырына құдайдың құтты күні бақан ала ұмтылып, басынан құс ұшырмаушы еді, аяқ астынан іздей қалғанына таңым бар. Інісін тағы да күн құрғатпай құрықтап отыру үшін құтқарып алуға бармақшы ма? Ол қайда. Мынау өлермендік-"Өзгелерден менің нем кем? Бөркін дағарадай етіп хонтайшы алдында далиып отыратын пәленбайдан неге қалуым керек. Ол немеңнен менің абыройым кем бе, соңыма ерткенім аз ба? Жоқ, одан менің шаңым қою. Ал анау түгенбайды дүрілдететіндей-ақ ол шіркінің бәйбішеден туып пен. Жоқ, руы-ұрқы белгісіз нағыз шата сол. Бәйбішеден туған-мына мен! Ағайын-жұрт алдында менен өтер беделдіні осы өңірді бес айналып тауып көрші, тауып берсең, тілімді тістеп, құлдығында ғана өтейін. Қайдан табарсың. Ендеше керілдесіп керіс-теріске баспай, жығылар жөніңе бағып, жолымды бер де, жолыма тездетіп сал"-деу ғана. Өлермендіктен не пайда. Желпініп баруын барсын. Ау, хонтайшының алдында жеріне жеткізе айтып, желкелеп түсіндіре алса, құба — құп. Әшейіндегі әлдекімнен естіген бостекі әңгімесін әсірелеп өсіріп, құбылта хикаялайтын лепірмесінің хонтайшыға қажеті қанша. Жоңғарда кеткен есені еселеп қайтарар қара нардай кесектік пен ірге алдырмас іріліктің қасиетін сезбейтіндері қалай. Жалыну емес жарғасу, ылдилау емес ырғасу керектігін ескермесе, елші боп қатарға ілініп, қара көбейтудің қадірі қашарын түсінбей ме".

Сарша тамызда елшіліктің Ұрғаға аттанатын кезі де жетті. Әр ауылдан, әр рудан ілеспек қырық адамды бастау-Қаракесек Бертіске жүктелді. Бертіс Келдібектің ағасы. Бес Мейрамның өзгелерден кеудесі жоғары, иығы биіктігін дабырайта беретін әдетімен қалың Қаракесек Бертісті Ташкенді билегенде өздерінше ақ киізге көтеріп, хан сайлап, әз-әулие тұтып алған. Бертістің ауыздығымен құс тістеген жүйріктігі болмаса да, елді аузына қарататын шешендігі болмаса да, қарауындағыларға сырттан ешкімді тигізбейтін, іштен ештеңені шетінетпейтін қарауылдығы жетіп артылатын. Оның үстіне тыңдаушысын үйіріп әкететін домбырашылығы, күйшілігі ғажап болатын.

"Жұрттан шыққан жұрымдай қылмай, жұтынып тұрған елшілік дайында" деген Тәуке ханның тапсырмасын жанын салып жайғастырған Келдібек қызыл парларға қалы кілем жабылған ұзын тізбек керуенге көңілі тола қарап ұзатып салды.

2

Сол жүргеннен жүріп отырып бірнеше күн дегенде алдарынан жарқ ете қалған Ілені көргенде, жол соқты болған жігіттердің кеуделеріне жан бітіп, көздеріне шоқ жүгіріп еді.

Әсіресе Қазыбек анау айнадай жарқырап жатқан өзеннің иінінде отырған хан ауылының төбесі көрінгенде әлденені ырым еткендей жүрегінің қабына түсіп, жиі ұрғыштап кеткенін сезінді.

"Әй, тегін емес! Не жауды алармын, не дауда алармын" дейтін батыр да, би де емеспін. Менің алағызғаным не соншама. Әлде анау Бертіс әкемнің соншама күннен бері сол қабағына ілініп, тезек теріп, от жағып, су тасыған күйімнен запыланам ба? Оған несіне ренжимін. Қолғанат болсын деп қолбала ғып жұмсаған өз әкем ғой. Хан жақтырмаса, балалығымды байқаған шығар. Хан қыжыртса, шалалығымды ескерткені болар. Ақыры міне келіп жеттік қой. Етікшінің шегесіндей айтарымызды іш қадап айтып, дұрыстап қайта алсақ, туған-туыстарды қайтара алсақ, абыроймен елге оралар едік-ау. Әй, бұлар бізді неге қарсы алмайды? Хонтайшысы шықпаса да тайшы, нояндары құрып қалып па? Елдің елге, ханның ханға сәлемін әкелген бөркі дағарадай, аты дырдай елшілікпіз ғой. Қазақтың қаһарына мінсе тасты ерітерін, тауды бұзарын білудей-ақ білетін, жоны мен жотасына сол қазақтың көк айыл қайыс қамшысы мен көкала сауыр сүңгісі тиген қыршаңқы жоңғар емес пе? Табысқалы келсек, шабысқалы келді дей ме, бұғып қалғаны қалай? Әлде менменсіген қу көкіректің текірек қағуы ма? Онысынан не түседі. Ауылға келген бейсауат қонақты да күтіп алу ежелгі тұз әдеті. Әдетінен жаңылса, хонтайшының қадірі қашады да. Қашсын, мысыммен басармын онда.

О-о! Әне, шаң бұрқ етті. Сілекейлене итшұбырды! Бері салды. Көбейді. Қоюланды. Е, бәсе! Осылай болуы керек қой. Атадан туған ұлдың бәрін күл көре бермес. Көрсетпеспіз-ақ!" Қазыбек анау төменнен бері құйындата жақындап қалған аттылар тобына үлкен көздерін кең аша қадалып қапты.

"Қарасы біраз. Әрине, Қалдан Башықтың да cay сиырдың жапасы емес. Шамадан аспайды да, кемімейді де ол. Монтанысынғандай кеше ғана өзі шауып кеткен қазақ ханының елшісінің алдына мыңды шығармайды ол. Менсінбегендей Тәукенің оң қолы, орақ ауыздысы боп келе жатқан елшінің алдынан селдіретіп он шақты-ақ адамды қарсы алуға жөне жібермес. Әй, Бертіс көкемнің кейде орынсыз кекірейе қалатыны да, кейде келеңсіз ылдилай қалатыны да бар — ау. Халықтың атынан сөйлейтін болған соң, ханның өзі боп келген соң арқаңды артыңдағы алашыңа тіреп, алдыңды аласартпай асқақтата алақшыңа беріп, еңсеңді түсірмей, қайыстырса қайыспай, исе сынбай, илесе көнбей қайсар та-бандылыққа басу керек — ау. Соған көкемнің табанының бүдірі шыдаса..."

Түйдектеле құйғытқан қарсы алушы топ бұларға оқ бойы қалғанда ат басын тежеп, екіленіп ауыздық тістеген күліктерін бүлкіл желіске салып алды. Ең алдында оқшауланып омыраулаған ақбозын қырындата билете басқызып келе жатқан адамның сән-салтанаты өзгеше.

Елшілер керуенінің алды иіріле тоқтап қап еді, көз ұшында шұбатылған соңы біртіндеп сүліктің жиырылған денесіндей жинақтала бастады. Бертіс ханның ту сыртына топтасқан игі жақсылардың алдына сүзіле, күн сала қарауы көбейіп кеткен еді, іле еріндеріне күбір жүгірді.

— Әй, анау адам келіскен салтанатына қарағанда Қалданның ханзадасы болар.

— Оу, соның ұлының аты кім еді?

— Оны қайтесіз? Қызыңызды бергіңіз бар ма?

— Тәйт! Тәйтіктенбе.

— Енді өзіңіз ғой хонтайшының қайдағы бір қара шеке ұлын түгендей бастаған.

— Ей, анау Сыбан-Рабтан!

— Иә-иә! Дәл сол!

— Сенге хонтайшының қан уыстап туып, қазақтың қанын кеселеп ұрттайтын Сыбаны ма?

— Сол! Мен оны танимын ғой.

Бертіс артына еңсеріле бұрылып шұғыл бұйырды:

— Жә! Жамырамаңдар!

Арқан бойы жер қалғанда жоңғарлар аттарының басын тежей аяндатып келіп, есік пен төрдей жерде көліктерінен түсті. Арт жақтан жеткен нөкерлері ең алдындағы Сыбан-Рабтанның, одан кейінгі он шақты адамның аттарын жетектеп алып кетті.

Бертіс хан мауыты шалбардың қиығынан сауыр етікті жарқ еткізіп ілгері аттады. "Қап!— деді іштей

Қазыбек.-Сел тосқанда ғой. Жә! Құлдыраңдай беруіміздің басы осы ма екен?"

Бертіс хан жақындаған кезде ғана басын шалқақ ұстаған Сыбан-Рабтан бір аттап қана ілтипат танытып, ұсынған қолға алақанын әрең тосты.

"Кердеңін! Кердең болмай қайтсін. Шапқан ол, шабылған біз!"

Бертістің әдеттегі сампылдап шығатын даусы да, неге екенін кім білсін, ә деп бастағанда, құмығып естілді.

— Бүкіл мұнғұл һәм жоңғар даласының ұлық ханы, зор мәртебелі хонтайшысы қасиетті Қалдан Башықтыға, сондай-ақ қасиетті Қалданның құзырындағы күллі ойрат жұрты, мұқым мұнғұл танабы, тұтас ойғыр әулеті, көк аспанды көк сүңгісімен тіреп алған шеріктері мен ханзада Сыбан — Рабтандай атақты тайшылары, қадірменді ноян, жайсаңдарына зор сау-саламаттық тілеп, бүкіл күнгей даланың сансыз қазағы мен қырғыз, өзбегінің ұлық әміршісі құдіретті Тәуке ханның жоңғардың ұлы хонтайшысы Қалдан Башықтыға, мұқым ойрат ұлысына деген ғиззату сәлемін қабыл алыңыздар!

Бертістің Сыбан-Рабтанға бағышталған жүзі сөз соңында ханзада тайшының ту сыртында тұрған тектілер мен мықтыларға қарай бұрылып, шүңірек көздер әлгілерді бір — бір жанамалай сипап өтті.

— Шүкіршілік! Қоғадай көп шүршіттің көк тәңірісін қалтырат Қан, ормандай мол орыстың ордасын үреймен аштырған қаһарлы һәм қасиетті ханымыз Қалдан Башықты да, қаһарлы хонтайшымыздың қабағынан күн, айдарынан ай көрген сары телпекті күллі ойрат-мұнғұл ұлыстары да қос дүниеміздің әулиесі Дзон-Кабаның арқасында саушылықта аман-есен жүріп жатыр. Баһадүр Жәңгір ханның ұланы қазақтың жас ханы Тәукенің, кешегі ат тұяғының дүбірімен жарты дүниенің құлағын тұндырып жіберетін қазақ халқының, бүгінгі сол дүбірді ұмыта бастаған аянкеш алаштың құрметті елшісі, Шаншар ұлы Бертіс мырза, төрт түмен ойраттың еліне келген қадамыңыз құтты болсын! — деп Сыбан-Рабтан қазақшаның майын тамыза сөйлеп қарсы алудың, құрмет танытудың кәдімгідей рәсімін танытты.

— Айтқаныңыз келсін,-иіле берген басын, әлдене ойына түсіп кетті ме, Бертіс хан көтеріп ала қойды. Соны қазақтар да, ойраттар де сезе қапты. Бір-біріне қабақ астынан оқталған жүйрік қарастар шаншыла шарпысып қап, айқасқан кірпіктердің, бұрылған жүздердің тасасына көмілді.

— Күн ыстық, жол алыс, көңіл күпті. Жолсоқты болған шығарсыздар?

— Иә! Әрине ғой, ханзада! Алыс жол ілгері асықтырып сергіте ме, күдігімен шошытып шаршата ма, бәрінің төрешісі-уақыт көрсетеді ғой.

Бертістің оң жағында сөл кейіндеу тұрған томпақ көз, кең маңдай, бүркіт қабақ қазақтың ілес жауабын естігенде, ханзада қадала қарады. Кіржің ете қалған қабағы бірақ тез ашылды.

— Әлбетте уақыттың ұтатыны да, ұтқызатыны да болады...-әлгі Тайкелтір биді танымаса керек, қалай, кім деп атарын білмеді ме, сәл кідірді.-Солай, құрметтім. Мен қасиетті ханымыздың сіздерге арнап тіккізген ауылына өзім бастап апарам. Керуендегі қызметші, нөкерлеріңіз асықпай келе жатар. Анау біздің жігіттерге мықтап тапсырғам. Солар сіздер қашан кеткендеріңізше басы-қастарыңызда жүріп, өрі күтушілеріңіз, әрі ел ішінің телі-тентектерінен қорғаушыларыңыз да болады, — деп көлденең төбеге шығып қатарласа қалған нөкерлерін қол бұлғап көрсетті.

Әлгі сауыт-саймандары күн көзінде жарқырап, сәуле шағылыстырған сұсты нөкер тура бір жүздік. Соны лез шолып өткен Қазыбек: "Япырай, мыналар күтушілерің деп жендеттерімізді қосып бергеннен сау ма? Осыдан былай аяқ басқанымызды аңдиды да отырады-ау. Біздің бір адамға екі нөкерден бөлгеніне қарағанда, хонтайшы не құрметімізді асырмақ, не күзетімізді күшейтпек. Қалай десең де бұлардікі мысымызды баса берудің жарғысы ғой. "Күштінің көті диірмен тартадыны" әлден-ақ ұғындырып, әлден-ақ ықтырып ала қояйын деп ойласа, хонтайшының да шолақ қайырып, шолтаң ете қалатын өресінің қысқалығы болғаны ма. Қой, ондай өрескелдікке бара бермес. Атам заманнан бергі әдетпен елшіге ежірейе қараса да, ентігін баса алмайтын хандар мен патшалар үрдісінен бұлар да жаңыла қоймас".

Сыбан ханзада бастаған алғашқы ұлық топқа атына мініп ап, ілесе берген Қазыбекті Бертіс қамшымен жасқап, қалт тоқтатты. Әлгіндегі Сыбан — Рабтанға сөйлегендегі құмыққан үн емес әдеттегі сампылдақ даусы да қатқыл шықты.

— Орныңды біл, бала! Әкіреңдей берме!-Сәл бөгеліп барып,-Мал-мүлікке байқас бол!— деді. Онысы "ұрыссам да өзімсініп ұрысам. Бірақ өзгеден өзіңді ерекшелеп тұрмын. Саған ғана сенетінімді түсін!" дегенін және білдіргені тәрізденді. Қазыбек ат үстінен басын изеп, келіскен түр байқатты да үн-түнсіз қала берді.

Мол сулы Іленің сонадайдан орағытып барып кең қолтық жасаған үлкен иініне бір ауыл ғып бірнеше ақ шаңқан үйді тігіп тастапты. Бір ғажабы-әлгі аршылған жұмыртқадай ақ үзікті, алтын туырлықты ақ үйлер шетінен дөңгелек қыпшақ иінді, шаңырағы шомбал қазақы үйлер еді. үй-үйдің арасында, көлеңке, саяларда қыбырлаған адам. Анау әрқайсысы бір-бір байбатшадай сылана киінген, ер-тұрмандарына шейін алтынмен аптап, күміспен күптеп, ат әбзелін тегіс қарала кавказдатқан қазақ елшілеріне әрі таңырқай, әрі қызыға қадала қарап қалыпты. Ортадағы сегіз қанат ақ ордаға Бертіс ханды екі-үш адамымен Сыбанның өзі бастап кіргізіп, төрге оздырды. Аяқ астында да ұйысқан көгалдай қызылды, жасылды кілем. Қалың бөстек, құс жастық. Сол қазақы үй. Қазақы бұйым. Әне, босағадан сәл солға таман иіндеген қара саба. Қара сабаны көргенде қазақтардың тамағы қаңсып, ындындары кеуіп сала берді. Соны көрді ме, сезді ме, сергек тайшы нөкерінің біріне иек қағып еді. Анау лыпыл қағып шыға жөнелді де, қаншырдай қатқан қара жігітті ертіп кірді. Қара жігіт қара сабаны піспектеді-ай кеп! Үйдің ішін таңдай қақтырып тамсандырып, қайран қымыздың мұрын жарар қышқыл иісі жайлады-ай кеп!

Тағы да қазақы торы ала тостағандар Бертістің, Бертістің оң жағындағы Сүйіндік Құл болды биі — манағы томпақ көз бүркіт қабақ Тайкелтірдің, ханның ол жағындағы Керней биі Даудың қолдарына тие (кірді. Дәмін татып үлгергенше, тобылғымен ыстағандай қымыздың көмейлерінен қалай сырғанап кеткенін де білмей қалды.

— Тағы ішіңіздер! Тағы алыңыздар!

— Рахмет!

— Алла риза болсын!

— Онда ас піскенше демала тұрыңыздар. Күтіміңізді мынау Жырғал ноян бастаған жігіттер атқарады. Бәрі қазақшаға ағып тұр. Қысылмай-қымтырылмай жайғаса беріңіздер — деп Сыбан-Рабтан шығып кетті.

* * *

Қазыбек хонтайшыға тарту-таралғыға деп арнап айдап әкелген жылқыларды әлгінде тағы бір түгендеп шығып, жылқышы жігіттеріне мықтап тапсырып қатқанда қастарына қосылған жоңғар шеріктерінің бірі Қарқылдап күлген. Содан соң екі жаққа кезек жүгіріп, бір орында байыз тауып тұрмайтын көздерін өрең тоқтатып, бұған қадалған.

— Қазақтың үйі сұлу, аты сұлу, қызы сұлу. Оған таласпаймыз. Жақсы үй керек болса, қазаққа барамыз да аламыз. Әрі ұшқыр әрі жүйрік ат қажет болса, тағы барамыз да тақымға басамыз. Ал хатун... ә, қатынның жөні бөлек қой шіркін!.. Қара көз, имек қас... сонсоң Қалай еді, не деуші ендер... Ә-ә, ақ бұтағы бүлкілдеген ақ тамақ, солқылдақ бел, қолаң шаш қазақта туады, ойратқа бұйырады, — деп тағы да қарқ-қарқ күлді.-Әу, жігітім, тыңдашы! Басымда қазақы үй, тақымда қазақы ер, астымда қазақ келіншегім, тіпті балаларымның тілі де ө дегенде қазақша шығады. Оу, сонда мен де қазаққа айналып кетпедім бе. Сен біз тұрғанда мынау қылқұйрығыңның бір қылы жоғалар деп қам жеме. Тек, тұлпарларыңды мұнан да гөрі көбірек айдап келгендерінде тіпті қатып кетер еді!

Үндемей кете беруге намысы келді ме, әлде көмейіне тығылған әлдебір сөздер көмейін бүлкілдете бастады ма, атының басын шірене тежеген Қазыбек шаралы көздерін шоқ түскендей жандырып, әлгі езуін жимай тұрған ойратқа өңмендете қадалды.

— Әу, жездеке! Алысқа онша бармайсыңдар-ау, кепке онша ұзамайсыңдар-ау деп көңілімнің аздап бұзылып тұрғанын көрмеймісің. Ер жігітке бір емес қатарынан үш қауіп бірден төнсе, сытыла алмай қан құсар, құтыла алмай көр құшар. Қазақы шаңырақ құламас па, құласа жаныңды жарға тықпас па. Астыңдағы кер атың бір күні орға жықпас па, қойныңдағы қатының кеудеңе қанжар сұқпас па.

Езудегі есалаң күлкісін жиып ала қойып, тілін тістерін де, қылышына жармасарын да білмеген шерік қыпылықтап қалғанда, ерін астынан кекесін күлкісін ақырын ғана бүлк еткізді де, Қазыбек атын тебініп қап жүріп кетті.

"Әй, айттым білем. Қайран шешендік! Керексің-ау сен маған. Шіркін, шешен болсам ғой! "Тіл тас жарар, тас жармаса, бас жарар" деген бабалар қандай ақылды. Кепіріп сөйлеп, көкірегімді басам деп еді, көмейіне құм құйғандай болдым-ау. Әй, құя алдым ба шынымен? Үндей алмай қалды ғой. Қолы қынға жүгіре беріп тоқтамады ма... Шіркін анау Тайкелтір ағадай топқа түсіп, топ жарып өтердей болсам ғой. Түйдек-түйдек төгетін, жүйткіп-жүйткіп алатын, жез көмей, мен, қызыл тіл, сендерден өткір, сендерден мықты, сендерден асыл не бар?!

Анау хонтайшының алдында арқанды елге, табанды мынау қолды болған алаштың ежелгі атажұрты-қасиетті қара жерге тіреп қойып, қазақтың құдіретін танытып, қадірін асырып, хонтайшының құтын қашырып лекілдетіп бір кетсем... Әй, сонда не дер едім? Не айтар едім? Қалай шүйіліп түсіп, қайтіп үйіріп, иіріп әкетер едім?.."

Осындай оймен келе жатып сойыс қойын бағып жүрген жігіттерінен өтіп кете бергенін байқамай қалыпты. Оқыс дауыс ойын да, бойын да дір еткізді.

— Қазыбек? Әй, тоқта!

Қазыбек тізгінін тартты. Әлгіні енді таныды. Қуандықтың Алсай Барқы батыры.

— Ay, Бәке! Сіз екенсіз ғой! Жайшылық па?

— Қайдағы!.. Мынау сабауларын шошаңдатқан шерікмеріктердің ызасын көрдің бе. "Қойды олай жайма, былай қайыр. Өзенге беттетпе, өзекке жап!" деп әбден зығырымды қайнатқаны! — деп батыр күйіп-пісіп тұр.

— Бөке, қойшылардың арасында сіз неғып жүрсіз? Үлкендермен неге кетпедіңіз? — деп Қазыбек таңданып қалды.

— Шырағым-ау, төрт аяқты малға сенім бар ма. Оның үстіне анау Сыбан неме мынау найзалары шошаңдаған жандайшаптарын қосып жіберген соң... шошынбай қайтерсің. Мына қойлардың біздің Алсайдан жиналғанын білесің ғой. Білсең, қоқаңдаған немелер көзіміз таса болысымен қасқырша талап жүрмесін деген белгілі сақтық қой менікі.

— Ой, Бәке-ай! Найзасын шошаңдатқандар малдыма, жанды ала ма, бір құдайға аян. Енді бізге бұ жақта айқай-шудан гөрі арбасу ғана көбірек қажет. Әріден ырғап, беріден қозғап, түптен қопармасақ, қойыңызбен қоса өзіміз бірге қосақталып кетерміз.

"Әй не дейсіңді" аңырған жүзбен, кең ашылған көзбен айтқан Барқы батыр атын ілгері лықсытқан Қазыбекке үнсіз ілесті.

"Осы жас жігіттің өзгелерден гөрі ойы сергек. Сөзі өтімді. Әкесінің тәлім-тәрбиесі сіңбес пе. Өнегесі жұқпас па. Оның үстіне шетінен сөз қуған, мысқылды ерттеп мінген Шаншардың өнерпаз тұқымы болса қайдан осал болсын. Құдауәнде, біздің ханның осы інісіне сонша неге шүйіле беретініне түсінбей-ақ қойдым. Қолбала емес, тура құл баладай жұмсайды. Осы сапарға шыққаннан бері Қазыбек ұланның қай кезде ұйықтап, қай кезде тынығатынын бір көрмеппін. Соған қарамастан қабағына кейіс-кірбің жуытпайды-ау сабазың. Әй, болайын деп тұр — ау. Бол! Болғаның керек, өренім! Біз сияқты ауыл арасынан аспайтын можантомпайлық саған жетпесін. Көзіңде от бар. Кеудеңде жалын бар.

Жасаған, жас тілеуін жат көрме. Жатырқамай, жауап қыл!"

— Әу, Қазыбек! Сен әлгінде қоймен бірге қосақталып кетуіміз мүмкін дегенді қалай айттың? — деп Барқы батыр ұланмен тізе қағыса жанасты.

— Ә,ә, Бәке! Ол бір толқыған ойдың көлеңкесі ғой. Қорықпаңыз. Елшінің маңдайына жел, қоңына қол тимейтінін білмеуші ме едіңіз, — деп жымиған Қазыбектің жүзіне барлай қараған Барқы бас шайқады.

— Әй, бала! Тереңсің-ау! Тіфә-тіфә, тілім тасқа. Дегенмен де көт қопаңдамайтындай бекемдікті айта алсаң, сендіре алсаң ағаңды, ашсаңшы онда ішіңді!

— Табысқан досың емес, шабысқан ежелгі қасың ғой бұлар. Елші боп келдік деген емескіміз болмаса, көмескіміз көп қой әлі. Хонтайшының да, көп ойратыңның да мұрты майланып, кекірігі азып, мейманасы тасып отырған кезеңде келгеніміз ғана қинайды-ау. Жер мен көктің арасын шаңға бөлеп, күннің көзін апталап жауып алдына сап айдап әкеткен қазақтың малы қаншама-көзінің етін өсірмес деймісіз. Құл ғып қорлатып, күң ғып зарлатып байлап әкеткен қазақтың жаны қаншама-кеудесіне нан пісіртпейді деймісіз. Опырып алып, жерімізді жамбастаса, қаламызды қопарып алып, байлығымызды тасыса-көкірегіне желік, кеудесіне бүлік кірмеді деймісіз. Кешегі терезесі тең, керегесі кең елдің адуын елшісі деп қарар ма, әлде шабылған елдің шаңына көміліп тентіреп жеткен әупірім өлмешісі деп қарар ма-көңілді күпті қылар жайт осы, Барақ аға, — деп Қазыбек демін ықылықтата шығарып, кеуденің күрсінісін жұтқызып жіберді.

Барқы мына елшілік сапарының бел сындырар таудай салмағы барын енді-енді сезе бастағанда, көңілдегі күдігі одан сайын қоюланды.

— Не амал бар?

— Амал деймісіз?.. Сол амал көп те, жоқ та ғой. Бертіс көкеме ойыссам, амал таппаспыз деп қиналуым күшейеді. Тайкелтір жәкем қиялап бағар-ақ, қисынын келтіре қоярына күмәндімін-ау! — деп кішкене төбешікке шыға берді де, қазақ елшілеріне арнап тігілген ақшаңқан үйлердің үстінен түскенін байқады. Бұрылып серігіне қарады. Батырдың бетінен қаны қашып, түсі сұрланып кетіпті. Көз жанары да біртүрлі күлгін тарта қалыпты.

— Оу, батыр аға-ау! Жұмбақсыз таң атып, шырғалаңсыз күн батқанын көріп пе едіңіз далаңыздан! Ол көрмей жүрген құқайымыз ба еді.

Жұмбақты шешпесек, өстіп қалқайып жүрер ме едік. Шырғаланды жеңбесек, қаһарлы хонтайшының зәрін сындырып, кәрін қайтарғалы осында келер ме едік. оу, қасымда сіздей жаубасар тұрғанда кеудем көрік топ гүрілдемес пе, аузымнан жалын атылмас па,-сақ-сақ күліп, төменге қарай көлігін желдірте жөнелді.

Тебініп қап Қазыбекке қосыла берген Барқының ішіне қан жүгірді. Кеудесіне үміт енді.

"Е, бәсе! Несіне үрейленеміз. Мынау жас, әй, тегін емес. Айтпап па ем. Өзге өзгенді білмеймін, дәл осы қолы сілтеп түсер семсер, қиып түсер қылыш, кесіп түсер қанжар осы Қазыбек болар. Болар-ау! Түйілуі қатты. Шүйіліп түсіп, іліп-ақ әкетер. Әкете алар! Анауертіс ханның осы өренді иықтай беретіні-ақ жаман бетте. Ағайынның аласынан өтер жаулық жоқ. Ішіне қатқан қырнасы қалай жібітілер. Жібімесе-Қазыбекті мүлде жолатпайды. Онда, Барқы, жолатудың жолынтап. Жаубасарым деді ғой сені әлгінде анау баршын жас. Сенімінен шық мықтап".

Екеуінің алдынан екі ойрат жігіті шығып, атарының шылбырынан ұстап, екеуін де қолтықтап түсірді.

Қошемет көрсетіп, үйге кірулерін өтінді.

Барқыға ойраттардың құрметтеуі ұнап қалды.

— Рақмет! Кіреміз ғой, кіреміз. Өздеріңіз де сау-саламатта бола беріңіздер.

3

Екі күн өтіп үшінші күннің де таңы атты. Іленің аққан суының сылдыры, тоғайының таңғы самалмен ескен сыбдыры, айдынға қонған үйрек-қаздың қанатының суын қазақ біткеннің туған жерге деген сағынышын оятып, қызғанышын күшейтіп жіберген.

Әсіресе Албан Сырымбет батыр мынау ата-бабасының құт қоныс, жаз жайлауына көзі жасаурай, көкірегі қарсы айрыла қадалып қалады. Сол сәті: "ата-бабамнан бастап ұл-ұрпағымның кіндік қаны тамған Қасиетті атажұрт! Қадірің қанымда қалар, қасиетің жанымда жүрер. Топырағыңнан жаралғаным рас болса, тас бұлағыңнан нәр алғаным хақ болса, еңіреп кеткен ұлың омыраулап жетер әлі. Сонау бір алатопаланда атадан ұл, анадан қыз айырылғанда, пышыраған ел туған жерін еріксіз жетімсіретіп кетпеп пе еді. Ер киесінен де жер киесінің кереметтігін жан жүрегім қан жылап ұғынып тұрғанымды сеземісің,атамекен қара орман! Жат қолынан, жау қоңынан азат етпесем, уай қасиетіңнен айналайын, туған жер-кіндік қанымның анасы, тұқым-теберіммен, әулет-зәузатыммен жер бетіне енді келместей мүлде құрып кетейін! Арым-елімде қалып, қаным өзіңе тамсын!" дейтіндей қыбыр еткізбей төңірекке телміртіп қойыпты.

Ал төңірек болса жасылын әлі де жоғалтпай, жасанған қыздай жайнап, алқызыл қызғалдағы көмкерген көгалды көгін көбейтіп, аспан мен жердің жігін білдірмей тұтастырып жіберген. Тақыр төбе жоқ, үкілі төбе көп. Сол төбелерден басталып тау етектеген тал теректер, өзен бойлаған шілік талдар бұрын болмаған бір жайдарылықтың айғағындай табиғаттың жастық дәуренінің айшығында құлпырып-ақ тұр. Төбеден өсіп, тау қойнауына лықсыған көгілдір сағымы да өткен күндердің көңілден өшпес таңсық суреттерін қайта тірілткендей тынымсыз дірілдейді.

Қазыбек Сырымбет батырдың дәл сол халін, ант пен серт бергендей күйін андап қалды ма, тамағын қырнады.

— Нағыз жер жаннаты-ау, аға! Тауын қараңызшы тым тәкаппар емес пе. Төбесіне қарасаңыз, тақияңыз төбеңізден еріксіз домалайды. Өзенін қараңызшы тас ағызар, нар құлатар екпіні бар. Балтыр сипар сыпайы биязылығы да бар. Өрлігі де мол, кеңдігі де мол. Долданса-жауына катер. Сағынса, жоғалған ұлына қатал. Ана деуге де, пана деуге де сияды — ау. Даласын қараңызшы! Сонау көкжиектен құйғыта шауып кеп, өзеніне бас қойып шөлін басып, тауына арқасын сүйеп, көсіле сұлай кеткен. Елге қоныс, малға өріспін дейтін мырзалығында бүгін ырзалық аз-ау. Азаматын іздей ме, алашын аңсай ма, жер түбінен әлдебір ыңырсыған үн келердей-ау. Дала тынысынан жүрек солқылдатар, қан қыздырар ыстық леп, ыстық дем жетердей-ау, — деп Қазыбек сәл бөгелді де, серігіне жалындай бұрылды.

— Даламыздың желімен жарысып тұяқ дүбірлетер, өзеніміздің балығымен ойнап мөлдіріне шомылар, тауымыздың тағысын құрықтап, шыңына шығар күндер де жетер! Жетеді, Сәке! Кіндік жұрт, ата қонысыңызға елдей көшіп ораларсыз әлі-ақ, батыр аға!

Сырымбет орнынан атып тұрып, Қазыбекке құшағын кең жайып, алып кеудесіне қысып кеп алды.

— Бауырым-ай! Лебізіңнің тәуірін-ай! Тілегіңнің Әдемісі-ай! Мен айта алмай отырғанды, сен айттың-ау! Жақсы айттың-ау, Қазыбек інім! Сағынғанымды қайтіп жасырайын. "Ер туған жергені" осындай Қасиетті сағынышы, жүрек бұлқынтар құдіреті, ғаламаты болмаса, неге айтсын. Рақмет, бауырым! Ағаңды бір серпілттің. Бір сергіттің!

— Бұ шіркіннің айтқышын! Нені айтушы еді ол. Бұттаған жаттағанын тақылдатып тұрғанға шетіңнен мәзсің. Әй, Сырымбет! Бар! Тез барып анау жылқыларды хонтайшының адамына табыстаңдар.

— Қалай? Неге?

— Негесі жоқ. Тартуға әкелген малды қайтып әкеткен кімді көріп ең. Алатын хонтайшы, беретін біз! — деп Бертіс хан тағы кіржің ете қалды.

— Ау, хонтайшы сонда бізге төбесін де көрсетпестен, беретініңді бер де, жөніңе қайқай демек пе? — деп Қазыбек қызып кетті.

— Ал сен шырақ! Әр қуысқа бір қыстырылмай, орныңды біліп, аузыңды жауып ұста. Тілің тым сүйреңдегіш боп барады кейінгі кезде. Қысқарта салуым оңай, — деп бұрылып кете берді де, Бертіс қайта бері айналды.-Сырымбет, сенің де шырт етпен бар. Оныңнан тиыл! Бұл-ескерткенім! Қылкөпірдің үстінде отырғанымызды ұқ. Тайраңдаймын деп, тоңқалаң асу оңай.

"Хан қатал болмаса қарауындағылар басына секірмей ме? Сенікі сол кекірттік-ау, көкесі" деп туысқанының үйреншікті тағы бір жекуін естісе де, Қазыбек мойыған жоқ. Қинағаны тарту таралғы, сый — сияпатты қомақты күйде, бөлектеп-бөлшектемей, жұрт алдында, хонтайшы бастаған игі жақсылары тегіс жиналған келелі кеңес басында қолма-қол неге бермейді" дейтін өкпе ме, өкініш пе, өйтеуір іш тырнар бір қыжыл ғана.

— Апырай, хан өзгеге ақыл қоспай өзі ғана шешкен бе? — деп Сырымбет батыр өлі де әрі-сәрі күйде тұр. "Ең болмаса өзің бірдеме айтсаңшы!" дейтіндей Қазыбекке көз төңкерді.

— Ханың ғой. Әрі басшың. Бір білгені бар шығар. Көнбеске лаж жоқ. Өзгенің ортасында отырып өзді — өзіміз ерегіскенде не тындырамыз. Келіссе келіскен шығар. Әйтеуір хонтайшыға сыбағаға деп айдап келген соң, бүгін бер, ертең бер, атап бер, жасырып бер-бәрібір бересің ғой. Жемсауы толса, желігі басылар мүмкін. Айтқанын орындай беріңіз, батыр.

— Сонда да ақай жоқ, тоқай жоқ зіркілдеп бұйыра бергенде не өндірер. Апырау, әрқайсымызды әр ру бетке ұстары ғып, дабырайтып атқа мінгізбеп пе еді. Елшілікке барып, ел намысын жыртар деген көптің үмітін де ескермегені ғой, — деп Сырымбет кәдімгідей реніш білдіріп, анадай жерде тұрған атқосшы жігітіне қамшы бұлғады. Анау дереу жетіп келді.

— Аттарды әкел.

— Қазір, Сыреке!

— Хонтайшының адамы қайда екен?-Сырымбет айтып аузын жапқанша үлкен үй жақтағы бір топ шоғырдан бір ойрат және көк сауыты жарқыраған бір шерік бері қарай бет алды.

— Мен білсем, анау қара хонтайшы адамы!— деді Қазыбек.

Солай боп шықты да. Атқосшы жігіт жетектеп келген атына мінген Сырымбетке әлгі екеуі қосылып, төрт атты адам тебіне жөнелді.

Оңаша қалған Қазыбекті өзі түскен үйдің көлеңкесінде отырған Кернейұлы Дау қол бұлғап шақырды. Осындағы өзіне үнемі жылы қарап, жотасынан қағып отыратын ағаны Қазыбек те ұнататын.

Асықпай жақындады.

— Отыр, Қазыбек!.. Бертіс көкенде бүгін қарбалас тірлік көбейді-ау, — деп сыр тарта бастады.

— Мен көбіне көп мал жақта жүрмін. Көкемнің көңілінен де, қарбалас тірлігінен де мүлде хабарсызбын, — деп Қазыбек шынын айтты да, ендігі жіп ұшын өзі суыртпақтамақ болды.-Неге қарбаласып жүр?

— Не дерің бар ма? Кіші сәскеде тағы да бір топ боп Сыбан-Рабтандар келіп кеткен. Анау Тайкелтір екеуміз ханмен бір үйдеміз ғой... Неге екенін қайдам, Бертіс көкеңнің маған бұл әңгімеге сен бүгін қатыспай, шау Бабаназардың қасында бола тұр дегенінен секем алдым-ау. Кішкентай да болса хан аты бар, әрі елші басы, бас изеп тайып тұрдым. Содан, әлгі ханзада бастаған тайшылар біраздан соң қайтып кетті. Не айтты? Неге келісті? Хонтайшы алдын көреміз бе? Әлде осы тойғанымызбен кетеміз бе? Бірін білсемші. Ханның мысық көмбесі не тірлік? Қазақтың аузы бірікпес әрекетін мына жоңғар ордасына елші боп келіп тіпті ушықтырсақ, елге не бетімізді айтып барармыз? — деп қинала тоқтады. Ар жағында, көмейінде бүгулі қалған: "Бертіс көксаудың бірімізден соң бірімізді шеттетіп кемсіте бастауы, өзінің ғана аты мен затын оздыртпақшы боп жасаған сасық қулығы екенін жұрт түсінбес деп ойлай ма екен" дейтін ренішін сыртқа шығарған жоқ. Онысы онсыз да ханнан қағажу көріп жүрген ұланды аяғаны болса, бір жағынан азуы алты қарыс арыстанның аузында отырып бір-бірімен бет жыртысудың бекерлігін сезінгендіктен еді.

— Көкемнің белгілі әдеті ғой. Үй ішінен үй тікпей отыра алмаушы еді, енді қай қиырды шарлап жүр екен? Дәке, арқалап жеткеніміз ауылдың емес, тіпті аймақтың емес, бүкіл алаштың аманаты еді ғой. Соны аяқ асты еткізіп алып, елге не бетімізбен барамыз. Біріміз емес, бәріміздің тілегіміз бір арнаға құятынын, бір тоғанды толтыратынын өзек жарғызып шығарып, омыраулап отырып неге жеткізбейміз кекірейген хонтайшысына да, жоңғардың күллі жамағатына да. Алдына түсіп бүлкілдей берсек, бұлталақтатпай бұталығын тастап, бұйдалап тұқыртып, ерттеп мініп алар әлі. Өз тізгініміз өзімізде екенін, өз еркіміз өз басымызды құдіреттендіріп тұрғанын ханы ұмытса, қарашы неге есіне салмайды хонтайшының.

— Қалай, қайтіп Қазыбекжан? Ол көне ме, қолындағы шыжымын өлсе басқаға бере ме?

— Шыжымына да, шылбырына да таласпаңыздар. Кімнің кім екенін біздің хан білгенмен, бұл елдің хонтайшысы да, жай тайшысы да білмейді. Білгізсін деңіздер көксау көкеме. Шалқайса, еріксіз еңкейтіндер. Шамырқанса, шірене тартыңдар.

— Әй, Қайын-ау! Сыңар езу ғой ол. Бір қисайса қырық есекке жүк.

— Сіздер осал ма едіңіздер. Әрқайсыңыздың арқаңызда бір-бір ру бар. Солардың жақсылары мен жайсаңдарынан асып кете алмас. Әдейі істеп отырған астамшылығы ғана. Түгел қосылып, өре тұрыңыздаршы, көксау көкіректің солығы қалай басылмас екен. Біз жоқ жерде бөлектеніп оңаша келіс сөз жүргізуіңізге рұқсатымыз жоқ деуге тілдеріңіз икемге келер.

— Келер-ау. Сол шіркінді тыңдай қояр хан табылса, — деп Дау би Бертістен шайлыққан көңілдің көңіл-тақсығанын тағы танытты.

— Халық тоқпақ, хан-қазық. Сіздер былқ — сылқ еткенді азайтып, жұптарыңызды жазбаңыздаршы, қайтіп мөңкір екен. Түгел түтіккен жүзді тіпті анау Сыбан-Рабтанға тіресеңіздер-соның өзі-ақ таяқ жеген күшіктей құйрығын бұтына тыға қояды. Тәтті сөз, жылы қабақтың орны емес бұл ара. Қайындап не құдалыққа келген жоқпыз. Бірдің емес, мыңдардың тілегімен келіп отырмыз. Мәймөңкелесе, Бертіс хан мәймөңкелей берсін. Асаймын деп асығып жүрсе, көмейіне құм құйыңыздар. Енді күмілжіп төмен қарап, тұрып ішіп, жатып ішіп кешіге берудің қажеті жоқ. Ханзададан хонтайшының қабылдауын талап етіңіздер. Ел болам десе, есебімізді айырсын. Жау болам десе, жауабын қайырсын! — деп қызынып кеткен жас Қазыбектің даусы күшейіп сала берген. Сол күшейген дауыс көмейден лықсып төгіліп, қаз қаңқылына ұқсап кетеді екен кей-кейде. Сол дауысқа манадан құлақ түріп отырған Тайкелтір мен Бабаназар бастаған рубасылар жиналып қалды.

— Әй, рас айтады!

— Жөн-ақ қой!

— Күмілжігеніміз де, бүгежектегеніміз де өтірік пе. Ақ боз үйді тікті, ақ майды ауыздан ағызды деп қара қалмақтың қабағына қарап, мөлиіп отырғаннан басқа білеріміз жоқ,— деді Тайкелтір.

— Дұрыс айтасыз, Тәке. Құбылаға қарап күн өткізгенге әбден дағдыланып кеткенбіз. Бұл жерде де күн өзі үшін атар, өзі үшін батар дейтін жайбарақатты шағымыз қалмады. Асату тілеген жалтақ көздің қолға қараған тілемсек әдеті жаудың ығына жыға бермей қайтушы еді. Аузымыз бір, амалымыз ортақ болсынды мына Қазыбекжан айтты. Өреміздің алынбай, өрісіміздің тарылғанын өзіміз білмейді екенбіз. Әлі тауы шағылмаған жалындаған жас емес пе, соны танып қап, табандап айтты, — деп қыр мұрнының үсті жіпсіп, тарыдай боп бөртіп тұрған тер моншағын бір сипап тастап, Бабаназар Тайкелтірдің сөзін тірілтіп әкетті.

— Ал онда босқа шуылдамайық. Әне, анау жоңғар немелер біз жаққа қарап елендей бастапты. Әрненің аңысын андып, ақылмен іс қылғанымыз жөн енді. Бәкенді, ханды өзім айналдырып көрейін. Көнбесе, көбіміздің талқымызға салармыз, — деп Тайкелтір түйіндемек болып еді, Дау би тікесінен тартты.

— Тәке, ашылғаныңыз шын болса, түгел ашылыңыз. Әлгінде Бертіс хан сізді менен бөлектеп алып қап еді ғой. Нені құпиялап жүрсіздер?

Тайкелтір жайымен басын шайқады. Қабағы түйіліп кетті.

— Е-е, маған неге манадан түйіле қарап тұр десем, осындай бүкпең бар екен-ау. Сенің ізіңше-ақ ханның мені де сырғытып жібергенін көрмепсің ғой.

— Шал құтырған шығар. Оңаша не сөйлесіп, не кесіп, не пішіл жүр сонда?

Қазыбек күліп жіберді. Шетінен ханнан қараулық көріп, тырсиып қалған билердің қазіргі жиырылған түріне күлді ме, әлде осы жиырылған, тарылған кеуделерді жадыратқысы келді ме, іле сөйлеп кетті.

— Ау, ағалар! Кескенді жалғар, пішкенді септер өздеріңіз тұрғанда, Бертіс көкемнің күбір-күбірі, жыбыр-жыбыры желұшық боп кетпей ме. Сіздердің арғы пиғылдарыңыздың ортақ ниет-ел қамы екеніне көзім жетіп, көңілім өсіп тұр. Ендігі әрекет-бас изеп, көз сатып, көңіл аулау емес, артында еркін елі, құдіретті ханы бар ұлыс үні боп жүрек жаулау ғана.

— Әй, шырақ! Әкеңнің белінде, атаңның төрінде жатқандай жұтынып сөйлей бермей, алды-артыңды да бір байқасаңшы. Шылбыры түгіл шідеріне қол тигізбей шіреніп тұрған шіркіндер сенің бопсаңа бұйдасын ұстатып, борсаңдап алдыңа түсе қалар-ақ оп-оңай. Күшеніп сөйлеп күш танытайық дейсің. Ал, таныт! Тас төбеңнен ауыр түрзісімен бір ұрған шерік тәлкекке ұшыраған тағдырыңның жеткен жерін, таусылар шегін айқындап берсін, — деп манадан ұланға қиястана қарап тұрған ұзын бойлы, ашаң жүзді ақсары адам қыжырта қалды. Ол-жеті момын Арғынның атынан қосылған тобықты Әнет бабаның ұлы Сәмбет еді.

Барқы батырдың қабағы қатуланып, екі қастың арасы тік шапши дөңкиіп, қосылып кетті.

— Сәмбет, сен не шатып тұрсың! Неге шабалаңдайсың! Елі үшін өлмеген ерді көрмеппең әлде. Төбеден жоңғар ұрғаннан да құдайдың ұрғаны жаман екенін білмеймісің! Халқың үшін қанынды қасыққа құйып, жаныңды шүберекке түйіп келгеніңді ұмытып қалғансың ба. Қайыспай қасарысайық десе, қарекетке баста дегені ғой. Күмілжіп күлтілдетпей, қасқайып баса айтайық десе, еліңнің ертеңін ойлағаны да. Оған неге қитығасың. Жалбарынған елшіні, жалтақтаған жаушыны қайдан көріп ең? Жарқыным, көлден шөл боп, нудан қу боп туып пең әлде? Әнеттей әкеден сендей бала туғанына қарным аша бастады, — деп шырт түкірген Барқы батыр, Қазыбектің иығына қолын салды.-Жөнің де, жобаң да дұрыс, Қазыбекжан. Кейде ілгерінің кейінді менсінбей шаңына көме беретіні болады. Кішінің кеуделеп кеп қалғанын жақтырмай, үлкеннің іштарлық жасайтыны да болады. Оған мойыма!

Осы кезде Бертістің жігіті жетіп келді.

— Тәке, сізді хан шақырып жатыр. Тез жетсін дейді.

— Е, не боп қапты? — деп Тайкелтір жақтырмай қалды.

— Мен не білем. Шақыр деді. Тез тауып әкел деді. Басқасында шаруам жоқ.

Тағы да тікесінен тура кететін батыр емес пе, Барқы шапшаңдық танытты.

— Хан шақырса, осы дәл қазір бәріміз түгел баралық. Солай да солай деп мәселенің басын ашып алалық. Қашанғы бітеу жара ғып, сыздата береміз. Үндемей қалсақ, әлгіндегі күпілдегеніміздің арты қой болдыға айналады.

— Хан Тәкенді ғана шақыр. Басқаларды ертпе деген, деп жігіт сөз ыңғайын баққанын білдірді.-Тәке,тез жүріңіз.

— Тәке, барыңыз. Тамырын басам дедіңіз ғой әлгіңде. Сол жағын мықтаңыз. Мынау дікілдек ақылсызбен ақылсыз, көргенсізбен көргенсіз болмайық. Ханның қара таяғы екен, шақ етіп тасқа тие ме, сақ етіп басқа тие ме, қадір қашырмайық! — деп Дау уәж айтып, қалғандарын көндірді.

— Сөз көбеймесін енді. Іске көшейік,-дескен би, батырлар өзді-өз үйлеріне беттегенде, Қазыбек Дауға ілесті. Көбінесе осы бидің көңілден шығар сөздері көбейгенге ме, әлде көзіндегі адамды өзіне үйіріп тұратын жылы мейірімнен бе, қасынан қалғысы келмейтін. Қазір де сол дағдысымен бидің соңында келеді.

Дәл есікке таяна бергендері сол еді, аяғын әлтек-тәлтек басып жүрген жас шамасындағы қалмақ баласы бұл екеуін жатырқады ма, баж ете қалып, жүгіре беріп, жерде жатқан бақанға сүрініп, мұрттай ұшты. Мұрттай ұшқан баланы Дау жерге тигізбей қағып алды. Тік көтеріл, одан сайын бақырған баланың маңдайынан емірене сүйді. Жерошақ жақта қазан астына жалпылдақ отын жағып жүрген жас әйел далақтап тұра ұмтыла берген. "Жау" қазақтың қарақожалақ баласын жерден іліп ап, маңдайынан сүйгенін көргенде, состиып тұрып қалған. Состиып тұрып қалған келіншектің жүзін жылытып, көңілін босатып күлкі табы жүгірген. Содан кейін ғана есін жиғандай, елпілдеп келіп, мейірбан қазақтың қолынан қара-домалағын алған. Иіліп сәлем еткен.

— Алла разы болсын, шырағым!

Әйел түсінді ме, түсінбеді ме, түсі игі қазақтың жамандық ойламайтынын сезді ме, қайта-қайта басын изей берді.

— Дәке, кішкентайыңызды... Түйтеңізді сағынғансыз-ау.

— Рас, рас, Қазыбекжан! Сол кішкене күшіктің іңгәсіне тоя алмай тез аттанып кетпедік пе, — деп Дау күрсініп қалды. Даудың күрсінгенін Қазыбек іліп кетті.

— Күрсінісіңіз көбейгеніне қарағанда, Дәуке, кішкене Түйтеден де гөрі бабыңызды тапқыш тығыршықтай Бабылдық жеңгемізді көбірек аңсайсыз ба деп қалдым-ау, — деп қатты күлді.

— Әй, сен енді ағаңмен ойнайын дедің бе, — деп сәл дағдарып тұрды да,-Иә, кейде жеңгенді ойлайтыным да, тезірек көргім келетіні де рас. Жаныңа жақын тартып тұратын жанды неге жек көрерсің. Көзінен шуақ төгіліп, қимыл-қозғалысынан өзіңе деген ықылас-пейілі айқын сезіліп тұратын жарыңнан жарқын кім өтер. Ал Түйте... иіскеп мауқымды баса алмай, құшағыма алып көңілімді көншіте алмай ындынымды құртып қоймады ма шіркін неме. Ендігі қырқынан да шығарып қойған шығар! — деп тәтті қиялға бөккен туысын одан әрі қинамай, Қазыбек ішке кірген бойда басына жастық жастап, қисая кетті. Өткендегі үш бірдей нәрестенің бірінің артынан бірінің кіндігі кесілгені жауабы жұмбақ, жолы ауыр, талабы үлкен, үміті мен күдігі астасқан елшілік сапардың игілікпен оралтар нышанындай сезіліп еді-ау.

Ерте көктемдегі аласапыранда Сайрам төңірегінен ауа көшкен Бес Мейрам ауылдарының көшбастаушыларының бірі Төртуылдың Қаржасының батыры Қалқаман болатын.

Әлекедей жаланған жігіттерін шашырата шапқылатып ауыл-ауылға жөнелткен.

— Жүктерін буып, теңдерін артып, ат-сойылын қамдап, қойын айдап, батысқа қарай мандайын түзеп шыға берсін. Бағыт-Жиделі-Байсын. Арт жақтарына бекем болсын. Тірсектеп қуатын қалмақ болса, қапыда қалмасын.

— Бала-шағаны суыққа ұрындырып алмас па екенбіз. Митындаған қой шіркінді жер түбіне жеткізу де қиын-ау, — деп көші-қонды қиынсынған кейбіреулерге қатты кеткен.

— Сен ерінді деп, жау ерінбейді. Құтырынып келіп, қотаныңнан қойыңды, өрісіңнен жылқыңды айдап әкетсе не демексің. Қойныңнан қатыныңды, қолыңнан балаңды жұлып әкетсе не деп кергірсің. Бос сөзді тоқтат! Жиын-терін бол да, жолға түс! Мал ысқырса келдікі, айдаса жаудікі десең, қарамды көрмей, аулақ тұр! Сендер құсап бала белде, қатын жолда деп жайбасар жайым жоқ!-деген.

Қалқаманның Бұхар ханы Сұбханқұлмен бұрыннан таныстығы бар еді. Ағайыннан айырыла көшіп, алыстан жеткен танысқа жонын көрсетпей, құшағын ашқан хан Әмудің бас жағындағы Сұрхандарияға кереге жайғызған.

Қай жерге кереге жайса, сол жерге қара үйден қала орнатып, кенеңді кентке айналдырып жіберетін қазақ айналдырған екі-үш айда көш қиыншылығын ұмытып, көл-көсір тірлік кешкендей мәре-сәре боп қалған еді. Сол екі арада Тәуке ханның жоңғарға елшілік дайын-дау қажеттігі туралы жарлығы хабарланып, сол қарбаласқа да Қалқаманның он шақты ауылы шұғыл араласып кеткен еді. Аралары бұрыңғыдай онша алыс болмаса да, ауыл-ауылды аралап, күн баласында ат үстінен түспейтін батырға бірде бәйбішесі: "Отағасы, осы бүгін үйде болсаңыз екен" деп сыпайы ғана өтінішті тілек білдірген. Сонда ғана бәйбішесінің бетіне ажырая қарап, айы-күні жетіп отырған қосағының неге қолқа салғанын ұға қойып еді. Басын изеп келіскенді батыр. Құдайы иіп, сол күні құрға асылған бәйбішесі торсық шеке ұлды толықсытып дүниеге әкеліп еді.

Сол сол-ақ екен жаңа қоныста туған төл басының қуанышын қызықтап, иісі Қаржастың ағасына айнала бастаған Қалқаман батырдың ауылына келушілер көбейіп кеткен-ді. Алдымен құтты болсын айтып абысын, жеңге, келіндер дейтін ұрғашы қауымы шұбырған. Баланы бесікке саларда жаңа қоныстың алғашқы кішігірім тойын жасаған Қалқаман ауылына өзге рудың игі жақсылары бастаған адамдары да сыбаға толы дорба-қаптарымен, саба толы қымыздарымен ағылып-құйылып жеткен еді.

Әсіресе осы қуаныштың көркін келтіріп, қадірін арттырып, батырдың мерейін тасытып Тәуке хан бір топ нөкерімен арнайы келіп еді.

Ханның өзі бастап шаңырағындағы қызығына келуін Қалқаман жақсы ырым санаса, кейіннен Әз Тәуке, ел құрметіне бөленген қасиетті Тәуке атанатын жасы қырықты алқымдаған сол жас хан қазақтың елшілікке аттанар сапарының дәл қарсаңында шыр етіп жарық дүниенің есігін ашқан сәбиді жақсылықтың нышанына балап, елшіліктің жолы боладыға сайып, ырым еткен еді.

— Әу, Қалқаман батыр! Мынау торсық шеке ұлың бір сені емес, бәрімізді қуантып, үмітімізді жандыра еніпті жарық дүниеге. Иншалла, жақсылығымен сүйінте берсін. Қиналып, қысылып жеткен қазаққа оң қабақ көрсетіп, құшағын жайған Бұхар кенті, Бұхар жұртшылығы ғой. Сол құшағын жайған жұрттың жақсылығын ұмытпастай ескере жүру үшін бұл ұлыңның атын Бұқар деп қойсам, қарсы болмассың. Ғұламалар қаласының шапағаты тиіп бұл ұлан ойын қумай, ой қуып өсер. Бұқарасының қамын жер айтулы азамат болсын деп, тілек тілеп, бата берейік, — деп шын ниетімен қуанып, жөргектегі нәрестенің маңдайынан иіскеп еді.

Бұқар нәрестенің бесікке салар тойынан екі-үш күн өткенде Бабаназардың інісі Бекназардың тұңғышы дүниеге келіп еді. "Той тойға ұласты" деген осы дескен Қаракесек ал дүрілдесін. Бес Мейрам, жеті Момын түгел ақтарылып, қара жерді тітірентіп-ақ жіберді. Көктемде босып көшкен елдің көтерем көңілі жазда жазылмай ма. Жазылған көңіл "әй, бір арқа-жарқа қызықтап, айды аспанға шығарып, тамаша жасасақ-ау!" деп алақандарына түкіріп жүргенде, Бұқар ұлдың соңынан бас қылтитқан тағы бір торсық шеке ұлдың әке-шешесін күлдіріп, ауыл-аймағын көңілдендіріп келе қалғаны ғой. Дүние жаратылып, су аққалы қазақтан тойшыл, қазақтан сауықшыл халық бар дейсің бе. Қыстан қысылып аман шықса да шүкір, жалғыз лақты көкпарға тартқызады да жібереді. Қаттырақ түшкіріп қалсаң, "жәрәкімалланы" жапырлай айтқан үндер молайып кетті ме, қазан көтер, бәйге бер. Ал әппақ шеке кең маңдай ұл туса, ақ түйенің қарнын жарып ілетамаған әке әке ме. Ойдан түгендеп, қырдан қайырып әкеп қонысын қонаққа, өрісін мейманға толтырмаған қазақ қазақ па. Жиған-тергенін шашпаса, буылған теңін ақтарып, сандық-кебежесін ашпаса, сараңның сараңы аталмас па. Берекесі орала бастаған Бекназар да, қала берді қамыстай қаулап өскен қалың қаракесекте намысқа қызбай ма. Қазақтың бір отауын ордаға айналдырар төлбасы-сәбидің құрметіне күй күмбірлеп, ән шырқалмас па. Келдібек бидің өзі есімін Таңыбай деп атаған нәрестеге арналып күй де тартылды, ән де айтылды. Бекназардың отауына сәби ігәсімен енген нәресте Таңыбай дүйім Қаракесектің кеудесіне сөйтіп қуаныш тоғытқан.

Осы айта қалғандай тойдан дәл бір жұма өткенде Жиделі-Байсындағы үшінші шаңырақтан үшінші ұлдың іңгәсі жұмыр жердің құлағын тұндырып жіберген ғой. Көкбөрі Кернейдің ұлы Даудың екінші әйелі Бабылдық сұлудың пұшпағы тағы да қанап, қарық жалғанды жатырқай жылап, жарық жалғанның еркек-әйелін жадырата күлдіріп тағы бір торсық шеке, томар бас ұл туып еді. Қаракесек тағы шабылсын. Қуанған қазақ өз етегіне өзі сүрініп, жер көкті айқай-шуға толтырып жібереді ғой. Әрине тамаша-қызықтың айқай-шуына не жетсін. Даудың Бабылдықтан туған тұңғышының аты Балта болатын. Соған сәйкес ырымдап жаңа туған жас нәрестенің атын Әнет баба Түйте қойған-ды. Бірі балтаның өткір жүзі болса, екіншісі балтаның тегеурінді дүмі-Түйте болсын деп тілек қып, бата берген. Содан кейін үй сайын жайрай жығылған жабағы етіне тойып, үй сайын кеңірдектеген қара сабаның бетінде қара майы кілкіген қымызын кекіріктеген қазақ семсер сілтеп сайысып, көк сүңгіні күлаштай лақтырып жарғаққа қадап, адырналарын кере тартып, жамбы атып жамырасып, жадырасып қалған-ды.

Ұлы сапардың алдында, жол үстінде жүгін тиеп, теңін артып "Иә, сәт!" десе тарта жөнелгелі отырған елшілікке де, бүкіл қазақ қауымына да, үш тойға арнайы қатысқан Тәуке ханға да үш ұлдың бірінен соң бірі қатар тууы қатты әсер етіп, ырымшыл елдің үмітін кәдімгідей-ақ лаулатып кеткен-ді.

"Оң-солымыз селдіреп, ортамыз опырылыңқырап, жанымыз жауда, малымыз айдауда кетіп күйзеліңкіреп отырғанымызда, олқымызды толтырып, өшкенімізді жандырып, Хақтағаланың ілгергі күннен қуаныш табарымызды мезгеген әлдебір нышаны ма екен" дейтін жорамалы көпшілікті тәубаға ұйытқан-ды.

Қазыбектің әлгінде Дауға әзілдегені осы жағдай болатын.

"Дүние бұлың-бұлың сағым-ау! Дірілдеп шақырып, дірілдеп сусып қашқақтай береді. Енді жеттім, енді баттым дегенінше, көкала кілегейімен көлбеңдеп қойнау түртініп, тау бөктерлеп сиқыршының көзі мен бөзіндей алдап, маңына жолатпайды. Дүниенің сиқырын аштым, жұмбағын шештім дейтін бір жан таба алғам жоқ. Қазақтың малы мен жанына жер түбінен көзін сататын ойратқа дүние сағым боп көріне ме екен? Әй, көрінбес-ау. Сағым қуған тірлік сар-сылтып бітіп, сенделтіп титықтатып қоймай ма. Ал бұлар сағым-дүние қуып сағын сындырмайды. Өйткені шеңберлеген жосығы, құрсаулаған тәртібі мықты. Анау Жырғалдан көп нәрсені сұрап білгенім дұрыс болды-ау".

Кеше түс ауа Қазыбек Ілеге шомылуға барған. Барған жоқ-ау, барғалы солай қарай бет алған. Ауыл шетіне шыға бергенде сауыт-саймандары жарқылдап, сартылдап екі шерік сүзеген текедей боп алдынан ойқастап шыға келген.

— Болмайды!-деген мойны жоқтықтан қауға басы кеуде бүркеген кең сауытқа иегімен мүлдем сүңгіп кеткен алдыңғы шерік.

— Неге болмайды? — деп Қазыбек себебін сұраған. — Су арам ба, мен арам ба?

Екеудің қазақшасы онша болмаса керек, түсінген түсінбегені белгісіз, жалғыз ғана "болмайдыдан" басқа жауап бермеген.

Сол кезде ту сыртынан әлдекімнің ойратша сөйлегенін естіп жалт қарап, Қазыбек Жырғал ноянды көрген.

Қазыбек шеріктерге қойған жауабын ноянға да қайталаған. Ноян қарқ-қарқ күлген. Өзінен жасы кіші, бірақ көзінің уытымен, өзінің сергек сезімталдығымен грекшеленген мына жас қазақты көргеннен ұнатып қалған-ды.

Су да таза, суға түспек болған жас мейман судан да таза. Жүріңіз, — деп ілгері бастай жөнелген Жырғал шеріктердің неге болмайдысын түсіндірген еді. "Елші-қатардағы қонақ немесе бейсауат жолаушы емес, үлкен ұлт-қазақ елінің, ұлыс ханы Тәукенің атынан келген, ел мен елдің арасындағы татулық пен қатулықтың ара жігін айырар, елдесу мен жауласудың қай-жағдайын шешер мәмілегерлер. Сондықтан олардың бірінің емес, бәрінің өмірін көздің қара-қарашығындай сақтау-шеріктерге қатаң тапсырылған. О, жас қазақ жігіті өздеріне ойрат тарапынан қауіп-қатер төнеді екен деп еш ойламасын. Ондай ниет түгіл ой туындамайды. Ал қатер онсыз да көп. Қазақтардай біздер де от пен суды тілсіз жау санаймыз. Кездейсоқтықтан сақтанбаса болар ма. Қамыс арасынан жолбарыс жымын көргендер бар. Азуы айбалтаңнан да өткір доңыздың қабаны қаншама".

Суға түсіп денесі сергіген екеу жағада отырып біраз әңгімелескен еді.

— Жырғал, сен шынымен мынау шеріктеріңе, сонау араттарыңа сенімдісің бе? Екі аяқты пенденің маңдайындағы қос көзінің түспейтін жері, қызықпайтын кезі болмайды ғой. Біз "алтын көрсе періште жолдан таяр" дейміз. Алтынға да бұрылмайтын, оңай олжаға да қызықпайтын ойрат шіркінің періштеден де бетер әулие болғаны ма?

Жырғал күліп жіберді.

— Алтынға қызығатындар неге болмасын. Ел болғасын әулие мен періштесі де, сұмы мен сұмырайы да кездеспей тұра ма. Бірақ біздің темірдей тәртіп, бұлжымайтын заңымыз періштені де, сұмырайды да Қақпайлап Қайырып әкеп, қатал жосықтың ыңғайымен қыбырлатып қойған. Ауытқыды дегенше қыл бұрау қу тақымға, қыл шылбыр тал мойынға сарт ете қалады. Ұрлық-қарлық сияқты жеңіл-желпі қылықтары үшін тақымды қыл бұрау шырылдатады. Елін сатса, ханы мен ноянын қарақтатса, тал мойындағы қыл шылбыр мұрнынан жанын сығып алады.

Қазыбек таңдай қақты, бірақ бас изеді.

— Ол жосық бізде де бар. "Ұрлық-түбі қорлық" дегенді санамызға сіңіріп өсеміз. Есігіміз ашық. Қорамыз-қотан ғана.

Жырғал қызынып ала жөнелді.

— Қотан деймісің? Сен, Қазыбек, ол қотанның ойраттың сөзі екенін білемісің? Білмесең, тыңда. Төрт-бес атадан қосылатын туыстардың бірігіп тіршілік құрған қауымдастығын бізде, ойратта-қотан немесе қосын деп атайды.

— Біз ауыл дейміз...

— Сендердің ауылдарың, иә келіңкірейді. Ал осы бір руға жататын бірнеше қотанның біздегідей отақ деп аталатын, сол ортақ қоныстағы отақты бірігіп қорғайтын үлкен қауымдастық бар ма сендерде?

Қазыбек тосылыңқырап қалды.

— Ал әлгі туы бір, түбі бір туыстас, тамырлас руларды құрайтын бірнеше отақтың бірігіп аймақ боларын, әлденеше аймақтан ұлыс түзілетінін, үш-төрт ұлыстың басы қосылып тайпа аталарын, ал бүкіл ұлыстың хандық құрайтынын білесің бе? - деп екпіндете төпеледі.

Қазыбек әрі қызығып, өрі қызғанып отыр. Қызыққанын жасырған жоқ.

— Қалай-қалай сатыланып барып салмақтана түскен, ә! Саусақтың жігіңдей болып барып,

бал-таласаң бұзылмастай боп тұтаса қалатыны ғаламат. Ал, Жырғал, әлгі қотан, аймақ, ұлыстарыңды жеке-жеке иіріп қайыратындар бар ма?

— Болғанда қандай! Қотанды демші, отақты шүлені иектесе, аймақты зайсан дөңгелетеді. Ұлысты-ноян қайырып, тайпаны тайшы үйірсе, бүкіл хандықты қасиетті де құдіретті хонтайшымыз билейді.

— Қалай тапқан!

— Иә! Ұлы Ердене Батыр хан осыдан тура жүз қырық жыл бұрын Тарбағатайдағы атақты құрылтайында төрт түмен ойраттың басын қосып, "Цааджин бичіг" деген жарғысын қабылдап, бытыраған елінің басын қосар алтын қазығын қағып кеткен. Әлгінің бәрі сол жарғының арқасы.

Қазыбек ойланып отыр. "Қазақтың әр ауылынан әлденеше бай, әлденеше би шығып, байы биіне дес бермей, биі байына есе жібермей, шаруасы түгіл бастары бірікпей шөре-шөре боп жататыны өтірік пе. Бір ауылдың ғана бытыраған тірлігі осындай болғанда, аймағындағы алауыздық апанның аузындай, оқпанның өңешіндей бірлік пен татулықты жалмап жұтып жатады екен-ау".

Жырғал иығынан жайлап түртіп қалды.

— Ұйықтап кеттің бе?

— Жоқ! Ұйқы қайда, ойға баттым. Ортақ өгізден оңаша бұзауым жақсы емес-ау деген күдік кеудемді шырмай бастады. Әр қырдың үстінде бір құдайымсынып кеудесін қақайтқан қазақтың дәл сен айтқандай Қатал жарғымен басын қоса алсақ!.. Оу, онда Жырғал достым-ау, сендерге қатер көп қой. Жайылып кетсе, жалғанның жартысын жасыратын мол қазақ, сансыз алаш баласы ат төбеліндей ойратты шаңымен бүркеп, көлеңкесімен-ақ қорқытып, құм қаптырып кетер-ау, — деп сылқылдата күлді.

— Босқа күлме, Қазыбек. Өздеріңнің "еркектің қоры күлер, әйелдің қары күлерін" ұмытпа.

Сонсоң алаш дедің. Жайылса жалғанды жауып кетер дедің. Сол алашыңның түтін саны, жан саны Қанша екенін әлі білмейсіңдер. Білуге тырыспайсындар да. Ал бізде... — Жырғал кідіріп қалды. "Айтсам ба, айтпасам ба" дейтін екі ойлы пішінде біраз бөгелді де, сөзін батыл жалғастырды. — Ал бізде малдың да, жанның да, қару-жарақтың да есебі жүргізіледі. Өйткені шеріктің санына қарай соған сай қару қажет. Айналаңды құрсаулап алған алақшың төбеңнен төніп, балағыңнан қауып тұрғанда, әлгінде өзің айтқан ат төбеліндей ғана аз ойрат сақадай сай отырмаса, ойдағы орыстан, қырдағы қытайдан, қасындағы қоқаңдаған Қазақтан қалай қорғанбақ.

— Ау, Жырғал! Өлтірсең де, өтірік айтпай өлтір. Қазақ қай кезде өздігінен келіп, іргеңді түріп, қабырғаңды сөгіп шауып алып еді? Әр кезде де шапқан жоңғар, шабылған да, сабылған да қазақ емес пе еді? Бүгін де шабылып қалып, сабылып келіп отырған тағы да біз, қазақпыз ғой! — деп Қазыбек кесек мұрнын сипап саумалай берді. Соңғы кездері қиналғанда, кейігенде осы әдетті тауып алғанын өзі де байқамайды.

— Оу, бұртиып қалғаннан саумысың? Жә! Айтқаныңды табандата қумайын. Жөнге жөнсіз ғана таласар. Рас айтасың. Даланды шаңдатқанымыз да, қалаңды қиратқанымыз да, қатын-балаңды шулатқанымыз да рас. Неге дейсің ғой, Қазыбек. Соның біраз себебі де бар. Ойраттың ұлы ат үстінде туып, ат жалында өседі. Ұл туғанда, шерік туды деп тымағын аспанға атып, қуанатын ойратты көрмедің ғой. Ұл туды дегенше, мінер ат, киер сауыт, бел мен қолға қыстырар бес қаруды дайындау қажет пе, қажет! Ол үшін не істеу керек. Әр отыз түндік хонтайшы әмірімен жылына екі сауыт тоқып береді. Оның үстіне әр қотан ай сайын Ұрғаға бір әйелден жіберіп отырады. Сөйтіп ай сайын жиналатын үш-төрт жүз әйел алты ай жазда қаншама сауыт тоқып, қаншама киім-бұйым тігетінін білесің бе? Қорғасын оқты сақ етер жасайтын, қару-жараққа керек былғары өңдейтін, һәм темір қорытатын жерлердегі өз ісін өнерін төге атқаратын бас бармағы майысқан шеберлерімізді көрдің бе? Жоқ! Оларды өзгеге білдіріп, өзгеге көрсетіп біз есектің миын жеді ғой деймісің,-Енді Жырғал қарқ-қарқ күліп, дереу басыла қойды. — Осындай қатаң тәртіп, қатал бақылаумен жасақталған қосынға жау іздемей, ел шаппай, олжа түсірмей омалып үйінде отыра беру оңай деймісің. Көк найзаның ұшын, ақ білектің күшін кімге салып сынайды ойрат? Орысқа тиісердей өле алмай жүрген жоңғар жоқ. Шегірткедей қаптаған шүршіттің шабынан түртердей шырылдаған жанын тастай алмай жүрген ақымағың да ол емес. Ендеше түрі де өздеріндей, тірлігі де өздеріндей жауынгер қазақты қаужалаған қол емес пе. Өйткені тең теңімен деген бар. Кейде сен, кейде ол жығып, кейде итжығыс түсіп жататын қазақтың омырауын опыра алсаң, ақ тамақ, қолаң шаш, қаракөз қызын ат көтіне салып әкеп, бірінен бірі қалқыңқы қарадомалақ балаларыңның анасы етсең, айдарыңнан жел есіп, көмейден төгілген күлкің көк аспанды тіліп түспей ме! Қайран дәурен деп соны айтады да!

Қазыбек күрсініп қалды.

"Бәрі рас. Жасанған жоңғардың жау іздейтіні де рас. Іздеген жауы-қазақ екені де рас. Айдап малыңды, байлап ерінді, қорлап қызыңды әкететіні де рас. Лап бергенге, тап беретін күшіміз болғанмен, сесіміз де, десіміз де жоқ. Сес болар еді, естісінен сескенер қазақ аз. Ханы алыста, қаһары қашықта. Әрқайсысы бір құдай. Десі де болар еді, біріктірер басшы аз. Ұш жүз боп бір бөлінсе, әр сұлтан әр жүзді және бөлшектейді. Сұлтанның құрығынан сытылған қазақты болымсыз билер мен бәтуасыз байлар иектеп ала жөнеледі. Ал мыналар... жөні-түзу, жосығы-жойқын! Жоғарыдан иек қағылды ма, тайшысы тап-тұйнақтай ғып ноянына тапсырады. Нояны нығыздап зайсанға бұйырады. Ал зайсаны демші мен шүленге зіркілдеді дегенше-ақ арат пен шеріктің басында Қамшы ойнап, арқасында шаңы қағылады. Сонсоң қиқаңдап қисық басып, қырын қарап көр. Қатыныңның қойнынан суырып алып, айып салып бір діңкелетіп, дүре соғып екі қаусатып, есіңнен тандырып, есігіңді орға, бесігіңді көрге айналдырып жіберсін. Осыдан кейін тайшы мен зайсанға екі қолыңды төбеге қойып, етегін сүйіп, етігін құшпас ойратты көрсетші. Хонтайшысына құдайдай табынбас жоңғарды емге тауып берші. "Көшерімді жел білер, қонарымды сай білер" тәрізді қаңбақ тірлікті қазақтың онда қашып, мұнда тығылып жүріп, "өмірімді алсаң да, еркімді алма" дейтін сылтауға үйірлігін қайтерсің. Өркені аз, тамыры жайылмаған, ертеңі мүлде жоқ еркіндіктің қадірі қанша. Ау, сол еркіндікті сонда сол қазақ кімнен қорғамақ қызғыштай қиқылдап жүріп? Өз қазағынан! Өзінің би мен бегінен. Батыры мен сұлтанынан. Ұлт бірлігіне, ел татулығына қазық болып қағылған ханынан. Жауығатыны тағы кім дейсің бе? Тәлімін талағына құйған бедірейген ұлы. Берекесіздігін бетіне басқан шапылдаған әйелі. Бес жандыққа он төрт, жиырма қолмен таласқан аға-інілері. Қала берсе ақылдымсынған ағайыны. Насыбайды қалай атқаныңды да, үй көлеңкесінде тыр-тыр қасынып, арқа-басың құрысып, тырсиып жатқаныңды да көре алмайтын көршің де, ең болмағанда күлін сен жаққа қарай бұрқыратып, көкала түтінін де сен жақтан салады-ау. Қырсығы бір басынан жетіп артылатын, өкіреңдеген үні он ойраттың көмейінен құмығып құйылатын "Урраһынан" да асып түсетін қырсыз қазақ қыршаңқы торысына тоқым жаба салып, бақырауық түйесіне шошайған итарқасын арта салып, баласын бақыртып, қатынын сабап, итін қаңсылата бездіріп, азынаулақ қойын дірдектете қуып, жер түбінен жұмақ іздеп бағыт-бағдарсыз көше жөнелмей ме?

Даланың ұйтқыған желінде тыным жоқ, қазақтың аласапыран көшуі мен босуында тыным жоқ. Мынау бұлақтың суы балдай екен, шалғыны ормандай екен. Төбесі тауға бергісіз , шілігі нуға бергісіз. Кереге жайылады. Жерошағы қазылады. Күлі төгіледі. Бұлақты иемденіп, жерді бауырына баспай ма қазақ. Неге баспасын. Мына төбе де соныкі. Балдай сулы бұлақ та соныкі. Көгалы кілемдей ұйысқан қоныс та соныкі. Аспанға қараса шаңытқан күн ғана жалғыз көз боп тесірейеді. "Келдің бе? Кеттің бе?" деп жатқан жоқ. Көкжиекке тесілсе, төбе — төбені бауырына қысып ап бұлың-бұлың билеген көгілдір сағымнан басқа көз тірелер ештеңе жөне жоқ. Туғанда көргенің осы көлгірсіген көкжиек. Өскенде көргенің де осы бедер-белгісіз керенау көлбеген көкжиек. Өткен жұртында қалдырған қонысының мына қонысынан өзгешелігі болмапты — ау. Жоқ! Неге болмасын. Жеке өзі ғана жамбастаса, шілігі тоғайдай, шыбыны торғайдай емес пе! Анау шықылықтаған шымшығын өзгенің бүркітіне айырбастар ма. Өзінің шыбжындаған шолақ құйрық шыбышын өңгенің бұзаулы сиырына теңгерер ме.

Әй, бірақ... Жер өзінікі болмай, өзгенікі болып шыққанын сойылға жығылып, сорасы ағып отырып білгені бар-ау байғұстың. "Бұлағыма қонып, тұнығымды лайлағаның үшін шаң басарға" деп шыбышын маңыратып тартып алып, қан қақсатпады ма. Қайран қазақ ашуға қайтып мінбесін. Бет-жүзге қарамас бестемше қамшы қайтіп қана шошаңдамасын. Шошаңдады дегенше баланы белден, қатынды жоннан тіліп түсіп, бірін бақыртып, бірін шақылдатып ала жөнелмесін бе. Шошақ үйі қайта жығылып, шошайған қосы бақырауық түйенің қомына қайтадан артылмасын ба. Азын-аулақ ұсақты тоқымын жаба салған қыршаңқы торымен тірсектеп қумас па. Не көп?

Даланың сүрлеу-соқпағы көп. Жымы мен сорабы көп. Қай тұсқа қарасаң да, қай беткейге маңдай бұрсаң да, тоқсандағы кемпірдің бет шандырындағы ию — қию әжімдей шимай-шатпақ шиырлар. Қалағаныңа түс те, шүйкедей суыртпақтап шаң шығар да қайқайып тарта беp. Аспаның асқақ болса, далаң кең. Дауы көп қазақтың ханы қыстамаған, төресі жайламаған, шорасы күздемеген, қарасы қонбаған даласының елеусіз бір пұшпағы табылып қалар. Ал сол пұшпақ табылды дегенше жұмақ қақпасы ашылды дей бер. Мал-төлден өспей ме. Өскен мал көбеймей ме. Алалы қойды ақтылы жылқы қылу оңай. Алдымен Шопан , атаның құлаққа жағымды тұяқ сыртылы молайсыншы. Қойлы байға кім жылқы айырбастамасын. Ал жылқы шіркін қазақтың малы ғана емес, жаны ғой. Қазыны кертіп жеп, уыз қымызды тостағандап тастап алып, қылқұйрыққа мін де, ал кеп шап. Дүбірден далаң оянсын! Тауың дірілдеп билеп, шоқ қарағаның жарысуға да шыдамай, дөңгеленіп ту сыртында қала берсін. Көк аспанды бөрік қып киіп, қара жерді ат бауырына сүңгітіп, ал кеп заула! Ал кеп заула!

Қиялшыл қазақ жер түбінен жаннат іздеймін деп жүріп бірі қалмаққа қолды боп түсіп, сұраусыз кетпеді ме. Бірі башқұрттың биесін байлап, түйесін айдап, туған даласынан туу қиянға ұзамады ма. Аспанды бөрік қып киіп, қара жерді ат бауырына тығатын қазақ қайда? Қатынын хатун қылған ойрат, ұлын күл ғып жұмсап, бұның өзін сүмірейтіп ертеңнен қара кешке қой соңына жаяу салпақтатып салып қоймады ма..."

— Қазыбек, қайтайық,-деген Жырғал ноян ой құшағына сүңгіген тағы бір қиялшыл қазақты сергітіп жіберді. — Көзің ашық, көңілің бітеу. Кіргізбейді кім көрінгенді, ә.

— Әй, қайдам! Көзіміз ашықтығынан пайда не, иек астындағыны көрмесе. Бітеу көңілдің меңіреулігі тіпті сұмдық. Өзге түгіл өзін де енгізбейді.

— Кеттік. Кейбіреулер көп кешіккенімізден сезік-теніп жүрер.

— Кімді айтасың? — деп Қазыбек жалт еткен үлкен көздерді тік қадады.

— Кім дерің бар ма? Екеу-екеу сөйлесу басталған тәрізді ғой. Әркім өзінен қорықса, өзектісінен де сескенеді де. Жарайды. Біраз әңгімелестік. Екеуі одан әрі үнсіз қайтқан еді.

* * *

— Бертіс хан шақыртып жатыр! Тез жетіңдер!

— Жайшылық па, жарқыным! — деп Сырымбет батыр ханның дікілдек жігітіне отырған күйі мойынын соза қарап қалыпты.

— Мен не білем. Болсаңызшы! Тамақ суып қалады, - деп жігіт асықтырды.

— Ә, тамаққа шақыра ма... Қазір онда, — деп батыр мол денесімен қорбаңдап тұра берді де, баяулатып домбыра шертіп отырған Қазыбекке жалт бұрылды. — Тұр, балам! Жүр.

— Оны шақырған жоқ! — Нөкер жігіттің даусы саңқ етіп шықты.

— Көкем-ау, осы сенің атың кім? — деп Сырымбет әлгіге өңкие төнді.

— Оны қайтесіз?.. Ә-ә... Мен-Намазбекпін, — деп батырдың уысынан босаған білегін ауырсына уқалады.

— Сен, Намазбек шырақ, бұдан былай күн бір жауса, терек боп екі жауарыңды доғар. Өз атына өзі ұйымаған текіректік көрсетпе.

— Жарайды, аға! Сөйтем... сөйтем ғой.

Намазбек үйден ата жөнелді.

— Ал, Қазыбек, бол. Ханның тамақ берем деген сылтаумен шақырған кеңесіне қатыс.

— Мені шақыртпады деді ғой әлгі.

— Хан шақырмаса, мен шақырып тұрмын. Қазақтың қай дастарқаны шақырылмай келген қонақтың алдына жайылмаушы еді, — деп еріксіз ілестіріп алды.

Әрі хан аты бар, әрі елші аты бар Бертістің түскен үйі өзге үйлерден биік те кең екен, жиыны оннан асатын би мен батырларды бұйым көрмей, жұтып жіберді.

Бертіс келгендермен қол алысып амандасқанымен салқын сызды қабағын онша аша қоймады. Жалғыз — ақ Қазыбекті көргенде, анау қолын ұсынғанда селсоқ қана ерін жыбырлатып, қолының ұшын ғана тигізді де, бұрынғыдан да бетер сазара қалды.

Семіз жабағының еті желініп, артынша қымыз ішіліп, дастарқан жиналды. Кекірік атқан, тіс шұқыласқан үлкендер тілін тісіне тістеп, ақ үйді үнсіздік жайлап кетті. Аңыс аңдыған үлкендердің ішпыстырар шабандығына іштей кейіген Қазыбек шыдай алмады.

— Қыс өтіп, жаз келгенін байқамай қаппыз-ау. Қысқы кеште еттің артынан ертек тыңдауға жиналып, жым-жырт қалатын бала-шағадан аумай отырмыз,— деді.

Сырымбет мырс етті. Сырымбет мырс еткенде Барқы батыр бүкіл алып денесімен селкілдеп күліп ала жөнелді. Бабаназар да кеңк-кеңк етіп ашық қосылды.

Бертіс арқар мүйіз шақшасын шығарып, тырнағымен сартылдата қағып-қағып жіберді. Әлгі сартыл енді-енді тұтанып келе жатқан көп күлкіні көмейлерге қуып тықты. Хан көк бұйра насыбайды әдеттегіден көбірек іліп алып, екі танауына кезек ұрды. Құшырлана ішке тартып отырып, жүдемелете түшкіріп-түшкіріп қалды.

— Жәракімалла! — деп әлдебір ерін күбір ете түсті. Бертіс кім айтқанын көрейін дегендей отырғандарды жағалай сүзіп өтті де, шақшасын алдына тастай салды.

— Мынау Тайкелтір айтады. Көбіңнің көңілің маған күпті көрінеді. Сырттағы сөздің бөрі өсек. Өкпе сызы болмасын десеңдер, көзіме айтыңдар.

— Енді айтқанда нені айтамыз. Әрине көзге айтқан да дұрыс, — деп күмілжи берген Сәмбетке Дау жақтырмай қарады. Шыдай алмай тамағын қырнады.

— Уай, алдияр! Айтар сөз көп қой. Қайсыбірін қоздатайық. Ең алдымен айтарымыз: көп ауыздың сөзін жеке ауыз жеңіп кететін сыңайды байқағанымыз.

— Е-е, сөз тимей, дауыс қарлықпай, қор боп жүр екенсіңдер ғой, — деп хан ыңыранды.

— Сөздің де сөзі бар, Бәке!— деді Бабаназар аз бөгеліп отырып. — Көп ауыздың сөзін келісіп айтар жеке ауызға қарсылық болмас. Бірақ сол келісім болмай зорлап тұр ғой!

Бертіс басын изей түскен бойы мырс ете қалды.

— Намыстарыңа тиген екен де. Келіспеген кім сонда?

Әдейі сұрады. Сынағаны да, кекірткені де белгісіз.

— Қазық айналған аттай жер таптай бергенде не ұғармыз. Көзіме айт дедіңіз, алдияр. Айтсақ, келеге кіргізбей келісім бұзған өзіңіз, — деп Бабаназар төтелей салды.

Бертіс шалқая түсіп, қысыңқырап алған екі көзді енді Бабаназарға өңмендете қарады.

— Әй, Машайдың тұқымы! Сенікі сол баяғыдан келе жатқан ескі қыжыл! Бықсытпа мынау ел қамы дейтін ортада.

— Ел қамы деймісіз?! Сіз жеген ел қамын мен ойламас па екем? Ел қамын жесеңіз елдіктен неге аттайсыз? Бәтуаны неге бұзасыз? — деп Бабаназар да шапши жөнелді.

— Елдіктен мен бе кеткен? Бәтуа бұзған мен бе? Өкінбеймін деп айтып тұрсың ба осыңды? — Кішкентай да болса ханның аты хан. Хан зіркілдегенде қара жым болады. Көп көздер кірпік тасасына тығылып, көп иін төмен тұқырды. Қаймықпай қарсы қараған, кірпік жыпылықтатпаған Бабаназар ғана. Соны байқаған Қазыбек іштей риза боп, тілеулесіне айналып отыр.

— Елдіктен кетпесеңіз, еркімізді неге тұсайсыз, хан? Бәтуа бұзбасаңыз қолымызды байлап, тілімізді неге кесесіз, алдияр!

Иіндер сәл-сәл тіктеле беріп, "жуастан жуан шығады" деу рас-ау, осы. Жайшылықта көп үндемейтін Бабакең бәрімізден асып түсті-ау. Айтпағымыздың негізгісі осы еді ғой" дейтін ой қыбырсыз ұйыған денелерге қимыл-қозғалыс енгізді.

— Әй, сен мені құнға байларсың мына қалпыңмен. Тілің шыға бастапты! — деп Бертіс шалқая ырғалып алды. — Не істеппін еркіңді тұсардай, тіліңді кесердей, ә?

Бабаназар ханның қатайып алғанын қанын ішіне тартып сұрланған түрінен байқаса да, шегінуді жөн көрмеді. Алғаш шар ете түскенде әңгіменің арты мынандай сұсты зілге жалғасарын ескермеп еді. Жағдайының бар ауырлығын түгел ұқса да, жалтарып қала алмады.

— Үй ішінен үй тіккендей бөлектенуіңізді не деп ұғамыз? Бірімізден соң бірімізді сырғытып жіберіп, ойраттың ханзадасымен оңаша кеңесуіңізді не деп түсінеміз? Анау шабылған елден Тәуке ханның жарлығымен ел сөзін айтамыз, ұлт тілегін жеткіземіз, ұлыс талабын хонтайшының алдына қоямыз деп сабылып келген мынау отырған бәрімізді бөлектеп ысырып тастағаныңызды не деп білеміз? — деп екпіндей ағындап барып кінә-жаласын кесек-кесек тастай лық-лық тастай сап, тоқтады да, терлеген маңдайды алақанының сыртымен жайқап өтті.

Отырғандарға дес бітті. Тоғанның аузы бір ашылған соң, лақ ете түспей қайтушы еді. Сол ыңғайды бәрі бақты.

— Рас айтады, Бәке! Көбейіп келіп, кеміп кеткеніміз қалай? Қаулап келіп, бұлт етіп аунап кеткеніміз қалай? Артымыздағы дүйім жұрттың бір ханзаданың алдында бұйым болмай қалғаны қалай? Ел айырылысып, шер қайыстырған көкіректердің зары естілмеуі, күңіренісі күрсінтпеуі қалай? Мың-мыңнан сан мың тұтқындағы құлдық қамытын киіп, күңдік пердесін жамылған қарындас пен бауырлардың күйігі бауырыңызды езбеуі қалай? — деп төпелей жөнелген Тайкелтірдің жіңішке даусын көтере ытқытқан ащы "қалайы" шекеге шеге Қаққандай зірк-зірк естілгенде, Бертіс қатты қозғалақтап қалып, иығынан сусып түсіп кеткен зер шапанын көтеріп ап, қайта жаба берген Намазбекті шынтағымен нұқып жіберді.

— Сендер... Өздерің үдеп барасыңдар ғой тіпті! Бауырым езілмейтінін, көңілім күйзелмейтінін қайдан біліп еңдер? Ішіме кіріп-шыққан қайсың ең! Әлде бәлені балалатып жағып қалайық деген сұмдықтарың ба?!

— Бәке, босқа тарылмаңыз. Бәріміздің жоңғар-қалмаққа әкелгеніміз алдымен ел сәлемі, қала берді хан сәлемі. Соны жамбас жалпайтып жата бермей тездетіп ханына... ә-ә, хонтайшысына айтайық та, жолымыз болса, тұтқындағы ағайынымызды босатып алып қайтайық деу ғана біздікі. Осымызды сұмдық санасаңыз, өзіңіз біліңіз,— деді Дау би өзінің салмақты денесіне сай сабырлы үнімен. Манадан осындай өрекпімеген сөз ыңғайы табылмай келді ме, енді әңгіме арнасы өзгеріп сала берді. Бертіс те осындағылардың аузы бір жаққа түгел қисайып кеткенін сезді де, сыңар езуге басуын азайтты.

— Келісейік десеңдер, мен бе екем кешіктіріп жүрген. Кергіп жатқан Қалданың, Бесоқтың емес пе, — деп ылдилаған хан шақшасын Тайкелтірге сырғытты. Онысы: "Идіңдер! Бүктіңдер! Бірақ сындырмаңдар" дегені сияқтанып еді, қабақ баққыш үлкендер шақшаға жағалай қол созып, түсіністік танытты.

— Кешіктіре бермейік. Біз қинамасақ, қалмағыңның қиналатын түрлері көрінбейді.

— Сыбан-Рабтанға жабыла күш салайық. Ханы-қалыңдық емес шығар бетіне перде тұтқан. Қабылдасын бізді тездетіп. Арызымызды өз аузымыздан естісін.

— Топырлатып тосқыза бермесін енді. "Не көрісемін, не өлісемін" дейтін елші атымыз бар. Әдеттен аттап кетпесін!

— Жә! Жарайды! — Бертіс Қазыбекке иек қақты — Домбыраңды әкелші. Көптен шертпеп едім.

Осындай өзді-өзін қайрау, пысықтаумен ханның қабағын бері қаратқан би мен батырларға Қазыбек разы боп орнынан атып тұрды.

* * *

Кешегідей Ілеге бір сүңгіп шығуға бет алған Қазыбекті бүгін шеріктер тоқтатқан жоқ. Алыстан әлденеше сақина тастап, орағытып ағатын өзеннің осы жадағай тұстағы жайылып, асықпай ағатын айдыны теп-тегіс. Төңкеріліп, бірін-бірі лықсып қуып, жал-жал толқын тудырып, жарқабақты ышқына соғып жатпайды. Құм қайраңды баяу жауып, сусып кеп табан жалап, сырғанап қайта шегінетін еркін кең тынысы бар. Етігін шешіп тастап, балағын түріп алып майда құмға тобықтан көмілген аяғын жалап қайтқан, жалап қайтқан жылы суға Қазыбек қарап қапты.

"Аққан су да адам ғұмырындай-ау. Жіптіктей жерден бастау алады да жыра-жырадан жылап тамған жылғалармен, сай-сайдан сылдырап аққан бұлақтармен қосылып ілгері сұғына береді. Бұлақ-көздер, жылға-тұмалар өзек жара өзен боп арындайды сонсоң. Жерден ылғал сорып, бұлттың төсін сауып көбейеді, кеңейеді. Ал содан соң тауды тіледі, тасты ағызады. Өрден төмен құлдилай құлайды. Жазықта жайылады. Ендігі нәрді жан-жануарға өзі береді. Тандыры кепкен даланың таңдайына ендігі суды өзі тамызады. Адам да сондай. Сәби іңгәсімен дүние есігін қағады. Одан бозбала күй кешеді. Үй көтереді басына. От басынан тағы да уілдеген ана әлдиі естіледі. Ұрпақ жалғастығы басталады. Кешегі сәби бүгінгі әке, ертеңгі ата, кейінгі баба. Әрі-беріден соң бір рудың басы. Бара-бара тайпаның әруағына баланады. Аты ұранға айналады. Өскені, өркендегені-аққаны, арындағаны, тасығаны, шалқығаны емей немене".

Ойын үзіп алып, елең ете қалды.

Елең еткізген су бетін сипай сорғалап тамылжып жеткен ән еді. Қазақ әні еді. Алыстан талмаурап жеткен сарын емес. Дәл осы маңнан, жақыннан шарықтап шығып, қалықтай көтеріліп, ындынды өзіне тартып барады.

"Апырай! Қалай сорғалатады! Әдемі ашық әнге де мұң сарынын қосуға болады екен-ау. Әлде мұңлық күйдің тебіренісінен туындады ма екен?"

Қазыбек етігін де киместен жалаңаяқ қалпы әлгі он шыққан тұсқа еріксіз бет қойды. Өзен жағалаған аласа тоғайдың да шетіне ілікті. Табанына батқан тастан әйеншектенсе де, тоқтаған жоқ. Бар еркін алып кеткен әншіні көрмек. Әнін Қасында тұрып тыңдамақ.

Ағаш арасы сызды екен. Балақтап өскен тал-шіліктер балақ қауып, тірсек қағып жүргізбеуге айналды.

Ән сол әсем шырқауымен әлі қалықтап тұр. Енді сөзі де анықталып естіле берді. Шын көңілдің ыстық ықыласымен ашылған жастың күлімкөзіне деген тәтті көңілінен сыр шерткен әнде бұрын ойнақы әуен, көңілді ырғақ мол болушы еді. Іштегі алып-ұшқан жүректің ақжарқын сыры дос көңілдің анық белгісіндей елжірей үздігіп тұрып, қалықтап барып қуаныш тапқан шаттығымен ұзаушы еді. Қазір сол қуаныш толқынын сағыныш дірілі алмастырып, ойнақы әуенді біртүрлі кекселендіріп, кеудеге елегізулі алаңдау, аңсау тәрізді күңгірт қоңыр сезімдерді тоғытып жібергендей.

Қазыбек тас батқан табанының ауырғанына да, қамыс тілген, бұтақ жырған тірсегіне де қараған жоқ. Ойнақы әннің өрнегін өзгертіп, нақышын әсерлендіріп айтып тұрған қыздың бет-жүзін көрмей көңілі көншімес аласапыран халге жеткен еді.

Асыққан адамның жүрісі өнген бе. Оның аяқтан шалатын кедергісі көп болатыны ежелден белгілі. Ал бөтен жердің тұтаса өскен тоғайының нуын жалаңаяқ кешуден өтер азап бар ма. Қазыбек қайдан келіп, қайдан шыққанын да білмейді. Әйтеуір есі-дертін әкетіп, ілгері жетелеп бара жатқан ән ғана. Бөтен жұрттың ортасында өз тілімен, өз әуенімен сондай ыстық, сондай әсерлі естіліп, ойнақы әуеннің сәл күрсінткен биязы мұңымен өне бойын түгел жаулап, "кел-келдің!", "бол-болдың!" астына алып барады.

Тоғайдың нуы сирей түсті де, балақтаған тал-шіліктер енді азайып, сәлден соң көрінбей кетті. Екі-үш ағаштан өте бергенде жарты шеңберлене иіліп, бетін өзенге бере кең ашылған алаңқайға тап болған Қазыбек шеткі мойылға сүйеніп ентік басты. Апырақтап алдына көз жүгіртті.

Ән тіпті дәл қасынан шығып тұр.

Бірақ көрінген ешкім жоқ.

Қазыбек адымдай басып ілгері жүре берген. Кенет аяқ астындағы қу шыбықтың сырт етіп сынған дыбысымен әннің кілт үзілгені.

Қазыбек тұрып қалды. Енді белгісіз әнші түгіл, әлгі әдемі ән де жоғалды.

"Қап! Енді қайттім?" Өкініші өзегін тепкіледі.

Сол жақ қапталынан әлдебір тықыр естілді. Сол тықырға жалт бұрылған Қазыбек жағадан суға тұмсығын малған аюдан аумайтын нән қойтастың тасасынан шығып келе жатқан қызды көрді.

— Қазақпысың? Әлгі әнді айтқан өзіңбісің? — деп Қазыбек сұрағын жаудыра беріп, сәл ыңғайсызданған күйі ақсия күлді. — Көптен ән тыңдамағанға, өзіміздің әнімізді тындамағанға ішқұста болғам ба, әніңізді естігенде... мүлде естен таңғандай боппын. Сәламатпысыз, қарындас.

— Шүкір. Өзіңіз де есен-саулықта болыңыз,— деді қыз.

— Енді сұрауыма болатын сияқты. Жатырқамадыңыз. Қазақсыз ғой.

— Мүмкін.

— Қалайша? Сонда сіз... сіз, — Қазыбектің кеудесін солқ еткізіп күдік оралды.

— Иә, сол ойыңыздан табылармын, — деп қыз сезімталдық танытты. — Ой, аяғыңыздан, табаныңыздан қан тамып тұр ғой... Етігіңіз қайда?

— Есті алған әнге ентігемін деп бәрін ұмытыппын ғой. Ана жақта қалды.

— Аяғыңызды көтеріңізші!.. Ой, бұта кіріп кеткен бе, сойдитып тіліп жіберіпті-ау. Таңып тастамаса болмас.

Қазыбек аяғының ауырғанын енді сезді. Бірақ оны онша елей қойған жоқ.

— Ештеңе етпес.

— Бері жүріңізші. Суға жақындаңыз, — деп қыз қайтадан қойтастың тасасына қарай тез аттай жөнелді.

Қазыбек жағаға ақсаңдай басып таянып, тастың тасасындағы тағы бір тақтайдай жалпақ тастың үстіндегі киім-кешекті қопарыстырып жатқан қызды көрді. "Ә-ә, кір жуған екен ғой!.. Енді ән айтылар ма?" Мұңлы өрнектің мұңды сазы көкіректе оянып, әлгіндегі әуенімен тіріліп, аунап түскендей болды.

— Бері жақындаңызшы. Мына араның батпақ, сазы жоқ. Таза. Аяғыңызды жуып жібермесе... құм-топырақ кірсе, болмайды.

— Өзім осы жерде жуам ғой.

— Жоқ, бері келіңіз. Таңып берем.

Қазыбек ақсаңдамауға тырысып бағып, аяғын сүйрете аттап, таяна тоқтады.

— Мына тасқа шығыңыз.

Тастың көлбей сұлаған жартысы суға сұғынып кеткен екен, Қазыбек теп-тегіс, жып-жылтыр тастың су басқан шетіне өтіп, аяғымен тобықтан жалдап тұрып, қолымен табанын ысқылап жуды.

— Болдым білем.

— Өкшеңізбен басып бері жақындаңыз.

Қыздың сүйріктей саусақтары денесіне тигенде,

Қазыбектің бүкіл денесін өрт жалыны шарпығандай дуылдап қоя берді. Әлде судың суықтығының әсері болды ма, әлде қыздың епсекті қолының ыстығы молдау ма, бозбаланың жүзі нарт қызарды. Ыңғайсыздана аяғын тартып қалды.

— Неге шегіндіңіз?

Қыз даусы бәсеңдеп кетті. Бозбаланың қызарып кеткенін байқап еді. Енді бұның да бетіне шарбыланып қызыл бояу жүгірді.

— Сәл шыдаңыз, таңып берейін, — деп таспалап жыртып алған шүберекті табанның әлі де қаны көрініп тұрған тілігін баса орай бастады. Қолы сондай икемді. Қимылы сондай нәзік. Қазыбекке осы икемді қолдың нәзік қимылы сондай ұнап тұр. Орау бітпесе, қыздың жып-жылы саусақтарының денесіне жанасуы тоқтамаса дейтін тілек қаузайды.

— Болды. Енді тездетіп етігіңізді тауып киіңіз.

— Ә-ә... рахмет, қа-арындас!.. Есіміңіз кім еді?

— Шараһай!

— Шараһай!.. Қалай тауып қойған, екі көзіңіз тұп-тура шарадай!

— Біздің шараның ұғымы басқа.

"Біздің" деді ме?.. Ә-ә, өзге еді-ау. Бірақ сондай жақын тартып тұр ғой. Тегі бөтен. Неге бөтен? Өзіміздің Шара қыздардан несі бөлек?"

Осындай сұрақ-шаншулар ойы мен миын қас қағым сәтте шабақтап өтті.

— Бәрібір сіз біздің Шарасыз,— деді өзіне-өзі қарсылық білдіргендей.

— Неге сіздікімін? — деп қыз ойнақылана қалды.

— Біздікі дегенде... мен өзімді емес... Тұу, бүлдіре жаздаппын ғой, — Қазыбек шын көңілден жадырай күліп жіберді. — Қазақ қызына сондай ұқсайсыз. Біздің қазақ қызысыз деп өзімсініп жатқаным да.

Шараһай да қосыла күлді.

— Анам қазақ болса, жартылай қазақ боп та қалармын.

— Е-е, әлгіндегі мүмкін дегеніңізді енді ұқтым. Киім киісіңіз де, шынында жартылайдан да көбірек қазаққа келеді.

Шараның қабағы жабыла беріп, ашылды. Соны Қазыбек қалт жібермеді.

— Кей-кейде қазақша осылай киінгенімді тәуір көрем.

— Жалғыз жүрсіз. Қорықпайсыз ба?

— Неден қорқам.

— Қамыс арасында жолбарыстың жымы бар дейді. Қорсылдап доңыз, бұғынып бәрі жүреді деседі ғой.

— Иә, өзеннің кей жерінде олардың болатыны рас. Ал бұл маңайда жоқ.

— Оны қайдан білдіңіз?

— Қазақтан... — қыз сәл бөгеліп, ыңғайсызданып тұрып сөзін жалғастырды. — Сіздерден елші келе жатыр деген хабар тиісімен осы түбекке үй тіккізгенде... төңіректі қайта-қайта сүзіп шыққан. Әлгі айтқан жыртқыштардың ешқайсысы жоқ.

— Апырай, ә! Маған басқаша айтып еді...

— Кім? Біздің... — тағы да ыңғайсызданды — адам ба?

— Иә! Жырғал ноян.

Шараһай көзін кең аша қарады.

— Ноян деймісіз?.. Ноян өтірік айтпаушы еді...

— Қайдам. Мүмкін маған беталды жүре бермесін дегені шығар,-дей берген Қазыбек кенет әлденеге күдіктене қалды. — Ноянның өтірік айтпайтынын қайдан білесіз?

— Көкем болса неге білмейін.

Енді Қазыбек қызға тандана қарады.

— Сіздің әкеңіз Жырғал ноян ба?

— Иә, Жырғал нояныңыз-менің әкем! — Енді қыз ерніне мысқыл күлкі оралды. — Көзіңіз атыздай боп кетті-ау, мырза. Соншама неден сескендіңіз?

— Сескеніп тұрғам жоқ. Сеніңкіремей тұрмын.

— Неге?

— Біздің қазақтың кез келген биінің не бегінің қызы дәл сіз құсап жападан-жалғыз кір жуып дегендей кәкір-шүкір шаруаға араласып жүрмейді. Сылаңдап киініп, бұлаңдап бой түзейді. Соңына ерген он шақты құрбы қыздардың ортасында ақбозға мініп, ақ сағымды жыртып, жортып жүреді. Сыртынан көз сүзген сан жігіттің көз құртына айналады.

— Сыртынан көз сүзген көп жігіттің біріне де бұйырмай жер түбінен бір-ақ шығады сонсоң... — Қыз күмілжіп тоқтады. Күрсінгенін де жасырған жоқ.

— Неге күрсіндіңіз, Шараһай!

— Сылаңдап бой түзеген бір атақты бидің сұлу қызы ауылының жігітінің біріне емес, алыстағы ойрат жігітіне құмартып қалмаса... Әлгі алыстағы ойрат жігіті сіз құсап елшілікке бармаса... Мүмкін екеуі кездеспес пе еді...

— Анаңыз туралы айтып отырсыз ғой...

— Иә. Бірін-бірі іздеген, аңсаған екі жас, ақыры ел шапқызып, қан ағызып қосылған ғой. — Шараһай теріс айналып кетті. Көзіне кеп қалған жасты көрсетпейін дей ме, әлде босаған көңілінен қысыла ма, дірілдеген кеуденің тынышталуын тосатындай.

— Шешеңіз қайда? Осы араға келді ме? — деп енді бір кезде сұлу болған, сылаңдаған сол қазақ қызын... әйелді көргісі кеп кеткен Қазыбек ентелей қалды. — Келіп пе еді, Шараһай?

— Жоқ! - қыз басын шайқады.

— Неге? Қазақтарды мүлде көргісі келмей ме?

— Қайтыс болған. Көп ауырды. Кейінгі кезде ауылын, ата-анасын көп іздеп, коп сағынған.

— Қайдағыны сұрап көңіліңізді қобалжыттым-ау, Шаратай!

Қыз жалт қарады. Көзіне нұр жүгірді.

— Шаратай дедіңіз бе? Анам солай айтушы еді. "Шаратайым!" деп үзіліп еді! Қазақ десе жанын үзетін. "Менің кесірімнен ел шабылды. Әке-шешем мені ешқашанда кешпейді. Талай қыршынның обалына қалдым!" деп маған мұңын шағып, сонда көп жылаған.-Шараһай қайтадан мұңға бөгіп, шешесімен қоштасқан сәтін есіне түсіргенде, қос бүртік жас омырауына домалады.

— Жылама, Шараһай! Босқа қамықпа!

— Апам да жылама, қамықпа дейтін.

— Көкең ше?

— Көкем бе... Көкем анамды әлі іздейді. Олар бірін-бірі жақсы көретін. Көкем ғой мені әдейі осы араға алып келген. Нағашыларыңды көресің деген.

— Әнің жақсы екен. Даусың сондай ашық!

— Апам айтушы еді. Оңашада, өзімен өзі отырғанда айтушы еді!.. Көрінбей, сығалап қараушы ем. Кірпігінің ұшында мөп-мөлдір тамшы тұратын. Ап-ауыр тамшылар... Үзіліп түскенде жер солқ ете қалғандай болатын.

Апам бірінен соң бірін айтып боп, істеп отырған жұмысын да ұмытып, үнсіз мелшиіп ұзақ-ұзақ отыратын. Нені ойлайтынын, нені аңсайтынын ол кезде қайдан білейін. Жүрегім езіліп аяйтынмын... Аяйтынмын.

— Қайтқанына қанша болды?

— Бес жыл. Ол кезде онға шыққам. "Жас емессің, алды-артыңды ойла, Шаратайым!" деп отыратын, — деп өзенге бұрыла беріп еді, көзі күнге түсіп кетті. — Ой, пәле! Бесін ауып барады ғой. Сізді де, мені де ауылдағылар шарқ ұрып іздеп жатқан болар. Үстімізден түссе...

"Үстімізден түссе... Нағыз сойқан сонда болар. Елші боп кеп, етек түрді деп қиғылық салса. Етекті түрдің бе, түрмедің бе — сынықтан сылтау іздегендерге бәрібір".

Қазыбектің маңдайынан ащы тер бұрқ ете қалды. Әлгіндегі жайбарақаттық мүлде жоғалды.

— Шаратай! Мен кетейін.

— Тоқтаңыз. Жаяу ақсаңдап қашан жетесіз, — деп асыға жөнелген қыз тал арасынан бір кезде ат жетектеп оралды.

— Қазір етігіңіз жатқан жерге апарып салам.

Жуып жайған киімдерін қоржынға жылдам теріп салып қанжығаға бөктерді.

— Алдына, ерге отырыңыз.

— Сіз ше?

— Мен мінгесем ғой. Болыңыз.

Екеуі тоғайға енбей, су жағалап жүріп кетті. Мынау жол тоғай сүзгеннен әлдеқайда жеңіл болды. Етік жатқан жерге де ә дегенше жетіп келді.

Қазыбек аттан түсті.

— Сау болыңыз, Қазыбек аға!

— Оу, Шаратай, сен... сіз мені білесіз бе? Қайдан білесіз?

— Білем, аға! Кешікпей барыңыз.

— Апырай, ә. Енді көрісеміз бе?

— Мүмкін.

Қыз атын бұрып алып, су шалпылдата желіп кете берді.

"Мүмкін" деуімен-ақ әбден діңкелетті-ау. Көркі қандай! Мінезі қандай! Ашылуы да, жабылуы да тез ішінің. Ұшқары айтқан жерім болған жоқ қой деймін. "Аға!" деді. Шынымен іштартып айтты ма соны? Өзінен бір жас үлкенді біздің қазақ қыздары сыйлап "аға" демеуші ме еді. Бірақ сол сөзді қалай айтады? Қайтіп айтады. Гәп соларда ғой. Дүңк еткізіп төбеңнен қойып қалғандай етіп дүрсе қоя беретіндерден көңілдер талай қалмап педі Қалған көңіл, әрине, менікі емес. Маған олай әлі айтылған да жоқ. Бірақ қасына ерген, соңына ілескен аға, достардың бет-беделін түсіріп: "Ибай, бетім-ай! Не деп тұрсыз, аға? Ұятсыз екенсіз!" деп түйеден түскендей қып солқ еткізетін қыздардан қалай түңілмессің.

Әй, Шаратай! Шараһай! Анаң қазақ болған соң, бауырында өніп, ана сүтімен анаңның тілін санаңа сіңіріп өссең, сенің қазақтан нең кем?

Ал біздің көп жігіттердің шешелері қалмақтың ат көтінде келген тұтқын қыздары ғой. Солар ше? Солардың тілі алғаш қалай шығады екен? Қазақша былдырлар ма? Әлде қалмақша қылғынар ма? Анасының тілін алдымен ұғар болса, алдымен сол бөтен, бөгде өнеге, тәрбиені сімірер болса... онда... онда... Осы біз қара қалмақ, құба қалмақпен соғыса, соғыса, қазақ қалмақ туып, қалмақ қазақты дүниеге әкеліп, түптің түбінде бір-бірімізді ажырата алмай, айыра алмай қалмас па екенбіз. Мүмкін сөйткен де дұрыс болар ма. Ондай атты күнде күн құрғатпай шаң боратып, құйын үйіріп, дауыл соққызып жететін екі елдің арасындағы шабуыл-шандуыл тиылар ма еді. Сөйтіп табыссақ... Табысып татуласқанға не жетсін. Хонтайшының алдында табысып, татуласқалы келдік деген бір орайды да айта алсақ ертең... Шабыса бергеннен гөрі табысқан тәуір-ау. Сондай күн туса

Шаратайдың шешесі сияқты мұңлықтар шарасыз күйде сағыныштың құрбаны болмас еді-ау!"

Қазыбек жатын үйіне келгенде Дау ағасы іздеп жүр екен. Қарсы кездесті.

— Қайда жүрсің, қарағым-ау? Мынау жауыққан елдің ортасында жапа-жалғыз селтеңдеп жүре бермесеңші. Кім білсін кімнің не ойлайтынын? Бұ шіркіндердің ішіне кіріп шыққан жоқпыз. Байқастау керек қой, — деп кәдімгідей жанашырлық танытып, кейіп тұр.

— Дау аға-ау, өзің тимесең, өзгенің сенде несі бар.

— Әу, сен бұларға әлден сеніп қалғанбысың. Біз Қашан тиісіп едік. Бұлар бізге қашан тиіспеп еді?

— Қойдым, Дау аға. Мойындадым, — деп дәл қазір көңілі тек жақсылыққа, әсемдікке ынтыққан Қазыбек ақсия күлді.

— Айтпақшы сені неге іздегенімді айтпаппын-ау! Тәкең ханды ақыры көндірсе керек, сен анау хонтайшы алдына бізбен бірге барасың.

— Ой, аға-ау! Сүйіншіңіз мойнымда.

— Бертіс көкең саған онда дұрыстап киініп барсын дегенді мықтап тапсырыпты. Шабына тие бермей, айтқанын істеп, ыңғайына көне берсеңші, — деп Дау жуасыта сөйледі.

— Әу, аға-ау, дауысыңыздың күмілжігеніне қарағанда көкемнің тағы бір "қолқасын" көмейіңізге тіреп қойған тәріздісіз-ау! — деп Қазыбек қадала қарады. Адамға тіктей қарағанда үлкен көздер кең ашылып, Қараған адамының ішін ақтарып, көріп тұрғандай сезіледі екен. Дау жанарын тайсақтатты. Бірақ сөзі сабырлы естілді.

— Бертіс көкендікі орынсыз отқа түсетін көбелекке ұқсамасын деу болар. Жассың ғой әлі. "Желпілдей беру жарамайтын қылық. Өзге үлкендермен жағаласып, жарыса бермей, аузын бағып, тіс жармай отырсын!" депті.

— Ой, жаратқан тәңір-ай! Енді сөзді де рұқсат сұрап сөйлейтін болдық па?

— Басқа жерде сөйлей бер. Қазыбекжан. Қайта менің көкейіме сенің сөзің көбірек қонады. Сені кейде көпті көрген көнедей көретінім рас. Ал анау хонтайшы алдында көзге түспегенің дұрыс. Талай дауға түсіп, талай додадан көкпар алып шыққан Тәкеңдерден сөз ауысқан ба. Биліктің біліктісі ғой. Басқамыз шошаңдап, ши шығарып алып жүрерміз.

— Жарайды, Дау аға! Алдымен сол хонтайшы құрғыры қабылдап алсын да бізді. Ат шаба ма, бап шаба ма, бақ шаба ма — бір құдай білер.

Қазыбек сәл ақсаңдап үйге кіріп кетті.

"Әй, тегін емес осы бозбала! Көзіңде от, кеудесінде жалын бар! Әріден көріп тұрғандай, беріден ұстап тұрғандай не десе де, қолмен қойғандай айтады-ау. Тіпті жап-жас басымен кімді болсын мысы басады да тұрады. Әйтеуір, баққа туғай. Таққа бермей, жұп боп қонғай!" деп ойланған Дау кешкі қызыл шапақ қоюланған аспанға шалқалап қарап тұрды да, сол шапақ астындағы алыс ауылын, жас бәйбіше Бабылдық бикесін, жас нәресте Түйте ұлын қатты сағынғанын сезінді.

Кешкі шапақ қызыл түстен бірте-бірте қоюланған қоңыр бояуға ауысты. Енді айналадағы алыс көк-жиекке дейін кең көсіліп жатқан жазық пен түстікте серейген тауды перделеп бүркеп, көз байлар қарақоңыр мұнарымен қызыліңір келіп түсті. Қазақы үйі, қазақы күтімі мол ақ шаңқан ауыл-дәл қазір Дау көңілінде әлдебір өгейсіреткен жатырқаушылық туғызып еді. Оның қандай себептен, қай кемшіннен жаралғанын таба алмай, кесек етті мұрнын сипап қойып, тез тарылып көз байлап келе жатқан төңірегіне тесіле қарап қалған еді. Әлдеқайдан саңқ еткен ит даусын естіді. Жүзіне дір етіп қыбыр енді. Түйсігіне әлдебір толқынды сезік жүгірді.

"Е, бәсе! Неге қоңылтақсып тосырқадым десем, мынау оңаша ауылдың, кешқұрымғы қойы маңырап, қозысы жамырап, мал сауған, тай-құлыны шұрқырай кісінеп, бие ағытқан, жылқы айдаған абыр-сабыр қарбалас тірлігінің жоқтығынан екен-ау. Әй, қайран көңіл! Сенің де үйреншікті әдетке емшек күткен сәбидей ұмтылып тұратының бар екен-ау. Тіпті ит екеш иттің де үргеніне, қаңсылағанына кәдімгідей таңсық боп тұшынып тұрғаның мынау... Әдеттегіден бөлек жым-жырттық та көңіл құлазытады екен-ау. Ал ауылдың басқа тұрмыс-әрекеті сол қалпында. Әне, жерошақта жалыны шарпыған жалпылдаған от. Буы бұрқыраған үйреншікті қара қазан. Қара қазанның ағаш қақпағын қайқая ашып, сорпа сапырған қазақтан айырмасы жоқ қараторы, қыпша бел келіншек... Е-е, қоңылтақ көңілдің тосырқайтын тағы бір кілтипаны-келіншек пен отыншы еркектің қылғынған қалмақ-шасы-ау. Өзге тілдің өзек тырнар бөтендігін бұрын ескермеппін-ау. Құлаққа қазан түбін қырнаған пышақ тықырындай тосын естілгенде ызыңын ғана бағып қап, маңызына жетпей, мәнін ұқпай мәңгіріп қалатының-ақ жаман. Әу баста Адам Ата, Хауа Анадан жаралған адамзатты жалпақ жердің бетіндегі жарық жалғанның түкпір-түкпіріне тарыдай шашып жіберген Жаратқанның соларды бірінен бірін алшақтатқаны қалай? Бірін-біріне түсіністірмей, тілдерін бөлектеп, түрлерін өзгертіп, әлгі әу бастағы кіндіктес, ұрықтас ағайынды бір-біріне жауықтырып қойғаны қалай? Адам пендені естілігінен айырып, ерегісін молайтып, бір-біріне құбыжық қып қойғаны төңір хақтың қай әділеттілігі? Күшік асырап қабаған ит қып өсіріп, бөтен ауыңдың бөрібасарымен таластырып, ырылдаған, арылдаған төбеттердің бірінің бірі алқымын езіп, желкесінен алып, бұрап соққандарынан дүниенің бүкіл қызығын көргендей сілекейі шұбыра, көзі қызара есі шығатын бәдік жандарды талай көріп ем. Пендесін де дәл сондай арылдатқызып қойған Жасаған хақтың кей ісіне қайтіп қана бас шайқамассың. Әр ұлысқа бірін шүлдірлетіп, бірін маңқалатып, бірін қылғынтып әртүрлі тіл бермесе, анау сылаң келіншек пен шойнақ отыншының не деп қылғынып тұрғанын түсінбес пе едім. Түсінсем, көңіліме күдік оралмас еді. Қаланы қиратып шаңы ойнаған, даланы құлазытып құйыны құтырған мынау қатыгез заманда әр кеудеге алабүлік боп енетін күңгірт күдіктен өтер әзәзіл жоқ-ау. Самбырлаған тілі жоқ. Әй, бірақ сыбырлайды-ау кеп сол құрғыр күдік құлағыңның түбінен. Сарнайды-ау кеп түн ұйқыңды төрт бөліп төсегіңнің басынан. Сарнайды-ау кеп тұс-тұстан жау қаптатып. Сенбей көр, ермей көр сол әзәзіл күдіктің сансыз күбір-сыбырына. Аттан-айқайына. Ал сендің екен, ердің екен, не тұрыс бар, дереу көтер қақ сойылды! Қос қолдап қысып ұстап құлашта гүрзі-шоқпарды! Азуыңды айға білеп екілене ұмтыл! Қақ сойылың аямай сақ еткенде, қақыраған шекенің қасыңның басынікі ме, досыңның басынікі ме-онда енді мүлде шаруаң жоқ. Безілдеп шықтың, берекені де, бірлікті де бездіріп қудың. Соны өзің сезесің бе, сезіктеніп іштей ғана қуыстанасың ба, енді саған бәрібір тоқтау жоқ. Өйткені оң-солың толған қас дұшпан. Солқылдаған сойыл сынғанша, соққылаған шоқпар қолдан ұшқанша, қарсы келгенді, көзіңе іліккенді қан қақсат. Ал сонсоң көп соққыдан қансырап өзің құла. Қансырап құлап жатып іштей күйзеліп, іштей күңіреніп ал жыла. Бірақ одан не өнер. Құбыжық күдік сен жылады екен, сен құлады екен деп, талайды сен жылатып, талайды сен қан қаптырып құлатып еді деп қарасын өшіріп, зым-зия жоғалып кете қойды ма? Қайдағы жоғалу? Сол күшіктеген күдік немең одан сайын өрекпи өршіп, енді бүкіл өксіген ішіңді кернеп, кептіріп ала жөнелсін!

Бәрі түсініспестіктен... Адамды адам түсінсінші. Солқылдаған сойыл немең-жылқы ұстар, мал айдар кәдімгі құрыққа ғана айналсын. Қарғыс атқыр қара шоқпар қазық қағар өшейін бір тоқпаққа ғана айналсын. Қатулы қабағыңа мұз қатып, қар жаумай, жадыраған жанарыңнан нұр төгілсін, шуақ шашылсын! Айналаң тегіс жайдары күлкіге бөксін! Қуанған жүздің әсем көркіне жетер не бар? Елжіреген жанның жүрегінен жылытып төгілетін мейірім жарық жалғанның жебеушісі болмас па. Содан жаңыла беретініміз қалай? Сол мейірімді мынау Қазыбек ұлан іздеп те, тауып та жүрсе, соған неге пейіл бермейміз? Танау делдите үркектеп, қол сермей, өң бермей секемденіп, жанымызға енгізбек түгіл маңайымызға жақындатпауға тырысатын жол жүрген үлкендігіміз, көп көрген кекселігіміздің қасиеті ме сол? Ол нендей қасиет? Суық-ызғарды кеудеге сипалап тоғыта берсек, жылылық пен нәзіктікке орын қала ма? Бүйте берсек, жатбауырлықты жақсылық деуіміз мүмкін-ау. Анау Бертіс ханның осқырына беруі осыңдай мінезден тумас па. Әлде жатбауырлық бақастықтан өрби ме? Әлде бақастық пен күншілдік құрғыры жатбауырлықтан өре ме? Бертіс Қазыбекке неге қатал? Былай қарасаң тіпті баласы ғой. Өзінің туған інісі Келдібектің тұңғышы ғой Қазыбек. Бауырыңда өсіретін, бауыры езілетін ең ет жақыны. Бауырына тарту қайда. Бет-аузы біресе кіржиіп, біресе тыржиып, ашықтан ашық жақтырмай отырғаны. Әлде "екі әйелдің баласы-екі рулы елдейдің" рас болғаны ма. Әкеден бірге туғанымен шешенің бөлектігі бүліндіре ме. Әйтпесе Абыз атанған Шаншар әкеміздің өнегесі ханды қисық өскізбес еді ғой. Қыңыр жібермес еді ғой. Тез басында қисық ағаштың жатқаны қалай? Айбикедей ақылды анадан туған Келдібек, Нұрбикедей қадірліден туған Бертіс бірін-бірі жек көре ме? Жек көрсе, исі Қаракесекке Бертіс ағасын хан сайлатуға аузы дуалы Келдібек би барын да жанын да салмас еді ғой. Өйткен жоқ ол. Жөнді білді де, жолды ағасына берді. Және қайтып берді десеңізші. Даңғыл жол салып беріп, қолына ханның асасын, басына ханның телпегін кигізіп, ел үстіне еңселендіріп отырғызды ғой.

Осы елшілікті Тәуке ханның кеңшілігімен дайындаған да, басшысына ағасы Бертіс ханды лайықтаған да Келдібек би. Ал Бертістің тістеуік те тебеген боларын түсінбеймін.

Тағы да түсініспестікке ойқастадым ба? Бұл бір асу бермес өткел-ау. Түсініссек-қазақты қалмақ шабуын қоймас педі. Қазақ қалмақтан қарымта қайтарам деп қасарыспас еді.

Әй, мынау не ызың?.. Е-е ызың деп домбыра үнін де тосырқап қалғам ба. Қазыбек қой шертіп отырған. Өзі бір жошын-ау. Сонау жер түбінен домбыра сүйре-тіп жүргенін көрмеймісің. Айтпақшы, Бұхардағы Көкілташ медіресінде дәріс тыңдап жүргенде осы домбырасының кесірінен шығып кеткен деседі ғой жұрт. Бекерлік болған ғой. Әйтпесе сол Бұхараи Шарифтегі медіреседен он екі тармақ ғылымды түгел игергенде, қандай болар еді шіркін. Қазір де терең-ау жас өркен ұланым.

Әй, мынаусы таныс әуен сияқты ма? Өзгеріп кеткені қалай? Мұңы бар жүректің толғанысы тәрізді ме. Сағынған жанның аласапыран кеудесіндегі әлсіз күрсінісі ме... Қасына барсам... жақындап тыңдасам, тоқтап қалар ма екен. Мынандай көкей кескен әуен осыңдай бейуақ шақта, оңашада өзіңді де көрмей, өзгені де байқамай қалатын мезгілде жететіні қалай екен, ә? Әлде атқан таңға қуанған әр пенденің батқан күнге қимай қарайтын, ойға бата елегізитін белгісіз үрейлі секемінен бе? Қара жапқандай түнере қалатын түн қойнын кім жақтырсын. Санаңдағы саңылауды түгел бүркеп тастайтын қараңғылықтың қорқынышы көп-ау...

Домбыра құдірет-ау! Құлаққа таныс әннің де тосын естілетінін бұрын ұқсамшы. Өксігі болмаушы еді ғой. Өкінішті күйдің шертісінен бе. Неге өкінеді?.. Неге өксиді?.. Әй, жоқ-Өксік жоқ енді! Өзгеріп сала берді. Ұмытты әлгі күйректікті! Осылай желпінгені дұрыс қой жастың! Жалындатты-ау! Сөйтсінші! Жігерлентсінші! Дуылдатты-ау! Сергітті-ау! Өзгеріп, құлпырып сала бергенін қарашы! Құдірет-ау домбыра. Әлгінде ғана жүрек сыздата күрсінтіп еді, енді міне бой қыздырар сергектік селдетті. "Серпіл! Қанат қақ! Қияға ұш! Таныр көзді тайғанатпай қада! Қада да анық тап! Айрылмастай тап!" деп аңқып, шалқып тұр ғой екі ішектің атойы. Дүние кең екен-ау. Қарауыта келіп, құшағыңа көметін түн қараңғы ғана емес екен. Құпиясына ертер, құдіретін дарытар тылсымын дөп басқанды қалайды-ау. Әлде ол түнегі мол түннен кейін алаулап атар таңның барын, қызарып шығар күннің мәңгілігін айғақтайма. Япырай, құпияның бәрі бүркеу астында, қызықтың бәрі қалтарыста, перде тасасында өтетіні қалай? Ұялшақ көзден гөрі сезімтал көңілдің көрегендігіне бейімделген табиғат құдіреті жан-жануар біткеннің қос қосағын көлденең көз, бөгде тықырдан оңаша табыстырып, оңаша қызыққа батыру үшін түн қойнын әдейі аштыра ма екен? Ондай оңашалық үшін өзгенің кездеспегені, көрмегені дұрыс-ау. Ой ойлау үшін көз жұмуымыз да осы оңашалық, оқшаулық іздеуіміз тәрізді-ау. Қараңғы түннің осындай қадірі барын қалай пайымдамағам әлгінде. Домбыра ғой, әулиедей әуені ғой мені лаққан бетімнен қайырып әкеліп, көзімді ашқан".

Дау асықпай аттап үйге беттеді.

Аяқ тықырын естіді ме, домбырашының шертісі тиылды.

Дау табалдырықтан ішке аттады.

— Неге бөгелдің, Қазыбекжан? Шертісің енді түзеле бастап еді. Өздігінен үздіге ме, үздіктірген жаны бар ма, естіген құлақты ғана емес, күрсінген кеудені де түрткілейді-ау, — деп алакөлеңкеде алғаш Қазыбектің қай жерде отырғанын байқамаса да, есік алдында тұрып қатты ризашылық танытты.

— Е-е, Дәуке! Күн ұзаған сайын қазан қырған дыбыстан да әуен аулайтын халге жеткен соң, менің тақтай сабалағанымды әлдеқандай қыласыз да. Әйтпесе менікі де бір тыңқыл да, — деп бозбала жігіт бой жасырды.

— Олай деме, Қазыбекжан. Қыңқылдайтын тың-қылды әркім-ақ тартады да. Сенікі басқа. Мүлде басқа. Сабау саусақ бәрімізде де бар. Ішек саумалар саусақ ілуде біреуде бар. Сол ілуде біреудің де біреуі болады. Оның саусағы жанның күйігін де ашады. Күйзелісін де айтады. Қуанышын да ақтарып салады. Шын құдірет сол сиқыр саусақта. Сенің тапқаныңды сездіріп қойған саусағың... саусақтарың ғой, Қазыбекжан. Бүгін таптың ба, бұрын таптың ба, іздеген адамың анау-мынау адам болмас. Сені тебіренткен, толқытқан жанды осал деп айтуға тіл бармайды. Шын тапсаң, бетің дұрыс, інім, бауырым. Қайырлы боп кезіксін де, — деп аяғын созып жіберіп, Дау оң жағына иек еңкейте бұрылып, алдымен әлгі өзі мақтаған саусақтарға үңіліп, содан соң басын көтере берді. Көтере берді де... Қазыбектің кірпік ұшында дірілдеп тұрған моншақ жасқа көзімен байланып қалды. Үні дірілдеп шықты.

— Әй, Қазыбекжан! Сен... саған... Жылағаның қалай?.. Берік едің ғой, — деп қауқалақтай, ініге қарай ентелей ысырылды.

Қазыбек күліп жіберді. Домбыраны күмбірлетіп жіберді.

— Әй, Дәуке аға! Сіз сонда мені де осал, нашар санайсыз ба?

— Әй, әй, жарқыным! Көзіндегі... кірпігіңнің ұшындағы жылтыраған жасты көріп... Сені неге осал дермін. Саған тіпті дәл осы сапарда әбден бас қойдым десем, тым бөсіп кетті деп ойлама. Сен кімді қалай тапсаң өзің біл. Ал мен сені жақсы таптым. Ел айырылысып, жерден айырылып қалған кезде... солардың бәрін ұмыттырып... анау кішкентай Түйте күшік, енді бүгін мына өзің... екеуің мерейімді асырдыңдар. Сенің маған қандай қымбат тартқаныңды білсең ғой, бауырым.

— Аға-ау, қандай жақсы адамсыз! Біздің тойған торсықтай көп ағалар не айтушы еді. Басынан құс асырмаған күштілігін, қарсы алдына жан жолатпайтын сестілігін айтад та. Мықтылық, тектілік сонда дейтін болар. Ал ең керегі кісілікті сақтайтын кішілік пен мейір екенін ұқпайды-ау.

Қазыбек домбырасын іргеге сүйеді. Тұрып барып жүкаяқ төсек үстінен жастық алып, ағасының қолтығына тастады.

— Сыбан-Рабтан келіп еді. Неге келгенін білмедіңіз бе?

— Сол өзі кешелі бері маған онша ұнамай жүр. Қабағы бұрынғыдай емес. Қатуланғанын қайтейін, өзіме онша жоламаған соң.

— Белгілі жай ғой. Көкеммен хонтайшыны оңаша кездестіріп, онды-солды уәдеге қарқ қып, құр қол шығарып салмақшы еді. Оған сіздердің ханымызға салмақ салғандарыңыз бөгеу болды. Ендігі әрекет әлі де Бертіс көкемді шырғалау. Қойны-қонышына қомақты, көлемді ғып оны-бұны тықпалау. Әй енді оған көкем де келісе қоймас. Анау жүз Қаракесек жігітінің ішінде көкемнің туған бауыры да бар ғой. Тұтқында қалдырып қайтып кете қоймас. Әнеукүнгі домбырасынан шер төккенін естідіңіз ғой. Көкем... хан көкем адалдықтан ауытқымайды.

Дау күрсініп қалды. Талыстай кеуденің демі ықылықтатып атылды.

— Иә! Өйте алмас ол. Өйткізбеспіз. Керек болса сол Сыбаныңмен-ақ сөйлесерміз өзіміз. "Хонтайшыңа айт! Құйрық жауыр болғанша отырдық. Қазақ бір жерге қозғалтпай қағып қоятын қазық емес! Күн аралатып атқа мінбесе, құйымшағы сыздайтын тұз баласы! Не іске кірісетініңді айт. Не біржолата кетісіп, тұрысатынынды айт!" дейміз. Өзге үндемесе, осылай деп өзім айтам! — деп құлшынған ағаның соңғы түйіні Қазыбекке үлкен ой салды.

"Іске кірісетініңді... онда да табысардай кірісетініңді айт, әйтпесе шабысардай тұрысатыныңды айт! Қандай өткірлік! Иығыңа иығым тең, кеудеңнен кеудем асқақ деуді осылай неге білдірмеске. Дәл осылай айта алса... Өзге айтпаса, өзім айта алсам хонтайшыға. Татулық іздеп кеп таба алмай қайтсақ, анау тұтқын міскіндер не болмақ? Қолы бұғауда, көзі жылауда қор болып құлдық кебінде қала бермек пе? Кейіннен қол жинап келіп шауып-ақ алдық дейік. Оған дейін арып-ашыған шіркіндер тірі жүре қояр ма?"

Ертеңінде Сыбан-Рабтан бәрін Бертіс ханның ақ үйіне жиып алды.

Сөзді Бертіс бастады.

— Ағайын, сендер салмақты маған салсаңдар, мен салмақты алдияр ханзада Сыбанға салдым. Тоқетерін айтсам, бізде "у ішсең руыңмен" деген бар. Мәртебелі хонтайшы не бөрімізді түгел қабылдайды, не біріміздің де төбемізді көрместен осы арадан қайтарады деген байламымызды айттым мына Сыбан тайшыға. Басқа ыңғайымыз жоқтығына көзі жетсін деп өздеріңці алғызып отырмын.

Қазыбеккөкесіне риза кейіппен қайта-қайта бас шұлғып: "Е, бәсе! Өстіп ширасаңызшы. Бір асату-бір жылдық үнем болмас. Мың жылдық кінә мен күнәні ол қоса асатып жіберерін ескеріпсіз", деді іштей.

Сыбан-Рабтан да көп созбады.

— Хонтайшы біраз нәрсеге қанық. Алыстан шаршап-шалдығып жеткендеріңізді елеп, біраз аунап-қунап, дем алсын, тынықсын деп отыр. Немен келгендеріңізді де, неге келгендеріңізді де біліп отыр. Көп ауызды көпіртпей, бір адамды тыңдау мәртебелі алдиярымыздың әдеті еді. Сол әдетінен сіздер жаңылдырам дегенге аздап реніш те білдірді. Сол ренішін сездірткені де осы, — деп бір тоқтап, отырғандарды сүзіп шықты. Томсарған жүздерден қысылған, дағдарған кейіп-пішінді байқай алмады.-"Күші бардың-сесі барды" ұмыту да кейде артық боларын ескерулеріңізді еске салмақпын. Не айтасыздар?

Соңғы "Не айтасыздары" қатқылдау естіліп, сес атқан күштілігінен қаһар шашқандай етуі қазақтарды тұқыртып тастады. Енді иіндер еріксіз төмендей берді. Кейіндеу, шеткерірек отырған Қазыбекке қыбырсыз қалған серіктерінің томсарған жүзі түгел көрініп тұр.

Иығындағы жұқа бота жүн шапанын екі топ-шысымен сермеп қап түзеп қойып, әжімі аз кең маңдайын қасқайта Бабаназар сөйлеуге ыңғай танытты. Соны байқаған Бертіс иек қақты.

— Уай,Сыбан шырақ! "Күші бардың сесі бар" дедің. Күш те бір, өзен де бір. Тасыса ғана долданып, жағасын ұратын өзеннің жазы жетіп, жағдайы өзгергенде, буланып азайып, жер аяғы құрдымға сіңіп, құрып кететін алдамшы екпіні ғана ол. Біз "Есі бардың-десі бар" дегенді ілгері тартамыз. Ақылмен шешкенді, қылышпен кесе алмайды. Әдеп бар жерде әдет қол қусыратын. Бір елдің елшісін екінші елдің басшысы қабылдау әдепке айналмап па еді.

Енді отырғандар еңселеніп, тұс-тұстан бас шұлғысты.

— Иә! Сөйтетін.

— Әдептен аспайтын.

— "Елшінің сөзі-ел сөзі" дегенді ұстанатын.

Бабаназар өз адамдарына мойнын бұра алара қарады. Жүйрік еріндер жым болды.

-Мынау отырғандар, Сыбан шырақ, тұтас қазақтың һәм көзі, һәм сөзі. Ұлдары торға түсіп, қыздары қолға түсіп, байлау-айдауында кеткен әр рудың бетке ұстар адамдары. Ел бастаған билері. Қол бастаған батырлары. Елді-қол десек, мыналар саусақтары. Жұмыла қалса, жұдырық боп түйілер бірлігінің айғағы.

Ау, алақаныңның бармағын кесіп қана мәртебелі хонтайшыңыздың шолтитып алдыма әкел деуі қисынға келе қояр ма? Бүлінген бүтін алақан сыздамас па екен. Сырқыратқан ауру бүткіл денеге жайылмас па екен. Осымды өзің де ескер, Сыбанжан! — деп Бабаназар сәл басын иген болды.

"Әй, асыл аға! Жеткізді. Дәл ойдағыны жеткізді. Е, осылай дес бермеу де керек-ау кейде. Тұтас елдің тұтас елшісі екенімізді сезсін" деген Қазыбек марқайып қалды.

Сыбан-Рабтан көп бөгелген жоқ. Қос бүктеген қамшысын тас қысып апты, тырнақтарының көбесіне қызарып қан тұнып қалды.

— Бәріңнің қалауың осы ғой?

Тайкелтір бас изеді.

— Иә, алдиярым. Егесте сойыл көтерген ерді еседен қалдырмайтын біздің де әдетіміз бар. Сол әдет алдарыңа кеп тірелді. Шабылған елдің жігері құм емес, күдері тұл емес екенін мына жұдырық боп алдында түйіліп отырған түріміз айтып отыр ғой. Көрінеу көзге шалындырмас қиянатты сұғындырмайық.

Сыбан-Рабтан сазарған күйі хан Бертіске қарады. Соңғы үмітті содан тілегендей қарасы сұсты.

Бертіс көзін тайдырып әкетті, бірақ жасқанбағанын салмақтап жеткізді.

— Әркімнің қабырғасын қайыстырар өз халқының күйі. Халықтың күйі-ұлының күйі. Елден бөлінгенді бөрі жейді. Халқынан жерігенді қарғыс атады. Біздің құранымыз осылар. Бабаназар жақсы айтты. Бар қазақтың атынан бір қолдың саласындағы саусақ боп жеткеніміз рас. Алақан боп ашыламыз ба, жұдырық боп түйілеміз бе — ол хонтайшының еркінде. Сөз бүтіні осы, Сыбан тайшы!

4

Жырғал ноянның бір топ адамымен келе жатқанын ең алдымен ашық есіктен байқаған Қазыбек іштегілерге хабарлап үлгергенше, аяқ тықыры, дабыр-дүбір де жетті.

Ноян табалдырықтан бері аттады.

Қол қусырып амандасып тізе бүкті.

— Сіздерге ұлы мәртебелі хонтайшымыздың тапсырмасын арнайы айтқалы кеп тұрмын. Сыртта ту бие ұстап жігітіміз тұр. Бізде көңілі түскен адамына, не құрметті елшісіне зор құрметпен тартылатын "хан сыбаға" бар. Ол — хонтайшы атынан берілетін үлкен қонағасы. Бәке, әлде өзіңіз, әлде біреуіңіз бата берсеңіздер деп әдейі жетектеткізіп келдім.

Бертіс серіктеріне мағұрлана қарады. Әлгі қарас: "Көрдіңдер ме. Беталысымыз түзу. Иліктіріп хонтайшының сыбағасын әкелдірсе, иншалла басқа-басқасы да бола жатар" дегенді айтқызбай сездірген. Бертіс Тайкелтір шешенге қабақ білдіріп, оның ағалығына бас иді.

Тайкелтір алақанын жайды.

Жырғал өз тілінде сыртқа дыбыс берді.

Ту бие есік көзінде көлденеңдеді.

Алақандар құс қанатына ұқсап жарқ-жұрқ көтеріліп отырғандардың көз алдына түріле қалды.

Тайкелтір ыңыранып барып, төгіліп кетті.

— Көп құлан даланың тіліп төсін шаң көтерер. Көп ұлан біліктісін хан көтерер. Екі елдің тынышын бұзып сүттей ұйыған татулығын лаң көтерер. Арығанын сездірмес арғымақ боп біз келсек, қажығанын білдірмес асыл нардың белгісін сендер таныттыңдар. Суалмайтын суат жоқ. Суалмайтын іс қана. Тартылмайтын бұлақ жоқ. Тарылмайтын дос қана. Қурамайтын құрақ жоқ. Қурамайтын татулық. Тұяғы тозбас пырақ жоқ. Қансырасын қатулық. Қос жағада екі ел тұр. Өткел бол да, ту бие, екі елді қос тату ғып! Әумин!

* * *

Ертеңінде хонтайшы өз ордасында елшілерді қабылдайды деген хабар жетті.

Осы хабар Қазыбекті әрі қуантты да, әрі қобалжытты да. Қуанғаны белгілі. Ақыры асқақ Қалдан Башықты аспандағы көзін жерге түсіріп, қатарға келетін... жо-жоқ қатарына алатын бопты. Қобалжығаны: "Соншама зарығып күткенде ертең айдыны асып, мысы басып тұрған хонтайшы алдында ел сөзін дұрыстап айта алармыз ба. Шабылған елдің селкеулі беті, солық жүзі болады. Қорғалақтап, күмілжіп қалмас па екенбіз. Көптің ойын көсілтіп жеткізе алар болсақ, көңілдеріне құлпыртып құя алардай болсақ, онда тұтқындағы туыстарды босатып, байлаудағы малды айдап қайтар едік-ау. Азулының алды-арыстанның аузы. Сесіне қарсы қояр десіміз бар ма?" дейтін күдіктер. Ағаларына қараса, олардың да сазара қалған түрлерінен іштей алаңдық сезіледі. Қажымайтын Дау ағасы ғана тәрізді. Міне қазір де Қазыбектің иығынан сипап, қолқа сап тұр.

— Қазыбекжан, елден шыққалы біраз болды. Көңіл құлазытарлық белгісіздік бөгені бұзылды бүгін. Соған босаңсығандай боп та қалдық па, бой құрсаған шеңберіміз әлсіреп кеткендей. Сен мына ағаларыңды бір ширықтыр. Босаған бойды, босаңсыған ойды қалпына келтір. Домбыраңды ал. Қазақтың үні де, тілі де қара домбырасы. Сөйте ғой, азамат ұланым!

Қазыбектің өзі де ағаларының болбырап кеткенін жақтырмай, қалай ширатам деп тұрған, аға қолқасы өз қалауымен дөп келді. Домбырасына қол созды.

Алғаш зың ете қалған қос ішек жүректерді селт еткізіп, жер түбінен шерулеп қана ызындап жетер атой үніндей сезілді де, үзіліп кетті. Сол зың еткен жалғыз дыбыс құлақ түбін қасып қап қана дене шымырлатар халді әркімнің бойында дуылдата туындатып бара жатты.

Домбыра ал кеп безілдесін. Он саусақ он сәйгүлік боп жүгірсін қыл сағақтан кең сағаға дейін. Он саусақ текіректегенде, төңіректен дүбірлетіп қиқу жетсін. Кеуделер тіктеліп, көздерге нұр жүгірді. Иықтар қомақтана өсіп, кәдімгідей сес тірілді. Домбыра қоймай құтырына безілдеді. Дүниенің үні боп қара ешкінің ысылған ішегі қойқаптан қайырар кәнігі бебеу зарына басты. Бебеу зар ықылықтатқан шерге ұласты. Одан әрі қос ішек ішін тартқандай сәл уілдеп барып, жүректерден мұң сауды. Мұңды уілдің майда желпуі жүйе-жүйкелерге шым-шым тиіп, тітіркенте түрткіледі. Әлгіндегі кең ашылған көздер кірпік тасаланды. Қаласқан кірпік ұшына жасаңғыратып дымқыл оралды. Сол қолайсыздықты сезді ме, мұңлы уілді кенет дүбірлі екпін апыр-топыр басып кетті. Сергек серпін адуындап шанақтан шапшып төгілді. Алыстан атойлаған қазақы көмейдің ер намысын еріксіз қоздырар тұтаса атылған зор үнімен ақтарылды. Көздер қайтадан кең ашылды. Кірпіктер қасарысқан найзадай шаншылды. Жасаңғыраған жанардан емге із қалмады. Көкіректерде жарқ-жұрқ найзағай ойнады. Кеуделер долы кектен ықылық атты. Ықылық атқан жойқын кеуделер кең даланың төңкерген кеседей төбелерінің дәл үшкіліңде жалпақ жалғанға міз бақай маңқиып қарап тұратын тас обалардай боп еңсе көтере зорайды. Күй құдіреттенді. Құдіретті күйді құйындатқан қала ғана қара домбыра алыстағы ел үні боп, ел талабы боп, ел алақаны да боп көпке дейін шертісінен тынбады.

* * *

Іленің тағы да бір кең шеңбер тастап оралған иініне орналасқан хонтайшы ордасы қазақтардың көзіне анадайдан шалынды. Айналасындағы жайшылықта еңселі көрінетін ақ үйлер төбедей төңкерілген ақ орданың қасында нарға ілескен ботадай боп кішірейіп қалады екен.

Елшілерді ауыл шетінен аттарынан қолтықтап түсіріп алған Жырғал тайшы бастаған төлеңгіттер қара жерге табаны тиісімен-ақ атақаздай мамырлап қалатын қазақтарды әлден-ақ сұсы басып тұрған ақ ордаға тарта жөнелді.

Көгалы ұйыса өскен, масатыдай құлпырған қолатқа хонтайшы ауылы кешелер ғана қонған тәрізді. Үй-үйдің арасына сілекейдей шұбатылатын сыңараяқ соқпақ та онша түсе қоймапты. Тізе сипап, тобық қаққан көк құрақты жапыра кешіп, тілін тістеген қазақ елшілері өрт шықса да өкпесін еш өшірмес өздерінің баяу қимылымен адымдай басқан төлеңгіттерді біраз састырды.

Анау ақ орданың алдында топталып тұрған ойраттар мына маң-маң аттап, асықпай, аяқтарын санап басып келе жатқан қазақтардың бұл жүрісіне мүмкін "неткен паң, неткен бипаз, неткен тәкаппар қимыл!" деп қызыға қарап қалды ма екен.

Есік көзінде тұрғандардың дүрі — Сыбан-Рабтан еді. Ежелгі таныстай бас изей түсіп, ізет білдіре қол қусырып, бәріне ортақ сәлемді жеткізді де, "ішке кіріңіздер!" деп өтініш жасады.

Бертіс хан оң аяқпен табалдырықтан аттады. Ханға ілесе Тайкелтір би, қалғандары іркес-тіркес кіріп жатты.

Орданың іші абажадай үлкен, даладай кең. Үйренбеген көзге атшаптырым кендігінің өзі жасқаншақ үрей себердей өсер етті. Есіктен төрге дейін аяқ тықырын жұтып қойып, былқылдап тобығыңды сипайтын қызыл-жасыл қорасан кілемі төселген.

Арқан бойы жердегі қақ төрдегі биік тақта сұп-сұр киімді сұп-сұр біреу қақшиып отыр. "Хонтайшы шіркіні осы болар" деп жайбасар қазақтар жорамалдап үлгергенше, Бертіс хан өзінің сәл шіңкілдектеу даусымен "Ассалаумагаликум!" деген сәлемін мәнерлей созды. Оң қолы үйреншікті әдетпен шолтаң ете көтеріліп қап, сонысынан ұялғандай дереу қайта тыншықты.

"Уағалайкумссалам!" ақ ордада айтылмады. Тас тұғырға қонақтаған бүркіттей қыбырсыз дененің, сәл бас изеген ишаратын түздің қырағы көздері қалт жібермеді.

Сыбан-Рабтан ілгері озыңқырап, елшілерге қай жерге отыратынын көрсетті. Көрсеткен жердегі атлас көрпе, жібек бөстек, күйек кезіндегі жұмарласқан қой мен қошқардай хан жастықтарды көргенде шаң басқан, балшық жұққан қара санын сипаған добалдай етіктерінен ыңғайсызданған қазақтар сәл кідірістеп тұрып, ізінше өздеріне үйлесер еркіндікпен жайғаса бастады.

Хонтайшы әлі жақ жазған жоқ.

Қазақтар қиыстап қана Қалдан хонтайшының оң жағында, өздерінің сол жағында биіктеу отырған Бертіске көз қыдыртты. Соны сезді де, хан аты бар Бертіс тамағын кенеді.

— Уай, жасыл телпекті бүкіл ойрат-мұңғыл халқының ұлық мәртебелі зор дәрежелі қасиетті хаһаны! Күллі ойғыр танабының құдіретті һәм аса зор билеушісі қасиетті Қалдан Башықты баһадүр! Жарты жалғандай қаһарлы қазақ даласының ұлы ханы, күллі қазақ жұртының, бүкіл қырғыз һәм өзбек ұлыстарының әміршісі ұлұқ Тәуке баһадүрдің сәлемін қабыл алыңыз.

Хонтайшы тағы да сәл бас изеген ишаратын елеусіз ғана жолдады. Содан соң кең орданың екі қапталына кезек-кезек бұрылып қарап қойды.

Ең шетте отырған Қазыбек те әлгі хонтайшы қимылымен қоса бұрылып, босағадан сәл жоғары екі қапталда қимылсыз-қыбырсыз, әрқайсысы бір-бір тас құдайдай боп тізіліп отырған ойраттарды байқады. "Атақты, беделді тайшы, нояндары болар" деп түйіп қойды да, қайтадан хонтайшыға бұрылды. Отыздан асып қырыққа жақындап қалған, от жанарлы, дөң қабақты, иек астындағы сирек сақалы дөңгелене қырқылған адам өз құдіретін асырып, қадірін арттыра түсейін дей ме, сазара түйілген түр-түсін бұзбай, елшілерге әзір оң қабақ ашар емес. Сәлден соң өздеріне ғана белгілі ишаратымен Сыбан-Рабданды қасына шақырып алды да, еріндері ғана жыбырлап, сыбырласып кетті.

Сыбан-Рабдан кеудесіне қолын төсей тағзым етіп алды да, хонтайшының қасына асықпай құйрық басты. Ендігі екінші құдай-хонтайшы боп біраз салмақтана түсіп, сазарған сұлқ пішінді жүзіне жапсырып ала қойды. Содан соң сабырлы салмақты дауыспен үздіксіз сөйлеп кетті.

Қазыбек енді Сыбан-Рабтанның қазақ елшілері арнайы әкелген мол тарту-таралғыға, сәйгүлік-тұлпарларға хонтайшының риза болып, зор ықыласпен қабыл алғанын, қол қақпағанын кәдімгідей қадірлеп жеткізіп, қазаққа үлкен бір жақсылық жасағандай етіп айтқанына да, қазақ елшілері өздерінің ұлқ мәртебелі хандардың ханы Қасиетті Қалданға, ойдағы орыс пен қырдағы қытайды қалтыратқан, қара жердің кіндігіндей құдіретті хонтайшының құзырына өз тілек-өтініштерін айтар болса, үлкен кеңшілік жасап, кішірейіп құлақ тосуға дайын екенін білдіргенде де таң қалған жоқ. Әрине, қай әмірші өз алдына соншама уақыт телмеңдетіп тосқызып кіргізген өз жалшысы мен өзгенің елшісіне бірден қалай жалпаңдай қойсын. Оның үстіне қазақ елшісі тілек өтініштен гөрі талап қоюға келгенін сезбейтін таскеуде пақыр емес. Саясаттың әртүрлі айла-тәсілін, мәмі-легерліктің құпия сиқырын, даудамайдың сан алуан қитұрқысын жасынан езіп ішкен сұңғыла тақыс емес пе. Үздіктірген үнін естіртсе, анау-мынауға естілмейтін дауысын шалдырса, кілтін ұстатып, құпиясын ашқызып, құдірет-қуатынан айрылып қалардай бедірейіп отырғанын көрмейсің бе. Өз сөзін де өзгенің аузымен айтқызудың дәл мынандай есеп аңдысқан, қулық салыстырған кілтипаны боларын қалай білмеген. Көзі қандай қырағы. Әлі сол әлгіндегі қалпынан бір қозғалған жоқ. Қалың дөң қабағы сол түюлі қалпынан әлі жазылар да емес. Бірақ аясынан ешкімді, еш нәрсені қалт қалдырған жоқ. Не ойлап, не бағып отыр екен. Сыр бермес сыртқы айбатты қалай меңгерген. Тегінде Қасиетті-Башықты деген атты ойраттар өзіне тегін бермесе керек. Қасиет осындай қысылтаяң кезде өзгеге өң бермес қаталдығы мен қатаңдығынан болар. Ішке енгізбес, сырттан ғана орағытып өткізер осындай әккілігімен ерекшеленер ме әлде. Ал біздің Бертіс көке...

Қазыбек көкесіне қиыстады. Сыртымен-ақ аяздай қарыған хонтайшының ызғары әлден-ақ қалтырата тырыстырып тастаған ба, Бертіс көкесінің қазіргі түрі бүркіт көрген көжектің бүрісіп қалған бейнесін елестетті.

"Әй, мына түрімізбен тұтқын алмастырамыз, елдікке шақырамыз, татулыққа бәтуа жасасамыз деуден мүлде аулақтап, ат — тонымызды айыпқа беріп шықпасақ. Ә дегеннен жүнжіп қалғанымыз ба? "

"Тайкелтір шешеннің аузы жыбырлай ма?" Қазыбек өздерінің бас елшісінің, сөз ұстар биінің манадан сөйлеп отырғанын енді байқап, сөз тінін ұстай алмай қапы соққанына өкінді.

"Апырай, ойға батқанда, өзге дүниені ұмытып, түк көрмей, түк естімей қалатыным-ақ жаман. Шешеннің не дегенін, қалай шапшығанын, қалай түйрегенін естімегеніме болайын".

Серіктеріне көз жүгіртіп, әлгілердің жақтырмай қозғалақтап, қинала бас шайқасып қалғандарынан бас елшінің сөзі көкейге қонбағанын сезе қойды.

"Есесін жіберіп алған екен. Енді жіптің ұшы сусып қолдан шыға береді ғой" деген өкінішпен бидің аяқталып қалған сөзіне құлақ түрді.

— ... Жай-жағдай осы, алдияр! Елжіреп құлақ түрсең де, ерегісіп білек түрсең де — ерік өзінде. Алақан жайғанның көзі жалтақ, өзі еңкек, сөзі бүркек. Шарқылдассақ-сөз көп, оған бармадық. Шаңқылдассақ-дауыс көп, оны алмадық. Тойға емес, топқа келдік. Қызыққа емес, қып — қызыл отқа келдік. Өлеңді өзгеге бердік. Өрлікті кезбеге бердік. Алдияр тақсыр, алыстан алдыңа келдік. Берсең-алдық, бермесең-қалдық. Сөзді өзіңе салдық, — деп мықтап ұстар тұсты босаңсытып сылқ түсе қалды.

"Қап! Құртты-ау! Шылбырды өз қолымен хонтайшыға ұстата салды-ау. Бұра тартпай, бұрылып кетпей, хонтайшыны жын ұрып па. Ауыздықты шайнап, екілене шабар жерде ері мойнына кетіп мықшиды да қалды. Енді жоңғар жалы түгіл құйрығын да ұстатпайды. Қыл мойынға сарт ұрып түсіріп, қылғынтып буындырудың орнына, қыл бұрауды өз тақымына салып, ұшын хонтайшының қолына ұстата сажаны не қылғаны. Барлық сөздің салмағы мен түйіні енді ойраттарда қалды ғой. Салмақты еселеп артып, түйінді шегелеп байлайды да, аузын қу шөппен сүртіп шімірікпестен қала береді. Талауға түскен мал, қамауға түскен ер, тонауға түскен ел қайтарылмайды. Бұлқынып өскен ерің күлдықта өледі. Бұлғақтап өскен қызың жат құшақта тұншығады. Қолды болған сәбиің ойрат боп өседі. Нәбиің лама боп бөседі. Ойрат боп қылғына сөйлейтін кешегі сәбиің ертең шерік боп шебіңді бұзып, тас гүрзісін шекеңде ойнатады. Қалмақ қазағы атанған қанішер ру қаныңды өлі талай төгеді, қасіретіңді әлі талай арттырады. Бір ғана былқылдап бөксеңді қопаңдатып алғаныңның келешекте көрсетер көресі одан да көп қой. Қайта оралар қайырымы жоқ қас дұшпанға дауды өзің шешіп, өзің кес деу Қай құбылуы, қай бүлінуі? Әй, қылғындыратын болды-ау қыл тұзақта. Қай жерден тырнақ іліндірем деп қабағымен қар жаудырған хонтайшыға тізгініңді шылбырымен қоса ұстата салсаң, бағанадан зіл салған Қалдан сорғалап түсіп, бүріп кеп алмай ма? Бүріп алады. Шеңгелін батыра бүреді. Әй, сұсының қыры жоқ, табанының бүрі жоқ шіркін-ай. Қабақ баққан қалтырауық түрің құрысын. Хонтайшының бопсалап үскірген ызғарынан-ақ бүрсеңдеп, алдына түсіп жорғалай жөнелгенің, еліңді табанға таптағаның, ерінді отқа қақтағаның екенін білмегенің бе? Енді хонтайшы еркінсімей, кім еркінсиді! "

Қазыбектің дәл осы ойының үстінен түскендей күн ұзын тілі байланып, тас құдай боп қарысып отырған Қалдан Башықтының аузы ашылып, ар жағынан көмейі көріне кетті. Алтын тақтың алтын жалатқан шынтақ сүйерін алақанымен сарт еткізіп салып қап ілгері бір лықсыды. Лықсыған батыр тұлғалы ойраттың зор кеудесі қазақтарға шаншылды. Көзіне ырзалық, тәкаппарлық жылты жүгірді.

— Уай, қазақ! Артың қуыс, алдың тар екенін білдің. Із өкшең ылди, маңдай тұсың өр екенін білдің. Тардан қысыларыңды, қысылсаң өте алмасыңды сездің. Өрдің биіктігінен шошынып, аса алмасыңды сездің. Созбағаның — құлағаның. Жарыспағаның жығылғаның. Қарыспағаның қайысқаның. Ендеше мен де ұзатпайын. Жауабымды кешке дейін бір қайтарармын. Қайтармасам... — хонтайшы сөзінің салмағын сезгісі келді ме, сәл бөгеліп, көзін ғана елшілерге түгел қыдыртып өтті. Үнсіз телмірген қазақтар өзіне жылан арбаған торғайдай қадалып қапты. Соған қатты мағұрланды. Даусы да екпіндеп естілді.-Қайтармасам, ат-тоныңның амандығында еліңді тапқаның жаман болмас, қазақ!

Лықсыған кеуде кейін шалқайды. Шалқайған бас шаңыраққа бір қадалып өтіп, одан оң жақтағы қуыршақ құдайы-бұрханды бір сипап қалып, қайтадан қазақтарға шұқшиды.

Қазақтар мүлде тіреліп қалды. Дәл мынандай ірілікті көреміз демесе керек, жуандық танытқан хонтайшының зілі зіркілден де асып түсіп, еңселерін көтертер емес. Мына бітеу қабырға, тік жардай тығырықтан шығатын жол, құтылар амал таппай дал болып отыр. Үндеуге, жақ жазуға да шамалары жоқ . Әлгі азуыңды қағып, аузыңды жаптым дейтін өркөкірек хонтайшы қоңына қол апартпас шу асаудай. Жасқаншақ көңілдің ықтай беретіні растығын дәлелдеген мынау томсарған жұздер қарсылық білдірудің ыңғайын келтірер емес. Ә дегенде жүйемен ұтпаған соң, ендігі бас көтермей бұғып қалған күйден баж етіп байбалам салудың да ретін таппай, бір-біріне бажырая қараудан басқа білері жоқ. Өзінің неге бүгежіктегенін, неге ылдилағанын түсінбеген Тайкелтір шешен мәселенің мүлде қазақтар үшін шиеленіске түскенін енді ғана аңғарып, қуқыл боп қаны қашып, қуғыннан айырылып қалыпты.

Әсіресе оң жағындағы Бабаназардың тізесінен тас қып ұстап алған Даудың сан құбылған жүзінен Қазыбек оның аса қатты күйзелгенін ұқты. "Апырау, неге біреуі бой көрсетпейді. Жөнге, шынға қарататын дәл осы кезенді қапыда өткізіп алсақ, одан кейін бойлауық аттай бұғалық сүйрететін анау аспандаған, асқақтаған Қалданның бой берер ме? Бойлап тартып, шаң топырағына домалата көміп кетер-ау. Әрине, енді Тәкем ... әй, Тайкелтір-ақ дей берейін де ... сөйлемейді. Өзін өзі тұқыртқан соң оған екінші бас көтеру бұйырмайды. Екпініміз тау жығардай боп, асаусыған хонтайшыны қайырып әкеп қарсымызға қондырғанымыз не керек, бір айналмай жалп ете қалдық. Шабылып бір құласақ, шарпыса алмай тағы құлағанымыз ба?"

Осы ойға тірелгенде бүкіл жас жаны ыршыды. Хонтайшының сүйей салды жауабымен ертең бастары салбырап қайта береді. Арбасып айтысуға жарамаған елшілерден енді ойраттың кәрісінен бастап етегі түюлі сәбиі де айылын жияр ма. Екі елдің салмақтасар, салғыласар таразысы осы ара еді. Қазақ жағының табағы тарс ұшып аспандап, барлық салмақ — сесінен, күші мысынан жұрдай болды да қалды. Таразы басы ауған жақ күшеймегенде қайтер енді. Жүгендеп мінеді. Екі езуді тіледі. Ойына келгенін қылады.

Ал салмақ көтеріп алатын теріс азу, мықты билердің, қажырлы, қайратты батырлардың түрі мынау. Астына кіш еткен балалардай ес жия алмай мелшиісті де қалды.

"Жоқ! Нартәуекел! Өзгесі үндемесе өзім-ақ айтам. Артымдағы елім-белім. Арқамдағы халқым — қаруым. Сиындым әруаққа. Әрісі Алаш ұранына! Берісі Ақжол бабама, Қарқабат анама!"

Қазыбек шапшаң қимылмен бір тізерлей көтеріліп, қамшысын бұлғап қап елшілік ханы Бертістен сөз сөйлеуге рұқсат өтінді. Манадан төмен қарап үнсіз сазарып қалған Бертіс сасқалақтаған күйде бас изеді.

— Оу, аузына құлып салып, көтіне желім жапсырған ағалар! Күн күндегідей батпас па, таң әдеттегідей атпас па. Қас алдында тұншықсақ, әруақ пен Құдай таппас па. Бұқпалар жер осы мед. Тоқталар жер осы мед. Арыстан тұр ма ақырып? Айбалта тұр ма шабам деп? Бір ауыз сөзбен шыбындап, бұралып түсер шабан коп. Шабан ба ең бәрің шетіңнен. Үндемей қалай отырсын, ет кесіп жатса етіңнен? Ебінді тап деген ел қайда? Ел сөзін ұстар ер қайда? Еліңді тықсаң көмейге, қаптамас па екен шер бойға. Жооқ !

Ерден ердің несі артық? Ептестірген сөзі артық.
Малдан малдың несі артық? Бір-ақ асым еті артық.
Жерден жердің несі артық? Бір-ақ уыс шөбі артық.
Елінің сөзін айта алмай, шегініп кеткен жігіттен
Аштан өлген аюдың бір шөкімдей еті артық!

Қазақтардың бірі тұқырғанда, кейбірі "Апырай, мынау қайтеді? Осал емес осы бала!" дейтіндей еңселене қап, үміттене бастады.

Қазыбек шеттеу отырған орнынан атып тұрып, хонтайшының тағына қарай аяқ баса бергенде, қай жерден шыға келгені белгісіз төрт нөкер жалаң қылышын жалақтатып қарсы ұмтылды. Хонтайшы жаралы жолбарыстың ыңыранғанындай қыжылды үн шығарды. Әлгілер қалай тез келсе, солай тез жоғалды.

Қазыбек хонтайшының қарсы алдына барып, қалшиып тұра қалды. Тізе де бүккен жоқ, тәжім де еткен жоқ.

Тамағын қырнап даусын қаңқылдата біраз созып тұрды да саңқ етті.

— Ел-ебелек, ер-кебенек емес, дат тақсыр!

Қалдан қозғалақтаған бойы әлгіндегі сірескен күйінен ажырап қалып, басын қайта-қайта изей берді де, сонысын өзі де сезіп қап бойын жинай қойды. Дауысы ақ ордада бүгін алғаш анық, айқын естілді.

— Өзгелеріңді білем. Сен туралы естімеп едім. Маған айтпап еді. Өз жөніңді білдірші!

Қазыбек сол еркін түрде әдеттегі құрдастарымен ерегіскенде жанып түсетін шапшаңдығымен тағы даусын соза жауап берді.

— Атым Қазыбек. Әкем Келдібек. Халқым-қазақ.

Руым-Қаракесек. Арғы ұраным-"Алаш", бергі ұраным-"Қарқабат" деді.

Қалдан Башықты еріксіз еңсеріле еңкейді.

— Дұрыс, Қазыбек. Дауысың қаздың даусындай қаңқылдап, қарамасыңа қоймайды екен. Ал енді датыңды айтшы.

Қазыбек қазақтар жаққа бұрылып көз салды. Ағаларының еңселері көтеріліп, көздері ашылып, қабақтары жадырап кеткенін байқады. Әсіресе Албан Сырымбет батырдың қатты қопаңдағаны, Дау бидің қайта-қайта "жөнің дұрыс, бағытың оң" дегендей қуана бас шұлғығаны одан сайын арқаландырып жіберді.

Қазыбек екі көзі от шашып Қалдан Башықтыға жалт қарағанда, өткір көзден жасқанды ма, өз-өзінен қипақтаған хонтайшы шошаң еткен оң қолымен бетін жасыра берді.

Қазыбектің шынында да дәл қаз қаңқылына ұқсас ашық даусы кең ордада тіпті ерекше естілді.

— Уай, алдияр! Біз-қазақ дейтін мал баққан елміз. Бірақ ешкімге өздігімізден соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз. Басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз. Дәм-тұзды ақтай білген елміз. Асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз! — деп сәл кідірді. Нөсерлеп екпіндеп төгілген сөзінің соңындағы "елмізді" нықтап айтқан сайын елшілердің иықтары өсіп, кеуделері тіктеліп, көздері ұшқындап-ұшқындап кеткенін төменде отырған бар ойрат та, жоғарыда тақта отырған хонтайшы да анық бажайлаған. Әлгі жігерлі үнге, балалық махаббатқа һәм айдыны мен айбынына сүйсінген мақтаныш сезіміне толы "Елім!" деген үздіксіз қайталаулар Қалданның шекесіне тық-тық тиген шегедей боп еңсесін түсіріп, мысын басып, манаты құдірет танытатын бар сесінен айырып, пенделік күйге құрсаулай бастады. Осы жағдайды сезімтал көңілмен тап басқан Қазыбек енді өздерінің арнайы келген сапарының негізгі талабына ойысты. Бірнеше күннен бері "Мен айтар болсам, қалай айтар едім? Қайтіп шарықтап шығып, шүйіп түсер едім? Талабымызды тас-түйін ғып, тас лақтырғандай солқ еткізе жеткізе алсам, елімнің терезесі тендігін айғақтап, асқақтаған ханның қарсыма тұра алмас босаңдығын таныта алсам-ау!" дейтін ой-толғағы міне шешілді де кетті. Соны жас жігіт әрі қуана сезініп, әрі жігерлене толқып, түйдек сөзді әрі қарай жалғап әкетті.

— Уай! Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды! Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз! Сен қалмақ болсаң, біз-қазақ, қарпысқалы келгенбіз. Есе қуып ентелеп, шарпысқалы келгенбіз! Сен темір болсаң, біз-көмір. Еріткелі келгенбіз! Сен ән болсаң, біз аспап. Шерткелі келгенбіз! Қазақ, ойрат баласы, танысқалы келгенбіз. Танымайтын жат елге, табысқалы келгенбіз. Табысуға көнбесең шабысқалы келгенбіз!

Тағы сәл кідірді. Хонтайшы қозғалақтап басын шұлғып қалды. Қазыбек әлгі екпінді бұзбай, көмейінде тіреліп тұрған елінің сөзін де, аманатын да басқа ұрғандай батыл ақтарды.

— Уай, алдияр! Уай, ойрат! Сен қабылан болсаң, мен-арыстан! Алысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар, жарысқалы келгенбіз. Тұтқыр сары желіммін. Жабысқалы келгенбіз. Берсең, хан, жөндеп бітіміңді айт! Бітімге келмесең, тұрысатын жеріңді айт!

Қалдан Башықты орнынан ұшып тұра беріп, Сыбан-Рабтанның жақтырмай жалт қарағанын көріп, қайта шөкті. Сасқалақтап қолын шошаңдатты.

— Өзің еліңнен сөзге келген бала... ә-ә... адам болсаң, анау отырған орның қандай төмен еді. Былай мына маған жақындап, жоғары шықшы, жоғары!

Қазыбек әлі де қатты толқыған, қызынған күйінен босамай, шиыршық атып тұрған. Хонтайшының ықыласына іштей разы болса да, әлі де есебін түгендеп, есесін қайтара берейін деді ме, әлде қазіргі жалындап тұрған жаны басқасын қажет етпеді ме, сәл басын иген болды да, тағы да құйылып кетті.

— Біздің қазақтың әдетінде жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлей береді. Өзімнен үлкен ағаларым төрде отырса, өз орным маған төбеде отырғанмен бірдей, — деп жалт бұрылып, орнына қайта барып тізе бүккенде, ағаларының дүрк-дүрк дауыстары құлағына ызыңдап қана жетті.

— Айналайын-ай! Азаматым-ай!

— Ел үшін туған ерім екенсің!

— Көрден төрге бір-ақ суырып шықтың-ау!

— Бар бол, баршыным!

Ойраттардың ауыздарына құм құйылғандай ақ орданың ішін меңіреу үнсіздік басты. Томсарған жүздер ашылып, жазыла сөйлер халден баз кешкен. Ауру жанның қинала ыңқылдағанындай ауыр күрсінген әлдебір ноянның дыбысынан селк еткендей тақтың алтын шынтақ сүйерін уыстай бүріп отырған хонтайшы сол жағындағы Сыбан-Рабтанға иек қақты. Сол-ақ екен ханзада тайшы атып тұрып құлағын тоса қойды. Жыбырлаған еріннің не деп жатқанын көңілденген қазақтар да, сазарған ойраттар да, әрине, естіген жоқ.

Қазыбек қытайы майлық орамалымен мандайын сүртіп, қызынған дененің біртіндеп сабасына түсе бастағанын сезінді.

"Айта алдым білем. Елдің сөзін жеткізе алсам деуші ем... Шынымен жеткізе алдым ба?.. Ағаларым риза ғой. Хонтайшы да, ойраттың осындағы бар игі жақсылары да жауап қата алмады емес пе. Естігенде өз көкем не дер екен? Көкем риза болса шіркін. Атқосшы, ат күтуші боп бар деуінде де бір гәп бар-ау. Әй, мына екеуі неге көп сыбырласып кетті?.. Құдды бір өсек айтқан қазан-ошақ басындағы қатындар сияқты. Өлтірсең де, өлсең де, самбырлап айтып-айтып тастауға не жетсін. Дегенмен хонтайшыда түйсік бар. Төрден орын ұсынғаны-бітімге бастар қолын ұсынғаны емес пе. Одан артық қалай тұспалдасын?..."

Сыбан-Рабтан ханына бас иіп, құрмет білдірді де, бір аттап қана жүзін елшілерге бұрды.

— Күллі ойрат-мұңғұл жұртшылығының аса зор мәртебелі қасиетті әміршісі, Гобидің құмынан да көп қытайды қалтыратқан, ормандағы сансыз ағаштай самсаған орысты үркіткен ұлық дәрежелі Қалдан Башықты хонтайшымыз күн сәулесі мол түскен Кіндік Азияның байырғы ұлысының тақ мұрагері, жарты жалғандай қазақ даласының, қазақ жұртының һәм өзбек, һәм қырғыз ұлыстарының ұлы ханы Тәуке баһадүрдің құрметті һәм құзырлы елшілеріне өз дастарқанынан қонақасы беруге ниет қылып отыр. Аса мәртебелі алдиярымыздың осы меймандос ниетін үлкен жүректеріңіздің мейірімімен қабыл алуларыңызды өтінеміз.

Сыбан-Рабтан оң қолын кеудесіне төсеп, сәл бас иді.

Қазақ елшілерінің ханы Бертіс іле жауап қайырды.

— Аса мәртебелі, күн қасиетті, кең құшақты, мол құзырлы Қалдан хонтайшының бізге, құдіретті қазақ жұртына, қасиетті алаш әулетіне, қадірлі алаш еліне, олардың елшілеріне деген құрметін риясыз көңілмен қарсы алғанымызды үшбу мағлұм етуді зор мәртебе санаймыз.

— Дәл солай!

— Дәмнен артық емеспіз.

— Шақырған жерден қашпа...- десіп шұбыра берген серіктерін Бертіс шайқаған қолымен тиып тастады.

Сыбан тағы да құп алғанын білдіріп, бас иген сыңай танытты.

— Қазір қонақ үйге түсіп, жайғасып, жақсылап тынығыңыздар.

Елшілер орындарынан жапырласа тұрып, тақта отырған хонтайшыға бастарын шұлғи-мұлғи сыртқа беттеді. Екі қапталдағы әрқайсысы бір-бір тас құдайдай боп қалшиып отырған ойраттың игі жақсылары қазақтар түгел шығып кеткенше, не қыбыр еткен жоқ, не еріндерін бір жыбыр еткізген жоқ. Елшілер шығып кеткен соң олардың не сөйлескенін, не шешкенін өздері білер. Ағаларының ең соңын ала шыққан дыбыс аңдыған Қазыбектің құлағына ақ орданың араның ұясындай ызыңдап, дүрілдесеп, шулығысып кеткені сақ ете қалған-ды.

"Ә, шымбайларыңа қатты батқан екен. Оп-оңай ұйпалап қысып, ұйпап жұта салам дедіңдер-ау. Уысыңнан шығып, ұртыңа жетпей қалғанына өкінесіңдер ғой. Өкініңдер. Елден елдің, ерден ердің кемдігі жоғын білсеңдер, елдің елден несімен артық екенін, ерден ердің қай қасиетімен қадірлі екенін сезгендерің де дұрыс. Әйтпесе елді ебелек құрлы көрмей, даласын өртеп, Қаласын шауып бір жеп, елшісін балақтан алып, балтырдан қауып екі жеп биге шықпақ-ау. Дәмесінің зорын! Қабырғасы қайта-қайта қайыса берер қазақ жоғын, сол қарысқан қазақтың қабырға қайыстырар салмағын баласының-ақ аузынан сезген боларсың. Сез! Сезе түс! Сонсоң өзді-өзің қырқыс! Өзді-өзің сүзіс! Жер түбінен көтерілген шаң сенің де іргеңе кеп тірелерін, тіреліп қана қоймай шебіңді бұзып, шеніңнен кетерін де біліп қой. Қазақтың қолыңдағы бейбіт құрығы иегін көкке білемдеген сүңгіге айналарын, қолындағы қауғасы құлаштап соғар қара шоқпарға ауысарын, аузыңдағы тәубасы атойлаған ұранға озарын қалтыраған, дірілдеген, қалшылдаған суық терлі денеңмен сезіп қой. Шабылғанның қандай боларын сонда көресің!" дейтін ой қаужады.

* * *

Ел орынға отыра елшілер өз ауылына оралды. Хонтайшының өз дастарқанынан қонақасы жеген, көңілдері орындарына түскен ағаларының беттеріне қан жүгіріп қутыңдасып қалғанын көріп, Қазыбек те жайраң кейіпке түскен. Сонысын байқаған Дау мен Бабаназар екеуі екі жағынан қолтықтап тұрып, ақтарыла бата берді.

— Балам, мен сені өзімнің Аралбайымдай ғана асық ойнап жүрген баладай көруші ем. Бірақ сенің осы сапардағы бар-бар мінезің, тәсілің, әдемі қылығың жаныма жаққанын жасырмаймын да. Келдібек ағаның сені мынау елшілікке неге қосқанын енді ұққан-даймын. Өзіңнен көкең үлкен дәме қылады екен. Әке балаға сыншы. Адаспапты. Сен бүгін бетіңді аштың. Әмсе алдыңнан жарылқасын, ұлым! — деп алақанын жая беріп, бетін сипады да, дереу Қазыбекті мол құшағына көміп алып, бауырына қысты.

Осы жақсы бейілді бүкіл жадыраған жанымен құптап тұрған Дау да тебірене жөнелді.

— Қазыбекжан, есінде ме, мен саған "Сен айтарсың. Айтарсың-ақ!" деп сенгенімді. Үміт артқанымды.

Ақтадың сенімді, баршыным. Құдай-ау, аузымызды біреу құлыптап тастағандай жым-жырт мөлигенімізде, қара жердің тесігі болса кіріп кетердей қорланғанымды білсең. Даудан да жеңіліп, жаудан да ығысып құр сүлдеріміз сүмірейіп тұрғанда сенің жұлқынып шыққаның, арқамыздан зілді, кеудемізден шерді жұлып тастай берді-ау. Көзіңнен от, аузыңнан жалын атылды-ау сонда... Әй, қазағымның қылыштай қиып түсер тілі бар екеніне масаттандым. Сол қазағымның сөзін қиыстырып айта алар ұлы бар екеніне мақ-тандым. Тіл-аузым тасқа! Өмірден жаңылыспай, адаспай өт, шырағым. Алдың әмбе ашық болғай. Өрісің кеңейе берсін. Жеңісің көбейе берсін! Тәңірің қолдап, қорғап жүрсін! — деп сөзінің соңын батамен аяқтаған Дау жас жігіттің басынан қос қолдап ұстап тұрып, еңкейтіп әкеп маңдайынан сүйді.

— Рахмет, ағалар! Айтқаныңыз келсін, Бабакем! Дегеніңіз келсін, Дау аға. Екеуіңіз бір-ақ үйіп-төгіп бере салдыңыз-ау. Көтере алсам... Көтеруге тырысармын. Ақтауға тырысармын,— деді қатты толқыған Қазыбек екі ағасына кезек қарап.

— Көтересің, балам. Елдің ендігі жүгін де, салмағын да сен көтересің. Тек қана теріске бастауға, адастыруға асығып тұратын әзәзіл тірлік пен дүние боқ жаңсақ бастырмасын сені.

Осыдан кейін Қазыбек ауыл шетіне оңаша кете беріп еді, әлдекім артынан қуып жетті. Жырғал ноян екен. Иығынан ұстап өзіне қаратты.

— Қазыбек, мен саған әлгіндегі екі ағаңның айтқанынан асырып айта алмаймын. Бірақ саған деген құлаған көңілімнің белгісі болсын, өтініш білдірем. Қабыл көрсең қуанышымда шек болмас,— деді.

Қазыбек сәл күдіктеніп тұр.

"Апырай, мыналардың басқан ізімізді аңдып, жазған жағымызды тыңдап отырғаны ма сонда? Ағаларыңның айтқанын естідім дегеніне қарағанда біздің бүкіл самбырлап сөйлескенімізді құлағын түріп, құпиямызды біліп жүреді екен-ау. Әй, аңқау да, момын салпы етек қазақ! "Астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатыныңа сенбе" деп нығарлағаның кімге қажет, арыстанның аузында отырып та ішіңді ақтаратын болсаң. Әлде қатының білгенді қайын-жұртың біледі. Қайын жұртың білгенді былайғы жұртың біледі дейтін сақтықтан сақтана-сақтана ет өліп кеткендік пе біздікі.

Әй... мынау ноянның менде не өтініші болмақ. Не досымды алам демес, не басымды алам демес. Басқасына пысқырмаймын да."

Басын изеді. Жігіттің ойланыңқырап барып келіскенін өзінше жорыған Жырғал Қазыбектің бейіл құрметін одан әрі асырды.

— Мен саған ат мінгізем демеймін, Қазыбек. Аттан кенде болмайтының қазірден-ақ белгілі. Тон кигізем де демеймін. Торқа тон, алтын жаға иініңнен онсыз да түспейтінін шамалаймын. Сенің кеудеңнен ел көшіп, жұрт қонып жататын, көкірегіңнен селдей ағып, бұлттай көшіп жататын көркем ойың мен құдіретті тілің барына көзім жетті. Сенің үлкен болашағыңа менің айтар өтінішім де үлкен. Екеуміз төс қағысып дос болайық. Ертеңгі ойрат-қазақ татулығының басы да болсын!— деді.

Қазыбектің дәл мына өтініш ойламаған тұсынан жеткен еді, қапелімде сәл аңырып тұрды да, тез келіскен түрін жылып сала берген қарасы үлкен кең көздерінен танытып, ақсия күліп жіберді.

— Әй, Жырғал аға! Татулық белгісі деп арқамды асқарға тіресеңіз, басқасын түгендеп қайтем. Қазақ пен жоңғар қарумен сәлемдеспей, құшақтасып табысса, ығыр болған екі елдің бүлінуі тиылып, тыныштығы орнар-ау. Ылайым соған жазсын. Төсіңе төсім дайын. Достығыңа достығым әзір. Міне бүкпесіз, қалтарыссыз құшағымды да аштым. Ішімді де ақтардым!

Төс төске түйісті. Достықтың туын биіктетті. Татулықтың сүрлеуіне алғашқы ізді екеуінің әдемі тілегімен түсірді.

— Менің өзгелерден гөрі... өзгелер деп қандастарымды айтам да... өздеріңе ықыласым неге ауа беретінін өзім де білмеуші ем... Өткенде сенің қазақ әуеніне құмартқаныңды көргенде... Сол әнді іздеп табаныңды тасқа соғып жалаңаяқ жүгіргеніңді де, Шараһаймен кездескенінді де көргенде... менің де іштей бір құбылуым... дүниемнің төңкеріліп түскендей болуы басталған тәрізді. Енді сезсем-қазаққа бүйрегім бұра беретін күйім бар екен.

Жырғал ноян "осыны неге бастадым?" дегендей ыңғайсыздана бөгелді де, "бірақ әйтеуір бастаған соң, тайсақтап кетуім орынсыз болармен " әрі жалғастырды.

— Мен Қалданның ең үлкен ағасының баласымын. Яғни Ерден Батыр хонтайшының немересі болам. Әкемді туған інісі өлтірген. Сыбанның маған іші жылымайтынын да білем. Сендерге мені тыңдатып қойса, сыртымнан мені тыңдайтын әлденеше адамы барын да білем... Әй, ол жағын қайтеміз. Айтайын дегенім: шешем Жәңгір ханның немере қарындасы екендігі. Әкем шешемді керемет жақсы көретін. Шешем де әкемді қатты құрмет тұтатын. Менің тілім де қазақша шыққан еді. Әкем шешеме кейде: "Мағфуза, ән салшы бір" деп отыратыны әлі есімде. Онда да қазақша айтқанын ұнататын. Шешемнің сол кездегі ән шырқай отырып, үлкен сұрғылт көздеріне мөлдіретіп қос тамшы жасты үйіре қоятынына алғаш сәби кезде "неге жылайды" деп үрейлене қараушы ем. Кейін неге екенін білмеймін, әннен де бұрын сұрғылт көздердің ұзын кірпіктерінің ұшына байланып, ұзақ дірілдеп, толықсып тұратын сол қос моншақ тамшы жасты көргенше асығатынмын. Әкем өлгеннен кейін көпке ұзамай шешем де көз жұмып еді... Біздің төңіректегілер: "Қатын алсаң қазақтан ал, өзің өлсең, құсадан қоса өледі" деп қарқ-қарқ күліп мазақ ететін. Ал маған салса, қазақ әйелінің қосағына деген құрметінен, қызметінен, құштарлығынан артық еш нәрсе жоқ тәрізді. Содан ба менің де әйелім қазақ қызы. Атақты Сүйіндік руының бір мықтысының шаңырағынан. Шараһайдың неге қазақша ән салатынын енді түсінген шығарсың. Ал Шолпанның өле өлгенше ауылына, еліне деген сағынышы таусылған емес. Шолпан ән салды дегенше дүние түгел күрсініске, аңсауға тоғытыла береді. Шараһайдың әуеніндегі мұңлы ырғақтың төркіні қайдан шыққанын, Қазыбекжан, енді ұққан шығарсың.

— Иә! Ұғындым. Өзіңді де, Жырғал ноян, ұққандай болдым. Қазақтың салтымен жиен деп қалжыңдауға да, жезде деп ойнауға да болар еді. Бірақ оған жібермей тиып тұрған бір бөгесін бар сияқты. Әлде ол сенің жат елдік болғандығыңнан ба. Әлде сендердің көр-мейтінді көретін, естімейтінді еститін епсектіктеріңнен бе. Әлде сендердің қазақ қыздарын шырылдатып алып қашып, ғұмыр бойы торда ұстап, торықтырып, зарықтырып қоятын әлімжеттік әдеттеріңнен бе. Мен сені дос танып, құшағымды аштым. Ішімді ақтардым дедім. Бірақ ол бүкіл қазақ іші емес. Жылаған жанның мәңгі ұмытылмас шерін сонау көгілдір мұнар тасасындағы жыртық шекпенді қазақ ұмыта қоймаған болар. Сол көгілдір мұнар ішіндегі ұлынан бір, жерінен екі айырылған кекті ата мен мұңлы кейуананың аһ ұрған шері мен зарын мен де қайтіп ұмыта алармын. Сенің мынау табаныңның астында тапталған жер сол күйзелген жұрттың атамекені еді ғой. Сол атамекен кіндік жұртты сағынған босқындардың сайдағы сайғақтай панасыз, шарасыз халін көріп отырып мен саған қайтіп қана ризалық білдіріп, мәре-сәре қалжындасам. Бойды ұстаған, ойды тежеген осы тәріздес өктемдіктерің, Жырғал ноян. Жері жақын деп қамсыз отырған қазақты жайғастыра бергенге әбден еттерің өліп кеткен. Бұдан былай қамсыз қазақ болмайтынын, ат-көлігін баптап, қайың найзасын саптап отырған, етек-жеңін түрінген ашынған қазаққа тап болатындарыңды ескеріңдер. Сендердегі темір тәртіптің бізге енбейтінін қайдан білдіңдер. Қашқанның қуар күні боларына, сасқанның есін жияр күні боларына тәңір хақ куә.

— Ой, Қазыбек! Сен мені тым қажадың ғой. Еліңді шапқан да, талайдың төбесіне қазық қаққан да тап бір мендей-ақ. Көңілім адал, қолым таза болмаса, төсімді тосып дос болар ма ем. Әр жайды біз де топшылаймыз. Сендердің ойға құлап, қырға шұбап өздерің айтатын "Қайда барсаң, Қорқыттың көріне тап болғандарыңды" білмейді деп пең, білеміз. Енді берсең, құдай, жоңғардан бер жолды! Есемді де, есебімді де түгендейтін кез туды деп алақандарыңа түкіріп, тас түйін отырғандарыңды да білеміз. Тәуке хандарыңның қажырына да, қайратына да, білімі мен біліктілігіне де қанықпыз. Ең алдымен осы хан-дарыңның өзге төре тұқымындай мақтаншақ, ман-сапқұмар һәм қатыгез еместігін де байқап қалдық. Бәрінен де бұрын Тәуке ел қамы, ұлыс бабы-ұлт бақыты дегенді көп күйттейді. Бізді, ойрат жұртын сескендірген де, қорқытқан да сол тірлігі. Қалдан хан сендермен бітім жасауға дайын. Татулыққа да бейім. Ендігі оның арманы-Қытай хуандиы иектеген Халқаны хандығына қосып алу. О дан әрі, шамасы келсе, шүршіттің өз ішіндегі ішкі мұңғұл жұртын түгел бодандықтан құтқарып алып, бұрқанымыз оң қарап, желеп-жебеп берсе, бір тұтас ғаламат үлкен ойрат-мұңғұл хандығын құрмақ. Одан арғысын мен айта алмаймын. Сен сезесің. Ал әзірге бейбіт бітім жасаймын деп отырған Қалданды білем. Қазақтың қолды болған мал мен жанын түптеп іздеп, сұрау салғаңдарын тегіс қайтарыңдар дегеніне өздерің шығып кеткеннен кейінгі кеңесте бәрімізді шырылдатып отырып көндірген, — деп Жырғал естіген-білгенін түгел жеткізді.

Қазыбек бас изеді. Ноянның қызғылт қоңыр сақалының кешкі шапақта онан сайын қоюлана түсетінін назарынан тыс қалдырмай, мына ашық әңгімесіне ризашылық танытты. Әлдебіреулердің ағаш арасында жүргенінен сезіктеніп, үйлерге қарай бұрылды.

Дау сыртта жүр екен, сабырлы сөйлесе де секемденгенін сездіріп алды.

— Қазыбекжан-ау, апақ-сапақта жалғыз не ғып жүрсің? Не дегенмен бөтен елдің бөгделігін ұмытпаған жөн.

— Білем, Дау аға. Бөтеннің бөгделігі де есте. Бірақ амал не... — деп Қазыбек күрсініп қалғанын да сезбей ішке еніп кетті. Дау ілесе кірді.

— Ой, Қазыбекжан! Бауырым-ау, неге күрсіндің? Неге жүдедің?

— Ә, жай! Әшейін көңілдің әрі-сәрілігі ғой.

— Өйтіп алдаусыратпа. Тым құрыса бөлісіп кө-терейін. Айтсаңшы күдігіңді, — деп Дау жік жаппар болды.

— Бітім болады ертең.

— Оу, сүйінші неге сұрамайсың!

— Бітімнің боларын бағана білгем. Оны өздеріңіз де сездіңіздер. Қалданның ойы әріде. Зілі артында, — деп Қазыбек тағы тығылды. Күрсінісі енді анық естіліп, іштегі ауыр толқынды ықылықтатып атқызды.

— Оның зілсіз күні болған беді, Қазыбекжан. Бүгін ылдиласа, ертең аспандайды. Аңдысқан дұшпанның әрекеті ежелден солай құбылады. Оның таңсық түгі жоқ. Бүгін тырнақ бүгіп, азуын жасырып қалса, ертең қапыңды тапқан бойда, тырнағын тарбитып, азуын ақситып бас салады. Оның несі жұмбақ.

Қазыбектің қабағы ашыла бастады.

— Ей, рас! Солай болатыны хақ. Ал мен ... мен. Арқамнан қаққанға алақаны енді жұмылмастай, жұдырыққа айналмастай көріппін-ау, — деп күле түсіп, Жырғалдан естігенін айтып берді.

— Ой, Қазыбекжан! Балалығың бар-ау әлі. Оу, ол алдымен сол шүршітке барсын. Шаптығып шабына ши жүгіртсін деп қуанбаймысың қайта. Шүршітті шауып ала ма, ажалын солардан тауып алар ма, бір құдайға аян. Мұңғұл-ойраттың басын қосам деп жүріп басынан айрылғанын білмейді ғой. Қайдағы тұтас хандық! Тас-талқаны шығады. Шегірткедей қаптаған шүршіт өлігімен-ақ тұншықтырып өлтірсін.

Қазыбек сақылдап күліп ала жөнелді.

— Тұу, Дау аға! Қолмен қойғандай еттіңіз ғой. Несіне үріккем. Оған дейін біз де тірлік қылмаймыз ба! Қыламыз. Мәмлакатымызды жөндейміз. Саяқ қашқанды да, теріс басқанды да қайырып әкеп, бұғалықтап бұрып, бір тізгінге жинап, бір кіндікке байлаймыз. Байлаймыз.

Домбырасына қол созып, бір шабытты қағысты қараша үйдің түндігін желбіретердей күмбірлете жөнелді.

АРБАУ

Ханның жақсы болмағы,
Қарашының елдігі.
Қарашы халық сыйласа,
Алтыннан болар белдігі.

Бұқар жырау

1

Домбыра майда шертіске ауысты. "Саймақтың сары өзені" бұрқ-сарқ тасыған жоқ. "Қара боран қағындының" үрейлі суылы тірілген жоқ. Майда әуен өзінің күйіне үндесті де, түңліктің тесігінен шүйкедей щұбатылып тарап жатты.

Сол елшіліктің жолы болып еді. Малды да мол айдап, тұтқындағы жанды да босатып алып, елдей көшіп қайтып еді-ау. Қаз дауысты Қазыбек атандырған Қалдан хонтайшының: "Мен хан болғалы, басыма қасиет қонғалы ешбір жанға тізе бүгіп көрген жоқпын... Жығылғанымды білдіріп сендерге бір сыйлаймын.

Балам, Қазыбек! Сен жаңа үйреткен жас тұлпар екенсің! Сенің айтқан сөзіңе менің буыным шыдамай, сіресіп қап, тұра алмадым. Сондықтан саған екі түрлі белгі беремін. Біреуі-сенің даусың қаздың даусындай қаңқылдап шығады екен. Сол себепті сенің атың бұдан "атың Қаз дауысты Қазыбек болсын. Екінші-қос тоғыз жүлде байладым. Бұдан былай сен екі сыбағалы бол!"-дегені әлі күнге құлағында. Бұның екі сыбағалы болғанына қуанғандар да мол болды. Күндегендер де, қызғандар да аз болған жоқ. Атақты ел береді.

Даңқыңды жұртың шығарады. Атағыңды ағайының көре алмайды. Даңқыңды аталасың жанталаса өшіруге тырысады. О да өмірдің маңдайға жазған бұйрығынан.

Атақтымын деп асқақтамағаны тәңірге аян. Даңқтымын деп тәлпіштенбегеніне барша куә. Бәлсінген балшық құдайларды талай көрді. Табанда тапталып, атынан атағы бұрын өшкендерін де біледі. Алыс — жақынды тең көрсең, зұлымды бүктеп, жауыңды алдыңа өңгерсең, дүниенің бұзылмай, адалдықтың ауытқымайтынына көзі өр кезде жетіп келеді. Алдына келгеннің кейбіреулердей қойны мен қонышын тіміскілеген жоқ. Әділдік деп тіккен туын биіктете түскен абыройына қылаудай кіршік жуытпай келе жатқанына міне елу жылдай болыпты. Бар мұңы-ел мұңы. Бар мұқтажы-ел мұқтажы. Сол ел-жұртына жарты ғасыр бойы төсек боп арқасын төседі. Жастық қып жанын жайды. Алғыстан басқа алғаны жоқ. Рахметтен басқа байлағаны жоқ. Берекені ниеті берді. Ырысын адалдығы еселеді. Көз сатқан да, көз алартқан да кезі болмапты.

"О тоба! Көк күмбезді кең сарайдан құрым киізді қараша үйді артық көретін тұз қазағымыз-ау. Түңлігіміз желпілдесе, уығымыз сықырласа, ұйқымыз шырайлана түсетінін өзгеге қайтіп түсіндірерсің. Әлде желдің суылын, жапырақтың сыбдырын, судың сылдырын ана әлдиімен қоса естіп өскен қыр ұлына табиғат анасының әртүрлі әуезі құлағына үнемі жетіп тұрмаса, жетімсіреп жабығып қалар әдетінен де ме екен? Құрым исі танауына келмесе, тандыры кеуіп, тамағы қаңситын қазақтың бірі болмасам, Әз Тәукенің қасында көк күмбездің астында, көк мәрмәрдің үстінде бас уәзірдің құзырлығын құнттап жүре бермес пе едім...

Мәмлакатымыздың тізгінін бір қолға ұстатқанымыз хақ. Әруағынан айналайын Әз Тәукенің тұсында ұйытқылы елге ұйысқанымызға, бір кіндікке байланып, бір қазықты айналғанымызға жасыған жауымыз, басылған дауымыз куә. Ру-рудың бірін бірі иектеуін, бірін бірі жұлқылауын, жұлмалауын, жұмарлауын тоқтатуға қаншама күш салғанымыз бір құдайға аян. Әсіресе ойрат тірлігінің темір тәртіп, қатал жосығына сүйеніп жасаған қарекеттеріміз тегін кетпегеніне шүкірлік етумен болдық қой сонда. Сол күндері Тәукенің "жеті жарғысын" түзбесек, мынау ата — бабаның қаны мен тері сауылдап құйылған сары белді, салқын көлді, самалы ескен жайын далада қазақ жұрты бүгінгідей жер басып жүрер ме еді, жүрмес пе еді. О да бір құдайға аян. Тауарихтан өшіп кетейін деп тұрған, бірін-бірі жұлып жеп, өзді-өзі қырқысқан тағынай боп таласып, тағы тірлік кешкен сан ұлысты бір ұлтқа ұйыстыра білгенімізді енді мақтан ғып айтуға да болар еді-ау. Не керек... "Өлдің, Мамай, қор болдыңның" кері келмеді ме. Әз Тәукенің көзі жұмылысымен ұлы хандықтың тәжінің салмағын көтере алмай, тағының киесін ұстап қала алмай Қайып қақыратқан іргені, Болат ажыратты. Сәмеке құлатып тынғалы отыр..."

Домбыра ышқына безілдеді. Ышқынған жанның күйігі он саусақтан екі ішекке құйылды. Екі ішек безек қаққанда шанақтан шапшып төгілген ащы уһілеу боз үйдің босағасына соғылды. Керегесіне керілді. Шаңырағына шаншылды. Ашық түндіктен аунап түсіп боз далаға боздап ала жөнелді. Боздаған күй ішкі күйікті қозғап, қоздатып ала жөнелді...

Жалындаған жас Қазыбек қылшылдаған қылыштай еді. Қазақтың төріне келген Тәуке төрт құбылаға түгел жайылып кеткен қазақ даласын түгел игеріп ұстауға, тізгіндеп тартып отыруға бір өзінің шамасы жетпейтінін анық ұғынғанды. Шашылған елді, шұбырған жұртты, ыдыраған халықты бір шеңберге сиғызу үшін ықшам-ықшам үш ұлысқа бөлген еді. Алатау мен Қаратауды жайлап, елдің түстігі мен жердің биігін иемденген ұлысты Ұлы жүз, елдің тұтас адырлы шоқылы тауы бар, айдынды шалқарлы көлі бар, ұзын аққан даласы бар қазақ елінің кең орта тұсында дүріл-деген ұлысты-Орта жүз, ылдиға қарай еңістеп кеткен жерлердегі батыстағы басқыншы көршілеріне батылдық пен батырлық үлгісін көрсеткен ұлысты-Кіші жүз деп атаған. Осы үлкен-үлкен үш ұлысты мансап десе қыршаңқы сәуріктей кісінеп, әкесі ұлынан қызғанып, баласы әкесін күндейтін Жошыдан тараған керауыз, кермылтық сұлтандарға бермей, елдің көзіне түсіп, құрметіне бөленіп, қадір — қасиетін асырған қарашыға билеткен еді.

Ұлы жүздің екі тізгін бір шылбырына оралған оңаша билігін Әлібекұлы Үйсін Төле биге, Орта жүздің екі тізгін бір шылбырына байлаған түгел билігін Арғын Келдібекұлы Қазыбекке, Кіші жүздің екі тізгін бір шылбырына түйілген жеке билігін Алшын Байбекұлы Әйтекеге ұлық Тәуке хан кемеңгер көрегендікпен, берекелі білгірлікпен ұстатқан еді. Содан бастап, "Құдай-көкте, хан жырақта" деп тымағын алшысынан киіп, тіс арасынан сыздықтата шырт түкіріп қойып, көп бүліктің басы болатын кеудемсоқ байлар мен үй арасында қазан-ошақты ат тұяғымен жапырып, арсылдаған иттер мен шәуілдеген күшіктерді қамшының астына алып қыңсылатып, тоқты-торым өңгеріп, бота-тайлақты қуалап кететін байбаламшыл батырсымақтарды, сыналап көмейлеген парасынан көз жасы аққанша қақалып отырып, ақты қаралап, қараны саралап інісін ағасына жығып беретін бишікештерді жайшылықтағы жынынан айырып жымдай қылған үш арыстың аты аспандап, әруағы асып түскен еді. Ол ол ма, жер кіндігіміз деп кердеңдей басатын төрелердің қараға батырған тізелерін қағып жіберіп қана қоймай, сол "көктегі құдай да, жердегі құмай да-өзіміз!" деп жүрген сұлтандардың арасындағы ырың-жырыңды басып, көп келеңсіздіктеріне тиым салған соң, қара қылды қақ жарған әділдігімен, қылдай қиянатқа баспайтын адалдығымен үшеуі бірдей ел көзіне түсіп, жұрт құрметіне бөленген еді. Қырбай төрелердің қырсығынан туындайтын талай-талай үлкен қақтығыстар мен іргелі шайқастардың алдын ала білген бұл үшеуіне деген алаштың алғысында шек болған жоқ. Жаны ауырса да жақсысын қарақтайтын, басы ауырса да жақсысын күндейтін қазақ шіркін Төле, Қазыбек, Әйтеке дегенде екі қолын қусырып, құдайдан да құдіретті көріп, төк тұратын.

Балапан басына, тұрымтай тұсына боп "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан" кейінгі кер кезең, зар заманда, атадан ұлды, анадан қызды айырған жоңғар шапқыншылығына қарсы алты алашын, қалың қазағын қайта көтерудегі үшеуінің еңбегін кейінгілерге аңыз ғып жеткізген де, қайырымды тани көре білген тұстастары еді. Әсіресе он сегізінші ғасырдың жиырмасыншы жылдарының орта шенінде Орта жүз бен Кіші жүздің ауылдарын қысы-жазы аралап, елді бірлікке, ұлдарын ерлікке, бай, билерін ауыз бірлікке шақырып, азаттық аңсаған халықтың тәуелсіздігін әперіп, атамекенін құтқарудың қажеттігіне ұйытып сауын айтқан Қаз дауысты Қазыбек ат үстінен түспеп еді. Алты малтаны қорек қып, жат қолында қалған қайран Сарыарқаның сарқыраған суына шомылуға да мұршасы болмай, даласының түнгі шығына омырауын төсеп, күндізгі мұнарына бетін шайып, кең өлкенің кер бетегесін сырлас етіп алғаны да сол кез еді. Ақыры ұлы бидің еңбегі босқа кеткен жоқ. Ғайса пайғамбардың туған күнінен есептегенде, бір мың жеті жүз жиырма алтыншы тауық жылы Ордабасыда өткен үш жүздің игілерінің бас қосуы-бүкіл жауға қарсы шайқасқа шығу үшін халық боп атқа қонған алаш бірлігінің көрінісінен туындаған еді. Алатау мен Қаратаудың иықтасып түйіскен мүйісіне саты-сатыланып сұғынған адыр-төбелерді, қырат-қырларды алдына салған Ордабасы оқшау көтерілер еді. Оқшау көтерілер еді де, айналасындағы Бадам мен Арыс өзендері ирелендеп қиып өтетін жазыққа шекесінен қарар еді. Содан да ма Ордабасы қазақтың ежелден алқалы жиыны, дүбірлі диуаны өтетін қасиетті мекені болатын.

Сол құт боп енген тауық жылының жадыраңқы жазында үш жүзден құйылған мол нөпір оқшаулана бөлектенген осы төбенің үстіне қазақтың айбатының белгісіндей ала байрағын қадап, әлі де ешкімге белін алдырмас айдынын шартарапқа танытқан еді.

Сол алқалы жиынға исі қазақтың бетке ұстар қаймағы-ханы мен биі, сұлтаны мен бегі, батыры мен байы түгел ақтарылып жеткен еді.

Қоян жылғы қан қырғында тоз-тоз болған жұрт өзбек пен сарттың, түрікпен мен қарақалпақтың қақпасын қағып, қайыршылық кебін киіп, өзге елдің өңменнен итерген өктемдігін бастан кешкен алаш ұлдары елдікке шақырып, бірлікке бастап, тендікке уағыздаған үш бидің арқасында қайтадан еңселеніп, ат-көлігін қамдап, қару-жарағын сайлап, намысқа қызып қолына түкіріп отырған-ды. Ордабасыда қазақ жасағының бас сардары мен ту ұстаушысын сайлап алып, елдің кіндік қазығы Түркістанды, Түркістан төңірегіңдегі жоңғар жамбастаған Ташкент тәрізді отыз қаласын, Арқадағы даласын, Алатау, Алтайдай ақиық тауларын, Жетісу толы бақша-бауларын жаудан босатып алу үшін қаһарына мініп, кек тасқыныңдай ағындап, тау бүркітіңдей шүйіліп жауды жерден қумақ, елді жерге қондырмақ болған-ды.

Қазыбектің қара домбырасы баяулай түсіп, нәзік шертіске ауысты. Ендігі майда әуен тынши қалған жыртық шапан, малма тымақты момақан жұрт-шылықтың Ордабасының қырқасына арнайы тігілген үш қосар үйдің айналасына жиналып, төңіректі көрсетпей жауып кеткен көптігіне қарамастан, сол үйдегі өтіп жатқан диуан кеңесінің шешімін күткен шыдамды сабырындай сезілді. Майда әуен кенет саңқ-саңқ еткен дыбыс шығарып, әлгі бірыңғай лебінен айырылып қалды. Қоңырқай сазға қобалжытқан ащы үндер араласты. Саусақтардың алма-кезек шанақ сабалаған тарсыл-гүрсілі көбейді. Екі ішектің екпінді әуені екілене жөнелді.

Сол күні сол Ордабасыдағы сол іркес-тіркес алтын үзік ақ ордада да сабырлы басталған кеңес кенет шиыршық атқан айтыс-тартысқа астасып кеткен еді. Айтыс-тартыс тағы да сұлтандардан шыққан болатын. Бұрыннан да кең далаға симай, кежілдесіп қалып, кеңірдектесе керілдесіп жүретін төре тұқымы мынау жан-жағы қусырылып, жайлауы жұқарып, бұқарасы бытырап кеткен кезде де екі иығын жұлып жемей қайтсін. Әр сұлтан өзі шыққан төбесінің биік болуы үшін қолынан келгенін істемеді ме? Аннан қашып, мыңнан қашып босқан елдің бошалағандарын құрықтап қуып кеп, қууына ілеспегендерін қырып кеп, мал мен басын көбейтумен болған жоқ па. Малы артса, байлығы еселенеді. Еңсесі өседі. Басы көбейсе, соңына ерген жасағы молаяды. Жасағы молайды дегенше одан мықты сұлтанды мынау әркім өз кеудесін құдай ғып шаншып алған алмағайып кезеңде тауып көр. Қайдан табарсың. Апиынын иіскеп, күшәласын езіп ішкен көксау Болат хан ба адыраңдаған сұлтанды қайырып әкеп келеге салар. Салар болса, жел аударған қаңбақтай онда бір күл төгіп, мұнда бір күл төгіп, көше бермей, ордасын орнықтырар еді ғой... Әрқайсысы жоңғардың бір қуыршақ құдайындай кекірейген Әбілқайыр, Сәмеке, Барақ, Батыр, Әбілмәмбет, Күшік сұлтандар жараған бурадай бұрқырап ұлы хандықтың тағынан да, ұлыс хандығының тағынан да дәмеленіп, жалақтап алған еді. "Кім біліпті, бақ құсы таққа да, боққа да қонатыны, басқа да, тасқа да саңғитыны өтірік болмаса, құдай қырын қарамаса, күллі алаштың құмарттырған тізгіні, тіпті ұлыс тізгіні-ақ саусағына ілікпес пе! Ал сол тізгіні құрғыр бір ілікті ме, көкіректе шемен боп байланған арман итті қаңсылатып теуіп қап, одан да әрмен, одан да зор тағы бір арманның күшігін көкейіне қондырмас па.

Мынау Ордабасы-сол ынтызар тілектің, аласұрған арманның орындалар жері. Ендеше талмай, табандап тартысып, қажымай қарысып, бас сардарлықты басыңа бөркіндей бір сұғып ал. Содан кейін сардар бөркінің хан тәжіне айналуы оп-оңай. Үш жүздің жасағын басқарар сардар, құдай сәтін салып күні ертең жоңғардың жонын тілгілеп қуып, жерде айқай, көкте айқай жеңіспен оралса, ұлы хандықтың алтын тағы жамбасына өзі кеп түсе қалмай ма! Ендеше мынау кеңеске барыңды сал. Қашанғы тұяқ серіппей жата бересің. Өзің өзеуремесең, өзгенің сені ойлар да, сені сайлар да түрі көрінбейді. Сені аңғарар Үйсіннің ұйпап етер құдіретті Төле биі ме, Арғынның азулы Қаз дауысты Қазыбегі ме, Алшынның әділетшіл Әйтекесі ме. Жоқ. Кеудесінде жаны, балағында биті барын танытатын дәл осы ара. Семсер боп сілтенбесе, қылыш боп қиып түспесе, көк сүңгі боп қақыратпаса, көлеңкесіне де отырғызбайды мынау қара бұқара халық. Анау дүрілдеп жеткен түрін көрмеймісің. "Хан-сұлтанға қарайлаудан, төреге телмеңдеуден не таптық? Сор қаптық. Жер құштық. Енді қара халық төресіз де күн көреді. Төреге ел керек емес екен, қанды апандай кең көмейін толтырар қансоқта жем керек екен. Енді жем бола беруге көнбеспіз!" деп құлшынғандарын көрмеймісің.

Жоқ! Мынау сақалы шоштаңдаған үш биге кімнің жалы тұтас, кімнің құйрығы қалың екенін көздеріне шұқып отырып көрсетпесең, сағыз сорғандай ауыздарын мәймите бергеннен танар ма. Сол мәймиген мылжың ауыздың шаршаған кезде әлдебір боқтышаққа қисая салмасына кім кепіл. Төрдегі басты есікке сүйреп, қашаңғы өздері білсін, өздері екшесін деп, жаңа түскен келіндей боп көтіңмен жер иіскеп, көзіңмен көтіне қарап мөлиіп отыра бересің. Аңысын аңдаудың уақыты өткен. Бұл жолғы таластың жөні бөлек. Жығылып қалдым дегенше-тұралап қалдым дей бер". Осындай дәмелер мен түйіндер кеуделерінде тіріліп, көкіректерінде түйілген соң бірін-бірі күндеген, бірінен бірі қызғанған Әбілқайыр да, Сәмеке де, Барақ та, Әбілмәмбет те кезек-кезек суырылған еді. Өз қадірін оздырып, өзгенің құнын тоздырып, жатып кеп тәжікелескен еді.

Қазыбек сол кеңестің сол тұсын еске түсірді ме, бас шайқай беріп, саусақ қағысын баяулатты да, ащы мысқылмен мұрт астынан мырс етті.

"Әй шіркіндер-ай! Сонда ел қамы, ұлт бабы деген біреуі болсайшы! Әрқайсысы сиырдың жорғасындай митыңдап шаң бұрқылдатқаны болмаса, іліп алар бір пікірге бармады ғой. Пікір қайдан болсын. Пікір тұратын қуыс қалдырмай, тұла бойды тек "болсам, алсам, толсам!" дейтін өзімшіл қомағайлыққа толтырып қойса. Әсіресе Әбілқайыр сұлтанның сұрқиялығы ғаламат-тұғын. Көп сұғынбаса да, шыжбалақтаған Жәдік тұқымының сұлтандары бірінен соң бірі алдына кеп сұлайтынын күні бұрын сезіп, тартыс-таластан бойын аулақ салған боп, ортаға түскен сүбелі сыбағаға қызықпайтын кінәз төбеттей боп шеткері шоқиып алып еді-ау. Ондағысы сыбағаға таласқан сұлтандар бірін-бірі жұлқылап, бірін-бірі қансыратып шаршап шалдыққан кезде көз алдарында қомақтанып жатқан сүбені бір-ақ қылғып, жоталанып шыға келмек болған. Сөйтті де ол. Көбік ауыз көп сұлтаннан шоқтығы биік екені де рас болатын..."

Домбыра тағы екілене жөнелді. Ендігі текірек қағыста ішкі ширығудан туған өкініш бар ма. Өткен күннің қапысын енді аңғарған, қателігін енді түсінген кемеңгер көңілдің өзін-өзі қамшылауы бар ма, домбыра безектеуі үдеп барады. Ұзап барады.

Ордабасыдағы алқалы жиын ақыры Әбілқайырды бүкіл қазақ жасағына бас сардар ғып сайлаған болатын. Қазақ жасағының ала байрағын көтеретін ту ұстаушыға Қанжығалы Бөгенбай батырды лайық көрген еді. Содан кейін-ақжауда кегі, жоңғарда есесі кетіп жүрген қазақ екі алақанына түкіріп беріп еді, Алатауды қыстаған, Арқаны жайлаған ойратқа ал кеп шүйілсін! Алдымен Бұланты мен Бөленті өзені бойындағы Қарасиыр деген жерде жоңғарды алғаш тұмсыққа соғып, ақ сүйек қып арқаланған алаш енді озаңдаған үнін аспаннан да әрі асыра алар құдіретіне сенген болатын. Сол-ақ екен Әбілқайыр жасағына тұс-тұстан тау суындай жөңкіліп аттылы-жаяулы құйылған қазақ Қаратау бойынан қашқан қалмақты Ілеге дейін ығыстырып, Көкше теңіз-Балқашқа қарай дүрілдетіп шегіндіріп жіберген.

Ендігі ұлы айқастың да, сол ұлы айқас арқылы ертеңгі не жеңіс, не жеңіліс табар үлкен сынды да күткен екі жақ Ғайса пайғамбардың туған күнінен есептелінетін бір мың да жеті жүз жиырма тоғызыншы доңыз жылы Хантауының етегіндегі Итішпестің Алакөлінің түстігіндегі Жусаңдалада тоқайласып қалған еді. Қолдың саласындай қатарласып құлди-лайтын Ақсүйек, Ботабөрім, Тесік, Жыңғылды, Құрғақшолақ өзендері тілгілеп өтетін Жусандала дәл сол жылы жасылын молайтып, көгін көбейтіп қырмызындай құлпырып тұрған еді.

Осы шешуші ұрысқа екі жағы да қатты дайындықпен кірісіп еді. Сыбан-Рабтанның қанасынан қан уыстап туған ұлы Қалдан-Серен хонтайшы шегіне берудің ащы дәмін татқан соң қазақтарды қайтсе де жеңемін деген далбаса тірлікпен үш түмен шерігінің мандайын Жусандалаға тіреп, желкесін Топарға беріп, қасқиып тұра қалған-ды.

Үш жылғы жұттан жұталған, жоңғардың талау-тонауына түскен шаруашылығын онша оңалдырып әкете алмаса да, қазақ жұрты бүкіл даласына сауын айтып жинаған жиырма мың ереуіл атты сарбаздарын, тағы он бес мыңдай жаяу жігіттерін Жусандаланың тау бөктеріне қаптатып жеткен еді.

Елі үшін еңіреген ерлердің, жері үшін қырқысқан батырлардың қашанда мерейі үстем болатыны ақиқат. Жусандалада болған ұлан-ғайыр айқаста қазақ сарбаздары зеңбірегі гүрсілдеген, мылтықтары шаң-қылдаған ойраттарға қарсы жалаңаш шауып-ақ, жан шыдатпаған. Ақыры Жусандалада жеңіліс тауып, өлігі тау боп үйілген ойраттың күңіренген, аңыраған даусы құлақ тұндырып тастап еді. Аңыраған жауының даусын құлақ тұндырса да, құлақ күйіндей қуана тыңдаған қазақтың азулы арыстан, қажырланған қабылан, буырқанған бөрі ұлдары қатындай боп қашқан жауын тірсектей қуып, бөрліктіріп жатқанда оқыс жағдай болып еді.

Әлдебір оқ қаңғып кеп тиді ме, әлде қастандық қылған әлдекім әдейілеп нысанаға алды ма-қазақтың Әз Тәукесі жамбастаған тағында отырған ұлы хан дейтін аты бар, бірақ ұлы ханға лайық құрмет-қадірі жоқ Болат хан аяқ астынан дүниеден озған еді. Опасыз дүние кімнің басынан өтпеген. Опасыз дүниені опасыздық опырайтқан өз кеудесінің үрейлі қуысымен өлшейтін көп пенденің өзгенің опасыз дүниеден озғанына қарап, өзінің де түбінде бір озарын ойламайтыны жаман ғой. Ол ол ма, сол опасыз дүниеден озғанның артында қалған тірілердің сондай күй өзіне де жетерін ойлап үрейленудің орнына, сол опасыз дүниеден озғанның үңірейіп қалған орнына үңіреңдеп таласатындары қиямет-ау. Өзгенің обал-сауабынан гөрі қарақан басының қамын күйттейтіндер қарға-құзғындай қаптамай ма. Елден бұрын қағып түспесе, елден бұрын жұлып өтпесе, бәсіресі басқаның тақымында кеткендей ішімен иттей ұлып, сыртымен қоймай күңіреніп ғұмыр бойы бар тірліктен баз кешіп өтпей ме.

Болат ханның өлімі жеткен сәтте-ақ ала жылан, аш бақа сұлтандардың ырың-жырың бақастығы заматта балалап, күншілдігі заматта күшіктеп сала берген еді. Алдымен Барақ сұлтан бүлік басы болған-ды. "Оу, қашқан жауға қатын ер" деп мені жаудың көтіне жалақтатып салып қойып, маған шабақ-татқызып, күні ертең таққа талас қызған кезде Аңырақайда жеңісті сардар боп мен әкелгем, жауды мен қашырғам, елдің айбынын мен асырғам деп Әбілқайыр сұм зіркілдеп, күркіреп шыға келмей ме. Ал халық дейтін даңғаза шудан басқа ештеңенің парқына бармас көтақы тобырға көктегі құдай да Әбілқайыр, жердегі құдай да Әбілқайыр болып көрінбей ме. Содан кейін Әбілқайырға қопарыла ауған ел ықыласы анау бай аңсаған жесірдей тұл тақытқа соны қонжитып қондыра салмай ма. Содан соң бір жүйрікті мініп, бір жүйрікті жетектеп қусаң да өмір бойы түлкі боп бұлаңдаған қу арман-Жәдік тағы жаман Үсіктің шибұтының тақымына түскен соң сірә жеткізер ме".

Осындай арам ой, қиянатшыл тілек Барақтың жүрегін осып түскен. Жаны тызалақтаған сұлтан қашқан жауды тірсектеуді тоқтатқан. Жаны мұрнының ұшына келіп, енді-енді жантәсілім қылуға шақ қалған жоңғарлар көктен сұрағанын Барақтың қолынан оп-оңай алып, аман-сау жылыстап кете барған.

Барақ бүлінген соң өзгелердің өзіне оң қабақ танытпасын сезіп, ұлы хандықты бұл тұста алмақ түгіл, маңайына жоламасын білген Әбілқайыр қашқан жауды қуғызбаған. Қумаған. Қуу қайда, қолды бөліп, өз жасағымен Аңырақайдан тайып тұрған.

Сатқындықтың үлкен-кішісі болмайды. Опасыздықтың ауыр-жеңілі болмайды. Ел мүддесін өз мүддесіне жығып берген сатқындықтан өтер қылмыс жоқ. Өз ұлысына жасаған опасыздықтан өтер қиянат жоқ. Бірақ ханы өліп, туы құлап, бірлігі бытырап, берекесі қашқан ел тағы да жан-жаққа ыдырап, ауа бөлініп, жыртылып-айырылмасын десең, сұлтандардың сатқындығына да, төрелердің опасыздығына да көз жұмып қарап, көрмеген бол. Елемеген әліп таныт. Өйтпесең, жоңғарға көтерілген қылыштың өз басыңа қарай сілтенуі оңай. Ойратқа оқталған жебенің өз өңменіне қадалуы әбден мүмкін. Дүниені қайта бөлуге, тақты таласқа салуға дайын тұратын сұлтандар ойраттың қаны, қазақтың қаны, қалмақтың қаны деп қарауылдап қарап тұрмайды. Қанжығасына қомақты олжа байланар болса, қарауына топырлап қарашы кіріп, қорасына қылқұйрықтың аласы мен қарасы толатын болса, жас төгілді, қан сауылдады деп шімірікпейді. Төгілген жастың кімдікі, сауылдаған қанның кімдікі екенін ежіктеп жатар болса, ұлыған иттей айдалада сенделіп, аузына түсейін деп тұрған сыбағадан айырылып қалмас па. Сол мың күдік шабақтаған кезде өзгеден бұрын өктемдемейтін, өзгеден бұрын ұмтылмайтын сұлтан жоқ. Ал бәрінің жамандайтыны тағы Әбілқайыр. Тағы да Сәмеке мен Батыр.

Ал Аңырақай қазақтың түскен еңсесін көтерген, еңкейген кеудесін тіктеген ұлан-асыр шайқасы екені қазір даланың түкпір-түкпіріне аңыз боп тарап, жыр боп жайылуда. Аңырақай-тұтас қазақ туын көтеріп шыға келсе ойбайлатқан ойратты опырып жібере аларына көзін жеткізіп еді. Түбі бір, тегі бір, түбір-төркіні бір алаш жұрты жұмылған жұдырық боп түгел жиылып жетсе, алмайтын жауы, шықпайтын тауы болмайтынына сеніп қайтып еді. Амал не, соғыстың сойқан сұмдығын қайтып оралтпайтындай қып, жоңғарды басқа ұрып, азуын қағып тастап, омыртқасын опырып жеңістің кілтін енді-енді қолға түсіргелі тұрғанда бақас сұлтандардың қырсығынан шегініп кеткендерін қынжыла айтады. Қыжыртатындары Барақ сұлтан. "Ойбай-ау, бұл неткен тойымсыз ит еді. Ау, алдымен жауыңды жайратып келсең, сүбелі сыбағанды мынау риза болған қарашың-халқың алтын табаққа салып өзі-ақ тартпас па еді. Жоқ! "Әбілқайыр немең барлық жеңісті де, атақ-абыройды да иеленіп кетеді де, бүкіл тақ пен тәжден құр қалам!" дейтін бақай есеппен құлайын деп тұрған жоңғарды қолтығынан сүйеп шығарып салғанын қайтерсің-ей, ә! Тұтылып тұрған жоңғар жауың, аман-есен құтылып кеткен соң, бармақ тісте не, тістеме не. Ертең-ақ есін жинап, жарасын жалап жазып алған сол жоңғар немеңесе қуып, едіреңдеп атойлатып қазақты шаппас деймісің. Шапқанда қандай! Жылау күндер, бұлау күндердің көкесі сонда болады!"

Қарғайтындары Әбілқайыр. "Құдай-ау! Барақ төбетің мөңкісін — ақ. Әй, бас сардар екенсің. Басқа ғашкерің құрып қалып педі. Салмадың ба анау шатқаяқтаған ойратқа. Ойсыратпадың ба көзіне көк шыбын үймелетіп. Жоқ! Оған Әбілқайыр өлерде барсын ба. Оның да көкейін тесіп бара жатқан ала бас құрты-анау Болат ханның астынан түсіп қалған алтын тақ, басынан ұшып түскен алтын тәж. Құдай-ау, бұл қу құлқынның тояр кезі болар ма. Сұрапыл соғып тұрған оқ пен оттың ортасында өз күйін күйттеуден өтер қиянат жоқ шығар — ау. Әбілқайыр сардарың сонау жан беріп жан алып жатқан сарбаздарының жайын ойлап, шайқастың одан арғы жағдайын қарастырудың орнына әркіммен бір пыш-пыш сыбырласып, әр бимен бір оңаша күбірлесіп, ақырында үлкен тақтан үміті үзілерін сезгенде, "тағыңды бермесең, сағыңды сындырайын сенің, қазақ!" деп Кіші жүздің бар қолын майданнан суырып шығарып, "шуу, қарақұйрық!" деп өзімен ілестіріп Ырғызына тартып тұрғанын айтсаңшы. Бұдан өтер опасыздық болар ма? Бұдан артық сатқындықты тауып беріңдерші, әу жарандарым! Жасақтың жартысын ойсыратып алып кеткен соң, қалғандар қайтіп соғысар. Соғысам деп жүріп өздері опат болмас па шетінен қылқан қырыққандай бейкүнә азаматтарым! Опасыздық өртіне шалынған бейкүнә баршындарым!"

Домбыра ышқына безілдеді. Домбыра ашына бебеуледі. Домбыра жанұшыра жүйткіді. ЬІшқынған жанның ашынған көңілінен жанұшыра айқайлаған, атойлаған үндері боп төгілді домбыра әуені. Опасыздыққа қарсы қолынан келер дәрмені болмай селдіреп қалған шебінің енді жеңіс емес жеңіліс табуы мүмкін екеніне көзі жеткен сарбаздың ышқынған, өкінген, өксіген жанының ашынған күйігінің сұлтандар мен төрелерге лағнат айтқан қарғысы боп жүйткіді домбыра сарыны. Қаз дауысты Қазыбектің дөңгеленте қойған сақалына екі тамшы жас тырс-тырс тамды. Тырс-тырс тамған қос тамшы қысастыққа әлі де шыдамай еңіреген жүрегін солқ еткізді. Солқ еткен жүрекпен бірге тауы мен даласы қосыла дір еткендей болды.

Жоқ! Қара халықтың, қалың бұқараның қарғамайтын, қайта кеуделерде ұйыған бүкіл алғысқұрметін, ризашылық, алғысын күніне он мәрте, жүз мәрте бағыштайтын бір сұлтаны бар. Ол-Абылай! Аңырақай шайқасы талай аңызға арқау болса, сол

Аңырақайдың дүниеге әкелген жаңа жас батыры, даланың жаңа жас көсемі Абылай әртүрлі аңызға ғана емес сан алуан дақпыртқа да, сан түрлі қисса-дастанға да, сандаған әңгіме-ертегіге де арқау болған еді. Бір аңыз былай көсіледі.

Сабалақ деген тұлдыр жетім баланың жастайынан көрмеген құқайы, татпаған зәрі, жұтпаған шері, баспаған жері болмапты мыс. Айдалада айтақырда тілі аузына симай қаталаған кеудесінен жарық жалған бұлдырап алыстап енді ұшайын деп тұрғанда перінің қыздары тап болып өз жеріне алып ұшып кетіптімыс. Содан періште елінде әлденеше жыл тұрып, перілікті қабылдап, періштеге үйленіпті-мыс. Ақыры не керек, жеті ықылымның ғаламатын игеріп, жеті ықылымның ісін үйреніп, жеті дүниенің тілін меңгеріп алған соң, "ит тойған жеріне, ер туған жеріне" деп баяғы айдаласындағы айтақырына топ етіп тұсе қалады-мыс. Ендігі мақсаты-елін ұшпаққа шығару, жерін жерұйыққа айналдыру. Сол үшін қалың қазағын аралап өтеді, алты алашын адақтап шығады. Үш жүздің жұртшылығында түгел болған Әбілмансұр сол үш жүздің қазақтарын сынап та жүрген ғой. Әз Тәукенің үш жарғыш биінің үлкені Төле бидің тәлім-тәрбиесінен біраз үйренейін деп малын бағып, қарапайым бақташы боп та жүрген қайран сабазың! Әдейі бишара міскін кейіпте жүрген Әбілмансұрдың кім екенін дәл баққан дана Төле би Сабалақ деп атап, ұлындай ғып ұстапты шіркін шахбазды. "Ерді кебенек ішінде таны" дегенді алғыр Төкең де ескерген шығар-ау. Не керек ақыры Сабалақ бала жүрегі кең, құшағы ашық, әуені асқақ, азаматы-шешен, биі-көсем деп Орта жүз қазағын тандап, солардың арасында тұрып қалыпты-мыс. Атығай Дәулетбек байдың киімшең баласы боп төбесінен орын алып, төріне шыққан соң, Дәукеңнің байлығы одан сайын шалқып кеткен ғой. Біреуі үшеу боп, үшеуі әлденеше боп айналдырған екі-үш жылда Дәулетбек байдың ырысы тасығаны сонша, малының тұяғы жердің жүзін жасырыпты. Абырой-атағын аспаннан да әрі асырыпты-мыс.

Хош. Аңырақай шайқасында қазақ-жоңғар текетірес түсіп, кімді-кім қанжығаға байлар дейтін таразы басы теңесіп тұрған ең бір қысыл таяң, ең бір шептуші сәт тумай ма. Енді қылар амалдың ретін таба алмай Барақ, Батыр, Әбілмәмбет сұлтандар өзді-өзі кіржіндесіп тұрғанда, құшәласына мәңгіріп Болат хан бұйыққанда, хайласының бәрінен жұрдай боп бас сардар Әбілқайыр сандалғанда, Жалынқұйрықты жұлдыздай ағызып, "Абылайлаған!" ұранын қара жерден көк аспанға шапшытып Әбілмансұр жауға жалындай боп тимей ме! Кірген жерін тесік қып, шыққан жерін есік қып, ой, кеп жүздеп, мыңдап жайратпай ма жоңғарды! Әсіресе хонтайшының бір батыр ұлы сондай алып болған көрінеді. Тура Құждың аумаған өзі дейді. Сол майданға ақырып кіргенде, қазақтарды көк құрақтай жапырып жібереді екен. Әлгінің үлкендігі сонша әр қолы құрықтай, өндіршегі сырықтай екен. Бір кезде Әбілмансұр балаға әлгі дүлей неме тап болмай ма... Бірі төбедей, бірі сол төбенің бауырында жайылған көбедей ғана. Бірақ құдайдың өзі қалаған пендесі емес пе Сабалақ күшік! Ой, сойқанды салыпты — ау. Алдымен сол қолды шауыпты-ау! Дүрілдеген дауыс, сауылдаған қан Аңырақайды тегіс жауыпты — ау. Аққан қанмен салындай ығып ағып кете жаздаған Жалынқұйрығын борбайға тартып-тартып жіберіп Әбілмансұр шырақ көк сүңгіні толғап кеп қалған ғой. Толғаған найза ұшқаннан ұшып барып, анау таудай өңкиген Құж неменің көзіне тиіп, оң көзін ағызып түсірген ғой. Төңкерілген отаудай боп ағып түскен көз сылқ ете қалғанда жер солқ ете қалыпты. Шашырап ұшқан жас пен қан сіркіреп сел боп жауыпты. Тарсылдап доп боп тамыпты. Бір тамшы қан Сабалақ сабаздың дәл төбесінен түскен екен, ат — матымен көміліпті де қалыпты. Құдай сәтін салғанда Әбілмансұр қарақ қылышымен ұйи бастаған қызыл — күрең қабыршақ пердені тіліп жіберіп, алмас қылышты күн көзінде найзағайдай жарқылдатып, Жалын-құйрықты тебініп-тебініп қалғанда, құдайға тәуба, атының қос қолтығына қос қанат бітіп, ұша кеп жөнелмей ме! Ұша кеп жөнелген Сабалақ шахбаз қылышын құлаштап сілтеп кеп қалмай ма! Асфаһани ақ алмас, көк құрыш, асыл болат өкіріп-бақырған дүлей неменің шаңырақтай басын доптай домалатып шауып түсірмей ме! Домалап түскен шаңырақ бас бұрқ еткізіп жер қопарып, шаң суырмай ма! Суырылған шаң күн көзін бүркеп, жауып кетпей ме! Бір кезде бассыз қалған денеден атқылаған қан аспанда қалықтаған қазбауыр бұлтты қып — қызыл етіп боямай ма! Бассыз дене шайқала теңселіп құлауға айналмай ма! Ендігі гәп дененің қалай қарата құлауында болған ғой. "Не істеу керек? Қандай айла бар?" деп сәтке ойланған Әбілмансұр шырақ қорамсаққа қол салып сауытбұзар жебені ала-сала садағының серіппесіне тіреп тұрып, құлашын кере тартып кеп қалады ғой. Толағайдай толықсып тұрған тау денені тымақ құрлы көрмей жұлып түскен жебе топырлаған көп ойраттың дәл үстіне топ еткізіп тастай салған ғой. Өкірген, бақырған, ойбайлаған ойраттар өз батырының астында жаншылып, өңештен сауылдап аққан қызыл қанға тұншығып қырылыпты деседі.

Хош! Сонымен сол күні абыройы асқан, мерейі тасқан ұлан азан шақырып қойған Әбілмансұр аты да, Төле би бабамыз қойған Сабалақ аты да жоғалып Абылай сұлтан атанған ғой. Сұлтан аталуы тіпті қызық. Ойбай — ау, төре тұқымының бақталастығынан, бақас күншілдігінен, жауыз қатыгездігінен өтер зұлымдықтың атын атасаңыз, мұрнымды кесіп, қолыңызға ұстата салайын. Ә-ә, атай алмайсыз. Ал Абылайдың атасын да, әкесін де, аға-бауырларын да бықпырт тигендей етіп лақша бауыздаған өз ағайындары-сұлтандар көрінеді. Аңырақайдан кейін бәрі айғақ боп, оққа ұшқан Болат ханның орнына жұрт біткен Абылай сұлтанды сайлай жаздамай ма. Піспеген жастығын айтып, тәжірибесіз албырттығын ескертіп Абылайдың өзі екен тақ пен тәжден бас тартқан. Әй, сонысы бекер болған!.. Сұлтандардың ырың-жырыңын пышақ кес — кендей тиып тастар еді-ау хан боп қасиетті Әз Тәукенің алтын тағына отырғанда. Дүниенің кілтін ұстатқан жеті ықылымның ғаламаты мен ісін игерген, жеті ықылымның тілін меңгерген адамға ел билеу қиын болып па. Түбінде Абылай ел билігін ұстайды-мыс.

Дақпырт дақпыртқа жалғанса, ауыздан ауызға көшсе, ауылдан ауылға кетсе, жамау-жасқауы көбейіп, өтірік-шыны араласып, ақиқат пен аңызы ажыратылмай жұрттың көксеген арманының дәл өзіне айналып кетпей ме. Бірақ арманшыл қазақтың Абылай сұлтанға деген көңілі кіршіксіз ақ еді. Ниеті тау суындай таза еді.

2

Домбыра майда шертіспен жорғалады. Майда шертіс сабасына түскен көңілдің мамыражай халінен хабар бергендей. Көңіл күйдің сан алуан құбылысын тап басатын қазақтың қалақшадай ғана қара домбырасына жететін құдіретті аспап табыла қояр ма екен. Міне, баяу ғана қозғалған он саусақ перне мен шанаққа нық қадалып, кеудеге әлдебір қуаныш құйып, жұбаныш тапқызар сырлы сазды ғана саумалайды. Аласұрған жүректің аңсауы көп еді. Асықтырған, алқындырған күндер артта қалған соң, еліктіріп әкетер көп қызықтың ауылы да ұзап кетіпті. Тек сол өткен күндердің куәсі де, хабаршысы да, тілі де боп домбыра ғана тыншымайды. Зар толғау, кер толғау күйлерімен, сабырлы сарындарымен өткеннің өгейсіткен, өксіткен шақтарынан күрсінтіп отырып шаң береді де, сол өткен күндер шерімен қоса ерлігі, өрлігі, қайсар азаматтығы да болғандығын айқындап, серпінді үндерімен безектеп кетеді. Одан әрі сатқындық пен опасыздықтың күйігін тартқан елінің күйзелісінен туған өз ықылықтарын іштей ышқына атқытқандай екі ішекті перне бойлай жүгірген сол қолдың шапшаң қимылымен ширығады кеп. Толғанады коп. Содан ба ырғақ жиі өзгереді. Жиі алмасады. Қайтадан шиыршық атқан ой, бойын өзі тежеп, ентіккен көңілін сабырлық жұртына қарай жетелейді.

"Иә! Жас дәуренге қайта оралу жоқ қой. Кей — кейде сол шіркінге ойыңмен оралғанда да барқадар таба алмай қиналатыныңды қайтерсің. Әрине жастығыңды қия алмайсың! Әрнеге құмарланған құштарыңның бәріне жете беруді тәңір хақ маңдайға жаза бермеген де ғой. Көкірегіңді қарс айыратын көксегеніңнің ұстатпай, елес боп кеткенін қайта жаңғыртқанда жаныңның шорланып біткен жарасының аузын тағы бір тырнап алғаннан басқа не өндірерсің. Қайран Шараһай! Қолды болған малды айдап, тұтқындағы жандарымызды босатып алып, елдей көшіп қайтқанымызда жер түбінен жалғыз қара боп көрініп, сыңараяқ сүрлеудің шүйкедей ғып шаңын шұбатып артымыздан қуып жетпеп пең, қайран қарақөз!"

* * *

Қазыбек шөбере ағалары Бабаназар мен Даудың қасында келе жатқан. Өзгелерден гөрі осы екеуінің өзіне деген ерекше ықыласын сезе ме, әлде осы екі ағаға деген бой ұруы көбеюден бе, ұзақ әңгімеден жалыққан кезде тіпті кей — кейде қатты қалжындасып қалатын да жағдайы болатын.

Айтқандары өтіп, сұрағандары алдына түсіп көңілдері бірленген елшілердің жүздеріне жақсы күндеріндегідей нұр енген. Шетінен қуақы тартып, бірімен-бірі ашыла сөйлесіп, алдарындағы көк мұнары кілкіген төбе-шоқыларға сүйсіне қарап, жүрістерін де ширатып алған.

— Бабаке, Дау аға, көптен бері ауылдан шыққалы жатысымыз да, жайылысымыз да бір болса да, күйісіміз әрқалай бола беретіні қалай? Көңіл көпсіткен күдік болса, ол арылған, аршылған тәрізді болды ғой. Бірақ осы үлкендердің кеудесінің құлпың аша алмайтын дәрменсіздігімнің кілтипанын айта аларсыздар ма? — деп бетінің ұшындағы қою қызыл реңімен үлкен ақ тістерін жарастыра түсіп Қазыбек тың әңгіме бастады.

Алғаш "мына шіркін құрықты қайда тастайды" деген пікірмен сәл жымиған кең иықты, зор кеуделі Бабаназар Дауға бір қарап алды да, сабырлы, салмақты кейіпке көшіп, Қазыбекке бас изеді.Үміт аулатып, арман қуалататын жастан асып кеткен үлкеннің алды тарылып, арты ұлғаяды ғой, Қазыбекжан. Бұрынғыдай алдына қуана қарамай, күдікпен сығалайтын егденің өз ішіне көбірек үңілетінін ескерсеңші. Артындағысының енді орал-масын, дәурен күндердің енді қызыл-жасыл боп жайлауына жолатпасын сезген көңілдің өзін де, өзгені де өгейсірейтінін сен әзір біле де бермейсің. Сол шалқақ дәуреннің шалқытқан жастығын енді ешқашан таппастай боп жоғалтқан адам сол жас дәуреннің қызуына өртеніп, көрігінде балқып жүрген жалынды жасын қай бір жақтыра қояр. Өзімшіл көңілдің өзгені күндеуі де қиянаттың бір парасы болса, сол өзімшіл кеудесінің кілтін аяншақ, кінәмшіл үлкендер екі жүзді қанжардай қылшылдаған парықсыз жастықтың қолына оңайлықпен ұстата қояр ма екен. Адам шіркін дүниедегі шешуі жоқ ең қиын жұмбақ. Ал сол адам өз кілтін өзгеге қарап тұрып ұстата салып, әлгінің қолындағы қырық айналдырып ойнар қуыршаққа айналғысы келмейді ғой. Ашылуының қиындығы, меніңше, осында болар, — деп еді, Дау әрі қарай іліп әкетті.

— Бабакең бәрін айтты. Қазып айтты. Әлгі айтқаны-іші терең, ұққаны мен кеудесіне тыққаны көп молдың, бардың келбеті. Ал мен айтсам, бетінің қызылсыраған әрінен басқа көңілінің нәрі, жүрегінің нұры жоқ қуыс кеуде кәріні айтам. Өзімен еркін, тең сөйлесетін адамнан-жасынан да жасамысынан да қашқақтап тұратын пәсті айтам. Құнары жоқ көкіректің өсиеті қайдан бол сын, қасиеті қайдан келсін. Ойшыл сергек жүректен ішімдегі әлсіздігімді, жұтаңдығымды сезіп қалар ма деп, көзін алартып, түсін сазартып, сыртқы тонын суыққа салып, безініп отыратын солар ғана. Ой мен сезімнен, тіл мен діннен кенде қалғанын бүркемелеудің де бір түрі-қуыс кеуденің кілтін ұстатпау. Сен, Қазыбекжан, көбіне көп сондайларға кезігіп жүрмегейсің, — деп қатарласа үзеңгі қағысқан інінің арқасынан қағып қойды.

— Әй, рас айтасыздар! Солай екені көңілге қона кетті-ау. Бірақ осы мен сіз екеуіңізбен құрбы-құрдастай сөйлесем. Кейде кәдімгідей әңгімеміз де жарасып қалады. Басқа ұяның күшігі, бөтен желі-көгеннің жасы, толы деп жатырқап жасқамайсыздар да. Сонда да көп жасыратын, көп тасалайтын бір қалқа тұстарыңыз бар. Соған онша жақындата, жолата бермейсіздер. Сірә, қызығы басылса да қызғанышы таусылмас әрі ыстық, әрі қымбат, әрі әр жеке бастың құпиясы мол дүниесі-ау деймін сол қоймаларыңыз, — деп екеуіне кезек-кезек күлімдей қарап алды да, жастықтың ойнақы қылығымен сықылықтап күліп ала жөнелді.

— Мынау шіркін қайтеді?

— Тағы бір тосын жайдан, қиын шиырдан шаң бергелі келеді. Тұспалы тым күрделірек екен.

Енді екеуі бірдей ашық түспен ақтарыла күлген Қазыбекке қызыға қарап қалды. Жас жігіттің бойын-дағы өзіне ғана жарасар еркіндігіне де, кіммен болса да тең сөйлесетін парасаттылығына да, не бір қиын түйінді жеп-жеңіл шеше қоятын аңғарымпаздығына да тәнті болған ағалар енді сөзуар інінің қай аңғарға жалт беріп, қалай тосып тұрғанын пайымдай алмады. Е, не жасырыппыз? Сенен жасырардай құпиямыз бар ма еді, Қазыбек шырақ? — деп Бабаназар құлағын шұлғи құлшына жорғалаған шабдарының тізгінін тартып, кейінгі екеуді қатарына өткізді.

Осы шындығы екенін кірпігі жыпылықтамас қырағы көздің тіке қадалған ажары байқатты. Соны көргенде Дау да құптай түсіп, иек қақты.

— Бабакең жөнін айтып тұр. Басқаға болса да дәл саған, Қазыбекжан, еш бүкпеміз жоқ. Қайта сен біздің ішіміздегіні бүгін де айтқызбай-ақ сеземісің деп те қалам-ау.

Қазыбек одан сайын қиындата, құйындата түсті.

— Тағы да әрнемен бұлтарып кеттіңіздер, жақсы ағаларым. Ішімдегіні көресің дейсіздер де сол көрер тұсты, көме бүркеп тастайсыздар. Қиянат сол емес пе. Жаттан естісем, сырттан естіген болар ем. Онда қоспасы, жалғаны жалғаса жүрер еді. "Інім, бауырым!" дейсіздер. "Құпиям жоқ, кілтім міне!" дейсіздер. Алақанды ашпай ғана жұдырық ұстатасыздар. Сеніскен сиқымыз осы ма сонда.

— Оу, шырақ! Сен тіпті өкпе айтып кеттің ғой. Соншалықты жасырынып не жазыппын? Тіпті жасыратындай... өзгеден емес, тап мына өзімдей өзіңнен жасыратындай не құпиям бопты. Ашып айтшы? — деп Бабаназар кәдімгідей қуыстанып, амалсыз күймен жапақ-жапақ еткенде, Қазыбек әлі де сол кірпік қақпас байсалды пішінмен: "Енді өзіңді тыңдайық, аға! Ал сөйле!" дегендей Дауға назар тіктеді. Дау да адал, аңғал адамның жазықсыздан-жазықсыз дегбірсіздене қалатын әдетімен сасқалақтай жөнелді.

— Оу, Қазыбекжан-ау! Ойпырай, айналып үйірген дауылдай қажалай бердің ғой қайта-қайта. Айтқызбай қоймастай шүйілдің. Жалтарғалы тұрғам жоқ. Бірақ нені көмбелегенімді сен білсең де, өзім біле алмай дал боп тұрмын. Қолқаң болса, бауырым, қолқамды суырмай ашып атасаңшы! — деп тізгін ұстаған қолының алақанын ашып жапты.

Қазыбек сол жым-жырт қалпы екеуіне қабағын түкситіп жіберіп, кезек-кезек шаншылып өтті. "Өтірігіңді ұстадым! Бекер ақталасың!" дейтін зілді қарастай көрінді сол шаншылуы. Екі ағасы одан сайын қипақтады. Қипақтаған екеу бір-біріне жапақтасып қалды.

Қазыбектің қаз қаңқылды дауысы қатқыл естілді.

— Ау, қос бәйтеректей қос ағам. Саяларыңда тынықтым. Самалдарыңды жұттым. Жапырақтарыңның суылын естідім. Бірақ сол жапырақтардың таң сазында ғана бірімен-бірі сыбырласа қалатын, бірімен-бірі сырласа қалатын тылсым сыбдыры бар еді ғой! Тылсым сыбдыры жүрегінің жыры, жан-жүйесінің әні еді ғой. Сіздер қос бәйтерек ағаларым! Маған сол жүрек сырынан, жан дүние жырынан, әдемі әнінен нәр татқызбадыңыздар ғой. Өкпелемей қайтейін. Бұртимай не ғылайын.

— Не дейд?! Тылсым деп... жүрек сыбдыры ... сыбыры деп қайда бұрып барады? — деп Бабаназар әлі де ештеңе ұғына қоймаған күймен ажырая қарап қалды.

Дау да Қазыбектің нені тұспалдай тұсағанын аңғармады. Бірақ тұсаулы халде алысқа ұзамасын сезді. Ашығынан кетті.

— Сен енді бізді сонау кейіндеп қалған күндерге шақырып тұрғаннан саумысың? Оның несі таңсық? Қаңсыған сүлдері ғана қалған.

— Біреудің қаңсығы біреуге таңсық дейтін өздерің, үлкендер емес пе.

— Ой, бәтір-ау! Нені қоймай тіміскілеп келеді десем... Оған сен құмартпай — ақ қой, Қазыбек шырақ!

— Өзі-ақ құмартқызып жетеді әлі, — деп күн ұзынғы құрсауынан тез босағанына қуанған Бабаназар үлкен денесін селкілдете күліп алды. Жаны тазаның жайдары күлкісі жанындағы екеуді де жадырата күлдірді.

— Е, бәсе! Сенен жасырар көмбеміз жоқ демеп пем! Әй, Қазыбекжан-ай! Кейде өстіп адамды аяқ астынан састыратының бар-ау! — деп Дау риясыз көңілмен қарқылдай күлгенде ақ тістерінің дымқылында күн нұры шағылыса ойнады.

Қазыбек күлкісін кілт тиып ала қойды.

— Бәрібір жалтарып кеттіңіздер. Ойдағының бәрін қашан айтып едіңіздер маған? Қоймадағыларыңыздан қашан дәм татқызып едіңіздер маған? Енді кеп біріңіз сүттен ақ судан таза боп, біріңіз судан таза сүттен ақ боп сусылдай жөнелдіңіздер. Қастарыңызға отырғызбақ түгіл ауыл-үй қондырмасаңыздар, мен неге бұртимайын.

— Әу, енді соны айт, соны білдір деп тоқ етеріне неге көшпейсің? Немді жасырып, немді тыққанымды өзім де білмесем артыма қалжуыр байлағандай қылғаның не? — деп Бабаназар ішкі дүмпумен жығыла бастады.

— Ал айтайын. Бабаке, осы сіздің шақшаңыз қайда? — деп Қазыбек оқыс сұрақ қойды.

Бабаназардың түйіле бастаған қабағы жазылып сала берді. Кесек қыр мұрынның танауы желпілдеді.

— Әй, шырақ, ұстадың-ау! Манадан неге түтін салып, көп індетті десем, дәл осы тұсы бар екен-ау! — деп енді зор дененің өзіне лайық даусымен қарқылдап ұзақ күлді.

— Тағы жалтардыңыз. Көрсетпедіңіз ғой шақшаңызды.

Бабаназар қонышына қол жүгіртіп, арқар мүйіз шақшасын суырып алды.

— Міне! Насыбай атушы ма ең.

— Жоқ! Көрінген жерге көлкілдетіп түкіре беруді жаным жек көреді. Бері әкеліңізші. Жақсыны көрмек үшін деген. Әдемі зат екен, — деп қолын созды.

Созған қолға Бабаназар шақшасын ұстата салды.

— Жібі қайда?

— Не жіп? Қай жіпті айтасың?

— Әй, Бабаке! Бабаке! Қақпаңызды қанша қақсам да, сықырлатқыңыз келмейді. Ашылуы қиямет. Енді мен айтайын ба?

Бабаназар Қазыбектің бетіне шақшия қарады. Үнсіз бас изеді.

— Бабаке, осы сіздің мынасы ма, әлде басқасы ма, шақшаңыздың бір ғаламат қасиеті болыпты дейді ғой былайғы жұрт.

— Е-е, ол қандай қасиет екен? — деп Дау ынтыға қалды.

— Дау аға, кейде жансыз заттың да адам қызығар мінезі болатын көрінеді. Естуімше Бабкем ағаның сол шақшасы бұлаңдаған тәуір келіншегі бар, сылаңдаған сұлу қызы бар үйдің не төрінде, не босағасында ағамыздың қонышынан сусып түсіп, тығылып қанатын әдет тапқан деседі. Ал шақшасыз жігіт жігіт пе. Шақшасын іздеп кеп бұлаңдаған келіншектің үстінен оңаша шығатын, сылаңдаған сұлу қыздың оң көзіне ілінетін ағамызға сол сиқыр тылсымды әлгі шақшасы сіңірген деседі.

— Ой, бар болғыр! Қайдағыны қайдан естиді, — деп Бабаназар ыңғайсыздана жымиғанда, Дау Қазыбекті қазбалай түсті.

— Оу, ол шақшаң қызық шақша екен. Одан әрі не бопты? Сылқым келіншек, сылаң сұлулар не істепті?

— Оу, Дәуке-ау! Ол белгілі жайт емес пе. Сылқым келіншек, сылаң қызда көз жоқ деймісіз. Екі иығына екі кісі мінгендей, екі жанары сексеуілдің шоғындай жайнаған, қыран қабақ, қыр мұрыннан нұр төгілген жігіттің сұлтаны қолына күнде түсе берер ме, құлшынып құшағында тұншықпаса, несіне ұрғашы атанбақ, — деп Қазыбек сөзінің әсері қандай болды дегендей Бабаназарға қабақ астынан қиыстады. Ағаның "рас! рас!" дегендей сәл бас изегенін байқап қап, әрі жалғастырды.

— Келіншектердің күйеуі, қыздардың айттырған жері болады ғой. Келіншек көңілшек болғанмен, күйеу қызғаншақ. Қыз қылымсығанмен, құда қытымыр. Аңдып жүріп аударып алған талай талтақ күйеу бұл ағамыздан таяқ жеген деседі. Байқастап жүріп бүлік шығарып, талай қолымен ұстаған құда бата бұзған деседі. Сонымен ағамыздың шақшасы жоғалуын қоймаған соң ел арасы бүлінбесін дегенді ойлап шіркін Кәрсөн шешеміз... Бибатима анамыз әлгі шыдамсыз шақшаға жібектен жіп тағып, бір ұшын ағамыздың кісесіне мықтап тұрып байлап берген деседі. Бұлар елден естуім ғана. Бабаке, сырттан естігеннің қоспасы көп болады. Өзіңізден естиін дегенім осы шақша жайы еді. Күні бойы ішімдегі бір асығыс тілек: "Осыны айт, осыны сұра!" деп тықақтап қоймап еді. Менің сіздерді қинағаным да сондықтан болатын. Мен де сол шідер салынбаған шақша әрекетіне бой ұрдым ба, бір жаққа бошалап кеткім де бар. Әй, бірақ... — Қазыбек әлгі ойнақылықтан адасып қалып, лезде өзгерген жүзін екеуінен бұрып әкетті де қолын сілкіп қалды.

— Ой, Қазыбекжан! Неге тоқтадың? Шақшаң да рас.Шақшаңның көздің жауын алған көріктінің көз қысысымен түсіп қалатыны да рас-тұғын. Апамның, дәу апаның кейігені де, ұрысқаны да рас. Бірақ жіп тақты дегені кейінгі кейбіреулердің қосқаны. Дәу апаның бас шайқағаны-шайтан шақшаны жіпсіз-ақ байлап тастаған. Байланған шақша мені де матаған еді. Жібермеп еді содан кейін, — деп Бабаназар ақ жарылды. Кеудесіне әлдене толды ма, тобылғы сапты қамшысын мытып тұрған бойда теріс айнала беріп тынысын дірілдете шығарып, ықылық ата күрсінді.

Қатарында келе жатқан екеудің бірі күрсініп, бірі тығылып қалғанын көргенде, Дау кәдімгідей абыржыды. Құбылғыш көңілдің сан саққа жүгіретінін білсе де, дәл қазіргі қосарлы үнсіздік бұны да қобалжытайын деді.

— Ау, Бәке! Әу, Қазыбекжан! Сендерге енді мен сәлемші болмасам, тым томсара қалғандарың қалай. Бәкендікі, мен білсем, өткен қызығын, ашық-машұғын аңсау. Қылаң берген бір елесті қайтадан ұшыратқан жанның беймаза алаңдауы. Ол оз басымда да бар. Үлкеннің ұмыттым дегені ұмытпадым дегені. "Басылдым" дегені бас ұрғаны емес. Бірақ алғаш көріскендегі оттай жанған жүздің алау демін, қара көзін ұяла күркелеген ұзын кірпіктің жасаңғырағанын қу көкірек өлсе ұмытар ма. Шын сағынған жандардың бірін-бірі аңсай іздеп, елеусіз нәрсенің өзінен елеулі мән іздеп, соны тауып, соған тәуап еткендей мінажат тұтатыны әркімнің-ақ басында кездеседі. Лүпіл қаққан жүректің ауызға тығыла сыр ашқанын, жас төккенін сен, Қазыбек, әлі білмейсің. Білсең, бізді қинамас едің.

Қазыбек те, Бабаназар да Даудың "сәлемшімін" деп бастап, одан әрі өз ішін ақтармалап кеткен сәтінде — ақ қатарласа беріп, ынтыға тыңдап келе жатқан — ды. Екеуі қосарлана тіл қатты.

— Тағы, Дау аға! Айта түсіңізші!

— Шіркінің қалай сілтейді, ә! Бөгелме, Дау! Ары қарай жалғап жібер.

Дау жабысқан екеуге өзге дүниеден адасып келгендей бажырая қарап отырып, бас изеп қалды.

— Айт деймісіңдер? Нені айтып ем?.. Не айтып келе жатыр ем?.. — деп тосылыңқырап қалды.

Қазыбек жастықтың шапшаңдығын тағы танытты.

— Нені айтпадыңыз сіз, Дау аға! Көп қой. Қойлы ауылдың Қордабай байының Ақсәуле дейтін сұлу қызын торып, қотан ортасында бой бағып жатқаныңызда, қойға қасқыр шауып, қасқыр қуған жігіттер сізді ұстап ала жаздағанын айттыңыз...

Шилі өзеннің жағасында жайлауда отырған Шілік байдың көргеннің сілекейі шұбырып, аузының суы құритын Мүгілсім аяшты алып қашам деп жүріп апанға қалай құлап кеткеніңізді, апандағы өзіңізге арс етіп ұмтылған көкжал қасқырдың жақ сүйегін қақыратып қалай айырып жібергеніңізді айтып келе жатқансыз...

Алпауыттың астыртында отырған Алпысбай төренің жіліктің майымен асыраған ақ үлпек Тотысын...

— Әй, әй, болды! Тоқтай қал.

— Оу, Дау шырақ! Бөлме сөзін. Өзгені айт, өзіме соқтықпа деуің қай қырың. Басқамыздың бақшамызға түсіп, шақшамызға дейін суырғанда да үндемеп едік. Ауыз қақпайлауға жетік екенсің, — деп Бабаназар Қазыбекке қулана көз қысып, өтірік қиғылық салды.

— Апырай, Бәке! Менің сасқалақтағаным... мына өрекпіген жастың өзіме соғуын қараңызшы. Күні бойы кеудеңді ашпадың, кілтіңді ұстатпадың деп тымырайып отырып, дүниенің түгел түбін қопарып жүр екен-ау. Жасырған неміз бар екен сонда? Немізді бүгіп, тығып, құпиялап қалыппыз? Көктегі құдай біледі, сонсоң өзім ғана білем деген селкеусіз сырымызға дейін қанық болса.

Бабаназар сылқ-сылқ күлді. Күліп тұрып енді Қазыбекке ерге бір жамбастай отырып, еңсеріле бұрылды.

— Уай, Қазыбекжан! Тілімізді қышытқан өзің. Еркіндеу кетсек көңіліңе алма. Бір асудан енді сенің өзіңді бізге тосудың да реті кеп қапты.

— О не дегенің, Бабаке! "Әзілің жарасса атаңмен ойна" деуді менің шығармағанымды білесіз. Қысылмай айта беріңіз.

— Айтсам, Қазыбекжан, әкеңнің, Келдібек бидің, ол кезде ол әрине би емес-тұғын, қыз таңдап көпке дейін үйленбей жүріп алғанын білмейсің. Шаншар абыздың бұлғақтаған бозбаласы қызды ауылдың сыртында талай түн қатқанынан өзіміз де хабарласпыз. Есіміз кіріп қалған, шет жағасын көрдік те. Сонан сенің әкең аяқ астынан Шәкеңе "осылай да осылай; дереу құда түсіңіз, маған қалындық айттырыңыз" деп бір қызды көрсетпей ме. Әй, Қазыбекжан, көңіліңе ауыр алып қалма, Тоқмейіл саған-шеше, маған-жеңге. Сол жеңгемізді Шаншар атамыз көріп, ә дегенде зәресі ұшып кеткен ғой. "Балам-ау, аяғын сылтып басады ғой" десе, сенің әкең: "Көке-ау, мен оны жарыстырып бәйгеге қосу үшін алам ба" демей ме. Шаншар атамыз, тағы да болашақ келініне қиыстай қарап отырып: "Балам-ау, көзі қисыққой" десе, сенің әкең тағы да: "Көке-ау, мен оған мылтық атқызу үшін алам ба" демей ме. Ұстар жерім осы болар деген далбасамен абыз атамыз: "Ойбай-ау, сөз байласқан бұрынғы құдалардың бетіне енді қалай қараймын" десе, сенің әкең домбыраны ала сап, сабалап-сабалап жіберіп:

Қаймағын піскен сүттің алдым қалқып,
Аяғы ақсақ болғанмен, ақылы артық.
Көзі қыли, сөзі мен ісі түзу,
Сөйлескеннен өн бойым кетті балқып,

— деп әкесін жеңіп кетіпті.

Сонда сенің ақылды абыз атаң:

"Жетер. Енді көңілім орнықты. Табашыға да жауап табылды" деп, көл-көсір той жасап, екеуін қосқан еді.

Үшеуі жайраңдаса күліп, жадырап қалысты.

— Білем, Бабаке. Сіз енді менің шешемнің де не дегенін айтыңыз. Жұтпаңыз.

— Оны мен айтайын, Қазыбекжан. Оған өзім куә болғандықтан айтам. Көкең мені көбінесе жігіті қып Қасына ертіп жүрді ғой. Шыршықтың төменгі жағында астық жинатқызып жатқанбыз. Бір топ қонақ сау ете түскені. Кілең Қоңыраттың атқамінер жақсылары. Өздерінің Келдекеңмен нағашылы — жиенді боп ойнай беретін жөні де бар екен. Келгеннен, Тоқмейіл жеңгемізді көргеннен көкеңді қағытып, соқтыға берді. Шешеңнің жаңа түскен жас кезі. Аяғының сылтып басқаны сәніңдей, көзінің сәл қылилығы әсемдігіне одан сайын жарасымдылық бергендей көрінуші еді бәрімізге. Сол келіншек сыпайы ғана:

— Әу жігіттер! — деп кенет дауыс созғаны ғой. Шіркін, Тоқмейіл жеңгемнің сол кездердегі сыңғырлаған дауысы-ай! Өлгенді тірілтердей нағыз сыңғыр дауыс еді-ау!

Жігіттер қарқ-қарқ күлкісін тез қойысып, жалт-жалт қарасты. Тоқмейіл жеңгем сыпайы ғана:

— Көзім қыли, жасырмаймын ақсақпын.

Келдекеңмен сондай тату, жақсы-ақпын.

Татулықтың белгісіндей тамаша

Бес Бошанды билейтін ұл таппақпын,

— деп басын игенде, әлгілердің ауыздарына құм құйылып, үндері өшті де қалды.

— Білем, Дау аға, оны да білем, — деп Қазыбек жымиған күйі бас изеді.

— Білсең, сол ұл ылайым сен бол. Өзің бол, Қазыбекжан. Кім білсін, құдай Тоқмейіл апаңның аузына әлгі сөзді тегін салмаған болар, — деп Дау қатты үміт еткенін сездіргенде, Бабаназар бас шұлғи түсіп тұрды да:

— "Құдай бұйрығы, тағдыр жазуы" дегенді көп айта бермеуші ем, кейде соған қатты иланам. Емеурін деме, шырақ, осы саған шын сенімдімін. Сенің шешеңнің әлгі бір ауыз өлеңінде төрт Бошан болатын. Мынау Дау ағаң өзіңді өте жақсы көргендіктен бізді де,— сырт Бошан Машай тұқымын да қосып, бес Бошан деп өзгертіп айтты ғой. Бауыр Бошан қазір — ақ түгелдей Келдекеңнің иегінің астында. Сен, Қазыбек, бес Бошанды ғана емес, тіфә-тіфә, тіл аузым тасқа, сен бүкіл Орта жүзді, одан әрі әрлесем дүйім алашты аузыңа қаратар дүлдүлім боларсың, — деп жақсы көрген інісін тіпті шарықтатып жіберді.

Қазыбек қысылыңқырап ыңғайсыздана бастады.

— Оу, ағалар! Асатпай жатып құлдық дегендеріңіз тым асығыс емес пе. Бап шаба ма, бақ шаба ма, алдағы күн, алыс шабыс көрсетер. Бекер кесіп-пішпеңіздер. Ағаларымның қолына су құйып, кеңестерін бұзбай тыңдауға жарасам, басқасы артықтау.

— Не дейді! Ой, шіркін, бұқпалағаның не. Әке балаға сыншы болса, аға да ініге сыншы. Бізде де зерде бар шығар. Дәл осы елшіліктегі сенің талпынысың, соның әлгі біз ұйғарған үміттің айғағы болды ғой. Ызғарымен жарты әлемді бүрістірген Қалдан сұмды ықтырған сенен бұрын қазақ бар мед. Қалтырап отырып "Қаз дауысты Қазыбек" деп жалғанға жария еткені сенің ел бастар құдіретіңді сезгені. Ендігәрі ылдилағаныңды көрсетпе маған! — деп Бабаназар сөзінің соңын ағасынып қодилана бітірді.

— Рас айтасыз, Бәке! Тынымы аз, тыпырлауы көп тірлік пешенеңе жазылғанын, Қазыбекжан, бізден гөрі өзің көбірек сезесің. Сергектігіңе ризамын, — деп Дау жорғасын сәл ширатып оза берген көкқасқа айғырдың тізгінін қымтып бөгеңкірей қойып қисая бұрыла жас жігітке қарай берген, кенет көзін артқа шүйілдіре тігіп, саңқ етті.

— Әй, анау шаң неткен жүрдек еді. Асығыс кім болды екен?

Бабаназар да, Қазыбек те жалт-жалт қарасты.

— Қатты келеді!

— Жалғыз қара!

— Жападан жалғыз жүргеніне қарағанда, тегін жүріс болмады!

Қазыбек жүзі әлденеге сан құбылды. Соны Дау байқап қап еді.

— Әй, анау, Қазыбекжан, тап сені іздеп келеді. Домбыраңның соңғы күндері тым бүліне бебеулеуінен сезіктеніп ем.

Қазыбек тықыршып тұрды да:

— Сол! Өзі екен!— деді қатты танаурай деміккен түрмен. Көзі жайнап, жалындап барады.

— Сол дегенің кім? Кімді айтып тұрсың? — деп Бабаназар ентелей қалды.

— Сол дегенім-жоғалтқан шақшамды әкеле жатқан, күзетер қотаным мен түсер апанымды іздеткізер Шараһай қыз! Шараһай сұлу! — деп қан жирен атын борбайға бір тартып, Қазыбек қарсы атылды.

Бұл жақтан да тамыры кеуіп, сабағы қатая бастаған көденің үстінен тік түскен сілекейлі шанды шүйкедей суыртпақтап жалғыз із түсті. Сәлден соң көз ұшында тоқайласты да, ұйытқып көкте жұмарланып қап түйілген түбіттей селдіреп тұрып, сейіліп кетті.

Тұрып қалған екеуге енді ғана тіл бітті.

— Апырай! Жастық-ай! Жалынсың-ау!

— Қызды айтсаңызшы, Бәке! Қызды!..

— Біздің жігітті қай қыз іздемес деп ең. Ой, Дау-ау! Сен мынаған мән бердің бе... Анау қыздың мынау келесінен қорқа бастадым.

— Неге? Неден қорқасыз?

— Ay, ол қыз оңай жердің қызы болмас. Оңай жердіңқызы болмаса, кейінгі дүмпуі бізге бел асырмас. Әй, бел асырмас!

Дауға да түйткіл ене бастады.

— Сонысы бар екен-ау. Жас пен жас ұғысқанда, ел мен ел табысқанда... намыстан күйер әке барын ескермеппіз. Ескермесек, арпалыстырған кез жетеді. Жетеді-ау, — деп шын күйзеліп, анау бірімен-бірі оңаша тілдескен қыз бен жітітке мүсіркей қарады.

...Қазыбек Шараһайға анадайдан дауыстап қалған-ды.

— Қайран Шараһай! Неткен асыл едің!

— Неге жеткенімді, қалай келгенімді білмеймін. Әйтеуір өзіңді бір көріп қалмасам... бір тілдесіп қалмасам, ғұмыр бойы өкініште өтердей көрдім.

Шараһайдың бір қуарып, бір қызарып құбылып тұрған жүзінен, ұшқындап кететін қарақат көзінен көз алмай тұрған Қазыбектің көз қиығы кенет қыздың киіміне түсе кетті. Түсе кеткенде бүкіл өн бойын от құйыны дуылдата жөнелді. Шараһай сұлу бастан-аяқ қазақша қос етек дүрия көйлек, белін қынаған алтын қаусырмалы қызыл пүліш жеңсіз, үкісі желкілдеген әсем кәмшат бөрік киіп алыпты. Осы түрі: "Қалындық санасаң, қалыңдыққа лайықпын!" деп тұрғандай. Қандағы қызу енді жалын боп бетін шарпыған Қазыбек алау демін дірілдете ытқытты.

— Шараһай-ай, қадірің артық-ау! Қасиетің бөлек-ау, Шараһай!

Басқа тіл, басқа сөз жоқ. Бірақ осы сөздер Шараһайға көп жайдан хабар жеткізді. Қуарған жүзге енді ыстық қан мүлде орнап, ақша беттің енді білінер-білінбес томпағын бояуға малып алғандай қызартты. Қызыл еріндер одан әрі үлбірей қап, жігін ашып, әдемі әппақ тістердің маржанын тізіп салды. Ақ маңдайдың тегіс жазылып, қылаусыз ашылғаны, қиылған қастың әлгі ақша маңдайға қарай тік шапшығаны, қарақат көздердің қуана қарағаны, көкшіл күңгірт отымен күлімдей қарағаны-бәрі-бәрі тазалық, әсемдік көркіңдей көрінген еді, Қазыбек еркі байланды да қалды.

— Мен... мен сізді үнемі ойлап... Келмедіңіз. Анау қойтасқа қайтып оралмадыңыз.

Қазыбекке Шараһайдың әр сөзі, әр сөзді айтқан дауысы сондай ыстық... ынтық... байыбына жетер-жетпес күйде балқып тұр. Ашылып жабылған еріндердің әдемі қимылына көзі мүлде байланып қалыпты, басқа дүние дәл қазір ұшты-күйлі жоғалған.

— Аяғыңыз қалай қазір... Ауырмай ма?

— Аяқ? Қандай аяқ?

Шараһай сыңғырлап күліп жіберді. Сол сыңғыр күлкісінен ыңғайсызданғандай екі езуіндегі көбігі әлі кеппей омырауы терлеген күрең айғырдың жалын саусағымен тарақтай берді.

— Ә, ә... жазылған. Бірақ, басқа жараның, басқа жерімнің сыздатқан ауруына қандай ем табармын? Таба алармын ба... Таба алармыз ба, Шараһай? — деп енді төтелей салды.

Шараһай одан сайын қып-қызыл боп, ұзын кірпіктерін кең аша, жалт қарады. Үлкен көздер айнадай мөлдіреп тұр екен, сыр жасыра алмады.

— Табуы қиын-ау, Қазыбек аға... Табылуы қиын ғой. Қинайтыны да содан ғой...

Баяулата күрсінді. Үлкен көздердің ұзын кірпіктері жапырылып, әсем айнаны бүркеп кетті.

— Неге, Шаражан! Неге қиындайды? — деп сәл қырындаған қыздың бұлтаң ете қалған алтын сырға-сына көзін сүріндірді.

— Не дермін. Не деп жеңілдетермін. Басым байлаулы ғой, Қазыбек аға.

— Байлаулы жіп шешілмес пе... Шешпейміз бе сен екеуміз? — деп Қазыбек қинала жауап тосты.

— Шегеленген дүние ғой. Амалы жоқ. Қайырымы жоқ, Қазыбек! — Алғаш рет "ағаны" қоспай айтты. Соған да разы әрі дәмелі жігіт әзеурей түсті.

— Шешілмеген шиені қанжармен кесетін. Тәуекелге бармысың, Шаражан! Қиып түссек қайтер еді?!

— Зар ғой... Шер ғой одан арғысы. Қиып түсудің арты таусылмас зобалаң ғой, Қазыбек, — деп Шараһай енді жігітті әрі жақындатпай, әрі алыстатпай қимас қараспен аймалап кетті.

— Желек жамылсаң, қол ұстассақ, оның несі зар, несі шер, Шаражан?

— Зар елге, әке-шешеге түседі ғой. Шер елге тарайды ғой. Ел мен елді татуластырған елшіліктен көңіл қалады ғой, Қазыбекжан. Арты үлкен ылаңға ұласады ғой.

Санаға енді ғана саңылау кірді. Сол саңылаудан үркітіп үрей енді. Ысқырып ызғырық соқты.

"Елшілік!... Иә, елші атымыз бар. Елдестірген өзіміз. Жауластырмақ та біз болады екеміз-ау. Ол жағын өзімшіл жүрек байқамапты-ау. Бармапты-ау ол тұсқа. Қайран да ғана ақылдым-ай! Шаражан-ай! Тілегің де, жүрегің де мен деп соғарын жеткізіп жақындасаң да, алыстап сала бердің — ау! Таптым дегенімді біржолата жоғалтқанымды білмеппін — ау. Іш жылай ма?.. Езіле ме ет жүрек. Ол ше? Шаратай ше? Оның іші қан жылап тұр-ау. Қандай сабырлы!... Сездіргісі, ренжіткісі келмейді. Мені аяйды. Ал өзі ше? Оны мен аядым ба? Аямадым ғой. Неткен өзімшілміз. Еркек біткеннің кеудемсоқтығы таусылар ма? Басым байланған дейді. Бұлар да айттырып қоя ма екен. Айттырғаны кім екен? Оны білгенде қайтем? Білмесем нем құриды? Қайран Шаражан! Неге кездестік? Кездеспесек, бір-бірімізді көрмесек, дәл бүйтіп қан жылап айрылмас ек... Айрылысамыз ба?!"

Осы ойдан шошып оянғандай ес жиды. Қазыбектің ұзақ үнсіз қалғанынан қысылып, қиналып тұрған қыздың бетіне, атын лықсытып келіп, қолын тигізді. Саусағына дымқыл білінді.

— Неге жыладың? — Сұрағының оғаштығын өзі де тез түйсінді де, — Менің де ішім жылап тұр ғой, Шаратай. Езіле еңіреп тұр ғой,— деді.

— Сіз егілмеңіз... Ер адамға жас ауыр. Өзекті орып түседі ол. Беркініңіз, Қазыбек. Қинамаңыз өзіңізді. Тағдыр жазуы осы болса, қос жағадан қол созып қана, алыстан аңсап қана өтерміз, — деп бетіндегі қолдың сыртынан алақанын басты. Қолы күйіп тұр екен, от қарығандай болды.

— Кейісек те, күйінсек те тағдырдан көреміз. Сол тағдыр немең көнбістік емес пе, Шаратай? — деп Қазыбек әлі де қиялап болса да өтер өткел іздеп тұр.

— Мүмкін. Көнбеске шара бар ма. Татулық деп келіскен халді тағы бұзардай сына қақпаймыз ба? — деп өзінің шынын айтқызған көңілін жайып салды. "Ел арасы сөгілмес жай болса, сендікпін!" дегенін бұдан артық қайтіп айтушы еді. Қазыбектің өрекпіген жүрегі аттай тулады. Сол дүрсілдеген кеудеге нұр сәуле еніп, ішкі әлемі жарқырап сала берді.

— Шаратай-ай! Сәтке ғана табыстырып айырған сол тағдырыма бәрібір өкпем жоқ. Қуаныш берген, бақытқа бөлеген осы сәтімді, маған деген ынтық лебіңді сездірген осы дәл қазіргі өң-жүзіңді мәңгі ұмытармын ба. Ұмыта алармын ба.

Осы кезде өкпе тұстан тағы біреу қиыстау шауып, шаң бұрқыратып шыға келді. Қыз да, Қазыбек те байқап қап еді, түстері бұзылып, құбылып қоя берді.

"Әй, тапқан екен!.. Аңдуы мықты-ау!" — деп қыз қинала қабақ түйді де, әлгі қарадан көзін тайдырып әкетіп, Қазыбекке қайтадан жадырай қарады.

— Ұмытпаспын мен де. Жүрегіме тілік боп түскен сәтті дертпен іздеп өтермін, — деп саусағындағы гауһар көзді жүзігін суырып алды. — Белгім болсын. Көңіліңіз қобалжып, бей-жай тартқан кезде, көзімдей көріп еске алып жүрерсіз.

Қазыбек жүзікті басын ие құрмет көрсетіп тұрып алды да, шынашағына кигізді. Жалма-жан кісесіндегі қалтадан күміс оттығын алып, Шараһайға ұсынды.

— Менің де белгім боп қалсын. Жас ғұмырдың бір ғана жарық күнге талпынып гүлін ашар сәтін бастан кештім. Ашылдым да басылдым деп кетермін күрсініп. Есен-сау жүр, Шараһай!

— Мен де кештім ғой дәл сол күйді, Қазыкен. Шуақ таптым ғой кеудеңнен. Шомылдым ғой мөлдір таза сәулесіне. Қайтейін. Әр ізі аңдулы шерлімін. Шерлімін! Өксік жұтып кетермін тағы! — деп көз жасын төгіп-төгіп жіберді.

Сол екі ортада әлгі жалғыз қара да жетіп қап еді. Бабаназар мен Дау да әлденеден сезіктеніп, жау жарағына жармасып қалғанды.

Қазыбек келгенді таныды. Өткенде ақ ордада отырғандардың арасынан көрген еді. "Көп ноянның бірі шығарсың. Бірақ аузың салымды екен" деп тұр іштей. Дауыстап амандасты.

Анау сәлем Қайтарған жоқ. Қиястанғаны соншалық түгі түгел тікірейіп кетіпті.

— Ау, жарқыным! Соншама түнергенің не? Аман-сәлемді алмасаң да, түсінді жылытшы аздап. Қабағыңнан жауған қар даланы көміп кетер,— деді жаны күйіп тұрған Қазыбек ең болмаса мынау аузының салымы бар бәсекелесін бір қыжыртып.

— Тағы алмаған нең қалып еді бізде? Мәңгіріп қалып, қаңғырып келген қазақ, әттең елші атың бар. Әйтпесе... — дей берді де Шараһайға бұрылып, өз тілінше дүрсілдеп ұрса жөнелді. Қызды не деп балағаттағанын түсінбесе де, не айтып жатқанын жорамалдаған Қазыбек тағы да кимелеп кетті.

— Уай, ноян! Біздің қазақ қызды басына хан көтеріп, құдайдай сыйлайды. Қабағын бағады. Бабын табады. Әсіресе өзгенің алдында өзектесіне әкіреңдемейді. Сендерде сондай жосық жоқ па еді? Шаратайда не жазық бар, сен дүрсілдейтіндей?

— Кіріспе, қазақ! Жаныңды олжалап жөніңе қайқай!

— Жанымды сен емес құдай берген. Жөнімді сенен сұрамаспын.

Шараһай істі насырға айналдырмайын деді ме, Қазыбекке күлімдей қарады.

— Ал, нағашы! Бар тілек айтылды. Басқа не қалды. Қиыспаған, қимаған көңілдерде жазық жоқ. Өксік көп. Жолыңыз болсын! — деп бар шындығын қасындағы қоқаңдаған болашақ күйеуінен де жасырмай ашық айтып, ат үстінен бас иді.

— Иә, айтылғанның азын да, назын да азырқан-баспын. Беріш боп орнар жүрекке ол, жиенжан. Сау бол! — деп Қазыбек қолын созғанда, ноянның шошаң еткен қамшысы жарқ еткен қыз көзінен жасқанып барып, атының сауырына сарт ете қалды. Шапшыған атының басын қос қолдап бұрып әкеліп, әлгі Қазыбекке тақалып, қанталаған қысық көздерді ін түбінен қызарта өңмеңдетті.

— Нағашы, жиен бола қалдыңдар, ә. Барды айтып, наз бөлістіңдер, ә. Жоқ! Кетерсің. Аман кетерсің бұл сапар. Бірақ шандатып еліңді шаппасам, кеудеңнен басыңды ұшырмасам, сұм қазақ, Қара-Манжы атым өшсін!

— Болсын айтқаның. Сіресуге де, тіресуге де дайынмын мен. Аяспайтьшға біз бұрыннан кеткенбіз. Бірақ адалыңмен келуге тырыс. Ұрланып келіп әділетсіздік жасайтындарыңнан, тығылып келіп, тонап кетуден тыйылыңдар. Кең қолтық болғанбыз. Енді ол болмас. Қамсыз қалмас бұрынғыдай қазақ. Сендердің жыртқыштықтарыңнан жерініп, ақыры айбалтаға жармасқанымызды ескер сен де, Қара-Манжы! Ендігі мүйіздеуді біз жасармыз. Біз! Сонда ат көтіңде кетер қыздарыңды ойла. Күңіренер, шерленер апаларыңды ойла. Жаулықтың жауыздығын да ойла! — деп қатты кетіп бара жатып, жалт бұрылып Шараһайға қарады. Жүзінен қимастықтың күйініші көрінді. — Шаратай, шарасыздықты сезінгенім өмірімде осы болар. Мынау ойрат ноянның алдында арылғанымды естідің. Қорықамын дегем жоқ. Ендігәрі қорықпайтынымызды айттым. Ел мен ел келіскенмен, ер мен ердің керісі бітпесін ұқтым. Сол керістерден терістік тумауын ғана тілеймін. Өзіңе бақ тілер едім... Бақыт тілер едім... оған күмәндімін де. Бірақ алдыңнан жарылқасын, Шаратай. Кім біледі, "ат баспаймын деген жерін екі басады" дейтін бар. Ұшырастырар айырған жазмыш. Тағдырға тәбділ жоқ қой. Ыңғайластырар әлі де. Сау бол! — деп Қазыбек тағы да оң қолын кеудесіне төсеп, ілтипат білдірді.

Шараһай асықпай кәмшат бөркін шешіп ап, басын игенде, түйіп алған қос бұрымы қос бұлақтай болып, алдыңғы өңіріне төгіліп кетті.

— Жолыңыз болсын, Қазыбек. Айнымаспын...

Қазыбек бүкіл денесінің мың сан ине қадалғандай дуылдай жөнелгенін сезгенде, одан әрі бөгелуге шамасы жетпесін біліп, атын бұрып алып, кейін қарай бүлкілдете жөнелді.

"Апырай, қандай ер! Қандай өжет! "Айнымаспын" деді-ау. Қасындағы аңдушысы, қарауылы тұрғанда соны айтқаны, барын айтқаны неге тұрады. Жан берудің бұдан артық түрі болар ма. Әттең дүние-ай! Өстіп те адамның жүрегін жаралап өте бергенің бе. Өстіп те сол жаралы жүректі ғұмыр бойы сыздатып кете барармысың? Біріне бірі ұмтылған екі жасты бір — бірінен айырып, арасына екі елдің жауығуын, екі ердің кектесуін қарсы қоя берермісің? Шаратай — ай, шарасыз күнің одан әрі ширығар ма? Ширығар — ау. Анау қасыңдағыңның қабаққа қарар түрі жоқ қой... Ол шіркінді де түсінуге болады әрине. Айттырған қалыңдығы тапатал түсте жауының соңынан куып жетіп "сүйдім, күйдім" деп жатса, қай еркек күйзелмес еді. Қай еркек бүлінбес еді?.. Ендігі күнің не болар сенің, Шаратай? Зымырықтан су ішермісің? Биігіңнен... мынау кісілік биігіңнен құлдырап, күңдік, мүсәпірлік күйге түсермісің? Неге ғана кездестік? Әй, әттең-ай! Әніңді тағы бір ести алмай кеткенім... Әнің еді ғой еркімді алып, өзіңе дедектетіп апарған. Мені жұбатар, өзіңе дем берер сол әнің болар ма... Болар да. Қош бол, Шаражан!"

Бабаназар мен Дау екпіндеткен күйі қастарынан өте берген Қазыбекке үнсіз ілесті. Екеуі де мән — жайды айтқызбай — ақ білген еді. Мынау ширығып келе жатқан жас достың, жақсы інінің дәл қазіргі халіне медеу боларлық ештеңе таппас өз күйлерін сезе ме, жақ жазбайды.

Әсіресе Даудың түсі қашып кеткен. Әлгінде даланың төсін тіліп, жалғыз таспа шаң суырып жеткен жеке ойратты көргенде: "Қап! Бекер болды-ау! Онсыз да айрылысудың ащы дәмін татып тұрған екі жасты, қызғаныш ызғарының енді зәрлі уын ішкізетін болды-ау. Әй, қу дүние-ай! Сәтіңмен жетер күнің жоқ қой бір. Қайда барсаң шер қапқан көңіл. Зар құшқан жүрек... Аһ ұрған жалын. Неге сөйткізе береді. Ырзалық тапса, дүние бұзылар ма? Көңіл көншісе, заман бүліне ме? Неге өксігі көп өмірдің? Өгейсіте берер болса, төліне неге діл береді? Жүрегін неге тасқа айналдырмайды онда? Тебісуі көп, келісімі жоқ тірліктің несі сән? Етек алған, есе тиген ел болдық деп лепірген жүрек бар еді. Тағы да күлге айналды ғой сол жалындаған жас жүрек. Қыз байғұс ше? Қаңғытар ма, қан жұтар ма?.. Таң атқан сайын іргесінен домбытпасы бітпес ызғар шалып тұрса... күйігіменен — ақ жіңішкеріп үзілмес пе?!."

Қазыбек бір бел асып барып, ат басын ірікті.

— Шақшамды да, қатыным мен апанымды да көміп келдім, ағалар деп арт жаққа, жота жоталары бірін бірі қуалай жарысып, көкжиектегі сусылдаған көк мұнарға сіңіп кеткен жазыққа көзін ұзатты. Құлазыған көңіл де сол артта қалған, көзден жас ыршытпаса да, сол ыстық жасын ішіне селдете құйған қызды іздеп кеткендей.

— Қой, шырақ, өйдеме! Өмірден түңілу бекер. Жоғалтқан адам таппас па. Табылған нәрсе жоғалмас па. Мәңгілік не бар? деп даусын әдейі қатайта шығарған Бабаназар ағасы үлкенсіп, қиялаған болды.

— Жоғалтудың да жоғалтуы бар, Бабаке! Орны толмас дейтінді бүгін ұққандаймын. Толмас орны... — деп Қазыбек ауыр күрсінді. Сонысын, күрсінісін жасырған жоқ.

— Орны толмас олқылық қана, Қазыкен!.. — дей берген Даудың жанасып кеп тізесінен шап берді.

— Қазыкен дедіңіз бе?! Тағы айтыңызшы, Дау аға!.. Анау Шаратай әлгінде алғаш рет осылай деп еді. Соңғы рет естуім болар деп ем. Дәл соны сіз қайталадыңыз.

Ұзатпай қайталадыңыз. Өмірімде екінші-ақ естуім! — деп Қазыбек тез тұтанды. Өңі де қуқыл түсін өзгертіп, шарбыланған қызыл реңк тапты.

— Ә...ә, Қазыкең, олқылық деп пе ем... Бұлқынған жүректің табары... іздеуі тоқталмасын. Күңіренген дүниенің дабыр-дүбірлі күйге бөккен дүниеге ауысатын да кезі болады. Күн мен түннің алмасуы бекершілік пе? Қараңғыны ақ қумаса, аққа қара жармаспаса, дүниенің әуре-сарсаңды қызығын білмес те едік, Қазыбекжан.

— Оу, Дау аға! Мынауыңыз кәкейге қонады-ау. Бірақ күңіренген дүниемнің аласапыраны сіз айтқан әуре — сарсаңнан асып түсіп тұр ғой. Сонысымен кеудемді нығыздап басып тұр ғой.

— Күңіренбесе ол кеуде болар ма? Күйінбесе, күймесе ол жүрек болар ма? Бірақ ер жігітке сын көп. Тосқауыл, бөгет көп. Көтермесе, жүнжіп кетеді. Жіңішкеріп үзіледі. Сілкінсе, қажырланады. Соны баққаныңды қалаймыз мына Бәкең екеуміз, — деп Дау інінің иығынан елеусіздеу ғып сипап өтті. Сол сипау Қазыбекке тірек пана боларлық тау орнатқандай сезілді.

* * *

Өз тобынан ажырап қалған бұл үшеу сол күні тым аршындап кетпей, кешке қарай қазақ жерінің шебінің ең шетінде отырған кішірек ауылға кеп түсті.

Ат-жөнін сұрасып, әсіресе жас, жаңа пері Қазыбектің аңыз боп жеткен атын естігенде, бүкіл ауылдың үлкен-кішісі дабырласа жиналып қалған еді.

— Өркендерің өссін, азаматтарым!

— Елдей көшіріп, ел қайтардыңдар. Селдей есіп жаудың бетін қайтардыңдар.

— Айдап малымызды әкелдіңдер. Босатып жанымызды бердіңіздер.

— Уай, Қазыбек дана қайыссың ең?

— Апырай! Жігітім-ақ екенсің жап-жас басыңмен! Ақшулан сақалды, әппақ сәлделі жақ сүйегі босаған кәрідей көруші ем, тіл — аузым тасқа, қарағым.

— Аузыңнан атылар жалын еліңе шуақ, жауыңа дозақ болайын деп тұрған нағыз баршыным боп шықтың, — деп елтірі тымақтың бір жақ құлағын едірейте жоғары түріп алған мосқал еркек екі қолын анадайдан жайып келіп, Қазыбектің мол, ірі денесін қаусыра құшақтап, еңкейте беріп, маңдайынан сүйді.

— Рахмет, аға!

— Оу, рахметті біз сендерге айтайық. Сендер болмасаңдар, олай өтіп бара жатып бір домалатып жейтін, былай орағытып қайтып келе жатып қалған — құтқан малды тырқыратып қуып кететін обыр ойрат өз аяғымен мал-жанымызды айдап әкеліп тастар ма ед? Тұяққа тұяқ, басқа бас алу, о заманда бұ заман бұрын болып па еді? Тәубамызға күніне он ұйып, батамызды өздеріңе, әсіресе Қазыбек балам, сенің өзіңе, сырттай үйіп — төгіп беруден шаршадық па. Анау хонтайшы алдында айтқан сөзің бүгін бар-бар жұртыңның аузында. "Е, бәсе! Өрлік солай өрлеуі керек. Талап солай өрекпуі керек. Еркіндікті азулы елдің айбатынан табу керек" деумен өзіміз де арқаланып қалдық-ау, — деген әлгі адам үшеуіне кезек-кезек қарап, алыстан аңсаған жақын ағайыны келгендей есі шығып кетті.

— Екі-үш күн жатып қонақ боласыздар.

— Жібермейміз. Жата-жастана қайтарсыздар.

— Әңгімелеріңізді өз ауыздарыңыздан естімей, сірә, мауқымыз басылмас.Осы кезде жасы отыздарға кеп қалған кең иықты жігіт өрістен мал айдап келді ме, мал қайтарып келді ме, атынан секіріп түсіп, шылбырын ұстаған адамнан жүргіншілердің кім екенін сұрап білсе керек, сондайдан қолын кеудесіне төсеп "Ассалаумағалайкумін" соза сәлем берді.

— Уағалайкумассалам! — деп үшеудің үлкені Бабаназар қолын ұсынды.Келген жігіт үшеумен амандасып болған соң, әлгі сөзуар елтірі тымақтыға ым қақты. Анау қасына жетіп барды.

— Қарагер жабағыны жайғастырыңыз, Жәке!

— О-о, сол жабағы дыйлы! — деп қуанып қалды. — Қазір ақтындырамыз, Бәкен. Онда қонақтарды өзің...

Бәкен Бабаназарға тілек білдірді.

— Іздесек таппас, шақырсақ келмес қонағымызсыздар. Үйге кірелік, аға! — деп өзі ілгері бастады.

Алты қанат кең үйдің дүние мүлкі жаңалау болғанымен, мұнтаздай ғып қоятын әйел қолы тимегені бірден білініп қалды.

Бетінде қара қошқыл құрым табы бар салқын сары қымызбен шөл басқан қонақтарына үй иесі "алыңыздар, ішіңіздер" дегеннен басқажарытып ештеңе айтқан жоқ. Оң жаққа құрып тастаған шымылдықтың ар жағынан ыңырсыған ба, қыңсылаған ба, бір дауыс шыққан кезде, онсыз да сынық жүзінің қабағы шытынай түседі. Соны байқаған үшеу: "Е-е, ауру, іадамы бар екен ғой. Соған алаңдаған көңілі қаяулы болар" деп жорамалдаған.

Бір кезде манағы сөзшең еркек ішке кірді. Ішкеқарай кірді, әңгімені де қыздырды. Өзі де есіп сөйлеп кетті. Өзгелерді де сөйлеткізді.

Осы ойраттың обырлығын көргенде, осыларды жеңетін, тәубасына түсіретін қандай құдірет бар деп Өз-өзімнен қиналушы ем. Қарындасқа қайырым жасайтын әдет қазақта ғана ғой. Ал ойрат неменде омдай қайыр жоқ. Ол шіркіндердікі жатпай, тұрмай інілайтыны қазаққа қандай айламен қан құстырсам деу ғана. Соны, сол қос аяқтап шапшыған асауды құлақтан басып, ноқталап алып, астыңғы ернін шұрайлап тастаған өздеріңді, уай, қазақтың маңдайына біткен бір-бір Әзіреті Әлідей көрем. Анау хонтайшы Қалдан сұмның мандайын қасқалаған сөздеріңнен бергі сендерге деген құштарым керемет еді. Енді өздеріңді көріп одан сайын құмартып барам. Апырай, мен жақ бәрімізде де бар. Сол заржақ тіл бізде де безілдеуден аянбайды — ақ. Бірақ, Қазыбекжан, сенің сол тасты тесіп шегелеген, темірді тіліп қақыратқан өнегеңе он қайнатса сорпасы қосылмайды-ау. Қайран қазекем: "Өнер алды-қызыл тіл" деп осындайда айтқан-ау.

— Әу, Жәке! Өнеге өнегеден жұқпай ма. Арқанысалғанның көп үлгіден кенде қалары анық. Іздегеннің табары көп, әрекеттенгеннің бағары көп. Армансыз адам-қанатсыз құспен тең. Биікте ұша алмайды. Шыңға қона алмайды. Ал мынау Қазыбекжандардың заманы-азулының емес, тілдінің заманы. Білімдінің, өнерлінің заманы, — деп Бабаназар бір тың ой түйді. Осы пікірге Дау да, Қазыбек те, Жақып пен Бәкен де бас шұлғи бойлады.

— Рас айтасыз, Бәке!

— Әділі осы екен-ау. Өнерлінің өрге ұмтылары хақ.Қазыбек манадан бері үй иесінің томаға тұйықтығының бір сыры бар-ау деп отырған, елең еткен көңілімен енді әңгімеге араласа бастады.

— Өнердің құттысы да, жұттысы да боларын білмей, шатасып қалатынымыз бар — ау, Бабаке. Қымызға қызып, қыз көріп, қызық қуып қызара бөрткенді де, құрықты қару ғып көтеріп, қамшыны қылыш қып сілтеп бас жарып, көз шығарып, нашар ағайын мен әлсіз жекжаттың малын айдап алып, желектісін байлап алғанды да өнер көретін жаман әдетке үйірсектенгеніміз де баршылық. Ел ішінде жоқ — жітік көбейіп, қайыршы кездесіп, ен жайлаудың қаңырағанын ескермес, өзімде болса, өзгені қайтем дегіш өнершілеріміз де аз емес. Иықтан басқан қаралы көңілді ашылмастай көретін, жылауық іштің ешқандай бейілге әуесі жоқ тілсіздігіне бейімделген мылқау өнерпазды табуға да болады.

— Әй, мынауың тым сүмірейген өнер болды-ау, Қазыбекжан. Мінезділік пен момындық сіңген, жақсыны аңсаған елдің тілегі де әсерлі болмақ қой. Сен соны ескер, бауырым. Сонда мүмкін мінездің келістілігі көбейген жұртта, адалдықтың мәйегінен тазалыққа ұйыған жұртта Бәкең айтқан қанатты арманшылдар көбейіп, сен жеріген желбуаз өнер-шілерді ұйпап кетер. Сөйтер, — деп Дау қиялады.

Жақып жанып түсті. Елтірі тымақты жерге алып ұрғанда дөңгелеп көрінген тазынан да қымсынған жоқ.

— Апырай! Жарқ-жұрқ атылған найзағайдың ортасына түстім бе, жалт-жұлт еткен асыл сөздердің арпалыса шарпысқан мезетіне тап болдым ба, мүлде бұрын өзім кешпеген әсерлі дүниеге сүңгіп кеттім — ау! Әй, қайран тіл! Құдірет екенсің ғой нағыз! Құнарың қандай қою еді! Нәрің қандай шырын еді! Біз ғұмыр бойы мән берместі осы тап қазір өзіміз күнде көріп жүрген, ұшырастырып жүрген жерінен кесек-кесек қып ойып алып, "мынаусы былай, анаусы осылай" деп ұстата салғандарыңа болайын. Зеректік деп осыны айтад та. Әйтпесе арманшыл өнерліні біз естімеп пек. Өнерлінің өткенді бүгінгіге жалғап, ертеңге сүйрерін сезбеп пек. Бірақ қиюластыра алмаушы ек. Епсектік жасамаушы ек. Оған енді ақыл да жете берер ме.

— Сіздің де сілтесіңіз ешкімнен кем емес — ау, Жәке. Аяқ тастасыңыз кей жорғаны жаңылдырардай, — деп Бабаназар көтермелеп еді, Жақып одан сайын ағындады.

— Енді ол белгілі жайт, Бәке. Малды бай сөйлесе, "Сөзінің бәрі құп" деп, жарлы-жақыбай жақсы сөйлесе де, "Малтасын езген қырт!" деп біріне күлмең қағып, біріне едірейе қарауды әдет етпедік пе. Жар басында жапалақ қуған жарты кеш Жақыптың жарапазаны кімге дәркер. Тыңдар құлақ, сіңірер кеудесі жоқ сөздің ауызды ауыртып, тілді қышытқаннан басқа не қасиеті болсын. Жаңғырығы кеудеден өшіп, таста тірілген дауыстың қарлығуы тез, құмығуы жылдам. Жаңғырыққа жалпылдай бермеңіз, — деп тымағын төбесінен тік көтеріп апарып өз төбесіне төңкере салды. Басын сәл қисайта түсіп, Бәкенге назар қыдыртты. Бәкеннің оң қабағы жоғары серпілді. Жақыптың әлгіндегі сөз жүйткіткен тұстағы қызулы, қажырлы жүзі босап сала берді. Екі қолымен жер таяна орнынан бөксесін көтере, сиыршалап әрең тұрды.

— Сіздер әңгімелесіп отыра тұрыңыздар. Мен қазір... қазір келем, — деп тағы да асығыс қимылдап, сыртқа шығып кетті.

— Туысыңыз болар...— деді Дау үй иесіне қиыстап.

— Жоқ. Қоңсы адам ғой. Босып жеткен. Оған да екі-үш жыл боп қапты. Осы ауылға тұрақтап қалды ғой. Шаруаға икемі мол. Әр ненің басы-қасында өзі жүргенді ұнатады, — деп Бәкен кәдімгідей сөйлеп кетті. Қабақтағы кірбіңі де жазылып, жоғалып барып, оралды.

— Әй, Бәкен шырақ! Осы сен науқас емеспісің? — деп Бабаназар оқыс қойып қалды.

— Жоқ! Тәнім сау.

— Е-е, жаның ауыра ма? Неге? Әлде ойраттан әлі оралмағандарың бар ма ед?

— Оралған... Бірақ... — Бәкен күмілжіді.

Сырттан леген мен жез құман көтерген жігітті ілестіріп Жақып кірді. Қонақтар қол жууға кірісті.

Үлкен астаумен үстіне шеке қондырылған ет келгенде құрулы шымылдық бір қозғалып қалып, іш жағынан тағы да ыңырсыған ба, қыңсылаған ба — белгісіз дауыс естілді. Бәкен үнсіз ғана таңдайын қақты. Әлгі дауыс сап тиылды.

Жақып басты ұстап, Бабаназарға ұсына беріп еді:

— Дәл осы жолғы рет Қазыбекжандікі,— деді анау.

Қазыбек ыршып түсе берген, Дау баса қойды.

— Бәкең жөнін айтты.

— Бабакеңнің жасы үлкен... Ненің ақысы үшін?

— Шырақ, ақысы деймісің? Ақысы көп. Азаматтығың үшін. Өткендегі хонтайшы алдындағы жеңісің үшін. Ел мерейін асырғаның үшін, — деп өз қолымен шекені Қазыбектің алдына қойды. Жақып та шапшаң екен, шұбыртып жатыр.

— Ойбай-ау, Қазыбек қарақ-ау! Саған жабағы емес атан түйе сойса артық емес. Сенің атың ауызға көп емес-ау, мол ілінуде осы күндері. Саған ауған ел мейірімін, қарағым, сен әлі біле бермейсің. Жер шетіне енді ғана жеттіңдер. Бұдан әрі сіздер, елшілер, ел төбесімен жүресіздер. Төсінде түнейсіздер. Ал сені, Қазыбекжан, бүкіл қазақ, мұқым алаш "жанашырымның бәйтерегі, күн жағыма ығым, жел жағыма панам. Ақылдым, асқарым! Кемелім, кемеңгерім!" деп отыр. Батасы ұшан-теңіз. Тек ұзағынан сүйіндірсін...

Дау бас изеді.

— Рас! Рас! Әй, Жәкесі, жақсы айттыңыз-ау. Ердің атын елі шығарады, елі өшіреді де. Әмсе шарықтата берсін. Тек даңғойлықтан аман қылғай, — деп әлденені қиялатып тоқтады.

Қазыбек күліп жіберді.

— Мені бір тау көтерген Толағай көрдіңіздер ғой. Елім десем, ел намысын жыртсам, ел қамын ойласам, перзенттік парыз, қарызым емес пе олар. Оның міндет қылар несі бар. Аяқ жетер жерге бармасам, тіл безер жерде үнсіз қалмасам, одан басқа қандай еңбек сіңірермін. Ал даңғазалықты, Дау аға, өздеріңіз бастаған жоқпысыздар? Дүрілдетпей-ақ осы шекені, ағалар, өздеріңіз ұстап, маған ауыз тигізсеңіздер, ағағақұрмет, ініге-дәулет деп еркінсіп, еркелеп отырам ғой. Ондай даңғойлыққа дайынмын.

— Әй, мынаусы да ақыл... — деп Жақып басты қайтадан Бабаназардың алдына сырғытты да:-Қалай дедің? "Ағаға-құрмет, ініге-дәулет". Бұрын естімеген нәрсем екен.

Қазыбектің дауысы саңқ етіп, қаз қаңқылына ұласты.

— Жақып аға, бұрын естімеуіңіз мүмкін...

Дау кеудесін тіктеді.

— Мынауың... осың, Қазыбек, тың мақал болды ғой. Өзіндікі болды ғой, — деп әрі қуана, әрі тандана ініге мерейлене қарады.

— Солай да сияқты, аға. Мақал дедіңіз бе. Болар мүмкін. Ағасы құрметтінің інісі дәулетті болатыны ежелден белгілі нәрсе. Сол белгілі жәйт бір сәтке ой түйініне айналған да. Оған несіне үздігеміз.

Дау іштей риза. "Шебер тәңір перзентіне ықылас түсірсе, түгел түсіреді-ау!.. Құдай тіл-көзден сақтасын. Көре алмаушылардан, күншілдерден аулақ қылсын. Қазақтың сөзі де жүйрік. Өсегі де сумаңдағыш еді. Пыш-пышына жолатпасын. Пәле-жаласын жұққыз-басын!"

Бәкен кішірек ағаш табаққа бөлектеп ет турап отырған. Қонақтары: "Анау шымылдық ішіндегі науқасқа дайындап отырған болар. Кім болды екен. Шешесі ме? Әйелі ме? Әлде қыз баласы ма?" — деп далбаса жорамалдайды.

— Алыңыздар. Жеңіздер! — деп Жақып сарымсақ қосқан тұздықты құйып қонақтарға ілтипат жасады.

Жас жабағының астау толы етін еңсеріңкіреп қонақтар сорпа іше бастаған кезде, Бәкен орнынан тұрып барып, құрулы шымылдықты түріп қалды. Ағаш төсекте жатқан жүндес төбет ит басын көтеріп алып, сілекейін шұбырта қыңсылап қоя берді. Ағаш табақты туралған етімен иттің алдына қоя салды.

Қонақтар үн-түнсіз аң-таң боп қалды. Күні бойы науқас деп отырғандары ағаш төсекте, құрулы шымылдықтың ішінде шәниіп жатқан сап-сау бөрі басар болса, сол бөрібасарға жабағының жылы-жұмсағын майдалап турап, бір табақ қып алдына қойса, таңданбасқа бола ма.

Жақып қана ештеңе болмағандай, ештеңе көрмегендей үшеуіне кезек-кезек қарап:

— Сорпаларыңыз суып қалды ғой. Алыңыздар, ішіңіздер! — деп отыр.

Үй иесі ләм демей сыртқа шығып кеткен.

Дау Жақыпқа бұрылды.

— Ау, Жәке! Бұ не? Мынау не тылсым!

Жақып қолын сөл жайқап, "Үндеме!" деген ишара танытты.

Осы кезде сырттан Бәкен кірді. Жалғыз емес, әлдекімді мойнына салған қарғыбауынан жетектеп кірді. Ымырт оралған кешкі бейуақтың алакөлеңкесі болса да, сырттағы жерошақтың жалпылдаған отының жарығында іште отырғандарға жез тырнақ әйел кіріп келгендей көрініп, қатты әсер етті. Өйткені әлгі жезтырнақ па, әлде жезтырнаққа ұқсас әйел ме үстіндегі алба-жұлма киімімен, мойнына асып тастаған ап — ауыр дорбасымен, дударлана ұйысқан шашымен көрген жанның көңіліне үрей ұялатардай ұсқынсыз еді. Әсіресе жылуы жоқ, нұры өшкен күңгірт көздердің ешкімге тіктеп қадалмас, бірақ бір орында тұрақтап тұрмас жылт-жылт қарасы жүрек суылдатардай. Түсі бозара көгерген.

Әйел ешкімге көз тоқтатып қараған да жоқ. Амандасу, тілдесудің ишарасын да сездірмеді. Соған қарап: "Е-е, байғұс, есі ауысқан науқас жан болдың ғой" деген аяушылық төрдегі үшеудің жүзіне қалқып шыға келді.

Бәкен қарғыбауды жұлқып қап, әйелді шөңкитіп түсірді. Содан соң бір қолымен ұстай кірген итаяққа дастарқандағы сүйек-саяқ, сіңір-желке сияқты қалдықтарды салып, әйелдің алдына дік еткізіп қоя салды.

Қазыбек майлыққа қолын сүртіп, тіксінген күйі кейін шегінді де, арқасын жүкаяққа сүйеді.

Бабаназар мен Дау да сұмдық көргендей кейін сырғысты. Жақыптың басы салбырап кетіпті.

Әйел ғана сүйек-саяқты кеміріп, аш қарынды алдап жатыр.

Қазыбек екі ағасына кезек-кезек бұрыла қарады да, қасын қиғаштай кере ұй иесіне шаншылып қалды.

Бәкен сол шаншылған қарастан ыққандай, қозғалақтап кетті.

Бабаназар даусын кенеді. Қабағы қатты түйілгенде кең маңдайда екі қастың күйіскен жері жұдырықтай боп томпиып шыға келді.

— Әй, жарқыным! Мынау нең? Адал асыңды арамдағаның қалай? Әлде жегенімізді желкемізден шығармақ пең? Неткен тәлімің еді бұның? Тәлкегің бе?

Бабаназардың зілі Бәкенді орнынан атып тұрғызып, аяқ құшқызды.

— Оу, ағалар! Қазыбек бауырым! Ондай ойым жоқ. Адалыма арам араластырған емен! Алмаңыздар көңілге! Мынау көргендеріңіз өзімнің ғана білетін өмір бойғы азабым! Ешкімге көрсетейін деген назарым емес! Емес!

Дау әлсіз дау айтты.

— Онда бауырыңды неге суытасың? Адамнан итті абзал еткенің қай тазалығың?

— Ағаттық етсем ғафу өтінем. Өз ішімнің кірнесі өзгеге оғаштық көрінерін білмеппін. Басқа кінәратым жоқ. Ал итті адамнан неге абзал еттің десеңіздер, оның үлкен себебі бар. Адамның иттігі өміріме қауіп төндірген. Иттің адалдығы жанымды арашалап қалған. Біріне алғыс құрметімді жасағаным еді. Біріне қарғыс — наламды көрсеткенім еді. Сіздерге сол қылығым ұнамай қапты. Олай боларын, күндегі әдетіммен ойламаппын, — деп Бәкен өз күйігімен тұрғандықтан қонақтарына енді қаймықпай қарады.

— Айтшы, оу, ашсаңшы онда анау ит өлген ішінді! — деп Бабаназар ақырғанға бергісіз зілді үнмен нығарлады.

— Білмеймін... Сіздерге оның қажеті бола қоймас, — деп Бәкен ашылғысы жоғын сездірді.Қазыбек сәл ыңыранды. Жүкаяқтағы жотасын босатып, кеудесін тіктеп алды.

— Бәке! Сіздің бізден жасырған үлкен сырыңыз барын сезіп те отырмыз. Секемденіл те отырмыз. Өз күйігіңіз болса да, өртенсеңіз де өзгені қоса өртегеніңіз әділет емес. Ал өзгенің күйігін қоса арқаласаңыз, о дүниенің алдында бетіңіз шарық. Сіз де пенденің ұлысыз. Мынау әйел де пенденің бірі. Бәріміз тәңірдің құлымыз. Бірақ тәңір емеспіз. Тәңірдің ісін пенде атқармас. Тәңір таразысын пендесі жүргізе алмас. Ал сіз көңілге қату бітіретін аяусыздық жасап, қаталдық еткенсіз. Пенденің кінә-жаласын тексеретін жерде қазы, көкте құдай бар. Ал мынау қылығыңызды адам да, тәңір де құп көрмейді.

Бәкен Қазыбектің өзін жеңер дәлелін түгел түсінді. Пенделік күйде жүріп құдайын, құдайшыл әділетін ұмытып кеткенін білді. Басын изеді.

— Шалағай кеткен екем. Өз көңілімде түзумін, әділмін деуші ем. Тыс жайылып кеткенімді сезгендеймін. Айтайын. Бәрін айтайын онда, — деп Бәкір қолын кеудесіне төсеп, бас иіп, өз хикаясын бастап кетті.

Алба-жұлба, кісі қарағысыз келіншек жігіттің қыздай айттырып алған әйелі екен. Көрген көздің жауын алатын әдемі келіншегін Бәкен сондай ұнатқан ғой. Жолаушылап кетсе, үйіне жеткенше, келіншегін көргенше асығады екен. Әйтеуір от басына жетіп, ошақ қасынан қыбырлаған Әминасын көрсе, төрт құбыласы құлпыра түгенделіп сала беретін қызық дәурен кешіпті. Сол қызық дәуренін осыдан екі жыл бұрын ауылын шапқан ойрат қолы ойран ғып кеткен көрінеді. Қолды боп кеткен Әминасын жаудан айырып әкелуге дәрмені жоқ, бармағын тістеумен жүргенде, құдай сәтін салып, мынау қазақ-ойрат бітімі бола қалмай ма. Онсыз да қолына түкіріп отырған Бәкен бітім болады, мал — жан қайтарылады деген хабар тиісімен-ақ атқа қонады ғой. Келіншегін іздеп ойрат еліне де барады. Әминасын іздеп те табады. Тапқаны не керек, құдай төбесінен ұрған соң. Некелі жары-әсем Әминасы Бәкеннің кеудесінен итерген ғой. Тұтқында жүріп жаңадан тұрмыс құрған ойрат күйеуіне әбден бауыр басып алған бәтшағар шіркін Бәкенге тіпті пысқырып та қарамай қойыпты. "Қолға түскендерді тегіс қайтару керек" дейтін Қалдан Башықты хонтайшы өміріне еріксіз бас иген ойрат жігіт: "Қазағым, әйелің көнсе, қолыңды қақпаймын, алып кете бер!" деп мәрттік танытыпты. Ал Әмина айтқанға көне қойсын ба. Өткен күннің бал дәуренін айтып, қызық күндерге қайта оралатындарына сендіріп, жалынып та, жалпайып та айтып, көңілі бұзылған әйелді иліктіре алмапты. Әбден мысы құрыған Бәкен" "Алыстан әдейі іздеп келіп ем, Әмина — ау. Ең болмаса әудем жер шығарып та салмайсың ба?" — дейді ғой мөлт еткен жасын сығып тұрып. Әмина амалсыз бас шұлғып, соңынан ілби басып ере беріпті. Ұзап шықпай жатып — ақ, Бәкен әйелінің мойнына қыл шьшбырды тастап жіберіп, артына қағып салып, іліп ала жөнеледі. Ер жігіттің аты-қанаты. Қанатына жалбарынып қамшы басады ғой. Түнімен құйғытып, таң ата қазақтың жер шебіне жеттім деген мезетте артынан шудаланып шаң көрінеді ғой. Жарамды атпен қосарланып қуып жеткен кең жауырынды, нар тұлғалы ойрат күйеу екен. О да бір "жау қайдасың?" деп екі алақанына түкіріп жүретін дүрдің бірі болса керек. Анадайдан айқайлап, дабылды дүбірлете қағып қалады ғой. "Енді бұл әйелді жеңген алар. Кел, қазағым! Сенімен аянбай бір ойнайын!" деп атынан түсе сала қылышын ала ұмтылады.

Бәкен де намысты жігіт емес пе, жерге қарғып түсіп, қарсысына шыға беріпті. Екеу ұзақ сайысыпты. Бірін — бірі ала алмай, титықтай бастағанда сұм әйел опасыздық істеп, Бәкеннің аяғынан шап берген. Сөйтіп екеулеген олар жігітті жерге алып ұрады ғой. Қапыда жауының астына түсіп, енді өлгелі қалғанда күшігінен асыраған иті көмекке келмей ме. Иті желкеден бүріп жұлып алғанда, Бәкен қылышты ойратқа бойлата сұғып жіберіпті.

Бәкен сол оқиғаны енді ғана басынан өткізіп отырғандай күйзеліп, ентігіп тоқтады. Көзінің қиығымен қонақтарына қоныстады. Оқты жанарды үнсіз тыңдап отырған әйелге бағыштады. Әминаның міз бақпай сазара қалған жүзінен бетін тайсақтатып әкетті.

— Барым... сырым осы. Жанымды арашалап, жақсылық жасаған итім анау. Иттен де бетер иттік жасап, опасыздық көрсеткен әйелім мынау. Кім адал, кім арам? Кім оң, кім теріс? Ендігі билік сіздерде. Іштей күңіренуім көп еді. Күйзелісім мол еді. Солар адастырса, бетімді бұрарсыздар.

Мына әңгімеден соң Бабаназар да, Дау да Бәкеннің күні бойғы салыңқы қабағының ажарын енді сезгендей мүлде жуасып қалды. Қайта анау әлі де сүйек-саяқты кеміріп, сорып отырған әйелге деген іштей қыжыл тауып, төсек үстінде жатқан маңтөбетке ризалық қарасты жолдасты.

— Біз не дей қояйық. Араз ағайынды жалғастыру, жанастыру, әй, қиын іс болса да, әйтеуір бір ілік берер еді. Ал сен екеуіңді келістірудің еш ыңғайы бола қояр ма екен?.. Қыздай алдым, қимадым, іздедім дедің. Сенің қимас көңіліңді қолжаулық еткенін естігенде жүрегім тіксінгенін қалай жасырармын. Күрек тісін қасқайта қаратып, қолаң шашын құлаштай таратып көз алдында бұлаңдаған қосағыңның өзге еркекпен... онда да жат, жау ұрпағымен әмпейлесуі естіген құлаққа егеу түрпі ғой. Сын сенің де, Бәкен, оның да, кел... әйелдің де басында боп тұр бұл жерде. Опасыздық еткенін кешіре алмасымды... өзімнің кешіре алмасымды білем. Жатпен әмпейленген әуейілігін ойласам, шариғат жолына ойысқан да жөн тәрізді... Онда да тас атқылау... Ал итінді өле-өлгенше асыра. Бірақ артық кетіп, асылық етпе. Әр жан иесінің өз орны болатынын ескер. Адам түсер, кісі отырар жерге ит шығарған әбестіктен арылғайсың, — деп Бабаназар өз ойын, өз шешімін осылай түйіндеді.

Бәкен келіскенін білдіріп бас изеді.

Дау "Бәкеңнен кейін не айтам?" дегендей шалқая беріп еді, Қазыбектің өзіне қадала қалғанын көргенде, көзі іні көзінен тайқып кетті. Еріксіз түкірігін жұтынды.

— Бәкеңнің шариғат жолы деген тайғақтау тұсынан басқасының бәріне қосылам. Қиын жағдай екені рас. Желкілдетіп желек кигізіп алған жарыңның ыстығы басылмай, қолды болса, өксігі бітпейді әрине. Өзгенің сауырлағаны жаныңа батат та. Батпай, бал қызыққа сол алғашқы шүйкебасымен ұйыған қазаққа дүниенің басқа рахаты бар меді. Бірақ қаталдықтың да реті жоқ-ау, Бәкен шырақ. Ер жігіт кекшіл болғанша, көпшіл бол мас. Әйелмен ұстасса, ұсақтап кеткені де. Ірілік, кесектікке не жетсін. Кешірілмес күнәні жасаған пендесін де құдай кешетін. Ұрғашының ұршықша құбылатыны, түтінше шалқитыны аян. Тым тұқырта бергенің байғұсты дұрыс болмас, — деп Дау қинала толқып тоқтады.

Аяқ астынан қандай кесім жасай қойсын. Айтқаны аяушылық. Мейірімділік. Қатыгездікті жұмсарту екенін Бәкен де ұғынды. Аз — аздап ой-бойды құрсаған қатал шеңбердің босаңси түскенін де бажайлағандай.

Қазыбек кірпігін қиюластырып, қабағын түсіріп алыпты. Қалың ойға шомғандағы інісінің осы әдетін соңғы кездері Дау жиірек көріп жүрген. Әлгі түйілің-кіреген жүзге дәмелене қарап қалды. Соны байқаған Бабаназар да қиыстап еді, шыдамсыз Жақып кимелеп кетті.

— Әрине, сіз екеуіңіздің айтқандарыңыз көкейге қонады. Не істеймін десе де, біздің Бәкенжан өзі білед те. Сонда да болса итті тым әспеттеудің қажеті жоғы рас. Келінді...ә, ә... шатасып барам — ау...әйелді анда — санда бір шықпыртып алып отырса... аюға намаз үйреткен таяқ, сабасына түсер. Бұрынғы қазан — ошағына араласып, түсініп кетер. Көңіл қалды дегенмен... әйел аты әйел, бауырыңа тартсаң ерсініп, еріп жүре береді ғой бұлар... — Қазыбектің қозғалақтағанын көріп, тез қайырды. — Ә-ә, мен айтқанда... "қалың бергенің, айрылма" деп малсақтық жасадым білем... Қазыбекжан, өзің түйіндемесең. Ә-ә, сөйте-місің?.. Онда мен қойдым.

Қазыбек бері еңсеріле бұрылып, Бәкенге суық қарады. Үй иесінің кірпіктері жыпылық қақты.

— Әлгінде ағаларым сөйледі. Көңіліңізге қарады ма, сыйластықтан аспады. Сипай қамшылап кетті.

Бабаназар мен Даудың бастары төмен тұқырды. Сыйластықпен сипай қамшылағанын, өздерінің өресі жеткен жерді шиырлағандарын білетін. Одан әрі секіргенмен алысқа ұзамас та еді. Қазыбек сөзін әрі жалғастырды.

— Сіздің қатеңіз мынада, Бәкен мырза. Жүрекке ешқандай әмір жүрмейтінін білмей, ал құштарлықтың қызыл тілді құрмейтінін білмей, сіз жүректі білекпен жеңбек болыпсыз. Жақтырмаған құшаққа өктемдікпен енбек болыпсыз. Өктемдігіңізге көнбеген әйел айыпты емес, жүрекке ерік бермеген сіз айыптысыз. Одан соң бұл әйел басқаны ұнатқаны үшін емес, жауыңызға болысып, сізді құлатқаны үшін айыпты, — деп екеуіне кезек шаншылды. Бөкен қызарақтап, көзін жасырғанда, әйелдің күңгірт жанарына жылт білініп, қадала қалды. Қазыбектің ашық дауысы тағы да қалықтады.

— Сонымен айыпты айып жусын да, ашуды ақыл қусын. Бұл әйел төркінін тапсын. Сіз, Бөке, өшпенділіктен босап, еркіндігіңізді табыңыз!

Жақып қопаң етіп қап, елтірі бөрікті жерге атып ұрды. Осысы үйреншікті әдеті болса керек.

— Әб-бәрекелді! Қандай шешім! Қолмен қойғандай етті-ау! Қайран даналық! Қиынды оңайлатып, ауырды жеңілдетіп жіберді-ау!

Бабаназар да бас шұлғыды.

— Қазыбек шырақ! Дұрыс таптың! Көкейге қона кетті. Жүрекке өмір жоғын қалай ескермегенбіз,ә. Мойындағы қарызды ұмыттыра беретін өзімшілдігімізден — ау баршасы. Әйелге бұйым деп қараудың қатесі қайда апарып соғарын өкініп барып ұғамыз. Ұғындырдың, Қазыбек, — деп әрі келісті, әрі мойындады.

Дау да түйсінгенін бүгіп қала алмады.

— Әшейінде мейірбан көрінеміз. Қаталдық бірақ әр әрекет-қимылда ғана емес, әр пиғылда да жатады екен-ау. Жауымның жауы — досым. Жауымның досы — жауым деумен апырақтай беріппіз. Мүмкін жауымның досы досым шығар. Жауымның жауы — жалмауызым шығар. Оны түптеуге шыдам жетпейді. Алыстасақ атысып, тақалсақ таяқтаса қалатын әдет басқаға алаңдатпайды. Алаңдамайтын өзіміз. Әйтпесе, біреу қуып, біреу жетектеп келе жатқан жоқ қой. Сырттай жақсымыз. Жарасымды-ақпыз. Ал ішке үңілсе... Қолқа қабар сұмдық көп — ау.

Бөкен мырза, Қазыбекжаннан бұдан былай артық та, асып та сөйлейтін осы қазақта адам болмасына көзім анық жетумен келеді. Қырықтың бірі Қыдыр болса, бүгін шаңырағыңа Қыдыр енгені деп біл. Айтқанды қыл. Жүгіңнен арыл, дертіңнен тазар.

3

Домбыра безектеуі бітпейді. Көңіл мазасыздығы саусақ ұшынан қос ішекке төгіле ме, өлгіндегі майда уіл аяқ астынан басқаша тұтанып, рақымсыз дүниенің әлдебір соқпағында қалған сыңараяқ іздің болар-болмас өкше табымен жортып ала жөнеледі. Сол-ақ екен домбыра ширығады кеп. Шанақ дүниенің өз тілі боп ah ұрады кеп. Екі ішек — бірі мұң шаққан, бірі зар төккен қос кейуана боп күңіренеді кеп. Надандық пен қаталдықтың құрбаны болған талай жанның аманатындай сәлден кейін қос ішек баяулай қап, жіңішке, ұзақ сарынмен бебеулейді кеп. Дамылсыз күдік кешкен көкіректің шерлі сырын қоңырлатады сонсоң. Өшіккен қастастықтың қойын — қонышты тіміскілеп, он бойды суытып, жүрек суылдатар күйзелтуімен күңіренетін кеп. Ар сыналатын жерде бақастық жасап, адамшылықтан аттап кететін аярлықтан жазықсыз жапа шеккен азаматтың шамырқанған күйімен дуындай, дүрілдей қап, асқақ үн аспанға шапшитын кеп. Содан соң ыстық — суықта ысылған кеуденің сабырлы демімен күбірлеп кеп, күмілжіп күңгірттеніп байырқалайтын.

"Қайран дәурен-ай! Шараһай да жоқ. Әмина да жоқ бүгінде. Қара-Манжының ұлы Сары-Манжы жалақтап, жоңғар қолын бастап даламызға сан келді. Сан рет ойран салды. Сол Сарының әкесі салған мол ылаңына шыдамай, ойраттан гөрі қазақтық қаны көп Шараһай ару құса мен күйіктен көз жұмды. Әлде көкірегіне нан піскен Қара-Манжы шабындыдан келген күндей ғып күн көрсетпеді ме екен. Естуімше, өйтпеген ғой. Әлпештеп-ақ ұстаған деседі. Бірақ өкпе сызы кете қойды ма екен? Ойраттың өшпенділігіне басқа жұрттың ешқайсысы да жетпейді. Бұл шіркіндер қабырғаңды тірідей сөгіп, бауырыңды кесіп ап отқа қақтайтын нағыз қатыгез ғой.

Әмина да ауруынан оңалмапты. Әлде сол ойрат күйеуге ауған көңілі дүниенің басқа қызықшыжығынан мүлде баз кешіп, суып, суынып кетті ме екен. Талпынғанын талақ еткен ғұмырдың аяз ызғарлы лебіне жаралы жүректің тік қарауға дәрмені жетпеді ме? Дімкос дүниенің науқас жандары көп болары неліктен? Қыбырлаған пенденің жер бетінде тік басып, тіке қарап жүруіне бөгеттің көбейе беретіні қалай? Адамзатты бір — біріне жау қылып, жауықтырып қоятын өшпенділікті соларға кім себеді? Ата — ана ма?

Қысқа күнде қырық өліп отыратын қазақтың кемпір — шалының тілегі: елдің аман, жұрттың тыныштығы емес пе. Ендеше әлгі кескілескен тірліктің кесапат тілегін туындататын кім?

Тәңір хақ па? Неге сөйтеді? Жоңғары да, қазағы да, қалмағы да, тіпті шүршіт пен орысы да өз пенделері емес пе? Бірімен — бірін қырқыстырып, бірімен — бірін жауластырып, атыстырып-шабыстырып қойғанда, тәңір хақтың табары не? Әлде ойын балаларын күйт-күйттап төбелестіріп қойып қызығына қарап отыратын ауыл тентегінің мінезі ме? Құмары сонымен қанатын болса, оның құдіреттілігі қайда, қасиеттілігі қаншама? Кереметтілігі неде?"

Сырттан дабыр — дүбір дауыс естілді де, әлдекім ішке кірді. Қабағын сәл түйілдіре домбырасын алақанымен сипай шертіп отырған би басын сәл көтерді.

— Биаға! Рұқсат етсеңіз...

— Сен бе едің, Түйте! Айта бер.

— Биаға, кешегі қонақтарыңыз келсек, өзіңізбен сөйлессек дейді.

— Ә, иә!.. Солай еді-ау. Онда түскі асты осы үйге қамдатсын, — деп би келіскенін білдіріп, домбырасын керегеге сүйеді. — Нешеу өздері?

— Көп емес онша. Он шақты адам. Сізге Бөкең екеуі ғана кірмек, — деп Түйте қонақтардың тілегін де жеткізді.

Қазыбек шайқалыңқырап қалып, шаншылып алды.

— Оңаша бер кәріні дей ме жас баршын.

— Солай тәрізді.

— Құпия сақтай ма, құпия сақтата ма — салмақ салары бар — ау, — деп би жақтырмағанда жасайтын әдетімен кесек қырлы мұрынды оң қолдың сұқ саусағымен түртіп өтті. — Бөкең не дейді?

— Бөкең не десін. Анау жігіттің аузына қарап, бас шұлғу - Бөкендікі. Әулиесі де, пайғамбары да содан табылған ба басқа тірлікті мүлде ұмытқан сыңайлы.

— Өзің не ойлайсың?

— Мен бе?.. — Түйте тосылып қалды. — Не дейін... Алыстан ат терлетіп тегін жүрмейтіні белгілі. Қолқа салар ма, алмаса бермейтін жанның кейпі бар-ау деймін онда.

— Жөн, жөн... Сен осы ауылыңнан қашан келіп ең? Дау ағамды түсімде көрдім... — сәл кідірді. Қабағы салыңқы тартты. Үлкен көздер кішірейе жұмылып барып, қайта ашылды. — Жарықтық, жақсы адам еді ғой. Туған ағамнан артық көруші ем. Туған інісіндей аялаушы еді. Алақанын сағыныппын... Ерте кетті ғой...

Қазыбек бидің дәл осылай пенделік күймен күрсінгенін бұрын көрмеген Түйте, көкесінің қадірінің биге қаншалықты болғанын қатты сезіп тұр.

— Мен келгелі біраз болды ғой, Биаға. Өзіңіз біздің ауылды Тасқұдыққа қондырғалы бері арамыз мүлде жақындаған соң, "келіп-кетіп тұрсаңшы" дегеніңізбен онда да, мұнда да жүретін болдым.

— Жөн екен, Түйтежан. Сен биыл нешеге толдың осы?

— Қырық жетіге толып өттім ғой, Биаға.

— Оған да қырық жеті жыл боп қалған екен-ау, — деп Қазекең тағы үнсіз қалды. Сол қырық жеті жыл бұрын болған оқиғаға оймен сүңгіді ме, есіне алып отыр ма, Түйте олардан хабарсыз. — Сен туған жылы, Түйте, біз Бертіс көкем, Тайкелтір аға бастаған қырық адам Қалданға... бүгінгі Қалдан Серен емес азулы, мүйізді Қалдан Башықты... Бесоқтыға барғамыз. Сонда Бабаназар ағамды да, Дау ағамды да өле — өлгенше жоғалтпастай жақыным, жанашырым, ақылшыларым деп тапқам.

— Білем, Биаға. Көкем маған сізді үнемі айтып отыратын. Биағаңның ықпалында бол. Ырқымен жүр деп. Тіпті жонын берсе де, соңынан ілес. Аулақтанба дейтін әрдайым.

— Таза еді-ау, көкең. Сырты қандай келбетті болса, іші сондай нұрлы еді-ау. Азайды ғой қатарлары. Аманатын артып артында қалдырып кетті ғой мені... Ел жүгін бөлісіп көтерерлер қалмай барады. Қарымы шолақтар көп қой әлі де. Қайырымы молы сирек болған соң, бармақ тістеуден басқа амал не.

Би тағы да кідірді. Сонау сағынтқан күндер мұнарын тілгілеген қиял көзімен алысқа, артына үңіле ме, ауқымды сақал қаусырған иегі омырауына тіреліп қапты.

Түйте жөткірінді. Би қозғалды.

— Ой, дәурен-ай!.. Зымыраған уақыт-ай! Жүрдек-ay. Дәурен өткінші. Әркімнен де өтеді ол. Бұқтырам деп бұл әуре, ұқтырам деп мен әуре. Бұқпантайлап көп әуре. Келіспестік көбейді. Тілектестік азайды... — деп ұзақ күрсінді. Түйтеге үңіле қарады. — Құрдастарың қалай, қуатты ма? Байланысып тұрасыңдар ма?

Түйтенің бетіне қан жүгірді. Көздері шырадай жанды. Қуанғанын, құлшынғанын би де аңғарды.

— Жақсы ғой. Күйлі — қуатты ғой!.. Биаға-ау! Ол үшеуміздің бір жылы туғандығымызды бүкіл ел біліп алған. Бірге туған егіздер дейміз тура. Туысым, жақыным Таңыбай құрдастан Бұқар жырауды бір елі кем көрер ме екем. Қайта кейде Таңыбай екеуміз қайсымыз мықты найзагер, қайсымыз жауға көбірек қызыл бөрік кигіздік деп дауласып қала бергенімізде, бір — біріміздің шаңымызды қағып, тәубамызға келтіретін Бұқар құрдас қой. Серкеміз де өзі.

— Болсын серкелерің. Таңыбайдай құрдасы, сендей батыры, Бұқардай жырауы бар үшеуіңнен өтер, үшеуіңнен абзал не бар. Тұнық, мөлдір достықтарыңның бұлағы бітелмесін ылайым, — Қазыбек қолын созды. Түйте лып түрегеп, биді қолтығынан сүйеп тұрғызды. — Сыртқа шығып келейін. Сонсоң қонақтарыңды бастап келе бер, Түйте.

Түйте іштей масайрады. "Бастап келе бер" дегені Биағаның "өзің кеңесте бірге бол" деген емеуріні. Биағаның кеңесіне ілуде — шалуда біреу қатыспаса, былайғы көпшілік тебе көрсете бермейді.

— Сөйтем, Биаға!..

— Ас-суды дұрыстат.

— Жарайды, Биаға.

Ауыл шетіне асықпай аттаған Қазекеңнің соңынан күтуші баланы құмған көтертіп жіберіп, Түйте асыға аттап қонақтар отырған үйлерге беттеді.

* * *

Қасында бір топ нөкер жігіті бар жас жігіт Тіленші ауылға ене бергеннен-ақ бір топ жаңа қонақ басып жатқанын көріп, әдейілеп байлаулы аттар тұрған керме жаққа бұрыла жүрді.

— Ой, пәле, мынау "шын" әрпіндей төре таңбасы ғой. Тағы бір сұраншағы атама тіленіп жеткен екен-ау. Әй, осылар шетінен бір тойымсыз — ау. Неткен обыр еді өздері. Бірін-бірі көре алмай, бірін — бірі жамандап, өсектеп келіп атамның мазасын алумен болады. Осылар ма ел басқаратын, тізгін ұстайтын? Атамның қолындағы Орта жүз билігі осыларға бөлініп-бөлініп тиді ме, онда бұлар бөріден де жаман бөрліктіріп тиіп, қазағыңды қан қақсатады. Кім екен, ә?

— Кімді айтасың, мырза?

— Мынау төре таңбалы шабдардың иесі кім болды екен?

— Е, оны көру оңай ғой. Атына қылбұрау салып шыңғыртсақ, атып шықпай ма? — деп тентек серік ожарлана қалды.

— Расында сөйтсе қайтер ед? — деп Тіленші қызынды.

— Несі бар. Қазір мынау Жарылғап қос құлақтан басып қап, шөкелетеді де, қылбұрауды қысады дейсің. Оу, мырзабек-ау, сен өзің Жарылғаптың асауды ұстағанын, тырп еткізбей жынын қағып алғанын көрмегенсің ғой. Көрсең, тағы бір көруге құмартып тұрар едің, — деп тентек серік құтырта түсті.

— Жарылғап, мынаның... Бөрібайдың айтқаны рас па?

— Әй бұл айта береді, — деп Жарылғап қолын сілтеді.

— Айта беретін бұл. Ал мен саған шабдарға қылбұрау сал десем, орындар ма едің, — деп Тіленші қадала қарады. Жуан атаның жуандығын көбіне көп құрдастарына қыр қыла жүретін әдетіне басқан еді. Жарылғап тайсақтаған жоқ.

— Жоқ! Қолбала боп кеткен малға обал жасамау керек. Шуу асау болса, онда тәкпін.

— Неге? Текесінген әлдеқандай бір төренің жаман шабдарынан менің бір өтінішім қадірсіз болғаны ма? — деп жас жігіт кеудемсоқ мінезін ілгері ытқытты.

— Мал сорлыда жазық не? Тілектің құнды, құнсызы, өтініштің өктемі, өзектісі болады деген атам. Тілекті айыра біл, өтінішті ажырата біл. Айтақтағанға арсылдап ұмтылу арсыздың ісі деген атам, — деп Жарылғап зор денесін қазықтай қағып алып, ер үстінде тік отырған күйі Тіленшінің зілді қарасын қаймықпай тосып алды.

Тіленші Жарылғаптан бірер жас үлкен. Биыл он алтыға толады. Сол үлкендігі бар, мұқым Орта жүздің тізгінін қолына ұстаған айбынды Қаз дауысты Қазыбектің немересі һәм сол айдынды атаның азулы ұлы Бекболат бидің мырзабек баласы дейтін атағы бар бұл мынау бедел түсіргіш немені бірер дүмпумен — ақ жалпы етек қылып алмас па. Сол әдетпен шүйіліп түсті.

— Әй, сенің "атам, атам!" деп тақылдап тұрғаның қай ата? Құдайдың өзі болмаса, аты бар шығар сол құдайдай құтыртқан атаңның?

— Иә! Бар аты. Атсыз адам жоқ қой. Атам ...Биатам-Қаз дауысты Қазыбек!— деді Жарылғап даусын нық-нық шығарып.

Тіленші сәтте өзгерді. Ызғар шашқан көздер жыпылық қаққан кірпіктердің тасасына тығылды. "Андамай сөйлеген ауырмай өледінің" керіне ұшырағанын сезді. Кей — кейде оғаш, ожар қылығымен өзінен көп үміт қылатын атасының ашулы назарына ілігіп қалатыны көбейіп бара жатқанын да байқады.

"Әй, мынау Жарылғап немесі аяқты қалай басады, ә! Менен атама бұл жақын болғаны ма сонда. Қалай деді әлгінде. "Тілектің құнды, құнсызы, өтініштің өктемі, өзектісі болады" деп педі. Атам соны маған бұрын неге айтпаған. Өз отына қан құйған!.." Өкпе тағып бара жатқанын да байқар емес. Атамен ұстасудан да қашпайтын тәрізді. Бірақ... Сол атаның алыстан шарпыр ызғары қазір-ақ жетіп, жон арқасын мұздатып жібергендей құрыстанды.

— Жә! Атам айтса, талас жоқ. Онда саған айтар өтініштің өзектісін табармын. Сен, Жарылғап, бұдан бұлай борышкерім болғаныңды ұмытпа, — деп Тіленші атын тебініп ілгері лықсытты. Атасының үйі мен қонақ үйлердің ортасында иықты асқақ ақ үзіктің қасындағы кермеге жақындағанда, алдынан шыққан жігіттер Тіленшілерді аттан түсіріп алды.

Жол соқты денелерін шайқап серпіп, қиралаңдап аттай беріп еді, қонақ үйден шыққан бір топ адамды көріп, бұлар іркіліп тұрып қалды.

Үйден шыққан он шақты адамнан екеу бөлінді де, бері қарай, үлкен үйге қарай беттеді. Екеудің де денелері ірі, алып тұлғалы еді. Әсіресе сол жақтағы қапсағай денелісі ауырлай, ырғала басқанда әлдебір салмақтылық, күштілік сесі сезілетіндей. Тұрғандар атақты Қанжығалы Бөгенбай батырды танып, алыстан — ақ, қозғалақтай бастаған еді, Тіленші зекіп қалды.

— Тықыршымаңдар! Батыр батыр дегенге бөркін даңғарадай етіп бәлсініп кетіп еді. Тапқан төресі мынау, Абылай болды ғой!

"Абылай!" дегенде Жарылғап бір аттап, әлгі екінші жас жігітке қырағы көзді қадап қалды. Кең иықты, ұзын бойлы, қыран қабақты, қыр мұрынды келісті көркем жігіт сонадайдан көз тартып келеді.

"Нағыз жігіттің сұлтаны-ақ екен!" деп сұқтанғанын жасыра алмай тұрған Жарылғаптың қазіргі көңіл күйін бір қарағанда — ақ Тіленші тап басып еді. Қызғанышы үдеді. Сұлтанды да, Жарылғапты да сынамақ болды. Даусын келе жатқандарға естірте қаттырақ шығарды.

— Әй, Жарылғап! Өзекті өтініштің реті жетіпті. Өспей жатып өктем болғысы келетіндердің басын алмасақ та, тымағын қағып түсіріп, өз орнының қайда екенін көзіне көрсетіп қойған да қажет — ау. Сен анау хандықтан үмітті боп төре төбеде төңкерілген телпекті жұлып түсші! Өтінішім де, бұйрығым да осы!— деді.

Осыны естігенде Бөгенбай батыр жалт етіп жастарға шаншыла қарап, "не істемек мыналар!" дегендей бөгеліңкіреп қалғанда, түк болмағандай Абылай сұлтан жүрісін де өзгертпестен, түсін де бұзбастан жақындай берді.

Жарылғап бас шайқады. Онысымен де қоймай, есік пен төрдей таянған жас сұлтан мен батырға қолын кеудесіне төсеп иілді де, іле шала:

— Ассалаумағалейкум! — деп қолын соза қарсы жүрді.

— Уағалайкумсалам! — деп Бөгенбай да, Абылай да Жарылғаптың ұсынған қолын кезек-кезек көсіп алды. Сол — ақ екен Тіленшінің серіктері жапырласа қол бере бастады. Состиып тұрып қалудың ретін таппай Тіленші де бері аттады.

— Ассалаумағалейкум, батыр ата. Ат ізіңізді салмай кетіп едіңіз. Арқа сүйеген асқар тауыңыз биік пе десем, әлдебір лақ теке секірген төбешік қана екен ғой.

— Кей — кейде сол төбенің лақ текеге таудан артық жұғымды ығы болады, Тіленші бауырым, — деп Абылай өзі қол созды.

— Қайдам. Біз үшін батыр атам бұрын лақ теке емес, нағыз арқар құлжаның өзі болатын, — деп Тіленші созған қолды алақанымен көсіп алды.

— Әй, Тіленші балам, тегіннен тегін жарықтық Шаншардың ұрпағы болар мең, өстіп шағып, шаншып тұрмасаң, — деп Бөгенбай мол денесін селкілдетіп күліп, осынау ілікпені жуып-шаймақ болды. Жігіттер қарқылдап күліп ала жөнелді.

— Иттің бәрі Бөрібасар, жұрттың бәрі Шаншар болмас, — деп Абылай сұлтан әрі, үлкен үйге қарай жүріп кетті. Жарамсақтанып көмейлеп күлгендердің көмейіне құм құйылғандай үндері өшті. Өңінен қаны қашып сазара қалған Тіленшінің қайнар ашуға мінгенін көргенде кейбір аузы жеңілдері күңкілдесіп кетті.

— Қап! Абылай сұлтан болмақ түгіл, құдай болса да көзіңді ашып қара деу керек еді!

— Көкесін танымай, көзінің еті өсіп жүр ғой.

— Біздің мырзаның тіліп түскеніне ширыққан ғой.

— Бөкеңе не жоқ, ей! Тура иесінің соңынан сүмеңдеген тазыдай-ау.

— Тазың не, қорбаңдаған жұртта қалған төбеттей демеймісің, — деп тағы біреуі іліп әкетіп еді. Жарылғап жақтырмады.

— Бөкеңе тіл тигізбеңдер! Бөкеңді Биатамның өзі әулиедей сыйлайды. Оң жамбасына отырғызған Орта жүздің батыры ол!

— "Баты-ер, баты-ер". Тапқан екенсің батырды. Батырыңның қазір қатын құрлы қадірі жоқ. Оу, Абылай бала кім, Бөгенбай батыр кім? Соны неге түсінбейді. Анау сұлтан әбден басын айналдырып алған. Бес Мейрам мен жеті Момынның арасын ажыратып, ағайынды жік-жік қылмақ. Көресің бе, сен, Жарылғап, сол сұмдықты. Жеті Момынды бізден бөліп әкетсе, артының не боларын ескердің бе сен. Тұтас Арғынды дар-дар айырады деген тірлік ол. Қазірдің өзінде анау Атығай, Қарауыл мына жас, жәдігөй сұлтанның аузына қарап, иегінің астына түсіп кетті.

Егер әки, Арғын мынау доптай берік тұтастығынан айырылды ма, онда Найманың да, УақКерейің де, Қыпшақ, Қоңыратың да қыңыратқиды. Найманды жеке билеймін деп Барақ сұлтан Қаракерей Қабанбай батырды қолтығына кіргізіп алып, шөре-шөреге басып жүргенін көрмеймісіңдер.

Жас жігіттер мына тосын әңгімеден көп сыр ұққандай болды. Әр сұлтанның, әр батырдың өз күйімен, өз күйтімен болам деуі, шынында да жүрек шошытып, жаға ұстатар қылық екендігін қинала сезінді. Әсіресе ат басын тартып мініп, көзге енді-енді түсе бастаған жас Жарылғапқа көп жағдай жіңішкелеп ашылып келе жатқан-ды. "Ел арасына сызат түссе, бірлігімізге ақау түседі ғой. Соны үлкендер қалай сезбейді. "Бүлінгенімізді, бір-бірімізді қарақтағанымызды құдайларынан күн сайын тілеп отырған қанкүйлы көршілеріміз көп" дейтін Биатамның сөзіне де құлақ аспағандары ма. Апырау, үй ішінен күрке тіккендей бұл сұлтандарға не жетпейді. Әлде "төреге ерсең ертоқымыңды жаяу арқаларсың" дейтін сөз бекер айтылмаған ба? Бірінен соң бірі келетін көп төре Биатамның қолындағы Әз Тәуке хан ұстатқан күллі Орта жүздің билігінің тізгініне таласып жүр екен-ау. Таласып, тармасып әркімі — ақ жіліктің майлы басын ауызға тықпақ қой. Ұлы жүз анау жоңғар боданыңда. Жолбарыстың хан деген аты ғана. Төле би ойратқа бас шұлғымай, Ташкент қаласының билігін мықты ұстап отыр. Бері өткізбейді оны. Әйтеке атам былтыр қайтыс болмағанда, Биатаммен тізе қосатын еді. Атамды жалғыздық қажытып жүр ғой. Қазақ қамын жейді дейтін батырларда да бақастық көбейді деп көкем ренжіп еді өткенде. Әсіресе Шақшақ Жәнібек батырдан түңіле сөйлегенін көргенім сонда еді. Ол батыр сонда нені көксейді екен, ә. Оған да билік қажет пе? Ой сұмдық — ай! Жүрек шайлықтыратын суық, арам ойға қалай барады? Бір қазақты онға бөліп оңдыра ма? Оларды сонсоң орысы да, ойраты да, қалмағы да, башқұрты да аясын ба? Соны сезбесе, халықты қара жерге отыртқаны ғой".

— Әй, Жарылғап! Жарылғап деймін!

Жарылғап селк етіп, ойын ыдыратып алды.

Дауыстап тұрған Тіленші екен. Көзін шүйілдіре тырсиып, күйіп тұр.

— Ау, сен осы түрегеп тұрып та ұйықтаудан саумысың. Әлде керең бең?

Жарылғап қабағын шытып, мырзабектің көзіне көзін тіктеді. Кірпігі жоқ адамның қарсы атылған сұсты жанары кімді де болса қатты қалтырататын. Тіленшінің көзі тайқып кетті.

— Иә, құлағым сенде.

Тіленшінің әлгінде зіркілдеген даусы жуасып қапты.

— Сен, Жарылғап, атамның үлкен үйіне барып, кеңеске қатыссаң қайтеді. Атам саған дұрыс қарайтынын мен де сезем. Әлгілердің не дегенін білсек, ә.

Жарылғаптың өзі де сұлтанның ұлыс бимен не сөйлескенін білгісі-ақ бар. Бірақ Биатаның келісім рұхсатынсыз кіріп бару әдептен аттау ғана емес, үлкен ағаттық жасау. Басын шайқады. Тіленші түлен тұтты.

— Әй, осы сенің бас шайқауың бітпейді екен. Бүгін осымен басынды үш шайқадың. Шайқалған бастың ұшып түсуі оңай. Неге бармайсың?

— Атамның шақырылмай барып кеңесін бұзғым келмейді. Ондай ағаттық жасағанша басым кесілгені артық.

— Ырықтан шығам, құрық әкетем дейсің ғой.

— Жоқ! Ондайдан аулақпын. Бірақ жөнсіз бұйрыққа бас шұлғу әдетімде жоқ,— деді Жарылғап жайбарақат қана.

— Әй, сен анау Абылайдың кім екенін білесің бе? — деп Тіленші тызалақтады.

— Білем. Кешегі Аңырақайда ерлігімен көзге түскен азамат. Елдің батасын алған ұланы. Биатамның мейірі түскен сұлтан, — деп Жарылғап қаймықпады.

— Атаңның басы білесің. Түк те білмейсің. Бәрің де ештеңе білмейсіндер. Жүріңдер! Мен сендердің тәңірі тұтқан сұлтандарыңның кім екенін, ішек-қарнымен қоса ақтарып берейін, — деп Тіленші алтын үзік үйдің табалдырығынан асыға аттады.

Күтуші жігітке қымыз алдырып, бетінде құрым белгісі білінер-білінбес, тобылғымен ыстаған сары қымыздың бір-бір тостағанын тастап-тастап алысты.

Тіленші күтуші жігітті шығарып жіберді.

— Ешкімді маңайлатпа бұл үйге!

— Жарайды, мырзабек!

— Әй, Жарылғап құдай! Сен бүгін мүлде құдайымсып біттің ғой. Тыңда, ендеше, тәңіріңе балаған төреңнің кім екенін.

— Айта берсеңші.

— Айтуға ертіп келмедім бе сендерді. Сен Дәулетбекті білемісің?

— Қай Дәулетбекті? Өзіміздің Машай Дәулетбек пе? — деп Бөрібай шапшаңдық танытты.

— Сен Бөрібай, бар болса, көтіңді қысып қана, жайыңа отыр сөз бөлмей. Сенің Машай төңірегінен басқа білерің бар мед. Ay, Жарылғап! Сенен сұрап отырмын.

Жарылғап малдас құрып отырған, тобылғы сапты тоғыз өрім дойырының жетім шегесін бармағымен шертіп қалды.

— Атығайдың бай Дәулетбегін айтасың ғой.

— Иә! Сол бай Дәулетбек, бар Дәулетбек. Мол, зор Дәулетбек! Сыр бойында, Шыршық бойында жүргенін, қоныстанғанын ұмытпаған боларсың.

— Өзім де Сырдың жағасында туыппын.

— Орта жүз бен Ұлы жүздің қатар отырған кезі еді ғой жиырма-отыз жыл бұрын.

— Үйсін менің нағашыларым ғой, — деп Бөрібай тағы да килігіп кетті.

— Жап аузыңды! Бес Мейрам, Жеті Момынның туыстығының қаймағы шайқалмаған сол тұста Дәулетбек менің атаммен көрші болған ғой.

Жарылғап сол күндерді өзі көрмесе де, көкесінің айтуымен есіне жиі алатын. Тұтаса, көрші-қолаң отыратын Арғын балаларының ынтымағы ғаламат болған деседі. Басқалар тар жерде тартысып, таласып қалып жатқанда, бүкіл Арғын бір туғандығын жасап, шырық бұзған телі мен тентегін тез басып, ың — шыңсыз күнелткен ғой. Енді міне сол күндерге Тіленші жетелеп барады. Тіленші әңгімесі ұйытып барады.

Қара мен төре қашаннан бірі — біріне қырбай болған ғой. Төресіз төбеге шыға алмайтындай, төбесіз қарауыл қыла алмайтындай дағдыны әбден миына сіңіріп өскен қазақ күндердің күнінде сол төрелерден мүлде запыланады ғой. "Тауықсыз да таңым атқан" деп төресіз де төбеге шығып көрсек қайтер еді дейтін өзара ұйғарымға ұйымай ма қарадан хан шыққан үш ардагер-Төле, Қазыбек, Әйтеке билер. Өйткені сол тұста әруағынан айналайын Әз Тәукенің көзі жұмылысымен — ақ таққа таласқан төре — сұлтандар қара қазақты тұс-тұстан жұлмалауға, тұс-тұстан дар-дар айыруға жанталасып жұмылған ғой. Қайып ханы, Әбілқайыр, Болат, Сәмеке, Батыр сұлтандары ешқашан ел бабы демеген, ел қамын жемеген ғой. Орыс пен ойраттың тақымында кетіп бара жатқан ата-бабаның қасиетті қанымен суарылған атамекенді құтқарам деп апатпен арпалысып жатқан ағайынға қайырым етпек түгіл, сол "Елім! Жерім!" деген қара халықты ауыздықтап тартып, іштен құртып, бүрсеңдетіп қойған төре тұқымының ылаңын көрген үш саңлақ енді елдің тізгінін, ұлтының билігін ұстатар білікті, білекті, жүректі жанды өз арасынан, өз ортасынан, өз қарасынан шығармақ болмай ма. Содан болашақ ел тұтқасын ұстар оғланды үшеуі жағалай жұртынан жасырын іздемей ме. Сөйтіп жүргенде Қазекеңнің көзі жеті-сегіздердегі Әлібек балаға түспей ме. Сұрастырса, өзінің жақсы көретін жамағайыны Дәулетбектің ұлы боп шықпай ма. Үш арыстың да көңілінен шығып, батасын алған балаға енді тәлім-тәрбиенің, өнеге-өнерінің кәусары сіңірілмей ме. Қасына сақа сарбаз қосып, әскери ойынның түр-түрі үйретілмей ме. Көп көзден тасалау ұстау үшін Дәулетбек байды тездетіп Көкшетау жаққа көшіріп жібермей ме. Хош. Әлібек бала сол жаққа жиі барып, ұзақ жайлап қалатын Қазыбек атаның ұлағатты тәрбиесін толық көрмей ме...

Ендігі тәрбиенің бір парасы Ұлы жүз Үйсін Төленің өзімен жүруі керек қой. Сол себепті Әлібек бала Сабалақ ұланға айналып, бір жылдай үлкен саңлақтың бауырында болмай ма. Онсыз да қатарынан асып түсуді, өзгелерден озып шығуды жастайынан қанына сіңірген Әлібек өскенде хан боласың, қазір төре атағы бар сұлтансың деген соң даңққұмарлық дертіне мүлде шалдықпай ма. Асқынған көкірек кей-кейде әкені елетпеуге де, жақын-жек жатты менсінбеуге де жеткізбей ме. Сол-ақ екен бұрынғы ата-ана, аға-іні, апа-қарындас дейтін туысқандық, бауырмалдық сезімдер суалып, енді төреге тән қаталдық, қатыгездік мінездер оралмай ма. Өз өсиеті мен тәрбиесінен, өнегесі мен үлгісінен қаттылық енбегенін білетін заңғар Төле би мынау өрелі жастың көп түйгенінің арасында қатыбастықтың қабаттасып жүретініне қатты қайран қалатын да, өздерінің "төренің қаттылығын, қаталдығын, мақтаншақтығы мен мансапқұмарлығын, қызғаншақтығы мен күншілдігін алма" деп құдайдың құтты күні қақсап отыратын уағызының өзге өнегелерінен тезірек жұғысып кеткенін пайымдамай ма.

— Хош. Енді Әлібек баланы төре тұқымына жанастырудың жөні қалай қиюласқанын хабардар қылайын,— деді Тіленші ауыздары ашылып қалған серік жолдастарына. Содан әрі тағы да шұбырта жөнелді.

Атақты Еңсегей бойлы ер Есімнің ұлы Жәңгірден Уәлі Бақы мен Тәуке туған ғой. Тәукенің бағы жанып ата тағына отырған соң Уәлі өкпелеп, Үргенішке ме, Тәшкенге ме, әйтеуір өзбек, сарттың арасына кетіп қалған көрінеді. Өз қара топырағынан алыстаған соң, қайбір қасиет қалмақ, бауыры суыған әкеден Абылай дейтін ұл туады. Мейірімді жүзді қасынан көріп өспей, адамшылық қайырым құяр жанға кезікпей қаттылық, жатбауырлық сусынын қанып ішкен әлгі сұлтан өсе келе айналасына жауығып тиіп, талай жазықсыз қанды судай ағызған соң қанішер Абылай атанған ғой. Сол Абылайдан туған Уәли деген бал асы бір жосын жуас, төңірегіне тыныш боп өсіп келе жатқанда, әлгінің жуастығын пайдаланған өзбек, сарт ішіндегі төре тұқымы бала — шағасымен қырып тастап, тағын тартып алған ғой. Сол Көркем Уәлидің Ораз құл жасырып қап, аман алып қалған Әбілмансұр атты бал асы деп Әлібекті ұйғармай ма үш кемеңгер. Үргеніште ме, Тәшкенде ме, тіпті кейбіреулер айтатындай Түркістанда ма, шейіт боп кеткен Уәлиді кім қайта тірілтіп "Мынау сенің балаң ба?" деп сұрай қояр. Сонымен Әлібек бала төреден туғызылып, Әбілмансұр атанып, одан Төленің түйесін баққан Сабалаққа түседі ғой. Аңырақайда атақ пен даңқ тұғырына көтерейін деген төңірдің оң көзі түсіп, Абылайлап шауып, қыдыр дарып, бақ қарап, қасиеті өспей ме. Аты аңызға айналып Абылай сұлтан аталмай ма.

— Әне Абылайыңның бар сыры. Үш даңғылдың елінің қамын жеп жасаған тірлігі деп өткенде бір ағам айтып еді. Кім екенін сендер білмей-ақ қойыңдар. Шынға бақсақ, кейде шындықты бүркеудің де қажеттілігі болады. Ел арманын көксеу үшін елдің өз төлі, өз ұрпағы өсіп жетілуі керек деген сол адам. Мен сол кісіге сенем. Әттең мына киімшең төренің атамнан алған үлгі-өнегеден адасып жүргенін ғана түйткіл көрем. Әйтпесе оған дау айтып, кекесін білдіріп, жолына көлденең тұрып нем бар, — деп Тіленші сөзінің соңын байсалды бітірді. Мына әңгіме — кепке иланарын да, иланбасын да білмей Жарылғап дағдарыңқырап қалғанда, Бөрібай бастаған жастар дүрліге дуылдасып кетті.

— Әй, бір шикілік бар-ау деуші ем өзім де.

— Рас айтасың, Сатан. Абылай басқа төрелерге ұқсамайды ғой. Мүлде ұқсамайды.

— Әй, қатып кетті-ау, төре деп төбемізге шығарып жүрсек, өзің мен өзімдей қара қазағым боп шықты — ау. Қамшымды бір жотасына аямай-ақ ойнататын болдым-ау! — деп Бөрібай ал кеп қарқылдасын. Тап қазір сабап, тулақ қып жатқандай — ақ дойырымен от басын көміп-көміп жіберді.

— Жә! Жетер! Тістеңдер тілдеріңді! Бұл рас болса, менің емес үш кәрінің, үш даңғылдың құпиясы. Қазақ қамын ойлап жасаған әрекеттері. Елдің мұң — шері онсыз да көп. Кеудеден нұр сорғалаудың орнына мұң сорғалар. Өйткені сендер, енді бұл құпия сырды жарияға жар қылудан танбассыңдар.

— Жоқ! О не дегенің Тіленшіжан!

— Мырзабек-ау, жұттым да батырдым тұңғиыққа!

— Неге ашайық. Биатаның өзінен сұрамадың ба?

— Жоқ! Жалған болса, атамның ашуы қатты. Рас болса, күйзеулік көрген халқының бір жыртығына жамау болсын деп істеген айласы шығар билердің. Панасыздық, шарасыздық қаусатқан жұртын құрсауламақ далбасасы да шығар. Әттең Абылайдың кейде ауа жайылып, асқақтап кететінінен ғана атам секем алады. Сол өр көкірек өзімшілдік өктеп жете ме, асқынып кете ме деп уайым ойлайды. Әйтпесе, осы сұлтанды үнемі іздеп, кеңес беріп, қасына тартып отырады ылғи атамның өзі. Түбінің қайырын ойласам, қазақты осы ұйытар-ау, бастар-ау дегенге атаммен бірге сенгім бар. Көптің дертіне емді біреу тапса, осы Абылай тапсын да. Сондықтан да ауыздарыңа құлып салдым! Кімде кімнен сыбыс шықса, Алаш ұранымен ант етем, аямаймын! Тік тұрғызып бауыздаймын! — деп Тіленші бұйырғандай қып ауыр түйін түйді.

Жарылғап Абылайдың атына, атағына бұрыннан да тәнті еді. Енді тіпті жақындап жылыұшырап сала берді. Әркімнің — ақ өз ішінде "Өзімізден неге шықпайды? Әр ұлыстың тізгінін қолына ұстаған үш би кімнен кем. Қайта қарасының хал — жайын тереңірек білуімен, заман уайымын халқының дертімен қоса сабақтап келмеді ме?" дейтін тілеулес үміт болатын. Сондай тілектестік Жарылғап ұланның кеудесінде де тұтана бастап еді. Енді Абылайдың бойынан мінезділік, кендік іздеп армандап кетті. "Әй, алғыр-ау! Әлгінде ғой бір ғана леппен Тіленшіні тұқыртып кетпеді ме. "Иттің бәрі бөрібасар болмас, жұрттың бәрі Шаншар болмас" деді ме. Осыны "Аттың бәрі тұлпар болмас, жұрттың бәрі Шаншар болмас" деп сәл өзгертсе, мақалдан несі кем. Шіркін Биатаның кеңесіне қатысар ма еді? Білер еді жас сұлтанның бет — бағдарын. Алысын шалар ма, маңайын шолар ма, түптер еді — ау".

Үлкен үйде кеңес онша қызбай, кәрі мен жастың бірін бірі аңдысқан іліп — қақпаларын ғана самарқау күйттеуде. Осы сапарда үлкен үмітпен сенім мен тірек тапқалы келген сұлтан күңгірт кештен жабық көңіл тоспай, өз ішінің бар сырын ашып тастамақ еді. Бидің ә дегеннен ашық қабақ танытпағанына қыңырайды ма, көпке дейін көмейде тұрғанын көсеп шығарған жоқ.

Қаз дауысты Қазыбек би жотасын ағаш төсекке сүйеп, бір кез кеудесін тіктеп алды. Әдеттегі қағыс — қақтығыс сәттеріндегі машығы кеудені босаңсыту дейтінін Түйте сезе қойды. Биағасына қабақ астынан қарап еді, екі бетінің ұшына танакөз түймедей боп қызылшарбы орнапты. Ал көздері әдеттегіден де үлкейіп, кең ашылып, дүние сырын дәл қазір түгел байқап, сүзіп шығып тұрғандай көрінді. Сол-ақ екен өзінің бойына да сергек, екпінді толқын енгендей арқаланды да, ағасының аузын бағып қалды.

— Абылай шырақ, қазық айнала күмілжи бергеннен жер тақырлағаннан басқа түк өнбейді. Күн ұзартып, кежегелеп, кеш батырудың пайдасы аз. Онсыз да көңіл жүдетер күйлер көбейіп келеді. Биылғы жаздың да жылдағы жаз емесін байқаған боларсың. Жаздың өзі жабырқау күздей ғой. Күн райы солай болса, ел шырайы қалай ашылмақ. Бүркеу көңілдерді біз де молайтпайық. Қоныс өріске таласқан алашың болушы еді бұрын. Жұттан жұтаған жұртың жүген, құрық ұстап қалған соң жылдағыдай жайлау жағалауды азайтпады ма. Томсарған жүздердің күйзелген ішін көре білсек, молшылық дейтін ағайыннан да адасып қалып отырған мына жағдайда майысқақтықтан өтер кісәпір жоқ. Дүниені түгел аш арық қаптап кеткен кер кезеңнің күңіренісі құлақ тұндырып барады. Басқа үндердің бәрі жоғалып, осы ұзақ мол күңіреністің тасасында қалған. Сол зарды серпіп жіберер, кәріңе нәр берер жылуың, шуағың бар ма, соныңды сал ортаға. Құлағыма аздап болса да жұбаныш тап. Кейіс қиясты қабақты жадыратар қуаныш бер.

Абылай сұлтан қазықтай шаншып алған денесін қозғалтпай, басын бұрып, уытты жанарды алдымен қасында отырған Бөгенбай батырға шаншылта қарады. Батыр өткір көздің ызалы жылтын қапысыз танып, сол өткір қарастың тегін тұтанбағанын және сезді. "Апырай, мынау жас шіркін апырақтап кетіп жүрмесе жарар еді. Қазекемнің халықтың аман күнін аңсаған күрсініске толы халін дұрыс түсінбей ширықтырып алар ма екен. Көзінің ұшқындауы жаман екен" деп іштей қиналып қалды.

Абылайдың әлгі қарасы енді биге ауысты. Бидің де күткені сол ма, бет жүздің еш қимыл-белгісін білдірмей, тосып алды.

Абылай бас изеді.

— Ел зары бір құлақты тұндырып қана қоймай, мүлде тұншықтырып тастауы да мүмкін, Қазеке. Ел зарын бөле тыңдаған жерде күңіреніс азаяры аян.

Қазыбек үлкен көздерді жарқ еткізді. Қаз дауысы саңқ етіп шықты.

— Кім бар бөлісетін? "Арқар" ұрандылар ма? "Алаш" ұрандылар ма? Қырылып, қиналып жатқан сол алашыңды "Арқар" ұрандылар қашан көріп еді? Қашан елеп еді? Төбеңнен орын бер, төменге өзің тұс, қара қазақ, дейтін төреңнен төрелік тауып пең әлде. Көрсетші соны көзіме!

— Сіз түңілген төрелерден менің түңілмесімді қайдан білдіңіз, Қазеке. Бірақ алыстағы жауды ұмытып, жақынды тақымдай берудің жарамайтынын да ескеріңіз. Төбе бисіз. Сізден төбесі биік бұл өңірде кім бар? Төпелеп отырсаңыз, сол төрелер шырық бұзар меді, бұйда үзер меді? Айыпкерді тапсаңыз, айыбын неге салмайсыз мойнына. Кесігін неге кеспейсіз батпаңдатып? Күйзелген елдің күңіренісін үйде жатып күйініп тыңдаудан не өнеді? Іс қайда? Әрекет, айла қайда?

Абылайдың өзіне тап бергенін би ә дегенде жақтырмай қалған. Әрекет, айла қайда дегендерінде байбаламшыл кеуденің өзімшілдігі жатқанын байқай қойды. Жүзіне мысқыл күлкі табы жүгірді.

— Тым тез шапшыдың, сұлтан. Арының жылдам басылатынынан да сескенбедің. Алысым жақынымнан абзал болса, жақыным жауымнан бетер жағамнан алса, мен қайсысымен жағаласуым керек еді? Жауым еліме аздап болса да еру берсе, жақыным дегенім шаңы-рағыма шеру тартатыны қалай? Жұтағанның жайын айтсам, жанына маңайлатпаса, күйік шалған жұртыңа қара көбейтем, аумағымды молайтам деп құрық салғанын айтсам, құраны мен құбыласын танымаса, төреңді немен төпелейін? Кесігімді қалай орындатайын? Соның жөн-жобасын көрсетіп бере қойшы мына запыланған төбе биіңе! — деп шаншыла қарады.

Абылай ыға қойған жоқ. Ырғасуды енді бастаймын дегендей, босап кеткен кісесін қатайтып алды. "Маңайлатқың келмейді. Көмейімдегіні көріл, танып отырсың. Көмейіме соларды шығартпастан тықпақсың ғой. Азу тісі шықпаған бала көремісің елдің бәрін. Төре-төре деп тоқылдақтай тақымдағаныңмен бәрібір алды — артымды орай алмайсың. Менің де өз белдеуіме шанышқан сойылым мен найзам бар. Оңай беріле қоймаспын. Ішіңді бермесең де, сыртыңды суытпағаның жөн. Сол өзің айтқан көп төренің әрекетін бақсам, мен де бойлауық аттай бой бермей кетпеймін бе. Мынау қиракезік заманда "өйтпеді, бүйтпеді" деп мені кім тексере, тергей қояр. Алдыңа келгенімарыма жүгінгенім емес пе еді. Арынымды неге баспақ болдың" деген қиян бұрыс ой кеудесінде тез тұтанып, сол кебінген кеудесін тілгілеп өтті.

— Ел келесі, хан билігі қайда қалған? Төбе биліктің асау мен қыршаңқыны езуін тіліп ауыздықтап отыратын қайыс тізгін, қыл шылбыры қолыңызда емес пе? Әділетсіздіктен өзіңіз жапа шексеңіз, өзгенің өмірем қапқаны емес пе? Биіктегім мен биліктегім билік тетігін таппаса, һүкім, жарлығын өткізе алмаса, өктемдігі жетпесе... онда... — сәл кідірді. Уытты жанардан ер ерегісте шашырар көкшіл от ұшқындады. — Онда сол хандық пен билікке қос қолдап жармаспай, жамбасты желімдемей, неге босатпасқа. Ексім-өксімі мықты, өктемдігі мол, айтқанын өткізетін, атқанын тигізетін лайықтыға неге бермеске.

Қазыбектің мысқыл күлкісі анық әжуаға айналғанын көргенде Түйте өз ойының дұрыстығына иланды. "Әй, мынау ақылды тентек пе десем, тіпті шолақ қайырды — ау. Сенем деп адасқам ба? Адасқанымыз ба шетімізден. Абылайдың Әбілқайыр, Барақ, Батыр, Әбілмәмбет сұлтандардан несі артық. Олардың да көкейін тесіп бара жатқан ала бас құрты-хан тағы, хан тәжі ғой. Бұның да соған саусағын тарбита созғаны ма? Орта жүз билігінен дәмелі екенін ашықтан ашық айтып салды ғой. "Таласпа, қолыма өзің ұстат!" деуді бұдан артық қалай айтсын. Неге келгені, неге жеткені белгілі болды. Өзгеден өзін мықтымын деп әлден-ақ төс қақса, Абылайың да өрісін тым алысқа ұзатпас".

Түйте иегін көтергенде, би сөйлеп отыр екен.

— Ақыл айла табу оңай. Сол оңайды қиындататын сұлтандар тірлігі. Ұлы ханыңның есебіндегі Әз Тәукенің тағын жамбастаған Сәмекенің дәрменсіздігін айтып бетіме салық қылам дедің. "Біліксіз айғыр енесіне шабар" дегендей билігіңнің биігінен түс деп өзіме де бас салдың.

Абылай қозғалақтап кетті. Жалт етіп Бөгенбайға қарады. Бөгенбай сұлтанның қарасын түсіне қойды.

— Уай, бәйтерегім! Уай, Қаз дауысты Қазекем. Қазағымның қайыспас қара нары. Сүйексіз тіл, жиексіз ерін кейде жарға сүйрейтінін, кейде сорға сүйрейтінін менен артық білесіз. Сүйексіз тілдің бір бұралаңдап кеткеніне бола, тірексіз ұлдың бір қожырап кеткеніне бола билігіңізді де, биігіңізді де аласартпаңыз, — деп батыр кең кеудеге басын құлатты.

"Сол сенің сөзің бе?" дегендей би сұлтанға қиыстады. Абылайдың да иегі омырауын екі-үш рет иіскеп өтті.

— Төбе биліктің жұлып түсер тұзағы қайданы, Абылай шырақ, сен ғана емес басқа айтушылар да көп. Төбе биліктің құрығы қарадан өткен жоқ, төреңе бірақ жеткен жоқ. Естиярым есалаң, ақылдым атарман болған соң анау быт-шыт елге бүлік салған Батыр сұлтанды бір бұқтырам деген билігімді өзің де, өзге де біледі. "Алғаныңды қайтар. Жылағанның көз сүрткісін бер. Өлгеннің құнын төле!" дегенімде не істеді? Бір-ақ күнде Кіші жүзге аумағын түгел аударды да қопарылып көшті де кетті. Соны азғырған кім? Құптаған, қыздырмалап қостаған кім? Тағы да төре тұқымы. Әз әзіл болған Әбілқайыр сұлтан! Айыпкерімді құзырымнан жұлып алып, алты Шектіге ұлыс бегі етіп қоя салды. Сөйтіп Орта жүзден мүлде алшақтатып әкетті. Осыдан кейін екі иығын жұлып жеп, жалақтап жүрген Орта жүз сұлтандарыБарақ, Әбілмәмбет, Күшіктер айылын жия қояр ма. Қит етсең, бірі жоңғарға күйлеген шыбыштай артын тығып, бірі Ұлы жүз ханы Жолбарыспен ұйлыққан төбеттей ауыз жаласып, жымысқылана жылыстап жүргені.

Ал Әбілқайырыңның жымысқыланып әлгі әрекетке не үшін барғанын сеземісің? Сезесің әрине. Мың жерден тырбаңдағанымен Батыр сұлтанға Орта жүз билігі ешқашанда тимес еді. Мұртын алып ұртына жалғайтын, таусылмас күңкілімен — ақ тобыр көбейтіп, елдің ығырын шығаратын ондай обырларға өзім өлмей ыңғайым жоқ. Ал зымиян Әбілқайыр сұмдықты әріден ойлайды. Кешегі ұлы хандықтың тағында отырып Орта жүзге ықпалын жүргізген Қайыптың баласын панасына алса, қазіргі қатын патшаңның сүйек тастағандай еткен шала хандығына, ертең Орта жүздің кесек хандығын қосып ала қоймақ. Орта жүздің айбарлы тізгініне қолы бір ілінсе, Ұлы жүздегі Жолбарыс ағасы өзіне бас изеуден аспайтынын және біледі. Сөйтіп қолдан да, жолдан да ала алмаған Ұлы хандықтың алтын тағын қулық-сұмдықпен оп-оңай жамбастап, жалпая кетпек.

Бидің сәл кідіргенде, қырындаңқыраған даусынан тамағы кеберсігенін байқап, Түйте сары қымыз толы тостағанды қолына ұстата қойды. Қымызды бір — ақ сіміріп, мұртының шалғысын бармақ сыртымен егеп өткен Қазыбек Абылайдың үнсіз бас изеп отырғанын қалт жібермеді.

"Әбілқайыр сұлтан — сенің ең бір осал жерің ғой, Абылай балам. Ұстасарың да, достасарың да жалғыз сол ғой. Асып та, басып та, қашып та кете алмайсың одан. Екеуіңді бір жіпке мықтап байлаған дәрменсіз далаң, пәрменсіз халқың, қараңдаған қарашың. Ел қамын шын ойласаң, Әбілқайырдың әлекке бергісіз әрекеті үнемі бір бүйрегінде жатуы тиіс. Одан ғұмыр бойы саған арылу жоқ. Қорбаңдаған қонжықтарды батысқа қонжитып қойған соң, еріксіз араласуыңа тура келеді-ау. "Қолы еткеннің мойны көтереді" деп ұзын арқан, кең тұсауға салсаң, сол еткен қол тағы біразды шиелеуі мүмкін. Біраз үлкен бөлені түюі де ғажап емес".

Бидің көбірек ойланып кеткенін отырғандар тегіс байқап еді, Бөгенбай тамағын кенеді.

— Қазеке, Әбілқайырдың істеген ісіне ісініп, қылған қылығына кіжінбеген жан бұл далаңнан табылмас. Бірақ құр кіжінгенмен амал не, азат басқа азап ноқтаны салғызды да жіберді. Енді түрегеп тұрып дәрет сындыратын әйел патша өзі ерттеп міне ме таңының иісін бұрқыратып. Әлде темекісін қорқыратып мұжығын мойнымызға отырғызып қояр ма, әйтеуір елден ерік, қолдан құрық, саусақтан тізгін кеткен заман болды ғой. Жақсыңды жадылап, аяулыңды азғырып, төбеңді төмпешік қылған қатыбас уақытқа біреу мойымаса, қасиетті Қазекем, өзіңіз мойымас деуші ем. Қатыгез дүние сізді де қажыта бастапты-ау...-"Осы айтқаным қалай болды? Өзегіне байқаусыз от тастап жібергем жоқ па" деп қуыстанғандай батыр үнсіз томсарған биге шүңірек көздерін жапақ еткізді. Бірақ Қазыбек сол әдеттегі өрелі тартысқа шындап түсердегі зар күйіне келіп, көзі өткірленіп, түсі сұрланып, иығы зорайып алыпты. "Әй, тереңсің-ау! Әй, биіксің — ау! Не бойлатпайсың, не шыңыңа ту байлатпайсың!" деп пәсейген көңілмен сөзін әрі жалғады. — Әрине жалыңызға ешкімге қол тигізбейсіз, кеудеңізді шыбынға бастырмайсыз әлі де. Анау шарасы құрыған Төкемдей... Төле бидей ойрат қолынан су ішіп, дәм тату сіз үшін құранды өртеп, құдайды құлатумен бірдей. Осы айбатыңыз — ақ алыс-жақынды тегіс сескендіріп, өзіңізбен алыспақ болғанның да, өзіңізбен табыспақ болғанның да жүрегін шайлықтырады. Кей — кейде сіздің жалғыздығыңызды, шаршап-шалдыққаныңызды ескеріп қол ұшын бергісі келген, шын бергісі келген шынайы естиярға "Араласпа, килікпе!" дейтініңіз де бар. Оу, жаратқан тәңір, елдің бәрі есалаң емес, естияры бар шығар. Жұрттың бәрі жұлынқұрт емес, жанкүйері бар шығар. Солай емес пе, Қазеке?

Бөгенбай аузы айтқанмен көмейі басқаша бұл кілдерін танытқандай, сұрағына жауап күткен кісінің кейпімен қарсы алдындағы адамның бетіне шаншыла қараудың орнына, кірпігін жыпылықтатып төмен тұқырды. Дәл сонысын Түйте батыр мүлде жақтырмады. Түйтенің тамағы жыбырлап сөйлегісі кеп отырғанын сезген би ақырын күліп жіберді.

— Иә, Түйте батыр, көп қопақтап кеттің ғой. Найзаңды тым шошаңдатқан екенсің. Орынсыз онды-солды сілтеме. Ал, шығар лебінді, — деп бас изеді.

Түйте кеудесін көтере ілгері лықсыды.

— Әй, Бөгенбай! Есалаң мен естінің, бала мен естиярдың ара жігін сен қашан түстеп едің. Түстемек түгіл соның бар-жоғына мән беріп көріп пең бұрын. Ал енді мынау бүгінгі келісіңе де, мимырттап шаң суырған шабысыңа да ит жыным келіп, арқа-басым құрысып отыр. Елден ерікті, қолдан құрықты, саусақтан тізгінді ормандай орысқа ұрлап апарып, тығып берді деген Әбілқайырың өзіңнің өрісі де, жусауы да бір досың емес пе еді. Әр қолды бір жалаған күшіктей, әр мықтыны бір сағалаған тірлігің өзіңді түңілтпей ме? "Араласпа, килікпені" Биаға кімге айтып, кімді тыйғанын ажырата алдың ба. Әлде әлдебір желауыздың дақпыртына қосылып, далақтап жүр ме едің беталды қаңғырған бетіңмен. Батырды жауда сынайды, дауды басқаға бер. Еркекпен еркекше белдесе алмасаң, қатын өсекпен батырси беруді қойған жөн. "Араласпа, килікпені" Қазекем емес, мен айтам. Саған айтам. Көнекті сырттан салып, ағайыннан ауа көшіп, бөліне жөнелгеннің жөні қайда, жолы қайда? Мұрат жолы ма, мақсұт жолы ма? Ағайынға алалық әкелген адасқанның жолы ма? Соны айыру үшін де кей — кейде өзгеге әзеуремей, өз ішіңе үңілгенің де қажет-ау. Бес Мейрам, жеті Момынның іргесін ажырата бастаған Жәнібек екеуің емес пең. Анау құлдық ноқтаға басты керді деген Әбілқайырдың асты — үстіне түсіп, асай-мүсейін әруақтандырған екеуің емес пе едің. Ендігі жағалаған шалшық өзеніңді де көрдік, сағалаған өзегіңді де көрдік, білдік. Өзенің шалшықтай шолақ, өзегің ұрадай қысқа тәрізді — ау, Бөгенбай. Тәмам елді дүр сілкіндіріп, алаш жұртының бағытын апандай ашылған қанды көмейге бұрып жіберген Әбілқайырың анау. Азған жерге сұңғыла шығар деп, есіріктеніп сақалға жармасқан тұғырың мынау. Қай анық бетіңді байқатып едің? Сұрағалы келіп сынағандарың қалай?

Қазыбек тандай қақты. Есіліп бара жатқан Түйте биді жалт еткен жанармен шалып өтті. "Қазір бітірем!" дегенін танытып сәл иек қақты.

— Биаға, "Құлға да бір күндік тендік" деген, артық кетсем айыпқа бұйырмаңыз. Менікі Бөгенбайға ағалық, наз ғана. Бір жас кіші болса да үлкендігімді бұлдап тұрғам жоқ. Қауып айтар әрекем де емес, таптай айтар келекем де емес. Іштегі көптен сақтаған ініме дегем кірнем еді. Мақұлдай ма, шақылдай маәйтеуір ойына түрткі салғым бар, — деп тоқтады.

Бөгенбай үлкен денесін ырғалта шайқап, Түйтеге қадалып отырып, баяу күрсініп қалды.

— Не дейін, Түйте аға. Осал салмақ емес айтқаныңыз. Не деп жабыса түсейін. Жалғыз-ақ сынағалы келмегеніміз аян. Адасқаным бар шығар, бірақ мені өзгені адастырды дегеніңізге көне алмаймын. Ал кейінгі шиырымды кіммен кеңесіп, кіммен ақылдасып салғанымды білмесеңіз, босқа әуреленесіз, Түйте аға.

Қазыбек мырс етті. Қазыбектің мырс еткені анау-мынауды селк еткізетін. Үшеуі де демін санап шығарып тыншып қалды.

— Әй, Бөгенбай, іші құпиялының аузы құлыптаулы екенін ұмытпа! Түйте, бір — бірімізге ұпай салысқандай бол май, құр бақсына тантырап жын шақырған әдетке бақпайық. Сенің де сан соққызған қапылықтан ызаланғаныңды сездім. Бірақ бірімізді біріміз осы арада да түртпектесек, сол ыза назамыз одан сайын өршімес пе.

Жә! Жақсы мінездің құт екенін, пәле түбі жұт екенін білмейтін бала емеспіз. Ниеттің қаралығы, істің ылаңдығы күншілдіктен, бақастықтан. Бәрінен де бұрын мансапқорлықтан. Аяғыммен жер тепкілеп, төбеммен көк тіресем дейтін құмарпаздықтан.

Ал әріден ойласақ, түптен қозғасақ, жүректің сызы көп те, назы жоқ. Бұрындары ... айналасы екі-үш жыл да бұрындары боп барады-ау. Бұрындары Болат ханның күршім ішіп, құшала тартқанынан басқа қарекеті жоқ деп құстаналаушы ек үш кәрің. Ал қазір сең соққан балықтай мәңгірген Сәмекеден Төкең де, мен де мүлде күдер үзіп біттік. Не өзіндік айтары жоқ, ал айтқаныңа жаңғырық боп қайтары жоқ. Не әрекеті жоқ, не әрекет етер, еттім дер әбігері де жоқ, үнсіз тілсіз меңіреу. Меңіреулік жартасқа жарасқан. Жан-таласқан елдің аға ханына ол мүлде қол емес. Ұғары жоқ бастың ақыл тұрар қандай тұрағы болсын. Жанасып барып, түсінер аңғарын, түйсінер сыңайын таппай, түңіліп түнеріп сан оралдық... Көсіліп алып, көрпесін тұйықтап жата беруден жаңылысар түрі, айырылысар күні жоқ.

Сәмекеміз осындай болса, Әбілқайырымыз анау. Батыр сұлтанды күйеу балам деп арқасынан қағып қояды да, жарғақ құлағын жастыққа тигізбейді. Батырың тағы да ат үстінен түсуді қойды. Түсірмейтін де Әбілқайыр.

Абылай қызынып, килігіп кетті.

— Дұрыс айтасыз, Биаға! Қазір сол Батыр сұлтаныңыздан қадірлі жан бар ма екен қазақ арасында. Жоқ қой. Қара қасқа атты Қамбардан бір де кем емес. "Қызыл қарын жас баланың қамы үшін басын отқа тігіп, арыстанның аузына сан түсіп, түрікпеннің жеріне барып астығын қаптап әкеліп, малдарын топтап қуып келіп, аш-арықтарға пышақ үстінен бөліп берген нағыз құлан аяқ қу шеке арғымағым да, көк найзалы, көп тілеулі асылзатым да Батыр сұлтан" деп аш өзекке ас түскен талайдың тамсанып мадақтары сол.

Ал Әбілқайырдың асығы түгел. Ертең — ақ "есің шыққанда есігіңе мал байлап, аузыңа дән салғам, есебіңді өзің шығарып, есемді қайтар, ағайын" деп үйірлеп жылқы, қоралап қой жинайды. Оның үстіне мынау жұттан жұтаған жұрттың көз алдында Батыр сұлтан мен Әбілхайыр ханнан абзал адам болмас. Өзге сұлтандар бүк түсіп бұйығып жатқанда, ел аузына су тамызған екеуі ғана боп көрінбек. Ал біз...— Абылай қолын тағы да сермеп қап, тығылып тоқтады.

Қазыбек оның неге тоқтағанын біліп отыр. "Ал, біз" деп Жәдіктен шыққан сұлтандардың шөре-шөре тірлігінен жерінгенін, солардан әбден көңілі қалғанын айтқаны. Өз бетінше төрелердің жасары жоқ. Қимылы үй арасында ғаламат. Былай ауылдан, ел шетінен ұзай бере кереметтілігінен айырылып, жүнжіп сала беретін ұсақтығы орасан. Соны өздері білсе де өзгелер көрмейтіндей, білмейтіндей дүрілдейтіндерін қайтерсің. Күншілдігі сондай, іштеріне пышақ айналмайды-ау. Ат — атағы күн сайын өсіп, дабырайып бара жатқан Абылайдан сескенетіндері де, тіпті қолдарынан келсе, қонжита салуға дайын тұрғандары да белгілі. Жер астынан жік шығарып шыға келген бақталасты... бақталас қана емес, тақталасты ел аузы әлден-ақ анау құдіретті Тәуекел мен Есім хандар отырған, жаһангер Жәңгір, қасиетті Әз Тәуке хандар жамбастаған алтын таққа отырғызып қойған жоқ па. "Құдай-ау, Жәдіктіп. өз бөлтіріктері бірін — бірі тірсектеп, біріне — бірі арсылдап таласып жүрген жалғыз таққа қайдан туып, Қайдан шыққаны белгісіз әлде біреуді тап желкемізден қойғаның қалай? Қанқұйлы қолды білекке дейін майлап осы көкей тескен алабас құрт — тақ үшін Қайыпқа у беріп көзін жойып, Болатты әдейілеп оққа байлатып босатқан еңбек текке кеткені ме. Әбілқайыр немең өзегін өртеген өзімшілдік өртін орыс патшайымының қолымен сөндірмек боп әлі тыраштанумен келеді. Бойдан биік секіруге әл қайда. Өз өресіне жетті де, тынды ол. Ендігі үлкен қауіп мына Абылай Сабалақта. Сұр бұлттай түнеріп, аспанымызды түгел құрсаулап ала қоймасын кім білсін. Алмай қоймас-ау. Жиырмаға толмай жатып, маңайына топырлатып Арғын, Найманның батырларын үйіріп ала бастады ғой. Анау Қанжығалы Бөгенбай тіпті соның құлақ кесті құлындай-ау тап бір. Қасынан бір елі қалмайды. Қаз дауысты Қазыбек би не бітіріп отыр.Бөгенбай-бидің сесі мен сұсы емес пе еді. Сесі мен ұсын бидің өзі ұстатқаны қалай шошандап шыққан немеге? Жастың арының басар бол, айбынын асырар Сол депті-ау. Ал сонда батырсыз қала берсе, сол Қазыбек биің қолындағы Орта жүздің ұлыс бегі дейтін билігінен де айрылып қалатынын біле ме екен? Білсе,түптің түбінде өзін жылан боп шағатын сол жыланның жұмыртқасын ұясында неге сындырмайды?"

Барақ, Сәмеке, Күшіктердің осылай ойлайтындарын Қазыбек айтқызбай — ақ сезеді. Абылайдың бүгін неге, қандай тілекпен келіп отырғанын да біледі. Келешекте алдарын орап кетер Абылайға әлгі сұлтандар бүгін күн көрсете қояр ма? Тендік бере қояр ма? "Атасы билік құрмаған, анасы үлгі көрмеген жүн басты, күйек асты шатаның құзырына байланар болса, құтырынған иттей қазір неге шайнамасқа жас құлақ пен жау алқымды" дейді олар. Өзді-өздері арпалысқанда жеке-жеке қызылшеке болатын сұлтандар, Абылайға келгенде бірігіп, тізе қосысып алатынды шығарыпты. Сондықтан Абылайға аз да болса билік керек. Алдында елі, артында қолы болса, Барақтың азуын қағуға, Батырдың найзасын жайқауға, Күшіктің құйрығын бұрауға, Әбілмәмбеттің әрекетін тиюға Қаһары мол жастың қауқары жетер еді. Ендеше, өзі ортасында отырған Атығай, Қарауылға ұлыс сұлтаны ұлыс бегі ету дұрыс болар. Мынау Бөгенбай да менің ақылыммен екі-үш жылдан бері осыны төңіректеп жүр ғой. Ұшқалақтық жасата қоймас. Түптің түбінде адалдығы жеңсе, ел тізгінін де қолына алар. Шіркін сондай асылым боп шығар мед?!"

Қазыбектің көз алдына осы тілекті арман еткен екі ағасы Әйтеке мен Төле оралды. Әйтеке нағыз сұңғыла жан еді ғой. Туысы бөлек, бітімі ерекше, күтімі артық бекзаттың ой-бойынан да үнемі тазалық, естілік, мінезділік есіп тұратын. Азат елдің ардақты аза-маттарын, аяулы аруларын бақытты, бақтылы, уайымсыз, шабуыл-шандуылдан ада күйде, өз ата жұртында еркін, ерке күйде көрсек-ау деп армандаушы еді асыл аға. "Еркін, ерке күйге әлі жете алмай келеміз. Ата-жұрт әлі жау тақымда. Шабуыл-шандуыл әлі қанымызда. Уайым, мұң жылаулы жанымызда, Әйтекем!" Туралығы аңызға айналған, адалдығы әулиедей табындырған Төле ағасының жолын ойраттың оқпаны қиып тастады ғой бүгінде. "Басқан ізі аңдулы даңғылдың елім дейтін жүрегі егіліп жүр — ау. Қайран да шіркін Төкем-ай! Дәл қазір бір ауыз сөзіңе зар болған мендей ініңді, осынау алашыңды маңдайынан қашан сипарсың."

Қазыбек осы есеңгіреткен ойымен қоса оянғандай көзін кең ашып, өзіне қадалып отырған үшеуге біртүрлі мұңая қарады. Үшеуі де бидің дәл мұндайын күтпесе керек, қыпылықтап қалысты.

— Бала күнімнен сағынған жанымды осылай үнсіз жабыға іздейтінім бар, інілерім менің! Іштегі өрттің опық жегізуі көп қой. Опасыз дүние әркімдерден өтетінін білсем де, кейде өлшеп берген демі біткен қимастарымды ойлағанда жаным күйзеледі... Әсіресе Әйтекемді еске алғанда...

Қазыбектің кідіріп қалғанына үшеуі де қиналды. Жапақтап бір біріне қарасты. Бөгенбайдың: "Үлкеніміз өзіңсің! Бірдеме десеңші. Босаған көңілді жұбатсаңшы!" дегенін ұққан Түйте бидің қазіргі көңіл күйіне өз түйсігін қосарлады.

— Биаға, айтқандарыңыздың бәрі рас. Өгейсітер өкініштің ең ауыры азаматтың өлімі ғой. Бірақ " сынбасты ұста, өлместі құдай жаратпайтынын" әлгінде бізден де артық айттыңыз. Арғымақ арығанын білдірмес, асылзат қайғырғанын білдірмес. Айналып артқа қарап ақырмас арыстанымыз өзіңіз едіңіз ғой. Ағайынға сауын айтып, ат терлігін құрғатпаған күндеріңізде сізге мынау Бөгенбай, анау Аралбай үшеуміз кезектесіп әрең есуші ек-ау, Биаға! Дүниенің шолақ екенін, жанның сол дүниеге қонақ екенін өзіңіз айтушы едіңіз ғой. Әйтеке ағамыз, әруағынан айналайын, сіздің де, бәріміздің де қамқоршымыз еді. Ендігі панамыз өзіңізсіз. Көңіліңіз пәсеймесін.

Қазыбек кеңк-кеңк күлді. Күлкі жасы ма, басқасы ма, кірпік жасауратқан дымқылды сұқ саусақпен сығып тастады.

— Ау, Түйте, сенің де сіпекейдей сөзің бар екен-ау. Кәдімгідей ее бердің маған. Рахмет, бауырым.

Бірді айтып бірге кете берді демеңдер мына ағаларыңды. Көп тыңдап аз сөйлер жасқа жеткенімді өзім де білем. Адалды серік етпейтін ұрының надандығындай ұркеппе ойларымен өзегімді ыластағаңдар көп болған соң, кейде ішті аршып тастау үшін ақтарылып алам. Ал, Абылайжан, жөніңді айта отыр, — деп Абылайға тізгін тастады.

Абылай дәл осылай бірден сілтей салар деп ойламаса керек, қапелімде ой түймеген бе, сұр түсі сәл қызарыңқы тартып тұрды да, қайтадан өз түсіне көшті. Сұлтан сабырлы қалпына келді.

— Қазеке, ерлік мінезді ездікке сатқан талай сұлтанды мұрнынан тізіп, көз алдымнан өткіздіңіз. Тәліміңіздің бір саласы ғой бу да. Алдыңызға келген сайын көп нәрсеге көзім ашылып, көңілім сайрап қоя береді. Бүгінгі бір түйгенім: еңбекпен тапқан мал жақсы екені. Бірақ сол еңбекке күш табылса, еп келмейді. Еп келсе, қол табылмайды. Қысқа жіптің күрмеуге жоқтығындай тірлік қой. Ең, ең қажеттісі бүгінде, ертең де, туу-туу алыс келешекте де бүтін елдің жақсы болары, құтты жердің жақсы болары ғой. Сол елді бүтіндеуге бел буған жолымды өзіңіз аршып салғансыз, Биаға. Құтты жерді жау тақымнан қайтаруға өзіме берген антым бар. Одан өлсем айнымаспын.

Есіткен-білгенді айтпаймын. Естігеннің қалпы көп, білгеннің ұсақтығы мен күйкілігі мол. Мен күйзелткенімді ғана сездірем өзіңізге. Жалымның қысқа, құйрығымның шолақтығын айтам. Ақылыңыздың үнемі көкейіме қонғанын, қонатынын қайталап отырып, қақпаңызды қаққаныма ұялсам да, өкінбеймін. Мал аңдыған діннің жаман екенін, ет аңдыған ұлдың жаман екенін ұғар жастан әлдеқашан өткем. Жылдың жақсысы жаз деп, үнемі жаз іздей де бермеспін. Жастың жақсысы қыз деп, қызды да қарақтай бермеспін. Алдыңызға адаспай анық басып кеп отырмын. Тереземді өзге сұлтандармен теңестіресіз бе, керегемді кең жайғызасыз ба, әйтеуір айға ұмтылып мерт болар арыстан емес, алды-артын тең шолған арысыңыз ғанамын, — деп қолын кеудесіне төсеп, сөзін аяқтады.

Бөгенбай мен Түйте дәл осылай қиыстырар демесе керек іштерінен:

"Қалай қиялайды мынау оғлан. Өзін де, өзгені де бір көгенге неліктен тізгенін жақсы айтты-ау, жақсы інім. Аянбайыншы. Аямайыншы қолымнан келгенімді" деп Бөгенбай мағұрланса,

"Әй, мынауың әріден сілтеді-ау. Түптің түбінде өзгелерден осы озады-ау. Озар-ақ. Әлден-ақ өресінің кендігін танытып жатқан жоқ па. Биағамның ықыласы жай адамға тегіннен тегін неге құласын" деп Түйте батыр қатты ырза болды.

Қаз дауысты Қазыбек есіктен көрінген күтуші жігітке "түсіндім" дегендей белгі берді.

Леген мен құмыра көтере кірген адам отырғандардың қолына су құйып шықты.

Көлдей таза асжаулық жайылды.

Үлкен астаумен сарыала тұздықтатып ет келді. Жабағының жас етіне сүрдің қоңыр қазысы салынған екен, таңсық иісі мұрындарды алып кетті.

Жабағының шекесін Бөгенбайға тартқызып, қойдың басын Қазыбек Абылайдың алдына қойғызды. Осы ілтипатымен — ақ сұлтанның өтінішін орындай бастағанын білдіргендей болып еді.

Ас жеп болған соң тағы да балдай қымыздан бір-бір тастап алып, сыртқа шығып келген бұлар енді қызу әңгімеге ауысты.

Қазыбек домбырасын жайлап шертіп отырған. Бетіне сүйек қақтаған бүйірлі әдемі аспапқа Абылайдың көзі жиі түсе бергенін байқады ма, бір кез сұлтанға домбыраны ұстата берді.

— Абылай, есінде ме "Ноғайлы қазақтың айырылысуын" тыңдағанда көзіңе жас алатының?

— Есімде ғой, Биаға! Неге ұмытайын. Сол күйші қайда екен?

Қазыбек күрсінді. Сақалды иек омырауға сүңгіді.

— Қалды ғой қайран ер, топырақ астында. Ақтабан шұбырынды да Әнет бабаның босқан жұртқа ере алмай, тебе басында шоқиып отырып қалғанын көріп, көштен жырылып қалып, бабаның қасына қайтып оралған ғой... Көшсе нуға жетер, қазса суға жетер күнді аңсаған абызды өзі өлмей көрге жібермей, қасында болған ғой азамат. Демеуші дос, қармаушы іні сондай болсашы!

— Апырай, Қазеке, сол Әнет бабаны арқалап болса да алып кетерлік бір адам шынымен-ақ табылмаған ба? — деп Бөгенбай намыстанғандай зор даусын бәсеңдете бітірді.

— Болған ғой, бар ғой. Әнет бабаның өзі ғой қашқын тірліктің азабынан өлім таңбасын артық санаған. "Жерімнен қашқаным өлімнен қашқаным, өзімнен қашқаным. Көз ашып көрген аспаным мынау, көз ашып көрген асқарым анау, көз ашып атқылап ойнаған тастарым мынау — кәрі сүйекті саудыратып туған жерден алып кеткенде, қай өгей жұрттың жерошақтай қуысына тыққызамын. Одан да өз өлеңім, өз төсегім-өз топырағымда көз жұмайын" деген ғой есіл абыз. Ал анау күйші қақ жүректен оқ тисе қақырамас қас батырдың сойын танытқан ғой. Сонда, сол бабамен бірге қалған. Кейін бірге көмілген. Әлгінің, көргендер айтады, он саусағын жоңғарлар кесіп тастапты деп. Кім білсін, қас жауына қарғыс айтқан көкірегі домбырасынан күй боп төгілді ме екен? Қара дауылдай құтырынып, қауға тиген қара өрттей лаулады ма екен? Ойратың тегіннен тегін он саусақты шауып тастамайды. Сол асыл азамат Әнет бабаның соңғы сәтіне дейін қасында болып, достығы үзілмес бауырмал құшақтың құдіретін айғақтап кеткен ғой.

Ұмытпапсың, Абылай балам. Ондай күйді, ондай күйшіні ұмытпау керек. Көзден нұр, көкіректен жан кеткенше ардақтау керек.

Абылайдың сұрғылт жүзі қанын ішіне тартып ала қойған екен. Уытты өткір көздер дәл қазір сол бір аянышты суретті анық көріп отырғандай қарсы алдындағы әлдебір белгісіз бедерге қадалып қалыпты.

Кенет домбыра "зың" етті. Зың еткен үн жер түбінен әлсіз ғана "уһ" деген бәйек дыбысты жеткізгендей болды.

Содан кейін он саусақ кібіртіктеп перне қуалады. Түртпектеп шанақты тықырлатты. Сағадан шанаққа текіректеді. Шанақтан сағаққа қарай өрмеледі. Кідірді. Кібіртіктеді. Қайта желді, қайта баяулады. Саусақтар текіректеді. Сәл тыным тапты. Артынша — ақ саусақтар ойнақтады. Сол қолдың бес саусағы бірін — бірі қуалап, перне жағалағанда, оң қолдың бес саусағы шанақты тепкілеп ала жөнелді. Дүрмек үндер толқындап лықсыды. Дүбірлеп көбейді. Бір сәт безгекті дірілмен шырылдап тұрып алды да, қайтадан қажырлы да құтырыңқы толқынға ауысты. Әлгіндегі сонар шалыс азайып, тақ-тақ қадалған саусақтардан жүрдек шабысты тілейтін нық-нық қағыс жебеледі. Долданған күйден жалақтаған жаудың дауылдай долы ызғары есті. Күңіренген даланың зарлы үні жетті. Содан әрі шырылдаған ананың бәйек үнімен, "Елім-ай!" "Елім-айлаған!" күйік әні төгілді. Домбыра қайтадан ширықты. Ендігі алапат екпінінде анау зарлы, шерлі үндерді баса жеткен қажырлы қайрат, асқақ айбын, ақырған айбат қат — қабат тұна қалған еді. Ол үндер, ол кек қайраулар — төбе үстінде қонақтап отырған кәрі бүркіттей жалғыз қалған Әнет бабаның шаңқылы еді. Күйімен ойрат жендеттерінің өзегіне өрт салып, дерт құйып өршеленген күйші қазақ еді. Қайратын еселеп, күйбең қарекеттен биік арманшыл әрекетке шақырған азамат, азат қазақтың шамырқануы еді. Ызалы шарпумен әлем бетінен дүлейлікті, меңіреулікті, жабайылықты, жәркештенуді, жылбысқылықты қуып бара жатқан әділет пен шындық ұраны еді.

Аруана боп боздай білген, ақсақ құлан боп текіректей білген, "Тепеңкөк" боп қиралаңдай білген, қос қыздың жылағанына ноғайлы мен қазақтың айырылуын қосақтай білген қайран көне аспап — қара домбыра тарта алар шебер саусақтарға тигенде, егес серпінт мен шер ақтарып, аңыз тірілтіп, өткен күндердің алыс суреттерін алдыңа әкеліп ашып, жайып салады-ау.

Міне, қазір де қыл сағақты қысып алған сол қолдың саусақтары дірілдеп тұрып алды да, іле ішек үстімен көбесін онша тигізбей төмен қарай жүйткіп кеп кетті. Содан жоғары қайта шапшып, орта тұста үш-төрт пернеден ұн аулатып, ой бір сұңқылдатып ала жөнелді — ай. Содан қайтадан бебеу ырғаққа оралып безектетті — ай! Содан қоңыр үнге ойысып барып, "Елім! Елім — ау! Елім-ай!" дейтін сарын-ырғақты шымырлата созды-ай! Содан нәзік оралымды майда нақышты бұралтып тұрды да, нәресте уіліндей, қарындас күлкісіндей әсемӘуенді сызылта төгілдірді-ай! Сол майда нақышты әсем әуеннен көңіл байырқаланар уаныш тапты ма, саусақтар басқа ырғақ-сарын іздемей әлгі нәресте уілге байлана қалды да, үздіктіріп, ынтықтырып, еліктіріп тұрып үзіліп кетті. Күй бітті.

Күйшінің саусақтары қыбырсыз қалды.

Түйте әлгі батырға тән ұзын, жуан, күшті саусақтардан дәл осындай нәзік әуен, сырлы әуез жүрек тербетіп қалай туады дейтіндей қадалып Қалыпты.

"Апырай! Абылай сұлтанды білмейді екем-ау!.. Өркөкірек, тәкаппар жанға балаушы ем сырттай. Ол анау сұсты жүздің, өткір көздің өзгені оңайлықпен пике кіргізе қоймас сақтық пердесінен екен ғой. Қайран Қазақтың қара домбырасы — ай. Құдірет қанасың ғой сен! Бір асыл азаматтың жан дүниесіне сүңгітіп, сол таза мөлдір жан дүниеден тазалатып, жуындырып, әспеттеп шығардың-ау бізді. Асқақтықтың таза болса, әдемі, сәнді боларын таныттың — ау. Тәкаппарлықтың сергек шынайы болса, әсем келбетті боларын, кісіліктің кең боларын айғақтадың-ау!"

— Өркенің өссін, Абылайжан! Қандай таза еді ішің! — деп Түйте ойындағысын сыртқа ытқытты.

— Жарайсың, ақиығым. Сенің дәл осылай сілтеріңді сезіп ем. Күйшіні де тірілттің. Әнет бабаны да өз Тұғырына қондырдың. Енді оларды өлді деп кім айтар. Өлмес ғұмыр, өшпес өзек болмас десек те, өлімді жеңер ер барын, ауырды көтерер нар барын тағы таныттың. Кеудеме Әнет бабама деген бір үлкен түйнек беріш боп орнап еді. Уақыт озған сайын сол берішім молая түсуші еді. Белгі, бедерсіз ұмытылып кетер ме деген қорқынышым еді ол. Сондайда салқын түспей суалмас биенің үрпінен сорғалаған сүттей жасым ішімді керней кептейтін. Желбіршегінен оқ тиген балықтай өрге қарсы жүзе алмайтын көп кәрінің бірі боп күрсінгеннен басқа не істей алушы ем. "Еліңді сүйсең — өлімнен қорықпаған Әнет бабаңдай бол, балаларым! Жеріңді сүйсең-жау табанына бастыртпас көкірегімен құшып жатып, тоқымдай болса да туған топырағында жан тапсырған Әнет бабаңдай бол, ұлдарым!" деуден жақ сембеді. Бірақ жақсының орға жығылғанынан жаманның ештеңесі құрымасын көріп, жаным ышқынды. Неге екенін қайдам, аталы сөзге тоқтамас наданның бүгінде тартыншақ түйесі жүргіш, тебеген биесі жуас, жымысқы жиені көшелі боп баратқан сияқты. Ұрмай-соқпай талдыратын өсекшіден безінгенде көңіл жұбатарым осы домбыра болушы еді. Ел қонбай жетімсіреген жерімнің мұңын қозғаушы еді. Құс қонбай құлазыған көлімнің назын толғаушы еді. Бірақ дәл өзіндей, Абылай оғланым, биік таудың төбесінен де асырып, өзен-судың көбесінен де өткізіп, ұлы дүбірден елес-елес леп бере алмаушы ем. Көненің көргендігінен жастың түйген білгендігі озарын сездірдің. Өзің күйіндей терең нәрлі бол. Күйіңдей асқақ, арлы бол, өренім. Күйіндей шалқып от, шалқытып, балқытып от халқыңды, қазағыңды, — деп аса қатты тебірене сөйлеген би сөзінің соңын батадай ғып бітіргенде, Бөгенбай да, Түйте де шыдай алмай жайған алақандарымен беттерін сипап қалысып:

— Айтқаныңыз келсін, Қазекем! Дуалы аузым, құтым, берекем! Үйіп-төктіңіз-ау адал, ақ көңіліңізді!

— Әмсе, әруақтардың құлағына шалынсын! Биаға, қалай айттыңыз! Күйдің құдіретін қалай құдіреттендіріп жеткіздіңіз. Иә, Әнет бабам өлмепті! Сағынушы ем мен де!.. Іздеуші ем бейжай көңілмен алаңдап. Алақаны... әлемді аялаған алақаны арқамнан тағы бір қақса... қақпай ма деп езілуші ем іштей... — Түйтенің көңілі босап кетті. Тамағына өксік тығылды. Жұтына алмай қылғына берді.

— Әй, Түйтем! Жаның нәзік, жүрегің таза болмаса сені өзгелерден артық көрер мем. Төсімде ұстар мем. Қой енді. Әнет баба сенің ғана емес, менің ғана емес, мынау Бөгенбайдың да, мынау Абылайдың да... исі қазақтың қасиетті бабасы, абзал абызы, киесі мен қасиеттісі еді ғой. Босама, Түйтем! Қайта қуан! — деп Қазыбек өзінің де босаңсығанын даусының сәл дірілінен байқатып қалды.

— Қуанып тұрмын ғой, Биаға. Мен абыз бабамның қайта оралғанына... бабамды қайта оралтқан мынау күйге... күйшіге... айналайын Абылай балама, бауырыма қуанып тұрмын ғой... Әттең, Жарылғабым естімеді-ау.

Үй іргесінен, бидің күндіз отыратын көлеңкелі орнынан сыбдыр естілді де, іле дауыс қоса шықты.

— Естідім, көке!

Қазыбек кейін шалқайып, әдемі ақ шұлаң сақалын оң иығына қондыра қойды.

— Ой, Жарылғаппысың?

— Иә, Би ата! Менмін!

Қазыбек кеңкілдей күлді. Ырзалық тапқанда кең көздерін мейірімге толтырып жылу оралады екен, сол жылу үй ішіне шуақ шашқандай.

— Күйді тыңдадың ғой?

— Иә, ата! Сондай күшті күй. Жүйрік аттың тұяғынан от ұшырғандай. Тамсанып қалдым ғой.

— Әй, Жарылғап! Кір үйге. Сәлем бер қонақтарға.

Ішке енген Жарылғап кеудесіне қолын төсеп, басын иді. Бірақ әдеттегі "Ассалаумағалейкумды" дауыстап Биағасына ғана беріп, қолын ұсынды.

— Мына әке-ағаларыңа неге созбайсың қолды?

Абылай шапшаңдық танытты.

— О, бұл жігітпен осы өзіңізге кірерде қол да алысқанбыз, көңілмен де танысқанбыз.

— Әу, Түйте, Жарылғап балам сенің ұлың ба еді. Бәсе, бір көргеннен жылы ұшырап еді. Келші, ұлым!

Бөгенбай қолын жайды. Жарылғап қасына жақындай беріп еді, ұзын қолдар ұланның басын еріксіз еңкейтіп, добал ерінді маңдайына жапсыра салды. жеңер ер барын, ауырды көтерер нар барын тағы таныттың. Кеудеме Әнет бабама деген бір үлкен түйнек беріш боп орнап еді. Уақыт озған сайын сол берішім молая түсуші еді. Белгі, бедерсіз ұмытылып кетер ме деген қорқынышым еді ол. Сондайда салқын түспей суалмас биенің үрпінен сорғалаған сүттей жасым ішімді керней кептейтін. Желбіршегінен оқ тиген балықтай өрге қарсы жүзе алмайтын көп кәрінің бірі боп күрсінгеннен басқа не істей алушы ем. "Елінді сүйсең — өлімнен қорықпаған Әнет бабаңдай бол, балаларым! Жерінді сүйсең — жау табанына бастыртпас көкірегімен құшып жатып, тоқымдай болса да туған топырағында жан тапсырған Әнет бабаңдай бол, ұлдарым!" деуден жақ сембеді. Бірақ жақсының орға жығылғанынан жаманның ештеңесі құрымасын көріп, жаным ышқынды. Неге екенін Қайдам, аталы сөзге тоқтамас наданның бүгінде тартыншақ түйесі жүргіш, тебеген биесі жуас, жымысқы жиені көшелі боп баратқан сияқты. Ұрмай-соқпай талдыратын өсек-шіден безінгенде көңіл жұбатарым осы домбыра болушы еді. Ел қонбай жетімсіреген жерімнің мұңын қозғаушы еді. Құс қонбай құлазыған көлімнің назын толғаушы еді. Бірақ дәл өзіндей, Абылай оғланым, биік таудың төбесінен де асырып, өзен-судың көбесінен де өткізіп, ұлы дүбірден елес — елес леп бере алмаушы ем. Көненің көргендігінен жастың түйген — білгендігі озарын сездірдің. Өзің күйіндей терең нәрлі бол. Күйіңдей асқақ, арлы бол, өренім. Күйіндей шалқып от, шалқытып, балқытып от халқыңды, қазағыңды, — деп аса қатты тебірене сөйлеген би сөзінің соңын батадай ғып бітіргенде, Бөгенбай да, Түйте де шыдай алмай жайған алақандарымен беттерін сипап қалысып:

— Айтқаныңыз келсін, Қазекем! Дуалы аузым, құтым, берекем! Үйіп-төктіңіз-ау адал, ақ көңіліңізді!

— Жарайсың, Жарылғабым! Ән мен күй қазақтың қос қанаты ғой. Ән айтқанда қайғы-мұңыңды ұмытасың. Күй шалғанда шерің тарқайды. Не шеріңе шер жамайды. Домбыра киелі аспап. Қолыңа ұстадың ба, қастерлей біл. Ал, не шертіп жүрсің?

— "Елім-айды" шертем. Ең алғаш үйренгенім де сол ғой. Домбырамның құлақ күйіндей.

Қазыбек басын изеп отыр, изеп отыр.

— Құлақ күйі... Елім деген ерлер осылардан шықпас па. Сенің, сендердің құлақ күйлерің еліңнің... елімнің зары болса, онда біз неге дүниеден түңілердей күңірене береміз. Бірауық тәубамызға ұйыған да жөн — ау. "Елім — ай" дедің, ә. Қайран ән... Зар әні, мұң үні. Қайырымың тез, әуенің жеңіл болғанмен салмағың зор ғой. Зор ғой әр жүрекке батпандап түсірер жүгің мен жігерің. Босқан елдің, өшкен ердің, белгісіз қабірдің, шырылдаған сәбидің, күңіренген бабаның... Әнет бабамның аманатысың ғой "Елім-ай!"

Жә! Жарылғапжан, бірді айтып бірге кеткен атаң осы. Мынау Абылай балам көңілімді қозғаған. Он саусақ тек қару ғана ұстамайтынын, он саусақ қос ішекті дүниенің тілі ғып сөйлететінін де көрсетті.

Рахмет, Абылайым, баршыным!

Абылай бас изеді.

— Қазеке, көңілдің бейжайлығы да, көңілдің шамырқануы да кезіне байланысты. Білмейім, әлгі бәріңіз жағалай мақтап жатқан күй... күй ме, күй емес пе... тебіренген жанның серпіні ғана. Кеудеден лықсыған серпіні... Әйтпесе кеуде кеудеден кем бе, саусақ саусақтан кем бе... Әркім-ақ домбыра шертеді ғой... Әйтеуір өзіңіз айтқан күйшінің қазасы, әсіресе қиылып түскен он саусақ... Құдіретті, сиқырлы он саусақ... Бүгінгі аты аңызға айналған Әнет баба...бәрі-бәрі ойымды қозғады ма... оған әлі күмәндімін. Бірақ ниетім таза.

Жарылғап қозғалақтап Қазыбек биге жалт қарады. Әлдебір қызу леппен жүзі қызарып алаулап тұр екен, би иек қақты.

— Сөйле! Сөйлей ғой, Жарылғабым!

— Биата, үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без дейді ғой. Сонда да болса өзіңіз рұқсат еткен соң өз ойымды білдірсем деп ем. Артық-ауыс кетсем айып көрмеңіздер.

Абылай аға, өзін-өзі мақтаған надандықтың белгісі деп үлкендер айтып отырады. Өзгені өзге мақтаса, адалдықтың белгісі деп менің анықтағым бар. Ізгілік пен игіліктің өткен-кеткені болмайды. Үлкен-кішісі де болмайды. Ізгілік сепкен көңіл саясы көп бәйтерекпен тең болса керек. Саям жоқ, панам аз дейтін бәйтерек көрген емеспін. Бәйтерек олай демес те еді. Ал адам... Өзінің бойындағы нәрін елемесе, өзгенің асылын көре алар ма? Өз қадірін түсінбесе, өзгенің қасиетін бағалай алар ма?

Абылай аға, Биатам сізге сеніп айтты, үміт артты әлгінде. "Көненің көргендігінен жастың білген-тергендігі озар" деді. Ендігі заманның сіздікі екенін айтқаны. Ал сіз... Күмәндімін дейсіз. Бел шешіп, білек сыбанып кіріскеніңізді жұртыңыз қалайды. Солай ғой, Биата? — деп өзінің тым батылсынып кеткенінен қысылды ма, сөзінің соңын атасына сүйей салды.

Қазыбек те сол жағына еңсеріле бұрылып, Жарылғаптың маңдайынан ұзақ иіскеді.

— Қарағым Жарылғапжан-ай! Осымен екі рет назарыма іліндің... Нәріңмен, бойындағы болайын деп келе жатқан барыңмен іліндің. Асылың ашыла түскей, жарқырай бергей. Сен өзі кілең сұлтандармен іліктесетін күй, шалынысатын жағдай іздеймісің, тастүлегім! Өткен жолы Барақ сұлтанды бабына келтіріп ең, бүгін Абылай ағаңа інілік базына жасадың. Ылайым өзіндегі мен көзіндегің өзгенің өзегіндегі болып, осылай ашық айтылар болсын. Сенің, байқауымша, көптің тілегін тиек қылар көңіл домбырасына айналатын сыңайың бар — ау. Жаңылтпасын тәңірім осы ойымнан. Жаңылмайтын жағың болсын, жақсыға құмар жаның болсын, ұланым. Әлгінде "Елім-айды" шертіп едім дедің бе? Қане, шертші онда.

Қазыбек иіскеген маңдайынан толқындап жылу құйылғандай сезінген ұлан домбыраға саусақ көбесін жайлап тигізді. Сергек аспап дер күйінде екен, уілдеп қоя берді. Сол уілді тоқтатпастан Жарылғап Қаратаудың басынан көш шұбыртты. Көш соңынан жалғыз тайлақты бос ергізді. Қара орман ата — жұртынан айырылған босқынның қара көздерінен мөлт — мөлт жас ағызды. Содан ішін тартқан кейуананың ұзақ солығымен "Елім-айлатып" күйік атқызды. Зар төккізді.

Саусақтар жорғалап жүгіріп кетті. Саусақтар әлгі күңіреніске, өксікке толы шерлі әуеннен ажырап қалып, соны ырғаққа жол ашты. Сол — ақ екен сол жақ қолдың бес саусағы үш-төрт пернеден үн аулайтын сарынды сұңқылдата жөнелді.

— Ой, мынау қайтеді, ей! Әлгі күй ғой мынау! — деп күйді өзгелерден кеш болжап, кеш таныған Бөгенбай батыр бүкіл мол денесімен ырғала қозғалып, екі жағындағыларға кезек-кезек көз тастап өтті де, қасындағылардың күйге құлай беріліп, сазға ұйып қалғанын көріп, қайтадан ден қойды.

Домбыра бебеу ырғаққа құйыла оралып безілдей берді де, нәзік оралымды нақышты сәл өзгертіңкіреп жіңішкерте бұралтып қалып, үзіп жіберді. Ызың жайлап барып жоғалды.

Үй-іші жым — жырт тыныштыққа бөкті.

Түйте Қазыбекке бір, Абылайға бір қабақ астынан көз жүгіртті. Қазыбектің қатты түйіле тыңдағанын, Абылайдың сұр жүзіне ыстық қан тепкенін байқап, лепірген, мерейленген жүрегі дүрс-дүрс соғып қоя берді.

— Қап! Бекер үздің-ау! Әлде осы жерден үзілгені де дұрыс па еді?! — деп Абылай үнсіздікті бүзды.-Жарылғап шырақ! Нағыз мықты өзің болдың. Шіркін құйма құлақ, құнарлы кеуде осындай — ақ болар! Өз күйімді өзімнен артық шерттің ғой. Тіпті өзгерткенің де көкейге қона кетті-ау! — деп Абылай қатты сүйсініп разы болғанын жасырмады.

— Аздап шертем дегенің мынау болса, Жарылғапжан-ау, сен тіпті шарықтап кеттің ғой. Арық айтып семіз шыққан жөн. Сен Абылайға заман сіздікі десең, енді мен саған соны айтам. Дәурен де сенікі, дүние де сенікі, майдан да сенікі, жеңіс-жеңіліс те сенікі. Бірақ дәуренің озық болсын. Тозығынан аулақ бол. Жеңісің айтулы, жеңілісің ұсақ болсын. Жолың болсын аман — да, — деп би кетуіне рұқсат берді.

Орнынан тұрып үлкендерге бас иіп кете берген ұланға Бөгенбай қопаңдай ұмсынды.

— Әй, Жарылғап балам! Тоқташы!

Жарылғап жалт бұрылды.

— Келші бері! Мен өзі сөзге онша жоқ әкелеріңнің бірімін. Мынау Түйте көкең бірер жас үлкендігін бұлдап ұрсып, үйретіп әбден шөкелетіп тастаған, — деп кеңкілдеп күліп үлкен тістердің түзу қатарын ашты. "Апырай, батырдың тістері әлі бүтін ғой. Шоқпар, сойыл тимегеніне қарағанда, айла — тәсілге шебер-ақ екен!" деп қызығып тұрған Жарылғапқа қолын созды. — Мен сенің әлгі күй шалғаныңды сондай жақсы көрдім... Онымды айтып жеткізе алмаспын. Маған желдің суылы, жебенің ысылы, оқтың ысқырығы әуен. Оларды қапысыз бағам. Ал енді мына жуан саусақтар домбыраны құр тыңқылдатқаны болмаса, жүгіріп, сөйлеп, сайрап кетуге жоқ. Әй, көп сөйлеп барам ба... Жарылғапжан, соныңа қарап... мына көкеңнің ұстанған жолына қарап, әлі — ақ сен екеуміздің сүрлеу-соқпағымыздың қанды жорықтың шаңдағында түйісерін сезіп отырмын. Ер қаруы-бес қару. Оны Түйте көкең арнап соққызған шығар. Соққызбаса, жасатпаса, жасатады әлі. Мынау менің құлынды биеге әдейі жасатқан қамшым. Тоғыз өрімді дойыр. Өзгеге сипатпаушы ем. Саған көңілім сондай құлады. Тасбауырдың өтін тіл, қас жауыңның маңдайын айыр. Мә, балам!

Жарылғап Биатасына — Қазыбекке сұраулы қараспен жалт етті. Би әнтек бас изеді. Көкесіне көз сүріндірді. Түйте ырзалықпен келіскендікті мейірлі жүзімен танытты.

Жарылғап қамшыны қос қолымен ыстық от қаритындай үлкен ыждағаттықпен қысып алды.

— Рахмет пейіліңізге, батыр көке! Сеніміңізді ақтауға тырысармын. Сол жорық жолының шаңдағына сізбен бірге ілессем, арманның басқа басқасы болмас.

Жарылғап шығып кетісімен біраз тосыр-қатыңқыратқан үнсіздікті Қазыбектің өзі бұзды.

— Ал, Абылай балам! Сен айттың, мен ұқтым! Жалың молаяр, құйрығың ұзарар, иншалла. Өзге сұлтандардан шоқтығың қазір — ақ асқақ. Өрең әлден — ақ биік. Терезе теңестірем дегеніңді ескердім. Ертең өзіңмен бірге аттанармын. Бүгін жата — жастана дем алыңдар, — деп қонақтарын босатты.

Оңаша қалған соң домбырасын өзінің үйреншікті шертісіне түсірді де, қабақты салбыратып, ой шытырманына батты.

Әбілқайырдың өзгелерден гөрі осы Абылай сұлтаннан қатты сескенетінін де, Абылайдан түбінде хан тағына таласар үлкен тақталас шығатынын сезетінін де бидің байқап үлгергені рас. Анау азулы сұлтанның төңірегі тұтасып бара жатқаны салмағын да асыра түсетіні белгілі. Абылайдың ел аузындағы дабыра болған аңызы ғана болмаса, әзірге қолына тиген тізгін билігі аз. Сол себепті де маңайына топтала бастаған батырлардан түптің түбінде айрылып қалу қаупі де жоқ емес. Қазақтың әлдісі мен малдысы да, батыры мен бағланы да алғанды жек көрмейді. Айдағанды бек ұнатады. Қасында батыр ұстау үшін, не байлығың, не билігің болу керек. Әйтпесе батырды барымтаға жұмсап, берекесіздікке душар болуың әбден мүмкін. Ашыққан батыр да бір, ашыққан бөрі де бір. Соған дәлелді анау Шақшақ Жәнібек көрсетпеді ме. Аңырақайдан кейін Абылайды алақанға салғандай ғып Атығай, Қарауылдағы Дәулетбек байдың ауылына ала жөнелген батырлардың басында жүрген Жәнібек Әбілқайырдың мол асатуының арқасында қазаны тез қаңсығыш Абылайдан аунап шыға берген еді. Қазір көбіне көп Әбілқайырдың сойылын соғады. Өткен жылғы патшайым елшілерін бастап келген шоқынды Мәмет Теуіпкелдің бір құлаш қызыл сәтеніне бола құлап түсті де ғой. Кім білсін, адам пенде де емес пе. Орыс патшалығы Әбілқайырды бүкіл қазаққа дүрдитіп хан сайлай салса, сол дүрдиген Әбілқайыр хан бая-ғыдағыдай сұқсырдай сұлу қарындасын сыйлағандай Шақшақ Жәнібекке бүкіл Орта жүз билігін неге сыйламасқа. Дәме шіркін пенденің ой — бойын бір шырмаса, ғұмыр бойы босатпайтын құрсаумен шырмап тастайтын шырмауық қой. Жәнібек те мүмкін сол құмар ойдан, баққұмар дәмеден құтыла алмай көкейін тесіп бара жатқан ала бас құрттың жеміне айналып кетерін өзі де сезбей ме екен? Содан да болар Абылайдан тез суынып, айласы да, майысқақ тәсілі де мол, бірді беріп екі алатын Әбілқайырды жағалайтыны. Өткенде біреулердің Жәнібектің желпініп отырып: "Ат жеткен жерге ізім түсті. Ізім түскен жерге құзырым өтті. Ойратқа ойран салғандардың алды өзіммін. Бөгенбай-Бөгенбай дейтін желауыздар оның тақымы кеппес ұрлығын батырлық көреді ғой әшейін. Өз лағын теке қоятын ұркеппелер өз жұртына симай, ағайынға арзу қылған Қаракерей Қабанбай дейтін әлдекімді әспеттегенмен бәрі қосылып менің бір сапарымда жасаған ерлігімнің ширегін де толтыра алмайды. Қашпаған жаудың күші бар, жантақты жерде сона бар. Жау қашыра алмас жантақты жердің соналары ғой олар. Ал Орта жүз билігінің тізгінінен қолы босаса құлап түсіп, мүрдем кетейін деп тұрған Қазыбекті Қаз дауысты деп қопаңдатып жұрт әуре. Бос кеспектің даңғырауық болатын әдеті. Ендігі билік маған көшеді. Көше бастады да ғой. Қазыбек өзі біліп бұйдамды әкеліп қолыма біржолата ұстатпаса, кәрі қолдан жұлып алуым оп — оңай. Бос мылжыңды кемеңгерлік дейтін кемелердің көмейіне құм құям сөйтіп. Әйтпесе түйе қотырын ботасына жұқтырадының керін келтіріп, билік деп шатып бұт-қанымен елді бүлдірер" депті дегенін айтып келгенді. Қазыбек естіген де қойған. Бастан жақты айыратын өсекші қазақтың қай аузына қақпақ қоя аларсың. Жәнібектің желпінетінін де білетін би, саналы, салмақты Жәнібектің жеңілтектенгенін, желікмасы болғанын еш көрген де, естіген де емес. "Ел бардаер болады. Елі жоқ ер-қор болады" дейтін бұл білетін нар Жәнібек, зор Жәнібек ондай ұсақ күйкілікке бара қоймас. Бірақ... алтын көрсе періште жолдан таяр... Тайғызды ма екен алтынның буындай ыстық билік құмарлық. Әй, бірақ.... Күншіл ағайыннан, өсекші қатыннан бұл далаң жыртылып-айырылып жатқанда, екі араға от тастағыш адалсынған шағыстырушы кәззаптардың ішіне кіріп шығудан қиямет жоқ қой.

Абылай, әрине, жылы қабақ күтеді. Сол жылы қабақ оған "Арқар!" ұрандылардан өлсе жетер ме. Қарасы жабыла көтеріп төбеге шығарғысы келсе, төресі етектен қос қолдап тартып төменге түсіруге құмбыл. Білектегі қаруына биліктегі даруы сай болмай тұр ғой. Әйтпесе батырлардың бәрін бай қыларлық, бағландарының бәрін би қыларлық ойы да, сойы да бар. Таразы басын тартарлық салмақты енді өзгеден іздеуге мәжбүр болған халін басқаға білдірер ме еді. Бұған келгені — сенгені ғой. Әй, бірақ... сенім дегенің де қырдың күн сайын мың құбылатын сағымы емес пе. Жел тұрса жыртылып, күн тұтылса жоғалып кете қоятын алдамшы перде ғой ол. Өз текешігің өз басыңа секірсе, ешкі тұяқтан гөрі, ескі өкінішті көміп түсетін жаңа өкініш жаныңды тілгілейді — ау. Әй, соның бәрі даланың өзіндей далиып өсіп, ішке симай бара жатқан баққұмарлықтан, атаққұмарлықтан, жалған намысқойлық пен кеудемсоқ кердендіктен — ау. Әлдебір өсек кеудеге кесек тастап кеп жіберсінші, шабаланып, шабынып шыға келсін. Әкені беттен алар бала, ағаны аяқтан шалар іні сенің әділетіңді қайтсін. Адалдығыңа, туралығыңа пысқырсын ба. Өз төмпешігін төбе қылмай, өз төбесін тау дегізбей көңілі көнши ме. Оған енді даңғой мақтаншақтықты қос. Қайтіп қап — қара оттың жалыныңдай шалқымасын ол. Қымызға қызған жел өкпені жер түбіне желдіртіп жіберетін азғырушы әзәзілдер аз ба... Ой, бассын кеп қамшыны қашайын деп тұрған жалған намыс — елікке. Жүйткісін сонсоң пыш-пыш өсек, қап-қап қауесет кең даламен. Қырықпышақ қазақ жатсын сонсоң қырық бөліне қаң-қылдасып...

О, тоба! Осы бір құбыжық секем бір босатпайды-ау. Бүкіл қараң мен төреңнің арылмас дерті сол болған соң, дәру іздеп әуре бола ма әлде. Сол дәруді қайдан табар? Тапса, қалай, қайтіп емдер? Емдеуге көне қояр қазақ болар ма екен. Дәруіңді у деп, мерейіңді мерездік деп өзіңе сойыл ала жүгіруден де танбас-ау...

Абылайды Атығай-Қарауылға ұлыс сұлтаны сайлап, алды-артын бүтіндеп берген жөн болар. Атығай,

Қарауыл жақсы қарайды. Өзімсініп алған сұлтанды. Енді тек билігін бекемдеп берсе, өзге сұлтандармен терезесі теңеседі. Әйтпесе жетпіс мың жылқысының ауанымен жүрген Сәмеке өзі келіп шөбере інісі Абылайға қол ұшын бермейді. Беру қайда? Қарсысына шығар пәлені басын көтертпей басып тастайын деп жүрген жоқ па. Таңқ-таңқ сөйлейтін сұлтандардың маңқ-маңқ үретін иттер сияқты белі мықты, беті түзу біреуі шыға қалса, соған қарсы біріге қалатын әдеттері-ақ жаман.

Домбыра әуені өзгере бастағанын өзі сезбей қалды. Аң-таң күйде саусақтарына үңілді. Әлгіндегі Абылай шертіп, Жарылғап сөл өзгерте қайталаған күйдің нобайы екі ішекке ілініп қалыпты.

"Атын қоймағанымыз-ай, ә!.. Тағы бір күй туған күн болды — ау. Бірақ соны кім ескеріп жатыр. Шертілді. Тыңдалды. Қалды. Неге қалдырамыз? Ау, дүниеге перзент келгенде алты алашқа болмаса да, алты ауылға ат шаптырып, той жасаймыз ғой. Ендеше дүниеге күй туғанда, ән келгенде неге кіндік кеспейміз! Неге айқайлатпаймыз. Азандатпаймыз. О да көңіл күй перзенті ғой. Қандай перзенті десеңші! Ал біз сол марғау халден айыға қоймаймыз. Алты ауыл тұрмақ, алты адам білмей қалады. Білдіргіміз келмей ме? Неге білдіргіміз келмейді? Ол да өзімшіл қызғаныштан емес пе тағы да? Мүмкін қызғанатын шығармыз. Әйтпесе әлгі Абылай шырақтың әдемі, әсерлі күйін бүкіл ауыл боп тыңдап, бүкіл ауыл боп неге ұйымаймыз? Неге қуанбаймыз. Неге тұсаукесерін қылмаймыз?"

Домбыра сұңқылдады. Домбыра безектеді. Домбыра қайтадан байырқалады.

Екі ішектің ендігі шертісі өзгеше әуенге ауысты. Осы әуенді сонда Аралбай інісі, Бабаназар ағасының тұңғышы тартып еді — ау. Сондағы қуаныш, сондағы серпін мына әуенде сәл қоңырқай тартып, бидің бүгінгі шау тартқан халіне көбірек бейімделгендей тәрізденді.

"Аралбай көптен бері келмей кетті — ау. Ауыл арасы таяу дегенмен оның да қолы қай бір тие берсін. Оның үстіне талай шайқасқа түскен кәрі көкжалдың ескі жарақаттары сырқырамасын ба? Әй, өзі де бір жүрек жұтқан-ау. "Жау! Жау!" деген хабар жер түбінен тіріліп жетсе болды-ақ ат беліне тірелген Аралбайдың Қара — кесек жасағының алдына түсіп, ай қасқа айғырын ойнақтатып бара жатқанын көресің. Сағынып қалғам ба? Неге сағынбайын. Сол күйге де ат қойып, айдар тақпадық. Салақтық па, әлде салғырттық па? Бүгінде сол күйді әркім — әркімнің шерткенін естідім. Бірақ әлгіні алғаш кім шығарды? Кім шертті? Көбісі біле де бермейді? Сол күні Жарылғап күшік туған. Және қалай туып еді... Анасын қиналтып, көкесін қорқытып, бүкіл ауылды... ауыл емес-ау бәрімізді аяғымыздан тік тұрғызып қоймап педі. Оған да міне он төрт жыл бопты. Баланың аты бар. Ал күйдің аты жоқ. Неге қоймадық? Әлгіндегі Абылай күйінің де атсыз кеткені ме? Ертең бүкіл ауыл адамына тыңдатып, азан шақыртып ат қойсақ ше... Дабыраны сұлтан қажетсінер ме?.. Жарылғап қағып алды ғой... Өзі-ақ сұлтансыз да ойнап береді. Атын қоямыз сонда. Онсыз болмайды. Ел білуі керек. Айтып жүруге жақсы. Ал Жарылғап балам он төртте. Одан бері де он төрт жыл өткен екен-ау..."

Домбыра күмбірлей жөнелді. Домбыра күмбірінен судың сылдыры, толқынның жағаға соққан екпіні, нар қамыстың сыбдыры естілді. Домбыра кәнігі күмбірмен өткен күндер елесін тағы да жайып салды.

4

Айнадай таза аспанда шөкім бұлт жоқ. Әлгінде ғана таң қараңғысы айрандай боп ұйып түскенде төңірек түгел қара перде тұтып алған еді. Содан кейін көп ұзамай қауын тілігіңдей сарғайған ай солғындап тұрды да, қыр астынан қылтиып шығып келе жатқан қырмызы шөлінің шашағыңдай алтын шапағымен аспан тілгілеген күнмен таласа алмай мүлде жүдеп жидіп кетті. Сол-ақ екен қыр үстіне қонжиған күннің қызыл алауы сырғанап қана аққан Сырдың суына сүңгіп кеткенде жойқын айдын қызыл барқыт оранғандай, қызыл өртке шарпылғандай қып-қызыл боп жыбырлай жөңкіді. Өзен жақтан таңғы самалмен ескен таза ауа тыныс кеңітіп сала берді. Жаз ортасы енді жеткендіктен даланың ажары әлі қайта қоймаған. Өзен жағасының қалың балауса көк құрағы көрген көзді өзіне асықтыра шақырып, "Кел, кір құшағыма! Ауна төсіме!" дегендей хош иісімен таза ауа араласып мұрын қытықтайды.

Сырдың екі қапталында таусылмас төбе-төбелермен жағаласа жарысқан жал-жал құмдарды алыстан ажырата қою қиын. Сары даланың сазартқан сағынышындай сусыған сағымынан дәл қазір ертегінің жалғыз көзді алыбы, жалын атқан диюы, жалақтаған жалмауызы, сақылдап күлген сайтаны, ақсиған албастысы шыға келердей еріксіз елегізітеді. Кенет түстіктегі қос өркеш төбеден қараң — қараң етіп асып түсіп көш көрінді. Біртіндеп көтеріліп, біртіндеп көбейіп бері асып түскен түйелі көшті, қара жорға мінген зор тұлғалы адам үстіне шаңырақ артқан сары атанның бұйдасынан жетектеп алыпты. Сәнді көштің сәнін ашқан әлгі үлкен шаңырақтың қоспаларын бекіткен күміс сақиналы шеңберлер, күлдіреуіштеріне орнатқан күміс орамдар алыстан күнге шағылысып жылт-жылт етіп келеді. Кілем жапқан, кебеже артқан түйелердің маң — маң басқан жүрістері көштің қонар жеріне жақындап қалғанын сездірді ме, тай — құнанға мінген жастар алдарынан таң шуағында алтындай боп сырғанап, сұлу керіліп жатқан Сырды көргенде, шыдамсыз шуылдасып, айқайлай дабырласып, рахаттана күлісіп құйғыта жөнелді.

— Әй, жаспысың деген! Шыдамауларын қарашы.

— Әй, Сәкентай! Түспе суға!

— Балалар! Сақ болыңдар! Қамысқа жоламаңдар.

Үлкендердің осындай пысықтауын естір-естіместен бірін — бірі қуалай дүбірлете жөнелген жастар әлгіндегі тып — тыныш жатқан даланы дүркіретіп оятты.

Көштен бөлініп шыққан топ аттарын желе-шоқытып ауыл қонар көк шалғынды иіңкенің іргесіндегі төбенің үстінде іркілді.

— Бүгінгі күн де керім! Анау жылдағы жұртымыз да әсем. Сыр анау анандай боп ақ төсін керіп жатқан.

— Арудай десеңші!

— Иә-иә! Солай екен-ау! Дегенмен қайран Сыр, қайран дайра анандай ғой. Малға да, жанға да нағыз мейірлі өзен қазақ үшін дәл осы ғой!

— Құтты қоныс болғай!

— Қазақ үшін көшу оңай, қону қиын болса да, көше-көше запы болғанымыз да рас.

— Жә, жарайды. Әй, Сәлмен! Бар! Көшті бұрынғы орнына қондыра берсін. Соны айт.

Сәлмен атын құйықтырып кейін қарай шаба жөнелді.

Ауыл иесі Түйте батыр еді. Ұлы сүйегі-Орта жүз ішіндегі Мейрам сопының тоқалы Қарқабат анадан туған Қаракесек (Болатқожа). Осы Қаракесектен Ақша мен Түйте атты екі ұл туған. Түйте (бұл мынау біздің Түйте емес, арғы Түйте) Майқы мен Танас дейтін екі ұл сүйген. Майқыдан-Әлтеке, Сарым тұқымдары өрбісе, Танастан — Тымырысқы, Сары ұрпақтары тарайды.

Қаракесектің тұңғышы Ақшадан Бошан туған. Бошаннан туған бес ұлды-Жанту, Таз, Байбөрі, Машай, Манатты — бес Бошан деп атайды. Атағы жер жарған, құдіретті Қаракесекті тіреп тұрған бес ата еді бұлар. Жантудан — Тоқтауыл, Таздан — Наманай, Бұлбұл. Байбөріден Олжашы, Жүгіней, Темірәлі, Көшім, Шөптеміс, ал Манаттан-Антықбай туған.

Кейінгі кездері Қарқаралы төңірегін жайлаған бұл төрт Бошанды-Бауыр Бошан деп атап кеткен де, ал Машай бұтағы-Сырт Бошан дейтін атқа ие болған. Бұлбұлдан — абыз атанған Шаншар туса, сол Шаншардың бел бал ал ары Келдібек би және Бертіс хан. Келдібектен Қазыбек туғаны мәлім.

Атақты батыр болған, қалмақ - қазақ шайқасында талай ойрат батырының толағай басын доптай домалатып түсірген Машайдан Бәйімбет пен Бораншы екі бала туған ғой. Бұл екеуінің кейінгі ұрпақтары шетінен жаугер, ел қорғаны болған. Ұрандары — "Машай!". Абадан байрағын көтеріп "Машайлап!" шапқанда одыраңдаған ойрат пен осқырынған орыс ойға түсіп, қырылдауық қалмақ қыр асып кететін көрінеді. Айбатынан арыстан шошып, жолынан жолбарыс қашатын бұл екі атадан шыққан батырлар ел аузында күні бүгінге дейін аңыз боп айтылып, әруақтарына ұрпақтары бас июмен келеді.

Бәйімбеттен Дәулет, Қояншы және Танай деген үш ұл туған. Кейіннен соңғы екеуді жұрт білместікпен біріктіріп Қоныштағай деп атап кеткен.

Бораншыдан Тілеулі, ал Тілеуліден-Тәңірімберді, Керней туған. Тәңірімберді бабамыз жұбайының есімімен Кәрсән аталып кеткен де, Тәңірімберді аты елеусіз қалған. Тілеулі Кіші жүз Құйған бидің бәйбішесі Аққудан туған Айша деген қызын Кернейге, тоқалы Гәккуден туған Бибі мен Бәтима деген апалы — сіңлілі екі қызды Тәңірімбердіге алып берген ғой. Құйған биді әйелдерінің әлгіндей әдемі құстың атына сәйкестігіне байланыстырып Сәһар Құйған деп атап кеткен деседі. Сәһар аққудың қоразы дегенді білдірген көрінеді.

Сол Бибі шешеміз Дүзей, Есенаман, Наурызымбет дейтін үш бала туып, тоқтап қалыпты. Ал Кернейден Самырза, Дау (Дәуіт), Шаң, Балапан атты төрт ұл туып, Бибі шешеміз Керней жуан ата болып өсіп, мына өзінен туған үшеуге әлімжеттік жасап жүрер деген секеммен, сіңлісі Бәтиманы Тәңірімбердіге әкесінің рұхсатымен өзі некелеп қостырған ғой.

Сол Бәтимадан Тәңірімберді бес перзент сүйеді. Алданазар, Бабаназар, Бекназар, Ерназар, Құлназар-Бесназар аталып дүрілдеп шыға келген ғой. Төрт ата Керней, сегіз ата Кәрсән (Үшбибі мен Бесбәтима) атқа мінгенде, сырт Бошан, төрт Бауыр Бошанға есе жібермей, бүкіл Қаракесекке айбар болған көрінеді.

Бәйбішелікті қасиет тұтқан, қадірлі шеше, үлкен шаңырақтың отанасы Бибі өзінен туған үшеуді де, Бәтимадан туған бесеуді де өзінің бауырында өсіріп, содан Бибәтима аталған екен.

Кәрсән-Керней балалары өсіп-өнген соң аржағынан дүрілдеп келе жатқан жоңғардың Батыр және Қаддан хонтайшыларынан бері ығысып, Көкше теңізге қарай аунамай ма. Ол кезде балығы тайдай тулаған, құрбақасы шулаған көкала толқынды бүгінгі Балқаш көлін-кешегі Көкше теңізді Сарыүйсін елі жайлап тұрса керек. Көкбөрі Керней батыр бастаған Бораншы, Бәйімбет балалары андағайлап тиісіп, оларды Көкшетеңізден әрі асырып тастап, кең жайлауда емін-еркін көшіп — қонып жүрген ғой.

Көкшетеңізді жайлаған соң Кәрсөн-Кернейдің ақтылы қойы, көкалалы жылқысы қотанды кернеп, өрісті ендеп кетпей ме. Алдында малы көп байлары бар, соңында қолы көп батырлары мол бұл өлкеге іштен де, сырттан да қызыққыш көздердің сұғы жиі қадалмасын ба. Көкшетеңіздің сусыған суындай лықсып көрші рулардың көгенбастары қабақтарынан қар жаудырып бір жетсе, Көкшетеңіздің көк жартасты жаңғырықтыра соққан нар толқынындай екпіндей екіленген ойрат қалмақтары ауыздарынан айдаһарын атқылап және килікпей ме. "Қарқабаттаған!" ұран, "Машайлаған!" озаң қара жерден көк аспанға шаншылып, Кәрсән-Кернейдің күндіз күлкісін ұрлап, түнде ұйқысын тонап, тыныш тірлігінен баз кештірмей ме. Майбөксе бәйбішелері сүмпиген соң, салбөксе еркектері шелтиген соң Бибәтима шешеміз кәріне мінбей ме.

— Әй, шіркіндер сол. Еңістен өрге, есіктен төрге шыға алмайтын жаубөрік емес қаубөріктерім-ай! Көріктілерің шыбышқа айналып, бөріктілерің білектен байланып, төбедегі көздерің төмендегі көттеріңе жабысып қалыпты — ау. Ендігілеріңнен ештеңе өнбесін байқадым — ау. Енді мен кірісейін! — деп ақкиініп, ақбоз атқа мініп, жауының алдынан жалғыз өзі қасқая тартып бермей ме.

Көкшетеңізден әупірімдеп айналып әрең өткен коп торғауыт кеш бата аппақ қырдың етегіндегі ақ тақырға жетіп еру болыпты. Алды келіп, арты әлі де қыбырлаған қолдың жинақталғанын күтіп, ертеңгі болар мол қырғынның қазақтарды бүріп түсеріне мықтап сенген қолбасы кеудесін кергітпей ме.

Аппақ қырдың етегіндегі ақ тақырдың қарсысындағы көк төбеге қияқтай ай қиялай көте-рілгенде, сол қияқ айдың қылышына ілініп шыға келгендей ақбоз атты, ақ киімді Бибәтима анамыз жарқ етпей ме!

Содан соң түнгі даланың түнегін үңгілеп әлде зар, әлде ән, әлде уіл, әлде ызың-ұзақ бір сарын әуелеп шырқап, талықсып сорғалап құйылмай ма!

Көк төбе қалықтап көк аспанға тірелгендей бола ма-ау, әлде көк аспан көп жұлдызымен құлдилап келіп, көк төбеге қонақтағандай бола ма — ау, әйтеуір аспан мен жер астасып, көк төбе мен көк тәңір табысып кеткендей бір тылсым сәт түнгі дүниеге орнапты — ау!

Ысқырып жел тұрған ба, аласұрып сұрапыл соққан ба-ау, даланың тауы теңселіп, қыраты қыбырлап, төбе, жоталары жөңкіліп сала берген ғой. Көктен сансыз жұлдыздар торс-торс тамған ба, Көкшетеңіз тайдай тулап, тағынай мөңкіп, толқындап өршіп орнынан ауған ба маңайды су қаптап, топан басып, телегей толтырған ғой.

Содан сібірлеп таң атып, сығалап күн көрінбей ме. Сығалаған күннің қызыл арайы дүниені түгел тоғытқан телегей теңізге сүңгіп, айналаны от — теңізге, өрт — теңізге айналдырып жіберген ғой.

Астынан су өтіп, үстінен толқын аунаған дүрбен мен торғауыт дүбірлеп оянып, топырлап тұрып, топырлап аласұрып, қолбасыға қарай қояншығы ұстағандай жапырыла жөңкіген ғой. Екі көзден үнемі шоқ шашып, аузынан жалын ататын Ердене Батыр хонтайшы жынын алдырған бақсыдай бүкшиіп аяқ астынан жүнжіп сала берген ғой. Екі қолын оқ тиген қара — құстың қанатындай ербеңдетіп: "Қар — сұн! Қар — сұн!" деген бір сөзді көмейінен қырылдата суырып, барқырай берген екен. "Қарсұны" ойратша"көп қол!" "от көл!" дегені екенін кейін сол сұрапыл дауыл, нар толқыннан шалажансар күйде қолға түсіп, қазақ арасына сіңіп кеткен жүздеген торғауыттар жеткізген ғой.

Ат-көлігінен адасып, азық-түлігінен айрылып, жаяу-жалпы кейін шұбырып, әупірімдеп аман қалған Ердене Батыр хонтайшы селдіреген тобымен өз ұлысына әрең жеткен деседі. Содан былай Көкшетеңізді жағалай жайлаған Кәрсон-Керней екі-үш ұрпақ ауысқанша сол маңда тұрып, тұрақтап қалыпты.

Ал Бибәтима анамызды елжіреген елі, жадыраған жұрты Қарсұн, Кәрсөн деп атап кетіпті де, Тәңірімберді бабамыздың аты ұмытылып, ендігі ру осы қасиетті анамыздың құрметіне бөленіп, Кәрсөн атағын иемденіпті.

Ал әлгі телегей теңіз боп жауының алдын бөгеген от-көл, өрт-теңіз боп ойратты опат етіп кілкіген көл-бүгінгі Қашқантеңіз болса керек. Бибәтима шешеміздің ақ киініп, ақбоз атқа мініп шыққан көктөбесі кейде "Көкене", кейде "Көкше ана" аталатын қасиетімен айлы түндерде әппақ мұнарымен көк аспанға тіреу орнатқандай тік шаншыла қалады деп тамсана тілге тиек ететіндер өлі де кездесіп қалады.

"Сол Көкшетеңізді бүгінде ойрат жамбастады. Оған да қырық — елу жылдай уақыт өтіпті. Намысқа шоқ салып, "Қайран атамекен!" деп аһ ұра аңсағанмен, зеңбірегінен доп топылдатып, құныс мылтығынан қорғасын сепкен жоңғарға сойыл-шоқпарлы қазақ не істей қойсын. Қорықпаса да торығып, үрікпесе де үркіндеп қияндап кеткені рас. Тұяқ серіппейін демейді — ау, қияғының қарымы қайтқанынан түңіледі де. Әйтпесе талай шайқастың есесін толтырар еді — ау. Талай айқастың майданын қыздырар еді — ау. Түбінің қайырын берсін. Арғымағын жебелеп атар танды, шығар күнді иықтарына қондырып алыстағы Арқаға, жырақтағы Жетісуға да жетер әлі-ақ. Сол кезде жым-жырт кеуде бүлк етер, меңіреу құлақ селт етер. Атамекеннің сағынтқан иісі кеудеге енер, аңсатқан лебі құлаққа тиер. Тиер-ақ..." деп күрсінді би.

Түйте ауылы тездетіп керегесін жайып жанталаса уықтарын шаншып, жалма-жан шаңырағын көтеріп, Сырдың жағасына көп үйді қораландыра тізіп тастады.

Көк майсаға қонған ауыл алтын таққа қонжиған ханнан кем болсын ба. Жаңа қоныстың өрісі кең болсын, қотаны құтты, емшектісі сүтті болсын дейтін тілекті сауатын қазақтың отқа қойған қазаны бұрқылдап қайнамас па. Қайнаған қазанда қойдың басы, жылқының сары ала телшігі туырылып ойнамас па.

Түйтенің кең дастарқаны көлдей боп жайылып, астау толы ет алдарына енді келе бергенде, күн ұзын бір тұрып, бір отырып жайы бол май, жағдайы келмей жүрген Апша жүптісі жаны қысылып сала берді. Маңдайдан тер құйылып, көмейден ықылықтап ыңқыл атылып, екі бүктетіліп қалған жұбайының қасына барып, басын ұстаған Түйтені әп-сәтте жиналып қалған әйелдер үйден шығарып жіберіп, тездетіп құр құрып, Айшаны қаумалай көтеріп әкеліп, әлгі керілген құрға асылдыртып әбігерлене қалғанды.

Ал содан толғақ басталсын.

Түйте содан бастап бір қуансын, бір қуарсын.

Қуанғаны-анау тәжі астында жаратылып, тақ үстінде туатындай әлден-ақ ауыл-үйді түгел асты-үстіне келтіріп әбігер тірлікке салып қойған ұлының жарық дүниенің қақпасын қағып жатқан хабарын естігені. Қуарғаны-сол жарық жалғанның есігін тесіп өтердей, қақпасын қақыратып енердей боп шеңгеліне қан уыстаған нәресте шіркін аяқ-қолды шіреп шіренгенде есінің өзегін үзіп, өңешін бұзып кетер ме деп күдікті Қауіпке бой алдырғаны.

Айша тура бір күн, бір түн толғатсын.

Бір күн, бір түн бүкіл ауыл, бүкіл аймақ аяғынан тік тұрсын.

Қуанышты бірге атқарып, қайғыны қауымдаса көтеретін қазақ бұл жолы да түгел қопарылып, қулықтысы жаны ышқынған тұмса келіншектің Қасына жамыраса жүгіріп, бөріктісі жүрегі сыздаған Түйтенің маңайына топырлап, бір тәннің сыздау-тырқырауы бірдей жалғыз жанына айналып кетіп еді. Айшаның толғағы ұзаған сайын үрей билеген отағасының көзіндегі жылтының жұқарып бара жатқанын көріп, далбаса дуылды тірілтіп жіберді.

— Тәуіп шақырайық!

— Әй, сенің тәуібіңнен не қайыр. Биағаның үлкен молдасын алдыртып, ішірткі жазғызып, ұрттатсақ па екен!..

— Анау Әшкен қажының бәйбішесінің қолы епсек деуші еді. Сол бәйбішенің уқалаған алақаны қарынға тиді дегенше, небір қатты толғақ босап сала беретін көрінеді.

— Ойбай-ау, онда сол бәйбішеге ат шаптырмай, ие ғып отырмыз!?

— Жә! Босқа шуылдамаңдар!

Күн ұзын Түйтенің қасында төңкерілген төбедей боп отырған төл құрдасы Таңыбай тұр ете қалды. Өзі осы ауылға кеше кеште келіп, анау құлындағы даусы тұраққа шығып жатқан Айшаны қиып тастап кете май, құрдасының қасында бөгеліп қалған-ды.

— Қайыр бақсыға кісі жіберу керек!

Түйте Таңыбайға жалт қарады. Сол қарасы құптағаны да, өтілі де еді. Таңыбай бас изеді.

— Иә! Мен барайын онда. Құдай айдағандай бақсы көктөбесі кейде "Көкене", кейде "Көкшсана" аталатын қасиетімен айлы түндерде әппақ мұнарымен көк аспанға тіреу орнатқандай тік шаншыла қалады деп тамсана тілге тиек ететіндер әлі де кездесіп қалады.

"Сол Көкшетеңізді бүгінде ойрат жамбастады. Оған да қырық-елу жылдай уақыт өтіпті. Намысқа шоқ салып, " Қайран атамекен!" деп аһ ура аңсағанмен, зеңбірегінен доп топылдатып, құныс мылтығынан қорғасын сепкен жоңғарға сойыл-шоқпарлы қазақ не істей қойсын. Қорықса да торығып, үрікпесе де үркіндеп қияндап кеткені рас. Тұяқ серіппейін демейді — ау, қияғының қарымы қайтқанынан түңіледі де. Әйтпесе халай шайқастың есесін толтырар еді — ау. Талай айқастың майданын қыздырар еді — ау. Түбінің қайырын берсін. Арғымағын жебелеп атар танды, шығар күнді иықтарына қондырып алыстағы Арқаға, жырақтағы Жетісуға да жетер әлі — ақ. Сол кезде жым — жырт кеуде бүлк етер, меңіреу құлақ селт етер. Атамекеннің сағынтқан иісі кеудеге енер, аңсатқан лебі құлаққа тиер. Тиер-ақ..." деп күрсінді би.

Түйте ауылы тездетіп керегесін жайып жанталаса уықтарын шаншып, жалма — жан шаңырағын көтеріп, Сырдың жағасына көп үйді қораландыра тізіп тастады.

Көк майсаға қонған ауыл алтын таққа қонжиған ханнан кем болсын ба. Жаңа қоныстың өрісі кең болсын, қотаны құтты, емшектісі сүтті болсын дейтін тілекті сауатын қазақтың отқа қойған қазаны бұрқылдап қайнамас па. Қайнаған қазаңда қойдың басы, жылқының сары ала телшігі туырылып ойнамас па.

Түйтенің кең дастарқаны көлдей боп жайылып, астау толы ет алдарына енді келе бергенде, күн ұзын бір тұрып, бір отырып жайы болмай, жағдайы келмей жүрген Айша жүптісі жаны қысылып сала берді. Маңдайдан тер құйылып, көмейден ықылықтап ыңқыл атылып, екі бүктетіліп қалған жұбайының қасына барып, басын ұстаған Түйтені әп — сәтте жиналып қалған әйелдер үйден шығарып жіберіп, тездетіп құр құрып, Айшаны қаумалай көтеріп әкеліп, әлгі керілген құрға асылдыртып әбігерлене қалғанды.

Ал содан толғақ басталсын.

Түйте содан бастап бір қуансын, бір қуарсын.

Қуанғаны — анау тәжі астында жаратылып, тақ үстінде туатындай әлден — ақ ауыл-үйді түгел асты — үстіне келтіріп әбігер тірлікке салып қойған ұлының жарық дүниенің қақпасын қағып жатқан хабарын естігені. Қуарғаны-сол жарық жалғанның есігін тесіп өтердей, қақпасын қақыратып енердей боп шеңгеліне қан уыстаған нәресте шіркін аяқ-қолды шіреп шіренгенде енесінің өзегін үзіп, өңешін бұзып кетер ме деп күдікті қауіпке бой алдырғаны.

Айша тура бір күн, бір түн толғатсын.

Бір күн, бір түн бүкіл ауыл, бүкіл аймақ аяғынан тік тұрсын.

Қуанышты бірге атқарып, қайғыны қауымдаса көтеретін қазақ бұл жолы да түгел қопарылып, жаулықтысы жаны ышқынған тұмса келіншектің қасына жамыраса жүгіріп, бөріктісі жүрегі сыздаған Түйтенің маңайына топырлап, бір тәннің сыздау — сырқырауы бірдей жалғыз жанына айналып кетіп еді. Айшаның толғағы ұзаған сайын үрей билеген отағасының көзіндегі жылтының жұқарып бара жатқанын көріп, далбаса дуылды тірілтіп жіберді.

— Тәуіп шақырайық!

— Әй, сенің тәуібіңнен не қайыр. Биағаның үлкен молдасын алдыртып, ішірткі жазғызып, ұрттатсақ па екен!..

— Анау Әшкен қажының бәйбішесінің қолы епсек деуші еді. Сол бәйбішенің уқалаған алақаны қарынға тиді дегенше, небір қатты толғақ босап сала беретін көрінеді.

— Ойбай-ау, онда сол бәйбішеге ат шаптырмай, неғып отырмыз!?

— Жә! Босқа шуылдамаңдар!

Күн ұзын Түйтенің қасында төңкерілген төбедей боп отырған төл құрдасы Таңыбай тұр ете қалды. Өзі осы ауылға кеше кеште келіп, анау құлындағы даусы құраққа шығып жатқан Айшаны қиып тастап кете алмай, құрдасының қасында бөгеліп қалған — ды.

— Қайыр бақсыға кісі жіберу керек!

Түйте Таңыбайға жалт қарады. Сол қарасы құптағаны да, өтілі де еді. Таңыбай бас изеді.

— Иә! Мен барайын онда. Құдай айдағандай бақсы әулиенің өзі Биағамның ауылында ғой. Көнсе, өзім айтып, көнбесе, Биағамды салып, алып келейін.

Он екі жілік, бір басы түгел опырылып кеткендей қаусап отырған Түйте Таңыбайды аттандыруға да жарамады. Қан майданға тебініп кіретін батырдың тебен ине жұтқан төбеттей мөлиіп қалғанын іштей жақтырмаса да, әдеттегі құрдассынып қағыта беретін әдетіне баспай, Таңыбай атына қамшыны көміп-көміп қалған-ды.

Түйтенің өзі де өзінің мұншалықты можуын, мұншалықты есеңгіреуін, мұншалықты қалжырауын бұрын білмек түгіл сезбеуші еді. Қазіргі әлдебір уайымды, уайым арқалаған үрейді көмейлеп жұтып, кеудесіне тоғытып алғанына да қатты қайран.

"Маған не болған бүгін? Әлде қуанған да, қорыққан да бір деген сөз рас та шығар — ау. Кеудемде өксік бар ма?.. Өксікті қуар сүйініш те туып келе ме?.. Айшам қиналды-ау әбден. Оу, дауысы неге шықпай қалды? Кешеден бері ықылықтатқан ыңқылы мен бебеулеткен зары бір тынбап еді ғой. Ендігі мынау тіл тістегендей үнсіздігі қалай? Әлде байғұстың... Оу, анау үйге неге кіріп бармаймын, ә... Ең болмаса Айшамның жүзіне бір қарап... бақұлдасардай болса... Не ойлап барам?!. Күнәһар күдік қайда сүйрейсің.. Жооқ! Көне алмаспын ондай сұмдығыңа! Бере алмаспын жарымды үңірейген суық жердің қапас қуысына...

Ойпырай! Маған бірдеме көрінген шығар... Қайдағыны қайдан ойға алып отырғаным... Әлде кісемді мойныма салып, құранды төбеме қойсам ба екен, ә?.. Оу, құлағымның шуылдағаны несі?..Бұ не ызың? Тырс еткен домбыраның қыл ішегінің шертісі тәрізді ме? Шар еткен нәрестенің іңгәсінің нәзік шырылы ма? Әйтеуір жүрегімді сыздатуы тегін емес. Көрем бе?.. Ат ұстар мұрагерімді Жаратқан ием жарылқап ұстата салар ма қолыма?! Ұстатар. Соған иланайыншы. Сонау бір күнде "қубас!" деп көкірегіме найза сұғып алған сұмның сол көкірегімде темір тікен боп әлі күнге дейін қадалып тұрған істігін дәл бүгін суырып тастап...еркін тыныстап, еміреніп дем алсам-ау! Маңдайымнан сипар жылы алақандай ұлымның сәби іңгәсін естісем!... Айшам аман қалып, өзім өліп кетсем де, армансызбындер ем-ау!... Әй, арман неге болмасын. Болады ғой. Сол, сол бар болғыр шіркін өліп кетердей болсам... Апырай, қайдағы сұрқия сөздер ойға түсетіні қалай?.. Сол бар болғыр балам маңдайынан сипар әке алақанын аңсамас па?.. Жетімдік қамытын туа сала кигізген тағдырына налымас па. Алдына мал, қойнына қыз, қарауына құл берген менің өзіме көз алартып "қубас!" деп қыжыртатын қызылкөз ағайын желбір жекендей жетімекке сұгын қадамас па... Әй, неге божып барам?.. Қырықжыл қырғын болса да, ажалды өлмей ме? Ендеше төбемнен төнген Тәңір бұйрығын көріп, тәуелді басты тұзаққа ілгендей мына тұңілуіме жол болсын... Неге өлейін. Бөркемігің мен емес.

Құдай жарылқап, тұңғышымның ақ маңдайы жарқ етсе... Айшам аяқ-қолын бауырына алса, ой, сонда ақ түйенің қарнын жарып тастап, дүниені түгел дүбірлетіп шілдехана тойын дүрілдетермін-ау. Оған Кернейдің мың көкаласы төтеп берер-ау... Әй, Биағам! Биағам! Аузың дуалы ғой. Дуалы!.. Сонда өзің болмағанда осал мінез, олқы қылығымды кім түзейтін еді. "Ерге өкпелесең де, елге өкпелеме. Көптен кетсең көмусіз қаларсың" дегенді айналайын қазақ текке айтпайды ғой. Жекеге ерегіссең де, жалпақ жұртыңмен ерегісуге болмайтынын енді-енді ұғындым-ау. "Ел іші — алтын бесік". Алтын бесігімді өзім сындыра жаздаппын-ау... Шіркін Биағам! "Ұлды да, құнды да боласың, Түйтем! Тілеуің қабыл болады. Тәңірім әлі-ақ жарылқайды. Келіннің көңіліне кірбің түсірме. Жасаңғыраған жаныңның емін жарыңнан табасың!" деп ең — ау!.. Әй, осы мынау әлден шіреніп, анасын қинап, көкесін қажап қиғылық салып жатқан тентек неменің атын Жарылғап қойса қайтер еді?.. Қайтер едім не?! Солай атау керек! Ойбай-ау, сол атты өткенде-ақ Аллатағалам Биағамның аузына салыпты-ау. "Тәңірім әлі-ақ жарылқайды!" дегені "Жарылғабың туады. Жарылғабың болады!" деген сәуесі екен — ау!"

Сол-ақ екен Түйтенің кеудесін ыстық толқынды әлдебір қуаныш толтырды да кетті. Еркінен тыс отырған орнында шалқалап шаңытқан күлгін түсті көкке шаншылды. Батырдың манадан үнсіз қап, ұзақ ойға шомған халін бұзбай қимыл-қыбырсыз томсарған қасындағы серіктері енді жыбыр ете қалысып, Түйтеге назар тіктеді. Бірақ Түйте оны көрген де, сезген де жоқ. Сонау зеңгір аспаннан әлдебір өзіне ғана естілер әсем сазды бүкіл жан дүниесімен қабылдап бара жатқандай күй кешті.

"Әй, анық естідім! Тегін емес. Мынау жақсылық хабары болса игі еді! Тұлабойым түгел исініп сала берді — ау. Бұ не саз?! Саз ба, әлде тылсымды ексім үні ме? Мерейленем ғой. Мейірімі қандай мол еді!.. Тоғытып, толтырып әкетті-ау!.. Әй, күрсініс естіле ме? Әлгі әсем сазға мұң ба, шер ме, мынау күйік үні араласқаны қалай?!. Апырай, Айшама Қатер болмаса игі еді... Бақсы шіркіні неге кешікті? Таңыбай құрдас ол шіркінді ендігі аяқ-қолын байлап әкелсе де, жеткізетін еді ғой. Әлде бақсы әулиеге батырдың екпіні жүрмей ме екен? Жүрмеуі де мүмкін — ау. Кім көрінгеннің жетегіне мұрнын тескен тайлақтай бүлкілдеп ере берсе, оның әулиелігінің бөсі қанша? Бақсылығының құны қандай?

Ой, әне Айшам ыңыранды-ау тағы!? Бар екен-ау! Тірі екен-ау сыңарым!.. Қиналды-ау әбден. Міне, бақандай екі күн болды азапқа түскеніне. Апырай, адам пенде дүниеге келерде анасын азапқа салатыны неліктен екен, ә? Әлде жарық жалғанның жалғандығына көнбей, сол жалған дүниеге енгісі келмей, ене құрсағындағы ақ, пәк ұясын қимай ма екен? Жалған дүние болса да, жарық дүние ғой. Қараңғы түнек қанша пәк, таза дегенмен алланың нұры түскен жарық дүниедей қайдан болсын. Ақтықты, пәктікті осы жалған дүниеден-ақ табуға болады ғой. Биағам-сол шынайылықтың өзі емес пе. Анау менің тағы бір төл құрдасым Бұқар жырау да тазалықтың бір мекені ғой. Ендеше адал болу да, арам болу да пенденің өзінен. Алған тәлімінен, сіңірген тәрбиесінен. Шіркін, мынау Жарылғабымды...әй, әлден-ақ ат қойып, иемденіп жатқанымды қарашы, құдай ауызға салған шығар-ау... Сол мынау Жарылғап жанымды Биағамның тәрбиесін көрсетіп өсірсем-ау. Жақсыдан шарапат... Көкірегіне беріш түйгізбей, көңіліне алаңдық кіргізбей, адалымен алға ұмсындырып өтер еді-ау өйтер болса. Өңезеліктен өнегеліктің артықтығын білдік қой. Адамзатты перзентім дейтін Хақтағала сол адам-пендесіне әртүрлі мінез — құлық сіңіретіні неліктен екен, ә? Олқыны толықтырса, әлсізді күшейтсе, нашарды мықтаса дүние-жалған құлпырып кетер еді-ау. Соны неге бақпайды? Әлде елдің де өгейлігі, жұрттың да жаттығы, пенденің де бөтендігі болғаны ма сол жанды-жансыздың иесі мен жаратушысы болған Жасаған хаққа? Олай болса өгей елдің егесі кім? Жат жұрттың жанашыры кім? Бөтен пенденің бауырласы, баталысы кім? Болмағаны ма? Онда өгейлік өршіп, жаттық жуандап, бөтендік балалап сала бермес пе... Сонда осындай келеңсіздікті тияр құдірет болмай ма? Әлде сол келеңсіздікті тудыратын Құдіретті Жаппар иемнің өзі ме?.. Қой.. күпірлік жасамайын. Мынау үлкен тілек үстінде отырғанда асылық білдіріп нем бар... "Құмырсқа әліңді білді" ұмытқаным қалай.

Тәңірім түгіл пендеге шалқаюға шамам бар ма дәл қазір. "Кім не десе, о десін!" деп кердеңсуден жалықпап па едік. Жақсымен жағаласып, жаманмен ауыз жаласып жүріп тапқанымыз — үй арасында үрген қарындай боп дүрдиіп мардымсу ма? Ал онда оды-раңдаған басыңнан таяқ кетпегенін, кердеңдеген кеудеңнен жұдырық арылмағанын да өзгеден көресің бе... Ендеше Тәңірге тіл тигізбе. Тіліңді тәубаға келтір, Түйте. Әне, анау дүние есігін қызылшақа табанымен тепкілеп жатқан тентегіңе кепиетің тиіп жүрмесін. Шектен асып, ернеуден таспа. Бергеннен қашпа, бермегенге таласпа.

Оу, Айшаның дауысы тағы естілмей қалғаны қалай?.. Осы мына бәріміздің үймелеп отырып алғанымызға жол болсын. Әй, мыналар неге тым — тырыс. Үндемейді ғой. Неге үндемейді?.." Осы ойының жетелеуімен Түйте енді қасындағыларға бір — бірлеп көз жүгіртті. Сынық жүздің сұраулы қарасы отырғандарды еріксіз теңселтіп жіберді. Сығырая қадалған көздерден жылт еткен ұшқын байқалды ма, әлде сол жылттың реңкі бүгін өзгешелеу сезілді ме, батырдың серіктері қопаңдаса түсіп, бірін — бірі тоспай жамырап қоя берді.

— Келіннің толғағы ұзап кетті-ау...

— Әбден қиналды-ау байгұс.

— Күні бойы даусы бір сембеп еді,... Әй, ана тыншуында бір гәп бар-ау...

— Тәйт! Іріген ауыздан шіріген сөз шығармай жайыңа отыр.

— Бақсы да кешікті ғой.

— Е-е, ол өзі әулие бақсы болса, оп — оңай көне қояр деп пең.

— Апырау, мұнда адам қиналып жатқанда, соншама кертитін ол неғылған әулиелік.

— Таңыбай батырдың шамасы жетпесе, онда ешкімнің оған қызыры да өтпейді.

— Биағам ше?

— Биаға ауылында болса, құлағына келіннің қиналып жатқан хабары тисе, әрине онда басқаша болуы әбден мүмкін. Әулие болмақ түгіл, тәңірдің өзі боп кетсе де, біздің Биағаның көңілін жерде қалдырмас.

Түйте енді мына тұс-тұстан жамыраған ағайынының сөз ыңғайын мүлде жақтырмай қалды. Өз кеудесіндегі күдікті одан сайын қоюлатқан шіркіндер құлақ шекені шымырлата түскеннен басқаны білері жоқтай сезілді.

Насыбай шақшасын қонышынан суыра берді де, дәл қазір былш-былш түкіріп отыруды ыңғайсыз көрді ме, теке мүйіз үшкіл шақшасын қайтадан өз орнына сүңгітіп жіберді. Түйтенің әр қимылын тышқан аулаған мысықтай аңдып отырған еркектердің жапырлай ұмтылған қолдары орта жолдан сылқ-сылқ түсіп, шақша емес, топырақ қауып қалысты.

Осы кезде түстіктегі қыраттан көлкіген көк мұнарды желпіп жіберіп, әлдене қылаңытып қана шалынды. Қырат үстіне шыға келгенде әлгі енді қарауытып көрініп, тік шаныша салған жіңішке құрықтай боп ұзара қалды. Енді бір сәтте әлгі көгілдір мұнарды дірілдетіп, билетіп жалғыз қарауытқанның ізін аламала қырқаның үстіне үш — төрт қарайған қыбырлап шыға берді. Түздің қыбыр еткені мен жыбыр еткенін қапысыз қағып түсіретін қырағы көздер әлгі шоғырды елең етісіп, қопаңдай қалысып, назарларына байлап ала қойды. Еріндерді самал сипағандай күбір-сыбыр желпінтіп әкетті.

— Е, бәсе! Әне, әулиең!

— Келеді! Е, келмей...Таңыбай батырдың дүмпуіне шыдайтын тірі жан, әй, жоқ қой!

— Келінжан... Айша қарақ, құдай сәтін салғыр, енді аман-есен аяқ-қолын бауырына алар.

— Әй, осы анау "жарысқазан" қашанғы қайнай береді. Түсіретін уақыт болды ғой, — деп әлдебір салмақ сауы үңіреңдеген көзін ошақ жаққа қадап қапты.

Түйте қырқадан асып түскен үш — төрт аттының қазіргі көгілжім мұнарда серейіп төбесімен көп тірейтіндей боп келе жатқан сұлбаларынан назар аудармайды. Екі күнгі ұйқысыз мәуріт бет — аузын ісіңкі тартқызып, көзінің алдын көгістендіріп тастапты. Бірақ тay жүргіншілерді аясына сүңгітіп жіберген жанардың қазіргі көгілдір ұшқынында сүйінткен үміттің анық белгісі танылып тұр.

— Жақсылығын бергей тәңір...

Түйте екі қолымен жер тіреп, орнынан тұрды. Қалмажан қолтығынан көтермекке ұмтылған екі іні серікті иығын қиқаң еткізіп, жолатқан жоқ.

Сол екі ортада жолаушылар да ауылға жақындап қалған еді. Ақбоз аттағы кесек денелі адамды Түйте танып қап, елпектей жөнелді.

— Оу, Аралбай аға ғой! Әу, жігіттер! Тез! Аттарын ұстаңдар. Ағаны өзім түсіріп алам.

Аралбайды қолтықтап аттан түсірген Түйтеге туысқаны көлденеңдеп көз салып өтті.

— Оу, түсің қашып кетіпті ғой, Түйтем! Осал ма едің соншама. Түсірме ұнжырғаңды!

Түйтеге осы сөз жетті. Әлгіндегі шытырман ой, шырғалаң уайымның тұманы сейіліп сала берді. Кеудесі кеңіп, тынысы түзеліп, бойы сергіп қоя берді.

— Кішкентай шіркін әлден шіреніп... шешесін қинап есімізді алып жатыр ғой, аға.

— Оу, онда ол кішкентай шіркін тегін болмағаны. Күйініштің сүйініші бар ғой, Түйтем. Сүйінтер ол әлі. Сүйінтер-ақ сол күшік!

Бәкелтек қана бақсы бұл кезде ешкімге көз тоқтатып қарамастан үстіндегі ақ шапанды шешіп, бір жігітке ұстата салып, қомақты қоржынынан қара қобызын суырып алды.

Содан соң толғатып жатқан әйелдің бебеу зарына құлақ түре қалды. Әлгі ыңырану мен ыңырсуы аралас бебеу зар бір баяулап, бір күшейген кезде, бақсының тұла бойы тегіс сол бебеу зардың ырғағымен сан құбыла дірілдеп, қалшылдап қоя берді. Дірілдеген, қалшылдаған дененің қимыл-қозғалысы тұрғандардың көзін арбап, бір өзіне ғана байлап тастағандай. Ал әлгі буынсыз сан бұралған дене адам бейнесінен гөрі әлдебір сан бас, сан қолды, сан бұтты, басы аяғының арасынан, аяғы төбесінің үстінен, қолы арқасынан, бұты жотасынан шыққандай көз ілестірмес құбылыспен ел естіп, жұрт көрмеген ғаламат құбыжыққа айналып — ақ кеткені. Әлде тұрғандардың көзін байлады ма, әлде шынымен — ақ дәл солай жасады ма, бір кезде жерде жатқан қобыз тік көкке атылды. Зың еткен үні ішін тартқан жұртты селк еткізді. Қобыз тік шаншылған күйі арқан бойы көтеріліп, қалшиып бір орында қатты да қалды. Қара жердің қара топырағын бұрқ-бұрқ атып, жер тарпыған бұқадай өкіре, ышқына, қышқыра, апыр-топыр төбесімен табанын қасып, жауырын-жотасымен башпайын жалап, оң көзді ақшитып түстікке қыдыртып, сол көзін алақтатып теріскейге жөнелтіп, сала құлаш тілінің істіктей ұшымен біресе маңдайын қасып, біресе өндіршегін түйреп жатқан бақсы кенет:

— Иә-һах! — деп ақырып кеп жіберді. Әлгі "иә һахтың" әрі ащы, әрі оқыс естілуі сондай болды, жағалай тұрғандар жапырыла құлап, жалпиып отырғандар қыбыр етуге мұршалары жетпей сіресті де қалды.

— Иә-һах!-Екінші рет қайталанды. Сол "иә-һах" енді жұрт біткеннің еріндерінде тіріліп, көмейлерден күңіреніп ақтарылды. Даланы жаңғырық дірілдетіп, дүрілдетіп ала жөнелді.

— Иә-һах! бақсының аузынан лап еткен жалынмен бірге үшінші рет атылған кезде бәкелтек дене қауырсындай қалықтап көтеріле берді. Ауыздан ытқыған жалын үш бөлек боп лық-лық төгілді де, қаумалап тұрған жұрттың есін тандыра, зәрелерін ұшыра бірін-бірі қуалай жөнелді. Қуалай жөнелді де, арқан бойы ұзай беріп, біріне — бірі сүзіскен қошқарлардай тап — тап берісіп, үйме-жүйме болды да кетті. Ендігі жұмарласқан жалын-от аумағын кеңейтіп, біресе оң жағына бұлт етіп, біресе сол жағына суылдай лықсып, біресе жоғары шапшып қап, іле төмен құлдилап жүрді де, манадан қыбырсыз қалықтап тұрған қобыздың тақтайына зымырап келген бойда сарт соғылды да, шанаққа сіңіп кеткендей зым — зия жоғалып кетті. Қауырсындай қалықтаған бақсы қобызды шап берді. Қыл қиғақты қайдан алғанын да, қыл ішекке қалай басқанын да ешкімнің көз қиығы шала алмап еді. Сол — ақ екен көктен найзағай жарқ етті ме, әлде қара қобыздан әлгі бір жалын-от көкке шапшыды ма, төңірек көз қарықтырардай жарқырап барып қайта түнерді. Жер дірілдеп, отырғандардың жамбасы сусып, тұрғандардың буын — буыны босап қоя берді.

Қара қобыз ал кеп күңіренді.

Қара қобыз ал кеп сарнады.

Суылдап жел тұрды. Суылдап тұрған суық жел тек кеуделерді ғана селкілдетті. Ысқырып, ышқынып дауыл соғып, боран құтырынды. Ышқынған дауыл жүректерді шайқалтты. Құтырынған боран ыстық қанды суытты. Ысқырып айдаһар, ырылдап жолбарыс, арылдап арыстан қаптады. Айдаһардың ысқырығы денелерді тітірентті. Жолбарыстың ырылы тұла бойды құрсаулады. Арыстанның арылы жонарқаға мұз қарып, жонарқадан таспа тілді.

Қара қобыз сарнаған күйі қауырсындай қалықтаған бақсыны сүйрете-мүйрете қара жерге қара табанымен дүрс еткізді.

Бақсы бүк түсті. Қара қобызға енді жағын сүйеп ала қойып, қыл қиғақты ерсілі-қарсылы сермеді. Қыл ішектен ыңыранып, аңырап құла түзге күңіренген сары жосыды. Күңіренген сарын бірде ішін тарта шер атқан кейуанадай еңіреді. Қара қобыз бір кезде ботасын іздеген аруанадай боздады. Сол боздау үнмен далада он сан әуен тіріліп, қара жерден көк аспанға ыңыранған, күңіренген зар атылды. Ыңыранған, күңіренген зар көк аспаннан қара жерге шұрқыраған, шырқыраған жіңішке сұңқылдай боп шеке біткенге шегедей қадалып шымырлата сорғалады. Қара қобыз оқыс саңқ етті. Енді қиғақ астынан зілді ырғақ бас көтерді. Ауыр сұсы қорғасындай салмағымен еңсе көтертпей езіп тұрды да, кенет сақ-сақ күлгендей, жайдарылана тіл қатқандай жаймашуақ уілмен дүниені қымтап, баурап тербелтіп, теңселтіп ала қойды. Көздерге жылу жүгірді. Кеуделерді іңкәрлік құшты. Бақсы бір орында құйрығымен жер төмпештеп құтырына селкілдеп ала жөнелді. "Аһ! "деп аузынан тағы да бір жалын атып қап, ұзақ айғайды әлгі жалынға қоса қалықтатты.

Жұрт сілтідей тынды. Киіз үйдегі толғатып тұрған әйелдің бебеулеген сарнауы әлгі ұзақ айғайдың құшағына көміліп кетті.

— А-а-ай! Айдан аппақ Айгерім!
Күннен күшті Күнгерім!
Көк аспанды шарықта
Албастыны анықта.
Әруағымды қоздыр тез.
Қаһарымды оздыр тез.
Әй, дәуренім! Дәуренім!
Қарсы келсе көктеңіз
Жерді тесіп, көктен ұш!
Тауды бұзып, өктем ұш!
Тарт! Соқ! Қирала!
Тоқта! Қашпа! Қирама!
Әй, қан басты-ау! Қан басты.
Тоқта, бәлем! Албасты!
Қолда бабам аруағы!
Ой, қармады-ау. Қармады!

Бақсы қиралаң етіп, аузынан жалын — оттың орнына ақ көбік бұрқыратып алақ-жұлақ етті де қалды. Содан соң қобызын қоя салып, екі қолын батысқа қарата ербеңдете селк-селк зілденді.

— Аулақ! Аулақ! Ақтаудан асып кет. Қаратаудан көшіп кет! Көкжартасқа кіріп кет! Көк жүзінен құрып кет!

Ә-ә! Кетпеймін деймісің?! Өктеймін деймісің! Қырдағы перімді алдырсам, ойдағы көріңді қазармын! Айдағы перімді шақырсам, сайдағы көрінді табарсың! Иә-һах!

Ендігі "иә-һахынан" манағы зіл, манағы екпін байқалмады. Айнала қоршаған жұрттың бірде біреуінің ерні қыбыр етпеді. "Иә-һах!" қайталанбады. "Иә-һах" көп көмейде тірілмеді. Дүрілдемеді.

Бақсы қоржынына жармасты. Қолын сұғып жіберіп суыртпақталтан ақ матаны беліне орай бастады. Бір айналып түсіп: "Мынау Айгерімнің білегі!" деп білегін батысқа қарай білемдеп қойды. Екінші рет айналып, шүберекті беліне тағы бір орап алып: "Мынау Күнгерімнің қауқары!" деп білегін батысқа қарата тағы да білемдеді. Үшінші рет айналып, беліне ораған шүберекті бекемдеп тұрып: "Мынау Қырдағы перімнің қылышы!" деп батысқа қарап басын кекжитті. Төртінші айналғанда: "Мынау Қырымдағы перімнің қаруы!" деп батысқа көзін алартты. Бесінші айналғанда: "Мынау Ұрымдағы перімнің айбалтасы!" деп батысқа бетін бұрып тұрып, жерді теуіп-теуіп жіберді. Алтыншы рет орағанда: "Мынау бабамның перісінің безгелдегі!" деп батысқа бұрылған жүзінен шаң бұрқыратты. Ең соңғы жетінші айналып барып шүберектің екінші ұшын беліне қыстырып: "Мынау атамның перісінің айбалтасы!" деген кезде аузынан қайтадан жалын атылып, төңірек дөңгеленіп төңкеріліп жүре бергендей болды.

— Ә-ә, сескенейін дедің бе?! Бас! Қаш! Тас! Тас! Тасқа кір! Кірмеймісің! Жүрмеймісің ырқыма! Иә-һах!

— Иә-һах!-Тау мен даланы күңірентіп көп көмейден төгілген толқын үн тұс-тұсқа жаңғырыға ұзап кетті.

Бақсы қоржынына тағы жармасты. Сол-ақ екен қоржыннан әлдене жарқ етіп көрініп, сарт етіп атылды да, дік етіп қаққан қазықтай тік шаншыла қалды. Үш шүберек таспасы желбіреген аса таяқ екен. Үш таспасын ирелең деген үш жыландай шұбатып-жиырып, шұбатып-жиырып дірілдеп тұр.

Бақсы әлгі үш таспаның жібектен жасалған біреуіне ұсынды. Таспа бақсының білегіне жыландай иретіле оралып, одан соң қайтадан босап, сылқ түсті. Заматта шиыршық атып бақсының екі аяғын құрсаулап бүріп ала қойды. Теңселіп барып бақсы шалқалай құлады. Шалқалай құлаған бақсының екі қолы ербеңдегенде екі жетектей боп ұзарып, көкке он саусақты он сүңгідей тарбитты. Ысылдаған көмейден зуылдаған жебедей, суылдаған оқтай үскірік пен ысқырық безілдеп тұрды да, іле бұған дейін естілмеген гүрілдеген жуан дауыс маңайды дүрк шайқалтты.

— Мынау тұсау мен аяғыңды байлаймын! Үрім бұтағыңды жайғаймын! Қаш! Бас! Зыт! Бұтың бұт! Зәріңді жұт! Иә-һах!

"Иә-һах!" желмен жетті ме, селмен жетті ме, жұрт біткенді екпіндете соғып өткендей болды.

Жібек таспа сусып босап, асатаяқтағы орнын таба қойды. Жетек қолдар жиырыла тартылып, өз қалпына қайта бергенде бақсы жүрелей тұрып екінші жібек таспаға саусақ безеді. Сол — ақ екен әлгі таспа оқ жыландай атылып бақсының екі аяғын тұсап ала қойды. Қайта шешіліп, қайта ширатылып, бақсының қос қолын қосақтай шалып, бүрістіріп буып бұрап қалып, бәкелтек денені мұрттай ұшырды. Гүрс етіп құлаған бақсының екі аяғы көкке шаншылып, екі теректей боп көк төсіне бойлап қоя берді.

Бақсының аузынан көк ала түтін бұрқ етіп, маңайды бұркеп алып кетті. Сол түтін сейілгенше гүжілдеген зіркіл төбе құйқаларға зірк-зірк қадалды.

— Састың ба! Бастым ба! Мынау бұғаумен қолыңды байлармын. Зәузатыңды жаһаннамға айдармын. Сас! Бас! Қаш! Көш! Сес! Сес! Өш! Өш! Иә-һах!

"Иә-һах" жерден шықты ма, елден шықты ма, дымы өшіп, тынысы тарылған жұрттың кеудесінде жаңғырды.

Жібек таспа босап сусып, ширатыла шешіліп, ақырын жылжып асатаяққа өрмелей жөнелгенде, қос теректей көкке атылған екі аяқ та семіп, кеміп бара жатты.

Бақсы қылдырықтай мойнындағы қабақтай басын қалтақтатып еңсесін тіктеп, тізерлей көтерілді. Қалтақтаған бас оңға бұрылып еді, оң жақта тұрғандар өз — өзінен жалп — жалп құлады. Қалтақтаған басын солға бұрып еді, сол қанатты қаумалағандар қоғадай жапырылды.

Бақсының оң қолы қылышша сермеліп, асатаяқтың ұшынан салбыраған үшінші таспа-ақ шүберекке сарт етті. Әлдене жарқ етті. Бақсы жалп етті. Қырылдаған үн қыр асып кетті. Өкірген, бақырған ысыл ұласып кетті. Әппақ таспа — ақ шүберек әппақ жылан боп бақсының мойнын орап ала қойған екен, екі көз аларып ұясынан шығып бара жатты. Қызыл тіл көмекейіне шейін ақтарылып, ауыздан түсіп бара жатты. Қос танау қос апандай үңірейіп, қарақошқыл қанды лық — лық ытқытты. Ықылықтаған бақсы жанталаса ышқынып ербеңдеген қолдарын әрең иіп әкеліп, алқымдаған әппақ жыланды шап берді. Тағы да әлдене жарқ етті. Жыланның басы қолға сақ етті. Үскірік пен ысқырық жоғалды. Өкірген, бақырған дауыс сап тыйылды. Әппақ жылан ақ шүберектің таспасы ғана боп қыл мойында боп-бос оратылып тұрды.

Бақсының танаулары тарыла қусырылып, аларған көздері шарасына жабыса сіңіп, ақтарылған тіл мен көмекей көмейге тығылды. Артынша — ақ әлгі көмейден лап етіп жалын атылды. Үзік-үзік үш рет ытқытып, маңағы үш жалын-отты қайта туғызды. Үш жалын-от бірін-бірі қуалаған, бірін-бірі тірсектеген қашқын — қуғын "ойындарын" қыздырған кезде іштегі — тыстағы аттылы — жаяулы, жатқан — тұрған тірі пенденің бірде — бірінің бойында суымаған қан, шошымаған жүрек қалмады.

Үш жалын — от ақыры тоқайласа топтасып құшақ толар алауға айналды да, кенет лақтырған тастай құлдилағаннан құлдилай келіп, бақсының көмейіне сұңгіп кеп кетті. Алау сүңгіген көмейден ізін суытпастан "Иә-һах!" құдіреттене атылды.

— "Иә-һах!" Көктен күркіреп күн қостады.

— "Иә-һах!" Дірілдеп, дүбірлеп қара жер қайталады.

— "Иә-һах!" Жұрт біткеннің айқайы тау мен таста жаңғырды.

— Ә-ә!... Ұштың ба! Түстің бе! Аяғымды құштың ба! Мынау тұзақпен алқымыңды сығармын! Тұқым-тұқияныңды төңірегімен қоса тамұқтың көріне тығармын! Көктен ұш! Жерге тұс! Аяғымды құш! Құш!

Ақ, таспа бақсының алқымын аялай сипап, сусып босап сумаңдап жылжып, асатаяққа бұрынғысынша асыла қалды.

Киіз үйден Айшаның бебеулі зары талықсып жетті.

Бақсы орнынан атып тұрды. Қоржынға қолын соза бергені сол еді, жүзі жарқ еткен алмас қанжар жұмырығына қыстырыла қалды. Сол бойда қанжарды аузын апандай ашып тұрып, көмейіне терең бойлата сұғып жіберді. Сұғып жіберді де, ырғап — ырғап қап, суырып алды. Суырып алған қанжардың алмасы қып — қызыл боп балқып шыға келді. Бақсы бөгелместен әлгі қызыл оттай балқыған алмас қанжарды өз қарнына қорс еткізіп пісіп кеп алды. Лan етіп жейдесі жанып, бықсып сөне бергенде, ақтарылған ішек — қарын бақсының аяғын көміп кетті.

Айшаның құлындағы даусы құраққа кетті.

Шаншылып тұрған қара қобыздың шанағы өз — өзінен боздап барып, безілдеп барып, пышақ кескендей тиылды.

Есі шыққан жұрт есеңгіреп те үлгерген жоқ, бақсы қанжарын жарқ еткізе көтеріп қап құлаштап лақтырып жіберді. Лақтырған қанжар ішіңде екі күннен бері зар илеп бебеулеген әйел тұрған үйдің шаңырағына сарт етіп қадалды. Уықтар сарт — сұрт етіп, керегелер ерсілі — қарсылы шайқалып, шаңырақ теңселіп қалып, түзелді. Арс — арс дауыс шығандап, тарсыл-гүрсіл дыбыс дүрілдеп, көкшіл от ұшқындатып найзағай тұтанып, қара жер бір бүлк етіп басылды.

Бақсы жерде ақтарылып жатқан ішек — қарнын екі қолымен саумалай көтеріп апарып қарнының үңірейіп тұрған қуысына тыға салды. Сол замат қарынның тілігі де, киімнің күйген орны да, жыртығы да зым — зия жоғалып кетті.

Бақсы тұрған жерінде шырқ көбелек айналды. Шырқ көбелек айналған бақсының аяғының астынан шырқ көбелек құйын көтеріліп, шырқау көкке бақсыны үйіріп әкете жөнелді. Иектерін шошайта, бастарын шалқайта жоғары шаншылған жұрт шегін тартып бітпей жатып, әлгі үйірілген құйын киіз үйдің төбесіне бақсыны топ еткізді. Бақсы шаңыраққа шаншылып, әлі де болса шеңбірек атып дірілдеп шертіп тұрған қанжарын табанын тіреп күшене тартып суырып алды. Қанжардың ізінен, қара шаңырақтан бауыздаған қойдың өңешінен атқылағандай қан саулап қоя берді.

— Өлмеп пең әлі! Өл! Өл! Өл! Кел! Кел! Иә-һах!

Бақсы "иә-һахымен" теңселіп, шайқалып, ырғалып,ышқынып қалған киіз үйдің үстінен гүрс етіп құлады.

-Қолымды қағасың! Аяқтан шаласың!

Апыр — топыр тұра сап, апыр — топыр үйге кірген бақсы, апыр — топыр етіп қайтадан атып шықты. Қимылына көз ілеспей жарқ — жұрқ етіп онда секіріп, мұнда секіріп жүрді де, бір кез ерттеулі атқа қарғып мініп, көз ұшына құйғыта жөнелді.

Қара қобыз өз-өзінен ал кеп сарнасын!

Көз ұшында қара дауыл тұтанып, ал кеп дуылдасып!

Қара дауыл аспанды бүркеп, күннің шартабағын қомағайлана жұтып жіберсін!

Қара жерді қараңғылық торласын!

Кенет көз ұшынан аққан жұлдыздай боп жалғыз ат бері құйғытсын. Ат тұяғының дүсірі маңайда жаңғырып, қара дауылды ұйтқыта қуып жетсін. Қараңғыдағы торынан жарқ етіп күн шықсын! Төңірек нұрға бөксін!

Жалғыз ат омырауын ақ көбік жуып жеткенде, қарғып түскен бойда бақсы киіз үйге қойып кетті. Теңселген үй, шайқалған үй қамшы сабындай көтеріліп қайта түсті. Көтеріліп қайта шөкті. Үшінші рет көтеріле беріп, енді теңселуін де, шайқалуын да тоқтатып, нық орнықты. Арсы — гүрсі дыбыс темір қырғышпен қазанның түбін қырғандай құлақ шекелерді осып түсті.

Құрға асылып, құр жаны ғана қалып бебеулеп тұрған Айша ышқына шыңғырып жіберді. Сол ышқына шыңғырған үнге қосыла нәрестенің нәзік іңгәсі шар ете қалды.

Қара қобыз бір — ақ рет саңқ етті де, қисая кетті.

Үйден екі жағы суалып, екі көзі үңірейіп, екі самайдан қара тері баданадай боп төгіліп бақсы шықты. Екі — үш аттап барды да, үй сыртындағы көкмайсаға қиралаң етіп құлап түсті. Құлап түскен бойда қор етіп қалың, қатты ұйқы құшағына шомды.

Үйден кимешегінің етегі шұбатылып қартаң әйел ентелей шықты. Түйтені көзімен іздеп, тұс — тұсқа бағжия қарап тұрып айқай салды.

— Уай, Дүмді қайным! Сүйінші! Ұлды болдың!

Сол — ақ екен, тұрғандар Түйтені қаумалап қоршап алғанда, әйелдер Айша жатқан үйге лап қойды.

— Ақ түйенің қарнын жарасың енді, Түйте!

— Құдай жарылқады деген осы!

— Е-е, Биағаның батасы тегін кетуші ме еді. Ұл сүйесің, мұрагерлі боласың дегені айнымай келді ғой!

— Әй, енді бір ұлан-асыр той көрерміз-ау!

— Ойбай! Анау бақсы өліп қалған жоқ па?! Өзі әбден шаршады-ау!

— Иә! Даурықпа! Шуламаңдар. Тынықсын. Оңай деп пең жын-перімен алысуды.

— Әй, сонда да дәл бүгінгідей бақсының арпалысқанын бұрын көрмеп едім... Әй, бір кәдік бар-ау! Бір кәдік бар!.. Зарары жақсыға тимесе екен. Елге нәубет бермесе екен. Бақсының ана жатысы тегін емес. Әбден қалжырағанына қарағанда, әй, үлкен бір... орасан бір жаманат хабар жетер-ау.

— Туу, Әбеке! Сіз де қайдағыны мүңкітіп тұрасыз — ау. Жақсы лепес — жарым ырыс. Сүйініштің сұрын қашырмаңызшы.

Манадан үнсіз отырған Аралбай тамағын қырнады. Түйте туысқанына жалт қарады. Алпамсадай ақсұр жүзді ағасының қалың өскен қабағының астындағы көздерде ініге деген мейірім тұна қалған еді. Күлімсірей берген Түйте де тез ықылас білдіре, басын изей түсті.

— Түйтежан, аласаң биіктеп, биігің асқақтап кетті ғой бүгін. Қолың ұзарып, қонысың көбейгеніне сенен де гөрі көп-көп қуанатын ағайының міне қасыңнан табылып отырмыз. Мал төлден, ел ұрпақтан өседі. Өркеніңді жайғаның, тамырыңды тереңдеткенің анау сәби іңгәсімен айдай әлемге осы қазір — ақ аян боп жатыр. Сол кішкентай шіркін сойыл соғар тентек болмай, қылыш көтерер азамат сарбаз, қол бастар сардар болсын деген тілегімді қабыл ал. Батырлығыңды көре алмай басырлық жасаған кей жел өкпелердің аузына құм құйылған да күн бүгін. Бір күні күлік, бір күні бүлік боп құтыратын ағайын арасының араз — құразының да тыйылатын кезі бүгін. Биағаның батасы дарыған нәресте ғой, еңкек басты еркекті шалқақ басты ерге айналдырар ел серкесі болсын мұрагерің. Бауыры тастай берік, өзіңе жастай серік болсын тұңғышын, Түйтем! — дегенде, Түйте еңбектеген бойда сүріне қабына жетіп, ағасының құшағына көмілді. Көзінде тұмантқан ұрлықы дымқылды жасырғысы келді ме, бетін кең иыққа үйкеп-үйкеп жіберді.

— Арекем! Айналайын ағажаным! Айтқаныңыз келсін. Үйіп — төктіңіз. Тілегіңіз қандай таза еді. Шөлпілдедім де толдым.

Аралбай Түйтені қаусыра құшып, сонсоң арқасынан қағып қалды.

— Жә! Сабаңа түс.

Түйте кейін серпіліп, құйрық басты. Ағасына енді сабырлы жүздің әлдене күткен сыңайын танытты.

— Түйте, анау бақсыны жігіттеріңе айтып, бір үйге көтертіп апарып, жайландыр. Ол енді көпке дейін ояна қоймас. Арпалысы қатты болды ғой. Мынау Әбілданың да сөзінің жаны бар. Қайыр бақсы жай ғана бақсы емес, әулие де ғой. Мен де секем алдым — ау. Тегіннен тегін оп — оңай сылқ ете қалмас еді ол. Әлденеден шошынды — ау дейім.

Жарайды. Босқа күдіктене де бермейік. Той ғой бүгін. Шаруаңның қамына кірісе бер, бауырым, — деп Аралбай Түйтенің ендігі ыңғайына кеңшілік берді.

Содан кейін ауылдың өзіндік қарбалас тірлігі басталып та кетті.

Түйте Айша жатқан үйдің табалдырығынан аттай бергенде жүрегінің аттай тулағанына кәдімгідей толқыды. Ол анау зарыға күткен "кішкентайын қазір көрем — ау, кездесем — ау, кеудеме басам — ау" деген асықтырған қуанышынан ба, әлде сол қуанышты тұсау салғандай кібіртіктете берген белгісіз бір күдіктің кеудеде тірілгенінен бе әйтеуір толқыған кеудесін баса алмаған күйде, оң жақта, ағаш төсекте жатқан жұбайына тесіле қарап, төрге озбай тұрып қалды.

Айшаның тостағандай көздерінің алды көгіс тартып, ақ еті молая көрініп, жағы суалып, жүдеу тартқан жүздің қызыл еріндерінің ұшында ғана ырзалық танытқан жайраң күлкінің табы білінді.

— Төлбасыңыз құтты болсын, отағасы!

Айшаның даусы Түйтенің құлағына бейіш үніндей боп естіліп еді. Кеудесін сықаған белгісіз күдігі сейіліп кетті де, бүкіл тұла бойында дуылдап лепірген сүйініштің, шадыман көңілдің шаттығының ыстық қаны тасып ала жөнелді.

— Өзің де мерейлі бол, Айша!

— Кішкентайды көресіз бе?— деді жүзіне шарбыланап қызыл нұр жүгірген жұбайы әлі де бері аттаудың ретін таппай кібіртіктеп тұрған еріне өзінің құлаққа майдай жағатын әсерлі үнімен.

— Көрейін!.. Көрем ғой. Қайда өзі?!

Күн ұзын үнсіз отырған ақжаулықты әйел, сірә кішкентайдың кіндік шешесі өзі болса керек, орнынан лып көтеріліп, сыңғыр күлкісін үй ішіне толтырып жіберді.

Әлі де нұры тая қоймаған бәденді жүзінде күлкі табын кілкіте, қасын кере қалды.

— Көрімдік, Дүмді қайным! Бүкіл Аспап2атаулының атұстарын оп-оңай көре қоймақсың,ә. Жолымнан неге жаңылайын. Жолыңнан неге аттайсың, қайным-ау.

Түйте қарқылдай күлді.

— Оу, жеңеше! Ал, ал! Қалағаныңды ал. Кернейдің көкалалары жетеді бір шашылуға. Соғымың мойнымда.

— Е, бәсе! Дүмді қайнымның дүмі осал болушы ма еді. Мә! Таныс ұлыңмен! Әй, күшік неме! Пұшық неме, көкеңе сәлем бер! — деп әйел Айшаның іргесінде құндақтаулы жатқан сәбиді іліп алып Түйтеге ұстата берді.

Түйте қызылшақа, алжа-алжа бетке еміреніп ернін тигізіп, елжіреп ұзақ иіскеді. Аузын таусап, қаймыжықтай еріндерін жыбырлатқан сәбидің ешкімге, ештеңеге ұқсамас, өзіне ғана тән тәтті таңсық жұпарын танаулай сіңірген жас әкенің сүйек-сүйегі балқып жүре бергендей босаңсып сала берді. Соны сезді ме, әлде Түйтенің нәрестеге ұзағырақ жабысып қалғанын байқады ма, Айша ақырын ғана күле дыбыстады.

— Отағасы-ау! Кішкентайыңызды тұншықтырып алып жүрмеңіз.

* * *

Дастарқан жиналып үлкен үйдегі қонақтар азайған кезде Түйте Аралбай ағасының қолына домбырасын ұстата қойды.

Аралбай Түйтеге ажырая қарады. Онысы: "Мұның қай қолқаң?" дейтін нығыздықпен жетіп еді, інінің аса бір қуанған, мейманасы асқан халі түр — түсінен танылып тұр екен, түсіне қойды. Түсіне қойды да, домбыраны жайлап шертіп, құлақ күйіне түсіре бастады.

— Көптен өзіңізді ести алмай кетіп ем... Домбыраны көп ұстамайтын болдыңыз-ау, аға.

Аралбай енді Түйтеге ықыластана қарап, басын изеді.

— Рас, рас айтасың, Түйтем. Оңашада, өзіммен өзім қалғанда болмаса, домбыраға онша үйірлігім жоқ. Бүгін енді еріксіз ұстаттың. Перзентті болып, төбең көкке жетіп отырғанда қолыңды қақсам, саған да маған да әбүйір болмас. Көңіліңнен шыға алсам, жақсы. Әйтпесе мына саусақтар баяғыдағы жорғасы мен жүйткуінен жаңылғалы қашан. Сонда да тырысып көрейін.

Домбыра біразға дейін күмілжіп, кібіртіктеп, арқандаулы арғымақтай қазық айнала текіректеді. Қайта ширықты, қайта безектеді. Содан... арқаны үзілді ме, тұсауы шешілді ме, кең далаға көсіле құйғытты. Бес саусақ перне қуалап ерсілі-қарсылы жүйткігенде, қара шанақтан төгілген әуен керегені тесіп өтердей үй ішін кернеп, толтырып ала жөнелді.

Далада дауыл тұтанды. Теңізде толқын тулады. Азынаған жел аспанда дамылдады. Долданған толқын аспанға шаншылды. Теңіз тірлік қақпақылдаған пенденің жан айғайы толқындардың шуылында құмығып шығып, құмығып жұтылып тұрды да, кенет анау шанаққа қарай құйындай ұшқан саусақтардың астынан ышқына безектеп, шығандап шарықтап кетті. Сол шығандап шарықтаған әл-дәрмен үніне енді ашулы желдің ызалы суылы араласты. Сол-ақ екен күйдің екпіні одан сайын екіленді. Шанаққа тасырлай тиген оң қолдың бес саусағы бес түмен қолдың аламанға атой салған селіңдей қатуланды. Көкжиектен күн батып кетіп, аспандағы ай шатынай сынып қара жерге жарқ — жұрқ құлағандай ма — ау, әлде сол көкжиектен енді — енді туып келе жатқан күнді қара дауыл қаңбақтай қуып ала жөнеліп, әлемді арсы — гүрсі үндер қаптап кетті ме — ау, үсті-үстіне өршіген азынаған, арындаған әртүрлі үндер, әртүрлі ат ойлар, әртүрлі озан-ұрандар қым қуыт араласып кетті ме — ау, дүние асты — үстіне шығып, астан-кестен күйге көшті. Астан-кестен дүниенің безілдеген тілі, безенген қаруы, зуылдаған жебесі, ысылдаған қылышы, шақылдасқан сүңгісі боздаған түйенің, аңыраған ананың, жылаған баланың қымқуыт дауыстарын басып өтіп, пенденің басын періштелеріне доп қып ұстатып, төңкерілген тұл денелерден төбе жасап, соғыс зобалаңының сойқан көрінісін жайып салды.

Саусақтар кібіртіктеді. Әлгіндегі үш — төрт пернеден тоқайласатын сонар шалыс жаңылысып, енді дұрмек үндердің легі үзіліп-жалғасып, үзіліп-жалғасып тұрды да, бір сәт уілі анық сезілген баяу ырғаққа ауысты.

Жоқ, дүниені әлдилейтін де, аялайтын да аласапыран тірлігі мол атыс-шабысты айқас пен шайқас емес екен. Әлемді алақанында тербететін жұмыр басты пенденің бір — біріне деген мейірімі мен бір — біріне деген сүйіспеншілігі екен. Көңіліңе қанағат беріп, кеудеңе рақым нұрын құятын бауырмалдық екен. Сол қанағатқа тұшынған жаныңның рақымшыл жүрегі туған топырағыңның табаныңның астынан табылатын кезіне мерейленген сәтте дүниенің төрт бұрышына ізгілік пен мейірім төгуден басқа бақыт бар деп ойламас та. Сондайда жер түбінен жететін бір тылсым үн: "Адам-пенде, сенен асқан құдірет жоқ! Жасаған хақтың өзінен де қайырлы ізгілігіңмен асып түспедің бе" деп құлағыңа сыбырлап жатқандай, он саусақ бипаңдады — ау бір. Сол құдіретті сыбырға түгел исінген адам — пенде жанымен еміренді — ау бір. Бейбіт күнге, бейбіт түнге, бейбіт тірлікке рахаттана алғыс айтып, әлемді аялаған өмір — ғұмырдың өзімен тіл қатысты — ау бір. Бір төлі маңырап енеден туып жатса, бір сәбиі іңгәлап дүние есігін қағып жатса, алты үйлі ауылын абыр — сабыр дуылдатып, алты ауылды аймағын той — думанмен дүбірлетіп, өз қызығымен өзгелерден өзгеше күн кешетін қазақтың ұлан — асыр табиғаттың төл перзенті екенін тағы да дәлелдегендей домбыра күмбірі ұзап бебеулеп, үздігіп үзілтіп тымық кешке жомарт жанды аңқылдақ жұрттың сырын ақтарып жатыр.

Түйтенің көзі жұмылып, көкірегі сарнап қоя берді.

"Апырай, Арекем-ай! Ішімдегіні қалай көрген. Ішімді қалай таныған. Тап басты — ау! Күйігім күйінішімнен өспеуші ме еді. Кіжініп килігуші ем ғой. Алтыққан сайын апырақтап, киліккен сайын күйініп тоқтаушы ем. Мандытпай, маңайлатпай, қол бай-лайтын тілек ұстатпастай көрініп, құрықты құралға жалғап, өкпені ашуға ұластырып, дау қуғызып, жау іздеткізіп, далада далақтатқызып шапқыза бермеуші ме еді. Не таптым біреуге құрық ала ұмтылғанда, біреуге қанжар ала жүгіргенде. Құлаған қоңсымның қаны аққан шекесінен. Сұлаған қасымның жаны шыққан кеудесінен. Бірақ байырқаланған көңіл, тұшынған кеуде болды ма? Қайдан болсын. Шекесі жарылған достың, жаны жаһаннамға жөнелген қастың бала — шағасының зары мен шері таппады ма мені. Қаппады ма қабырғамды. Тапты да майыстырды. Қапты да қабырғамды қайыстырды. Ал енді... Мынау күй... мынау елжіреуік уіл шым — шымдап бойыма дарып: "Адам бол! Асқақ бол! Өзгені өзіндей көр, өзегіне өрт салма. Өнегең мейіріміңмен өрістесін. Дүние алыс — жұлыс үшін жаралмаған. Таныс — біліс үшін жаралған. Ұғынысудан өтер ұлылық жоқ. Түсінісуден артық тұрлау жоқ. Татулықты қатулықпен ірітпе. Достықты өштікпен жайратпа. Жалғанның жазғыра берсең, жағаласар жауы көп, далаңның кінәраттай берсең, араластырар дауы көп. Жауды тауыса алармысың, дауды азайта алармысың. Ағайынның да ашыған айрандай желпінтер қиғылығы болады. Көршіңнің де көк қымыздай қыжылдатар кикілжіңі қабаттасады. Қиғылыққа кимелесең, кикілжіңге кеуделессең, төріңнен көр қазарсың, төсегің табытқа айналар. Тірліктің мәні тәубешіл тілекте, елжіреген жүректе, біріккен білекте. Ендеше тәубеңе ұйы, тірлігіңді берекеңмен өркендет, өрісіңнен ұрысты қуып, есігіңнен ырысты енгіз. Бесігінді тұзе. Тұзелген бесігіңнен сәби іңгәсі үзілмесін. Негіздеп алған тұңғышының соңынан үрім-бұтағыңды егіздетіп шұбат!" деп құйылып жатыр ғой. Абзалым-ай! Ақкөйлек ақгілеу Арекем-ай! Ұйіп-токтің ғой! Дүниенің кендігін, даланың дарқандығын, ғажаптығын сездім ғой. Жүрегімнің ызғар торлаған бір қылшығы қалмағанын енді білгенімді кімге айтайын. Несіне айтам. Дос іздесем, татулық аңсасам, мейірімге бөксем, жасаған хақтың кеудеме нұрын түсіргені болар-ақ. Жаным жайланды-ау. Жалғанға жар салған жүрегімнің дүрсілін жүрегінің дүрсілімен аулап отырған, танып, біліп отырған Арекемнің саусақтарынан сергек, Арекемнің кеудесінен сезімтал не бар екен! Қайғырса, қауым болып түгел қайғыра білетін, қуанса, ауыл — аймақ болып дуылдаса қуанатын, қайран қазақ, сенен өтер ұлысты таба алармыз ба? Ендеше сол алашымның ардақтысы мына Арекемнің кішкене Жарылғабыма деген мынау үлкен қошемет құрметін қалай ұмытармын. Ұмыта алармын ба. Бұдан артық қандай тілек пен бата айтылар".

Күй уілдеп барып, сыңсып тоқтады.

Аралбай ақ сұр жүзде тарының дәніндей бөрткен тер бүршіктерін маңдық орамалымен сүртіп әкетті. Оң иыққа иегін қондыра Түйтеге көзін қыдыртты.

Түйте ақтарылып кетті.

— Арекем — ай! Оңымнан ай, солымнан күн туғыза салдыңыз ғой. Сай сүйегімді сырқыратар кереметті бүгін, осы қазір ғана тыңдадым-ау, аға. Өнегеңіз өзегімді түгел жайлап кетті-ау. Жер — көкке сіз сыйғызбадыңыз ба, өзім сыймай барам ба, бәсім өсіп, қадірім аспандап кетті ғой. Аспандатқан сіз ғой, өзіңіз ғой, Арекем!

Аралбай мырс етіп күліп, Түйтенің иығына қолын салды. Мейірленген жүздің қабақтары тік серіпкенде, қоңыр көздерден жылылық лебі есті.

— Түсініпсің, Түйтем. Бұқадай боп топырақ шашып, бұта торыған бұзықтардай болмағаныңа тәуба. Тесіктен есік шығарып, бүтіннен жамау жасайтын керауыздар не білсін. Осы білігіңнен, осы түйсігіңнен танба, Түйтем, — деп енді қолын иықтан босатып бір ырғатылып алды да, жайраң еткен жүздің оң қабағын жарқ еткізді Кішкентай шіркіннің атын ойластырып па едіңдер?

Түйте күлімдеді. Басын қайта — қайта изеді.

— Солай десе де болады, Ареке. Шынтуайтын айтсам, бұл шіркіннің атын Биағамның өзі қойды деуге болады.

Аралбай түгел денесімен шапшаң бұрылды.

— Қалай? Қашан?

Түйтенің көздері жыпылықтап кетті.

— Қашан деймісіз?.. Сонау бір кеште... Әлгі менің ағайынға өкпе артып... шала бүлінген кезімде... Би-ағамның тілек білдіргенін білесіз ғой?

Аралбай түсіне қалды. Сұраулы жүзі жадырады. Қабағында ырзалық тұнды.

— Е-е, оны білем. Қазекеңмен бірге болғам сонда.

— Сол кеште Биаға: "Тәңір жарылғап ұлды боласың" деп еді ғой. Тәңір рас жарылқады мені. Соны ырымдап, анау кішкентайдың атын Жарылғап деп атасақ па деймін, аға.

Түйтенің бетіне қоштау күтіп, ұмсына қалғанын байқаған Аралбай еңсесін тіктеді. Қолдарын жайды.

— Қазекеңнің ақ тілегі құлағына шалынып, Тәңірімнің өзі жарылқаған бұл Түйте батырдың оғланының есімі Жарылғап, Жарылғап, Жарылғап болсын! Қылыштың жүзіндей, найзаның сүңгісіндей өткір болсын. Ұлысына ырыс боп енсін, туысына қоныс боп көбейсін! Әумин!

Отырғандар алақандарын құс қанатындай жапыр-жұпыр көбейтіп, беттерін сипасты.

Сол түні ауылды "ой бауырымдаған!" дауыс дүрліктіріп оятты.

Қай қазақ "Аттан!" десе, ат белінен табылмаушы еді. Қай қазақ "ой бауырымдаған!" төбе құйқаны шымырлатар қаралы хабарға дүрк көтеріліп, өре тұрмас еді.

Түйте аулының кеудесінде жаны бар жамағаты ұйқылы-ояу тысқа атылды.

Сонау қыр беткейден жалғыз құйғытқан адамның қарлығыңқы даусы түнгі даланы жаңғыртып басына көтерді:

— Ой бауырым!

— Апырай! Кім болды екен?!

— Бәсе, әулиенің кәдік келтіруі тегін болмаса керек еді.

— Жә, босқа даурықпаңдар.

Сол екі ортада әлгі жалғыз атты да ауылға еніп еді, келген бойда көлігінен домалай түсті. Көмейінен сұңқылдаған сұмдық хабар төгілді.

— Шаңырағың құлады, қазақ! Бәйтерегің сынды, Алаш! Әз Тәуке ханың дүниеден озды.

5

Қаз дауысты Қазыбек Түркістанға мол тобымен асығыс аттанды. Суыт жортқан жүргіншілер түс әлетінде қасқа бұлақ басына ат шалдырып, өздері де ауқаттанып алғанды. Енді көліктерінің басын ірікпестен алдарынан қарауытып көрінген жатаған төбелердің қойнауына кіре бергендері сол еді, ымыртқа бейімделген кешкі апақ — сапақта әрқайсысы бір-бір теректей зорая көрініп елу шақты атты ұрымталдан бұларға қарсы дүрсе қоя берді. Қаперсіз келе жатқандарды тұтқиылдан сау етіп тиіп, аударып, төңкеріп әкетеміз деген кеудемсоқ дәме, оңай олжалай қоймақ жолаушылардың кім екенін де аңдатпап еді.

Таңыбай батыр айғайлап үлгерді.

— Ақке, Биағаны өзіңізге тапсырдым. Әу, жігіттер! Құрыстырысымызды бір жазатын болдық. Ал аянбандар. Бірақ кісі өлімі болмасын. Босқа арандамаңдар. АқкесіАралбай ағасы үнсіз басын изеді.

Сол-ақ екен бұларға кесе-көлденеңдете ұмтылған тосқауыл топқа қарсы Таңыбай, Түйте бастаған Арғын жігіттері елегізіп, құлақ қайшылаған міністеріне тақым қысып, лап қойып кеп қалды.

— Қарқабат! Қарқабат! Қарқабат! — деген Таңыбайдың гүжілдеген даусына ілесе Енең Тоқасы Жасыбай ұлы Мырзамбеттің көмейлете созған үні даланы басына көтерді.

— Ақжол! Қарпық! Қарпық!

Осы екеуіне ілесе Түйтенің кең кеудесінен "Машай! Машайлаған!" озаны тау суындай ақтарылды. Тасырлата жөңкіген Таңыбай жігіттерінің озан-ұраны кеуделеріне шаншылған оқтан да ауыр тиді білем, кенет әлгі қиялай шауып, қыр көрсеткен белгісіз қол жалтара бұрылып, тырым-тырақай қаша жөнелді.

Қашқан жауға қатын да ер. Әлекедей жаланған Арғын жігіттері жан шақ келтірсін бе, сүт пісірім уақыт ішінде қожыраған тобырдың ұйпа — тұйпасын шығарып, жаяулатты да тастады.

Жартысы иесіз үсті босап қалған тұл аттарды қуып кеткенде, қалғандары әр жерде бір омақаса құлап жатқан шапқыншыларды байлапматап, бір жерге тырп еткізбей үйірді де, астындағы көшелі көк айғырдың жалын желкілдете майда жорғалатып келе жатқан Орта жүз ұлысының бегі-Қаз дауысты Қазыбекті тосып алды.

Би ат үстінен, өзіне имене қарасып, ерін жыбырлатқан, қол қусырып сәлемдесу рәсімін танытқан қалмақ тымақты, өзбек топылы, қазақ телпекті тобырға ұзағырақ кідіртіп назар аударды. Содан кейін қасындағы Аралбайға иек көтере беріп, ақырын ғана:

— Кімдер екен?— деді.

Аралбай батыр бас изеп құп алғанын танытты да, күрең, қасқа атын ілгері лықсытып, үйірілген топқа дәл үстінен төніп келді.

— Кімсіңдер деді ғой сендерге. Тілдеріңді тістегілерің келген екен. Онда шындап тістетейік.

Аралбай батырдың қолына қысып ұстаған қамшысы шошаң ете қап, қайта сылқ түсті. Сол сесі — ақ жетіп артылды. Үнсіз, қыбырсыз топқа үн де бітті, қыбыр — қимылы да күшейді.

— Біз бе?.. Біз, құдай ұрып, адасқан жандармыз.

— Иә... ұрыға ұры намазшамда кездеседі деп... Естен танып, есіріктенген қазағың да бар арамызда.

— Шайтан азғырды ғой, шайтан азғырды бізді. Әйтпесе Тәңірінің бұйрығын ұстаған, әулиедей әспеттейтін Қаз дауысты Қазыбек ағаның жолын кесетіндей кім едік біз.

— Құдайдың қарғысына ұшырадық. Өзің білме, білгеннің тілін алма деумен апырақтаймыз да жүреміз.

Шуылдаған, бірін-бірін тоспаған тобырдың ашынған, шошынған үндерінен әйтеуір бір өз кінәсін мойындау лебі ескенін Аралбай, әрине, сезді. Бірақ әлі де ширыққан жүйкенің ырқымен ат үстінен үзеңгіге шірене оң қолын тағы ербең еткізгенде, дойыр қамшысы бұлғақ қақты.

— Жөн сөйле! Қалай адасып жүрсіңдер? Мынау қалмақ тымақтылар мен өзбек шапандардың жөнін ғана білгізіңдерші. Жөнінен адасып, жолымыздан тосып, әдейі торығандарың рас болса, жүрімдеріңді үзейін.

Жаяу тұрғандардың көздері шарасынан шыға үрейге буынды. Мынау "иә" десе ұйпап тастауға аттарын тықыршытып дайын тұрған сахара жігіттерінің илікпес түрін қапысыз танып тұр. Қазақтары безек қақты.

— Жан сауға, ағалар! Тәңір қысасынан ойрат қысасы асып тұр ғой бүгінде. "Қазақтың Тәуке ханы өліп, шаңырағы шайқалып тұрғанда бас көтерер кімі қалды дейсің, атқа қоныңдар. Қару — жарақты таңыңдар!" деп жаналғыштан да бетер дікілдеп зәре-құтымызды алмады ма. Барайын десең өз қазағыңа өзің қалай жау боп тиерсің. Бармайын десең қатын — баланды қамшының астына алып, дүрелей бастаған соң амалсыз бармақ тістедік қой. Еріксіз ілестік қой сонсоң. Оған мынау ала шапанындай ала кеуде өзбек ағайын тағы қыт — қыттап қосылмады ма. "Үстінен аударып тастап, астымдағы хатынымды алған, қақпамды қаусатып, қорамдағы қодығамды алған сахараның қыршаңқы қазағына қызыл телпек кигізем. Қызын хатын етем, керегесін отын етем!" деп тәпірді ғой бұл шіркіндер! — деп топ ішінен қара бөркінің астынан таспаланып қан білінген қарабұжыр қазақ кәдімгідей қинала сөйлеп, ашына ашылып кетті. — Заманның қиянаты килікті ме, әлде заман қиянатын өзіміз адам-пенде қалыңдатып жүрміз бе, Қазеке, әулие бегім, жазғырсаң да, жазаласаң да міне бас, міне төс, — деп бөркін жерге атып ұрып, басын ие мойнын ілгері созды.

Қазақтар кінәсін мойындап "талша мойным қылша" деп зар илеп кеткенде, өзбек әкалар да "ұсынған басты қылыш кеспесті" ескеріп, өзбекше мен қазақшасын қойыртпақтата, "жаздық, жаңылдыққа басып" тізерлей отыра кетісті.

Әркімге де жан тәтті. Қалмақ тымақтарын еңкейе беріп қара жерге домалатып түсірген ойраттар, дәл төбесінен тік сұлаған қызалақтың жіңішке келте бұрымыңдай айдарларымен топырақ сипап, маңдайларын етіктерінің ұшына соғып жатты.

— Е-е, аяқ құшу осылай болады. Енді мен сендердің айдарларыңды қырқып, көтіңе құйрық қып жамап берем, — деп Таңыбай қызуланды. Дәл осысын шынында жасап тастаса қайтер еді деген сұраулы пішінін Ақкесіне-Аралбайға жалт еткізді.

Аралбай "сөйтсең сөйтті" қабақ қатып қана сездірді.

Таңыбай жігіттеріне белгі бергенше, манадан көк айғырдың үстінде бір жамбастап отырған Қазыбек би сәл ыңыранды. Таңыбайдың көтеріле берген оң қолы сұлқ түсті. Аралбай артына, ердің қасына қолын тірей жалт бұрылды.

— Аяқ-қолдарын шешіңдер.

— Биаға-ау, сонда не? Бұларды бір хан, төредей төбемізге шығармақпыз ба? — деп би алдында еркіндеу сөйлейтін Түйте келіспеймін дегендей басын шайқап-шайқап қалды.

— Әй, Түйтем! Қызынба босқа! Әркімнің — ақ хан, төреден кем емеспін дейтін көкірегі барын ойла. Әркімнің — ақ көтерген шаңырағы, тік ұшқан түтіні, сол түтіннің төңірегінде отырған бала-шағасы барын ескер.

Бидің дауысында қатқылдық, үнінде зіл жоғын сезген тұтқындар қайтадан жамырап ала жөнелді.

— Әулиедей адал Қазекем-ай! Сөзіңізге құлдық!

— Адастық дедік қой. Енді адаспаспыз-ақ!

— Бәрінен де бұрын ұятымнан өртеніп барам.

— Қазақ, өзбек бір туған. Біз де мына жоңғар немелердің итаршысы болудан әбден түңілдік.

— Міне жан, міне иман! Кессең де, кешсең де еркің өзіңде, қасиетті ұлыс белгі!

Қазыбек қабақ шытты.

— Адасқандарыңды анық ұғынсаңдар, басқасын тілемес те едім. Аяқ — қол тұсалған соң амалсыз шарғы жасап тұрсаңдар, оған мен не дермін. Уланған қастықты әлден — ақ бастапсыңдар. Әз Тәукенің жамбасы қара жерге тиместен қазақ даласын қанға бөктірем деуден артық жауыздық пен жаулық болмас та. Шарасыз ілестіңдер ме, шаруамды шалқытайын деп ердіңдер ме, іштеріңе кім кіріп шыққандай. Дуылдаған ыстық қанның жемтік іздемей, кек қуғанын көрсемші. Құлаштап қылыш сілтеп, зуылдатып найза салғызатын қомағай тірліктен кім тияр...

Жә! Шешіңдер қол-аяғын! Босатындар еркін! Бұғау тірліктің бүрсеңдеген күл пендесі онсыз да аз емес. Манағы қарабұжыр бөрікті қазақ шылбыр батқан білегін уқалап тұрып енді биге басын көтере кең ашылған көздерімен тура қарады.

— Апыра-ай, Қазеке-ай! Діттеген жерімнен табыла берген туралығыңызды бұрын сезсем де, білмейді екем. Қаусаған кеудемнің шыбын жанын дүреден де күшті әділетіңізбен — ақ мұрнымның ұшына тақап әкелдіңіз — ау. Жетті ғой айтқаныңыз жетесіз мына мендей пақырына. Қаралы елдің жаралы жүрегіне найза сілтемек болғанымды ұқпасам, төрт аяқты хайуаннан нем артық болар еді. Ұқтым да бұқтым ғой. Қазір ғана емес, мана анау тұстан "Ақжолдаған!" ұран, "Қарқабат, Қарпықтаған!" озан естілгенде — ақ, төбемнен құдай ұрғанын сезбеп пе едім. Сол сес үні сол сәтте сеспей қатырса деп іштей жалбарынғанымды Тәңір хақ қана растай алар — ау. Мен шіркін шырылдаған нәрестенің іңгәсіндей де үн шығара алмай, мынау айдарлылардың айбатынан сескенем деп, арыма қанжар сілтеп, нәріме у сеуіппін. "Ақжол!" менің де ұраным еді бұрын, Қазеке!.. Қаз дауысты Қасиеттім! Ал сол қасиетімнен баз кешіп, қасиетті ұраныма құрал ала ұмтылғанымды түйсінгенімде... "Әу, бауырлар! Әу, Алаштың азаматтары! Төбемізден жай түсті — ау! Жасаған жолымызды кескен екен. Қайтыңдар! Қарсыласпаңдар! Өз өзегімізге өзіміз қанжар сұққалы келе жатқанымызды көрдіңдер ме!" деп ат басын бұрғызғаныма мына көз алдыңызда мөлиген кінәлі қазақтарыңыз куә, — деп қарабұжыр адам көзін әлі де тайдырмастан басын екі жағына сәл-сәл бұрғыштаған сыңай білдірді. Аяқ-қолымды Сіз шешкізгенмен тұсалған арымды, бұғауланған жанымды босатар құдірет жоқ қой. Өз ішімнің тіреуін өзім қиратсам, өзегімді қашан, қайтіп құрсаулай алайын.

Бұл екі ортада босаған аттарды екеу — үшеуден жетектеп жігіттер де жеткен еді, би ыңғайын байқаған Аралбай сергектікпен қамшысын шошаң еткізді.

— Көліктерін беріңдер өздеріне.

Тұтқындар дүр қозғала бергенде, Аралбай батыр және гүр ете қалды.

— Тоқта былай!

Тұтқындар қалт тыйылып, томсарып тына қалды.

Аралбай кеудесін тіктеп, сәл қысыңқы екінші көзінің кірпігі қозғалмас өлі жанарымен тесірейе шаншылды.

— Ойраттың басшысы қайсың ең?

Ешкім мен дей қоймады. Таңыбайдың ауыр дойыры зілдене көтерілді.

Әлгі қарабұжыр қазақ ілгері лықсыды.

— Төре мен қара, бар мен жоқ бірдей емес деуден гөрі, батыр, қорқақ пен батылдың арасы жер мен көктей деу әлдеқайда дұрыс — ау. Ойраттың басшысын іздесең, мына бұтына жіберіп, қазақтың кең даласын ылаңымен де, нәжісімен мүңкітіп жатқан осылар ғой. Міне мынаусы....әй, ашыңдар араларыңды, осы өгіздей өңмендеген немесі, — деп қарабұжыр адам тәлтіректеген аяқтарының буын-буыны босап, тізерлей қалған торғауытты жиіркенген көзінің қиығымен ғана іліп түсті.

Аралбай Түйтеге иек қақты.

Түйте атынан дік етіп секіріп түсті. Секіріп түскен бойда оң қолы дөйдекулі кіседегі қынға жармасып, қанжарын жарқ еткізіп суырып алды.

Жарқ еткен қанжар батар күннің ең соңғы қызыл алауын алмас жүзінде жарқ-жұрқ еткізіп, жоғары серпігенде, қара жерде тізерлеген ойрат қиралаң етіп бір бүйіріне сұлай кетті. Сұлай кетті де, тұяқ та серіппестен қыбырсыз қалды.

— Ой, мынауы сеспей қатты ғой. Жүрек қабы жарылып кеткеннен сау емес. Әй, Түйте-ай! Әзірейілден нең кем. Қанжарыңды жарқылдатып тап бергенінде адамның адамы шыдар-ау бопсаңа.

Әр жерден бір тұтана берген күлкіні Таңыбай алара қараған түрімен-ақ тыйып тастады.

— Бәрібір қырық айдарын! Тұлымдымызды тұл қылам деген қасақы жау ғой. Айдарын қырқып айбатынан жұрдай қылайық. Өлсе, өлігі айдарсыз кетсін.

Түйте екі — ақ аттап жетіп, айдарды сол алақанының уысына қысқаны сол еді, қыбырсыз жатқан ойраттың көздері кең ашылып, көмейінен қырылдаған үн шықты.

— Әй, мынау өлмепті ғой!..

— Жүрек қабы жарылды дейтіндей, осыларда сол жүрек бар ма екен. Аяушылықтан жұрдай жүрексіз сұмырайлар ғой шетінен.

— Қоянның түрін көріп қалжасынан түңіл дегендей, бұ немелер қатын — қалаш, бала-шағалардың алдында ғана батыл. Басқа жерде бұтына сиіп, боғын сығатын қатын емес пе. Қорыққанынан талып қалған ғой.

Түйте айдардан қысып ұстап, көнектей басты кекжите көтеріп, ойратты кеудесіне тұрғызды.

Ойраттың көздері ұясынан шығардай алақтап, жарқыраған қанжардың алмас жүзіне байланып қалыпты.

— Ө-ө-өле-ем бе?!

Қарқылдаған күлкі кешкі даланың көлбей сұлап, қойнау — қойнауға жарыса сүңгіген көлеңкелерімен бірге ұзарып, біразға дейін тау — тасты жаңғырықтырып жіберді.

— Әй, мынау қазақша сайрай жөнелді ғой.

— Шынында да лақ текедей бақыртып бауыздай салса қайтер еді.

— Е, несі бар. Әз Тәукенің жолына шалар құрбандықтың басы етерміз онда. Сөйтейік. Құрбандыққа шалайық, — деп аяқ астынан жігіттер екілене қалды.

Қазыбек би тағы ыңыранды.

— Әй, жігіттер! Ізгілік іздеуден гөрі озбырлық жасауға бейім тұрасыңдар-ау. Озбырлық билеген кеуденің жүрегі жоғаларын ескермесеңдер, бар жүректен өздеріңнің де мақұрым қаларыңды біліңдер. Әз Тәуке азамат еді. Асқақ еді. Аласартпаңдар асқағымды қан жүктеп. Әз Тәуке Алаштың асылы, ардақтысы еді. Атақ-дабырасы адалымен, әділдігімен алты алаштан да асып, ойдағы, ормандағы орысыңа, қырдағы, қиырдағы қытайыңа кетпеп педі. Жендеттік жасап желұшық еткілерің бар ма сол абырой — атағын ардагерімнің. Әулиедей тазамның ертеңгі мұсылмандық жолын адамнан құрбандық шалып, қанмен былғайын деп пендер!

Тұрғандар жым болды.

Түйте енді бөгелген жоқ. Қанжарын жарқ еткізе бір — ақ сілтеді де, тұтамдап тұрған айдарды түбінен орып жіберді. Қауғадай бас сылқ босағанда, ойрат опырыла құлады. Аларған көздерде жылу ма, жылт па, әлдебір күңгірт ұшқын тірілді. Сірә, "енді өлмеспін. тастан құлақ, жо-оқ, бастан айдар садаға!" дейтін далбаса дәмені саумалап жатқан тәрізді.

Аралбай қарабұжыр қазаққа қабақ серіпті.

— Осы сенің ныспың кім?

— Бекдәулет. Құрама ішіндегі Арғынмын.

— Ал Бекдәулет. Жаның олжа. Әлгінде Қазекем айтты ғой арысымыз, ағамыз бен жағамыз болған Әз Тәукенің ақыреттік жолын жөнімен, жобасымен өткізейік деп. Аламан боп сол қасиетті жолымызды кестегеніңді кешіргім келмесе де, кесірің тимесін деген ниетпен саған, өзіңе ғана бес қамшы дүре салғызбақпын. Өйткені сенің, Бекдәулет, өзіңнен сөзің кесек түсіп жатыр. Өзің өзгеден кесек шығып жатырсың. Осыма келісесің бе?

Бекдәулет төбесіне қисайта қондырған бөркін төбесінен уыстап көтеріп, жерге алып соқты да, екі қолын қусырып бүк түсті.

— Ойпырай, ақсақал-ай! Манадан "күнә арқаладым, Алашыма алауыздық жасадым. Әз Тәукенің әруағына қылап келдім. Осы күнә-жаламды, кесіркесаматтығымды қалай өшірем, қайтып арылам?" деп өлімді өзім іштей қажап, қаусап тұр едім. Туу, ағасы, қандай кеңшілік бердіңіз. Кеудемдегі берішті босатып кеңітіп жібердіңіз-ау. Бес емес бес жүз қамшы дүре салғызсаңыз да, Бекдәулеттің көк өгіздің мойын тұрық қажаған мойныңдай көнтері жотасы көтерер-ау. Бірақ сонымен өкінішімнің орнын өзім толтыра алсам. Арымжанымның садағасы дейтін қазақ екенім рас, ағалар деп шекпенін шеше бастаған Бекдәулетке Қазыбекте, басқалар да ырзалық айтып еріксіз бас шұлғысты.

Түйте өзгелер атынан түсе қоймаған соң, жотасын көсеп, ыңғайлана қалған Бекдәулетке жақындап баруын барғанмен қамшысын көтере қоймады. — Неге бөгелесің? Жаудан қайтпаған жүрегің, жаман-жәутіктің шүйкедей жотасынан тайсақтап тұр ма. Әлде қайдағы бір қаңғыма төбетке бола қолыңды былғағың келмей ме.

Түйтенің беті бозарып сала берді. Дойыры шошаңдап көтеріліп суылдап құйылып, қушиған арық арқаны тіліп түсті. Бекдәулет бүкіл денесімен кіржің ете қалды. Ақ жейдеге таспаланып қызыл белбеу жүгірді.

— Ойпырай, Түйте-ай, байқасаңшы!— деді ат үстінде тұрғандардың әлдебірі.

Қамшы екінші рет ысқырды. Жонарқа тағы бір тулап түсті. Ақ жейде тілініп, тілік бойлай қан шып — шытып өтті.

— Қолың қатты еді ғой, құрдас.

Бұл әрине Таңыбайдың сақтандырғаны. Сесіңді есіңмен құрсаула дейтін далбасасы.

Қамшы үшінші рет сілтенді. Суыл алғашқы екеуін-дей естілгенімен ақ жейденің астынан білеуленген таспа тілік бұл жолы онша ұзармап еді, Бекдәулет қиқаң еткен иығына иегін шошайта қойды.

— Жаңылма сілтесіңнен! Сен аяғанмен өз кесігім аямайды. Соқ қатты! Аямай соқ!— деді.

Жүдемелдете тағы екі тілік түсірген қамшы соңғы рет қара жерді оқыс осып түскенде, қиыршық тасоғындай атылып, бұршақтай жауып кетті.

Бекдәулет шекпенін желбегей жамыла салды. Қолын кеудесіне тосып, манадан үнсіз отырған биге басын еңкейте иді.

— Қазеке, алаштың алмағайып мезетінде алдыңызға тап болдым. Іздесем таптырмас, аңсасам жеткізбес сәттің дәл мына қиракезік сәтте болуы жанымды қинап тұр. Бірақ айтпай және қала алмас жайым бар. Көрерім алда деп алданар жастан өтіппін. Сондықтан көрген құқайымның көптігін айтпасам да сезіп тұрсыз. Нұрын жалаған күнімді де көпсінген тағдырды пешенеме Тәңірім жазды десем де, кейде бұлқынғым — ақ бар. Бүк түсіре беретін замана қысастығы бәрібір босатпайды. Босатпайды дейтін көнбістіктің шарасыздығы бүгінгі қарақшы тірлікті маңдайыма таңбалап басқызып, кіріптар етті де ғой. Ашынып ашуға басқанымнан не қайыр. Тап ертең тағы бір ала шапанды өзбек әкіреңдеп өзегімді суырардай болса, тағы бір қалмақ тымақты ойраты басыма әңгіртаяқ ойнатып еркімді ұрласа, тағы да бір дүрмекке ілесіп, кең даламның бір түкпіріне керегесін жайған қазағымның ауылына атойлап кіріп, Алашымның қанын ағызып, абыройымнан айрылмас па екем? Сөйткізбес дермісіз. Амалсыз кескектеген иттей ғып, арсылдатып өз алашымның өңешіне азуымды басқызады — ау.

Бекдәулет енді маңайындағы серіктеріне қызарып кеткен көзін жалт еткізіп қадап — қадап өтті. Томсырая қалған жүздер "айтқаның расты" түйілген қабақты жүздердің иек қағуымен білдірді. Бекдәулет енді тіпті ақтарылып кетті.

— Қазеке, мал елде, ел туған жерде болған дәуренді біз аңсамай ма екенбіз. Жерден ел ауған соң, елден мал аулақтанбай қайтсін. Малсыз қазақ қауқарсыз қаңқа ғана. Жер тырмалап, топырақ аршып, күнкөрістің қамын жасаған да боламыз. Сол тірлігімізді де көпсінетін дүмділеріміз күн сайын көбеюде. Намыс деп шіренетін күйден ажырадық па, бүгінде қазақпыз деуден де қалып бара жатқан халіміз бар. Ay, Ертіс пен Еділден ат суарып, Арқада аунап күліп, Алтайда тұрмыс құрып, Қытай қорғанына құрығын сүйеген жауынгер халықтың ұрпағымыз дегенге сенетіңдер азайып бара жатқаны қалай. Қазақпыз деуге аузымыз онша бара қоймайтыны қалай? Неден үркіп, неден шошынамыз? Әлде кешегі атойымыз аспанға жететін, қаһарымыз қара жерді дірілдететін құдіретімізді біржола жоғалтып алдық па? Сықсыңдаған ойраты омырауласа, шыбжыңдаған өзбегі кеуделесе, омырауымды тескізгенім, кеудемді басқызғаным емей немене. Есегінен түссе есі кететін ала шапандыдан үріксек, орағытып алдынан шықсақ, одыраңдап безе қашатын ойраттан шошысақ, алпыс екі баулы алаштың басынан бағы тайғаны ма? Бес қару асына алар ерлерінің кежегесі кейін тартқан езге айналғаны ма?

Бекдәулет қызынып кеткенін енді сезгендей биге көз тоқтата қарап, бөгеліп барып, қайта жүйткіді.

— Қазеке, өзімнен дәурен кеткен соң, бүкіл қазағымнан дәрмен кетті ме деп жатсам, ашынғаным шығар. Ашынған адамның алласымен де ұстасары болады. Ылғи төрде отырғанның төбесі биік көріне ме, шалқалай-шалқалай қарап көз талдырдық па, кейде табан астындағыны байқамай тоңқалаң асып жататынымыз да бар.

Мынау зарым ба, жан айқайым ба, артық айтып тоңқалаң асып жатырмын ба, әйтеуір құлағыңызға жетсе деген бір шырылым еді. Жеткізе алсам, қуанып, сіндіре, іліндіре алмасам қуарып кетемдағы, — деп сәл бөгеліп бидің бетіне ажырая қарады. Қазыбек би сәл бас изеді.

Бекдәулеттің көзінің қиығында жылт ойнады. Ат үстіндегі адамның сәл қимылынан — ақ бойы жазылып, арқасы кеңіп сала берді.

— Бойлауық ой сайрауық тілге де көнбейді екен. Ойымды пышыратып алсам... алдыңызға енді келе алам ба, көре алам ба деп сасқалақтауымнан ғана, Қазеке. Бірді айтып, бірге кеттім. Енді төтесіне көшейін. Ала шапанды да, қалмақ тымақты да көріп тұрсыз. Мықтының алдында бұлар бутына жібергенімен былай шыға, оңаша қолдарына тигенімізде бұлар бізді бұтарлайтынын менен кем білмейсіз. Мені қинайтын ендігі күнімнің, ендігі күйімнің мүшкілдігі. Өзім ғана болсам бір сәрі. Анау артыма ілескен бір ауыл, бір қауымның жай — жағдайы. Қопарыла көшер едім, қонар сайымды кім көрсетер? Тамыр жаяр құнарымды қай қиырдан табармын? Соған қабақ алартпай, құшақ жаяр кімім бар?

Қазыбек ер үстінде ырғалып алды. Бекдәулет сөзі қабырғасына қатты батқанын сұрғылт тартқан жүзінен анық аңғартты. Алдымен туысқан інілері Аралбайға кірпік қадады. Одан әлгі шаншылған кірпіктерін Түйтеге, Таңыбайға кезек — кезек шүйілтті. Қисая бұрылып өз тобының арасынан әлдекімді көзімен іздей бастады. Ақыры қарашығы әлдекімге тіктелді де, тұрып қалды. Бидің өзіне қадалғанын көрген Мырзамбет кеудесін көтере, дөңгелек жүзін түгел бұра, елгезек пейіл танытты.

— Мырзамбет! Естідің ғой.

— Иә, Биаға! Естідім.

— Жетті ғой жан айғайы жаныңа?

— Иә, жетті.

— Мен саған жарылқа демеймін, жалғас деймін. Қолында құдайға шүкір, ақ бұйдаң бар. Аузымен орақ оратындарды ақылыңмен орап алатын кісілігің де мол. Осы күнге дейін төңірегіндегілерден қиянатыңнан қысылдым деген күңкіл-күбір естілген де емес. Сайын лайықтап, тамырын жайғызарсың тағы бір таланған ағайынның.

— Құп, Биаға. Сіз сенім білдірсеңіз, біз соны тиянақтармыз. Әрине, алшысынан түсіп жататын бұрынғы дәурен жоқ. Көл — көсір қоныс та, шетсіз — шексіз өріс те жау тақымда қалған соң, қысылсақ та қабысармыз. Сығылсақ та сиысармыз, — деп Мырзамбет қолын кеудесіне басып, би өтілін қабылдады.

Қазыбек енді Бекдәулетке иек қақты.

— Естідің ғой, Бекдәулет інім?

— Иә, естідім. Тіл ұшындағы рахметім аздық етердей, ішімнен тасып тұрмын. Қысырақтың қымызын ішкендей тұла бойым қызынып сала бергенін де айтып жатпайын. Ойымның қойны-қонышын тонатып, ақылымның азабын көтере алмай құр кіжінуші ем, әй, енді сол жыртқыш ойларымның талауынан босап, алқымдаған сауалдардан сап тыйылармын деп тәубаға ұйып тұрмын. Анау шырылдаған сәбилердің көз жасын иетін күнім де, көңілімді жұбататын аға — інім де бар екеніне және исініп барам. Алда разы болсын, Биаға!

АРБАСУ

Төскейде кеңес топтанып,
Жақсылар үйде баптанып.
Нөкерлер жүрсе сап түзеп,
Қас-қабақпен аттанып.

Ақтамберді жырау

1

Түркістан қаласы ығы — жығы халықтан көрінер емес. Қазақ даласының тұс тұсынан лек-лек жетіп, көктемгі сай — сайдан жамырап жүгіріп көлшікке көпірши құлайтын жылғалардай қауырт жеткен азалы тобырдың томсарған жүздері тіпті ашылар емес. Жайшылықта екеу-үшеуден басы қосыла қалса төртеу-бесеудің кеу-кеуі мен бесеу-алтаудың қау-қауына басатын айқайшыл түздіктердің ұнжырғасы түсіп, ауыздарына құлып салынғандай. Ол, әрине, анау Әзіреті сұлтанның сағанасында ұзынынан сұлап жатқан бүкіл қазақтың қастерлісі, бүкіл алаштың айбыны, бүкіл киіз туырлықты далалық жұрттың жанашыр жақыны, бүкіл хандықтың тіреуі мен тірегі болған арысы Тәуке ханның елін еңіретіп, өзегін өртеп, кеудесін сындырып, фәни дүниеден бақилық ғұмырға бет түзегенінен болар. Қадірін ұққан халқының алдына енді байпаң басып шықпайтынын, қасиетін таныған ұлтының қамын жейтін қарекетін жалғамайтынын, әділеті мен туралығынан мысқал елі айнымайтын, ауытқымайтын әулиедей тазалығын жылаулы жамағатына енді қайтып жасай алмайтынын түйсінген күрсініске, күйікке толы іштердің қасіретке шомуынан да болар. Досқа тату, қасқа қату басшының айбарынан жауы ығып, абыройына елі марқайып, қазағының атағын қабырғалас мемлекеттерге кәдімгідей айбарақтата танытып, алашының айдынын айдай әлемге дабырайтып шығарғанын қысық көзді көршісі де, шөлмек көзді көршісі де көк жөтелге булығып отырып, көкірегіне шаншудай қадалтып отырып, қулықсыз болса да еріксіз бас шұлғып тануға да, көнуге де мәжбүр болған-ды.

Отыз екі қаласы бар хандығының шаңырағын жарқырата көтерген Тәукені құдіретті Тәуке атандырған сол кездегі елінің ынтымаққа ұйыған ірілігі мен тірлігі еді. Аспан астында тарыдай шашылып, сол кең даласының аспанының астында бірін-бірі мүйіздеп, бірін-бірі бүріп жеп, тағыдай таласып сыйыспай жүрген қазағын қайырып әкеп,үйіріп топтап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алатын қайырымды халық, берекелі ел, қаһарлы күшке айналдыру үшін қаншама жігер жұмсап, қаншама тер төгудің қажеттігін түнде ұйқысын ұрлатқан, күндіз күлкісін тонатқан Тәукеден басқа кім біле берсін. Бірақ тер бекер төгілмепті. Жігер босқа мұқалмапты. Сан сайда сайғақ тірлік кешкен сан рудың басы қосылып, сан рудан ірі — ірі тайпалық одақтар құралып, сол тайпалық одақтар тұрмыс — тіршілігі, әрекеті, орналасуына қарай жүз — жүзге жіктеліп, осы үлкен үш аумақтық қоғамның мызғымас негізінде мәмлакатын аяғынан қаз тұрғызбап па еді. Он жетінші ғасырда еңкейіп келіп Еділді алып, етекке қол салған орыс, он сегізінші ғасырдың алғашқы ширегінде Сібір қазағын шідерлегенін місе тұтпай, адыраңдап келіп Арқаға кимелеп, Омбыдан бастап Қара Ертіске шейін таяқ тастам жер сайын бекінісін бекемдеп, форпостарын қаптатып, алаштың Ай астындағы аясын, Күн астындағы кеңістігін кәдімгідей — ақ тарылтып жібермеп пе еді. Көк найзаны қоқаңдатқан жігіттерінің қой құмалағындай — ақ қорғасыннан құлағанын, шашын талдап жұлып қыршынынан қиылған боздақтарын жоқтап зарланған аналардың бозарған жүзінен қорғасын оқтай запыран боп құйынған жасын көрген Тәуке хан сүйекке сынық түскенін сезбеуші ме еді. Намысы қозған елдің атойлаған арысы оққа ұшып, доппен тозатынын пайымдамаса, қырық кісілік ақылы бар хан боп несіне қақырайтып телпек кисін.

Әрине, Тәуке хан тағына отыра салысымен далаға бейіш орнатып, халыққа ырыс жаудырып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалатқан деуден аулақпыз. Отыз жылдай өзді — өзі ырғасып, өзді — өзі сүзісіп, бір тізгіндегі бүтін билікті әр шылбырға бөліп, бөлшектеп ұстатқан дала тірлігі тайпа — тайпа боп топтанып, бірлігі ыдырап, таттанып кеткенін ескермейтініміз де бар. Тәуекел ханның тұсында екіленген жауын есінен тандырар, дүрілдеп тиген дұшпанын дірілдетіп қан сидірер құдіретті мемлекетке айналған Қазахия емес педі. Сол құдіретті мемлекетті одан сайын жұтынтып, көк семсерін жарқылдатқан, көк кіреуке сауыттарын сартылдатқан қалың қолдың сұсты сесімен есіктен есіріктеніп енген жауын қара жердің тесігіне енгізіп жіберетін Есім хан іргесі берік, іргелі мемлекетке айналдырмап па еді. Ал осы хандардың игілікті істерін одан әрі өрбіте жөнелген Салқам Жәңгір қосынын от қарумен жасақтауға барынша күш салғанын тарихтан білетініміз аян. Бірақ амал не, елінің іргесін нығайтып, ерінің қаруын бекемдей бастаған Салқам Жәңгірдің ғұмырының тез аяқталуынан қазақ даласына айбар беретін қазақ баласының қолындағы от қару одан әрі өрістемей қалған еді.

1653 жылы Ердене-Батыр хонтайшының көзі жұмылысымен-ақ, жоңғар хандығының шаңырағы шайқалып, уығы сықырлап, керегесінің сағанасы сынып, таққа таласқан ханзадалардың ырың-жырыңымен үлкен әлекке душар болғаны бар. Бауыры, басы қосылмаған ағайындардың араздығы қаһарлы мемлекетті көрінен айырып, құдіретті хандықты құнсыздандырып жібергенді. Жатса да, тұрса да қара сойылын қақыратып қазақ басына соғуды қасындағы ұлы түгіл қарындағы шаранасына дейін уағыздап отыратын ойраттың өзді — өздері қырқысып сала бермесі бар ма. Кер ауыз тайшылар керілдескенде, сары ауыз шеріктер арылдаспай қайтушы еді. Құдайдың құтты күні қанжар сілтемесе, Құдайдың құтты күні найза салмаса, қиқулаған қырылдақ үні өз көмейіне қылыш боп сұғынатын ойратқа алыстағы қазақтан гөрі жанындағы жақынын жәукемдеуден өтер дүбірлі дәурен бола қояр ма. Сол-ақ екен ағайынды тайпалар арасындағы тақ талас дүрілдеп ала жөнелсін. Ұйытқысы бір кеткен елдің іріген бірлігі ағаны ініге айдап салып, ініні ағаға қайрап салып, өліктен тау тұрғызып, қаннан өзен ағызбай қайтсін. Әркім-ақ өз аузын мықтап аларда төңірегін толтыруды, олқысын кеңейтуді, қарасын көбейтуді діттейтіні белгілі. Қақ жарылған төрт түмен ойрат кекірейген ханзадалардың ыңғайымен бет-бетімен кетеді ғой. Шалқақ бастың шатағы шалыс бастыратын қашанғы әдеті. Бақырын алтынға балатам деп тыраштанудың ақыры алтынын бақырға айналдырарын сезбей, бірінің желкесіне бірі көк сүңгіні бойлата қадаған соң, кешегі аспан астына тіреу болған хандық қабырғасы сөгіле қираған үйіндінің астына көміле бастап еді.

Алдымен ағаларын алқымынан сыққан Сенге жоңғар тағына кәдімгідей — ақ дүрдиіп отыруын отырып — ақ еді. Әкенің алтын тағына ашкөздене ұмтылған ағалары сол алтын таққа жамбасы жабысып туғандай — ақ көкірегіне нан пісіп, аузынан жалын атылып, мұрнынан маржан саулатқандай тәңірімсінген бауырдың қабырғасын қақыратып, бауырын суырып алып, сұғанақтаған неменің өкпесіне қосып, сұғанақ қаншықтың сүмпиген тұмсығының астына неге тастай салмасқа. Сол сүмпиген тұмсықтан сорғалаған қызыл қанға қызарған көздерді құшырлана қадап, құшыры қанған көңілінің аптығын неге баспасқа.

Сұғанақ тілек кеудеге тікен боп қадалса, тызылдаған жаныңа маза берер ме. Ызыңдаған беймаза жанкештілік қастасқан өштікті өшпенділікпен аяқтап тынып еді. Шера — Моудун қыстауында отырған Сенге хонтайшыға жәдігөйленіп "тату болайық, тәтті болайық, араз-құраздықтың пердесін сыпырып тастайық. Өкпені қара қазандай қылғанда өнер не бар. Өзгелер қырқысқанымызды қызықтап қана қоймай, өтімізді бетімізге шапшытып, одан сайын қыт-қыттайтынын неге ұмытамыз. Бір қаптан, бір саптан шыққанымыз рас болса, енді татулыққа ұйыйық, тәубаға келейік. Ендігі ел басшысы да өзің бола бер, Сенге. Сенің хонтайшылық пәрменіңе құдіретті дәрменіңнің жетеріне кәміл сендік. Ұшам десең, қанатың болуға дайынбыз. Қонам десең, құйрығың болуға құмбынмыз. Сенің қас-қабағыңа біз, аға — інілерің, қарасақ, біздің қас — қабағымызбен төрт түмен ойратың, бес хошун Халхаң құрдай жорғаламаса, қара да тұр. Ендігі күнде татулықтың, тәттіліктің белгісіндей алтын шараға қызыл қан құйып, қолымызды матырып ант етейік те, мұрнымызды мұрнымызға тигізіп, сенің шырылдаған шыбын жаның, менің шырылдаған шыбын жаныммен алмасты. Ендігі жерде сенің жаның менде, менің жүрегім сенде!" десіп, бір дененің тұтас басы болайық. Бір тұтас бастың алып денесі болайық!" депБатыр мен Цецен (Шешен) тайшы ағалары құрақ ұшпай ма. Құлашты алысқа созып, құрықты қиырға тастауға құмартып жүрген Сенге қошемет көрсетіп, қолын қусырған бауырларының сөзіне бауыры елжіреп құлап түспей қайтсін. Тұла бойларындағы бақастық дейтін қызулы қанның жойқын ағысын жуасытып, татулық дейтін мекерліктің мысығын мияулатқан ағаларына бұ да жайылып жастық, иіліп төсек болам деп жүріп, өз көкірегін қанды қанжардың суық төсіне төсеп бергенін біле алмай қалған ғой. Қарғыс қанжардың суық жүзінен сорғалаған ыстық қанды сумаңдаған тілімен түшіркене жалап-жалап алған Цзотьба-Батыр да, Шешен де көп ұзамай — ақ Сенгенің соңынан о дүниеге аттанып жүре берген-ді.

Тарыдай тасып, бидайдай бөрткен сол екеуді де, хандықтың екі шылбыр бір тізгініне жармасқан өзгелерін де Тибеттегі ламалық оқуынан ерте оралып, өршеленіп тиіскен Қасиетті Қалдан атанған Қалдан Башықты өмірем қамтырған еді. Ол ол ма уланған қаскөйлікті Қалдан хонтайшы өрекпіген қанының әр тамшысынан сорғалатып, тақ жолы мен бақ пердесін аршып тастау үшін еңкейген кәрінің ақселеу сақалын уыстап ұстап, омырауынан осып жіберіп, ләззат тапқан-ды. Шырылдаған нәрестені уыз іңгәсін көкірегіне кірш етіп қадалған сүңгісімен көмейінде көміп, іңкәрлікке бөленген — ді. Даласына ақ жауып, қаласын кебінге ораған әміршіден бұқпаған арат, ықпаған тайшы қалмап еді. Бауырмалдық жоғалған жерде қанішерлік қапталдаса өретіні ежелден белгілі. Алауыздықтың араласа кететіні ақиқат. Қанішерліктің қанына суарынған найзаның ұшы мен білектің күші ағайын арасына ала бүлік енгізіп, алауыздықты бастап бір берсінші, ағаны іні пышақтасын. Әкені бала бауыздасын. Ынтымағын өшіріп, өшпенділігін өршіт-кең Қалдан-Башықты төрт түмен ойратты тызылдатқаны аздай, енді азуды бес хошун Халқаға — манғұл жұртына салмақ болмай ма. Төрт түмен ойратын бір уысқа жинай алмай жүріп, бүкіл ойрат, мұқым маңғұл жұртшылығын Қытай құзырынан адақтап алып, бір хандыққа біріктіріп, бір қауызға сиғызам деп ал кеп жанталассын. Он жетінші ғасырдың сексенінші жылдарының аяғына таман Халқаға ендеп енген Қалдан-Башықты, ақыры Қытайдың Гоби құмынан да көп сан жүз мыңдаған әскеріне қарсы төтеп бере алмай, өзіне де, өгейлік көрсеткен өміріне де өкпе артқандай, қысас көрсеткен дүниенің өз басына жасаған қысастығына шыдамай, бұ дүниедегі су ішерлік ғұмырын у ішіп, сап тоқтатқан еді.

Бұл кезде төрт түмен ойратқа Қалданның немере інісі Сенгенің ұлы-Сыбан-Рабтан хонтайшы боп дүрілдеп шыға келген — ді.

Сонымен бір мың алты жүз елу үшінші жылы бақилыққа аттанған Ердене-Батырдан кейін өзді-өзі қырқысқан жоңғар ойраттары отыз жылдай уақыт ішінде қазақ даласының әдеттегідей шаңын бұрқыратпап еді. Отыз жыл қазақ-қалмақ қанжарласпап еді. Жебенің суылында құлақ күйі ойнайтын, қылыштың жарқылынан көзін суаратын қара тақым қазақ баласы табан серіппей оқжаудырып, ұңірейіп барып сүңгісінің ұңғысын көкжелкеден қадайтын қан-қасап, Қанды қырғын айқас-шайқастан қол үзіп қалған соң, құйымшағы өсіп, құты қашып, үй күшіктеніп қатын-баланың төңірегінен оза алмай қалған еді.

Сар жамбас боп жата берген қазаққа қайдан да болса жау табыла кететін әдеті ғой. Белдеуден ат кетсе, белден қару түссе, безеріп шыққан ұл бетіңнен алмас па, бедірейген қатының шаңырағына шаңқылын салмас па. Қотаныңнан сонсоң қойың ұрланып, қосыңнан үйірің жоғалып, шығасыға иесі басшы өзің боп шыға келмейсің бе.

Тәуекел дүрілдеткен, Есім хан бекемдеген, Жәңгір

хан іргесін бекіткен Қазақ хандығы дәл осы отыз жылдың ішінде дүрілдеген дүбірлі дүмінен айырылып, бекемдігінен ажырап, берік іргесіне сызат салғызып, бүтінді бөлшектетіп алған еді. Жәңгірден кейін Қазақ Ордасында отырған Бахадүр ханның білікті билігі жетпеді ме, әлде хан қолындағы тізгінге таласқан басқа сұлтандардың өктемдігі күшейді ме, не керек тұтас хандық сиырдың бүйрегіндей боп ыдырап сала бермеді ме. Кім көрінгеннің қолында кеткен тізгін бір қолға, Тәуке хан қолына тигенше қазақ арасында алауыздық деген күшіктеп өсіп, қырғи қабақтық дейтін кесел етек алып жүре бермеді ме. Жұрттың көксегені-ыдыраған бірлігі болса, аз да болса буына бөктіріп мәз еткен оңаша биліктің өктемдігі сұлтандарды одан сайын бөрліктіре түспеді ме. Күніне қырық құбылатын дала желі қырық сайдан шаң бұрқыратып, дауыл үйірсе, күніне қырық құбылатын төрелер тірлігі сол даланы дауылдан да бетер аласапыран халге душар еткен де ғой. Кешегі айбарынан баз кешкен, кешегі қаһарынан адасып қалған қара қазақтың тауы шағылып, еңсесі түспей қайтсін. Көкірегінен асыл ой қашып, сол қаусаған көкіректі құрсаулы күдік басқан соң ит сілікпесі шыққан қара бұқара ақырғанға қарап бас шұлғып, бақырғанға қарап иек қағып, шақырғанға ілесіп кете бермесін бе. Әлгі ілестірген төресі, соңынан шұбыртқан сұлтаны қиялап өрге шығара ма, шендестіріп төрге отырғыза ма, жоқ әлде көз көрім жерден адастырып, көкейдегі ниетті көздегі кекпен жоғалтып, қасиеттен бездіріп, тойымы жоқ құрдым көрге тығар ма — оны енді ажыратып та, пайымдап та жатқан қазақ бола қоймаған ғой. Шарасыздығын көріп кіжініп, ыза боп ішін уға жалатып, жаман шобырына ер салып, жалғыз түйесіне жаппасын артып, екі — үш жандығын бала-шағасының алдына салып беріп көше жөнелгенде, қаша жөнелгенде табары да, алары да сол өзгермес, айнымас, ауытқымас бір тірлік. Ондағы сұлтанынан мұндағы сұлтанының өзгешелігі атында ғана. Атағында ғана. Анау Үсіктің тұқымы болса, мынау Жәдіктің кіндігінен. Немесе анаусы Жәдіктің үрім-бұтағымын деп үзеңгі бауы тоғыз қабат тор-ғауыттай боп шіренсе, мынаусы Үсіктің әрі белімін,әрі төлімін деп шалқайғанда төбесімен кек тірердей көпірерін қайтерсің. Сынған сақты түзейтін білікті табылмаса, түскен еңсені көтерер билікті кездеспесе, ойраны шыққан орданы ойраттан да бұрын, жоңғардан да жылдам ыдыратқан төрелердің тірлігінен түңілген қазақ, "Әй, шіркін өзімізден, өз қарамыздан, өз арамыздан қамымызды жейтін, қамқорымыз болатын, әділім мен адалымды ғана бетке ұстайтын нығыз да нағыз азаматтарды қалқайтып отырғызып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарар ұйымшылдыққа неге ұйымаймыз? Сөйтсек қайтер еді?"деп әрі іштей армандап, әрі сол арманға түбінде бір жетерміз-ау деп әрі кіжініп, әрі құлшынып жүргенде әкенің алтын тағына Тәуке отыра қалмай ма. Әрине, Тәукеге мирас таққа отыра қалу оңайға түспегені де белгілі. Жан-жаққа тартып, жақ — жақ боп бөлінген сұлтандар оз алдарынан жылы-жұмсақтың жылжып жүре бергенін, әрине, қаламайды. Бірақ олардың қаламағанына олардан күдерін әбден үзген қара халықтың белсенді билері, көргенді көсемдері, майталман шешендері, азулы ақын — жыраулары, білекті батыр, бағландары көне қойсын ба. Көнбегендіктен де, көп тізгінді бір — ақ жұлқып босатып алып, бір ғана қолға, мықты болар-ау деп сенген Тәукенің қолына ширатып ұстатқан еді. Содан соң жасы қырыққа толған, көргені мен тергені мол, оқығаны мен тоқығаны толық, кемел ойды кемеңгерлікке қарай сүйреген жас хан аз бен көпті теңгеруді, озық пен тозықтың алшақтығын меңгеруді; адам мен адамды атыстырмай, халық пен халықты табыстырудың сүрлеу — соқпағын суыртпақтап бастап, түптің түбінде даңғыл жолдың күре табанына әкеп тіреудің қамына қабағат кірісіп кеткен еді. Іргелі ел болу үшін, әрине, ең алдымен темірдей тәртіп орнатудың қажеттігін бір кісідей білген Тәуке, өзгенің ісінен, көршілердің тәжірибесінен көп нәрсені, көп үлгі, өнегені барынша қамтып қалуға да тырысып баққан-ды. Әрине, іргелі елдің берік қорғаны мен мықты қалқаны — дулығасын жарқыратып, көп сауытын сыңғырлатып, найзасының желегін желкілдетіп, ә десе, мә деп ақыра шығатын әскер жасақтаудың қажеттігін де өзгеден бұрын ұқпаса несіне хан атансын. Сол бір кіндікке байланған мәмлакаттың алыс көршісін жақындатуға, жақын қоңсысын табыстыруға ебін тауып, себін тигізетін жорғалатып сөйлей алатын, майдалатып жеткізе алатын, көмекейі бүлкілдегенде көсем көңілдің сәулесі төгілетін мәмілегерлерді төңірегіне топтастыруды ең алғашқы міндеттердің біріндей көрген де еді. Оның үстіне талай елшілікке дәм айдап барып, талай айтыс-тартыстың додасына түскен Тәуке қайраткер десе қайраткерліктің үлгісін көрсете алар өмір мектебінің сан қысталаңынан қысылмай абыроймен өткен майталман да еді. Ұлттық дәстүрі қалыптасқан, сәл-сәл түзетіп, өзгерістер енгізіп жіберсе бір ыңғайға келіп қалған белгілі заң жүйесі бар, бірлікке ұюға бүкіл қауымымен дайын тұрған берекелі жұртшылыққа ақ киізге көтеріліп, ақ тілекпен хан сайланған Тәуке көп ырғатылып-жырғатылмай — ақ сұлтандар іріткуінен шыраған алты алашының басын қосуға жанталаса кірісіп кетті. Әрине, бейбіт күннің өзінде — ақ, іргеден шаң суырған шапқын — шылықсыз-ақ дұрыс та әділ билік болмаған жерде айдыны асып, байлығы тасыған, шалқып дәурен сүріп, толқып қызық көрген елдің оп — оңай азып — тозуы, теп — тез кедейшілік кебенегін киюі, қайыршылықтың азабын тартып, кіріптарлықтың мазағына шалынуы тарихтың әр кезеңінде әр халықтың басына айналып соғып отырғаны өтірік емес. Сол он жетінші ғасырдың екінші жартысында басталып, тура отыз жыл бейбіт тірлік кешкен Қазақ Ордасының сол тыныш кезенді барынша пайдаланып құдіретін бұрынғыдан да асырып, қуатын еселеп өсірудің орнына, жарты жалғанды жайлаған алаш жұртын айтақырға отырғызып, мүдделі мұратына жеткізудің орнына сүбелі сыбағасынан айырып тастаған тойымсыз билеушілер мен илеушілердің шалдуарлығын қай үрдіспен ақтай алар едік. Әйтеуір тарихтың айналып соққыш, қайталанып отырғыш сол тәлкек көрінісі халқымыздың басына қайта оралмасын, оралған күнде де тез сейіліп, өзінің Тәуке сынды көреген де кемел, "арым — алашым! қаным-қазағым!" дегіш ұлтжанды басшысын, ұлтжанды тірегін тез тапсын деп тілек білдіргеннен басқа не айтармыз.

Ал Тәуке хан болса телпегін киіп, Түркістандағы ақ сарайдың қақ төріндегі алтын таққа отырысымен — ақ іргеден дүбір келмеуін, іргеден дүбір озбауын бес уақыт намазынан да ауыр парызына айналдырып алған еді. Ол үшін ең алдымен аранын апандай ашып, ол шеті мен бұл шетіне ұшқан құстың қанаты талып әзер жететін, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұшы — қиырсыз даласын қарпып қалуға жанталаса ұмтылып келе жатқан теріскейдегі азулы көршісі — Ресей патшалығымен екі арадағы қарым — қатынастың ыңғайлы болып қалыптасуына айрықша көңіл бөлген — ді. Көн шоқайы көтіне қатқан көшпелі жұртты көзге ілмейміз деп орыс патшаларының бірінен соң бірінің талай рет ауыздары күйсе де, осы Орталық Азияны тау суындай ақтарылып, тарыдай шашылып жүрін — ақ, жамбасына желімдеп басқан "жабайы" халықты, "бүлікші", "қарақшы" халықты, "орғанын тойғанына, тойғанын толғанына санап жүретін жетесіз номадты" желкелеп жапырып, жалпақ даланың бір пұшпағына ғана айдап тастап, талыстай Азияның ұлы қақпа, үлкен дарбазасы-Орталық Азиядағы қазақтың улан даласын бауырға неге баспасқа деген сілекей шұбыртқан қомағай құмарлық жайқын сахараға жетудің, өтудің сан сапалақ амалдары мен айлаларын қарастыртпады ма. Қаһарлы Иванның тұсында түстігіне де, теріскейіне де, батысына да, шығысына да сұғына кіріп, шекарасын шірене итеріп шарықтатып өсірген Ресей күні кеше Қазан хандығының аты естілсе ғана сақалды мұжығының шөлмек көзі жасаурай түсіп, қалшылдай жөнелетінін мүлде ұмыттырып, сол құдіретті Қазанның аяғын аспаннан келтіріп, омыртқасын опыра, бауырына басып ала қоймап па еді. Ол ол ма, осынау кеудемсоқ қарқынынан бір жазбастан, қолын ұстамақ түгіл етегіне маңдайын тигізіп қана, етігін тілімен жалайтын Ноғайлының ордасы Әжтархан хандығының қабырғасын күйретіп, шаңырағын ортасына түсіргеннен кейін жолын бөгер, қолын қағар, қарсысына келер жау бөрік киген жаужүрек ел табылмастай сезініп, тіпті екі иығын жұлып жеп, жаһангерлік өлермендіктің құйынын бұрқыратқан еді. Ендігі бір арман, бір мақсат-оңтүстік бағдарына созыла ұмтылып, сонау байлық пен молшылықтың көзіндей, көзіндей емес — ау,тұп — тура өзіндей парсы, ауған жеріне, одан әрі құлашты кең сілтеп, қиялды қырық құбылтқан, жүректі мың дірілдеткен, жеңсікті сан түрткілеген Үндістанға бір — ақ жетіп, күнгей мұхитқа орыс солдатының етігін жуғызса, сөйтіп түстік іргесін сол күнгей мұхитқа тіреп тастаса, патшалықтың айбыны асар ма еді аспас па еді. Құдіреті тасар ма, таспас па еді.

Асқанда қандай. Тасқанда қандай. Ол үшін ең алдымен анау екі ортада далиып жатқан қазақ даласын орыс баласына әперіп, орманын отап үй салып, тасын қопарып қамал салып, өзендерінің саласына, көлдерінің жағасына орыс қаласын орнату қажет. Берсе қолынан, бермесе жолынан. Сол қаһарлы Төртінші Иванның кезінен басталған осы бір көз аларта қызығушылық содан әрі үдеп, жылдан жылға озып, ғасырлап тереңдеп, бірде үркітіп айдап, бірде айлашарғымен байлап, бірде мәмілегерлікпен жайғап, қазақ жеріне шет пұшпақтап ендеп еніп, ойын да өктемдете жеткізіп, бойын да биіктете көрсетіп, түптің түбінде қылтанына да қақалмай, жұтып жіберетінін сездіріп жатқанды. Өкпесін соққан теріскей көршінің өктемдігіне малма тымақ қазақ тұяқ серіппей көне қойды деуге, әрине, ауыз бармайды. Ақназар ханның тұсында қазақ аты естілгенде, мұжығы қан сиіп, көпесі қарадай қалшылдайтын Ресей, Ақназар өлгеннен кейін тәуекел деп тас жұтып, арыстандай айбатты елдің талыстай даласына ағаштың қабығынан, шіліктің өскінінен тоқыған шабатасының табанының мөрін қалдыра тап бермей ме. Шабаталы мұжықтың тап берген тәуекелін Тәуекел хан бастаған сайдың тасындай жүз мың сарбаз тас — талқан етіп, ақ селеу бастың талайын ақ селеулі даласында көмусіз қалдырып, шөлмек көздің талайын шөлмек аспанға жылусыз, жалынсыз ашық телміртіп, сусыған құмымен, дуылдаған қанның қайсар кегімен көмбей ме. Бірақ өлместі құдай жаратқан ба, мұжық өлсе, күйелеш төбелі тар лашықта сол мұжықтың үйелмендей-сүйелмендей сегіз — тоғыз көген көздері үрерге иті, сығарға биті болмай, пеш үстіндегі жұмақ төріңдей жалғыз орынға жапырласа таласып, ағасы інісіп жәукемдеп, інісі қарындасын бақыртып, жалаңаш ақ балтырын тыр-тыр қасынған жуан қарын шешесін тірідей жеп жіберердей үңірейген көмейдің, аш құрсақтың зарын гөйгөйлеп жатқан жоқ па.

Ендеше бір мұжық өлсе, сол мұжықтың кегін қуар, есесін алып, орыс боярының, орыс патшалығының есебін толтырар анау үңіреңдеген сабан шаш ұлдардың екеуін, қажет десе үшеу-төртеуін қосақтап ал да, қасарысқан қазақ даласына, қарғыс даласына қарғыбаулап қосып кеп қал. Тастан құм көп. Қазақтан орыс көп. Қашанғы олар қыра берер. Қашанғы бұлар қуыла берер. Өлігімен — ақ өзегін талдырып жүріп, далалықтардың өзеніне де жетер. Өзен бойлап, өзен жайлап бекініс пен қамалдары озар. Осы озбыр ой, өктем тілек, өктем саясат әлемді қайта кесіп — пішу жолына түскен Англия сияқты Ресейді де құтырынтып ала жөнелген еді. Сондықтан да өзі хандық құрған жылдары орыс патшалығына "достықта болайық, бейбіт тұрмыстың құлаққа жайлы күйін сіздердің , біздің домбырамыз күмбір-летсін. Түсініскен көңілдердің табары көп болмақ, ұғынысқан жүректердің алары мол болмақ. Құшақ құшаққа достықтың ақ пейілімен ашынсын. Құшқан құшақта дос пейілі тұншығып өлмесін. Жер үсті кең, келісім бар жерде кергілесу бола қоймас. Аспан асты жетерлік. Ақылды ашуға жеңгізбесек, араздықтың алдын алармыз. Алқынған өкпенің, жұлқынған жүректің өрекпіп қабынуын басуға тырысайық. Өлім зарынан өмір жырының әуені құлаққа жағымды, жанға жұғымды болатынын баламыздың баласына уағыздап өтейік" дейтін тәрізді тілектерімен Тәуке хан бірнеше мәрте елшілерін жұмсаған еді. "Ел арасын елшілік бітімдейді, жаушылық бұзады. Бітім бар жерде бүтін бұзылмайды. Байланыс үзілмейді. Соны мықтап ескеріңдер. Орыс елімен тең тұрып, тең тұтып сөйле-сіңдер. Іріленсе, қорғаламаңдар. Дүрілдесе, жорғаламаңдар. Қазақ Ордасы басқаның оңай өңгеріп кете қоятын олжасы емес. Қазақ Ордасы Ресей пат-шалығымен терезесі тең, керегесі кең мәмлакат" деп елшілерін қайрап, пысықтап шығарып салатын хан сол орыстардың талай рет елшілерін де ақ сарайында қабылдаған еді. Бірақ қара санын қаптап саптама етік киген, қасқыр ішік жамылған, құйрық-жалын шарт түйген қаз мойын ат мінген, сол түздік елшілерге қара шекпенділердің шекесінен қарағанын, шекарасынан өткізгенімен шеніне жеткізбегенін Бірінші Петрдің тұсында есін жинап, етегін жаба бастаған өзімшіл кердендігінің алғашқы есекмасы тірлігінің көрінісі деп сипай қамшылап кетуге де болар еді. Ал шындап, терең бойлап ойласаң, өз бойының қотырын елемей, өзге жұрттың теміреткісінен тұмсығының астына күйек байлағандай етіп ұйысқан сап — сары түктен мұрт жапсырған мұрнын жиіркене ала қашып, осқырынып тұратын кеудемсоқ шовинистік астамшылығынан тану дұрыс сияқты — ау. Сол астамшылық көкірегін ыластап кернеген патша сарайы қазақ елшілерін алтын шатырлы Мәскеуіне де, кейінгі Солтүстік Пальмирасы атанған Петербургіне де жолатпастан, бұрынғы қазақ жұртының қазық қағып малын байлаған, керегесін жайып, жайлауын жайлаған самырсынды сары бауыр Сібірін сіңіріп алып, тобылғылы Тобылының жағасына Тобыл атты қамал тұрғызып, сол қамалдан әрі қадам бастырмай қойған еді. Ол аздай — ақ іргелі елдің сөзін ұстап, көзі боп келген қабырғалы елшілерін көрінеу көзге түрткі қылып, тұтқын ғып қамап, тақымдап қысып, азап пен мазаққа жанын шыжғырған да сол қара шекпендер еді ғой. Елдестірем деп барған елшіні қара пышақ жаныған қарақшыдай ғып қарақтаған бірден бір ел — орыс патшалығы болғанын бүгінде біреу білер, біреу білмес. Солай десек те өз айтқанын өткізуге келгенде, өз кердеңдігін арттыруға келгенде, өз содырлығын өзгеге таңуға келгенде патшалық Ресейдің де, кеңестік Ресейдің де, тікбақай шенеуніктеріне тең келер дипломаттарды қолыңа қырық шырақ алып іздесең де, әй, таба қоймассың.

Тәуке ханның елшілерін тұтқындап, елшілігін мазақтап, елшісін жазалап қана қоймай абақтысында шірітіп өлтірген патшалықтың келте ой, қысқа ақыл, қысас жауабына сондай жауап жасауға өрелі ханның өнегесі жібермеп еді. Тарыққанды қорыққан көретін, түңілгенді үрейленген санайтын патшалық сарай төңірегі одан сайын өршеленіп, айылын бір жимап еді. Қазақ пен ойраттың далада құйындатқан лаңына жел үрлеп, от қойып, өрт тастап, ал кеп ушықтырсын. Саған да болысамын, саған да көмектесемін дейтін жымысқы уәдені ауыздығын тістеген көшпелі елдің екі жағына бірдей үйіп-төксін. Итжығыс түсіп, бірде жығып, бірде жығылып жататын ойрат та, бірде желкесінен алып, бірде жотасымен жерде қалып жататын қазақ та ұрыс даласына айналып, майдан шебіне өткен Арқаның құба жонынан көшін аулақтатып әкетіп, қонысын жырақта қондырып, қызыл қарын жас баланың қамын күйттеген сақтықпен Ертіс бойынан аунап кеткен еді. Дәл соны баққан, айлалы арамдықпен баққан орыс патшалығы балапан басына, тұрымтай тұсына дегізіп ойрат пен қазақты ұзатып алған бойда — ақ дүркірей лап қойып, орыс — қазағын тездетіп жауып жіберіп, қазақ жайлауының ең бір шұрайлы мекенін — Ертіс бойын иемденіп ала қойған еді. Сөйтіп Қазақ Ордасының қасиетті жерінің топырағын отаршыл озбыр ойымен де, шабата — шәркейінің кір — қожалақ сойымен де сыналап еніп, ластап үлгерген еді.

Көпке топырақ шаша алсын ба, амалы құрыған Тәуке бармағын тістеп, енді өз мәмлакатының іргесін бекемдеп, тұғырын биіктетіп, темір тәртібін нығайтуға мықтап кірісіп кетеді. Қазақ Ордасы бір темір қазыққа бекем байланып, тұтас тұрғанда оған тікелей тиісіп, жаулап алам деудің орманнан өрген орысқа да, жапан түзден жалпылдап жететін жоңғарға да, жаяу — жалпы шұбырсам, шаңыма тұншығарсың дейтін шүршітке де оңай шағыла қояр жаңғақ емес екенін кейіннен Әз Тәуке аталған сол ұлы қазақ талай мәрте дәлелдеген де еді. Тұтасып келіп, бетпе-бет тұрып майдан ашуға батылы бармайтын ашқарақ та сасқалақ Ресей, бұт арасынан бұлтарып өтетін әдетіне басып, бірде біріксе, бірде бірікпейтін алашты бөліп алып, бөлшектеп жұтудың жәді той жолына түскенін көрген саясаткер алып тұлға Тәуке: "Сонау түріктің сұлтанынан, анау қызылбастың шахынан менің қай жерім кем? Артық болмасам, ешбір кемдігім жоқ!" — деп патша елшілеріне орыстар ұстанған саясаттың жымысқылығын бетіне басып, зорлыққа зорлық жасар, қысасқа қысас қайтарар табандылығын, қайтпас қайсарлығын шегелеп отырып жеткізген еді.

Әз Тәукенің хандық құрған кезеңінің — он жетінші ғасырдың соңы мен он сегізінші ғасырдың басындағы қазақ халқының аса бір қилы дәуірі, дүрбелең шытырман оқиғалармен тікелей байланыста болғанына тарихымыздың өзі куә. Ханның алдын ала болжағыштығы мен көрегендігі Қазақ Ордасына жан-жақтан төнер қауіп-қатердің алдын алғызып, қазақ жұртына төне бастаған зобалаңның қара бұлты мен қалың түтінін бұрып жібертіп отырғанына да тарихымыз куәлік бере алады.

Елінің тыныштығы мен бейбіт тірлігі жолында жарғақ құлағы жастыққа тимеген Әз Тәукені сыртқы басқыншылардан да гөрі әсіресе ішкі алауыздық қатты қобалжытқан ғой. Содан да болар екі кісінің басын біріктірмес араздық, екі анадан өрбіген рулардың іштей арбасып, сырттай өштесуі, ағайынды аяқтан шалып, бақталасты бақаннан аттатпай, күншілдіктің күлін бұрқыратып, бақастықтың шоғын тастап, дүрілдеген өртін тұтатып, үй арасының кішкентай кикілжіңінен үлкен жанжалды қоюлататын тірлік ханды қатты алаң-датып еді. Осындай әрекеттердің кесірінен барымтаны балалатып өсіріп, қарымталас сырымтаны күшіктетіп қаптататын сұмдық сойқандарды барынша азайтып, тыя алса мүлде тежеп, өшіріп тастау үшін қазақ даласының ереже қағидаларының үлгілі нұсқасы, халықтың ежелден келе жатқан тәртіп — низамының, салт — дәстүрінің әсем жиынтығы-"Жеті жарғыны" дүниеге әкелтіп еді. Сол Тәукенің "Жеті жарғысы" қазақ қоғамына біртұтастық берген еді. Сол ереже — тәртіпті дүниеге әкелуге атсалысқан Төле бидің "Жеті жарғысы" қазақ арасына ынтымақтық та әкеліп еді. Сол Қаз дауысты Қазыбек бидің қатысуымен түзілген "Жеті жарғы" ауыл — үйдің берекесін қашырып, ауыл — аймақты талас-тартысқа салатын ырың — жырыңнан тазартып, ел — жұртты бірлікке, татулыққа үндеп еді. Сол Әйтеке бидің кеңесімен өмірге оралған "Жеті жарғы" қазақ баласын, алаш арысын күншілдік, бақталастық, қызғаншақтықтың күйдіргі дертінен айықтырып, қара бұқараны шаруаға құлшындырып,жас өркенді еңбекке баулып, қалың жұртшылықты қарекет-тірлікке икемдеп те еді. Әр сұлтанның илеуі мен билеуінде шөре — шөре боп бытырап жүрген елдің басы қайта қосылып, ерегісте ығыры шыққан ерлердің қосы қайта көркейіп, ел жасы жақсы азамат атанып, тентек ұлдан текті ұлан өсіп, ұлыс ұлғайып, ұлт қадірленіп, қайрат қуатына қайта жеткен халық өзінің биік қасиетін таба бастап та еді.

Әрине бұрынғы іргелі ел, қабырғалы мемлекет дейтін атышулы атағына Қазақ Ордасы бірден келе қойған жоқ еді. Сол үлкен бірлікке жету үшін Тәуке үлкен тәуекелге баруға бел байлаған болатын. Бахадур хандық құрған кезде Жәнібектен тараған сұлтандар ата-бабаның алтын тақ, алтын тәжін өз тақымы мен өз бастарында көру үшін қиялын ғана құртқа шаптырмай, құрығын құлаштай сілтеп, қылқұйрықты қуалап үйіріп,