Ең әуелі салқынқанды халықтың санасын сөз етпестен бұрын, “сары басылым” ұғымына тоқталайық. Сары басылым - сенсациялық, шулы, белгілі бір өзектілігі болмаса да халық арасында кеңінен талқыланатын баспасөздің бір бөлімі. Бүгінде қазақ қоғамында аталған басылымға сұраныс тіптен жоғары. Халықтың “сапаға” қарағанда “сары” басылымға бет бұруының өзіндік себептері де жоқ емес. Жаңа технологиялар заманында еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін әлеуметтік желіге тәуелді екендігі жасырын емес. Оқырманның жасынан кәрісіне дейін күнде жұлдыздардың парақшасын ақтарып, өзгенің жеке өмірінен хабардар болғанды ұнатады. Соңғы талқыға іліккен тақырыптардың бірі - Ұлы Дала баласы Төреғалидың қарындасының тойы. Қос ғашыққа бақыт тілеген оқырмандарға қарағанда, “Қалың малы қанша болыпты?” , “Жасауында тек бренд заттар екен” деген секілді сұрақтар ел қызығушылығын тудырды. Ең өкініштісі, бүгінгі қоғамға ел ішіндегі елеулі оқиғаға қарағанда осы сынды арзан ақпараттар әлдеқайда өтімді. Соның арқасында мардымсыз дүниелер баспасөз беттерін қызыл жалындай жалмап жатыр. Қалың бұқараның сенсациялы өсек-аянға құмартуы сапалы басылымның өзін-өзі ақтамауына әкелуде.
Одан бөлек, біздің қоғамда саяси білімнің төмендігі де сапасыз ақпаратқа тәуелділіктің бірден бір себебі болып отыр. Демократиялы қоғамда халық үнін “тыңдайтын” емес, “тонайтын” биліктің үстемдігі байқалады. Салдарынан көпшілік қоғамдағы қордаланған мәселені қозғаудан аяқ тартып, мағынасыз мәселені місе тұтады.
Қоғамның даурықпа әңгімеге үйір болуы шындықты шырқырата жазатын басылымдардың санын азайтып, рейтинг үшін жұмыс жасайтын редакция қатарын көбейтіп отыр. Өсек-аянға құмартқан оқырманның арқасында “қияли, араншыл, суайт” журналистер де күн санап артуда.
Демек, БАҚ беттеріндегі мардымсыз ақпараттың дәуірі жақын арада аяқталмасы белгілі. Қоғам санасының соқырлығынан ба, әлде, биліктің жіберген қателігінен бе “сары басылымның” ғұмыры ұзарып, беттері әлі де қалыңдай түспек. Алайда, тек бір нәрсені естен шығармайық. Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер. Бос әңгімеге уақыт құртып, болашақтың еншісінен таяқ жемесек болғаны.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі