Әкесінің әділдігі мен көрегендігі бала Шотанға да дариды. Оның жастық шағы жоңғардың бейбіт жатқан қазақ еліне шабуыл жасауымен тұспа-тұс келеді. Шотанның ерлігі ерте танылады. Ол алғашқы ерлігін 1723 жылы Әбілқайыр бастаған Кіші жүз қолының Қаратаудың Сығанақ асуында жоңғармен болған үлкен шайқаста көрсеткен. Осы соғыста қалмақты қоғадай жапырып жүрген шұбар аттыға көзі түскен Әбілқайыр хан таңданыспен:
— Бұл кім? — деп сұрапты қасындағы жігіттерінен.
— Ол Назардың ұлы Шотан ғой. Ұлкен ұрысқа бірінші рет кіруі, — дейді Мырзатай. Жас батырға көңілі толып, разы болған хан:
— Бірінші ұрысы мынадай болса, қалмақтарға Алланың жіберген жаналғышы осы десейші, — депті.
* * *
...Шотанның дүниеге келуі мен жасаған ерліктері туралы ел аузында аңыз-әңгімелер көп. Көп аңыздың бірі мынадай:
Маңғыстау түбегіне көшіп келген күз айында Назар үйіне кешке қарай нар мінген, сеңсең бөрікті, қаба сақал, қара түрікпен «Құдайы қонақпын» деп сәлем беріп, кіріп келеді. Жайғасып, шай ішіп отырған қонақ сыртта жүрген Шотанның қатты шыққан дауысынан селк етіп, қозғалады. үйде қонақ барын біліп: «Ассалаумағалейкүм!» деп Шотан есік ашып, үйге енгенде қонақ тағы да қозғалады. Бәрін жіті бақылап отырған Назар қонағынан:
— Ұлымның сыртта даусы естілгенде бір қозғалдыңыз, үйге кіргенде тағы да селт еттіңіз. Айтыңызшы, осы баламда нендей қасиет бар, — деп сұрайды.
Сонда қарт былай деп жауап беріпті: «Даусында қаһар бар, адам жанын шошытар, жүзінде суық ызғар бар қарсыласын жасытар».
Назар қонағын сыртқа шығарып салғанда қарт та, түйесі де көзден ғайып болған екен. Содан ел ішіне «Қыдыр көрген Назар» деген сөз тарап кетіпті...
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі