Өлең, жыр, ақындар

Қазақ тілі – мемлекеттік тіл

Қазақстан Республикасы Конституциясында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылған. Ұлтын сүйетін әрбір адам, мейлі ол мемлекеттік тіл болмағанның өзінде, өз ана тілін көкке көтеріп, ерекше қадірлеп, сол тілде сөйлеуді парыз санамақ. Өз ұлтының қадір - қасиетін ана тілі арқылы ұлықтап, ата - бабасының асыл аманатындай ардақтамақ. Ал, ұлан - байтақ аумақты алып жатқан Қазақстан Республикасы деп аталатын тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі болып саналатын ана тілімізде сөйлемей, өзге тілге басымдық беруіміз – елдігімізге сын, аманатқа қиянат. 

Ұлтшылдық сезім, ұлттық рух, мемлекетшілдік мүдде болмаған жерде – ана тіліміздің де көсегесі көгермейді. Алаштың ардақтысы Ж.Аймауытовтың осыдан бір ғасыр бұрын (1918 жылы) «Ұлтты сүю» атты мақаласындағы қазақ оқығандарына қарата айтқан: «Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек» деген сөзі қазір де өзектілігін жойған жоқ. 

Тіл – ұлттық дүниетаныммен, ұлттық санамен тығыз байланысты күрделі ұғым. Ана тілі – сол ұлттың күллі асыл қасиеттерін, қастерлі ұғымдарын бойына жинап, сақтайтын алтын өзегі. Қазақ халқы ана тілін аса қадірлі рухани мұрасы ретінде қастерлеп, ғасырлар бойы сақтап, жетілдіріп, дамытып келеді. 

Қазақ тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі сұлу, ерекше тіл. Тек қолданатын халықтың саны аз демесеңіз, бұл тілдің құдіреті ерекше.

Абайға дейін жыраулар, батырлар мен хандар, шешендер осы ана тіліміз арқылы дау шешіп, соғыстың бетін қайтарған. Абайдан кейінгі қазақ тілінің ерекше қолданысқа түсуі, оның қазақ поэзиясын халық ішіне идіріп әкелуі. Әрине Абайға дейін де поэзия болды. Бірақ ол зар заман жырлары мен дастандары. Ал Абай тілінде сұлулықпен біз айтқан ерекшелік үндесіп жатыр.

Тіл өлсе, ұлттың да өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан сіз қай ұлттың өкілі болмаңыз, тіл үшін күресуге міндеттісіз. Сол тілде сөйлейтін соңғы адам болсаңыз да, тіліңіз жайында аманат қалдыруға, мұра қалдыруға тырысуыңыз керек. Себебі сіздің тілде жазылған құнды тарихи деректер, кейінгі ұрпақ үшін үлкен рөле ойнауы мүмкін. Мәселен кезіндегі орхно жазулары, руна жазулары бүгінгі көптеген түркі халықтарына тән тарихи деректердің көзін ашып беріп отыр. Ендеше сіздің де тіл өлмесе, ертеңгі ұрпақ үшін, жалпы адамзат үшін үлкен мәнге ие болары сөзсіз.

Егер әлемдік қауымдастықта ұлттық болмысымызды сақтап, елдік келбетімізбен бәсекелестікке ұмтыламыз, ұлттық құндылықтарымызды жасампаздықпен дамытамыз десек, ана тілімізді мемлекеттік тіл ретінде лайықты тұғырына қондыруымыз керек.

Өз тіліңізді сүйе отырып, өзге тілге құрмет білдіріңіз. Тілсіз тірліктің тасы өрге домалайды десе, қателесесіз.  

Санатова Айдана


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз