Өлең, жыр, ақындар

Той және мәдениет

Той. Бүгінгі күнгі түсінігімізде бұл сөздің мағынасы — қуанышты жайға байланысты ел шақырылып өткізілетін ырду-дырдулы жиын, ойын-тамаша. «Күн батқан соң-ақ үйде үлкен той басталады» (І.Жансүгіров шығ.). Бір себептен «той» сөзінің төркінін іздестіріп, тарихына барудың да онша ділгерлігі жоқ сияқты. Өйткені, ертедегі түркі жазба ескерткіштерінде де «той» тұлғалы сөз дәл қазіргі мағынасында қолданылған. Тек қазақ тілінде ғана емес, түрікмен, қырғыз, хакас, тува сияқты басқа да түркі тілдерінде осы тұлға мен мағына сақталған. Іздестіре, зер сала қарағанда мына сияқты мәліметтер де ұшырасып, «той» сөзінің төркіні жөнінде ой салады.

Біріншіден, көне түркі жазба ескерткіштерінде «тойдың» біз білетін — шамадан тыс ішіп-жеу мағынасынан басқа, көңіл тоқтатарлық деректің бірі — оның («той» сөзінің) «жиын, топ» ұғымында қолданылуы. Екіншіден, тунгус-маньчжур тобына жататын нанай, негидал, орок, орош, ульч, эвен, эвенкі тілдерінде «төй», «туйү» дыбыс құрамындағы сөздер біздің тіліміздегі «қонақ етіп, сыйлау, құрмет көрсету» мағыналарында жұмсалады. Енді осы тілдік деректерді жинастыра келгенде «тойдың» үш түрлі мағынасына тап болып отырмыз.

Біріншісі — қарынды толтыра тамақ ішу. Бұл мағына түркі тілінде қазір де, ерте заманда да қолданылған. Екіншіден, тунгус-маньчжур тобына жататын нанай, негидал, орок, орош, ульч, эвен, эвенкі тілдерінде «төй», «туйү» дыбыс құрамындағы сөздер біздің тіліміздегі «қонақ етіп, сыйлау, құрмет көрсету» мағыналарында жұмсалады. Енді осы тілдік деректерді жинастыра келгенде «тойдың» үш түрлі мағынасына тап болып отырмыз. Біріншісі — қарынды толтыра тамақ ішу. Бұл мағына түркі тілінде қазір де, ерте заманда да қолданылған. Екіншісі— жоғарыда көрсетілген, «жиын, топ». Үшіншісі — тунгус-манчжур тілдеріндегі — «қонақ ету, сыйлау, құрмет керсету». Осы үш түрлі мағынаның бәрі қуанышқа арналған мерекеде кездесетінін түсіндіру артық. Онда жиын, топ та бар, онда құрмет көрсете сыйлау басты қағида, онда жиналған топтың қарын толтыра ішіп-жеуге де еркі мол. Біздің ойымызша, мағына жағынан тығыз байланысты үш «той» тұлғасы бастарын қоса келгенде, қуанышқа арналған мерекенің басты белгілерін құрастырып тұрғандықтан оның да атауын «той» деп тағайындауға тура келген. Осылайша жиналып, бас қосып, ойын-сауық, ішіп-жеммен өтетін, сый-сыяпат көретін қуанышымыз «той» атауын алған

Бұрынғылардан қалған «той – халық қазынасы» деген сөз бар. Өйткені ертедегі қазақтың үлкен тойлары даланың сәнді сахнасы секілді көрініс берген ғой.

Тамылжыған табиғат ақшаңқан киіз үйлермен әдіптеліп, бірін-бірі көптен көрмеген жандар той үстінде табысып, мал-жанның амандығын сұрасып, шұрқырасып жатады. Ел өміріндегі жаңалықтар да той арқылы көпке тараған. Үлкендер жағы сөз жарыстырса, жастар жағы да өзінше өнер жарыстырып, осы арқылы өсіп келе жатқан таланттар, өткір жігіт, сүйкімді бойжеткен халыққа танылған. Ат жарыс, көкпар тарту, қыз қуу, балуан күрес, ақындар айтысы секілді халықтың бүкіл өнері, болмыс-бітімі мен ұлттық ерекшелігі осы той үстінде көрініс берген. Міне, осыдан кейін той – халық қазынасы болмай не болады?!

Өкінішке қарай, халқымыз қастерлеген той өткізу өнерінің бұл күндері сәні де, мәні де өзгеріп барады. Сәні жағын салыстырмай-ақ қояйық, ал мәні жағынан көп жағдайда теріс жолға түсіп, шашпалық пен дарақылықтың көрінісіне айналғаны сезіледі. Кезінде қай қазақ тойға келген әншіге бәйек болып, уыстап ақша ұсынып еді. Қайта талантты, өнерлі жастар сол тойға келген көп қауым ортасынан суырылып шығып, өздері көзге түспеп пе еді. Демек, кезіндегі қазақ тойлары таланттарды танытудың өзіндік бір мектебі ретінде қызмет еткен.

Дәстүрлі қазақ тойларының осындай тәрбиелік қырларын ескере келе айтарымыз, қазір енді тіпті байлығыңыз тасып бара жатса, халық арасында әбден танылған, теледидар арқылы күнде көрініп, жұртшылықты мезі қылған әншілерді ақша беріп тойға шақырғанша, сол ақшаға жақсылап сыйлық алып, той қонақтарының ішіндегі бұғып жатқан өнерін шығаруға күш салсаңыз, «өнерсіз адам болмайды» деген қағиданы ұстанып келген қонақтарға ән айтқызсаңыз, бұл әлдеқайда ғанибет іс болмас па еді. Қалалы жерлерде оқушылардың көпшілігі түрлі өнер курстары мен үйірмеге барады. Ендеше неге сол жас талаптың өнерін той үстінде жарнамаламасқа, тойшыл қауымға ұсынбасқа?! Әрине, бұл ойды өз жанымыздан шығарып, жаңалық ретінде айтып отырған жоқпыз. Кейбір мәдениетті тойларда осындай жағымды көріністерді байқап, одан әжептәуір ләззат алып қайтып жүрген соң жазып отырмыз.

Биыл өтетін үлкен тойдың бірі – ұлы Абайдың 175 жылдығы. Абай атамыздың өзі: «Адам болам десеңіз, оған қайғы жесеңіз. өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бес дұшпаның, білсеңіз...» деп адамның бойындағы жағымсыз қасиеттерді сынға алғаны белгілі. Таяуда Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдығын өткізудің мәні туралы айта келе «Ысырапшылдыққа жол бермеу қажет. Той деген тойлау үшін емес, бәрімізге толғау үшін керек. Сондықтан бұл шараларда ұқыптылық болу керек, яғни шектен тыс концерттерді ұйымдастырудың қажеті жоқ. Шетелдік әртістерді тарту қажет емес. Абайдың 175 жылдығын атап өту аясында ұйымдастырылатын барлық шараны мұқият пысықтап шығыңыздар» деп, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке аталған шараларға ағартушылық бастауды енгізуді тапсырды.

Жуықта бір басқосуда Абай туыстары – Ырғызбай әулетінен тарайтын ұрпақтардың бірімен кездесіп қалдық. Әңгіме барысында ол аталарының тойын өткізу ісіне үлес қосуға өздерінің де әзірленіп жатқанын, тойға бес киіз үй тігіп, сол замандағы Абай, Ырғызбай ауылдарының үлгісін көрсетіп, тойға келген қонақтарды күтіскісі келетіндерін, әзірліктері әзірге ақылдасу деңгейінде екенін айтты. Әрине, іске асып жатса мұның өзі тойдың өнегелі қырларының біріне айналған болар еді. Абай ұрпақтары бұл іске қажетті қаржыны өз араларынан жинамақ, яғни мемлекет қаржысы үнемделмек. Ең бастысы, тойға келген қонақтар оның барысында Абай және оның туыстарынан тараған ұрпақтармен танысу мүмкіндігіне ие болады. Сондықтан бұл іске Абай тойын өткізу үшін құрылатын комиссия мен жұмыс топтары тарапынан да мән берілгені жөн деген ойдамыз.

Абай тағылымдары той қарсаңында халықтың басын қосып біріктіруші мәнін аңғартуда. Еліміздің көптеген мекеме қыз­мет­керлері Абай әндері мен сөздерін айтуды челленджге айналдырып, данышпанның еңбектерін насихаттап, халық арасында кеңінен таратуда. Мемлекет тарапынан қолға алынған басқа да тиімді іс-шаралар да бар. Демек, тойдың басы сәтті басталғандай. Соңы қайырлы болады деп сенеміз.

Орындаған: әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Философия және саясаттану факультеті, “мәдениеттану” мамандығының 4-курс студенті: Алшынова Әсел
Ғылыми жетекші: Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты : Аликбаева Маржан Башановна


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз