Өлең, жыр, ақындар

Қай мамандық дұрыс немесе тренинг (мектеп сахнасына арналған көрініс)

(Көрініс)

(Сахнаға екі қыз шығып, айна алдында тұрғандай көрермендерге қарап үсті-бастарын түзеп, шаштарын жөндей бастайды. Кенет Фатима екі бетін шапаттап):

— Сұлулық​ — беттің жылтырағанында емес,​ иман мен білімнің қатар жарқырағанында! Мен — иманды, ақылды,​ білімді,​ көркем мінез, сұлу қызбын!​ Мен — бақыттымын! Менде жаман мінез жоқ!​ Менде қызғаныш,​ көреалмаушылық,​ жеккөрушілік,​ реніш,​ мақтану,​ тәкаппарлану сезімдері жоқ!​ Мен — ақылды, бақытты, сұлу қызбын!​ - деп шабытпен айта бастайды.

(Бағанадан бері оған таңдана қарап тұрған Әмина):

— Психологиялық сабақтарды көп көріп қойған жоқсың ба? Қылығың біртүрлі ғой?​ - дейді кекетіп.

Фатима:

— А,​ Әмина!​ Бұл жаттығу «миды сендіру»​ немесе «миды алдау»​ деп аталады. Біздің өмірімізде мидың қызметі басты роль атқарады. Біз нені көп ойлаймыз,​ соны өмірімізге көбірек тартамыз! - дейді жанын сала түсіндіріп.

Әмина:

—​ Сонда «мен баймын»,​ «мен баймын» - десем бай болып,​ «мен сұлумын», «мен сұлумын»​ - десем сұлу болып кетем бе?!

Фатима:

— Бірден емес!​ Бірақ ми сенген нәрсені өзіне тартады.

Әмина:

— Фатима,​ қиялданбай сабағыңды оқышы! Әйтпесе ертең химиядан тағы төмен балл алып қаласың!​ Құры аффермация ешнәрсені шешпейді!​ Еңбек ету керек,​ еңбек!

(Фатима көзін жұмып,​ күбірлеп,​ әлденелерді айтып,​ сахнадан шығып кетеді. Оның соңынан көз алмай қараған Әмина):

— «Мен баймын»,​ «мен бақыттымын!» «Мен ақылдымын»,​ «мен сұлумын» -​ (деп Фатиманы қайталап,​ беті-аузын қисаңдата қайталап,​ тырқылдап бір күліп алып,​ кітабын қолына алады. Осы кезде телефонның даусын барынша шығарып, бизнес тренинг тыңдаған Мариям сахнаға шығады.

Қарап қалған Әмина):

— Сен Бизнеспен ауырып,​ Фатима психологиямен ауырып жүр екен.​ Басқа қыздар немен ауырып жүр?​ - деп сұрайды.

Мариям:

— А,​ Әмина, сәлем! Бұл — заман талабы.​ Елдің бәрі осылай ақша тауып жүр.​ Мен де үйреніп жүрмін.​ Одан да кел,​ бірге тыңдайық?! - деп жақындай түседі.

Әмина:

— Жо-жоқ!​ Рақмет!​ Керек емес! - деп ыршып түседі.

Мариям:​

—​ Оқымысты құрбым!​ Айтшы,​ андағы кітаптан саған қандай пайда бар?

Әмина:

— Егер мен сабағымды жақсы оқысам,​ онда ҰБТ-дан жоғары балл жинаймын. Жоғары балл жинасам,​ қалаған оқуыма түсемін! Қалаған маман иесі боламын!

Мариям:

— Қиялисың құрбым!​ Мектеп бағдарламасы қазіргі заманда маңызды емес.​ Заман өзгерген қазір.

Әмина:

— Қателесесің Мариям! Ғылым​ — қашан да маңызды. Қашан да өзекті!​

Мариям:

— Жарайды құрбым! Сенікі дұрыс! Оқи бер!​ Ал мен бизнес жолын таңдадым.​ Қазіргі заман оқығандардыкі емес,​ сауданың көзін тапқандардыкі! Екеуміздің жолымыз екі басқа екен құрбым! (Вебинарын қайта қосқан Мариям, даңғырлатып сахнадан қайта шығып кетеді.)

Әмина:

— Не болып кетті өзі..?!​ Біреуі — психолог, біреуі — бизнесмен, біреуі — ютубер, біреуі — вайнер! Сонда кім мұғалім,​ кім дәрігер болады?!​ Барлығы ақша қуып,​ баюды көздеп кетсе,​ ғылым саласы не болмақ?!​ Осы Абай атамыз:​ «Дүние де өзі мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» - демеп пе еді?! Мейлі,​ елде шаруам жоқ!​ «Алты Алаштың баласы бас қосқанда,​ төрдегі орын мұғалімдікі»- деп,​ Ахмет атамыз тегін айтпаған болар. Мен — ұстаздық жолын таңдадым! Көп оқып,​ көп үйреніп,​ бар білгенімді шәкірттеріме үйретемін- деп шештім!​ (Сахнадан кетеді.)

13.04.2023


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер