Өлең, жыр, ақындар

Оқытудағы білім мен тәжірибенің ұштасуы

Ақсұңқар Ақынбаба, педагог

Білім беру жүйесі үнемі жаңарып, жаңғырып, үздіксіз ілгерілеп отыруы шартты. Әсіресе, қазіргідей ақпараттық–технологиялық ғасырда.

Қазіргі әлем жаппай өзгеру үстінде және өте шапшаң жылдамдықпен дамуда. Қазақ баласының білімі ең әуелі өзіміз өмір сүріп отырған осы бір жоғарғы жылдамдықпен даму үстіндегі жаңа әлемде өз орнын лайықты тауып, мемлекетке, қоғамға лайықты үлесін қосуға дайын тұлға болып қалыптасуы үшін керек.

Осы тұрғыда оқыту процесіндегі ең басты қажеттіліктердің бірі алған білімді тәжірибе жүзінде қолдану және жүзеге асыра  білу.

Егер теориялық білім мен конспектілік жазба айтылған, жазылған күйінде қалса, онда алған білімнің  қоғамға да, өмірге де қажеттілігі шамалы.

Білім алушы аудиторияда айтылған ақпараттың 30 пайызын ғана алады және ол белгілі бір уақытқа дейін ғана санада сақталады. Сондықтан, оқытушы оқыту барысында сабақ тақырыбын күнделікті өмірмен, тарихпен, қоғаммен, материалдық – заттық тұрғыда байланыстыра отырып жеткізгенде ақпарат санада қорытылып, ұзақ уақытқа дейін сақталады, тәжірибе жүзінде нәтижесін көрсетеді.

Педагогикадағы прагматикалық тәсіл Еуропа елдеріндегі білім жүйесінің бұрыннан бөлінбес бір бөлшегі болып келеді. Бәлкім, сондықтан да, оқытудағы озық тәжірибелердің көбі батыс елдерінен бастау алатыны.

Өмірде қолданысқа айналмаған білім құрғақ, уақытша білім деп ойлаймын.

Ал, біздер білімді қоғамда, өмір сүру процесінде  қолдану үшін алмаймыз ба? Оқушылардың алған білімдерін жай ғана  теориялық меңгермей, оны қолдана білуді  (ЭЫДҰ) бізден бүгінгі әлемдік білім мен ғылым кеңістігі талап етіп отыр.

ХХІ ғасырдағы оқыту моделі үшін бұл басты құндылық.  “Педагогикалық технология" термині тек термин түрінде ғана қалмай, В.Беспалько  айтқандай: "Педагогикалық технология" тәжірибеде жүзеге асырылатын белгілі бір педагогикалық жүйенің жобасы, ал педагогикалық жағдайларға сай қолданылатын әдіс, тәсілдер – оның құрамды бөлігі" ретінде өмір сүруі тиіс.

Сонымен, осы айтылғандарды негізге ала отырып, бүгінгі күн үшін оқытудағы қандай жаңа әдіс-тәсілдер тиімді деген сұраққа жауап іздеп көрсек.

Жалпы, білім алушылар қандай да бір жаңа тақырыпты игеру үшін олардың бойында біріншіден, құлшыныс оянуы керек. Шебер, кәсіби педагог жаңа тақырыпты оқыту процесінің ұйымдастыру кезеңінде ең әуелі осы шарттылықты сезіне білуі және жүзеге асыра білуі шарт. Сабақ тақырыбына деген қызығушылықты қалай оятамыз? 

Жаңа сабақты өту процесінде оқытушы мен білім алушы бірлесіп жұмыс істеу (топтық, кері байланыс), үнемі процестің ішінде болу сабақтың сапалы да қызықты өтуін қамтамасыз етеді. 

Әдіскер С.Көшімбетованың зерттеуінде оқу-тәрбие үрдісінде оқытудың мазмұнын пәнаралық байланыс тұрғысынан ұйымдастыруды, қоғам мен табиғат заңдылықтарын кіріктіру негізінде меңгеруді басшылыққа алып оқытуды ұсынады. 

Білімнің тәжірибемен ұштасуы тұрғысында озық тәсілдердің бірі болып есептелетін  иллюстрациялы түсіндірмелі оқытудың да мақсаты  “адам-қоғам-табиғат” өзара үйлесімдік бағыттағы дүниетанымның оқушылардың тұлғасымен  біте қайнасып қалыптасуына көмектеседі.

"Тыңдалым", "Оқылым", "Көрілім" осы үш элемент те бір сабақтың үдерісінде толықтай көрініс тапқанда тақырып толық ашылып, оқушының жадында нақты сақталып, тәжірибемен ұласады. Бұл ретте, тірек-сызбалар, аудио-визуалды көрсетілімдер, видеороликтер оқушылардың бірыңғай мұғалімнің жай сөзбен түсіндіруінен жалықпай, сабақты соңына дейін қызыға отырып, оқуына ықпал етпек. 

Оқушылар оқу үдерісіне құлшынысы ашылғанда өздіктерінен сабаққа қызу араласу процесі жүреді. Мұндайда, мұғалімнің оқушы мен арасындағы байланыс жеңіл әрі тиімді болады, ал, егер, сабақ жоспары тек көрсету үшін, құжат түрінде жасалып, сабақ процесінде сабақ жоспары мен мұғалімнің оқыту процесі екі жақта қалса, тіпті, дарынды деген шығармашылық зор қабілетті оқушының өзінің пәнге деген қызығушылығы артпайды, керісінше оқушылардың обалына қалатын жағдайға ұшыратуы мүмкін. 

Мысалы, "Қазақ әдебиеті" пәні бойынша белгілі бір жазушының шығармасын тек оқуға немесе дәптерге көшіріп жазуға  беріп қойып, сосын, шығарма туралы сұрақ қойып қарап отыру оқушылардың обалына ғана қалу емес, өзара проблемалық қарым-қатынасқа, білімге құрметпен қарамайтын, бағаламайтын тұлғаның қалыптасуына соқтыруы мүмкін. 

Ал, керісінше оқулықта шығармасы берілген бір ақынның бір өлеңінің өзінің айналасында қаншама қызғылықты тәсілдерді қолданып, оқушылар сол шығарма арқылы өздерінің ішкі әлемдерінде тарихқа, оқиғаларға, әртүрлі эмоцияларға саяхат жасап қайтатындай, арасында концерт көріп отырғандай әсерде, сабақтың қалай аяқталғанын аңғармай қалатындай деңгейде өтсе әлгі қызықсыз, немқұрайды өткен сабақ пен арасы жер мен көктей емес пе?

Осы ретте, мен бүкіл өмірін қазақ баласын оқытуға, педагогикаға арнаған

"Оқу-ағарту саласының үздігі" Ақынбаба Үсенұлының "Қазақ әдебиеті" пәнін оқытудағы "Лекция-концерт" тәсілін  атап өткім келеді. Бұл тәсіл бойынша мысалға, Абайдың, Махамбеттің шығармашылығынан сабақ өткенде Абайдың "Қараңғы түнде тау қалғып", "Сегіз аяқ" секілді өлеңдері, Махамбеттің "Мен, мен едім, мен едім" толғауы оқушылардың алдында сол ғасырдан сөйлеп тұрғандай әсер қалдыратындай мұғалімнің шеберлігімен астасқан көрнекілік құралдарды қолдану, өлеңді керемет әртістік қабілетпен мәнерлеп оқу, біресе ән түрінде орындап беру, біресе кейіпкерлердің адамгершілік, ерлік портреттерін магнитофонға жазылған радиохабар форматындағы үнтаспадан тыңдату секілді тақырыпты жан-жақты шығармашылық талдау білім алушылардың санасында берік орнығатыны, сол арқылы пәнге деген қызығушылық, құрмет, адамның өз ұлтын, мәдениетін сүйетін тұлға ретінде қалыптасуына керемет әсер ететіні сөзсіз. 

Жалпы, шығармашылық пәндерді оқытуда мұғалімнің жеке тұлғалық болмысы, таланты, қабілеті де ерекше орын алатыны хақ.

Әрине, осындай тәсілдерді "сабақты түрлендіріп өткізу" әдісі дейміз және педагогикадағы бұл тәсіл жоғарыдай атап өткенімдей  дарынды оқытушылардың тәжірибесі арқылы қазақ педагогикасына енген бұрыннан бар дәстүр екеніне дәлел. 

Сондай-ақ, жаңадан, жас қалыптасып келе жатқан тұлға қашанда өз ойын, пікірін, алған білімін дәлелдеуге, жеткізуге құмар болып келетіні    табиғи құбылыс емес пе? Сондықтан, мен өз тарапымнан білім мен тәжірибені ұштастыруда қазіргі педагогикаға "Мұғалім-Оқушы" тәсілін ұсынамын.

Бұл тәсіл тек жоғарғы сыныптарда қолданылады, сабақта оқушылар тек оқушы ғана емес, мұғалімнің де рөлін атқару арқылы білім алушылардың пәнге деген жауапкершілігі артуда, өз бетінше ізденуге, өз білімін көпшіліктің алдында дәлелдеуге, ой-пікірін еркін жеткізіп, сөйлеу дағыларын қалыптастыруда, ақыл-ой, шығармашылық  белсенділіктерін, жеке тұлғалық қабілеттерін арттыруда зор үлес қосуы тиіс.   

Тағы бір қызықты тәсіл "Сын тұрғысынан ойлау" әдісі олардың шығармашылық қабілеттерінің ашылуына, оны дамытып, болашақта қолдана білетін жетілген тұлға ретінде қалыптасуына жетелейді. 

Сапалы әрі қызықты өткен сабақ тек мектеп партасында қалып қоймай, қалыптасу үстіндегі тұлғаның болмысымен де  бірге өмір сүретіні хақ.

Бұл бүгінгі күннің білім берудегі инновациялардың бұлжымас бір шарты.

Және оқушылармен тиімді кері байланыс орнату, оқыту мен бағалау нәтижелері арасында байланыс орнатудың оқушылардың бірлесе жұмыс істеу барысында сабақтарына деген ынтасын, ойлау, өз ойын жеткізу, сөйлеу дағдыларын дамытуда өзіндік рөлі бар.    

"Өз жұмысын өзі бағалау", "Өзара бағалау" да қызғылықты тәсілдердің бірі, себебі, бұл білім алушылардың өз еңбегінің бағалануында  әділетсіздікті сезінбеуіне, жалпы, білімді бағалаудағы шынайылықты, сонымен қоса жауапкершілікті де көрсетеді.      

Қазіргі әлемдік үрдіс білім алушының мектеп қабырғасынан алған білімін іс жүзінде меңгерген, тәжірибелік қабілетімен құзыреттілікке дайын болып шығуын талап етеді.

Қорыта келгенде, О.Бальзактың “Ұдайы еңбек ету - өнердің де, өмірдің де заңы” - дегеніндей, білім мектеп қабырғасында қалып қалмай, өмірден, қоғамнан, жеке тұлғаның болмысынан, еңбек процестерінен ұдайы орын алуға, ал, бұл тұрғыда мұғалімнің үнемі іздегіс үстінде болуына міндеттейді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз