Өлең, жыр, ақындар

Қазақ Ұлттық университеті - мүмкіндіктер мекені

Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқаннан кейінгі алғашқы ересек өмірге қадам "жоғарғы оқу орыны" атты баспалдақты аттағанннан кейін жасалады деуге әбден болады. Себебі, өмір атты үлкен жолдың бұрынғыдан да күрделірек бір тармағына аяқ басасың және де сол жолда қай бағытта жүретініңді өзің таңдайсың әрі сол таңдауыңа өзің жауапты боласың. Маңыздысы, осы жолда қандай жандар саған серік болады, алдағы алыс та, кері қайтара алмайтын жолды өзіңе де, өзгеге деп пайдалы әрі есте қаларлық сәттерге толы етіп өткізуің сол жандарға тікелей байланысты. Осы сәтте мен Қазақ Ұлттық университетінде механика-математика факультетінде өз ортамды тауып, жолым болды деп айта аламын. Отанымыздағы білім ордаларының қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті нағыз мүмкіндіктер мекені. Осылай сеніммен айта алуыма толықтай негіз бар, себебі алғаш студенттік өмірге қадам жасағаннан сәттен-ақ мен көптеген ақылды, тәрбиелі жандарды жолықтырдым, әрқайсысының тәлім-тәрбиесі мен берер білімі бір төбе болатын ұлағатты ұстаздардан сабақ алу мүмкіндігіне ие болдым. Қоғамдағы өзекті мәселелермен айналысатын мейірімді жандардан құралған "Көмек" атты студенттік ұйымның мүшесі болдым. Соның арқасында жоғарғы оқу орыны тек білікті маман иесін ғана емес, сонымен қатар еліміздегі болып жатқан жағдайларға бей-жай қарамайтын тұлғаларды тәрбиелеп шыға алатындығына көзім жетті.

Механика мамандығы бойынша қоршаған ортадағы маңызды экологиялық мәселені қозғайтын мұнаймен ластану тақырыбында ғылыми жетекшіммен бірге дипломдық жұмыс жазып, "жаратылыстану ғылымдарының бакалавры" дәрежесіне ие болдым. Әрі қарай   осы жұмысымды жан-жақты әрі толықтай зерттеп шығу мақсатымен, механика-математика факультетінде магистратураға түсемін деген шешімге келдім. Таңдауым "Механика-энергетика"  мамандығына түсті. Себебі, аталған мамандық студенттерге бірқатар мүмкіндіктер береді. Атап өтетін болсам, факультет Франциядағы Нанси қаласындағы Лотарингия университетімен байланыс орнатқан, соның арқасында студенттер магистратура кезінде Лотарингия университетінде білім ала алады. Онымен қоса, бағдарлама аясында "Абай-Верн" шәкіртақысы қарастырылған. Университет қабырғасында алған білімін пайдалана отырып және де шетелдік мұғалімдердің көмегімен білімін толықтыра отырып, отанымызға қос-дипломды маман иесі болып оралуға жағдайлар жасалған. Бірнеше жылдар бойы қалыптасып қалған жүйенің арқасында, көптеген механик-инженерлер әр жыл сайын Лотарингия университетіне баруда. Менің де мақсатым, факультетіміздің осы білім беру бағдарламасын пайдалана отырып, қос-дипломды механик-инженер мамандығының иесі болу.

Болашақта университет қабырғасында алған білімім мен тәжірибемді пайдалана отырып, еліміздің дамуына үлес қосатын маман иесі боламын деп ойлаймын және де осындай мүмкіндікке жол ашқан Қазақ Ұлттық университетіне және механика-математика факультетінің ұлағатты ұстаздарына алғысым шексіз.

Айтхожа Жансая

ҚазҰУ Механика-математика факультетінің 1 курс магистранты

Филология факультетінің аға оқытушысы Уразгалиева С.А жетекшілігімен


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз