Халықаралық дәрежеде кез келген елдің екі жағдайда туы көтеріліп, Әнұраны шырқалады. Оның бірі Мемлекет басшысы өзге елге ресми сапармен барғанда, екіншісі спорттық жарыстарда спортшысы жеңіске жеткенде. Демек, жоғарыдағыдай құрмет тәуелсіз ел екеніңді мойындағанда, сосын мықтылығыңды дәлелдегенде ғана көрсетіледі. Демек, осының екеуі де маңызды.
Президенттерге көрсетілетін мемлекеттік дәрежедегі сый-құрметтің жөні белгілі, ал спортшылардың ел мерейін асқақтатуы – күллі әлемнің көз алдында өтіп, тікелей танылатын ерекше құбылыс.
Қазақ елі спортшыларының 1988 жылға дейін КСРО құрамасы сапында өнер көрсетіп келгені белгілі. Бұл дәуірде тікелей Қазақстан атынан шықпаса да олимпиада ойындарында жүлдегер, чемпион болған қазақ балалары ұлтымыздың атын әлемге танытты деуге болады.
Қазақтан шыққан тұңғыш олимпиадашы, 4×100 метрлік эстафеташылар жарысынан XVII олимпиада ойындарының күміс жүлдегері (Рим, 1960) Ғұсман Қосанов еді. Ал алғашқы олимпиада чемпионы, кеңестік кезеңде КСРО баскетбол құрамасында ойнап, 1972 жылы Мюнхенде өткен ХХ Жазғы олимпиада ойындарында баскетболдан чемпион болған Әлжан Жармұхаммедов еді. Талантты баскетболшы қазақ 1967 жылы Еуропа чемпионы болса, 1976 жылы Монреалда өткен ХХІ жазғы олимпиадада қола жүлдеге қол жеткізіп, өзінің әлемнің күшті спортшыларының бірі екенін дәлелдеді.
1980 жылғы Мәскеуде өткен ХХІІ жазғы олимпиадаға қатысқан қазақтардан Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков грек-рим күресінен алтын медаль алып, ел мерейін асқақтатты. Қазақтың бұл қос балуаны сол тұста әлемнің назарын бұрған спортшылар еді. Мәселен, Шәміл Серіков олимпиада алтынын алғанға дейін КСРО чемпионы (1978), әлем чемпионы (1978, 1979), Еуропа чемпионы (1979) болса, олимпиададан соң Жақсылық Үшкемпіров 1981 жылы әлем чемпионы, 1982 жылы Әлем кубогінің жеңімпазы болды. Сондай-ақ осы олимпиадада бокстан күміс медаль алған Серік Қонақбаевтың даңқы жер жарды. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (1982), екі дүркін Еуропа чемпионы (1979, 1981), Кеңес Одағының 2 дүркін чемпионы болған қазақ боксшысының жетістігі өзінен кейінгі дәуірдегі қазақ боксының өрлеуіне үлкен әсер еткені белгілі.
Еліміздің алғашқы ірі жеңісі 2000 жылдың 15 қыркүйегі мен 1 қазаны аралығында Австралияның Сидней қаласында өткен XXVII жазғы олимпиада ойындарында болды. Бұл олимпиадада қазақ боксшылары әлемді таңғалдырды десе де болады. Бокстан 57 кг дейінгі салмақ дәрежесінде Бекзат Саттарханов, 71 кг дейін Ермахан Ибрайымов 91 кг жоғары салмақ дәрежесінде алтын алқа тақса, 51 кг дейін Болат Жұмаділов күміс медальға ие болды. Сондай-ақ, жеңіл атлетикадан Ольга Шишигина алтын, еркін күрестен 97 келіге дейінгі салмақта Ислам Байрамуков, велоспорттан Александр Винокуров күміс алқа тақты.
Ал 2004 жылы Грекияда өткен XXVIII Жазғы олимпиада ойындарында боксы Бақтияр Артаев олимпиада алтынына қол жеткізсе, Генадий Лалиев (еркін күрес), Георгий Цурцумиа (грек-рим күресі), Геннадий Головкин (бокс), Сергей Филимонов (ауыл атлетика) күміс, Серік Елеуов (бокс), Мхитар Манукян (грек-рим күресі), Дмитрий Карпов (жеңіл атлетика) қола жүлденің иесі болды.
2008 жылы тамыздың 8-і мен 24-і аралығында Бейжіңде өткен XXIX Жазғы олимпиада ойындарында Бақыт Сәрсекбаев (бокс), Илья Ильин (ауыр атлетика) алтыннан алқа тақса, Ирина Некрасова (ауыр атлетика), Асқат Жіткеев (дзюдо), Алла Важенина (ауыр атлетика), Таймураз Тигиев (еркін күрес) күміс медаль алды. Нұрбақыт Теңізбаев (грек-рим күресі), Әсет Мәмбетов (грек-рим күресі), Мария Грабовецкая (ауыр атлетика), Елена Шалыгина (еркін күрес), Марид Муталимов (еркін күрес), Еркебұлан Шыналиев (бокс), Арман Шылманов (таэквондо) қола жүлдеге қол жеткізіп, Қазақстан құрамасының айбынын асырды.
Қазақстан спортшылары үшін ең сәтті өнер көрсету ‒ 2012 жылдың ойындары 27 шілде мен 12 тамыз аралығында Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында өткен ХХХ Жазғы олимпиада ойындары деуге болады. Өйткені бұл жарыста еліміз құрамасы бұрын-соңды ел тарихында болмаған жетістікке жетті. 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль алып, медаль саны бойынша жалпы есепте 204 ел арасында 12-орынға табан тіреді. Мұнда бокстан Серік Сәпиев, ауыр атлетикадан Илья Ильин, Зулфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, жеңіл атлетика Ольга Рыпакова, велоспорттан Александр Винокуров Олимпиада чемпионы болса, бокстан Әділбек Ниязымбетов күміс, еркін күрестен Ақжүрек Таңатаров пен Гузель Манюрова, грек-рим күресінен Даниял Гаджиев, бокстан Марина Вольнова мен Иван Дычко қола жүлде иесі атанды. Сөйтіп тұңғыш рет Олимпиада ойындарында жеті рет қазақтың Туы ең биіктен көрініп, жеті рет Әнұранымыз шырқалды.
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында 2016 жылдың 5-21 тамыз күндері өткен ХХХІ Жазғы олимпиада ойындарында да Қазақстан командасы жақсы нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, Брасс әдісі бойынша суға жүзуден (200 метр) Дмитрий Баландин, ауыр атлетикадан (77 кг дейін) Ниджат Рагимов, бокстан (69 кг дейін) Данияр Елеусінов олимпиада чемпиондары атанды. Ал дзюдодан Елдос Сметов (60 кг дейін), әйелдер арасында ауыр атлетикадан Жазира Жаппарқұл (69 кг дейін), бокстан Василий Левит (91 кг дейін), Әділбек Ниязымбетов (81 кг дейін), әйелдер арасында күрестен Гюзель Манюрова (75 кг дейін) күміс медаль тақса, дзюдодан Галбадрах Отгонцэцэг (48 кг дейін, әйелдер арасында), ауыр атлетикадан Фархад Харки (62 кг дейін, ерлер арасында), ауыр атлетикадан Карина Горичева (63 кг дейін, әйелдер арасында), жеңіл атлетикадан (үш қарғып секіру, әйелдер арасында) Ольга Рыпакова, ауыр атлетикадан Александр Зайчиков (105 кг дейін, ерлер арасында), күрестен Эльмира Сыздыкова (69 кг дейін, әйелдер арасында), Екатерина Ларионова (63 кг дейін, әйелдер арасында), бокстан Иван Дычко (91 кг аса, ерлер арасында) мен Дариға Шакимова (75 кг, ерлер арасында) қола медальды қоржынға салды.
2020 жылдың 24 шілде және 9 тамыз күндері аралығында Жапонияның Токио қаласында өтуі тиіс XXXII Жазғы олимпиада ойындары сол жылдың басында басталған дүниежүзілік коронавирус пандемиясының кесірінен өтпей қалды. Сондықтан ол биыл, яғни 2021 жылы 23 шілде мен 9 тамыз аралығында өткерілмек. Олимпиада бағдарламасына жаңадан енген спорт түрлері бар. Солардың ішінде спорттық құзға өрмелеу және каратэ бойынша еліміз спортшылары алғаш рет олимпиадада бақ сынамақ. Сөйтіп, каратэ бойынша ерлерден Дархан Асаділов, Нұрқанат Әжіқанов, Данияр Юлдашев пен әйелдерден Мөлдір Жаңбырбай мен Софья Берульцева, құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин жарысқа тастүйін дайын отыр. Осыған дейін үш олимпиадаға қатысып, күміс (Пекин 2008), алтын (Лондон 2012), қола (Рио-де-Жанейро 2016) медальдардың иесі атанған атақты жеңіл атлет Ольга Рыпакова төртінші рет олимпиадада ел намысын қорғамақ. Осыған дейін 2007-2016 жылдар аралығында олимпиада, әлем чемпионаты, универсиада, Азиада т.б. басқа жоғары дәрежелі жарыстарға қатысып 10 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль иесі атанған О.Рыпакова тағы да олимпиаданың жеңімпазы не жүлдегері болып, ел қоржынына түсер медальдар санын еселей түседі деп сенеміз.
Ержан Еркемай Тұран университеті 1-курс журналистика факультеті
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі