Өлең, жыр, ақындар

Құдалық (Мектеп сахнасына арналған көрініс)

Құда түсу салты

(Сахнада қазақ отбасы әкесі, анасы, қызы үшеуі шай ішіп отырады. Сырттан Ақсақал):

— Кім бар-ау,​ сөйлес!​ - деген өктем үн естіледі. (Қыз әкесі атып тұрып, қонақты қарсы алады. Үйге жасы үлкен ақсақал мен екі-үш ер адам кіреді. Қыз дереу сахнадан шығып кетеді. Анасы тұрып қонақтарды төрге шығарады. Қол алып амандасқан соң, ер адамдар төрге жайғасады.​ Қыз әкесі сөз алып):

— Қай туған боласыздар ағасы?​ Бұрын бұл ауылдан көрмеген секілдімін. Бұл жаққа нендей шаруамен келіп қалдыңыздар?

Ақсақал:

— Дұрыс айтасыз отағасы! Біз сонау Арқадан,​ сұлу Көкшеден жол жүріп келеміз.​ Бет алысымыз — Шыңғыстау.​ Алыс құдамыздың асына бара жатырмыз.

Қыз әкесі:

— Бәрекелді! Асқа жүйрік жылқы, балуан жігіт, не күміс көмей әнші, не орақ тілді шешен апармаса,​ елге сын!​ Осы төртеудің қайсысын алып бара жатырсыздар?

Әнші жігіт:

— Ее, отағасы! Салт-дәстүр, жөн-жоралғыдан хабарыңыз бар,​ көкірегі ояу жан екенсіз?!​

Ақсақал: 
 — Дөп айттыңыз!​ Мына алдыңызда отырған жігіт — жас та болса жауырыны жер иіскемеген,​ жүз балуанды жыққан «жас балуан».​ Ал мына жігіт — күміс көмей әнші. Өзім — рудың намысын қорғап, дауға түсіп жүрген бимін. Сыртта — шашасына шаң жұқпаған жүйрік жылқымыз байлаулы тұр.​

Қыз әкесі:

— Пау, шіркін-ай!​ Жеті қазынаның бірнешеуі жаныңызда жүр екен ғой?!

Балуан:

— Қазынаның үлкені — үй. Үйді нұрға толтырар — әйел.​ Ақылды да пысық жар.​ Сұлу келіншек.​

Әнші жігіт: 

 — Келіншекті көрікті қылар — қолындағы бөпесі.​ Ер жігітті бақытты қылар — жары мен ұлы екеусі. 

Ақсақал: 

— Ел мен елді жалғастырар,  қыз жарықтық бір елші! - демекші,​ құр сапарламай,​ қасымдағы бойдақ балуанға қыз көре жүрген жайымыз бар.

Қыз әкесі:

— Ылайым,​ жолдарыңыз оң болсын! Бәйбіше шайыңды құй!

Ақсақал:

— Отағасы,​ біз жай келмей,​ осы үйде ақылына көркі сай,​ он саусағынан өнері тамған қыз бар деп естіп келіп отырмыз.​ Қалыңына тұлпар бастаған жүз қысырақ,​ алтын тай тұяқ, қасқыр ішік,​ құндыз бөрік бастаған тоғыз тоғызы бар.​ Барар жері — текті,​ өсіп-өнген әулет. Рулары — аға баласы Арғын.

Қыз әкесі (сәл ойланып):

— Еее, қазақ қашан жай жүруші еді..?!​ Ел аралауға елдің жайын ойлайтын ерлер ғана шығатынын білуші ем?!​ Танымайтын жерге,​ балуан екен деп жетектетіп жіберер қызым жоқ! Еліңізде сыйлы атқамінер,​ дуалы ауыз билер болса, келіп анау алты қанат ақ ордада отырған ағамның алдынан өтсін. Әзірге айтар сөзім осы.​ Қабырғаммен кеңесіп, келісімді келесі кездескенде айтайын!

Ақсақал:

— Жөн,​ жөн отағасы!​ Біздікі жөн болмады.​ Есіктен кіріп «төр менікі» дегендей,​ аяқ астынан келіп «құда болайық!»​ - деп, ыңғайсыз жағдайға қалдырыптық!​ Мынау ат-тон айыбым!​ (Өз арқасындағы әдемі шапанды қыздың әкесінің иығына жабады.)

Қыз әкесі:
— Мен де артық айтсам айып етпеңіздер! Қазақтың салтында қонаққа беру бар да,​ оның киіп келген киімін шешіп алу жоқ!​ Сондықтан бұл сыйыңызды қабыл ете алмаймын! Керісінше, Жаратқанның бұйрығымен құда болып жатсақ,​ талай шапанды мен де жабармын! Рақмет!- деп шапанын қайтарады.

Әнші жігіт:

— Олай болса жүрелік уа,​ ағалар!​ Күн кешкірмей жол өндіріп тастайық?! (Барлығы қол жайып ақсақалға қарайды.)

Ақсақал:

— Аллаһ Өзі қолдасын,
Еш жамандық болмасын!
Қайда барсақ жол болып,
Қызыр болсын жолдасың!
Мұнда қалған ауылдың,
Малы-басы көбейіп,
Әр ісін Аллаһ оңдасын! Әумин!

(Барлығы сахнадан кетеді.)

Г. Қасенбай. 
29.04.2023

Тапсырыс беру үшін байланыс номерім:+77002303625


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар