Өлең, жыр, ақындар

Төртінші биліктің бүгіні мен ертеңі

Журналистика ел арасында «төртінші билік» аталып жүргеніне 2 ғасырға жуық уақыт өтті. Халық қазақ журналистикасы бүгінгі таңда осы атқа сай жұмыс жасап жатқанына күмәнмен қарап жатады. Алайда, бұл қате түсініктен туындаған пікір. Себебі, журналистиканың басшылыққа еш қатысы жоқ. Ол заң қабылдамайды, мемлекет үшін шешім шығармайды. Осы тұста, «төртінші билік» деген ұғым журналистердің мәртебесін көтеру мақсатында ойлап табылғанын ескеру керек.

Билікке араласпаса да, бүгінгі журналистика қоғамдық сананың дамуына зор үлес қосып жатыр. БАҚ-тың арқасында адамдардың әлемге көзқарасы өзгерді. Көптеген артта қалған мемлекет ақпарат құралдарының көмегімен социал-демократиялық идеологияға жетті. Еркіндік пен теңдікке жол ашты. Әлемдегі соңғы жаңалықтар, мәдениет, экономика, елдің ішкі және сыртқы саясатында қандай өзгерістер болып жатыр – осының бәрімен аудиторияны хабардар ететін журналистика. Сондықтан, БАҚ заман талабына қарай өзгеріп отыруы керек. Мысалы, қазіргі таңда аудиторияның газетке қызығушылығы аз. Теледидардың рейтингі де күннен-күнге төмендеп барады. Көп жағдайда, оқырман жаңалықты сайттан немесе Instagram, Facebook секілді әлеуметтік желіден оқиды. Осыған байланысты медиа саласы өз бағытын интернетке бұрып жатыр.

Ел ішінде блогер саны артқан сайын, аудиторияның бар назары соларға ауған. Бәсекелестіктің әсерінен, қазақ медиасы әлеуметтік желіге сапалы контент жасауға бейімделді. Осылайша, ақпарат бірден бірнеше БАҚ-қа жарияланатын болған. Жаңа форматтағы «Atameken Business» арнасы қазақ телевизиясына жаңалық әкелді. Ол еліміздегі алғашқы интернет-арна болып есептелінеді.

Медианы ары қарай дамыту цифрландыру жүйесі арқылы жүзеге аспақ. Төртінші биліктің болашағы үшін цифрлық журналистиканы игеру қажет. Себебі, ол да алға жылжуды қажет ететін көп саланың бірі. Ал цифрлық жүйе– 21 ғасырдың талабы. Қазіргі таңда осындай оқу бағдарламасы Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде бар. Осында оқып шыққан жас журналистердің болашағы жарқын болары анық.

Қорыта айтқанда, қоғамдық сананы алға жылжытушы күш өзектілігін жоғалтпауы, журналистердің заманауилығына, сауаттылығына байланысты. Сол себепті, әсіресе болашақ медиа қызметкерлері технологияларды мұқият меңгеріп, ақпарат таратудың түрлі әдістерін үйренгені абзал.

Нурай Сагатова ХАТУ студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз