Өлең, жыр, ақындар

Мектеп кітапханашылары «педагог» лауазымына теңестірілуі мүмкін

Мектеп кітапханашыларын «педагог» лауазымына теңестіру мәселесі пысықталады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған.

«Оқу-ағарту министрлігі биыл 2 165 орта білім беру ұйымы кітапханашыларының біліктілігін арттыру курстарын өткізуді жоспарлап отыр. Курста IT-құзыреттілік пен цифрлық сауаттылық, авторлық құқық, заманауи кітапханашының Soft және Hard skills дағдылары, кітапханаларды әлеуметтік желілерде ілгерілету, кітапханадағы нетворкинг сияқты кең ауқымды тақырыптары қамтылған», - деп атап өтеді Тамара Дүйсенова жауабында.

Оның атап өтуінше, мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарында «педагог-кітапханашы» лауазымы қарастырылмаған.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 77 «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын бекіту туралы» қаулысында «Педагог-кітапханашы» лауазымы қарастырылмағанын ескере отырып, білім беру ұйымдарындағы кітапханашыларды «педагог» лауазымына теңестіру мәселесі жан-жақты зерделеніп (қажеттілік, лауазымдық нұсқаулық, жалақы т.б.), пысықталатын болады. Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде кітапханашылар «педагог» лауазымына теңестірілген жағдайда «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңында қарастырылған барлық нормалар, оның ішінде аттестаттаудан өту де оларға қатысты болады», - деді министр.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар