Нұр-Сұлтан немесе Алматы қаласында әлемдік деңгейдегі дарынды балаларға арналған орталық ашу жоспарланып жатыр. Бұл туралы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әнуар Ұнайбеков мәлім етті.
«Ғылыми-зерттеу бағытты дамыту шеңберінде біз дарынды оқушыларға арналған білім беру бағдарламасын әзірлейміз. Аталған бағдарламаны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін әлемдегі дарынды балалармен жұмыс істейтін ең ірі орталықтардың бірі Johns Hopkins ұйымымен меморандум жасауды жоспарлап отырмыз. Алдарыңыздағы слайдтан бірнеше танымал тұлғаларды көріп отырсыздар. Олар Johns Hopkins орталығының түлектері», - деді Әнуар Ұнайбеков ҚР Оқу-ағарту министрлігінің аппарат жиналысында.
Оның айтуынша, әлемде 13 «Johns Hopkins» дарынды балалар орталығы жұмыс істейді. Оның оны АҚШ-та, ал үшеуі Гонконг, Ирландия және Грецияда.
«Жақын арада Нұр-Сұлтан немесе Алматы қаласында 14-ші орталық ашу туралы бастама көтеруді жоспарлап отырмыз», - дейді ол.
Сондай-ақ, «Дарын» орталығының басшысы келесі жылы халықаралық олимпиадаларға қатысу сапасын жақсарта түсу міндетінің тұрғанын айтты.
«Биыл тамызда біз әлемдегі ең беделді олимпиадаларға қатысу кезеңін аяқтадық. Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен еліміздің құрама командасы 7 халықаралық олимпиадаға қатысты. Оның нәтижесінде дарынды балаларымыз 3 алтын, 15 күміс және 9 қола медаль жеңіп алды. Барлығы 27 жүлде. Бұл жетістік Қазақстан Республикасы тарихындағы абсолюттік рекорд», - деді Ә. Ұнайбеков.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі